Сырғалы торы
«Мөржан кемпір торы жорғасын сатады екен» деген сөз ауданды жер қозғалғандай дүр сілкіндірді. Жердің шаңы шықпаса да елде елеңдемеген құлақ қалмады. Өйткені торы жорға жай жорға емес – сырғалы жорға, сырғалы торы.
Сырғалы торы – қан қызыл түсті, қара жал, алды мен арты бірдей, салқы төс, салпы ерін, қоян жон, жазық бауыр, жұмыр тұяқ, қияқ құлақ, тұнық жанарлы жануар. Бітім тұлғасы мен тік тұрысынан, жыныс, жүрісінен мін таппайсың. Адамға теңесең – ару. Жұрт жай басып, жанай өтіп бара жатқан үкілі тақиялы, құмырсқа бел, қызыл көйлекті, қос бұрымы қылтасын қағатын қызыл бет қызға қайтіп қараса, мынау торы жорғаға тап солай қарар еді. Қызды көр де оны көр. Бірақ, сырғалы торыға ту сыртынан сұқтанғандары болмаса «сатып алайын» деп ешкім батып қолқа салмайтын.
Елдің көбі торы жорға Мөржан деген кемпірдің жалғыз ұлының жалғыз аты болған соң, жалғызының жалын сипатпайтын дәстүрді аттай алмайды деп сыртынан тон пішеді. Бірақ солай деп ойлаған күннің өзінде ескілікті ырым-жырымды есекке теріс міңгізіп жібергелі қай заман. Қазір кім ескі әдеп, тәртіппен жүріп жатыр. Оның сыртында адам баласының қыр соңыңнан қалмайтын қызғаныш деген пәлесі бар. Адамгершілігі асып, мейірімі тасып тұрса да қызғанышы қалмаған.
Қызғанышты жеңу – ерлік. Ал торы жорға ат болса талай бәйгеден озып келіп, талайдың қызғанышын қоздырды. Іштері күйіп-жанып тұрса да торыға қолқа салған атқұмар, атаққұмар пенде табылмады. Әйтпегенде ат дегенде ішкен асын жерге қоятын, жүйрік-жорға десе жанын беруге даяр, бір басына бір үйірлі жылқы атар небір жомарттар жанталасып жарысқа түсіп жатар еді. Жым-жырт. «Сырғалы торыға сырға салыпты» деген бір ауыз сөз естілсейші.
Ел ішінде бір ат түгіл ұшақ сатып алуға дәулеті жететін алпауыттар жоқ емес, бар. Мәселен, аудандық партия комитетінің хатшысы Қаһарды алайық. Қаһардың лауазымы бар ма – бар. Атағы бар ма – бар. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жан баласы бетіне қарап көрмеген. Айтқанына көнбегенді айдатып жіберуге шамасы жететін күш осының қолында. Алайда екі бірдей асыл қанды жорғасы қазақтың қарабайырының алдына бір рет түсе алмай қанын ішіне тартып, тілін тістеп отыр. Жалғыздың жалғызының жағасына жармасқаннан сескенеді, Мөржан кемпірдің киесінен қорқады.
Осы бір үнсіздікті жұрт көргенділікке, тектілікке санайды. Жетімін жылатпаған, жесірін бұлатпаған ел, жалғыздың жанына қаяу салмаса керек деп топшылайды ғой баяғы. Ақиқаты да сол ойды ақтап шығады: Торы жорғаға көз де, сөз де өтпейтін көрінеді. Бұлардың екеуі де жаратқанның жасаған оғы. Оңатсыз атылса оңдырмайды.
Сонымен сырғалы торы жорғаның ақы иесі кимешегінің өңірі күміс теңгеге толы Мөржан кемпір дедік. Кемпір дейтіндей кәрі кісі емес, ескіше киініп, ескіше сөйлеп жүретін болғандықтан сол заманның өлшем-талғамына сай солай айтады. Елудің о жақ, бұ жағындағы, жалғыз басты, жалғыз ұлды, басынан кимешек, шылауышын шешпеген жалғыз әйел. Өзі мал таниды екен, торы жорғаны құлынынан мәпелеп, құнанында жуасытып, дөненінде күш-қуаты артсын деп төрт байталға қосып, ақ тілеуін айтып құлағына ақ күмістен сырға салдырыпты. Кемпірдің мұнысына, жылқыға сырға таққанына таң қалған жұрт мысқылын жасырғансып сұрапты:
– Мұныңыз не?
Мөржан кемпір шылауышының етегін артқа қарай желпе қайырып тастап:
– Әй, салт-санадан мақұрым болмаңдар, сендерге не дейін,– деп бастапты. – Бұрынғы заманда қазақ баласы жалғыздың жалғызына ерекше құрметпен қараған. Руаралық қақтығыс былай тұрыпты, ел шетіне жау келгенде де жалғыздың жалғызын бір атаның ұрпақ жалғастырар тұқымы құрып кетуі ықтимал деп жауға салмапты. Елге айқын, жұртқа жылы көріну үшін жасында тұлымын желкесіне қойса, ержеткен соң көзге көрініп тұрсын деп жалғыздың құлағына күмістен сақина салдыратын болған.
– Ә, не дейді-ау, олай болғанда жалғызыңа салсаң жөн, салт екен, ал жылқының құлағына салуыңның не мәнісі бар? – деп тырқ-тырқ күліп, қағытса керек. Мөржан кемпір мырс етіпті де:
– Малдың кісілігі кісіңнен кем болмай тұр емес пе, аңдасаң, аман жүрсін деп жатырмын. Сырғалы жылқыны ит-құс та сезеді, – депті.
– Иә, тұлданған жылқыны, шылбырын сүйреткен атты ит-құс алмайды деп естігенім бар еді,– депті әлгілердің бірі. Сол торының сырғалы атануының мән-жайы осы. Бәйгеге қосқанда күміс сырғасы күндік жерден жарқырап келе жатады екен. Жұрт көз көрім жерден бірден танып «сырғалы торы» деп шуласып, торы жорғаның сырғалы аты елге жайылыпты. Ол ол ма, Мөржан кемпір айтқанындай қарлы қыста елдің небір айтулы сәйгүліктерінің қанын сорып, қан қақсатып кететін ілбіске де ілдірмепті, қасқырға да алдырмапты. Ит-құс та барып тұрған қаскүнем, кейде қастық қылғандай малдың жақсысын, ішіндегі ең аяулысын жеп кетеді. Ал солардың сырғалы торы жорғаға келгенде тісі батпапты. Сөйтіп «жесе осыны-ақ жейтін шығар» дейтін ішіне қыл айналмайтын көрсеқызар қаскөйлердің ауыздарына құм құйылыпты. Ырымшыл қазақ белгісі бар жылқы, дуаланған жануар, киелі мал, адам түгіл айуан аулақ жүреді деп аңыз қылады. Жалпы, Мөржан кемпірдің өзі де аңыз адам. Бұл жерде бір тылсым сыр бар, әрине, бірақ соның тереңіне ешкім бойлап көрмепті.
Бірде апақ-сапақ уақта ауылдан ауаша анау қысаңның арғы жағындағы тал-қайыңы тұтаса біткен түбекте жалғыз үй отыратын Мөржан кемпірдің үйіне жағына пышақ жанығандай арық, сақал-мұртсыз көсе, қошқар тұмсық, беті-жүзін күн шалмайтын ақсұр адам келіп түсті. Ат тұяғының дүбірін естіген Көбек сыртқа шықса киіз үйдің белдеуіне атын байлай салып, есікке таман келіп қалған Одырай екен.
