ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВТЫҢ «ҚҰЛАНИЕК, ҚҰБА ТАҢ» ТУЫНДЫСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ

Көрнекті ақын Қасымхан Бегманов таңдамалы жыр кітабын «Құланиек, құба таң» деп атапты. Шығарманың аталымы ақын жырларының көркемдік әлемімен ғана емес, қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен астарласып жатқанын аңғаруға болады. Кең дала төсін мекен еткен ежелгі ата-бабаларымыз түн түнегі түгел серпіле қоймаған, таң сыз беріп келе жатқан шақты құла түзде жортқан жел жетпес құланның жоны мен иегіндегі түктің құба түсіне ұқсатуына қайран қаласыз. Дегенмен, қазақ дүниетанымында жай ғана «таң» деген концепт тазалық, мөлдірлік, тыныштық, тіршіліктің бастауы, жаңғыру, өмір мен өлім, сенім мен үміт, сағыныш пен махаббат, еркіндік сынды көпқырлы мағынаға ие екені белгілі. Дегенмен, «Құланиек, құба таң» поэзиялық туындысының аталымы шығарманың тақырыбымен, идеялық мотивтерімен астарластығы айқындалады.
«Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр кітабының беташары іспетті «Ұрпаққа хат», «Арман» өлеңдерінде ақынның шығармашылық мұратын айқындап тұр деуге болады. Бұл өлеңдерінде ақын бүгінгі жас ұрпақ болашағына қызмет ету асыл мұраты екенін ұқтырады: «Беу, бүгінгі тәй-тәй басқан балғындар,
Ал, әзірше тал бесікте қалғыңдар.
Із түспеген жаңа соқпақ салғым бар,
Миллиондардың жүрегінде қалғым бар.
Қанша ғасыр таппай келген арманды,
Арыстанның апанынан алғым бар».
Ақынның асқақ пафосқа, шұбыртпалы ұйқасқа құрылған жырында лирикалық кейіпкер «ежелден еркіндік аңсаған» халқымыздың арманы «арыстанның апанында» болса да, жанпида етіп алудан тайсалмайтындығын романтикалық леппен жеткізеді. Елінің аманатын арқалаған ақынның интроспекциясы – ішкі күйзелісі де сыр береді:
«…Пәктігіңмен періштем-ау, көмек бер,
Табалауға табылады себептер.
Қорқу керек қорықпаса құдайдан,
Неге сонша үреді деп төбеттер…»
немесе:
«…Жыры сырлы, жаны мұңлы, жұмбақтау,
Осындай бір ақын барын естіңдер…»
«Арман» өлеңінде:
«…Адамзатқа жақсылық жасап кеткім келеді,
Өлмейтұғын өлең сөз қашап кеткім келеді.
Ақ үмітін елімнің ақтап кеткім келеді.
Ата-баба дәстүрін сақтап кеткім келеді», – деп ағынан жарылады.
Бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінде есімі танымал, қалың оқырман ықыласына ие ақынның бірегейі Қасымхан Сейітханұлы Бегманов деуге болады. Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқыған 1976-1981-жылдарда поэзия кештеріне жиі баратынбыз. Бірінен кейін бірі суырылып шығып, өлеңдерін өршелене оқитын жас ақындардың қатарында Қасымхан да бар еді. Кәсіби мамандықтың ықпалы ма, атақ-даңқы дүркіреген Мұқағали, Төлеген, Тұманбай, Жұмекен, Сағи, Қадыр, Фариза, Күләш, Мұхтар сынды ақындардың кітабын жата-жастана оқитындықтан ақын атаулыны әулиедей көретінбіз. Қасымхан сол кезде «көше ақындары» атанған Е. Раушанов, Ұ. Есдәулетов, Т. Медетбек, Д. Стамбеков, Б. Қошым-Ноғай, М. Қайыңбаев, Е. Асқаров сынды замандас ақындардың ұзын легі ішінен табылатын. Солардың арасынан «көкірегіне өлең ұя салған» деуге болатындай дарындылары танылып қалатын, көзге тез түсетін, ішінде Қасымханда бар екенін іштей сезетінбіз. Сол кездерде поэзия кештерінде «ҚазГУ-дің қалашығы, Көзімнің қарашығы…» деп жыр түлететін Қазақ политехникалық институтының студенті Қасымхан Бегманов казгуліктердің ғана емес, жалпы жыр сүйер қауымның ықыласына бөлене бастағанын сездік, әрі болашақ машина жасау инженерінің өлең жазуы оқшау бір құбылыстай көрінген еді. Сол кездерде Күләш Ахметова жырға қосқандай, Қасымхан «казгудің кең залында» жырларын оқитын, филология факультетінің жатақханасында өтетін жыр кештеріне жиі келетін, өзімен пікірлес ақын қыз-жігіттерді іздеп келіп тұратын. Сырттай қарағанда, бұйра шашты, арықша қара жігіттің көздері тұңғиық, мұңлы көрінетін. Сөйтсек, оның жан-дүниесі әдеби ортаны іздейтінін кейінірек ұққандай болдық. Оқу бітірген соң, әртарапқа аттанып кете бардық. Жылдар сусып өте берді. Енді міне, бүгінде жырын қазақ елі ғана емес, барша түркі жұрты таныған көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың таңдамалы жыр жинағын қолыма алып отырмын. Көз алдымдағы баяғы болашақ инженер жігіт енді былай толғанады:
«Ішіп өскен мөлдір суды қайнардан,
Қозы баққан, жусан шапқан сайлардан.
Инженер мен мұңды ақын ойланған,
Бірін-бірі түсінбейтін екі әлем,
Бір денеге қалай мәңгі байланған.
Екеуі де бір жүректі тыңдап тұр,
Сілкілейді, дүркірейді сынға ап бір.
Мен байғұсқа екеуі де қымбат бұл,
Бірін-бірі тыңдамайтын кезі көп,
Екі әлем, екі дүние – жұмбақ сыр.
Ұзақ жылдар көкейімнен кетпеген,
Есімде кез алыс жолға беттеген.
Жігіт аз ба мақсатына жетпеген,
Қара түнде еске түсті дариға-ай,
«Ай сәулесін» жазып кеткен Бетховен..».
Иә, Қасымханның өмір жолында сол «бірін-бірін түсінбейтін екі әлемді бір жүрекке» бағындыра білгендігі, тіпті сол екі әлемін өмір-тұрмысында үндестіре білгендігі мықтылығы емес пе?! Десек те, Қасымханның бойындағы табиғи ақындық дарыны жеңеді, о баста туған ауылынан аттанғанда өлеңге берген сертінен айнымайды. Расында, ұлттық әдебиетімізде де, әлем әдебиетінде де көптеген даңқты ақын-жазушылардың кәсіби мамандығы басқа болғандығы белгілі.
Ең алдымен, Қасымхан Бегманов – лирик ақын. Жалпы, лирикада ақын адамның шындық өмірде бастан кешетін жағдайларын, рухани құбылыстарын лирикалық кейіпкер бейнесіне жинақтайды, ал лирикадағы тартыстан ақынның қоғамдық-эстетикалық мұратын, заман бейнесін, азаматтық көзқарасын да тануға болады. Әрине, бұлар – лирика жанрына тән заңдылықтар. Қасымхан Бегмановтың лирикалық туындылары өмір шындығына да, автор қиялына да суарылған көркем дүниелер, сондықтан оқырман шығарманың эмоционалдық атмосферасына тез ыңғайланады. Бұл лирикадағы ақынның көркемдік қуатының құдіреті болса керек. Расында, көркемдік қуат – ой-толғанысы, лирикадағы образдылық ақынның құштарлығынан туындайды Әдебиет теоретигі В. Е. Хализев: «Эпикалық баяндаудағы бейтараптық, құштарлықсыздық лирикаға тән емес (аударған –біз)», – деп жазады. Ал, Қасымхан лирикасындағы медитация (ой-толғаныс) шегі философиялық мәнге тірелетіндігі, Қасымхан лирикасының суггестивтілігі (әсерлілігі) оның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкердің көз жасын, күйзелісін, қайғы-мұңын жан әлемінің әралуан күйін нақты, дәл, айқын суреттей алған ақын тілінің байлығына, лирикаға тән сөз таңдай білу (экспрессия) шеберлігіне де сын болса керек.
Академик, өлең теориясының білгірі З. Ахметов «Поэзия шыңы – даналық» атты зерттеу еңбегінде: «Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді», – деп жазады. Шынында, лирикалық кейіпкер өзінің жан сырын, толғанысын, тіршілік жайын, адам мінезінің құбылыстарын, қайғы-мұңын, заман аужайын жеткізеді. Қ. Бегмановтың осы бағыттағы бір лирикалық туындысының идеялық құрылымына, өлшем-өрнегіне зер салып, буын өлшемін санмен, ұйқас түрін әріппен белгілеп көрейік: «Замандарға жетелейді замандар 11 а, Әр күн сайын жасалады қадамдар 11 а. Әрбір сәтін сезінбейді неліктен 11 б, Жер бетінде аласұрған адамдар 11 а. Аласұрып жүгіреді жан-жаққа 11 в, Бірте-бірте айналады қаңбаққа 11 в. Ғайбаттардың алуан түрін ойлайды 11 г, Бір-біріне жаңа жала таңбаққа 11 в. Бір-біріне жекірер де, секірер 11 д, Мына жақта құлазиды жетім ел 11 д. Бәрі өткінші екендігін кеш сезіп 12 е, Ең соңғы сәт бармақ тістеп өкінер 11 д. Замандарға жетелейді замандар 11 а, Түсінгісі келмейді оны надандар 12 а. Өкіргенмен көрге түскен сәтінде 11 ж, Жер бетінде естімейді адамдар 11 а». Бұл өлең негізінен он бір буынды қара өлең өлшеміне негізделгенмен, екі тармағы ғана он екі буынды құрайтынын, ұйқасы аралас екенін көруге болады. Ал, өлеңдегі бастапқы тармақтың соңғы шумақтың басында қайталануы эпостық жырлардағы рефренді еске салғанымен, лирикалық кейіпкердің күйзелісінің арта түскенін, өмірдің баянсыздығы жайлы ой түйіндеуін аңғарамыз. Осы өлеңде ақын тұлғасы мен кейіпкер тұлғасы тұтастықта танылады.
Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты поэзиялық туындысында махаббат лирикасы өзгеше стильдік табиғатымен ерекшеленеді деуге болады. «Мына дүние көктем сайын көктейді» деген лирикалық жырында лирикалық кейіпкер өзінің ғашығына деген махаббатын романтикалық сипатта абсолюттендіре жеткізеді.
«Мына дүние көктем сайын көктейді,
Тағдыр адам мүмкіндігін шектейді.
Сені сүйіп өту үшін жалғаннан,
Жалғыз рет сүрген өмір жетпейді.
Бір-ақ рет сүрген өмір жетпейді,
Ал, табиғат қайта-қайта көктейді.
Адам шіркін қарбаласта сезбейді-ау,
Қадам сайын… бейіт жаққа беттейді.
Әр қадаммен бейіт жаққа беттейді,
Мән беруге, мұршасы оның жетпейді.
Бір-ақ рет сүретінім өмірді,
Күндіз-түні көкейімнен кетпейді.
…Жер бетіне жаңбыр жауса сіркіреп,
Көкейіме оралады бір тілек.
Аяулым-ау, саған жазған жырларым,
Көктем сайын көктер ме екен дүркіреп», – деген өлең жолдары лирикалық субъектінің жан сыры түріндегі рефлексияға толы екенін аңғаруға болады. Лирикалық кейіпкер бір рет берілетін өмірді місе тұтпауы арқылы ғашығына деген махаббат сезімінің шексіздігін сездіреді. Өзі дүниеден өтсе де, ғашығына арнаған жырларының «көктем сайын дүркіреп көктейтіндігіне» үміт артады. Қасымхан ақын өзінің алдындағы дәстүрді жалғастырушы, жаңғыртушы десек те, дәстүршілдіктен, өзгеге механикалық еліктеуден аулақ екені анық. Алайда, ақын жыры әрісі Абайдың адам рухының өлместігі туралы, берісі Мұқағалидың табиғаттың өлместігі жайлы табиғат пен адам өмірін шендестіретін философиялық толғамдарымен шектесетін реминисценция екені көзге түседі. Өлең тармақтарындағы ой-сезім синтаксистік құрылымы қалыпты толымсыз сөйлемдермен өріледі, «Көкейіме оралады бір тілек. Аяулым-ау, саған жазған жырларым, Көктем сайын көктер ме екен дүркіреп» деген тармақтарда баяндаудағы лирикаға тән жүйесіздік бар. Ой мен сезімді, іс-әрекеттерді етістіктің болымды, болымсыз, көсемшелі етістік түрлерімен, эмпатиялық инверсия арқылы жеткізеді. Ақын жырда «…Жалғыз рет сүрген өмір жетпейді», «Бір-ақ рет сүрген өмір жетпейді» деп қайталау арқылы алдыңғы ой-сезімді үстемелеп, айшықтай түседі. Поэзиядағы қайталау айшықтаудың бір түрі екені белгілі. Олай болса, жырдағы «Қадам сайын… бейіт жаққа беттейді. Әр қадаммен бейіт жаққа беттейді» деген жолдардағы қайталаудың да көркемдік қызметін тануға болады. Ақын Қ. Бегмановтың «Биле, биле» дейтін өлеңі өзінің мазмұнымен де, ырғақтық-фонетикалық ерекшеліктерімен де суггесивті. Автор биші қыздың шат көңіл-күйін, би үстіндегі экстатикалық әрекетін, қуанышты сәтін поэтикалық тілмен көз алдымызға әкеледі:
«Биле, биле, қыздыр мына би кешін,
Таста ағытып көйлегіңнің түймесін.
Биле қалқам, биле, биле, қалқып ұш,
О құдірет, қандай сұлу үйлесім…
(қысқартып алған – біз)…
Биле тағы өкшең жерге тимесін.
Биле қалқа, аққудайын қалықтап,
Көрейінші тағы да бір анықтап.
Пыр-пыр етіп ұшып кетер құстайын,
Қайта оралды аспан жаққа барып қап.
Биле, биле, тоқтай көрме шыр айнал,
Қара түнде көкірегімде жылайды ар…
(қысқартып алған – біз)…
Қыз, бозбала қалқып бара жатқандай,
О, құдірет қандай сұлу үйлесім.
Өлеңдегі ой мен сезімге үндес өлшем-өрнек тауып, жырына саз бен әуен дарытады. Осының баршасын ақын өлең мазмұнына, болмыс-бітіміне лайықты сөз таңдау (экспрессия) арқылы жүзеге асырады. Бұл – Қасымхан ақынның шеберлігі, стильдік даралығы.
Ақын Қасымхан Бегмановтың әнге айналған өлеңдері бір төбе. Әсіресе, Қасымхан ақынның «Ол көктем оралмайды» атты әйгілі лирикасына жазылған ән Қазақстан аспанында қалықтағанын өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ақынның «Махаббатқа куә болған дала-ау бұл» деп басталатын лирикалық өлеңі де, басқа да көптеген өлеңдеріне композиторлар құлшына ән жазып, өнер сүйер жұртшылықтың көзайымына айналғаны айтпасақ та белгілі. Аталған өлеңде де ақын ғашықтық дертін, шын сүйген жанның азабы мен мұңын, күйзелісін лирикалық кейіпкердің монологы арқылы бейнелейді. Лирикалық жырда полисубъектілік – лирикалық кейіпкердің «менінен» басқа «мен» бар, ол – лирикалық кейіпкердің сүйген қызы: «Бәрi орнында анау өзен, анау қыр. Алматыға кеткенiмде мұңайып, Осы ауылда бiр қыз қалған сонау жыл». Ақын лирикалық жыры шағын сюжетке құрылады. Фабуласы баршамызға таныс: ауыл баласының алғашқы махаббаты, қыз бейнесі, оқуға аттануы, оған деген жан сыры, өзге бозбалалардың қызғанышы, ғашығына қолы жетпеуі, сағынышы, ағасына мұң шағуы. Десек те, Қ. Бегмановтың бұл өлеңі бүгінде хит-әнге айналғалы қашан?! «…(қысқартып алған – біз)
Бұл өмiрде бiр-ақ рет берiлер,
Мен осылай махаббатпен кездестiм.
Жағасында көк бұлақты, Көк тастың,
Қыста дауыл, күзде жаңбыр жоқтассын.
Бұл өмiрде бiр-ақ рет берiлер,
Мен осылай махаббатпен қоштастым», – деген жолдардағы эмоциялық рефлексия, адам жанына терең бойлауға қызығушылықты танытатын құрылымдар, бейнелі оралымдар, қыздың өлең тілімен өрілген бейнесі, эллегиялық сарын автор образын, шеберлігін айшықтайды.
Ақын Қ. Бегмановтың «Шуақ шашқан көктемі, күзі менің» деген өлеңі «поэтикалық үнем» мен инверсиядан басталады:
«Шуақ шашқан көктемі, күзі менің,
Белгісіндей баяғы күндерімнің.
Әйнегінен тамшы боп үзілемін,
Жұлдыздары жоқ мұңлы түндерімнің.
Аспан көшіп, жанарға жол тығылған,
Бедірейген бетсізден түңілгенде.
Ғайыптан кеп сүйейді қолтығымнан,
Аруақтайын көлеңке сүрінгенде.
Малтығамын өте алмай мен өзеннен,
Түсімде ылғи оралып бала күнге… (қысқартып алған – біз)», – деп жатырқамас оқырманына қайрылған лирикалық кейіпкер тірлікте «арсыздардан түңілген, сүрінген сәттерінде» қолтығынан «көлеңке кеп сүйейтінін», балалық шағын түсінде көргенде «өзеннен өте алмай малтығуы» да «соңына еріп қалмайтын көлеңкелердің» әрекетінен жүрегі шайлығуы екенін, олардан қорғайтын анасы я бабасы екенін түйсінеді. Қасымхан ақын Абайдың «Көлеңке басын ұзартып» өлеңімен үндес келетін лирикасында «көлеңке» архетипі арқылы тартысты өмір бейнесін шынайы суреттейді.
Қасымхан ақын шығыс шайырларынша:
«Сұлу құштым, шарап та iштiм, ат мiндiм,
Ессiз сүйдiм Мұхаммедтi, Құранды.
Жер қалмады, ел қалмады баспаған,
Алға қарай жетеледi асқақ ән.
Кiрпiктерiм iлiнгенде көрдiм мен,
Суретiңдi отқа жағып тастаған» деп жыр төккенде:
«Мен өзiмнен бөле алмадым Тұранды,
Дос екен деп жақын тарттым жыланды…», – деп ақын экспрессияны сәтті қолданады, демек жау дегеннің орнына жылан деген сөзді таңдап, тілдің көркемдік қуатын өткірлей түседі.
