Батырхан СӘРСЕНХАН
Журналымыздың “Қауырсын” жас қаламгерлер клубы биыл ғы “Жастар жылы “ аясында тұрақты әдеби шаралар ұйымдастырып келе жатқаны оқушыларға мәлім. Жуырдағы кезекті басқосуда еліміздің әр тарапынан келген 13 жас қаламгер өз туындыларын оқырман талқысына салды. Бүгін біз солардың арасынан қазылар алқасы жоғары бағалаған екі жас ақынның жыр топтамасы мен жазушы қарындасымыздың екі әңгімесін журнал оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
РЕДАКЦИЯ
Түркі ұлысының арасында Қорқыт атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді.
Әлішер НАУАИ
Екі көзіңе болайын:
Қорқыт жаққан шырақтай!
«Ер Тарғын» жыры
Апыр-ай, ғылым шексіз, өмір шекті,
Биіктен бір мұнара көрінсе етті…
В.И.Гете «Фауст»
Күн дегенім күн емес, көсем екен,
құндағына сыйдырған неше мекен,
Қап тауы ма, білмеймін, Бұланай ма,
Мәңгілік гүл шыңында өседі екен.
Сансыз ғасыр іздеген жолаушылар,
ізгіліктің бағына қараушылар,
Жолы, бәлкім, топ қурай, тікен бе екен,
Басы, бәлкім, көкпеңбек манар шығар,
Жыңғыл ме екен маңайы жағал-жағал,
дидарына қандай гүл, жан арбалар?!
Бір жеткені сол шыңда қалар болар,
Бір көргені есінен танар болар.
Қолына алған мәңгіге жас болар ма,
Жалғандыққа ғұмырда қас болар ма,
Бір жұлынса замана шегінер ме,
Мамыражай бота өмір басталар ма,
Алабында сиқырлы шам жанар ма,
Көрген жүрек дем жетпей қарманар ма,
Не де болса сәлем де, дұғай-дұғай,
Тар жолын тәуекелдің таңдағанға!
Ақыл жайын, білсемші, аяр жайын,
көкжиектен кескінді ой аулайын,
Мәңгілік гүл шыңына сапарлаған,
жолаушының жан күйін баяндайын.
ӘЛҚИССА
Әлқисса, кер замандар өтті дейді,
құм басы мұнараға жетті дейді,
Күлдірек құрдым тарих, күлгін кезең,
Құрсағын қара түннің тепкілейді.
Бастайын бір әңгіме көне жайлы,
Жасырған көп жұмбағын төбе жайлы,
Жез жылдар, желкен уақыт, желбезек күн,
Жаңаны уысында саралайды.
Бастайын бір әңгіме арқар жайлы,
Арқарсыз құдіретім арта алмайды,
Жезтырнақ қызыл күндер, жасыл түндер,
Қапысыз өте берер, қартаймайды.
Бастайын бір әңгіме Қорқыт жайлы,
Данадан даласы өзін зор тұтпайды,
Туыпты қарт Қаратау етегінде,
сәбиді қырық шырақ қолтықтайды.
Түнеріп қырқа көшіп, жасын көшіп,
Қарайып құмбыл аспан, тасыр көшіп,
Табиғат тоғыз түлеп, тоқсан шалқып,
жатыпты жаңа ұлымен есендесіп.
Жай болып Қараспанға түсті сол күн,
Ай болып адасқанға түсті сол күн,
Үрейге бөлеп маңды туды бала,
Содан да Қорқыт екен ныспысы оның!
***
Зауза жұлдыз, жарық мекен, әнші құстар шырын көмей,
Сұрақ болған сан ұрпаққа,
сан ұрпаққа сырын бермей,
Ғарыш мекен, алыс мекен,
сайы сүйем қарыс мекен,
иығында қанша табан жалаң аяқ
жарысты екен?