– Апаң үйде ме?
Бір тоға қатық айранын қазан жақтан әкеліп, от басына қойып жатқан Мөржан кемпір дауыстады.
– Кім-ей ол, екі кештің арасында? – «Табалдырықты баспаса игі еді» деп күбірледі ішінен.
– Амансыз ба?
– Түгелміз. Түсің не деген суық еді!
– Жәрдеміңіз керек. Ел көзіне түспейін, зардабым тимесін деп әдейі түнделетіп жүрмін.
– Бақсы, бәлгер, диуана жағалап кетіпті деп менің зардабым саған тимесе, наган асынған белсендіден маған қандай зиян келмек. Құлағым сенде.
Есігінен сығалап көрмеген, берген сәлемін түзу алмайтын адамның басына іс түскенде бақсы, бәлгер іздеп келгені-ай! Алакөлеңкеде басын изей басып, еңкеңдеп, ортадағы пештің мойын тұсына кеп отыра қалды.
– Құдайдан сұрап алған құртақандай құлыным бар еді, әл үстінде жатыр. Көз ілмегеніне көп болды…
– Тоқта, болды. Ымырт қараңғысында жай келмегеніңді біліп отырмын. Бала деген бауыр етің ғой. Баланы көлденең тартпағаныңда қорамның шетін де бастырмай, ит қосып қуып тастар едім. Кезек екі, тәңір бір, ей, жаратқан ием-ай.
Мөржан кемпірдің күйеуі қой аузынан шөп алмас момын адам болыпты. Соның өзін жоспарды артығымен орындаймыз деп сол бір зұлмат заманда осы Одырайдың белсенді әкесі ұстатыпты дейді. Ер адамның қатыны айтса қақшиып, егесіп қалатыны бар емес пе. Қатыны «сенің басыңа да қара бұлт төніп жүр, қараңды батырып, бір жаққа кетіп қалшы» дегенде әлгі жарықтық, кегежесі кері тартып, «мені не қылады, не аузымда дұғам жоқ, не алдымда айдаған малым жоқ, не қылады, бай-бағыландар жетеді оларға» деп отырған жерінен әкетіпті.
Мөржан кемпір шаңырақтан аспанға қарады да тап төбесінен төніп тұрған жарық жұлдызды көріп, «жұлдызы сөнбепті» деп ішінен қайталады да ұлына:
– Көбек, Сырғалыны ертте,– деді. Көбек жүгіріп сыртқа шығып, қос алақанын қуыстап, ауыз тұсына апарып құраулап, «Сырғалы» деп шақырып еді, торы ат есік алдына жетіп келді. Одырайдың есі шығып кетті. «Мөрті келгенде тәуіп, бақсылығы бар, жынын жасырады, ойнап кетсе ойраныңды шығарады, қолының қуаты күшті, баланың шертпесін, бастың сақинасын үзеді, әйел босандырады, шошынғанды ұшықтайды» дегенде сенбейтін. Ойнақтаған торы ат есік алдына оқыранып жетіп келгенде «жыны алып келді» деп ойлады. Ауырған баласын ұмытып, мына үйден тезірек аттанып кетуді ойластыра бастады. Мөржан кемпірдің «наган асынған белсенді» деген сөзі де басының мыңғы-дыңғысын шығарды.
Мөржан кемпір сұлық жатқан жас сәбидің көзін ашып көріп, екі жағын қысып тұрып ауызын аңқитып тілін байқады да тамырын ұстап тұрып:
– Қораңда ұсақ жандық бар ма? – деп сұрады.
– Көршімізде бірер бас бар…
– Бір серкешке шамаң жете ме?
Одырай маңайында бөтен ешкім жоғын анықтап алып, содан кейін жауап қатты.
– Жанымды сұрасаңыз да…
Мөржан кемпір сәбиді алдына алып үрледі, үшкірді, дем салды. Содан кейін көк шыбышты сойдырып, жылы терісіне сәбиді орап тастады. Қолды-аяққа тоқтамай шырқырап жатқан баланың сәлден соң маңдайы тершіп, мұрны пышылдап ұйықтап кетті.
Сәлден соң сәби көзін ашып, «су» деп дыбыстады. Қалғып-шұлғып отырған анасы мен әкесі шошыған адамдай атып тұрып балаға төнді. Таң атқанша дұғасын оқып, ара-тұра ауадағы әлденені қолымен қағып, сәбидің денесін алақанымен баяу сипап отырған тәуіп дем салған бір кесе суынан бір қасық су жұтқызып, құндағын шешіп, құрғақ көрпеге орап, жылы қымтап жатқызды.
– Енді ештеңе етпейді. Әбден сақайып кеткенше денесін жел қақтырмай жылы ұстаңдар. Тақыл-тақыл мына судан ішкізіп, қаласа, қалақтап қара сорпа беріңдер, – деп аттанып кетті.
Одырай баласы жазылғанына бек қуанса, баласын жазған адам бақсы-бәлгер Мөржан кемпір екенін ел білсе күнім не болады деп үрейленіп, әйелінің аузын бағып, көлеңкесінен үркіп жүргенде уақыт оны да ұмыттырды.
Көктемнің шуақты бір күні ауданның орталық көшесімен Сырғалы торы жорғаны жетелеген Мөржан кемпір олай бір, былай бір ойқастап өткен. Сырғалы торыны сататыны жайлы құлақтанған жұрт сыртынан қарап, құр тамсанғаны болмаса Мөржанды тоқтатып, ешкімі жөн сұрамаған. Сұрамайтын себебі, алдарында Абылай аспас үлкен асу бар. Ол – атақты атқұмар, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қаһар. Оның жолын кесу – өлімге өзіңді қию. Сондықтан олардың Сырғалы торыны көрген жердегі қызығушылығы күңкілден ары аспайды:
– «Бұған ешкімнің тісі батпайды».
– «Соны айтам, соны біле тұра неменесіне көлбеңдетіп жетектеп жүреді екен».
– Үкісінің өзінен ат үркеді, оған кім жолайды», – деп біреу әзілдеген болды.
– «Сырғалы торыны сатпақ болғанында бір мән бар».
– «Ана кісі неге тыныш жатыр екен?»
– «Жылқының дүлдүлі еді, жүні жығылып-ақ қалыпты».
Басқа сөзді көре алмаушылықтан айтты десек те соңғы сөздің жаны бар еді. Өйткені Мөржан кемпірдің көңілінде «Сырғалы торыны сатсам» деген ой туғаннан бері аттың да күйіне бір түрлі өзгеріс енген. Жылқыны жыға танитын сыншылар мұның мәнісін тылсымнан іздеп, «мал иесімен деген» деп күрсінді.
– «Бұл Мөржанға біткен жануар, басқаға қол болмайды».
– «Көресің, алған адамның аты шықпайды. «Мөржанның Сырғалы торысы» атымен қалады» деген сияқты өздері сатып ала алмайтын, өзгенің сатып алғанын көре алмайтындардың пыш-пыштары бұрқырап, бықсып жатты.
