МО ЯНЬ ФЕНОМЕНІ

Мо Янь 1955 жылы 17 ақпанда Шаньдун өлкесі Гаоми ауданы Далань елді мекенінде дүниеге келген. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері (2012 ж.). Жазушының шын есімі – Гуань Мойе.
«Моянь» қытай тілінен аударғанда «сөйлемес» немесе «сөзі жоқ» деген мағынаны білдіреді, жазушының еске алуынша бала күнінде, жас кезінде сөзі көп болған, соған байланысты сөзім азая ма деген үмітпен өзіне «Мо Янь» деген қалам атты таңдап алған. 2000 жылы наурызда Мо Янь Стэнфорд университетінде «Аштық пен жалғыздық – менің шығармашылығымның қайнары» атты баяндама жасады. Ол өз сөзінде бүркеншік атының шығу тегі туралы қызықты әңгіме айтып берді.
Жастық шағында жалғыз өзі мал бағуға мәжбүр болған. Елсіз баябан далада сиыр жайып жүретін Мо Янь қатты жалғызсырайды. Өмірінің сол бір кезін жазушы: «Көгалда шалқамнан жатып едім, жүрегім мұңды сезімге лық толып қалды. Осындай ортада мен алғаш қиялдауды үйрендім. Бұны жартылай ұйқылы, жартылай ояу күй деуге де болар еді. Басыңа не бір тамаша ойлар келеді. Мен сол көгалда жатып алып, махаббаттың не екенін, мейірімділіктің не екенін жеріне жете түсіндім. Сосын мен өзіммен өзім сөйлесуді үйрендім. Ол кезде мен шын өнерлі едім, сөзге шешен және тақпақтап сөйлейтінмін. Бірде, бір түп ағашқа әңгіме айтып беріп отырғанымды көрген анам таң қалып, әкеме келіп: «отағасы, біздің мына баламыздың дені сау емес секілді?» депті. Уақыт өте келе, жалғасты есейдім. Коммунаның өндірістік еңбегіне араласып, ересектер қоғамына аяқ бастым. Мал бағып жүргенде қалыптасқан көп сөйлейтін әдетім осы кезде отбасымызға да көп қиындық әкелді. Анам бір күні: «Балам, сөйлемей жүре алмайсың ба?!» деп қатты кейістік білдірді. Анамның бұл сөзінің маған қатты әсер еткені сонша, енді ешқашан сөйлемеймін деп ант етсем де, жұрт алдында ішімдегі сөздер іннен шыққан тышқандай жылп етіп сыртқа шығып кетеді. Содан тағы өкініштен өзегім өртенеді. Өзімді уәдемнен танғандай, анамның өсиетінен аттағандай сезінем. Сонымен мен жазушылық жолымды бастағанда өзіме «Мо Янь» (сөйлемес) деген бүркеншік ат қойып алдым», – деп еске алады.
Мо Янь шығармашылығының географиялық фоны – жазушы дүниеге келген елдімекен – Гаоми. Есею кезеңі «мәдениет төңкерісі» жылдарына тұспа-тұс келгендіктен болашақ жазушы он бір жасында мектепті тастап, әрі қарай ата-анасына көмектесіп, коммуна жұмысымен айналысады.
1976 жылы бірнеше реткі шақырудан кейін әскер қатарына алынып, әскери қосында оқуын жалғастырады. Қалам қарымының арқасында әскери қосында кадр жұмысы бойынша саяси қызметкер болады.
1981 жылдан бастап реализм бағыты бойынша «Көктем түніндегі жаңбыр», «Құрғақ өзен», «Күзгі су», «Халық әуені» секілді дәстүрлі әңгімелерімен әдеби шығармашылық жұмысын бастайды.
Мо Янь 1984-86 жылдары Қытай халық азаттық армиясының (ҚХАА) өнер академиясында оқиды. 1986 жылы Қытай Жазушылар Одағына мүше болып қабылданып, әскери жұмысымен бірге әдеби шығармашылықпен де белсене айналысады.
