СОФЫ СМАТАЕВ БИІГІ

Жазушы Софы Сматаев аға туралы сөз болса, бір оқиға есіме түседі. Тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысы. Шона Смаханұлы көкемнің үйінде, Аманкүл жеңгеммен әңгімелесіп отырғам. Әңгіме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ойысып, Шөкеңнің басына ҚКП ОК мен МҚК тарапынан түскен қуғындауға келгенде:

– Сол кездегі биліктің жарамсақ өкілдері Шөкең аштырған қазақ мектептері мен балабақшаларға байланысты «Ржавщина» («Тот») деген авторсыз фельетон жазып, онда ағаңды «ұлтшыл» деп айыптаған. Оны сол кездегі билік «Ленинская смена» газетіне жариялату үшін жандарын салды. Бірақ ол фельетон «Ленинская сменамен» қатар шығатын «Лениншіл жастағы» «ана тілім», «ұлтым» деген журналистердің қолына түсіп, олар Шөкеңе жасырын телефон шалып, «бір әрекет жасаңыз, аға» деп хабар берді. Содан Шөкем ҚКП ОК Ұлттық мәселелер жөніндегі сектор меңгерушісі Софы Сматаевпен сөйлесіп, өзі туралы «жаптым жала, жақтым күйе» фельетонның «Ленинская смена» газетіне бүгін-ертең жарияланып кету қаупі бар екенін ескертті. Софы Сматаев та ҚКП ОК-дегі жүрегі ұлтым деп соқан сиректердің бірі, Шөкеңді бірден қолдады. Фельетонсымақтың газетке жарияланбауына қолынан келгенше көмектесті. Шөкең соған риза болып, қашан көзі жұмылғанша Софы інісіне рахмет айтумен кетті, – деген еді.
Мен таңғалып қалғам. Өйткені «Алматыдағы зиялы қауым өкілдері, оның ішінде ақын-жазушылар жерге, өңірге, жүзге бөлінеді екен, бірін бірі аяқтан шалуға дайын тұрады екен» дегенді еститінбіз. Ал, Шөкең болса, Жамбыл жақтың тумасы. Софыекең – Арқаның адамы. Оның үстіне қылышынан қаны тамған ҚКП ОК-нің жауапты қызметкері. Сөздің қысқасы, Аманкүл жеңгемнің Софыекең туралы айтқан сөзі менің кеудемдегі сол түсінікті быт-шыт қылды. Жүзге бөлінетін жүзі күйгірлер бар болса, әлі де бар шығар. Бірақ Софы сияқты «Елім-айлап!» роман-дилогия жазған азамат қаламгердің ондай бәледен аулақ екеніне сонда көзім жетті.
Кейін білдім, жүрегі «Қазағым!» деп соққан Софы аға Желтоқсан қасіреті кезінде жалғыз Шона Смаханұлын ғана емес, сондай-ақ Ақселеу Сейдімбеков, Асқар Тоқпанов сияқты «ұлтшыл» атанған көптеген марқасқаларға да араша түсіпті. Ол үшін ҚКП ОК Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Устиновпен, «Ленинская смена» газетінің бас редакторы Никановпен айқасып, «Колбин ертең кетеді, ал сендер қаласыңдар. Заман өзгеріп, әділет жеңеді. Сол кезде қазақ халқына, анау «ұлтшыл» деген жаламен «таңба» басқан азаматтардың бетіне қалай қарайсыңдар?!» деп елге тұтқа болған азаматтарды баспасөз бетінде нақақ қаралау мен күсәналаудан аман алып қалыпты.
Сөздің қысқасы, Аманкүл жеңгемнің әңгімесі сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ «Елім-айлап!» роман-дилогия жазған жас қаламгердің азаматтық ұстанымының биіктігін танытқан.

* * *
Бір жолы Алматыға, Жазушылар одағының бір жиналысына бардым. Алдыңғы қатарда бір топ ақын-жазушылар отыр екен. Алматылық жазушылардың кейбіреуі болмаса, көбі облыста, ауданда тұратын қаламгерлерді адам екен демейді. Солардың салқын қабақтарына сақтана қарап келе жатыр ем, маған іштарта жымиып қарап отырған жалғызға көзім түсті. Ол жалғыз – Софы аға еді. Мен өзімді сыйлаған, бағалаған адамға қоң етімді кесіп берем демесем де, бар пейліммен жайылып түсем. Софы ағаның сәлемімді жылы жымиып алып қана қоймай:
– Халің қалай? – дегені жүрегімді тіпті елжіретіп жіберді.
Демек, мені оқығаны ғой. Сол кезде «Қазақ әдебиетінде», «Егемен Қазақстанда», «Жас Алашта» әңгімелерім де, эсселерім де бұрқырап шығып жататын.

