Ақбоз, Көкжал, Жансая апа және Төрт ноян

«Құлагер» бәйгесінің фантастикалық жанры
бойынша жүлдесін иеленген шығарма

Шырымтал түс

Шыжыған күннен бой таса қылған қозы-лақ оқшау өскен қалың жапырақты қарағаштың көлеңкесіне ұйлығысқан. Айбар да соның түбіне келіп, басына ақжем болып, тер сіңген бөркін төсеп, бір-бірімен іркес-тіркес бұйра-бұйра ақша бұлттарға көз тігіп, барлай қарап жатты.
Осы мезетте қол жеткізбес сағым сынды тәтті арман бойын шым еткізген. Көзін жұмып ала қойды. Әке-шешесі барда құлдыраңдай ойнап, көк шыбықты ат қылып, ауыл төрінде ойнақ салған сәттері көз алдына көлбеңдей берді. Ол күндердің көзден бұлбұл ұшқанына да біршама жыл болыпты. Алыстан қосылатын жамағайынының қолына қараған. Еркегі де, әйелі де сай қосылған. Мұны адам құрлы көрмейтінін жас жүрегі ерте-ақ сезген. Отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Тамақтың да қалған-құтқанын береді. Кіреберіс босаға жатын орны болды. Азанды-кеш қозы-лақ, мал соңына салып қойды. Әйелінің тілі удай ащы. «Ә, қыршыныңнан қиылғыр, жігітіңнен жиылғыр!» секілді қарғыс сөздерді қарша боратқанда, қос қолын төбесіне қойып, безіп кеткісі келеді. Бірақ барар жері, басар тауы жоқ, қайда барсын.
Бірде қозылары сауын қойға жамырап кетіп, еркегінен өлердей таяқ жеді. Жонына тиген қамшыдан арқасы гүп болып ісіп кетті. Сол күні үйден қашып шыққан. Беті ауған жаққа безіп кете барды. Тас қараңғы түннен де сескенген жоқ. Бойын буған ыза-кек, кеудені керней толған ащы өксік аяғына ерекше дем бергендей. Екі-үш рет сүрініп, етпеттей ұшып түсті де. Сүріне-қабына қайта бой көтеріп, жүрісін әрі жалғады.
Әлден уақытта жаймауыт өзекте үйілген шөмеленің түбіне келді де, сылқ құлады. Талықсып жатып, ұйықтап кетті.
Тамылжыған мамыр айы екен. Жер дүние жап-жасыл кілеммен көмкеріліпті. Әр тұстағы өзек, сайлардан қып-қызыл болып құлпырған қызғалдақтар көздің жауын алады.
Сол сәтте сонау жасыл белестен бір аттылы көрінді. Біртіндеп тақанып келе жатты. Құйрық, жалы төгілген ақбоз ат үстіндегі кісі сақалы алдын жапқан, келбеті келіскен қария екенін айқын аңғарды. Басына зерлі қалпақ, үстіне оюлы шапан киіпті. Бұл атып тұрып, қос қолын алға созып, сәлем берді.
Ол мұның қолын алып тұрып:
– Балам, мені таныдың ба? – деді.
– Жоқ, ата!
– Мен Қамбар атаңмын!
– Жолыңыз болсын, ата!
– Әлей болсын, балам! Байқаймын, қиналып жүрсің-ау!
– Дәл айттыңыз, ата!
– Ә, балам, Жаратқан Тәңірдің маған көрсеткені рас болса, әлі де алдыңда біраз сынақ бар екен. Батамды берейін, жай қолыңды! – деді. Бұл қолын жайды.
– Балам, асу-асу белден өт, биік-биік таудан өт. Соқпағыңда сынақ көп, сүрінбей өт бәрінен! Құт-береке түбінде, түндігіңе ұялар! Ырым қылып, мына астымдағы ақ тұлпардың мойнын құшырлана құшақтап, жалына бетіңді төсеші. Осы ырымның шапағатын көретін күнге жолығасың, – деді. Айбар бетін сипады.
– Ал, балам! Жортқанда жолың болсын! Қайыр қош! Қалт етпей осында күт, менің ізімді ала екі қонақ келе жатыр. Олардан да бір қайыр болар, – деп, алға қарай ұзай берді.
Айбар екі қонағы несі деп, айналасына дегбірсіздене қарап, алаңдай бастады. Бір кезде көк жүзімен қалықтап қос аққу ұшып келе жатты. Екеуінің ауыздарына тістеген әлдене бар. Мұның төбесін екі-үш рет айналып өтті. Сөйтті де Айбардың қасына қатар келіп қонды. Амандасып болған соң біреуі Айбарға қарап:
– Мына сыбызғыны Қамбар ата бір атақты шеберге жасатқан. Сол шебер біздің әнімізді сүйсіне тыңдап, шабыттанып істеген. Бұл сырлы сыбызғының бойындағы қасиет-шапағатын алдағы күндерде көрерсің.
Аң-таң абдырап қалған Айбар:
– Мен мұны ойнай алмаймын ғой, – деді.
– Ойнайтын боласың. Біз сенің кішкентай кезіңде ауылыңның үстінен ұшып бара жатқанда жіп-жіңішке дауысыңмен салған әніңді естігенбіз. Сен тамаша әншісің. Ән салған бала сыбызғыны да құлпыртып ойнайтынына сенімдіміз. Кәне, еш қозғалмай, тік отыршы, – деді. Сөйтті де екеуі екі иығына қонып, тұмсықтарын көкке көтеріп, тербеле ән салды. Содан соң ұлпа мойындарымен Айбардың басын алма-кезек бипаздай сипады.
– Кәне, сыбызғыны қолыңа ал да, тартшы, – деді аналық аққу жағымды үнмен. Айбар еш іркілместен аққу сазын құлпыртып ойнай жөнелді. Олар мәз болып:
– Міне, салған сазың қандай тамаша! Өстіп, оңашада ойнап, машықтан. Мұның сырлы қасиеті болашақ күндерде белгілі болады. Ал қош сау бол! Сыбызғыңды жоғалтып алмай, қастерлеп ұста! Енді келесі қонағыңды күт! – деді де, қос аққу көкке қалықтай көтеріліп кетті.
Аң-таң қалған Айбар ішінен таңырқап, енді кім келмек деп елегізіп, алды-артына мазасызданып қарай бастады. Айтқандай, батыс тұстан бұған қарай бүлкектеп келе жатқан әлденені көзі шалды. Ит секілді ме, қалай? Ол тақана берді. Жоқ, ит емес, ірі денелі арлан қасқыр екен. Айбардың тұла бойы шым етіп, артқа еріксіз шегіншектей берген. Тап осы сәтте қасқыр алыстан дауыстап:
– Қорықпа, Айбар! Мен Көкбөрінің ұрпағы Көкжалмын! Қас көңілмен емес, дос көңілмен келе жатырмын. Қамбар ата соғып өткен болар. Сол кісінің қамқорлығындағылармыз. Саған шапағатымыз тиеді, – деп, жұмсақ үн қатты. Ол келген бетте жанына келіп, шоқиып отырды. Айбар қуанып кетті. Оның маңдайынан, мойны мен жонынан аялай сипады. Көкжал да оның қолын жалап, тұмсығын қолтығына тығып, еркеледі.
Айбарды тәтті ұйқыдан үстіне секіріп шыққан селтең құлақ көк бөрте лақ оятып жіберді. Орнынан атып тұрған Айбар көзін уқалап-уқалап жіберіп, жан-жағына елеурей қарады. Не өң, не түс екенін ажырата алмай қалды. Сонау алыс тұсқа көз салды, Қамбар атаның көлеңкесі де жоқ. Көкке назар салды, ұшып бара жатқан қос аққу көрінбеді. Қасында отырған Көкжал да зым-зия.
Бір кезде көзі тал бұтағына ілініп тұрған ұзынша сарғыш әлденені көрді. «Мәссаған, мынау жаңағы сыбызғы ғой!» – деп дауыстап жіберді. Орнынан атып тұрып, сыбызғыны жұлып алды. «Иә, иә, сол! Тап сол сыбызғы! Сонда аққулардың келгені рас болғаны ма?» Өз көкейіндегі сұраққа өзі жауап таба алмай, жан-жағына қарағыштай берді.
Қолына алып, үрлеп көрді. Тесіктеріне саусақтарын жүгірте ойнатты. Тамаша ән әуезі құлағына жетті. Қуаныштан жүрегі шапшуылдай ойнап қоя берді. «Енді бұны қалай жоғалтпай сақтау керек?»
Ол орнынан созалаңдап әрең тұрды. Ішегі шұрқырап, көзі қарауытты. Басы айналып, құлауға шақ қалды. Қайда барарын білмей, дал болды. Осы кезде иықтарына шалғыларын асып келе жатқан екі адамды көрді. Олар шөмеле түбінде состиып тұрған бұған қарай бұрылды. Бетін әжім торлаған мосқалдау біреуі:
– Айналайын-ау, ен далада неғып жүрсің? Өзің әбден жылапсың ғой. Біреу ұрған ба? – деді.
Айбар жылап жіберді. Өкси жылап, бар жайды, болған оқиғаны айтты.
– Әй, Сәрсен, ана дорбаңдағыны ал. Өзі әбден ашығып, өлуге айналыпты ғой. Әлденіп ал. Кешке бай ауылына алып барайық. Бар жайды айтайық. Жасың нешеде?
– Он екіде.
– Е, әжетке жарап қалыпсың ғой. Анау Саспан байдың оң қолы Қарабек күндіз жылқыға қарайтын бір қолбала керек деп жүр еді. Соған ыңғайы келіп тұр екен. Атқа қалайсың?
– Әкем барда тоғыз жасымда бәйгеге шапқанмын.
– Е, тіптен дұрыс болды. Әлгі іздегенге сұраған деген осы, – деп мосқал кісі қуанып кетті.
– Қабыл аға, сол Қарабегіңіз осы байғұс балаға оң көзімен қараса ғой, шіркін! – деді Сәрсен.
– Е, енді бұл тұл жетімнің барар жері, басар тауы жоқ болып тұр емес пе? Не шара?!

Қарабек

Қабыл Айбарды Қарабекке таныстырды. Түсі суық, қабағы қатулы жаннан Айбар ә дегеннен-ақ қорқақтап, Сәрсенге қарай тығылыңқырап тұрды.
– Атың кім?
– Айбар. Қарабек мырс етіп:
– Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген, – деп, оң езуін жирене жиырды. Қатарында тұрған бұдан ересектеу балаға бұйыра:
– Әй, Сұраш, қасыңа серік қылып қостым. Бас-көз бол, – деді.
Міне, Айбар сол Сұрашпен бірге бәлен үйір болып топтасқан қалың табынды көз таса қылмай күндіз қоғамдап, байырқалатып отыруы керек екен. Ал кешке қарай үш-төрт жігіт түнгі күзетке шығып, бұларды алмастыратынын санасына түйді.
Апта күн беделінде-ақ Айбар жаңа тірлікке тез төселіп алды. Астындағы құнаны да көңілінен шықты. Соңғы екі жылда әкесі дүниеден өткелі атқа тақымы тимеген екен. Сағынып қалыпты.
Айбар жылқыға шыққан күннен-ақ Сұрашты онша ұнатпады. Өзінен екі жастай үлкендігі бар екен. Алғашта-ақ оның тілі қыршаңқы, еш себепсізден себепсіз қарадай тиіскісі келіп тұратын қалпын байқаған. Сондықтан да одан сырт орай аулақтап жүруге тырысып бақты. Бірақ одан бұл қашқақтағанмен сонау көз ұшындағы табын шетінен әрнені сылтау етіп, мұның қасына келеді. Болымсыз әңгімелер айтады.
Сұраш алыста жүргенде, сыбызғысын сызылта ойнап, көңілі масайрап, жан рақатын тауып жүрді. Сұраш ат басын бері бұрғанын көрісімен ол сыбызғы ойнауын кілт тоқтатады. Желбегей шапанының жыртық астарына тыға қояды.
Сыбызғысын бір күн ойнамаса, көңілі өз-өзінен қоңылтақсып, жетімсірегендей күй кешетін xалге жетті. Кейде көзі көк аспанды шарлайды. Бұған қарай қалықтай ұшып келе жатқан қос аққуды көргендей сезімге бөленетінді шығарды.

Атпен сырласу

Өмір осылай өз ағысымен өте берді. Айбардың мұнда келгеніне де жыл толды.
Бірде Сұраш апта шамасында қояннан үріккен атынан құлап, келе алған жоқ. Қарабек орнына басқа бір өзімен құралыптас баланы Айбарға серік қылып жіберді. Біртоға тұйық, момын, тілалғыш екен. Ешқандай қақ-соқпен ісі жоқ, шашыраңқы табынды айналып, ат үстінен түспейді.
Айбар жылқылар жусаған сәтте өріске іргелес ойпаңдағы бір шоқ үйеңкі тал түбіндегі бұлаққа барып, атын суарды. Ауыздығын салып, атына мінді. Ақырын аяңмен жылқы аралай жүріп, қол созым жерден көрінген төбешік басына көтерілді. Серік бала алыста, табын шетінде жүр екен.
Айнала алақандағыдай көрініп тұрды. Оңтүстік батыстан соққан самал бойын сергітті. Сәуірдің саумал нұрымен бүрленіп, бой көтерген, мұрынды жарған дала жусанының хош иісі кеудесін күмбір күйге бөледі. Ер басындағы дорбасына қол салды. Сыбызғысын алып, ойнай жөнелді. Ә дегенде, жылқылар елең еткендей болған. Артынша кәнігі тірліктеріне кірісті. Тек шеттеу жайылып жүрген маңдайында жұлдыз меңі бар, боз құнан сыбызғы үніне құлақ тігіп, қалт етпей тұрып қалды.
Айбар одан көз айырмай, сыбызғысын одан әрі күйлете тартты. Бір мезетте әлгі құнан бұған қарай кәдімгідей аяңдап келе жатты. Жүрісінен сыбызғы сазына кәдімгідей елітіп, беріле тыңдап келе жатқаны аңғарылады.
Ешқашан бас білмей, жайын, еркін өскен бұла құнанның еш үрікпестен қатарына кеп бір-ақ тоқтауы, Айбарды аз-кем таңдандырғандай болды.
Артынша түсіне енген ақ сақалы алдын жапқан Қамбар ата, оның жал-құйрығы төгілген ақбоз аты, оның мойнын құшырлана құшып, жалына бетін төсеген сәті ойына орала кетті.Ол ет жүрегі елжірей, оған қол созды. Боз құнан үріккен де жоқ, кегжең етіп, басын кері серпіген де жоқ.
– Өй, боз құнан! Түсіме енген сен екенсің ғой. Қамбар атамның берген батасы шынға айналғандай ма?! Сол батаның шарапаты болса игі еді, – деп тебірене сөйледі. Сөйтіп, оның жұлдызды маңдайын аялай сипап, ақ күмістей жалтылдаған кекілін алақанында ойнатты.
– Боз құнан десе, сен менің сыбызғымның сазын сүйіп тыңдайды екенсің, ә! – деді. Сол сәтте ол:
– Иә, ол айтқаның рас! Сол сазыңды естіген сайын, жаным жайланып, қайта-қайта тыңдай бергім келетін болды, – деп сөйлеп қоя берді. Ә дегенде Айбардың үні шықпай, тілі байланып қалды.
– Өй, сен сөйлей алады екенсің ғой, – деді.
– Сөйлегенде қандай! Мен туабітті осы қасиетті бойыма Қамбар атам бақ қылып қондырған! Айбар оның мойнынан құшақтай алып:
– Құтты болсын! Құтты болсын, боз құнан! Лайым сол Қамбар атаның көзі болғайсың, – деп толқып кетті.
– Олай болса, осы сәттен бастап, мен сені «Ақбоз» деп атайтын боламын, – деді тебіреніп.
– Үлкен рақмет! Енді мен де сені «Айбар» деп атайтын боламын, – деді.
– Е, менің атымды қайдан білесің? – деді таңдана.
– Е, неге білмеймін! Анау Сұраш деген сенің атыңды сан мәрте айқайлап айтып жүргенін естимін ғой.
Айбар жымиып басын шайқады. Сол кезде Ақбоз:
– Айбар, сыбызғыңды еш жоғалтып алып жүрмеші! Әлдеқалай басыңа іс түскендей болып қиналсаң, кез келген уақытта осы мен сүйген сазды ойнасаң, қасыңнан табылармын, – деді.
Сұраш қайтып оралды
Апта күннен кейін Сұраш жылқыға шықты. Салған жерден Айбарға:
– Достығың қайсы? Мен мертігіп жаттым. Xалің қалай? – деп бір сұрамадың, – деді қағыта сөйлеп.
Әжесінің ғибраты ойына оралды.
– Кеш батқан соң аурудың көңілін сұрамайды дейді ғой. «Қашан сен мені дос тұтып ең», – деп айта жаздап,тіл ұшына үйірілген сөзді іркіп қалды.
– Е, оны кімнен естігенсің?
– Үлкендер солай дейді, – деді де, Айбар сөз соңын күтпестен атының басын кілт бұрып, жеделдете жүріп кетті.
– Ойпыр-ой, үлкеншіл бола қалған екенсің, ә! Сұраш оның жон арқасына оқты көзін қадады. Артынша дорба аузына лық толы былапыт, боғауыз сөзді лақ еткізіп, құса салды. Айбар ат басын кілт бұрып, артына жалт қарап: «Тіфу!» – деді де, шаба жөнелді.
Күн артынан күндер өте берді. Айбар Сұраштан бойын аулақ салып, барынша қашқақтап жүруге тырысты. Ал ол болса, табын шетінде алыстау жүрсе де, Айбардың әр қимылын қалт жібермей бақылауға көшті. Оның екі-үш мәрте ойпаңдағы бұлақ басына ұзақтау аялдап қалып жүргенін сырттай байқады.
Сұраш бұрын қалың жылқының бел ортасында жүретін жұлдыз меңді боз құнанның әлдеқалай Айбарға тақанып, қатарласып, кідірістеп қалып жүргеніне іштей таңданды. Жүген, ноқта кимеген құр асаудың тосын қылығын түсіне алмай дал болды.
Бірде боз құнанның қалың үйірден жеке дара бөлініп, бұлақты өзекке түсіп кеткенін көрді. Екінші рет осы жағдай қайталанғанын көргенде, секемшіл Сұраштың көңіл төріне қою күдік ұялады. Оның құпия сырын білмесе, іші жарылардай күй кешті.
Осыдан екі апта бұрын Саспан бай жылқы аралай келген. Сонда оған ере келген Қарабек байға жұлдыз меңді боз құнанды көрсетіп: «Кеше көзге қораш көрінген қотыр тай еді. Бір көңіліңіз түскенде, әлгі қу жетімнің жылдық еңбегіне бер деген едіңіз. Енді мына түрін көріңізші. Өзгеге көзің қимайды. Жақында Жақанай деген атбегі де: «Әй, Қарабек, мынаны келістіріп баптаса, аузымен құс тістейтін дүлдүл болайын деп тұр ғой», – деп сұқтанған.
Бай бұлт етіп, аунап түсті. «Е ондай текті малды қолдан шығарып, менің көзімді шел басып па?! Осы бастан қолға алып жаратыңдар. Оған анау арық-тұрық жабағының бірін берсең де болады», – деген. Осы әңгіменің бәрін естіген боз құнан біраз толқулы күйде болды. «Мені алып кетіп жаратса! Жаным сүйген сыбызғы сазын ести алмайтын болдым ғой! Айбардан ажырап қалсам, xалім нешік болмақ? Тап сол құсап, мені аялап еркелетер, жанымды түсінер ешкім табыла қоймас», – деп қатты күйзелді.
Бұлақ басында кездескен күні Ақбоздан Саспан бай мен Қарабек арасында болған әңгімені естігелі бері Айбардың көңілі күрт түсті. Сұраш мертігіп жатқанда, екеуі қашып кетуді де ойға алған. Ат дайын болса да, Айбардың табан тірер жерінің жоқ болуы көбіне-көп аяқтарына тұсау болды.
Бай мен Қарабек әңгімесі құлағында қалған Сұраш шыдап тұра алмады. Атына қамшы басып, бұлақты өзекті бетке алды. Ат тұяғының алыстан шыққан алапат дүсірі екеуінің құлағына бірдей жетті. Айбар Ақбозға:
– Сақ бол! Мына келе жатқан Сұраш сұм. Екеуіміздің сырымызды білсе, ана Қарабегіне жеткізеді. Осы өзек бойымен төмен қарай көзге түспей құлдилай шап. Жолыңдағы үлкен қара жартасқа бой таса қылып, табынға қосыл. Сұраш, сөз жоқ, маған алданады, – деді. Ақбоз әп-сәтте көзден ғайып болды. Айбар сыбызғысын тез орап, шапанының астарына тықты. Тұспа-тұс осы мезетте Сұраш та жеткен. Ауыздығымен алысқан атының тізгінін шірей тартып, өзек тұсты көзімен тінте қарап:
– Боз құнан қайда? – деді.
– Қайдағы боз құнанды айтып тұрсың? – деді Айбар сұраулы пішінде көзіне тік қарап.
– Әй, жаңа әзірде ғана осы өзекке құлағанын көрдім ғой.
– Менің көзіме түскен жоқ.
– Әй, не деп тұрсың? Мен өз көзіммен көрдім дедім ғой.
– Қайдам! Мүмкін, елес болып көрінген болар?
– Ал сен өзің не істеп жүрсің?
– Сондай да сөз бола ма екен?! Атымды суардым. Адам болған соң әжеті болмай ма?
– Ой, сүмелек! Тіліңнің қыршаңқысын қарашы! Қорлау сөзді естімегендей болған Айбар атына асықпай мінді. Сұрашқа назар аударған жоқ. Өзектен жоғары көтеріле берді. Аң-таң қалыптан әлі ажырай алмаған Сұраш та оның соңынан ілби ерді. Кеудесіне кептеле бастаған күңгірт ойлар санасын тұманта бастады. Қатарласып біраз жүрді. Бір кезде Сұраш жылушырағандай үнмен:
– Әй, Айбар! Осы сені Қарабек ағам қаратабан құл дейді. Соны түсінбедім. Кәне, табаныңды көрсетші. Түр-түсің ақ болғанмен, табаны қара болатын адамды бірінші естуім, – деп, жылан көзін сықситып, бұған сынай қарады.
Айбардың қаны басына шапты. Астыңғы ернін қырши тістеп алды. Қолындағы қамшысы көкке шалт көтерілді. Сегіз өрім бұзау тіс қамшы Сұраштың басын осып өтті. Оған ілесе: «Ойбай, өлдім!» – деген ащы дауысы көкті жаңғыртты. Басынан қою қан бұрқ ете қалды. Оны қолымен ұстаған күйі Айбарды жеті ата, жекен суынан түк қалдырмай боқтап:
– Сені Қарабек ағама айтып өлтіртемін! – деп бақыра жылап, ауылға қарай құйғыта жөнелді.