Қанша жүрек ай көзіне көп қадалып
қарады екен,
Айға құштар сол бір ару тоғыз өрім
бала ме екен,
Өр өзенге құс қанатын құлаш-құлаш сермегенде,
Қайсы көңіл қарады екен,
келем деумен, келмегенге,
Маңырақ ой ақылының кемеріне нала бүркіп,
Жондар асып қадау-қадау қырды
кезді дана Қорқыт,
Ақтарылып жан жібегі асу-асу жол жүреді,
Кеудесіне қорғасын ой көлеңкесін төндіреді.
Есейгенде елден безді, көлден кетіп сала көрді,
Көбелектей жалғыздықтың
өрмегінде қала берді,
Ерек жанға ел де бөтен, жер де бөтен,
көл де бөтен,
Даналық жол –
көк күмбезі күңіренген көрмеге тең!
***
Ендеше төменгі арша, төменгі арша,
Ғашықтық бітпес майдан сенер болса,
Қабарып Қорқыт бүгін көп ойланды:
Адамдар неге туды өлер болса?!
Ендеше тақсыр арман, тақсыр арман,
арманға мұрат бе екен ат суарған,
Сазарып Қорқыт бүгін көп ойланды:
Жамандар неге жүйрік жақсылардан?!
Ендеше бұйда қалар, бұйда қалар,
Саудырап сары сүйек ойда қалар,
Жаз келер көбең тартып жапырағы,
Қорғансыз бұлбұл сонда қайда қонар?!
Ағаштар арсын-гүрсін тербеледі,
Қуалап жібек бұлтты жел келеді,
Беймезгіл жанартаулар долданады,
Заттардай жапырақтар бөлмедегі.
Аспан, аспан алып бір кең сарайдай,
Кеуделерге жасырған жан сарайдай,
Қалай жүр, құрбы көзі жұлдыз көрмей,
Қалай жүр, адам көңілі тамсана алмай?!
Қия шыңның басына ой бітеді,
Төбел-төбел адырға тай бітеді,
Тіршіліктің құпия жаны қайсы,
Жұмбақ неге ашылмай қойды, тегі?!
Тас төбеден аунайды тұмардай күн,
Өзін-өзі елеспен құр алдайды.
Көрме ішіне ағылған көп кісіні,
Ұғынбайды. Ештеме біле алмайды.
***
Әлқисса, жекен суын бойлай кешіп, жар кезген Ер Қорқыттың жүрегіне алағай да бұлағай дауыл орнайды. Қорымдар мен шұңғыл құзарларға көз қадап, жалғанның өтпелі керуен екенін сезінеді. Желмаясымен жөңкіп, Мәңгілік гүлдің тұрағын іздейді. Қарсақ жортпас қалыңнан қарғып өтіп, түлкі жортпас түлейден төтелеп өтіп айдалада қарайған бір ағашты көреді. Ағаштың қасына жетіп
Қорқыт бүй дейді:
Жапан кезген жолаушыға,
Сая болған, қайран ағаш!
Отар қойды қараушыға,
Таяқ болған, қайран ағаш!
Ер Зұлпықар қылышының,
Сабы болған, қайран ағаш!
Өр Бисаттың дүлділіне,
Ер боп қонған, қайран ағаш!
Барлы, барлы, барлы тауға,
Бара алмаған, қайран ағаш!
Өзегіне түскен құртқа,
Алаңдаған, қайран ағаш!
Меккеменен Мәдинеге,
Қақпа болған, қайран ағаш!
Жолға қарап жарты кеште,
Жатта қалған, қайран ағаш!
Естисің бе, тілегімді,
Естисің бе, тілегімді,
Қане айтқын, абзал ағаш,
Мәңгілік гүл жолы қайсы,
Жұлмалаған жүрегімді?!
…Естімеді ер хабарын,
Үнсіз қалды ол немесе,
Тіл қатпады, жол қарады,
Сұрағанмен әлденеше.
Ер Қорқыт мұнан кейін тауға келді,
Тау тұрды құшағына баурап елді,
Шыңына көзін сүзе қарай-қарай,
«Тұрағы асыл гүлдің бұл ма?!» деді.