* * *
Софы ағаның жазғандарын үнемі оқып жүрем. Әсіресе, Шыңғыс аға Айтматов туралы жазған естелігіне мейірімім қанып оқыдым. «Елім-айының» кезінде «Жұлдыз» журналына жарияланбай, кейбір ағаларының бір-біріне сілтеп жүріп алуы көңілімді құлазытты. Құлағыма жезтаңдай Жәнібек Кәрменовтің:
Ағалар-ай!
Ауылын пенделіктің жағаламай,
Басына бір төбенің жиналсаңшы,
Андыздап әр бұтаны сағаламай.
Түбінен бір жүректің табылсаңшы,
Бауырды бөліп жарып, алаламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Көңілін інілердің жараламай,
Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,
Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.
Өздерің қонақтайтын бәйтеректің
Тамырын балталамай, араламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Тартысып бір-біріңді табаламай,
Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп,
Жақсыңды жарға қуып қамаламай.
Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,
Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай?
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Ит қоссаң үнсіз қалмас абаламай.
Әрқашан аттың басын түзу ұста,
Саныңды сүрінген соң сабаламай.
Құйрығын қырық мәрте баса берсең,
Жыландай бәле, шіркін, шағады оңай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Бола ма оң-солыңды шамаламай?
Қалың ел қоршап тұрған қара орманың
Қысады құшағына жан анадай.
Басына баданадай бұршақ жауса,
Тоғайды торғай тұрмас паналамай.
Әттең, ағалар-ай! –
деген мұңға толы дауысы келді.

* * *
Шықаң, Шыңғыс Айтматов – қырғыз бен қазақты ғана емес, бүкіл адамзат баласын жүрегіне сыйғыза білген алып жүрек иесі ғой. «Жәмиласы» мен «Бетпе беті» үшін Қырғызстан Жазушылары съезінде кейбір классик ағаларының бірінен ауыр сөз естіп күйінсе, айналасында отырғандарың табалап күлгендерін де көтере білген. Содан ба екен, жас жазушы Софыны сөзімен демепті, Манас бабасының әруағымен жебепті. Шықаң Софы інісімен алғашқы таныстығы туралы: «Мен Сматаевты «Жұлдыз» журналы арқылы таптым. 1972 жылы жаз айларындағы екі нөмірінде жарияланған «Елім-ай» романы мені қазақтың тағы бір тамаша прозашысымен табыстырды. Туған халқына перзент боп еркелеп, сол жұртын азамат болып сүюдің қандай боларын таныдым. Талай қысталаң кезеңнің ауыр өткелегінде өмір мен өлім айқасын бастан кешкен ұлтының тарихына жан дүниесімен бойлап үңілудің куәгерін көргендей болдым.
Соның алдында ғана Манас туралы роман жазбақ болғанымды көпшілік білмейді де. Алғашқы бірер тарауының нұсқасын қағаз бетіне түсіріп те қойғам-ды. Ал Сматаевтың журналдағы романын оқығаннан кейін менің сол ниетімнен айнығаным рас», – деп бастайды да, былай жалғастырады: «Сматаев романының лейтмотиві – «Елім-ай» әні. «Ақтабан шұбырынды» заманының қасіретін де, қасиетін де айғақтайтын киелі әуен. Құдыретті ән. Тәуелсіздікті түгел көтеріліп іздеген, тапқан – ту қылып көтерген азат ұлттың ұраны.
Осы романның мені тебіренткен тұсы – Балайым мен Қорабайдың соңғы аянышты жай-күйі. Анау үңгірдегі шалдың «Қырық бір қара қазанда, сүйегі жатыр қырғыздың» деп ыңылдап айтатын әні. Бұл ән – біздің, қырғыз жұртының дәл «Елім-айдай» қадірлі гимні. Соны мен көптен іздеп таппай жүр едім. Софыдан тапқаныма қуандым. Енді мен Софыны көруге асықтым.
1973 жылы Алматыда өткен Азия, Африка елдері жазушыларының форумына қатысқам. Форумның екінші күні мәжіліс залынан шығып, төменге түсіп келе жатқанбыз. Фойедегі бес-алты адамның арасынан журналдағы суретімен есімде қалған бейнесімен бір жігіт көзіме жылы ұшырады. Адымдай басып бардым да: «Сіз Сматаев емессіз бе?» дедім. Әлгі жігіт үн-түнсіз күйде абдырап, бетіме жапақтап қарай берді. Қасындағы адам: «Иә, Сматаев қой бұл, Шықа!» деп маған сәлемдескелі қолын соза берді. Мен Сматаевтың иығына қолымды салып, бауырыма тарттым. «Жүргін. Екеуміз сөйлесеміз, бауырым!».
Одан ары Шықаң төмендегідей сөз түйінін жасайды:
«1978 жылы қырғыз жазушыларының съезі өтіп жатқан. Қазақстаннан келген қонақтар (біреуі – ұмытпасам, Сағат Әшімбаев болатын) президиумдағы біздерге үш-төрт кітап ұсынды. Арасынан «Елім-ай» романы көзіме оттай басылды. Содан орнымнан тұрып, съезд жұмысына екі сағат үзіліс жариялауын өтініп, қырғыз әріптестеріме мынау Георгиевкадан (Қордай ауданының орталығы) Сматаевтың «Елім-айын» сатып алуларына болатынын қуана хабарладым.
Софының «Елім-ай» дилогиясы – ыстық жүрекпен, шебер де шешен тілмен, зерек зердемен жазылған, азаматын ерлікке, әлеуметін бірлікке шақыруымен әсерлі туынды. Өйткені өткен күндердің өкпесін сыққан қасіретінен қаны сорғалаған халқын суырып алған сол бірлік бүгін де керек. Өйткені кешегі кескілескен айқас пен шайқас замандастардың күнделікті тұрмыс-тіршілігенде ғана емес, психологиясында да жүріп жатыр ғой. «Кешегіңді ұмытсаң, бүгініңді елемесең, қидаласуын доғармайтын «хас жақсылардың» бірінің басын бірі қанжығасына байлап жіберерін ескер, халқым!» дейтін роман авторының тұжырымымен тиянақтайын».

