ЖАН-ЖАНУАРЛАР ЖАҒДАЯТЫ немесе ақсақалдың танымдық әңгімесі

Жалғасы. Басы журналымыздың №2-5 сандарында жарияланды.

Ертегілер мен аңыз әңгімелерде «алып қара құс», «самұрық» деген құс түрлері жайында көп айтылады. Алайда оларды көрдік деген кісі жоқ. Демек олар – қиялдағы құс.
«Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» дейді қазақ. Баласын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» бағады. «Құстың сүтінен басқаның бәрі бар» деп сөйлейді.

Жабайы аңдар.
Жабайы аңдар – далада, орман-тоғайда, тау-тас ішінде өмір сүретін жануарлар. Қазақ оларды екі түрге бөледі: бірі – етін жеуге жарайтын, еті адал аңдар мен екінші – етін жеуге болмайтын, еті арам аңдар.
Қазақ, жалпы, құстың да, аңның да жыртқыштарын жемейді. Оны жесең, өзің де жыртқыш сияқтанып кетесің дейтін болу керек.

Еті адал аңдар:
Арқар: маңырайды. Жабайы қой. Еркегі – құлжа, ұрғашысы – арқар. Баласы – қозықа. Мүйізі алуан түрлі иілген өте әдемі. Таудың ашық жерінде, жазықта да, 5500 метрлік биікте де өмір сүреді. Денесінің ұзындығы 120-125 сантиметрге жетеді. Салмағы 200-220 келі болады. Мүйізі өте қуатты, мықты, артқа қарай қайқы, бұранда секілді бұрап қойғандай болып келеді. Үйір-үйірімен жайылғанда, тобы он шақтыдан жүз шақтыға дейін жетеді. Ал әрбір құлжаның үйірінде бестен жиырмаға дейін арқары болады. Қозықасы 4-5 күннен кейін-ақ үйірімен бірге жайыла береді. Негізгі жауы – қасқыр. Үйір жайылып жатқанда, біреуі қарауыл болып қарап тұрады. Сондай сақтыққа үйренген аң. Асыранды қой арқардан үйретілген деген пікір бар.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәтел бар. Жақсы жайылым, жайлы жер іздеп өмір сүреді. Қазақстанның таулы аймақтарында кездеседі. Ел-жұрт көбейген сайын олардың қонысы қазір тарыла бастады. Мәселен, Алматы – Сарыөзек тас жолының бойында Арқарлы деген асу бар. Қазір бірақ бірде-бір арқары жоқ.
«Құлжа» дегеннің бейнелі мағынасы «үлкен» дегенді білдіреді. Құлжаның асығын балалар сақа қылып ойнайды. Алманың әрі үлкен, әрі хош иісті түрін Құлжа алма (апорт) дейді.
Шығыс Түркістанда Құлжа атты қала бар. ХІІІ-ғасырда Шыңғысханға бағынған, татарлар мекендеген.
Шашы бұйра, басы дәу жігітті «арқардың құлжасы құсап» деп жатамыз.
Әр ел әртүрлі айтатын түрі көп.
Тәуешкі: маңырайды. Жабайы ешкі. Еркегі – теке (тәутеке), иегінде сақалы болады, мүйізі қайқы қылыш секілді. Ұрғашысы – ешкі (тәуешкі). Төлі – лақ. Тіршілігі, ұсқыны асыранды ешкімен бірдей.
Үнемі таулы жерде жүретіндіктен, тау ешкісі аталған. Алайда үндестік заңының кейінді ықпалына сәйкес, «ешкі» сөзінің әсерінен «тау» сөзі «тәу» болып өзгерген.
Денесінің ұзындығы 120-160 сәнтиметр аралығында. Биіктігі 70-100 сантиметр, салмағы 35-40 келі. Тау-тасты жерде, тау беткейінің 500 метрден 2000 метрге дейінгі аралығында тобымен жайылып жүреді. Қазақстанның Сауыр, Алтай, Тарбағатай, Тәңіртау, Бұрқантау өңірлерінде өмір сүреді. Лағын енесі күзге дейін емізеді. Алайда бір айдан кейін-ақ лағы өз бетінше жайыла береді. Табиғи ортада 15-17 жыл, ал хайуанаттар бағында 18-20 жыл өмір сүреді.
Шоқша сақалы шошайып тұратын кісіні «текесақал» дейді. Тау-таста еркін жүре беретін адамды тәутеке секілді деп дәріптейді.
Құлан: жылқыша кісінейді, есекше ақырады, есектің дауысына ұқсайды, тек сәл қырылдаңқырап шығады, жылқыға ұқсап оқыранады, пысқырады. Еркегі – айғыр. Ұрғашысы – ұрғашы құлан. Баласы – қодыға (қодықа), төлін он бір жарым ай (11,5) көтереді. Жыл сайын туады. Үлкендігі есектей, құла күрең түсті, көпшілігі құла күрең болып келеді. «Құлан» деген аты «құла аң» деген сөздердің бірігуінен шыққан болу керек.
Аяғы ұзын, басы ауырлау, құлағы жылқыныкінен ұзын, есектікінен қысқалау, құйрығы қысқа, ұшы қара бурыл. Жалы тік, аттыкінен аласа, құлағынан самай түбіне дейін қара бурыл. Денесі 200-220 сантиметрдей ұзын, биіктігі 110-137 сантиметр, салмағы 120-127 келі. 1953-1955-жылдары Арал теңізінің Барсакелмес аралындағы қорықта бағылды. Қазір Жетісу облысындағы Алтынемел қорығында бағылады. ХVІІІ-ХІХ ғасырда Ақмолада, Бетпақдалада болған. Негізгі қорегі – жусан. Қыста тебіндейді, яғни тұяғымен қарды аршып, түбіндегі шөпті жейді. Үйірімен жүріп жайылады. Үйірді айғыры басқарады. Төзімді, жылдам. Сағатына орташа есеппен 64 шақырым алады. Сағатына 68-72 шақырым алатын жүйріктері де кездеседі. Алысты көреді, иісшіл, алыстан естиді. Өте сақ, бір-бір жарым шақырымнан жақынға кісіні жуытпайды.
«Таң құланиектеніп атып келеді», – дейміз. Таңның шапағын құланның түсіне ұқсатады. «Құлан жортқан кең дала» деп, даламыздың кеңдігін бейнелесек, «құланның қасуына мылтықтың басуы» деп, сәті келген істі айтамыз. «Құлан кісінес» деген сөз тіркесі бар.
Ел арасында қазіргі құлан деп жүргеніміз бұрынғы құлан емес деген де пікір бар. Бұрынғы құлан жабайы жылқыға жақын болған дейді олар.
Баласы Жошының өлімін естірту үшін, Кетбұға деген кісі (орыс оқымыстысы Тизенгаузен мен қазақ ғалымы Сәрсен Аманжолов «Келбұға» дейді) Шыңғыс ханға күй тартқан. «Кім жаман хабар жеткізсе, соның көмейіне қорғасын құйып өлтірем», – деген Шыңғыс ханның әмірі болған екен. Күйді естіп, «Е, Жошым өлген екен!» – депті-міс Шыңғыс хан. «Тақсыр, естірткен мен емес, мына домбыра», – деп Кетбұға Шыңғыс ханға домбырасын ұсыныпты. Хан домбыраның үн шығаратын көмейіне қорғасын құйыпты-мыс. Ол күйдің аты – «Ақсақ құлан, Жошы хан». Күйдің олай аталу себебі, Жошы құлан атам деп жүріп, аттан жығылып өліпті-міс.
Кетбұға домбырада тартқан күйді қазақ күйінің басы десе болады. Өйткені одан бұрынғы күйлер бізге жетпеген, жеткізушісі де болмаған. Күйдің тарту мезгілі – 1227 жыл.
Одан бұрын Қорқыт бабамыз қобызда тартыпты деген біраз күй бар.
Қазақта «Құлан» атты ұру бар. Жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы бар. Ол – Кейкі батырдың өмірін арқау еткен шығарма. Кейкі Құлан атты ұрудан тарайды. Шыңғыс хан бір бәйбішесі «Құлан» аталған. Ол Арқада жерленген. Жамбыл облысында «Құлан» атты елді мекен бар.
Қоян: құлағы ұзын, құйрығы өте қысқа, артқы аяқтары алдыңғысынан ұзын аң. Аса қорқақ әрі өте жүйрік аң саналады. Жүнінің ұзындығы мен түсі жыл мезгіліне қарай өзгеріп тұрады. Негізінен сұр болып келеді. Терісі тым жұқа, тез жыртылады. Сонысына қарап, «Бір жылға қоянның терісі де шыдады» дейді қазақ. Табаны түкті болады, бақайлары ешқашан жүнсіз болмайды. Соқыр ішегінде қоймалжың түрде «В» дәрумені сақталады, соны қайта қаузап, күйіс қайырып қоректенеді. Көбіне түнде жортады. Жүгіргенде артқы аяғы алдыңғысынан асып кетеді. Секіріп қашады. Тұрақты мекені, іні болмайды. Жалғыз-жалғыздан өмір сүреді. Қазақ ор қоян, сұр қоян, ақ қоян деп жіктеп жатады, ал ғылымда 2-3 түрі бар. Баласы – көжек.
Ор қоян жай қояннан ірі келеді, орғып, ырғып шабады. Бұрын Арқа жақта қап-қара қоян да болған екен. Қазір біз көріп жүрген қоянның көбі сұр қоян.
Қазақ ұғымы бойынша, баласын туа сап тастап кетеді. «Қанжығада көрісерміз» дейтін көрінеді. Қорқақ адамдарды қазақ «қоян жүрек» дейді.
«Қоянның өзін көр де, қалжасынан түңіл» деген де сөз бар. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» дейді. Қамысты жерде қоян қаша алмайды. Қазақ күнтізбесі бойынша, он екі жылдың бірі – қоян жылы. Барыстан кейін, ұлудан бұрын келеді.
Үй қояны деген қоян болады, оны кейбіреулер арнайы үйшікте асырайды. Оның да баласын көжек дейді. Кәдімгі қояннан айырмасы шамалы.
Үйдің айналасын қазып, шұңқырлап тастайды. Оны бағып-қағу тым оңайға түспейді, сондықтан оны үйде асырау онша кең тарай қоймаған. Әуесқой балалар ғана онымен айналысады. «Баласы Жамантайдың Көжек деген, Шіркінде ес болсайшы сезед деген», – дейді Абай.
Бұғы: сыбызғылатып ысқырады, мөңірейді, шақырады. Қос мүйізді аң, мүйіз түбінен аққан қанын емге пайдаланады, оны панта дейді. Мүйізі әуелде балғын болады, есейе келе қатаяды. Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында бұғы өсіретін арнайы шаруашылықтары бар. Ұрғашысы – марал, оның мүйізі жоқ, тоқал болады. Баласы – бұзауқа. Бір түрі – теңбіл бұғы. Суыққа төзімді, күйіс қайыратын, сиыр тектес аң.
Қазақтың белгілі жазушысы Оралхан Бөкеев Қатонқарағайдың тумасы болатын. Өз арамызда оны Кербұғы дейтінбіз. Ал қазақ әдемі қыздарды ақ маралға теңейді.
«Жайықтың ақ маралы ар ма, Жібек!
Аулыңды жаңа таптым жадап-жүдеп.
Деуші еді күн тимеген, жел сүймеген,
Қасыңда әлде біреу бар ма, Жібек?» – дейді ғой Төлеген «Қыз Жібек!» операсында.
Әсет Бейсеуовтің «Маралдым» аталатын әні бар, өлеңін Мұзафар Әлімбаев жазған.
Көкемарал дейтін жұпар иісті шөп бар. Иісі жалбыз бен киікотының иісіне ұқсас. Биіктігі 30-40 сантиметрдей болады. Бұғы қалыңдығы 70-80 сантиметр келетін қарды да теуіп, тебіндеп жайыла алады. Денесінің ұзындығы 200-220 сантиметрдей, бойының биіктігі 110-140 сантиметр аралығында, салмағы 100-ден 220 келіге дейін болады. Ғалымдардың айтуынша, солтүстікте екі миллионға жуық үй бұғысы бар. Солтүстікте тұратын саха секілді түрік халықтары бұғыны қолға үйретіп, көлік ретінде де пайдаланады, шанаға да жегеді, терісімен ағаш үйлерін де жабады. «Ойда сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда бұғының мүйізі сырқырайды» деп, екеуінің тегі ұқсас екенін айтса керек. Қазақстанда Бұғылы, Бұғыты деген жерлер бар.
Бұғының қанына шомылады, қанын емге ішеді.
Елік: ысқырады, маңырайды. Түр-түсі жағынан бұғының кішкентайы деуге келеді. Баласы – лақ. Өте сүйкімді, әдемі аң. Әдемі қызды «еліктің лағындай» десе, кішкенесін «еліктің асығындай» дейді.
Сегіз сері Баһрамұлының екі ғасыр бойы айтылып келе жатқан «Елігай» («Елік-ай,», «Илігай») атты әні бар. Кезінде қазақтың бұлбұл қызы Күләш Байсейітова орындаған.
Киік: шақырады, мөңірейді. Баласы, төлі – құралай. Оның әр жерде әртүрлі аталатын жайран, газель деген түрі болады. Қазақстандағы киіктің түрі жайранға жақындау. Қазақ даласындағы киіктер – бөкен немесе ақбөкен. Еркегі – теке, ұрғашысы – ешкі. Қой мен ешкінің қосындысынан жаралғандай аң. Аша тұяқты. Ғылымда антилопа деген атпен мәлім. Түрі өте көп, ешкідейі де, сиырдайы да бар. Қазақ даласында кездесетіні – ақбөкен. Оның халыққа кең тараған аты – киік. Аты екі басқа болғанымен, екеуі – бір сөз. Текесінде екі тік мүйізі бар, ешкісінде мүйіз жоқ. Осы күні оны сайғақ деушілер де бар. Ол – оның орысша аты. 1880-жылы шыққан В. Дәлдің «Түсіндірме сөздігінде» «сайга» деп көрсетілген және «сайгак» деп те аталатыны жазылған. Сол «сайгак» дегенді қазақтар «сайғақ» деп атап кеткен.
«Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы», –
деп, Мәди сазгер әнге де солай қосып жіберген.
Ғалымдардың айтуынша, ол – зілдің (мамонттың) замандасы, өте ертеден бері сақталып келе жатқан аң. Оның негізгі ерекшелігі – жоталанып тұратын дөңес тұмсығы. Әрі мұрын, әрі тұмсық. Сол тұмсығы салбырап, танауын жабыңқырап тұрады. Дене ұзындығы 100-145 сантиметр, биіктігі 55-80 сантиметр аралығында. Салмағы 20-30 келідей. Ұрғашысы кішілеу ешкідей. Құрғақ, шөлейіт далада жүреді, шөпке жайылады. Жүздеп, мыңдап үйірімен жүреді. Қыста жылы жаққа ауады. Баласын аяқтанғанша 2-3 қадам жерден де көрінбейтіндей етіп қатты жасырады. Аз уақыттың ішінде жүздеген, мыңдаған шақырым жерге ауып кете алады. Аз уақыт ішінде төлі жетіліп кетеді. Түрлі себеппен жетім қалған төлді кез келген ұрғашы киік емізіп, өз тобына қосып алады, қараусыз қалдырмайды.
