ХАН КЕНЕНІҢ АРМАНЫ (Екі бөлімді драма)

Адамзат жаралғаннан бері әр халықтың жүріп өткен жолы – оның өмір тарихы; тауарихтың тегершігін айналдыратын қуат көзі қалың бұқара болғанымен, оларды бастайтын, алға жетелейтін қозғаушы күш – жеке тұлғалар, ел басшылары, халық қаһармандары. Қазақ халқының да өмір жолы әрдайым сайрап жатқан жоқ, бұралаң-бұлтарысқа толы: мерейіміз өсіп, шалқып-тасып, «мұртымыз көкке шаншылып», дос сүйініп – дұшпан күйінген, болып-толған дәурен де өтті басымыздан; өз қадірімізді өзіміз қашырып, азып-тозып, көрінгенге көзтүрткі болып, өз елімізде, өз жерімізде жүріп-ақ панасыздың күйін кешкен сұрқай заманды да көрдік. Басқыншының табанына тапталып, тасбет тағдырдан теперіш көріп, еңсеміз езілген кезде қорғап қалуға жарамағаны былай тұрсын, өз халқын қосыла талаған тасжүрек, тасбауыр басшылар да басқарды бізді; қарашаның қамы үшін басындағы бағынан, астындағы тағынан безіп, күші де, қуаты да, саны да, сапасы да басым дұшпанына тайсалмай қарсы шауып, ақырып теңдік сұраған арыстан жүрек тұлғалар да аз емес.
Солардың соңғыларының бірі һәм бірегейі – жарық дүниеге келгеніне биыл 220 жыл, халқының намысын жанып, абыройын асқақтатамын деп жүріп ат үстінде мерт болғанына 175 жыл толып отырған Кенесары Қасымұлы. Халқымыздың өзі сайлап қойған соңғы ханымыз! Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, егемендік алғанымызға отыз жылдан асты, сол асылымызды тиісінше ардақтай алдық па? Астана-Байтақта ескерткіш соқтық, көшеге атын бердік, бар құрметіміз сонымен тәмам. Ау, неге кино түсірмейміз, елімізде театрдан көп нәрсе жоқ, пьесалар неге қойылмайды, неге бүкіл еліміз дүрілдетіп атап өтпейді, неге басқа елдерге атын шығармаймыз? Халқының саны мен жерінің байлығы тұрғысынан аттың түгіндей қазақтың қасында ат төбеліндей ғана Қап тауының мұсылман халықтарын көтеріліске бастаған имам Шәмілді дүние жүзі біледі, Кенесарының ерлігі одан асып түспесе кем емес қой!
Осы олқылықтың орнын толтыра алмасақ та сәл-пәл үлес қосу ретінде жазушы Нұрлан Қамидың осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жазылған, көркемдігі мен көкейтестілігі әлемдік драматургияның озық үлгілерінен бір кем түспесе де осы уақытқа дейін бірде-бір режиссер, бірде-бір театр керек қылмай жүрген пьесасын жариялауға ұйғардық. Төрелігін беруді өзіңізге қалдырамыз, құрметті оқырман.

Редакция

Қатысушылар:

Кенесары – Қазақ халқының соңғы ханы, 40-45 жаста.
Наурызбай – Сұлтан, Кенесарының інісі, 20-25 жаста.
Құдайменді – Сұлтан, Абылай ханның ұрпағы.
Ержан – Сұлтан, Кененің Саржан деген ағасының баласы, 30-35 жаста.
Бопай – Кенесарының апасы, қолбасшы, 45-50 жаста.
Күнімжан – Кененің бәйбішесі, 30-35 жаста.
Жаған – Кененің тоқалы, 30-дарда.

Қоңырқұлжа – Төре. 50-лерде.
Ахмет – – – – – –
Рүстем – – – – – –
Иман – Батыр. 55-60 жаста.
Ағыбай – Кенесарының құрдасы.
Жекебатыр – Сәл кіші.
Сыпатай – 40 жаста.
Жоламан – 45-50 жаста.
Бұғыбай – 40-тарда.
Сұраншы – 18-де.

Нысанбай – ақын –25-терде.

Орман – Манап.
Қалығұл – – – – – –

Перовский – Орынбор генерал-губернаторы.
Долгов – Орыс елшісі.

Бірінші бөлім.

1-көрініс.

(Домбыра немесе қобыз аспабында қазақтың шерлі күйлерінің бірі ойналып, күңірене басталады да шымылдық ашылады. Кенесарының киіз үйінде өзі, Ержан, Наурызбай, Қоңырқұлжа, Ахмет, Рүстем сұлтандар отыр. Төрде – қонақтар).

Қоңырқұлжа: Марқұм әкең мен ағаларыңның аруағына бағыштап ас беріп отырсың, Алла тағала қабыл етсін, Кене сұлтан. Жандары жәннатта болсын.
Кенесары: Әмин.
Ахмет: Имандары салауат болсын.
Кенесары: Келген қадамдарыңды сауапқа жазсын. Бәрі де Алланың ісі ғой, қайтеміз енді, басқа салғасын көнеміз де. Бірақ, әкем мен ағаларым басқаның емес, өз діндесімнің қолынан қаза тапқанына қапалымын.
Ахмет: Бұл сарттардың қолында тәспиғы болғанымен, қойнында қанжары жүретіні белгілі емес пе, Кене сұлтан. Сен де қарап қалмапсың, әлде кегің тарқамады ма?
Рүстем: Иә, жүз жасауылын жер жастандырдың, бұл ісің Қоқан ханының шымбайына батқан шығар. Ал, егер әлі де шайқасам, Қоқанды шабам десең Дулаттың батырларын ертіп, қасыңнан табылуға дайынмын.
Кенесары: Қоқанның жасауылын қырғаным – кек қайтару емес, нақақтан төгілген қанның сұрауы барын ескерткенім, досқа да, дұшпанға да сабақ болсын дегенім. Марқұм әкем мен ағаларым халықтың көсемі, елге тұтқа болар айбынды ерлер еді. (зілденіп) Олардың өлімі сұраусыз қалса елдігімізге сын емес пе! Онда несіне сұлтан болып, бұқара халыққа егеміз деп талтаңдап жүрміз? Бүгін тек өздеріңді – сұлтандарды ғана шақырған себебім де осы, ақылдассақ деп едім. Өз алдымызға ел болып отырғанымыз рас болса, өзгелермен тереземіз тең болса, онда төремізді өлтірмек түгіл, төбетімізді тебуге де ешкімнің батылы жетіп, әддісі бармас еді. Қоқанның қоқаңы анау, орыстың ордаңдауы мынау – екі өкпеден қысып, тынысымызды тарылтып барады. Бір амал жасамасақ болмайтын сияқты. Не ойларың бар?
Қоңырқұлжа: Ау, Кене сұлтан, бұл сөзіңнің астарында зіл жатыр ғой. Қайда бұрып барасың өзің? Әлде шолақ найзамызды шошаңдатып атқа қонбақпыз ба? Қара жер хабар бермесін, әкең мен ағаларың 15 жыл бойы не өзіне, не өзгеге тыныштық бермей жортуылда жүргенде не тындырды? Елдің берекесін қашырып, не орысқа сыймай, не Қоқанға сыймай, ақыры итжемеде өлді. Сүйегінің қайда қалғанын білмейсің.
Наурызбай: Тарт тіліңді, Қоңырқұлжа!
Кенесары: Тыныш, Науан, сабыр!
Қоңырқұлжа: Аға тұрып іні сөйлегеннен без деуші еді, мынауың жағамнан алғалы тұр ғой!
Наурызбай: Жағаңнан емес, алқымыңнан алармын!
Кенесары: Қой, Науан, ашуыңды бас. Ал, сен, Қоңырқұлжа, мынаны айтшы. Абылай атамыз Ресейге өз еркімізбен қосыламыз деп қатын патшаға ант бергенде орыстар хандықты жойып, жерімізге бекініс саламыз, халқымызды ата қонысынан қуамыз деп пе еді? Әлде бізді басыбайлы құлы деп біле ме? Өз еркімізбен қосылдық, енді өз еркімізбен бөлінсек қайтеді?
Қоңырқұлжа: Абылай мен қатын патшаның арасындағы шарттың ұзын-ырғасын кім білген. Әйтеуір қосылдық екен, енді солардың заңына бағынасың, айтқанына көніп, айдауына жүресің. Басқа амалың жоқ. Ал, үй ішінен үй тігіп, бір патшалықтың ішінен екінші хандық құрамын дегеніңді ешкім құптамайды. Енді бөліне алмайсың.
Кенесары: Жаңа низам шыққанға дейін өз хандарымыз болды емес пе? Жәңгір әлі де Кіші орданың ханы.
Қоңырқұлжа: Біздің өз ханымыз болғаны патшаның қолайына жақса, сол күйі қалдырмас па еді. Ал, Жәңгірің хан емес, кеудесінде жаны бар қуыршақ қана. Бір рудың бұзықтарына шамасы жетпей жүрген бейшара хан болып кімді жарылқаушы еді!
Кенесары: Сен де солай ойлайсың ба, Ахмет сұлтан?
Ахмет: Сырымның бүлігінен кейін Кіші орданың қауқары кеткені рас. Ханның басын қара кескенін кім көрген! Содан бері бұл қазақ төрені сыйлаудан қалды. Исатай мен Махамбеттің басынып жүргені де содан.
Кенесары: Өз қадірін өзі білмесе төрең не, қараң не – кімге тұлға болғандай? Бұған не айтасың?
Ахмет: Сөз ауаныңды танып тұрмын, Кенесары. Әкең Қасым мен ағаң Саржанның туын түсіргің келмейді. Бірақ, ойлан. Ормандай орыспен жұлысамын деп бүгінгі күніңе зар болып қалма. Орыстың халқы көп, әскері мықты, дамыған, өнерлі ел. Қастасудың орнына достасып, солардың ілімін, білімін, өнерін үйренсек қайтеді? Бәлкім сонда ғана олармен бой салыстыратындай жағдайға жетіп, өзің айтқандай, тереземіз теңелер ме еді.
Кенесары: Оған дейін бәріміз шоқынды болып кетпейміз бе? Жә, орыстың тілін біл, өнерін үйрен, ғылымын меңгер дегеніңе мен де қосыламын. Бірақ, олар бізге өнер үйретпек түгіл көзімізді қалай құртудың амалын таппай жүрген сияқты.
Ахмет: Жоқ, олай деме. Біз қазір ақ патшаның құзырындағы елміз. Демек, олардың заңына бағынуымыз керек.
Кенесары: Заңның да заңы болады. Олар – отырықшы халық. Біз көшпелі елміз. Жаз – жайлауымыз, қыс – қыстауымыз, мал жаятын өрісіміз, суаратын өзеніміз бар. Ал, олар шұрайлы жерді түгел тартып алып, қазақты шөл далаға қуып тықпақ. Заңына бағынамыз, бірақ жерімізді қайтарып берсін. Бұл тек менің ғана емес, бүкіл халықтың талабы.
Қоңырқұлжа: Халық-халық дейсің, қара тобырда нең бар, ей? Халық деген – мал емес пе, қайда айдасаң сонда жайылады.
Кенесары: Пәлі, Қоңырқұлжа, осыншама тайыз ойлайтыныңды қалай білмегенмін. Халық болмаса кімді басқарып аға сұлтан болып жүрсің? Мал дейсің, малды баққан адам да оны шөптің шүйгініне жайып, судың тұнығынан суарады. Мына түріңмен бақташылыққа да жарамайды екенсің-ау. Баққан еліңді мал деп білсең, қасқырдан бұрын өзің таламақсың ғой оны!
Қоңырқұлжа: Жетер, Кенесары! Оңаша кеңеске кел дегенде өстіп намысыма тиіп, қорлау үшін шақырып па едің?!
Ахмет: Жә, қойыңдар, сұлтандар. Кеңесуге келіп, керілдесіп қайтқанымыз жөн болмас. Ойыңды ортаға салғаныңа разымыз, Кенесары. Бағытыңды таныдық. Бірақ, патшаға доқ көрсетемін дегеніңді мен де қолдамаймын. Өз басым Ресейге адал қызмет қылуға ант еткенмін, сол антымнан айнымаймын. Ал, саған айтарым — райыңнан қайт, ойлан әлі де. Халық туралы пікіріңде қапы жоқ, біз де сол халыққа қайтсе
к пайдамыз тиеді деп жүрген адамбыз. Бірақ, амал кәне? Күштінің таяғы бәрібір сорлыға тиеді, оған өз жоныңды тосқанда не ұтпақсың? Біздің қолымыздан келері – сол таяқтың соққысын бәсеңдету ғана.
Наурызбай: Па, шіркін! Жаны ашығышын-ай! Бәлкім өзің де қосыла таяқтарсың?
Ахмет: Не десең де өзің біл, Науан сұлтан. Бірақ, айға шауып мерт болған арыстаннан әр нәрсенің аңысын аңдыған түлкінің тірлігі пайдалырақ болатынын ұмытпа.
Наурызбай: Түлкіден садаға кет! Шиебөрінің сөзі ғой бұл!
Ахмет: Бәлкім, Ержан сұлтанның айтары бар шығар? Жас та болса біраз өткелектен өткен адам. Өзі орыстың тілін біледі екен.
Ержан: Мен әкем мен атамның жолынан айнымаймын. Тізгінімді де, тағдырымды да Кенесары көкеме бергенмін. Жүр десе жүрем, тұр десе тұрам, өл десе өлем. Ал, орыстың тілін елімнің әжетіне жарату үшін үйрендім. Кене-ағам өзінің емес, елдің қамын ойлайды.
Рүстем: Пай-пай, өңшең көкбөрілер-ай! Терісін тірідей іресе де қыңқ етпейтін көкжал екенсіңдер. Құдай алдарыңнан жарылқасын! Кене сұлтан, мен не айтайын, біздің дулатқа қазір орыс емес, Қоқанның тізесі батып тұр. Соларға айналып шыға алмай қалмасам, туыңның астынан табылармын. Орысқа да сес көрсетіп қою керек, әйтпесе басқа шығып бара жатыр.
Кенесары: Сендерді шақырған мақсатым да осы еді, кімнің қандай ойы бар, соны білгім келген. Ал, енді өз байламымды айтайын. Әкем Қасым да, ағаларым Саржан мен Есенгелді де еріккеннен атқа қонған жоқ. Олардың көксегені атақ-даңқ та, тәж бен тақ та емес. Орыстың басынуына төзе алмады. Өздерін емес – елін, халқын басынуға. Мал екеш малыңды да біреу өріске жолатпай қойса ашуың қозбай ма? Ал, бұлар тұтас халықты туып-өскен жерінен қуып, өктемдік жүргізіп отыр. Қолыңа қараған халқың зар еңіреп алдыңа келгенде айтарға сөз таппай қиналып, қорланғанша жерге кірсең болмас па! «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген».
Ақ патшаның өзіне де, осындағы ұлықтарына да бірнеше мәрте хат жаздым, жауап бермей қойды. Хат апарған елшілерімді қамауға алып, ұрып-соғып, Итжеккенге жер аударыпты. Қашанғы шыдаймыз?! Ерсіз ел болмайды, біз туғанда да анамыз қалжа жеген.
Наурызбай: Еркек тоқты – құрбандық.
Кенесары (салмақпен): Жоқ, Науан, біз құрбан болу үшін емес, халыққа қорған болу үшін шығамыз шайқасқа. Иесіз ел, киесіз жер болмайтынын дос та, дұшпан да біліп жүрсін. Орыс мықты емес, орыстың қолындағы қаруы мықты. Оларды соғысып жеңе алмауымыз мүмкін, бірақ не үшін шайқасып, неліктен басымызды бәйгеге тіккенімізді келер ұрпақ біліп жүретін болады. Сонда ол күштінің алдында құлдық ұрмай, өзі де сондай күшке ие болуға ұмтылады. Ал, теңдікке жетудің атасы – жігер, анасы – білім, серігі – қажыр-қайрат. Біз болмасақ кім үлгі береді оларға? Өзгелерден кем болмай, тереземіз тең болуы үшін жалынды жүрек, алғыр ақыл, темірдей төзім, өршіл арман керек! Тек арманы биік адам ғана алысты ойлайды, соны көздейді, соған жетуге ұмтылады. Бүгінгі байлығына мәз болған тоғышарлар емес, ертеңін ойлаған ел ғана мұратына жетпек… Осы менің арманым! (Музыка ойнайды).

