ЖОЛАЙЫРЫҚ

Қуат Қайранбаев

Көш түн ортасы ауа асыға жиналып, суыт жүріп кетті. Бір-екі күннен бері сырт көзге аңғартпай, іштей әзірлік жасаған шағын ауылдың адамдары канша жерден мұқият дайындалдық дегенімен, жып-жинақы жөнеле берудің реті келмеген. Бір жерде бала жылап, бір тұста әйелдер сыңсып, жүк артқан түйелер бақырып, жаздың түнгі тынық аспанын азан- қазан қылып жіберді. Әредік еркектердің жеки ұрысқан ызбарлы дауыстары естіліп қалады. Ымырт үйіріліп, ел жатқанша күнделікті тірліктерін атқарып, сырт көзге бөтен пейіл байқатпаған ауыл аяқ асты абыр-сабыр күйге түсіп, бас-аяғы бір-екі сағатта аса қажетті, алуға болатын дүниелерін жүкке артып, үдере көшкен түрі еді бұл. Артта ата қоныс, аяулы мекен, туған өлке қалып бара жатты. Толған айдың жарығымен кеше ғана өздері отырған құтты қоныстың сүлбесі бірте-бірте алыстап, аздан соң көзден мүлдем ғайып болған. Уақыт өте түнгі жүріске үйренген адамдар да, малдар да бір ырғаққа түсіп, үнсіз ғана жылжып бара жатты. Бұл – жаңа өкіметтің зорлық-зомбылығына шыдай алмай бас көтеріп, оның соңы жаппай жазалау мен ашаршылыққа ұрындырғаннан кейін төтеннен келген нәубеттен бала-шағасын аман алып қалу үшін Қытайға бой түзеген шағын ғана керей ауылы болатын.

 * * *

Голощекиннің «Кіші революциясы» ашық аспанда найзағай ойнағанмен бірдей болды. Алдымен 19 байды кәмпескелеп, өздерін «итжеккенге» айдағаннан кейін ауқатты деген тағы 100 адамның малын талан-таражға салған. Алдымен Нұралы батырдың ұрпақтары бас көтерді. Мұның соңы шытырлап тұрған шөпке от койғандай әсер етіп, онсыз да зығырданы қайнап отырған ел үдере түрегелген. Алайда, көтерілістің дақпырты алысқа кеткенімен дәйегі маңызды бола қойған жоқ. Қолдарына барлары бердеңке мылтықтарын, жоқтары сойыл, шоқпарларын ұстаған 600 қаралы ер-азаматтар аудан орталығына барып, кеңес төрағасы қашып үлгергендіктен оның кеңсесін өртеумен тынған. Осылайша кеңес өкіметін кұлаттық деп тарап кеткен елге соңынан келген жазалаушы әскер қиғылықты салсын. Қарқаралы түрмесіне қамалған 400 адамның 24-і атылып, біразы тағы да «итжеккенге» кете барды. Асырап отырған азаматынан бір, бағып отырған малынан екі айырылған халық қолдан жасалынған ашаршылыққа осылай ұрынып еді. Енді бұл арада отыра берсе қарап отырып баудай қырылатынын сезген ауыл ағалары әлгіндей шешімге оңайлықпен келе қоймағаны да белгілі. Ежелден ешкімге жалынан ұстатпай, еркіндікті көксеген ел ендігі жерде мысы құрып, амалы таусылып, бас сауғалағаннан басқа амалдары қалмағанын мойындаған болатын.

