БАҚТА

Бақ ішіндегі жалғызаяқ соқпақпен өтіп бара жатқам. Кенет миымның бір қыртысында ызың пайда болды. Басымды шайқап қоямын. Енді бір сәтте әлгі ызың сап тыйылды да айналам гуілдеп қоя берді. Жапырақтар шу-шу етіп, бір-бірімен сөйлесіп жатыр, гүлдердің сыңғырлаған күлкісі естіліп тұр. Алдымдағы қайыңның иіліп тұрған бұтағы сөйлеп кетті:
– Мына бір бұтақшамның басындағы жапырағыма құрт түсті. Өрмелеп басқа жапырақ-жүректеріме де шабатын болды-ау, жұлып алып тастар пенде бар ма? Мына жігіт бұрылып, ауру жапырақты жұлып тастаса болар еді.
Бәрі бітті. Жындандым! Есім ауысқан менің!.. Бірақ қолымды созып, бұтаның әлгі айтқан құрт тескен жапырағын жұлып тастадым.
– Жаныңа жамандық бермесін, жігітім. Рахмет!..
Тірімін. Сол бақта келемін. Есім де орнында. Жынданбаған сияқтымын. Табиғаттың тілін түсініп, дауысын естіп келемін. Бұл не қылған керемет?..
– Лалагүл, лалагүл, кеше күннің қандай ыстық болғанын білсең ғой. Менің қауызым тіпті тез ашылды.
– Бүгін де жаман емес, мен де қауызымды аштым ғой.
Тротуардың жиегіне егілген екі лалагүл әңгімелесіп жатты.
– Кеше кешкісін екі ғашықтың біздің тұсымызға келіп ұзақ-ұзақ сүйіскені-ай! Сондай әдемі, жарасымды.
– Иә, саған! Гүл жұлып берейін деп бізге тап берді емес пе!
– Абырой болғанда, қыздың ақылы бар екен. «Мені шынымен жақсы көрсең гүлді үзбеші, өсе берсін. Өсіп тұрғанында ғана әдемі ғой гүл деген. Үзіп берсең өліп қалады» – деп әлгі есерсоқты әрең тоқтатты ғой.
– Мен де қорқып кеттім. Қыз да оның ығына жығылып, «үзсең үз» деп қарап тұрса бүгінгі таңды көре алмас едік.
Мен әлі ілбіп жүріп келем. Сол қапталда тұрған қайың қасындағы еменге тіл қатты.
– Әй, емен, дінің қатты-ау сенің, кешегі екі еркектің әңгімесін айтамын деп едің, әлі тым-тырыссың ғой.
– Сен қызығар ештеңе жоқ. «Коррупция» баяғы. Бірі бағынысты, екіншісі басқарушы мекеменің бастықтары. Кішісі айтады: – «Әй, сен бастық болып келгелі бес ай болды, бес айдың ішінде қалтаңа 5 миллион теңге жасадың мен арқылы, не деген тойымсыз кеңірдек сенікі, енді менен бір тиын ала алмайсың. Жетер!» Анасы, бастығы: «Жап аузыңды, бүгіннен бастап боссың, қайда барсаң онда бар, кет әкеңнің…» – деп бұрылып жүре берді. «Сендей араммен жұмыс істегеннен бос жүргенім артық. Менің де түкіргенім түкірген!» – деп анау айқайлады. Бар болғаны осы.
Қайың мен емен кейіндеп қала берді.
– Әлсіреп барам, өліп барам, кешеден бері маған су құйған ешкім жоқ. Бағбандар бізге дұрыс қарамайды, аз ғана суды да қандырып ішкізбей, топырақтың бетіне шаша салып тайып тұрады. Ылғалдың бәрі топырақтың бетіне ғана сіңіп, тамырыма су бармайды. Соны ұқпайтын неткен адамдар өздері?! Құяр суын қандырып бір құймайды. Жаңбыр да жаумай, қаңсытты-ау мына күн!
– Айтпа, райхан гүл, су жетпей әлсірегеннің үстіне иісі қолқаңды жаратын газдың иісінен әппақ қауыздарым сарғайып кетті. Бүйтіп өмір сүргенім бар болсын. Осылай қинары бар, несіне өсіреді біздерді?!
Қарасам, астра гүлі екен.
– Соны айтамын, суды қойшы, жаңбыр бір жауар, мына қаланың газды, лас ауасы жанды қинады. Адамзатына аз да болсын себіміз тисін деп бар ласты, газды өзіміздің бойымызға жиып жатырмыз. Олар сол жақсылықты сезер емес, тым болмаса суды да жарытып ішкізбейді.
Бақтан атып шықтым. Гүлдер мен ағаштардың, жапырақтардың сыбдыр-сыбдыр әңгімесінен басым зеңіп кетті. Бақ іші гу-гу өсек.
– Осы анау бақтың ішіндегі өсімдіктер неменеге жақ-жақ болып жатады, білмеймін. Күтімі жоқ мен де ешкімге ренжімей, қурап, жайыма тұрмын ғой. Қушиған жаман ағаш деп қиып тастамағандарына рахмет. Шіркін, бір күн болса да жарық дүниеге не жетсін!