Елдің не ойлайтынын, аттың қандай сезімде жүргенін ешкімге айтқызбай-ақ аңдаған, тумысынан екі сөйлемейтін шеше ұлының көңілін қимай уәде беріп қойғандықтан айтқанынан қайта алмаған. «Ел мінген мотоциклді бұл мінсе несі бар? Неге мінбейді! Жорға мен жүйріктің қызығын көрді. Жорға мініп, жүйрік жетектейтін заман өтіп барады. Баяғыда Балғожа деген би алыс жерге оқуға жіберген, үйін сағынған Ыбырай деген немересіне хат жазғанда:
Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?! – дегеніндей жорға мініп былқылдап, екі ауылдың арасын шаңдатып, екі етегі далақтап жүретін серілік серік емес, темірге тәуелді болар болашақ келді. Енді қызыл мотоциклдің де әуселесін көрсін. Кімнен кем? Көштен қалмасын. Партия басшысының өзі қолдап тұрғанда…» деп өзін иландырған.
Көбектің көңілін көпсітіп қойған, көптен бері Сырғалы торыға көзі түсіп жүрген Қаһардың айласы еді. «Аузын айға білеген, жүз саулықтан жүз отыздан, жүз елуден қозы аяқтандырған атақты шопандарға бұйырмаған чехтың Явасын сен мінесің! Ауданға бөлінген, қасқалдақтың қанындай сирек тауардың кімге бұйырары мына ағаңның, қала берді партияның қолында» деп қанаттандырып, арқасынан қағып қоштасып тұрып: «бірақ, екеуіміздің арамыздағы бұл құпияны апаңа айтып қойма, тек мотоцикл мінгің келетінін, бар-жоғы бір аттың құны дейді дегенді бүлк еткізсең болды, сұңғыла адам ғой» деп ақырын күткен. Өзінің жолын ешкім кеспейтінін де іштей түйген.
«Сырғалы торы сатылады екен» деген сөз шыға «Сырғалы торыны хатшы алады екен» деген жел сөз де ел ішіне жайылып кеткен. Ұзынқұлақ, саққұлақ, қырғидай қырағылар торының төңірегінде болып жатқан күңкіл сөз, сыбысты Қаһарға желден де жедел жарыса жеткізді. Қайсыбір тілі сиырдың тілінен ұзындары бұралқы иттей бұлғақтады.
– Құдай берді. Торы жорға сіздің белдеуге өзі келіп байланғалы тұр. Алыңыз, қапы қалмаңыз, атыңызды аудан түгіл, аймаққа жаяды, – деп көпшігін үрлегендер көбейді.
– Сырғалы торыны сіз алады дейді.
– Кім айтып жүр оны? Қауесет. Ниетіміз болса да, сырымыз сыртқа шықпаған еді, – деп Қаһар қиналған болады.
– Кім айтты деріңіз бар ма? Ел айтады. Сіз тұрғанда, әумесерлеу біреу болмаса кім сіздің алдыңызды орайды? – деп мәймөңкелейді.
– Ел айтса кімнің аузына қақпақ қоямыз.
– Еліңіз ұйғарып отыр ғой.
– Халық солай деп жатса, халықтыкі жөн де, – деп Қаһар маңғазданады.
«Колхоздың малы болғанда тайында-ақ тақымыма басар едім, қырсыққанда құдайдың қайдағы бір жаман кемпірдің бағын жандырғанын қарашы» деп іштей кіжінген Қаһардың жатса да, тұрса да ойлайтын ендігі ісі Сырғалы торы болатын. Екі бірдей асыл қанды жорғасын қалай баптап бақса да бабы бір келмей, бағы жанбаған. Атымды шығарады деген аттары ылғи Сырғалы торының соңында қалады. Тым болмаса қатарласып та келмеді-ау деген қызғаныш ішін удай ашытатын. Қатар келсе даяшылар қалай да Қаһардың жорғасын қарыс сүйем болса да оздырып бас бәйгіні ұстартар еді ғой. Қаһарға жағымсып, қаншама қаралық жасайын десе де қарыс түгіл көш жер озып келсе не істемек? Енді ел болып, халқы қолдап, Сырғалы торыға қолы жеткелі тұр. Ат-атағы дүркіреп аспанға шығады. Бақ деген, бақыт деген осы емес пе!
Қадым заманнан бері қуанышқа қосамжарланып қызғаныш жүреді. Әлгі ауданның бірінші адамынан алты аласы барлар алыста емес, тап қасынан, қорасынан шықты. Қаншама домалақ шағымды Қаһарды қара жерге тығып жоғарыға жолдағанын бір құдай білсін, басқан ізін бақылап, жатқан төсегіне дейін жіпке тізіп отыратын, атқа жеңіл, хатқа жүйрік құбашасы өзінің орынбасары еді. Хатшылық тақта құйрығы ойылғанша отырып алған Қаһарды құлатса орнына өзі барып қонжияры белгілі. Бұл жолы да тісін қайрап бақты. Қаһарды құлата алмаса да қапияда бір шалып қалса оған олжа. Иісшіл итше әр қуысты бір тіміскілеп, әр ізді бір иіскелеп жүріп Көмектің мотоцикл мінгісі келетін ойын біліп алды. Ауданның ауылшаруашылық қоймасына малшылардың мұқтаждығын өтеуге деп түскен екі мотоциклдің бірін ешкімге бергізбей тығып ұстап отырғанының мәнісін сонда түсініп, екі алақанын ысқылады. «Ауданға бөлінген мотоциклді қажетті жеріне бермей, өзінің тамырына беру үшін тығып отыр» деп аспанға арыз жазғаннан гөрі «Сырғалы торыны сатып аламын» деген меселдесін қайтару әлде қайда өтімді болмақ. Сол үшін баяғыдан партия хатшысына қырын келіп, тісін қайрап жүретін аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Одыраймен ымыраға келіп, Көбекті қалайда армия қатарына тартуға құпия келісті. Егер Көбек әскерге кетсе, онда Мөржан кемпір жалғыздың көзі, жалғыз атын өлсе сатпайды. Қаһардың талағы сонда тарс айырылары сөзсіз. Ал отанды, ел мен жерді қорғауға аттанып бара жатқан азаматқа араша түсу аудандық партия комитеті хатшысының ғана қолынан келеді. Соны келтірмес үшін Мөржан кемпірдің жалғыз ұлын әскерге баратын азаматтардың тізіміне құпия қосты.
– Апа, – деді Көбек бір жапырақ қағазды шешесіне көрсетіп.
– Бұ не?
– Әскери міндетімді атқаруға шақырған хабарлама.
– А-а, әскерге дейсің бе? – Шешесі жағын таянып үнсіз отырып қалды. «Менің ұлым да жігіт болған екен ғой. Құдайға шүкір, барсын-барсын. Қашан ержетіп ел азаматтарымен бірге армияға аттанып бара жатар екен деп армандасам да «халық жауының баласы» деп армияға алмай қоя ма деп қорқушы едім, Тәубә!».
– Үйленіп, бір шүйкебасты оң жағыма кіргізіп кетсең болар еді. Халім бар кезде барып келгенің де дұрыс. Ер жігіттің отан алдындағы парызы ғой!
Көбек қуанып кетті. Арманы офицер болу еді. Оның орындалу, орындалмауы белгісіз болса да тұрғыластарына шетін шығарып айтып жүретін. Қаһарды қайтсем бір тұқыртам деп ілік таппай жүрген, жыланның аяғын көрген қу Одырай Көбектің осы арманын біліп алып, оның төте жолы әскерге бару екенін ұқтырған.