2-көрініс.

(Көкшетаудың етегіндегі төбенің басы. Кенесары бір қойтастың үстінде отыр. Қасында Ержан інісі, Ағыбай, Иман батырлар. Бәрінің бес қаруы сай. Жарқылдай күліп Наурызбай кіреді. Артынан іле-шала қасына алты ұлын ерткен Бопай келеді. Ұлдары 12 мен 20 жастың аралығында).

Наурызбай: Ассалаумағалейкүм, Кене-аға, Бопай апам келді, жездемізді ауылдағы қатындарға бас-көз бол деп қалдырып кетіпті.
Кенесары: Е, апамыздың бір өзі ондай жезденің онына татиды. Қалдырып кеткені дұрыс болған. Ат-көлік аман жеттіңдер ме?
Бопай: Шүкір, жеттік қой, әйтеуір, Кенежан. Өздерің де аман-есенсіңдер ме. Ой, Иман батыр келген екен ғой. Саламатсыз ба, Айеке,
Иман: Аман ба, Бопай ханым.
Наурызбай: Ой, Айеке! Сіз де келіпсіз, жолымыз болатын-ақ шығар.
Ағыбай: Құдай қаласа де, Науанжан.
Наурызбай: Ағеке, өзің ақжолтайсың, енді Айекең келді. Бұл кісінің аруағынан мың кісі үркеді!
Ержан: Ассалаумағалейкүм, Науан.
Наурызбай: Ержеке, жолым үлкен болса да жасым кіші, саған мен сәлем беруім керек еді.
Ержан: Қой, ондайды айтпа, халқымыздың салты емес пе.
Наурызбай: Ал, мұсылмандыққа салсақ, жасы кіші адам алдымен амандасады.
Бопай: Ой, мына шіркіндерге не көрінген, соған да таласып тұрмысыңдар! Олай болса төрелігін мен айтайын. Біреуің екіншіңнің үстіне кірсең – соңғы кіргенің бірінші болып амандасасың.
Иман: Бопай ханым дұрыс айтады, әрі шаңыраққа да құрмет.
Наурызбай: Ал, далада кездессек ше?
Бопай: Жүріп келе жатқаның тұрғаныңа сәлем бересің.
Наурызбай: Екеуміз қарсы жолықсақ қайтеміз?
Бопай: Бірінші көргенің амандасасың.
Наурызбай: Екеуміз бірдей көрсек ше?
Бопай: Әй, Науан! Апаңды мазақ қылуға көштің бе енді? Қап, бәлем!

(Тұра қуады, Наурызбай адамдарды айналып қашып жүр, Кенесарының артына барып тығылады).

Кенесары: Қой енді, апеке, бір ашуыңды қи маған.
Бопай: Қап, сен болмағанда бұл сары тентекті сабап алатын едім.

(Төлебай кіреді).

Төлебай: Кене сұлтан, жасағымен бірге Құдайменді сұлтан келді.
Кенесары: Бәрекелді! Бір әкеден тараған інілерім мен Бопай апамнан басқа туыстарымның арасында да жүректілері бар екен ғой. Төлебай, Ержан екеуің алдынан шығып қарсы алыңдаршы.

(Төлебай мен Ержан тез-тез басып шығып кетеді. Сәлден соң Құдаймендімен бірге қайтадан кіреді).

Кенесары: Ассалаумағалейкүм, Құдайменді аға.
Басқалары: – Салаумалейкүм.
– Қош келіпсіз, аға.
– Ассалаумағалайкүм.
Құдайменді: Уағалейкүмсалам, Кене сұлтан. Аман-саусыңдар ма, жігіттер. Айеке, салаумалейкүм.
Иман: Әлейкімсалам.
Кенесары: Тұяқ дүбірін естіген тұлпардай тықыршып, аттанғанша асыққан шығарсың, Құдайменді аға.
Құдайменді: Абылайдың ақ туын көтеріп, атой салар бір ұлан қашан шығады деп күтуші едім, Кенежан. Қасым сұлтан мен екі ағаң бас көтергенде бір елеңдеп қалғанмын. Бірақ, олар қанат сермеп үлгермеді.
Кенесары: Иә, бұл да Алланың салғаны шығар. Абылайдың ақ туын өзің-ақ көтермедің бе, Құдайменді аға?
Құдайменді: Жоқ, Кенесары, өз сырым өзіме мәлім. Мен қол бастауым мүмкін, бірақ ел бастауға өрем жетпейтінін білемін. Бұл үшін тек қолбасы болу аздық етеді, әрі кемеңгер, әрі қара қылды қақ жарған әділ болуың керек. Өз ойымша, осы қасиеттің бәрі сенің ғана бойыңнан табылады. Сондықтан, қосылдым қолыңа, ердім соңыңа! Баста, Кене сұлтан!
Батырлар: – Дұрыс айтады!
– Міне, жөн сөз!
– Баста, Кенеке!
– Баста!
Кенесары: Ал, ел бастаған ерлерім, ақ білекті сыбанып, ақ найзаны қолға алып, жауға шабар күн туды. Мылтығы мен зеңбірегі болса да патша әскерінің қауқары қандай екенін көрдіңдер. Бізді жауламақ болған Ақтау бекінісінің бастығы бар әскерінен айырылып, қамалына өзі қашып тығылған жоқ па! Ендігі бағыт – сол Ақтаудың өзі! Тартыңдар, ерлерім!

(Бәрі қуана қозғалақтап, қолдарындағы қылыш-найзаларын білеп, дүр ете қалады).
– Баста, Кене сұлтан!
– Тарттық!
– Аруақ!
Кенесары: Ағыбай мен Наурызбай бастаған әскер оң қанаттан, Ержан мен Төлебай сол қолтықтан, мен қарсы алдынан шабамын. Қалған қолды Айекең мен Құдайменді аға басқарып, осында қалады. Дұшпанды бекіністен алдап шығара алсақ Айекең екеуіңіз бастаған қол Ақтаудың өзіне басып кіреді. Ал, атқа қоныңдар, ерлерім!
Батырлар: – Иә, Алла!
– Аруақ!
– Абылай!

(Бәрі ентелесіп шығып кетеді. Орданың қасында Құдайменді мен Иман ғана. Декорация өзгеріп, қамалды қоршаған әскердің суреті көрінеді. Қаланың ішінде әр жерден өрт шыққан. Сахнаның сыртынан қалың әскердің дүбірі, айғайласқан ұран, соғыс дыбыстары естіліп тұрады).

Құдайменді: Айеке, төбенің басына шығайық. Алла сәтін салғай!
Иман: Иә, Құдай жар болсын ерлерге.

(Екеуі аяңдап төбе басына шығады).

Құдайменді: Кене сұлтан көрінбейді ғой.
Иман: Анау Наурызбай ғой деймін.
Құдайменді: Апырмай, жазым болмаса нетсін, қамалдың дәл түбінде ойқастауын-ай! Гүрсілдеген мылтықтан да қорқар емес. Науанды жұрт оқ өтпейтін батыр деуші еді.
Иман:Оқ өтпейтін адам болушы ма еді, Құдайменді сұлтан, жүрегінің жалыны шыдатпай тұр емес пе. Көзсіз ер деп соны айтады.
Құдайменді: Апырмай, анау немене?
Иман:Нені айтасың?
Құдайменді: Біреулер қамалға қарай жаяу еңбектеп барады. Мұнысы несі екен? Әлде өрт қойғалы жүр ме?
Иман: Өрт әлдеқашан шыққан. Жебенің басына жермайға шыланған шүберек байлап атып жатқан жоқ па.
Құдайменді: Кененің өзі қайда жүр? Көрінер емес… Әне шықты! Солдат шықты іштен! Атты солдат!
Иман: Аз ғой. Басты күші сақтық жасап, әлі қамалдың ішінде тұр. Паһ! Паһ! Ерім-ай! Бұл кім болды екен? Жалғыз өзі екі-үш аттыны құлатты. Бір атқа өзі мініп алды. Апырмай, жалғыз өзі тура шапты! Әй, ерім-ай! Кене сұлтан емес пе?
Құдайменді: Жоқ, ол емес. Төлебай ғой. Әне, Кенесары! Ол да бір солдаттың атына мініп алыпты! Апырмай, жаяу соғысқанды қайдан шығарған бұлар? Арғы жақтан Науанның қолы лап қойды! Солдат қашып барады!
Иман: Кене сұлтанның айлакерін-ай! Әлгі жаяудың бәрі солдаттың атын мініп алды. Аттыны жаяудың қырғанын көргенім осы. Паһ! Паһ! Паһ!
Құдайменді: Қақпаға сыймай жанталасып жатыр. Науанның қолы үлгерсе жақсы болар еді! Кене сұлтан қақпаға жақындап қалды. Қап!.. Құлап түсті! Кенесары құлады! Кеттік!
Иман: Сабыр, Құдайменді, аптықпа. Ол жерде де талай батыр жүр. Қақпаны жауып үлгергенін қарашы! Кенесары аман болса игі еді. Ала шаңнан түк көрінбей кетті-ау өзі!
Құдайменді: Біреулер шауып шықты.
Иман: Ағыбай ғой. Кене-сұлтан қасында. Әйтеуір, аман екен!
Құдайменді: Мылтық даусы жиілеп барады.
Иман: Солдат та бұл қулықты түсінген болды. Енді қамалдан шықпайды олар. Жалмауызға да жан керек.
Құдайменді: Ержанның қолы да көрінді. Бәрі бір жерге жиналып жатыр.
Иман: Апырмай, қамалға тіке шауып жүрмесе жарар еді, онда әскерді қырып алуы кәдік.
Құдайменді: Кенесары ондайға бара қоймас. Аңысын аңдитын шығар. Бәсе, қайтып келе жатыр.
Иман: Е, осы дұрыс. Соғыста батырлығың мен айлакерлігің қатар жүрмесе болмайды. Жау да ақымақ емес, оңайлықпен алдыртпауға тырысады. Қайтқаны дұрыс болды.
Құдайменді: Келіп түсіп жатыр. Жүріңіз, алдынан шығайық.

