ЖАҒЫРАПИЯ
Бес саусақтың бірдей еместігі секілді, сыныптағы әр баланың әр пәнді қабылдау өрісі де сан қилы. Әшірдің қалауына салса – жағырапия, тарих, әдебиет сынды пәндерді мектеп бағдарламасынан шығарып тастар еді. Бұл пәндер алынбас қамалдай еді Әшірге. Әсіресе жағырапия, жер шарындағы мемлекеттердің есебі, олардағы ұлттардың саны, түрі-түсі, тілі, айналысатын кәсіптері, астанасы – қанша жаттайын деп тырысса да, миына кірмей-ақ қойды.
Ал есептің берілісін жаза алмайтын Жарас, жер шарын жаяу аралап келгендей, жағырапия сабағында алдына жан салмайды. Американы Христофор Колумбпен бірге ашып, ата-бабасы жүз жыл сол құрлықтан өріп жүргендей, сол жақтың топырағының құрамына дейін айтқанда Әшірге Жарас бір керемет адамдай көрінеді.
Есеп сабағында Әшірдің жұлдызы биік. Сан, формулаларды топырлатып орнына қойып, есептің апшысын қуырып, жауабын тарс еткізгенде Әшірдің жүзі бал-бұл жанып, жаны шексіз рахатқа бататын. Сондықтан Әшір мен Жарастың арасында, көзге көрінбейтін не бақталастық, не қызғаныш екені белгісіз, әйтеуір, бір шатақ бар-ды. Соның әсері болар, жағырапия сабағында Жарас Әшірді, ал математика сабағында керісінше дегендей, бірін-бірі аяқтан шалып, сүріндіріп отырғаны.
Бірде жағырапия сабағында Жаңыл апай Әшірден дүниежүзінде қанша мұхит бар, екенін сұрады. Ол жанындағы «көрші көлемнің» көмегімен әзер дегенде төртеуін түгендеп, «Солтүстік мұзды мұхитпен» тоқтаған. Сол сәтте арт жақтан Жарастың: «Оңтүстік», – деп сыбыр ете қалғаны. «Е, тағы біреуі бар екен ғой!» – деп ойлаған Әшірдің: «Оңтүстік мұзды мұхит!» демесі бар ма!.. Жайшылықтың өзінде сол нәрсені күлкі етуге әзір отыратындарға таптырмас себеп болды бұл. Басқаларға қосылып, Жаңыл апайдың өзі де біраз күліп алған да, Әшірге «тегін үштің» бірін қоя салған.
Тоқсанның басында алған сол байғұс «үштікпен» Әшір біраз жан созып еді. Міне, тоқсан болса, аяқталып барады. Жарастан қарымта қайтарар мұршасы сірә жоқ. Қайткен күнде де, қандай жолмен болсын, тағы бір «үштік» алса бұл тоқсанның бетін қайтарар еді. Міне, тағы да жағырапия сабағы. Жаңыл апай Америка құрлығынан бір аралды іздеп, картамен әлек болып жатқанда бұл сынып журналындағы тізімнің өз тұсына бір үштікті жалма-жан қонжита салғаны. Жүрегі тарсылдай соғып, аузынан шығып бара жатқандай. Жаңыл апай журналға қарап, жалғыз бағамен тұрғандарға тоқсанның бітуге айналғанын ескерткен. Кенет, журналға шұқшия түсті де, басын көтеріп, Әшірге қарады. Сосын: «Өзіне-өзің баға қояр болсаң журналды өзіңе бұрып алмадың ба, аты-жөніңнің тұсына «Е» деген әріпті салып қойғаның не?» – дегені.
Әшір қып-қызыл болып, төмен қарады. «Бұл жағырапия мені өлтірер!» – деді ішінен.
