АСҚАР – АСПАН АСТЫНДА (Парасат падишасы Асқар Сүлейменов туралы әр кездегі әр түрлі жазбалар)

Сүлей Сүлейменовпен сұхбат сәті

…Ойыма Асқар Сүлейменовпен болған екі кездесу оралып отыр. Алғаш рет Фариза апамның «Пионердегі» кабинетінде 1983 жылдың көктемінде кезіктік. Алматының әртүрлі ЖОО-да оқитын «сөз дертіне» ұшыраған бір топ қыз-жігіттер қысыла-қымсына топырлай кірдік… Әлі есімде, Ас-екең бізге «құссың ба, құмырсқасың ба?!» деген жоқ, апайға шекелей қараған күйі әңгіме айтып отыр. Күшенбей, күңіреніп шығатын үнді даусы, әңгімесінің алғашқы сөйлемі жадымда таңбаланып қалыпты: «…Жүсіп Қыдыровтың сыңарындай ұзын тұмсық серейген сары орыс екен…» Әңгіме кім жайында болып жатқанын бағдарлай алмадым. Жайшылықта айбарлы көрінетін апай мәз болып күліп отыр. Көп ұзамай күлкісін тыйып, біздерді жайғастырды һәм таныстырды. Үстімізге сол журналдың қызметкерлері Әшірбек Көпішев, Мәди Айымбетов, Мереке Құлкенов, Мейірхан Ақдәулетовтер кірді. Мейірханның жанында Аманхан Әлімов бар. Сөз-базары қызып жүре берді: біздер кезекпе-кезек өлеңдерімізді оқып жатырмыз. Сейіт-Қожа Бауыржан Үсенов өзінің әндерін салды. Соңғы шығарған «Перрондасының»: «Пойызды қарғап күйініп тұрмын, – Перронның шыған шетінде» деген жеріне келгенде Аманхан нырық бұзды: «Пойыз – халықаралық көлік. Ол – мыңдаған адамдардың нөпірі, сандаған армандардың көпірі. Оны қарғауға болмайды!..» деп қар-рап отыр, сабаз! Қар-рап отырып өлеміз бе, досымыздың ендігі бүкіл студент жабыла шырқап жүрген ән-өлеңін қорғап өре түрегелдік. Фариза апай біздің қораз-қоқи, тауық-шоқи «төбелесімізге» мәз болып күліп қалыпты. Апамызды көңілдендіргенге еркінсіңкірегендейміз. Ішімізде Мейірханның жауабы ұтымды шықты: «Аманхан, сүйген қызын алып кеткен пойызды қарғамай Бауыржан не бітіред, өле ме?! Жаны күйген жан Құдайын да қарғамай ма?!» Ай, бірақ Сейіт-Қожа Аманхан өжектеп өзінікін дәлелдеп болар емес. Амалымыз таусылып Ас-екеңе қарап ек, ол: «Ей, бала, қоймаймысың осыныңды, – Осыныңнан Алматы шошынулы. – Қанша сенің тыңдадым қосығыңды, – Бір келтірмей өлтірдің қошығымды!..» деп қана қойды. Содан кейін Аманхан сөйлеп не өлең оқи бастаса, ортадан бөліп әлгі бір шумақ өлеңді қайталады да отырды… Сөйтсек, өзі де Сейіт-Қожа екен. Сөйтіп үш сейіттің арасында қалың «қара» «қырылып» қала жаздап ек…
Сол бір мамыр-дарияға шомылған ілкі жүздесудің әсерін «Өлең сүйген» атты жырымды былай таңбалағам:
…Толқу бар жанда –
Үрейден ірі,
Естімегенмен тақа сын.
Сол күні Асқар Сүлейменұлы
Берген-ді бізге батасын!

Көңілдің көкем сонысын жеді,
Кісінеуге сол сәт шақ қалдым:
«Жылқы болмысты – соңысың, – деді, –
Адайы арғымақтардың!..»