(Екеуі сахнаның шетіне қарай аяңдайды. Кене мен батырлар кіреді).

Кенесары: Айеке, Құдайменді аға, ұзақ тостырдым-ау, солдатты қамалдан алдап шығарудың сәті түспей қойды.
Ержан: Шығып еді-ау, Кене-ағамның екпініне шыдамай қайтадан қашып кірді!
Кенесары: Менің емес, адуын ерлердің аруағынан қашты.
Төлебай: Әуелі мылтық атуға да үлгермеді-ау.
Иман: Біз де көріп тұрдық, апырмай, Кене-сұлтан, ақылыңа айлаң сай екен, жаяу соғысқанды қайдан үйрендің? Басында түк түсінбей, аңырып қалып едік. Кейін атты солдатты топырлатып жыға бастағандарыңда ғана санамызға жетті.
Кенесары: Айеке-ау, қамалдың қабырғасына жолай алмадық қой, солдаттар оқты қардай боратып көзімізді ашырмады. Сосын баялышты буып, белдігімізбен орадық та соны тасалап жақындадық.
Құдайменді: Япырай, мұны кім ойлаған!
Төлебай: Баялышты буғанда көп тығыздаудың қажеті жоқ, тасалауға жетсе болды. Ал, оған тиген оқ шырматылып қалады екен.
Иман: Адамдарың түгел ме, әйтеуір?
Ағыбай: Түгел, Айеке. Бірақ, талай солдатты жер жастандырдық. Біраз мылтық пен тапанша олжаладық.
Құдайменді: Солдат қайтадан қамалға қашып тығылған кезде опыр-топыр болып кетті, сенен де көз жазып қалдық. Бір қарасақ, Ағыбай екеуің шауып келеді екенсіңдер.
Кенесары: Е, бір солдатты жер құштырып, соның атына мініп алғам, неткен сезімтал жануар еді, иесін айналшықтап кетпей қойды. Тебінсем де, қамшыласам да аяғын баспайды. Шатқаяқтап аспанға шапши береді. Сөйтіп тұрғанда тура құлақ шекесінен оқ тиіп, омақаса құлады. Ағыбай алып шықты, әйтеуір.
Ағыбай: Мені қойшы, екі солдатты екі қолымен аттың үстінен жұлып алған Төлебайды айтсаңшы. Сенің мінгенің сол аттардың біреуі ғой.
Кенесары: Иә, бүгін Төлебайдан асқан ерлік көрсеткен ешкім болмады.
Иман: Біз де жалғыз өзі қойға тиген қасқырдай бөріктірген бұл кім деп таң қалып тұр едік.
Құдайменді: Науан ба деп едім, бірақ астындағы аты басқа.
Төлебай: Солдаттың аты ғой.
Ағыбай: Өзің бүгін неше солдаттың атын міндің, ей?
Төлебай: Е, соны кім санапты. Тақымым тиген ат оққа ұша берді, әйтеуір.
Ағыбай: Дегенмен, шамалап болса да айтып көрші?
Төлебай: Е, бір он шақты бар шығар.
Құдайменді: Ой, ерім-ай!
Наурызбай: Он шақты дейсің бе? Ал, мен бір солдатты да өлтіре алмадым. Біз жеткенше қайтадан ішке қашып кірді, ез немелер!
Иман: Пай, пай, Науан, қолың жеткенде онын емес, жиырмасын бір-ақ сұлатар едің, бұйырмаған болды-ау.
Кенесары: Төлебайдың қырған солдаты жиырмаға жетіп жығылады-ау осы. Жалғыз өзі бәрімізден асып түсті. Және бір өзі жеке шабады.
Иман: Жеке батыр деген осындай болады.
Кенесары: Тауып айттыңыз, Айеке. Олай болса бүгіннен бастап сенің атың Төлебай емес, Жекебатыр болсын.
Бәрі: – Ой, пәлі!
– Дұрыс!
– Шын аты енді табылды!
– Нағыз өзіне лайық есім!
– Жаса, Кене-сұлтан!
– Жаса, Жекебатыр!
Кенесары: Ал, енді жігіттер біраз демалып, аптығын бассын, ас-суын ішсін. Сұлтандар мен қолбасылар менің қасымда қалады. Жүріңдер, Күнімжанның қымызын ішіп, аз-кем әңгіме-дүкен құрайық.
Құдайменді: Иә, сөйтейік, жігіттер.

(Сахнаның бір шетіндегі шатырда Күнімжан қымыз сапырып отыр. Бәрі солай қарай беттеп, жас шамасына қарай жайғасып отыра бастайды. Күнімжан бәріне иіліп сәлем етеді).

Құдайменді: Бақытты бол, келінжан.
Иман: Күнімжан ханымның қымызы балдай, ішкен сайын сарайың ашыла түседі.
Науан: Күн-жеңешемнің қолының сиқыры бар, не берсе де қалай жұтып қойғаныңды білмей қаласың.
Күнімжан: Мәрт қайным-ау, қашан саған қымыз деп айран ішкізіп едім? Әзілің қалмайды, әйтеуір. Ағалардан ұят болады деп ойламайсың, ә!
Науан: Күн-жеңеше-ау, ағалар әзілді түсінбейді деп кім айтты?
Құдайменді: Келінжан, Науанның әзілі қашан да орынды, оған бола ұялмай-ақ қой. Бала-шаға аман ба?
Күнімжан: Аман, Тәңір аттас қайнаға, жаңа ғана осы маңда шиден садақ атып ойнап жүрген.
Ағыбай: Күнімжан ханымның бал қымызын сағынып қалыппын, тездетіп құйып жіберші.
Науан: Ағекең бүгін солдаттың қанын ұрттай алмап еді, шөлі қанбаған ғой, шамасы.
Ағыбай: Жоға, Науан, бір-екеуін түйреп үлгергенмін.
Науан: Апырмай, Ағеке, бойың мен қолыңның ұзындығын тағы да пайдаланып кеттің бе?
Жекебатыр: Ағыбайдың найзасының өзі біздікінен екі есе ұзын, бұл түйремегенде кім түйрейді!
Құдайменді: Ал, қымызыңа рахмет, келінжан, шынымен балдай екен. Кенеден рұқсат болса тұрайық, жасақты тексерейік, ертеңге қамданайық.
Кенесары: Иә. Сарбаздар сақадай сай тұрсын, соны қадағалаңдар.
Бәрі: – Иә, сөйтейік.
– Қымызыңа рахмет, жеңеше.
– Қозғалайық.

(Кенесары мен Күнімжан қалады, басқалары шығып кетеді).

Кенесары: Балалар қайда?
Күнімжан: Сайдың бойында ойнап жүрген, атайманы Тайшық пен Ахмет. Сыздық та борсаңдап сол екеуінің артынан қалмайды.
Кенесары: Жай тартамыз деп жүріп бірін-бірі жаралап алмасын.
Күнімжан: Жоқ, үлкендерінің есі кіріп қалды ғой, Сыздықжанға әзірше садақ ұстата қоймас.
Кенесары: Е, жарайды. Жаған ханымды шақыртшы.
Күнімжан: Әй, қайсың барсың?

(Қызметші қыздардың бірі кіріп, иіліп сәлем етеді).

Күнімжан: Кіші ханымды шақырып келші.

(Қызметші қыз басын изеп, шығып кетеді. Сәлден соң Жаған ханым кіреді, иіліп сәлем етіп, төменгі жаққа тізесін бүгіп отыра кетеді. Күнімжанға күндесі емес, жасы үлкен әпкесі деп қарайтыны білініп тұр).

Кенесары: Амансың ба, Жаған?
Жаған: Шүкіршілік, сұлтан.
Кенесары: Сені шақыртқан себебім мынау. Енді бізге тыныш өмір жоқ, патшаның әскері – біздің, біз – олардың соңына түсіп қалған өміріміз жортуылда өтетін шығар. Осыған екеуің де дайын болыңдар.
Күнімжан: Елінің ертеңін ойлап жарғақ құлағы жастыққа тимейтін сіздей адамға жар болғаннан кейін тыныш өмірді ұмытқанбыз, сұлтан.
Кенесары: Жоқ, бұл жолы жағдай мүлдем басқа. Жазы-қысы бірдей ат үстінен түспеуіміз мүмкін, сонымен қатар, ауылға да ие болу керек.
Күнімжан: Ұқтым, сұлтан. Біріміз үйде, біріміз түзде боламыз ғой. Жаған ханым жорыққа бір жігіттей шыдайтын болар.
Жаған: Шыдармын-ау, бірақ балалар жас, Сыздықтың тілі енді шықты.
Кенесары: Балалар ордада қалады. Күні ертең атқа қонасың демеймін, бірақ кез-келген сәтте дайын отыр. Балаларға Күнімжан ханымның тәрбиесінде болатынын ұғындыра бер.
Жаған: Әрине, сұлтан.
Кенесары: Екеуіңнің татулығыңа ризамын. Бүгінге дейін бет жыртысып көрген жоқсыңдар. Күнімжан, балаларды алаламай, тең ұста.
Күнімжан: Әрине, сұлтан. Еріміз етігімен су кешіп жүргенде мына жақта біз екеуміз қырқысып жатсақ ең алдымен сіздің көңіліңізге қаяу салмаймыз ба! Бізге алаңдамаңыз. Мен де, Жаған да үйде әйеліңіз, түзде сарбазыңыз болуға қашан да әзірміз.
Жаған: Үлкен ханым мен үшін енемдей қадірлі, құрбымдай жақын болып кеткен.

(Кенесары орнынан тұрып, Күнімжан мен Жағымды қолынан ұстап тұрғызады да екеуінің ортасында көрермендерге қарай жақындайды).

Кенесары: Ақылына – көркі, мінезіне – қылығы, әдебіне – білігі сай, жарының намысын, ұрпағының болашағын ойлап, барда – таспаған, жоқта – саспаған, елінің ұйтқысы, берекенің басы болған өздерің секілді аруларға сенгендіктен ғана халқыма теңдік әперсем деп күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, басымызды бәйгеге тіктік. Алып та анадан туады. Өзгенің озығына өзіміздің тозықты қимайтын, асылын ардақтап, жасығын жани білер сендер аман тұрғанда, сендердей асыл аналардың адал сүтін еміп, бал тілінен нәр алған ұрпағымыз ешқашан азып-тозбас, иншалла.

4-көрініс.

(Декорацияда Ақмола қамалын алу көрінісі. Дуалдан мылтық кезенген солдаттар, қабырғадан атын секіртіп ішке еніп жатқан сарбаздар, қамалдың ішінде әр жерде өрт шыққан. Айғайласқан, ыңырсыған, шулаған әскердің дауысы естіледі. Сахнада бір жанып, бір өшкен жарықтың аясында шайқас көріністері. Құрманғазының адуын күйлерінің бірі төгіліп тұр. Жарық сөніп барып қайта жанады да сахнаға Кенесары бастаған топ шығады. Арасында еркекше киінген Бопай мен Жаған ханымдар бар).