 * * *

Батырды дүниеге әкелетін – заман. Батыр атану үшін жүзді жығатын білек емес, мыңға қарсы тайсалмай шабатын жүрек керек-ау. Халықтың басына күн туғанда тәуекел етіп атқа қонатын ерлер бұл жолы да табылды. Шақантай батырдың ұрпақтары Жабағытай, Айдынкөл, Шалқардай азаматтар жасырын түрде ағайындарын Қытайға өткізе бастаған. Олардың шекара асып барып-келіп жүргенінен ел ағалары құлақтанып қалған. Осыдан бір апта бұрын астыртын Шәуешекке барып қайтқан Жабағытай іңір түсе Қосай батырдың Жаманбай ұрпағынан тарайтын Қайыркеннің ауылына келіп, ес білер ер-азаматтардың басын қосты. Ел ішіндегі өкімет адамдарының жансыздарына білдіріп алмас үшін былайғы жұртқа сездірмей, ең сенімді дегендерді шақырған.
– Уа, ағайын! Қарап отырып қырыламыз ба өстіп. Мына өкімет жұтар ауадан басқа ештеңе қалдырмай барады ғой. Мал екеш мал да бауыздар алдында бір рет тұяқ серіппеуші ме еді… Бәрінен бұрын мына шиеттей балалардың болашағы алаңдатады. Оларды ажалға айдап бергенше амалдап көрейік те…
Осыны айтқан кезде сұңғақ бойлы, қапсағай денелі, жүзі күн мен желге тотыққан жігіт ағасының еңсесі шөгіп бара жатқандай көрінген.
– Сөзіңді бекер рәсуә қылып қайтесің. Бәріміздің көкейімізді мазалаған жалғыз сұрақ осы емес пе. Одан да Шәуешектен не біліп қайттың, соныңды айт? – деген осы тұста отағасы да түнеріп.
– Айтсам сол, ол жақта мынандай сұмдық жоқ көрінеді. Жайлауын жайлап, малын бағып, қымызын ішіп, еркін жатқан елді көріп келіп отырмын. Үш ауылды жасырын көшіріп, орналастырып та қайттық. Ол жақтағы ағайындар қоныс аударушыларға оң көздерімен қарап, жерлерінен қоныс беріп жатыр. Егер көнсеңіздер жуырда тәуекел деп тағы да бір-екі ауылды сол жаққа бастамақпыз. Жиналып, дайын отырындар. Бізден хабар келген күні көшті қозғайсыздар. Ел ішінде аз ауыл болып жеке жүргеніміз жөн. Шекара өтер тұста жолығып, әрі қарай бірге аттанамыз. Менің тоқтамым осы, қалғанын өздерің шешіндер.
Әңгімеге бағанадан бері үнсіз отырған Қайыркеннің әкесі Нұрпейіс ақсақал араласты.
– Уа, Жабағытай, өзің Шәуешекке кеткелі бері келер жолынды тосып, екі көзіміз төрт болып отыр емес пе. Төбемізге төнген нәубеттен кұтылар өзге жол қалмағанын біз сезбей отыр деймісің?! Егер мынау қара қазан, сары баланың қамын біз ойламасак, онда кешегі құрбан болған арыстарымыздың төгілген каны біздің мойнымызға жүк болмай ма? Егер жолдың жобасын, жердің ыңғайын біліп келіп отырсаң, баста бізді сол Шәуешегіңе. Менің сөзім осы.
Ауылдың аузы дуалы ақсақалының бітіміне тоқтадық дегендей өзгелер де бас шұлғысқан.
Көшкен кезде күндіз қалтарыс жерлерде жасырынып, түнде ғана жүріп отыруға уағдаласқан ер-азаматтар осы құпия отырыстан «көшеміз» деген жалғыз бәтуаға келіп тарасқан.
Көпшілік үйді-үйлеріне кеткен соң Жабағытай мен Шалқар тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Ол арғын мен керейдің шекарасында жалғыз үй отырған Шәкәрім қажыға байланысты болатын. Тобықтының біраз жұртын Ике, Қаражандар бастап көшкен кезде жырақта отырған Шәкәрім назарға ілікпей, тағы да жалғыз қалған көрінеді.
Ағайынға деген өкпесі қара қазандай болған кажы содан бері тырс еткен дыбыс білдірмей, қыстағында жатыр. Енді Шұбартау өңіріндегі жұрт көшетін болса иен далада жападан-жалғыз қалатын түрі бар. Осыны ойлаған ақсақалдар түнеу күні Айдынкөл мен Шалқарды әдейі кажыға жіберген. Егер келісімін берсе оны да өздерімен бірге Қытайға ала кетпек ниеттері бар екенін білдірген. Алайда, мал-мүлкінен түгелдей айырылған кажы: «Алыс жолға жүретін көлігім жоқ. Оның үстіне жасым болса келіп қалды. Өлсем сүйегім ата жұртымда қалсын деп отырмын…» деп рахмет айтып қайтарыпты. Осыны естігеннен кейін бұлар ақылдаса келіп, күміс ертоқым салынған сары атанды беріп жіберген. Шәкәрім кажы бұл жолы да көнбепті: Қайта-қайта адам жіберіп, ниет білдіріп жатқандарыңа рахмет. Алайда, мен қартайған шағымда туған жер, ата қонысымнан кетпеуге бел байладым. Қалғанын пешенеме жазғаннан көремін де. Дегенмен, маған деген көңілдерің таза болса Зиятым мен Ахатыма қол ұшын беріңдер. Ахат менімен қалатын болар. Ал Зият жолымдағы жалғыз мұрагерім. Менің өлендерімнің бәрін жатқа біледі. Өзі де өлең жазып жүр. Сондықтан Зиятты өздеріңмен бірге ала кетіндер», – деп ақтық сөзін айтыпты. Осы сапарда көшкен ауылдардың бірімен қажының баласы да сапарға аттанбақшы екен. Отырғандар қажының бірбеткей, қыңырлығына бір жағынан кейісе де, қажыр-қайратына, қайсарлығына сүйсінген. Қартайғанда жат жұртқа барып, жәутеңдеп күй кешкенше туған жердің төсінде шейіт болуды артық санаған екен-ау. Ұзақ отырып, алыс сапардың қыр-сырын жете жіктегенде әр ауыл жеке-жеке жүретін болып келісілді. Шекараға жақындағанда бас біріктіріп, әрі қарай жол бастауды Жабағытайлар өз міндетіне алды. Ымырт үйіріле ауылға атбасын тіреген жолаушылар таң алдында аттарына мініп, хабарды өздері жеткізуге уағдаласып, суыт аттанып кетті.
Ерлерінің томаға-тұйық кейіптері мен әлдебір әбігерге түскенінен мән-жайды айтқызбай түсінген әйелдер қоныс аударуға бел буғандарын сезіп, үнсіз көмекке келе берді. Бір аптадан кейін Жабағытай мен Шалқар келіп, көшетін күнді де айтып кеткен. Осылайша құпияларын жария етпей, үн-түнсіз дайындалған ауыл мылтық асынғандардың назарына ілікпей, аман-есен аттанған еді.

