КӨКЖИЕКТЕР ТОҒЫСҚАНДА

Мети ОСМАНОҒЛЫ,
Әдебиеттанушы-ғалым
(Әзербайжан)
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» атты еңбегі тек бір әулеттің шежіресі немесе ұлдың әкесі жайлы естелігі, перзенттік сүйіспеншіліктің көрінісі ғана емес. Бұл шығарма философиялық әрі мәдени тұрғыдан әлдеқайда терең әрі кең мағынаға ие.
Бұл еңбек қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың тұлғалық қасиеті арқылы тұтас бір халықтың бұралаң тарихи жолына жарық түсіріп, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын рухани көпірге айналды. Мұндай «көпірдің» өміршеңдігі мен сабақтастығы мәдени жады (Ян Ассман) ұғымымен тығыз байланысты. Мәдени жады – өткеннің тәжірибесін қазіргі санамен сұхбатта қайта пайымдап, сол арқылы әдеби-мәдени мұрагерлікті қамтамасыз ететін ұжымдық тәжірибе мен құндылықтар жүйесі. Дәл осы жадының арқасында әдеби мәтіндер бір дәуірден екінші дәуірге өтіп, жаңа семантикалық мағынаға ие болады.
Тарихтың сынағы
Белгілі бір тарихи дәуірдің рухани-идеологиялық ортасында қалыптасқан шығармашылық тұлғалардың көркем мұрасы қоғамдық-саяси және мәдени жүйе өзгерген кезде тарихтың қатаң сынынан өтеді. Әрбір қаламгердің бір дәуірден екіншісіне аман өте беруі мүмкін емес. Бейнелі түрде айтқанда, олардың көбі «сол дәуірде қалып қояды», ескі заманның «тартылыс өрісінен» шыға алмайды. Ал ескі заман оларға мейірімсіздік танытып, өз қараңғылығында қалуға мәжбүр етеді.
Тарих сынынан сүрінбей өткен ұлы суреткерлердің, соның ішінде Кемел Тоқаевтың кеңестік кезеңде жазылған шығармалары мен олардың азаматтық тұлғасы бүгінгі Тәуелсіз мемлекеттің рухани іргетасын нығайтуға, әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындауға қызмет ететін құндылық ретінде бағаланады. Жаңа тарихи дәуір олардың әдеби мұрасын мәдени жадының ескерткіші ретінде танып, сақтап келеді.
Кемел Тоқаев бала кезінен-ақ Кеңестік биліктің ақылға сыймайтын «қоғамдық инженерия» тәжірибелерінің зардабын тартты. Қазақ халқына қарсы жасалған ең ауыр қылмыстардың бірі – халықтың жартысына жуығының өмірін жалмаған күштеп ұжымдастыру жылдары ол отбасымен бірге туған шаңырағынан айырылып, жақындарын жоғалтты, жетім қалып, балалық шағы балалар үйінде өтті.
Жастық шағы романтикамен емес, қан майданмен басталды. Ол Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жараланды. Соған қарамастан тағдырдың ауыртпалығына мойымай, соғыстан елге оралған соң жоғары білім алып, отбасы құрды, журналистика мен әдебиет саласында үлкен беделге ие болды. Ол өзінің бүкіл ғұмыры мен шығармашылығын адамгершілікке, рухани төзімділікке, тарихи жады мен ұлттық болмысты сақтауға арнады.
Тағдырдың ауыр сынақтарына толы өмірі оны Қазақстан Тәуелсіздігінің қарсаңына дейін жеткізді.
1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғаларынан кейін кеңестік жүйенің күйреуі басталып, тарих жаңа кезеңге аяқ басты.
Бүгінде филология мен мәдениеттану тұрғысынан маңызды мәселелердің бірі – Кеңестік дәуірде дүниеге келген танымал шығармалардың жаңа тарихи кезеңге бейімделу мүмкіндігі, Тәуелсіздік кезеңінің рухани құрылымында өз орнын табу әлеуеті. Басқаша айтқанда, мәселе – жазушының Кеңес заманында жазған мәтіні мен бүгінгі оқырманның дүниетанымы арасында рухани көпірдің қалыптасқанын, не қалыптаспағанын анықтауда.
Меніңше, «Әкем туралы толғаныс» кітабының жазылуының басты себептерінің бірі де осы.