Күлік көкем-ай,
ұғымы – дастан,
Ертегі сынды өмірің…
Шақар шыңдардан шығынып асқан –
Шұрқырап құлын-көңілім…
Көп ұзамай Жазушылар Одағындағы «Қаламгер» кафесінде қайта кезіктік. Бұл – біздің Алматыға әбден етенеленіп алған шағымыз. Бұрын аты-жөндерін оқулықтар мен кітаптардан ғана көріп жүретін қаламгерлердің өзін сорттап-сұрыптап, кейбіріне, тіпті, шекелей де қарай бастағандаймыз… Барға Ертай Ашықбаев, оның курстасы созақтық Аманғали Әбуев, Бауыржан Үсенов, Ермек Аманшаевтар болып барғанбыз, ұзамай Асқар аға кірді. Орындық ұсынып ек, бәлденбеді. Өздерінің үстеліне шақырған Оралхан Бөкеевке: «Сендермен отыру қызық емес, өйткені сендер маған бой үйретіп алғансыңдар. Қазір бір нәрсе айтсам, өзеуреп менімен таласа бастайсыңдар. Өздерің бірдеңе білетіңдей, жарысасыңдар кіс-і-мен! Ал мыналардың менімен бәсекесі жоқ, бүгінгі таңдағы Алматыдағы, қандай оқырман екеніне шүйілмеймін, ең тәуір тыңдармандар осылар» деп жауап берді…
Бардың іші көкала бұлт. Гу-гу жел… Әркім өз көкірегіндегі барын «барға» төгіп кетуге келетіндей. Арамызға кербез кейіпті, сәнқой киінген Ж.А. деген ақын килікті. Ол көп жылдар Жамбыл жақта сауда саласында істеген бе қалай, Ас-екең: «Бұл – саудагер-ақын» деп акцент бере мошқап отырды. Әлгі ешкім өтініш қылмаса да өлең оқыды. Ақындығын мойындамайтын адамың орынсыз ортаңа киліксе, – күйің не болмақ? Мен оның өлеңіндегі «атың мөңкіп» деген тіркеске күмән келтірдім: «О заман да бұ заман аттың мөңкитінін сізден естіп отырмын!..» Ол да аяқасты кездескен түбітмұрт бозбалаға жем бола кетем деп жүрмеген шырақ екен, шақшиып шыға келді! Тұтанып кете жаздаған өртті Асқар ағам сөндірді. Былай деп: «Сиыр мен есек мөңкиді, өйткені олар мінезсіздік көрсетерде алдымен артын көтереді. Жылқы аспанға шапшып барып тулайды, сондықтан ол мөңкімейді…» «Саудагер-ақын» тағы да өзінікін дәлелдей бастаған, Ас-екең: «Сенің Жамбылыңда жылқы мөңкісе мөңкитін шығар, біздің Созақ пен Маңғыстауда мөңкімейді, тулайды!..» деп тыйып тастады.
Әңгіме кенет Қасымға, иә, кәдімгі Аманжолдың Қасымына қатысты бір жайға көшіп кетті де әлгі ақын сәл келеден шеттегендей күй кешті. Асқар аға пікірін тұжыра келе: «Қасым деген – спирт қой, спирт!..» деп қалды. Бағып отырған Жәкең жабыса кетті: «Қит етсе, Қасым! Өлі ақынның атымен тірілерді жасқай беруге болмайды. Қасым спирт болғанда, біз кімбіз?!» Жауап қысқа болды: «Сен виносың ғой! Бор-ма-ту-ха!..» Өз бағасын алған Жәкең жайына кетіп, біз де Асқар ағаға «бой үйрете» бастағандаймыз…
Әредік, Бауыржан: «Сіз де Сейіт-Қожа екенсіз ғой, мен де солмын» деп жақындығын білдіруге ұмтылған, осы жай екі-үш қайталанғанда Ас-екең сөзін үзіп, көзін сүзіп алысқа қараған қалпында бір шумақ өлең айтты. Иә, оқыған жоқ, айтты. Экспромт-жыр: «Ей, бауырым, тамақты кенейік пе? – «Қараларды» қораға көмейік те… – «Қожа», «қожа», «қожа» деп қоймадың ғой, – Қожа болсаң, қайтеміз, өлейік пе?!» Бауыржан ол тақырыпқа одан соң аттап баспады.
Жайшылықта да оқығаны басына сыймай жүретін менің Ермегім де шыдамады білем, сөзге килікті. Ол өзінің білімін көрсеткісі келді ме, әлде Ас-екеңді сынағысы келді ме, Жан Поль Сартрдың экзистенциализмі, Зигмунд Фрейдтің психоанализ теориясы жөнінде, Альбер Камьюдің «Сизиф туралы аңыз» эссесі хақында, кешегі Франц Кафкадан, бүгінгі Габриэль Маркес тәрізді ендігі қазақы оқылманның «модасына» енген қалам иелерінің шығармалары жайында сөз қозғай бастаған, оны ағам: «Бұлар жайында сенің «номеріңде» ғана сөйлесуге керек. Қазір басқа әлемдеміз. Әрі-беріден соң, олардың бізге – қазаққа өткізіп қойған дәнеңесі де жоқ!» деп ойыннан оңай шығарып жіберді.
Біздің кеңесімізді Т.Тоқбергенов пен А.Нысаналин келіп бір бұзып кетті (әтеңе нәлет коньяк, әкелерімізден үлкен сол адамдармен де шекістіре жаздады!) Алдында араларында қандай әңгіме болғанын қайдам, қатты қызу Төкең қырылдап: «Асқар, сен фашиссің!..» дегені. «Жоқ, кәрия, қателесесіз, мен Мюллер ғанамын, ал мен өзім Фаризаны «фашистка» деймін». Ағасынан алқау естіп отырғандай-ақ жайбарақат күймен осылай деді, сосын әңгімесін бізге бағыштады: «Өткенде осы «Қаламгерде» Фаризаның енді шықпақ «Дауа» деген кітабы сөз болды, мен қаперсіз: «Қолжазбаңды маған бер, композициялап берейін» десем, қолындағы коньяк толы рюмканы төбемнен сорғалатып құя салып кетіп қалды. Коньяк сыртқа төгілсе, – онша ажарлы емес, ол ішке құйылғанда ғана адамға әр береді. Содан бері ол мен үшін «Фариза-фашистка»… Бізден барқадар таппаған Төлеген мен Аян басқа үстелдерді жағалап кетті.
Олардан кейін шырық бұзған У.Сұлтанғазин болды. Әбден қызып алған әртіс өңкеңдеп Ас-екеңді үйіне шақырып қоймайды. Ара-арасында: «Ас-аға, я вас люблюін» тықпалайды. Ас-ағаң: «Ең қатерлі махаббат, бұл – агрессивная любовь!..» деген соң, сөзге маналы бері үнсіз отырған білегі жуан Әужекең – Аманғали Әбуян (армяндарға ұқсайтын кейбір қылықтары мен акцентіне орай сойын солай атайтынбыз) кіріскесін ғана еңгезердей Уәкең үйіне жалғыз кетуге мәжбүр болды…
Ас-ағадан ЦК-ның секретары С.Имашевпен араларында болған кикілжің жайында сұрағаным есімде. «…Кабинетіне кіріп барып, қолымды кеудеме айқастырып тұрып алдым. Ол: «Отыр!» деп жекірді. Мен: «Біріншіден, маған жекірмеңіз! Пендеге қолбала болып көргем жоқ! Екіншіден, жайғасып отыратындай, Сізге мейман болып та келгем жоқ! Айтарыңызды осы жерде тұрып тыңдаймын!..» дедім… Әңгіменің осы жеріне келгенде көгала бұлт сөгіліп, тағы бір топ төгіліп арамызға кіре берді… Ар жағы есімде жоқ…
Бірақ осы отырыс-жүздесуден кейін Ас-ағамен етене жақындасып кетіп ек…