Кенесары: Жорығымыз сәтті аяқталды, батырлар. Гүрсілдеген зеңбірек те, тарсылдаған мылтық та сарбаздың қаһарынан мықты емес екен. Кеше патшаның әскерін қусақ, бүгін қамалын бұздық. Құдай қаласа, әлі талай қамалды қиратып, талай шерікті жер жастандырамыз, ерлерім!
Иман: Айтқаның келсін, Кене сұлтан.
Науан: Қоңырқұлжаның сытылып кеткеніне өкініп тұрмын. Көк найзаның ұшына іліп әкелейін деп едім, көзіме түспеді!
Жекебатыр: Тек оны ғана емес, Карбышевті де найзаға ілу керек еді!
Кенесары: Тек Басығараның қазасы жаныма батып тұр.
Иман: Соғыста өлген ер шәйіт. Жаны жәннатта болсын.
Бәрі: Әмин!
Кенесары: Сарбаздар қашқан жауды қуамыз деп, ауылдарын шауып жүрмесін. Күні ертең олардың да бізге қосылмасына кім кепіл?
Иман: Иә, батырлықтың бір міні – тасырлық деген. Қаймана халыққа қылыш көтермеу керек.
Құдайменді: Біраз мылтық пен екі зеңбірек олжаладық, жігіттерге мылтықты таратып беріп, мергендікке баулиық. Жаудың өз қаруын өзіне қолданайық.
Бопай: Әй, Кенесары! Бүгін мені шайқасқа маңайлатпай қойдың, әлде төмен етек деп менсінбедің бе? Қолбасы болсаң да інімсің, келесі жолы да өстетін болсаң, бұйрығыңа бағынбай қоямын.
Науан: Па, шіркін, осылай сөйлемесе Бопай апам бола ма!
Бопай: Тыныш тұр, Науан. Мені де ертіп кеткеніңде, бірер шеріктің басын қанжығама іліп қайтатын едім.
Кенесары: Әй, Бопай апам-ай, батырлықтың да жөні бар, мен саған басқа жұмыс тапсырайын дегем.
Бопай: Иә, ол қандай жұмыс?
Кенесары: Шыңғыс сұлтанның қашып кеткенін естідің, Қоңырқұлжа ашық жауласуға көшті. Ауылдарын әйелдеріне тастаған шығар, соларды шауып, малын айдап алу керек. Осы шаруаға өзіңнен қолайлы ешкім жоқ.
Бопай: Қатынның ауылын қатын шапсын дейсің ғой. Болсын. Онда тірі жанды менсінбей, аспанға түкірген Айғанымның ауылынан бастайын.
Кенесары: Айеке, сардарлар әскерді тас түйін ұстасын, бүгінгі жеңіске масайрап, арқасын кеңге салып жүрмесін.
Иман: Әрине, Кене сұлтан. Енді тізгінді босатуға болмайды.
Кенесары: Дұрыс айтасыз, Айеке. Халық тізгінін бір ұстадың ба, әуелі өз-өзіңе берік бол. Тізгіннің беріктігін сезген елдің етек-жеңі жинақы, отқа да, суға да тартынбастан қойып кетуге дайын тұрады. Басшысы мықты ел озар. Басшы босаңсыса, халқы ауа жайылып кетуі кәдік. Ал, қазақтай арда халықты тек берік тізгін, биік мақсат, асқақ арман арқылы ғана басқаруға болады. Сонда тұтас елің де, ел қорғаған ерің де жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, құдіретті күшке айналады.

5-көрініс.

(Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің кабинеті. Губернатор үстелдің басында шұқшиып қағаз қарап отыр. Қабырғаға Николай 1-ші ақ патшаның портреті ілінген. Даладан адъютанты кіреді).

Адъютант: Биік мәртебелім, қазақ сұлтандары Қоңырқұлжа Құдаймендин мен Ахмет Жантөрин келіп тұр.
Перовский: Кіргіз.
Адъютант: Құп болады, биік мәртебелім.

(Сәлден соң Қоңырқұлжа мен Ахметті ертіп қайта кіреді. Сұлтандар екі қолын көкірегіне қойып, басын иіп тәжім етеді).

– Амансыз ба, биік мәртебелі губернатор мырза.
– Саулық тілейміз, биік мәртебелі губернатор мырза.

(Перовский орнынан тұрып, амандасады. Олар қос қолдап амандасып, губернатордың қолын ұзағырақ ұстауға тырысып, сілкілеп жатыр).

Перовский: Қош келіпсіздер, мәртебелі сұлтандар. Бүлікші туыстарыңыздың уысына ілініп қалудан аулақсыздар ма, әйтеуір?
Ахмет: Ол бізге оңайлықпен қол жеткізе алмас, биік мәртебелі губернатор мырза.
Қоңырқұлжа: Ал, мен олай демес едім, биік мәртебелі губернатор мырза. Кенесары қазір аш қасқырша аласұрып жүр. Орта жүз түгел толқып тұр.
Перовский: Білемін, сұлтан, мен де әр жерден хабар алып отырамын. Бірақ, орта жүздің бәрі бірдей бүлікші сұлтанды қостамайтын шығар?
Қоңырқұлжа: Сұлтандар мен кейбір рубасылардың тәк-тәгімен отыр, әйтпесе көпшілігі соның жағына шыққысы келеді.
Перовский: Сіздің пікіріңіз де солай ма, полковник мырза?
Ахмет: Биік мәртебелім, сұлтан дұрыс айтып тұр, Кенесарының бүлігін басып тастау керек, әйтпесе бүкіл қазақ даласына жайылып кетеді.
Перовский: Бүйтіп күдіктенуіңізге не себеп? Таратып айтыңызшы?
Ахмет: Қара халықтың арасында Кенесарының беделі тым күшті.
Перовский: Неге? Ол да сіздердей сұлтан емес пе? Оның үстіне, сіздерге Ресей үкіметі жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Неге сіздерде бедел жоқ? Әлде бұқара халықты басқара алмай жүрсіздер ме?
Ахмет: Оны бірер сөзбен түсіндіру қиын, биік мәртебелім. Жалпы, қазақтың өзі асау, арда халық. Жылқы сияқты, жүгенге оңайлықпен көнбейді.
Перовский: Сол үшін де оларға өз билігімізді сырттан таңбай, сіздер арқылы басқарып отырмыз ғой.
Қоңырқұлжа: Біз тырысып-ақ жүрміз, бірақ Кенесары мен інілері елді бүлдіріп, бізге қараған адамдарды өз жағына шығарып әкетпек.
Перовский: Қазақ ордасының Ресейге өз еркімен қосылғанына жүз жылдан асты. Біз бұл елді жаулап алған жоқпыз, аталарыңыз өз еркімен қосылды. Заңдарымызды орындауға міндеттеме алды, патша өкіметіне адал қызмет етуге ант етті. Ал, енді солардың ұрпақтары антты бұзып, міндетін орындамай жүр. Бұл қалай?
Ахмет: Өз басым антымды бұзған емеспін, бұзбаймын да.
Перовский: Сіз не айтасыз, полковник?
Қоңырқұлжа: Меніңше, патша ағзамның үкіметі қолға алып отырған шаралардың бәрі дұрыс. Ал, Кенесары сияқты бүлікшілер заман ауанын түсінбей, керітартпалыққа салынып, елді аздырып жүр. Бұл жерде оны қатал жазаға тартқаннан басқа амал жоқ. Сонда ел де тынышталады, басқа бүлікшілерге де сабақ болады. Кенесары жеке хандық құруды көздеп жүр.
Перовский: Бұл сіздің күдігіңіз бе, әлде нақты дерегіңіз бар ма?
Қоңырқұлжа: Жансыздарымнан алған хабар бойынша, үш жүздің руларына астыртын сауын айтып, хан сайлауын өткізгелі жатқанға ұқсайды.
Перовский: Бұл жайында сіз не білесіз, полковник?
Ахмет: Анық естіген жоқпын, бірақ кіші жүздің бірқатар руларымен байланыс орнатуға тырысып, қайта-қайта шабармандарын жұмсап жүргенін білемін. Қазірдің өзінде табын руының билеушісі Жоламан батыр бастаған кіші жүздің біраз руының әскері қосылыпты.
Перовский: Солай деңіздер. Бұл туралы ойлану керек екен.

6-көрініс.

(Хан сайлауы. Халық лық толы. Сәнді киініп, иығына жасыл матадан белбеу асынған Кенесары шеткерірек, бір қойтастың үстінде отыр. Қасында Құдайменді, Ержан, Наурызбай, Ағыбай, Жекебатыр. Сәл кейінірек Бопай, Күнімжан мен Жаған. Ортада алтындалған тақ, үстінде хан тәжі, тақтың алдына ақ киіз төселген. Тақтың екі жағын ала үш жүздің бетке ұстарлары, батырлар, билер, рубасылары. Кенесарыдан басқалары түрегеліп тұр. Шалқыма күйлердің бірі орындалады. Халық абыр-сабыр. Иман батыр сәл алға шығып, оң қолын көтеріп, тынышталыңдар дегендей ишара жасайды. Күй бәсеңдеп, халық сап тыйылады).

Иман: Ал, халайық! Алты алаштың атқа мінген азаматтары! Үш жүздің игі жақсылары! Бүгін бәріміз бас қосып, ұлы жиын өткізіп отырмыз. Және мұны ақ патшаның рұқсатымен, ұлықтардың бұйрығымен емес, ата-баба дәстүрімен, қалың бұқараның тілегімен істедік. Кезінде Ресейге қосылған кезде тереземіз тең, еңсеміз биік, құшағымыз ашық, көңіліміз жоғары, ағалы-інілі бауырлардай тату едік. Бірақ, сол татулық – қатулыққа, теңдігіміз – кемдікке ұласып, күштінің әлсізге зорлық жасауы көбейді. Ақ патша бізді қарамағындағы ел деп емес, құлақкесті құл деп санайтын болды.
Халық: – Дұрыс айтасың!
– Дәл солай!
– Қашанғы шыдаймыз?!
Иман: Біресе Қоқан, біресе Бұқар, біресе Хиуа хандары мен әмірлері ойына келгенін істеп, ұлымызды құл, қызымызды күң етіп, масайрап жүр. Оларға қарсы шыққан түкті жүрек ерлерімізді қорғаудың орнына ақ патшаның өзі қылмыскер деп күйе жағып, қуғынға салады. Міне, табын руының басшысы Жоламан, әлімнің ардагері Жанғожа екі жақты тепкіге қалып, кімнен көмек сұрарын, кімге арыз айтарын білмей дал болып жүр.
Халық: – Рас айтады!
– Қыратын болды әбден!
Иман: Маңқиған Маңғыстауды жайлаған адайың анау, жан-жақтан түгел қаптаған жаудың арасында ұялас иттердің арасында қалған арлан бөрідей аласұрып жүр. Орта жүзді казак-орыс өкпеден қысып, сулы-нулы жерлердің бәрін бауырына басып жатыр. Ұлы жүзді Қоқан бектері сүліктей соруда.
Халық: – Әуелі соларды шабу керек!
– Қоқаның не, орысың не – екеуі бірдей!
Иман: Осындай алмағайып заманда қазаққа еге, халыққа қамқор, досқа тұлға, дұшпанға айбар, кейінгі ұрпаққа өнеге болар Елбасын – үш жүзге бірдей ортақ хан сайлап, есімізді жиып, етегімізді жаппасақ болар емес. Әйтпесе, басымыздан бұла дәурен бұл-бұл ұшып, ата-бабамыздың сан алуан самсаған жаудан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған қасиетті даламыз – қазақ ұлысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі кәдік. Елге еге керек, ағайын!
Халық: – Дұрыс!
– Хан керек!
– Хан сайлаймыз!
Иман: Арыстан туған Абылай ханның немересі, ат жалын тартып мінгелі елім деп еңіреумен келе жатқан, киіздей ұйысқан халықты төре-қара деп бөлмеген, азулымен алысқан, тырнақтымен жұлысқан Кенесары сұлтандай ұланың бар, ағайын! Үш жүздің игі жақсылары кеңесіп, бәріміз бір байламға келдік. Ханың осы, алты алаш!
Халық: – Жаса, хан Кене!
– Ханымыз – Кенесары!
– Ұзағынан сүйіндіргей!
Иман: Садағын сағымға ілдірген сайыпқыран Шыңғыс ханның ұрпағы, Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы – Кенесарыны хан сайлауға бейілсің бе, ағайын?
Халық: – Бейілміз!
– Сайлаймыз!
– Хан Кене!
– Аруақ!
– Алла!
– Ақсарбас!
Иман: Олай болса, үш жүздің игі жақсылары, ханымызды шақырыңдар ортаға. Хан шеруіне әр жүзден екі адам қатысады. Ұлы жүзден – Сыпатай батыр мен Бұғыбай батыр!
– Жаса, ханымыз!
– Тәңірі құт!
Иман: Орта жүзден – Жекебатыр мен Ағыбай батыр!
– Аруақ!
– Иә, Алла!
Иман: Кіші жүзден – Жоламан батыр мен Жанғожа батыр!
– Ақсарбас!
– Жаса, қазағым!
Иман: Төре тұқымы сұлтандар атынан – Рүстем төре!
– Арқар!
– Хан ием!
Иман: Пайғамбар әулеті қожалар атынан – Сайдақ қожа!
– О, Алла, ақ тілекті қабыл ет!
– Қожахмет, қолдай көр!
Иман: Ал, енді –хан көтеру! Бастаңдар, мырзалар!

(Салтанатты күй төгіледі. Хан шеруіндегі сегіз адам Кенесарының екі қолынан ұстап екі жағынан еріп келеді де ақ киізге жетпей тоқтайды).

Иман: Алдыңда жатқан ақ киіз – халқыңның аппақ көңілі. Кіршік жұқтырмаймын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Мына тұрған алтын тақ – халқыңның шығар биігі. Аласартып алмаймын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Мына жатқан алтын тәж — халқыңның асыл арманы. Адастырмаймын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Өзің болған жоқсың, халықтың қалауымен болдың. Осыны ұмытпаймын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Қасиетті де киелі тақ пен тәждің қадірін арттыра түсемін, еліме адал, халқыма әділ боламын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Халқыңның төресі мен қарасын, кәрісі мен жасын, ұлы мен қызын тең көремін, ешкімнің қорлығына, зорлығына бермеймін деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Халықтың қамы, елдің намысы, ұрпақтың келешегі үшін қасық қанымды аямауға, жанымды қиюға дайынмын деп ант ет!
Кенесары: Ант етемін!
Иман: Олай болса – көтеріңдер!
– Ақсарбас!
– Ханымыз – Кенесары!
– Тәңірі құт!
Иман: Жыршы қайда? Нысанбай!