Жайғандай текшелі тас, жас құрағын,
біле алмай не толқырын, бастығарын.
Кербез тау жаңғырығып, паң дүрлігіп,
Өзіне қайталады өз сұрағын.
Ер Қорқыт мұнан кейін теңіз келді,
Жасырып жаға жатты көп іздерді,
«Өр теңіз, мәңгілік гүл жолы қайсы,
Қай тірек адамзатқа негіз?» деді.
Көп үміт көлкігендей, таланғандай,
Тірлікте себің қандай, шараң қандай,
Ақырын теңіз беті тына берді,
«бір күні сен де ағарсың» деген жандай.
Сұрауы жолаушының сайда қалды,
Тұмары жолаушының қайда қалды,
Кер дала әбжат саны кестесіндей,
Кім мұны көкірекпен ойлана алды?!
***
Тарту күші дәм келген жақтан келер,
Қаңтар бітсе ағарған ақпан келер,
Жете танып өзді-өзін білмеген жан,
Кісі ұятын ашқанды мақтан көрер.
Дүние-ай, төре де өтер, тасыр да өтер,
Сүйініп досың да өтер, қасың да өтер,
Толқыған жүмле ғалам, жар-құздардың,
Жуылып жауынменен жасы кетер.
Бұтарлап Қорқыт, сонда, қарағайды,
Қарағай кескен сайын балалайды,
Шек тағып қарагердің құйрығынан,
Алмаққа аспап жасап ой ойлайды.
Аспабы –
аққу мүсін, оюлы екен,
Үнінде жаһан сыры жаюлы екен,
Зарындай аруананың боздағанда,
Күңіреніп сала берген шайыр мекен!
Қара су елтігенде, аға алмады,
Қаршыға зер қанатын қаға алмады,
Тербеліп тырна көші, төбе басы,
Табиғат жанға тыным таба алмады.
Үнінде аң жарасы, адам зары,
Білмеген, естімеген ғалам зары,
Жұмыр жер көктен медет сұрай қалды,
Жәудіреп жай оғындай жанарлары.
Сарсылып жаға мұңға, дала мұңға,
Белгісіз сағым ауды алабында,
Дүние дөңгеленіп бара жатты,
Шеменді қыл қобыздың шанағында!
***
Қобыз үні қияларға өрлеп, халықтың қайғы-дертіне дәру болады. Қорқыт ата елдің берекесін күзетіп, бірлігіне шам жағады. Құйқылжыған аспабынан өзінің жүрегі де тыныштық тапқандай еді. Адыр кезіп аңқасы кеуіп, жон асып қаталаған Қорқыт ақыры Сырдың суына жетеді. Желмаяның жабуын су бетіне жайып, қобызын қолына алып отыра кетеді. Сол мезетте Қорқыттың жанына бір жылан жақындап келіпті дейді.
Әти жылан, мәти жылан,
Кіші жылан, ақи жылан,
Сары жылан, сарбас жылан,
Көл жыланы, көлбер жылан,
Жеті қабат жер астынан,
Түн түсіндей қара жылан,
Ей, абақай, түйме сана,
Тәж басыңа киме сана,
Айда, залым, залым, залым,
Суығындай қабырғаның,
Шыға келді оң бүйірден,
Шыға келді сол бүйірден,
Қобыз тартты дана Қорқыт,
Саусақ ұшы сала Қорқыт,
«Желмаядан», «Башпайынан»,
«Қоңырынан» бас қайырған,
«Тарғыл тана», «Елім-айдан»,
«Ұшар» үнін төгіп ойға,
Тарта берді, тарта берді,
Жылан үркіп жорта берді,
Келі саптай ауырлады,
Ор қояндай қорқа берді,
Жылан болсаң жылып келгей,
Жылдырғанды қиып келгей,
Қара жерді қазып келгей,
Сұр топырақ шашып келгей,
Қараменен ақ арбасты,
Жұп арбасты, тақ арбасты,
Борықпенен көл арбасты,
Бостандық пен тор арбасты,
Аттилла мен Рұм арбасты,
Бонапарт пен құм Сфинкс,
Цезарменен елі арбасты,
Томирис пен Кир арбасты,
Жәмшидпенен жаны арбасты,
Мүйізді ер мен көр арбасты,
Жалғандық пен шын арбасты,
Күлкіменен мұң арбасты,
Түбірменен бас арбасты,
Түнекпенен күн арбасты,
Бір заматта, дүр заматта,
Қалғып кетті дана күйші,
Саусақ ұшы сала күйші,
Тәнін тастап тар мекенге,
Ұшып кетті дара күйші!