– Сырғалыны сатпаймыз, апа!
– Сатпаймыз ба?
– Әскерге мотоцикл мініп бармайтын шығармын.
– Айналайын-ау, қайдан білейін, мініп кетемін десең мініп кет. Маған темір не керек.
– Жоқ, апа, Сырғалы сізге серік болады. Мотоциклді әскерден келген соң мінермін.
– Ой, жарығым, Сырғалы екеуіміз сені анау белден шығарып салып, мынау жерден күтіп алмыз, – деді Мөржан кемпір бауырына келіп тығылған ұлының маңдайынан иіскеп. Үй сыртынан жылқының пысқырып, оқыранған даусы естілді.
– Көбек, Сырғалы ғой. Неге тынышсызданды екен? Сыртқа шықшы.
– Апа, Сырғалы өрісте жүр ғой.
– Ой, балам-ай, Сырғалының сырын білмейтін болдың ғой. Мына түріңмен қалай әскерге барасың, оң мен солыңды әлі танымаған екенсің. – Шешесінің «мына түріңмен қалай әскерге барасың» дегені шымбайына батқан Көбек дереу орнынан атып тұрды. «Балам жас, басым жалғыз» десе аудан, аймақтың мансапты азаматтарынан анасының бетін қайтаратын адам шықпайды.
– Иә, апа, Сырғалы ғой мынау, – деп Сырғалының дауысын енді танығандай кейіп танытқан Көбек шыға жөнелді.
Мөржан кемпірдің айналасындағы аң-құстың, аспандағы ай-жұлдыздың, ауладағы мал-жанның, ауа райының қас-қабағына қарай айтатын түрлі болжамдары айдай анық келіп жатады. Күні бұрын үйге кім келе жатқанын, қашан келетінін, қандай бұйымтай, шаруамен келетінін алдын ала көріп-біліп отырады. Жылқының жүріс-тұрыс, мінез-құлқына, қылығына қарап әр түрлі ескертулер айтады.
«Әй, балам, мына жануар көп пысқырып кетті ғой. Жылқының пысқыруы жайсыздықты білдіреді»;
«Әй, балам, жылқы малы жал-құйрығын төгіп тұруы жақсылықтың нышаны емес»;
«Әй, балам, жылқы жануар есінеп, тезегін тастап, көзі айнадай мөлдіреп жарқырап тұрса жұлдызы жанып жолы болады» деген сияқты ырымдарды көп айтып ұлының құлағына сіңіре беретін.
Үй артында, үйден он-он бес метр жерде ат байлайтын қазық бар. Топырағы тапталып, айналасы тақырланып жатады. Сол үйреншікті орнында Сырғалы торы шұлғынып, Көбекке қос құлағын тіктеп, қақшиып қарап тұр екен. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы жүрді. Сырғалы оқыранып келіп Көбектің кеудесіне тұмсығын үйкеді. Ол бешпетінің қалтасынан жарты шақпақ қант алып атының ерніне тосты. Сырғалы ернімен ептеп алды да күтірлетіп шайнап, тамсап жұтып, Көбектің кеудесін иіскелеуін қоймады. Көбек оның маңдайынан, құлақ түбінен, кеңсірігін сылап тұрып, көзінен аққан жасты көрді.
– Жануарым-ау, жарығым-ау, жан торым-ау, саған не болды? Әлде менің әскерге кететінімді сезгенің бе? Әлде сатамын деген ниетімді біліп қойдың ба? Айтшы, жануарым? Жаныңды ауыртқан не? – деп Сырғалының жасын сүртіп еді жануар арқырап, бар дауысымен кісінеп жіберді. Көбек оның мойынынан құшақтады. Үйден шешесі сөйлей шықты.
– Асылым-ай, ақылы, алғырлығы адамнан артық. Құданың құдіретін қойсайшы. Адамға баласындай бауыр басқан ғой. Әй, алжыған менде де ес жоқ. Осындай есті күлікті сатуға дәтім қалай барды! – деп Сырғалының қамшылар жағынан келіп айналып-толғанды. «Сөз киелі деуші еді. Сатамын деген сөзім санаңа жетті ме? Сатпайтын болдық, құлыным, сатпайтын болдық, сатпаймыз, Көбек ана көк темірді мінбеймін дейді».
Сырғалы жылында бір келер бәйге алдында дағдыланған әдеті бойынша өзін-өзі оқтаудай жарататын. Ал биыл сол шақ жақын қалса да сағы бір түрлі сынық. Ал оның мына қылығы ананың да, баланың да көңілін босатып жіберді.
Сырғалы торыны сатады екен деген сөз шыққаннан бері «Сырғалы торы менікі» деген ой санасына сіңіп қалған Қаһар жоспарының күл-талқаны шыққанын естігенде жынданып кете жаздады. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Одырайды шақырып алды:
– Жарлының жалғызында нелерің бар? Ар қайда, адамгершілік қайда?! Асыраушысынан айырылған жалғыз кемпір қалай жан бағады деп ойлайсыңдар? Ертең-ақ зар илеп, етегі жасқа толып, алақанын жайып маған келеді, партияға келеді. Сонда не деймін? «Ел қамын жеген Едіге» атанып жүрген мен ел бетіне қалай қараймын? Менің қолыммен жылан ұстатқыларың келе ме? Шаш ал десе бас аласыңдар ма? Үкімет пен партияның басты ұстанымы жарлыны жылатпау. Елді қорғау, жерді қорғау ер азаматтың борышы, әрине. Бірақ сол борышты өтеудің басқа да жолын қарастыруға болады ғой.
– Қаһар Қоразбаевич, ол жігіттің өзі сұранып тұр ғой.
– Өзі сұранды дейді?
– Офицер болғысы келеді екен.
– Дәмесін қара! – Қаһар оң қолын ербең-ербең еткізіп есік жақты нұсқады.
Бүрсектеп есікке таман барып қалған бөлім басшысы «Әй» деп қалған Қаһардың қаһарлы дауысын естігенде арқасынан оқ тигендей қалт тоқтады. Қайырылып қарағанда Қаһар:
– Бері кел! – деді.
Ана мен бала Сырғалымен сырласып тұрғанда батыс тұстан баран жылқы жетектеген арқа тұсынан мылтығы шошаңдаған атты адамның бараны көрінді.
– Шай қоя берейін, бұйымтайы салмақты адам екен, – деп Мөржан кемпір үйіне қарай аяңдады. Келген Одырай екен.
– Қақаң ерін бауырына алып тулап жатыр. Сізден ұят болды дейді.
– Менен ұялатындай не күнә жасап қойыпты?
– Айып бізден. Балаңызды ағат шақырып қойыппыз.
– Әрине, сендерден. Басшы адам қашан қателесуші еді, – деп кекей сөйледі де, – бәрін бүлдіретін бас емес, қол-аяқ қой, өздерің, сонда не демексің маған?
– Балаңыз армияға бармайтын болды.
– Неге? Армияға бармайтындай менің баламның басқадан несі кем екен? Барады, неге бармайды! Барады деген қағаз алып отырмыз.
Одырай жауаптан тосылып қалды. Шынында басшының басын айналдырып қойған өздері, орынбасар екеуі. Қаһардың бұйрығы болмаса да қаһарынан қорқып бір ат, бір маузер мылтық беріп Сырғалы торыны сатып алып, Қаһардың алдына көлденең тартуға келген.