Саспан байдың үкімі
Ебіл-дебілі шығып, бет аузын қан жуған Сұраш Қарабектің үйіне келіп бір-ақ тоқтады. Қарабек шошып кетті.
– Не болды? Басыңды кім жарған?
– Анау Айбар деген.
– Неге?
– Ұрлығының үстінен түстім.
– Не ұрлық?!
– Анау боз құнан бар емес пе?!
– Иә!
– Соны мініп қашып кетпекші болған жерінен ұстадым.
– Сөйтіп?
– Содан елге айтсаң өлтіремін деді. Ат үстінде айқасып қалдық. Өзі үндемей жүріп, бұзықтың бұзығы екен. Қайта-қайта келіп, қамшымен басымнан бір-ақ ұрды.
– Өй, шірік, сен одан үлкен, әнжемді емессің бе?
– Мен оны аядым.
– Өй, пәдіріңе нәлет! Аяғышын мұның!
Қарабек түтеп сала берді.
– Мына қаратабан құлды қарай көр! Әлгі жетімді есіркесең, төбеңе шығады деген осы екен-ау! Қарасұр жүзінің түгі тікендей болып ереуілдеген Қарабек басынан қаны сорғалаған Сұрашты ертіп, Саспан байға барды. Болған жайды барынша қоюлатып, жанынан үстемелте қосып, төндіріп айтқан Қарабектің сөзін естігенде, Саспан бай жауар бұлттай түнеріп, қалш-қалш етіп қоя берді.
– Әй, Қарабек! Тап бүгін көзін құрт оның! Дәмесінің зорын қара! Байдың өзі маған берген боз құнан деп көкіген екен ғой. Сұрауы жоқ, құны жоқ немені ел шетінен аластатындар. Әлгі қаныпезер Құлпейіс, ожар Орақбайларың қайда? Тап соларды! Мына сорлыны қамшымен қан қақсатқан екен. Сендер де қамшымен дүрелеп, өлмейтіндей қылып, қол-аяғын байлап, көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып тастаңдар. Ит жемі болып, азаппен өлсін!
– Құп, байеке!
Қатыгез Қарабек

Түс кезі еді. Ақбоз Айбардың қасына келген болатын. Кенет солтүстік беттен суыт жүрісті, ереуілдеген үш аттылы көрінді. Ол құлағын тігіп, жалт мойын бұрды да:
– Сақ болғайсың, Айбар! Мыналардың жүрісі тегін емес, – деді де топ жылқыға қарай жедел жортып ала жөнелді. Кетіп бара жатып: «Сыбызғыңа сақ бол!» – деп айтуды ұмытып кеткенім-ай! – деп өкінді. Айбар алыста келе жатқандардың жүзіне зер сала қарады. Жақындай түскен сайын өң-әлпеттері айқындала бастады. Аты озғындап келе жатқан байдың атарман-шабарманы Қарабекті айтпай таныды. Қасындағыларының өң-жүздері қатулы, жауар бұлттай түнеріп келе жатыр.
Айбар ішін жиып алды. Ожар мінезді Орақбай тақана бере, озғындай алға шығып, қамшысын әуелете иіріп:
– Қаңғыған қаратабан! Келмей жатып, төбемізге шығайын дедің бе?! – деп арқасынан осып өтті. Айбар қолдарымен басын қорғалақтап, қауқар қылам дегенше, шошына үріккен атынан жерге ұшып түсті.
Қарабек аттан түспей қатаң әмірлі үнмен:
– Аямай соғыңдар! Еш аяс болмасын! – деді.
Екеуі аттарынан түсе салып, оны тепкінің астына алды. Бас-көз, аяқ-қол, дене деген жоқ, ышқына, құшырлана тепті. Ырс-ырс етеді.
– Өлтір!
– Құны жоқ құл!
– Құтырғанның көкесін көрсін!
– Дәмесін қара мұның!
– Боз құнанға мініп қашпақшы екен-ау!
– Үндемей жүріп, ішіне үйдей бәлені бүгіп жүрген алаяқтығын қарашы мұның! – деп небір қаралау, боқтау сөздерді қарша боратты.
Қарабек ер-тоқымымен қашқан атты қайырымалап әкеліп, тізгінінен ұстады.Есінен тануға шақ қалған Айбардың құлағына Қарабектің:
– Әй, Құлпейіс, мына иттің баласын қол-аяғын байлап, атқа таңыңдар! Сөйтіп көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып тастаңдар. Жатсын солай ит-құсқа жем болып! – деген әмірлі үні жетті. Тап сол сәтте санасы күңгірт тартып, көмескілене бастаған еді. «Сыбызғым қайда қалды екен?» Мұрнынан судай аққан қан аузына жылымшылап тамып жатты. Басы шыдатар емес… Кеуде тұсы мүлдем жансызданып қалған сынды. Ер үстіне сылқ еткізіп тастай салғанда, есінен біржола танып қалды…

Күтпеген қамқорлық
Айбар есінің еміс-еміс кіре бастағанын сезінді. Өн бойында бір сау жер жоқ секілді. Аяғынан бөлек қолдары артына қаратып байланғанын енді біліп жатты. Басы сырқырап әкетіп барады. Көзі гүп болып ісіп кеткен, қиналып әрең ашты. Алқаракөк аспан төрінен жұлдыздар көрінді. Айнала меңіреу тыныштық. Мені қайда әкеліп тастаған? Дене салмағымен арқан батқан қолдары бұрынғыдан бетер шыдатпай ауырды. Бар күшін салып, оң бүйірлей аунады. Сәл-пәл жеңілдегендей болды. Көзін жұмып, кішкене болса да тыныс алайын деді. Түннің ағарып атып келе жатқан таңмен ұласар тұсында ауа өзгеше салқын тарта бастады. Бойы мұздай бастаған соң, аяғын бауырына тартып, бүрісе жатты.
Кенет жауырын тұсы, жон арқасы жылығанын сезінді. Сәлден кейін жылу күші бұрынғыдан әрмен күшейе бастағандай. Әлдекім құшағына тартып, аялап жатқан сияқтанды. Жан шыдатпай, сырқырай, ауырып жатқан басын, қабағын түсініп болмайтындай жып-жылы, жұмсақ әлденемен бипаздай сипап жатқанын сезінді.
«Бұл кім? Мына түн ішінде…» Әрі қарай ойлауға қорықты. Қозғалуға да сескенді. Сағындырып күткен сәуірдің саумал ауасындай бір жұмсақ леп бетін шарпыды. Осы леп қан қатқан қабақ тұсына келгенде айқын сезілді. Бұйығы тартқан түйсік сезімі марғау күйден ажырап, өн бойына ой толқынын жүгірте бастады. «Менің маңдайымды әлдекім жалап жатыр ғой». Жанына жағып бара жатты. Алғашында бой көрсеткен қорқыныш сезімі де серпіле түскендей. Көзін ашқысы келмеді. Сай-сүйегін сырқыратқан соққы ауруының сесі де семе бастағанын түйсінді.
Бір кезде Айбар тәуекел деп, шалқалап жатуға ыңғайланып қозғала берген. Сол кезде арқасын аялап жатқан әлдекімнің орнынан баяу, баппен көтерілгенін, қас-қабағын, бетін жағымды күйге бөлеп жатқан жұмбақ жылы лептің бәсең тартқанын сезінді. Көзін сығырайтып ашты. Бетіне төне түсіп тұрған қасқырды көрді. Тұмсығы сүп-сүйір. Құлағы тікшиген көкжал арлан. Көзіне көзі түсіп кетті. Ә деп үн қатуға шамасы келмеді. Жүрегі тас төбесіне шығып, атқақтай соқты. Қатты шошынып, бүкіл тәнінің ауырсынғанына қарамастан бойын тік көтеріп алды. Әдетте екі көзі от шашып тұратын арланның көзінен жып-жылы шуақты көргенде, есін жиды. Шарасынан шыққан көздері ұясына қайтты. Осы сәтте:
– Айбар, еш қорықпа! Мен Көкжал арлан боламын. Қазірден бастап мен сенің шын жанашыр досыңмын, – деді. Өткенде көрген түсі ойына сарт етіп оралды.
– О, Көкбөрі, Көкбөрі! Көрген түсімнің шынға айналғанына қуанышым шек­сіз! Сенің арқаңда мына азаптан құтылатын шығармын! – деді толқи сөйлеп. Көкжал өткір тістерімен қол, аяғын буған арқанның әп-сәтте парша-паршасын шығарды. Айбар Көкбөрінің мойнынан құшақтай алып, өксіп-өксіп жылап жіберді.
– Айбар, жылама! Ер жігіттің көз жасына бекем болғаны жарасады. Шыда!..
Сол сәттен бастап Көкбөрі Айбардың бар жарақатын жалап, емдеуге кірісті. Көгерген, қанталаған жерлері күн санап емес, сағат өткен сайын жақсара берді.
Осы күндері Айбар Көкжалдың ара-тұра ұзап шығып кетіп, қайта оралып келіп жүргенін көрді. Бос келмейді. Бірде піскен қоянның етін, бірде қуырылған қырғауылды, құрт-ірімшіктерді әкеліп, Айбарды әлдендірді. Ол мұнан бұларды қайдан алып жүргенін, қалай пісіріп әкеліп жүргенін сұрауға нешеме рет оқталды. Бірақ батпады.
Жетінші күні Көкжал бауырында ұйықтап жатқан Айбар өз-өзінен сандырақтап:
– Ақбоз, Ақбоз, қайдасың? Сыбызғым, қайдасың? – деп шөп төсегінен шошып оянды. Ауыр соққы әсерінен әлі толық айыға алмаған Айбар басын қыса ұстап, отырып қалды.
– Айбар, не болды? Ақбозың не? Сыбызғың не? – деп сұрады. Ол біразға шейін үнсіз отырып қалды да, Көкбөріге бар сырын айтты.
– Бәрінен бататыны ана екеуі сабағында, сыбызғымның қай жерде түсіп қалғанын білмей қалдым, – деп мұңая сөйлеп, ауыр күрсінді.
– Ақбоз ат та сөйлей ме?
– Сөйлегенде қандай! Саспан байдың қорлығын көп көрдім. Оның оң қолы Қарабек дегенге қаншама жалындым. Сол атты жыл бойы еткен еңбегіме берем деген сөздерінен табан астында айнып кетті. Тіпті бірде сол Ақбозбен көз көрмес, құлақ естімес жаққа қашып кетсем бе деп те ойладым. Бәрінен де сыбызғымды айтсайшы. Онсыз Ақбозбен еш байланыса алмаймын. Осы өкініш өзегімді өртеп барады, – деп қатты қамықты.
Көкбөрі құлағын тіктеп, елең ете қалды.
– Ол қай жерде қалды?
– Сол мені сабап, атқа таңып әкелген жерге түсіп қалды.
– Ендеше еш саспа. Олардың осында келген іздерімен барып, тауып әкелемін.
– Қалай табасың? Ол өте қашық жерде ғой.
– Оған еш қам жеме. Маған оны табу қиын емес. Сол сыбызғыңа сенің иісің әбден сіңіп қалғанына сенімдімін. Тап бүгін тура сол жаққа жол тартамын, – деп сенімді сөйледі.
Айбардың өшкен үмітінің оты қайта маздағандай болған. Сонда да болса, өн бойын алған күмәнді күдік пен себезгілеген сенім ұшқындары санасында шарпысуын еш тоқтатпалы.
– Көкбөрі, аңшылардың көзіне түсіп қалудан еш қорықпайсың ба?
– Айбар, қаупің орынды. Менің ұртымда үнемі сақтап жүретін анамнан қалған сиқыр тасым бар. Сол тасты тіл үстіне қойып, таңдайыма бассам, көзге түспейтін сағымға айналамын.
– А, әлдеқалай ауыл иттері көріп қалса ше?
– Олар менің тақанғанымнан иісімді сезсе, құйрықтарын бұттарына қысып, ауыл маңынан безіп кетеді
– О, онда ғажап екен! Енді жортқанда жолың болсын, Көкжалым! – деп қолын шапақтады. Айбар оның айтқанына риза болып, мойнынан құшақтап, тұмсығын бетіне басты.

Көкжал іздеуде

Өздері уақытша қоныс қылған өзектен ұзап шыққан Көкжал аттардың тұяқ іздері жосылған жолмен еркін жортты. Ұзақ жүрді. Таң сібірлей ел шетіне ілікті. Қалың жылқы таң алдында жусап, тыншып жатқанын көрді. Із осы тұстан жоғалды. Ерсілі-қарсылы айдау жол, қым-қиғаш түскен тұяқ іздері Көкжалды еріксіз адастырды. Ол тез арада ұртындағы сиқыр тасты таңдайы мен тілінің арасына салып, көрінбейтін кейіпке түсті. Енді бар күшті иіс сезгіш тұмсығына салды.
Көкжал шағын дөңсе басына келіп, иіс аулады. Айбардың қол иісі, тер иісі сіңген сыбызғы еш жерден белгі бермеді.Ол жан-жаққа мазасыздана мойын бұрды. Бұл қалай болғаны?Көңіліне қауіп кіре бастады. Сонау көз ұшында көрінген ауыл тұсқа назарын тіктеді. Ұйқысынан енді оянып, киіз үйдің түңліктерін ашып жатқан ақ жаулықты әйелдер көзіне шалынды.
Көкжал ауылға тақанды. Бір шоқ қайың өскен тұстағы үйінді топырақ төбесіне келіп, аял қылды. Тал түбінде бұлақ бар екен. Соған қарай екі жас қыз келе жатты. Қолдарында кішкене шелек, тобатайлары бар. Екеуі өте көңілді. Бір-бірімен әзілдесіп, емен-жарқын күліседі. Осы кезде Көкжалдың танауына таныс иіс келіп жетті. Құмартқан иісі тақанған сайын жонарқа жүні сонау құйрық қылтасына дейін құбыла толқынданып өтті. Көзі шырадай жанды. Қыздар шелектерін бұлақ басына қалдырып, тал түбіне жайғасты.
– Сәния десе, мен саған бір нәрсе көрсетейін бе?
– Иә, көрсетші, Үрия! Ол не?
– Мынаны көрдің бе?
– Иә! Өй, мынау сыбызғы ғой! Қайдан алдың?
– Кеше ағатайым тауып алыпты.
– Қайдан?
– Жылқының өрісінен.
– Міне, қызық! Өзі қандай әдемі!
– Әдемі болғанда айтпа!
– Сен ойнай аласың ба?
– Жоқ! Ойнағым-ақ келеді.
– Біздің ауылда сыбызғы ойнай алатын ешкім жоқ па?
– Білмеймін!
Көкжал көк көйлекті қыздың қолындағы сыбызғыны білдірмей барып, қолынан жұлқа қашуды бір ойлады. Мұндайда жағдайда тосын жайдан қыздың жүрегі жарылып, өліп кетуі мүмкін.
Бір кезде қызыл көйлекті қыз сыбызғыны алып үрлеп, саусақтарын әр тесікке жүгірте басып көрді. Көк көйлекті қыз:
– Дыбысы қандай әдемі?
– Айтпа!
– Ой, шіркін, екеуміз құлпырта ойнап, елдің бәрін таңдандырсақ ғой.
– Онда керемет болар еді!
– Кереметі сол, біз ойнағанда, өзге ауылдың жігіттері бізге ғашық болып, үйіміздің маңынан кетпей қояр.
Екеуі еш тоқтамай қарқылдай күліп, көгалға аунай кетті. Қызыл көйлекті қыз қолындағы сыбызғыны шешіп қойған үкілі топысының үстіне қоя салды. Сөйтті де көк көйлекті қызды мойнынан, кеудесінен қытықтап тұрғызып, қуалай жөнелді. Осы сәтте Көкжал әбжіл қимылмен оқша атылып, сыбызғыны қағып алды. Артына жалт етіп бір қарап, ызғып ала жөнелді. Аздан соң қыздардың:
– Әй, сыбызғы қайда?
– Бәсе, қайда болса, қайда?
– Жер жұтып кетті ме?
– Тап қазір топымның үстіне қойғам.
– Сен айтқандай сиқырлы сыбызғы болса ше?
– Әлде көкке ұшып кетті ме?
– Қайдам?.. – деген таңданысқа толы сөздері құлағына жетіп жатты.
Көкжал таныс сүрлеуге бір түсіп алған соң тынысы ашылып сала берді.

Зарыға күту

Айбар түнімен дөңбекшіп, қурай ағаштан құрап, түйе жапырақтармен жапқан күркешігінде ауық-ауық елегізумен болды. Жан-жақтан анталаған мазасыз ойлар басын шырмауықша шырмап алды. Ойынан Көкжал бір сәтке де шықпай қойды.
Бәрінен бұрын сол аман-есен оралса екен. Көрінбейтін қасиеті болса да, сыбызғыны табу оңайға соқпасы анық. Көп жылқы жайылған жерде, аяқтарының астында сынып, мыжылып қалуы да мүмкін-ау! Осыны ойлағанда Айбардың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Сол сау қалпында табылса, үлкен олжа болар еді-ау! Көкжалдың қайтып келермін деген уағы өтіп бара жатты… Бір күн өтіп, екінші күнге ұласты. Не болды екен, ә?!

Күтпеген кездесу

Айбар шөп төселген қурай күркесінде жата-жата жалықты. Ол аз-кем бой жазайын деп сыртқа шықты. Өткендегі соққыдан қалған жарақат іздері жазыла бастағанына, ауыр тартқан денесінің жеңілгеніне қуанды.
Өзектен шығып, белеске көтерілді. Бір кезде қарсы беттен ойнап жүрген үш бозбаланы көрді. Екеуінің қолдарында садақтары бар. Үшіншісі табақ секілді әлденені көкке шиыра лақтырады. Сол сәтінде екеуі тұра қалып, қатар атады. Әуеде шыр айналған дөңгелек нысанаға оқтары дөп қадалса керек, шаттана күліп, шапалақтай қол соқты.
Айбар бұларға тақана берді. Олар мұны көріп ойындарын кілт тоқтатты. Әлдене деп күбірлесті де, бұған қарай жүрді. Тақана беріп, қол алысып сәлемдесті. Айбар бойлары да бірдей, бір-біріне түрлері қатты ұқсас үшеуіне аз-кем таңдана назар салып, кідірістеп тұрып қалды. Біреуі:
– Сенің атың кім? – деді.
– Айбар. Ал сендердің аттарың кім?
– Менің атым – Ақберген.
– Мен – Жанбергенмін.
– Ал менің есімім – Бекберген.
– Танысқаныма қуаныштымын, – деп, Айбар үшеуінің қолдарын қайта алды.
– Өзің қаншадасың?
– Он үштемін. Ал өздерің қаншадасыңдар? – деді оларға күлімсірей қарап.
– Он алтыдамыз.
– Сонда қалай?! Бәрің құрдассыңдар ма?
– Иә, иә, тап солай. Анамыздан үшем болып дүниеге келгенбіз.
– Ал өзің қайдан келгенсің?
Айбар басын төмен салды. Біраз үндемей тұрып қалды да, дауысы дірілдеп, көзіне жас іркіліп:
– Көшерімді жел біліп, қонарымды сай біліп жүрген баламын, – деді.
– Қой, босама, інім! – деді Ақберген. Үшеуі оны алма-кезек құшақтарына басып, арқасынан қағып жұбатты.
Әкесінен он жасында, шешесінен он бір жасында қалғанын, жамағайынның қолында болып, олардан көрген қорлығын, жылқы бағып жүргенде болған жайларды, өзін өлімші қылып сабап, айдалаға қол-аяғын байлап тастап кеткенін естігенде, олар астыңғы еріндерін қырши тістеп, бастарын еріксіз шайқай бастады. Сонда Жанберген:
– Айбар, тағдырдың маңдайына жазғаны сол болса, амал нешік?! Болған іске болаттай берік бол дейді ғой! Біз де әкеден ерте айырылғанбыз. Бірақ алтын жүректі анамыздың қамқорлығының аясында, шүкіршілік, қанаттанып келеміз. Ат жалын тартып мінуге жарап қалдық, – деді тебірене сөйлеп.
Айбар олардың қолдарындағы садақтарға, қорамсақтарындағы әр алуан жебелерге қызыға қарады. Жанберген қолындағы жас қоғадан өрміштеп, тығыз қылып тоқыған, шеңберлі шені қайыспен көмкерілген кішігірім табақ секілді дөңгелекті әрі құмарта, әрі қызықтай ұстап көрді. Жанберген Айбарға:
– Мұны біз өзіміз жаттығу үшін жасап алғанбыз. Әлгі садақшылар сайысында ататын нысананы «айқабақ жамбы» дейді. Ал біздер, өзімізше, мынаны әрі айға, әрі табаққа ұқсатып, «айтабақ» деп ат қойып алғанбыз, – деді күліп. Айбар Бекберген қолындағы садақты ұстап көріп:
– Менің де атып көруіме бола ма? – деді.
– Е, неге болмасын! Қандай жебемен атқың келеді? – деп, қорамсақтан олардың бір уысын алып, Айбардың алдына тосты. Ол тосылып қалды.
– Ауылда тобылғыны иіп, садақ жасадық. Ши мен қамысты оқ қылып аттық. Сонда кепкен сиыр жапасын нысана қылатынбыз. Бірақ мен өз қатарларымның арасында мүлтіксіз ататынмын. Содан қалған бір жұрнақ бар шығар, – деп жымиды. Ал мынадай, нағыз жебелермен ұшталған оқтарды бірінші рет бетпе-бет көруім ғой. Алғашта қайсымен атқан дұрыс?
– Оны қалауың біледі, – деді Жанберген күлімсіреп. Мына жебені тобылғы жебе, мынаны сұр жебе, мынаны ысқырма жебе, мынаны қозыжауырын дейді.
Айбар сәл ойланып тұрды да, тобылғы жебе дегенін алып, садағын оқтады. Бекберген Айбарға бұрылып:
– Дайынсың ба? – деді. Ол бас изеді.
Бекберген Жанбергенге иек қақты. Ол оңтайлаған оң қолымен айтабақты көкке шиыра атты. Шырқау биігіне зырлай жетіп, аз-кем кідірістей бергенде Бекберген:
– Ат! – деді. Айбар тартып жіберді. Зулай ұшқан оқ айтабаққа дөп тиіп, әрі бойлай тесіп өтті. Барлығы қуана шу етті. Олар оны құшақтай алып:
– Жарайсың, Айбар! Алғаш атқаннан-ақ мерген екеніңді таныттың! Біздің сапымызға қосылғаның құтты болсын! Біз сені өз бауырымыз деп есептейміз! – деп, шаттана дауыстады.
Айбар айтабақтың бергі бетінде кептеліп қалған оқтың қауырсын қанатын, әрі бойлай өтіп, күнге шағыла жалт-жұлт еткен жебенің темір ұшын қызықтап, серіктеріне масаттана қарады.
Бұдан соң бұлар біраз әңгімелесіп, Жанбергеннің дорбасындағы тамақтарын жеді. Осы мезетте Ақберген өткен аптада бұл жаққа xабаршылар келіп, келер айдың басында Аққобы аймағының бір мықты жігіттері батыр әкелеріне ас бермекші болғандығы жөніндегі хабарды айтты.
– Үлкен аламан бәйге, күрес, не түрлі ойын түрлерінен жарыс болмақшы екен. Соған сауын айта келіпті. Озған жүйріктерге берілер олжасы да ересен көрінеді, – деді Айбарға қарап.
– Бәйге де болмақшы екен ғой, – деді ол елең етіп.
– Иә, солай деп xабарлады, – деді Жанберген бауырының сөзін қостап.
Осы сәтте Айбар санасының бір түкпірінде Ақбоз аттың құйындай ұшып бара жатқан сұлба суреті бұлаңытты. Жүрегі шым етіп, Көкжалдың кешіккенін ішінен қамыға ойлады.Садақты біраз атып, құштарлық сезімі басылған соң Айбар үшеуіне шынайы ризалығын білдірді.
– Енді қай жерде тұрып жатырсың? – деді Бекберген. Айбар иегімен өзек тұсты, қурай күрке жақты нұсқады.
– Ендеше не тұрыс бар? Айбар бауырымыздың жатын жайын көрейік, – деді Айберген. Ол сәл қысылыңқырап:
– Әншейін, құр қурайдан құрағам ғой, – деп күмілжіді.
Күрке жанына келгенде Ақберген таңданысын ірке алмай:
– Айбар інім-ау, аңғал-саңғал күркеде жападан-жалғыз қалай тұрып жатырсың? Бұлай болмайды! Үйге жүресің, – деді. Айбар сәл баяулау үнмен:
– Мен бара алмайтын шығармын, – деді.
– Неге?!
– Сондай бір жағдай болып тұр.
– Қызық екен? Нендей жағдай? – деді Жанберген қызбалана үн қатып.
– Өй, інім-ау, аштан қатасың ғой! Үйге жүр, – деді.
– Жоқ, тамағым бар, – деп, шөп жастық астынан көне тартқан шөжім шүберек қалтаны көрсетті. Жанберген Ақбергенге жалт қарады. Қалта оның көзіне оттай басылды. Бекберген күрке жанында тасқа басқан таңбадай болып жатқан қасқыр іздеріне шұқшия қарап қалды. Көкжалдың соңғы күндер ішінде көзге түспей кеткені ойына еріксіз оралды.