23.01.93 ж. Сенбі.

2. Жастықтың жазғы жайлауында

…1985 жылдың мамыры еді. Руы – әлімнің шектісі, оның өріс-әйдербек-бәйбегінен тарайтын Арал өңірінде өмір өткізген Нұрдәулет жырау немересі Ілияс қызы Бибіайшамен сөз байласып, шаңырақ құрдым. Мамырдың 9-да, яки Жеңістің 45 жылдық мейрамы күні күйеу-жолдасым ақын Қайрат Әлімбеков (Ұлы жүз – суан елінен), қыз-жолдас Бекеева Нұрайша (Орта жүз – тарақты елінен) – төртеуміз Ақтаудың (озалдан «Шевченко» деп атаған емен) әуежайынан түстік. Филфак пен журфактың қыз-жігіттері шулап-шұрқырап шығарып салған. Әуелі, Жетібайда, содан соң Шынжырда бес күнге созылған той өтті!.. Қайтып Алматыға оралдық. Енді ресми некеге тұрып, Алматыдағы тойымызды өткізуіміз керек… Сөйтсек, мұның өзі шатағы көп шаруа көрінеді. Орталық Неке сарайына барсақ, ондағылар: «Бір ай ойланып келулерің керек, оған дейін рұқсат жоқ» деп, некеге тіркелудің ауылын алыстатып жіберді. Ал біздің бір ай уақытымыз жоқ: маусымның басында тойды өткізе сала, Бибіайша – Маңғыстауға, мен Қордайдың Мұзбеліне әскери-жаттығу жиынына аттануымыз керек-ті. Деканымыз, қадірден ұстазым профессор Рымғали Нұрғалиев: «Осындай себептерге байланысты Некеге тіркеу күнін тездетуіңізді өтінеміз» деп мөр басып, қағаз жазып берген, Неке сарайы оған да ырайламады. Неге екенін білмеймін, есіме Асқар Сүлейменов түсті. Жазушылар Одағынан ол кісіні тауып алып жағыдайымды айтып ем, ерінін үйірген қалпы телефонға қол созды. Жақын отырғам, арғы жақтан әйел адамның үні сыңғырлап қоя берді. «Ай, Бүбіш, – деді Ас-екең салғаннан (Бүбіш – Бисәлиева Неке сарайының меңгерушісі, оны біліп алғанбыз, әйгілі Әсет Бейсеуовтің қыз тумаласы екенін кейін естідік), – менің бір Адайы айғырым бар еді, сол үйірге түскісі, байталға шапқысы келеді. Сен білуің керек, біздің Созақ пен Маңғыстаудың айғырлары ондай әрекет пен бейіл үстінде ойланғысы келмейтінін. Ал сендер оған: «Ойлан» дейтін көрінесіңдер. Еще, айғырдың азуындай – бір ай! Ол қандай қорлық Адайы айғыр үшін, түсінесің бе?!.» Сонымен, әңгіме аса көпке созылған жоқ, біздің некеміз өзіміз ұйғарған маусымның 04 жұлдызында қиылатын болды. Ертеңіне курстас қайынағам – менен 15 жас үлкен Аманғали Дайрабаев, достарым Есжан Айнабеков, Дүйсенбек Мағұлымов, Бибіайша – бесеуміз барғанда апорттай албыраған Бүбіш апайдың: «Асқар қайда?..» – деген назды даусы құлағымда мәңгі қалып қойды…
Үйлену тойымыз сол 4 маусымға белгіленіп, елге хабарланды. Ауылдан ағам (шалдың баласы болғандықтан әкемді «аға» деймін), нағашым Нұрмағамбет, жеңгем Шекерхан, қарындастарым Ботагөз бен Раушан келді. Бұл жолы Бауыржан Үсенин күйеу-жолдас болды. Неке қию рәсімінен соң Медеуден бастап бүкіл Алматының көрікті жерлерін Фариза апам мен Асқар ағам біздермен бірге аралады. Апайдың «00-70» нөмірлі сүлікқара «Волгасы» болатын…
Кешке КазГУ-градтағы «Махаббат» кафесінде тойымыз өтті. Бейбіт Құсанбек Беташар айтты. Қымбат Әбілдина той жүргізді. Мейірхан, Аманхан, Байбота, Әбубәкір, т.б. ағаларым мен Алматының ЖОО-дағы достарым жиналды. Осыдан үш күн ғана бұрын Горбачевтің араққа қарсы әйгілі Қаулысы шыққан, бірақ жігіттер самсаған «Сарыағаштың» шынысына орыстың зәһарын құйып, тойдың «көңілді» өтуін «қамтамасыздандырған». Бірнеше рет су деп у ұрттап қойған Фариза апам үзіліс кезінде: «Заң болса, мынау, заман болса, мынау. Дүниеде жалғыз қатын алып жатқан жан құсап, не құтыру сенікі?!» деп ұрысты. Апамнан әшейінде айбынсам да бұл жолы оның сөздері еш әсер етпей-ақ қойғаны…
Тойды Фариза апам мен Асқар ағам ашты. Ас-екең жуырда «Жалын» журналына Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен жарияланған менің өлеңдерімді қиып қалтасына салып алыпты. Ішінен «Элегия» деген өлеңімді оқыды: «Кездерде кейде қара бұлт Айды бүктеген, – Үйіме үнсіз үгіліп қайғырып келем. – Талықсып жатып содан соң кетемін ұйықтап, – Ұйықтап кетсем, түсімде сәйгүлік көрем!..» Өлең оқылып болған соң Асқар ағам бір шешілді-ай!.. Әлі жадымда – мұрынынан маңғыстап, сәл маңыраңқырап шығатын қоңыр-күңгір үнімен сөзін былай деп бастаған: «Түсіне сәйгүлік кірмеген жігіт – жігіт пе?! Жігіт болмағасын, оның Қазақтығынан не қайыр?!. Зады, басқа жұрт, біреулер айтып жүргендей, маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ – жылқыдан жаралған! Жылқыдан жаралғасын да бізді түлігімізден – күлігімізден айырды… Күліксіз қазақ қазір кім-көрінгеннің артына мінгесіп күн кешіп жүр. Алайда түсіне сәйгүлік кіретін жігіт қана кім болса соның артына мінгесіп, не болса соған бұт артып жүрмейді. Мысалы, мен бұл тойға Фаризаның сүлікқарасына мінгесіп келдім… (Мен ренжіп қалды ма деп Фариза апама қарап ем, ол кісі досының сөзіне рахаттанып күліп отыр екен. «Сарыағаштың» уытына елтіп әлгінде ғана гуілдей бастаған тойшы әлеумет Асқар ағамның «қирағатына» сілтідей тынып мүритше мүлгіп қалған!..) Менің Фаризаға мінгесуім жалғыз бүгін емес, – деп ағам сөзін әрі қарай сабақтаған. – Ана жылы екеуміз Мұқағалидың ауылына бардық. Білесіңдер ме, ол – түсіне түйе кіретін жігіт еді! Сондықтан жазған: «Неге менің түсіме жиі енеді, – Сахараның шұбырған түйелері?!» деп… Ал бүгін үйірге түсіп отырған Светқали екеуміздің түсімізге жылқы кіреді. Түбімізге де жылқы жетеді.
Сол Қарасаздағы ауылдың мама-ағашында белеңі бар қара айғыр тұр екен. Білулерің керек, әсіресе, мына маңғыстаулықтарға зайыр белгілі, қазақ: «Асаудан белең жаман» деген. Белең – кез-келген қамсыз сәтіңді аңдып, күтпеген жерде аяқ астынан тулап топ алдында топ еткізуі бек мүмкін! Бірақ оған Фариза қарай ма, өйткені, мұның да белеңі бар, әлгі жерде әлгіге мінем деп жатты да жабысты! Өзі мінбестен бұрын: «Әуелі сен мін, мен саған мінгесем!» деп маған қиғылық салды! Тулап кетпей тұрғанда айтқанына көну керек, дегенмен мен оны: «Біздің Созақта қыз жігіттің артына мінгеспейді, керісінше, жігіт қыздың артына мінгеседі» деп өз ырқыма көндірдім. Сөйтіп, екеуміз белең-қарамен Мұқағали айта беретін: «Серігіңмен сен асқан жұмбақ қырдан» деп, жұмбақ қыр Шалгөдеге қарай шауып кеттік. Жануарды екі «белеңнің» мысы басса керек, бізге мінезін көрсетпеді…
Сол меңзес, күретамырды қанжармен орып жібергенде шыңғыра шапшыған күрең қандай шыны жыр да кім-көрінгенге тақым салдырмайды. Тақым салдық деп жүрген қарақұрым өлеңшінің көлігінің көбі – бір қыр аспай өкпесін соғып, қарта-қалтасындағы бар қормалын жынша шашып, қозыөрісіндейдің тұяқкештісін қырт-қырт шайнағаннан қанағат табатын тырақы!..
Біз бүгін Фариза екеуміз таң атқалы тектен-текке сүлікқараға мінгесіп жүрген жоқпыз, себебі, аламанның алдынан ғана үміткер адайы алмауыттың үйірге түсу тойына келіп отырмыз. Ал келін соны аяғына қан түсірмей баптай білсін!..»
Ас-екең бұдан кейін де ұзақ сөйлеген, мен оны жұрттың әлсін-әлсін ду-ду еткен қыран-күлкісінен ғана біліп отырдым. Ойым шартарапты шарлап кеткен: маған, өйткені, бұл түні Ұлы адамдар тарапынан Ұлы Жауапкершілік жүктеліп еді…

28.11.92 ж. Сенбі.