Ақын лирикасында ауыл, ел, туған жерге сағыныш мотиві кең орын алады.
«Алыстап қалған алаңсыз ойын-сауығым,
Ақпейіл елім, ардақты жұртым, қауымым.
Келмеске кеткен сәби кезімді сағындым,
Иті де ыстық аяулы менің ауылым… (қысқартып алған – біз)», – сағынышын ғана жырлап қоймай, туған ауылын кең байтақ отанының бір бөлшегі деп қарап, оның тұрмыстық-экономикалық жағдайына жаны ауырады:
«… Суы тартыла бастапты-ау мына тоғанның,
Есіңді алып ағатын асып арнадан…
Ауырта тырнап жанымның ескі жарасын,
Жүректе мәңгі сағыныш болып қаласың».
Ақын Қазақстан елінің қилы кезеңдердегі қайғы-қасіретін де батыл жырлайды: «Қазақстан ағыл-тегіл жылап тұр,
Ей, дүние, мұң-зарына құлақ түр.
Тебіреніп, толқып жатыр ұлы елім,
Құлдық ұрып, құлау емес бірақ бұл.
Қазақстан толқып жатыр, шамданған,
Бүкіл дүние қарай қалды таңданған.
Қаңтардағы Алматының көшесі,
Аппақ қары қып-қызыл боп қан болған.
Елім дейтін… шексіз сүйер ұлың бар,
Ел қорғауға сапқа келіп тұрыңдар.
Басқыншыдан мәңгі-бақи аман бол,
Қайран елім, басқа сенер кімім бар».
Бұл-ақынның қайраткерлігі, саяси-қоғамдық көзқарасының тегеуірінділігі.
Қ. Бегманов лирикасының бір тобы экзистенциалдық мұңға құрылады.
«Қажыдым, артық жүріс, сандалыстан,
Қажыдым, реформа, дағдарыстан.
Тартпайды Рубцов пен Хэмингуэйің,
Үлгі емес, Пастернак пен Мандельштам.
Үлгі емес терең мұхит, ормандарың,
Үлгі емес бар әлемге тарландарың.
Үлгі емес классиктер бағы жанып,
Нобельдің сыйлығын да алғандарың.
Ұнап болған, жас кезде жылатты орман,
Кеудеме талай-талай сұрақ толған.
Үлгі емес маған бүгін Есенин мен,
Толстойың кезінде граф болған.
Заманымда кейде рас, тасып, төктім,
Аяғын біреулердің басып кеттім.
Иван Бунин секілді жат жерге бір,
Тастап елді келмейді қашып кеткім», – деген жолдардан ақын тұлғасы танылады. Ақын аласапыран заманның сұрқынан түңілгенмен, қайғысын ішке жұтқанмен туған еліне деген сүйіспеншілігін жоғалтпайтындығын аңғартады. Ақынның елі мен жерінің тағдырына алаңдауы, қорқынышы жеке басының мұңына айналып қоймай, оның қайратын қайрап, жігерлендіре түседі. Қасымхан ақынның осы іспетті өлеңдерінен әлем әдебиетінің жауһарларын игерген кең зердесі, дүниетанымы мен ақындық жолдағы ізденгіштігі, биік парасаты танылады. «Құлазу» атты жырында да:
«Талаңдар мені, иттердей жұлқып ырылдап,
Шыбын жан ұшсын аспанға қарай шырылдап.
Өтеді айлар, өтеді жылдар зырылдап,
Басқа бір ұрпақ ықыласы ауып бұрылмақ.
Жер бетін басып жүруге сірә қақым жоқ,
Елімде менің баласыз, байсыз қатын көп.
Жүргендер сатты жаныма осы жақын деп,
Қазақстанда қадірсіз қазір ақын көп.
Солардың бірі болғым келмейді, талаңдар,
Онсыз да менің жазылмайтұғын жарам бар.
Келгенде түрлі замандар,
Іздейді мені, іздейді басқа Адамдар», – лирикалық кейіпкер жігерін жани түседі, болашаққа нық сенімін білдіреді, «өсек, ғайбатқа бет бұрмайды»:
«… Жала жабыңдар, өсек айтыңдар, оттаңдар.
Сендерге менен керегін айтып сонан соң,
Арыма тимей, тоқтаңдар.
Маңыма қайтып соқпаңдар!…»
Ақынның «Торғайлардың ерлігі» атты сюжетті өлеңі иронияға, афоризмге негізделеді:
«Құлақ аспай өз халқының зарына,
Адал болмай некелескен жарына.
Туған жерін тонап кеткен адамдар,
Қара таңба басқан жандар арына.
Жала жапсын, адал болсаң қорғайды ар,
Қара ниет, қарау болсаң сор қайнар.
Ақ боранда, біле ме екен, ерлігін,
Туған жерден кетпей қалған торғайлар.
Етегіңнен тарта берсін жамандар,
Кімсің өзі, елің түбі бағамдар.
Халыққа ақыл айтқысы кеп тұрады,
Торғайдайын ерлігі жоқ адамдар!»
Қасымхан поэзиясында өмір мен өлім философиясы, экзистенциалистік мұң ерекше сарынға айналады. Мәселен, «Кеңсайда» деген өлеңін жанрлық табиғаты жағынан готикалық лирика деуге болады. Шағын сюжет те бар.
«…Алуан аңыз айтамыз көргендермен,
Елден келген, баяғы жерден келген.
Кеш кіргенде қасында қала алмаймын,
Зиратында қалады ол өлгендермен.
Мұңлығым-ай, көзіңнің сорасы ма,
Су-су бопты бұрылған жол асыға.
Түніменен кезгенмен көк пен жерді,
Таң ата кеп жатады ол моласына» …».
Осы жырдағы «Елден келген, баяғы жерден келген» деген жолдар «Зәуреш» әніндегі «О, Зәуреш өзің көрген елден келдім…» дейтін зарлы әнді еске түсіретін реминисценция екені рас. Лирикалық субъект «мұңлықтың көз жасынан су-су болған жолды» гипербола арқылы бейнелейді. Нарратор-баяндаушы (мен-баяндаушы) о дүниелік болған жанмен кездесуін суреттеу арқылы тірілерге өмірдің қадірін ұқтырады. Лирикалық субъект өмірден өткен пендені оған қойылған ескерткішіне ұқсатады.
«…Тұрып қалған, жүрмейді, үндемейді,
Жанына кеп сырыңды айт күнде мейлі.
Бұрынғыдай ол енді мақтамайды,
Бұрынғыдай ол енді күндемейді», – дегенде әрбір тірі адамның пенде екенін, өлімнің хақ екенін кестелі тілмен жеткізеді. Ақын жырының ұйқастары етістіктің әртүрлі шақтарынан жасалған плеоназмға құрылады. Лирикалық кейіпкер (мен – баяндаушы) әруақпен тілдескендей болады, оның іс-әрекетін тірі адамша бейнелейді: «Таң ата кеп жатады ол моласына». Адам рухының өлместігі, әруақты қастерлейтін діни-ұлттық танымымыздың таса да қалмайтындығы өлеңге тін болып тартылады. Ақын өлеңінен Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Бірақ ол қайтып келіп, ойнап-күлмес…» дейтін философиялық өлеңдерінің сарыны жоқ емес, алайда Қасымхан ақын өлім философиясын өзінше өргені анық. Жалпы, Қ. Бегманов поэзиясында өлім мен өмір философиясына кең орын беріледі. Тіпті, ақын бір кітабын «Бесіктен бейітке дейін» деп атаған. Ақынның осындай экзистенциалдық бағыттағы:
«Естен бәлкім кетпейсің,
Қалмас тіпті елесің.
Жалғыз туып көктейсің,
Жалғыз жатып өлесің.
Ешкім бірге өлмейді,
Жаны ашысын, жыласын.
Топырақ та тербейді,
Тастан қарап тұрасың…», – дейтін жырының әр шумағы жеті буынды дәстүрлі қара өлең өлшемімен өріліп, афористикалық сипат иеленеді. Абай «Адамзат бүгін адам, ертең топырақ» немесе «жер қойнына кірер денең» десе, Қасымхан ақын да халық танымындағы «жер-бесік» түсінігімен, адам өмірін хтонизм ұғымымен ұштастырып, «топырақ тербейді» деген перифразбен (қайта айту) әрлейді, пәниден өткен жанның тірліктегі қадір-қасиетін де қазақ танымындағы фитонимдік (өсімдікке қатысты) түсініктермен сабақтастырады:
«Жан-жарыңа өртеніп,
Үздіге тіл қатасың.
Кім біледі ерте өліп,
Бір жотада жатасың», – деп ұлттық танымымыздағы «ажал-ғайып» дейтін ұғымды шумақ өлшеміне сыйғызып, лаконизм арқылы перифраздауы, әрі ажал туралы ежелден айтылып келе жатқан таптаурын (тавтологиялық) ұғымды қайталамауы – соны көркемдік шешім, әрі тәсіл.
«Арамдыққа жолама,
Түре көрме іргесін.
Көк шөп емес молаңа,
Тікен шығып жүрмесін.
Айналайын жақсылар,
Аманатын тапсырар.
Қара таспен бастырар,
Қара көзге жас тұрар.
Еске бәрі түсті ме,
Ана жолмен өтпедің.
Көктеп шығар үстіңе,
Басып кеткен шөптерің.
Бәрі бастан өтті ме,
Келеді кез шешетін.