Ұлы жазушы мен шынайы өнер туындысының бір дәуірден келесі дәуірге, «Ұлы уақытқа» (Михаил Бахтин) өтуінде шешуші рөлді жаңа заман мен қаламгер арасындағы диалог атқарады. Жаңа дәуір жазушыға өз есігін ашпас бұрын оны өз талаптары бойынша «сынақтан» өткізеді.
Бұл үдерісте неміс философы Ханс-Георг Гадамердің «тарихи ықпал қалыптастырған сана» тұжырымдамасы жетекші орын алады. Гадамер адамның немесе белгілі бір дәуірдің тарихи тәжірибе, мәдени жады және рухани құндылықтар арқылы қалыптасқан түсінік кеңістігін «көкжиек» ұғымымен түсіндіреді.
Оның пікірінше, жазушының әдеби мұрасы бір дәуірден келесі дәуірге өтуі үшін өткеннің көкжиегі мен бүгінгі заманның көкжиегі түйісіп, бірін-бірі танып, толықтыруы қажет.
Қазіргі оқырманның көкжиегі мен тарихи көкжиектің тоғысуы – аса күрделі диалектикалық үдеріс. Белгілі бір бастапқы түсінікпен келген оқырман өз таным көкжиегін жазушының көкжиегімен салыстырады, екеуі өзара сыннан өтеді. Соның нәтижесінде екеуін де қамтитын жаңа әрі кеңірек көкжиек қалыптасады.
Осылайша, өміршең шығарма тек өзі жазылған дәуірдің шеңберінде қалып қоймайды. Уақыт өте келе ол тарихи ықпалымен бірге жаңа мағыналарға ие болып, кейінгі ұрпақтың санасымен қауышқанда қайта жаңғырады.
Басқаша айтқанда, әрбір жаңа ұрпақ үшін әдебиеттің де жаңа өмірі басталады.
Мұрагерлік
Көкжиектердің тоғысуы өздігінен, кездейсоқ түрде жүзеге аспайды. Бұл үдерісте ұлттық-этникалық жадтың сабақтастығы, қоғамның интеллектуалдық иммунитеті, сондай-ақ мәдени және тіпті биологиялық мұрагерлік маңызды рөл атқарады. Себебі жаңа дәуір ескі мәтінді бөгде оқырман ретінде емес, автордың рухани жадын бойына сіңірген жаңа ұрпақ арқылы қайта оқиды. Бұл жаңа ұрпақтың өкілі автордың өз перзенті де болуы мүмкін.
Мұның сәтті үлгілерін Әзербайжан әдебиетінен көруге болады. 1960-жылдардың соңында Юсиф Самедоғлы әкесі Самед Вурғунның 1930-жылдары жазған «Комсомол поэмасын» киносценарийге айналдырды. Сол сценарий негізінде режиссер Тофиқ Тағызаде түсірген «Жеті ұлды қалаймын» фильмі XX ғасырдағы Әзербайжан мәдениетінің елеулі оқиғасына айналды.
Шығармашылық жолы 1960-жылдардың тарихи жағдайында қалыптасқан Юсиф Самедоғлы поэмадағы ұлттық қасірет тақырыбын сценарийде алдыңғы қатарға шығарып, мәтінге ащы ирония енгізді. Фильмде комсомолшы Бақтияр мен контрреволюционер Герай бектің қақтығысы «таптық күрес» шеңберінен шығып, бір ұлттың перзенттерінің бір-біріне жау болуы, жастың да, кәрінің де қан төгуі ұлттық трагедия ретінде көрсетілді.
Поэмадан фильмге ауысқан лирикалық мұң, кейінгі қуғын-сүргін мен жоғалтулар аясында әке мұрасының ұл санасында қайта жаңғыруы Гадамер айтқан «көкжиектердің тоғысуының» нақты көрінісі деп түсінуге болады.
Сондай-ақ 1980-жылдардың басында жазушы Анардың өз ата-анасы – Әзербайжан кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері Рәсул Рза мен Нигар Рафибейлі туралы жазған «Сіздерсіз» атты деректі повесі жаңа дәуір оқырманының санасында бұл ақындардың өз заманынан биік тұрған тұлғалық бейнесін қалыптастыруға қызмет етті.
Әзербайжан әдеби ортасы тәрбиелеген оқырман ретінде мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғанысын» да осы дәстүрдің жалғасы ретінде қабылдадым. Бұл сабақтастық түбі бір бауырлас халықтардың мәдени сұхбатында, жаңа бір көкжиектің тоғысқан тұсында айқын көрінеді.