* * *
Софы аға туралы пікір білдіргендер қарасы өте көп. Бәрін де оқырман деген қара ормандай қауымға жеткізгің келеді. Бірақ оған көлем көтере ме? Дегенмен, соның бірнешеуін назарларыңызға ұсынайын.
«Софының тарихи тақырыпқа батыл баруынан үлкен үміт күтемін. «Жас келсе – іске!» деген осы емес пе!».
Сәбит Мұқанов
«Қазақ прозасының ендігі буынының көш басында «Елім-ай» романының авторы – Софы Сматаевтың тұратыны сөзсіз».
Ғабит Мүсірепов
«Біз өткенімізді тірілтеміз, өшкенімізді жандырамыз деп тарихымыздың қаңқа сүйегін құрсауладық. Ал, Софы Сматаев соған «Елім-айымен» ет бітіріп, қан құйып, қаз бастырды.
Ілияс Есенберлин
«Өзінің «Елім-ай» атты романында С. Сматаев 17-18 ғасырларда өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің шынайы бейнесін көз алдымызда тірілтіп қана қоймай, қаһармандық пен ерлік, табандылық пен еркіндік және достық пен махаббатты құрмет тұту тәрізді қазақ халқының ұлттық мінез ерекшеліктерін барынша ашып көрсетті».
Расул Ғамзатов
«Елім-ай» романы өзінің көркемдік тәсілі жағынан эпикалық баяндау сипаты басым шығармалар тобына қосылады. Мұнда қазақ әдебиетінің көркемдік дамуының ұлы арнасы – фольклорлық эпикалық дәстүрге тығыз байланысты екені көрінеді. Қазақтың шешендік сөздерінің үлгісіндегі шығарма тілінің кестесі де жарасымды».
Рахманқұл Бердібаев
«Дүниені образбен тану – Софыны шебер суреткердікке жеткізген. Оның байқағыштығы, сезімталдығы оқырман көңілін риза етіп отырады».
Серік Қирабев
«Өзгелерді білмеймін. Ал өз басым жыл сайын «Елім-ай» романын бір қайталап оқимын».
Тұрсынбек Кәкішев
«Софының жеңіл тәнінен «Елім-айдағы» жанының зор салмағы сезіліп тұрады».
Зейнолла Қабдолов
«Бұрын аты белгісіз жазушыны елдің салған жерден біліп кетуі – жазушы үшін сирек бақыт. «Елім-айдан» кейін Софының жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын болды».
Ғафу Қайырбеков
«Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасымен С. Сматаевтың «Елім-ай» дилогиясына тездетіп пікір жазып беруім қажет болған соң, біраз қобалжыдым. Софыны азамат ретінде қатты сыйлайтынмын. Бұл романды бұрын оқымап едім.
Саясатқа қырын келер тұсы көбірек дегендерді еститінмін. Күдігім бекерге шықты. Халқымыздың арғы-бергі тарихын терең қозғап, ұлтымыздың арман-мүддесін аялап жазған «Абай жолынан» кейінгі құнды дүние екен. Енді мен Софыны туған інімдей жақын тартқанымды сезіндім».
Кемел Тоқаев
«Софы Сматаев өлген күннің ертеңіне қазақтың ұлы жазушысы болып, қайта тірілетін жазушы. Ол жазған «Елім-ай» қазақ руханиятының асыл қазынасы! Өлтіріп алып, мақтанбай, тірісінде бес күн жалғанда бес күн құрметтейік, ұлы жазушымызды».
Құлбек Ергөбек
«Софы ағамыз отызға да толмай жатып «Елім-ай» романын жазып, жұртшылықты елең еткізіп еді. Жетпісінші жылдары бұл тарихи роман қазақтың намысын қозғап, санасын сергітіп, рухын оятуға себепкер болды. Ал өзі оқырманның сүйікті жазушысына айналды».
Мұхтар Құл-Мұхаммед