– Қаһар жолдас сіздің жалғыз бастылығыңызға алаңдайды.
– Кік, Қаһар жолдас менің балам армияға барса аяғыма ас салып бере ме екен?
Бөлім басшысы Мөржан кемпір баласының әскерге баруын қуаттайды деп ойламаған. Өз тілеуімен қабысқанына іштей риза болып, алақанын жанып отырғанда үй артынан жылқы оқыранып, ышқынып тебіскен, арсыл-гүрсіл, тасыр-тұсыр дыбыс шықты.
– Көбек, не болып кетті? Сырғалы келіп бірдемені бүлдіріп жатыр-ау, – деді анасы. Көбекпен бірге Одырай да сыртқа ұмтылды.
Сырғалы анадайдан ұшқан бойда жетектеп келген бейуаз аттың құлақ шекесіне ауызды салып, шыңғыртып, шылбырын үздіріп, сауырлап қуып тастап, шалт бұрылып, оқырана ойнақтап жетіп келгенде бар ықыласымен иіп, артын тосқан ер-тоқымды сары ала биеге артылып қыбын қандырып жатқан.
Одырай Көбектің әскерге бару-бармауы жайын алдымен айтудан бұрын, арсалаңдап сары ала биеге Сырғалының қайтіп артылғанын рахаттана баяндай келіп:
– Сізге өтірік, маған шын, Қақа, Сырғалы торы қасқырдан бетер екен. Сары ала биеге мініп жүре бергенім сол еді, анадай жерде жайылып тұрған Сырғалы торы жалын жерге төгіп жіберіп, құлағын жымырайтып, оқтай атылып келіп ауызды салғанда ат үстіндегі мені жұлып ала жаздады. Сары ала биенің алдын неше орап адымын аттатпай қойды. Мөржан кемпір ай-һүйлеп, құраулап шақырып алмағанда жазым етер еді.
– Ай, не болып кетті, сары ала биеге сен міндің бе, айғыр мінді ме?
– Айғыр шапты ғой, Қақа, айғыр шапты. Сізге де жұғысты болсын, ырымдап қойыңыз, сары ала бием Сырғалыдан, айғырдан шықты, құдай бұйырса жорға құлын туады, – дегенде Қаһардың апшысы қуырылып, әрең шыдап, шытынап тұрды да айтты.
– Сара ала биенің ішінде құлыны бар ғой сонда?
– Бар, Қақа, айғырдан шықты, Сырғалы торы шапты ғой, көзіммен көрдім. Екі көзім куә.
– Ендеше ол Сырғалы торыдай жорға құлын табады де.
– Дәл солай, Қақа, – деп тілінің ұшына жетіп келген «құдай қаласа» дегенді сыртқа шығара алмай, жапақтап тұтығып қалды. Әлгінде ызадан жарыла жаздаған Қаһар сәл сабасына түскендей болды.
– Осы сары ала бие колхоздікі емес пе? Сен мініске жаратып жүрсің, солай ма?
Одырай күмілжіп, көзі жыпықтап:
– Солай еді, – деді құмығып.
– Колхоздың малы дегеніміз меншік емес. Солай ғой?
– Солай.
– Ал оның бір қылшығы сынса – қылмыс. Оны да білесің.
– …
– Білгенің жақсы. Олай болса сары ала бие бұрын бір бас еді, енді екі бас болды. Бұрын бір малға жауапты болсаң, енді екі бастың құны мойныңда.
– Қаһар Қозыбаевич, сары ала биеден басқа колхоздың бір тайына қолымның ұшы тиіп көрген жоқ.
– Әй, әлгінде ғана өзің айтқан биенің ішіндегі құлынды қайда жібердің?
– Иә-иә, солай екен-ау, рас-рас…
– Біз колхоздың малының бір басын екеу қыла алмай жүргенде, сен құлын табар биені мініске пайдаланып, іш тастатсаң сотталасың. Мемлекет меншігі, аналық малды мініске салып, қара басының қамына пайдаланған қоғамның қос аяқ жауы болып шығасың. Соны да саған партия үйретуі керек бе, жолдас майор?
Қаһар бөлім басшысының тығырыққа тірелгенін оның түр-түсінің құбылып, бозарып кеткенінен-ақ байқап:
– Сен енді былай істе. Сары ала биенің басы аман, бауыры бүтін кезінде, басыңа қара бұлт тілемей, жылқышыға табыста. Оның атағы жер жарған Сырғалы торыдан іштенгенін тісіңнен шығарма! Жылқышыға құлын тастап кетпеуін тапсыр. Алабөтен қамқорлыққа алсын. Қатаң қадағала. Алда-жалда іш тастап кетсе коммунист басыңмен сен жауап бересің!
Аудандық партия басшысының кеңсесіне ойнақтап кіріп, омақасып шыққан Одырай бірнеше темекіні бірінің артынан бірін жалғастыра шегіп мама ағашқа байлаулы сары биеге жақындады. «Әй, сары бие, сау басыма сақина, сор болдың ғой!» — деп еңіреуге дәс қалды.
Одырай шығып кеткен соң Қаһар орнынан тұрып, кеңсе ішінде біраз арлы-берлі теңселіп жүрді. Жүрегін қара ормандай қалың қара ой басқан. «Сырғалы торыны қалай да қолға түсіру керек, ал егер қолыма түспесе көзін құртамыз! Қазақты мандытпай жүрген де осы қалың керек. Керекке тыйым салу керек. Осы екі керектің бірі орындалса, іске айналса, менің екі сәйгүлігімнің алдына түсер ат болмайды» деп ұлы тәнін өзімшілдік, менен асқан пенде жоқ деген астамшылдық әбден жайлап алған Қаһар шылымын құшырлана сорып, терезенің төрт бұрыш желдеткішіне қарай қою көк түтінді шұбатылта ұзақ үрледі. «Тілеубердінің әкесі Сағынайға берген асында Құлагерді құлатқан Батырашқа жұрт не істеді? Түк те істей алған жоқ! Құлагердің қу басын құшақтап зар еңіреп Ақан қалды. Жұрт не істеді? Түк те істей алған жоқ. Мына жұрт та сол жұрт. Не істейді? Түк те істей алмайды».
Қаһардың қайсыбір ойы жүзеге асқанша ауданды толқытқан аламан бәйге болатын кез де келіп жетті. Қос сәйгүлігін күн құрғатпай машықтандырып, атбегілеріне маза бермей күніне қырық телефон шалып мезі еткен Қаһар алдын ала Сырғалы торының аяқ алысын Одырайдан сұраған. Сырғалы торыдан запы болып, жүрегі шайлығып қалған Одырай құйтырқылыққа салмай осы жолы ақиқатын айтты.
– Сырғалы торы күй талғамайтын жылқы ғой, Қақа. Кездейсоқ бір оқыс болып қалмаса, әй оның алдына түсетін қылқұйрық жуық арада болмайды-ау, – деді бұрын есіктен енген жерден мәймөңкелеп. Қайтсем хатшының көңілін табатын сөз тауып айтамын деп арыдан ойланып сөйлейтін Одырайдың мына жауабы жанына жақпай, жон арқасы шымырлап, іші күйіп кетсе де құлағына дейін қызарған түсін жасыру үшін сыртын беріп:
– Оқыс дейсің бе? Ол қандай оқыс болуы мүмкін? – деп сұрады.