Тобымен жайылған киік кең жазықта немесе қыратты жерде жүреді. Түнде тақыр жерде жатқанды ұнатады. Күндіз күні бойы жайылады. Ыстықта басын көлеңкеге тығып тұрады. Жатағынан тұрған кезде секіре ұшып, 200-300 метр жерге тоқтамай жүгіріп баратын әдеті бар. Сонан соң ғана тоқтап, жан-жағына қарайды. Қашқанда сағатына 55-60 шақырым жерді басады. Көктемде, жазда жекелеп жүреді де, күзде үйірімен, отыздан, жүзден топтанып жүреді. Қыста жылы жаққа ауады. Көкек пен мамыр айларының аралығында төлдейді, дүниеге құралайы келеді. Сол кезді қазақ «құралайдың салқыны» дейді. Қазақ киікті киелі аң санайды. Негізінен екі баладан егіз туады, бір не үшеу тууы өте сирек. Орташа өмір сүру дәуірі 6-7 жыл ғана. Басты жауы – қасқыр. Бұл күнде оның жаппай құрып бара жатуына қасқырдан бұрын адам кінәлі. Мүйізін емге аламыз деп, оны аулайтын арамза аңшылар көбейіп кетті.
Сазгер Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік» атты әні, Ықылас атамыздың «Жезкиік» атты қобыз күйі бар.
Адамға жоламай, өзімен өзі, қашақ жүретін адамды «кісікиік» дейді.
«Киікоты» дейтін шөп бар. Қазақ көне заманда шөпті от деген, сонда «киікоты» деген «киік шөбі» деген сөз болып шығады.
Киіктің Қазақстандағы негізгі мекені – Сарыарқа мен Бетпақ дала. Жүйрік аң.
Аз уақыттың ішінде жүздеген, мыңдаған шақырым жерге ауып кете алады. Күйіс қайырады.
Қарақұйрық: киік тектес, түрі қызғылт сары, құйрығының ұшы қап-қара аң. Соған бола қарақұйрық аталған. Жетісу обылысындағы Алтынемел қорығында бағылады. Таулы аймақтың етегінде өмір сүреді. Еті өте дәмді аң.
Бұлан: мөңірейді. Бұғы тұқымдас аң. Дәу сиырдай биік. Ұзындығы 300 сантиметрге дейін жетеді, салмағы 580-600 келідей болады. Тұмсығы дөңес мұрынды болып келеді. Аяғы ұзын, басы дәу. Үстіңгі ерні салбыраңқы. Құлағы жалпақ әрі үлкен. Тамақ астында 25-40 сантиметрдей бұғағы бар. Терісінің түсі қара қоңыр. Қылқан жапырақты орманда жүреді. Жекелей де, табын ішінде де жүре береді. 20-25 жыл өмір сүреді. Бұл күнде Сібірде бар, Қазақстанда қайда бар-жоғы белгісіз.

Қазақ баласы етін жемейтін аңдар
Арыстан: ақырады, гүжілдейді. «Аң патшасы» саналады. Басы дәу, мойны жуан, бөксе жағы жіңішкелеу келетін аң. Орманды жерде өмір сүреді. Қазір негізінен Африкада ғана сақталған. Ғылым тілінде мысық тектес ірі аң тұқымына жатады. Құйрығын қоспағанда, ұзындығы 180-240 сантиметрге дейін жетеді. Ал құйрығының өзі 60-90 сантиметр болады. Салмағы 180-227 келіге дейін жетеді. Денесі дәу, бірақ сонысына қарамай, өте жылдам. Басы өте дәу, тұмсығы ұзын. Табаны күректей, өте қуатты келеді. Еркегінің ұзын жалы болады. Ұрғашысы кішілеу келеді және жалы болмайды. Жеке де, екі-үшеуден топтанып та жүре береді. Апан інін қиын жерлерге, жарға, қыспақ қуысқа жасайды. Кез келген уақытта туа береді. Ұрғашысын қаншыр, арыстанның қаншыры дейді. «Қаншырдай қатқан қара келіншек» деп жатады қазақ. Қажырлы, қайратты жігітті қазақ:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты», – дейді.
Бұрын қазақ жерінде болған. Қазір жойылып кеткен. Сегіз сері арыстанды жеңіпті деген де әңгіме айтылады. «Өлі арыстаннан тірі тышқан (артық)» деген мәтел бар. «Арыстан айға шауып мерт болыпты» деген сөз де бар. Әркім өз шамасын білу керек деген мағынада айтылады.
Түркістан жерінде Арыстанбап атты әулие адам болған, мазары сақталған.
Оңтүстікте «Арыстанды Қарабастың желі» деген жел соғады.
Қазіргі ұрпақ арыстанды тек хайуанаттар бағынан ғана көре алады. «Қасқыр болып ұлыдым да, Арыстан боп өкірдім. Сөйтіп жүріп сүйкімімді кетірдім», – дейді Есенғұл ақын. «Сұлу дүние» деген өлеңінде.
Аю: күрілдейді, өкіреді. Баласы – қонжық. Жылы жақта қара аю, қоңыр аю болады. Біздің жерде негізінен қоңыр аю кездеседі. Қалың орманды жерде өмір сүреді. Дәмді нәрсені, балды, құмырсқаның илеуін, таңқурайды жақсы көреді. Үңгірді, жартастың жықпылын апан қылып пайдаланады. Қазан мен қарашадан бастап наурыз бен көкекке дейін 5-6 ай көлемінде апанында ұйықтап жатады. Аз қозғалып, күші мен қуатын сақтайды. Адамға жақындамауға тырысады. Қазақ аюды тамақ етпейді, бірақ етін емге пайдаланады. Аюдың ұрғашысын қазақ кірекей дейді.
Солтүстік мұзды мұхитта – Арктикада – ақ аю болады. Ол аюдың ғана емес, жалпы жыртқыш аңдардың ең үлкені саналады. Кейбірінің үлкендігі 3 метрге дейін жетеді. Салмағы 700 келіге, кейде тіпті 1000 (мың) келіге дейін жетеді. Суда да, құрғақта да бірдей ептілік көрсетеді. Суда алысқа жүзеді, емін-еркін сүңги береді. Жүні өте тығыз болады, су өткізбейді, табаны да жүнді келеді. Терісінің асты қалың май болады. Түленді, тағы басқа балықтарды аулап жейді.
Қара аю. Солтүстік Америкада өмір сүреді. Оның да өмір сүру негізі өзге аюлармен ұқсас. Майын, өті мен етін емге пайдаланады. Етін жейтін де ел бар.
«Аюға қарағанда маймыл жылмықтай жігіт» деген мәтел бар.
Қоңыр аю етті борсытып барып жегенді ұнатады екен. Қазіргі күнде Алтайда, Жетісудың таулы өңірінде кездеседі.
Дауыс көтеріп сөйлейтін басшыларды «аюдай ақырып» деп бейнелейміз. Терісін сыпырған аюудың денесі адамдікіне өте ұқсас келеді.
Алдыңғы аяқтары артқысына қарағанда қысқалау келеді. Қазақстандық жазушы Максим Зверев аюлардың қылығын, мінез-құлқын жақсы зерттеп жазған.
Қасқыр: ұлиды, арсылдайды, қыңсылайды, аузында қырық екі тісі болады. Жыртқыш аңдардың ішіндегі ең атақтысы. Жемтігін ізіне түсіп табады. Жабайы да, асыранды да жануарларды жейді: бұғы, шошқа, қой, сиыр, жылқы, түйе, қоян, суыр, түлкі, қарсақ – бәрін жейді.
Қасқырдың қасқырды жеп қоятын кездері де кездеседі екен. Көп жейді, обыр, күніне 10 келіге дейін ет жейді. Жай күндері 2 келі ет жеп, қалғанын сақтап қояды. Өте «ақылды» жыртқыш: бірі аңды қуса, екіншісі жолын тосып аңдып жатады. Көктемде туады. Баласы мысық секілді соқыр туады, құлақ қуысы жабық болады. Үш аптадан соң інінен шығады. Көбінесе түнде жортады. Еркегі – арлан, ұрғашысы – құртқа немесе қаншық. Күшігі – бөлтірік. Қасқырды қазақтар бөрі деп те атайды, «қасқыр» деп атасаң, қағынып кетеді деген наныммен «итқұс» деп те жатады. Қасқыр тұратын, балалайтын орынды немесе інді апан дейді, ол тұрақты бір жерде болады және оны өте қиын жерге салады. Бірақ су көзінен алыста болмайды. Қудаламаса, үйренген жерінде тұрақты өмір сүре береді. Өзінің шегарасын өз несебімен белгілейді. Жақсы жүгіреді. Иттен гөрі ірілеу. Ұзындығы 105-160 сантиметр. Бойының биіктігі 80-85 сантиметр, құйрығы 35-50 сантиметр. Салмағы 32-50 келі аралығында. 79 келіге жеткен ірісі де кездескен. Суық жақтағысы ірілеу, жылы жақтағысы кішілеу келеді. Орманға жуымай, қашқақтап жүреді. Өмір бойы өз жұбымен ғана өмір сүріп, тұрақты отбасылық өмір кешеді. Үйірімен жүреді, бір үйірдегі саны 10-12-ден аспайды. Үйірге негізінен туыстастары бірігеді. Бойдақтары да қосылады. Алайда Альяскада 36 қасқыр, ал Қазақстанда 42 қасқыр біріккен үйір де кездесіпті. Түрі көп. Ит тұқымдасына жатады. Он-он екі жылда қартайса да, жиырма жылға дейін жасайды. Қазақ өжет жігітті қасқырға теңейді, қасқырдың терісінен қасқыр ішік тігеді, оны қырыққа жасы жетпеген жігітке кигізбейді, жылуын, қуатын алып, ерте қартайтады деп есептейді.
Үйсін тобына жататын тайпалардың арғы атасын бала күнінде бөрі емізіпті деген дерек бар. Сүйінбай ақынның Бөрілі байрақты өлең етуі, үйсіндердің туында бөрілердің басы салынғандығы содан.
Бұл аңызды тұңғыш қытай зерттеушісі Бичурин де жазады.
Қасқырдың ұлығаны иттің ұлығанына ұқсамайды. Бөрінің үні бірнеше жерден қатар шығып жатқандай естіледі.
Бейберекет айғайласып жатқан балаларға: «Не болды бөрінің көтінше шулап?» – деудің мәні сонда.
Иттің де, қасқырдың да, жігіттің де ең мықтысын сырттан дейді. «Қасқыр да қас Қылмайды жолдасына» дегенді Иманжүсіп те, Қапез де, тағы басқалар да айтады. Оқыс жағдайларда немесе қатты қомағайланғанда, қасқырдың жағы ашылмай, қарысып қалатын кезі де болады.
Ықылас күйшінің «Қасқырдың ұлуы» атты қобыз күйі бар.
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейді қазақ. Ол – бөрінің құдайы бар деген сөз.
Бөрібай, Бөлтірік, Қасқырбай, Байбөрі деп баласына ат қойған халық қасқырды, сірә, бағалай білген.
«Ер арыса, – аруақ; Бөрі арыса, – тулақ» дейтін де мәтел бар.
Өте иісшіл аң. Тамақ іздеп, күніне талай жерді шолып өтеді. қызды ауылды торыған жігіт те: «Жортайын аш бөрідей тау жебелеп», – деп әндетеді. Ысты тайпасынан шыққан Бөлтірік шешен, албан тайпасынан шыққан Бөлтірік ақын өткен. «Тарихи-и-Рашиди» кітабінде М.Х. Дулати бабамыз да бір Бөлтірік шешен жайында жазады.
Жолбарыс: гүрілдейді, мырылдайды. Үлкен мысық секілді шұбар аң. Сыртқы тұлғасы арыстаннан мүлде басқаша, алайда екеуінің сүйек қаңқасы бір-бірінен айнымайды. Денесі ұзынша, құйрығы ұзын, басы дөңгелек. Жылдам, күшті әрі епті аң. Ұзындығы 180-317 сантиметрге дейін жетеді. Құйрығы 90 сантиметр болады. Салмағы 227-272 келі. Өте жүректі, өжет, қорықпайтын аң.
Бұрын Іле мен Балқаш бойында, басқа жерлерде де кездесіпті. Қазір Қазақстанда бар деген дерек жоқ. Баласын мәулен, ұрғашысын өлекшін, еркегін шері дейді.
Қазақ арыстанды айбатты аң санаса, жолбарысты қайратты аң деп бағалайды. Ғылым оны мысық тұқымдас аңға жатқызады. ХХ-ғасыр мен ХХІ-ғасырдың басында Шерхан Мұртаза атты әйгілі қазақ жазушысы әрі қоғам қайраткері өмір сүрді. Үндестік заңына сәйкес «шері» жән «хан» сөзі бірігіп Шерхан деп аталады.
Қабылан: ғалымдардың айтуынша, қазіргі күнде Түрікменстанда ғана кездесетін көрінеді, гепард дейді екен. Жүйрік аң. Жыртқыш. Жалпы тұрқы итке ұқсайды. Бірақ мысық тұқымдас аңға жатады. Денесі 123-150 сантиметрдей ұзын, құйрығы 61-75 сантиметр. Аяғы өте ұзын, бірақ жіңішке, алайда аса күшті болады. Кішкене ғана жалы болады. Жүні шалаң келеді, жазық шөлейтте өмір сүреді. Өте сирек аң.
«Қабыландай» деген теңеудің барына қарағанда, бұрын Қазақстанда кездескен болу керек.
Барыс: ырылдайды, дыбысы мияулағанға ұқсас шығады. Әдемі, дәу мысық, денесі ықшам, өте күшті аң. Жүні сарғыш, дөңгелек-дөңгелек дақтары бар. Ұрғашысы – таутан, баласы – алан. Оның қара пантера дейтін түрі біздің елде жоқ. Қатаң табиғатқа шыдамды бір түрі – қарлы барыс, оны қазақтар ілбіс дейді. Денесінің ұзындығы 103-130 сантиметр аралығында. Құйрығының ұзындығы 92-105 сантиметр аралығында, әрі ұзын, әрі жуан болады, өз салмағы 23-41 келі аралығында. Жүні өте қалың, жұмсақ, аязға шыдамды. Таулы жерде өмір сүреді. Арқас (Жоңғар), Іле, Талас Алатауында 600-1200 метр биіктікте жүреді. Ымырт кезінде, түнде тамақ іздеп жортады. Қазіргі кезде азайып бара жатқан аң.