Бақтың сыртында қараусыз, бұтақтары сыйдыйып, әр жерінде қылтиған бірер жапырағы бар күтімсіз, сиықсыз жалғыз өсіп тұрған қаратал осылай деп қалды. Оның соңғы сөзімен мен де іштей келістім….
БЕЙІТТЕГІ СЫРЛАСУ
Қала сыртындағы қалың қазақы қорымның шетіндегі молада жатқан марқұмның бас жағында кішкентай ғана төмпешік пайда болды. Аязы күшейе түскен қаңтардың қысқа күні тез батты. Мүлгіген қалың қорымның шеткері тұсындағы моланың қабырғасына бедерленген суреттің бұрышына титтей жарық сәуле жылт-жылт етіп қонақтай қалды. Бұл түс әлетінде екі-үш азамат әкеліп жерлеп кеткен, бір жапырақ әппақ матаға ораған шақалақтың періштеге айналған шыбын жаны еді. Титтей періште өзі қонақтай қалған суретке үңіле қарады. Осыдан жыл жарым бұрын тағдырдың тәлкегіне өзі барып түсіп… ақыры тәлтіректеп жүріп қарызданып-қауғаланып жүріп салған жапандағы жалғыз тамда жағатын отыны жоқ, дірілдеп жатып жан тапсырған нағашы ағасы. Жап-жас… жиырма бес-отыздардағы кезі-ау… Өте әдемі кезі… Қу арақтың соңына түсіп, сүйіп алған жары Салтанатты сол… еліртіп… есінен айыратын «зәмзәм суына» айырбастап жіберді. Ақыры, сорлы басы сорлап жүріп өмірден өтті. Салтанаттың бейіті анау шетте. Екеуі екі жерде. Басында құдай қосқан қосқан қосақты арақ айырды. Аллам-ай… мені өмірге әкелем деп алты ай қиналған анашым не күйде екен? Періште әп-сәтте боз тұманға айналып қалың қорымды тастап ұша жөнелді. Мүлгіген молалардан алыстап барып артына қарады… өліктер өлі ұйқыда… Аурухананың өзі білетін ұзын дәлізімен ұшып отырып бесінші палатаның есігіне қонды. Анасы жатқан төсекке жақындады. Бүк түсіп теріс қарап жатыр екен. Анасының ояу екенін біліп тұр. Төсектің басына қонды. Жайлап шашынан сипады. Анасы селт етіп… бірдеңе сезгендей басын жастықтап жұлып алды. Қараңғы бөлменің тұңғиығына қадала қарап… қайтадан жатты. Омырау тұсы шылқылдап тұр екен… Ақ уыз сүт денесіне жапсыра омырауын тартып қойған орамалдан өтіп кеткен… Титтей періште анасының малмандай болған омырауынан сипады. Құшырлана иіскеп, ақ уыздың тәтті иісіне танауын толтырып алды да шөкімдей тұманға айналып қорымға қарай ұша жөнелді… Ауруханаға барып қайтқан түнгі сапардан кейін қатты әлсіреп қалса керек… Ерекше бір үннен көзін ашып алды. Қараңғы көрдің бетін жапқан түнгі аяздан тоңазыған қара топырақтың арасынан әупірімдеп әрең шықты. Жанындағы моланың маңы қаптаған адам. Аққа оранған мәйітті жерлеп жатыр. Жаназаны алғаш есіткен титтей шақалақ періштенің көзіне жас келді… Моланың маңындағы қар араласқан топырақты жинастыра үйіп, құран оқыған соң қайтып кеткен көп адамның аяғы басылғасын ұшып барып жас топырақтың үстіне қонды. Адамдар қырық қадам ұзай сала жап-жас жігіттің періште бейнесі де топырақтың бетіне шықты. Ересек періштенің бас сүйегіндегі ойық үңірейіп тұр… оң қолының саусақтары сынған… әр жері көгеріп кеткен денесіндегі жарақаттардың орнында ұйыған қанның ізі қарайып-қарайып тұр. Қос періште бір-біріне қарап қалыпты.
– Титімдей ғана екенсің, қалай жан-тәсілім еттің, періштем? – деп сұрады ересегі.
– Несін сұрайсың… көрер жарығым… суішерім жоқ екен… Алланың бұйрығымен…
– Мммм…өмірге келе сала неден қайттың сонда?
– Анамның құрсағынан барлық мүшем жетіле алмай тұрғанда шығып… алты айлығымда шетінедім. Үш күн вакуумда жаттым… жетілмеген бауырым… жетілмеген бүйрегім… жетілмеген жүрегім шыдамады… О баста ақ тілекке амалсыздан арам ой араласып кетіп біткен дәнек ем… – деп мұңайды шақалақ періште.