«МЫЛЖЫҢ»
«Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген, мұрты тебіндеп, бойы серейіп, өткен жылғы сатып алған шалбары тобығынан келіп, есейгенмен, осы бір «мылжың» деген қосалқы есім Сәдірмен бірге жасап келеді. Төменгі кластарда «мылжың келе жатыр», «әй, мылжың, көмектесіп жібер», «ей, мылжың әрі отыршы» дегендерді көп елемейтін. Есейе келе ой талқысына салып қараса, бәлендей жанға жайлы тиіп тұрған сөз емес екен. Рас, кішкентай кезінде әңгімеге үйір болғаны бар. Оның үстіне бір көргенін немесе естігенін ұмытпайтын. Бірде тарихтан беретін Әмина апай кезекті жаңа тақырыпты түсіндіріп болып, енді соны оқулықтан өз беттеріңше қарап, толықтырыңдар деп тапсырма беріп, сынып журналына шұқшиып, әлденелер жазып отырған. Басын бір көтеріп қарағанда кітаппен ісі жоқ, қаламсабымен сызғышты зырылдауық қылып ойнап отырған Сәдірге көзі түсті. Басына қонсын-қонбасын бүткіл бала ниеті құбыла, танаулары шуылдап, кітаппен болып жатса, Сәдір жайбарақат, жаны жайлауда отыр. «Сен немене, бәрін оқып біліп, жетісіп отырсың ба, қане көрелік», – деп жаңа тақырыптан әлдеқандай сауалдар берген. Сәдір үнтаспаға жазып алғандай саулатып тұрып үтір, нүктесіне дейін өзінің түсіндермесін қайталап айтып беріп, Әмина апай жағасын ұстады.
Өзінен үш жас үлкен ағасы Сәдірді апта сайын бір рет болатын киноға ертіп барады. Клубтан келген бетте күншуақта көрпе көктеп отырған кәрі шешесіне фильмді түсінген жерін сөзбен, түйсігіне кірмеген көріністерді қимылдарымен көрсетемін деп діңкесі құритын. Соғыс жайлы фильм көріп келсе, біраз жаны қиналады. Кемпірдің о жақ, бұ жағынан бір шығып: «Әже ана бар ғой, орманның ішінен көп неміс шыға келді», – деп бастап, арасында фильмнің сазды әуенін ауызбен салады. Бір емес, екі ұлын бірдей соғыс жалмаған кәрі кейуана жасап отырған ісін доғара салып: «Қырғын тапқырлар, ол жалмауыздар қайда бара жатыр?!» – деп бар ынтасын Сәдір қойып жатырған «тірі киноға» аударады. Сөйтіп, «аңқау» немістер салтанатпен шерулетіп келе жатқанда «сәбеттер» тұтқиылдан шабуыл жасап, жауды қырып салады. Немістердің алдынан келгенін тістеп, артынан келгенін теуіп көрсетем деп, Сәдір көктеліп жатқан көрпенің ойран ботқасын шығарады. «Сәбеттердің» ұрыс қиымылдарына тәнті болған кемпір: «Өй, айналайындар, соғыңдар, ұрыңдар, басын езіп тастаңдар», – деп Сәдір екеуі жауды біржола талқандап, көктеп отырған көрпесіне қайта кіріседі. Кино соғыс жайлы болмай, бейбіт өмір турасында өрбісе – кемпірдің ондайларды тыңдауға көп құлқы жоқ. «Николай бүйтті, оған Семен келіп, былай деді», – деп сапырып отырған Сәдірге «Ту, мылжың неме, басымды қаңғыттың ғой, орыстардың ішкен-жегенін айтып, барып біраз ойнап келші», – деп ісін жалғастыра береді. «Қыз Жібек» не «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» фильмдеріне келгенде, әжесі Сәдірге көп ауыртпалық салмай, Ақжайықтан Төлегенді өзі аттандырып, таудан Қозыны ертіп келіп Баянға өзі табыстырып, Бекежан, Қодар секілді сотқарлардың «сазайын өзі тарттыра салады».
Жылдар жылжи өтіп, Сәдір есейіп келеді. Бірақ кей кейде мылжың атақ қылаң беріп қалады. Ақыл есінің жетілгендігі болар, кәрі құлақ үлкендердің жүйелі әңгімелерін көкейіне түйіп, оны келесілерге тігісін жатқызып айтып беретінді шығарды. Әңгімені айтпақ былай тұрсын, ұқпайтындар үшін Сәдірдің «Мылжың» атағы өз күшінде. Өткенде аттай алты сабақтан қалжырап, мектептен келе жатырған беті еді. Көше басындағы үйдің жанында отырған екі қыз бұған қарап: «Бір әңгіме айтыңызшы», – деп күліп қаша жөнелген. Өзін мылжың деп, келеке етіп бара жатқанын Сәдір түсінді. «Кез келгенге күлкі болып, бүйтіп көп біліп, көп оқығаны құрсын», – деп ойлап, жабырқап қалды.