«Толғаныстарда» көрнекті қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның рухани құндылықтары тұрғысынан таныстырылуы саяси және ұлттық идеология көкжиектерінің ұлттық-рухани мұрамен тоғысуын бейнелейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мамандығы бойынша әдебиетші болмаса да, терең білімді зиялы ретінде кезінде «социализмнің жыршылары» деп дәріптелген көптеген қаламгерлердің бүгінгі күні ұмыт қалғанын және оның себебін жақсы түсінеді. Оның пікірінше, бұл авторлардың көтерген мәселелері уақыт сынына төтеп бере алмай, рухани тұрғыдан ескірген.
Ал Кемел Тоқаевты Кеңес дәуірінде ұмыт қалған басқа жазушылардан ерекшелендіріп, оны мәдени жадының ескерткіші ретінде жаңа заман көкжиектерімен тоғыстырған басты қасиет – оның шығармаларының идеологиялық конъюнктураға емес, уақыттан тыс өмір сүретін жалпыадамзаттық және ұлттық мемлекетшілдік қағидаттарына негізделуі.
«Толғаныстардың» өзегін құрайтын негізгі идеялардың бірі – Кемел Тоқаев бүкіл шығармашылығы барысында мемлекет пен халық мүддесі мен жекелеген адамдардың азғын құмарлықтары арасындағы бітіспес қайшылықты көркем сөздің «сират көпірінен» өткізді.
Мемлекет мүддесі мен ешқандай моральдық әрі құқықтық норманы мойындамайтын жексұрын құмарлықтардың арасындағы күрес – адамзат санасында мәңгілік қақтығыс болып қала береді.
Кез келген кемшілікті жасырып, «қоқысты кілемнің астына сыпыруға» тырысқан тоталитарлық кеңестік басқару жүйесі мұндай қайшылықтың пайда болып, тереңдеуіне қолайлы жағдай жасады.
Кемел Тоқаевтың қоғамдық әрі философиялық көзқарасы қоғам мұндай жеке құмарлықтарға қарсы тұра алмаған жағдайда, адамдардың ашкөздігі мемлекет мүддесіне қауіп төндіретін саяси дертке айналатынын дәлелдейді. Мұндай жағдай қоғамдық қатынастарда да, рухани өмірде де ішкі тепе-теңдікті бұзады. Кейде бұл ауыр қоғамдық дерттің зардабын тұтас халық тартуға мәжбүр болады.
Адамзат драмасының
шиеленісті сюжеттері
Кемел Тоқаев шығармашылығының бір саласы журналистика мен публицистика болды. Қандай жанрда жазса да, өмір шындығына адалдықты шығармашылығының алтын қағидасына айналдырған қаламгердің детектив жанрына келуі, ең алдымен, оқырман сұранысына деген ерекше сезімталдығынан туындады.
Терең филологиялық білім алып, әлем әдебиетін жақсы меңгерген жас Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде бұл жанрдың жеткілікті дамымағанын көрді. Сонымен бірге әлемнің көптеген елдерінде кең тараған детектив жанры кеңестік шындық жағдайында өзге де міндеттер атқарды.
Мұның бірнеше себебі бар. Бір пікір бойынша, бұл жанр социалистік реализмнің қатып қалған қағидаларына балама іздеуден туған. Екінші пікір бойынша, кеңестік әдебиеттегі детектив билеуші идеологияның жасырын мүддесіне қызмет етті: билік бұл жанр арқылы милиция қызметкерлерінің жағымды бейнесін жасап, «қылмыс жазасыз қалмайды» деген идеяны насихаттады.
Тағы бір көзқарас бойынша, детектив оқырманға қоғамдық-саяси оқиғаларды еркін талдауға мүмкіндік бергендіктен, оның танымалдығы арта түсті.
Әзербайжанда жарық көрген «Түнде атылған оқ» жинағына енген «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ» және «Көмескі із» повестерінен осы пікірлердің бәріне дәлел болатын тұстарды табуға болады.
Алайда түрлі тақырыптарды қамтитын, терең қоғамдық мәселелерді көтеретін, әртүрлі дәуірлерді, қоғамдық орталарды және сан қилы адам мінездерін бейнелейтін бұл шығармаларда жазушының халық мүддесі мен адам қадірін кез келген дәлелден, кез келген идеологиялық талаптан жоғары қойғанын көреміз.