– Жүйрікке де бір томар дегендей…
– Ол қандай томар? Айтсайшы дұрысын! – деді тура Одырайға бұрылып.
– Енді аяқ астынан бір кеселдер боп қалады ғой…
– Бәтір-еке-ау, айтсайшы енді сол кеселді?!
– Білмеймін ғой, Қақа.
– Білмесең неменеңе оқыс-моқыс, кесел-месел деп… – Қаһар сөзін кілт тоқтатып, «оттап тұрсың!» дегенді ішінен айтты. Тап осылай дегенін сөз ләміне қарай Одырай да сезді. «От басып қалма, өзің!» деді ол да ішінен. Ылғи айғайлап, үстелді ұрып, алдындағыларды бұқтырып, ықтырып, былайша айтқанда бидайдай қуырып сөйлеп барып сабасына түсетін Қаһар лезде жұмсарып:
– Ал біздің аттардың бабы қалай екен? – деді.
– Сіздің аттардың бабына айтар бар ма, бір қалыпты. Бірақ «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген бар ғой…
– Болды-болды, осы да жетеді, ендеше бағын сынасын.
– Әлбетте… Бақсыз адам емессіз! Қос тұлпар құйрық тістесіп келе жатса ә, Қақа!
– Солай болсын деп тілейік.
Осы тілегінің Сырғалы торы аман тұрғанда орындалмайтынын Қаһар, әрине, біледі. Орындалуының екі жолы бар. Бірі – жорға жарысын болдырмай тастау. Оған шамасы жетеді. Билік қолында. Бишігін бір үйіріп, жорға жарысы болмайды десе – болмайды. Онда ел табалайды. Қызғанды, іші тар, қорықты, күндестік, бақталастық пәлен-түген дер, десе дей берсін. Ең сорақысы «жеме-жемге келгенде арты шыдамады, жыртық туырлықты жалғыз үйлі жаман кемпірмен жағаласты» дейді. Алысар адамың да өзінің теңі болуы керек қой. Жұрт атпен алысты демейді, жағы түсіп отырған кемпірмен жұлысты дейді. Бәрінен де осысы шымбайына батады. Оның үстіне бәйге бір күндік жарыс па? Қазақтың тойы қашан бітуші еді? Қарыны тойған қазақ күнде той жасаудан жалықпайды. Осы тұрғыдан келгенде жорға жарысын бір жолы тияр, екінші жолы болдырмай тастар, бірақ мүлдем үзілді-кесілді тыйып тастай алмайды. Демек бұл жол жырғаған жол болмайды. Ал екінші жолы, ең оңтайлы жолы – Сырғалы торыны ойда жоқта оқыстан жазым ету, Құлагер оқиғасын жүз жыл шамасында бір қайталау.
Жылдар жылжып, заман аунап, қоғам ауысқанымен адамның құлқы өзгермейді екен. Алдына қара салмаған Құлагерді қапияда құлатып, кең даланың соңғы серісі Ақан Серіні зар еңіретіп, осыдан ғасыр бұрын өмір сүрген, біреудің басындағы бақытын көре алмай, бағын қызғанған адам бүгін де араларында жүр екен. Олар өздерінің менмен, астамшылық мінез-құлқын, дандайсуын мін көрмейді, керісінше солай болуы міндетті деп қабылдайды. Қаһар да сондай адамның қатарына жатады. Қаһардың өктем қылықтары сырт көзге қаншама оғаш, жиіркенішті көрінгенімен өзіне дұрыс. Сондықтан ол ештеңеден тайынбайды. Тайыну деген түйсік ойына да кіріп-шықпайды. Ойына келгенін істей береді. Халықтың атын жамылып, қасқырдың ісін істесе де еркі. Қолын қағып, қарсы келіп жатқан пенде жоқ. Соған көмпіс халықтың еті әбден үйренген, көндіккен. Хатшы келіп, қойнындағы қатынын алып кетіп жатса да былқ етпейді-ау. Қаһар халықтың иіс алмас, марғау мінезін надандыққа балап, басынып алғаны сондай, үнемі өз пайдасына жұмсайды.
Алайда Сырғалы торының жолына ор қазып, омақастырып түсіру оңай емес. Өйткені Қаһардың қос тұлпарының жападан-жалғыз бәсекелесі Сырғалы торы екенін ел біледі. Бұл өңірде қос тұлпарға тең келетін, олармен қатар шабатын, қатар ғана шауып қоймай озып шабатын Сырғалы торыдан басқа сәйгүлік жоқ. Талай бәйгелерде топ жарған қос тұлпар Сырғалы торы пайда болғаннан бері үлкен сый-сияпат, зор атақ пен абыройдан қағылған. Оның сый мен сияпатын қойшы, атағынан айырылу Қаһар үшін қасірет. Қаны басына шауып, қызғанышы құтыртқанда екі көзін қан жауып, қос тұлпарының қос аяғын шауып тастауға дәс қалады. Құлагердің дәуірлеп тұрған, дәурені жүріп тұрған заманын армандайды. Амалы бар ма, бір қарақшыны қабақ астына жасырып қойып, тұсынан өтіп бара жатқан заматта жүйрікке жын ұрғандай тұтқиылдан тиісіп, басын балтамен шауып тастап, кеңк-кеңк күліп, кердең басар кез бе? Солай болды деген күннің өзінде оған кімнің дәті жетіп бұндай қылмысқа барарын жұрт болжайды. Қаһар жұрт сөзіне пысқырмаса да, аяқты алшаң-алшаң басса да төбесінде ай дейтін ажасы бар. Қорықса содан қорқады, жасқанса содан жасқанады. Жоғарыда отырғандардың құдай бұған деген ниетін түзу қылсын. Орынбасары арт-артынан жолдап жататын домалақ шағым-арыздың бірі деп көзін жұмып қарасын. Егер Қаһарды жойып жіберу олардың ойларына келмесін де. Келсе қарақұстай Қаһарды қара шыбын құрлы көре ме? Шерте салады. Осының бәрін ұзақ ойлап тарыққан Қаһар бұл жолғы бәйгеде бағын тағыда бір сынап көргісі келді. Одырайдың «Бақсыз адам емессіз! Қос тұлпар құйрық тістесіп келе жатса, ә, Қақа?» дегені құлағының түбінен жаңғырды.
Сонымен бәйге болатын болды. Жұрт гу-гу. «Кімнің жорғасы алдымен келер екен?» десіп, бәйгеге ат қосқаны да, ат қоспағаны да қызыл жінік, қызыл кеңірдек болып жатыр. Алдын ала әр түрлі болжамдар айтқанмен ат танитын адамдардың көкейінде тырп етпей жатқан жалғыз жауап бар. «Сырғалы торы».
Ал Қаһар болса Сырғалы торының атын атамақ түгіл, естігісі келмейді. Баяғыда Байсақ бақсы ма, Молықбай бақсы ма, ат бәйгесіне қобызын қосыпты деген бір ескі сарын құлағына келеді. Қобыз қосып бәйгеден келтірмей-ақ қойсын, қобызын жұмсап Сырғалы торыны аяқтан шалса деп қиялдап қояды. Қазір қобызға жан бітіретін бақсы түгіл, қобызды қолына алып тартатын кісі де қалмаған, ұстайтын қобыз да жоқ заман.