(Сегізі Кенесарыны ақ киізге отырғызып көтеріп алады да сахнаны бір айналдырып, таққа әкеліп отырғызады. Иман алтын тәжді Кенесарының басына кигізеді. Малына киінген бәйбішелер шашу шашып, жұрт жапа-тармағай теріп жатыр. «Құтты болсын!», «Ұзағынан сүйіндірсін!», «Жаса, Хан Кене!» деген сияқты құттықтаулар айтылып жатыр. Сонымен бір мезгілде жыршы домбырасын қағып-қағып жіберіп, шырқап қоя береді).
Нысанбай: А-а-а-ау!..
Қалың елім, қазағым,
Артта қалсын азабың,
Ханыңды сайлап бұл күні,
Шырқасын енді озаның.

Алаштың алты баласы,
Серпіліп сезім-санасы,
Ханыңды сайлап бұл күні
Көкке бір жетті-ау жағасы.

Алтай мен Еділ арасы,
Сарыарқаның даласы,
Ханыңды бүгін сайладың,
Қуансын төре, қарашы.

Кенесары ханымыз,
Кәтепті қара нарымыз,
Ханыңды бүгін сайладың,
Жиылып жасы-кәріңіз.

Атасы Абылай арыстан,
Ит жоңғармен алысқан,
Ханыңды бүгін сайладың,
Арғы атасы таныстан.

Әкесі Қасым ер еді,
Екі ағасы бөрі еді,
Ханыңды сайлап бұл күні,
Терезең енді теңелді.

Қойдан айттым айқошқар,
Түйеден айттым бозша нар,
Жылқыдан айттым боз бие,
Сиырдан айттым көк бұқа.

Қыз-бозбала, қайдасың?
Әнші-күйші, қайдасың?
Ханыңды бүгін сайладың,
Тигізсін елге пайдасын.

Балуаның мен мергенің,
Жамбы, бәйге бергенің,
Ханыңды бүгін сайладың,
Қызық та болсын көргенің.

Ау, халайық, халайық,
Тойдың әнін салайық,
Ханыңды сайлап бұл күні,
Тәбәрігін алайық.

Хан-тәбәрік беріңдер,
Жиылған халық, келіңдер,
Ханыңды сайлап бұл күні,
Тамашаны көріңдер.

Тәбәрігін алайық,
Өңірге оны тағайық,
Ханыңды сайлап бұл күні,
Сайран-думан салайық.

Ау, халайық, халайық,
Хан-тәбәрік алайық,
Өңірге оны тағайық,
Ортаға таман барайық,
Кел, халайық, халайық,
Тәбәрігін алайық!..

Бәрі: – Тәбәрік! Хан-тәбәрік!
– Хан-тәбәрік беріңдер!
– Ақсарбас!

(Халық жапырласып, Кенесары әуелете лақтырып жіберген жасыл белбеуді дар-дар айырып тәбәрік жыртып алып жатыр. Көңілді әуен, ойын-күлкі).

Бірінші бөлімнің соңы.

Екінші бөлім.
1-көрініс.

(Өшіп-жанған жарықтың аясында соғыс қимылдары, атылған мылтық, гүрсілдеген зеңбірек дыбысы, адамдардың ақырған, шыңғырған дауыстары естіліп тұрады. Жарық толық жанған кезде – Хан ордасы. Төрде Кенесары, оң жағында Құдайменді, Наурызбай, сол жағында Иман, Жоламан, олардан төмен Ағыбай, Ержан. Сахнаға кіре берістің екеуінде екі сақшыдан тұр).

Иман: Алдияр, жандарал жіберген екі топ әскердің бірі Тобылға қарай құлапты. Ахмет сұлтанның жасағы да солай қарай бет алған дейді. Сол екеуінің қосылуына бөгет жасаудың амалын қарастыру керек.
Құдайменді: Жекебатырдың мыңдығын сол үшін жіберген жоқпыз ба?
Иман: Жекебатырдың жасағы Лебедевтің солдаттарымен қаша соғысып, алыстап кетті. Бұл – басқа әскер. Бастығының аты кім, Ержан сұлтан?
Ержан:Полковник Дуниковский. Бірнеше зеңбірегі бар, сайланып шыққан солдат.
Жоламан: Бұрын естімеген адамым. Бізге әлгі Лебедевтен де осы сияқты даланың жағдайын білмейтін әскербасылармен соғысқан қолайлы.
Ағыбай: Бірақ, Ахмет сұлтан ізімізге адастырмай салып қояды.
Наурызбай: Жеткізбей желкесін үзу керек! Хан аға, рұқсат етші, жүз адамды бастап барып, Ахметтің әскерін жолдан тосайын.
Кенесары: Сабыр, Науан, асықпа. Әуелі ақылдасып алайық.
Ағыбай: Жүздік аздық етеді, Науан. Олар да әр қадамын санап басып келе жатқан шығар.
Науан: Біздің бір сарбаз ол шіркіннің он адамына татиды.
Жоламан: Оған сөз бар ма, дегенмен, соғыстың серті — аз шығынмен жеңіске жету. Хан Кене, рұқсат етсең осы жорыққа өзім аттанар едім. Құдай қаласа Ахметін де, Дуниковскийін де жамсатып қайтайын.
Кенесары: Бас қолбасшы Айекем не айтады?
Иман: Жоламан батырдың сөзінің жаны бар. Патшаның әскерімен алысып үйренген әккі көкжал өз шамасын біліп тұр. Бірақ, Ахмет сұлтанның жасағында төрелер көп дегенді естідім.
Науан: Иә! Ханның басын хан алмаушы ма еді!
Кенесары: Пәлі, Науан, сені жібермей ұстап қалатындай-ақ жұлқынасың. Әрине, барасың. Ержан да барады. Бірақ, әскерді сендер емес, Жоламан батыр басқарады. Сұлтанмын деп сіреспей, соған бағынасыңдар.
Науан: Әміріңе құлдық, хан аға.
Кенесары: Енді Айекеңді тыңдаңдар. Естеріңде болсын, артық тәуекелдің керегі жоқ, солдатқа шабатын болсаңдар қапысын тауып қимылдаңдар.
Иман: Жоламан батыр, олар Өлкеаяқтың Тобылға құятын жоғарғы сағасында қосылуға тиіс. Сол жерден тосып алғаның жөн. Бірақ, екінші әскер көмекке келіп үлгермейтін болсын.
Жоламан: Түсіндім, Айеке. Қалғанын сол жерде көре жатармыз.
Кенесары: Ал, онда жолға қамданыңдар. Айеке, батаңды бер.

(Иман қолын жайып бата береді, бәрі екі қолын жаяды).

Иман: Әуелі Құдай қолдасын,
Ерлердің жолын оңдасын.
Алла мен аруақ жар болып
Еш жамандық болмасын.
Жортқанда жолдарың болсын,
Жолдастарың Қыдыр болсын.
Әмин!

Бәрі: – Әмин! ( Беттерін сипайды)
Жоламан: Рұқсат болса жүрейік, Кене хан.
Кенесары: Жолдарың болсын.
Жоламан: Әмин.
Науан: А, Құдай, жолымызды оңғара көр!

(Үшеуі орындарынан тұрып шығып кетеді. Ағыбай да бірге көтеріліп, сахнаның шет жағында Жоламанды тоқтатып алады).

Ағыбай: Ахметке аяушылық жоқ, бірақ солдатты қырмай-ақ, қорқытып қана қойғаның дұрыс, Жол-аға. Өшіктіріп алмайық.
Жоламан: Өшікпек түгіл соғысып жүрген жоқпыз ба? Құдай сәтін салса екі қолды да қырып салуға бекініп тұрмын.
Ағыбай: Ал, сонда Күнімжан ханым мен балаларды ойламадың ба?
Жоламан: Әәә!.. Қап, солар бар екен ғой.
Ағыбай: Ханымыз сыр бермес-ау, бірақ бүкіл бала-шағасынан айырылу оңай тимейтінін ұмытпа. Науанға сақ бол, оған салсаң, патшаның өзіне қарсы шабудан тайынбайды. Тізгінді беріп қойма.
Жоламан: Ол жағынан саспа.
Ағыбай: Ал, жолдарың болсын.
Жоламан: Аман-есен қауышайық.

(Жоламан шығып кетеді, Ағыбай қайтып келіп орнына отырады. Жасауыл кіреді. Оң қолын төсіне қойып, басын иіп сәлем береді).

Жасауыл: Алдияр! Екі нөкерімен бірге Әбділда сұлтан қолға түсті.
Кенесары: Солай де. Нөкерлерін бөлек қамаңдар, өзін кіргізіңдер.

(Шығып кетеді де Әбділда сұлтанды ертіп кіреді).

Кенесары: Иә, Әбділда сұлтан, менің алдыма келемін деп ойламаған шығарсың?
Әбділда: Дәуренің жүріп тұр ғой, Кенесары. Әйтпесе, алдыңа келетіндей кім едің сен? Атамнан атаң артық па еді, анамнан анаң артық па еді? Әлде сенің ерлігіңнен менің ерлігім кем бе? Өз-өзіңді хан сайлап алып, енді ақ патшамен тартысамын дейсің, таңың айрылып жүрмесін, кесір төре. Байқа, Кенесары, отпен ойнап жүрсің.
Құдайменді: Тарт тіліңді, ез неме! Кенесарыны үш жүздің игі жақсылары жиналып хан сайлаған!
Әбділда: Сол игі жақсыларыңның ішінде қанша сұлтан болды? Әлде өздеріңнен басқа төре тұқымын қатардан шығарып тастап па едіңдер? Егер дұрыс хан болсаң, бәрімізге сауын айтып, сайлауға шақырар едің!
Құдайменді: Шақылдама, Әбділда, қарыстыр жағыңды! Бөріні көріп, иесінің артына тығылған дүрегейдей ұлықтың қорғанына кіріп алып, шықпай қойған өздерің емессіңдер ме! Төре-қара демей үш жүзге түгел сауын айтылды.
Кенесары: Бұл төрелер өздерінің төбеде емес, төменде жүргенін әлі ұқпаған сияқты. Патшаның ұлықтарына қаншама жағынбақ болсаңдар да қарамағыңда халқың болмаса кімге төрелік етпексің, кімге керексің, осыны ойладыңдар ма? Менен іргелеріңді ажыратқалы ел де, жұрт та сендерді сыйлаудан қалды, соны да түсінбедіңдер ме?
Әбділда: Ал, сені кім сыйлап жүр? Қасыңдағы қарашыларың мен елден безген ұры-қары, өңшең бұзықты жинап алып, ханмын деп талтаясың. Қайдағы хандық сенікі?! Хан болсаң ақ патшаның ұлықтары бізді емес, сені қолдар еді, бізге емес, саған жақтасып, қасыңа әскерін қосар еді.
Иман: Алдияр, араласты деп айып етпе. Мына сөзі жаныма батып кетті. Әбділда сұлтан, ұры-қары, бұзық деп кімді айтып тұрсың? Шикілігіңді көрсеттің, хан ордасын сыйламай бейбастық жасадың. Кене хан дұрыс айтады, сендей төрелерді қалай құрметтерсің! Не ханның, не халықтың, не өзінің қадірін білмеген төренің төбет иттен несі артық?!
Әбділда: Арпылдатпа мынауыңды, Кенесары! Басынбасын бүйтіп! Төре тұрып, қара сөйлеген қайдан шыққан өнеге?!
Құдайменді: Ал, сен хан ордасын басынба! Кіргелі аузыңнан «Хан» деген бір сөз шыққан жоқ. Көре алмай жүрсің ғой?
Кенесары: Елге еге болғыларың келеді, сөйте тұра ел бастаған ардақты азаматтарға тіліңді безейсің.
Құдайменді: Ондай тілді кесіп алып, итке тастаса болмас па!
Әбділда: Кес тілімді! Басымды да кес! Қанға әбден шөлдеген екенсің, Кенесары, қандыр шөліңді!
Кенесары: Жоқ, Әбділда, қанға емес, ханым деп қастерлеген халқыма қамқор болар намысты ерлерге шөлдеп жүрмін. Басыңды кеспеймін. Қан майданда қарсы кездессең әңгіме басқа, қолға түскен тұтқыннан кек алу әдетімде жоқ. Әкетіңдер! Бірер күн қонақ қылып, нөкерлерімен бірге босатып қоя беріңдер. Барыңдар.

(Жасауыл келіп бір қолынан ұстап шығар есікке қарай алып кетеді. Әбділда аңтарылып қалған, екі көзі бақырайып, аузы аңқиып, Кенесарыға қараған күйі шегіншектеп шығып кетеді).

