Тотияйын тілді тарландар
ОРТАША ДЕМЕЙ, ҚАЙТЕЙІН…
Ақын Сәкен Иманасов біреулер жағдайын сұраса, ылғи «орташа» деп жауап береді екен. Ондайда әлгілер: «Сенің халың неге ұдайы орташа болады?» – деп таңданатын көрінеді. Сонда Секең әңгіме аяғын әзілге бұрып: «Жақсы» десем жұрт күндей бастайды, «жаман» десем, «өзіңе де сол керек» деп жүндей бастайды. Ал, «орташа» ғой десем, «Е, өзімізден артылып кете қоймапты ғой», – деп жөніне кетеді», – деген екен.
БАЛЫҚҚА ЖЕМ БОЛА ЖАЗДАУ
1960 жылы Сәбит Мұқанов зайыбы Мәрияммен Азияны айналып шығу сапарына аттанады. Владивостоктан «Калинин» теплоходымен әуелі Жапонияға атбасын тірейді. Жапонияны аралап, ұзай бергенде теңіз дауылына кезіккен кеме үш күн, үш түн қақпақылға айналады. Естерінен адасып, еденде шашылған адамдарды кеме қызметкерлері креслоға байлайды. Теңіздің дүлей азабынан иманы ұшып, шошынып ауырған Мәриям апай біразға дейін өз-өзіне келе алмайды.
Содан Сәбеңдер Үндістан, Египет, Түркия елдерін аралап, Одессаға келеді. Жерге табаны тиген Сәбең зайыбы Мәриямға:
– Міне, аман-есен елге оралдық, бұған да шүкір. Мұхит үстінде қатты састым, сен сұлқ түскенде басыма сан түрлі ойлар келді.
Су үстінде көз жұмғандарды теңізшілер әдет бойынша ақ матаға орап, суға тастайтын көрінеді. «Жыртқыш балықтар денені сол бойда тас-талқан ғып жеп кететіні белгілі. Басыма сондай күн туса, сенің өзің түгіл, сүйегіңізсіз келсем, елдің бетін, балалардың жүзін қалай көремін деп зәрем ұшты», – деген екен.
ТӨРТ ШЕЛЕК АЙҒЫРДЫҢ ЕНІ…
Хамит Ерғалиев соғыс кезінде эскадрон командирі ретінде жаумен айқасқан қазақ офицерлерінің бірі. Жауынгерлерге мініс аты жетіспегендіктен, кавалериялық полкқа Моңғолиядан мыңдаған жылқы келеді. Олардың барлығы түгелдей айғыр болып шығады. Соның 500-і Хамит басқаратын 4-ші эскадронға бөлінеді. Айғырларды піштірердің алдында полктың мал дәрігері, майор Мальцев келіп, Хамитқа көрші сыра зауытының инженері Володия деген жігітті таныстырады. Володияның бұйымтайы да ерекше болып шықты, екі шелек айғырдың енін сұрай келіпті. Хамит қанша керек болса, сонша беретінін айтады. Сол кезде Мальцев: «Тегін берме, бұдан біз де бірдеме сұрайық», – дейді. Содан Хамит әлдене есіне түскендей ойланып қалады. Сыра ішкен кадровый аттың екі метр биіктіктен ілдірмей секіре алатынын, Жамбылда танысқан кәрі кавалерист Кәбу деген татар шалдан естігені ойға оралады. Сол бойда Хамит Володияға: «Мен саған төрт шелек айғырдың енін беремін, сен маған шағын бөшкемен сыра беріп тұрасың, қанты молырақ болсын, менің солдаттарым барғанда шанасына артып жібересің», – дейді. Володия қуанып кетіп, бірден келіседі. Хамаң забордың арғы-бергі жағын ат қосшысы екеуі күндіз тексеріп, бір қолайлы жерді белгілеп алады. Қанты молырақ бір-бір шелектей сыраны сіміріп алған Хамиттың жирен қасқа «Результаты» мен ат қосшысы Горшковтың «Свечка» деген құла биесі қолды аяққа тұрмай билеп шыға келеді. Ымырт жабыла тексерілген жерден тәуекел деп салып кеп жібергенде, екі ат та екі жарым метрлік забордан жұқпай кетеді. Япырмай «кәпір білмегенді, кәрі біледі» деген рас-ау. Кәбу атты татар шалдың айтқаны айна-қатесіз шындық болып шықты.
Сол кездерді бертін келе есіне алған Хамаң: «Шіркін, жастық-ай, аттарды сыраға тойғызып, забордан секіртіп, ғашығым Гүләнуарға талай жасырынып түн ішінде осылай жолығып жүруші едім-ау!», – деген екен.
КАРТОЖНИК КЕМПІРЛЕР
Бірде жазушы Сафуан Шаймерденов таудағы демалыс үйінде жатқан Ғабит Мүсіреповті іздеп барады. Үйге жақындаса Ғабең екі-үш кемпірді жинап алып, ит терісін бастарына қаптап ұрсып жатады. «Енді сендермен ойнасам доңыз болайын» деп, қалтасынан бір уыс ақша алып әлгілерге лақтырып жібереді. Сафуан біраздан кейін әйелі Ғазизадан алапат шудың себебін сұрайды. Сонда Ғазиза: «Бұл Ғабитті қойсаңшы, әлгі кемпірлерден картадан ұтылып қалып, ұтылған ақшасын бермей дау шығарды. Бір-екі күннен кейін іші пысып, үш кемпірді қайта шақырып алады», – деген екен.
ХРУЩЕВТІ БІР ТЕУІП, БРЕЖНЕВКЕ ТОҚТАҒАН…
Түркістанның 1500 жылдығында Роза Бағланова концерт қояды. Концерт соңында әнші өзінің талай патшалармен дәмдес болғанын, кейбіреулерінің қырындағанын, алпыс төрт шет мемлекеттерге сапарлағанын баяндайды. Сөз соңында Розаны мадақтап лебіз білдіретін адам таппай, шенеуніктер қатты сасады. Амалсыз сол салтанатқа қатысып отырған сатирик Көпен Әмірбекке жалынады.
Сонда Көпекең Жұмекен Нәжімеденовтің «Бақыт деген немене?» өлеңінің формасына салып, былай депті:
Мұны естіген Роза Тәжібайқызы: «Мынау мақтау емес, даттау ғой, бүйткен өлеңің құрсын!», – деген екен.
ҒАБИТ ТАҒЫ ҮЙЛЕНІП ЖАТЫР МА?
Бірде жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің балдызы үйленіп, тойға Ғабит Мүсіреповті шақырады. Той қамымен асып-сасып жүргендер әлем-жәлем лента, шар байланған жас жұбайлар мініп келген көлікті Ғабеңді бәйбішесімен алып келуге жұмсайды. Бір кезде бұлқан-талқан ашуланып Ғабеңдер келеді. Бірнеше рет төсек жаңғыртқан әйгілі жазушы келе-сала: «Әй, сендерде өзі ес бар ма? Мынау үрлеген шарың мен қызылды-жасылды машинаң жай тұрғанымен қоймай, азынатып, боздатып, бүкіл бір кварталды басына көтерді. Біздің мініп жатқанымызды көріп: «Сексенге жақындағанда Ғабит тағы үйленіп жатыр ма?», – деп бүкіл көрші терезеден сығалап, әбден масқара болдық!», – деген екен.
Әр жерден тауып, дайындаған Жұмабай ҚҰЛ