– «Арам ой араласып» дегеніңді ұқпадым…
– Түсінесің бе… менің әке-шешем… менен бұрын дүниеге келген үш бауырымды, ата-анасын қайтсек баспаналы етеміз деп бастары қатып жүретін. Былтыр ипотекаға үш бөлмелі пәтер алды. Ол пәтерді алу үшін одан бұрын жетіспегеннен алған несиелерін жабу керек… Қарызға белшелерінен батты. Алатын жалақылары мардымсыз. Тамақты да несиеге алып жеп күнелтіп жүрген. Дүкендердегі қарыздары бастарынан асқасын, әбден діңкесі құрыған анам қарыздан құтылатын амал іздей бастады. Қанша тыраштанса да қарыздан құтылар болмады. Ақыры құдайдан бала сұрады. Пәтердің несиесін төлеп, коммуналдық қызметін төлеп, дүкендердегі қарыздарын беріп тастап, қолында қалған… бір аптаға жетпейтін аз ғана қаржымен қай жыртығын жамарын білмей… шақшадай басы шарадай болған таңдарды көзімен атырып жатып: «Шіркін, бойыма бала бітіп… оны аман-есен туып алсам… декреттік төлемдермен бірталай қарызды өтеп алар едім…» деп күні-түні армандай бастады. Берері мол Алла Тағала шын ниетпен айтылған тілекті құр қалдырмайды ғой… күндердің күнінде анамның құрсағына мен біттім… Біткенімді қайтейін, анама бейнет болып жабыстым. Бойына бітер-бітпестен шалт қимылдаса болды, қан кетіп… қанмен бірге мен де аға жаздап… апта сайын, ай сайын ауруханадан бір-ақ шығатын… О баста сананы қу тірлік байлап алғасын… санада бір рет жалт еткен пенделік «сасық» ой… байғұс анамның денсаулығына кесел болып жабысты. Бес айлығымда тағы да жатырынан қан кетіп ауруханаға түстік… Дәрігерлер мені түсіп қалмасын деп жатырдың түтігін тігіп қойды… Сонда да болмады… Алты айдан аса бере анамның құрсағы тағы да қанға толып кетті. Мен тұншығып өлер болғасын, ота жасап жанымды алып қалғандай еді… Амалым бар ма… Ажал деген сұмырай көрер жарығымды көп көріп… Жарық дүниеге… жалған дүниеге үш күн тұрақтатты да… ақ кебінге орап мәңгілік дүниеге көшіріп тастады… Тағдырдың қысастығын көрмеймісің… анамның қу тірлікпен шатасқан бір мысқал пенделік ойының құны менің өміріммен өтелді. Бір ғажабы, мынау жалған дүниенің заңы бойынша үш күн тірлік кешпесем анама төленетін төлемдер төленбей… қан кеткен сайын қарызға алынған дәрі-дәрмектің құнымен қоса, банктегі несиесін айтпағанның өзінде, дүкендерге кірген қарызынан құтыла алмай… мені көтере жүріп көрген бейнетіне татымай қалады екен. Алла Тағаламның мейірімі мол ғой, шіркін… вакуумнің ішін тура үш күн нұрға бөлеп, отыз алты сағаттың соңғы секундтарында дем жетпей әлсіреген өкпеме… өзі үрлеп дем салғанын… соғуы қиындаған жүрегімнің қан тамырларын өз тамырына жалғап жеткізгенін сезіндім… Мені қойшы… Өзің ше… Өзің неден қайттың, жан аға?
– Неден қайттың дерің бар ма… – Ересек періште үнсіз мұңая қалды.
– Иә… неден қайттың?
– Ей… шақалағым-ай… Екеуміз де қу тірліктің құрбанымыз. Менің сенен айырмашылығым… Он сегіз жыл өмір сүргенім ғана. Сол он сегіз жыл жалған тірліктің сұмдығын көзіммен көргенім. Әкеден ерте айырылдым. Бес баламен жесір қалған анамның көрген бейнетін айтпай ақ қояйын… Енді мен жоқпын қасында… келесі айдың пәтерақысын немен төлер екен деп қапаланамын. Тірі болсам ғой… Әттең… Екі мың жиырма екінші жылдың қаңтарында… биыл… кеше ғана елімізде үлкен қанды оқиға болды. Мен сол оқиғаның жазықсыз шалынған құрбанымын, бауырым! Ойымда еш жамандық жоқ, түнгі кезектен, жұмыстан қайтып келе жатқанмын. Күндіз орталық алаңға халық жиналып Жаңаөзендегі газдың қымбатшылығына қарсылық көрсеткендерді қолдап жатыр деп естігенмін. Телефонды кіре берісте күзетшіге өткізіп кетеміз, күндізгі оқиғалардан хабарым болмады. Үлкен көпірге жетер жерде қалың нөпір халықты көріп еріксіз аялдадым. Анам «жолай сүт пен нан ала кел» деген, сол маңдағы дүкенге бұрылдым. Жабық екен. Жолдың ар