Қазақ шежіресінде, қытайдың көне жазбаларында Үйсін мемлекетінің Елсау күнбиін сәби күнінде таутан ұрлап әкетіп, біраз уақыт емізіпті. Адамдар аланын өлтіріп кеткен соң, соның орнына бала Елсауды алып кетіпті деген әңгіме бар. Бұл аңыз емес, шын болған оқиға деседі.
Сүйінбай ақынның бөрілі байрақты жыр етуі осы әңгіменің сарыны болса керек.
Қазақ күнтізбесінде «барыс» деген жыл аты бар.
Үш немесе беске дейін бала туады. Азайып бара жатқан, қызыл кітапқа кірген аң. Суыр, қоян секілді ұсақ аңдарды жеп күнелтеді.
«Барыс» деген ат айбынды естіледі, ал «Ілбіс» деген әлсіздеу естіледі. Барыс пен ілбіс бір аң екеніне сенгің келмейді. Көзге көріне бермейтін, көрінбеуге тырысатын, қарлы биікте ғана жүретін аң. Қазақ күнтізбесінде Барыс жылы бар. Қазақ оны қойды өлтірмей, тірідей құйрығынан ойып жейді деп жақтырмайды.
Шие бөрі деп те жатады. Алдыңғы жағы биік, арт жағы аласа келеді. Денесінің ұзындығы 95-109 сантиметр, құйрығынікі 27-34 сантиметр, ал салмағы 27-54 келі, мойнында 30 сантиметрдей жалы болады. Мойны ұзындау әрі күшті келеді. Басы дәу, құлағының ұшы сүйірленген үшкір. Тісі үлкен, өткір, азуы кең. Алдыңғы табаны артқысынан ұзындау, күштілеу, қисықтау болып келеді. Неғұрлым батпақты далада, таудың тасты етегінде, кейде тоғайлы жерде жүреді. Жемтігін жабыла келіп ұстайды. «Шүйе бөріше шулап не көрінді?» – дейді қазақ. Үйірімен жабылғанда, шүйебөрілер арыстанды да ығыстырады. Жемтікке таласқанда, ешнәрседен қаймықпайды. Қазақ жақтыра қоймайтын аң.
Қорқау қасқыр: түсі тым суық келеді. Тұрқы ұсақ қасқырға ұқсайды. Ұзындығы 71-85 сантиметрдей. Құйрығы 20-36 сантиметр аралығында. Түсі қожалақ сары, бірыңғай сары, қара теңбіл болады. Ұсақ аңдарды, өлексені, жеміс-жидектерді жейді, елді мекеннің маңайында жүреді. Жұптарымен өле-өлгенше бірге өмір сүреді. Ұрғашысы екі ай ғана буаз болып босанады. Күшігі емеді. 15 жылдан артық өмір сүрмейді. Негізінен түнде жортады. Епті, озбыр. Жемтігін біріне қарай бірі қуалап, екеулеп аулайды. Мекенін өзгертпейді, тұрақты. Бірнеше түрі бар. Жұқпалы ауру таратулары мүмкін өлекселерді жеп тамақтанады. Қазақтар өлген адамның көрін де қазады деп, жек көреді. Тойымсыз, нәпсісін тия алмайтын адамды қорқау қасқырға теңейді.
Маймыл: жер бетіндегі адам тұрпаттас түрлері бар бірден-бір жануар. Түрі көп. Бәрінің тырнағы жалпақ, миы қатпар-қатпар. Көзі тікірейген, ежірейген. Біздің жерде өмір сүрмейді. Жылы жақтың жануары. Ит, аю тұрпаттас түрі де, жалпақ танаулысы мен қисық танаулысы да бар.
Ерте кездерде түрік елі мекендеген жерде де өсіп-өнуі мүмкін. Өйткені бұрын оны қазақтар «мешін» деген, күнтізбеде «мешін» деп аталатын жыл бар. Орангутан, шимпанзе, горила деген түрі адамға ұқсас келеді. 30-35 жыл жасайды.
Орангутан деген түрі ірі болып келеді. Еркегі 180 келі шамасында, ал ұрғашысы 81 келідей болады. Еркегінің ұзындығы 130-140 сантиметр, ұрғашысынікі 110-120 сантиметрдей.
Орманда ұя жасап тұрады. Шөп, жабайы жеміс жейді, ағаштың қабығын да тамаққа пайдаланады. Негізінен үндемейді, өте сирек дыбыс шығарады.
Африкада мекен етеді.
Шимпанзе деген түрі де Африкада тропикалық ормандарда өмір сүреді. Ұзындығы 150 сантиметрге дейін жетсе, салмағы 45-80 келі аралығында болады.
Қолы аяғына қарағанда ұзын болады.
Горила деген түрі де Африкада өмір сүреді. Ол – маймылдың ең ірісі. Ұзындығы 180 сантиметрге жетеді, салмағы 250 келіден асады.
Бұл маймыл адамға қауіп төндірмейді. Қолы ұзын. Топ-топ болып жүреді.
Маймылдар ағаш басында да, жерде де жүре береді.
Балаларын емізеді.
Өсімдіктерді, шөптің түр-түрін жейді.
Түлкі: үреді. Жыртқыш аңдардың ең қуы, айлакері саналады. Ит тұқымдас. Біздің елде он шақты түрі кездеседі. Суық жаққа қарай ірі болады. Ағашы сирек қыратта, төбелі, жыралы жерде кездеседі. Ұсақ аңдарды да, құстарды да жейді. Әсіресе тауық етіне құмар деседі. Інін өзі де қазады, кейде суырдың інін тартып та алатын көрінеді.
«Қу түлкі» деген – аса кең тарап кеткен сөз тіркесі. Алдағыш адамды «Қу түлкідей бұлаңдап» деп жатамыз. Түлкі ішік, түлкі жағалы киім тігу, түлкі тұмақ кию сәнге, әдемілікке жатады.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мәтел бар. Түлкі қулықтың бейнесі болса, қулықты ақылдылықтың да бір саласы санауға болады. Ұрғашысын жәутік, баласын жәудір дейді.
Тілімізде «жаман-жәутік» деген тіркес бар.
Алдағысы келіп, біресе олай, біресе былай сөйлеп отырған кісіге «Түлкі бұлаңға салмасаңшы!» – деп жатамыз. «Жәудіреген көзіңнен айналайын!» – дейміз. «Түлкілі» деген жерлер бар.
Қарсақ: түлкінің кішілеу түрі деуге болады. Қашып құтылуға мүмкін емес жағдайда өтірік өлген боп жата қалады. Сәтті кез туды-ау дегенде, тұра сап қаша жөнеледі. Қары жұқа түсетін жерлерде өмір сүреді. «Қарсақ жортпаса қу медиен» деген тіркестің айтылуына қарағанда, ол табиғаты қатаң жерлерде де өмір сүре беретін болу керек. Қарсақпай деген кенді жер, сірә, сондай жер шығар? Қазақстанда Қарсақпай деген өндірісті қала бар. Атына қарағанда, бір кезде қарсағы көп жер болған болу керек.
А. Қарсақпаев деген қазақтың әйгілі кинорежисері болған.
Жанат: ғылымның саралауы бойынша, жеті түрі кездеседі. Жүні қалың, ұзын, бурыл сары, тұмсығы қара болады. Құйрығында 6-7 не қара, не бурыл сақинасы болады. Қыста ұзақ ұйықтайды. Жүні әдемі аң. Бұрын ауқатты адамдар жанат ішік, жанат бөрік киген. Жанат, Жанатбек деген кісі аттары бар.
Борсық: «Борсық ұрған сайын семіреді» деген сөз бар. Соған қарағанда, оған соққы батпайтын болу керек, себебі оның денесі өте майлы, семіз келеді. Үшкір тұмсықты, ін қазып өмір сүретін аң. Аса семіз адамды «Борсықтай болып кетіпті» деп жатады.
Ұзындығы 90 сантиметрге дейін, құйрығы 24 сантиметрге дейін, салмағы 24 келіге дейін жетеді.
Аяғы қысқа, жуан, тобанаяқ, тұмсығы ұзын, жерді қазуға ыңғайлы. Құйрығы да қысқа, жүні қошқылтым. Орман-тоғайлы жерде, өзенді алқапта, тауда өмір сүреді. Іні терең болып келеді.
Белгілі бір жерде тұрақты өмір сүреді. Інінің аузы көп болады. Ұсақ аңдарды, жеміс-жидек, құрт-құмырсқаны жейді. Кейде бір жегенде 50-70 бақа жейді. Ал жай күндері жарты келі ғана тамақ жейді.
Інінде ұзақ ұйықтайды. Буаз күйінде 284 тәулік тумай жүреді, қыста 420-450 тәулік көтереді. Күшіктері 35-42 күндей інде болып, содан соң екі-екі жарым айда сыртқа шыға бастайды, үш айдан соң өздері жем тауып жей бастайды.
Орман-тоғайдағы зияды жәндіктерді жеп, көп пайда келтіреді.
Күзен тұқымдас жануарға жатады. Борсықтың майын емге пайдаланады.
Құндыз: ірі кеміргіш. 16 тісі болады. Ұзындығы 1 (бір) метрге, салмағы 30 келіге жетеді. Жүні қара немесе қоңырқай болады. Тісі ақсиып, аузынан көрініп тұрады. Үстіне су жұқпайды, өйткені жүнін сілекейімен әлсін-әлсін майлап тұрады. Баяу ағатын судың бойында өмір сүреді. Інін жарлауыт жерге салып, аузын судың ішінен бастап қазады, сондықтан інін табу аса қиын. Тісі өткір, ағаштарды қиып құлатып, суға бөгет салады. Жуандығы 5-7 сантиметр ағаштарды бір түннің ішінде құлатып, бөгетке қалап тастайды. Күзде өзіне қажет ағаштарды құлатып, ағызып, дайындап алады. Ол салған бөгеттің биіктігі 13 метрге дейін жетеді. Терісі аса құнды болады. Құндыз жағалы киімдер, құндыз бөріктер қазақтың сәнді бұйымдарына жатады.
Күзен. Сасық күзен деген түрі бар. Жаны қысылғанда сасық иіс шығарып қорғанады. Шағын ғана, мысық көлемдес аң. Түсі сары қоңыр болады. Қазақстанның барлық жерінде бар.
Баласына Күзенбай, Күзенбек деп ат қойғанына қарағанда, қазақ жақсы бағалайтын аң.
Суыр: шаңқылдайды. Даусы ашшы болады. Қазақта: «Суырдың айғырынша шаңқылдап не көрінді?» – деген сөз бар. Ірі тышқан. Ұзындығы 40-70 сантиметр. Құйрығы денесінің жартысындай. Мойны қысқа, көзі дәу. Құлақ қалқаны кішкентай. Үстінің жүні қалың. Өмірінің көбін інде өткізеді. Іні бір-ақ ауызды, тереңдігі 5-7 метрдей болады. Інін қазғанда, топырағын сыртқа шығарып тастайды, сондықтан інінің аузы 1 метрге жететін төбешік болып жатады. Күніне 1-1,5 келі шөп және шөптің тамырын жейді. Бір інде екі-үшеуі, одан да көбі өмір сүреді. Майлы, жуас тышқан. Қалмақтар суырды «тарбага» дейді, Тарбағатай тауы суыры көп тау дегенді білдіреді. Асырауға тез көнеді. Тауда, таудың етегінде жақсы өмір сүреді. Терісі бағалы. Бас киім тігеді. Етін жейтіндер де бар көрінеді.
Кірпі: үсті-басын бүйіріне дейін ине секілді қатты, үшкір тікенек басқан, денесі 20-30 сантиметр аң. Салмағы 700-860 грамм, құйрығы 3, құлағы 3,5 сантиметрдей. Тұмсығын ішіне тығып, шүйке жіпше дөңгеленіп жатып ұйықтайды. Оған кейбір улы нәрселер, жыланның уы да, мышьяк та, апиын да онша әсер етпейді, жеуге жарайтынның бәрін жей береді. Бұталы, ағашты жерде өмір сүреді. Оның ең қорқынышты жағдайы – үсті-басының кене жинағыштығы. Жақтырмайтын кісісін көргенде, кейбіреу кірпідей жиырылады.
«Кірпі баласын сүйеді мамығым деп», – дейтін сөзі бар. Әркімнің өз баласы өзіне қымбат деген мағына береді.
Ақтиін: түсі сұр, сарғыш, үлкен тышқан тәрізді. Ірісі, ұсағы болады. Ұзындығы 70 сантиметрге дейін, салмағы 9 келіге дейін жетеді. Алдыңғы аяғынан артқысы екі еседей ұзын болады. 20-22 тал тісі болады. Суыр, саршұнақ секілді кеміргіштер тұқымына жатады. Терісі бағалы. Жылына 2 рет туады. Баласы 4 айдан кейін ғана көзін ашады. Ағашты, жемісті жерде өмір сүреді. Қыста жүні аппақ болып кететіндіктен, «ақ тиін» деп атаған.
Жайра: кірпінің үлкен түрі деуге болады. Денесінің ұзындығы 38-90 сантиметр аралығында. Салмағы 18 келіден 27 келіге дейін жетеді. Құйрығы денесінің жартысынан да қысқа болады. Арқасын, бүйірін, құйрығын 35 сантиметрге жететін тікенек сояу жауып тұрады. Оның түсі қара және ақ араласып, ақжолақ болып тұрады. Басы, бауыр жағы тікенексіз бурыл түсті жүн болады. Құйрығында тікенектен өзге жуан инесі бар. Тұяғы қатты, аузында 20 тісі болады. Екі-үш жұп емшегі бар. Жылына бірнеше рет балалайды. Көбіне егіз туады. Баласы көзін ашып, инесімен туады. Інінің тереңдігі 4 метрге, ұзындығы 10 метрге жетеді. Түнде жортады, күндіз інінде жатады. Біздің елде бір-ақ түрі кездеседі. Кеміргішке жатады. Шөп қоректі. Он-он бес жыл өмір сүреді. Жабайы жемістерді де жейді.
Алағат (зебір): жалпы тұрқы жылқыға да, есекке де ұқсайды. Біздің жақта болмайды, негізгі мекені – Африка. Үсті-басы ала тарғыл. Денесінің ұзындығы 2-2,4 метр, биіктігі 1,2-1,4 метр, құйрығы 45-57 сантиметрдей. Терісі бағалы, әртүрлі сыйлық пен тарту заттарын жасауға жұмсалады. Баласын құлын дейді, туа салысымен 10-15 минөтте аяқтанып, 20 минөттен кейін жүріп кетеді, 45 минөттен соң ойнай бастайды. Енесі баласына 3 метрден артық ешкімді, ешнәрсені жолатпайды. Жас құлынды алағаттар үйірімен жабылып қорғайды. Ұрғашы алағат екі-үш жылда бір құлындайды.
Француздың атақты жазушысы Ги де Мопассан Алжирдегі алағатты жабайы есек деп жақтырмайды.