Бұл шығармаларда оқырман милиция мен қылмыскер арасындағы тартыстың ар жағында жатқан адам драмасын, адамдарды тыйым салынған өмір салтына жетелейтін жағдайларды, әлеуметтік қайшылықтарды көреді.
Бүгінде XXI ғасырдың рухани сұраныстары тұрғысынан қарағанда, Кемел Тоқаевтың шығармаларында адамның болмыс драмасы бұрынғыдан да айқын әрі терең көрінеді.
Ең қымбат қазынаны іздеу
«Таңбалы алтын» повесінде қылмыстық топтың бір мүшесінің кездейсоқ қателігі салдарынан бетінде арнайы таңбасы бар алтын құйма Ләшкеров есімді слесарьдің қолына түседі.
Автор Ләшкеров бейнесі арқылы идеологиялық қаһарманды емес, қарапайым еңбек адамының, отбасының ең қажетті мұқтаждарын өтеуге шамасы келмейтін, жан дүниесі қайшылыққа толы қарапайым адамның бейнесін сомдайды. Ләшкеровтің таңбалы алтынды мемлекетке тапсыруы қарсаңында отбасы ішінде орын алған рухани күмән мен ішкі арпалыс оны кеңестік әдебиеттегі сызба кейіпкер үлгісінен алыстатады. Оқырман оның бойынан тірі, сезінетін, ойлайтын, әлсіз тұстары бар шынайы адамды көреді. Ал оның бойындағы адамгершілік таңбалы да, таңбасыз да кез келген алтыннан әлдеқайда қымбат.
Бұл бейне әзербайжанның ұлы ағартушы жазушысы Солтанмәжит Ғанизаденің «Алладан қорқу» повесіндегі басты кейіпкер Мәшәди Әскермен үндеседі. Материалдық жоқшылықта өмір сүрсе де, қолына түскен мол байлықты мемлекетке қайтарған Мәшәди Әскер әзербайжан оқырманының жадында ерекше орын алған тұлға.
Осы екі кейіпкерді салыстырғанда, әртүрлі дәуірлер мен дүниетанымдардың сұхбатына, әр кезең мен мәдениеттің көкжиектерінің тоғысуына куә боламыз.
XX ғасырдың басында Мәшәди Әскерді рухани тазалыққа үндеген, арамдықтан сақтаған күш – Алладан қорқу, яғни метафизикалық жауапкершілік сезімі болса, ондаған жылдар өткен соң мүлде басқа идеологиялық жүйеде тәрбиеленген Ләшкеровті дәл сондай адалдыққа жетелеген күш – заңнан қорқу емес, өзінің ішкі тұтастығын жоғалтпауға деген ұмтылысы, адамды ең соңғы сәтке дейін тастап кетпейтін таза ар-ұжданы болды.
Парадигмалар мен заман өзгергенімен, адамзаттың ішкі моральдық заңы ешқашан өлмейді.
Мәшәди Әскердің жүрегіндегі Алладан қорқу мен Ләшкеровтің жанындағы жауапкершілік бір рухани қайнардан бастау алады. Бұл сезім оларды ең алдымен мәңгілік жазадан – ар-ождан азабынан құтқарады.
Екеуі де өз дәуірінің әлеуметтік шектеулерінен асып, жалпыадамзаттық құндылықтар кеңістігінде тоғысады. Осы тұрғыдан алғанда, олардың бойындағы берік моральдық негіз оларды уақыт пен мәдениеттердің болашақта тоғысатын ортақ көкжиегіне бағыттайды. Ал сол көкжиекке бастайтын жол шексіздікке ұласады.
Жақсылық пен Жамандық
«Түнде атылған оқ» повесі де жаңа заман жағдайында және өзгерген қоғамдық-саяси қатынастар жүйесінде өз өміршеңдігін сақтап қалған құнды шығармалардың бірі. Кеңес дәуірінің нақты саяси-идеологиялық талаптары барлау мен мемлекеттік қауіпсіздік тақырыбында жазатын қаламгерлерге қатаң шектеулер қойған еді. Соған қарамастан, Кемел Тоқаев бұл шығармада схематизмнен бойын аулақ ұстап, үлкен әдебиеттің эстетикалық қағидаларын сақтай білді. Сондықтан повестегі пойыз бейнесі жаңа заман көкжиектерімен түйіскен кезде XXI ғасыр оқырманы үшін жаңа мағыналарға ие болады.