Жазушы 1980 жылдардың орта шенінен бастап өзінің повестерімен қытай оқырмандарының назарын аудара бастайды. Әсіресе оның «Жасаң сәбіз» повесі әдеби ортада қатты сенсация туғызғаны белгілі.
Негізінде қаламгердің шығармалары оның өмірімен өзектесіп жатыр.
1986 жылы Мо Яньның 1930 жылғы қытай-жапон соғысы кезіндегі бір жанұяның тағдырын суреттейтін «Қызыл гаоляң» атты повесі жарық көрді. Өте күрделі сюжеттік конструкцияға құрылған, желілік өрбуі құбылмалы повесті соғысқа қатысушының немересі әңгімелеп отырады. Аталған повестен кейін мифология мен натурализм біте қайнасқан Мо Яньның негізгі жазушылық қыры айқындалды деуге болады.
Сөз болып отырған повесінде жазушы соғыс кезіндегі зорлық-зомбылық пен аяусыздықты мүлде жаңа қырынан, тың тәсілмен суреттейді. 1987 жылы қытайдың әйгілі кинорежиссеры Чжаң Имоу «Қызыл Гаолянды» экранға алып шығады. Бұл фильм Германияның Берлин қаласында өткен кинофестивальда бас жүлдені жеңіп алып, батыс көрермендерінің қытай кинематографиясына деген оң пікірі мен ықыласына кең жол ашып береді.
1991 жылы жазушы Бейжиңдегі Лу Шүн атындағы Әдебиет институтын тәмамдап, әдебиет және өнер саласы бойынша магистр дәрежесін алады. 1997 жылы әскери жұмысынан кетіп, «Цзяньча жибао» газетінде бас редактор болып, кино мен телевидение үшін сценарийлер жазады. Кейінірек Қытай жазушылар Одағы басшысының орынбасары қызметін атқарады.
«Өмір мен өлім азабы» деп аталатын романы қарапайым қытай шаруасының жер өңдеуін арқау еткен. Бұл зорлық-зомбылық көріністері барынша аз суреттелген шығарма болатын. 2011 жылы жазушы қытайдағы бала тууды шектеу жайлы жазылған «Бақа» (2009) деген шығармасы үшін Мао Дун атындағы ҚХР мемлекеттік әдеби сыйлығын иеленеді. Қытай сыншылары оның шығармашылығын «түп-тамырды іздеген әдебиет» және «магиялық реализм» ағымдары бойынша қарастырады.
Егер жазушы жайлы айтатын болсақ, 71 жастағы жазушы жас болмағанымен, қартайып та тұрған жоқ деуге болады. Яғни, осыдан дәл он төрт жыл бұрын қытай жазушысы Мо Янь Нобель сыйлығын иеленді. Швед академиясының тұрақты хатшысы Петр Энгуландтың сөзі бойынша қытай жазушысы Мо Яньға Нобель сыйлығының берілуі өте дұрыс шешім болды деп есептеледі. Энгуландтың сөзімен айтсақ, Мо Янь өзі жырақтағы ел білмейтін ауылдан болғандықтан, оның шығармасы жалпы оқырманға ұзақ жылдар бойы сыртқа жұмбақ болып келген қытайдың ауыл өмірімен етене танысуға мүмкіндік береді, ал оның авторлық қолтаңбасы әлемдік деңгейдегі Фолкнер, Диккенс, Рабле сияқты жазушылардың табиғи лирикасы және юморларымен астасып жатыр.
Қытай ауылдарында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мифтер мен аңыздар, ертегілер, ауыл өмірі туралы балалық шақтағы естеліктері Мо Янның шығармашылық сарқылмас қазынасына һәм бірегей стиліне айналды. Яғни жазушы қытай әдебиетіндегі «магиялық реализмді» айшықты даңғыл ретінде ашып берді. Сондықтан Мо Яньның шығармаларындағы қытай шаруасының тек бір күндік өмірінің өзі магиялық бояумен суреттелгені әсте таңғаларлық нәрсе емес. Жазушы өмір, тіршілік, жанбағыс үшін күресе жүріп, адамгершілік дәнегін жоғалтпаған кәдімгі қытай шаруалары туралы боямасыз шындықты суреттейді. Кейде оның кейіпкерлері теңсіз зұлым-тағдырмен айқаста жеңіске жетсе, көп жағдайда жеңіліс тауып жатады.