Келекелеп кетті күйші,
Қара нардай шөкті күйші,
Өлмес шырақ жақты күйші,
Мәңгілік гүл өскен шыңды,
Рухы іздеп тапты күйші!
МӘҢГІЛІК ГҮЛ – ӨНЕР ЕКЕН!
Кіді өнердің төбелі екен!
Жер бесігі оны мәңгі,
Сазына, енді, бөлер екен!
МӘҢГІЛІК ГҮЛ – ӨНЕР ШЫҢЫ!
Жүрек сызған бедер сыры,
Өлмес өмір қонар екен,
Кімнің тапса көгершіні!
МӘҢГІЛІК ГҮЛ – ӨНЕР КӨРКІ!
Өнерсіздің семер көркі,
Өшірмегін өз отыңды,
Өшпес дерт қой, қалам дерті!
МӘҢГІЛІК ГҮЛ – ӨНЕР БАСЫ!
Кетер басы, келер басы,
Жауыздық та, қараулық та,
Мәлім оны жеңе алмасы!
Дұғай-дұғай, тосқан ұлға,
Дұғай-дұғай, жас дарынға,
Күн сөнгенше жолығалық,
МӘҢГІЛІК ГҮЛ асқарында!
Дұғай-дұғай, жетелі ұлға,
Дұғай-дұғай, мекер ұлға,
Мәді шықпай көріселік,
МӘҢГІЛІК ГҮЛ мекенінде!
Дұғай-дұғай, шамшыл ұлға,
Дұғай-дұғай, паң сұлуға,
Сөз біткенше кезігелік,
МӘҢГІЛІКТІҢ өр шыңында!
***
Жаным баба!
талмай іздеп келем бүгін мәңгіліктің өлмес гүлін,
білем, білем құстай жүйткіп көшер күннің келместігін,
Беймәлімдей бір жүрекке қалай сияр ғалам сыры,
Адам ұғлы дүр сипаты,
мейірімі,
жаны ашуы,
Көз көрместі көксегені,
ой жетпеске алқынғаны,
Өр теңіздің өкпек желмен жағаны ұрған жалқындары,
Арасынан жүріп келем,
жүріп келем,
жүріп келем,
Ақ үмітім кескілесіп қарашұбар күдікпенен,
Таң кіреді.
Кіші бесін,
күн еңкейер кешқұрымға,
Сырғалы айдың көкшіл көзі батырады ескі мұңға,
Бейсенбі күн.
бардым тағы баяғы ауыл, баяғы елге,
Баяғы ойға,
баяғы таң,
қираған көп кемелерге,
Ескі досқа, ескі көлге, жақпар-жақпар жад ішіне,
Жылдар өтті. Көп көгенкөз күлімдейді тат ішінде.
Тек денесі,
құлағы өсіп,
шаш ұштары көнеріпті,
Бірі есепсіз түкіріпті, бірі сансыз түнеріпті,
Жан анашым,– дедім үнсіз, – қауыздаймын жаңа ашылған,
Қажытты ғой әр күн қарау түрленбейтін қара суға,
Кетерімде көне ауылдан кеудем іші езіледі,
Қалдырғандай сені жалғыз қара түнек арасында…
дедім дағы шыға бердім өксік атып қоналқамды,
Сол түні анам мені іздепті қарс айырып
манар тауды,
Қамқор ана, түсін мені, сия алмаймын шар басыма,
Ежелгідей сүйенбеспін адасқан қарт арбасына,
Түсін, ана, іздеп келем мәңгіліктің өлмес гүлін,
Білем, білем құстай жүйткіп көшер күннің келместігін,
Қалай сыйдым шаранаға, жыладым ба туғанымда,
Кіндігімді кескенінде, кір денемді жуғаныңда,
Мен білмеймін, біле алмаймын, тек білерім
жан дауысым –
жер жаһанға келген екен ғалам сырын
барлау үшін,
жалғыз тамшы жас төгілсе өз көзіме сенбеу үшін,
күпір ойлар кезегінен сар даланы қорғау үшін!