Қуаныш

Көкжал сол желе жортқан қалпы қурай күркеге, межелі жерге таң қылаң бере жетті. Есігінен көз салды. Айбар аяқ-қолын бауырына тығып, бүрісе ұйықтап жатыр екен. Ара-тұра күбірлеп: «Көкжал, Көкжал, қайдасың? Қашан келесің? Неге кешіктің? Сыбызғым қайда?» – деп қояды. Көкжал ырсия езу тартты. Сыбызғыны жұмсақ шөптен жасаған жастығының шет жағына апарып қойды. Өзі де ұзақ жортуылдан қажығандай еді. Шамалы болса да көз шырымын алып, мызғып алайын деген. Сөйтті де Айбардың аяқ жағына жата кетті.
Көк жүзіне өрмелеген күннің шырайлы шуағы мен сәулесі қурай күркенің саңлауларынан ішке құйылды. Бетіне тіке түскен күннің қызуынан Айбар оянған. Көз қиығы қатарында жатқан сыбызғыға түсті. Өз көзіне сенер-сенбесін білмей, басын кілт көтеріп алып, есік жаққа жалт қарады.
– Өй, Көкжал! Аман-есен келдің бе?! Әрі қарай сөйлеуге шамасы келген жоқ. Басын сілке көтеріп алған Көкжалды құшақтай алды.
– Сен кешіккенге зәрем зәр түбіне кетті емес пе? Оның мойнының қалың жүніне бетін көміп жіберіп:
– Ризамын саған! Ризамын! – деді шаттана.
Одан босана бере сыбызғыны қолына алып, алақанымен аялай сипады. Қуаныштан бет-жүзі алаулап, ерекше бір күйге бөленді. Оған сүйсіне қарап қойып:
– Көкжал досым! Саған деген алғысым шексіз. Жылқы бағып жүргенде дос санап, бауыр басқаным Ақбоз болды. Соған арнап шығарған күйім бар еді. Сол соңғы кездескен күні маған бір сыр айтқан.
– Қандай сыр?
– Егер басыңа әлдеқалай қиыншылық түссе: «Мен ұнатқан сазды ойнасаң, қасыңнан табылармын», – деген. Айтқаны шын болса, онда керемет болар еді. Үмітім ақтала ма, ақталмай ма деп қатты қобалжып тұрмын.
– Е, дұрыс, ендеше! Нар тәуекел, келістіріп тұрып ойна! – деп жігерлендіре сөйледі. Оның тегеурінді сөзі Айбарға қамшы болды. Ол сыбызғыны аузына тақады. Көзін тарс жұмды. Көгілдір көңіл төрімен қалықтай ұшқан қос аққудың сезім қылын шертер әні құлағында жаңғырды. Көңіліне жат болған сырлы сазды, беріле ойнады. Көз алдына кең дала төсімен құйғыта шауып келе жатқан Ақбоз ат келді.Сана түкпірінде шынайы тілектің қарлығаш қанаты оңды-солды жүйіткіп, толас таппады. Түс ауған сәтте Көкжал елең етіп:
– Оһо, тұяқ дүбірі естілді! – деп қуана дауыстап жіберді.
Көп күттірген жоқ, Ақбоз жұлдыздай ағып, Айбардың алдына келіп, кілт тоқтады. Ол Ақбоздың мойнынан құшақтай алып, мандайына маңдайын, бетіне бетін төсеп, емірене аймалады.
– Айналайын, Ақбоз! Сертке берік екенсің! Көкжал екеуің менімен жан аяспас дос болдыңдар! Ұзағынан сүйіндірсін! Өзің денең іріленіп, бойың өсіп кеткендей ме?! – деп тебіренді…
Көкжал жайына әбден қаныққан Ақбоз да оны еш жатсынған жоқ. Бір-біріне тақанып, иіскелесіп, тұмсықтарын тиістірді.

Дүрбелең

Бірде Қарабек анда-сандағы дағдысымен таң азаннан үйір-үйір болып жатқан жылқы табынына келген. Астындағы дом жараған атын желе жорттырып, аралап жүрді. Бір кезде өзіне етене таныс үйірдің тұсына келді де, ат басын кілт ірікті. Барлыққан ащы дауыспен шетте жүрген жылқышыға:
– Әй, боз құнан қайда кеткен? – деп айқай салды. Ол Қарабекке қарай жеделдете шоқытып келіп:
– Кеше кешкілікте жүрген. Немене, жоқ па екен? – деп біресе үйірге, біресе оған алақтай қарады.
Қарабек қатты ақырып:
– Әй, сен не шатып тұрсың?! «Немене, жоқ па екен?» – деп, менен сұрағаныңа жөн болсын! Өй, нәлет! – деп қамшысын үйіре бергенде, жылқышы жалт бұрылып, қаша жөнелді. Ол қуа жүріп, құтырына сөйлеп:
– Мұнда шақыр жаныңның барыңда ана серіктеріңді! – деп әмір етті.
Барлығы жиналған соң аузынан ақ көбігі шашырап:
– Өліңдер, тіріліңдер! Боз құнанды табыңдар. Тапа-тал түсте айырылып, не қара басқан сендерді! Осыдан таппасаңдар, көздеріңе көк шыбын үймелетем! – деп көмейжынын аямай құсты.
Жоқ қараған үш жылқышы қаншама жер шарлап, табындарды аралап, адақтап, апта жүріп, азып-тозып бос қайтты. Қарабек терісіне сыймай, үш жылқышының ит терісін басына қаптады.
Алыс жатқан бір ауылда сәуегей, жауырыншы әрі көріпкел ақын бар дегенді естіп, бір күн, бір түн жүріп, соған барды. Алдына күміс ақша тастап, өтірік мүләйімсіп, бір жақсы көретін інісі мен бәйге шығар боз құнанды жоғалтып алғанын, соларды таппай жүргенін баян етті. Солардың беймәлім тағдыры туралы білгісі келетінін майдалап жеткізді. Сәуегей көріпкел қу жауырынды қолға ұстап, тенселе тербеліп, толғай жөнелді.
Ақ боз деген бар екен,
Киесі бар мал екен,
Ер сенімін ақтаған.
Егесі оның тап қазір,
Бәденді балғын
жас бала,
Үйінде тыншып жатпаған.
Қиыншылық көп көріп,
Жоқ екен уы татпаған.
Енді еңсесін көтеріп,
Өмірге жаңа аттаған.
Бауырласқан досы көп,
Берік достық сақтаған.
Бар жанымен сүйетін
Жүйрігі екен
баптаған.
Қу жауырыным сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ол жігіттің достары,
Шетінен атпал, айбынды,
Өнерлері сан қырлы.
Алда болар дүбірлі
Сауын айтқан ұлы аста
Көтерілмек мерейі,
Асқақтайды атағы.
Ақ боз құнан егесін,
Жан-тәнімен сүйеді,
Тағдырына алаңдап,
Келтірсе кесел, кедергі,
Жаныменен күйеді.
Киелі екен бұл ақ боз,
Құлағыма келгендей,
Сыбызғылы, сырнайлы
Үні ғажап жан тербер
Кеудеңізді ән кернер,
Адам сынды сезімі,
Сазды сүйер көңілі.
Ойыңды айтпай түсінер
Жылқы екен киелі,
Алған екен батаны,
Қасиетті Қамбар атадан.
Баталы жұрт арымас,
Көп болса да қиындық
Иіні түсіп қажымас.
Бұл әлемде оған тең
Пара-пар жылқы табылмас…
Қарабек сәуегей ақынмен жылы шырайлы қоштасқандай қалып танытып, үйден шықты.
Аяғын ауыр басып, мама ағаштағы атына беттеді. Түр-түсі күреңітіп, үзеңгіге аяғын әрең салды. Тістеніп, тісін шақыр-шұқыр еткізіп: «Қап, қаратабан құлды бірденінен өлтіртіп тастауым керек еді. Тірі болып шықты ғой. Сонда қалай?! Миын шырмап алған ауыр ойлар еңсесін езіп жіберді. Бұл иттің баласы боз құнанды қалай ғана қолды қылып, алып кеткен сонда? Сыбызғысы несі, саз дегені не? Миына кірмей қойды.
Ауылға түнерген қалпы жетті. Тіс қаққан, әккі барымташы, небір сойқанды оқиғалардың ортасына жүретін қаныпезер Құлпейіс пен ожар мінезді Орақбайды шақыртып, қысқа қайырым мәжіліс өткізді. Жауырыншыдан естігенін айтып келді де:
– Әлгі қарақұтан құл тірі қалған. Ол бір топ мықты жігіттердің ортасында көрінеді. Оның қалай аман қалғанына миым жетпейді. Қу далаға шыжыған күн астына тастап кеткен жоқсыңдар ма? – деп Орақбайға қарады. Ол басын изеді.
– Боз құнан соның қолында екен. Тіпті үлкен бір асқа жаратып жүр деді. Ал, Құлпейіс, ас-суларымызды молдау алып, дереу жолға шығайық. Өзім деген сенімді серіктеріңді өзің таңда. Қолыңнан ешкім қақпайды. Анық-қанығына көз жеткізейік. Кім біледі? Жауырыншының сөзіне онша сене алмай отырмын. Өткенде өздерің әлгіні апарып тастаған жерге бірінші соғайық. Ол да бірталай жер дедің ғой. Содан бастап ауыл-ауылды аралап, әлгілердің ізіне түсейік. Әзірге бұл жайлы байекеңе айтпай-ақ, ертең таң қылаң бере еш дабыра қылмай, жолға аттанайық, – деп қысқаша бұйрық етті.
– Құп, Қареке! – деп, Құлпейіс оң қолын кеудесіне қойды.

Ақылдасу

Ақбоз Айбар әңгімесінен бар жайға қанықты. Ен далада ес-түссіз жатқанда Көкжалдың құтқарғанын естіп, әбден риза болды. Бұдан соң үшеуі келер күндердің жайын ойлап, ақыл қорытты.
Ақбоз осы сәттен бастап Айбар үшін бар жан-тәнімен қызмет ететінін баян етті. Айбар шабыттана сөйлеп:
– Үшеуміз біріксек, қандай қиыншылық болса да, жеңетінімізге нық сенемін, – деді.
– Иә, сенеміз! Иә, сенеміз! – деп екеуі қосарлана үн қатты.
Осы мезетте Ақбоз бір сырдың шетін шығарды.
– Айбар өткенде, ана Қарабектер тосыннан келген кезде, әңгімемді толық аяқтай алмай қалдым. Қамбар атам түсімде аян берген. Егерде мені аз ғана баптап, бәйгеге қосса, бұл өңірде менен озатын жүйрік болмайды деген. Ал менің бұл қасиетімді ашатын адам сен боларсың деп ойлаймын, – деді.
– Е, менің өзім де соны іштей сезіп жүргем. Мен сыбызғы ойнағанда, көп жылқыдан жырылып, қатарыма келіп, жанасып жүретініңе өзім де таңданатынмын. Ал сол кездескенде бұл қасиетіңді неге айтпағансың?
– Айтпайын дегенім жоқ.Сол айтпақ болып, бел буғанымда, анау Қарабектер күтпеген жерден шыға келмеді ме?! Екеуміздің де есіміз шығып кеткен жоқ па?!
– Иә, иә, оның рас! – деп басын изеді.
– Қарабектер салған сол сойқаннан кейін мен не істерімді білмей аласұрдым. Өзіңді өлімші етіп, соққыға жығып алып кеткеннен кейін олар осында соққан. Әңгімелерінің беті жаман. Ожар мінезді Орақбай: «Қареке, әлгі нәлетті неге өлтіре салмадық. Сонымыз қателік болды», – деді. Сонда Қарабек: «Әй, інім, өлтіре салу оңай! Саспан байдың айтқан үкімін аттап кете алмаймын ғой. Қаратабан құлдың сол қыл арқанда жатып, азаппен, ит жемі болып өлгені дұрыс!» – дегенді естігенде, не істерімді білмей теңселіп кеттім. Мынадай сұмдық үкімді естігенде, үмітім үзілді. Менің жаным сыбызғыда еді ғой.
Қашып кетуді ойладым. Бірақ қайда барып тоқтаймын. Осыны ойлап басым әбден қатты. Сенен бір xабар күттім де жүрдім. Күні-түні тілейтінім – бір сенің амандығың болды, Айбар, – деді Ақбоз.
Сыбызғыңның сиқырлы үні құлағыма жеткенде, менің қалай қуанғанымды көрсең! Бойым дүр сілкінді. Екі көзім шырадай жанды. Бір-ақ сәтте күйленіп сала бердім. Бір-ақ сәтте құнаннан дөненге айналдым. Кештің батуын қалай асыға күткенімді айтсаңшы. Міне, салып ұрып жеткенім осы, – деп ақтарыла сөйледі.
Айбар екеуіне кеше кездескен үш ағайынды жігіт туралы айтты да, Көкжалға қарады. Көкжал езу тартып:
– Иә, олар менің бауырластарым ғой, – деді.
– Иә, өзім де таңданушы едім. Мен жарақаттанып жатқанда, дайын тамақтарды, құрт, ірімшіктерді қайдан әкеледі деп ойлайтынмын. Бірақ сұрауға бата алмадым. Өй, Көкжалым, саған айтар алғысым шексіз, – деп, оны жон арқасынан құшырлана қақты.
Үшеуі алдағы күндер жайында ой толғасты. Айбар Ақберген айтқан хабарды естігенде, Ақбоз ат елең етіп:
– Мынау, шынында да, қуанышты хабар екен. Мен де бағымды сынап көрсем қайтеді?! – деді екеуіне қарап.
– Менің көкейімдегі ой да сол ғой. Е, сынасаң сына! Нар тәуекел! Қамбар атаның аруағы қолдасын! – деді Айбар алақанын алақанына соғып. Бағыңды таза сынағың келсе, біраз күн әл жинап, жарау қалпыңа кел! Ақбоз басын шұлғып, құп алды. Көкжал:
– Менің бауырластарымның барлығы шетінен өнерлі. Олар да сол аста өз өнерлерін көрсетуден кенде қалмас. Ал енді солардың үйіне сендерді бастап барып, оларды қуантайын.

Асқа аттану
Оларды үйге бастап келгенде, бәрі мәре-сәре болып қуанды. Әсіресе Жансая апа қатты толқып:
– Керегеміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктейтін болды, – деді.
Аз-кем әңгімеден соң Көкжал:
– Біз бүгін осы жерден көшуіміз керек. Сол ас беретін елдің шетіне жақын, оңаша елсіздеу жерге қонамыз. Сөйтіп өтетін асқа барынша дайындалайық. Мен көрінбейтін қалпыма түсіп, ел арасындағы әңгімелерді тыңдайын. Олардың елі Кескентаудың бер жағында, Көкжотаның ар жағында екен. Үш күндей жол жүресіңдер. Мен межелі жерге жеттіңдер-ау дегенде алдарыңнан шығып, күтіп аламын, – деді де, жолға шығып кетті. Сөйтіп олар сол күні үйін, жығып, жеңіл атарбаға жүктерін артып, жолға шықпаққа дайындалды.
Ақберген үй жығып жатқанда жамылғы астынан өрнекті нақышы бар ерді, айыл-тартпа, жүгенімен қоса алып, Айбарға берді.
– Мынау әкемнен қалған асыл көз еді. Осыны асыл анамыздың келісімімен саған сыйға тарту етіп отырмыз. Ол кісі мықты атбегі,атсейіс болған екен. Баптаған аттары небір жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай озып келіп жүрген. Айбар ерді қолына алып, оның жеп-жеңіл, келісті екенін білді. Толқи сөйлеп:
– Рахмет, бауырларым! Айтқан тілек-ниеттерің періштенің құлағына шалынсын! – деді.
Ақбоз ат ер салғанда шоқтығы биіктеп, өз-өзінен еңселеніп, құлпырып сала берді. Айбар үзеңгіге аяқ салғанда, бойын әлдебір бұла күш буырқандырып жібергендей күй кешті. Жансая ана, үш бауыры шат көңілге бөленіп:
– Құтты болсын, Айбар! – десті. Ақбоз ат күміс қоңыраудай сыңғыр үнмен кісінеп, бір орында шырқ айналып:
– Қандай тамаша! Қанат байлап, көкке ұшып кетердей болып тұрмын! – деді.
– Тамаша!
– Пай дегенің!
– Осы ер екеуіңе құт болсын! – десті.
Ақберген Керқұланына, Жанберген Желтимесіне, Бекберген Ақтангеріне, Айбар Ақбозына мінді. Аналары Жансая қос ат жеккен арбаға қараша үйлерін артып, қатарласа жүріп отырды. Сол мезетте Ақбоз ат:
– Мен жол бастап отырайын. Көкжалдың басқан ізінің иісі танауымды жарып барады. Барар жерімізге еш адаспай, тура барамыз, – деді.

Көкжалдың ауылды аралауы

Көрінбейтін кейіпке түскен Көкжал ауыл ортасына тігілген он екі қанат үйдің жанына келді. Ел шетіне кіре бергенде топ адамның әңгімелеріне құлақ тіккен. Аппақ қардай ақшаңқан үйде түс кезінде үлкен кеңес өткізілмек. Оған осы алаптағы аталас, туыс бай ауылдардың ақсақал, қарасақалдары бас қосып, асты өткізу жайы кеңінен талқыланбақ.
Бәрі жиналып болған кезде Көкжал үйдің ық жағынан жайғасты. Жеңіл, ықшам киінген жігіттер келгендердің бар жағдайын жасап, лыпи қимылдап жүр. Қымыз ішіліп, ет желінді. Көңілдері жайланған қонақтар төр алдында отырған қапсағай денелі, еңсесі тік ақсақалды кісінің аузына қарасты.
– Ал, ағайындар, туыстар! Міне, бүгін өткен жылы өмірден озған Бақдәулеттей батыр бауырымыздың, ел-жұртына қамқор болған дарқан ағамыздың жылдық асын өткізуге жиналып отырмыз. Өздерің білесіңдер, оның басына ел қызығатындай көрнекі етіп, күмбезін салдырдық. Басына бақ орнаған, мал десе малға бай, жан десе жанға бай, батырлығы бір басынан асқан бауырымыздың асын абыроймен өткізу – елдігімізге сын. Алыс, жақын елдерге,ағайындарға осыдан үш ай бұрын сауын айтылған. Екі-үш күн шамасында осы Көлмекөлді айнала екі жүздей үй тігілмек. Алды келіп, орналасып жатқанын көріп отырсыңдар. Ас төрт күнге созылмақшы. Сәрсенбінің сәтіне «ошақ қазар» күн, бейсенбіні «мал соятын» күн, жұманы «табақ тартар» күн, ал сенбіні «ат шабар» күн деп белгіледік. Бәйге аттарын жұма күні түс ауа ат айдаушылар бәйгешабар бастауға алып кетеді. Сенбі күні таң азаннан палуан күрес, жамбы ату, мергеншілік, теңге ілу, қамшыгерлік ойындары бәйге аттар межелі мәреге жеткенше өткізілмек.
Отырғандар бас изесіп, шұлғысып:
– Дұрыс екен!
– Жөн, жөн! – десіп жатты.
Төрге таман отырған біреуі:
– Бәйгешабар бастау жерді қай тұс деп белгілеп отырсыздар? – деді.
– Жыңғылдының жазығындағы Жекетал тұмасы.
– Алпыс шақырымның айналасы десеңізші.
– Тым қашық емес пе?
– Қашық деп бой тартқандар болса, ерік өздерінде.
– Е, бабы келген хас жүйректерге бұл шек емес қой.
– Осы асқа әкелген жүйріктерді тізімдейтіндерді белгілеген шығарсыздар?
– Әрине, онсыз бола ма?! Тізімдейтін жауапты, сауатты адамдарды белгілеп қойдық.
– Асқа қанша жылқы, қанша қой сойылмақ?
– 50 жылқы, 200 қой сойылмақ.
– Бәйгеден озып келгендердің сыйлықтары қай жобада?
– Ол бәйгеге қосылатын аттардың санына орай.
– Егер екі жүздей ат шапса, 13 атқа сыйлық берілсін деп шештік. Соған орай бәйге сыйларын да нақтылап қойдық.
– Бас бәйгелеріңіз қандай?
– Сегіз қанат ақ отау жасау-жабдығымен және 50 жылқы, 300 қой. Ал ең соңғы он үшінші орынға – 5 жылқы, 1 мылтық.
Отырғандар ризалықтарын білдіріп:
– Е, дұрыс екен! Дұрыс екен! – деп, қошемет сөздерін жаудырып жатты.
Көкжал айтылған әңгімелердің барлық жосын, мазмұнын санасына құйып алды.

Қаскөйлер шепке енді

Қарабекті еріткен ожар Орақбай, Құлпейіс өткен жолы Айбардың қол-аяғын байлап тастаған жерге тақанды. Орақбай да жауырыншы айтқан сәуегейлікке сене алмай, әрі-сәрі халде жүрді. Айбардың көзін қарға шоқып, шыжыған күн астында салдырап, қу сүйегі қалған шығар деп ойлап, өзін сендіріп келе жатты. Межелі жерге жетіп, қурайдан құраған күрке жанында қидаланып, түтеленіп жатқан қыл арқанды көргенде, көзі ұясынан шыға таңданды. Тістене сөйлеп:
– Мына иттің баласын біреу құтқарып жіберген болды ғой. Басына қурайдан күрке жасапты, – деп аңырайып, қаныпезер Құлпейіске қарады.
– Бәрі байекеңнен болды. Сол кісінің «Ит пен құсқа жем болып, жаны қиналып өлсін!» деген сөзінен аса алмадық. Әйтпесе оны бірденінен өлтіріп, өлігін өртеп жібергім келген, – деді Құлпейіс ақталғандай болып Қарабекке қарады.
Құлпейіс Қарабектің айтқан күдігінің расқа шыға бастағанына илана бастағандай. Бірақ оның жаяу-жалпылап мұнда жетіп, ақ бозды алып кете қоюы миына еш қонбады.
Қыл арқанның қидаланып қалуы, қурай күркенің ішіндегі төселген төсек шөптің тапталып жатуы бұл жұмбақ тірлікке басқа біреудің араласқанына еш күдік келтірмеді. Тапталып барып, қайта бас көтере бастаған шөптердің сыртқы тұрпатына зер салды.Құлпейіс атына беттей беріп:
– Қареке, мына солтүстікке қарай шөп үстіне түскен соқыр сүрлеуден көз жазбайық. Осы іздің сорабымен жүріп отырайық, – деді.
Жортуылшылар көп ұзамай көшкен жұрттың үстінен түсті. Тігілген керегенің шеңберлі сұлбасы шағын қараша үй екенін аңғартты. Арба мен бірнеше аттылардың айқын іздері көрінді. Олар сол ізбен ұзақ жүрді.
Іңір қараңғысы түсіп, көз байлана бастаған кезде, ізден ажырау қаупі төнді. Содан соң аттарынан түсіп, қанжығаларына байлаған төсеніштерін алып, демалуға жайғасты, ас-суларын ішті. Аттарын арқандап, тынығуға кірісті. Қарабек:
– Ертең таң құланиектене аттанамыз, – деді.