Повестегі пойыз жолаушыларымен бірге жол кешеді. Кейіпкерлер бірге отырған ортақ вагон – шын мәнінде, кеңестік қоғамның, әсіресе көпұлтты Қазақстан Республикасының кішірейтілген моделі.
Бір вагонда қазақ кемпірі мен орыс әйелінің бір банкадағы тұздалған қиярдың тұздығына нан батырып жеуі қоғамның көзге көріне бермейтін терең қабаттарын ашады. Жазушы ресми идеология жоғарыдан таңуға тырысқан жасанды, ұраншыл «Кеңес халқы» ұғымынан өзгеше, өмірде тағдырлары тоғысқан, қуанышы мен қайғысы ортақ, бір-бірімен табиғи түрде байланысқан тірі адамдар әлемінің бар екенін көрсетеді.
Бұл күрделі ортада әртүрлі мәдениеттер мен тілдердің өкілдері мәжбүрлеу арқылы емес, өмірдің табиғи ағысымен жаңа көкжиекке бірге бет алады.
Повестегі пойыз тоқтаусыз қозғалыстағы уақыт пен адам ғұмырының символына айналады. Вагон ішіндегі қапырық ауа, қалғып отырған жолаушылар, күнделікті тұрмыс қамы – жас инженер кейіпкерлердің үздіксіз жиналыстар мен мағынасыз мәжілістерге толы «сұр өмір» туралы шағымының нақты көрінісі.
Пойыз барлық жолаушыларын бір бағытта, бір жылдамдықпен алып келеді. Бірақ кеңестік қоғамның болашағы саналатын жастар вагон терезесінен сырттағы дүниені көргісі келеді, пойыздың белгіленген бағытының ар жағындағы әлемге қызығады.
Заурум мен Лариса бейнелері арқылы жастар тар вагоннан, төрт қабырғаға қамалған тұншықтырған кеңістіктен шығуға ұмтылады. Бұл тұрғыдан пойыз бағытын адамдардың рухын тар шеңберде ұстап тұрған қоғамдық-саяси жүйенің символдық қозғалыс жолы ретінде де түсіндіруге болады.
Пойыз метафорасы өмір мен қоғамның қайшылықтарын бір кеңістікте тоғыстырады. Аспан ағарады, жолаушылар қалғып кетеді, сәбиін емізіп отырған ана іштей қуанышпен жымияды. Ақ пен қарасы аралас, өрі мен ылдиы мол адам өмірі өз арнасымен жалғасып жатады.
Бірақ дәл сол вагонда, дәл сол жолаушылардың арасында көзіне ұйқы ілінбейтін, сан түрлі кейіпке ене алатын туа біткен жендет Черноносов та келе жатады. Қазақстанға арнайы тапсырмамен жіберілген шетелдік барлаушы Черноносов (повесте оның бірнеше бүркеншік есімі бар) найзағайлы қараңғы түнде табиғаттың бір бөлшегіндей болған қарт орманшы Мирзашыны атып өлтіреді.
Көркем әдебиеттің мәңгілік тақырыбы – Жақсылық пен Жамандық – осы шығармада бір пойызбен, бір рельспен, бір бағытта қозғалады.
Жазушы осы арқылы адамзатқа ортақ ақиқатты еске салады: біз қорқатын Жамандық алыстағы белгісіз әлемде емес, күнделікті өміріміздің ішінде, өзіміз мінген пойызда жүреді. Егер адамның ішкі рухани қарсылығы әлсіз болса, ол кез келген адамды өзіне бағындыра алады.
Пойыз өткен мен болашақтың, әртүрлі дүниетанымдардың түйісетін кеңістігіне айналады. Ол ұлттық тамыры мен саяси ұстанымы әртүрлі адамдарды тоқтаусыз алға жетелейді.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің вагонда ұйымдастырған «ұрлық» қойылымына жолаушылардың бірдей адамгершілікпен әрекет етуі кеңестік режимнен қорыққандықтан емес, олардың ұлтқа, саясатқа немесе этникалық тегіне қарамастан Жамандыққа қарсы тұратын ішкі күшінің және жаттануға көнбейтін берік моральдық ұстанымының белгісі.
Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» повесіндегі пойыз сырттай қарағанда Н. қаласына бет алған қарапайым көлік құралы ғана. Алайда көкжиектер тоғысқан биіктен қарағанда, қараңғылықты жарып жүйткіген бұл пойыз көркем сөздің мәңгіліктен басталып, мәңгілікке жалғасқан рельстерімен қозғалып келе жатқанын аңғарамыз.