Түскі асын ішіп болып, тынығып жатқаны сол еді, басына тосыннан бір ой келе қалғаны. Бұл үндемей баққысы келгенмен, қанда бар бір тылсым күш тілін өзіне бағындырмай жібереді. Жасы үлкені бар, кішісі бар – бастары қосыла қалса, кейбіреулер білгішсініп, бір жерден оқығанына өзін басты кейіпкер қылып, өтірікті шындай қылып отырғанда Сәдірдің «қысымы көтеріліп», шыдамы түгесіледі. Бірде топталып әңгімелесіп отырғандардың үстінен шықты. Ортада – Әшірбек. Өзiнiң танауы делдиіп кеткен, басынан өткен әлде бір қорқынышты жайды әңгімелеп отыр. Жанындағы шал-шауқан, бала-шаға ауыздарын ашып, ұйып тыңдап отыр. Әңгіме төркіні былай: Әшірбек тауда қой бағып жүреді. Өзі жүректі батыр, еш нәрседен қорықпайды, әсіресе, жыланнан биті де сескенбейді. Алдынан кездескен қара шұбар жыланды тірілей ұстап алып, біраз ермек етіп ойнайды. Бір мезгілде жылан мұның білегіне оралып қыса бастайды, бұл да қасарысып, жыланды босатпай ақыры өлтіреді. Содан оң қолым жиі ұйып, икемге келмейді, деп қолын созып, тыңдаушыларына көрсетеді. Үрейі ұшып тыңдап отырғандар Әшірбектің жылан ораған білегіне үрке көз тастайды. Әшірбектің әңгімесі Сәдірдің күлкісін келтірді. Қас қарайса болды, дәретке жалғыз шығуға қорқып, әйеліне екі баласын шұбыртып ертіп жүретін Әшірбекке қайдағы батырлық?! Ал оң қолдың ауруына келетін болсақ, ол былай болған. Әшірбек сары інгенін Қабдештің бурасын шәктірмек болады. Қабдеш үйінде жоқ екен. «Айғыр малдың жазымы көп, абайла!» – дейді Қабдештің кемпірі, бура тұрған жабықтың кілтін беріп жатып. Бұл жабықты ашуы мұң екен, құтырып, тісін шықырлатып, күркіреп келе жатқан бураны көріп, інгенін тастай қашады. Сасқаннан алдындағы арықтан өте алмай құлап, оң қолын қайырып алады. Оң қолының ауруының бар тарихы осы. Ал Әшірбектің «батырлық» хикаясын Сәдір бұдан төрт жыл бұрын «Жас Алаштан» оқыған. Осындай адам төзбес өтірікке қалай шыдайсың. «Біліп тұрып айтпасаң, сөздің атасы өледі» деген тағы бар. Сенікі дұрыс, бірақ дұрысын айтсаң «мылжың» атанасың.
Алдағы уақытта тек сұрағандарға, онда да ешбір қалжыңсыз, шын ниетімен сұрағандарға болмаса, үндемеске бекінді. Сәдірдің өзімен-өзі кеңесіп, шешкені осы. Өзінің көңіліндегі қызықты оқиғалар бар, естігендері бар, қағазға түсірмек болды. Алдына осындай мақсат қойып, алғашқы шағын әңгімесін балалар газетіне жолдады. Арада бірнеше күн өтті. Бәлендей шаруасы болмаса да, ауыл баласына көшеге бір шықпаса ас батпайды. Сол әдетпен көшеге шыққан Сәдір поштаның жанынан өтіп бара жатып, бірнеше адамның өзіне назар сала қарағанын сезді. Кенет әлгі топтан пошташы келіншек бұған қолын бұлғап:
– Әй, Сәдіржан, сенің әңгімең шығыпты, – деді. Сәдір поштаға қалай жеткенін сезбей қалды. Дабырлаған дауыстардың бірін де естіген жоқ. Газеттің орта бетіндегі өз әңгімесін көріп, жүрегі жарыла жаздады. Шағын әңгімені тездете оқып шықты. Аз ғана өзгертіпті. Осы сәттен бастап, Сәдірге үлкен өмір жолы ашылғандай болып көрінді.
Ертеңіне мектепке қуанышты көңіл күймен келді. Мектептегі барлық әңгіме Сәдірдің газетке шыққан әңгімесі төңірегінде. Қызығып та, қызғанып та қарағандар жеткілікті. Ұзақ үзілісте мектеп директоры мұны бүткіл баланың алдында құттықтап, қолын қысты. Сәдірдің шағын әңгімесін бір бала дауыстап оқып шықты. Сол күннен бастап, Сәдірдің «мылжың» аты біржола өшіп, бұған жұрттың бәрі құрметпен қарайтын болды. «Үлкен жазушылар да бала күнінде «мылжың» болды ма екен?» – деп ойлады Сәдір.