жағындағы дүкеннің алдындағы жарық жанып тұрғасын, сонда өтейін дегенмін. Жолдан өте бере сатырлатып атылған оқтың үнін естідім. Қалың нөпір адам лықсып… маған қарай қашып келеді… Бір заматта басымның солқ еткенін сездім… ары қарай есімде ештеңе жоқ. Ертеңінде реанимация бөлмесінде көзімді аштым. Тілім аузыма сыймай… кенезем кеуіп жатыр… «Су… су…» деймін ернім әрең жыбырлап… Сол күні қасыма ешкім келмеді… Санитар апай кезерген ернімды сулы матамен сүртіп кетеді… әлсін-әлсін келіп… Үш күн реанимацияда жаттым. Бас сүйекті жанап өткен оқтың жарып кеткен жеріне пластик орнатып, құйқамды бүрістіріп тігіп қойыпты. «Ми аман… өмір сүресің, жігітім, тек күтінуің керек» деді дәрігер. Содан… төртінші күні түскі демалыста мызғып кетіппін, біреулер келіп төсектен жұлып алды. Көзімді ашсам маска киген, қару асынған әскерилер. Жәй киіммен екі жігіт жүр. Әй-шәй жоқ: «Жинал!» – деді. Үстімде аурухананың пижамасы… аяғымда нәски де жоқ, жалаңаяқ итермелеп дәлізге алып шықты. Санитар апай жүгіріп кетіп, бір бәтеңке әкеліп кигізді. Тар екен, қонышынан басып, аяғымды сұға салдым. Кісі таситын «таблетка» дейтін мәшінмен полиция бөліміне алып келді. Солқылдатқан көліктің жүрісінен басым зеңіп, көзім қарауытып, жүрегім айныды. Су сұрап едім… «Мә, су!» деп ішімнен жұдырықпен ыңқ еткізді. Түсініксіз сұрақтар қойып «…сыбайластарыңды ата… алаңға кіммен бардың?» – дейді… Деген сайын сабайды. Сұрақ қойған сайын «түсінбедім» десем жерге жатқызып алып қос бүйірден тепкілейді келіп… Отадан шыққан әлсіз ағзам көп соққыны көтере алмады… Қан қысымым көтеріліп… миыма қан құйылып жан-тәсілім еттім. Тағы бірнеше мәйітпен бірге мәйітханаға апарып тастады. Аптадан аса хабарсыз кеткен ұлын анам зар еңіреп іздеп… мәйітханадан танып алып… бүгін жерледі… бауырым… Не үшін… кім үшін… өлгенімді аңдай алмаған күйі… өмірден өттім.
Бірі шарана күйінде… бірі бозбала шағында о дүниеге өткен қос періште қақаған қаңтардың аязын сезінбеген күйі томпиып жатқан қара топырақтың үстінде шоқиып-шоқиып… қорымнан бір шақырым жердегі тас жолмен зуылдап өтіп жатқан машиналардың үніне құлақтарын тосып үн-түнсіз отырып қалды…
ЖӘУТІК
Кеше түстен кейін полицияның жедел тобына «АДК» сауда үйінде жанжал болып жатыр деген хабарлама түсті. Жақын маңда жүрген Жәутік экипажымен зыр етіп жетіп барған. Бара сала планшетін шығарып, қағаз-қаламын дайындап, жанжалдың неден шыққанын анықтауға кіріскен. Сөзге келісіп, дауласқандарды бір-бірден шақырып түсінік ала бастады. Өзі орысшаға ежелден шорқақ еді. Жанындағы әріптесін анау сатушы мен дүкеннің әкімшісінен түсінік алуға отырғызды. Орысшасы «онша» емес болғандықтан дұрыстап сөйлесе алмай, «да… да… нет… нет… кәнешні…» деп білген орысшасын айта береді. Қазақша нан сұрап, сүт сұрап тұрған шілтиген қазақтың айтқандарын шала тыңдап, шадыраңдаған екі орыс қатынның «уәждеріне» басын шұлғып: «Все? Хорошо. Давайте. Разберемся» деп білетін он шақты орысшасымен орыс тілінің «мәртебесі» туралы екіленген екі қатынды «успокоить» етті де ана жігітті желкелеп әкеліп мәшінге отырғызды да полиция бөліміне ала жөнелді.
– Осы сендер, «қазақ десең өзіңе тиеді», неге «права кәшәйттамай» тып-тыныш жүрмейсіңдер? Сенің қазақшаң кімге керек қазіргі заманда? Қымбатшылық анау бір жағынан қысып жатқан, Ресей мен Украина анау соғысып жатқан… Сендер «геосаяси жағдайды» ұғасыңдар ма, жоқ па? Шынын айту керек, қазақшаларыңмен шаршаттыңдар әбден! – деп Жәутік өзі де білмейтін, әкімдіктегі «аппаратныйдан» келе сала «геосаяси жағдай ушығып кетпесін» деп тапсырма беретін бастығынан еститін сөздерді қосып, онсыз да дүкенде орыс әйелдерден еститінін естіп, шағынарға пенде таппай тұрған шілтиген жігітті тұқырта жөнелді.