Мо Янь шығармаларының негізгі және тұрақты географиялық фоны өзі туған шағын ауыл – Шаньдун өлкесінің Гаоми ауданының орталығы дедік. Мо Янь қаламының суреттеуінде Гаомидағы өмірдің ұлттық айырмашылық пен шекара сызықтары жойылып, берісі жалпықытайлық, әрісі жалпыадамдық деңгейге көтеріледі.
Мо Янь Нобель сыйлығын алғаннан кейін журналистерге берген алғашқы сұхбатында: «Мен сіздерге Гаомиді көрсете алғаныма өте қуаныштымын. Бұрында бұл жерде, дәл осы уақытта қызыл гаоляңнан бай өнім жиналып жататын, бірақ көп жылдан бері оны ешкім өсірмейді» – деген сөзімен бастаған еді.
Әлемдегі көптеген адамдар Мо Яньның шығармашылығын тұтастай білмесе де, оның «Қызыл гаоляң» атты повесінің желісімен қытайлық режиссер Чжаң Имоу түсірген киноны көргені, білетіні анық. Сондай-ақ аталған фильм Чжан Имоуды да әлемге танымал етті. «Қызыл гаоляң» Мо Яньның экрандалған тұңғыш шығармасы еді. Аталған шығармаға арқау болған оқиға ғасырлар бойы қызыл гаоляң өсірілген Шандун өлкесінің Гаоми ауылында өрістейді.
Жазушының туған жері Гаоми ауданында өткен балалық шағының бөлінбес бір бөлшегі болып есептелетін қағаздан қиып жасаған Жаңа жылдық ойыншықтар мен саз балшықтан жасалған мүсіндер оның шығармашылығына үлкен ықпалын тигізіп қана қоймай, оның шығармашылық стилін де айшықтап берді десек, асырып айтқандық емес.
Мо Янь өзі және отбасы туралы айтқанды онша ұнатпағанымен, кейіпкерлерін суреттегенде өзінің тәжірибесі мен балалық шағындағы естеліктерге көбірек сүйенетіні аңғарылып тұрады. Сондықтан Мо Янь шығармашылығындағы Гаоми әдеби әлемде Қытай шекарасынан алқып шығып, әлемді аралап кетті деуге толық негіз бар.
Мо Янь бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ шығарманы өте жақсы жазатын болған. Мұғалімдер оның шығармаларын ылғи да басқаларға үлгі ретінде көрсетіп отыратын. Ол шынымен де өте дарынды және сөзге құмар бала болды. Жоғарыда айтқанымыздай, болашақ жазушының балалық шағы елде орын алған «мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен, ол мектепті тастап, ата-анасына қолғабыс ету үшін мал бағады. Ой-сана жағынан да, физикалық тұрғыдан да енді өсіп келе жатқан жас малшы әрі жалғыз, әрі аш, небір қиын күндерді бастан өткереді. Бірақ бұл ащы өмірлік тәжірибе өз кезегінде болашақ жазушының шығармашылық талантын оятып, өмірінде өте маңызды орын иеленді.
Мо Яньның айтуы бойынша, аштық елес шақырады, бірақ сол елестің бәрі азық-түлікпен тығыз байланысты болатын. Сондықтан болар, жазушының шығармшылығында аштық, аш адамның физикалық жағдайы туралы жазбалар жиі кездеседі. Сол кезде көбінде жалғыз өзі аш жүретін бала табиғатты зерттеп, оның құбылыстары мен заңдылықтарын керемет түсінеді. Ол күні бойы шөптердің сыбдырын естіп, жердің иісін иіскеп және сиырлардың көздерінен өзінің бейнесін іздейтін. Осының арқасында Мо Яньның барлық шығармалары ашық бейнелерге толы, иістер де, түстер де табиғи, сондай-ақ терең психологиялық сипатта болып келеді.