ҰЙҚЫСЫЗ ТҮН
«Туған ай – туралған ет» деген. Кеше ғана басталған тамыз айы бітуге айналып, енді бірер күнде қылтиып қыркүйекте басталмақ. Жаз, жайлаудың қызығы өтті.
Ескен жаз бойы әкесіне көмектесті. Қой құрттау, қой түнету, түнектен қайтқан малды суару – жайлаудың жазылмаған жұмыс тәртібі. Жайлаудың қызықты сәттері де өз алдына бір төбе. Ауылға көшпелі кино келгенде – бала-шаға бір мәз болып қалады. Киношы Қожан «Көксеректі» көрсеткенде – ала төбеттің өзі ырылдап, экрандағы қасқырларға айбат шегіп, қойшыларды күлкіге қарық қылған. Автодүкен ауылдарды бір аралап өткесін, оның соңын ала қойшылар бірінің аулына топ болып қыдырып барып, карта ойнап, кейде «ащылап» қойып, шекелері қызып қалатын сәттер да болмай тұрмайды. Аракідік шілдехана, пішпе той сияқты шағын мерекелер де бой көрсетіп қалады.
Ескен атын тұсап, үйге енсе, әкесі «Шалқардан» тартылған қоңыр күйдің әуенімен шоқтың шайын сараптап отыр екен.
– Өткен жылы бала жинайтын көлік уақытында келмей, үш-төрт күн оқуыңнан қалып қойдың, жуынып демал, кешкісін пойызға отырғызып жіберейін, – деді Ескенге қарап.
Шешесі жаңа киімдері мен жолға азық дайындады. Сосын: «Оралдағы апаңа саларсың, пошташы Азанғалиға берсең өзі жөнелтеді» деп азын – аулақ ақша берді.
Әкесі екеуі бір атқа мінгесіп, бес-алты шақырым жердегі теміржол бекетіне қас қарая жетті. Машиниспен келісіп, әкесі Ескенді қосалқы тепловозға отырғызған. «Таң атқанша жатып ұйықтармын», – деген ойы тасталқан болды. Қара темірінен май шығып тұрған тепловоздың ішінде, жатпақ былай тұрсын, отырудың өзі азап еді. Былай-былай қимылдасаң болды май-май болып шыға келесің. Біраз отырғасын, іші пысқан бұл тепловоздың тетіктерін қызықтай бастады. Тоқтың күшін, судың ыстығын, мотордың қысымын көрсететін құжынаған приборлар. Адамның қолы кейде ақылыңа бағынбай кететін кездері болады. Ескен айырып – қосқыш сияқты бір тетікті басып қалғаны сол-ақ екен бұл отырған қосалқы тепловоздың күрк-күрк етіп барып, өшіп қалғаны. Жүрегі ұшып, қорқып кетті, маңайына алақтап, машинистерді іздеп еді олар көрінбеді. Жүгіріп барып, далаға көз салып еді пойыздың жүрісі, бағанадан гөрі, бәсеңдеп қалған секілді. Енді аз уақыттан соң, тіпті, тоқтап қалатындай көрінді. Ұйқысы шайдай ашылып, тұла бойын үрей билей бастады. «Бала жинайтын көлік уақытында келгенде – мұның бірі де болмас еді», – деп, бір ренжіп алды. Сөйтіп отырғанда әйтеуір, көмекші машинистің қарасы да көрінді-ау. Біресе әндетіп, біресе ысқырып, қолының майын сүрткен күйі мұның жанына жетті.
– Қалай, братишка бәрі мұз ба? – деп, мұны арқасынан қақты. Оқсаулы бір шапалақ күтіп отырған Ескен үстінен ауыр жүк түскендей еркін дем алды.
– Аға мына тепловоз өшіп қалды ғой? – деді көмекшіге, мүмкін, сезбей тұрған шығар деген оймен.
– Тегіс жолға шыққанда – қосалқының қажеті не, босқа майды шығындап, бағана өзіміз ғой өшірген, – деді көмекші.
Тұла бойы жеңілдеп қалған Ескен бірнеше сағат жүрегін ұшырып, жарты жасын құртқан «жәшіктің нендей» қызмет атқаратынын астына үңілсе, өткізгіштері қырқылып, істен шыққан дүние болып шықты. Ашуланып, бір тепті әлгіні.
Таң атып, межелі стансадан түсіп қалды. Басынан кешпеген адамның күлкісін келтірген тынымсыз түнді өткізген Ескен бала стансадан кеңшар орталығына баратын жүк мәшіненің үстінде кетіп бара жатты.