– Бауырым-ау, мен орысша білмеймін. Ауыл жақтан келгенім кеше ғана. Баламның үйіне сүт пен нан ала барайын деп жолай дүкенге кіргенмін. Екі орыс қатын мемлекеттік тілді ұғу тұрмақ, өзіме дүрсе қоя берді, «говори на нормальном языке» дейді… Менің мемлекеттік тілім «ненормальный ма» сонда? Адамның құқығын қорғайтын полиция қызметкерісіз, төрелігін айтыңызшы! Конституциямызда жазылып тұр ғой! «Мемлекет тілі – қазақ тілі» деп! Сонда мемлекеттің тілін қоғамдық автобуста сөйлемесем, дүкенде сөйлемесем қайда сөйлеймін? Қоғамдық көліктердегі кондуктор әйелдер де кеше әкіреңдеп, «орысша айт» деп қиғылық салды. Автобуста толып тұрған қазақтардың біреуі де араша түсуге жарамады! Мына қаладағы қазақтарға, Сіздерге не болған, ә?.. Ана тілін аяққа таптап, тіл тигізіп жатқанда «сен тимесең мен тимен, бадырақкөз» деп бақырайееееп, бақылап тұрды бәрі. Автобустарыңда жаңа «Оңай» дей ме, бір бәле орнатылғанын қайдан білейін… Ақшам кесек екенін айтып, түсіндіріп жатсам әлгі дөңкиген орыс қатын итермелеп түсіріп тастады… Бұдан асқан қорлық бар ма?! Енді дүкендегі қылықтары мынау… Қазақша нан сұрап жеуден қалдық қой, түге! Сіз, мына Сіз, қорғағанның орнына ана екі орыс қатынның алдында мұрныңның астынан «мыңқылдап», өзімді төмпештеп, ол аздай полицияға неге алып келдіңіз?.. Неге?..
Бойында бұрқ ете түскен өзіне де түсініксіз ашу мен ызадан қаны басына бір-ақ шапшыған Жәутік бар дауысымен айқай салды.
– Басты қатырмашы, ей!
Өзінің де ішінде бұрқ-сарқ қайнап жататын, бұрын болған, бірақ қазір қоламтасы ғана қалған намысы ма… ұяты ма… әлде өлудің шақ алдында шаланжансар жатқан, әр қазақтың бойында туабітті болатын қазақы рухы ма, білмейді… әйтеуір беймәлім бір сезім жанұшыра шыңғырып жібергендей миында бір шыңыл пайда болды. Бейне бір нәресте шыңғырып жатқандай… Жәутік шілтиген қазақты жуан жұдырығымен іштен «ыңқ» еткізді. Бүктетіліп қалған жігітті желкеден тағы бір ұрып, етпетінен түсірді. Анау дем ала алмай ауа қарманып, ыңырсып жатқанда күрткесінің жағасынан алып тұрғызды да тағы бір ұрам дегенде әлгі жігіт тәлтіректеп төмен сырғып кетті. Жұдырығы қабырғаға дүңк етіп соғылғанда жаны көзіне көрінді. Соққысы дәл тимегеніне ызаланған Жәутік ішін басып бүгжиіп жатқан жігітті тепкінің астына алып, қарадай қаны басына шапшып, құтырынып барып, өзін-өзі әрең тоқтатты. Жазықсыз жанды не үшін ұрып жыққанын өзі де ұқпай қалды. Жүйке әбден жұқарған… демалысқа шығу керек, әкең… Ыңырсып, есінен танып қалған жігітті шалқасынан аударып тастады да қалталарын тінткіледі. Ішкі қалтасынан «күмәжінігін» тауып алды. Жалма-жан ашып жіберіп ішіндегі бар ақшаны алды да өз жанқалтасына сүңгіте салып, бос қалған былғары күмәжнікті иесінің қалтасына қайтадан тықты. Сол екі ортада қасындағы сержант кіріп келді.
– Здравие желаю, господин капитан! Вызывали? Че надо делать? Этот че лежит на полу? Ему плохо?
– Ей, неге қазақша сөйлемейсің, а?
Жәутік енді сержантқа шап ете қалды.
– Жаке, я же русскую школу закончил, универ тоже… и вообще, у нас вся жизнь на русском же… че это вы вдруг… Кстати, русский язык официальный язык, сам Президент сказал по телику, так что не надо придираться…
– Ей, Бауыржан, сен не… мені оқытайын дедің бе?!
Осы кезде есін жиған шілтиген қазақ басын көтеріп:
– Президент «орыс тілі «ресми» түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деген шығар, шатасып тұрған жоқсыңдар ма, қазақтар? Ата заңның жетінші бабында екі-ақ тармақ бар, мемлекеттік қызметшісіздер, жаттап алуға болады ғой, – деді орнынан сүйретіліп тұрып жатып…
– Бауке, мынаны «оформить» етші… «Хулиганство» де… Если откажется подписать протокол, знаешь что делать… Нам надо план выполнить… а то без премии останешься…
Өзінің қалтасында «премиясы» жатқанын айтқан жоқ… Ішін ұстап әлі де ауырсынып, орындықтың шетіне келіп отырған шілтиген қазақ бар ақшасы Жәутіктің қалтасында кетіп бара жатқанын сезген де жоқ…
– Хорошо, Жаке! Сделаю!
