ҚАЙҒЫ КЕШТІҢ ҚАРА ЖЕРДІ МЕКЕНДЕП…

ҚАРҚАРА
«Қарқара – жердің жайлауы,
Өмірдің бар ма, байлауы?!»
Халық әні.
Қарқара!
Құр Қарқара!
Жел Қарқара!
Талайды тамсандырған, өр Қарқара!
Төсіңе кіндігінің қаны тамған,
Қабыл ал, төл перзентің
келді ортаңа.

Үйсіндей мемлекетке болған пана,
Тарихын тасқа басқан
Қор Қарқара!..
Көміліп Құмтекейдей құм астында,
Ашылмаған сырлары мол, Қарқара.

Қолы ашық қонағына кең Қарқара,
Пейілі аспанменен тең Қарқара.
Мыңғыртып майсасында
мал өргізген
Албанға атақоныс
Төр Қарқара.

Заманның зілді бұлты төнген қара,
Кеудесін өксік қысқан шер Қарқара.
Алпауыт ақ патшаға айбат шегіп,
Атылған жолбарыс боп
Ер Қарқара!
Далиып жатпаса да дәу картада,
Көлбеген кенересін тау, Қарқара.
Бәрібір орыс шапсын,
ойрат шапсын,
Ешқандай ала алмаған жау, Қарқара.

Аспаны бейне мөлдір көл, Қарқара,
Төскейі толқыған гүл,
Зер Қарқара.
Шоқан, Ілияс аялдап, ат шалдырып,
Әуезов айлап жатқан жер, Қарқара.

Қарқара. Жел Қарқара.
Құр Қарқара.
Тарихы таусылмайтын жыр, Қарқара.
Оқшау-оқшау өңкиіп обалары,
Талай сыр ішке бүгіп тұр Қарқара.

Қарқара. Бұл Қарқара сол Қарқара –
Көпестер көш түзеген
Жол Қарқара.
Көрші елдерден ағылып саудагерлер,
Нелер асыл бұйымдар
толды ортаға!..

Осындай өткені бар
Нар Қарқара,
Қойны – құт, суы шәрбат,
бал Қарқара.
Жайқалған жазы нәрлі, қысы кәрлі,
Жататын алты ай бойы қар, Қарқара.

Ешкімге өзің барда болман таба,
Өзіңнен тылсым қуат қонды арқама.
Иіткен мейірімді туған жерім –
Жасарып,
Мәңгі жайнай бер, Қарқара!

ҚАРА ӨЛЕҢ

Жүрекке мұз, қонғанда миға қырау,
О, қара өлең!
Сен келмей қинадың-ау.
Төнгенде қыс, жібімей кеудемде мұз,
Сәулеңді аңсап зарықты шермендеңіз.

О, қара өлең,
Киелім, қасиеттім!
Мәңгі аппақ нұрыңды нәсіп еткін.
Күн қашқанда кеудемнен,
түн басқанда,
Дәл өзіңдей табылмас мұңдас жанға.

Буындырып заманның дулы лаңы,
Армандарым ұша алмай булығады.
Дәрменсіз үміттерім жерге құлап,
Діңінен ұшып жатыр шер-жапырақ.

О, қара өлең,
Сырымды саған айтам,
Кеудемді қысып жатыр тарамай қан.
Таңдайыма балыңды тамыза бер,
Шамам келсе жазайын нағыз өлең;

Көгімде қырандай бір қалықтайын,
Тұрайын күн сияқты жанып дәйім.
Ноқталап әкеткенше ажал батыр,
Әйтеуір түсірмеспін, ғазалға қыл.

О, қара өлең,
Құя гөр, қуатыңды!
Кеудемнен ысырайын мына түнді.
Жанайын жүректерде шыра сынды,
Тұнайын көңілдерде тұма сынды!

Бақсыдай пері буған қалшылдайын,
Тұра алмай тізесінен қалсын қайғым.
Жығылған Арманымды тұрғызайын,
Көгімнен қайта күлсін
Жұлдыз, Айым!
О, қара өлең, пейілдім кешірімді,
Санасын сайтан буған кешір ұлды.
Талай сәулең тұтанып жүрегімде,
Түнегінде тірліктің өшірілді.

Талай рет кірленіп,
ластандым мен,
Талай рет тамұққа тасталдым мен…
Арымды тек алдыңда асқар білген,
Сенің киең
мені аман сақтап жүрген!

ӘКЕМНІҢ ПӘЛСАПАСЫ

Қалаға қарап әкемнің кейде
Тынысы қатты
тарылар.
Әйтпесе бәрі жетерлік үйде,
Ауа да, ас та,
Бәрі бар.