АДАЛДЫҚ
Көркемнің әжесінің түскі астан соң үй маңына шығып бой жазып қайтатын әдеті бар. «Адам қимылсыз жата берсе, ауруына ауру жамап алады» деп, үйде көп отырғанды қош көрмейді.
Бүгінде сол әдетімен біраз жүріп қайтқан ол «Маринаның дүкеніне жаңадан сатушы қыз келіпті» деп жаңалықтар айтып келді. Кемпірдің айтқан жаңалығы үй-ішіндегілерге онша әсер еткен жоқ. Себебі мінезі шатақ Марина, дүкеншіні күнара ауыстырады. Бір күні барсаң көзі тұздай болып орыс қызы тұрады. Оған аула адамдарының енді-енді көздері үйреніп келе жатқанда, оны да көп тұрақтатып жарытпайды. Дегенмен жай сөйлейтін, мінезі салмақты, сондай биязы Оля жақсы еді. Көркемің әкесі айлығын әкеліп, оны-мұныға жұмсап, азая бастаған кезде мамасы айлығын алады. Сөйтіп бұл үйде, Үлкен шешесінің айтуы бойынша «ақшаға ақша қосылмайды». Кейде әкесінің айлығын тек тамақ емес, басқа да жоспарланбаған жерлерге жұмсауға тура келіп, мамасының жұмысы ақшаны кешіктіріп бермей тастап, бұлардың уақытша дағдарысқа ұшырап қалатыны бар. Сол кезде бұлар Үлкен шешесінің зейнетақысына қарап қалады.
Үлкен шешесі «тапқан ақшаларыңның судай берекеті жоқ» деп, әкесі мен шешесіне талай ұрысқан. Кемпірден орынсыз сөз естімеу үшін мамасы ондай кездерде дүкеншілірмен келісіп, қаржының бір арасының болып қалғанын түсіндіріп, азын-аулық азықтарын жаздырып алады. Бір-екі рет әкесінің де сыраны қарызға алғанын Көркем байқап қалған. Сатушының таныс, оның үстіне мейрімді болғаны осындайда таптырмайды.
Үй маңындағы көрші балалармен ойнап жүріп бағана әжесінің айтқаны есіне түсіп кеткен Көркем, Маринаның дүкеніне бет алды. Ондағы ойы жаңадан келген сатушы қызды көріп қайту. Сатушы қыз өте жас, мектепті жақында бітіріпті. Көркем онымен танысып әңгімелесті. Аты Самал екен. Самал жұртқа сатқан нәрселерін қағазға түртіп алып жатыр. Оның мұнысына таңқалған Көркем «Мұның не деп?» сұрады.
Жымиып күлген Самал «Кешке Марина апай келгенде есеп беремін, ол сол бойынша маған ақша төлейді» деді. Көркем Самалдың айтқанына түсініп басын изеді.
Содан бері де көп күн өтті. Әжесі оны-мұныға жұмсағанда болмаса Көркем көп дүкенге бара бермейді. Күн демалыс күн болатын. Түске таман бұларға нағашылары қонаққа келді. Теледидар көріп отырған мұны шешесі, қолына шамалы ақша беріп, дүкенге жұмсады. Дүкенде адамдар онша көп емес екен. Көркем Самалмен амандасып, керегін алған соң үйге қайтты.
Ойында ешнәрсе жоқ өзімен-өзі болып келе жатырған, кенеттен дүкеншінің қайтарған ақшасы есіне түсіп, санамақ болды. Былай санады, олай санады бәрібір мың теңге. Көркем таңырқап біраз бөгелді, себебі мамасының бергені де бар болғаны сол мың-ақ теңге. Сатушының есептеуден жаңылысып кеткенін әлден уақытта барып шамалады. Мұның сатып алған азық-түліктерін қайта есептеген сатушы қыз «Рахмет, Көркем сен адал қыз болғалы тұр екенсің» деді Көркем өзіне-өзі риза болып үйіне қайтты.
Дүкенде болған оқиғаны тіс жарып ешкімге айтқан жоқ, себебі әжесі «Жақсы адамдар жақсылығын ешқашан айтпайды және бұлдамайды» деп айтқан болатын.
НАТРИДЫҢ ӘЛЕГІ
Жаңа оқу жылында 8-ші сыныпқа барған Демеу үшін биылғы оқу жылы ерекше болды. Ол – физика, алгебра, геометрия секілді көзі үйренген пәндерден басқа жаңа пән – химияның қосылуы.