Аяқ астынан пайда болған жемтігін жәукемдеген шибөріге ұқсай қалған Жәутік қалалық полиция бөлімінің ғимаратынан шыға сала таңертең жұмысқа келгенде жолдың екінші жағына қаңтарып кеткен «лексус» көлігіне қарай тапыраңдап жүгіріп, жолды кесіп өтті. Сүліктей қара «Лексустың» капотын батпиған саусағымен жеңіл ғана сипап, кілттің тетігін басып «шиқ-шиқ» еткізді. Көліктің кең салонына жайғасып алған соң, полиция кителінің ішкі қалтасынан шілтиген қазақтың қалтасынан «қағып алған» ақшаны шығарды. Қалақтай жігітті «ұрамын» деп қабырғаны сүріп өткен жұдырығының терісі жырылып, қызарып қалыпты. Жұдырығын бір «үрлеп» алды да жаңадан шыққан қағаз ақшаны санай бастады. Қолы дірілдеп кетті. Оған мән берген бұл жоқ, жылпылдатып тез-тез санап шықты. Тұп-тура, артық-кемі жоқ сегіз жүз мың теңге! Жәутік жымиып қойды. Демалыс күндері «жем жейтін» арнайы орнына бармайтын болды. Дем алады! Қатыны «ақша таусылды, үйде азық-түлік қалмады» деп отырған, жолай «Магнумге» кіріп, бала-шағаға тәтті-дәмді, күріш-вермишель ала салмақ болды. Ана жігіт мына ақшаны дауламақ тұрғай шақша басын арашалап алсын, қаласа «сепаратист» деген бапты «теліп» жіберер!
Жәутік іштей дүйсенбі күні сотқа қайта өткізетін «хаттаманың» жоспарын құрып, подьездің есігін жұлқа ашып ішке кіріп кетті.
Арада бес минут өтер-өтпесте Жәутік тұратын сегізінші қабаттың терезесінен кіп-кішкентай мысықтың марғауы асфальттың үстіне ұшып түсті. Бейшара марғау сол үйдегі көп пәтердің бірінен байқаусызда шығып кетіп адасып, күні бойы терезе түбінде мияулап отырған… Қимылсыз жатқан марғаудың денесінен аққан қан сұп-сұр асфальтты қызыл түске бояп жатты…
СОТ
Он тоғызыншы шағын ауданның шеткері жағында салынған «элитный» үйдің тоғызыншы мен оныншы қабаттарын қоса қамтитын, аумағы екі жүз шаршы метр «пентхаузды» былтыр сатып алған. Құрылысы бітпей тұрып, салынып жатқанда-ақ «осы үйде тұратын боламын» деп шешіп, жоғарғы қабатындағы пентхаузды іштей меншіктеп алған. Құрылыстың аяқталғанын аңдып жүріп сол арманына жеткен. Екі дәретхана, екі душы бар «шикарный» пәтеріне бүкіл туыс-туған, құрбы-құрдасын шақырып, дүрілдетіп «қоныс тойын» тойлап тастаған. Іштерін тартып, қызыға-қызғана таң қалған құрбыларының іштерін «қыж-қыж» қайнатып соңғы үлгідегі «күлгін» түспен әрлендірілген әр бөлмесін аралатып, масаттанғаны бар.
Зәрипа жиырма миллиондық «джип» мәшинесін есік алдына қаңтарып, айнаға бір қарап алды да көлігінен түсті. Солтүстіктен соғып тұрған қатты жел су жаңа мәшіннің есігін артқа қайыра жұлып ала жаздады. Шеткері аумақта маңайында ық болар биік үйлер әлі салынбаған, жел өте қатты соғады. Үдей соққан суық жел шілтиген өзін де есікпен бірге ұшыра жаздағанына қарамастан тұтқаға жата-жабысып, мықшиып-мықшыңдап жүріп, екіленген желге дес бермей, қымбат дүниесінің жұлына жаздаған есігін дүниеқоңыз кеудесіндегі қайдан келгенін өзі де білмейтін бір алапат күшпен жапты, әйтеуір. Енді анау тұрған үйінің күнқағарына дейін жетіп алса… Ұйтқыған жел кеудесінен кері итеріп, алға жылжытар емес, долдана соғып Зәрипаны мәшіннің жаңа ғана әрең жапқан есігіне жапсырды да тастады.
– Апай, қолыңызды беріңіз!
Арт жақтан шыққан дауысқа бұрылып еді, төменде тұратын жігіт екен. Қолтығынан демей ұстап, бір қолымен малақайын басып, қарыс қадам аттатпай екілене, шабалана үрлей соққан желге қарсы дедектетіп жетелей жөнелді.