Таң бозарса естимін мен жыр оқыған құстар үнін,
Олар айтар жар дүниенің ит мұртындай қысқалығын,
Олар айтар Жаратқанның ұлылығын, мейірлігін,
Ал адамдар, аңдаусызда тау көреді түйір мұңын,
Құстарым-ай, жүректерім, жағы сембес жыршыларым,
Кім түсінер көмейіңде былдырлаған күн шуағын?
Құстарым-ай, бауырларым, сырт айналмас серіктерім,
Кімдер оқыр шерлі үніңнің саулап түскен әріптерін?
Іздеп келем тозбаушылық, өшпеушілік өлмес гүлін,
Білем, білем құстай жүйткіп көшер күннің келместігін,
Қараспанда тудым мен де қарайған жоқ аспан бірақ,
пәк жырымды мәпелеймін дұспанменен достан жырақ,
Саз сырнайым тынбай сарнар ұжмағынан алыс қонған,
Шәрбатынан мәңгіліктің тұл жетімдей қалыс қалған,
Қап-қараңғы кеудем іші,
сағындым ғой бір жарықты,
Сағындым ғой кең далада салтанатын құрған ұлды,
Іздеп келем, өлмеушілік, тозбаушылық солмас гүлін,
Шулы қала. Өзді-өзіме жолдаспын да, жолбасшымын.
Жазғы түнде ой қанаты сәске ішіндей құбылғанда,
Ағаш қолы түн тарағын сұрамастан сыланғанда,
Алақандай сәбиіме сүт іздеуге шығып едім,
Бағытымды маңайдағы бір дүкенге бұрып едім,
Бір мезетте қабат-қабат үй артынан Ай көрінді,
Дәл он сегіз жасымдағы досым еді ол.
білгенімді,
сезді дағы былай деді қилы әуезге толы өрнегі:
– Сен едің ғой талдан таяқ мінген бала сол әндегі…
Есіңде ме, мөлдір ойдың бақшасына себілгенің,
Жапырақтай қураған ба албырт, аусар сенімдерің?!
Неге тіктеп қарамайсың, кірлеттің бе жан көйлегін?!
Ақырғы рет мен өзіңді қоңыр қызбен көрген едім,
Қайда сол жан?!
торы үмітін тұмарындай серік еткен,
Сенің асау арманыңды алқабына берік еккен,
Әлемдердің дүр қақпасын бірге серпіп ашам деген,
Өле-өлгенше көлеңкеңдей жолыңды үзбей тосам деген,
Қайда сол қыз?!
Өзгеріпсің. Қатігез боп барамысың,
Ақылыңның жолын кесіп жүрмесе екен қара мысық…»
деді дағы кеудесінен ағытылып көп тілегі,
шарбы бұлттар арасынан адастырып кетті мені!..
…Іздеп келем, іздеп келем мәңгіліктің өлмес гүлін,
Білем, білем, құстай жүйткіп көшер күннің келместігін,
Ғайып маңнан будақ-будақ буырқанып күш келгенде,
Өзді-өзіме келе алмастан отырамын үстелімде.
Қарсы алдымда сойдақ-сойдақ жазбадағы сары із ғана,
Мың таланған әр парағы жарлыға да, жауызға да,
Қаламға серт!
ант еткемін шырағыңды құлатпауға,
Мәңгілік гүл жүрегінде жүздескенше, аңыз баба!