Төменгі сыныптарда оқып жүргенде үлкен балдардың «Химия деген қиын ғой, екілік сенің сыйың ғой» деп әндеткенін талай естіген. Қай заманда, кімнің шығарғаны белгісіз, мына өлеңнің сөздеріне қарағанда химияның оңайлықпен алдыртатын пән емес екендігі көрініп тұр. Я болмаса басына бұл сабақ қонбаған біреудің сарыуайымнан шығара салғаны шығар, кім біліпті?
Алғашқы күннен құнттап төбеңе құйып алмасаң, тиіп-қашып оқығанды көтермейтін болып шықты мына химияаң. Мұны салған күннен бастап химиядан беретін Марал апай құлаққағыс етіп үлгерді.
Демеу байқап қарап отырса, әңгімесі көп ауызша пәндерге қарағанда мына пәннің өзіндік адамды тартатын қызықты жақтары да баршылық екен. Кіріспеден кейінгі негізгі тақырыптарға кіріскен күні Марал апай тақтаға бір сақалды кісінің көлдей суретін іліп «Бұл Менделеев деген химияның негізін салушы аталарыңның бірі» деп таныстырды.
Ол кісінің жер бетіндегі күллі химиялық элементтердің бәрін тізімге алып кесте жасағанын, ол кестенің осы Менделеевтің атымен аталатындығын апай және қоса айтты. Күн өте келе Демеудің химияға да еті үйрене бастады.
Марал апай өзінің арнайы осы пәнге арналған зертханасынан қол астында бар әлдеқандай элементтерді көрсетіп, сол көрнекті құралдар арқылы химиялық реакцияларды іс жүзінде жасағанда, мындай бұрын соңды көрмеген кереметке сегізінші сыныптағылар ауыздарын ашып, көздерін жұмды.
Кез келген нәрсенің жақсы жағымен қатар нашар жағының кездесетіні өмірде бар шындық жағдай. Алғашқы күннен бастап химияның формулаларын бөлек қойын кітапшасына түртіп алып, оятып алғанда сайрай жөнелетіндей жаттап жүрді.
Аса қызығушылықпен әрбір сабақты мүлт жібермей оқып жүрген Демеудің, осы химиядан өмірбойы ұмытпастай қорлық көргені бар. Кінә химиядан емес, бар пәле өзінен. Сол қырсық шалған бір күні Марал апай жаңа сабақ өтіп, балаларды натрий деген химиялық элементпен, оның қасиеттерімен таныстырды. Натрий дегеннің өзі базарда сатылатын тәтті халуа дегенге ұқсас, арнайы шыныда сақталатын сұр түсті кесек–кесек бірдеңе екен. Апай әлгінің бір түйірін арнайы қысқашпен іліп алып, бөлек тұрған ыдыстағы суға салып жіберуі мұң екен, судың үстіңгі беті быжылдап қайнаған тәрізді болып, астаң-кестең болды да қалды. Химиялық реакцияның әсерінен исі ашқылтым газ бөлініп, апай оны «көміртегі газы» деп түсіндірді. Шырпының бір талын жағып реакция жүріп жатырған ыдыстың ернеуіне жақындатуы мұң екен, жалп етіп өшіп қалды. Яғни бөлініп жатырған шыныдағы көміртегі газы екен, өйткені ол апайдың айтуы бойынша жануды қолдамайды. Натрийдың қызығымен балалар әншейінде жылдай болып өтіп болмайтын қырық бес минуттың қалай тез зу ете қалғанын байқамай қалды.
Сабақ бітіп, сынып журналы бар, басқа да қағаздарын жиыстырып жатырған Марал апай, Демеуге натрий салынған шыны ыдысты ұстатып, зертханаға апара салуын өтінді. Сынып бөлмесінен шыққанда Демеу мектеп дәлізінде жағаласып ойнап жүрген төменгі сыныптың бірен-саран баласынан басқа ешкімді көре алмады.
«Адам өзі тартатын бейнеті мен азабын кейде өзі тілеп алады» деп отыратын атасы. Көпті көрген атасының сол айтқаны Демеудің басына айнымай келді де қойды. Ол былай болды. Үйге барған соң өзінен кейінгі інісі мен қарындасына натрийдың тамашасын көрсетпек болды.
Әуелі жан-жағына сақтықпен барлай қарап алды. Сонан соң химиялық элемент натрий салынған ыдыстың қақпағын еппен ашып, әлдеқандай сұйықпен араласып былқып жатқан әлгіні табақтағы етке қол салғандай бір шеңгелін алып, қағазға орап, сөмкесіне салып алды. Сабақтың бітуін тағатсыздана күтіп, үйге тез жетуге асықты.