Жабайы шошқа: қорсылдайды. Қазақ доңыз деген. Асырап, қолға бағып, етін жейтін халықтар бар. Мұсылман дінін ұстайтындар ғана жемейді. Қазақтың күнтізбесінде доңыз жылы бар. ХІІІ-ғасырды «кака жылы» деген.
Кейбір жануарлардың етін кейбір халықтың неге жемейтінін түсіндіру өте қиын. Өйткені ол – өте ерте замандарда қалыптасқан дәстүр. Мысалы, қазақтың ең сүйкімді асы саналатын жылқы етін де жемейтін ел жер бетінде толып жатыр. Сондықтан әр халықтың әр түрлі дәстүрін сөгуге де, айыптауға да болмайды, тек сыйлау керек. «Әр елдің заңы әр басқа, иттері қара қасқа» деген ғой.
Бұрынғы кеңес елінде шошқаның 25-тен астам түрі болған. Шошқаның желкесінде жалы болады. Асыранды шошқа секілді еркегін қабан, ұрғашысын мегежін, баласын торай деп атайды. Еменді орманды ұнатады, оның жаңғағын қазақтар шошқа жаңғақ деп атайтыны сондықтан болса керек. Денесінің ұзындығы 130-175 сантиметр аралығында, бойының биіктігі 100 сантиметрге дейін жетеді, салмағы 60-тан 150 келіге дейін барады. 275 келіге жеткені де болған. Шөп, шөптің тамырын жейді. Шошқаның етін жейтіндер жабайы шошқаны орманды, балшықты жерлерден аулайды.
Алматы обылысында Іленің сол жағында Доңыз тауы, оң жағында Шошқа өткел деген жер бар. Бұрқан тауының қарағайлы орманында жабайы шошқа жайылады.
«Ит жоқта шошқа үреді» дейтін мәтел бар.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматынан қазақты құтқарған қазақ батырының бірі Қаракерей Қабанбай болған. Оның азан шақырып қойған аты – Ерасыл. Кейін бетқаратпайтын батырлығына бола Қабанбай аталып кеткен деседі. Қасқа тісі қабандікі құсап көрініп тұрады екен деушілер де бар.
«Диірменді қазақ «Қараңғы үйде қабан күркірейді» деп жұмбақтайды. Үсті-басын былғап алған баланы «Өй, шошқа» деп ұрсып жатады. Оны қазақ бір кезде кака (й) деп те атаған. Қазақтар осы күні де баласы былғаныш нәрсені ұстағалы жатса, «Қой, ол какай!» – деп ұрсады. Сірә, арғы түбі парсы сөзі болса керек. Өйткені Рәшит әд-Дин доңыз жылын какай жылы дейді.
Зіл: өте ауыр деген мағына береді. Өте ертеде өмір сүрген үлкен, ауыр аң.
Ғылым тілінде оны мамонт дейді. Қазіргі күнде жер бетінен жойылып кеткен аң. Аты сақталғанына қарағанда, біздің ата-бабаларымыздың ол туралы мағлұматы болған секілді. Аса ауыр нәрсені «зілдей екен», «зіл-батпан» деп жатады қазақ.
Археологиялық қазбалар қазақ жерінде бұрын зіл-мамонттың болғанын дәлелдеді.
Піл: иілетін, әр нәрсені ұстай алатын ұзын тұмсығы бар жануар.
Қазіргі күнде біздің жерде кездеспейді, алайда теледидардан, хайуанаттар бағынан көруге болады. Жылы жақта өмір сүретін, жер бетіндегі бірден-бір тұмсық ерінді аң. Пілден басқа ешбір аңда тұмсық ерін жоқ. Сол тұмсық ернімен піл демалады, тамақ жейді, су ішеді, дыбыс шығарады, шомылады. Адамға қол қаншалық қажет болса, пілге тұмсық ерні де соншалық қажет, онсыз өмір сүре алмайды. Тек жас бала кезінде ғана оған тұмсық еріннің қажеті болмайды, өйткені ол кезде енесін емеді. Енесінің емшегі кеуде жағында, алдыңғы екі аяғының ортасында – төсінде болады, оны баласы тікелей аузымен емеді. Пілдің ең үлкені Африкада. Еркегінің салмағы 7,5 тоннаға дейін жетеді. Соншалық дәулігіне қарамастан, жылдам жүреді, жеңіл қозғалады. Суда жақсы жүзеді. Үйірімен жүріп жайылады, бірақ ағаш арасында жүргенде ешбір сыбдырын, сытырын есіттіртпейді. Бір түнде он шақты шақырым жер жүре алады. Жеке, жалғыз өмір сүруі өте сирек. Піл баласын 22 ай көтереді. Жыл мезгілінің кез келген уағында, төрт жылда бір туа береді, 12-20 жасында ержетеді, 60-70 жыл жасайды. Пілдің сүйегі алтынмен барабар бағаланады. Одан сан алуан әшекей заттар мен қымбат сый-бұйымдар жасалады. Зіл мен піл бір тұқымдас болуы мүмкін.
Мүйізтұмсық: пысылдайды.
Ауыр денелі жануар, терісі өте қалың. Тұмсығында не бір, не екі мүйізі болады, аты соған байланысты мүйізтұмсық деп аталады. Аяқтары қысқа. Денесі жүнсіз, тықыр болады. Біздің жерде кездеспейді. Оңтүстік, Шығыс Азияда, Африкада өмір сүреді. Ұзындығы 2-4 метр, биіктігі 1-2 метр. Бір ғана баладан туады.
Керік: біздің жерде бұрын-соңды болған деген ғылыми дерек жоқ. Қазіргі күнде тек Африкада өмір сүреді. Теледидардан немесе хайуанаттар бағынан көруге болады. Жер бетіндегі бойы ең ұзын аңға жатады, бойы орташа есеппен 4,8-5,8 метрге жетеді. Салмағы 75 келі. Басы қара, кірпігі қою, құлағы қысқа әрі жіңішке. Тілінің ұзындығы 50 сантиметрге дейін жетеді, ағаш жапырағын биіктен сыдырып жеуге өте қолайлы. Маңдайында көрінер-көрінбес, білінер-білінбес бір немесе екі тұқыл мүйізшесі болады. Мойны өте ұзын керіліп жатқандықтан, қазақ керік атаған болу керек. Бөксе жағы аласа. Бүкіл денесі шұбар түсті болғанмен, шұбарлығы дәл бірдей екі керік өмірде кездеспейді, әрбірінің шұбары әр басқа. Негізінен топтанып жүреді. Бөкенмен, түйеқұспен, алағатпен араласып жайыла береді. Мойны да, аяғы да ұзын аң.
Бегемот: бұл да біздің жақта болмайтын жануар. Оны гиппопотам деп те атайды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, кезінде ол әлемнің біраз жерінде болған, қазір тек Африкада ғана кездеседі. Аяғы әрі қысқа, әрі жуан, төрт бақайы бар. Мойны жоқ деуге болады, денесімен тұтасып кеткен. Басы дәу, ауыр, тұмсығы жалпақ, аузы да жайындай, тісі сирек, азуы бар. Танауы, құлақ жарғағы және төбе тұсында көзі болады, сондықтан ол өзі су ішінде жатып-ақ жан-жағын жақсы көре алады. Еркегінің салмағы 3 мың-3 мың 200 келіге дейін жетеді. Басынан бөксесіне дейінгі ұзындығы 400-420 сантиметрге жетсе, бойының биіктігі 165 сантиметр болады. Үйірімен өмір сүреді. Бір үйірде оннан, жиырмадан ұрғашысы болады. Олар белгілі аймақты иемденіп алады, сол жер үшін төбелеседі. Кейде ондай төбелес екі сағатқа дейін созылады.
Қолтырауын: бауырымен жорғалаушы жәндіктердің ішіндегі ең ірісі. Ол динозаврлардың замандасы саналады. Пайда болғалы бері 60 миллион жыл өтті деп жорамалданады. Ал оның жер бетінде ата-бабасының пайда болғанына 200 миллион жыл өтті деп жорамалданады. Құйрығы ұзын, екі бүйірі қабысып тұратын мақұлық. Тістері азу секілді мықты, ұзындығы 5 сантиметрге дейін жетеді. Ғұмырында бірнеше рет тістейді. 9 мойын омыртқасы, 15-16 дене (арқа) омыртқасы, 2 сегізкөзі, 40 шақты құймышақ омыртқасы болады. Екі көзі дүрбідей, әрі үлкен, әрі алыстан көреді. Құлағы, өкпесі бар, қуығы болмайды. Оның етін жейтін халықтар бар. Терісі мықты, өте бағалы.
Қолтырауынның терісінен жасалған сөмкелер мен бұйымдар қымбат зат саналады.
Сілеусін: тоғайлы жерде өмір сүретін мысық тұқымдас аң. Одан ірі болады. Ұзындығы 82-105 сантиметрге жетеді. Құйрығы қысқалау, шолақ, 20-31 сантиметр. Салмағы 8-15 келі. Табаны жалпақ, жүнді болады. Қыста жүні жұмсақ, тіпті тығыз болады. Терісі әдемі, бағалы. Сиреп бара жатқан аң. Қазақстанның біраз жерінде әлі бар.
Кенгуру: артқы екі аяғымен секіріп жүретін аң.
Бала кезімізде бізге оны «қалталы қасқыр» деп оқытты. Австралияда өмір сүретін қалталы аң. Баласын қалтасына салып жүріп асырайды. Қалтасы бауыр жағында болады. Австралияда қалталы аңның түрі көп. Қалталы тышқан да, қалталы күзен де бар.
Сусар. Жыртқыш аң. Ұзындығы бір метрге жетер-жетпес. Құйрығы ұзын. Жүні жұмсақ, мамық. Әлденеше түрі бар.
Біздің елде үш түрі кездеседі. Орманды аймақта өмір сүреді. Таулы жерде болады. Ұсақ жәндіктерді, жеміс-жидекті жейді. Жемтігін түнде аулайды. Терісі өте бағалы аң. Одан әртүрлі киім тігеді. Жігіттер сусар бөрік кисе, беторамалдың шетіне бір тілім сусар терісін түйіп, сонымен сақал-мұртын, жағасы мен жеңін жалтыратып сүртіп сәнденеді. Әйгілі Біржан салдың:
Шетіне орамалдың түйдім сусар,
Көп жылқым көк алалы көлде жусар, –
деуі содан болса керек.
Бұлғын. Сусар тұқымдас жыртқыш аң. Салмағы бес келідей болады. Жүні қоңыр болып келеді, омырауы ақшыл түсті. Терісі әдемі, бағалы. Қазақстанда Қатонқарағай, Зеренді өңірінде өсіп-өнеді.
Орманды, қылқан жапырақты тоғайларда тіршілік етеді. Ұсақ кемірушілерді және құстарды ұстап жейді. Жаңғақ, жеміс-жидекті жеп күнелтеді. Баласын тоғыз ай көтереді. Баласы соқыр болып туады. Көктемде және күзде жүні түлейді. Терісінен бұлғын бөрік, бұлғын ішік тігіледі.
Абайдың баласы Ақылбай:
«Ішік кидім сусардан, бұлғын жаға,
Жастық шақты өткіздік бермей баға», – деп әндеткен ғой.
Теміршың – Шыңғыс хан – дүниеге келгенде, Желме мен Сүбітай батырдың әкесі туыстық дәстүрмен оған бұлғын жөргек әкеліп, Желмені нөкерлікке берген.
Кәмшәт: орманды су бойында, балықты, кемірушілері көп жерде өмір сүреді. Қыста бақа жейді. Іні су бойында болады. Терісі мықты әрі әдемі келеді. Алып камшәт та болады, оның ұзындығы 150 сантиметрге, салмағы 31 келіге, құйрығының ұзындығы 71 сантиметрге жетеді. Баяу ағатын судың бойын, тоспаларды жайлайды. Бұрынғы кезде қазақ қыздары камшәт бөрікті сәнге киген. Кәмшәт атты қыз-келіншектер де кездеседі.
Сутышқан: ұзындығы 10-нан 36 сантиметрге, салмағы 1-3 келіге дейін болады. Құйрығының ұзындығы денесінен 4-5 есе қысқа болады.
Қазақстанда Сыр бойында, Балқашта, Іледе өмір сүреді, басқа да өзен-көлдерде азды-көпті кездеседі.
Буаз күні 20-30 тәулікке созылады, орташа 5-6 балаға дейін туады, 10-нан асыратындары да кездеседі. Өсімдіктермен қоректенеді. Суда жақсы жүзеді, өмірінің бәрі су ішінде, жағада өтеді.
Жүні қоңыр, қара түсті болып келеді. Терісі жылы, адамдар терісінен баскиім жасап киеді. Сәбізге әуес. Орыстар оны «андатыр» дейді.
Саршұнақ: шаңқылдайды. Інді паналайтын ірі тышқан. Терісі бағалы, баскиім, тағы басқа нәрселер тігеді.
Терісі сары, сарғыш, сары қоңыр болып келсе, құлағы қысқа, шұнақ болып келеді. Сары+шұнақ (саршұнақ) аталуы содан.
Ұзындығы 18 сантиметрге жетеді, құйрығы 12 сантиметр. Жүгіргенде, бұрылғанда тепе-теңдікті құйрығымен сақтайды. Артқы табаны жүнсіз, тықыр. Таулы жерде де, шөлейіт жерде де өмір сүреді. Інін көлденең де, тік те қазады, ұзындығы 106 сантиметрге, тереңдігі орташа 210 сантиметрге жетеді. Бір інді тобымен паналайды. Бір гектар жерде 15-інге дейін болады. Бір саршұнақ 15-ке дейін бала туады. Жусан жейді. Саршұнақтың үлкені де, кішісі де болады. Үлкендері інінің маңайындағы адыраспанды, ебелекті жемейді.
Қазақта «сары шұнақ аяз» деп қатты суықты айтады, бірақ оның саршұнақ тышқанға ешбір қатысы болмау керек. Сірә, аяздың бірден құлаққа әсер ететінін бейнелеп айтқаны болу керек.
Көртышқан: шиқылдайды. Жертышқан деп те жатады. Өзі кішкентай болғанмен, інін 4 метр терең етіп қазады. Көлденең қазған жолының тереңдігі 2-5 сантиметр. Жолдан өткенде, 15-25 сантиметр тереңдікте өткел жасап қазады. Жылына екі рет балалайды. Баласы соқыр, қып-қызыл шақа болып туады. Бірақ тез өседі, бір айдың ішінде үлкен тышқанмен бірдей болады. Терісі өте мықты, шеберлер одан сыйлық заттар жасайды.
Үй тышқаны: қаптесер деп те атайды. Ұсақ, ұзындығы 7-10 сантиметрдей ғана. Құйрығының ұзындығы денесінің жартысындай, кейде бірдей болады. Түсі сарғыш, сұр болып келеді. Інін 20-30 сантиметр терең етіп қазады, оның бір ғана аузы болады. Үй тышқаны далада да өмір сүре береді. Одан құтылу үшін, адамдар үйге мысық ұстайды. Үйден ұзақ уақыт шықпай қойған адамды «көртышқанға ұқсап» деп сөгеді.