 * * *

Түні бойы суыт жүріп Аякөз өзенінің Балқашқа құяр тұсына іліккен көш қалың қамыстың ішіне бойлай еніп, сырт көзден жасырынды. Ауыр жолдан қалжыраған балалар көлдің торғайдай сары масасы мен жердің сыз болғанына қарамастан бірден ұйықтап кетті. Олардың үстіндегі масасын қорып отырған әйелдер де көздері ұйқыға кетіп, әзер отыр. Бірнеше күннен бері күндіз-түні тыным көрмеген ерлер болса өгіз, түйелердің үстіндегі жүкті түсірісімен отырған жерлерінде қисая кеткен. От жақса түтіні өздері отырған жерлерін әшкерелеп беретінін ұғып, қазан көтеруге де тиым салынған. Әркім қалталарына сала шықкан тары-талқан, құрт, малталарын талғажау етуде.
– Сен, Әбуғали, қасыңа Адамбайды ерт те, қамыстың біз кірген тұсына барып, айналаны шола тұр, – деді Қайыркен 25-терге келіп қалған үлкен ұлына. – Егер күдікті, суыт жүрісті жандарды байқасаң дереу бізге хабар жеткізерсіңдер. Қарап отырып қырылғанша қарманып қалайық. Түстен кейін өзге жгіттерді жіберермін. Осылай кезектесіп күзетпесек болмайды. Біздің кеткенімізді білісімен соңымыздан куғыншылар шығуы ықтимал. Оның үстіне «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, осындай сәтте ұры-қары, ит-құс құтырады емес пе. «Қашқан ерге қатын да батыр» деген, амал не, көнеміз де.
Күні бойы қамыс ішінде жасырынған көш кеш түсе жедел жиналып, қопарыла аттанды. Қозы көш жерге шолғыншыларды жіберіп, өздері олардың соңынан үнсіз ілбіген ауыл таң ата айналасын жиделі тоғай қоршаған шағын өзеннің жағасына келіп тоқтады. Іздерін ала шыққан қуғыншылар көрінбегеннен кейін адамдардың да көңілдері орнына түсе бастағандай. Өзеннің салқын суына шөлін қандырып, қалың шөпке бас қойған мал мимырт жайылып жатыр. Қаншама кәмпеске жүрді дегенімен де ауылда аздаған мал басы сақталған еді. Ұсақ қой-ешкіні қоспағанда әр үйде 2-3 түйе, 2-3 жылқы бағылатын. Малдарға қарауыл қойып, жас жігіттердің күзет кезегін белгілеген Қайыркен көз шырымын алуға жантайғаны сол еді, жұбайы Таразы келіп өзін алаңдатып отырған бір жайды суыртпақтап жеткізді.
– Елден шыққалы бері Байболдың мазасы кетіп келеді. Қамыс ішінде сыз өтті ме, кешеден бері жағдайы тым нашарлап кетті. Аузына нәр сызбағалы бүгін екінші күн. Осы баладан айырылып қалмасақ игі еді…
Байбол деп отырғаны шаңырақтағы төрт ұлдың кенжесі, биыл беске енді шыққан жас бала. Кішкене кезінен өте зерек, әсершіл, сонысына қарай пысық болып өсіп еді. Жол азабы ауыр тиді ме, әлде сәби жүрегі туған жермен мәңгілік қоштасқанын сезе ме, әйтеуір аяқ асты мұрттай ұшқан. Бүкіл ауыл үшін алаңдап, қалайда кесапат-қайғыға ұшырамай, діттеген жеріне ел-жұртты аман жеткізуді көбірек ойлап отырған отағасының жауабы да қысқа болды:
– Құдай берген жанды құдай алады. Қазір бір бала емес, бір қауым елдің амандығын тілейік. Қолдарыңнан келген ем-домдарынды жасаңдар. Алла қабыл көрсе әлі-ақ жазылып кетеді.
Жол бойы аштықтан қырылған небір адамдардың қаңқаларын көріп, жүректері беріш болып қатып қалған адамдар Байболдың сырқатына мән бере қоймағаны рас еді. Тек Таразы ғана абысын-ажындарымен қолдарынан келген емдерін жасап, әбігерге түсуде.
Ымырт үйіріле шағын көш тағы да жолға жинала бастады. Күні бойы салқын, саялы жерде тынығып, әл жинаған көліктерге жүк артылып, күндегі әбігер шаруа атқарылып жатқан. Қенет әйел адамның шар етіп жылаған дауысы төңіректі жаңғыртып өтті. Алғашында аңырып қалған ауылдың үлкен-кішісі дереу дауыс шыққан тұсқа лап қойды. Келген жерде жұртшылық көкпеңбек боп, демін алмай сұлық жатқан Байболды құшақтап алып, егіле жылаған Таразыны көрген.
Сәбидің денесінен тіршілік нышанын байқай алмаған ауыл әжелері оны өлдіге балап қойыпты. Алайда, баланың жаны періштелердің үлесіне тие қоймаған сыңайлы. Жиналған көпшілік «енді қайтсек болады?» дегендей бір-біріне қарасқан. Жағдайды болжап-біліп тұрған қариялар жағы мұндайда көшпенді бабаларының істейтін әрекеттеріне жүгінді.
– Әй, Таразы, енді бізге Байбол жоқ сияқты ғой. Жол бойы үрім-бұтағымен аштан қырылған отбасыларын да көріп келесің. Оның жанында, азамат болған үш ұлың аман, сенің жағдайың әлдеқайда жақсы. Көшті бөгемейік, Байболды осы арада қалдыр. Дәм-тұзы таусылған баланы жолмен азаптап қайтесің. Өзгелердің амандығы үшін осы айтқанға көнесің де.
– Жоқ! – деген дауыс топ ішінен саңқ ете қалды. Бұл Байболдың үлкен ағасы Абуғалының еді. Өзімен тетелес Адамбай, Серікбайдай емес, кішкене болса да әр нәрсені түсініп, өзіне қолқанат болып жүрген Байбол дегенде оның шығарға жаны ғана бөлек болатын. Үлкендердің әлгіндей әңгімесін естігенде жанарларын жас жуып кетіпті. – Кеудесінен жаны кетпеген баланы жапан түзде жалғыз қалдыр деп айтуға қалай ауыздарың барады!? Өлсе өз қолымызбен арулап көмеміз. Оған дейін Байболда шаруаларың болмасын.
Адымдап анасының жанына барған ол былқ-сылқ етіп жатқан баланы бауырына алып, көштің бағытына қарай жүре берген. Осымен әңгіме бітті дегендей, өзгелер де оның сонынан ерді. Жиналып, жүруге әзір түрған көш те орнынан қозғалып, шығыстағы мұнартқан тауларды бетке алып жылжи берді.
Түні бойы тынбай жүрген босқындар таң кылаң бере шыңдары аспан тіреген Еренқабырғаның қыраттарынан сілемденіп шығатын жатаған таулардың баурайына келіп тоқтаған. Қаншама суыт жүрді дегенмен, жаяу- жалпы жандары көп, ауыр көш алысқа ұзап кете қоймағаны тағы белгілі. Әйтеуір, сондарынан куғыншылардың шықпағаны көңілге медет. Әзірге өзге кесапаттың да беті аулақ болып тұр. Осылай енді екі-үш қонса, шекараның арғы беті де көрінері мәлім. Оған жетпей өзге ағайындармен де кездесіп қалар. Қалай болғанымен де ауыл осы жерде бір тыныстап алып, кеш түсе әрі жылжуға бекінген. Көш маңына бірер мініс аттарын қалдырып, өзге малды төскейге қарай құлатқан бұлар төтеннен келер кауіптің сейілгенін сезіп, алаңсыз ұйқыға кеткен болатын.
Қаперсіз жатқан жұртшылықты киқулай шапқан көп аттының айқайы оятты. Өзгелерден бұрын ұшып түрегеліп, жүк маңындағы бақанға жүгірген Қайыркен жылқы бағып жүрген екі жігітті аттарынан аударып тастап, малды алдыларына салып қуып бара жатқан бірнеше ұрыны көзі шалған. Әсіресе, соңдарындағы төрт-бесеуі қолдарындағы сойылдарын ойнатып, «келсең шекенді жарамын» дегендей, бұларға қыр көрсете, айбат шегіп барады. Қатты соққы алып, жылқыдан айырылған Әбуғалы мен Адамбай әйтеуір тірі екендіктерін білдіргендей орындарынан көтерілді. Бар үміт-тілектерінің алтын арқауындай болған малдан көз жазу босқан елге өліммен бірдей болатыны түсінікті. Кытайда да бұларды сағына күтіп отырған нағашыларының жоқ екені тағы белгілі. Демек, малсыз бару ол жақта да өліммен бірдей. Жүктің жанында жайылып жүрген атқа жайдақ мініп: «Уа, не қарап тұрсындар?! Бар аттарға мініңдер де соңымнан еріңдер!» – деп айқайлаған Қайыркен алды-артына қарамай бақанын көлденең ұстаған күйі жылқының соңынан шаба жөнелген. Біраз жер ұзағаннан кейін артына қараса сөзін тындап, соңынан ерген ешкім байқала қоймады. Ауыл адамдары состиған қалыптарында әлі де орындарында тұр екен. Өзге ешкімнен қайыр бола қоймайтынын түсінген ол енді айлаға көшпесе жасанған жауға ештеңе істей алмайтынын әбден ұқты.