Соғыстың шынайы келбеті
Тақырыбы Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған «Көмескі із» повесінде оқырман мен мәтін арасындағы байланыс классикалық детективтердегідей «қылмыскердің кім екенін жасыру» тәсіліне құрылмаған.
Тәжірибелі оқырман қылмыскердің кім екенін ертерек болжайды. Соған қарамастан шығарма соңына дейін қызығушылықпен оқылады. Оның басты себептерінің бірі – суреттелген соғыс шындығының ерекше нанымдылығы.
Кемел Тоқаев Екінші Дүниежүзілік соғыстың алғы шебінде шайқасты, Сталинград, Беларусь және Польша үшін болған ұрыстарға қатысты, майданда ауыр жараланды.
«Әкем туралы толғаныс» кітабында оның соғыс туралы шығармаларда окоп өмірінің шынайы келбеті бұрмаланатынына көңілі толмағаны айтылады.
Көркем шығарма автор қиялының жемісі болғанымен, Кемел Тоқаев шығармаларындағы соғыстың стихиясы, жауынгер психологиясы, майданның алғы және тылдағы көзге көрінбейтін операциялары, арнайы қызмет органдарының жұмысы – кабинетте ойдан шығарылған дүниелер емес, жазушының өз көзімен көріп, өз басынан өткерген оқиғалары.
Сондықтан шығарманы бастан-аяқ бірге алып жүретін автор бейнесі оқырманға окоптағы өмірдің шынайы тынысын сезіндіре алады.
Бұл шығармада детективтік желі соғыс туралы ақиқатты жеткізудің құралы ретінде қызмет етеді. Негізгі назар соғыстың сұмдығына, экстремалды жағдайда адамның шынайы болмысының ашылуына және тарихи шындыққа аударылған.
Барлаушылар тобының командирі Сүлейменов сияқты Отан үшін жанын қиған ержүрек жауынгердің сатқындықпен өлтірілуі және атыс нүктелерінің сызбасы көрсетілген картаның жоғалып кетуі оқырманға ерекше эмоциялық әсер береді.
Оқиға өрбіген сайын оқырман қылмыскердің кім екенін шамалайды. Дегенмен оның әділ жазасын көріп, әділеттің салтанат құруын күтіп, шығарманы қызығушылықпен оқуды жалғастырады.
Жазушының шебер құрылған баяндауы нағыз детективтің оқырманмен «жұмбақ шешу ойыны» ғана емес екенін дәлелдейді.
«Көмескі із» повесінің сюжеті – соғыстың шынайы келбетін, адамзат драмасын және Отан мұраты жолындағы жанқиярлықты бейнелейтін көркем туынды.
Жазушының санасында мәңгі сақталған майдан көріністері шығармаға өткір шынайылық пен терең мұң сыйлайды.
Бұл көркем полотнода автор ашық айтпағанымен, оқырман анық аңғаратын бір маңызды шындық бар: фашизмге қарсы соғыста қазақ халқының Сүлейменов секілді қаншама аты белгісіз батырлары Отан үшін өз өмірлерін құрбан етті.
Посттравмалық өсу,
катарсис және шексіз көкжиектерге бастар жол
Қазақстан сияқты қуатты әрі қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекеттің басшысы рухани мұрада қазақ халқының рухын, ұлттық мүддесін және Жамандыққа қарсы ішкі қарсылығын алдыңғы орынға шығаруы – жай ғана жеке пікірдің көрінісі емес. Бұл – бүгінгі заманның көзқарасы арқылы өткенді мемлекеттік сана деңгейінде қайта пайымдау.
«Әкем туралы толғаныс» еңбегінде көрсетілгендей, Кемел Тоқаевтың тұлға ретінде қалыптасуына өмірдің ауыр әрі ащы сынақтары зор ықпал етті. Жазушының мемлекетшілдік ұстанымы мен әділеттілік сезімінің қайнар көзін оның өмірбаянынан – сәби кезінен әке қамқорлығы мен ана мейірімінен айырылуынан, адамдардың қатыгездігімен бетпе-бет келуінен көруге болады.
Бұл пайым қазіргі ғылыми зерттеулерге де негізделген. Балалық шағында бастан кешкен ауыр күйзелістер оның бойында кек пен қатыгездік емес, қайта адам қайғысына деген жанашырлықты, мейірімділік пен гуманизмді қалыптастырды.