3. Саят опат тапқан күн

1985-тің 4-желтоқсаны еді. Бүгіннен сәл ғана бұрын, тентектік қылып журфактан қуылып, әскерге кеткен Әлібек Татанов (менен 2-3 ай ғана кішілігі бар, соған қарамай «аға» дейді) қайтып оралды… Алдында Мейірхан Ақдәулетов ағамыз Жандосов-Розыбакиев көшелерінің арасынан жайлы 4 бөлмелі үй алған. Бұрынғы Мархабат Томанов ұстазымыздың үйі. Әлібек екеуміз ағамызбен қосылып гуілдеп отырғанбыз, Есенғали телефон соқты: Өтежан Нұрғалиевтің жалғыз ұлы Саят опат болыпты! Ертең жаназасы. Күйзеліп кеттік. Ұзамай Мәкең бізді шығарып салды. Суық жаңбыры сыбырлаған аллеяның ішімен келе жатыр ек, арттан бір оданы дауыс естілгендей болып жалт қарап ем, еңгезердей біреу Мейірханның төбесінен төніп тұр! Кейін білдім, ол шылым тұтатып алмақ екен, ал маған ағама тиісіп тұрғандай көрініп кетті. Ол кез өздерін «аға ұлт» санап, біздің жарылқаушымыздай сезінетін орыс ұлтына деген жеркеніш-жеккөрінішімізді ретті-ретсіз көрсетіп ала беретін шағымыз. Әлгіге еркімнен тыс жақындап қалыппын. «Мынау бірдеңе деп тұр ма?!» Жауап күткен жоқпын, жұдырығым «қыдырып» кетті! Таудай неме төңкеріліп-ақ түскені! Мейірхан ағам: «Түк жазығы жоқ еді, өлтірдің ғой!» – деп шырылдап жүр. Не керек, дұшпан қашты, Мейірханды қайыра үйіне жақындатып тастап О.Жандосов ескерткішінің жанына келдік. Такси ұстамақпыз. Көзім түсіп кетті: көше шамдарына шағылысып Жандосовтың жүзінен жаңбыр тамшылары сауылдап тұр екен. Құдды, көзінен қанды жас ағып жылап тұрғандай…
…Қазақтың ғана қайғысы – мұрат-тұрағы,
Тасқа айналса да жүрегін бұрап тұрады.