Қайыркен жылқы кеткен бағытты бетке алып, астындағы есік пен төрдей ала атымен орағыта шапқан. Мақсаты – барымташыларды айналып өтіп, күтпеген жерден алдарынан тарпа бас салу. Иесінің жаны алқымына тірелгенін сезгендей ала ат та көсілтіп келеді. Түс әлетінде қоғалы қорымға іліккен Қайыркен не болса да ұрыларды осы маңнан тосуға бекінді. Айтқандай-ақ сәлден кейін көп жылқының дүбірі келіп жетті құлағына. Олар қорыммен теңесе бергенде ата-баба әруағына сиынып атқа конған жалғыз жан «Аттан, ұр-ә» деп айқайлаған күйі бір бүйірден қосылған. Алдымен жолыққан екеуін бақанымен бір-бір салып құлатып, үшіншісіне ұмтылғаны сол еді: «Ағатай, өлтіре көрмеңізші?!» деп шырылдаған жас бала атынан секіріп түсіп, құлай кеткені бар ма. Бұлардың айлалары белгілі болды. Кәнігі барымташыларша жылқыны жеңілдеу жігіттерге айдатып жіберіп, қуғыншы келсе жолын бөгеу үшін әлділері соңында қалған болып шықты ғой. Осыны ұққан Қайыркен жылқының бетін қайтадан жаңа әлгінде өзі келген бағытқа бұрған. Ала ат мінген адамның бөтен емес екенін таныған есті түліктер көп әуреге салмай оның ырқына көне берген болатын.
Іңір үйіріле жылқыны шашау шығармай айдаған күйі көшке оралғанда ауыл адамдары жақ-жүндері үрпиген қалпы әлі отыр екен. Соқкы жеген бір-екі жігіттен басқасы тіпті тұяқ та серіппепті. Бойларын жайлаған үрейден арылмаған күйі бастарын да көтере алмай, жерге қарасады. Тілінің уы бар әйелдерден де әбден сөз естіген ерлер «қайыр-қош келдің бе?» деуге де жараған жоқ. Күні бойы жайдақ атқа шауып, тақымы мен құйымшағы ойылып калған Қайыркен аттан түсе асығыс тігілген қостың ішіне кірді де үн-түнсіз жатып қалды. Аз-маз есін жинағаннан кейін ғанаТаразы мен үлкен ұлын шақырып:
– Ісек қойдың бірін сойыңдар да етін түгелімен қазанға салыңдар. Әлгі Байболды соның терісіне орап булап, сорпамен емдеп көріңдер. Ет піскенде ағайын-туғанды шақырарсыңдар, айтар сөзім бар… – деді де қайтадан қисая кеткен.
Бұл күні көш межелі мерзімде жолға шықпай қалды. Оған біріншіден, төрт көзі түгел отырып барымташыларға жем бола жаздағаны себеп болса, екіншіден ауылдың ақылшы ағасы деп есептелінетін Қайыркен не айтар екен деген сауал да сапар жайлы әңгіме қозғатпаған. Барлығы да осы күнге дейін бір-бірімен байланыстырып келген бір нәзік жіптің үзілгенін, тұнық айдынға сызат түскенін іштей сезетіндей.
Жаңа піскен жас еттің иісі мұрынды қыттықтай бастаған кезде ауылдың ақсақал, қарасақалдары Қайыркен жатқан косқа үздік-создық келе бастады. Әлгіндегідей емес, бойларын билеген ұятты «не айтар екен?» деген қызығушылыққа жеңдіріп:
– Қайреке, қол аяғыңыз бүтін бе? Апырмай, жасанған жаудан жалғыз барып, жылқыны қалай қайтардыңыз? – деген сыңайлы көтерме, қолпаш сөздер айтып кірген. Оларға құлықсыздау «Шүкір, құдай сәтін салды ғой…» деген сияқты жауап қайтарып отырған отағасы үлкендер түгел жиналып болды-ау дегенде сөз бастады.
– Біз ес біліп, етек жиғалы ғана емес, бас біріктіріп ел болғалы да бақытсыздықтан, күштінің қоқан-лоқысынан, көптің озбырлығынан көз ашпаған азғана атаның баласы едік. Қонысымыз бірде Сырдың жағалауынан табылса, енді бірде Алтайдың арғы бетінен, бірде Арқа жерінен орын алғаны да жақсылықтан, жетіскеннен емес болар. Енді ғана ес жиып, бауырымыз бүтінделіп келе жатқанда кұтты қоныс болған Шұбартауды тастап кету де баршамызға оңай болған жок. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» – дегендей, қарап отырып аштықтан қырылғанша өзге жерден бағымызды сынайық деген далбасы ойдан шыққан әрекет еді бұл. Ең болмаса Қытай жерінде бала-шағамызды аман алып қаламыз ба деген үміт еді бізді жат жұртқа жетелеген. Алайда, біз сияқты үріккен ел үшін «қайда барсаң да қорқыттың көрі» дайын тұрған сияқты. Діні де, тілі де бөлек бөтен жерге барғанда өздеріңдей ағайындар бірің тіреу, бірің сүйеу боларсындар деуші едім. Бүгінгі оқиға менің қателескенімді көрсетті. Мүмкіндіктерің бола тұра соңымнан біреулеріңнің де ермегендерің жаныма қатты батты. Ал, Қазақ жерінен шықпай жатып бұлай болса, онда Қытайдағы күнім не болады? Ертең құмырсқадай қаптаған қара қытайлар зорлық істеймін десе кімге сүйенем, кімге сенемін? Осыны ойлағанда туған топырағында қаламын деп шешкен Шәкәрім қажынікі жөн бе деп қалдым. Сондықтан ертең тан ата мен өз көшімді қайтадан кері бұрмақпын. Шұбартауға бару – арыстанның аузына басыңды сұғумен бірдей екенін, әрине, түсінемін. Сондықтан, түнеукүні түстенген Балқаштың жағалауына тұрақтамақпын. Қалың құрағы мен қамысы малға әрі шөп, әрі ық болса, балығы аштықтан аман-есен шығуға сеп болар. Әрі қарай Қытайға жүремін дегендеріңді тоқтатпаймын. Менімен еремін деушілерге де кет демеймін. Бір нәрсе анық. Мен бала-шағаммен Қытай жеріне бармаймын!
Қос ішін бір сәт үнсіздік жайлады. Қайыркен мұндай шешімді күтпеген үлкен-кіші естіген сөздерін санасынан өткізгендей ойланып қалған. Осы кезде шеткерірек отырған Таразының «Иә, ақсарбас» деп айқайлап жіберген дауысы естілді. «Тағы да не болып қалды?» дегендей дауыс шыққан жаққа жалт қараған жұртшылықтың көзіне алдымен дөңгеленген тең сияқты үлкен ораулы зат шалынған. Анықтап қарағанда, алдымен қара қойдың терісіне орап, соңынан қалың көрпемен тұмшалап тастаған баланың сүлбесі байқалды. Енді бір сәт отырғандардың барлығы ораудың ішінен: «Көке, көке» деген Байболдың үнін анық естіген болатын. Бірнеше күннен бері ішкі тебіреніс, күйзелісін сырт көзге бір байқатпаған Қайыркен осы тұста екі көзінен парлай аққан жасты алақанымен сырып тастап:
– Әне, көрдіңдер ме? Құдайдың өзі менің бұл шешімімді құп көрген сыңайлы. Әлде, туған жерге деген кұдіретті күш пе екен, Байболыма қайтадан өмір сыйлаған. Ал, бәйбіше, қазаныңды түсір. Ағайындармен қайтадан жүздесуге алла жаза ма, жоқ па?! Оны бір құдай біледі. Көңілімізде кірбің қалдырмай, ақ ниетімізбен арыздасайық, – деген иығынан үлкен жүк түскендей.
Түн өзінін билігіне енген кезде де көш әдеттегідей аттанып кетуге асықпады. Жылқы күзетіне шыққан Әбуғали қатарлас жігіттер де құлын-тайдай тебісіп өскен достарын қимай, таң атқанша сырласқан. Әсіресе, абысын-ажындардың бір-бірімен коштасуына тебіреніссіз қарау мүмкін емес еді. Алайда, түні бойы мәслихат құрған кезде ауыл ағаларының біразы бұл жақта аялдамай, қалайда арғы бетке өтеміз деген байламдарын білдірген. Күн арқан бойы көтерілгенде улап-шулап жолға жиналған көш орнынан қозғала берді. Оның бір бөлігі бастапқы бағыттарымен шығысқа қарай бет түзесе, екінші бірі батысқа, Балқаш көлінің баурайына бастайтын жолға түскен болатын.