Егеуқұйрық: шиқылдайды. Ұзын құйрықты, аса жемір, тым зиянды кеміргіш. Өте тез көбейеді. Суда да, құрғақта да жақсы өмір сүреді. Суда жақсы жүзеді. Қарасы, сұры болады. Әлемнің барлық жерінде де бар. Құйрығы мен денесінің ұзындығы бірдей болып келеді, 15-тен 23 сантиметрге дейін жетеді. Бауыр жағы ақ. Ауылда да, қалада да болады. Қыстық азығын күзде жинап алады. Өте сақ, құрылыста, қуыс жерлерде жүреді.
Атжалман: шиқылдайды. Тышқанның жыртқыш түрі. Екі ұрты томпиып тұрады. Егіске өте зиянды, ұртына бидайды толтырып әкетеді. Жазық далада өмір сүре береді. Ін қазып өмір сүреді.
Қосаяқ: шиқылдайды. Екі алдыңғы аяғы қол сияқты қысқа, екі артқы аяғы мен құйрығы ұзын, секектеп секіріп жүретін, сыртқы тұрқы қоянға ұқсайтын ірі тышқан. Шалғынды жерде, жол бойында, жайылымда өсіп-өнеді. Інін 2 метр етіп қазады. Денесінің ұзындығы 19-26 сантиметр. Құйрығының ұзындығы 30 сантиметрге жетеді. Түсі сарғыш құм секілді сары бурыл, бауыр жағы ақшыл болады.
Ақкіс. Кішкентай ғана ақ тышқан. Таулы, салқын жерді мекендейді. Терісі әдемі. Сусар тұқымдасына жатады. Құйрығы он сантиметрден асады, салмағы 250 граммдай ғана.
Жазда жүні қызғылт бауыры сарғыш, құйрығының ұшы қара болады да қыста шымқай ақ болады.
Суда жақсы жүзеді. Ағашқа да өрмелейді. Жылына бір мәрте күшіктейді. Қыста да кесірткілерді аулап күн көреді. Алтайда, Жетісуда өмір сүреді. Шөлді жерде болмайды. Терісі өте бағалы. Сутышқанды да жейді.
Балықтар:
Адамдар балықтың барлық түрін де, жыртқышын да жейді. «Ағын судың арамы жоқ» дейтін қазақ та қазір балық жеуді үйренді.
Балықтар су жануарларына жатады. Жер шарында олардың түрі өте көп, біразы Қазақстанда да бар. Қазақ жері ешбір мұхитқа тікелей шығып жатпаған соң, балық пен балық тектес жануардың көп түрін біз көре алмаймыз, алайда жалпылай болса да білген дұрыс.
Кит: уһілейді, айғайлайды, күркірейді, шарылдайды – алуан түрлі дыбыс шығарады. Сүт қоректіге жататын ең ірі балық.«Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен», – дейді қазақ. Сол үлкен балығы – осы кит, ал үлкен қамысы – бамбук. Кит баласын емізеді. 50 жылға дейін өмір сүреді. Ең үлкен түрі – мұртты кит. Оның ұзындығы 15-18 метр, ал кейбірінікі 21 метрге жетеді. 3-6 жылда бір бала табады. Солтүстік мұзды мұхитта өмір сүреді.
Қазақтың ұғымында балықта тіл жоқ, бірақ ғалымдар олардың өзара бір-бірімен ұғысатын өз тілі бар екенін дәлелдеді.
Делфин. Қазақстанда жоқ. Қапқазда бар. Тұшшы сулы өзенде де, тұзды теңізде де өмір сүреді. Ұсақ балықтарды жейді. Тұмсығы өте сезімтал келеді, көзінің көруі нашарлау, есесіне есту қабілеті өте күшті. Негізгі отаны – Оңтүстік Америка, Үндістан, Қытай. Үйірімен жүреді. Ойнағанды ұнатады. Жүйкесі қатты жетілген. Қолға тез үйренеді. Дыбыс берудің күрделі жүйесін меңгерген. Тіпті адамның дауысын да сала алады. 22 тұқымға, 50 түрге бөлінеді. Ұзындығы 160-260 сантиметр аралығында. Қара теңіздегі делфиндердің ұзындығы 200 сантиметрден аспайды. Еркегі ұрғашысына қарағанда 6-10 сантиметр ұзындау болады. Сағатына 36 шақырым жүзеді. Кеменің қалқасында жарыса жүзсе, сағатына 60 шақырымға дейін алады. Жоғарыға 5 метр биіктікке дейін, ал көлденеңнен 9 метр қашықтыққа секіре алады. Қара теңіз делфині скумбрия, ставрида, сардина, сайра секілді ұсақ балықты жейді. Делфин баласын 10-11 ай көтереді. Баласын 4-5 айға дейін емізеді. 30 жылдай өмір сүреді. Оны кезінде Аристотель де жазған екен.
Итбалық (Түлен). Жер бетінде 20 шақты түрі бар. 1,2 метрден 6 метрге дейін ұзын болады. Артқы табандары иілмейді, сондықтан қозғалғанда оған сүйенбейді. Қазақ, сірә, итке ұқсатып итбалық дейтін болу керек. Тұяғы күшті, мойны қысқа, тұмсығы сүйірлеу келеді, аз қозғалады. Баласын түленнің күшігі дейді. Қазақстанда Каспи теңізінде өсіп-өнеді.
Қазақ тыныш отырмай, әрнені қозғап отыратын кісіге: «Сені не түлен түртіп отыр?», – деп тиіседі. Бірақ ол түлені осы түлен бе, өзге түлен бе, ешкім білмейді. «Түлен» деген шайтанның аты ертегіде де кездеседі.
Акула: жыртқыш балық. Түрі көп. Көлемі де сан түрлі. Мұхиттарда, мұхитпен шектесетін теңіздерде болады. Өзге балықтар сияқты ол да желбезегі арқылы дем алады.
Он бес-қырық сантиметрден бастап, он бес-жиырма метрге дейін ұзын болатын түрлері бар. Ұсақ балықтармен қоректенеді.
Иіс сезгіш келеді, су ішіндегі қозғалғанды сезе қоятыны бар. Аз ғана қанның иісін алыстан сезіп қояды. Көру қабілеті нашар дамыған.
Адамға шабуыл жасайтын түрі елу шақты. Әсіресе ақ акуланың аты ол жағынан көбірек мәлім.
Тұшшы суларда кездесетін түрі де бар. Көбіне жағаға жақын жерде жүреді.
Бекіре. Каспиде, Еділ мен Жайықта өсетін қызыл балықтың түрі. Қара уылдырығы өте бағалы. Ұзақ жасайтын балық. Оның елу, жүз жыл жасайтын түрлері бар. Орташа өмір сүруі 20-22 жыл болады.
Еркегі 10-12 жылда жыныстық жағынан ержетеді, ал ұрғашысы 12-15 жылда жетіледі.
Ішкі бітімі шеміршекті болып келеді, омыртқасы болмайды. Уылдырығын өзеннің қатты ағып жатқан жеріне шашады.
Ұсақ-түйек балықтарды жейді. Жыртқыш балыққа жатады. Құртпа (қортпа), шоқыр, табан деген түрлері болады.
Құртпа. Бекіре балықтың түріне жатады. Жыртқыш. Каспи теңізінде өседі. Ірі балық, тұшшы суларда өмір сүреді. Кей түрі төрт-бес метрге, салмағы бір келіге дейін жетеді. 60-70 жыл өмір сүреді.
Өзеннің ең жоғарғы жағына барып уылдырық шашады. Өзеннің қуыс-қуысында қыстап шығады.
Көктемнен жазға дейінгі аралықта уылдырық шашады. Ұзақ пісіп жетілетін балыққа жатады. Ол уылдырығын шашқанда, 220 мыңнан жеті миллионға дейін жеткізеді.
Жайық өзенінде де мол кездеседі.
Шоқыр. Бекіре тұқымдас қызыл балық. Шоқыр – тұмсығы ұзын балық, денесінің 60 пайызы сол тұмсыққа жатады. Ғалымдар оны соған қарап ерекше тұқымға жатқызғылары да келеді. Мұрты өте қысқа болады. Астыңғы ерні ортасынан үзіліп тұрғандай көрінеді.
Ұзындығы 220 сантиметр, салмағы 80 келі. Каспи теңізінде өседі. Жайық өзендерінде де кездеседі. Қатты ағатын өзендерде болады.
Бекіре тұқымдас балықтардың ішінде шоқыр жылы суды жақсы көреді.
Ерте пісіп жетілетін балықтың түріне жатады. Еркегінің көбі 8-ден 11-жылға дейін жетілсе, ұрғашысы 10-14 жылда пісіп жетіледі. Жайықтағы еркек шоқырлар 10-17 жылда жетіліп піссе, ал ұрғашысы 12-17 жастан жетіледі. Жайықтың шоқырларының орташа салмағы еркектікі 6 келі, ұрғашысы 10 келіге жетеді. Уылдырығын мамыр мен тамыз айының аралығында шашады. Уылдырығы 19 мыңнан 743 мыңға дейін барады. Уылдырығын шашып біткен соң шоқыр өзеннен теңізге кетіп қалады.
Ұсақ шабақтар мен балықтарды жейді. Өндіріс үшін ауланады. Бұл балықтың негізгі көп өсетін жері – Жайық өзені.
Табан. Он бес шақты түрі кездеседі. Каспи мен Арал теңізінде болады.
Бағалы өндіріс балығы. Қазақстанда тағы Балқашта, Ертісте өседі. Өзеннің жылылау бұғаздарында, су қоймаларында өмір сүреді. Арал теңізінде де кездеседі. Қамысты жерлерде ұсақ түрлері де кездеседі. Сыртқы түсі ақшыл сұр болып келеді. Жасына қарай оның түсі де өзгеріп отырады. Есейген сайын түсі қарая береді.
Ұзындығы 45 сантиметр, салмағы 2,5-3 келіге жетеді. Үш-бес жылда жыныстық жағынан ержетеді. Уылдырығын таңертең шашады, сол кезде шуылдаған дыбысы да шығады.
100-150 мың уылдырық шашады. Алты сөткеге дейінгі аралықта уылдырығынан тіршілік белгісі біліне бастайды.
Арал теңізінде ұсақ шабақтармен, ұсақ балықтармен азықтанады. Арнайы су қоймаларында, тоспаларда өсіріледі.
Алабұға. Балқаш пен Алакөлде, Іле өзенінде кездеседі. Ақшыл түсті болып келеді. Арқасы ала шұбар болады. Тұмсығының астыңғы жағы ұзындау болып, озып тұрады.
Балқашта екі түрі кездеседі. Шөп жейді, өте баяу өседі. Салмағы 25-50 грамм, ұзындығы он бес сантиметрге жетеді. Жыртқыш балыққа жатады. Өз уылдырығын да жеп қояды. Жағалауға жақын өмір сүретіні Балқашта көбірек кездеседі, Теңіз алабұғасы ірі болып келеді. 50 сантиметрге дейін ұзын болады, ал салмағы бір жарым келіге жетеді. Ол кәсіптік жолмен ауланады.
Жайын. Бұл да тұшшы суда өмір сүретін балық. Ұзындығы бес метрге дейін жетсе, салмағы 300 (үш жүз) келіге дейін баратын ірі балық. Аузы өте үлкен, доға тәрізді. Аузы дәу кісіні «аузы жайындай екен» дейтініміз содан.
Өзеннің, көлдің қорысты, қамысты жерінде өмір сүреді. Аралдың жайыны қара түсті болып келеді. Түсі әртүрлі болып келе береді, ал бауыр жағы ақшыл болады, бүйірінде тарғыл дақтары болады. Суда тұрғанда, оны байқай қою қиын.
Үстіңгі ұртында екі ұзын мұртшасы болса, астыңғысында қысқа мұрты болады. Жыртқыш балық. Ұсақ балықтарды жей береді. Кейде жайын бұзауды да жұтып қояды деген сөз бар. Бұзауды жұтса, қозы-лақты тіпті қылғытады ғой. Ұрғашысы үш миллиметрге дейін ұзын уылдырық шашады. Бір жылда баласы 40-60 сантиметрге өсіп, үлкейеді, үш-төрт метрге дейін жетеді. Оның терісінде желім сияқты сұйығы болады.
Кете. «Кете балық тұмсығы тасқа тимей тоқтамайды» деген сөз бар. Бұл балықтың түрін орыстар «лосос» дейді.
Қазақстанда Каспи мен Арал теңізінде кездеседі.
Оның бір жарым метрге дейін жететін түрі де болады. Үстінде жылтырауық қылтанақтары болады.
Ұсақ балықтарды жейді.
Уылдырығын күз кезінде шашады, содан көбейеді. Каспидегі кете балықтың салмағы 12 келіге дейін барады. Аралдағы балық Әмудария да тарайды. Ұзындығы бір метрге дейін барады.
Кете балықтың бір түрін кішкене ақтан (форель) деп атайды, оның әр жерде әрбір көлдерде, өзен-суда өсетіндері де болады, уылдырығы қызғылт сары болады. Оның өте дәмді болуына қарай, таза тау суында өсетіндерін «патша балық» деп те атап жүр.
Ақтанның теңізде өсетін түрлері өте үлкен болады, салмағы 8-10 келіге дейін жетеді, ал Қазақстанның өзен-суларындағы түрі майшабақтың көлеміндей ғана болып келеді. Олардың салмағы 200-500 граммдай, кейде одан да үлкенірегі кездесіп қалады. Өте дәмді балық. Қазақтың атақты жазушысы Тахауи ағамыздың фамилиясы «Ақтанов» еді.
Сазан. Тұнық суда өмір сүретін балық. Каспи, Арал теңіздерінде, Іле өзені мен Балқашта, Алакөлде өмір сүреді. Бірнеше түрі бар.
Арал сазаны ерекшеленеді. Қылтанағы көп, бірақ өте дәмді балық. Ертісте, Зайсанда өсіп-өнеді.
Тынық, тыныш жерде өмір сүргенді ұнатады.
Ұзындығы 30 сантиметрге, салмағы 20 келіге дейін жетеді. Ұзындығы 100 сантиметрге дейін баратыны кездеседі. Миллионға дейін уылдырық шашады.
Аппақ, әдемі келіншекті қазақ «ақ сазандай аппақ екен» деп, сүйсіне мақтап отырады. «Ақ сазанды асып жейтін қайран басым қоңырсыған қой етін жеп қор болдым-ау!» – деген екен балықты жердің басқа жаққа ұзатылған бір қызы.
Шортан. Негізінен тұщшы суда өмір сүретін балық. Каспи мен Арал теңіздерінде кездеседі.