Бұдан бөлек халық ішіндегі аңыздар мен ертегілер сөзге құмар баланың қиялының баюы мен дамуына елеулі үлес қосқаны да белгілі. Әйгілі «Ляо Чжай аңыздары» атты романның авторы, ХVII ғасырда өмір сүрген қытайдың классик қаламгері Пу Сунлиннің туған жері Гаомидан үш жүз шақырымдай жерде болатын. Осындай әртүрлі жындар мен перілер туралы ертегі-аңыздар тұнып тұрған өлкеде туып-өскен балаға «таңғажайыптар мен аңыздардың» әсер етпеуі мүмкін емес еді. Бала кезден қалыптасқан қиялының еркін шарықтауы, сондай-ақ «магиялық реализмді» әлемдің көркем ойдың шынайы әлеміне қосуы – Мо Янь шығармашылығын айшықтайтын ерекше элементтің бірі болып табылады.
Егер жоғарыда айтылған жағдайдың бәрі жиналып келіп жай бір малшы баланың әйгілі жазушыға айналуына себеп болды десек, онда оны әдеби шығармашылыққа жетелеген не құдірет? Швед академиясына барып Нобель сыйлығын алғаннан кейін берген бір сұхбатында жазушы жалпы әдеби шығармашылықты өзінің өмірін өзгертіп, жағдайын жақсарту үшін, өмірден өзінің лайықты орнын табу үшін бастағанын айтады. Ол тағы бір сұхбатында «әйгілі жазушылардың дастархандары тамаққа толып тұрады дегенді естіп жас кезімде жазушы болуды ұйғардым» дейді. Мо Янь мектепте оқып жүрген кезінде үлкен қаладан Гаомиге жер аударылып келген бір мұғалімінен «қалада тұратын бір жазушы күнделікті үш мезгіл тұшпара жейді» дегенді естиді. Бұл сол кездегі аш бала үшін мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Өйткені кей жылдары өзінің үйінде, өзге емес, қытайдың ең үлкен ұлттық мейрамы чунцзеде (ұлттық Жаңа жыл) тұшпара түйіп жеуге мүмкіндік бола бермейтін. «Сондықтан менің жазушы болсам деген арманымның бастауы балалық шағымда жатыр, ол кездегі ең ұлы арманым – жазушы болып, күніне үш мезгіл тұшпара жеу еді», – дейді жазушы.
Мо Янь әдебиет шығармашылық саласында еңбектенген 40 жылында қазіргі замандағы қытай жазушылары ішіндегі өте талантты, әрі өте жемісті жұмыс істеп жүрген жазушылардың бірі ретінде мойындалды. Бүгінгі күнге дейін ол 100-шақты әңгіме, 32 повесть, 12 роман, 7 эсселер жинағын, 20 томдық толық шығармалар жинағын, 10-шақты киносценарий және 3 пьеса жариялады. Оның шығармашылығы 100-ден астам шетел тілдеріне аударылды.
Қазіргі уақытта Мо Янь оқырмандарының арасында үлкен сұранысқа ие шығармаларының бірі, реті бойынша соңғы жазған – «Бақа» романы. 2011 жылы бұл роман Қытайда төрт жылда бір рет берілетін, ең беделді Мао Дун атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықты иеленді. Романда ауыл дәрігерінін өмірі, ауылдағы бала туу саясатының 60 жылдық тарихы баяндалады. Мо Янь бұл шығармадағы кейіпкерлерін адам болмысын түсіну үшін ең қиын деген сынақтардан өткізеді, бұл роман автордың айтуы бойынша «адам жанының зертханасын» іспетті дейді. Шығарманы оқып отырған оқырман адам жанының қарама-қайшылығы мен қайғы-мұңын терең де шынайы сезінеді.