Үйге кіре сала шешінді де қыстың боранды желінен үйге жеткенше тоңазып қалған бойын жылытпаққа ваннаға беттеді. Төменгі қабаттағы даладай бөлмедегі даладай ваннаны суға толтырып, тыр-жалаңаш шешініп, көпіршіген жылы суға жәйләп әппақ тәнін батырып, бір сүңгіп алды да мәрмәр ваннаның шетіне басын қойып көзін сүйсіне жұмды…
Ваннадан кейін Дубайдан алған әппақ «махровый» халатын киіп, суы сорғалаған шашын ақ орамалмен орап, ас үйдің столындағы шағын ақ термостан лимон қосқан көкшәйін қытайдан әкелген ақ фарфор күрешкеге құйып сораптап отырып, бүгінгі «табысы» көк пәкеттегі жылтыр қағазға оралған ақшаны шығарды. Он сегіз миллион теңге. Зәрипа масаттана жымиды. Оңай олжа деген осы. Кезінде әділет басқармасында бас маман болып жүргенде министрлікте танысы бар бір дөкеймен «әуейі» болғаны бар. Сол арқылы тесттің бәрінен қиналмай өтіп, сот болу құқығын беретін куәлікті қолға түсірген. Осы Өскеменге сот болып тағайындала сала, сұрастырып жүріп, жұмысты «әжептәуір» білетін сот хатшысын тауып алған. Өзінің заңдарды біліп тұрғаны шамалы. Қасында білімді қыздың жүргені жұмысты жеңілдетеді. Өндіріске түскен том-том қылмыстық істерді оқып, нақты «кәртинәні» алдына қысқаша қайырып берген соң үкім шығару салу қиын емес. Сырттай заңгерлікті оқып бітіргені рас. Философиядан сабақ берген Бектемір Жантемірұлы деген жарықтық қара шал «сырттай білім алған «сырттай әбед» жасағанмен бірдей» деп отыратын, осы сөздің жаны бар екенін іштей сезеді, кейде есіне түсіп, жыны қайнайтыны бар. Мен ғана ма? Бүкіл жұрт біткен сырттай оқып, табақтай дипломмен жәйлі қызметтерде «шалжиып-шалжиып» отыр. Заңгерлік салада дипломды сатып алғандар қаншама. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы бірнеше жылдардағы тексеру қорытындысы бойынша анықталған фактілер туралы ақпараттары жүр ғой әлеуметтік желілерде… Өзі танитын спорт саласындағы есімдері елге белгілі жігіттер басқарушы қызметтерінен қуылғанын біледі, дипломдарынан «ши» шыққан ғой… Ал мен «сырттай болса да оқыдым ғой» деп өзін-өзі ақтап алатын. Жәәә… оны қойшы… қолда қағаз бар… ең бастысы… қалғаны орыстар айтпақшы «ерунда».
Халық соты деген – рахат жұмыс! Үкім шығарар кезде болмаса қиналған жері жоқ, бар істейтіні – хатшы қыздың дайындап бергенін оқып шығу ғана. Бұл болса оқығанды жаратпайды, өмірінде бір-ақ рет, сертификат алатын жылы тесттегі жүз сұрақ пен оның жауабын жаттағанда ғана жатпай-тұрмай бірнеше ай оқыған. Содан бері кітап бетін ашып көрмепті. Заңдарды ашып, қарап, қайта-қайта салыстырып, екіұшты болып келетін баптарды пысықтауды хатшы қызға тапсырып, өзі ақша мен дүниелік шаруаларымен айналысып жүре береді. Жүрмегенде ше, заң бойынша соттың ісіне ешкім араласа алмайды! Араласып көрсін! Іштей өзінің қызметіне ешкімнің қол сұғып, «анау деп…»… «мынау деп…» әңгіме айта алмайтынына масаттана отырып жылтыр қағаз ішіндегі миллиондарды столға шашып жіберді. Өңшең жиырма мыңдық су жаңа сусылдаған қағаз ақша столдың үстінде үйіліп жатыр. Миллионға сәл жетпейтін жалақысынан бөлек ай сайын «клиенттерден» түсіп тұратын азын-ауық «ауызбастырықтарды» ақша деп менсінбейтін болған. «Ұсақ-түйек» қылмыстардың «жылын» азайту немесе «айыппұлға» ауыстыру сияқты жазалар тағайындау кезінде алатын «параны» ақша екен-ау демейді. Мына миллиондар «топтасқан» қылмысқа қатысушылардың екі-үшеуін «күдіктіден» «куәгерге» айналдырудан түскен «пара». Бәрін бірдей алып шығу мүмкін емес, сондықтан пара беруге «мүмкіндігі» жоқтарды «қылмыскерлер» санатына жатқызды да қолын майлағандарын «куәгерлер» санатына ауыстыру үшін «дәлелденбеген» фактілерді анықтап, ебін тапты.
Ақша! Ақша! Дүниенің кілті осы «шытырлаған» қағазда ғой, шіркін! «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деп атам қазақ бекер айтпаған. Қалтаңда ақшаң болса ғана адамсың, жоқ болса ешкім емессің! Маған десе мың жерден білімді, ақылды бол, саған ешкім пысқырып қарамайды. Қолыңда «он жетінші айфон» болса, астыңда миллиондар тұратын «джип» болса, басыңда «пентхауз», үстіңде күнде ауыстырып киетін ақ, қара, күлгін түсті норка шуба мен аяғыңда бағасы 500 мыңнан жоғары былғары етігің мен сол түстес сөмкең болса… сен кісісің, сенімен бәрі санасады! Айтқаныңды екі етпейді!