* * *
Софы аға туралы эссені өзінің «Зиялым кім?» деген жырымен түйіндегім келіп отыр.

ЗИЯЛЫМ КІМ?

Зиялым кім?
Білмеймін, кімді іздеп ем?
Қап-қараңғы түндеймін
Күнді іздеген.
Кетіп барам тоқтамай,
Өтіп барам,
Өзім салған өткелсіз
Мұңды ізбенен.
Зиялым кім?
Тиді ме пайдасы елге?
Зияны боп тиді ме,
Айласы ерге?
Зымияндай жүзіне
күлкі сеуіп,
Бүлкілдеген сиқынан
Қайғы есер ме.
Біле алмадым кімімнің
Кім екенін.
Кешегідей бүгіннің
Күн екенін.
Зиялымның зиянын
Көрген сайын
Көтеремін кеудемнен
Мұң етегін.
…Батылдықты кім білсін,
түнетермін…

* * *
Айтпақшы, сол зиялылардың зиялысы, заңғар заңгер Салық Зиманов Софы ағаның мына өлеңіне сүйсініп:
«Қараңызшы:
«… Аярлық адалдықпен құр беттесе,
Өтірік көлгірсумен құрметтесе,
Ашығып гонорарсыз не болар ед,
Бізге ұсап ұлы Әуезов дірдектесе?
…Бір тиын төленбесе, еңбегіне,
Ақынды әкім илеп жеңгені ме?
…Қуанам Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдердің,
Көрместен осы күйді өлгеніне»
Шырылдаған шындық! Өксікке толы өкініш осылай айтылуы керек. Жаныңды уысына қысып алған бүгінгі күннің ашынтқан ақиқаты. Ұлылықты ұсақтатар келеңсіздікті кемеңгерлердің ертерек өліп кетіп көрмегеніне шүкірлік ету – миыңды шағып ойлантпай ма?
Жарайсың, Софы азамат!» деп жазып кетіпті.

* * *
Софы ағаның «Елім-ай» романында мынандай суреттер мен мағынаға, мәнге толы сөз бар.
«Сарт-сұрт семсер айқасты. Сар-сар айқай-шу үдеді. Батырда үн жоқ. Көзіне қан толып, семсерден басқа ештеңені көрер емес. Шаршаған кәрі дененің қимылы баяу. Қолының жітілігі ғана бұрынғыдай. «Ең болмаса осы жауымның қанын ұрттасам екен!..».
Жомарт ақырып қап семсерді құлаштай ұрды. Ананың қаруы ұшып түсті. Сол кезде батырдың бар ыза, бар кек, бар зауалы жауының басында ақырғы рет жалт-жұлт ойнады.
Шуна-Дуба иек қақты.
Тұс-тұстан шаншылған қылқұйрықты көп найза Жомартты тік көтеріп әкетті. Сауытсыз, беренсіз жалаңаш денеге көк сүңгілер кірш-кірш қадалды.
– Қалай екен, батыр? Көзіңе не көрінеді? – деді Шуна-Дуба.
– Даламды, тауымды, елімді көремін. Әлі де болса сенен биіктеу тұрмын ғой-й…
Найзалар сылқ түсті».

* * *
Софы аға, Сіз де биікте тұрсыз!

 

Көсемәлі
СӘТТІБАЙҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