Құдайменді: Алдияр, иттің ішіне сары май жақпайды деуші еді, бұл жақсылығыңды түсіне ме ол?
Кенесары: Бұл оған жақсылық жасағаным емес, Құдайменді аға. Кең болсаң, кем болмайсың. Оны өлтіргеннен не пайда, тұтқын қылып қолда ұстағаннан не пайда? Ал, оны босатып қоя берсек, жүрген жерінде Кенесарының мақсаты дұшпанын қыру емес, жауынан дос жасау, құшағын ашып келген адамның қылмысын кешіруге дайын екен демей ме. Тарыдай шашыраған халқымыз бар, оның әр түйірін індетіп қуалар болсақ қайтіп бірігеміз, қалай біртұтас ел боламыз? Ондайды үгіт-насихатпен немесе қорқытып-үркітіп істей алмайсың. Тек өнегелі ісіміз, қара қылды қақ жарған әділдік, кешегі дұшпаныңды да кешіре білетін кеңпейілдік қана елді тұтастыққа бастайды. Дұшпаныңның қаскөйлігін адасуға баласаң, бұған оның өзі де сенетін болады. Адасқанның қайтадан жол тапқаны жақсылық емей немене? Хан болып ел басқарған екенсің, алпыс амал, қырық қулық ойлап тауып, әуелі елді біріктіруің керек. Бірлік барда тірлік бар. Алға қойған арман-мақсатымызға сол бірліктің арқасында ғана жете аламыз. Әйтпесе, бәрі бекер, бәрі бос әуре. Мен халқымның кеңдігіне, ерлігіне, ұлт болып ұйысар бірлігіне сенемін. Тек сол бірлікке қол жеткізе алсақ қой, шіркін!..

2-көрініс.

(Хан сарайы. Кенесары, Құдайменді, Наурызбай, Ержан, Иман, Ағыбай, Жоламан. Есіктің екі жағында екі сақшы).

Кенесары: Ерлеген екенсіңдер, батырлар. Хабарларыңды алып, қуанып жатырмыз.
Жоламан: Ахмет сұлтанның жасағын түгел талқандадық, Хан ием. Тек өзі ғана бірер нөкерімен бірге құтылып кетті.
Науан: Жасағын қырғанымыз өз алдына, 44 сатқын сұлтанның көзін жойдық, Хан аға. Талайын өз қолыммен лақша бауыздадым.
Ержан: Дуниковскийдің әскері ат шаптырым жерде жатқан, Хан аға. Көмекке келуге батылы бармай, айдалаға лағып мылтық атып, дүрлігіскеннен басқа түк бітірген жоқ.
Құдайменді: Оларды да шаппадыңдар ма?
Науан: Шабайық деп қанша сұрандым, Жол-ағаң жібермей қойды.
Ағыбай: Паһ, сабазым-ай! Құмарың қанбаған екен-ау!
Науан: Темірді қызған кезде соққанға не жетсін.
Жоламан: Өзіміз түнімен шайқасып, сілікпеміз шыққан, сайланып отырған жауға шапсақ сарбаздарды қырып алармын деп сақтанып едім.
Иман: Дұрыс істегенсің, Жоламан батыр. Ақкөздік әрдайым жеңіске жеткізе бермейді.
Ағыбай: Иә, алдымызда әлі талай шайқас бар, сарбаздарды аман сақтауды ойлау керек.
Науан: Ахметті жекпе-жекке шақырып, әскерін оңды-солды бірнеше рет кесіп өттім, жер жұтқандай жоғалып кетті, ез неме.
Ержан: Шайқас басталған сәтте-ақ тайып тұрған шығар. Әлде Дуниковскийдің әскеріне қашып тығылды ма екен.
Кенесары: Не болса да бұл шайқас талайға сабақ болады, батырлар. Қан майданда қарсы келген дұшпанға аяушылық жоқ екенін төре де, қара да ұққан шығар. Бәрінен бұрын, жау жағадан алғанда бөрі боп етектен тартқан өзіміздің сатқындар ойлануға тиіс. Әліптің артын бағып отырған біраз ел тағы бар, дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей ерлік жасадыңдар бұл жолы.
Жоламан: Дуниковский ашық шайқасқа шығудан қаймығып, ертесіне кері бұрылды. Аман-сауында қамалға барып тығылмақ қой.
Иман: Көк темір құрсанып, жасанып келген жаудың кері қайтқаны сағының сынғанын білдіреді. Қазір шілде, бір әскері Жекебатырды қуалаймыз деп азып-тозып бітті, екіншісі шайқасқа түспей жатып кері қашса, енді патшаның ұлықтары да ойланатын шығар.
Кенесары: Патша әскер шығармады деп жайбарақаттыққа салынуға болмайды, салған бекіністерін қиратып, шашау шыққан әскерін қырып, тыным бермеу керек. Айеке, сарбаздарды шағын топтарға бөліп, жан-жаққа аттандырыңыз, жау қашты деп арқаны кеңге салмайық. Дұшпанға тыным таптырмай, қамалдарын талқандап, өртеп жіберуді тапсырыңыз.
Иман: Ләпбай, Хан ием. Бұл жұмысты сардарлар алқасында талқылармыз.
Кенесары: Олай болса, жорықтан қайтқан сарбаздар демалсын. Мен де ішкі шаруалармен айналысайын, біраз дау-шарымызды шешіп бер деп өтініп жүргендер бар, соларға билік айтайын. Демалыңдар, батырлар.

3-көрініс.

(Хан ордасы. Кенесары тақта отыр, қасында Құдайменді, Наурызбай, Ержан сұлтандар, Иман, Жоламан, Жекебатыр, Ағыбай батырлар. Иығына алтындатқан оқа таққан екі елші ортаға таман жақындап, жан-жағына қарап сәл сипалақтайды да оюлы текеметтің үстіне төселген көрпеге құйрық басып отыра кетеді).

Кенесары: Қош келіпсіңдер, құрметті елшілер. Жолдан шаршағандарың басылған шығар, біраз тынықтыңдар. Күнімжан ханым мен балаларымды босатып, ертіп әкелгендеріңе ризамын. Ал, сөйлеңдер.
Долгов: Кенесары сұлтан!
Науан: Хан деп сөйле!
Кенесары: Тыныш, Науан. Әуелі тыңдап алайық.
Долгов: Ордаңызға Ұлы мәртебелі патша ағзамның қазақ даласындағы өкілі, Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал Ладыженскийдің арнайы жіберген елшісі ретінде келіп тұрмыз. Сый-құрметіңізге рахмет, ізгі ниетпен қарсы алып, лайықты күтіп жатқаныңызға ризашылық білдіреміз. Елшіліктің басшысы мен – Шекара қазақтарының ресми қамқоршысы Долговпын, мына кісі – менің көмекшім, Шекара әскерлері Бас штабының поручигі Герн. (Герн басын иіп ізет көрсетеді).
Наурызбай сұлтанның ескертпесіне жауабым – біз патша ағзамның ресми елшілігінің өкіліміз, ал, Кенесары сұлтанға Ресей үкіметінің тарапынан хандық дәреже берілген емес. Мұндай лауазымды патша ағзамның өзі ғана бере алады. Ал, Ұлы мәртебелі 1-ші Николай патша ондай жарлық шығарған жоқ. Сондықтан, Кенесары сұлтанды хан деп атауға хақымыз жоқ.
Құдайменді: Ханды сырттан тағайындамайды, халық сайлайды.
Долгов: Бірақ, атаңыз Абылайды да, одан бергі Уәли хан мен кешегі Ғұбайдолланы да Орта жүзге хан етіп патша ағзам тағайындады.
Науан: Оларды да халық сайлады, патша сол шешімді бекітіп берді.
Долгов: Олай десеңіз, патша ағзам Кенесары сұлтанға қатысты ондай шешімді бекіткен емес.
Кенесары: Жарайды, елші мырза, түсіндік. Саған сондай бұйрық берілген, сен соны орындаушысың. Ал, жандаралың қандай сәлем айтты?
Долгов: Биік мәртебелі генерал Ладыженскийдің сізге айтқан сәлемі мына хатта жазылған, Кенесары сұлтан. Рұқсат етсеңіз, өз қолыңызға тапсырайын.
Кенесары: Ержан сұлтанға бер.

(Долгов қалтасынан хат алып, Ержанға ұстатады. Ержан хаттың сыртқы қаптамасын жыртып, оқи бастайды).

Кенесары: Иә, Ержан, жандарал не жазыпты?
Ержан: Мұнда бірнеше тармаққа бөлінген талап қойылған, Алдияр.
Кенесары: Шетінен оқи бер.
Ержан: 1-ші тармақ. «Орынбор мекемесіне қарасты қазақ даласы Ресей империясының ажырамас бөлігі, оны мекендеген барлық қазақтар жыл сайын әр шаңырақтан күміс ақшамен 1 сом 50 тиын салық төлеуге тиіс».
Науан: Паһ, шіркін! Ақ патшаң қазақты қалтасынан күміс теңге үзілмейтін саудагер деп біледі екен ғой!
Жекебатыр: Әр шаңырақтан! Ал, оған шамасы жетпейтін жалшы-малшы, кедей-кепшік не істемек? Өмірінде қолына соқыр тиын ұстап көрмеген адамдар ше?
Долгов: Олар салықтың құнын малмен немесе басқа мүлікпен өтейді.
Ағыбай: Тышқақ лағы жоқ тақыр кедейлер қайтеді?
Кенесары: Тыныш, батырлар. Ержан, әрі қарай оқы.
Ержан: 2-ші тармақ. «Сізге Орынбор қазақтарынан зекет жинауға тыйым салынады. Себебі, олар қазынаға шаңырақ салығын төлейді».
Науан: Ханға тыйым салатындай жандарал кім еді?! Басынуын қарашы!
Құдайменді: Иә, ақ патша айтса бір сәрі.
Кенесары: Оқи бер.
Ержан: 3-ші тармақ. «Ұрлық және басқа да ауыр қылмыстық істер Ресей империясының заңдарымен сотталады. Сонымен қатар, жалпы құны 50 сомнан асатын істер Шекара комиссиясында талқылануға тиіс».
Кенесары: Әрі қарай.
Ержан: 4-ші тармақ. «Қашқын орыстарды, татар, башқұрттарды жасыруға рұқсат етілмейді. Қазір қарамағыңызда жүрген ондай адамдар тезірек Ресейге қайтарылуға тиіс».
Жекебатыр: Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалушы еді. Басына сауға сұраған мүсәпірге көмектеспе дегені қай сасқаны!
Иман: Әр елдің заңы басқа деген, бірақ біздің өз заңымыз бар.
Кенесары: Оқи бер.
Ержан: 5-ші тармақ. «Орыс патшасының бағынышты адамы ретінде Кенесары сұлтанның «Ресейдің дұшпаны» саналатын елдермен және адамдармен қарым-қатынас жасауға хақысы жоқ.
Құдайменді: Жоқ, мынауы артық. Бағынышты болу – басыбайлы болу емес!
Науан: Шіркін-ай, ә! Қазақ даласын үлкен түрмеге айналдырмақ!
Кенесары: Әрі қарай.
Ержан: 6-шы тармақ. «Сұлтан мырза, сізге, сіздің туысқандарыңызға, серіктеріңізге, ордалықтардың ешқайсысына да үкімет берген атақтан басқа ешқандай атақты, дәрежені өз беттеріңізбен иемденуге рұқсат етілмейді».
Кенесары: Болды ма?
Ержан: Болды, Хан аға.
Кенесары: Ал, не айтасыңдар, батырлар?
Құдайменді: Ақ патшаның өзі емес, берідегі ұлығы мынадай талап қойса, бізді ел деп, халық деп елей қоятын сыңайы жоқ екен.
Науан: Олар бізді елемесе, біз неге оларды елеуіміз керек?! Мына хаттың парша-паршасын шығарып, елшілерін қуып жіберейік!
Иман: Ұлықтың бұл хаты — шынымен басыну. Бір талабын да қабылдауға болмайды.
Ағыбай: Мен де солай ойлаймын.
Жоламан: Алдияр, елшілердің көзінше ағымыздан жарылып отырмыз. Мүмкін оңаша ақылдасып, ойласып, жауабын кейінірек берерміз?
Кенесары: Басқаларың не айтасыңдар? Ержан?
Ержан: Мен үшін сіздің айтқаныңыз заң, Хан аға.
Жекебатыр: Меніңше, әкелген хатына оң жауап алмайтынын елшілер де түсінген шығар. Жауабын қазір-ақ беруге болады деп ойлаймын.
Кенесары: Ел басқарған адам әр сөзін ойланып сөйлесе керек, елші мырза.
Долгов: Әлбетте, сұлтан мырза.
Кенесары: Олай болса, жандарал осы хатты жазған кезде біздің намысымызға тиеді-ау, қарамағындағы халықтың басшыларын өкпелетіп аламын-ау деп неге ойламаған?
Долгов: Сұлтан, бұл жерде мен өзімнің жеке пікірімді, ойларымды айта алмаймын, маған үкіметтің ресми бағдарын басшылыққа ала отырып сөйлеуге ғана рұқсат етілген.
Кенесары: Жарайды, айта бер.
Долгов: Биік мәртебелі генерал Ладыженский – Ресей үкіметінің ресми өкілі, оның хатын үкіметтің атынан жолданған деп қабыл алыңыз. Ал, қандай үкімет болса да өз саясатын біреулердің көңіліне қарап жүргізбейді.
Жекебатыр: Неткен дөкір үкімет еді!
Долгов: Кешіріңіз, Ресей үкіметіне тіл тигізбеуді өтінемін.
Науан: Ол да бізді басынбасын! Әлде сенің үкіметің әулие ме еді?!
Кенесары: Сабыр, батырлар, сабыр. Елші мырза, жандаралдың хатына қарасақ, ол мені де, бүкіл халықты да тыпыр еткізбей уысында ұстағысы келеді екен. Біз сахарада желдей жүйткіп еркін өскен халықпыз, жайлауымыз да, қыстауымызда өзгере береді. Даладағы желді қалай ұстап отырмақ?
Долгов: Мен сізбен айтысуға келген жоқпын, сұлтан. Ал, жайлауыңыз бен қыстауыңызды генерал Ладыженский белгілеп береді, бұл үшін сізге арнайы жер бөлуге дайын.
Кенесары: Өз жерімізді өзімізге сыйламақ па? Бұл жер бізге онсыз да тиесілі емес пе?
Долгов: Сіздер бұрын бей-берекет көшіп-қона бергенсіздер, Ұлы мәртебелі патша ағзамның үкіметі енді соны бір жүйеге түсіруді көздеп отыр.
Науан: Шіркін-ай, ә! Көгендеп ұстағысы келеді екен ғой!
Кенесары: Жарайды, бәрі түсінікті болды, елші мырза. Ал, көмекшіңе қандай міндет жүктелген?
Долгов: Ешқандай ерекше міндеті жоқ, тек көмекші ғана.
Кенесары: Түсінікті.
Науан: Біздің жағдайымызды білуге келген жансыз болар.
Кенесары: Жарайды, елші мырза, барып демала беріңдер. Жекебатыр, елшілерді ордадан шығарып сал.
Жекебатыр: Жүріңдер.