Ұзындығы бір жарым метрге жетсе, салмағы 35 келіге дейін барады. Су жиегіндегі қорыс жерлерде, қамысты арада өмір сүреді. Түсі сұр болады. Арқасы қара, бауыр жағы ақшыл теңбіл болып келеді. Кейбір тұщшы суларда ақшыл түстілері де кездеседі.
Тұмсығы ұзын әрі сүйір болады. Тісі ұсақ, ұшы өткір келеді. Су ішіндегі қорыста шортан ұзақ уақыт қозғалмай тұра береді, жемтікті көргенде, оқыс ұмтылып, ұстап алады. Шортанның азуы жаңаланып өсіп тұрады, тісейді.
Ұсақ балықтарды жейді, ірілеуіне тимеуге тырысады.
Еркегі үш жыл өмір сүргеннен соң ғана тұқым өсіруге жарайды, ұрғашысы төртінші жылда ғана жыныстық жағынан пісіп жетіледі.
Бір шашқанда он жеті мың уылдырыққа дейін шашады. Уылдырығының үлкендігі үш миллиметрге дейін жетеді, ірі болады.
Аулап ұстағанда қатты бұлқынады. «Шортанша тулап» дегенді қазақ соған орай айтқан. Қазақтың «зар заман» ақыны аталған Шортанбай атты ұлы ақыны ХІХ-ғасырда өмір сүрген. Көкшетау жерінде Шортанды деп аталатын көл де, жер де бар.
Көксерке. Жыртқыш балық. Балқашта, Қапшағайда, Алакөлде өседі. Арал теңізінде, Ертісте бар. Өндіріс үшін ауланады.
Ұзындығы 130 сантиметрге, салмағы 20 келіге жетеді. Кәдімгі көксеркенің ұзындығы 60-70 сантиметр, салмағы екі жарым келіге жетеді.
Жон арқасы көкшіл сұр болып келеді. Көксерке аталуы соған байланысты. Бүйірі қара шұбар. Өндіріске ауланады.
Уылдырығы өте ұсақ, бірақ өсімділігі өте жоғары болады. Мәселен, Кубаның көксеркесі 200 мыңнан бір миллионға дейін уылдырық шашады екен. Уылдырығын көктемде таңертең шашады.
Ұсақ балықтармен қоректенеді. Ал балықшылар көбінесе оны таңертең аулайды.
Майшабақ. Балтық теңізінде өзге жерден гөрі көп кездесетін балық. Екі жасқа келгенде ұзындығы 7,5-11,2 сантиметрге жетеді. Үлкейгенде 15 сантиметрге дейін барады. Майлы шабақ болғандықтан, майшабақ аталады.
Қазақтар кішкене балықтың бәрін де шабақ дей береді.
Күз бен қыста майшабақ қатты семіреді.
Бізде майшабақ негізінен Каспи теңізінде кездеседі. Тісі болмайды. Уылдырық шашып көбейеді.
Каспи майшабағы мен Қаратеңіз шабағы ұқсас келеді. Еділ мен Жайықта да өседі. Топ-тобымен жүреді.
Сазгер Садық Кәрімбаевтың Қанабек Байсейітовтің өлеңіне жазған «Ақтамақ» атты әні бар. Сонда әннің қайырмасын: «Ақтамақ. Айдын көлдің еркесі, еркін өскен-ай ақшабақ», – деп қайырады.
Тұздалған ұсақ шабақ балық – талай адамның жеңсік асы. Тау суларының көбінде бір қарыс көлеміндей майшабақтар болады.

Жәндіктер
Жәндіктерге ұсақ-түйек жануардың бәрі жатады. Оның ішінде жорғалайтыны да, ұшатыны да, су мен құрлықта өмір сүретіні де – бәрі бар.
«Жәндіктер» деген сөз әу баста «жандықтар» деген сөзден өзгеріп тараған болуы мүмкін. Жаны бар, бірақ елене қоймайтын ұсақ-түйектер дегенді аңғартса керек. Алайда ұсақ-түйек болғанмен, олардың да өмір сүруге қақысы бар. Бір әлемде, бір жер шарында өмір сүріп жатқандықтан, адам оларға да қамқор болуы керек. Ал қамқор болу үшін, олардың өмірін, тіршілік жағдайын білуі қажет, түсінуі керек. Олардың ішінде адамға зияны тиетіні де, пайдасы тиетіні де кездеседі. Кейбірі бірде пайда келтірсе, бірде зиян да келтіреді. Адам – соның бәрін түсіну үшін де адам.
Жылан: ысылдайды, ысқырады, шағады немесе уын шашады. Бауырымен жорғалаушылар тобына жатады. У-лысы, у-сызы болады. Уы адамды, жануарларды өлтіре алады. Аяғы, сырт құлағы жоқ. Аса қу, зәлім адамды «жыланның аяғын санаған» дейді қазақ. Аузы өте кең ашылады, сондықтан үлкен жәндіктерді де жұта алады. Тісі қуыс түтік секілді, бәрі артқа қайырылған болып келеді, уын денеге сол тісі арқылы енгізеді. Жемтігін тісімен жейді және жұтады. Өті, жұлыны, 141-ден 455-ке дейін омыртқасы болады, жыланның ұзыны, қысқасы соған байланысты. Сезім мүшесі – тілі, онда уы болмайды. Бір шұңқырда немесе бір арада жататын топ жыланды ордалы жылан дейді. Бір топтағы саны 200-300-ге дейін жетеді. Қазақ ордалы жыланға тиіспейді. Улы жыланды қазақ өлтірмей, үйден, қорадан басына ақ құйып (сүт, айран, т.б.) шығарып салады, жазықсыз жыланды өлтірмейді. Құрт секілді соқыр жылан деген түрі болады. Тісі аузының үстіңгі жағында ғана болады. Жалпы жыланның 60 пайызы сарбас жылан тұқымына жатады. Олардың түтік тәрізді тісі болмайды. Судың сарбас жыланы усыз саналады, сондықтан оның тістеуі адамға соншалық қауіпті емес. Оның ұзындығы 130 сантиметр, одан да ұзыны бола береді. Бұл жыланның түсі де басқалардан айрықша болып тұрады. Ал жалпы сарбас жылан түрінің ұзындығы 15 сантиметрден 3,5 метрге дейін жететіні кездеседі. Нағыз сарбас жыланның жер бетінде 1500-ден аса түрі бар екен. Олардың басының екі бүйірінде сары түсті дағы, жолағы болады, соған бола сарбас жылан деп аталады. Олар судан шығып, бірнеше шақырымға дейін құрғақпен жүре алады. Ал су астында он шақты минөтке дейін шыдайды. Қасқыр тіс сарбас жылан деген түрі адамға жақын жердегі қуыста, шатырдың астында, қалтарыста өмір сүреді. Жыланның сары бауыр бір түрі 1,5-2 метрге дейін секіре алады екен. Оның тістеген жері қатты ауырып, қаны да шығып кететін көрінеді. Бірақ адамға онша зиянды емес көрінеді. Ұзындығы 2 метрге дейін жетеді екен. Дәукөз (дәугөз) жыланның ұзындығы 3,5 метрге жетеді. Көбінесе ағаш басында жүретін, өрмелегіш түрі де бар. Оңтүстік Америкада жасыл жылан болады екен. Жалған сарбас жылан деген де түрі болады екен. Оның уы адамға онша әсер етпей, күші тек ұсақ жәндіктерге жететін көрінеді. Адамға уы қатты әсер етпейтін кесіртке жылан деген де болады екен. Ұзындығы 90 сантиметрге жететін оқжылан болады. Сексеуілді далада, құмды жерде өмір сүреді. Тез қашады, жақсы өрмелейді, жарты денесін тік көтеріп алып жорғалайды. Оның шаққаны адам мен ірі жануарға зиянсыз. Тек оқша атылғаны қорқынышты әсер етеді, 40 сантиметрге дейін секіре алады. Ал сары бауыр сарбас жылан одан бес есе алысқа секіреді. Сірә, ол да оқжылан шығар? Біздің жақта кездеспейтін болған соң ғана қазақша аты жоқ. Оқжылан маусым, шілде айларында жұмыртқалайды.
Әйгілі қобыра жалпақ бас жыланның тобына жатады. Үндістанда, Оңтүстік Азия мен Африкада өмір сүреді, 14 түрі бар. Үнді қобырасы немесе көзілдірікті қобыраның ұзындығы 160-180 см. болады. Көзі кішкентай, жанары дөңгелек, басы қалың түкті, тісі бірден үшке дейін, азу тәрізді болады. Құйрығы ұзын, жіңішке болады. Кәрөл қобырасы адамға өте қас келеді, тиіспесе де себепсіз шабуыл жасай береді. Қобыраның уы өте күшті. Ол шаққан жануар әуелі әлсізденеді, артынша тырысады, біраздан кейін тынысы тоқтап қалады да, өледі. Қобыраның түрі көп.
Улы жыланның түрі аз емес. Олардың уы жануарларға қатты әсер етеді. Кішкентай жемтігін шаққанда, әуелі оның денесіне улы тісін кіргізеді де, біраз күтеді, әбден өлген соң барып жұта бастайды.
Ұрпағын жыланның баласы дейді. Қазақ, жалпы, жылан атаулыдан қорқады, сондықтан оны жақсы көрмейді. «Жылан» деген сөздің өзін жамандықтың бейнесі санайды. Әйткенмен қазақша жыл санауда жылан жылы да бар. Көзі жылтылдап отыратын адамды «жылан көз» деп жақтырмайды.
Қазақта «Жылан жылы – жылыс, жылқы жылы – ұрыс» деген тіркес бар. Соған қарағанда, сірә, бір жойқын соғыс сол жылдарда өткен болар.
«Биік мансап – биік жартас, Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, Екпіндеп ұшып қыран да шығады», – дейді Абай. Жыланды аса жағымды жаныуарға жатқыза қоймайды. Өз баласының небір жамандығын білсе де, қазақ «іштен шыққан шұбар жылан» деп, бәрібір қия алмай тұрады.
«Жыланның түгі ішінде» дейтін де бейнелі сөзі бар. Негізінен адамға қатысты айтылатын бейнелі сөз.
Жыланның уынан адамзат үшін аса пайдалы дәрілер жасалады. «У-ды у қайтарады» дейді.
«Мен ішпеген у бар ма?» – деп те күйінді ғой Абай.
Жемтігін әуелі орап алып, сонан соң қылғытып жұтып қоятын анаконда, питон сияқты әрі дәу, әрі ұзын жыландар елімізде жоқ. Оның үстіне, ол жыландар жай жылан емес, алып жыландарға жатады. Аңыз-ертегілерде айтылатын айдаһарымыз жылан емес, алып кесірткенің түрі болуы да мүмкін. Өйткені баран дейтін алып кесіртке сол айдаһарды елестетеді.
Бақа: бақылдайды, құрылдайды, шұрылдайды. Қазақ халқында бақа жайында балаларға сөз үйрететін бір әңгіме бар, ол сұрақ-жауаптан тұрады. Мақсаты – балаға сөз үйрету және бақаның негізгі ерекшеліктерін таныту. Бас-аяғы мынандай:
Бақа, бақа, балпақ!
Басың неге жалпақ?
Темір телпек көп киіп,
Басым содан жалпақ.
Бақа, бақа, балпақ!
Көзің неге тостақ?
Қырдан қырға көп қарап,
Көзім содан тостақ
Бақа, бақа, балпақ!
Бұтың неге талтақ?
Көп отырдым ерініп,
Бұтым содан талтақ.
Соңғы жауапты:
Судан суға секіріп,
Бұтым содан талтақ, – деп те айтады.
Бақа секіріп қозғалады. Суда өмір сүреді. Суда да, құрғақта да өмір сүретін түрі – құрбақа. Баласының арнайы аты жоқ. Алайда оның бақаға айналатын суда жүзіп жүретін кішкентай қап-қара ұрығын балалар «шөмішбалық» дейді, өйткені оның әуелгі кезде басы шөміштің басы, құйрығы сабы құсап біраз жүзеді де, содан кейін бақа кейпіне кіреді. Бақаның Қазақстанда көк қасқа бақа деген де түрі бар. Ешкіше бақылдайды. Шыбын-шіркейлерді жейді. Масалы жерге жіберсе, оны да жеп азайтады. Ғабеңнің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльінде: «Бақалы, балдырғанды көл, аман бол!» – деп Баянның туған жерімен қоштасатын әні бар. Кесірткенің Бақабас дейтін түрі бар.
Тасбақа. Мүйіз сауытты жәндік. Сол сауытына бола оны бәрі жаңылмай таниды. Тісі болмайды, бірақ жақтары өткір мүйізді болып келеді. Басы ұзын, мойыны қозғалмалы. Теңізде де, құрғақта да, ашшы су мен тұшшы суда да өмір сүретін түрлері бар. Құрғақта өмір сүретіні өте баяу қозғалады, ал суда өмір сүретіні жылдам жүзеді және епті келеді.
Мойнын сауытынан сыртқа шығармайтын, мойны көрінбейтін түрі де болады. Жер бетінде 6 түрлі тұқымдас тобы бар. Оңтүстік Қытайда, Бирмада, Үндіқытай мүйісінде басы өте үлкен тасбақа өседі. Галапагос аралында салмағы 100 келіге дейін жететін піл тасбақа деген түрі бар. Оның ұзындығы 110 см. Биіктігі 60 см. Жылан мойын тасбақа және екі тырнақты, үш тырнақты тасбақа болады. Тасбақаның етін жейтін халықтар бар. Елді алдап сауда жасайтын саудагерлерге қарата айтатын «Таразыдан тартқан тасбақа болады» деген сөз бар. Ақырын, тым баяу қозғалатын адамды «тасбақаша қозғаласың» деп сөгеді. Сауытының тастай қаттылығына бола «тасбақа» аталған.
Құмырсқа – өте еңбекқор жәндік. Олардың бүкіл тірлігі – ұжымдық тіршілік. Сондықтан көп адамды көргенде, «құмырсқадай қаптап жүр» дейміз. Құмырсқаның қанаты бар түрі де кездеседі.
Қара құмырсқа, қызыл құмырсқа болады. Олардың салған ұясын илеу дейді. Ағаш, шөп арасында төбешік болып жатады. Құмырсқаның сілекейі илеуге жұғады, оны құмырсқа қышқылы дейді, ол әрі дәмді, әрі пайдалы келеді. Құмырсқа қышқылын аю өте жақсы көреді, сондықтан құмырсқаның илеуіне құмар болады. Илеуді бұзып, табанына жұққан сілекейді сүйсіне жалайды.
Өте кішкене құмырсқаны шымал дейді. Оның илеуі болмайды, іні болады.
Үйсін мемлекеті тұсында ел басқарған Майқы бидің Құмырсқа, Аяз атты ақылшы биі болған. «Аяз, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл!» деген сөз сол заманнан қалған. «Аяз би» аталатын аңыз ертегі бар. Сымбатты қыз-келіншектерді «құмырсқа бел» деп дәріптейді.