Бұлқынып кейде
Бөлмеге сыймай,
Көршіні кезіп кетеді.
Күңкілдеп қоям:
– Тыныш отырмай…
Тыныш отырса нетеді.

– Қала емес, құрғыр,
Қамау ғой мынау,
Көршіге көрші кірмейді.
Қазақтығыңа алаңдаймын-ау!.. –
Күйініп, көгі кірлейді.

«Өмір ме, мынау?!»
«Өмір ме, мынау?!»
Ғұмырды аңсайды ол ажарлы!
Көңілде қырау,
Көзінде сұрау –
Тұғырды аңсайды ол базарлы.

Келмеске кетті,
Кезеңнен өтті –
Желілеп бие байлаған.
Күндері қайда,
Жусатып ойға,
Мыңғыртып мың қой айдаған?!

«Өмір ме, мынау…
Өмір ме, мынау…
Ылай су ішіп, ыс жұтқан?!»
Таба алмай құрбы,
Аша алмай сырды,
Күрмеліп іштей, қыстыққан.

Жайлауды, белді,
Қырқаны зерлі
Кезіп бір кетер қиялы.
Налыма, налы,
Даланың шалы
Қалаға қайтіп сияды?!

Көргендей дәйім
Қаладан уайым,
Даланы аңсаймын мен дағы.
Жұпарын жұтсам,
Жотама шықсам –
Басыма бақыт қонғаны.

… Қанымды қала
Қарайтқан шақта,
Келеді сол бір көмескі ой.
«Өмір ме, мынау?!»
«Өмір ме, мынау?!»
Өмір ме?..
– Өмір емес қой!!!

ТҮНГЕ ҚАЙТАМ

Жарық күн зарықтырды.
Мен енді түнге батам.
Қажыған ғаріп құлды тыңда, жаһан!
Көзіме құйған нұрын бұлдап бітті,
Қайырсыз саудагердей құлғана таң.

Нұрынан дәметсем де әрбір таңның,
Тұманда тұтылуда мөлдір шағым.
Жабыққан жүрегімді түсінер сол –
Жалғаннан жарық іздеп қаңғырса кім!

Күн мені ырза етті деп
айта алмаймын,
Оны айтсам құлындайды
байтал-қайғым.
Көркімен көзді буған арудай боп,
Азды-көп жанарымда
шайқалды айдын!..

Мен енді түнге қайтам!
Қажыдым: ой да қайқаң,
қыр да қайқаң.
Зарығын біз пақырдың ұғынар ең,
Дәрменсіз тамырыңды құмға жайсаң.
Жұтса да миллион сәуле тойымы жоқ,
Енді түн әлдилейді қойынына ап.
Түбіне зымырандай кетем сіңіп,
Есіме йогтардың ойынын ап…

ҚАРБАЛАС ӨМІР

Ойлануға уақыт жоқ, о, тоба!
Аяз-тірлік ысқырып тұр (не шара).
Күн-кітаптар күлімдейді сөреден,
Қайырыла алман.
Ешкі-уайым өреген,
Қайырылтпайды;

Күн-кітаптан нұр еміп,
Жауһар әлем жарығына бөленіп.
Мәңгі жұмақ биігіме құлшына
Ұмтылар ем!..

Қу тіршілік қырсыға,
Қыңыр бұлттай көлеңкелер
күн жүзін,
Құштарыма жаба берер түндігін.
Осыдан соң көтеріп көр,
жыр жүгін!..

Міне, содан қырау шалған қауыздай,
Құтыла алмай тірлік дейтін дауылдан;
Бұлт астында өтіп жатыр өмірім,
Қара тірлік ақ арманды бауыздап.

Опа сұрап мен ешкімге жалынбан,
Тек, Тәңірім айырмасын барымнан.
Қасқыр қоғам сөз сұрамас әзірше,
Қазағым деп
қаны қызған қара ұлдан!..

Қанға түсіп Қиғаш үшін,
Қыр үшін,
Қарт бабалар
қайда ұрмаған қылышын?!
Мүрделері қайғы жұтып бұл күнде,
Кірмелер кеп сорып жатыр Ырысын!

Төл ұрпағы тиын тілеп, жаутаңдап,
Зор тетікте кірмелер жүр, талтаңдап.
Бар халықтың
қамын күйттер боп алдық,
Нар халықтың
Армандарын арқандап!..

Асанқадыр ИСАБЕК




ПІКІР ЖАЗУ