(Елшілер басын иіп, қоштасқан ишарат білдіріп, шығып кетеді).

Кенесары: Бұлар бізді мүлдем мойындағысы келмейді.
Иман: Алдияр, осының бәрі елдің тұтас бірікпеуінен болып отыр.
Құдайменді: Иә, сұлтандардың бәрі қарсы, әрқайсысы өз билігі жүретін ауыл-аймақты бауырына басып, қызғыштай қориды.
Науан: Сол сұлтандарды шетінен қырып салар ма еді!
Ержан: Сатқындардың 44-інің басын шапқанымыз сабақ болмағаны-ау!
Жоламан: Тек сұлтандар ғана емес, рубасы би-батырлар да неше түрлі сылтау тауып, сырғақсып жүр.
Ағыбай: Не дегенмен, орта жүз бен кіші жүздің біраз халқы бізге қарады, басқалары да іш тартады.
Науан: Ал, ұлы жүз неғып қосылмайды? Хан сайлауында олар да болды, бәріміз ортақ бәтуаға келген жоқ па едік?
Иман: Жердің шалғайлығы қолбайлау болып тұрған шығар.
Жоламан: Жерімізді қанжығаға байлап жүрген ешқайсымыз жоқ, ашық қарсы келмегенімен, біразы «ортақ өгізден оңаша бұзауды» қолай көреді.
Иман: Мүмкін ұлы жүзге кісі салармыз, Алдияр?
Кенесары: Өзім де соны ойлап отырмын. Қарамағындағы халқының хал-жағдайын білу үшін әлі күнге бір рет ат ізін салмаған ханымыз қайда жүр деп олар да өкпелі шығар. Сондықтан, ұлы жүзге Наурызбай сұлтан мен Ағыбай батыр барады. Ешкімді алаламай, үш жүзді тең ұстауды мұрат тұтқанымызды олар да білсін. Қамдансын, әскерін сайласын, бізге қоныс дайындасын. Құдай қаласа, келесі жазда ордамызды Алатаудың бөктеріне тігеміз. Жүз жігіт ертесіңдер, сапарларыңның бағытын тірі тышқан білмесін. Жортқанда жолдарың болсын, ерлерім!
Бәрі: Әмин!

4-көрініс.

(Ұлы жүздегі хан ордасы. Төрде Кенесары, қасында Құдайменді, Наурызбай, Рүстем төрелер, Иман, Жоламан, Сыпатай, Бұғыбай, Ағыбай, Жекебатыр, Сұраншы батырлар. Есіктің екі жағында екі сақшы. Үйдің ішін ауыр үнсіздік басқан).

Сұраншы: Хан! Алатауға келдің деп алдыңнан шығып қарсы алдық. Сен өкпелейтіндей әнтек қылық жасаған жоқпыз. Біз жиналғалы сүт пісірім уақыт болды, басыңды тұқыртып, төмен қарап отыра бересің. Біз мұнда ұялшақ қатынды көруге келген жоқпыз, ондай қатын өз ауылымызда да жетеді. Біз ел бастаған ерді, жау жасқаған батырды көргелі келдік!
Наурызбай: Тәйт, көргенсіз!

(Орнынан атып тұрып, қылышына шап береді).

Кенесары: Сабыр, Науан, отыр орныңа… Ал, сен нағыз ер екенсің. Бері кел, қасыма отыр. Шапыраштының жас батыры Сұраншы боларсың?
Сұраншы: Болсақ болармыз, Алдияр. Артық кетсем айып етпе. Хан – халық егесі, ханымыз алмастай жарқылдап тұрса, біз де шар болаттай ширыға түсеміз, ал, ханымыз жауар бұлттай түнере берсе, біздің де көңіліміз жабырқайды.
Кенесары: Ой, ерім-ай! Жөн айттың, бір серпілтіп тастадың, батырым.
Иман: «Ақыл – жастан» дейді халқымыз.
Кенесары: Ақыл да, ел қамын ойлап жанын шүберекке түйген батыр да осы жастардан шығады. Бізге осындай ержүрек те алғыр ойлы жас ұрпақ керек. Сонда ғана шыға аламыз ұшпаққа. Еркіндіктің қадірі осы жастардың өрлігі мен батылдығынан-ақ білініп тұр! Ал, патшаның ұлықтары бізді қой сияқты өргізіп-жусатпақ. Оған қалай көнерсің!
Сұраншы: Қасқыр текті халықты қойға айналдыру қолымыздан келмейді деп ойламай ма сонда!
Бұғыбай: Иә. Біздің Сүйінбай ақынның айтатыны бар еді.
«Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсем
Қозып та кетер қайдағым!» – деп. Мұндай сөз тегін айтылмаса керек.
Кенесары: Жарайды. Қырғыз елшісін кіргізіңдер, не арызы бар екен, тыңдайық.
Бұғыбай: Бізде «Қырғыздың тілі тәтті, діні қатты» деген сөз бар. Іші-бауырыңа кіріп отырып-ақ жаулық ойлауын қоймайды.
Сыпатай: «Қырғыз-қазақтың төскейде малы, төсекте басы қосылған» деген сөз де бар, Бұғыбай батыр.
Кенесары: Тәжікелеспеңдер, батырлар. Қазақ пен қырғыздың ағайын екеніне ешкімнің дауы жоқ, тек өзара тіл табыса білейік.

(Басына айыр қалпақ киген қырғыз елшісі кіреді. Басын иіп сәлем беріп, ортаға қарай өтеді).

Кенесары: Қош келіпсің, Қалығұл манап. Жоғары шық, отыр.
Қалығұл: Хан Кене, ағайындығымызда қапы жоқ, егіз қозыдай тату ел едік, бірақ соның қадірін білмейтін телі-тентегіңді тыйсаң болмас па, елімізді шулатып, тыныштықтан айырып бітті.
Кенесары: Еліңді шулатқан менің тентегім бе, әлде Қоқан мен ақ патшаның аш бөрілері ме? Соны неге ойламайсың? Мен саған туысқан деп келдім, төріңе шығарғаның кәне? Есігіңнен сығалатпай өңменімнен тепкен өзің емессің бе?
Қалығұл: Ауылымды шауып, батырымды өлтіріп, қатынымды олжаласаң теппегенде қайтемін? Өзіміз түгіл өрістегі малымыз бен тау-тастағы аңымызға дейін қайда жүріп, қайда тұратынын бес саусағындай білетін шапырашты Бұғыбайды қолбасы қылыпсың, қашатын да жеріміз қалмады. Бір тентектің көзі түскен сырты – түк, іші – боқ жануар үшін Наурызбай інің қанша ауылды қан-жоса етті!
Науан: Басқа атымды алса қылшығым да қисаймас еді, Ақауызды неге ұрлайсың?! «Ер қанаты – ат». Қанатымды қырқайын дегенің ғой!
Қалығұл: Жақсы ат қазақ үшін қандай қадірлі болса қырғыз үшін де сондай қадірлі. Сені мұқату үшін емес, қызыққасын алған.
Бұғыбай: Ал, Саурық батырдың жылқысын неге айдатып алдың? Ежелден бері бірге көшіп, бірге қонып жүрген көршім емес пе едің? Соңынан қуып барған батырымның өзін өлтіріпсің, құнын неге төлемейсің?!
Қалығұл: Саурық батырды Кенесары ханға бүкіл мал-мүлкімен келіп қосылады деп кім ойлаған. Ауылымызды талаған Наурызбайдың жылқысы екен деп айдап әкетіпті. Ал, құн төлейтін жөнім жоқ, өйткені ол шайқас үстінде өлді. Әлде сол үшін де құн сұрайтын болғансың ба?
Кенесары: Төбеңе шығып, қоқаңдап отырған Қоқанға қарсы соғысайық, орыстың тепкісіне қарсы бірлесе күресейік деп Орман манапқа хат жібердім. Жауап жоқ. Оның орнына кезең-кезеңнің бәріне қарауыл қойып, басқан ізімді аңдисың, шетке шыққан жасағымды жамсатып кетесің. Қанша адамымды тұтқындап отырсың? Ержан інімді неге босатпайсың?!
Қалығұл: Хан Кене, біздің қолымыздағы тұтқын сенің сарбаздарың байлап әкеткен, айдап әкеткен қырғыздардан көп емес. Орман манап мені жаушылыққа емес, елшілікке жіберді. Ел болғың келсе, тұтқындарды босат, Наурызбайдың қолынан өлген Жаманқараның құнын төле, Тастанбектің алмас қылышын қайтар. Сонда ғана бітісеміз, қолға түскен сарбаздарың мен Ержан сұлтанды босатамыз. Әлгі хатыңда айтқан талаптарыңды содан кейін талқылаймыз.
Кенесары: Солай де. Арадағы кикілжіңді ұмытайық, айыбымызды өтейік, мәмілеге келейік деп мен де айтып жүрмін. Егер Орман манабың сөзінде тұрып, тұтқындарды босатамын десе, біз дайын. Қолымыздағы адамдарыңды да, олжалап алған мал-мүліктеріңді де күні ертең қолыңа тигіземін. Ал, сенен мал-мүлікті қайтар деп сұрамаймын, адамдарымды қайтарсаң жетеді. Көкейіңе қона ма бұл?
Қалығұл: Қонады, Хан Кене.
Кенесары: Олай болса, сөзімізді осымен түйіндейік. Бүгінше қонақ бол, жігіттер малың мен жаныңды даяр қылсын. Әмин!
Бәрі: Әмин!

(Кенесарыдан басқалары қозғалақтап орындарынан тұрып жатыр. Сыпатай қырғыз елшісіне жақындап, Қалығұлды қолынан ұстап тоқтатады).

Сыпатай: Алдияр, Қалығұл манаппен бұрыннан көршіміз, жекжаттығымыз да бар, рұқсат етсең елшіні мен қонақ қылайын.
Кенесары: Рұқсат, Сыпатай батыр.
Сыпатай: Рахмет, Алдияр.

(Бәрі шығып кетеді. Кенесары тағында ойланып отырып қалады).

5-көрініс.

(Сыпатайдың киіз үйі. Қалығұл манап пен Рүстем төре дастарханның басында қымыз ішіп отыр. Қымызды Сыпатайдың өзі құйып береді).