Асқар шыңынан елдіктің құлап шынары,
Ораз Жандосов жылап тұр! Жылап тұр әлі! – деп экспромт-өлең оқып тұрғаным есімде. Құлағыма Әлібектің: «Сақтан, келіп қалды!» – деген келте үні шалынды. 4-5 орыс өңмеңдей төніп қалыпты, бақтым: жаңағы таяқ жеген нән сыбайластарын ертіп келгені анық-ты… Шайқас төтен басталып, тым тез аяқталды! Төбелес десе, бұрын да жанып кететін шырағым әскерде арнайы жасақта болғандығын дәлелдеді: екпіндеп жеткен ілкі екеудің бірі әп-сәтте шалшыққа аунап қалды! Бір ірі неме мені елемей, Әлібектің ту сыртынан ұмтыла берген, ылғи сулығымның қойын-қалтасында жүретін елік сирағынан сабы бар сегіз өрім қамшым (қазір де төрімде ілулі) сумаң ете қалды! Қолдың сыртымен бетінен орай тартып жібердім! Әлгі шыңғырып барып шалқасынан құлады! Сол-ақ екен, орманұлдары ығысып жүре берді. Біз көшенің келесі бетіне өтіп таксиге мініп үлгердік. ППМ (передвижной пункт милиции) деген өте тез келіп қалатын пәлекет бар, соған тұтылмау басты арман. Қара түнде қара жаңбырды қақ тіліп менің пәтерім бар тау жақтағы «Алатау» совхозының Фрунзе көшесіне қарай аңыратып бір кеттік! Сондағы ер Әлібектің өкініші мынау еді: «Қап, айналада КазГУ-де оқитын біреудің болмай қалғанын қарашы! Жаңағы төбелесті ешкім көрмей, елеусіз кететін болды-ау!..» Үйге келсек, аяғы ауыр Бибіайша әдеттегідей елегізіп отыр екен…
Азанда Өтежан ағаның үйіне келдік. Адам – қарақұрым. Дені – ақын-жазушылар. Жаназаны Әбіш ағам басқарып жүр. Есік алдында Өтежан-жетім шалықтап тұр. Маған: «Кір ішке, аяқ жағында өлерінің алдында жазған өлеңдері бар. Оқып шық, құрдасың ғой», – деді. Ағам ішін жалаған қайғының өртін басу үшін осылай сөйлеп тұр-ау деп ойладым. Қуықтай бір бөлмеде (Өтекеңнің үйі бар болғаны бір-ақ бөлме-тін) ақ жамылған Саяттың мәйіті жатыр. Басында Күләш жеңгем бастаған әйелдер жылап отыр. Мәйіттің аяқ жағында, шынында да машинкаға басылған орыс тіліндегі өлеңдер жатыр екен, бірақ оны оқып отырар мүмкіндік қайда, топырлап күтіп тұрған ел көп, көңіл айтып қайта шықтық. Өт-екең: «Тез шықтың ғой, оқыдың ба?!» – деп ежірейе қарады. Үнсіз өтіп кеттім.
Бір шетте Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Кәдірбек Уәлиев – үшеуі тұр екен. Жандарына келгенде Ас-екең маған: «Саят менің балам-тұғын. Бейшара бала 2-3 күн бұрын ғана бір чемоданға салып бүкіл жазғандарын әкеліп: «Әке, ие бол!» – деп кетіп еді, Өтежан екеумізге тартқан шолжыңдығы шығар деп мән бере қоймап ем, арыздасып жүр екен ғой», – деді…
Жұбан Молдағалиев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов әйелдерімен келді. Жұрт жапырыла амандасып жатыр. Мен де оңтайлана беріп ем, Ас-екең: «Қозғалма, өздері келсін!» – деді. Айтқандай олар жұртпен жағалай есендесіп біздің тұсымызға жетті, бірақ Асқар ағаммен амандаспады. Ас-екең де міз бақпайды, сабаз! Мен де сол кісінің ексімімен әлгі қазақ әдебиетінің корифейлерінің қолын алмастан қала бердім… Сайымжан Еркебаев күп-күрең күйінде қутыңдап тұр. Рамазан Тоқтаров ауыр ой құшағында. Анадай жерде пальтосының қойнына қолын тығып Тұрсынзада Есімжанов түксиеді. Мен Жұмекеннің «Мәскеудегі Пушкин ескерткішінің алдында» деген өлеңін сәл өзгертіп оқыдым:
Ер төсінде үр қызы жүр гүл өріп,
Желкесінде күздің қары тұр еріп.
Жүрегіне таман қолын жіберіп,
Тұрсынзада үн қатпайды түнеріп…
«Ши-кар-но! – деді Ас-екем. – «Сайымжаннан қызыл болса, не болады? – Шие болады. Рамазаннан қара болса, не болады? – Күйе болады. Тұрсынзададан нән болса, не болады? – Түйе болады»… Ерінін үйіріп аз-кем тұрды да әлдене айтпаққа бұрылған құрдасы еңгезердей Кәдірбек Уәлиевке: «Сен кеше Зейноллаға мен хақымда не деп қырттың? Аузыңды бағып жүрсең, Құдай бәледен қағып жүреді дейді біздің Созақ пен Маңғыстауда. Бағып жүр аузыңды бұдан былай… Әйтпесе…» Кәдекең онсыз да жирен-шабдар адам, нарттай болып кетті: «Әйтпесе, не істейсің?..» Ас-екең шекелеген күйі сөйлеп кетті: «Әйтпесе, ып-ыстық – әппақ мыйыңды қап-қара – мұздай асфальтқа тарыдай қылып шашып тастаймын!..» Кәдірбек: «Қап, өлім үсті – тар жерде мынаның қорлығын-ай!.. Кездесерсің бір, мойыныңды торғайдай қылып жұлып алмасам көр де тұр!..» – деп келісаптай «мойынжұлғышын» шарасыз оқтап-оқтап қойды. Оның сөзі Ас-екеңе қалай әсер етті екен деп жүзіне қарасам, еш ишара жоқ, ерінін үйіре түскен күйде алысқа салқын жанармен көз салады. Сырттарынан қарасаң, келелі бір мәселе хақында пікір алмасып тұр деп ойлайтындайсың. Сөздері әлгі… Кейін Кәд-екеңмен, Зейнолла ағамен сырласа жүріп білдім, бұлар бір-бірінсіз күні жоқ, әзіл-қалжыңдары да, достықтары да ешкімге ұқсамайтын жандар екен…