Құрт. Жер бауырлап жүретін ұсақ жәндіктердің жалпы аты. Өте ұсақ жәндіктерді жалпылай құрт-құмырсқа деп атаймыз.
Ал құрттың қырқаяқ, шылаушан (жауын құрт), етке түсетін шыбынқұрт, шөпқұрт секілді түрлері болады.
Адамның, малдың жараланған жерін тазалап тұрмаса, ол құрттап кетеді.
Өкпе ауруын қазақ құрт ауруы дейді. «Тісіне құрт түсіпті» деп, тіс ауруының бір түрін айтады. «Тұмау түбі – құрт, тұман түбі – жұт» деп, ауру мен табиғаттың мінезіне әу бастан мән беру керегін ескертеді. «Құрт» деген – көп мән сөз. Сүзбеден жасалған құрт – азық, «көзіңді құрт» деген – ұрсу, әлденені «құртып жібер» деп те жатамыз.
Қырықаяқ (қырқаяқ): үндестік заңына сәйкес, айтылғанда «қырқаяқ» дейді. Басы біреу, аяғы көп құрт. Күннен қашады, құрғақта, түнде тіршілік жасайды, сондықтан күндіз әртүрлі қуыста тығылып жатады ды, одан тек түнде шығады. Түрі өте көп.
Қарақұрт. Улы жәндік. Қарақұрт шаққан адам өліп те кетеді. Тірі қалған адам зардабын өмір бойы тартып өтеді, көбіне ісініп, қарны қампиып жүреді.
Өрмекші тұқымдас жәндік. Еркегінің ұзындығы 4-7 сантиметр, ұрғашысінікі 10-20 милиметр. Түсі қара, бауыры қызыл шұбар болып келеді.
Жусанды далада, су бойында жиі кездеседі. Інінің аузына тор құрады. Жұмыртқасын жібек құртінікі сияқты бітеу орамдап сақтайды. Өте тез көбейеді. Жай жыланның уынан 10-15 есе күшті болады. Он, он екі, жиырма бес жыл өмір сүреді. Қарақұрт шаққан мал өліп қалады, оның уы төрт түліктің бәріне әсер етеді.
Жайылып жүрген қой шөппен қосып қарақұртты жеп қойса, ол тез семіріп кетеді екен. Оны қойшылардың бәрі айтады, бірақ ғылыми дәлелін ешкім білмейді.
Сүлік. Дыбыс шығармайды. Қара суда өсетін құрт тәрізді жәндік. Түсі қап-қара болады. Денесі былқылдақ, көлемі бармақтай. Адамның арам қанын сорып алады, сонысына бола халық емшілері оны емдеріне пайдаланады. Бір рет қан сорғызған сүлікті екінші қайта пайдаланбайды.
Қазақ жылқы малына «сүліктей қара екен» деп жатады. Емшекті қатты еметін балаға «сүліктей сорады» деп жатады. М. Әуезовтің (айтылуы – «Әуезовтің») «Қараш-қараш» әңгімесі бойынша түсірген кинофильмде Бақтығұлдың мінген аты Сүліқара деп аталады.
Ұлу. Дыбыс шығармайды. Сыртында қошқардың мүйізі секілді кішкентай мүйіз қабығы бары құрт тәріздес жәндік. Қабығынан шықса, жалаңаш денесі ылжыраған жұмсақ болады. Жіңішке екі мүйізі бар. Оның теңізде, мұхитта кездесетін үлкендері бар, оны жейді, ал сырт қабығынан әр түрлі әшекей жасайды.
Қазақ күнтізбесінде ұлу жылы бар.
Шылаушан. Шидей жіңішке, ұзындығы бес-алты сантиметрге жететін қызғылт құрт. Сазды, қара топырақты жерде кездеседі. Жауыннан кейін жер үстіне шығып та жатады. Соған қарап, оны «жауынқұрт» деп те жатады. Балықшылар оны қармаққа салатын жем ретінде пайдаланады. «Шұлаушанша шұбатылып» деген сөз тіркесі бар.
Сушаян: Судың кез келген түрінде, теңізде де, өзенде де, тоспаларда да, судың түбінде де, тереңі мен таязында да өмір сүре береді. Адамдар бар түрін де жейді. Шаян тектілердің жер бетінде 30 мыңға тарта түрі бар. Теңізде, тұщы суларда кездесетін ұлу қабықты түрі де болады. Бұрын қазақ жемеген.
Саршаян: улы, шағады. Құрғақта, жылы, ыстық жақта өмір сүреді. Үлкендігі 5-10 сантиметрдей, 20 сантиметрге жететіні сирек. Аяғы қайшы іспеттес, құйрығында уы болады. Басы, белі, құйрығы – бәрі үш бөлектен тұрады. Бас бөлігінде екі дәу көзі, басының бүйірінде 5 жұп кішкене көзі тағы болады. У-ы қатты әсер етеді.
Тілімен кісіні шағып сөйлейтін тістеуік адамды «тілі шаяндай екен» деп жатады. Қазақстанның оңтүстігінде Шаян атты ауыл бар.
Су кірпісі. Үстін ұзын инесі жауып тұрады, оны ұстау мүмкін емес. Су кірпісі дегеннен гөрі су жайрасы деу – дұрысырақ. Соған ұқсайды.
Өрмекші. Сілекейімен тор құрып, соған түскен шыбын-шіркейді жейді. Улысы, усызы болады. Ұзындығы 10 сантиметрге жетеді. 27 мыңдай түрі бар. Суда өмір сүретін (оларды «пантопад» дейді) 600 түрі бар екенін ғылым анықтаған. «Өрмекшінің торындай» деген тіркес бар. Өрмекшінің өмір сүрмейтін жері жоқ десе болады.
Бүйі. Өрмекші тұқымдас жәндік. Жазық жерде ін қазып өмір сүреді. Шағады, улы. Түрі де үлкен өрмекші секілді. Үсті-басы түкті болып келеді.
Ініне су құйсаң, сыртқа қашып шығады. Түр-түсі қорқынышты. Шөлді, шөлейт жерлерде өмір сүреді.
Бүйінің уы қарақұрттікіне қарағанда әлсіздеу болады. Әсіресе жаз кезінде оның уы күшті болады.
Кене: дыбыс шығармайды. Сыртқы тұрқы қоңыз сықылды. Түрі көп. Өздігінен тамақ тауып жейтіні де, өзгені сорып өмір сүретін арамтамағы да бар. Арамтамақтары малға, адамға, итке, мысыққа жабысып сорады, сондықтан одан қатты сақтанып жүру керек. Ауру жұқтыратындары өте қауіпті. Қазақ малға жабысатындарын көк кене, адамға жабысатынын тас кене дейді. Ол кішкене, қандала көлемдес болады. Оның денеге жабысуынан ауру жұқтырып, адам өліп кетуі де мүмкін. Әсіресе көктем кезінде қауіпті. Кейде аспаннан кене жауады деген де сөз бар. Біреуге жабысып, жанынан шықпай қоятын адамға: «Не болды кенеше жабысып?» – деп жатады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары деп аталған.
Шегіртке: шырылдайды. Түзу, қос қанатты, ұзын мұртты жәндік. Секіріп ұшады, мұрты денесінен ұзын болып келеді. Дыбысты алдыңғы аяғының тізесімен естиді. Кейбірінің есту мүшесі қанатының үстінде болады. Аяғы – алтау. Қара, сары, шөп арасында жасыл шегіртке де болады. «Қара шегірткеше қаптап» деген сөз бар. Қара шегіртке егінді жеп қояды. Қара шегірткені тоқтату тым қиын. Өйткені әрі көп, әрі обыр болады.
«Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөләйттап,
Соныменен жазды алған», – деп Абай жалқауды сынайды. Бұл – аударма өлең, орысшасындағы инелікті Абай әдейі шегіртке етіп аударған.
Инелік: қанатынан әлсіз дыбыс естіледі.
Үсті-басы түрлі түсті, төрт қанатты, ұшатын жәндік. Әр жағында екі қанаттан болады. Бадырақ көзді, әдемі, басы домалақ. Жарықта, күн жылыда ұшады да, суықта, түнде шөпке қонып тыныш отырады. Жұмыртқалайды. Арық адамды «инелікше ілмиіп кетіпті» деп жатады.
Ұзын қанатын қаққанда тікұшақты елестетеді.
Орыстың Кырылов дейтін сықақшы ақынының «Инелік» атты өлеңін Абай «Шегіртке» деп аударған. Өйткені өлеңнің мағынасы инеліктен гөрі шегірткеге тән. Жоғарыда ол өлеңнен шегірткеге қатысты үзінді келтірдік.
Инедей жіңішке болған соң, инелік аталған болу керек.
Қоңыз: негізінен дызылдайды, быжылдайды.
Қарасы, қызылы, жасылы, сарысы, сұры, бозы, тағы басқалай әр түстісі кездеседі. Ұшатыны, жүзетіні, жорғалайтыны, қанаты бары, қанаты жоғы болады. Үнемі қараңғыда өмір сүретіндерінде көз болмайды, оның қызметін мұрттары атқарады. Ең көбі құрғақта өмір сүреді. Тек орманда, суда өмір сүретіндері де бар. Быжылдайтын қоңыздың жер бетінде 25 мыңнан астам түрі бар екен. Секіргіш қоңыздар өте тез қозғалады. Ашықта, су бетінде жүретін қоңыздың 1500 түрі бар көрінеді. Жүзгіш қоңыздың түрі 2500-ге жетеді екен. Жүзгіштердің ішінде тоспада, бөгеттерде шыр айналып жүзетіндері бар. Қоңыздың жыртқышы да, басқа жәндіктердің арқасында өмір сүретін арамтамақтары да болады. Етікші, сасық қоңыз, айыр құйрық, май қоңыз деген түрлері бар.
Тұмсығы сүйірлеу, өзінің ұзындығы бір жарым сантиметрдей ғана бозғылт қоңызды етікші дейді. Ол, әрине, етік тікпейді, бірақ солай аталады. Бәлкім, етікшіге ұқсайтын бір қылығы бар болу керек. Сірә, етікшінің бізіндей тұмсығы сүйір болғанынан шығар?
Сасық қоңыз деген ол – кәдімгі қара қоңыз. Үлкендігі бармақтың басындай. Сиырдың жас жапасынан өріктей бір бөлшегін бөліп алып, өзі тоңқайып артқы екі аяғымен соны теуіп дөңгелетіп әкеле жатады. Қыс бойы жейтін азығы сол шығар. Егер түртіп, қауіп төндіре қалсаң, құйрығын жоғары көтеріп тоңқайып тұрып сасық иіс шығарады. Содан оны сасық қоңыз, осырақ қоңыз демегенде, не дерсің?
Ал айырқұйрық деген қоңыз қызыл шұбар болады, тек тастың астын мекендейді. Құйрығы екі айыр болғандықтан, айырқұйрық аталады. Үлкендігі етікші қоңыздікіндей ғана. Қазақ бұл қоңыздарды өзінше атағанмен, ғылым басқаша атайды.
Май қоңызын зауза қоңыз деп те атайды. Бұл – ұшатын, қанаты бар қоңыз. Май айында, яғни мамырда пайда болатындықтан, май (мамыр) қоңыз аталған. Шағады, шаққан жері қолма-қол ісіп шыға келеді. Бөгелектен гөрі үлкендеу келеді. Шөптің, гүлдің нәрін жейді.
Үсті қызыл, арасында қара дағы бар дөңгеленген қоңызды балалар: «Ел қайда көшеді?» деп атайды. Өйткені ұстап алып алақанына қояды да: «Ел қайда көшеді? Суды қайдан ішеді?» – деп ойнайды. Қоңыз қай жаққа ұшып кетсе, жайлауымыз биыл сол жақта болады деп жорамалдайды.
Дұрыс жұмысы жоқ, жанбағысы қиындап кеткен адамды «қоңыз теріп кетіпті» деп жатады.
Жамбыл обылысының Қордай ауданында «Қара қоңыз» аталатын жер бар. Ол – ежелгі тарихи мекен. Орыс оқымыстысы Аристов ол мекеннің дұрыс аты «Қарақоныс», яғни ежелгі қоныс деп аталғанын дәлелдеп жазды. Шыңғыс хан сол ежелгі атамекенді Жошыға берген.
Дәуіт. Бадырақ көзді, шегіртке тектес жәндік. Шөп арасында өмір сүреді. Жұмыртқалайды. Басы қозғалғыш, үшбұрышты болып келеді. Денесін бұрмай-ақ жан-жағына жіті қарап отырады. Мұрты ұзын. Қанаты бар. Алдыңғы аяғы үлкен, пышақтай айрықша өткір болады, тізесінен бүгіледі. Жемтігін алдыңғы аяғымен өзіне тартып, бүйірінен қысып алады. Түсі тұрған ортасына қарай өзгеріп тұрады, көбіне жасыл, сары болады. Жыртқыш жәндік. Ғылымға 2 мың түрі белгілі. Қазақстанда он шақты ғана түрі бар. Алдыңғы аяғымен жыланның көзін шығарып жібереді деген сөз бар. Қарлығаш ұясына жылан келе жатқанын көрсе, балапандарын қорғау үшін, ұясына дәуіт әкеліп қояды деген әңгіме бар. Алайда ғылым ол жайында ештеңе айтпайды.
Кесіртке: ысылдайды, айбат қылады. Жорғалап қашады. Түрі өте көп. Қара, жасыл түстілері және бақабас түрі, жіңішке табандысы, жалпақ табандысы, жалпақ құйрықтысы, тікенек аяқтысы, құрт секілдісі болады. Үсті тікенек қабыршықтысы да кездеседі. Көбі жұмыртқалайды, біразы баласын тірі туады. Ұзындығы 30-дан 820 сантиметрге дейін жетеді. Құйрығы 35-90 см. Салмағы 4,5 келіден 27 келіге дейін жетеді. Артқы табаны мен құйрығына сүйеніп тоқтайды. Жан-жағына қарап, жалтақтап жорғалайды. Қауіпті кезде дөңгеленіп жата қалады. Бір ғана бала туады. Сілекейі балдың иісіндей жағымды болғандықтан, құрт-құмырсқа соған ұмтылып ұсталады. Сыртқы тұрқы кішкентай қолтырауынға ұқсайды. Үлкені де, кішісі де көп. Бақабас түрі тақырда өмір сүреді. Басы бақанікіндей, қайқы құйрық, құйрығын арқасына қайырып алып жорғалайды. Түр-түсін аяқ асты өзгертіп, құбылта алатынын құбылық, құбылық кесіртке дейді. Әсіресе еркегінікі өзгергіш. Өзді-өзі төбелескенде, түсі жиі өзгереді. Басы дулыға кигізіп қойғандай, аяғы ұзын, екі тұяқты. Үлкен дөңгелек көздерін тікенек қабыршықты қабағы жауып тұрады. Тілі өзінің бойынан да ұзын, алыста тұрған құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді тартып алып жеуіне қолайлы. Тісі бар. Көбі ағаш арасында өседі. Біздің жақта кездеспейді, тек хайуанаттар бағынан көруге болады. Баяу қозғалатын жәндік. Басын шайқап, қағып, тамағына жел толтырып, аузын есінеген адамша кең ашып қоятын әдеті бар. Денесін қозғалтпай, кейде тек жан-жағына көзін айналдыра қарап жатады.