Қаскөйлер әрекетке көшті

Қарабек жігіттерін ерте тұрғызып, атқа қонды. Қалың жылқы жайылған кең өріске аяқ артқанда, ізден жаңылды. Осы тұста ол дағдарып, біраз тұрып қалды. Содан Орақбайдан басқа серіктерін әр бөлек бағытқа шолғыншылыққа жіберіп, жан-жақты барлап қайтуға пәрмен берді.
Олардың барлығы түске таман қайтып оралды. Әр тұста шашырап жайылған жылқылардан басқа көзге шалынар ел-жұрттың қарасы көрінбегендерін айтысты.
Қарабек қабағын түйіп, шоқша сақалын саумалап біраз отырды. Содан соң серіктерінен оқшауланып, бір төбешіктің басына шықты. Жүрелей отырып, төс қалтасындағы түйілген орамалды шығарып, ішінен құстың қауырсынын алды. Оның қаламын ерніне тақап, қауырсынын құлағына төсеп, сөйлей бастады.
– Қарақұсым, қарақұсым! Жан қиналған жай боп тұр. Сертің бар еді, қатты қиналып, адасқанда, жоқ қарағанда, аспанда ұшып, жол бастап, жоғыма бағыт сілтеймін деген. Бұл сырды екеуіміз ғана білуге уәде етіскен едік. Қауырсыныңды еш адамның көзіне түсірмеймін. Арба жеккен, төрт-бес атты көштің қай жаққа кеткенін, қонған жерін барлап, тауып берші. Жаным әбден қиналды, тез жетші!
Қарабек қайтып оралды да:
– Осы жерде біраз аял қыламыз! Аттарыңды шалдыртып алыңдар, – деді. Олар істің мән-жайын ұғынбаған xалде аттарынан түсті. Ожар Орақбай әлдене айтқысы келіп оқталды да, Қарабектің қар жауған қабағын көріп, іркіліп қалды.
Серіктері аттарының ауыздықтарын алып, тізгін, шылбырларын ердің басына іліп, аттарын тұсады. Сол маңдағы шоқ-шоқ жыңғылдың қою көлеңкелеріне барып жата кетті. Алды қорылға басты. Ұйықтамаған Қарабек қана. Екі қолын артына ұстап, әрлі-берлі теңселіп жүрді де қойды. Ара-тұра көк жүзіне тесіле көз тастап қойғанын Орақбай байқады. «Онысы несі екен?» – деп самарқау ойлады да, ұйығына тарта бастаған ұйқының ұжмағына ене берген. Сол мезетте Қарабек қатты дауыстап:
– Ал, жігіттер, кәне тұрындар! Жолға шығамыз! – деді. Астындағы дом жараған торы атын қатты желдіртіп, Қарабек алда келе жатты. Бағыты – солтүстік батыс. Ол ешкімге тіс жарып, ештеңе деген жоқ. Бар назарын алға тіктеп алған. Бір кезде Орақбайдың көзі сонау көк жүзінде шырқай айналып жүрген қарақұсқа түсті. Ішінен осы маңда өлген малдың жемтігі бар-ау деп ойлады. Бірақ қарақұстың бүкіл жол бойы бұлардың төбесінен ұзамай, қатарласа ұшып жүргеніне таңданғандай болды. Әлден уақытта ол әлгіндегі биігінен төмендеп, қанатын сирек қағып, қалықтай айналып ұшуға көшті. Әр айналған сайын солтүстік бағытқа қарай там-тұмдап ойысып келе жатқанын аңғарды.Осы мезетте Қарабек:
– Кәне, шапшаң, өндірте жүрейік! – деп дауыстады. Орақбай бұл құстың тегін еместігін ішке түйді.

Жаңа қоныста

Айбарлар төртінші күн дегенде ас өткізетін ауылдың маңына тақанды.
Көкжал:
– Айбар, біз анау саздауытқа барып, үй тігейік. Сонау қолсозым жерден көрінген ауылға бармағанымыз жөн. Төрт қанат үйіміз жағалай тігілген ақ боз үйлердің қатарында көзге шыққан сүйелдей боп қалар. Әрі еркін, әрі сырт көзден қашық боламыз, – деді. Бұл ойды барлығы құп көрді.
Әп-сәтте қараша үйді тігіп жіберді. Айбар қабын арқалап, қусақ бұтақ, шөпшек, кепкен тезекті жаңа қазылған ошақ басына үйіп тастады. Екі көзі шырадай жанған, сүп-сүйкімді кішкентай танауы делдиіп, жұмсаған жағыңа құстай ұшып жөнелетін оны бәрі еркелетіп, елжірей жақсы көріп кеткен.Сол кезде Жансая апа:
– Ал, балаларым! Көкжал айтқандай, сенбі күні өтетін үлкен бәйгеге бар ынталарыңмен дайындалыңдар. Мынау үкілеп қосқалы отырған Ақбоздың бабын жасаңдар. Уақыт тығыз. Анау ат тізімдейтіндерге баруды естеріңнен шығармаңдар. Шабатын Айбар ғой. Бүгін түнде түсіме әкелерің енді. Ақ үйдің төріне озған ол барлығымызға шынайы ризалық жүзбен елжірей қарап тұрды. Кие қонған ерін Ақбоз атқа ырымдап салғандарыңды құп алып отырғанын көрдім. Оны жақсы ырымға балап отырмын, – деді.
Бір кезде Ақбоз ат Айбарға:
– Мені ана сөзі тебірентіп жіберді. Ана сыбызғыңды тартшы. Мен аңсаған, мені жаңа өмірге әкелген сазды құлпырта ойнашы. Үлкен бәйге алдында жаным тазарып, жүрегіме сенім күші ұяласыншы! – деді. Отырғандардың барлығы аң-таң қалысып, біресе Айбарға, біресе Ақбозға қарасты.
– Сыбызғысы несі?
– Қандай сыбызғы? Таңданбаған тек Көкжал ғана. Айбар кішкене ақсаң орамалға бипаздап оралған сыбызғыны қолына алды. Біресе Ақбозға, біресе Көкжалға қарап қойып, сыбызғы жайын асықпай баяндады…

Жансая апаның сыры

Жансая ана, балалары сыбызғы сырын білгенде, олардың таңданыстарында шек болған жоқ. Оның жоғалып табылған тариxын естігенде, одан әрмен таңырқай бас шайқасып, Көкжалға сүйсіне қарасты.
Жансая ана:
– Айналайын, Айбаржан! Жақсы әңгімеңді естіп, жанымыз жадырады.
Алда болар үлкен аста Ақбоз атың сенің сыбызғымен салған сазыңның шапағатын көрсін деп тілейік, – деп шын көңілмен ақтарылды.
Содан соң сөзін жалғады.
– Қасиетіңнен айналайын, бұл әлемде жылқыға жетер жануар жоқ қой. Мына үш ұлымның марқұм әкесі жылқы десе, ішкен асын жерге қоюшы еді. Осылардың әрқайсысының астына сәйгүлік мінгізіп, ел қатарына қоссам деп жүргенде, қапияда мерт болды.
Аймаңдай деген бәйге атының бұл өңірде дүрілдеп аты шықты. Ауылымыға олжа салған сол атына сұқтанушылар да көп болды. Соны жаратып жүргенде, аңдыған жау алмай қоя ма?! Бір күні ауылдан ұзаңқырап шыққан ғой. Содан Қақпатас деген жерден өте бергенде, өзін мерт етіп, атын тартып әкеткен. Денесін тауып әкелген жігіттер сапырылысқан ат іздеріне қарап, оған үш-төрт адам жабылғанын айтты. Марқұм бейғам болған ғой. Қолында қаруы болса, үш-төртеуіне бой бермейтін қауқары бар болатын. Тағдырдың ісіне амал нешік? Бәріне көндім. Үшеуін қанаттыға қақтырмадым, тұмсықтыға шоқтырмадым. Өздері де шүкіршілік, ешкімге намысын таптатпайтын азаматтар болып жетілді. Осыларым аман болсын! Енді Айбар сен де біздің шаңырағымыздың төртінші ұлы болып, үйімізге құт-береке әкеліп отырғаныңа сеніп отырмын. Сондай-ақ Ақбозыңның да біздің босағамызға келіп байланғанын жақсы ырымға балаймын. Мына Көкжалымыз біздің құтымыз, қорғанымыз болғалы жыл болды. Бәріне шүкіршілік!
Сол әкелерің үнемі айтып отырушы еді. Біз бәріміз Көкбөрінің перзенттеріміз деп. Міне, оған көзім енді жете бастағандай. Сонау ертеректе елімізге жау шапты ғой. Ер жігіттер бес қаруын асынып, ентелей келген жаумен бетпе-бет айқасты емес пе?! Ал соғыс шарты қашаннан да қатаң болған. Ту әскер үстінде желбіреп, құламай тік тұруы шарт. Сонда жеңілмейді екен. Соңғы болған шайқаста атам жарықтық Алашбай xанның бөрілі байрақты туын ұстапты. Жан алысып, жан беріскен сұрапыл ұрыста тұс-тұсынан қадалған садақ оқтарына төтеп беріпті. Денеге түскен ауыр жарақаттарына қарамапты. Бар қайратын жұмсап, төбе басында туды қасарыса ұстап тұра берген. Сөйтіп сол ат үстінде тік отырған күйі жан тапсырыпты, – деп, Жансая апа көзіне жас алды.
– Сонда атамның ерлігіне сүйсінбеген ел қалмапты. Алашабай xан өзі бас болып, нөкерлерімен бірінің артынан бірі тұрған екі аттың ерлерінің екі жағындағы таралғыларына ұзын-ұзын сырықтарды байлап, соның үстіне зембіл салып, мәйітін үйге жеткізіп, арулап жерлепті.Жансая апа осы тұста қатты толқыды.
– Ал, балаларым, төртеуің де бір тәуекел іске бел буып отырсыңдар ғой. Жаратушы ием жолдарыңды оңғартсын. Мен тілекшілеріңмін ғой. Әрқайсың алдағы сынға тастүйін дайындала беріңдер. Бір кезде Жансая апа Айбарға, балаларына қарап:
– Жақсы адам мен хас жүйріктің жауы көп болады.Көп ішінде небір атсейіс, атбегілер болады. Кейбірінің көзінің сұғы ғана емес, әлгі жан-жақтан келген бәйге ат егелерінің арам пиғылды жалдамалылары да болатынын естен шығармаңдар,бейғам болмаңдар, – деді. Сөйтіп әбдіресін ашып, ішінен ат жамылғысын және екі қамшы алып шықты.
– Әй, Айбар балам, мынау марқұм ерімнің бәйгеге ат жаратқанда пайдаланған жабуы еді. Небір жүйріктердің тері сіңген дүние ғой. Шапағаты тиер. Ақбозыңды тіркер кезде ғана үстінен шешкізер. Әлгі тізімнен өткен соң, бірденінен жабуын жабуды ұмытпағайсың. Ал мына екі қамшы,аруағынан айналайын, батыр атамыздікі екен. Бірін жорыққа шыққанда, бірін бәйге, серуенге, ел аралай шыққанда ұстапты. Екеуін де көзі тірісінде төрдің төбесінде іліп қояды екен. Асыл жәдігеріміз ғой. Мына қамшысын ертең бәйгеде ұстарсың. Сол кезде Ақбоз ат басын шұлғи, жер тарпып:
– Қамшы ұруға жеткізбеймін, апа! Тек шабыс кезінде ұрандатып, әуелете сермеп отырсын, – деп күлдіре сөйледі.
Жансая апа Ақбозға мейірлене қарап, жұлдызды маңдайын аялы алақанымен сипады.
– Ал мына екінші қамшыға Жанберген ие! Бір ұрыста найзасы сынып, құр қол қалған ғой. Сонда осы дырау, қайыс өзекті он алты өрім қамшысымен талай жауын мерт етіпті. Тұстастары аталарыңның қамшыгерлігін ел арасында аңыз қылып айтады екен. Мына Жанберген соңғы өткен бір тойда осы қамшымен өнер көрсетіп, оза шауып, бәйге алған. Бұл жолы да сол биігінен түспес деп отырмын.

Қауіпті сезіну

Жансая апаның әңгімесі барлығына қатты әсер етті. Айбар әр тұстан қадалған он сан жебелерге төтеп беріп, ат үстінде туды құлатпай, тіп-тік отырған батыр атаны көз алдына келтіргенде, өн бойы шымырлап қоя берді. Таңдана бас шайқады. Желбіреген туда бедерленген көк бөрінің аузын арандай ашып, қас дұшпандарына қарсы айбар шеге, жауар күндей күркіреген көмей үні құлағының жарғағын жарып жіберердей әсерде болды. Осы сәт қарсы алдында тұрған Көкжалға еріксіз назар салды. Көкжал да, Ақбоз да Жансая апа әңгімесінің әсеріне бөленген күйде тұрғанын аңғарды.
Кенет Көкжал құлағын тіктеп, бар денесімен кілт бұрылып, оңтүстік бетке сезіктене көз тігіп, тұмсығы жыбырлап, иіс аулай бастады. Ақбоз ат та құлағын қайшылап, пысқырынып, басын сілкіп, жалы тікірейіп, аспанға қарады.
Сәлден соң биіктеу жота тұстан ұшып шыққан қарақұс көрінді. Ол салған бетте бұлардың үстімен айнала ұшып жүріп алды. Сол мезетте Көкжал көкке қарап арс-арс етті. Ақбоз ат та тұяғымен жер тарпып, кісінеп қоя берді. Сөйтті де Айбарға қарап:
– Мынау тегін емес! Тегін емес! – деді.
– Дұрыс айтасың, Ақбозым! Төбемізден шырқ айналып кетпей жүргенінде бір сыр бар, – деді Айбар да.
– Оһо, қарақұстың бойынан адамның иісі шығатын тәрізді, – деді Көкжал.
Осы сәтте қарақұс келген жағына қарай бет алуға ыңғайланған. Көкжал Бекбергенге қарап:
– Садағың қайда? Тез, тез, ат! Мынау текке ұшып келіп жүрген жоқ, – деді мазасызданып. Ақбоз ат та:
– Бұл Қарабектердің жіберген барлаушысы болар. Ол – өте сұрқия адам. Бол, тездетіп ат! – деп безектеді.
Бекберген садағына сұр жебені шапшаң қондырып, толғап-толғап тартып жіберді. Оқ қарақұстың тура бауырынан қадалды. Ол қанаттары қалбалақтап, әуеде қанкөбелек ойнап, жерге қарай құлдилады да, жалп етіп құлады. Айбар мен Көкжал екеуі жарыса жүгірді. Бұрын жеткен Көкжал қарақұсты қаусыра тістеп, алып келді. Оның ішек-қарны ақтарылып қалыпты. Айбар оның көзіне зерлей қараған. Қарақұстың ыза-кек шашқан көзінің оты бір жарқ етті де, өлеусірей сөніп бара жатты. Көкжал:
– Үстінен адам иісі бұрқырап тұр, – деді де, өз айтты.
– Мен қазір жолға шығамын, – деді.
– Қайда барасың? Қайда бармақсың? – деді барлығы қосарланып.
– Мына қарақұс келген жаққа.
– Біздер де барсақ ше? – деді Жанберген.
– Жоқ, ешкім де ермесін! Тек өзім барам, – деп кесіп айтты.
– Егер оларды тапсам, әңгімелерінен мақсаттарын біліп келем. Қалай болғанда да қамсыз болмайық.

Аласұру

Қарабек не қыларын білмей аласұрып кетті. Жіберген қарақұсынан еш xабар болмай, ішқұса болды. Мұның жүзіне ұрлана жалтақ-жалтақ қараған серіктерінің ешқайсысы ләм деп аузын аша алмай, дымдары құрып отыр. Тек Орақбай ғана:
– Оу, Қареке, күн кешкіріп бара жатыр. Бұл жерде неғып жіпсіз байланып отырмыз, – деді. Ол үндей қоймай, астыртын барлаушысы кеткен жаққа телміре қарады. Қарақұс туралы құпияның сырын ашқысы келмеді. Тұнжыраған қалпында:
– Ертең торғай шырылдай, атқа қонамыз.

Асқа бару

Көл жағасына айнала қонған ауыл көркі көзді де, көңілді де қуантып тұрды.Сол күні түс ауа қолдарындағы ұзын құрықтарға ақ орамал байлаған, ықшам киінген үш жігіт жар салып, аламан жарысқа қатысатын аттарды бәйгетөбеге шақырды.
Жансая ана ғана үйде қалып, барлығы аттарына мініп, төбені бетке алды. Көрінбейтін кейіпке енген Көкбөрі Ақбозбен қабырғаласып қатар жүріп отырды.
– Бүкіл жол бойы тілекшің боламын. Қаскөйлер, әдетте, жол ортадан қосылатыны атам заманнан белгілі. Тура жол ортасынан ауғанда қосылып, мен де құйғытып, алдыңда жүйіткіп отырамын.
Ат айдаушылардың шаңқылдаған дауыстары естілді.
– Бәйге атынан басқаларың ортаға кимелемеңдер. Кері шегініңдер! Кері шегініңдер деймін! Қалың топқа тақана берген кезде Айбар иек қағып, барлығын тоқтатты. Өзі де, өзгелер де аттан түсті. Аттың кежімделген зерлі жабуын жинап алып, Жанбергенге ұстатты.
– Айналайын бауырларым! Нағыз бап пен бақ сыналар сәт туып тұр. Батыр атамыздың бәйге қамшысы мен әкеміздің күмістелген ерін арқасына салған Ақбоз бізді ұятқа қалдырмас! – деді Айбар. Осы мезетте оның есті сөзіне риза болған Ақберген:
– Айналайын, Айбар! Тақымың берік, бәйге қамшың серік болсын! Қатарыңда жебеушің, қасымызда көрінбей тұрған Көкжал болады. Қысылтаяң шақ туғандай болса, сол Көкжал ақылын мүлтіксіз орында. Ал үшеуіңнің алдарың ашық, жолдарың жарық болсын! Ертең анау бәйгетөбедегі қызыл шүберегі желбіреген ұзын сырғауыл қарақшының түбінде күтеміз! – деді. Үш бауыры Айбардың қолын ерге, аяғын үзеңгіге тигізбей, тіп-тік көтеріп алып:
– Қыран құстай самға, құлаш серме алға! Әуп! – деп көкке атып жіберді. Оның қолдары қыран құстың қос қанатындай жазыла берді. Сол ұшқан қалпы лып етіп, ерге нық қонды. Үшеуі шатырлата қол соғып, мейірлене күлісті.

Ауылдағы жарыс. Жаршының жыры

Күн құрық бойы көтеріле, үлкен ауылға үлкен қозғалыс енді. Сазды жазыққа қарақұрым xалық жиналды. Ортаға жорға мінген, басына үкілі бөрік киген жігіт домбырасын қолына алып, әнге басты.

Оу, xалайық, xалайық,
Шырқатып әнге салайық!
Аруақты атаның,
Руxына сиынып,
Додамызды бастайық.
Балғын білек жігіттер,
Қалы кілем үстінде
Күш сынасып белдесер.
Өгіз палуан атанған
Сыйлық алар көл-көсір
Өзге де орын алғандар,
Қалыс қалмас олжадан,
Дәстүрін ата жалғаған.
Осы астың үстінде
Сан алуан сайыс бар,
Не алуан өнерлі,
Өткізілер жарыс бар.
Жебелерін ысқыртып,
Жамбыны атар
мерген бар.
Тайтұяқты олжа етіп,
Байығанды көрген бар.
Небір мықты жігіттер,
Алуан өнер көрсетпек,
Көпшілікке паш етіп,
Сайыстарын үлгі етпек.
Қамшыгер де бар мұнда,
Теңге ілгіш те бар мұнда,
Әбжіл қимыл егесі,
Өнерлерін сарапқа,
Салмақшы бүгін ортаға.
Тәуекелге бел буған,
Жігіттерің мұндайда
Қорқып бойын тарта ма?!
Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарай шабатын.
Озып келсе бәйгеден,
Еліне олжа салатын.
Ал, халайық,
бастайық,
Талап қылған өренді,
Бетінен ешбір қақпайық.
Ал, басталды, ел-жұртым,
Қызыққа тізгін берейік,
Тамашалап көрейік! –

деп үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп, оны әуелете көтерді. Риза жұрт қошеметшіл көңілмен шатырлата шапалақ ұрды.
Бақдәулет батыр ұрпақтары теңге ілу сайысының әдеттегіден мүлдем өзгеше, жаңаша шарттарын таныстырды. Теңге ілгендер үш айналымда бақ сынасады екен.
Кім құйғыта шауып өтіп, теңге түйілген орамалды іліп әкете алса, әрі қарай жарысты жалғастырады. Олжа теңгені өздерінде қалдырады. Ал іле алмағандар ойыннан шығып қала береді. Дүбірлі сайысқа дайындалып келгендер саны тоғыз болды. Жарыс басталып кетті. Ағындай шауып өтіп жатқандардың алғашқы сәтте-ақ төртеуі теңге іле алмай, ауа қармап қалды. Қай сынға болса да, төтеп беріп, тастүйін болып жүру қанына сіңген Ақберген алғашқы сыннан қамшы салдырмай өтті. Екінші айналымға шыққан бесеу көмбе басына ұйлыға жиналысты. Аттылар бір-біріне іштей сынай қарасып, сыр алдырмауға тырысып-ақ тұр.
Ақберген болса, ешкімге қарамай, тыпыршып тыншымай тұрған атының тізгінін тарта ұстап, сонау көз ұшындағы шұқыршадан ағараңдап көрінген ақ қалташаға бар назарын тіктеп алды. Төреші қолындағы көк жалаушалы таяқшасын төмен сілтеп қалды. Құйғытып ала жөнелді. Межелі тұсқа келгенде бойына сіңген машығы мүлт жібермеді.
Бұл жолы үш-ақ жігіт іріктеліп қалды. Сол мезетте ортаға Бақдәулет батырдың үлкен ұлы Елжан шықты.
– Уа, жігіттер! Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген. Топ жігіттің ішінен суырылып шықтыңдар. Ризамыз. Енді осы үшеуіңді бөлекше сынайық деп тұрмыз.Ел елең ете қалды. Олар да Елжанға жалт қарасты. «Ол қандай?» – дескен үндер жарыса шықты.
– Біз Бақдәулеттен туған алты ұлмыз. Осы алтаумыз ырым қылып, әр шабандоздың жолына ішіне алтын тиын салынған жібек баулы үш түсті алты шәйі қалташа қоямыз. Олар ойықтау, шұқанақ жерге орналасады. Ара қашықтықтары бірдей. Сендер екпіндете шауып келіп, қарқындарыңды бәсеңдетпей, қолға іліккен қалташаларды сыртқа лақтырып кете бересіңдер. Кім қанша іледі, сонша алтын тиын өздеріңдікі, – деді.
– Паһ, дегенің!
– Әке руxын асқақтатты деген осындай болар!
– Әкеден тусаң, осылай ту!
Елжан үшеуінің жүзіне күлімсірей қарады. Оң жағына қарап, иек қағып еді, ең кенже інісі Жексен бетін ақ жібек орамалмен жапқан үлкен күміс табақты алып ортаға шықты. Орамалды сусыта сыпырып алғанда, көз жауын алған қызыл, көк, сары жібек баулы қалташалар көргендерді таңырқатпай қоймады. Әрқайсысы алты-алтыдан.
Елжан қатарында тұрған қағылез денелі жігіт пен інісі Жексенге қарап:
– Барыңдар, кеше белгіленген жерлерге орналастырыңдар. Өздерің сол маңда болыңдар, – деді.
Содан соң үшеуіне бұрылып:
– Ал, жігіттер! Қос тартпаларыңды мықтап тартып, тәуекел деп, сәйгүліктеріңе мінгейсіңдер! – деді ақсия күліп.
Алдымен торы ат мінген бидай өңді, орта бойлы жігіт ат басын жіберді.
Ол сары қалтаның екеуін ғана іліп үлгерді. Ақберген қасындағы тұрған шұбар атты бойшаңдау жігітке назар тастады. Оның жүзінен толқып тұрған қалып байқалды.
Алаңға көз тастады. Жексен мен қасындағы жігіт қалталарды жинап алып, орындарына қызыл қалталарды қойып жүр екен. Ақберген әлгі жігітке қарап:
– Ал, інім, тәуекелге бел бу да, алтауын да ілгейсің. Жолың болсын! – деді риясыз жымиып.
– Рақмет, бауырым! Ол тебініп жіберіп, атына қамшы үйірді. Ағындап барған бетте алғашқы қалтаға қолы жетпеді. Екінші, үшінші қалтаны сыртқа атты. Төртіншіні ала алмады. Бесіншіге қолы тиген сияқты болған. Тек қалқиған құлағын саусағы сипап өтті. Ақберген өкініп: «Қап, қапы кетті-ау!» – деді. Соңғы алтыншыны қолына алған күйі ат басын қайырды. Үшеуін иеленді. Оған да шүкіршілік етсін деп іштен тіледі.
Бар қимылды қалт жібермей қадағалап тұрған Елжан Ақбергенге иек қағып:
– Ал, жігітім! Соңғы түйенің жүгі ауыр! – деді жайдары үнмен. Ақберген оған ізетпен бас иіп, ілтипат білдірді. Көз қиығы көк қалталарды қойып жатқандарға түсті.
Керқұланына қарғып мінді де, ішінен: «Иә, Көкбөрі пірім, қолдай көр!» – деп, ат басын қоя берді. Тастай сірескен тақымын ерге шегелеп, сол қолын ердің қасынан қарыстыра ұстап, аттың оң бүйіріне дендей құлады. Аңға шүйілген бүркіттей саусақтарын жайып жіберіп, алғашқы қалтаны сыртқа шиырды. Сол екпінін еш бәсеңдетпестен, қалған қалталардың барлығын ұясынан ұшырды.
– Ой, жарайсың!
– Мынау сайыпқыранның нағыз өзі ғой.
– Жігіттің сұлтаны десеңші!
– Тіфа! Тіфа! Қатарынан асып туған азамат қой мынау!
Межелі тұстан ат басын бұрған Ақберген Керқұланын алшаңдата бастырып, Елжан тұрған жаққа бет алды…
Бөрік киген төреші жігіт атынан түсіп, ортаға палуандарды шақырды. Сол-ақ екен жайылған үлкен қалы кілемнің шетін ала белдесуге бел буған палуандар шығып, бір тізелерін бүгіп, жүрелей отырысты. Күрес ұзаққа созылып, бас бәйгені Арғанаты өңірінен келген апайтөс, алып денелі жігіт иеленді.
Ақберген, Жанберген, Бекбергендер өздері нысаналап келген сайыс түрлерін тағатсыздана күтіп отырды.