Абайлап бас шөпті де,
Түбі үстіңе өсетін», – деп ақын адамзаттың ең соңғы сапарындағы артында қалған жақсылардың пәниден озған пендені «қара таспен бастырып, қара көзіне жас тұрып», жер қойнына аманаттап кете баратынын бейнелі суреттеп, өзің қойнына барар жер-ананың бетіне шыққан «көк шөпті баспауды», түбінде сол басқан шөптің «үстіңе» өсетіні жайлы соны философиялық ойды Қасымхан ақын ғана алғаш рет айтып отырғанын пайымдауға тиіспіз. Бұл тұста ақын тек «мола үстіне шығар көк шөпті» тек көркем деталь еткенімен, жалпы айналамыздағы өзіміз тыныс алып, тіршілік ететін жасыл әлемді – экологияны қорғауды, көздің қарашығындай етіп сақтауды, болашақ ұрпаққа аманат етуді көздегені аян екені анық. Бұл өлеңінде ақын экзистенциализмнің негізін қалаған ойшылдар С. Къеркегор, Ф. Ницщеден бастау алатын әр адамның жалғыздығы, өмірдің соңы өлім деген философияны өзіндік оптимизммен: «Жалғыз туып көктейсің, Жалғыз жатып өлесің» деп өлімнің хақтығын айтқанмен, өмірді адамша сүріп, артыңа игі іс қалдыруды өнеге етеді. Осы ой ақынның «Мені үнемі қорғап жүрген сүрелер» деп басталатын өлеңінде:
«…Үнсіз жатам таң атарда сібірлеп,
Жаратқанға сыйынамын күбірлеп.
Жапырағын тағы жайды жүзімдер,
Қайран анам егіп кеткен түбірлеп.
Тіл ұшында, жүрегімде сүрелер,
Иман жайлы имамы бар біледі ел.
Аруақтарым түкпірінен санамның,
Ұлы жыр боп түрегел», – деп жалғасады. Ақын ата-бабалар қастер тұтқан сүрелерді, аруақты әспеттеу арқылы имандылық, ізгілік жолынан айнымауды діттейді. Ақынның «аруақтардың сана түкпірінен ұлы жыр боп түрегелуін» мінәжат етуі де дерексіз құбылысқа жан бітіре суреттеу арқылы бейнеленеді. Қ. Бегманов лирикасында діни мотивтер жиі кездеседі. Қасымхан ақын бұндай өлеңдерінде бойын скептицизмнен аулақ ұстап, көбінесе жас ұрпақты жақсылыққа баулуды мақсат етеді. Ұлттық дәстүрлерімізді, рухани-адамгершілік құндылықтарымызды, мәдени-тарихи жәдігерлерімізді, тіліміз бен ділімізді сақтауға, ұлттық тамырымыздан ажырамауға үндейді. Ақын ұлттық тамырынан алыстап бара жатқан бүгінгі жұртқа аруақты қастер тұтуды, өмірден өткен адамның игі істерін ескеру кісілік қасиет екенін діни-экзегетикалық сипатта ұғындырады. Жалпы, қара өлең дәстүріндегі Қасымхан лирикасының ырғақ, ұйқасы, екпіні мен сазы келісті өріледі.
Әдебиет сыншысы Б. Кәрібаева М. Мақатаев, Т. Айбергенов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мырзалиев сынды қазақ ақындарының тілдік, образдық, жанрлық ізденістері қара өлеңнен бастау алғанын байыптайды.
Қасымхан ақынның:
«Алдарқатты, жолдар шығып не түрлі,
Күндер, айлар қадірімді кетірді.
Бұл соқпақпен тарта берсем түбінде,
О дүниеге әкететін секілді.
Өмір, өлім арбасады санамда,
Мен де бір күн төмпешік боп қалам ба?
Қара жерге асықпаңдар, жарқыным,
Адам болып жүрген ғажап ғаламда.
Жаза алмастан… жанымның мұң-наласын,
Мен өтемін, сен қаласың, Алашым.
Қара жолмен жүйткимін шаңғытып,
О дүние мен бұ дүниенің арасын… (қысқартқан – біз)»
немесе:
«Жанарыңа бір тамшы жас кептеліп.
Жалғызсырап… төмпешік боп тынармын,
Мүмкін, бірақ, қателескен шығармын.
Осы жолдың бір жерінде қасқайып,
Бәлкім, түбі ескерткіш боп тұрармын» секілді шумақтары өзара мазмұндас, өлім мотивіне ғана құрылған десек қателесеміз, лирикалық кейіпкер өлімнің хақтығын жоққа шығармағанмен, өмірмен шендестіреді.
Мәселен:
«Адам болып жүрген ғажап ғаламда.
Жаза алмастан… жанымның мұң-наласын,
Мен өтемін, сен қаласың, Алашым» дейтін ойлар өмірден түңілудің, үміт үзудің белгісі емес.
Қ. Бегмановтың «Ажал», деген өлеңінде:
«….Бесікпенен қоштасқан сол сәтімнен,
Ажалды өзім іздеп кетіп барамын» десе,
«Ойлаудан қашсаң бүгінде» дейтін жырында:
«Ойлаудан қашсаң бүгінде,
Ой салар тұғыр тас мына.
Барамыз біздер түбінде,
Қап-қара жердің астына.
Шалқыған дарқан көңілге,
Байлыққа ажал қарамас.
Жалаңаш келіп өмірге,
Өтеді адам жалаңаш.
Өседі бәрі қарыштап,
Сәбилер әлі-ақ ес білер.
Жылдардан қалған алыстап,
Менің де даусым естілер.
Өтеді менмен пенде де,
Өтеді асыл құрбы да.
Ұқпағам мұны мен неге,
Тас тұғыр айтып тұр мына.
Жыр жазған менен талғаммен
Кейде арым сілкіп, тергейді,
Аңыз боп, ән боп калғанмен,
«Өлгендер қайтып келмейді», – деп өлімнің адамды алаламайтынын, атам заманнан айтылып келе жатқан «өзектіге бір өлім» деген тәмсілді өлеңмен өргендегі ақын шеберлігі ерекше деуге болады. Ақынның сондай-ақ, «Бейіт басында» деген өлеңіндегі мына жолдарды да оқырман тебіренбей, толқымай оқи алмайды, өйткені ақынның стильдік даралығы жырдың көркемдік-эстетикалық тұтастығына негізделеді. Бұл – Қасымхан поэзиясының үлгілеріне тән сипат:
«Маңдайыма сезбеппiн сыймасын-ай,
Сөз қадiрiн сезiнген, сыйласым-ай.
Қоңыр кеште мен сенi есiме алдым,
Суық қырда қап қойған, қимасым-ай.
Топырақты лақтырып, құрбым-ау тұр,
Жалбарындым, тұрмадың, тұрдым-ау тұл.
Менiменен қосыла құлазыды,
Iшке тартқан өксiгiн мұңдылау қыр.
Мұңдылау қыр… жеттi ендi сабырсыз дер,
Тұлпарлардың байлайтын бағын сiздер.
Қатпарланған қайғымды көтерiстiң,
Қара суық жалаған сағымсыз бел».
Өлім мен өмір философиясын шендестіре жазған ақын өлеңдері мазмұндас десек те, тіпті ақын өлім, бейіт жайлы көп жазады десек те, олар қорқыныштан туған жырлар емес, керісінше бағзы заман данышпандары айтқандай, өмірдің соңы өлім екенін, «адамдардың бір-біріне қонақ» екенін еске салып отыру арқылы адамды адамша өмір сүруге, өмірге құштарлыққа, қиындықтарды жеңуге, күресуге жігерлену болса керек. Кейбір зерттеушілер Қасымхан жырларындағы экзистенциялық мұңды М.Ю. Лермонтов жырларымен сабақтастырып, ұқсастық іздейді. Ал, шындығында өлім мотиві ұлттық поэзиямызда, шығыс, батыс поэзиясында да ежелден жырланып келеді емес пе?
Қасымхан лирикасында адам мінезінің алуан құбылыстары психологиялық тереңдікпен, адамның мінез-құлқын терең танып-білу, түсіну негізінде жырланады. «Жер бетінде» деген өлеңінде:
«… Жер бетінде түрлі-түрлі сұмдық бар,
Майданыңда, айлағыңда кім құптар.
Қара жолда қабырғасы қақырап,
Шырқырайды шындықтар… (қысқартып алған – біз)…
Екіжүзді, ғайбат пенен өсекке,
Қалай үнсіз төзесің.
Айтыс-тартыс, өзі жеген өз етін,
Амалсыздан бәріне үнсіз төзетін», – деп шындық пен өсек, ғайбаттың аражігін ашып, шамырқана жырлайды. «Қақпан» деген өлеңіне Абай «Күшік ит бөрі ала ма жабылса да» деген сөзін эпиграф етіп алады:
«Досым ғой деп жан сырымды ақтарғам,
Сосын… өсек өрттеріне қақталғам.
Бір әңгіме айтқым келіп оқталғам,
Сол бір адал, сол бір аңқау шақтардан… …(қысқартып алған – біз)…
Қорықпаймын ғайбаттардан бораған,
Қорықпаймын өсектерден лаулаған.
Ей, жас ұрпақ, достарыңды сатпаңдар,
Адал жанға бекер жала жаппаңдар,
Адамдықты, адалдықты сақтаңдар», – деп келер ұрпақ адал достықты насихат етеді.