2006 жылы жазушының «Өмір мен өлім азабы» деген романы жарық көрді. Романның бас кейіпкері жер иеленуші – Си Мэннао. Шығармада қытай елінің соңғы бірнеше онжылдығы суреттеледі. Онда негізінен шаруа мен жердің қарым-қатынасы баяндалады. Шаруа Си Мэннао Мао Цзедун жариялаған ауылшаруашылығы туралы реформадан кейін 1950 жылы өлтіріледі. Ол өлгеннен кейін құдайдың алдында өзінің күнәсіз екенін, шаруалар мен ауыл үшін көп жақсылық жасамақ ниеті болғанын айтады. Осыдан кейін оған қайта туу мәртебесі бұйырады. Кейіпкер жылқы, сиыр, есек сияқты жануарлар кейпінде қайта туып, Гаомида өтіп жатқан өмір мен өзі өлгеннен кейінгі 50 жылда болған тарихи уақиғаларды бақылайды.
Швед академиясы Мо Яньмен хабарласып, «оқырмандарға қай шығармаңызды бірінші кезекте оқуға кеңес берер едініз?» деп сұрағанда, жазушы бірден «Өмір мен өлім азабы» романын атайды. Мо Яньның айтуы бойынша шығыстық бояуы қанық сюрреализм бағытында жазылған шығарма оқырманды шауалар мен жер мәселесі, Қытай тарихындағы маңызды оқиғалармен кеңінен танысуға жол ашады.
Мо Яньның көптеген шығармалары әлем оқырмандарының назарын бірден өзіне аударды. Мысалы «Толық омырау, май бөксе», «Шарап елі» және «Жұмақтағы сарымсақ жыры» сияқты шығармалары тек Қытайда ғана емес, дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарының жоғары бағасына ие болды.
Жалпы Мо Яньның шығармашылығынының алтын арқауы, басты өзегі – кісілік, адамгершілік десек еш қателеспейміз. Сондықтан да оның шығармалары Қытай шекарасынан асып, жалпыадамдық құндылыққа айналып үлгерді. Оның себебі жазушы қайсарлық пен темірдей төзімділікті, адалдық пен ізгілікті барлық адамзат тілінде жырлайды.
Қазіргі кезде Мо Яньның аты аталғанда ойымызға оның екі шығармасы орала кетеді: «Қызыл гаоляң» және «Шарап елі».
Жоғарыда айтқанымыздай, «Қызыл гаоляң» повесі бойынша 1987 жылы кино түсіріліп, ол 1988 жылы Берлинде өткен халықаралық кинофестивальде «Алтын аю» сыйлығына ие болады. Бұл өз кезегінде Мо Яньға ең алғаш халықаралық танымалыдылық алып келді. Фильмге арқау болған соғыс атаулыға қарсылық Мо Янь шығармашылығының басты бөгенайы. Шарап пен қан – өліммен арпалыстағы айқын әрі даусыз аргумент. Шарап өмірге құштарлықтың қайнар көзі болса, ал қан роман кейіпкерлерінің бостандық үшін төлемі.
Екінші бірі – «Шарап елі» романы да әлем оқырмандарын Мо Янь шығармашылығына бас идірген классикалық туынды. Романды оқып отырған оқырман фантастикалық оқиғалар ортасында жүргендей сезінеді. Тергеуші Дин Гоуэр сәби етінен тамақ әзірлейді деген сұмдық өсекті Цэюго өлкесіндегі тергеуге келеді. Ол тергеу барысында салттары біртүрлі адамдармен кезігіп, өзі де сергелдеңге түседі.
Ал «Толық өмірау, май бөксе» атты романда қытай халхы үшін қайғылы екінші дүниежүзілік соғыс пен ХХ ғасырдың екінші жартысын қамтитын отбасы жағдайы баяндалады. Бұл жерде де «Шарап елі» романындағыдай оқырманға шындық батырлар жырымен, сиқырлы ертегімен, магиялық дәстүрлермен өріледі.