Қаралы лек Саятты Қарасудағы қорымға жерлеуге аттандық. Шағын автобусқа мінер жерде жүргізушінің қасындағы орындыққа Ас-екең күштеп мені отырғызды да өзі салонға жайғасты. Жап-жас басыммен (23-ақ жастамын ғой) кілең марғасқалардың алдына шығып кеткеніме бастапқыда қысылып қалсам да сәлден соң бойым үйреніп, әңгімелеріне құлақ түре бастадым. Асқар аға шекесін терезеге сүйеп сыртқа тұнжырай қарап отыр. Сағат Әшімбаев күйіп-жанып оған дамылсыз әңгіме айтып келеді: «Ас-еке, Мұқаметжан ағамыз (академик Қаратаев. – С.Н.) бастаған ақсақалдар үкіметке: «Алматыда Пушкин ескерткіші жоқ!» деп хат жазыпты. Бұл не масқара, Пушкин ескерткішсіз қалып қор болып жатқан несі бар?! Ау, олар неге «Сұлтанмахмұттың ескерткіші жоқ!» деп жазбайды?! Бұл түрмен көшіміз қашан жылжиды?!» Өзінен жауап тосып отырғаны есіне түссе керек, әлден соң Ас-екеңнің маңыраңқы қошқар-даусы естілді: «Дегенмен, Черненко (бұл кез Горбачевтің билікке келген кезі, ауру, кәрі Черненко бір жыл үстелге сүйеніп тұрған күйі қоғамға еш өзгеріс әкелместен арғы ауылға аттанған) жақсы еді ғой…» Сағат ағам одан сайын күйіп-піседі: «Ас-еке, тыңдаңызшы, орыстар бүкіл «халық жауларын» түгел ақтап алды, олардың тарихында «ақтаңдақ» қалып жарыған жоқ. Біз Мағжанды ақтай алмай отырмыз. Өзіңіз білесіз, Шәкәрім қажы да, Мағжан да әлдеқашан ресми ақталған, бірақ өзіміздің әлгі көксоққан шалдарымыз өре түрегеліп оларды «абақтыда» зорлап, заңсыз ұстап отыр. Мұның шет-шегі бола ма, жоқ па?!» Ас-екең тағы «жауап» берді: «Ай, Черненкоға кім жеткен?!» «Түу, Ас-еке-ай, өстесіз енді, өткенде Алматыдағы жалғыз мектебіміз 12-нің жанында оқушылар «Үш жүзге» бөлініп қар сыбасып жатыр дейді. Болашағымыздың сиқы осындай болса, жетіскен екенбіз! Олар оны өздігінен біліп істеп жүрген жоқ, көбі ақын-жазушылардың балалары, әкең… әкелерінің үйретіп жүргендері ғой!..» Сағат таусыла сөйлеп отыр. Асқардың «жауабы» өзгерген жоқ: «Әй, бәрібір, Черненкоға ешкім жетпейді!..» Мен бұл жерде бұл диалогтарға өз тарапымнан түсінік бергім келмейді, алайда уақыты пісіп-жетіліп келе жатқан қазақтың ұлттық заңды сұраныстары мәселе болып қойыла бастаған кез-тін. Ал Асқар аға көпшілік «қыршаңқылық» деп бағалайтын басы ноқтаға сыймас қыңырлығымен содыр қоғамға қыр көрсетіп бағатын. Бұл да сондай көңіл-күйдегі «жауаптарының» бірі болса керек… Сөйтіп отырып Қарасуға келіп қалыппыз.
Мұндайды – қабірлерді алдын-ала экскаватормен қазып қойғанды бірінші көруім! Аяқ астында езуі ырсиып самсаған қабір жатыр! Аяғыңды абайламай бассаң, түбінен бір шығуың ғажап емес… Жанымда Молдахмет Қаназов тұр екен, ол маған: мынау көріністен жанының түршіккенін, бұл әрекет, яки өлімнің қадірсіздігі әлдебір табиғи заңдылыққа қиянат екенін білдірді. Бұрын шығармаларымен ғана таныс ем: «Жүрегі жұқа жақсы жан екен-ау», – деп пікір түйдім. Жерлеп болғасын Сағат аға: «Қабірге белгі қою керек, әйтпесе, күнде адам жерленіп жатыр, қайта айналып келгенде табылмай қалуы мүмкін», – деген ескерту айтқан, Өт-екең: «Қалақтай ең… Қабіріңде қалақ тұр»… Мұқағали Майгүлінің моласына осылай деген, бұған да қалақ шаншып қойсаңдар жетеді. Мен баламның қабірін жүрегіммен табам, ал жүрегі жоқтарға бәрібір, олар ештеңені де таба алмайды!» – деп әлдекімдерге кіжіне қарап тұрып әңгімені доғарды… Оның кімге – кімдерге кіжінгенін кейін – Саяттың:
«Босағаң сенің құлайды,
Үйленбей жатып көркеймей»…
Ақынның жыры жылайды,
Көр-азап шеккен – Орфейдей (орысшадан аударған қазақтың классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов. – С.Н.), – деген өлеңін; Өтежанның:
Өмір деген шахматтың фигурасын жара тескен –
Мен ойнадым «чемпионмен» ылғи ғана қара таспен!
Ақ таспенен ойнаған қу ұтып алды қара атымды,
Айқұш-ұйқыш оқтар кесті менің ұшқыр қанатымды.
Қанатыма тиген оқтар қасқыр болып ұлып түсті,
85-те атқан оғы «королімді» жұлып түсті! (Екі өлең де «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар» (2012 ж. Алматы) атты осы жолдардың авторы құрастырған кітапта жарық көрді), – деп келетін «Маңғыстаумен қоштасу» жырын оқығанда барып түсінгендей болдым. Батыс әдебиетінің рухында тәрбиеленген, сүйегі – орыс декаденттерінің уымен суарылған бейшара бала әкесіне баспасөз беттерінде («Қазақ әдебиеті», т.б.) жабылып жатқан орынсыз жалалар мен енді шаңырақ көтермек жарының шолжаңдарын көтере алмаса керек! Сөйтіп, тағы бір қыршын талант беймезгіл қиылып түсті! Қазақтың атайы ақыны – Өтежанның шаңырағының шамы сөнді!.. Ал Алматының қара жаңбыр көмген аспаны еңіреп жылап тұрды сол күні! Менің көкірегімде шешуі жоқ мынадай сұрақ тұрды сол сәтте: «Мына қалада тасқа айналған қанша қыршын-тағдырдың жанарынан жас саулауда?..»