Совет пен Герман соғысы жылдарында Моңғолияда болған бір орыс офицердің аузынан естігені бар. Құсайын деген бақсы аламан бәйгеде алдымен келе жатқан Оспан батырдың ақбоз аты екенін танып, Моңғолияның Премьер министрі Чойбалсанға сыбырлапты дейді. «Оспан батырдың ақбоз аты алдымен келе жатыр, маршал, құлатайын ба?» деп, сонда маршал Чойбалсан: «Тиіспе, құрметті қонақтың аты ғой, керісінше кейін қалса оздырып жібер» деген екен. Сондай бір бақсы болса деп қиялдап қалып, оған марксизм жолына жанын беруге дайын атеистік болмысы бұлқан-талқан болып, өз ойынан өзі шошыды. Осы қиялын біреу сезіп қойғандай орнынан он тұрып, он отырды. Оның үстіне ел Мөржан кемпірді «бойында жыны бар, көріпкелі бар, бақсы кісі, қарғысы қатты, наласына қаламыз, сауды жынды қылады, аш пәледен қаш пәле» деп жүретіні есіне түскенде, кеудесі қысып, маңдайы тершіп кетті.
Қаһардың қас-қабағын бағып, отырса отырып, тұрса тұрып, табанынан тарқаған көлеңкесіндей сүйретіліп, қасынан бір елі қалмай қалбақтап жүрген орынбасары оның неге осынша дегбірі кетіп, мазасы қашып, тоқтай алмай кеткенін сезген сайын ішінен үриттеп, ісінен бір ілік тауып қалам ба деп жылмаң қағады. Қаһардың үстінен қарша бораған қалың шағым-арыздың денін осы орынбасары жазса да сол арыз-шағымның қайдан шыққаны, қайнар көзі табылмай-ақ қойған. Қырық шағымды жазған пенденің қол таңбасы, жазу үлгісі қырық түрлі. Сол хаттардың шыққан жері жақын-жуықтағы ауыл-аймақтар тұрмақ біреуі Тәшкеннен, екінші Фрунзе-Пішпектен жолданғанын айтсаңшы. Ал сол шағым хаттардың ақы иесі қолтығының астында жүргенін Қаһар қайдан білсін, «мен дегенде шіркін шыбын жанын аямайды, жаны менімен бірге шығатын жан досым» деп оған бар сырын жасырмай айтып, шын ықыласымен сенеді.
Бәйге болардың алдында Мөржан кемпір баласы Көбекті шақырып алып,
– Қарағым, Көбек, Сырғалыны бәйгеге қоспай-ақ қойсаң қайтеді? – деген.
– Неге?
– Түс көрдім…
Көбек «түс түлкінің б…» дегенді анасының бетіне тура айта алмады да:
– Жақсылыққа жорыңыз, – деді. Баласының алған бетінен қайтпайтынын аңғарған анасы оның жеңінен тартып өзіне қаратып алды.
– Онда сен былай істе, атыңды мәреден шыққанда өкпесі шаң қауып қалмас үшін топтың алдына шығарып жібер. Тізгінін ірікпе. Қаһардың қос сәйгүлігі сені өкшелей қуады. Анау көк аты көп танатын көрінген, ол жорғасын тауып, аяғын тең басқанша сен біраз жерге барып қаласың. Ал Сырғалы торының танбай салатын жорғасын қуып жететін жорға бұл өлкеде жоқ. Артқы топтан әудем жерге ұзап шыққаннан кейін тізгініңді тежеп, атыңды тым қыстамай, тыныстатып, қос сәйгүлікті жақындатып ал да артыңнан ерт те отыр. Олар сені басып озамын деп әбден титықтайды. Мынаны қатаң ескер. Бері қара, тыңдап тұрсың ба?
– Тыңдап тұрмын ғой, айта беріңіз.
– Айтсам былай. Арынның жырасынан өтерде аса сақ бол. Ол бір тасы мол, суы жоқ, ұры жары көп, қолайсыз, құрғақ жыра. Жыраға еңістеп түскен кезде қолыңның оң жағын ала қабақтың астындағы қуыс, тасадан атыңды үркітпек болып албасты-қарақшы шыға келуі мүмкін. Далда жерден далбақтап шыға келген жаннан бейғам келе жатқан мал да, жан да шошып қап, үркетіні заңды. Сондай жағдайда ат үстіндегі адам аттан еріксіз ауып түсіп қалуы мүмкін.
– Ой, апа, ол жердің сырын әбден білемін ғой.
– Білесің ғой, білгеннің үстіне біле түскен жаман болмайды.
– Бопты.
– Болған жоқ.
– Арынның жырасынан абайлап өтемін.
– Иә, сол Арынның жырасына келгенде бүйтесің.
– Қайтем? – деп Көмек шешесіне қылжақтағандай болды.
– Арынның жырасына жеткенде артыңдағы құйрық тістеп келе жатқан екі атты өзіңнен оздырып жібересің. Ұқтың ба?
– Ұқтым, апа!
– Ұқсаң сол, жолың болсын!.. Арынның жырасынан…
Алыстан, анау жазықтың шетінен шаң көрінді. Әп-сәтте шұбатылған бұлттай боз шаңның алдынан түйенің өркешіндей екі аттың бараны да айқындала бастады.
Жұрттан оңаша, бір биікті жеке иемденген Қаһар дүрбісін қос қолдай ұстап, көзінен алмай, екі ұрты салбырап, алысқа көз тігеді. Қозы қарнының үстінде дүрбінің қоңыр түсті бос қорабы салақтайды.
– Қақа, Қақа!
Қаһар құлағының түбінен шыққан бұл дыбысқа мән бермеді. «Қаһар Қоразбаевич!» – деп алғашқыдан да қаттырақ дауыстағанда барып дүрбісін төмен түсіріп орынбасарына үдірейе, ауызын бұртитып қарады.
– Алдынғы ат сіздің ат сияқты.
– Сияқтың не?
– Бәсе, сияқтым не? Сіздің ат, сіздің ат.
– Танып қойдың ба? Торы да баран көрінеді.
– Бірі баран, бірі қылаң, екеуі қатарласып келеді. Бірінен бірі озбайды, бүйірлесіп, тең келеді.
Бір тұсынан Одырай да келіп қалған екен, ол да жарыса сүйіншілеп жатыр.
– Сіздің ат, Қақа, сіздің ат. Күмәніңіз болмасын! Сырғалы торы болса оның күміс сырғасы әлде қашан жарқырап көрінер еді. Анау үшінші болып келе жатқаны сол. Сол тұстан бірдеме жылтыңдайды.
Одырай жарық тұрмақ сайтан да көрген жоқ, құйдай өтірік айтты.
Қаһар жауап қатпастан дүрбісін қос қолдай көтеріп, көзіне апарды. «Үшіншісі Сырғалы торы деді ме? Бос келе ме?»
– Қаһар Қоразбаевич, үшінші ат та Сырғалы торы емес, – деді Одырай алақанын жанып. – Мен қателесіппін, Сырғалы торының қарасы да көрінбейді.
– Мүмкін емес.
– Мүмкін болғанда қандай, Қақа. Айттым ғой мен анада, бағыңыз жанады деп. Одырай «үшінші ат Сырғалы торы емес екен» деп сүйіншілеп жатқанда Қаһардың орынбасары Сырғалы торының алдыңғы топтан неге көрінбеуінің себебін іздеп, «құлайтын жерің осы-ау» деп Қаһарға күдікпен бір қарап қойды. Ал Қаһар болса Арын жырасына жұмсаған адамына «Сойыл жұмсама, тұтқиылдан кездейсоқ шыққан адам болып, шаужайынан алып, шыр айналдырып жіберсең болды» дегенін есіне түсіріп, алдыңғы аттардың арасынан Сырғалы торыны іздей бастады. Үшінші ат Сырғалы торы болса мейлі, онда бүкіл жоспары ойдағыдай орындалғаны.