Арсалаңдап, үйге кірер-кірместен теледидар қарап отырған екі кішкентай бауырларына «Алысқа ұзап ешқайда кетіп қалмаң, қазір тамақтанып алған соң сендерге қызық көрсетемін» деді. «Қызық» оларды көп күттірмей басталып та кетті.
Сырт киімдерін шешіп, жуынатын бөлмеге кіріп кеткен Демеудің сәлден соң әжептәуір дауыспен баж ете қалғаны. Үйді басына көтере шыққан оның жанайқайы тыстағыларға да естіліп, маңайдағылардың бәрі бірін-бірі баса-көктей ішке ұмтылды. Екі қолын беталды сабалап, біресе оңды-солды жөн-жосықсыз сілкілеп ойбайлап жатырған ұлын, күйіп қалдыға сайыған шешесі таңертеңгісін сауылған шелектегі сүтті ала жүгірді. Сүтке қолын малуы сол екен Демеу қайтадан бебеулей жөнелді.
Ашқылтым иіс шығарып, саусақтарының бастары түтіндеп жатқанын көрген ол есіне әлдене түсіп кеткендей «Ойбай, мынау натрий ғой» деді даусы дірілдеп. Иә, бұл шынында да бағана ыдыстан жалаңаш қолымен осып-осып шеңгелін толтыра қармап алғанда тырнағының астында қалып қойып, ғұмыры жыны бірікпеген ылғал тиген соң өз әмірін жүргізіп жатқан сол натридің әлегі еді.
Қорқып кеткен кішкентай інісі мен қарындасы көздері бақырайып не болғанын түсінбей үрпиісіп тұр. Ағасының көрсететін «қызығы» мынадай қайғылы көрініспен бітті.
Әй, өзіне де сол керек, мектепте осы химияның талайды зарқақсатып, қапыда қалдырғанын бұл әркімдерден құлағдар болып жүр.
Өткен жылы жоғарғы сыныптың бірінің оқушылары химия үйірмесінде Өтелхан ағайлары бас болып, химиялық жолмен лимонад дайындаған. Бір қоспаны мөлшерден тыс көбірек қосып алып, соны ішкен ағайларының да, өздерінің де дауыстары қарлығып шықпай қалған. Осындайларды ести жүре сақтанбауын қарасайшы.
Ертеңгісін оқу құралдарын жинақтап салып жатып, сөмкедегі ораулы нәрсеге көзі түсті. Жалма-жан орауын жазып қараса кешегі есебін тауып өз басының бейнетіне өзі мектептен жымқырған натрий екен. Жүрегі жылан көргендей зырқ ете қалды.
«Сабақ кезінде есебін тауып орнына салып тастармын» деген оймен қабаттаңқырап орап қойды. Дәкемен добардай қылып оралған қолын мойнына асып алған күйі мектебіне кетіп бара жатыр.
«Жалпы химияда байқамаса болмайды екен» деп өзіне-өзі бір жағынан ақыл, бір жағынан басу айтып барады.
ЭЛЕКТР мен НАЙЗАҒАЙ
Менің бір досым бар, атын айтпай-ақ қояйын ренжіп жүрер. Әдебиет, Тарих секілді гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайды. Ал физика, математика, химия секілді жаратылыстану бағыттарындағы пәндер, аяғының астынан мылтықпен атып қорқытсаң да миына кірмейді. Бір күні физика пәнінен сабақ жүріп жатқан, апай оны әйтеуір бір үш қою үшін тақтаға шақырды.
«Сен бізге айтшы, электр тоғы мен найзағайдың тоғының айырмашылығы қандай осы?» деді апай бір шекесінен қарап.
Менің досым «Электр тоғы бізге Ақтаудан келеді, найзағайдың тоғы аспаннан келеді» деп бет-ауызы бүлк етпестен қойып қалғаны.
Оның қырсықтықпен айтып тұрғанын сезген апай мысқылдап: «Ия, басқа тағы қандай айырмашылығы бар» деді.
Анау тағы беті шімірікпестен «Электр тоғына ақша төлейді, найзағайдың тоғы тегін, оған ешкім төлемейді» дегені ғой.
АБАЙ АҚЫННЫҢ ГАЗЕТТЕРІ
Тағы бір досым бар, оның да атын айтпай-ақ қояйын, ол да ренжиді ғой. Бұл алдындағы сыныптасыма керісінше. Жердің тартылыс заңын Ньютонмен екеуі бірігіп ашып, Менделеевтің химиялық кестесін онымен бір жүріп кестелеп, геометрияны Евклид, Пифогорлар барлығы отырып жасағандай, түн ортасында ұйқыдан оятып алсаң да осы сабақтарды жатқа айтады.