СӨНГЕН ҮМІТТІҢ СӘУЛЕСІ

Кешке қарай өрістен қайтатын азын-аулақ малдарын қарсы аламыз деп үйлерінен ертерек шыққан ауылдың екі-үш әйелі күндегі әдеттері бойынша әуелі Бәтимә әжейдің үйіне бас сұққан. Дастархан басында жыпырлап отырған балаларды көріп Әйкеннің шекесі тыржия қалды:
– Мына шіркіндерді тағы да жинап алғансыз ба? Әй, жүгірмектер, үйлеріңе барындар. Мал келетін де уақыт болды, мамаларың іздеп жатқан шығар, – деп қуыра жөнелген.
– Қой, Әйкен, шайға жақсылап қанып алсын. Әлі де уақыт бар ғой!
Өздерін қорғаштап сөйлеген әжейдің сөзін естіген қарадомалақтар мұрындарын пыс-пыс тартып, Әйкеннің сөзіне ыға коймады. Қонышы басылған үлкен бәтіңкені жүре шешіп, өзгелерден бұрын төрге озған әйел енді ашуына мінейін деді:
– Әй, мен сендерге не дедім? Тұрыңдар түге. О несі-ей, әкелерінің үйінде отырғандай шалжиып. Әйдә, тұрындар!
– Туу, Әйкен-ай. Сенің осы мінезің бе. Бұлардың үйге келіп, осылай отырғандарына мен бір жасап қалмаймын ба. Айналайын, Мақсатым тірі болса немерелерім осылардың ортасында жүрмес пе еді деп ойлаймын да.
Осыны айтып Бәтимә әжей жаулығының ұшымен көзіне келген жасты құрғата бастады. Үйге алдыңғы екеуінің сонын ала кірген Жамал құрбысының сөзіне кейістік білдіре:
– Әйкен, тандайың кеберсіп бара жатса осы үйдің шайы саған да жетеді. Тықақтай бермесеңші. Кел, оданда мына ыдыс-аяқты жинастырып жіберейік, – деп пештің үстінде үйіліп қалған кесе-табақтарды қолға ала берген. Оған тағы бір құрбысы қосылып, балалар шайларын ішіп біткенше осы үйдің ішін тап-тұйнақтай етіп тазалап тастады.
Үлкендер келгеннен кейін астарын жылдамдатқан 9-10 жасар көкөрімдер нандарын апыл-ғұпыл асап, сыртқа қарай сырғи берді. Іштеріндегі ересектеу біреуі:
– Бәтимә апай, сіздің үйдің малын біз-ақ қайырып тастармыз. Сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, – деп қамқорлық таныта сөйледі.
– Қарақтарым сол. Айтқаның болсын. Мен де соңыра шығамын ғой сыртқа, – деп әжей де ризашылығын білдіріп жатыр. Келіншектер жылдам қимылдап, дем арада дастархан үстін жаңалап жіберген. Әсіресе, Әйкеннің әрекеті шапшаң. Қай жерде не тұрғанын өзі біліп, емін-еркін қимылдап жүр. Осы үйдің жылы жұмсағы да сол Әйкеннің арқасында дастарханнан орын теуіп үлгерді. Қимылы қандай ширақ болса, тілі де соншама жеңіл, самбырлап сөйлеп қояр емес:
– Жүгірмектерге үнді шайының не керек? Қадірін білуші ме еді олар?! Бір-бір кеседен айран бере салмаушы ма едіңіз. Қап, қор болған үнді шайы-ай. Солардың бәрін үйірсектетіп алған да өзіңіз. Күнде өстіп сыйлап тұрсаңыз мен де шықпас едім осы үйден…
Әжейдің жұмсақ жымиғанын байқап, құрбысының оғаш кеткенін сезген Жамал жуып-шайған болып жатыр:
– Туу, найсап, өзіңе келер сөзді де білмейсің-ау. Әжейдікіне күнұзаққа үш рет келетін сен бе, мен бе? Оданда жөні түзу әңгімеге көшсеңші.
– Солай ма еді,?! Қайдан білейін… – Әйкен аяқ астынан момақанси қалған. – Айтпақшы, Бәтимә апа, кеше келіп кеткен бауырларың не айтты? Жиналып бәрі бір-ақ келген бе?
– Олар не десін. Сол баяғы қолқаларын қояр емес. Елге көш, ортамызға кел, жалғыз отырып өлгеніңді білмей қалармыз дейді. Малдың өрісі жақын, отын-суы оңайда бір үйді тауып та қойыпты. Ересек балалардың бірін жаныма қоса бермек. Жалғыз әпкелері айдалада көмусіз қала ма деп қорқады да баяғы.
Ой, апа, мына молада жалғыздан-жалғыз шошайып отыра бергенше ағайынның арасына барғаныңыз дұрыс емес пе. Біреу шайымды қайнатып, малымды бағып берем деп отырса жатар едім-ау шалжиып…
Әй, Әйкен-ай. Сен байғұс менің мұңымды қайдан ұғайын деп едің. Осы жерде арыстай болып екі азаматым жатқан жоқ па. Алдымен шаңырақ құрып, енді-енді ел қатарлы күн кеше бастағанымызда тосыннан келген сырқат отағасын алды да кетті. Жас өмірімді жарымнан қалған жалғыз қуанышым – Мақсатыма бүтіндей бағыштаған едім. Құдай мұны да көп көрген екен.
Енді ғана келінді болып, кызығын көремін бе деп отырғанда ажалы тілсіз жау – судан болды. Екеуі де мына іргедегі қабірстанда мәңгілік мекен тапқан. Енді қартайғанда қарақтарымның иістері сіңген, елестері қалған мына мекенімді тастап қайда бармақпын. Мен тірі тұрып шаңырақтары ортасына түссе әруақтары ренжімейді ме…
Жоқ, қозғамаңдар дедім. Өзімнің де көп өмірім қалмағанын сеземін. Қарақтарыма жететін күн де жақын-ау. Басқа жақта жүріп көз жұмсам мені мұнда кім әкеліп кояды. Бұл жақта, құдайға шүкір, ел-жұрт бар емес пе. Жабылып жүріп аттандырарсыңдар, әйтеуір.
Бауырларым ренжіп кетті-ау деймін, қабақтары салыңқы қайтты. Құдайға шүкір ғой әзірге өз-өзіме қарауға қауқарым бар. Тұра алмай қалсам тағы көрерміз.
Осыны айтқан Бәтимә терең тыныстап, бір сәт үнсіз қалған. Әншейінде самбырлап ауыз жаппайтын Әйкеннің өзі сөзден тосылғандай тым-тырыс. Алдындағы кесесіне қол созуға қорқатындай. Аз-кем отырғаннан кейін әжей тағы да сөйлеп кетті:
Қарағым, Жамалжан. Өзгелерден гөрі естиярлау баласың ғой. Егер алладан бұйрық келе қалса мені жөнелтудің тізгінін өз қолыңа аларсың. Ақыреттен бастап барлық киімдерді әлдеқашан дайындап қойғанмын. Бәрі сандықта сақтаулы.
Бәтимә сөйлей жүріп төрдегі сандықтың аузын ашты. Бұған дейін талай рет көрсе де әжейдің көңілін жыққысы келмеген Жамал қарияға таяу келіп отырған. Ал Бәтимә сандықтағы киім-кешек, бөлек маталарды бірінен кейін бірін шығарып, кімге не беру керектігіне дейін тәптіштеп айта бастады.
Мына Камзолды құрдасым Ұлтуарға берерсің. Ал шапан – үлкен атаның баласы Келдібектікі. Мына маталарды да кімдерге арнау керектігін түнеугүні айтқанмын. Сүйегіме түсетін әйелдердің сыбағасы мына жерде бөлек түр. Жаназамды шығаратын молданың, кабіршілердің қаражаты әне бір түйіншектерде сақтаулы. Мына кемпірде түк жоқ екен, өлім барын білмеді ме деп сыртымнан сөгіп жүрмесін, бәрін риза қылып аттандырындар.
Айтпақшы, сойыс малын да пысықтап ал. Әйел адамдарға жылқы соймайды деп жатушы еді, ана қасқа сиырды қонақасыма жығарсыңдар. Жетпесе ұсақ малдың бір-екеуін қоса сойыңдар. Дәріптеп, бәсекелесетін ештеңе жоқ, қырқым мен жылым қоса атқарылсын. Оған қызыл құнажын да жарайды. Қалған үй мүлік пен малдың да иелері табылып қалар. Өздеріңе атап қойған аша-тұяғым бар, оған ешкімнің таласы блмасын.
Міне, осылай. Енді кұдай дайын болса мен дайынмын. Мақсатым да күтіп калған болар, ертерек барып куанта берейін.