Одырай Қаһардың көпшігін қағып бәйек болып жатыр. Ал оның орынбасары олардың қасынан лезімде жылыстап, ел тойға айналғанда ол қойға айналды. Сырғалы торының неге алдыңғы аттардың арасынан көрінбеуінің қандай себебі болуы мүмкін екенін біліп ала қоймақ ниетпен еш қандай қобалжусыз, бейғам, қаннен-қаперсіз отырған Мөржан кемпірге жетті.
– Алдыңғы аттардың ішінде Сырғалы торы көрінбейді деп жатыр ғой, – деді жаны ашығансып. Орынбасардың ентігіп келіп, Жантықша жағымси сөйлегенін жақтырмай тырыса қалған Мөржан кемпір:
– Көрінбейді дейді? Кім айтып жатыр? – деді. Орынбасар Қаһар мен Одырайдың атын айтып қала жаздап барып,
– Дүрбі тартқандар, – деді.
– Көздері сау адамдар ма олар?! – Мұндай кекесін жауапты күтпеген орынбасар,
– Ааа?… – деп аңырып қалды.
– Көздері сау ма екен деймін? – Орынбасар сөзден ұтылып, жауап бере алмай айдалаға сөйлеп, лағып кетті. Мөржан кемпір оған қабағын түйіп, тесіле қарады.
– Осы сен орынбасарсың, ә? Ұлықсың ғой, сырғаны қызықтамай, халықтың қамын жесең не етті?!
– Сырғалы торы жылқының сарасы еді ғой, бұрын-соңды алдына қара салмайтын жүйріктің аяқ астынан көзге түспеуінде бір сыр бар ма деп қалдым. Жазым болмаса болды….
– Не болушы еді? Ішің ашып тұрғаны Сырғалы торы болса, әне, Сырғалы торы. Көзіңді ашып қара!
Бұл кезде бәйге аттары да көмбеге жарты шақырым жерде жақындап қалған. Одырай атып тұрып Қаһарға қарай жөнелді. Ал Мөржан кемпір орнынан жеңіл көтеріліп, Ту тіккен көбеге қарай ақ шылауышы желбіреп ұштыртып бара жатты.
Мөржан кемпір Сырғалы торыны сатпайтын болды, баласын әскерге жіберетін болды, жорғасын бәйгеге қосып, Қаһардың бар жоспарының талқанын шығарды. Осыған іші күйген Қаһар қалайда Сырғалы торының жолын кесуді жоспарлаған. Сөйтіп хатшы Қаһар мен Мөржан кемпір арасында көзге көрінбейтін тылсым теке-тірес жүріп жатқан.
Мөржан кемпір құмалақ тартып бұл жолғы бәйгеде жорғасына қандай да бір кедергі боларын болжап, Сырғалы торыны аса сақтықпен бәйгеге дайындаған. Сырғалы торы жаратқан сайын жайнап, өңіне кіріп, құлпыра түскен. Күн қақпасын деп, етегіне айналдыра сары жібектен шашақ төккен кестелі кежім жауып, кісі көзі тимесін деп кекілі мен түп құйрығына шоқпардай үкі қадаған. Бәйге болар алдында атының құлағындағы айқын белгі күміс сырғасын күн сәулесіне шағылыспастай етіп қызыл жосамен бояп тастаған. Сонан соң ұлын аттандырып жатып, «Арын жырасынан өткеннен кейін көмбеге жарты шақырым қалғанша қос сәйгүлікті алдыңа салып, өкшелеп отырасың. Көмбедегі жұрттың айғай-шуы, ұраны естілген заматта аттың басын жібер» деген. Анасының айтқанын көкейіне құйып алған Көбек Арын жырасынан аман-есен өтіп, қос сәйгүліктің жел жағын алып, оларды қусырды да отырды.
Ел де дүркіреп орнынан көтерілді. Көмбе басы айғай-шу, аттандап, ұрандап дүрліккен ел. Біреу атты, біреу жаяу, арлы-берлі шабыс. Сырғалы торы сытылып алға шықты. Оны жазбай танып, талағы тарс айырылған Қаһар оң жағынан келіп, қолтығының астына кіріп кете жаздап тұрған орынбасарын қолындағы қос қабаттап ұстаған қамшымен дыритып-дыритып, тартып өтпек болып барып ашуын әрең тыйып қалды.
– Мынау не сандырақ?! Мынау Сырғалы ғой?!
– Сайтандай қай жағынан шыға келді, Қаһар Қоразбаевич, мен де аң-таңмын.
Қаһар «атаңның басы» дегенді ішінен айтып:
– Көздерің көз емес, без екен ғой, – деді де қара жерді қамшымен осып өтіп, кері бұрылып, өзінің қос сәйгүлігіне де қарамай орталыққа тайып тұрды.
Сырғалы торының алдына салған екі аттың бірі Қаһардың қос тұлпарының бозы да, екіншісі мүлде басқа адамның – әлгі екі мотоциклдің бірі тиесілі ауданның саңлақ шопанының жорғасы еді. Ал оның түр-түсі Қаһардың кержағал торысынан айнымайтын. Алдырар күн жаздырып, шабандоздардың басындағы бөркі, үстіндегі кеудешелері де бір-бірінен аумай қалыпты. Адамның санасының сенімге әбден иланғанының зардабы сондай күшті, көкей көзін де шелдендіріп жібереді екен. Елірген атбегілер мен жанкүйерлер алға озған қылаң мен баранды Қаһардың қос тұлпары деп егіз қозыдай екі атты шатастырып алған. Ал Қаһардың жол кесуге жұмсаған жырындысы Арынның жырасына алдымен келіп Сырғалы торы түседі деп еш күмәнсіз сенген. Бәйге аттары умақ-шумақ сатырлатып жетіп келгенде алдына келіп қалған Қаһардың кержағал торысын Сырғалы торымен шатастырып шылбырынан ала кетіп, айнала шауып барып қоя берген. Бұл кезде алдыңғы аттар біраз жерге озып кеткен еді.
Сырғалы торы жорғаға жетпейтіні болмаса арыны күшті кержағал торы алдына түсіп кеткен төрт-бес жорғаны басып озып көмбеге бесінші болып ілінді. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы болса керек.
Қаһардың бәйгеден алдымен келеді деп дәмеленген қос сәйгүлігінің бірі үшінші, ал екіншісі бесінші болып шылбыр ұстатты.
Орынбасар мен Одырай өкпелерін қолына ұстап кеңсеге кіріп келгенде қара түнек болып күйіп-жанған хатшы үстел бетіне қос қолдай сүйеніп теңселіп тұр екен. Қып-қызыл шоқтай болып жанған екі көзін оларға оқтай қадады.
– Шылбыр ұстатты, Қақа!
– Шылбыр ұстатты, Қаһар Қоразбаевич!
Қаһардың «Шылбыр ұстатты деген не сөз» дегенге тілі әрең келіп, қисайып құлап бара жатты.
Бақытбек БӘМІШҰЛЫ