Қасымхан ақынның балалық сағынышпен, ақындық құштарлықпен, жан тереңінен тебірене толқып, күрсініспен, қасіретті мұңмен өліп-өліп, аңсап жырлайтын тақырыбы – ана. Ана мотиві Қасымхан өлеңдеріне тін болып тартылған негізгі лейтмотивтердің бірі деуге болады. Себебі, ана мотиві ақынның әртүрлі жанрда жазған шығармаларының қайсысында да өзек тартып жатады. Мәселен, «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым» толғауында да анасын жырға қосады:
«Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды,
Асқақ рухың сиқырлап алған санамды.
Киесi ғажап, иесi қазақ, Түркiстан,
Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды», – деп анасының қадір-қасиетін туған жердің киесімен тең тұтып, тебірене толғайды. «Туған ауылда» өлеңінде анасын еске алады:
«Осы ауылдың бiр кезде өндiрi едiм,
Өткендi ойлап жан-жаққа телмiремiн… …(қысқартып алған – біз)
Тоғай мынау, ойнаған баяғыда,
Анам қайта құшағын жаяды ма.
Жаутаң қағып топ бала қарай бердi-ау,
Бейтаныс жолаушыны аяды ма?
Алла бiлер қаншаға шабарымды,
Алдан қандай жақсылық табарымды.
Туған ауыл өзiңнен ұзап барам,
Жасаураған жасырып жанарымды», – деп анасын жоқтап, бала көңілмен егілгендей болады. Ақын «Ана бейітінде» деген өлеңінде: «…(қысқартып алған – біз)
Ажал кеп ақ кебiнге оранғалы,
Жан анам үйге қайтып оралмады.
Алатау асып кеткен ақын ұлы,
Өзгелердей атақты бола алмады.
Бола алмады, болам деп талпынғанмен,
Қоғамға қарай бiлдi салқын қанмен.
Ғасырмен бiрге келген жұмысы аз,
Ұлтқа қатысы жоқ жарқылдармен.
Өкпелеп табансыздау ағасына,
Iнiсiне жармасқан жағасына.
Күндiз естен шықпайтын, түнде түстен,
Келiп тұр анасының моласына…(қысқартып алған – біз)
…Ей, бейбақ, аруақты еске ал, жет басына,
Өмiр де өтер-кетер көп тасыма.
«Жан апа, ана болса сендей болсын»,
Сөзiм бұл ойып жазған көктасына!
Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,
Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.
Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,
Жанымда әкем, сосын Садырхан бар».
Ақын ана атаулының адам баласына қаншалықты қымбат екенін, тіршілікте ананың ақ сүтін ақтап, азамат болудың парыз екенін асыл анасының өлмес рухына деген ерекше нәзік жан тебіренісі арқылы толғайды. Туған жер туралы толғанғанда да да анасы мен туған жерін біртұтас суреттейді: «…(қысқартып алған – біз)
Туған жер жайлы қанша таптым аңыз,
Кеудеме сөнбес алау жақтың абыз.
…Бұл күнде анам да жоқ, досым да жоқ,
Көшеңнен елес іздеп сенделемін.
Түсіме көп кіреді алыс жақта,
Көшеңде қалған, Кентау, балалығым…
Мен жалғыз ұзай бердім қара жолмен,
Барлығы қолын бұлғап қала берді.
…Анашым, бала кезім, сағыныш боп,
Көзімнен бір тамшы жас тамып түсті».
Ақын Жаратушыға қайрылған мына өлеңінде де өзін жаратқан анасына да сөз арнап тұрғандай сипат танытады:
«Жаратушым мені еркін жүрсін деген шығарсың,
Бұл өмірдің қадірін білсін деген шығарсың.
Анамды алып… жылап ап, күрсін деген шығарсың,
Асу бермес биікке ұмсын деген шығарсың.
Қиянатқа осынау төзсін деген шығарсың,
Махаббаттың қадірін сезсін деген шығарсың,… (қысқартып алған – біз)
Шоқай жолын екшелеп қазсын деген шығарсың.
Жағда шалмен сырласып қалсын деген шығарсың,
Сыбағасын өмірден алсын деген шығарсың. (қысқартып алған – біз)
Сәл жұмбақтау, қайғылы өлімімде тұрарсың,
Соңғы минут, соңғы сәт көңілімде тұрарсың,
…Терең ұққан жас ұрпақ өксіп-өксіп жыларсың».
И. Бунин «Жизнь Арсеньева» деген повесінде анасы туралы:
«В далекой родной земле, одинокая, навеки всем миром забытая, да покоится она в мире, и да будет вовеки благословенно ее бесценное имя. Ужели та, чей безглазый череп, чьи серые кости лежат теперь где-то там, в кладбищенской роще захолустного русского города, на дне уже безымянной могилы, ужели это она, которая некогда качала меня на руках? «Пути Мои выше путей ваших, и мысли Мои выше мыслей ваших»,-деп жазады. Анадан жаратылған адам баласының жазушының анасы туралы проза тілімен жазған осынау қастерлі де қасіретті толғанысын оқығанда көз жасына ерік бермеуі мүмкін емес секілді. Қасымхан ақынның да анасы жайлы жырларын тебіренбей оқи алмадық. Бұл – көркем дүниелердегі поэтикалық ой мен сезімнің эстетикалық құдіреті болса керек.
З.Ахметов: «Лирикалық қаһарманның басты ерекшелігін айқындайтын – ақынның қоғамдық, эстетикалық мұраттары, идеялары, өмір құбылыстарын, дәуірді, халық тағдырын өзінше түсініп-сезіну», – деп жазады. Мысалы: «Құлындының даласы» деген өлеңінде ақын ел мен жер тағдырын толғайды:
«Кеше қалай тұтас тұрып жарастың,
Ортасында алыс-жұлыс, таластың.
Жан-жүрегін өртедің ғой Алаштың,
Шекараның сызығынан ары астың,
Қимай-қимай әрең батты қараш күн.
Құлындайын кісінеп тұр Құлынды,
Мұңға баттым арнағым кеп жырымды.
Ақтарғым кеп көкейдегі сырымды,
Сағым сіңген көрдім қанды қырыңды.
Көлігіміз Алтай жаққа бұрылды,
Қарашыққа құйып алдым нұрыңды».
«Құланиек, құба таң» жыр жинағына топталған өлеңдерінде ақын туған ел мен жер жайын, жетім-жесір жайын, қоғамдағы келеңсіздіктерді қозғайды. Елдің шырқын бұзатын мәңгүрттік пен жемқорлықты сынға алады. Тәуелсіздікке шаттанып, тұғырын берік ету идеясын жырларына өзек етеді. Ақынның:
«Жесірлерін қаңғытып,
Жетімдерін жылатпаған ел едік»,
«Ұялмаған ұлттан», «Тәуелсіз елім» іспетті сандаған өлеңдерінен ұлтжандылығы танылады:
« Желтоқсан анау қазақтың қаны шашылған,
Жаңаөзен мынау теңіздей толқып басылған.
Тәуелсіз елім жиырма жылыңда осынау,
Өтпеді нелер, өтпеді нелер басыңнан.
Атылмасыншы мылтықтар суық оқталған,
Сақталған арың кей сәтте рас тапталған.
Өздерін қалай қорғай алмады тік тұрып,
Министрлерім, генералдарым сотталған.
Жыл өткен сайын барады сиреп көк орман,
Даламыз анау, қаламыз мынау тоналған.
Қазақтың ұлы емес пе едіңдер, жігіттер,
Намысың менен жігерің қайда жоғалған… (қысқартып алған – біз)». Мысалы: «Дүние қызыл-жасылды» деген өлеңінде ел тәуелсіздігін оның таңбалы тарихымен тамырластыра жырауларша жыр төгеді:
«Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзiн жасырды.
Өткiзiп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым… (қысқартып алған – біз)
…Кесiле жаздап тiлiм де,
Үзiле жаздап дiлiм де
Қиямет-қайым жолдармен,
Тұралап жеттiм бүгiнге.
Тағдырдың шәлкес сұрағы,
Көңiлде күй боп тұр әлi… (қысқартып алған – біз)
Жүрегiн жаудың қақ тiлген,
Алшайтып тұрып ат мiнген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.
«Қазақтың зарын айтты-ау» деп,
Менi де жоқтар, сағынар».
Жалпы, ұлтжанды ақын Қасымхан Бегмановты қоғамдық көзқарасы, эстетикалық мұраты айқын тұлға екенін де өлеңдерінен де, ұлт үшін, қоғам үшін істеген игілікті қызметтерінен де тануға болады. Ақын мына бір өлеңінде батыл ойларын өлеңімен өрнектейді:
«Саясатта қитұрқы жол, айла көп,
Жүзімді кеп желпіп өтті майда леп.
Он алтымда елден кетіп іздегем,
Қасым ханның қасқа жолы қайда деп.
Елден кетіп, босқа сапар шектім бе?
…( қысқартып алған – біз )…
Уақыт мынау шыркөбелек айналған,
Ер қазақтың көкірегін қайғы алған.
Басын изеп немкеттілеу сызданған,
Пысық бала депутат боп сайланған.
Қылығыңмен жүрегімді сызып өт,
Сайлау өтті, зыр жүгірген жүз рет.
Жүрген жүріс, айтқан сөзін ойласам,
Қазаққа бұл жасамайды-ау қызмет.
Мұңға баттым, уақыт босқа өткізбей,
Өткізбей жол, алыс сапар шеккізбей.
Тоқтата алмас, бұл жалғанда, мені ешкім,
Қазағымды бір биікке жеткізбей».