01.06.92 ж.

4.Қожа мен Төренің арасы

1987 жылдың мизам-шуақ күзінде Алматының «Балалар әлемі» дүкенінің төменгі жағындағы көшеде тұр едік, келесі бетте әдетінше дүниенің бетіне теріс қарап, қалың тобырды шекесімен жарып Асқар (қожа) Сүлейменұлы кетіп барады екен. Топтың ең жасы мен едім, Жұматай (төре) Жақыпбаев: «Ноян, ана кәрияны тоқтатшы», – деді. Қожекеңнің соңынан жүгіріп жетіп ем, ол: «Ей, Адай жылқысы, бүгін сенімен жайыла алмаймын, үйіріңе сәлем де!» – деп бұрылып жүре берді. Жүзі біртүрлі мұңды, жұбау көрінді. Мен қайтып келіп әспенсідім: «Қожа қайрылмады. Жалпы, қожа мен төренің арасында жүгіре-жүгіре қараның абырой тапқан жері бар ма, сірә?!» – деп… Енді, міне, екеуі де жоқ – көше түгіл жер үстінде. Олардың жер басып жүргенінің өзі жанымызға пана, көңілімізге қамсау-тын. Осыдан жұма бұрын Ас-екең де бақиға аттанды… Иманың саламат болсын, кер заманмен кермалдасып өткен Кемеңгер! Желеп-жебеп жат бізді, әулиелердің соңғы сарқыты!..