Аударыспақ

Кезек аударыспаққа келді. Іштей ширығып, тас-түйін дайындалған Ақберген ә дегеннен бұла күштері бойларына сыймай отырған мықтымсыған үш жігітті ат үстінен аударып, басым түсті. Осы тұста астындағы ірі денелі ала атын ойнақтата орғытып, кеудесін жартылай жалаңаштап тастаған толық денелі бір жігіт өктем үнмен:
– Мына біреуің кім өзі? Қайдан шыққан неме? – деп атын омыраулатып, Ақбергенге ұмтыла берді. Қамшысын аузына кесе көлденең тістеген қалпы шартпа-шұрт ұстаса кетті. Қолы темір қысқаштай қатты екен. Ә дегенде атынан аударып ала жаздады. Бар күшін бойға жиып, шиыршық атқан Ақберген тақымын қысып, ер үстіне әрең теңелді. Ат тізгінін еркіне қоя беріп, өкшесімен ат бүйірін түйгіштеп: «Иә, Керқұланым, шыдап бақ, шыдап бақ! Біраз шаршадың білем, шыдап бақ! Құйма тұяғың кетілмеген жануарым! Туын құлатпаған Тұрманбеттің тұяғы ем ғой! Сен шыдасаң, мен шыдадым», – деп, іштей күбірлей сөйлеп келе берді де:
– Иә, аруақ-пірім қолда! – деп, қатты ақырып жіберді. «Әуп!» деп, шомбал жігітті бар пәрменімен жұлқи тартқанда, ол ат-матымен жерге гүрс етіп, қопарыла құлады. Аяғы ат астында қалды ма, «А-а-а» – деп шыңғырып жіберді. Темір үзеңгі жаншып жіберді-ау деген жылт ой қылаң берді. Ел гу ете қалды.
– Өй, жарайсың, жігітім!
– Ойпырмай, аты шарғы болса да, мықты-ақ екен!
– Өзі ше? Өзін айтсаңшы!
– Анау жігітті жеңіледі деп кім ойлаған?!
– Елеуреп екпіндесі жаман еді!
– Кескен теректей ошарыла құлағанын айтсаңшы сабаздың.
– Өзі аяғы аман бе екен батырыңның?!
Көп аузынан тоған бұзған топан судай ақтарылған ызғыма, ырғын сөздер толқыны ұзап барып басылды.

Қамшыгерлік

Осының артынша қамшыгерлік сайыс басталып кетті. Жанберген атасының дойыр, он алты өрім қамшысын қыса ұстап, нық отырды.
Анасының Тұрманбет атасы туралы сөзі есіне қайта оралды. Бір соғыста оның найзасы сынып, қолында молтақ сабы қалады. Сонда ол сынған сапты лақтырып жіберіп, көз ілеспес шапшаңдықпен жердегі жарты құлаштай сабы қалған найзасын іліп алады. Алған бетте ентелеп келе берген жауына молтақ сапты найза басын оқша атады. Сонда үзбелестіріп жасаған шынжырлы кіреукесінің оқ өтпес сауытын қақырата тесіп өтіп, көкірегіне бойлай кірген. Өгіздей өкірген жауының ащы дауысы құлақты жарып, жерге гүрс етіп құлап түскен екен. Содан батыр атасы өзегіне таспа салып өрдірткен он алты өрім бұзаутіс қамшысымен айқасқа кіріп, бірталай жауын бір-ақ ұрып, жер жастандырған. Оның осы өнері баласы Темірбекке де дарыған екен.
Балаларының жас кезінде Темірбек ақпан айының қақаған суығында атымен көрші ауылдан келе жатады. Содан жайылып жатқан бір келе түйенің жанынан өте берген. Соның шетінде көзі шатынап, аузынан ақ көбік атып, жарап жүрген, арыны алапат, долыра құтырынған нән бура мұны бастырмалата қуып берген. Сонда жандәрмен қалған әкесі шалт бұрылып, оны бастан көстите, шірей тартып жібереді. Сол сәтінде бура бақ етіп, шөкесінен бүк түсіп, жер бауырлай гүрс құлаған.
Соңғы екі жыл беделінде Жанберген де осы қамшыгерлікке құлай ден қойып жүрген. Аса ептілік, тездік, дәлшілдік, мергендік, бәрінен де жоғары қарулылық секілді қасиеттердің бір-бірімен егіз өрімдей жымдасып жататындығына уақыт өткен сайын көзі жете түсті. Тай тулақ, сиыр, әсіресе өгіз терілерін ұрып машықтанды. Оларды қосқабаттап беттестіріп ұрып, ақ тер, көк тер болып жаттықты. Оның осы қасиетіне бауырлары шынайы риза, құмбыл болып жүрді.
Жанберген бауырларымен қамшыгерлік сайысы өтетін жерге келді. Үміткерлер қарымы аздау көрінді. Талыстай өгіз терісінің төрт пұшпағы төрт қазықтың басына керіле байланыпты. Төреші дауыстап:
– Ал, бастаңдар! – деп пәрмен берді.
Ықшам киініп, дырау қамшыларын білемдей ұстап, жұтынып тұрған жігіттер алақандарына түкірініп, керілген өгіз терісіне өлермендей өшіге қарап тұр. Қай қайсысы да жеңісті қолдан бергісі келмейтіні анық. Қабақтары түйіліп, әр жігіттің қамшы тартқандарына сынай қарасып тұр.
Төреші әр ұрған қамшының ойып түскен жерлерін тұтамдап, көпшілікке айқайлай айтып тұр.
– Үш елі!
–Төрт елі!
– Бір тұтам!
Ең соңғы алтыншы болып қамшы сілтегендікі бір сүйемдей болғанда, анталап тұрғандардың үш-төртеуі:
– Паһ! Паһ!
– Тура пышақпен тілгендей болды-ау!
– Әй, тартса осылай тартсын!
– Сілтесі сілтесі-ақ!
– Осып түскеннін айтсайшы! – десті.
Кезек Жанбергенге жетті. Төреші ым қағып белгі бергенде, Жанберген тосын мінез танытты.
– Ағасы, кісімсіп тұр деп даттай көрмеңіз. Мақтангерлік деп сөкпеңіз. Мына өгіз терісінің үстінен тағы екі өгіздің терісін тастатсаңыз, – деп, жалыны алаулаған жанарын тайдырмай, тіке қарады.
– Не дейді мына жігіт?
– Не тантып тұр өзі?
– Өзгелердің зоры бір қабаттың бір сүйемін әрең тескенде…
– Ағасы, сөзім сөз! Бір қабат теріні қақырата айырмай-ақ қояйын!
– Ойпырм-ау, мынау қайдан шыққан зор!
– Тым астамсып тұрған жоқсың ба, жігітім?!
Кекетпе, тікен, шымшыма, шаншар сөздер жан-жақтан бұршақша жауды. Бірақ Жанберген шыжғырма, шаншу сөздерге құлақ аспаған қалпынан айнымады. Бір мезетте ол бауырларына қарап:
– Осында менің бір туған екі бауырым тұр. Үшеуміздің үш жарау атымыз бар. Егер дойырыммен үш қабат теріні тіліп түспесем, аттарымызды ошақ басына қалдырып, жаяу кетпесек бізге серт! – деді. Сөйтті де Ақберген мен Бекбергенге бұрыла қарап:
– Осы сөзімді растайсыңдар ма? – деді.
– Растаймыз!
– Растаймыз! Анталасып тұрған алаң жұрт гуілдеп сала берді.
Әлден соң төреші әлдекімдерге ым қақты. Аз-кем уақыттан кейін екі өгіз терісі тауып әкелініп, керме үстіне беттестіре қойылды. Жанберген нық басып, теріге тақанды. Көзін тарс жұмып алды. Көкірек кере терең тыныстады. Тап осы сәтте өн бойын кернеген алапат, дүлей күштің сұрапыл тасқыны оң қолын көкке серпи атты. Кеуде толған ыстық жалын көмекейіне лықси келіп, кілт кептелді.
– Уа, аруақты әкем, Темірбек! – деп ақырып жіберді. Найзағайдай жарқ еткен жез басты дойыр қамшы сақпан оғындай сарт етті. Үш қабат тері кере қарыс бойы қақырай тілініп түсті. Жұрт шу ете қалды. Ел аузында ерсілі-қарсылы қайшыласқан таңдану мен таңырқау, мақтау үннен құлақ тұнды. Жанберген шалт қимылдап, қос қабат теріні кері сілкіп тастады.
Содан соң білемдей ұстаған қамшысын маңдайына тигізіп, кеудесіне басты. Бауырлары қуаныштан балбұл жанып, бұған қарай ұмтылды. Төреші қасындағы жігіттермен терінің қамшының селебе қанжармен орып түскендей кесіктеріне сұқтана қарап жатты…

Жамбы ату

Бір кезде үкілі бөрік киген төреші жігіт гулескен жұрттың назарын келесі ойын түріне аударды.
– Ал, халайық, қазір жамбы ату бәсекесін бастаймыз. Бақдәулеттей батыр атамыздың руxына арналып өткізілген аста балалары барын аяп жатқан жоқ. Бұл бәсекеде озғандардың олжасының аса қомақты екенін білгендеріңіз жөн. Бұл жолғы ойынымыздың шарты да ұрпақтарының ұсынысымен бұрынғыдан сәл өзгешелеу болмақ. Былайша айтқанда, әр нанталап, үміткер жігіт өз аттарын сөренің маңына әкеледі. Аттары ерттеусіз болуы тиіс. Сөйтіп төреші белгі берісімен, кезек бойынша аттарын тез ерттеп мініп, садағын сайлап, шауып келе жатып, жол бойы сырықтардың басына іліп қойылған бірнеше нысананы көздеп атады. Олар – қойтұяқ күміс жамбы, тайтұяқ күміс жамбы, аттұяқ күміс жамбы. Ал ең соңғысы – толған айдай таза алтыннан құйылған айқабақ жамбы. Бұл айқабақ өзге жамбыларға қарағанда толысқан айдай болғандықтан шауып өтер жолдан біршама қашықтау жерге ілінген. Бәйге шарты біреу ғана. Қай мерген қай жамбыға оғын бірінші дарытса, қымбат олжа соның өзіне бұйырады. Тағы бір шартымыз бар. Бар нысанадан қашықтау тұрған айқабақты атқанда, тек қана ысқырма жебемен ату керек. Осыны естен шығармайсыздар!
Қалың жұрт гулесіп қалды.
– Ал, кәне, құралайды көзге атып жүрмін деген сайыпқырандар сапқа тұрып, кезекке тізіліңдер.
Көпшілік арасынан бір жігіт алға шығып:
– Ей, төреші жігіт, межелі тұстан жамбыларға дейін қанша құлаш? – деді.
– Он құлаш.
– Ал айқабаққа дейін ше?
– Жиырма құлаш.
– Е, онда дұрыс екен! Ал әр жамбының арасы қанша құлаш?
– Жиырма бес құлаш. Төреші әлгі тақақтап сұрақ қойған жігіттің сөзіне шамданыңқырағандай болып:
– Ей, Жамаубай, осы сен даукестігіңді қашан қоясың? Сен немене, мені ел-жұртты алдап тұр деп ойлап тұрсың ба? Міне, қара, – деп, қоржынынан құлаш сайын қызыл шүберекпен белгі байланған ақ жүннен есілген арқанды ұстап, қалың жұртқа әуелете көрсетті.Әлгі жігіт те тоқтап қалған жоқ:
– Е, менікі – көптің тілегі, әділ өтсін деген, елдің көзі жетсін деген ой. Оған шамданатын дәнеңе жоқ. Ана сырық басына ілінген алтын, күмістерің елдің көз құрты ғой, – деді екпіндей сөйлеп. Төреші: – Жақсы! Жақсы! Жігітім сенікі жөн, жөн! – деп, садақтарын сайлап, сөреге жинала бастағандарға бет бұрды.
Ақберген мен Жанберген екеуі Бекбергенннің қолын қысып, сәттілік тіледі. Бекберген қайыңның қабығымен қапталған сарсадағын иыққа асып, қорамсағына төрт жебесін салды. Ер-тоқымын қолтығына қысып, Ақтангерін жетектей, мергендер тобына қосылуға бет алды.
Оннан аса мерген жиналып, төреші пәрменін күтіп тұрды. Төреші:
– Қадап айтарымыз біреу-ақ, ат шабысын еш бәсеңдетуге болмайды.
Осыны естеріңе мықтап түйіңдер, – деді.
Іле-шала мергендер жарысы басталып кетті. Сапқа тұрған мергендер саны он бір болып шықты. Ылдым-жылдым ерттей салып, атқа қонған мергендер жарыс жолымен бірінен соң бірі өтіп жатты. Көбінің көз арбаған жамбыларды жанай өткен, маңайлай өткен оқтары айдалаға лағып кетіп жатты.
Әр мергеннің аңысын аңдыған жанкүйерлердің мол екендігі байқалып қалды. Олардың демдерін іштеріне тартып, үміт артқан мергендерінің әр қимылын қалт етпей бағып отырғандары айқын аңғарылады. Атқан оқтары бос кеткен сайын: «Әй, қап!» – дескен өкініш үндері әр тұстан шығып қалып отырды.
Жарыстың орта тұсы ауа тек бір ғана мергеннің оғы тайтұяқ жамбыға дарыды. Оның тілекшілерінің шу етіп, тақияларын аспанға атқанын көргенде, Бекберген ойға түсіп кетті. Жолым болып, атқаным дарып жатса, қошеметшілерімнің үні селдіреп қана шықпақ па? Анау қалың елін арқаланып келгендей болмайды-ау? Осы мезетте ол босаңси, селкеу тарта бастаған сезімін дереу серпіп тастап: «Дулы додаға түсер сәтте мұным не? Қой, бойымды бекітейін. Ту ұстаған Тұрманбет батырдың ұрпағы емеспін бе?! Садағымды сайлайын, намысымды ойлайын. Нысананы мүлт жіберген күнім жоқ еді! Талай рет ақ тер, көк тер болып жаттыққаным текке кетпес!
Иә, Көкбөрі, Көкбөрі
Пірімсің мені қолдай көр,
Осынау сын сағатта,
Жолымды, Тәңірім, оңдай көр.
Қыран көзім қалт етпе,
Атқан оғым мүлт кетпе,
Көктем, жазым жаттығып,
Төккен терім бос кетпе, – деп көзін тарс жұмып, өзін-өзі іштей қайрады. Мергендердің ең соңында кезегін күтіп тұрған Бекбергенге төреші белгі берді. Ақтангерін шапшаң ерттеп мінді де, шауып ала жөнелді. Саржала садағынан ұшқан жебелер шақ-шақ етіп, екі жамбыны да жерге ұшырып түсірді. Бар ынтасы енді алға ауды. Ағып келе жатқан қалпы ысқырма оқты қорамсақтан алды. Қауырсын қанатты оғының кезтабанын атан түйенің сіңірінен ширатып шыңдаған кіріс кермесіне нық қондырды.Сөйтті де барынша шірей, кере созып, тартып жіберді. Құлақты жара ұшқан ысқырма оқтың темір ұшы айқабаққа шаңқ еткенде, құлағының жарғағын солқ еткізді.
Ауаны жара, қошемет қыла жаңғырған қалың топтың үні құлақ түндырды.
– Пай, пай! Мерген десе мерген-ақ екен!
– Мерген болса осындай-ақ болсын! Жұрт қошеметіне ілтипатпен бас иген Бекберген туыстарына қарай ат басын бұрды. Сайыстың төрешісі жүгіріп барып, күміс, алтын айқабақ жамбыларды жинап алып, Бекбергенге тақана берді.

Дау

Осы мезетте ортаға бағанағы әзірде күдік айтқан ұзын бойлы сидаң қара жігіт Жамаубай атып шығып, төрешінің алдын кес-кестей берді. Қолын көкке әуелете созып:
– Ей, төреші, асықпа! Жамбыларды бермейсің! – деді өзеуреп.
– Е, неге? Сен кімсің өзің? – деп шаңқ етті.
– Негесі сол. Немене, сонда өзге мергендердің көзін шел басқан ба?
– Ешкімнің көзін шел басқан жоқ. Әр мергеннің өз бабы болады да! Жолдан былай тұр!
– Жоқ, тұрмаймын! Осының басы-қасында жүрген сендер ішті-тысты болып, жең ұшынан жалғасып, бұра тартып отырсыңдар. Олжа сыртқа кетпей, өзімізге қалсын деп!
– Ей, айналайын! Жолдан былай кет дедім ғой! Бұл жігітіңді бұрын көрсем көзім шықсын! Аруағын қастерлеп, ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына сауын айтып, жар салып, қалың елді шақырғанда, осы жамбыға бола мүсәпір пендешілік жасап бізге не көрініпті? Жолымды кес-кестемей кет былай! Ол жігіттің жеңгеніне мына аламан жұрт куә!
– Жоқ, бұл жерде бір сиқыр бар. Жамбылар дуаланған! – деп өкіректеді. Тап сол сәтте тайтұяқ жамбыны атып түсірген жігіт ортаға шықты да, қолын көтеріп:
– Ей, халайық! Өнбес дауды дауламайық. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей тұрған мына жігітті дауласып ешкім жеңе алатын емес. Мен де мергенмін. Мына қолымдағы тайтұяқ күміс жамбы да дуаланған ба? Еш дуа, сиқырсыз атқаныма ешкімнің дауы бар ма? – деп елге қарады.
– Жоқ!
– Жоқ!
Сол кезде мерген жігіт даукеске еңсеріле бұрылып:
– Ей, жігіт, дуаланған, сиқырланған деп өзеуреп қоймадың ғой, – деді.
– Иә, иә, дуаланған! – деп Жамаубай еліре айқайлады.
– Әй, мерген інім, атың кім? – деді оған мойнын бұрып.
– Бекберген!
– Азаматсың! Мергендігіңе тәнтімін!
– Рақмет, бауырым! – деді Бекберген оң қолын кеудесіне қойып, күлімсірей бас иіп.
– Бекберген інім! Сенің xас мергендігіңе еш шүбә, шәгім жоқ. Болса сендей-ақ мерген болсын! Қабыл алсаң, мен бір тосын әрекет жасауға бел будым. Бірақ бір өтінерім, еш бас тартпа!
– Құп!
– Ендеше айқабақты мен кеудеме ұстап, бағанағы тұрған межесінен де әрмен барып тұрайын. Сен соны көздеп тұрып ат, – деді кесімді сөйлеп.
Бекберген алға шығып, атын сұрады. Есімі Ержігіт екен.
– Ержігіт аға! Жасыңыз үлкен ағасыз. Батыл әрекет, шешіміңізге рақмет! Мына жігіттің күдігін біржола сейілткім келіп, сіздің ұсынған шартты аздап өзгертсем!
– Мен бәріне дайынмын! Ол не өзгеріс?
– Сіз айқабақтың орнына соның көлеміндей қалың дөңгелек тақтай ұстайсыз!
– Оны тап қазір қайдан табамыз?
– Ол осында бар. Менің өзім бәлен жыл нысана етіп жаттығып жүрген, өзімізше «айтабақ» деп ат қойған қалың тақтайымыз бар. Соны мойныңызға іліп, кеудеңізге ұстап тұрасыз.
– Сөз бар ма, інім! – деп ризалықпен бас изеді.
Бекберген сөзін естіген Жанберген қоржыннан ағаш айтабақты әкеліп, Ержігітке берді. Ол қайыс баулы айтабақты бажайлай қарап, жебенің темір ұштарының быжынаған үңгіме іздеріне қарап, басын шайқады.
Бекберген өлшемді құлаш арқан ұстаушы жігітке дауыстап:
– Әй, бауырым, бері кел! Ана айқабақ ілінген сырықтан әрі тура сондай тағы бір өлшем қос деді.
– Жарайды, – деп қызыл белгі байланған өлшем арқанын иығына асып, текіректеп, желе жөнелді.
Бекберген Ержігітке қарады. Ол күлімсірей бас изеді, ағаш айтабақты алған күйі межеге беттеді. Бекберген садағын асынып, қорамсаққа үш оқ қана қалдырып, өзгелерін Жанбергенге ұстатты. Сөйтті де ат шауып өткен шекаралық меже сызыққа қарай нық басып бара жатты.
Жұрт арасы күбір әңгімеге көшті. Біреулері ішектерін тарта, біреулері қалай болар екен деп қобалжи бастаған.
– Ойпырмай, қате тиіп, ана жігітті майып етпесе бопты!
Бекберген Ержігіт пен өлшеуші жігіттің қимылдарын бақылап тұрды. Сырық түбінен әрі қарай тартқан арқанның межелі тұсын Ержігітке нақтылап көрсеткенін көрді. Сөйтті де арқанды саумалап, тез жинап алып, жолындағы сырықты суырып алып, атына мініп, бері қайтты.
Ержігіт айтабақтың қайыс бауын мойнына іліп, кеудесіне түсірді. Содан соң Бекбергенге қол көтеріп, белгі берді. Бекберген де қол көтерді. Садағын бипаздай сипап, керме тарамыс кірісіне қауырсын қанатты тобылғы сапты сұр жебені қондырды. Садағын әуелете толғай көтеріп, төмен түсірді де, бір сәтке қалт етпей тұрып қалды. Сөйтті де шірей тартып жіберді. Керме тарамыстың ды-ыы-ыңң еткен үнінің соңын ала ағаш айтабақтың тура ортасына сарт етіп қадалған жебе үні естілді. Тұрған xалық гу ете қалды. Әсіресе әйелдердің «уһ» деп, қосамжарланып шыққан үркек үндері құлаққа ерекше әуенмен жетті.
Ержігіт қалт етіп қозғалған жоқ. Тас мүсіндей, тіп-тік тұр. Өңінде еш қобалжудың, сескенудің сезігі жоқ. Бекберген екінші оқты атты. Бұл жолы алдындағыдай сарт еткен үннен басқашалау дыбыс шықты. Көзі өткір жігіттердің біреуі:
– Мәссаған, безгелдек! Мынаның жаңағы оғы алдыңғы оқтың айыр ашасына барып қадалды! – деп айқай салды. Сөйткенше болған жоқ, Бекберген үшінші оқты да жеделдете атты. Ысқырма оқтың ащы дауысы тымық ауаны жаңғыртып, екінші жебе қанатының қақ ортасына барып, кірш ете түсті.
Әлгі бейтаныс жігіт одан әрі қатты айқайлай, Бекбергенге қарай жүгірді.
– Сені тапқан анаңнан айналдық! Сені дүниеге келтірген әкеңнен айналдық! Оған жете бере бас сап құшақтап, бауырына басып, бетінен қайта-қайта сүйді.
Ержігіт бір-біріне қадалған үш жебелі айтабақты мойнынан алды. Көлбей көтере ұстап, бері қозғалды. Ат шауып өткен жол сорабына түсті де, асықпай басып, ентелеп тұрған елге көрсетіп өтті. Ержігіттің қайсарлығына, бірсөзділігіне, жүректілігіне риза болысқан жұрт әр тұстан алғыстарын жаудырып жатты.
– Бағана өңешін жыртып, өзеурей айқайлаған батыр қайда? – деді Ержігіт. Бірақ Жамаубай ол тақана бергенде, көп арасынан жылыстап, қарасын батырған еді. Мол олжаға ие болып, үлкен қуанышқа кенелген үшеуі аттарына қонды. Бетті бәйгетөбеге қарай бұрған.