Осы іспеттес келесі өлеңінде Қасымхан ақын:
«Ісім жоқ билік тойымен,
Айтайын несін, қарағым.
Қара жолдардың бойымен,
Қасқайып өтіп барамын.
Жақсыны кеше үйіріп ем,
Жабырқап жалғыз қалсам да.
Бас имей кеткен жүйрік ем,
Басымды кесіп алсаң да.
Айтамын сырды кімдерге,
Қызыққан жоқпын тағына.
Қилы да қилы күндерде,
Қазақтың шыққам жағына.
Тағы не күтер, білмедім,
Маған да атар бір ақ таң.
Кешегі қайран, күндерім,
Жылағандарды жұбатқан.
Қараулар менен шайқасам,
Қазақ боп өмір сүргемін.
Қаршадай кезден байқасаң,
Жеңілгендермен біргемін», – деп Махамбетше буырқанады. Жиырма тармақты жыр шумағы сегіз буын өлшемге бағынып, төрт аяғын тең басқан көркемдік-эстетикалық тұтастық құрып тұрғанына шек келтіруге болмайды.
Ақын Қ. Бегманов:
«…Арың кейде бұза ма екен ұйқыңды,
Елді тонап шекарадан асқандар.
Көргім келмес, сүмірейген сиқыңды,
Бәрін тастап қашқандар.
Ел дегенде білектерін түретін,
Елеусіздеу… ірілерден іріміз.
…Қара түнде ағыл-тегіл жылайтын,
Сабыр етші, жүрегім.
Сұрауыңды ұлдарың бар сұрайтын,
Жабырқама, ұлы елім», – деп тойымсыз жемқорларды, екіжүзді жалғандықты әшкерелеп, күңіреніп, күйінсе де, елдің ертеңіне иек артып, қайғы-дертін басқандай болады.
Шындығында, трагедиялық дүниесезіну М. Ю. Лермонтовта ғана емес, Абай, Шәкәрімнен бастау алып, Мұқағали, Төлеген, Жұмекендерге жалғасқан төл әдебиетімізде де өзек тартқаны белгілі. Себебі, адамзат бастан кешіп келе жатқан алмағайып замандар, қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық қайшылықтар мен дағдарыстар адамның жан әлемінде әралуан психологиялық құбылыстар, ахуал-күйлерді таңбалайтыны даусыз.
Қасымхан Бегманов «Түркиямен мәңгі біргеміз!» дейтін толғау жырында жер сілкінісінен ауыр трагедияға ұшыраған бауырлас түркі жұртының қайғы-қасіретіне жаны ауырған ақынның:
«Есімді алды, мынау ауыр зілзала,
Құлап жатыр зәулім үйлер ырғала.
Опырайған күңіреніп тұр қала,
Жыламасын, түріктің жас сәбиі,
Тілегім сол, Тәңірімнен, бір ғана», – деген өлең жолдарында зәулім үйлердің құлауын тал-теректердің қатты дауылдан шайқалып, ырғалуымен ассоциацияландыра нақты суреттейді. Апаттың алланың сынағы – «зауал» екенінің сырын ұқтырып, халықты жігерлендіреді:
«Ай астында менің мәңгі ұраным,
Бүкіл Түркі дүниесі бірігіп,
Көтереміз Алланың бұл сынағын».
Бүкіл түрік жұртының рухын оятып, «барлық түрік бірігетін күн келуін» аңсаған Мағжан, Мұстафа Шоқай идеясын жаңа мазмұнда жаңғыртып, бүкіл түркі халықтарын Түркияға көмек қолын созуға шақырады:
«…Келгеннен соң, тәуелсіздік, азат күн.
Бөленгенмін ғажабына ғажаптың,
Мұстафаның жүріп өткен жолымен,
Дүниедегі екінші, мен, қазақпын.
Есіме алсам көзіме жас келеді,
Қайран, Тұран неткен мұңлы ел еді.
Том-том болып тұр кітапта дерегі,
Мұстафа бей Шоқайұлы оғланым,
«Түркі» деумен өткен ғажап ер еді». Ақынның бұл толғауында Түркия елінің трагедиясымен сабақтас бүкіл түркі жұртының тұтастығы, тәуелсіздігі үшін күресіп, кеңестік тоталитаризмнің қуғын-қыспағына түсіп, шетел асып кетуге мәжбүр болса да, қызыл империяға қарсы күресін ғұмырының соңына дейін тоқтатпай, шетелде жүріп Түркістан жұртының рухын оятуға үндеген басылымдар шығарған, жанын пида еткен ұлтжанды тұлға Мұстафа Шоқайдың рухын еске алуы тегін емес екені белгілі. Ақын Қасымхан Бегмановтың алаштың ардақтысы, түбі бір Түрік жұртының көсемі Мұстафа Шоқайдың туған жері Қызылордадағы Сұлутөбеден Берлинге дейінгі жолымен экспедициямен жүріп өтіп, осы тынымсыз сапарында Шоқай өмірінен тың деректер жинап, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты құнды еңбек жариялайды. М. Шоқайдың қайсар рухын ауыр тағдырымен астарлас суреттейді. «Мұстафа Шоқай» атты тарихи драмасын, осы аттас кинофильмнің сценарийін жазады. Бұл лайықты еңбектер ақын Қ. Бегмановтың тынымсыз ізденістерінің, жанкешті еңбегінің нәтижесі және ұлттық руханиятымызды байытқан туындылар екені ақиқат. Қасымхан Бегмановтың Мұстафа Шоқай туралы әдеби-тарихи, көркем туындыларының қайсысында да тарихи шындықтан алыстамауы, нақты деректерге сүйенуі оның Мұстафа Шоқай тұлғасын күстаналаған отарлық санадағы қарсыластарын сотта жеңіп шығуына айқын дәлел болғанына да көпшілік қауым көз жеткізгенін білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ зиялылары, зерттеушілері, тарихшылары Қасымхан ақынның тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы ерен еңбектерін жоғары бағалайды. Мәселен, Ұмтыл Зарыққан әдебиет порталындағы мақаласында: «Ақын, қоғам қайраткері Қасымхан Бегмановтың ұлт руханияты үшін істеген жұмыстары ерлікпен пара пар. Әсіресе, тұтас Түрік жұртының көсемі Мұстафа Шоқайдың ізімен жүріп өткен сапары, ел мүддесі үшін жасалған ұлы істердің бірі болды», – деп жазады. Ал, жас алаштанушы Елдос Тоқтарбай да (әдебиет порталында) Қ. Бегмановтың ұлт мүддесі үшін еткен еңбегі туралы былай толғанады: «Оның (Қасымханның – біз) қайраткерлігі сол – рухты жырлар жазуы, Мұстафа Шоқайдың мұрасын насихаттауы, шоқайтануға үлес қосуы, қазақтың салт-дәстүріне адалдық танытуы. Енді осындай шығармашылық адамын қайраткер демесек, кім дейміз?!». Тіпті: «Бүгінгі қазақ поэзиясынан «азамат ақын» деуге тұрарлық ақын болса, ол – осы Қасымхан Бегманов», – деп тұжырым жасап, ақынның туған жеріне деген сүйіспеншілігі жайлы тебірене толғанады. Ал, Ислам Қабиұлы әдебиет порталындағы «Тағы бір көктем көзімнен сағыныш болып үзілді» мақаласында Қ. Мырза-Әлінің пікірін түгел келтіреді. Шынында қара өлеңнің шебері Қ. Мырза-Әлі өзінің эссесінде Қ. Бегмановтың ұлттық бағыттағы үлкен ақын екенін топшылап: «Ташкентпен қоштасу» жыры – қатардағы көп өлеңдердің бірі емес. Бұл өзі жеке-дара дүние, поэтикалық құбылыс», – деп баға береді.