22.05.92 ж.

5. «Бесатар» – бесін-намаздай

Асқар Сүлейменұлының «Бесатарын» қайыра оқып шықтым… АС байтақ даланы аядай ғана күйде алып, кеңістікті әдейі тарылтып, уақытты да мейілінше сығымдап, оқиға, қақтығыс атаулыны екі-ақ күннің ішіне сыйғызуы – сол заманның «аспан аядай, жер тебінгідей» ахуалын мегзейді. Әлсіздің Рух шыңғырып – Жан қарқараға келгенде жандәрменгүн қылар қайраты, күштінің әлсізге жасар зұлматы, сәті келсе, – заманасын қуырып, күнін бір уыс қылар алапаты осы әдіс арқылы беріліп отыр.
Бесатарын безеніп, қылышын кезеніп тұрып тілдесер – қара күшке ғана табынған Жендеттік пен оған қарсы қамшысын алдына тастап, парасатқа ғана жүгініп отырып сөйлесетін Қазақы Тектіліктің арасындағы қиян-кескі айқас үш-төрт адамның бейнесімен беріледі және солар арқылы – сәл қазақы қалыптасақ: «Болам ба, әлде бордай тозам ба?» деген гамлеттік сауал азу ақситқан тұстағы тұтас бір дәуір кескіні көрініс тапқан.
Жендет – тәніңді ғана таптарын, алайда жаның өз Туған Жерінің биігінде өз Жұртының Жебеушісі болып қала берерін, ал тойған жерінде – әзіз бен қорғансыздың төбесін ойған жерінде жүрген Басқыншы – Жатжерліктің тәні мен жаны бірдей Екі Дүниеден де жарасым таппай, адасып өтпегін, Рухы Ібілістің қолжаулығына айналып, талайына мәңгілік Қарғыс Таңбасы басыларын – әзір қазақ әдебиетінің (жаңғыз қазақ әдебиеті емес) ауласында пісе қоймаған, қазақ қаламгерлерінің ауына түсе қоймаған – лингвистикалық проза үлгісінде хас шеберлікпен толғайды. Кешеге шейін, тұрпайы әлеуметшілдіктің әсерімен таптаурын «тақпақия» мен жаттанды «ғақылиялар» үстемдік құрып келген, басына «соц. реализм» шірнесі киіліп – ойлау жүйесі шектеліп, тілдің ұшан-дариясы сарқыла жаздап қалған туған әдебиетіміздің Ұлы Мүмкіншіліктерін көрсетіп, шығай маңып, көз жеткісіз кеңістіктерге назар аударғандығымен де бұл шығарма (қаламгердің басқа да туындылары) өз құнын жоймақ емес! Дара болмысты Сөз Иесінің мұндай ауыр стилді таңдауында, әлбетте, Уақыт Талабының ықпалымен бірге, «ауызға шөп өлшеп», әр шыққан сапарыңды бинокльмен барлап, әр басқан қадамыңды микроскоппен мерлеп отырған қоғамның «қырағы көздерін» шиырға салып адастыру мақсаты жатқаны да айқын.
Тоқырау тоңы сіресіп, советтік империяның айдарынан жел есіп тұрған кезеңде жазылған бұл шедевр, шын мәнінде, ерліктің задасы-тұғын!
Өз басым, «Желтоқсан ызғарынан» қалтырап жүрген шақтарымда осы туындыны оқып қаншама қуат алдым! Көркем шығарма адам өміріне тікелей ықпал етер белсенді әсер-әрекетімен құнды емес пе?!

15.04.93 ж. Бейсенбі.

6. Асқар – кентавр

Асқар Сүлейменұлы, шын мәнінде, кентавр тәріздес жаратылыс-тын. «Мен жылқыдан жаратылдым», – деп жиі қайталауды сүйетін. Өйткені ол – мынау ылғи да ылдиға ғана ылықсуды білетін бірөңкей қаратопанның ағысымен кеткісі келмеді. Рухтың қасиеті Ғаршыға ыршу екендігін жан-жүрегімен сезінетін. Бірөңкейлік пен бірсыдырғылыққа жаны қас-тын. Сондықтан Өзінің бегзада болмысын, көптен бөлек бітімін айшықтауға ұмтылатын. Шындығында, Рухы ыршыған жан жертабандаған міскіндерді қалай тең тұтпақ?! Ол – адами ақыл-ойына жылқының түйсік-тектілігін сіңіргісі келді! Батыс пен Шығыстың арасын еркін-ақ жайлайтын (өз қалжыңына сүйенсек) «жануар» еді, әттең, біздің жайлауымыз оған тарлық етті…

7. Асқардың Аза-Сөзі

Асқар Сүлейменов бақиға көшерде сөйлеген Әбіш Кекілбайұлының тыңдаған жанның жұлынын жұлқып-жұлқып қалатын Қасіретті Сөзі, бір жағынан, екінің бірі, егізінің сыңары – досынан, иықтасынан, бастасынан айрылған адамның шын Азасы, екінші жағынан, керқұлақ басшылар мен кемқұлақ ұлтқа Кімнің, қандай орыны толмас тұлғаның шетінегенін әйгілеу болатын. Кім қалай түсінді, ол – парық пен пайымға тәуелді…

Светқали НҰРЖАН




ПІКІР ЖАЗУ