 * * *

Бүкіл ауылдың анасындай болып кеткен Бәтимә әже соңғы кездері осындай бір елде жоқ әдет шығарып алған. Онсыз да бала десе ішкен асын жерге қоятын ол қазір ертенгілік азын-аулақ малын өріске жібергеннен кейін әуелі ауылдың қарадомалақ балаларын жинап алып, солармен бірге шай ішеді. Одан сыртқа шығып, қора-қопсыны тазартқанша түс те келіп, мектептен қайтқан балаларға дастархан жаяды. Тіпті, көздерін сығалай ашқан кішкене көкөрімдер тұра салып Бәтимәнің үйіне жүгіретін әдет тауып алған. Ара-арасында Әйкен сияқты ауылдың еріккен келіншектері кіріп-шығатыны тағы бар. Денсаулығының сыр бере бастағаны ма, кейінгі күндері ауылдың үлкен әйелдерін шақырып алып, соңғы сапарға аттанудың жайын күйттейтін де болып жүр. Алғашында әжейдің бұл қылығын тосырқай қарсы алған ауылдастары келе-келе бұған да үйрене бастады. «Қайтсін-ай, не жар қызығын, не бала қуанышын көре алмаған кейуана бір өлімнің бар екеніне мойынсұна бастаған ғой» дескен жаны ашығандары. Дегенмен, үлкен-кішіге бірдей сыйлы ананы ешкім де жамандыққа қимаған.