«Ақшадан өлген» шақша басындағы су орамалды сыпырып алып, айналасы алтынмен өрнектелген үлкен айнаның алдына келіп, шашын сілкіп артқа қайырды. Айнаға қадалған күйі қатты да қалды. Айнаның ар жағында бет-жүзін әжім басқан шашы әппақ бейтаныс әйел тұр! Қорыққаннан жүрегі су ете түсті. Жалма-жан айнадан жанарын тайдырып, суы әлі кеппеген дымқыл шашының ұшын жинап көз алдына әкелді… Сүйріктей саусағына орала қалған шашы қап-қара…ағарған түгі жоқ.. Басын әнтек көтеріп шарадай жарқыраған айнаға қайтадан қарады. Алдында шашы әппақ бейне тұр.
– Несін таңырқайсың, бейшара-ау?! Бұл – мен, қара шашы жасына жетпей ағарған сенің Арыңмын! Иә, Арыңмын!
Мына сұмдықтан шошынған Зәрипаның көзі алайып, айнаға қараған күйі денесін игере алмай, аузымен ауа қармаған күйі қатты да қалды. Бірдеңе деуге дауысы шықпайды.
– Өй, зәнталақ! Сыртым бүтін болса жетеді, ішім күл болмаса бүл болсын дейсің бе?!
Бетіндегі әжімдері сөйлеген сайын жыбырлап, ұйпа-тұйпа, таралмаған әппақ шашы арқасын жауған қорқынышты әйел сөйлеп кетті.
– Қу тірліктің керегі «ақша…ақша…» деп арың мен абыройыңды айрандай төккеніңмен қоймай, құдайдың құтты күні қолыңды боққа малып, пара алған сайын қара шашымды ағартып, әппақ жүзімді әжім сызықтарымен осып-осып, қанжоса қылдың! Жап-жас, әп-әдемі жас әйелге соншалықты тойымсыз, ашқарақ нәпсі қайдан пайда болды?! Әкең ақшадан өлген, ақша десе жанын беретін сумақай еді, тартқан екенсің, тартпай қалғыр… Анау жекешелендіру кезінде отар-отар қойды қаладағы бастықтарға арзанға сатып, аудандағы техника біткеннің жаңасын да сатып, сатылмағанын туыстарына үлестіріп, совхоздың жерін, шабындығын, күзеулер мен қыстауларды да «жекешелендіріп», сосын сатып… ту-талақайын шығарып еді. Әлде парақорлық деген қанмен берілетін «дерт» пе? Шешең байғұс қарапайым, адал жан еді, жатырыңа тартпай, қаныңа тартыпсың… Алған сайын «бере берсе» деп кеңірдегің қылқылдап тұрады. Осыншама құнығуға болмайды ғой, жаным-ау! Бойыңда адамдықтың титтей де тұқылы қалмады. Ақшаға айырбастап жібердің. Не байың жоқ, не балаң жоқ. Сөйлескен қарапайым жігітті менсінбейсің «түгі жоқ» деп. Қартайған әке-анаңды арам ақшамен Меккеге жібердің… Ұялмайсың ба? Бауырыңа да арам ақшамен мәшін әпердің, не болды арты?.. Күл-талқаны шыққан темірді қойшы… мүгедек болып төсекке таңылып жатыр… Арам ақшаға әперіп жүрген дәрі-дәрмегің бойына ем болып қонар емес… құр сүлдері қалды… Қаншама жазықсыз жандардың көз жасын көл етіп түрмеге тығып, есебі жоқ ақшамен арамдалған қаншама арсыздарды шығарып жіберіп, тайраңдатып қойдың. Қылмысы үшін жазаланбайтынын, сотты ақшаға сатып алатынын білетін арсыздар отыр әне, білімді, саналы азаматтардың орнында… Неменеге аузың ашылып, көзің бақырайып, ежірейіп тұрсың?.. Нәпсіңді тый! Ар-ожданын табанына салып таптағандардың оңғаны жоқ!
Жүзін айқыш-ұйқыш әжім торлаған, таралмағандықтан ұйпа-тұйпа болған әппақ шашы арқасын жапқан қорқынышты әйел қалай пайда болса, солай жоқ болып кетті. Айнаның алдында дымқыл шашын салалы саусақтарымен уыстаған күйі көз алдында болған қорқынышты бейненің айтқанын айран-асыр болған миы әлі қорыта алмай тұрған Зәрипа қаққан қазықтай қатты да қалды. Ұйтқи соққан боранды жел тоғызыншы қабаттағы пентхауздың үп еткен самал тұрмақ, қара дауылды да миземейтін пластик терезелерінің әйнегіне келіп соғылып сұлап жатты…
Гүлжан ҚАЗЫМОВА