Сыпатай: Рүстем төре. Қалығұл манап екеуміз бұрыннан доспыз. Ал, өзіңе бірге бол деп қолқа салуымның себебі басқа. Маңызды себеп.
Рүстем: Е, бәйбішеңді жұмсап жібергенің сондықтан екен ғой.
Сыпатай: Бұл әңгіме ешкімнің құлағына шалынбауға тиіс, Рүстем төре. Әйелдің аузы жеңіл, оңаша болғанымыз дұрыс деп ойлағанмын.
Қалығұл: «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» — дейтін қазағым-ай!
Сыпатай: Қалығұл манап кеше бір сенімді адам арқылы оңаша сөйлесу керегін жеткізген. Не жайында екенін де айтты. Ондай шаруаға өзіңсіз шамам келмейді, сондықтан шақырдым сені.
Рүстем: Әңгімеңнің ауанын байқап тұрмын, айта бер, Сыпатай батыр.
Сыпатай: Айтсам, былай. Кенесарыны хан сайлауға сен де бардың, мен де бардым. Жабылып жүріп сайлаған ханымыз сол сенімді ақтады ма?
Рүстем: Қайдам, қазіргі алмағайып заманда ел басқару да оңай емес.
Сыпатай: Әрине, оңай емес. Басында неге ойламаған? Егер ол шынымен хан болса, осы уақытқа дейін қасында жүрген орта жүз бен кіші жүздің руларын неге түгел қаратып алмады? Ол бізге елім деп, халқым деп келген жоқ, орта жүз бен кіші жүзге сыймаған соң келіп отыр. Бас сардар етіп Бұғыбайды қойды, ал, оның сен екеумізден несі артық? Әлде бізді шетке қаққаны ма?
Рүстем: Не дегенмен, бас сардар біреу-ақ болатыны белгілі ғой. Өз басым соған бола өкпелемес едім.
Сыпатай: Мен де өкпелеп тұрған жоқпын, бірақ біздің жасымыз да, жолымыз да үлкен, соны ескермеді. Мұнысы –- қиянат. Келмей жатып бәрін бір өзі билеп-төстемек, біз болмасақ елді қалай басқармақ? Әуелі біздің тілімізді табуы керек еді, ондайды ойлайтын емес. Енді қырғызды жауламақ. Маған салса, бүгін бар, ертең жоқ Кенесарыдан жаз – жайлауым, қыс – қыстауым ортақ қырғызым артық. Бұған не дейсің?
Рүстем: Қырғызбен жауласқанымыз маған да ұнап жүрген жоқ. Ал, сонда не істемекпіз? Әлде қарсы шабамыз ба?
Сыпатай: Шаппаймыз. Өзімізге қараған халықты алып, бөлек кетеміз. Қалығұл арқылы қалың қырғыз бізге осындай өтініш жолдапты.
Рүстем: Апырмай, қапелімде не айтарымды білмей қалдым ғой. Мәселені бүйтіп төтесінен қояр деп ойламап едім.
Қалығұл: Сыпатай батырдың айтып отырғаны бер жағы ғана, Рүстем төре. Енді басқасын тыңдаңдар. Мен бері қарай шығарда жандарал Вишневскийден хат алдық. Мұздай қаруланған жасағы бар Нохалов деген жасауыл әкеліп тапсырды. Ақ патша Кенесарыға қарсы көп әскер шығарыпты, биылдан қалдырмай көзін жоюды тапсырған. Бекер арандап қалмаңдар, естерің барда елдеріңді табыңдар дейді. Ал, егер Кенесарыны не өлідей, не тірідей ұстап берсек сый-құрмет көрсетеді екен. Шамаларың келмесе, ірге ажыратыңдар, сөздерің өтетін қазақтың батыр-билеріне де осыны жеткізіңдер депті. Айтқанды тыңдамай, қарсылық көрсеткендеріңе аяушылық жоқ, біріңді қалдырмай қырып саламыз дейді.
Сыпатай: Арыстан айға шауып мерт болыпты деген, өз жөнімізді табайық, Рүстем төре. Қазіргі сәт – соңыңа ерген халқыңды құтқарып қалатын уақыт. Кенесары кеткен соң да ел керек, елді басқаратын адам керек.
Рүстем: Ойланатын ештеңе жоқ, Сыпатай батыр. Сен екеуміздің қашан да жолымыз бір, бағытымыз біреу. Мәңгі солай қалатын да шығар.
Сыпатай: Бәрекелді, Рүстем төре. Кенеге еріп, босқа арандағанша амандығымызды ойлайық. Бүгін біріміз қалмай қырылсақ, ертең елің мен жеріңе кім ие болады? Ел аман болса әлі талай заман туар, кімнің ақ, кімнің қара екенін келер ұрпақ өздері таразылап алар. Бекіндім осыған!
Рүстем: Мен де бекіндім.
Қалығұл: Онда осы уәде – уәде ғой. Солай ма?
Сыпатай: Солай.
Рүстем: Уәде. Тек осыны ертең жандаралдың алдында айтуды ұмытпа, Қалығұл манап.
Қалығұл: Ұмытпаймын. Мен де уәдемде тұратын адаммын. Онда былай болсын. Кенесары мені қайтарған күні түн ауған соң тастап шығыңдар оны. Кешігіп қалып жүрмеңдер.

6-көрініс.

(Сахнада өшіп-жанған жарықтың арасынан кескілескен шайқастың көріністері байқалады. Ақырған, ыңыранған, шыңғырған дауыстар. Сарт-сұрт дыбыс, ат тұяғының дүбірі. Жарық жанғанда хан ордасында Кенесары асығыс-үсігіс үстіне сауытын киіп жатыр. Жекебатыр жүгіріп кіреді. Даладан әлі де соғыс үні естіліп тұр).

Жекебатыр: Хан ием! Қоршауда қалдық, жан-жағымыздан қырғыздар қоршап алды. Иман, Бұғыбай, Жоламан – бәрі мерт болды.
Кенесары: Бұл қалай? Наурызбай қайда? Басқалары ше?
Жекебатыр: Наурызбай кешегі шайқастан қайтқан жоқ. Естуімше, жиырма шақты жігітпен жауды қуып кетіпті. Ал, Сыпатай мен Рүстем түнде бар әскерін алып, қашып кеткен. Мыналармен келісіп алғанға ұқсайды.

(Екі жақтан қырғыз әскері сау етіп кіреді. Кенесары мен Жекебатыр шайқаса кетеді. Екі-үшеуін шауып өлтірген Жекебатыр құлайды. Кенесары әлі шайқасып жүр, бірнешеуін өлтірген соң біреуі қолындағы қылышын қағып түсіреді. Опыр-топыр жабыла кетіп, екі қолын артына қайырып ұстай алады. Орман мен Қалығұл манаптар кіреді).

Орман: Иә, Кенесары хан, жай жатқан қырғызды шабамын деп өзің қолға түстің. Әскерің қайда? Інілерің қайда? Ханның қасында қарашылары болмаушы ма еді. Қайда бәрі?
Кенесары: Табалап тұрсың ғой, Орман манап. Табалап қал, күнің туды.
Орман: Нең бар еді бізде? Атаң Абылай бір шапты, өзің келіп екі шаптың. Түк болмағандай «Қырғыз-қазақ бір туған» деп хат жазасың. Бір туғаның осы ма?
Кенесары: Қоқан мен орысқа қарсы бірлесіп аттанайық дегеннен басқа не қылдым саған! Орысқа ұстап бермексің бе мені?
Орман: Жоқ, Кенесары. Ұстап бермеймін. Әуелі өз қолыммен өлтіріп кегімді аламын, орысқа бас сүйегіңді сыйға тартсам да жетеді. Ал, арызың болса айтып қал. Тартынба.
Кенесары: Саған арыз айтатындай кім едің сонша! Арызым емес, арманым бар, сол кетіп барады ішімде! Саған емес, өз халқыма, қазағыма айтар арманым!
Орман: Айта бер, Кенесары, өсиетіңді жеткізерміз қазаққа. Егер ақ патша түгел қырып тастамай аман қалдырса, әрине.
Кенесары: Қазақты қырып тауысуға патшаның да шамасы жетпес, Орман манап. Ондайды ұмыт. Ал, арманым мынау…

(Жарық біртіндеп өше береді де Кенесарының өзі қалады. Шерлі әуен баяу ғана естіліп тұр. Хан Кене күңірене толғанып, халқымен қоштасады).

Кенесары: Киелі даламыздың бір тұтамын дұшпанға бермеймін деп осыншама жерді қорғап қалған қайран бабаларымыз оны өзімен бірге көріне ала кету үшін емес, ұрпағына аманат етіп қалдыру үшін қаны мен терін төгіп еді. Заманның ағымынан қорқып Ақ патшаға қараған кезде де кейін оның қасиетті халқымызды қор тұтып, табанына салып таптарын білмеді ғой. Әйтпесе, «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін бұл қазақ қорлыққа көнетін халық па?
Енді міне, ата-бабаңнан мұра боп қалған құтты қонысыңнан айырылып, алдыңдағы малыңа, кеудеңдегі жаныңа ие болудан қалғалы тұрсың. Өрісің тарылып, асқарың шөгіп барады, ендігі күнің не болар? Өзге түгіл өзің жапыруға қимайтын шалғыныңды бөтеннің малы таптап, тұнығыңды лайлайды-ау деп ойласам жүрегім қарс айрылады. Дәуренің өтіп, күнің өшкені ме шынымен, халқым-ау?!
Шыбын жанымды шүберекке түйіп, теңдік әперемін деп алысып едім, амал не, арманыма жете алмадым. Бір сенің азаттығың үшін атқа қонып, сүйіп алған жарыма да, бауырымнан өрген балама да қайырылмай, жоғыңды тауып, өшкен отыңды жағамын ба деп ұмтылдым, қайтейін, қолым жетпеді. Бастан ұшқан бағымыз енді қайтып оралар ма? Не күтіп тұр алдыңнан? Қайтадан атқа қона аласың ба? Әлде біржола азып-тозып, әркімнің жемтігі боп, не өзіңе, не сөзіңе ие бола алмай, алтын басың боқтышақта қала ма?
Қайран қазағым-ай! Түгін тартса майы шыққан жерің бар, сылдыраған өзенің, мөлдіреген көлің бар, жайқалған орманың, асқақтаған тауың бар, ұлан-ғайыр далаңның қойны толған қазына, соның қызығын кім көрер? Келер ұрпағың кім болады? Атадан ұл боп туып, атаның жолын қуа ма – әлде қағынан жеріген құландай, жеңілген халқынан безініп, жеңген дұшпанның сойылын соғып, солармен бірге өз елін қосыла талай ма? Алдың – мұнар, артың – тұман, адасатын болдың-ау!
Өз еліңде өзіңе еркіндік тимеген соң қайда барып күн көрерсің, кімді паналап, кімге арқа сүйерсің? Шілдің боғындай пышырап барасың, қайтадан басың қосыла ма енді? Елдің бағы бірлікте екенін ұға алар ма екенсің? Ел қылып, еңсеңді тіктеймін бе деп едім, қолымнан келмеді. Қош бол, халқым, бақұл бол! Өзің қалап сайлаған ең соңғы ханың едім, арманым орындалмай, бақи дүниеге өзегімді өрт шалған күйімде кетіп барамын, кеше көр… Қолымнан келгені осы болды… Бірлік!.. Теңдік!.. Елдік!.. Осы еді арманым – жете алмадым. Қош бол, халқым, қош!..

(Кенесарының қоштасуы аяқталар сәтте біртіндеп жарық өше береді де зарлы әуен күшейе түсіп, кенет сап тыйылады, сахнаның екі жағынан жарқ еткен екі бейне көрінеді. Қазіргіше киінген жас жігіттер жігерлі дауыспен саңқ етіп, залды жаңғырықтыра күркірей жөнеледі).

1-жігіт: Оян, бабам! Орындалды арманың!
Жүрегіңді жарып шыққан мұң-зарың –
Халқым теңдік алса деген тілеуің
Шалыныпты құлағына Алланың.

2-жігіт: Қуан, бабам! Ғасыр жарым өткенде,
Арманыңа кейінгі ұрпақ жеткенде,
Желбірейді аспанында еліңнің
Аспан түстес жалауымыз көкпеңбек.

(Сахнаның төрінде жарық жанып, Қазақстан жалауы көтеріледі).

Екеуі: (байыппен): Ойлан, қазақ! Теңдік тегін келмеген,
Ерлеріміз қолдан намыс бермеген.
Тәуелсіздік жолындағы сапарда
Қалып па еді қияметің көрмеген?

Адал болғын Хан Кененің антына,
Терең үңіл тәуелсіздік парқына.
Тәуелсіздік – есіл ерлер еңбегі
Шыбын жанын аямаған халқынан!

Қайта оралып аруақты ері, ардағы,
Бүтінделіп қазағымның жан-жағы.
Асқақтайды ән-ұраны елімнің
Орындалды Хан Кененің арманы!

(Сахнада жарық толық жанып, шымылдық ашылады да актерлердің бәрі қосылып Қазақстан Республикасының ән-ұранын орындайды).

ӘНҰРАН:

Алтын күн аспаны, алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны – еліме қарашы!
Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген қазағым мықты ғой!

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты мәңгілік досыңдай.
Біздің ел бақытты, біздің ел осындай!

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

2008 ж.

Нұрлан Қами

Пікір қалдыру