 * * *

Таңертеңнен бері үйге бас сұқпай, есік алдында күйбеңдеп жүріп алған Бәтимә есіктен сөйлей кірді:
– Құлыным-ау, тұрсаңшы. Осындай ұйқышыл болармысың. Түс болып қалды, тұра ғой?…
– Ой, анашым. Әскерде жүргенде үйге келгеннен кейін ең алдымен жақсылап ұйқымды қандырамын деп армандаушы едім. Оралғаныма әлі бір апта да боған жоқ қой.
– Айналайын сол, маған салсаң кешке дейін жатсаң да өз еркің. Ана Айгүлжан келіп отыр. Шомылуға барамын деп келіскенсіңдер ме? Мен ұйықтап жатыр, демалсын десем қоя ма. Өзім оятам дейді. Ұят болар деп кіргізбедім. Айналайынның көзінде бір нұр бар. Кімнің мандайының бағы жанады екен, шіркін…
Дастарханға бауырсақ, кілегей, қаймақ қойып жүрген анасы сыртта тұрған қызды мақтай ала жөнелген. Білмейді емес, ана жүрегі бәрін де сезеді. Мақсатты әскерге аттандырарда кешкі сауыққа мектепте оқып жүрген Айгүлдің де келгені есінде. Ұялғанынан қып-қызыл болып кеткен қыз құрбыларының демеуімен Мақсаттың жанына барып отырып еді. Ішке кіріп-шығып жүрген Бәтимә сол кезде-ақ екеулерінің араларында бірнәрсе бар екенін түсінген. Ауылдағы сыйлы отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан осы бір қызды күнде көріп жүрсе де дұрыстап көңіл аудармаған екен-ау. Кеше ғана ойын баласы сияқты еді, енді бұраңдаған бойжеткен болып өсіпті. Сол күні Бәтимә Айгүлге бірінші рет көз тоқтатып қараған. Қараған да көңілі тойған болатын.
Обалы не керек, Айгүл екі жыл бойы үйге келіп-кетіп жүрді. Алғашында қатты қысылатын қыз келе-келе бұған да үйреніп, үй шаруасына қолғабысын да тигізетін болды. Көбіне-көп екеуі Мақсаттан келген хаттарды қайталай оқып, жіберген суреттерін тамашалаушы еді. Мақсаттың оған да хат жазатынын іші сезеді. Бірақ ұяң қыз оны білдірмеуге тырысатын. Осы уақыт аралығында Бәтима да Айгүлге бауыр басып, өз қызындай жақсы көріп кеткен. Ендігі бар арманы екеуінің тойын жасап, немерелерін бағу. Марқұм отағасынан қалған жалғыз тал ұлынан өсіп-өнген ұрпақты көрсем екі дүниеде де арманым болмас деп ойлайтын ол.
Айгүл келіп отыр дегенді естіген Мақсат бірден тұрып, киіне бастады. Кеше жолдастарымен бірге киноға барып, соңынан екеуі айлы түн астында ұзақ сырласқандары есіне түскенде жігіт еріксіз жымиған. Әуелгі уәде бойынша мектепті былтыр бітірсе де мұның әскерден келуін күтіп қалғанда әке-шешесі біраз тулады. Ақыры қыздарының бұл шешімнен таймасын білгеннен кейін «өзің біл» деп келісуге мәжбүр болған. Сабақты жақсы оқыған Айгүл енді Мақсатты да емтиханға дайындап, екеулері оқуға бірге аттанбақ. Кеше кітаптарды әкеліп біраз дайындалайық дегенде өзен жағасына барып, бір жағынан сергіп әрі оқулықтарды аударыстырып көрейік деген де Мақсат болатын.
Оқуға бармақ ойы бар екенін білдіргенде Бәтимә әуелі көп толқыды. Дүниеден ерте өткен жұбайынан калған жалғыз ұлды жеткізу оңайға түспегені өзіне аян. Мектептен кешіксе де, бір жерін жаралап алса да жүрегін шүберекке түйіп, құдайдан осының амандығын тілеуші еді-ау. Қатарластары әскерге кетіп жатқанда жалғыз ұлы ретінде алып қаламын дегенде Мақсаттың тулағанын көрсең. «Анашым, мені қатарымнан қалмай, азамат болып өссін десең қалдырма әскерден» – деп отырып алған. Амал жоқ, жіберуге тура келді. Осы екі жылдың бұл үшін ғасырдай болып көрінгені тағы бар. Енді міне, тағы да бес жылға оқуға аттанбақ. Келін түсіріп, немере сүйсем деген арманы тағы бірнеше жылға шегерілетін түрі бар. Тек Айгүлдің ақыл-парасаты ғана көңілін жайландырып, байыз таптыратындай. Сондықтан болар: «Қатарынан қалып қалса ертең өзіне қиын болар, мейлі, оқыса оқысын. Аман-есен әскерден оралды ғой, ал оқуы болса үй іргесінде» деген шешімге келген еді ол.
Анасы дайындаған ертеңгілік астан аздап дәм татқан Мақсат пен Айгүл торсөмкеге азын-аулақ азық-түлік салып алды да сыртқа шыққан. Олар ауылдың дәл ортасымен ағып жатқан өзеннің бүкіл ауыл балаларының сүйікті орнына айналған тұсына қарай беттеді.
Қыста қар мол түскендіктен бе, жаз ортасы болса да өзен суы арнасына толып ағып жатыр екен. Алатаудың қарлы шыңдарынан бастау алып, домбыраның қос шегіндей жарыса келіп Балқашқа кұятын Ақсу мен Лепсі өзендерінің ішіндегі ағындысы да, толымдысы да осы Лепсі болатын. Мақсат пен Айгүл саяздау жерде шомылып жүрген балалардан сәл төменірек барып, көгалға орналасқан. Жігіт шиыршық атып шыңдалған денесін жалаңаштай беріп, салқын суға қарғыған. Алғашында аңғармаған екен, сырттан қараған адамға моп-момақан болып көрінген өзен ағысы бірден бой бермей, тек малтау әдісін жақсы меңгергендігімен ғана біраз жер жүзіп барып жағаға ілікті. Шешінбеген күйі қабақтан суға аяғын малып отырған қыздың жанына келіп, жаюлы орамалға жантая кеткен Мақсат дәл төбеден төніп түрған күнге арқасын беріп, рахаттана керілді. Осындай күйде қанша жатқаны белгісіз, бір кездері Айгүлдің:
– Мақсат, құтқар, – деп жанұшыра айғайлаған даусын естіп, ұшып түрегелген. Қыз қолдарын ербендетіп өздеріне қарай ағып келе жатқан екі баланы нұсқап айғайлап тұр екен. Дереу көмек жасамаса екі баланың да суға кететінін түсінген Мақсат ешнәрсе ойлауға мұршасы болмай суға қарғыды. Әлсіз ғана қолдарымен асау ағысқа қарсылық жасап келе жатқан бірінші балаға тез жетті. Оны желкесінен ұстап, жағаға таман жеткізе берді де, енді екінші баланы құтқаруға асыққан. Лепсі өзенінің төменгі сағасында ағынды судың екпінімен жасалынған иірімдер жиі кездесуші еді. Мақсат енді жеттім дегенде жандәрмені шығып қолдарымен суды сабап бара жатқан бала әлгіндей иірімдердің біріне жолығыплезде көрінбей кеткен. Санасын «баланы құтқару керек» деген жалғыз ой билеген жігіт еш кідірместен баланың артынан сүңги берді…
Жағада Айгүл бастаған бір топ бала қанша күтсе де не Мақсат, не бала қайтадан су бетіне шықпады. Ағыны қатты өзеннің қанды иірімі екі бірдей тіршілік иесін кұшағына мықтап қысып, тырп етуіне мұрша бермеген. Тек бір күннен кейін ғана аудан орталығынан келген құтқарушылар өзеннің қалың тоғайлы тұсынан томарларға ілініп қалған екі адамды тауып алған еді. Бірін-бірі мықтап ұстаған күйі өмір үшін арпалысқан бала мен жігіт табиғаттың тылсым күшіне төтеп бере алмай жантәсілім жасаған екен.
Дәл сол күні Бәтимәнің кеудесінде маздап жанған үміт оты мәңгілікке сөніп, Айгүлдің жүрегі айықпас дертке душар болған. Дәл сол күні, сол ауылдағы тағы бір шаңырақтың желкілдеп өсіп келе жатқан арманы тамырынан қиылып, ата-анасын қайғының қалың бұлтына кіргізіп кеткен болатын. Бүкіл ауылдың еңсесін басқан қаралы күндердің көлеңкесінде тура келген ажалдан аман қалған жалғыз бала Талғаттың тойы ескерусіз қалып, әке-шешесінің қуанышы көмескілене берген.