Қарабектің жорығы

Қарабек бастаған топ ұзақ жортты.
Сол күні бір ауылға кештете келіп қонды. Қонған үйдің иесі жасы алпыстан асқан кісі екен. Өзі әңгімешіл, жөн-жосықты жақсы білетін жан болып шықты. Ұлын шақырып, мал сойып, қонақ етті. Өкініштісі сол, өзі аттан құлап, мертігіп жатқанына ай жарым болған. Әйтпесе осы ауылдағы атқамінер еркеккіндіктілердің барлығы осыдан күншілік жерде өткелі жатқан атақты батырдың, байдың асына кетіпті. Жаршылардың айтуынша, үлкен бәйге, балуан күрес, теңге ілу, жамбы ату секілді шаралар болмақ екен. Ал бәйгеден озғандарға берілетін сыйлары орасан, ойсан, мол көрінеді деп тамсана әңгімеледі.
Суық жымиып, сыр алдырмай отырған Қарабек үй егесінің сөзіне ара-тұра бас изеп, беріле тыңдағандай кейіп танытты.
Жортуылшы топ таң азаннан аттанды. Мүгедек үй егесінен естіген бағытты нысаналап, Жыңғылдыға бет алды. Суыт, жедел жүріспен бірталай жерді өндіріп тастады.Қас қарая жылап аққан жылға маңына жеткен соң дамылдауды ойға алды. Қарабек ат ауыздықтарын алып, тұсап, ең жас жігітке еш ұйықтамай қарауылдауды қатаң тапсырды.
Ұйқыдан тұрысымен жолға шықты. Жүрген жолдарында көлбеу жатқан еңселі белес жолықты. Төбесіне шыққанда айналасы алақандағыдай айқын көрінді.Сонау жазаңда әрлі-берлі ойқастап, атқа мініп жүргендердің мол қарамы назарға шалынды.
Қарабек алға қарай қамшы сілтеп, шауып ала жөнелді. Межелі тұсқа тақана бергенде, ықшам киінген, бірінің қолында шолақ найза, бірінің қолында ұзын құрығы бар екі жігіт ереуілдей шығып, алдарынан кесе көлденең тұра қалды. Түсі суық, қарасұр, жауырынды жігіт:
– Неғып жүрген жансыңдар? Айдаладан ат қойып келгендеріңе жөн болсын! – деді. Қарабек өң-ажарына жылы шырай беріп:
– Жоқ қарап жүр едік. Бір топ жылқымыздан айырылдық, – деді.
– Жоқ қараған жанның алыстан ат қойып келгенін көргенім осы, – деді қатқылдау сөйлеп. – Қандай оймен келгендеріңді кім білген? Қазір бәйгешабар жерге шабандоздар жиналып жатыр. Кәне, кері қайтыңдар! – деді.
Осы сәтте Қарабектің қыран көзі шығып келе жатқан күннің сәулесіне жұлдыз меңі шағылған боз құнанды көзі шалып үлгерді. Айқайлап жібере жаздады. Жүрегі кеуде жарардай атқақтай соқты. Әлгілердің әміріне үнсіз бағынды да, ат басын кері бұрды. Былай шыға бере серіктеріне қарап:
– Ешнәрсе байқадыңдар ма?
– Жоқ.
– Әлгі қаратабан құл алып қашып кеткен боз құнанды көрдіңдер ме?
– Жоқ. Көрмедік, Қареке!
– Көрмесеңдер, мен көрдім. Үстіндегісі әлгі қаратабан құл.
– Жылқы баласы бір-біріне ұқсай береді ғой. Шатастырып тұрған жоқсыз ба, Қареке?
– Жо-жоқ! Алдыңғы сол аяғының шашасынан жоғары бір қарыс қызғылтым аласына дейін көзіме оттай басылды.Бір кезде Құлпейіс те:
– Иә, иә, енді есіме түсті. Айнымаған дәл өзі! – деді. – Енді не істемексіз?
– Істегеніміз сол, бозымызды қолға түсіруіміз керек.
– Қалай түсіреміз?
– Қазір ол жарысқа қосылады ғой.
– Кешегі қонған үйіміздің кісісі айтқаны есіңізде ме?
– Иә, иә, есімде. Жол бойы әр екі шақырым сайын барлаушы, бақылаушы, найзагерлер қойылмақшы деп. Әлгі батырдың балалары солай тәртіп беріпті.
– Былайша қарасаң тәртібі тәртіп-ақ. Талай естіп жүрміз ғой, жолдан қосылатын жолбикелер киіп кетіп жүрмесін дегені де.
– Е, ол ол ма? Қарақшы ұстайтындар өз аттарын оздыру үшін жолдан тосып, бәсекелес жүйрікті мерт қылатындарды да құлағымыз шалған!
– Иә, иә! Серіктері қызды-қыздымен қоздатқан бұл әңгімелер Қарабектің құлағына түрпідей тиді. Өзіне тән өктем үнмен:
– Жә, жетер! Болды! Қайдағы-жайдағыны бытып-шатпай! – деп жекіріп тастады.
Жеделдете бел асқан соң:
– Ана барлаушы, бақылаушылар тұрғанда бәйге жолына жақындай алмаймыз. Жат жерде біріміз найзаға түйреліп, біріміз сойылға жығылып жатсақ, өлігімізді елге жеткізе алмай масқара боламыз. Қазір біз де шапшаңдата, суыт жүріп, ас болып жатқан ауылға жетуіміз керек. Көп ішіне тастай батып, судай сіңеміз ғой. Асынан дәм татамыз. Ырду-дырду көптің ішінде сонау шалғайдан келген бізді танитын ешкім де жоқ. Бізді бір таныса, Айбар ғана таныр. Десе де, әрекетсіз қалмайық.
Ол қатарында тұрған Құлпейіске бұрылып:
– Сен былай істе! Талай барымтаны бастан өткерген жырынды, тісқаққансың ғой. Мойныңа ауыр жүк артқалы отырмын. Көктұйғыныңмен тап бүгін боз құнанды бір ыңғайлы тұстан барынша ұзап барып, таса тауып, көзге түспей жолдан тос. Оның бәрінен оза шабары еш күмәнсіз. Үстіндегі Айбарды еш аяма. Қолыңдағы келтекпен басын қақ айыр! Өлтір! Бозбен қапталдаса шауып, тізгін, шылбырын қолыңа бір іліктірсең болды емес пе!? – деді.
– Біз жеткенше бәйге де аяқталар. Кімнің озып келгенін қалың елден ести жатармыз… Құлпейіс бәйге жолда тұрған барлаушы, бақылаушыларды бағдар етіп, сырт алаппен құйғытып ала жөнелді.
– Ал біз де жол тарттық. Аттар шауып өтер жосын жолдан қашықтау тұспен қапталдаса жүрейік. Сонда нысаналы ауылдың үстіне дөп түсеміз. Кеттік! – деп қатты тебініп, атын шоқырақтата желдіртіп, алға түсті.
Ат айдаушылар ақ жалаулы құрықшаларын айналдыра бұлғап, бар даусымен:
– Неғып бытырап кеткенсіңдер? Бәйгешабарға жиналыңдар! – деп шаңқылдап, таңғы ауаны жаңғырықтыра, әр тұстан айқайлап жатты.
Айбар кеше кешкілік Ақбозын жетекке алып, елден оңаша шығып, сейіл-серуен құрып қайтқан. Қатарласа жүріп келе жатқанда Ақбоз ат сыр айтты.
– Мен ауыздықсыз шабамын. Мына қалың аттардың ішінде менімен бәсекелесер ешқайсысы жоқ. Бір қарагер ғана құйрық тістесуге жарар. Бірақ соның қасына атбегі еріткен жауқабақ егесінің көзі жаман екен. Осы жолға шығар алдында екеуі алды-артымнан шығып, сұқтана қарап, айналсоқтап жүріп алды, – деді. Айбар сыңғырлай күліп:
– Ақбозым-ау, сұлулығыңа қызыққан да! – деді. Ақбоз әлдене айтқысы келгендей аз-кем кідірістеп:
– Алдында айттым ғой ауыздықсыз шабамын деп. Шылбырың ер басында, тізгінің қолыңда болады. Қамшы салдырмаймын. Топтан оза шаппаймын. Үнемі жел жағынан орта тұсқа дейін отырамын. Жол ортасынан біршама ұзай ауғанда еркін сілтеймін. Көкжал да көзге түспей, жолдан қосылады. Сақтық қылып, алдымызда отырады.
– Қарақшыға тақана бергенде, ұранға бас! Оны білетін шығарсың?
– Иә, құлағыма құйып алғанмын.
– Енді елмен бірге демалып, ертеңге сақадай сай әзір тұрайық, – деп жұмсақ еріндерімен Айбардың басынан, маңдайынан сүйкеп өтті.

Бірінші қатер

Жол ортасы ауа Ақбоз қалың топтан біртіндеп алға шыға берді. Сәл ұзағаннан соң жылдамдығын біршама үдете түсті. Алда көз ұшында бір қара кетіп бара жатқанын көріп келе жатты. Онымен ара қашықтық мөлшерін тең ұстап отырды. Осы кезде улеген желдің екпінімен Ақбоздың сөзі Айбардың құлағына жетті.
– Кеше мен айтқан Қарагер осы. Жүйріктің жүйрігі екендігін оны алғаш көргенде байқағанмын.
– Не істейсің енді?
– Әзірге тым асықпаймын. Тек қара үздіріп алмай отырамын!
– Жарайсың, Ақбозым! Ақылыңа ризамын, – деп жалынан сипады.
Жарты сағаттай шамасы өтті-ау деген кезде Ақбоз да шабысын үдетті. Айбар сонау көз ұшында кетіп бара жатқан қарадан көз айырмады. Кішкентай ғана қара нүкте біртіндеп-біртіндеп үлкейіп, айқындала бастады.
Ақбоздың ерен екпіні Айбардың көңілін көкке шарықтата түсті. Ішінен: «Иә, пірім, Қамбар ата! Қанатымды қайырма, екпінімнен айырма! Жетіміңді жебей көр, шын көңіліңмен демей гөр!» – деп күбірледі. Сол кезде Ақбоз Қарагермен қатарласа берген. Оның шарасынан шыға шатынап, алайған көзі оған соншама бір ызамен қарады. Үстіндегі шабандоз бала да Айбарға ала көзін оқша қадап, астыңғы ернін жымқыра тістеп алған. Сөйтті де атына аяусыз қамшы басты. Ол қамшы басқан сайын Ақбоз ат біртіндеп алға озғындай бастады. Ал Айбар болса, қамшысын әуелете ойнатып, оза берді, оза берді. Әлгі баланың ысылдай, небір усойқы, улы сөздерді бұршақша жаудырып жатқандары құлағына жеткен жоқ.
Бақылаушылардан көз таса құмды төбешік басында ұйыса біткен жыңғылдың ішіне жасырынған жауқабақ қарақшы сонау көз ұшында құйрық тістесіп жатқан екеудің біреуі қарагер екенін, біреуі бозаң, ақшылтым түсті екенін аңғарды. Арттағылардың қарасы назарға ілікпеді. Көз алдында бозаң түстінің алға шыға бастағанын көргенде, екі беті ду етіп, иығы қалшылдап қоя берді. Ойпаңда байлаулы тұрған атына қарғып мініп, бет-аузының қара тұмшасын түсіре салып, бәйге жолына қарай құйындата жөнелді. Тап осы сәтте бақылаушылардың біреуі жер астының шыға келгендей тосын аттылының алдын кесе,құрығын көтеріп, қайт-қайттап айқайлап шыға берген. Қарсы келе берген оған ұзын сапты айбалтасын көтере ұмтылғанда, ол дәрменсіз халде жолдан тайқып шықты.
Айбар жолға төтеден қосылып, айбалтасын әуелете көтеріп келе жатқан беті тұмша, тосын жанды көргенде:
– Ақбоз ! Ақбоз ! Мынау не сұмдық? Не істейміз? – деді шошына.
– Айбар, еш саспа! Айтарым біреу-ақ. Тек ердің басын мықтап ұста! – деді жігерлі, сенімді үнмен. Қарақшы әне-міне дегенше, таяқ тастам жерге ентелей тақанып келе берген.
Сол сәтте Ақбоз көкке қарай бір-ақ қарғыды. Айбар ысқырған желдің ерен екпінін сезінді. Көзін еріксіз жұмды. Әуемен зулай ұшқан аты дік етіп, жерге түсті де, әрі қарай құйындатып ала жөнелді. Бұл артына мойын бұрып қарады. Қарақшы оқ бойы жерде, жол ортасында айналсоқтап тұрып қалыпты. Құр ауаны бей-берекет соққылаған айбалтасына бір қарап, Айбар еріксіз езу тартты. Өн бойын буған бұла күш асып-тасып, буырқанған Ақбоз желдей ұшты. Жолдың қос қанатында ат үстінде отырған ақ жалаушалы бақылаушылар ғана көзге бұлыңдап шалынып, артта қалып жатты. Айбар да аяғын үзеңгіге тіреп, дене салмағын ерге салмай, алға қарай еңкіштене, ұмсына отырды. Қатты шабыста қарсы ұрар ауаның екпін күші сәл болса да бәсеңсігенін аңғарды.
Айбар ағаларын ойлады. Олар да жандарын шүберекке түйіп, қарақшы түбінен көкжиекке көз тігіп, қолды-аяққа тұрмай тыпыршып жүрген шығар-ау! Мамырдың маужыраған шуағындай жас көңілі тәтті қиялдарға да берілді. Сайыстар не болды екен? Ақберген ағасы аударыспаққа, теңге ілуге, Жанберген ағасы қамшыгерлікке, Бекберген ағасы мергендікке түсем деп еді. Жансая анамыз не күйде екен? Ішінен мың сан рет солардың тілеуін тілеп келе жатты. Бір кезде Ақбоз Айбарға:
– Көкжал бізді осы адырдан күтем деген, – деді.
– Иә, иә, есімде, Ақбоз!
Ауызды жиып алғанша болған жоқ, бір бүйірден жарқ етіп, Көкжал шыға келді. Оны көргенде екеуі қатты қуанды. Қатарласа, қапталдаса бере:
– Сендердің озып келе жатқандарыңды бағана-ақ сезгенмін. Бірақ қараларың көрінгенше бір орында тұра алмай, дегбірім қашты. Енді мен сырт көзге түспейін! Алдарыңа көрінбей түсіп, бәйгетөбеге дейін сілтеймін. Ана қарақшы ағашқа тақана бере, «Көкбөрілеп!» ұрандап шап, Айбар! Осыны ұмытпа!
Ақбоз да, Айбар да оқ бойы жерден ызғып бара жатқан Көкжалдың аяғынан бораған құмды ғана көріп отырды.
Кенеттен… Иә, кенеттен Көкжал аяғынан бораған құм көз алдарынан зым-зия жоғалды. Күтпеген бұл жұмбақ екеуін аң-таң қылды. Бірақ Ақбоз ат тосын жайға тосылып, екпінін бәсеңдетпеді.
– Көкжалымыз қайда?
– Мен де аң-таңмын!
Осы тұста әлдекімнің құлындағы дауысы құраққа шыға: «Ойбай, өлдім!» – деген ащы үні естілді. Соның артынша-ақ көзі шатынап, ер-тоқымын бауырына алып, мөңки тулаған шабдар ат бұлардың жолын кесіп өте берді де, батыс жаққа қарай құйғытып ала жөнелді.
Екеуі де әп-сәтте, тәпетеңде не болып, не қойғанын ұқпай қалды. Ойларын жиып алғанша болған жоқ, айдау жолдың бойында бұрқ-бұрқ етіп бораған шаң қайтадан назарға шалынды.

Бәйгеден озу

Ақбоз шабысын үдеткен үстіне үдете түсті. Бір сәт Айбар осының табаны жерге тиіп келе жатыр ма деп жымия ойланды. Бетке ұрған ауа екпіні әлгіндегіден де күшті сезіле бастады.
Жасаураған көзіне сонау алыстан бұлаңытып көрінген ақшаңқан ауылдар, соның батыс іргесіндегі еңселі төбе басында ұйыса қарауытқан қалың жұрттың сағымданған бейнелері шалынды. Сәт сайын сол алуан көрініс сұлбалары жақындап, біртіндеп айқындалып келе жатты.
Айбар артына қайырыла қарады. Көз аясы жетер жол сорабында қылаңытқан бейне шалынбады. Тап сол кезде Ақбоз ат қоңыраулата дауыстап:
– Ұранға бас, Айбар! – деді. Тұла бойымен ағындап өткен шамырқаныс сынды бір сезім толқыны оны ер үстінен тік көтеріп жіберді. Үзеңгіге аяғын тіреп, тізгін мен қамшысын ер басына ілді де, қос қолын қыран қанатындай көкке сермеп, әуеге созды.
– Көкбөрі! Көкбөрі! Көкбөрі!
Көмейінен ұрандата шыққан үн айналаны жаңғыртты.
– Көкбөрі! Көкбөрі! Көкбөрі!
Көкжалдың өн бойы буырқанып қоя берді. Көзінен ыстық жас ыршып кетті.Оның аяғынан бұрқақтап шыққан шаң тозаңы сейілмей жатып, Ақбоз онымен құйрық тістесе бастады. Сол кезде Көкжал қабырғаласа беріп:
– Айбар, мәреге жете бергенде, алдыңнан даяшы болып, Ақберген шығар. Ұрандаған күйі қасынан өте бергенде, бас киіміңді соған лақтыр. Қызылкөз, даукестер шықса, бұлтартпас айғақ болады, – деді. Ол қағып алар.
– Ақбоз , мәреден өтісімен, батыс бетте тұрған ағаларымыздың қасына барып тоқта.
– Құп, Айбар! Өзім де сөйтем ғой.
Ақбоз аққан жұлдыздай болып мәреден өте берді. Айбар басындағы жеңіл бөркін Ақбергенге лақтырды. Ол сол сәтінде қағып алды. Сол озғындаған қалпы Көкжал айтқан орынға бет түзеді. Қалың xалықтың шуы құлақ тұндырды.
Әр тұстан:
– Нағыз xас тұлпар екен мынау!
– Тұлпар емес, дүлдүл десеңші!
– Тіпті артынан ілескендердің қарасы әлі көрінген жоқ қой.
– Егесі кім екен өзінің?
– Біле алмадық. Егелері бір туған төрт жігіт дейді ғой.
– Қай жақтан келген екен?
– Е, онысын, қайдан білейік?
– Бәйгемді шаппай бер дейтіннің нағыз өзі мынау!
– Әй, ауыздықсыз шапқан жүйрікті көруіміз бірінші.
– Ой, олжасын айт бәрінен!
– Соған мен де аң-таңмын.
– Қанша екен?
– Ой, несін айтасың? Елу жылқы, 300 қой, сегіз қанат ақ отау жасауымен!
– Ойпо-о-ой! Бір ауылдың жылдық несібесі ғой мынау!
Сүт пісірімдей уақыт өткен соң ғана әлгі күймелетіп келген қарагердің қарасы көзге шалынды.

Қарагер егесінің көңіл-күйі

Ақбоз мәреден ағындап өткенде, қабағынан қар жауған Құланбай бай терісіне сыймай, бұрқан-тарқан болды. Жандайшабы Нұрманды иығынан қаусыра қыса ұстап, жұлқып жіберіп:
– Иттің ғана баласы! Әлгі жолтоспаға жібердім деген адамың қайда? Мына Ақбоздың көзін құрт деп жібергендегім осы ма? Не сұмдық мыналарың? – деп ақырды.
– Құлеке-ау! Әлгі өзіңіз мақтап отыратын ең мықты жігітіңіз жауқабақ Дәукенді жібергем. Не болып, не қойғанын өзім де білмей далмын. Оның тапсырғанды қапысыз, қалтқысыз орындайтыны өзіңізге мәлім ғой, – деп шыр-пыр болды.
– Ол иттің баласы қайда сонда? Жер жұтып кеткен бе?
– Хабар-ошар болмай тұр ғой.
– Табылса, алдыма алып кел!
– Құп!
Бақдәулет батырдың ұрпақтары бәйгеден озып келгендердің аттарын атап, оларға тиесілі сыйлықтарды бөліп жатқан кезде атын ақкөбік қылып Дәукен де жеткен. Екі көзі төрт болып, алаң көңіл болып жүрген Нұрман Дәукен атынан түсер-түспестен алқымынан алды.
– Айбалтамды алып, кес-кестеп алдынан шыға бергем. Не болғанын өзім білмей қалдым. Ақбозы тақана бере биікке шырқай тік көтеріліп, үстімнен қарғып өтті. Тұяқтары боратқан топырағының түрі жаман. Менің көзімді де, атымның көзін де көміп өтті. Бір орында шырқ айналып, не істерімді білмей, қалбалақтап тұрып қалдым. Көзімді уқалап, әрең ашсам, сонау көз ұшында құйғытып барады. Атыма аямай қамшы бастым. Қайда, қарасын да көрсеткен жоқ! – деді.
Нұрман Дәукеннен:
– Төбемнен қарғып өтті дедің бе? – деп қайыра сұрады.
– Иә, иә! Тура төбемнен зу етіп бір-ақ қарғыды. Тіпті ұшып өтті дерсің.
Нұрман басын шайқап, ішегін тартты.
– Енді осы айтқаныңды Құланбай байға өз аузыңмен жеткіз, – деді. Қызылкөз даукес Жамаубай шетке шыға бере екеуінің әңгімесін естіп, қалт тұра қалды.
«Сонда әлгілердің аты атты адамның төбесінен зулай бір-ақ қарғып, ұшып өткен, ә? Мүмкін емес! Мүмкін емес!» Осындай ойлар өзегін өртеп жіберді. Барлық бас бәйгелерді осынау бимәлімдеу жандардың иеленіп кеткені санасына сыймай-ақ қойды.