Қасымхан Бегмановтың «Бесқала» циклін эпикалық дәстүрді жаңа заман үнімен, ақындық шеберлікпен жаңғыртқан туынды деуге болады. «Бесқала» циклі биографиялық автордың Қарақалпақстан еліне сапары барысында жазылғаны айқындалады. Ақын шағын эпикалық жырда қазақпен бауырлас елге сағынышпен келгенін, отарлаушылардың қанды қыспағын көріп, «ұлы даладан бөлініп қалған бауырлас елдің» тағдырлы тарихын, қазіргі өркен жайған өміріне куә бола болғанын, өзінің осынау туған жерінде рухы дамыл тапқан қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновке тағзымын поэтикалық тілмен толғайды. «1.Бес саусағымдай Бесқалам, бар екенсің ғой жарықтық.(16) 2.Заманалардың өтінде, (8) 3.Қан-қызыл болдық, тарықтық. (8) 4.Бабалар өткен көшеңе, (8) 5.Қатар да қатар гүлдер егіпсің арық қып, (13) 6.Егін егіпсің қарық та, қарық, қарық қып… (13) (қысқартып алған-біз», – деген өлең жолдарында алғашқы тармақ 16 буынды құраса, келесі үш тармақ 8 буынды, бесінші, алтыншы тармақтар 13 буын болып аралас келеді. Осы жырда көпбуынды тармақтардың қатарласа келуі де кездеседі, алайда поэтикалық ой мен сезімге нұқсан келтірмейді: «…Самалына маңдайымнан сүйдіріп, (11) Жұдырықтай жүрегіме зарлы тарихты сыйдырып,(16) Тұлабойым менен жандүниемді қара ошақта күйдіріп. (19)». Сондай-ақ, тармақтағы буын өлшемнің күрт азаюы сөздің эмпатиялық мәніне сәйкес пішін табуы да кездеседі: «Сағынышымды арқалап,(8) Кетем мен! (3)». Демек, 3 буыннан құралған тармақ та кездеседі. Циклды жырдың екінші шумағы көпбуынды өлшемдермен байытылғанымен, баяндаушы жырдың екінші бөлімінің алғашқы шумағында 7 буынды жыр өлшеміне ойысады: «Қоңыратқа барғанда, (7) Алуан түрлі күй кешкем.(7) Қоңыр салқын самалы, (7) Көңіл күймен үйлескен. (7)». Ақын келесі шумақтарда біртіндеп көпбуынды өлшемге аяқ баса береді деуге болады. Осылайша, Қасымхан ақынның эпикалық дәстүрді жаңғыртуы – жырды қазіргі поэзияның көп буынды өлшемімен байытуы. Әрине, өлең өнерінің білгірі З. Ахметов Ф. Оңғарсынова сынды ақындардың өлеңдеріндегі көп буынды өлшемдердің санаға ауырлық туғызатынын ескергенмен, көпбуынды өлшемдердің өлең болмысымен біте қайнасып кететінін байыптайды. Шынында да, 18-19 буынды өлшемді қазіргі поэзиямыз жатсынбағаны белгілі. Ақын «Бесқала» циклында «Қатар да қатар», «қарық та, қарық, қарық қып», «Қайран да қайран, Бесқала» деген шылаулар арқылы ажыратылатын өзіндік қайталауларды қолданып, күйініш-сүйінішін жеткізуінде де эпикалық дәстүрдің ықпалы жоқ емес. Біз Қ. Бегмановтың «Бесқала» циклінің өлшем-өрнегіне аз-кем кідіргенімізбен, ақын жырының поэтикалық мән-мағынасын пайымдауға тиіспіз.
Қасымхан Бегманов «Бесқала» толғауына Қоңырат, Нөкіс, Мойнақ секілді жерлерді мекендеген халықтың қазақпен түбі бір туыс, ежелде еншісі бөлінбеген ел болғанын идеялық қазық етеді. Бұл – ақынның мемлекетшілдігі. Ақын жырында халықтың тарихи тағдыры бейнеленеді. «Қызыл қан төккен қызылдан қашып қыр асқан. Кешегі сонау сүргінде, Жоғалтып алып сұрасқан, Жұртымды іздеп кеп тұрмын!», – деген лирикалық кейіпкер үні батыл ғана емес, сағынышқа, бауырлас елге деген сүйіспеншілікке толы екені аңғарылады. Кейіпкердің ішкі монологы былай беріледі:
«…Бейбақтардың іште кеткен наласын,
Жырым алып қай ғасырға барасың.
Қайғым аздай, айдалада қалған сол
Неге іздедім Қоңыраттың қаласын?».
Лирикалық кейіпкер өз сауалына өзі жауап береді:
«Жұлқылаған заманалар, дауылдар,
Төңірегі толған көркем ауылдар.
Тілі менен ділі бірдей қазақ пен,
Басқа ұлт боп кеткен бүгін бауырлар.
… Зиялым бар ойларымды парықтар.
Баласы едік баяғыда бір шалдың,
Түрлі-түрлі болып кеткен халықтар».
Лирикалық кейіпкердің ішкі зары, эмоциясы қоғамдық қайшылықтармен тығыз байланысты екені де айшықталады. Дегенмен, толғауда:
«Көкірегімде аңырады бір мұңым,
Қаңырады, таңы ұнады жүр гүлім.»,
«Мені ылғи тербетеді бір ғана мұң,»
«Ғажайып өлке, ұлы жұрт қоштасып тұрып,
Бір тамшы жасты артыма бұрылмай үздім»,
«Бабайқорғаннан жабысып тыным бермеген,
Мына мұң бойдан тағы да тарамайды ма?
…Жазықсыз тағы сыртымнан қаралайды ма?» деген жолдарда лирикалық кейіпкердің жеке өз басының мұңы емес замандастарының мұңы екенін ескеруіміз керек. Десек, те «Бесқала» жырында ғана емес, жалпы Қасымхан поэзиясында мұң мотиві кең өріс табады және ақын туындыларында сентиментализм кездеседі. Әдетте, бұл әдеби үдерістегі заңды құбылыс болып табылады.
Әрине, автопсихологизмге құрылған жырда ақын мен лирикалық субъект тұтасып кететіні белгілі.
«Сол ақын мен ем бір сырды айтып қаламын,
Сезіммен ғұмыр кешеміз қайтіп, қарағым.
Төлеген өткен жолдармен бір жүріп өтіп,
Жалтақтай қарап, қия алмай қайтып барамын», – деп жырда туған жері Бабайқорған екенін де айтып, өз атынан сөйлейтін Қасымхан ақын өз толғауына Т. Айбергенов жырын эпиграф етіп ала отырып, өзінің Мойнақ жайлы толғанысын да өзіндік өрнегімен қоса, оның жырымен интертекстуалдық байланыста өзектендіреді:
«Бастаған биіктерге баспалдақтар,
Тағы да қапталдап қал, аспандап қал.
Мойыны су боп ұшқан баяғыдай,
Көрмедім Мойнақ жақтан қасқалдақтар».
Жалпы, «Бесқала» жырының тарихи-танымдық мәні, жаңашыл өлшем-өрнегі, сазы мен ырғақ-ұйқасы, тілінің таза табиғи болмысы ақын Қ. Бегмановтың өзіндік қолтаңбасын даралайды.
Қ. Бегмановтың өлең сүйер оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүрген жырларының бірі – «Ташкентпен қоштасу». Бұл тарихи жырдың да автопсихологиялық сипаты айқын. Мәселен, жыр Қасымхан ақынның нақты оқырманға («Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан Ташкентке қарап тұрдым мен») қайрылуынан басталады:
«Ташкенге қарап жылағым келдi ардақтым,
Әлденелердi өзiңнен қайта сұрағым келдi ардақтым.
Көңiл шiркiнiң толқыды-ай сол түн,
толқындарындай Шыршықтың,
Қара көзiмнен ыстық жасымды нелiктен тағдыр ыршыттың».
Ақын бүгінгі әсем қала Ташкентке қарап тұрып неліктен «көзінен ыстық жас ыршығанын» екі елдің тағдырлы тарихымен сабақтастырады. Ежелден түбі бір туыс, еншісі ажырамаған қазақ пен өзбек халықтарының отарлаушылардың қанқұйлы саясаты салдарынан шекарасы бөлініп, бүгінде екі бөлек елге айналуы азамат ақынның жанына батады. Қазтуған жыраудың «Кіндігімді кескен жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт» деген жыр орамын осы туындысына эпиграф етіп алып отырған Қасымхан ақынның айтпағы да – қазіргі туыстас өзбек халқы мекендеген өлкеде «қазақтың көне салты», алашордашы асылдарымыздың ізі қалғандығы. Қайраткер ақын Қ. Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» жырында ғана емес, «Түркиямен мәңгі біргеміз!», «Бесқала» жырларында да оқырманды түбі түркі халықтарының тұтастығы идеясына әкелуінің мәні әлемдік жаһандану заманында геосаяси ахуалдардың ушығуының салдарынан сақтандыруда болса керек. Ақын Абылай мен Кене, Есім мен Қасым сынды айбынды хандарымыздың өз заманында «орындалмаған ақ армандарын» – қазіргі тәуелсіздігімізді қастер тұтуды жас ұрпаққа аманат етеді:
«Ұлы Даладан бөлiнiп қалған жерменен,
Тәңiрi бiзге бермеген,
жүрекке түскен жазылмайтұғын жара бұл,
Бұлдыраған шаһарға жасаураған көзiмен,
қасымдағы қарады ұл».
Ақын жырда жас ұланға өткен тарихты баяндап, болашаққа айтар өсиетнамасы да ежелде ұлы даланы ен жайлап, іргелері бөлінбеген түркі халықтарының бүгінгі ынтымақтастығын арттыру болса керек. Ақын осы мәмілегерлік идеясын жас ұландардың ғана емес, барша замандастарының құлағына сіңіруді мақсат етеді. Дегенмен, аласапыран заманда еліміз бен жерімізді даналағымен, батырлығымен сақтап қалған Төле, Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан сынды бабаларымыздың моласы Ташкентте қалғаны ақын көңіліне қаяу түсірсе де, «өз ағасы» өзбектің болашағына тілеулестік білдіреді:
«Тiлiм бармай қош деуге, қия алмай көп қарадым,
Ташкенттi ұмытпа, ойлы туған қарағым.
Қош, Тасқала, қайтейiн кiргiзбедi кеденiң,
Атам салған көшеңде жүргiзбедi кеденiң.
Бiле алмадым бiздерге ертеңгi ұрпақ не дерiн.
Қош, Ташкент, аяулым, көшiмдi артқа бұрармын,
Тiлегiңдi сыртыңнан тiлеушiң боп тұрармын».
Ақын өзінің жырдағы көркемдік ұстанымын эпикалық дәстүрде ақын-жырауларша толғап, қиял көрігімен үрлеп, шырайландыра жеткізуден әсте айнымайды.