 * * *

Қызметтестері арасында әжептәуір абырой-беделі бар аға лейтенант Талғат таңертеңгілік ішкі істер бөлімі бойынша кезекшілікті қабылдап алып, әкетіп бара жатқан жұмыс болмағандықтан бөлмедегі әріптестерімен әрнәрсені әңгіме қылып, әзілдесіп отырған. Аяқасты телефон безілдеп қоя бергенде алғашында жақтырмай бір қарап, соңынан амалдың жоқтығынан құлықсыздау трубканы көтерді.
– Кезекші, аға лейтенант…
– Талғат.., ойбай, тез ауруханаға жет! Нұрлан суға кетіп қалып… Ес-түссіз ауруханаға алып келдік… Тез жет деймін, дәл қазір!…
Әйелінің дауысын жазбай таныған жігіт бір сәт ес-түстен айырылғандай қалшиып тұрып қалды да, трубканы тастай салып тысқа ұмтылған. «Не болып қалды?» деп қаумалаған әріптестеріне де жарытып ештеңе айта алмады. «Ұлым, Нұрланым суға кетіпті» деген сездерінен-ақ басқалары мән-жайды бажайлап үлгерген. Онымен бірге ере шыққан жігіттердің бірі дереу көлік әзірлеп, ауруханаға тартып кетті.
Жақын араласып жүрген жолдастары Талғаттың казіргі көңіл-күйінің қандайлық дәрежеде екенін сезіп келе жатты. Үйленгеннен кейін көп жыл өткен соң бір ұл туып, ыдырайын деп бара жатқан шаңырағын сақтап қалған әйелі осы Нұрланнан кейін тағы бала көтермеген болатын. Сондықтан болар, Талғаттың ұлы дегенде шығарға жаны ғана бөлек. «О, жаратқан, құтқара гөр жалғызымның жанын, – деп жалбарынған, жайшылықта ешкімді еске алмайтын жігіт. – Бір тал баламнан айыратындай соншама не жазығым бар еді ?!
Осы сөзді айта беріп кілт тоқтаған Талғат біраз уақыт тым-тырыс отырды да, кімге айтқаны белгісіз өз-өзінен күбірлеп: «Осыдан ұлым аман қалса ананың алдына жығылып, кешірім сұрамасам ба… Тек қана сол күнге жеткізе гөр, жаратқан» – деп шатпақтай берген.
Аурухананың дәлізінде оларды әйелі мен бір топ таныс-туыстары қарсы алды. Дүрліккен жұртқа басу айту үшін шыққан дәрігер:
– Көп су жұтып қойған екен. Алайда аман қалады деген үміттеміз. Еш алаңдаудың қажеті жоқ. Егер жағдайы дұрысталса бүгін-ақ үйге алып кетерсіздер. Ең қорқыныштысы артта қалды, сабыр етіңіздер. Сәл кешіккенде баладан айырылып қалуымыз мүмкін еді. Сіздер ана құтқарушы жігітке алғыс айтыңыздар! – деген.
Әлі де айналада болып жатқан тіршілікті ұмытып, ұлының тағдырымен алаң болып тұрған Талғат осы кезде ғана өз-өзіне келе бастаған. Дәрігердің айтқан сөздері санасында қайта жаңғырықты. Иә, не деп еді? «Аман қалады… Ең қорқыныштысы артта қалды… Құтқарған жігітке алғыс айтыңдар» – деп еді-ау. Ол өзі осында ма екен?! Талғат енді ғана дәрігер нұсқаған тұсқа көз жіберген. Шеткеріректе жолдастарымен әңгімелесіп тұрған сұңғақ бойлы, шымыр денелі жігіт бірден көзіне жылұшырай берді. «Апыр-ай, бір кездері мені өлімнен аман алып қалған Мақсат есімді жігіт те дәл осындай еді ғой. Әскерден үйреніп келген спортгық ойындарын ауыл балаларымен бірге сан тамашалаған да болатын. Содан кейін қарғыс атқыр сол күн. Жолдасы екеуі бірін-бірі қуып жүріп, терең ағысқа калай шығып кеткендерін білмей де қалыпты. Ал асау ағыс ала жөнелгенде ажалға араша түсер ештеңе қалмағанын кеш түсінген. Егер сол кезде Мақсат болмаса бұл тіршілікпен мәңгілік қоштасар еді. Иә, бұл аман қалды. Мақсат пен досы болса өмірлерінің соңын Лепсі өзенінің түбінен тапқан. Япырмау, мұны қалай есінен шығарды екен, неліктен ұмытты?! Сол жолы да мен сияқты жалғыз баласын өбектеп отырған бір ана аңырап қалған еді-ау. Мен болсам бүгінгі күнге дейін сол анаға бір рет сәлем бере бармаған екенмін-ау. Не деген қатал, безбүйрек болғанмын. Бәлкім, Нұрланымның суға ағып кете жаздауы жаратушының маған жасаған ескертпесі шығар. Бейкүнә ана алдындағы айыбымды қайтсем өтеймін? Не істеу керек? Ол кұтқарушы жігітті бауырына басып, еңкілдеп жылай берген. Бұл жер қозғалса да қозғалмайтын жігіт ағасының өзі-өз болғалы бірінші рет босауы еді.

 * * *

Нұрланды алып үйге келгеннен кейін Талғат бірден жолға жинала бастады. Әйеліне базарлықты молынан дайындатып, құдалыққа баратындай жиналды. Күйеуінің аяқ асты бұлайша өзгергеніне таң қалған ол Талғаттан бала кезінде болған оқиғаны бірінші рет естіген еді. Естіген де жарының өзі үшін құрбан болған жігіттің анасына бір рет те ат ізін салмағанына налыған. Дегенмен, ештен-кеш жақсы емес пе.
Ертеңіне жекеменшік көліктерінің қорабына бір қойды салып алған Талғат әйелі мен баласын отырғызып алып, өзі туып-өскен, балалық шағы өткен ауылға тартып кетті. Сол күні жігіт алғаш рет өзін таза әрі жеңіл сезінгендей еді. Ұзақ жылдардан бері еңсесін басып жүрген үлкен жүктен арылғандай, өмірлік бір парызынан құтылғандай күй кешіп, жол бойы көңілді отырды. Арасы ет пісірім ғана уақытты алатын жолда жары мен баласына әңгіме айтып, табанының ізі қалған жерлер туралы шабыттана әңгімелеп, бір жасап қалған-ды. Артқы орындыкта отырған екеуі отағасының бұл өзгеруіне танданада, таңырқай қарайтындай. Араға аз уақыт салып желдей жүйткіген «Жигули» Талғаттың балалық шағы қалған аядай ауылға асыға еніп бара жатты.
…Дәл осы уақытта ауылдың екінші жағынан бір қаралы керуен бүкіл аймақтың анасына айналған, бала біткеннің асыл әжесі болған Бәтимәні мәңгілік мекеніне, жары мен баласының жанына табыстау үшін өзі айтқан қабірстанға қарай баяу беттеп бара жатқан болатын.

Пікір қалдыру