Ал әдебиет пен тарих оның бірінші жаулары. Арасында өтірігін қосып айтып, шатұп-бұтып, өлімсіреген үштікпен тоқсаннан тоқсанға өтіп жүр, әйтеуір.
Бір күні әдебиеттен беретін ағай оған: «осы Абай, Абай дейміз, кім ол өзі Абай деген?» – деп тосыннан сауал тастап.
Анау сәл-мәл күмілжіп, естілер-естілмес қылып «ол – ақын» деді.
Ағай оның әдебиеттен денгейінің қандай екенін өте жақсы біледі, сонда да алар бағасын шамалы терлеп алсын деді ме: «Оның ақын екенін сен айтпай-ақ жұрттың бәрі біледі, сонда ол ақын болғанда не істеген?» – деді оған кіржие қарап.
Анау тұрып-тұрып «газеттерге өлең жіберген» деді. Айтуын айтып қалса да жауабының әдебиеттің шеңберінен шығып кеткен өтірік екенін біліп ыңғайсызданып қалды.
Оның мына жауабына ағайдың жаны кірді. «Ия қиын болмай есіңде болса айтшы, Абай қандай газеттерге өлеңін жіберген?» деді алақанын ысқылап.
Менің досымның жаны кәдімгідей қиналды. Газет дегенді сыртынан көргені болмаса, бетін ашып қарамаған ол, анда-санда әкесінің үйге бір-жар газет әкелгенін көзі шалған.
Есіне сол түсіп «Егеменді Қазақстан» және «Маңғыстау» газеті» деді.
Сыныптың балдары күлкіден өліп қалды. Ағайда көзінен жас аққанша күлді.
ШҰҒЫЛ ШЕШІМ
Үшінші сыныпта есеп сабағы жүріп жатыр. Үйге тапсырма беріліп, сабақ сұралатындардан сұралып, қоңырау соғылуға санаулы минуттар қалған. Әй жоқ, шәй жоқ Ерлан екілене қолын көтеріп, мазасыздана мұғалімге «Апай, апай» деді жанталаса. Сынып журналын жинақтап, кетуге дайындалып жатқан апай «Не болып қалды?» деді таңырқап.
– «Мен сабақ айтайын деп едім» деді Ерлан екі иінінен демалып.
Апай «Бүгін сабақ бітіп қалды, ертең де күн бар емес пе?» деді таңданған үстіне таңданып.
– «Жоқ апай мен қалайда бүгін сұралуым керек» деді Ерлан өңінде жалыныштың нышаны байқалып.
– «Сабақ сұрайтын мезгілде алдыңдағы оқушының тасасына тығылып, кейде партаның астына түсіп кете жаздайсың, сенікі аяқ астынан пайда болған не қылған белсенділік?» деді апайы шамданып.
Сонда Ерлан жасқана апайына қарап Әкем бүгін күнделігіңді тексеремін деген екен ғой, жаңа есіме түсті деп ағынан жарылды.
БЕТКЕ БАСУ
Қалада қыс айлары бітуге тақап қалса да, ойламаған жерден қар басып салыпты. Қыс бойы қар жауған күнді аңсап жүрген балалар мәре-сәре болып, қарсыбаспақ ойнап, кейбірі қолдан келгенше қардан аққала тұрғызып, кеште болса әйтеуір қар қызығын тамашалап жатыр. Тағы да сол Құрмаш деген бала қызды-қыздымен, сөмкесін таяудағы талға іліп тастап, мектептің есігін ашпастан күн батып кеткенше армансыз бір ойнапты. Бағана Құрмашты терезеден байқап қалған апайы «Мен ертең онымен шын жүректен сөйлесермін, әзірге әкесінен бұйырған сазайын алсын» деп, әдейі соны шаруа қылып телефон соғып үйіне хабар айтады. Есіктен кіре бере «Сен неге мектепке кеттім деп өтірік айтып, үй ішіндегілерді тақырға отырғызып кеттің, а?!» – деп өзіне жауар бұлттай төніп келген әкесіне Құрмаш көп қаймығып саспастан «Өзіңіз айтушы едіңіз ғой, «күнің үшін аздап өтірік айтқанның зияны жоқ» деп, мен сол айтқаныңыз бойынша сөйттім» деп сырт киімдерін асықпай шешіне беріпті.