Қарабек аң-таң

Желе шоқытып, оң қанаттан бақылаушылардың сыртын ала отырып, суыт жүрген Қарабектер бәйге жолымен бір тұста үздік-создық, бір тұста топтаса, бір тұста бір-бірімен құйрық тістесе шауып келе жатқан аттыларды алыстан байқап келе жатты. Қалың топтан ұзап, алға шырқап, озғындап кеткен аттар назарларына түсе қоймады.
– Жігіттер, тездетіңдер! Аттарыңа қамшы басыңдар. Бәйге күткен нөпір жұртқа жетпей жолдан тосайық. Әлгі Құлпейістен де осы тұста бір xабар болып қалар! – деп қамшысын білемдей ұстап, алға сілтеді.
Біраз шауып, жүрісті өндіртіп тастады. Осы мезетте жазаң жерден оқшаулау, ерек көрінген төбешік төбесінде тұрған әлдекімді көрді. Қолына алған баскиіммен бұларға безек қаға қол бұлғап тұр.
– Ойбай-ау, мынау әлгі Құлпейісіміз емес пе?! – деп біреу мазаң үн қатты. Қарабектің беті ду етіп, жон арқасы шымырлап қоя берді. «Аты қайда?» «Не болған бұған?» Аттарын омыраулатып, төбешікте қалқиып тұрған оған тақана берді.
Бет-ауызы қан-қан. Шапанының өңірі дал-дал. Көйлегі қақырай айырылып кеткен. Бұларды көріп, жылап жіберді. Жартылай жалаңаштанған кеудесін, мойнын бірнеше жүзді пышақпен тілгендей айғыздалыпты. Шып-шып шыққан қан тамшылары көзге ұрады.
– Не болды?!
– Не болған?! Тісі тісіне тимей, иегі кемсеңдеп, солығын баса алар емес.
– Оу, айтсаңшы, не болған?! – деп Қарабек дүрсе қоя берді.
– Өзім де түсінбей қалдым. Әлгі бақылаушылардан бойтаса қылып, осы төбешік түбінен өтер жолға тақана бергем. Нән тайыншадай арлан қасқыр жер астынан шыға келді. Тура кеудеме атылды да, ат үстінен жұлып алды. Шапанымды дал-дал қылды, бет-аузымды қан қылды. Кеудем, мойыным мынау. Құдай сақтады. Әйтпесе азу тісін терең салғанда, төс сүйегіммен қоса өкпе, қолқа, жүрегімді қопара жұлып алатын еді.
– Не дейді?
– Не деп тантып тұрсың?
– Қай жақтың қасқырын айтып тұрсың? Анталай тұрғандар сұрақты жан-жақтан жаудырды. Қарабек:
– Ат қайда? – деп жеки сөйледі.
– Қареке-ау, қайда кеткенін қайдан білейін. Есімнен танып қалған жоқпын ба?! Сол арлан алдына салып қуып кеткен болар.
Тұрғандар бір-бірлеріне қарасты. Құлпейіс жас жуған бетін шаң-шаң жеңімен сүртіп жатып:
– Енді мен не істеймін? – деді. Қарабек үн қата қойған жоқ. Өңі күреңітіп, етігінің ұшымен аяқ астындағы топырақта өші бардай жанши берді. Сөйтті де:
– Әй, Мұса, Жаппар, мына төбешік түбінен шыққан ізге түсіп, атты табыңдар. Қасында тұрған секпіл бет Жанасқа:
– Мына Құлпейісті атыңа мінгестір. Аттардың соңғы легі әлі өтіп бола қоймаған сияқты. Біраз уақыт анау айдау жолдан сырттай, қабырғаласа жүріңдер. Содан соң жолға түсіп, ас беріп жатқан ауылға жетіңдер. Шеткі үйдің біріне түсерсіңдер. Қояннан үріккен аттан құлап, бұтаның үстіне құладым дерсіңдер. Ешкім кеуделеріңнен итере қоймас. Ал мен ас берген ауылға ертерек жетейін. Сөйтті де төс қалтасынан алған бурыл мұртты мұрнының астына, шоқша сақалды иегіне қондырды.
– Қайсыңа болса да айтарым, мына жайды естеріңе түйіңдер. Ас беріп жатқан ауылдың қараша үйлерінің маңында жолығайық. Анау сый меймандар, қонақтар жайлап жатқан үйлер жаққа аяқ баспаңдар. Кім біледі, әлгі Айбарға жолығып қалып жүрмейік, – деп шаба жөнелді.

Ниеті бұзықтардың табысуы

Жамаубай елегізігендей жан-жағына алаңдай қарап, аз-кем уақыт оңашалана тұрып қалған еді. Тап сол сәтте қою мұртты, шоқша сақалды бір кісі бұған қарай ат басын бұрды. Ат үстінен сәлем берді.
– Бауырым, алыс жолдан келе жатқан бетім. Жоқ іздеп жүрген жайым бар.
– Е, не жоқ іздеп жүрсің?
– Бәйге құнаным бар еді. Бір ай болды. Әлдекімдер қолды қылып, қапы қалдырып кетті.
– Түр-түсі қандай еді?
– Ақ боз . Маңдайында бас бармақ басындай жұлдызды меңі бар.
– Ойпырмай, ә! Көрген көзде жазық жоқ. Осында бір үш жігіт, бір жасөспірім баланың қорғаштауында жүрген бәйге атының түр-түсі сенің айтқаныңа айнымай келіп тұр. Ол бүгін бәйгеден озып келді. Бірақ ол құнаннан гөрі дөненге жетеқабыл көрінді.
– Ол қайда? – деп, Қарабек елең ете қалды.
– Қайда дерің бар ма? Олжаларын алдарына салып, еліне бет түзеген шығар. Көріп жатсың ғой. Елдің алды киіз үйлерін жығып жатыр. Мына аласапыранда нені білгендейміз?
– Қай бағытқа кеткенінен xабарың жоқ па?
– Ау, жігітім-ау! Мен қайдан білейін? Қарабек дел-сал күйде тұрып қалды. Көлмекөлді айнала қонған елдердің біразы түйелеріне жүк артып, әр бағытқа бет ала бастапты.

Қабағы қатулы Құланбай

Құланбай бай киіз үйін жықтырған жоқ. Өзге ауылдастарына да солай пәрмен берді. Төр алдында қабағы түксиіп, жауар күндей түнеріп, түтігіп отыр.
– Қарагерім шапқалы тауым шағылып көрмеп еді. Енді, міне, шағылғанын көріп отырсыңдар. Мына қасымда отырған Амантұрлы атбегімнің айтқаны қате кетпеді. Сұңғыла жан ғой, сақтандыра айтты. Қам қылмасаңыз қатер деді. Айтқаны айдай келді. Сөйтті де:
– Әй, Нұрман! Әй, Дәукен! Екеуіңе құдайдай сендім ғой. Қисынсыз қиыстырылған қысыр әңгіме айтасыңдар! Оларыңа кім сенеді?! – деп зілденді.
– Әй, Дәукен! Талай тапсырғандарымды қапысыз орындаушы ең! Не қара басты сені?! – деп ала көзімен шақшия қарады.
– Құлан аға! Міне, иманым, міне, жаным! Өтірік айтсам, анамнан тумай кетейін! Қыршынымнан қиылайын! Сеніңізші! Ат тура төбемнен басы-көзімді топыраққа көміп, ұшып өтті.Тап солай болғаны рас! – деп шырылдады.
Құланбай отырғандарға барлай қарады. Атбегі Амантұрлы:
– Әй, Құланбай інім! Талай сыныңнан сүрінбей өтіп жүрген балғын жас қой. Жас жанын шыжғыра бермейік. Мен оның айтқанының растығына толық сенемін, – деді.
Атбегі сөзі соңғы үкім үніндей болып естілді. Нұрман да, Дәукен де еңселерін езген ерен салмақтан құтылғандай, «уһ!» деп кеуде кере демалып, бойларын тіктеді.
Құланбай бір жөткірініп алып, Нұрман мен Дәукенге назарын тіктей:
– Ұзын сөздің қысқасы, Қарагерімізге қақпан құрған Ақбоздың көзін жою керек. Бетпе-бет кездессе, айбалтамен басынан шабыңдар.Тақантпаса, садақпен ат. Жебелеріңнің ұшын улап алыңдар! Іле-шала:
– Бастаған істі толық аяқтау – екеуіңе сын! Барлығына шегелеп айтарым, бұл әңгіме тістеріңнен еш шығушы болмасын! – деп бұйыра сөйледі.
– Құп!
– Құп!
– Сендерден хабар келгенше, біз осы орыннан еш қозғалмаймыз! – деп сөзін нығарлады.
Көкжал үй сыртында тұрған сақшылардың арасынан өтіп, іргесі түрілген керегеге жанаса жатқан. Үй ішінде болған қызу әңгімеге әбден қанықты.
Алдында бәйге аттар Жыңғылдыға аттанарда, Ақбоздың маңынан кетпей сұқтана қарап жүрген атсейіс Амантұрлыны, қабағы қатулы Құланбайды жазбай танып алған. Сонда соңынан қалмай ілесіп, бай үйіне барған. Олардың арамза, қаскөй пиғылдарын ойға мықтап түйген. Сөйтіп Ақбоздан бастап барлығына төнер қауіптің мән-жайын тәптіштеп айтқан еді.
Құланбай отырған үйден шығысымен бүлкек қаққан Көкжал көлдің батыс қанатына тігілген қараша үйлердің маңымен қозғалды. Алған малдарын алдарына салып, жаңа қонысқа беттеген бауырларын алыстан көзі шалды. Үш түйеге сегіз қанат ақ үй артылғанын аңғарды. Бәрін көргенде шын қуанды. Бұлар ауылға барып жеткенде, Жансая ананың мәз болып, қалай қуанатынын көзіне елестетті. Соған ілесе Құланбай қаскөйлерінің зымияндық ниеттері ойына түсіп кеткенде, әлгінде ғана көңіл көкжиегін көмкерген шырайлы шуақ сәулесі селдіреп сала берді. Осы тұста сана төрін дабылдатып өткен сергек сезім алға шықты. «Сақ болайық! Сақ болайық!»

Құтырынған Қарабек

Кенет… Иә, кенет! Көл жиегіндегі әлдекімдердің қатқыл-қатқыл шыққан үндері естілді. Біреуі:
– Қареке-ау, менің xалім төмен. Мына кеудемнен,мойынымнан аққан қан тыйылар емес. Арлан қасқырдың тырнағы улы екен. Жанымды қоярға жер таппай отырмын. Құрым киіз күйдіріп баспаса болар емес, – деп зар иледі.
Қарабек дүңк етіп:
– Оны табан асты қайдан табам? Анау атыңның тоқымын шетінен кесіп алып, күйдіріп бас, – деді.Жанас:
– Ана екеуінен xабар жоқ па? – деді жасқаншақтай.
– Хабар болса, сопа басым сопиып осылай келем бе?! – деп арп ете қалды.
Көкжалдың танауын таныс иіс қытықтады. Қалт тұра қалды. Бағана алқым, кеудесінен алып, аттан аударған адамы. Ішінен мырс етті.
Көкжал оларға жақындай түсті. Аңысын аңдауға ден қойып, әңгіме ақырын тапжылмай ұзақ күтті. Ат тері сіңген киіздің, одан соң оның күйген иісін өткір сезінді. Адамның ыңырсып, ауырсынған үні үздіксіз естіліп жатты. Дауысы жуандау біреуі жеки сөйлеп:
– Әй, жетті енді! Титімдей тиген тіске бола қыңсылаған бұралқы итке ұқсамай! – деді. Көкжал ішінен әлгінде есімін құлағы шалған Қарекесі осы болар деп болжады. Алыстан екі аттылы көрінді. Тақана келе олар бетін бұларға түзеді.Бір кезде Қарекесі:
– Әй, Жанас, анау келе жатқандар Мұса мен Жаппар емес пе? – деді.
– Солар сияқты! Ал жетекке алған аты қайда сонда?! – деді Қарекесі үріккендей үнмен сөйлеп.
– Иә, ат жоқ.
Көкжал ақырын күтті.Келгендердің жүздері сынық, өңдері өрт сөндіргендей түтіккен. Қарекесі дүрсе қоя берді.
– Ат қайда?!
– Қанша жерді шарладық. Таппадық, Қареке!
– Бір саздауыт жерге дейін ізін қуаладық. Ары қарай жоғалттық.
– Көз жетер жердегі биіктерге шықтық. Назарға ілінбеді. Қарекесі қатулы үнмен:
– Жер жұтып кетті десеңші! – деп, екеуіне алая қарады.
Жанас:
– Қареке! Енді не тірлік қыламыз? – деді. Сұрақ жауапсыз қалды. Әлден соң барып Жанасқа:
– Анау шеткі үйге бар. Өзгелердей үй жықпай отыр ғой тегі. Бүгін қоналқа болатын сияқты. Алыстан жеткен бетіміз. Соған қайыр қылып, артық-ауыс ас-суларыңыздан берсеңіздер екен де, – деді. Ол атына мініп, жорта жөнелді.
Қареке теңселіп әрлі-берлі жүріп алды. Тіс жарып, үндей қоймады. Бір кезде Жанас келе жатты. Қолында қомақты түйіншегі бар. Мұны көрген Мұса мен Жаппардың бетіне қан жүгіре бастады.Алдарындағы ас-су желініп болды. Көкжал отырғандардың барлығы Қарекенің аузын бағып отырғанын аңдады. Бір кезде ол Жанасқа:
– Бүгін түнде, өл-тіріл, осында қона жатқандар әлі бар екен ғой. Солардың аттарының біреуін қолға түсір. Сөйт те мына Құлпейісті алып, түн қараңғысымен ел жаққа тарт. Ал қалған үшеуміз қайткенде де Ақбозды қолға түсірмей қайтпаймыз, – деп кесіп айтты.
Көкжал орнынан тез көтеріліп, олжа малдарын алға салып, недәуір ұзап кеткен бауырларын қуып жетті. Жетісімен көрген-білген жайттардан барлығын xабардар етті. Ақберген барлық сақтық шараларын алдын-ала қапысыз қамдап үлгерген екен. Сол өңірдің сойдауыттай, сайдың тасындай іріктелген бес жігітіне жарамды-жарамды бес атты басы бүтін мінгізіп, шаруаларын орнықтырып алғанша, көші-қондары біткенше жалдапты. Тіпті киіз үй артатын үш түйені алты жылқыға айырбастап алыпты. Ауылға, Жансая апаға сүйіншілетіп, Айбарды жіберіпті. Анасы жүрегі жарылардай қуанып:
– Ақсарбас! Ақсарбас! Жолдарыңда құрбандарың болайын! Ту көтерген атамның аруағы мықтап қолдаған екен қарақтарымды! – деп, қуаныш жасын төгіпті.

Өзге кейіпке енген Қарабек

Сақал-мұртын жапсырып, өзгеше кейіпке енген Қарабек ел шетіне ілігісімен ауылды аралаған. Барлық жұрттың аузында бір-ақ әңгіме. Ол – Ақбоз ат. Бірінен бірі асыра айтылған жұрт сөзіне қаныққан сайын ызадан іші қыж-қыж қайнады. Талай жорық, жортуылда тауы шағылып көрмеген Қарабек жолында кездескен сұрықсыз сәтсіздіктердің сырын ұға алмай дал болды. Бәрінен бұрын Саспан байдың көз құртына айналған боз құнанның қолды болуы қабырғасына аяздай батты. Жаңағы біреу дөненшығар деп қалды. Сонда қалай?! Әлгі өлдіге санаған Айбарының аты асқақтап алдынан шығуы… Бармағын қырш-қырш етіп шайнап жібергісі келді. Неге ғана бірден өлтіртіп тастамадық екен?! Бар кесірдің шиеленіскен шиыры соған тіреліп жатқан жоқ па? Құлпейісі анау. Айдалада қасқырға таланып…
Бір-бірімен іркес-тіркес жалғасып, шиыршық атқан көңілсіз ойлар тасқыны самай тамырларын жарып жіберердей, сыртқа тепсінді.
Ұбап-шұбап, жолда тырағайлап қалған аттар жеткенше түс болып қалған. Ол келіп жатқан аттардың арасын тінте аралады.
Жамаубай төрт-бес адамның Ақбоз туралы қызу әңгімесінің тура үстінен түсті.
– Әй, талай ас-тойда болып жүрміз ғой. Бірақ тап мынадай болып, қалың топтан қара үзіп келген атты көргенім осы!
– Дұрыс айтасың. Құдай-ау, неткен шабыс!
– Аяқтарын қалай сілтейді дейсің!
– Көз ілеспейді-ау! Тура бұлаңытқан ақ сағым дерсің!
– Ай, бұл өңірде түбі бұған жететін бәйге аттарды көріп тұрғам жоқ.
– Сөзің тура! Әлгі, Құланбай деген бай асқа келген бетте ісіп-кеуіп: «Бәйгемді шаппай беріңдер!», – деп біраз гүпілдепті дейді.
– Әлгі сонау Бозөткелден пәуескемен күймелетіп, қолпаштап әкелген, сұмдық деп жүрген Қарагеріңді қозыкөш жерге қалдырып кетті емес пе?
– Ия, ия! Естігенбіз, естігенбіз! Бірақ тура бәйгешабарға аттанар алдында арыны басылып, күмілжіп қалыпты дегенді де естідік.
– Е, неге?
– Атақты бір атбегіні жалдағанға ұқсайды.
– Содан?
– Содан сол сұқкөз атбегі бай екеуі барлық аттарды адақтай қарап шықса керек.
– Иә, қарасын дейік!
– Қарағаны сол, ақбоз аттың тұсына келгенде айналсоқтап біраз жүріп алған. Сөйткенде қасындағы байға сыбырламай ма?
– Ал сыбырласын дейік?
– Белгілі жайт, xас жүйріктің жауы көп.
– Сонымен біреулер Құланбайдың әлдекімдерге құпиялап тапсырма бергенін алыстан құлағы шалып қалса керек.
– Өй, мынауың бекер әңгіме!
– Е, неге бекер әңгіме?
– Бекер әңгіме дейтінім, Құланбай жаулық қылса, Ақбоз неге озып келеді? Әйтпесе қолына небір қарақшы, жырынды, жемтемір барымташылар ұстайтын Құнанбайдың құдірет-күші жетпей қалды дейсің бе?!
– Е, айтпақшы, жаңағы Ақбоз аттың егесі кім екен?
– Нақты егесі кім екенін білдіңдер ме?
– Толық біле алмадық. Ұзынқұлақтан естігеніміз, өзге өңірден осы аймаққа жуырда бимәлім себептермен қоныс аударып келгенге ұқсайды.
– Бір естуімде, өздері төрт ағайынды жігіт көрінеді.
– Иә, иә, солай дейді. Өздері шетінен сен тұр, мен атайын жігіттер екен деп ел гулеп жүр.
– Е, гулемей қайтсін? Ана бір Ақберген дегені ерен екен. Аударыспақта бір дәуіңді ат-матымен қопара құлатқанын көрдіңдер!
– Е, сол Ақбергені емес пе! Алтын түйген алты қалтаны да қапысыз
іліп, әлгі бәсекелестерінің аузын топайдай ұрып кеткен.
– Айтпақшы сонысы да бар.
– Ойбой, оның Жанберген деген інісінің қамшыгерлігін айтсаңшы! Оның үш қабат өгіз терісін балтамен кескендей, қақырата осып түскенін көрдік қой!
– Ал олардың інісі Бекбергеннің мергендігі ше? Тіпті айтуға тіліміз жетпейді. Әлгі ел ішінде аты шыққан қызылкөз Жамаубай деген өзеуреп мұнда сиқыр бар деп қоймағанда істегенін айтсаңшы!
– Анау Ержігіт те ердің ері екен. Зулап ұшқан садақ оғына тік қарап, тайсалмай тұрған!
– Сенсең бар ғой, сол кезде менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Көзімді тарс жұмып алдым! Тұрғандардың барлығы осы тұста мәз бола қарқылдай күлісті.
– Ал мына он үш жасар Айбардың ерен шабандоздығын айтсаңшы.
– Айтары жоқ! Айтары жоқ!
– Біреулер айтады! Өзі атымен үнемі сөйлесіп жүреді дейді.
– Қой! Не деп?!
– Е, ел айта береді де!
– Е, оны кім білген? Атының мойнынан құшақтап, бетін маңдайына тигізіп тұрғанын көргендер бар.
– Ал сөйлессе сөйлесіп жүретін шығар. Бірақ о заманда, бұ заман, бәйгеде аттың ауыздықсыз шапқанын көргенім осы!
– Осындағы бір білгілікті кісілер бұлардың төртеуі де бір атақты батырдың ұрпақтары деп айтып қалыпты.
– Кім деген батыр екен?
– Сол аты есіме түспей отырғаны. Мына ду-дудың ішінде жүргенде, құлағым шалып қалды. Әйтеуір ту ұстаған батыр дегені есімде қалыпты.
– Ей, сен де ақпақұлақ екенсің ! Көзің табақ-табақ етте, құлағың қыз-қырқынның қылтың-сылтың әңгімесінде болған да!
Ол қалжың айтқан жігіттің ішінен ойнай түйіп жібермек боп ұмтылғанда, анау бұлт етіп, сытылып кетіп, мазақ ете күлді.
Жамаубай олардың әңгімесін сырттай еміне тыңдап тұрды да қойды.
– Біреулер осыларға бір әкеден туған «Төрт ноян» деген атақ беріп жіберіпті.
– Дұрыс-ақ! Айтса айтқандай, нояндарыңның нағыз өздер осылар демеске айтар сылтау, уәжің бар ма?!. Өздері ауылдарына мыңғыртып мал айдап, сегіз қанат ақ үй, тағы толып жатқан олжа алып қайтатын болды ғой.
– Е, елі қарық болды десеңші!
Осы тұста Жамаубайдың іш қызғанышы мүлдем үдеп кетті. Кеуде тұсы бықырған ащы айрандай қыжылдап, көреалмастықтың күңгірт көлеңкесі санасын мүлдем тұмантып жіберді. Сонау Қараөзек бойынан келген туыстас жігіттерінің бірде-біреуі олжалы жүлдеге ілікпеуі, қосқан үш бәйге атының тырағайлап артта қалғаны ойына оралғанда, өртенудің аз-ақ алдында қалды. Ауыл-аймақ, тек аужайы белгісіз төрт жігіттің төрге озуын санасына сыйдыра алмай-ақ қойды. Ізгі ниетті бір азаматтың аузынан шыққан мадақ, лебіз ел арасына енді-енді дендеп тарай бастаған «Төрт ноян» деген демеу сөз Жамаубайдың жүрегіне ине болып қадалды.

Қарабек іске көшті

Қарабек көл жағасында теңселіп жүрді де қойды. Түн ортасы ауды. Әр тұста көшпей, қоналқалап қалған үйлер жаққа елеңдеп қараумен болды. Анда-санда жарақатын ауырсынған Құлпейістің ыңырсыған дауысы шығады. Әлден уақытта алыстан әлдене қараңдады. Жақындай бере қарауытқан бейне кәдімгідей айқындала бастады. Қарабектің жүрегі дүрсілдей жөнелді.Жанас екеніне еш күмәні қалған жоқ. Ол тақана бере:
– Ойға алғаныңызды оңынан оралттым! – деді сергек үнмен.
– Ендеше еш аялдамастан елге тартыңдар. Әй, Құлпейіс! Тұр орныңнан! Атқа мін! Шыда! Таң қылаң бергенше талай жерді өндіртесіңдер, – деді.
Сөйтті де:
– Әй, Жаппар, Мұса! Тұрыңдар! Біз де бұл жерден ізімізді суытайық. Атынан айырылған жан да қарап қалмас. Қасындағы серіктерінің барлығы таң азаннан алашапқын болары сөзсіз?! Көл маңынан ұзап кетейік. Көңіліміз қалаған жерге аял жасағанымыз жөн. Сөйтіп үшеуміз үш жаққа тарап, барлауға шығайық. Боз қүнанымызды көз аясына іліктірсек болды. Бірігіп әрекет жасаймыз! – деді.