«Қабырғалары сөгiлiп, кеше түнде түсiмде,
Шекараның ар жағында жал құйрығы төгiлiп,
Елге қарап жер тартып кiсiнейдi Байшұбар…», – деген ақын жырындағы: «…жал құйрығы төгiлiп, Елге қарап жер тартып кiсiнейдi» деген синтагмалардың интермәтіндік қызметі айқын танылады. Ақын «тау төбесіз болмас, ағайын өкпесіз болмас» дегендей өзбек ағайынға:
«Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедiм,
Алпамыстайын түп атам менiң,
атасы бопты өзгенiң,
Жайымды ұғар деймiсiң ұпайы түгел өзбегiм», – деп назын да білдіреді.
Ақын:
«Амал нешiк, арман көп,
Рух қайта оралсын,
Керуендер көп өткен мынау сайын далаға.
Сөйлемейтiн қазақша мейiрiмсiз қалаға,
Тәнiн сатқан қыздармен,
тәрбиесiз, тiл бiлмейтiн балаға», – деп Ташкенттегі қазақ диаспорасының ұлттық тілінен, салтынан ажырамауын тілек етеді. Жалпы, Қ. Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» жырының тарихи-әлеуметтік мәні, эпикалық қуаты ерекше, композициясы шымыр, өлең тілінің айшығы көбіне инверсияға құрылуы ырғақ пен ұйқасқа әсем саз бен әуен дарытса, қалыпты сөйлемдерге негізделген өлең жолдарындағы ырғақ-ұйқастар, ой мен сезім сырлары табиғилығымен тартымды.
Ақын Қ. Бегмановтың «Тұяқ серпу», «Ескі жұрт», «Төртқақпалы Түркістанға тағзым» аталатын толғаулары мен «Алашорда аманаты», «Шерлі Түркістан» поэмаларының тарихи-әдеби, поэтикалық құндылықтары ерекше деуге болады. Көрнекті тарихшы, академик М. Қойгелдиев «Қазақ үні» газетіндегі мақаласында Қасымхан Бегмановтың «Шерлі Түркістан» дастанының өзегінде бүгінгі түркі халықтарының бірлігі, тұтастығы, ынтымақтастығы туралы ғажайып ой жатқанын айта келіп, бұндай ірі тақырыпты тек ұлттық бағыттағы ірі дарындар ғана шебер жырлай алатынын, Қасымханның осындай жан-жақты дарын иесі екенін тұжырымдайды.
Жалпы, «Шерлі Түркістан» поэмасы тарихи-деректік жағынан, әлеуметтік-қоғамдық мәні жағынан да, поэтикалық құбылыстары жағынан да құнды шығарма. Поэманың бейнелілік сипаттарын, ақынның көркемдік құралдарын қолдану шеберліктерін былай қойғанда, жырдың өлшем-өрнектерінің құбылысы да назар аудармай қоймайды. Мәселен, жоғарыда айтылғандай ақын Мұстафаның монологын егіз тармақтармен кестелейді:
«Қыр басында қалған шеше ербиген,
Күн сап қарап… шыға салып төргі үйден.
Мүмкіндік жоқ, бөгелуге, қалуға,
Өлген кезде қабіріне салуға.
Бір уыстай топырақты түйілген,
Аманаттап берген сәтте… күйінгем».
Десек те, өлең сөздің білгірі З. Ахметов бұндай егіз тармақтар Абайдың «Сегіз аяғында» бар екенін ескертеді. Біздің айтпағымыз, ақын поэмада әрқилы баяндау тәсілдерін (бірде ақын өз атынан сөйлейді, бірде кейіпкерлерін сөйлетеді, тіпті дерек-құжаттарды кітапта бере отырып, оларды да сөйлеткендей әсер етеді) қолданумен қатар оларды әралуан өлшем-өрнектермен өретіндігі. Осы дастанда мынадай жолдар бар:
…Түнгі Париж,
қаңғыдым жалғыз
Шанзелия көшесіменен,
Шарапты тартты шайырлар кесесіменен,
Жоғалған уақыт…
толады есесі немен.
Мұстафа Шоқай сан жүрген жабырқап жалғыз,
Шеллде Мариям,
Берлинде Мұстафа…
қабыр қап жалғыз.
Жүз жылдықтар…
жанымды ауыртты менің,
Арманын оның дос түгіл жау ұқты дедім».
Ақын ырғақ-өрнектерді көңіл-күй құбылыстарына сәйкес тарқатады. Десек те, мына шумақта ой күрделілігі тармақтардағы буын санының артуына ықпал етеді:
«Жас келіншек қара шашты, қара көзді, тісі аппақ,
Құлап жатыр қос қолымен қос сәбиін құшақтап.
Ой нәлеті-ай, шімірікпей бауыздапты пышақтап,
Бүктетіліп қария жатыр мызғып кеткен тәрізді,
Қапталында бір кейуана шүберектей түсі аппақ», – десе, ойы, мұңы толғаныс тереңдігіне қарай өлеңінің сазы да, өрнегі де күрделене түседі:
«Сол түркінің қарағайға қарсы біткен қазақ дейтұғын ұрпағы,
Жерден де ауыр сөйлесе сөздерінің салмағы.
Ат үстінде ұшқан құспен жарысып-ақ сағымға сіңетін,
Қарсыластың әлсіз жерін тамыршыдай білетін.
Аттан түссе алшаң басып жүретін,
Киіз үйдің іргесін қатындары түретін.
Жын тілін де білетін,
Құс тілін де білетін,
Су тілін де білетін,
Қу тілін де білетін»
Қ. Бегманов өлеңдеріндегі өлшем-өрнектердің қайсысын да ақынның қазақ өлеңінің ырғақ-өрнектерін өзіндік қолтаңбасымен байытуы дегенімізбен, осы орайда тағы да З. Ахметовтің пайымына жүгінбеске болмайды. Ғалым: «Алдымен, сол (өзгеше деген өлшем-өрнек-біз) өлшем-өрнек қалайда орныққан өлең түрлерімен құрылысы жағынан негіздес болады: өзгеше өріліп, мүлде бөлекше сипат алғанымен, ұлттық өлең жүйесінің заңдылықтарына сәйкес жасалады», – деп пайымдайды.
Қасымхан Бегманов тарихты ғана жырламайды, бүгінгі заманның қасірет-қайғысын, әлемдік мәселелерін де толғайды. Мысалы: «….(қысқартып алған-біз) Ессіздер мынау ғаламды жайлап барады талқандап, Бораған оқтың астында қорғансыз ару қалқам қап. Ессіздің бірі шыныдан шығып кетердей ары да бері талтаңдап, Өлген патшаны жүгірді аспақшы болып арқанды ап. Есіме түсті-ау сол сәтте баяғы Саддам Хусейін, арқанды салған мойнына, Қара жер менен қанішер қанға тойды ма? Түршіктіргендей денемді, Ливиядағы бүгінгі ессіз той мына. Экрандардан қан шашқан… сұмдық, кім күткен, Дүние мынау төңкерістерден дүрліккен, Үмітін үзіп қарап тұр бала тірліктен. Атыс-шабыстан мына әскерлер де сүрліккен. Алаулап атар ақ таң мен жарқырап шығар күн күткен». Бұл жыры да ақынның қайраткерлігінің тағы бір мысалы болса керек.
Жалпы, «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр кітабына автордың басқа жанрда жазған шығармалары да енгізілген. Мәселен, бір актілі, үш көріністен тұратын «Ер Төстік» атты поэтикалық шығармасы мен «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы қазіргі уақытта көрерменнің көзайымына айналған туындылар деуге болады.
Қорыта айтар болсақ, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр кітабы тарихтан терең сыр тартып, тарихи, мәдени, әдеби жадымызды жаңғыртып қана қоймай, өзінің поэтикалық құндылығымен қазақ әдебиетіндегі орынын белгілеген туынды болып табылады. Ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізді, мәдениетімізді рухани-эстетикалық, көркемдік қуатымен байытқан ақын Қасымхан Бегмановтың ұлт әдебиетінің, шығыс, батыс шайырларының қайнар-бастауларынан ғана нәр алып қоймай, өзінің алдындағы Ж. Модағалиев, М. Мақатаев, Т. Айбергенов, Ж. Нәжімеденов, Т. Молдағалиев, А. Сүлейменов, Ф. Оңғарсынова, К. Ахметова, Қ. Мырзалиев сынды аға буын өкілдерімен сабақтастықта өсіп-жетіліп, қазіргі заманауи әдебиеттің де қадір-қасиетіне бойлай білетін интеллектуал, табиғи туабітті дарын иесі екені оның кез-келген туындысындағы стильдік даралығынан, поэзиясының бейнелілігінен, өлеңдерінің өлшем-өрнектеріндегі өзіндік жаңашылдықтарынан, көркемдік арсеналдарды қолдану шеберліктерінен, адам мен заман құбылыстарын типтендіре суреттеп, көркемдік шындық биігінде бейнелеудегі қалам құдіретімен, интенционалдық қуатымен ерекшеленеді. Көрнекті ақын, мемлекетшіл тұлға, әмбебап дарын иесі Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» таңдаулы жыр кітабы – оның әралуан жанрда жазған алтын өзекті туындылары, қалың оқырман ықыласына бөленген туындылары бас қосқан көркемдік қазынасы деуге болады. Сондықтан Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты таңдаулы туындысы өз заманы мен адамының күрделі болмысын, жан әлемінің құбылыстарын, рухани-адамгершілік, өзекті әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді арқау еткен аса құнды тарихи-мәдени, поэтикалық шығарма. Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты жыр кітабын оқырман ретінде зерделей оқу барысында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленуге әбден ылайықты, автордың жанкешті ізденістен туған шығармашылық еңбек екеніне көз жеткіздік.
Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
ф.ғ.к., профессор