Қазіргі психология мұндай құбылысты «посттравмалық өсу» деп атайды. Ерік-жігері мықты, мінезі берік адамдар өздерінің көрген азабы мен бастан кешкен дағдарысын кек алуға емес, өзгеге жанашырлық танытуға және рухани құндылықтарға адал болуға бағыттайды.
Тағдырдың ауыр сынақтарында шыңдалған адамдар Жамандықтың күшеюіне жол бермеу үшін саналы түрде Жақсылықты таңдайды. Ең алдымен, олар осы ізгілікті өздерінің ішкі қорғанына айналдырады.
Жазушы үшін шығармашылық – басынан өткен күйзелістер мен балалық шақтағы жараларды рухани тазаруға, Аристотель айтқан катарсиске айналдырудың жолы.
Кемел Тоқаевтың өмірлік тәжірибесі мен адамдық қасиеттерінің шығармашылығына табиғи түрде сіңуі – оның өмірден тәртіп пен үйлесімділік іздегенінің көрінісі.
Ал рухани катарсиске бастайтын сол үйлесімнің сарқылмас қайнары – халық жадында сақталған тарихи мұра.
«Міне, анау кесенеде Жолбарыс ата жатыр. Ол барлық жалайырлар үшін қасиетті тұлға. Халық ашаршылыққа ұшырап, жоқшылық жайлаған ауыр кезеңде көш үстінде дүниеден өткен. Өлер алдында ол халқына: «Мәйітімді қара нарға артып, басын бос қоя беріңдер. Түйе қай жерге тоқтаса, сол жерге қоныстаныңдар. Құтқарылуларыңды сонда табасыңдар», – деп өсиет қалдырған екен.
Қара нар күні бойы жүріп отырып, кешке қарай бір төбеге келіп тоқтапты. Ол кезде бұл маң түгел құмды шөл екен. Ақсақалдар кеңесіп, сонша халықтың мұнда өмір сүре алатынына сенбейді. Бірақ таң ата бергенде сол маңнан көздің жасындай мөлдір суы бар көл пайда болғанын көреді».
«Түнде атылған оқ» повесінде Жандыбайдың аузымен айтылатын бұл тағылымды аңыз – ұлан-ғайыр қазақ даласында ғасырлар бойы сақталған халықтық аңыздардың бірі.
Бұл аңыз менің көз алдымда «Әкем туралы толғаныс» кітабының көптеген эпизодтарын қайта тірілткендей болады.
Ұлы ашаршылық жылдары он жасар Кемел ағасы Қасыммен бірге бір үзім нан табу үмітімен ауылдан қалаға қарай жолға шығады. Аштықтан босып кеткен балаларды жолда милиция патрулі тоқтатады. Қараусыз жүрген балаларды жинап жүрген милиционерлер жыртық киімді екі баланы күшпен арбаға отырғызады.
Жетім емес екендерін айтып жылаған балаларға милиционерлердің бірі:
— «Тыныш отырмасаңдар, құдыққа тастаймыз!» – деп қорқытады.
Шын мәнінде, оларды құдыққа емес, ата-анасынан ажыратып, балалар үйіне апарып тастайды.
…Бірақ балалар сол «құдықтан» аман шығады.
Кейін олардың бірі бұдан да терең құдыққа түседі – ағасы Қасымның Екінші Дүниежүзілік соғыстан қара қағазы келеді.
Ал екінші бауырдың өмір жолы ауыр шайқастар арқылы өтеді. Ол соғыстан жаралы болып елге оралады. Рухани әрі тән жарасын жеңеді. Жоғары білім алады. Отбасы құрады. Қазақстанның беделді жазушыларының біріне айналады.
Болашақта өз халқы мен тәуелсіз мемлекетінің тағдырына жауап беретін, туған тегіне адал ұрпақ тәрбиелейді.
Кемел Тоқаевтың тағдырынан қазақ халқы ғасырлар бойы жадында сақтап келген Жолбарыс ата туралы аңыздың терең даналығын көремін.
Қуаң шөлдің ортасында мөлдір көл пайда етіп, иен даланы халықтың құтты қонысына айналдырған тылсым күш сияқты, тағдыр да өзі таңдаған адамды өмірдің ең терең тұңғиығынан шығарып, мәңгіліктің шексіз көкжиектеріне қарай жетелейді…