Жансая апа үйінде

Апа ұрпақтары мал-жанды бес жігітке тапсырып, көңілдері жайланды. Жансая апа:
– Айбарым, сүйіншілеп келгенде, жолдарыңа ақсарбас атап ем. Соны ертең, сәрсенбінің сәтті күніне өткізейік. Әкелген сегіз қанатты үйлеріңді тігейік. Анау көз жетер жердегі ауылдың үлкендерін шақырыңдар. Таныс-біліс болайық! Дастарқанымыздан дәм татсын! – деді балаларына елжірей қарап. Ақберген:
– Апа, ниетіңіз қабыл болсын! Айтқаныңызды мүлтіксіз орындаймыз, – деді. Бауырлары да ана сөзін құп алып, шырайлана бас изесті.
– Анау жарамды, жарамды жігіттерге басы бүтін ат мінгізіп, шаруа жайымыз бастыққанша көмекке алғандарыңа риза болып отырмын. Әлгі аталарымыз айтқандай, «Алаған қолым береген» деген. Түнде аруақты аталарың түсіме енді. Көкбөрілі байрақты тудың түбінде тұр екен. Атама иіліп, сәлем салдым. «Көп жаса, келінім! Өзің баққан-қаққан ұрпақтарыңа ризамын! Қуанышымда шек жоқ! Түтінімнің тік шыққаны көңіліме медет. Аманатым бар. Ойға алған тірліктеріңді орындаңдар! Біткен соң мен жатқан Жиделіжайсаңға қоныс аударғайсыңдар! Байрақтытөбе биігінен немерелерімнің, болашақ ұрпақтарымның үндерін естіп жатайын. Темірбек те қасымда ғой. Осы жерде отау көтеріп, үй болғандарың, перзент өргізгендерің құлағыма жетіп жатсын, – деді. Оянып кеттім. Бар көргенім тура өңімдегідей. Бұдан соң ұйықтай алғам жоқ, – деді Жансая апа жүзі нұрланып. Сәл жөткірініп алды да:
– Осындай ой мені де біраздан бері иектеп жүрген. Жарықтық атам осыны сезген болса керек. Әлгі атаған ақсарбасымызды аман-есен өткізген соң, сол Жиделіжайсаңға бет түзегеніміз абзал, – деді. Ұлдары ана сөзін құп көріп:
– Жарайды, апа! Көктәңірі жолымызды оңғарсын! – десті.
Ақбоз бен Көкжал да осынау тиянақ ойды оң көрді. Әсіресе Көкжал өзі куә болған, Ақбозды нысанаға алған, астарына арамза, жаулық ниеттер бүккен әңгімелерді естіген соң барынша ширығып алған. Оған ерекше сақ болу керектігін ескертті. Сол себептен де тездетіп қоныс аударуға бекінген апасын, бауырластарын қызу қолдады. Ақсарбас айтып, шалған құрбанына бірталай ел келді. Құтты болсын айтысқан жұрт «Төрт ноян» атанған жігіттерді көріп, көңілдері тоғайды. Екі жас келіншек егіз туған ұлдарын әкелді. Төртеуіне ырымдатып, ауыздарына түкіртіп, мәре-сәре болды.
Олар көптің көзқұртына айналған үй маңынан ұзамай үстіндегі оюлы жабуымен бос жайылып жүрген Ақбозға сүйсіне қарасты. Көрші ауылдың ақсақал қариясы үй егелеріне қарап:
Ақбозыңның тұяғы кетілмесін,
Сан додада үміті кесілмесін.
Хас жүйрікке қас қылған арамзаның
Жауыз қолы шынжырдан шешілмесін.
Жаңа барар қонысың құтты болсын,
Шаңырағы жаңа үйдің мықты болсын!
Олжа алған жылқыларың үйір-үйір
Тайқазанды толтырар сүтті болсын!
Небір қиын тағдырға шыдағансың,
Төрт нояның тіккен ту құламасын
Тірлігінде өзіңе қамқор болар
Барған жерде отбасын құрап алсын! – деп төгілте бата берді.
Дастарқандағылар, сырт адамдардың барлығы ақсақал батасына ризалықпен қол жайып, қошемет көрсетті. Жансая апаның алдағы ниетін құп көрген үлкендері:
– Көштерің көлікті болсын! Тағдыр толқынымен бұл жаққа келіп қалған екенсіңдер. Десек те кіндік кесіп, кір жуған туған жерге не жетеді?! – десіп, құптай бас изесті.

Көкжал мен Ақбоз

Көкжал Ақбоздың қасына барды.
– Қамсыз болмайық, Ақбоз!
– Ойың орынды. Мен де құлағымды түрік ұстап отырмын, Көкжал!
– Тек тұрмай, айналамды барлай шолып келіп жүрмін. Иә, жиі-жиі иіс алып отырмын. Сенің иіс алғыштыңа бек сенімдімін. Десек те «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді естен шығармайық. Әккі жаулар желге қарсы жақтан баспалап келетіні бар. Бір жерге бой тасалап, бұл жақтың әр қимылын бақылап отырмасына кім кепіл?!
– Дұрыс айтасың! Мен жаңа әзірде желге қарсы жақты да шолып қайтқам. Білетінім, жеке жарым жортуылшылар күндіз көзге түспеуге тырысады.
– Иә, дұрыс, ол ойыңа қосыламын.
– Ақбоз, сені аңдығандардың барлығы маған мәлім. Осылардың шепке жеткізбей желкелерін үзсек. Осыған келісесің бе?
– Бауырларымыз қатыса ма?
– Жоқ, ешқайсысы да… Көппен көріп жатқан қызығын бұзбайық.
– Сонда екеуіміз ғана ма?
– Дәл солай! Бірақ біз оларға сездірмей, ауыл маңынан ұзаймыз.

Құпия жорық

Көкжалдың нық сеніммен айтқан батыл ойы Ақбоздың көңілінен дөп шығып, жігерін жаныды. Қыр соңына түскен қаскөйлермен бетпе-бет кездесер сәтті тағатсыздана күтті. Әлден уақытта Көкжал қалт тұра қалды да, иіс аулады. Ақбоз да құлағын қайшылап, жан-жаққа мойын бұрып, айналысын барлай қарады.
– Ал Ақбоз! Мен көрінбейтін кейпіме ауысамын. Анау қыр басынан қылтиған үш қараны көрдің бе?
– Иә, көрдім.
– Көрсең сені бұғалықтап ұстап, еліне әкетпекке бел буғандар. Ішінде Қареке дегені бар. Иісінен жазбай танып тұрмын.
– Ә, Қарабек десеңші! Өй, залым-ай, менің қыр соңыма түскен сұм ғой.
– Сен еш саспа! Соларға қарай ақырын аяңдап жүре бер. Мен қатарыңдамын.
– Түсіндім, Көкжал!
Ақбоз оларға қарай асықпай, маң-маң басып тақана берді. Қарабектің жүрегі жарылардай қуана дауыстады.
– Өй, жануарым-ай! Бізді айтпай таныды ғой. Өзі құнан емес, денесі мүлдем ірілеп, дөненге айналғаны рас екен. О, Жаратқан! Мына біздей сандалып, салы суға кеткен пенделеріңе оң қабақ танытқаныңа шүкіршілік, мың тағзым! Саспан байымыздың мынаны көргенде, атақ-даңқын естігенде, төбесі көкке екі-ақ елі жетпейтін шығар! – деп елжірей сөйледі.
– Әй, Жаппар, Мұса! Тәңіріміз жарылқады деген осы! Іздеген жоғымыз алдымыздан өзі шықты! – деп, есі қалмай елірді.
– Ой, айналайын, Ақбоз ат! – деп, ер үстінен ұшып кетердей қопаңдады.
Ақбоз басын шұлғып, аяңдай басып, тақана берді. Келе берген сәтте бауыры ақ күмістей жалт етіп, көкке жебеше атылды. Қарабек не болғанын ойлап үлгерген жоқ. Жон арқасынан дөп тиген артқы қос аяқтың сұрапыл соққысы ат үстінен ұшырып түсірді. «Аһ!» деп айтуға шамасы да келмей, тіл тартпай кетті. Кегжең етіп, шошынған аты мөңки тулап, безіп ала жөнелді.
Жөпелдемеде не болып, не қойғанын ұқпай қалған Жаппар мен Мұса аз сәтке абдырап қалған. Сөйтті де жалт бұрылып, аттарына қамшы басты. Арындаған Ақбоз Жаппардың атына құйрық тістесіп жете берген. Сол қалпы артқы қос аяғын жерге тірей серіппеше атылды. Ақсиған азу тісі Жаппардың далбаң қаққан желбегей шапанына ілікті. Оны қаусыра тістеп, ерінен жұлып алды да, қол-аяғын тырбаңдатып, таяқ тастам жерге шиыра лақтырды. Гүрс етіп құлаған бетте дөңбекши домалап, үш-төрт аунап түсті. «Ах!» деген ащы дауысы ілесе шықты.
Мұса алақ-жұлақ артына қарап қойып, құйғытып бара жатты. Ақбоз оны көп ұзатпай-ақ бастырмалатып қуып жете берген. Сол сәтте Мұса ат тізгінін шірей тартып, кілт тоқтатты. Атынан қарғып түсіп, тізерлеп отыра кетті. Қос қолын көкке жайып, әрлі-берлі қайшылап жанұшырды. Ақбоз арынын әрең басып, оның алдында шырқ айналды.
Мұса зар илеп:
– Айналайын Ақбоз ат! Өлтіре көрмеші, аяшы, шиеттей бала-шағамды жетім қалдыра көрмеші, – деп еңірей жылады.
Ақбоз ышқына кісінеп, алдыңғы оң аяғымен жерді тарпып-тарпып жіберді де:
– Шыбын жаныңды қидым. Бірақ бұдан былай Айбарға, менің соңыма түскендеріңді тоқтатыңдар! Анау Саспан байға солай айта бар, – деді.
– Айтқаныңа құлдық, айтқанына құлдық, Ақбоз ат! – деп, қос қолын кеудесіне қойып, қайта-қайта басын иді.
– Егер тоқтамасаңдар, ана жатқан қатыгез Қарабектің жолын құшасыңдар. Ендігі айтарым, анау аттарыңды ұстасайын. Мына мерт болған Қарабегіңді, шалажансар жатқан серігіңді алып, аман-сауыңда еліңе қайт! – деді…
Көкжал бар оқиғаны сырттай сүйсіне бақылады. Дір-дір етіп, көз сорасы бетін жуып кеткен Мұсаны бетпе-бет көріп отырды. Мұсалар ұзаған соң:
– Текке қан төкпеген де дұрыс! Қанқұйлы Қарабек пиғылына қарай сазайын дұрыс тартты. Мыналар солардың құлақкесті құлы, құйыршықтары ғой, – деді.

Барлау

Нұрман мен Дәукен желе жортып, суыт жүріп, «Төрт ноян» атанған жігіттердің көшкен бағытын бетке алды. Қандай жағдай кездессе де, аянбай айқасуға, ұрыс салуға бел буып, іштей тастүйін бекініп алды. Келе жатып, бір қора қойдың үстінен түсті. Қой шетінде жирен түстес ат мінген өздері құралпы жігіт жүр екен. Келіп жылы жүзбен сәлемдесті. Қысқа қайырым xал-жай сұрасты.
Нұрман:
– Мына қойларың біздің туысымыз Төрт нояндікі болар?
– Иә, – деді жігіт те күлімсірей.
– Елге біреулерден xабар айтып жіберіпті. Осында мал айдасуға көмекке келсін деп. Туыстар да қуанып жатыр. Төрт жігітіміз намысын қолдан бермеді деп. Ақбоз салған олжанын қызығын көретін болдық деп бөріктерін аспанға атуда.
Нұрман аңғалдау, аңқылдақ жігіттің аужайын айтпай біліп, қыбы қана түсті.
– Жылқылары қайда?
– Осыдан қозыкөш жерде балаусалы тепсеңде жатыр. Оларды төрт жігіт бағып жатыр. Үйренген өрісі емес. Олар алма-кезек ауысып, қайыра қоғамдап, шет шығармай жүр.
– Е, олары дұрыс болған екен.
– Жақында Жиделіжайсаң деген жерге көшпек. Соған біздерді көмекке алған. Әрқайсымызға басыбүтін бір-бір жарамды ат мінгізген, – деп астындағы құйрық-жалы төгілген құла аттың жалын елжірей сипады.
– Ой, менің туыстарым сондай қолы кең, дарқан жігіттер.
– Иә, иә! Айтқаныңыз тапа рас. Сондай ер көңілді азаматтар! Осы ас-суымызды күн құрғатпай әкеліп, бар жағдайымызды жасап отыр. Анау Жансая апай да құдай бере салған адам екен.
– Е, Жансая жеңгеме жететін адам жоқ, інім! Айтпақшы, әлгі атаққа шыққан сәйгүлігі қолында болар?
– Әрине, қолында болады да. Ең кенже ұлы Айбардың ағаларының аттары барлығы бірге жүрген шығар. Бұл күнде не көп? Ұры көп. Әлгіндей дүлдүл атқа сұқ көздерін қадайтын сұмдар ел арасында жетерлік емес пе? Әй, тап ондай жүйрік, ақылды ат бұл әлемде жоқ шығар, – деп тамсана бас шайқады.
– Түу, сенің өзің олардан ат міндім деп оның жүйрігін тым әсіре, асыра мақтап жіберген жоқсың ба?
– Оу, ағасы-ау, мақтамай ше? Ол тұлпар емес, дүлдүл деп жүр былайғы білгіштер.
– Несімен дүлдүл атаныпты ол?
– Ағасы-ау, екі жүзден аса аттың біреуін шаңына ілестірмей озып келсе, қалай дүлдүл демейсің. Оның естілігі сондай, әлгі Айбар деген баланың сыбызғысы бар екен. Соны ойнаса, қайда жүрсе де, құстай ұшып қасына келеді екен. Естіген құлақта жазық жоқ, біреулер атымен кәдімгі адамша сөйлеседі дейді.
– Иә, иә, інім! Айтқан сөзіңде еш қателік жоқ. Бұндай xабар біздің де құлағымызға тиген. Ал, інім, жақсы. Менің Төрт ноян туыстарымның ауылы қай тұста? Осыдан қанша жер шамасында.
– Е, онша қашық емес!.. Анау қос өркеш болып көрініп тұрған төбенің етегінде, – деді қолымен нұсқап.
– Рақмет, бауырым! Жағың түспей, жаманшылық көрме! – деп төбеге қарай бет алды.

Ақбозға тосын шабуыл

– Бір қаскөйден біржола құтылдық, – деді Ақбоз.
– Енді өздерінің де жолауға жүректері дауалай қоймас. Десек те арқаны кеңге салуға әлі ерте, – деді Көкжал Ақбозға ойлана қарап. Ақбоз жылы шырайланып:
– Түсінем, түсінем, Көкжал бауырым! – деп маңдайын тұмсығымен аялай сүйкеп өтті. Сонда үнемі ширығып, қатал қалыпта тұратын тұла денесі мақтадай жұмсарып, жібектей жазылып сала берген. Сергек сезімі селкеуленгендей күй кешті. Ақбоздың аяқтарына еркелей сүйкенді. Артқы аяғымен тік көтеріліп, тұмсығымен тұмсығын түйістірді.
Артынша қас қағым сәт босаңсып, елжірек сезім еркіне берілген Көкжал бойын тез жиып ала қойды. Әлгінде ғана арқаны кеңге салуға ерте деп айтқан сөзі есінен шығып кете жаздағаны ойына оралды. Жон арқасы дүр етіп, қылшық жүндері кірпінің тікендеріндей тікшиіп, ереуілдеп шыға келді. Тап сол сәтте күнге жарқ-жұрқ шағыла, зырлай ұшып келе жатқан әлденені көзі шалып үлгерді.
– Ақбоз, бұқ! – деп шар етті. Кекілінің арасынан зу еткен садақ оғы әріде жатқан қойтасқа барып шақ ете қалды.Ес жиып үлгермеген Ақбоз тұрған орнынан шыр айналып, салған бетте кері қарай құйғыта жөнелді.
– Сақтан, Ақбоз! Көкжалдың жан дауысы шықты. Көзі Ақбоздың соңынан зулай ұшқан оқты тағы да шалып үлгерді. Зәресі зәр түбіне кетті. Тура қыл мықынның түбінен, құндыздықтан қадалатын болды-ау деп шошынды. Кірпік қағып үлгерген жоқ. Атқа қадалуға шақ қалған оқ әуеде қақ бөлінді. Жарқ-жұрқ еткен жебесі бір жаққа, қанкөбелек ойнаған сынық қанаты екінші жаққа ұшты.
Көкжал оңға жалт қарады. Ақтангерімен тұрған Бекберген екен. Садағын келесі жебемен оқтай бастапты. Батыс тұстағы жартас тасасынан абың-күбің, абыржыған, үрей аралас үн шықты.
– Әлгі Төрт ноян дегеннің біреуі сұмдық мерген дегенін естідік қой. Солар болмасын!
– Болса болар! Жебемнің желкесі тектен-тек қиылмаса керек.
– Ойбай, атымызға жетейік!
– Жаңағы Ақбоздың қасындағы нән көк төбетті көрдің бе?
Ентіге, еліре сөйлесіп, ойға құлдилай жүгірген екеудің сөзі Көкжалдың құлағына анық жетті. Ол көрінбес кейіпке тез түсіп, жартас жаққа ұмтылды. Екеуі аттарына жетіп, шылбырларын асып-сасып ағытуға кірісті. Оқтай зулап жеткен Көкжал барған бетте құла аттың сауырына азу салды. Ол шыңғырып жіберіп, көкке шапшыды. Шылбыры талға байланған тұстан бырт үзілді. Қыл шылбыр Нұрманның қолын осып өтті.
– Ойбай, Дәукен, не болған мына жамалдатқырға?! Көкжал әлгіндегі жайттан осқырына үркектеп қалған шұбар аттың алқымына атылды. Ол да көздері шатынай шыңғырып жіберді де, шылбырын бырт үзіп, мөңкіп-мөңкіп безе қашты. Дәукен өз аяғына шалынып, етпетінен құлады.
Не болып, не қойғанын ұқпай қалған екеуі тілдері байланып, үндері шықпай қалды. Әлден соң барып Нұрман Дәукенге:
– Не болғанын ұқсам бұйырмасын? Жын тиді ме, пері тиді ме?
– Арс еткен дыбысты естідің бе?
– Иә, естідім.
Желе жортып қыр басына шыға берген Бекберген апыр-тапыр болып, ертоқымдарымен бірінің соңынан бірі жын тигендей шаба жөнелген қос атты көргенде, қалт тұра қалды. Ойпаңдағы тал түбінде жан-жағына алақ-жұлақ шошына қараған екеуі назарына шалынды. Болған жайды тез бағамдап үлгерген Бекберген мына істің Көкжалдан келгенін айтпай түсінді. Бір бүйірден Ақтангерімен ағызып шыға келген Бекберген садағын кезеп:
– Кәне, екеуің жандарың аман тұрғанда, садағыңды, айбалтаңды жерге тастап, әрі шегін! – деді. Екеуі не істерлерін білмей, тілі байланғандай, сазарып , көздері алақтап тұрып қалды.
Бекберген қатты әмір бере ақырды.
– Не дедім сендерге! Көкжал! Мыналардың қолындағы қаруларын ал!
Күтпеген жерден азу тісін ақситып, жоқтан бар болып шыға келген Көкжал арланды көргенде, екеуінің жүректері жарылуға шақ қалды.Садақ, айбалтасын жерге тастай салып, күрт шегінді. Көкжал садақ пен айбалтаны қапсыра тістеп, Бекбергенге беттеді. Ол үрейсоқ болып тұрған екеуіне:
– Анау Құланбайларыңа айтыңдар. Бізге, Ақбозымызға қастандық жасамақ болып, садағымен келсе, сағын сындырып, сүйегін уатамыз. Айбалтасымен келсе, ажал құштырамыз. Осыны зердесіне мықтап түйсін! Біздер адалдығымызбен жан бағып жүрген бейбіт адамдармыз. Екеуіңе садағымның оғын шығын қылып, қан төкпейін! Анау қараниет Құланбайларыңа аман қайтыңдар! – деді.
Ол Көкжалға бұрылып:
– Анау екі атты ауылға айдап қайтамыз. Қастандықтарыңның өтеуі болсын! Екеуіңе жан олжа! – деді. Сөйтті де Көкжал екеуі аттарға қарай бет алды.
– Бекберген, бұл жаққа қалай кеп қалдың? Абайсызда Ақбоздан айырылып қала жаздадық. Егер сен болмағанда…
– Анам ғой! Ана бауырларыма, Айбарға білдірмей, оңашалап алып шығып: «Жүрегім аузыма тығылып, тынши алмай отырмын. Әлгі Ақбоз бен Көкжал мына абыр-сабырда көрінбей кетті. Айналаны шолып, барлап қайтшы», – деп жіберді. Өзім де сол кезде әлдебір жамандықты сезгендей елеңдеп, елегізіп отырғам. Тегі, анам бойындағы хал маған да берілген болар. Тәңірім оң қабақ танытты білем! Умен ұшталған жебесінің желкесін қиғаныма өзің куәсің, – деді Бекберген Көкжалға мейірлене қарап қойып.
Ол да Ақбоз екеуінің аз-кем шақ сезім еркіне беріліп, қырағылықтарын босаңсытып алғанын мойындады.

Эпилог

Жансая апа ұлдарымен жарты ай жол жүріп, жанға жайлы, түгін тартсаң майы шығатын Жиделіжайсаңға біржола қоныс аударды. Ақбоз, Көкжалдары да құт-берекелі жерге жылдам бауыр басып, бауырластарының бар қызықшылықтарының ізгі тілекті, ізгі ниетті куәгерлері болды.
Жансая апа бас болып, ту көтерген Тұрманбет атасы мен атпал азаматы Темірбекке көрнекті күмбез көтеріп, үлкен ас берді. Жаны да, малы да өсіп-өніп келе жатқан ұлдардың балбөбек ұрпақтары бабаларының, аталарының рухтарын асқақтатар перзенттер болып өсіп келе жатқандарына кәміл сенімді.
Сегіз қанат ақ үйдің алдындағы айна көлде еркін жүзген қос аққумен Айбар жиі сырласып, олардан сүйген қызының жүрегін жаулап алар жаңа сазды жатпай-тұрмай үйреніп жүр дейді. Көрікті көл айналасындағы көк майсаға еркін жайылып жүретін Ақбоз көңіл түкпіріне ұялаған сыбызғы сазы естілсе, терең көлді қақ жарып, Айбарға жетіп келетін дағдысынан еш жаңылып көрген емес. Ара-тұра Қамбар атаға соғып, рухтанып, жігер-шабыт алып қайтып жүреді екен. Ал Көкжал болса, қанат жайып, өсіп-өнген қалың малдың сырт қамқоры, отау тіккен ұлдардың, үй кенжесі Айбардың, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Жансая апаның жанашыр қамқоры болып жүргенін елі аңыз қылып айтуда дейді.
Іш қызғаныштан іші өртеніп, өзгелердің өрге өрлегенін көре алмайтын Жамаубай бір түнде жапалақ тұқымдас байғызға айналып кетіпті. Күндіз әлдебір күңгірт қуысқа бойтаса қылып, аракідік уақыт аралатып, түнде Тұрманбет, Темірбек ұрпақтарының отау тіккен шаңырақтары маңын төңіректеп, сұңқылдап өтетін көрінеді. Бекберген әлдеқалай атып тастамақ болғанда, анасы рұқсат бермеді.
– Ол да Жаратқанның жанды тіршілік иесі. Төріңде ойнақтап, төсегіңді таптап жатқан жоқ. Өрісіңді өртеп, лаң жасап жатқан жоқ. Даусының ащылығы болмаса, бәлендей зияны да жоқ қой. Мүмкін, бұл да бір тіршіліктің, жалпы өміріміздің өзіне тән болмыс-сипатының үні болар. Оны көп жағдайда біз түсіне бермейміз-ау деймін, – депті. Бәлкім, бұл да рас шығар.

 

Пернебай ДҮЙСЕНБИН




ПІКІР ЖАЗУ