Жылан кесіртке: ұзын болады, оның тек түнде өмір сүретін түрі бар. Маржан кесіртке немесе әдемі түсті кесіртке де болады. Ұзындығы 60 сантиметрдей. Жасыл кесірткенің ұзындығы 40 сантиметрдей. Денесінің 3-тен 2-сі құйрыққа жатады. Інде жатады, інінің ұзындығы бір метр болады. Шұбар кесірткенің үсті қара шұбар болады. Ұзындығы 25 сантиметр. Баласын тірі де туатыны, жұмыртқалайтыны да кездеседі. Варан дейтін түрі бар. Кесірткенің ең үлкені – сол. Ұзындығы 3 метрге дейін жетеді. Басы, құйрығы, 4 аяғы бар. Жұмыртқалайды. Ертегілерде айтылатын айдаһар, сірә, соның туысы болар деп шамалауға болады. Австралияда кездеседі. Бұл жәндік емес, шындығында, қолтырауын тектес құбыжық. Үлкендігіне қарап, жәндік деуге аузың бармайды. Жәндіктердің атасы секілді.
Тарақан: дыбыс шығармайды. Мұртты қоңыз. Түсі негізінен қара сұр, қара, сарғыш болады. Үй ішінде көбейеді. Астың қалдығын жейді. Таза емес жерде пайда болады. Үлкендігі әртүрлі. Көбінің ұзындығы 3-5 сантиметр. Жұмыртқалайды. Оған ұран, яғни радияцияда зиян ете алмайды екен.
Қандала: қан сорғыш жәндік. Аталуы да соған қатысты болу керек.
Адамды шағады, бірақ адам денесінде болмайды, көбіне ағаш төсектің қуыстарында, таза емес жерлерде пайда болады. Адамның қанын тырсыйып тойғанша сорады. Одан құтылудың басты шарасы – төсек-орынды, төсектің өзін таза ұстау.
Туыстары таққан, жапқан жаламен түрмеге түскен Мәди сазгер: «Жем болдым ала жаздай қандалаға», – деген
Бүрге: арамтамақ жәндік. Секіріп жүретін өте кішкентай қанатсыз қансорғыш. Адамда ит пен мысықта болады және әрбірінікі әртүрлі көлемде болады, ең кішкентайы – адамдікі. Еркегі ұрғашысынан кішірек болады. Лас, былғаныш жерде өсіп-өнеді. Шаққан жері қатты қышиды, қасып тырнақ тигізген соң, орны жара болып қалады. Ауру жұқтырады. Орыстар өз шеберлерін бүргені тағалаған деп дәріптейді.
Бит: дыбыс шығармайды. Адам денесінде, таза жүрмегендіктен, пайда болатын арамтамақ қансорғыш. Үлкендігі иненің жасуындай, түсі ақ сұр, қара сұр болады. Қанаты болмайды. Ауру жұқтырады. Оны болдырмаудың бірден-бір жолы – таза жүру, тазалық сақтау. Бит шаққан жер қышиды, оны қасыған соң, адамның денесінде жара пайда болады, қанайды.
«Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» дейді қазақ. Бұл сөздің мағынасы өте терең: биіттеген киім біржола құрыған киім емес, тазалап тастасаң, қайта кие беруге жарайтын киім, сондықтан уақытша басыңды қатырған нәрсеге бола негізгі нәрсеңді біржола құртып алма деген мағына беретін сөз.
«Балақтағы бит басқа шығады» деген де сөз бар. Бәлені басынан, яғни басталған кезінен, басыңа шығарып алмай тұрып құрт деген мағына береді.
Өте кішкентай нәрсені «биттей», «битімдей» деп жатады, биті бар жануарды «биттеп кетіпті» дейді. «Тұмсығы шошайып биттің жүрмейтін жері жоқ, тақиясы шошайып саудагердің бармайтын жері жоқ» деп те жатады.
Сірке. Бұл да тазалық сақталмағандықтан пайда болатын өте ұсақ қансорғыш. Түсі ақ сұрғылтым болып келеді. Таза жүрмейтін адамның көбінесе ышқырында пайда болатын жәндік. «Сіркем су көтермей тұр» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бірақ ол сіркенің қай сірке екенін ажырата қою қиын. Әйтсе де «сірке» дегені өне-бойы немесе жүйкесі екенін аңғаруға болады. «Сіркесу» аталатын қышқылды тамаққа қосады. Өте ұсақ нәрсені «сіркедей» дейді.

Шыбын-шіркейлер
Қазақ негізінен қанаты бар жәндіктерді шыбын-шіркейге жатқызады. Және оларды үйге, тамаққа жақындатпауға тырысады. Жазда олар үйге кіріп кетпеу үшін, есік пен терезеге дәкеден тор құрып қоюды, тамақ ішетін асханаға, тапшанға масахана ұстайды. Соның бәрі тазалық үшін. Өйткені шыбын-шіркей жүрген жерде үнемі тазалық бола бермейді.
Шыбын: ызылдайды. Үйде де, түзде де ұшатын қара шыбын болады. Құрт тышатын дәу түрі бар. Жер бетінде 3 мың түрі бар екен. Қос қанаты бар. Қансорғыш түрі де кездеседі. Тамаққа, үйдегі заттарға қонып жүретін қара шыбынмен қатар, көк бас шыбындар да болады. Жас етке отырып кетсе, ол құрттап кетеді. Тазалық сақтамаса, шыбындар ауру жұқтырады. Қазақ «шыбын жаным» дейді. Адамның жаны шыбын құсап кеудемнен ұшып кетеді деген мағынада айтады.
«Шыбындаған малдай» деп шыжбалақ қылықты кісіге айтады.
«Ұшып барып біріне бірі қонады екен, сонымен болады екен» дейтін Оспанхан ағамыздың шыбын жайында әзіл өлеңі бар.
Баласын «шыбыным» деп отыратын қарттар да бар, жақсы көрген қызын «шыбыным» дейтін жігіттер де болған. «Жаным!» дегеннің бір мәні. Күз айының бас кезін қазақ «шыбынсыз жаз» деп, ол кезді өте бір жақсы шақ деп есептейді.
Шіркей: быжылдайды. Шыбынның қансорғыш кішкентай түрін шіркей дейді. Сілекейімен адамға жұқпалы ауруларды жұқтырады. Көбіне шыбын-шіркей деп қосарлана айтылады. Оның өте ұсағын құмыты деп те атайды. Ұсақ болады, шағады. Топталып ұшады. Қаптаған құмыты жан-жағынан қаумалағанда, адам да, мал да дем ала алмай қиналып қалады. Қамысты, батпақты жерде өте көп болады. «Құмыты» деген аты құмдай ұсақ дегенді аңғартады.
Маса: ызыңдайды. Адамды, малды шағады. Сары маса, қара маса болады. Қос қанатты. Ұзын аяқты, ұзын тұмсықты, ұзын мұртты қансорғыш. Безгек масасы адамға безгек ауруын жұқтырады. Қамысты, көгалды, сулы жерде болады. Суыққа, түтінге шыдамайды. Сондықтан жазда малын қазақтар таулы, суық жерге – жайлауға апарып жаяды.
Бір нәрсені қайта-қайта айта беретін адамға: «сары масаша ызыңдамай қоя тұршы!» – деп жатамыз. Масадан қорғану үшін, дәкеден тігілген арнайы орынды масахана дейміз.
Қазақтың атақты ақыны Ахмет Байтұрсынұлы қазақты ұйқыдан ояту үшін, Маса деп өлең жазып, «Маса» аталатын кітап те шығарған.
Ара: ызыңдайды. Шағады. Үлкендігі тасбұршақтай. Бал беретін түрі – балара. Бал араны бағып-қағатын орынды омарта, иесін омарташы дейді. Бал – тәттілердің ішіндегі ең пайдалысы әрі ең дәмдісі. Емдік қасиеті өте күшті. Өзге тәттіден органикалық құрамы да өзгеше. Балдың құнарлысы Қазақстанда Алтай өңірі, оның ішінде Қатонқарағай ауданы саналады. Жұрт осы күні бұл өңірді Катонқарағай деп жүр, алайда Шоқан өзі сызған картада «Қатонқарағай» деп ап-анық жазған (орысша 2 том, 15 бет)
Ал түрік әлемінде Башқұртстан балы өте айрықша бағалы. Олар омартаны өсіп тұрған жуан ағаштың ішіне де орналастырады. Қазақ адамның жастық шағын «Бал дәурен» деп бағалайды. Әйгілі шешен адамдарды «Тілінен бал тамған» деп дәріптейді. Тіпті жас ғашықтар бір-бірін «балдан тәтті» деп жатады.
Ақын Несіпбек Айтов әнші-сазгер Жәнібек Кәрменовтің «Ағалар-ай» деген әніне жазған өлеңінде ағаларымыздың бір-бірімен татулығы балалардай болсашы деп армандайды.
Сона: дызылдайды, ұшады. Басы жасыл болады. Қанаты – көк. Қансорғыш. Адамды, малды шағады. Жылы жерде өмір сүреді. Суық жерде болмайтындықтан, қазақтар жазда малын айдап жайлауға шығып кетеді. Тұмсығын тығып жіберіп, еті қалың жылқыны да қатты шағып алады. Денесі сопақтау болып келеді.Үлкендігі арадай. Оны малшылар «көк шәпкілі жендет» дейді.
Бөгелек: ызылдайды. Арадан сәл үлкендеу, сонаға қарағанда домалақтау келеді. Малды, әсіресе жылқына қатты шағады. Үлкендігі бармақ басындай болады. Ұшатын қоңызға жатқызады, қанаты бар. Малды шағатын қансорғыш. Бөгелектеген жылқы сазға барып қана сая табады, суды теуіп, соны шашыратып бөгелекті қуады. Сондықтан бөгелек жылқы малының басты жауы саналады. Мазасыз адамды «Бөгелектеген ат құсап» деп жатады. Қазанғап бабамыздың «Қара жорғаның бөгелек қағуы» атты тамаша күйі бар екенін жоғарыда айттық.
Көбелек: дыбыс шығармайды. Шалғында, гүл арасында ұшып-қонып жүреді. Ақ, көк, сары, қызыл, қара ала, сары ала, ақ ала, басқа да түрлі-түсті, үлкені-кішісі болады. Түнде шамды төңіректеп айналып ұшатын түрін жынды көбелек дейді. Киім-кешекті мүжіп жеп қоятын қара күйе де көбелектің бір түріне жатады. Тек тікенек қанатты көбелектің жер бетінде 140 мың түрі кездеседі. Бірдей қанатты, әр түрлі қанатты көбелектер болады. Қызын, немересін «Көбелегім!» деп, еміреніп отыратын қарттар әлі құрып кете қойған жоқ. Қазақта «Көк көбелек» дейтін ән де бар.
Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» дейтін әнінде: «Көбелектей гүл аңсаған, Ебелектей жел аңсаған Келем саған», – дейтін жолдары бар. Ол – ақын ағамыз марқұм Сабырхан Асановтың өлеңі.
Оқыра. Оқалақ деушілер де бар. Үлкендігі бөгелектен сәл кіші қоңыз. Қансорғыш, арамтамақ. Сиырдың омыртқа тұсынан тесіп, терісінің астына балалайды. Баласы теріні тесіп шығарда, оған шыдамаған сиыр оқыралап қашқанда, көз алдында тұрған адамды да қағып-соғып, есі шығып кетеді. Көз алдындағыны қағып-соғып жүретін адамды «оқыра тиген сиырдай» дейтініміз содан. Әсіресе ыстық күн астында терісін жыбырлатып, сиыр байғұсты шыдатпайды, сондықтан сиырлар көлеңкеге барып паналайды. Оқыралаған сиырды «сәйгел тиген сиырдай» деп те жатады. Соған қарағанда, оқыраны сәйгел деп те айтады.

Түйін
Қазір біз бастан кешіп отырған жаһандану заманында ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты сақтау – аса қиын нәрсе. Жаһанданудың барар жері – бүкіл әлемді біркелкі ету. Біркелкі өмірді бұл дүние басынан кешкен. Сол біркелкі жабайылықтан енді әлем біркелкі тұрмысқа көшпек.
Кеңес заманында біз қазақи әдет-ғұрыпты атамыз бен әжемізден, ептеп әке-шешемізден көріп, үйреніп қалдық, ал мемлекеттік жүйе оларды үйретпейтін, ұлттық ерекшеліктің бәрін ескіліктің қалдығы деп, бір-ақ сөзбен айыптай салатын. Соның салдарынан ұлттық бет-бейнеміз бірте-бірте жойыла бастаған болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін де тілімізге, әдет-ғұрпымызға айрықша мән беріле қойған жоқ. Бұрынғы қазақты әке-шеше тәрбиелейтін, біз керісінше әке-шешемізді тәрбиеледік, кеңес өкіметінің тәртібін үйреттік. Соның салдары болу керек, бұрынғы жаман ырымдар осы күні жақсы ырым болып жүр. Бұрын қазақ қыздары қос етекті, көп бүрмелі желбір көйлек киюші еді, қазір тіпті көйлек кимейтін болды.
Бұрын қыз да, келіншек те, кемпір де – бәрі шашын өріп, түйіп жүретін, әйел баласы жалаңбас отырмайтын. Қазір шашын жайып жіберетін әйелдер бар. Бұрын күйеуі өліп жатқан әйел ғана шашын жайып жіберіп жылайтын, жоқтау айтатын. Ептеп тәрбие көргендер шашын жайып жібермей, желкесінен түйіп немесе буып алатын болыпты, оған да рахмет.
Бәрін айт та, бірін айт, осы айтқанымызды да аз да болса орындайтын адам бола ма, жоқ па, соны білудің өзі өте қиын.
Бүкіл жануардың жағдайын айтып та, жазып та бітуді біз мақсат етпедік. Ал мұны оқып білген бала опық жемейді деп ойлаймын. Мұнда айтылмағанын өзі оқып, өзі біліп алады. Бәрін білмесең де, бірдемені білген дұрыс қой.
Бексұлтан атаның әңгімесі осымен аяқталды.
Қазақтың ұлттық ғұмыры мәңгі болғай!
Санасыз жануарлардай, өзімізді өзіміз сақтай алмай жүрмесек екен!
Жер бетіндегі жануардың бәрі – саналысы да, санасызы да – өзін, ұрпағын сақтау үшін күреседі. Ал күрес деген тек соғысу емес! Өсіп-өнуге ұмтылу!

Соңы.

Бексұлтан
НҰРЖЕКЕҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