Мо Яньды ХХ ғасырдағы әлемдік мықты қаламгерлермен көп ортақ қасиеттер байланыстырса, тағы бір жағынан ол өзіне дейінгі немесе замандас ұлы суреткерлердің ешқайсысына ұқсамайды. Редьярд Киплингтің: «Батыстын аты бастыс, Шығыстың аты шығыс – екеуі ешуақытта қосылмақ емес. Жер бетіндегі соңғы күнге дейін», – деген сөзі талайдан бері құдай сөзіндей қабылданып келгені белгілі. Осы тұжырымды өзінің талантты туындыларымен аударып тастаған Мо Яньды феномен демеуге әддіміз жоқ.
Әлемдік әдебиеттанушы ғалымдар арасында Мо Яньнің жалпы қандай әдеби бағытты ұстанатыны туралы біртекті пікір жоқ. Кей әдебиетшілер оның шығармаларының мистикалық реализмге де, «галлюцинаторлық сюрреализмге де» жақын екенін айтады. Мо Янь өз шығармашылығында эристолярлық мистика сияқты кең әрі әртүрлі жанрларды пайдаланады.
Жазушы өз шығармаларында өмірдің тұтастығын, тосындығын өте шынайы суреттейді. Оның шығармалары қазіргі оқырман үшін көне өмір салтын, және басқа да бақыт сезімдеріне жол ашады. Оның «Толық өмірау, май бөксе» романында қытайдың дәстүрлі мәдениетіне тән өмірді сүю өте шебер бейнеленген. Мо Янь бұл жерде қатал дәстүр мен қорқынышты соғыс кезіндегі ана болудың қандай қиын екенін баяндайды.
Қысқасы қытай жазушысы Мо Янь Нобель сыйлығын алғанға дейін, өз елінде кеңінен танымал болса да оның бірде-бір кітабы Қытайда не басқа елде болсын бесселлер болған емес. Ал Қазір Мо Янь танымалдықтың шыңында тұр. Қытай әдебиеті үшін мұның қандай маңызы болуы мүмкін?
Мо Яньның жеңісі – әлемнің қытай әдебиетін мойындауында шешуші рөл атқарған елеулі оқиға болды. Тіпті Мо Яньның шығармашылығын жіті қадағалап жүрген қытайлық әдебиет сыншыларының өзі «осы заманғы қытай әдебиетіне назар аударатын уақыт жетті. Мо Янь қытай әдебиетінде ешқашан соншалық даңқты жазушы болған емес, қатардағы қаламгердің бірі болатын. Сол саңлақтар тобы соңғы 40 жыл бойы Батысты оқып, еуропалық және дәстүрлі қытай стилі мен формасын араластырып тәжірибе жасады» деген пікірде.
Ал көптеген әдебиет сыншылары Мо Янь осы жетістігі үшін аудармашыларға қарыздар, әсіресе, америкалық Говард Голдблаттаға және шведтік Анна Густафссон Ченге алғыс айтуы керек деп есептейді. Ол екеуі аударма кезінде шығарманың кейбір стилистикалық кедір-бұдыр жерлерін түзетіп, анайы тұстарын алып тастап отырған. Осындай кемшіліктері үшін Мо Яньның шығармалары қытайда ұзақ жылдар мектеп бағдарламасына енгізілмей келді.
Қорытып айтқанда, әлем әдебиеттанушылары мен сыншылары әр кезде қытайдың қазіргі әдебиетінде төлтумалық пен рухани және философиялық тереңдік жоқ деп көңілдері толмайтындықтарын ашық айтып жүретін. Ал Мо Янь Нобель сыйлығын алғаннан кейін оның шығармашылығына деген көзқарастарын ғана емес, жалпы қытай әдебиетіне деген көзқарастарын мүлде өзгертуге мәжбүр болды…
Осылайша Мо Янь феномені – ұлттық әдебиетке Нобель әдебиет сыйлығы не үшін керек екенін түсіндіріп берді.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ





