ҚАРҒАНЫҢ МӘТКЕСІ
Түкпірдегі осы ауылдың тарихын бүгінгі жастар түгілі үлкендердің өздері толық білмейді. Бар айтарлары қырқыншы жылдары ит байласа тұрғысыз құла дүз, суырған құм ішінде жортқан аңнан басқа тіршілік иесі жоқ алыс қойнауға бір топ адамды көшіріп әкеліп тастаған да «Бұдан былай сопқоз боласыңдар. Сендерге жүктелер міндет алдарыңдағы қоғамдық малды шашау шығармай аман бағу» деп тастап кете барған. Енді сол заманды әңгімемізге тиек етіп қалдық, аздап созыңқырайық.
1948 жылдың қоңыр күзінде америкалық «Судабекр» жүк көлігімен бір топ отбасыны қазіргі ауылдың орнына көшіріп келді. Көші-қон ұзаққа созылған. Балалар құм ішінде болса да үркердей ауыл көреміз деп ойлаған. Қайдағы? Құлазыған қу медиен дала. Оларды қалың қамыс арасына түсіріп кетті. Бұл Шу өзенінің арнасы екен. Оншақты отбасы айдалада үрпиісіп-үрпиісіп отырды. Тым құрығанда ересек адамдар да жоқ. Кілең әйел, келіншектер, қараборбай балалар. Жел тұрса қамыс шулайды. Олардың арасынан қорқынышты үн естіледі. Балалар аналарының етектеріне тығылады.
– Ойбай, қандай жағдайға тап болдық?
– Мына ми далада аштан қырылатын шығармыз.
– Балаларды аң-құс жеп кетпесе деңіз.
– Қырылдық-ау…
Қанша дегенмен қазақ әйелдері мықты ғой, жылап жүрсе де күрке, абылайша, лашық тігіп жүр. Бұл жағына қалың қамыс жақсы-ақ көмектесті. Бірақ, ымырт үйірілсе-ақ қамыс ішінде қасқыр ұлып, қабан қорсылдап, шиебөрі шулап, кірпік айқасудан қалды. «Қорыққанға қос көрінеді» деген бар, кейде жыртқыштар күрке жанына келіп те қалғандай болады. Аналар кеш түссе-ақ болды, күркенің есігін іштен мықтап бекітіп алады. Бір үймен екінші үй арасындағы байланыс үзіледі. Түн сағаты әдетте баяу жылжиды. Күркеге кіріп алған балалардың іштері пысады, ойнағылары келеді. Бірақ, сыртта қасқыр деген қызылкөз аңдып тұр емес пе? Мұндайда қайдағы ойын?
Оның үстіне аналары:
– Бір-бірлеріңнің аяқтарыңнан құшақтап жатыңдар. Егер қасқыр біреулеріңнің аяқтарыңнан тартса, барлығың оянасыңдар, – дейді.
Бұдан соң ұйқы ұйқы бола ма? Тысыр еткен дыбыс шықса түні бойы бала біткен елеңдеп, «жаумен» алысып шығады. Үлкендердің де ұйқылары шала. Үнемі көздері ісініп жүреді.
Аналар қашанда жылы-жұмсағын, тәттілерін балаларының ауызына тосады емес пе? Бірақ, суырынды құм ішінде қара нан мен сүттен өзге ауызға ілінетін тамақ жоқ. Әйелдер қой сауып, балаларынан артылғанынан құрт, ірімшік жасайды. Тәтті дегеннен бары осы. Оның өзі болмашы ғана. Осында көшіп келгелі әйелдер көлшік жағасынан шұңқыр қазып алған. Соған ызамен шыққан суды тұндырып, ас-ауқатын жасайды. Су ащы болғаннан соң, балалардың іші жиі ауырады. Тағы да аналар шырылдап, қолдарынан келген ем-дом жасайды. Көздері кілегейленген сәбилер ілініп-салынып далаға шығады. Баланың аты қашанда бала, осы тұрыстарына қарамай өзі қатарластарын іздейді, ойнағылары келеді.
Бес-алты тұяғымен көшіп келген болашақ сапқоздың тұрғындарына тағы бір қырсық тап болды. Жайылып жүрген қойлар әлденеден үркіп, шошына қашып, кейбірі бұтаға шабынан ілініп, ішек-қарны ақтарылып өліп жатады. Әуелгіде әйелдер «қасқыр шаптыға» жорыған. Сөйтсе, бәленің басы көкше қоян екен. Бұта түбінде бұғып жатқан көкше қоян оқыс ата жөнелгенде алаңсыз келе жатқан қой безек қағып қашады да, қатты шошынғаны соншалық қосаяқтап секіргенде түрлі бәлеге ұшырайды екен. Малының шығынына күйінсе де құм адамдары осы жәйтті айтып кейіннен күлісіп жүрді.
Құм мінезі де мың құбылады. Бетбақдала жақтан өкпек жел көтеріліп, көкжиекте жоталанып жатқан жалпақ шағылдың жауырынын сыйпап өтсе-ақ болды, артынша құм суырады немесе жаңбыр селдетіп жауады. Ал, шағыл шулап, сексеуілдер сыңсыса, алай-дүлей дауыл тұрады. Кейде құм қиыршықтарын аспанға атып, айналаны шаңға көміп, ызғырық пен боранның екпіні түйені шайқайды. Боран басын бір көтерсе, апта бойы екпіні басылмайды. Мұндайда құм адамдары күркелері мен малын ықтатқан қора-қопсысының іргесін бекітіп, төбесі ұшып кетпес үшін сексеуіл мен жыңғыл тастап, әуре-сарсаңға түседі.
Жылдың қай мезгілінде де құм қойнауы жуас мінез танытқан емес. Көктемдегі түнерген бұлт төбеден төніп келіп, жота-жотаны, шағыл-шағылды от жаңбырмен аяусыз сабалайды. Көк аспанды осқылап жарқ-жұрқ еткен найзағайдан ауыл адамдары төбелерінен жай тастап жібергендей үрейленеді. Жауын мен дауыл сап тиылғанда шағылдар мен жоталардың бастарында, бүйірлерінде ирек-ирек таңбалар қалады. Мұны адамдар табиғаттың беткейлерге жазып кеткен жазуы деп қабылдайды. Жаздағы алапат аптапта торғай екеш торғай да паналар көлеңке таппай шырылдап ұшып жүреді. Ал, сексеуіл мен жыңғыл көлеңкесінде құм кесірткесі ауызын ашып, айбат шегіп тұрады.
Жаратқанның құдіретіне шек жоқ-ау. Қысы-жазы азабы азаймайтын алқапқа сексеуіл сынды жаны сірі өсімдік шығарыпты. «Басқа түссе баспақшыл» деген, адам басқа түссе бәріне де төзеді екен. Табиғаты тамылжыған, тал-терегі аспанмен таласқан, бау-бақшасы жайқалған, төбесінде күні үнемі күліп тұратын ауылдардан келгендер бастапқыда тозаққа түскендей күй кешкендерімен, «адам үш күннен соң көрге де үйренеді» демеуші ме еді, бірте-бірте жан төзгісіз қиындықтар мен жабайы тіршілікке де бейімделіп келе жатты.
Бірде үрпиіскен шағын ауылға түйеге мінген қарт кісі келді. Ол осында тұрып жатқандардың күркелерінен мес, торсық атаулыны жинап алды. Ауылдан қозы көш жерде Кескентерек тұмасы деген бұлақ бар екен. Әлгі кісі түйесімен сол тұмадан тұщы су тасып беріп жүрді. Мес пен торсыққа қаншалықты су кетеді? Аз суды іші ауырған балаларға ғана шақтап ішкізеді.
«Шықпа жаным, шықпамен» қалт-құлт етіп күн көріп отырған шағын ауылдың соңынан үлкендер мал айдап, қараша айының соңында ғана жетті. Олар үрпиісіп отырған шағын топтан өз отбасыларын әзер тауып, әркім өз беттерінше әрекет жасай бастады. Аңқау да аңғал ауыл адамдары қуыстағы құм қойнауында қаракөл қойын өсірудің қаншалықты маңызы болғанын ол кезде қайдан білсін?
Соғыс жылдары ЭС-ЭС-ЭС-ЭР деген алып империя АҚШ-тан, Ұлыбританиядан ұшақтар мен танкілер алып тұрады. Әлемдік базардағы бағасының құнды болғаны соншалық, отыз елтіріге бір танк айырбасталады. Бір әйелдің мантасы отыз елтіріден тігіледі. Демек, жанымыздың жартыларының әрқайсысы бір танкіні арқалап жүріпті.
Мынадай да дерек бар. Ұлыбритания мемлекеті соғыста көрсеткен көмектері үшін алтын сұраған. Сталин елден алтын жинатып, оны кемеге артып, Ұлыбританияға жөнелтеді. Лайнер теңіздің ортасына келгенде қаскүнемдер (бәлкім неміс барлаушылары шығар) кемені жарып жібереді. Соншама байлық су түбіне кетеді. Елде алтын атаулы қалмаған. Мұртты шал ежірейеді. «Басқа алтыным жоқ, қолыңнан келгенін істеп ал» дегенге дейін барса керек. Орыстармен соғысып опа таппайтынын білген ағылшындар алтынның орнына қаракөл елтірісін беруді ұсынады. Бұған келіскен Сталин Түркіменстан, Өзбекстан елдерімен бірге Қазақстанға да қаракөл қой шаруашылығын дамытуды тапсырады.
Қияндағы қойнау тұрғындары бесжылдықтың балғасын солқылдата соғып, қаракөл қойын көбейтуге, оның өнімдерін молайтуға осылай кірісіп кеткен еді. Зымыран уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Совхоз еңсесін тіктеді. Ақшаңқаң үйлер бой түзеді. Мәдениет ошақтары салынды. Бетбақдала мен Арқа даласын мыңғырған мал қаптады. Совхоз кеңсесінде одақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанғанының куәсіндей Қызыл тулар сап түзеп тұрды. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген мәтел бұл жерге жүрмейді. Бірақ, қиындықтың барлығын алдыңғы толқын еңсеріп кеткендіктен, кейінгі келгендер барлығына өздері ие болып алды.
«Әр ауылдың бір тентегі болады» демекші, әр елді мекеннің өз тіршілігімен қатар адамдары жиналып, ермек етер басыбайлы ойыны, құмарлықтың құрты болады. Айталық, бір ауылдың адамдары қолдары қалт етсе болды тайлы-тұяғы қалмай көкпар шабады. Енді біреулер доп тебеді. Үй аралап, боза ішетін топ тағы бар. Ал, бұл ауылдың адамдарының ермегі ертелі-кеш «Вилька», қазақшалап айтқанда «Көзір айт» деген карта ойыны. Олар преферанс дегенге жоламайды. Бұл ойын ми қатырады. Преферанс ойнау үшін есеп білуің керек. Онсыз да мал соңында салпақтап, милары есек болып жүргендер есеп шығара алар ма? Бұдан гөрі тез әрі оңай ойналатын «көзір айт» тиімдірек. Әр ойын біткен сайын жеңген жақ та, жеңілген жақ па бірер стаканнан тастап жіберіп отырады. Ойын арасында қарсыласты «жалаңаш» қалдыратын (бірде бірұпай ала алмағандарды осылай атайды) кездер де болады. Егер мұндай мүмкіндік туса, айыңның оңынан туғаны дей бер. Мұндай жеңісті қалайша атап өтпейсің? «Уралап» өре түрегелген жеңімпаздар арғы бабаларынан қалған өштері бардай, бөтелкедегіні сарқа тауысып, босаған ыдысын шеткері ысырып тастайды. Артынша екінші бөтелке кезегін күтіп, мөлиіп тұрады.
Жалпы, «көзір айт» деген бұл ойыныңыз әсіресе, қыстық соғым кезінде тосыннан келген тұмаудай өрши түседі. Жылқы жыққан, түйе шөгерген, қошқар сойған отбасылар көрші-қолаңды шақырып, дәм тапқызу бұл ауылдың жазылмаған әрі бұлжымайтын қатаң заңы. Мұндай барқадарлы басқосуларда мойындары ілмиіп бірнеше бөтелке тұрмаса, қонақтардың ішкендері бойларына тарқамайды. Сосынғысы-карта. Қонақ шақыратын үй кемінде қорабы ашылмаған су жаңа бес-алты карта алып қоюы тиіс. Несің айтасыз, бұл ауылдың еркегін былай қойғанда қатын-қалаштарына дейін карта ойнайды. Олар түгілі бесіктен белі енді ғана шыққан балаларына дейін картаның түбін түсіреді. Жаңа түскен келіндер бастапқыда тосырқап жүргенімен, үйренісе келе олар да қатарға қосылады. Өйткені, драмаңыз да, комедияңыз да, мұны азырқасаңыз, эстрадаңыз да осы ойыннан табылады. Араққа сылқия тойып алып, ыржаң-ыржаң етіп, ауызына келгенді айтып қисалаңдап тұрғаны немесе ұйықтап қалып, үстінен танк өтсе де оянбайтын, сол күйінде үйді басына көтеріп қабанша қорылдайтын көкелердің кейпі қай комедияңыздан кем? Кей жеңгейдердің қайны-қайнағаларынан көрсетіп, көрсетпей тартып алған суға елітіп, «дедім-айлатып» шатып-бұтып ән шырқағандары қай эстрададан кем? Айтпақшы, ауылдың алты ауызы деген де бар екен-ау. Оқтауды домбыра етіп сабалап, айтыса кететін ақындардың да жеткілікті екенін айтуды ұмытып бара жатыр екенмін. Дегенмен, мұндай той-тамашаны анау-мынау қалаңыздан табуыңыз неғайбыл.
Ысмағұлдың үйі бүгін ауылдастарын соғымбасына шақырып отыр. Ысмағұл әуелі әйелімен кеңес құрды. Қонаққа шақырылатындар тізімі екеуінің де көңілінен шықты. Арақ-шарапқа келгенде де ерлі-зайыптылар жомарттық танытты. Тәйірі, бүгінде арақты кім ішпей жатыр дейсіз? Жетпей қалып, сараң атанғаннан сақтасын. Алайда, ет жағына келгенде кикілжің туды. Ысмағұл қорада бордақыда тұрған қошқарды сояйық дейді.
– Жақында балалар қаладан демалысқа келеді. Соларға үйітіп сойып берсек, құйқалы ет жеп бір қаужаңдап қалмай ма? Қалада олар қайбір оңған ет жеп жүр дейсің? Сол баяғы бәліш пе, тоқаш па, солардың біріне алданып жүрген шығар сорлары қайнап, – деп Ырысбала жылап қалды.
– Сен де бір. Адам қонақ шақырып жатқанда қуанбаушы ме еді? Әкең жаңа өлгендей боталап жылағаны несі? Тәйт, әрі! Жаман ырым бастама! – деп Ысмағұл жекірді.
– Балапандарым есіме түсіп…
– Оларды еске түсіретін кезді тапқан екенсің. Одан да абыройды ойла. Ертең қонаққа сопқоз директорының өзі келейін деп отыр. Алдына бас тартпасақ, елден ұят-ты. Тарына берме, кемпір. Құдай жеткізеді, – деп Ысмағұл жұбайын жұбатты.
Тырсылдап жарылайын деп тұрған қара қошқардың мойынына қыларқан түсті. Абырой үшін кетіп бара жатқанын қайдан білсін, көзі алашапыраштанып шегіншектеп, тартынады. Бірақ, қарулы қол жіберер ме? «Сенде жазық жоқ, Ысмағұлда азық жоқ». Біссімілдә. Бірақ, Ысмағұлда азық жоқ деген суда балық жоқ дегенмен бірдей. Оның сарайында бір жылқының тұтас еті мен түйенің жарты жілігі керілген арқанда, сым темірлерде солдаттардай сап түзеп тұр. Бұл сарайға кіргендер «баршылықтың базары осында екен-ау» деп ішпей-жемей тойып шығады.
Қара қазанға білем-білем сұр ет, қазы мен қарта, жал мен жая салынды. Бас үйітіліп, басқа қазанға қарай кетті. Келіндер ішек-қарын, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпеден бәліш пісіріп жатыр. Сап-сары бауырсақтар шарадан асып және тұр.
Тарам-тарам бөлмелердің екеуі қонақтарға арналып жабдықталды. Келіндер мен қыз-қырқындар әуелі төсеніштерді сыртқа шығарып, қағып-сілкіді. Жүкаяқтан жаңа көрпелер түсіріліп, төселінді. Құс жастықтар қатар-қатар қойылды. Осының барлығы атқарылғанша қас та қарайды. Дәл осы мезетті күткендей қонақтар іркес-тіркес келе бастады.
Жұрт директор Диқанбайды тосты. Ол қолын жуып, төрге озғанда үй ішінде көңілділік пайда болды. Жиналғандар қозғалақтап қалысты. Батадан соң жапатармағай дастарханға қол созылды. Әуелі шай келді. Артынша табақ-табақ ет буы бұрқырап, бөлмелерге хош иіс таратып бес-алты жерге қойылды.
Тамақтан соң қонақтар балалардың совет пен неміс болып ойнайтынындай екіге бөлінді. Бірінші топ совхоз басшылары еді. Олар сызуға кірісті. Сыза алмайтындар бірер бөтелкенің мұрындарын бұзуға кірісті. Тағы бір топты айтуға тиіспін. Олар «көзір айттың» түбін түсіретіндер еді. Ойыншылардың басым бөлігі осы топта болатынын әуелбаста-ақ айтқанмын.
Совхоз басшылары көп бөгелген жоқ. Бірер партия ойнаған соң, ертеңгі қауырт жұмыстары естеріне түсіп, орындарынан жедел көтерілді. Ысмағұлдың: «Әлі де біраз отыра тұрмадыңыздар ма? Ойын енді қызып келе жатыр еді ғой» деген өкінішіне де, өтінішіне де қарайламады. Диқанбектің өзі кідірмеген соң, басқалар да амалсыздан орындарынан созалаңдап тұра бастады.
Дегенмен, директор бастаған дүмді топ кеткен соң, үйге бір еркіндік енгендей болды. Ойыншылар екпін алып, дауыстары жарқын-жарқын шыға бастады. Мұндайда аламан көкпарда отырғандай екіленіп алатын адуынды, ауызын айға білеп, шатынап шыға келетін шақарлар болады ғой. Бұл ауыл мұндай шақарлардан кенде емес еді. Салқынбек секілді сазбеттер мен Сұлтандай сайтандар ұрынарға қара таппай отыр. Карташыл топ арасында шөже шалдар да, мақамшыл мыстандар да, жұлымыр жыртқыштар да, шақпа тіл шешендер де бар.
Ойынды сотқар Салқынбек бұзды. Қыраулығына басып, қолында бар картасын тастамай, басқасын шиырып жіберді. Мұны мәстен Нұртай байқап қалды.
– Әй, көзіңді оқыра басты ма? Жөндеп жүрсеңші! – деп жекіріп қалды.
Басқалар да байқап отырған соң Салқынбек тиісті картаны ортаға атып жіберіп:
– Байқамай қалыппын, – деп ақталғансыды.
– Әбілет басқыр, байқамай қаласың, ә! Кенжебектің ала тайыншасын да байқамай сойып алған шығарсың? – деп Сұлтан оған сүзе қарады.
Әншейінде мұндай кекесінге келсап ала жүгіретін Салқынбек өз сөзіне байланды.
Осы кезде Құттыбай бастап отырған жұп қарсыласын «жалаңаш» қалдырды да отырғандар осы жеңістің құрметіне бір-бір стаканнан тартып алысты. Әлгінде ғана тұтанғалы тұрған отты осы жеңіс жуып-шайып кетті.
Әлден соң Әбен әпербақандығына салып, түйенің орнына шыбын жүрді. Бұл енді ойын ережесін бұзғандықтың нағыз сойқан көрінісі еді.
– Ей, қолыңда түйе тұрып, шыбынды неге жүресің? Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе? – деп Ниетқали орнынан ұшып тұрды.
– Сен бе, көзіме көк шыбын үймелететін? Батыр болсаң, далаға шық. Әкеңді танытып жіберейін, – деп Әбен білегін түрінді.
– Найсап! Осы ашкөздігіңнен жеті жыл темір тордың тарелкасынан ас ішіп келіп едің. Сұғанақтығыңды әлі де қоймапсың ғой, – деп Ниетқали қоразданып қоқилана қарады.
– «Ұры иттің к…тін сұқ ит жалайды» деген. Сұғанақтық сенен қалып маған жетті ғой деймісің? Әйелін Қатша көршінің қыстық соғымынан ұрлағанда қайда қарап отырдың? – деді Әбен де есесін жібергісі келмей.
– Әй, қараң батқыр Қатша! Сүйекке таңба болды-ау ұрлығың. Ел бетіне қарар бет қалдырдың ба? – деп Ниетқали көрші бөлмеде отырған қатпа қара қатынын сыртқа шығарып итше тепкіледі. Жиналғандар жабылып жүріп, Қатшаны байының қолынан зорға ажыратып алды.
– Ей, Ниетқали! Сені әулетіміздің зоры ма десем, соры ма едің? Жерге қараттың-ау, жер болғыр! – деп Насатбай жер тоқпақтады.
Осы екі ортада әйелдер жағы бір көтеріліс жасап басылды. Жұпардың қыз кезінде Ләтешбекпен кездесіп қойғаны, Сағираның қызы оң жақта отырып бала тауып алғаны айтылып, екеуі бірінің шашын бірі жұлғаны болмаса, басқа басбұзарлық байқалған жоқ. Оларды да ащы су табыстырып жіберді.
Ысмағұл мен Ырысбала қонақтарын жалынып жүріп, ішке кіргізді. Карта ойыны қайта қызды. Ортаға тоңазытылған ет, туралған пияз, тұздалған қызанақ пен қияр қойылды. Көкмойындар қайта сап түзеді. Еркектер мен әйелдер бөлмелеріне көңілділік үшін көкмойындармен бірге кірді.
– Тұзды жүр, тұзды.
– Корельді жүр.
– Қиықты тастама.
– Қарғаны таста!
Мұндайда ойынға кірмегеннің барлығы данышпан. Тұс-тұстан жамыраған дауыстар құлақ тұндырады.
– Жыбырламай, сыбырламай отырыңдар, – деп ойыншылар жанкүйерлерге қаншама ескерткендерімен, бойларына қызу дарығандар тыныш отыра алады ма?
«Қашан бір жағы ұтар екен?», «Жалаңаш» қалдырса дұрыс болар еді» деп қырау оймен тамақтары жыбырлап отырғандар қаншама! Қанша дегенмен, таудағы түлкіні табындағы тазы алады. Өмірінің басым көпшілігі карта ойнаумен өткен ауыл адамдарының арасында қарсыласының қолында қанша көзір жатқанын көретін көзі рентген-көрегендері де толып жатыр. Бірақ айлакер, құбылмалы мінезді тәсіл еткен қулар мен сұмдар бұл сырға келгенде қоймаларын ашпайды. Тек жанкүйерлерінің сыбырлағанын қоштаған, құптаған кісім болысады. Сөйтіп отырып, ну жынысты тоғай ішіне жып етіп кіріп кетіп, тазыны адастырып, жын қақтырып кеткен түлкідей ыржақтайды. Неше түрлі айла мен қитұрқылыққа салып отырып, қарсыластарын сан соқтырып қапыда қалдыратын сүрленген сүлейлер сырттан келген талай мықтының ауыздарын аңқитып, қалталарындағыны сыпырып алған. Сол майталмандар майдандасқан соң оңа ма, ұр да жық ұрыс та, қырбай айтыс та, шымбайға батар шатақ та тұтана жаздап, әупіріммен басылып жатыр. Текемет үстіне төсеніш ретінде тасталған газеттің қаншасының пәршек-пәршегі шықты. Жаңа ғана қорапшасынан шыққан жылтыр картаның әп-сәтте-ақ жұлым-жұлымы шығып, жарамсыз болып қалды.
Ысмағұл мен Ырысбаланың шықпаған жаны ғана. «Қайтсек, қонақтардың бабын табамыз?» деп зыр жүгіріп жүр. Өйткені, келесі үйге қонаққа барғанда құдалыққа келгендей бар салмақты сала барады. Мұны қалай ұмытады?
Қара қазан бірнеше рет қайта көтерілді. «Тіске жұмсақ болсын» деп соңыра қоян етінен қуырдақ жасалды. Бірақ, жалаңып отарғандардың жұлымдарына ол жұқ та болған жоқ. Ырысбала қаладағы балалар келсе ауыз тисін деп тыққыштап отырған киіктің етінен қайтара қуырдақ жасауға кірісіп кетті. Ырысбала ет турап отыр. Ол киіктің етін турап отырған жоқ-ау, бетін турап отырғандай мұңлы күйде. Жеңсік асты қонақтарға сыйға тартқаннан басқа амал да жоқ. Жылқының еті де босқа рәсуа болды.
Карташылар киіктің етінен қуырдақ жеп, бөтелкелердегіні сарқа тауысып болған сәтте таң шапағы әлі біліне қоймаған еді. Соңдарында қимас дүниелері қалып бара жатқандай, үйге жалтақ-жалтақ қарасқан карташылар күртешелерінің жағаларын көтеріп, бүрсең қағып, желден ыққан жылқылардай жөнеп бара жатты.
Мырзабек жылы үйіне кіргенде келіншегі Зұлфия ұйқылы-ояу жатыр екен. Мұның келгенін, теріс қарап тұрып шешінгенін біліп, сырғып, күйеуіне орын босатты. Мырзабек жылы төсекке енген бойы маужырап, қалың ұйқыға гүмп етіп қойып кетермін деп ойлаған. Келіншегінің оттай жанған денесі ұйқысын шайдай ашты. Манаурап жатқан қарасұр келіншегі бері аунап түсіп, қойнына кіре берді. Мырзабектің ұйықтап қалған жыланының басы көтеріліп, құмарлықтың мыңдаған құрты жыбыр-жыбыр етіп, есін шығарды. Мауыққан ұрғашы мысықтың ұрыншақ шақтағы мекіренген дауысындай өзгеше бір ынтық үн құлағына келгендей болды. Ол мұндай ләззатты шырын шақты көптеп күтіп жүрген еді. Бүгінгі түні қатарластарынан арақты тартына ішкеніне тап осы сәт бек разы.
Ол келіншегінің тоятты сәтті аңсайтынын білмейді емес, біледі. Күн сайын кешкі тамақтан соң елжіремелі бір күйге еніп, қас қарайып, келіншегінің майысып жүріп төсек салғанын асыға күтеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде қара басып, ұйықтап қалатыны бар. Қайтып ұйықтамасың? Бұл үйдің балалары бала емес, бақа. Ымырт үйірілді дегенше бақадай шулап, үйді азан-қазан етеді. Солар ұйықтасын деп күтіп жатқан Мырзабайды күні бойы дала жұмысынан сілікпесі шығып келгендіктен ұйқы ілестіріп әкетеді. Ол көзін ашқанда Зұлфиясы қарына шелек қыстырып, сиыр саууға шығып бара жатады.
Бүгін сол бір аңсарлы сәттің орайы келе қалғанын көрмейсіз бе? Мырзекең келіншегінің қарызынан құтылып, біраз күн сырғақтап жүруге себеп табылатын болды-ау деп долбар жасап, жанторсығының ыңғайына беріліп, құлақтың сырғалығына қарай қолы сырғып бара жатыр еді, кенеттен терезе қағылды. Әуелі тырс-тырс еткен әлсіз үн естілген. Енді ғой, терезе жақтауларын сындырып жіберердей солқылдатып барады. Мырзабектің талағы тарс айырылды. «Қырсық айналдырғанда, адамдар келмейтін уақытта келеді екен ғой» деп кіжінгенде көзі шапыраштанып кетті. Енді ғана нәркез көзі жұмылып, шуақты шаққа шомылуға дайын келіншектің денесі мұз болып қатып қалғандай болды. Мырзабек шырын шақтың шырқын бұзған әумесердің кім екенін білгісі келіп, дауыстағанда, өзімен картаны жақтас болып ойнаған Жақыптың дауысын жазбай таныды.
– Әй, Жақып! Сенбісің таң бозында келіп тұрған? Тыныштық та әйтеуір? – деп жүре сөйлеп Мырзабек киімдерін киді.
– Сыртқа шықсаңшы. Сосын айтамын, – деді Жақып жұмбақтай сөйлеп.
Сәл нәрседен секем алғыш көңіл-ай десеңші. Мырзабек те әуелгіде шошынып қалды. Қай-қайдағы есіне түсті. Бойы шымырлады.
Сыртқа шыққанда есік алдындағы сөкі жанында сорайып тұрған Жақыпты көрді.
– Темекіңді алып шықтың ба? – деп сұрады тап бір Мырзабек оған шылым қарыздай.
Таң алдында темекіні бірге тартысып жүрген адам да бұлай еркінсімес.
Асып-сасып жүріп темекіні ала шығу ойына қайдан келсін? Мырзабек қайырыла үйіне кіріп, темекі алып шықты. Екеуі сәкі басында темекінің қою түтінін құныға сорып тұрды.
– Үйге жеткенше ойландым. Тіпті, басым қатты. Дөңбекшіп ұйықтай алсамшы, – деді тек тұрғанды жөн санамаған Жақып.
– Түн ішінде не ой сені мазалап, ұйықтатпаған?
– Ойлап-ойлап ақыры таптым. Әлгі қарғаның мәткесі ше? Сен соны бекер жүрдің. Егер шыбынның жігітін жүргенде оларды «жалаңаш» қалдырар едік, – деді Жақып екі езуі екі құлағына жетердей ыржақтап.
Мырзабек ойланып қалды.
– Рас-ей! Шыбынның жігітін неге тастай салмадым екен? Ақымақтық қой. Арақ та санамды сансыратып тастады-ау, шамасы, – деп ақталды Мырзабек.
Әлгінде ғана басталғалы тұрған шырын шағының шырқын бұзған әңгүдіктің тұмсығын бұзып, құлақшекеден ұрып құлатып, қылқындырмақ болған ойының қайда кеткенін өзі де білмейді. Бар ойы картада қай жерден сүрінгенінде ғана. «Бәсе! Бар бәле қарғаның мәткесінде жатыр. Сол құрғырды тастамағанымда жеңіс біздікі еді» деген сандырақ ой санасын соққылады. Оның бойында жаңа ғана жайнақ көз келіншегімен арадағы ойда-жоқта лып етіп бас көтерген жалынды мезеттің шоғы да қалмады. Өзінің картаны ортаға асығыс тастаған дегбірсіздігіне күйініп, жерге шырт түкірді.
Жақып жасы отыздардан асқан томырықтау, одағай мінездері де бар жігіт болатын. Оның дауысы алғаш естілгенде Мырзабек оны төмпештеп алуды да ойлаған. Бірақ, қазіргі айтып отырғаны тап рас. Шындықтың алдында шешен де шідерленеді.
Екеуі жаңа атып келе жатқан бозамық таңды жаңғырта күлді. «Миларын арақ улаған маскүнемдер! Түнімен ішкендерімен қоймай, таң азанымен есектей ақырып, тыныштық бермеді ғой» деп көрші мықыр шал дөңбекшіп, міңгірлеп жатты.
Осы оқиғадан соң Кеңес деген керегелі империя күйреп, сопқоздар таратылды. Шалғайдағы құм қойнауында жұмыссыз қалған тұрғындар «Көзір айттан» басқа ермек таба алмады. Бұрынғы бұрынғы ма, таңертеңнен қара кешке дейін «Көзір айттың» түбін түсіріп, бесжылдықтардың балғасын солқылдата соққылап жатқандай, картаны құлаштап лақтырады да жатады. Тіпті, жерге ұрыла-ұрыла ұсқыны қашқан картаны көріп, ішің удай ашиды. Кейіннен ел ауызында жыр болған «Қарғаның мәткесінен» де қызық оқиғалар бірінен соң бірі орын алды. Жә, оларды тағы бір кезегі келгенде айтып берермін…
КІРПІ КЕЙПІНДЕГІ КІСІ
І
Сәруар жан ұшырып жүгіріп келеді. Кіп-кішкентай баланың жүрегі ауызына тіреліп, кеудесін тесіп жіберердей дүрс-дүрс соғады. Құртақандай бала сонда да ышқына түседі. Қуыс-қуыстан екі көзі қанталаған, тырнақтары сояудай албасты не мыстан шыға келетіндей жан-жағына жалтақтай қарайды. Бір-бірімен іркес-тіркес әр бөлмеден өткен сайын үміт оты жылт ете қалғайдай болады. Бірақ, алдынан тағы бір қи сасыған бөлме шыға келеді. Бұл өзі таусылмайтын неткен көп бөлмелер еді?
– Ұзақ! Ұзақ аға! Тоқташы! Мен қорқамын!
– Бекбол аға! Тоқтаңыздаршы.
– Сәтбек! Мен жалғыз қалып кеттім ғой…
Бірақ жыланнан үркіп көкке пыр етіп ұшқан торғайлардай қораның ана шетінен кірген бір топ бала ана шетіне дейін тоқтаған жоқ. Тым ұзап кетті. Соңдарында құлдыраңдап бара жатқан Қамбардың бейнесі де бұлың-бұлың етіп сағымға сіңіп жоғалды. Сәруар қорқыныш қорғанында жалғыз қалды. Өміріңде мұндай қорқып көрмепті. Жүгіріп келеді, жылап келеді. Әлдекімнен жәрдем сұрайды. Бірақ, мына мылқау қаракөлеңкеде оған кім қол ұшын соза қояды? Сондықтан жарық дүниеге ұмтылған бала барын салып-ақ келеді. Оның үстіне соңынан сақ-сақ күліп сайтандар қуып келеді емес пе?
Осылай жан алқымға келіп, өкпесі өшіп, аяқтары өзіне бағынудан қалған кезде бір табаны шым ете қалды. Ойбайлап отыра кетті. Бүгілуге келмеген тізесін әрең икемге келтіріп, табанына қарағанда бір уыс иненің шаншылып тұрғанын көрді. Табандарымен әуре болып жүргенде байқамаған ба әлде сезбеген бе, жамбасы да сыздап қоя берді. Енді қорқынышқа ауырсыну қосылды. «Өлді деген осы екен-ау» деп ойлады балапандай балақай әкесінен кей-кейде есітіп қалатын сөздер есіне түсіп. Бірақ, әлі мектепке барып, кітаптың бетін ашып көрмеген кіп- кішкентай кезінде белгісіздік мекеніне қалайша аттанып кете бермек? Көкірегін шер, тұла бойын қорқыныш, көңілін мұң торлаған жұдырықтай бала жан-жағына жалтақтап қарай отырып, көз жасын көлдетті.
Япырай, мұнша көп болар ма, табанына кірген иненің таусылар түрі байқалмайды. Әрқайсысын суырған сайын шып-шып етіп қаракүрең қан шығады. Сәруар өз бойынан қан шыққанын алғаш көріп отырған жоқ. Жақында ғана ауылға Ташкент жақтан молдалар келіп, сүндетке отырғызғанда атасының «батыр бала жыламайды» деген демеу сөзіне сүйеніп, намысқа тырысып баққан. Молда шаруасын бітіріп болған соң атасы құшақтап: «Міне, енді үлкен азамат болдың!» деп бауырына басқан. Сонда ғой, сорғалап аққан қанды көріп тұрса да денесі түршіккен жоқ. Ал, мына иненің жасуындай ғана болып шыққан болмашы қаннан неге қорқады?
Қамқор атасы қасында жоқ болғанына қыстықты ма әлде сансыз ине жанына батты ма, Сәруар ызалана жылады. Табанындағы сансыз инені суырамын деп отырып, қорыққанын да ұмытты. Енді оның ойында «ақсаңдап үйге қалай жетер екенмін?» деген сауал ғана тұрды.
Әлден соң ол ақсаңдай басып сүйретіліп келе жатты. Қораның ұзындығы сондай, таусылмайтындай көрінді. Бір кезде қапастың шыға беріс есігі де көрінді-ау. Бала құтырына жабылған көп иттің тобынан әупірімдеп құтылып шыққан жандай масаттанып қалды. Бірақ бойында әлі де діріл бар еді. Артына жалтақ-жалтақ қарап, ескі қорадан ұзай берді. «Атқораға кіріп, тығылмашақ ойнаймыз» деп бірге шыққан балалардың қарасы көрінбейді. Тағы қайда кетіп қалды екен? Әлде таса-тасаға тығылып, мұның ауыр зардап шеккенін көріп, жауды жеңгендей масаттанып тұр ма? Мазақтап та тұрған болар? Сәруар бәрібір ол тұзақтан аман шықты ғой. Тек табанына ине кіргені болмаса. Иә, зәресі зәр түбіне кетіп, қорыққаны да бар екен ғой. «Бәрібір мені мұқата алмайсыңдар» деді ішіндегі бір дауыс.
Сәруардың үйі мен атқораның арасы таяқ тастам ғана жер сияқты еді. Бірақ, баланың ақсаңдай басып жүрісін өндірмеді. Әлден соң бойын ұйқы жеңгендей болды. Қаракөлеңке қора ішінде қорқынышпен жүгіріп өткен жолы мен табанына қадалған сансыз ине сызы ендігі жерде өң бойына тыныштық тілейтіндей. Бірақ бала үйіне жетіп жығылғанша тоқтағысы келмеді. Денесінің әлсіздігін жеңіп, шамасы келгенше ілбіп жүре берді.
Ол үйге кіріп келгенде анасы Рабия қамыр илеп отыр еді. Беті әлемтапырақтанып, көзі кіртиіп, әлденеден үріккен үйректей үрпиіп тұрған баласын көрген Рабия орнынан ұшып тұрды. Алдындағы қамыры анадай жерге ұшып түсті. Сыпырадағы ұн ақтарылып қалды.
– Ұлым-ау, саған не болған? Түрің боп-боз ғой, ауырып қалғаннан саумысың? – деп Сәруарды құшақтай алды.
Ана құшағы, ана мейірімі ғажап қой! Сәруардың шер тарқатып егіл де тегіл жылағысы келді. Бірақ атасының (ол әкесін «ата» деп атайды) сөзі есіне түсіп, ернін қымқырып тістеп тұрды. Рабия балапаны отқа түскен ана қаздай шыр-пыры шығып тұр еді. Ол бастырмалатып не жағдай болғанын сұрай берді. Анасының ыстық құшағында тұрып, бар қауіп-қатерден құтылғанына көзі анық жеткен бала ерні кезеріп тұрып басынан кешкен жәйтті асықпай айтып берді.
Кешкісін жұмысынан келген әкесі Дәрібай мән-жайды толық білу үшін Сәруармен бірге ойнаған балаларды түгел жиып алды.
– Мен емес,– деп қыбыжықтады Бекбол.
– Біз жәй ойнап едік,– деді Сәтбек.
– Соған да бала жылай ма екен? Біз бар болғаны тығылмашақ ойнадық қой, – деді Ұзақ өзіне шаң жуытқысы келмей.
– Сәруардың соңында қалып кеткенін білмедім, – деп ақталды Дәрмен.
Бәрі де белгілі болды. Шаруашылықтың жылқысы қыстайтын қора ала жаздай қаңырап бос тұрады. Ұзыннан ұзақ етіп салынған қора бейнебір пойыз сияқты еді. Бір бөлмеден өтіп, екіншісіне кіресің. Осының өзі балалар ойыны үшін таптырмас орын. Тығылмашақ ойнауға да, қызыл мен аққа бөлініп атой салуға да қолайлы. Бірқатар ересек балалар осында келіп темекі тартады. Ләңгі қызығына тоймайтындар да осында.
Сол күні Ұзақ жаңа ойын түріп ойлап тапқан. Қорадағы әр бөлменің шығар тесігі астына өлген кірпінің терісін көміп кетулері керек. Оны көму тіптен оңай еді. Қи астына кірпі терісін инесін жоғары қарата көміп кетесің. Бітті. Бірнеше бөлмені аралап өткен балалардың бірі оны аңдаусызда басып қалады. Міне, қызықтың көкесі! Табанындағы кірпі инесін ойбайлап суырып отыру расында қызық емес пе? Күлкіге қарық бол!
Ұзақтың осы ойыны бәріне ұнады. Сол күні Ұзақ өзіне сенімді екі-үш досын ертіп барып, кірпінің терісін өздері білетін жерге көміп келген. Бары осы!
– Ұқсамасаң тумағыр-ай! Әкесі Қасымбектің да қаны сұйық еді. Бұл қалай әкесіне тартып туды екен? Діні қатты немеге тартпай-ақ қойғаны жақсы еді! – деп Дәрібай күйіп-пісті.
– Әкесі-ау! Ұзақтың әкесінде не әкеңнің құны кетті? Бала ғой олар. Бала болған соң балалығың жасамай тұрмайды. Балаларды босқа жазғырма. Жөндеріне кетсін. Бала түске дейін ұрысады, түстен кейін табысады. Жә, жабырқама! – деп Рабия басу айтты.
Дәрібайдың да бұдан әрі қазбаламақ ойы жоқ еді. Балаларға «біріңе бірін бас-көз болып жүріңдер» деген ақылын айтып қала берген.
ІІ
Жаз айының жадыраңқы түні. Тау жақтан қиялай көтерілген ай шұғылалы сәулесін жамырата төгіп тұр. Ымырт үйіріле бірінен соң бірі көзін ашқан сансыз сарғыш, қызғылт, жасыл жұлдыздар жарыса жымыңдайды. Жер бетіндегі тіршілік атаулының қисапсыз кінәларын бір-біріне сыбырлап айтқысы келетіндей ме, бозамықтана жылт-жылт еткен кейбіреулері көмескіленіп барып, қайта шоқтанады. Олардың осы бір ойнақы қылықтары желауыз жеңгейлерді еске салғандай еді.
Түймедей бұлты жоқ көк барқыт аспанда жамыраған сансыз жұлдыздар бүгін бұрын байқатпаған түрге еніп тұр. Әне, сансыз жұлдыздардың бірі соңына шұбатылған ирек от тастап ағып түсті. Мұны көрген жердегі адамдар «Жұлдызым жоғары», «жұлдызым жоғары» деп Жаратқанға жалбарынып жатты. Түн соншалықты тыныш та ай сәулесіне малынып тұрғанымен, төңіректі тұмшалаған тылсым бір мұң бар еді. Сол мұңның себепшісі кім?
Таудан құлап аққан мың сан бұлақтан бастау алған өзен түн тыныштығын бұзғысы келгендей күркіреп ағады. Осы гүрілге тоғай жақтан естілген қасқырдың ұлығаны естіліп, тұла бойды түршіктіріп жіберді.
Осындай бір беймаза шақта тоғайдан шығып, төмен қарай құлдилап келе жатқан аттылы көрінді. Ат үстіндегі жымсыма жырынды күпісінің сыртынан белін арқанның үзік бір бөлігімен шарт байлап алған. Қолында екі бүктеулі қамшысы, иығында қосатар мылтығы бар. Түнгі жортуылшының екі беті нарттай қызыл, шүңірек көзімен айналаны тінте қарап келе жатыр. Ол пысқырып қалған атын бүйірден аямай теуіп, тізгінді жұлқа тартып қалды. Жирен ат бүйірден тепкенде шалт қимылдап шаба жөнелгісі келгенімен, ернін жырта жаздаған ауыздықтан жасқанып, басын оқыс көтеріп шыр айналды. «Ой, әкеңнің?» деп кіжінген жортуылшы қайта тебініп, тізгінді босатты. Ол атын тастақты жерге жолатпайды. Барынша шалғынды, сазды жермен жортып келеді. Атының жүргендегі тұяқ тықырын, пысқырғанын қалап келе жатқан жоқ. Аттылы осы суыт жүрісімен Күркіреуік өзенінің аңғарына түсіп, бой көрсетпей кетті.
Бұл ел ішінде «Жыланкөз» атанған Құрманбек еді. Ағайындардың бұлай атауының да өзіндік сыры бар. Құрманбектің қара үңгірдей терең шүңірек көзіне түскен мал сол күні ұшты-күйлі жоқ болады. Бәле-жала малмен ғана кетсе шүкіршілік қой, кейуаналар Құрманбек келе жатыр дегенді естісе құзғын құстан балапандарын қанаттарының астына жасырып қорғайтын тауықтардай немерелерін етектерінің астына жасыра қоятын. Құрманбектің тықыры естілді дегенше, балаларын үйге кіргізіп, кебеженің артына тығып қоятындар да көп болатын. Үлкендер ел ішіне келген қалың сүзектен де осыншалықты қорыққан жоқ еді.
Міне, сол Құрманбек ашаршылық деген айдаһар ауылдарға ауыз сала бастағанда аттан түспейтін болып алды. Бұрын да кедейден шыққан белсенді еді, бұл жолғысы тіптен ерек. Айдаладағы біреулерді айтпағанның өзінде қаны да, жаны да бір ағайындарының қолдарындағысын тартып алуға кірісті. Мұндай қаныпезерлікті кім көрген? Үкіметтің қорадағы бес-он тұяқты тартып алып кеткені аздай, енді үйме-үй тінтіп, бидай мен тарыдан бір уыс та қалдырмай тағы да сыпырып әкетті. Осы сыпыра тонаудың бір шетінде Құрманбек те жүр. Қастасқан дұшпанның өзі мұндай қаскүнемдік жасамас. Неткен ділі қатты неме еді? Үмітін үсік шалып, сенімдері селге кеткен Құмдыбел ауылының адамдары денелері күп болып ісініп, алды аштан жығыла бастады.
– Қуарғырлар-ай! Талауы мен тонауы аздай мазағы мен жазасын қатар жіберді ғой. Мұндай тасжүрек жан көрсем, көзім шықсын! Қарық қылады деген қызыл өкіметтің көрсеткені осы болса, қалғанына не шара? Әй, Құрманбек-ай, Құрманбек! Құдай жазасыз қалдырмас сені! – деп жер тоқпақтап жылаған Ережеп талықсып құлады.
Дәрібайдың да ішін талай нәрсе кернеп тұр еді. Бірақ, ол тіс жарып ештеңе айта алмады. Өйткені, талай күннен бері нәр таптаған оның да жағдайы мәз емес-ті. Есесіне әйелі Маржанның танауы қусырылып, тұншыға жылады.
Жаз өтіп, күздің ызғары біліне бастаған күндердің бірінде ауыл адамдары жиылып, мәслихат құрды. Сондағысы Құрманбектің тоғайға сіңіп, одан әрі тауға кетіп не бүлдіріп жүргенін анықтау еді. Бұл сапарға аштыққа әлі де дес бермей келе жатқан Болатбек, Сапарәлі, Ерменбай сияқты жігіттер сайланды. Ауылдағы қылқұйрық біткен өкімет адамдарының тақымында кеткен. Ақылдаса келе олар есек те болса мініп кетуге бекінді. Қас қылғанда ауылда бұт артар есек те жоқ болып шықты. Ақыры таяқ та болса ес тұтып, тәуекелге бел буды. Таң қараңғысында жолға шығатын Құрманбектің ізін аңдып көрмек. Бірақ аттыға ілесемін деп жаяудың таны айырылмай ма? Ақыры ойласа келе жігіттер алдын ала жолға шығып, тоғай арасында бақыламақ болды.
Күздің ұзақ түнінде олар тау ішіне дейін қарақшының ізінен қалмай еріп барды. Тау ішінің жаңбыры онсыз да аш жігіттердің денелерін қарып өтті. Бірақ намысқа тырысқан олар артына жалтақ-жалтақ қарап қойып, ұзап бара жатқан жалғыз жолаушының ізінен қалған жоқ. Тау қуысына кірген соң Құрманбектің аты кібіртіктеп, аяқтарын санап басып ұзақ жүрді. Артында аңдушы жоқтығына көзі жеткен Құрманбек те тебіне қоймады.
Қараңғы түн. Қара көрпе бүркенген тау үнсіз мүлгиді. Қуыс-қуысты, терең үңгірлерді мекендеген дию мен мыстандар қай тұстан анталап бас салатынын кім білсін? Тәкаппар таудың үңірейген қуыстары онсыз да қалтырап келе жатқан жігіттерге қорқыныштың түпсіз терең зынданы сияқтанады. Тауға қиялай біткен талдар мен еңсесі биік бұталар түрлі кейіпте көрініп, қорқыныш атаулыны аңдушылардың қойны-қоныштарына қуалап әкеліп тығатындай.
Бір кезде көз алдарында келе жатқан Құрманбек жер ойылып, сол құрдымға түсіп кеткендей жоқ болып кетті. Жігіттер бір-бірлеріне қарап, таңырқасты да қалды.
– Бұлай болуы мүмкін емес. Шайтан іліп әкетпесе қол созым жерде-ақ келе жатыр еді ғой, – деді Болатбек.
– Меніңше, осы арада үңгір немесе қуыс бар. Соған кіріп кеткен болуы мүмкін, – деді Сапарәлі.
– Жарайды. Осы жерде тырп етпей отырып, ақырын күтейік. Ешқайда кете қоймаған шығар, – деп Ерменбай басу айтты.
Аз отырды ма, көп отырды ма, өздері де білмейді, бір уақытта тау беткейінен бір от жылт еткендей болды. Артынша от алаулап жан-жағына жарық шаша бастады.
– Ұяңды таптық-ау ақыры, кәрі төбет! – деп кіжінген Болатбек тауға қарай өрмелей беріп еді, Ермендай аяғынан шап беріп ұстай алды.
– Тырп етпе. Бекерге әуре болма. Қолдарына түссең сені түтіп жейді. Сүйегіңді паршалап құзға тастап, өздері ұстатпай кетеді. Ақырын күтейік, – деді ол.
Арада тағы біраз уақыт өткенде ат тұяғының дыбысы естілді. Бұл қайтып келе жатқан Құрманбек еді. Ол ұзап кеткен соң үшеуі от көрінген жерге барып көрмек болды. Бұл кезде таң да бозамықтанып атып келе жатқан.
Түніменен тонған әрі аштықтан бұратылған үшеуі тауға зорға өрмелеп келе жатты. Аяқтары тайып төмен сырғып барып, қайта тырмысады. Аяқтары да, қолдары да жырым-жырым. Ащытып шыдас берер емес. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде үңгір ауызына да жетті-ау ақыры.
Тар өткелден өткенде олар таң қалғаннан талып қала жаздады. Мынау үңгір емес, үлкен қойма сияқты. Киіз үйлердің сүйектері, жабдықтары, аузы буулы бірнеше қанар, қаз-қатар етіліп асылған мал еттері. Япырау, мұның барлығын бір өзі қалай әкеліп, жасырып жүр? Тегі, оған көмектесіп жүрген әлдекімдер бар.
Алқынып зорға жеткен үшеуге үңгірде тамақ та, иықтарына ілер киім де табылды. Әлденіп алған олар көтергендерінше азық-түлік алып кері қайтқан. Сол жолы аш-арық ауыл адамдары бір тойынып еді. Бірақ, аш өзектеріне түскен бұл тағам мойындарына жылан болып оралатынын олар қайдан білсін?
«Алтын шыққан жерді белден қаз» демеуші ме еді қазақтар. Тығулы жатқан қазынадан көпшілік түгел хабардар болды. Екеу, үшеу, бұдан да көп болып топтасып, қазыналы үңгірді торылдаушылар көбейді. Бірақ, ел ішінде сөз жатады ма, құпия қазына жөніндегі хабар аудан басшыларының да құлағына жетті. Хабарды жеткізген Құрманбек еді деседі көпшілік. Көп ұзамай ауылға отряд келген. Аштықтан енді ғана құтылып, естерін жия бастаған ауылдағыларды соққының астына алып, ұраға тыққандарын да тауып алып, түк қалдырмай сыпырып әкетті. Болатбек, Сапарәлі, Ерменбай тұтқындалып, итжеккенге айдалды. Сол жолы бәрінен түңілген Дәрібай арып-ашып Ташкен асты.
ІІІ
Дәрібай соғыстан оралғанда Құрманбектің үлкен ұлы Қасымбек колхоз басқарып тұр еді. Әкесінің қызыл белсенді болып тұрғанында кедей-кепшікке жасаған зорлық-зомбылығын үлкендерден естіген Қасымбек тағы бір куәгердің сап етіп келе қалғанын аса жақтыра қойған жоқ.
Ауыл әлі сол бұйығы тіршілігінен арыла қоймапты. Адамдардың еңселері түсіңкі. Бастықтың айдауы мен арбауына түскен мүскін бейбақтар таңның атысы мен батысына дейін колхоз жұмысынан бір босамайды. Кейбіреулерінің екі көзінің алдында өлік таңбасындай қаракөлеңке пайда болыпты. Күйеулерінен айырылған жесірлер, әкелерінен айырылған жетімдер күреңқабақ күндерінде тарғыл түсті тағдырларына налиды. Сенімдері селге кеткен сормаңдайлыларды сергіту орнына семдіру жолына көшкен Қасымбектің сорақы қылықтары жетіп, артылады. Кеше ғана құшақтасып бірге жүрген достарының жесірлерін нар көтере алмас жұмыстарға жегіп, өзіне кіріптар етіп қойған колхоз бастығы ойына келгенді істеуді ар көрмейді. Қайта соларын батырлық, ерлік санайды.
– Әкесінің жасаған қиянаты аздай, мынаусы да төбемізді ойып барады. Не амал бар, Дәрібайжан! Сен ауылдағылар түгелдей қырылудың аз-ақ алдында тұрғанда амал тауып, Ташкен астың. Қайтып келе салысымен әскерге алынып, соңынан соғысқа кеттің. Омырауын орден мен медальға толып, батыр болып оралдың. Бізден гөрі көргенін, ойға түйгенін көп, қалай құтыламыз мына зар заманнан? – деп көршісі Нүркен келіп ауыр күрсінді.
– Бауыры қара тастан да суық нойыс екен. Тым болмаса әкесінің қиянатын ұмыттыратын тірлік жасаса болмай ма? Жоқ! Қайта қысқы күнгі аш қасқырдай құтырынып барады. Не істеуіміз керек? – деп Сәлиха әжей боздап қоя бергенде Дәрібайдың денесі түршікті.
– Қасымбектің де қаны қарайған. Қанына тартқан екен ғой. Бұл елге әкесі Құрманбектің тізесі аз батпап еді? Жауыздық пен қастандық қана ойлайтын бұл қандай әулет өзі? – деп Әлібай кіжініп тұрды.
Кейін естіді ғой, итжеккенге кеткен үш боздақ сол күйі оралмаған. Сүйектерінің қайда қалғанын ешкім білмейді. Тар заманда итжеккен барып, дерегін тауып келетін бір пенде шықпаған. Ана бір жылы үлкендер жиылып, ауыл молдасынан ақыл сұрап, дерексіз кеткендерге Құран бағыштау артықтық етпейтінін біліп, ешкі сойып болса да қан шығарып, әруақтар алдындағы бір парыздан құтылғандай еді.
Бір күні Дәрібай «басқарма шақырып жатыр» деген хабарды алып, Қасымбектің алдына келсе, ол өрт сөндіргендей түтігіп отыр екен. Дәрібай кіргеннен секем алып қалды.
– Сен менің әкем туралы пасық сөздер пықсытып жүрген көрінесің. Осы саған не керек? Соғыстан келдім деп құр бекерге кеуде кере берме. Сені де сүріндірудің жолын да, жобасын да табамыз. Әлде түрмеге түскін келіп жүр ме? – деп шаптықты Қасымбек сазарып тұрып.
– Иә, әкеңіздің елге жасаған қиянаты аз емес. Оларды мен айтпай-ақ ел жақсы біледі. Жұрт жаңғыртып жүрсе, оған менің не қатысым бар? – деді Дәрібай да қайтпай қайсарлана қарсы қарап.
– Ол әңгіме басылған болатын. Сен келгелі қайта бықси бастады.
– Шырағым, біріншіден, әкеңдей адамға сіз деп сөйлер болар. Екіншіден, әкең тәрізді елге зобалаң салуыңды тый. Әйтпесе…
– Әйтпесе не?
– Марқұм әкең Құрманбек тамағынан ас өтпейтін жіңішке ауруынан қайтты деп естиміз. Бұл жалғанда адамға жасалған қиянат босқа кетпейді. Иесін табады. Соны еске салайын дегенмін.
Қасымбек ұлттан жерге кірердей намыстанып, қысылып кешірім сұрар деп ойлаған. Қайдағы? Дереу алдындағы телефонды алып, әлдебір номерді тере бастады.
– Алло! Алло! Милиция бастығы ма? Менің алдымда соғыстан қашып келген, Отанын сатқан адам отыр. Дереу келіп тұтқындаңыздар! Дереу! – деп кеңірдек кере айқайлаған колхоз бастығы нарттай болып қызарып кетті.
Артынша кеңседегілерді шақырды. Олар топырлап жау алатындай жетіп келді.
– Мына бұзақы мені кеңсемде буындырмақ болды. Ауданнан милиция келгенше тырп еткізбей ұстай тұрыңдар, – деді қалш-қалш етіп.
Бастық бұйырған соң бағыныштылар қарап тұрмайды. Дәрібайды шап беріп ұстаған олар қолын артына қайырып алып кетті.
Ал, арада апта өткенде халық сотында «қылмысы» қаралған Дәрібай кінәсі дәлелденбегендіктен ауылға қайтып оралды. Оны көрген Қасымбек буынып өліп қала жаздады.
Айтысып-тартысып, арызданып қырбай болып жүретін күндер тырнадай тізбектеліп, бірінің артынан бірі өтіп жатты. Қан менен от кешіп келген майдангер оңайлықпен алдыра қоймады. Колхоз басшысы қанша жерден аңдып тұрып, құрық тастаса да бұлтарып бақты. Соғыс ардагерін тықсыра-тықсыра ештеңе шығара алмаған ол да шаршаған еді. Аудандық партия комитетінің бюросында мәселесі бірнеше рет қаралған колхоз бастығы екі езуі тілініп, болдырып барып әрең дегенде тиылған. Былайғы жұрт енді оның өз өтінішімен қызметінен кетуін күтіп жүргенде…
Аудандық партия комитетінің бюросында таланып қайтып келе жатқанда Қасымбектің «УАЗигі» жол-көлік апатына ұшырады.
ІV
– Ана! Ана! Қасымбек көкемнің ұлы Ұзақ қала әкімінің орынбасары болып келді!
Сырттан ентіге кірген Сәруар аса көңілді еді. Тура бір өз ағасы қызмет бабымен көтеріліп келгендей екі езуі екі құлағында.
– Жөн екен! Қасымбек көкең рулас ағаң ғой. Түбіміз бір, қыз алыспаймыз. Оның үстіне бір ауылда тай-құлындай тебісіп өспедіңдер ме? Ағаңның ат ауыстырып мінгені дұрыс болыпты. Құтты болсын! – деп Рәбия ұлының қуанышына ортақтасты.
Сәруардың әкімшілік қызметіне келгелі жүрегіне түйін болып байланған бір қыжылы бар болатын. Жұмысқа өзінен кейін келген бірталай жігіттер әлдебір қамқор қолдың ғажайып демеуімен қызмет сатысында сынаптай сырғып баспалдақтан баспалдаққа көтеріліп барады. Алды бас маман, сектор меңгерушісі, басқарма бастықтығына дейін қарғыды. Ал, бұл қобыраған қағаздарға көміліп әлі отыр. Қалың нөпірдің ортасында қоян-қолтық араласып жүр ғой, талайының өресі бұдан биік емес. Соның өзінде мақтауды да, марапатты да алатын солар. Осындайда Сәруар үлкеннің ығы, туысқанның панасы керек екен ғой деп ойлайды.
Соның реті енді ғана келген сияқты еді. Неғыпты сонша, рулас десең рулас, ауылдас десең ауылдас ағайын емес пе? Демеймін десе демі, сүйреймін десе себі жетеді. Шетқақпай жасамай, бауырына тартса несі бар, інілікке жарайды, қолқанаттыққа таптырмайды ғой. Онсыз да осындағы жоталылардың жасай алмай жүрген тірліктерінің талайын жымдастырып беріп жүр емес пе? Ұзақ алыстан ойластырса, жақын жерден іні тапқанына қуансын.
Осы оймен Сәруар талай күндерін сарылумен өткерді. Ұзақ ағасының «келіп кетсеңші» деген шақыртуын зарыға күтті. Бірақ, оның тығыз шаруаларынан қолы босамайды ма, інісін көзіне ілер емес. Тіпті, бір ауылда, бір аулада ойнап өскендерін ұмытқандай. Кейде арғы шетінен бергі бетіне дейін жүріп өткен адам алқынып қалардай шұбатылған дәлізде ұшырасып қалса, ерінін ғана жыбырлатып өте шығатынына қайран қалады. Есіне әкесінің сөзі түседі.
– Балам, ажал алдындағы адам ғана кісі танымай қалады. Сосын көзінің еті өскен адам да сондай кеселге душар болады, – дейтін Дәрібай.
«Ұзақ ағам бауырмал ғой. Кішкентай кезімізде талай ойнатушы еді. Үлкен басшы болған соң дәлізде кім көрінгенмен жалпақтап амандаса бермейтін шығар. Бұл қылық қызметіне де лайықты емес қой. Өзімнен де бар, алдына кіріп, қызметімен құттықтап, жақын туыс екенімізді қаперіне салып шығуым керек еді. Інілік ізет көрсете алмай жүріп үлкенге өкпелегенім қай сасқаным?» деп ойлады Сәруар қат-қабат жұмысынан бас алмай отырып. Сосын «Тонымды шешіп алып қалмас. Әкемнен де сәлем айтып, қолын алып шығайын» деген байламға тоқтады. Сол-ақ екен, қала әкімі орынбасарының қабылдау бөлмесіне жетіп барды.
– Сізді шақырып па еді? – деп сұрады көзі сүрмеленген, тап-тар көйлегі омырауын барынша сыртқа теуіп айшықтай түскен хатшы қыз (бәлкім келіншек).
Хатшының жұп-жұмыр тоқ сандары мына бөлмеге шамды керек етпейтіндей. Оның үстіне қос құлағындағы алтын сырғалар жалт-жұлт етіп көздің жауын алады.
– Иә, шақырған еді, – деді Сәруар батылданып.
Көшенің шаңын аспанға шығарып талай рет бірге ойнаған ауылдас ағасы ғой, сәлемдесе келгеніне ренжи қоймас. Қас-қабағы түзу болса өзінің осындағы ахуалын да сыналап айта кетпек.
– Мен көп бөгелмеймін, – деді Сәруар қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз есеп сұрап отырғандай ақталып.
– Бастықтың алдындағы адамдар шыққан соң кіресіз, – деп хатшы қыз өз шаруасымен айналысып кетті.
Дүниеде күтудің азабындай азап жоқ шығар, сірә? Ұзақтың алдындағы кеңес әлде жиналыстың бітер түрі байқалмайды. Оның үстіне орынбасарға етене жақындар мен шұғыл шақырылғандар кезектен тыс кіріп кетеді. Таусылмайтын қандай әңгіме екенін кім білсін, кіргендер тапжылмай отырып алады.
Уф! Мұның да кезегі келді-ау ақыры! Өрекпіген жүрегін тыныштандыруға тырысып, аяғының тықырын шығармауға барын салып, ағасының алдына да жетті. Жеткені бар болсын, бастықтың жүзіне тіктеп қарай алмады.
– Аға! Мен Дәрібайдың баласымын ғой, – деді сөзін неден бастарын білмей сасқалақтап.
– Иә, білемін. Осындағы басқарманың бірінде жұмыс істейсің, – деді ағасы.
Бірақ, ағайынның баласы екен-ау деп бірден лып ете түскен жоқ.
Сәруардың жүрегі жарылардай қуанды. «Е, бәсе! Неге танымасың? Таниды ғой. Тек мені өзі келсін деп күтіп жүрген ғой».
– Сізге сәлем берейін деп…
– Рахмет! Бірақ, менің осында келгеніме жарты жылға жуықтады. Содан бері қайда жүргенсің?
– Рас, аға! Кінә менен. Алдыңызға кірудің еш ретін таба алмай жүріңкіреп қалдым.
– Жарайды, шаруаңды айт.
– Ешқандай бұйымтайым жоқ, аға! Тек құттықтап шығайын деп қана. Дәлізде, жиындарда ұшырасып қалғанда байқамайсыз.
– Немене, сонда мен байқап, саған сәлем беруім керек пе?
Сәруар сөзден сүрінгенін сезе қойды. Бұдан әрі отырса тағы бірнәрсені бүлдіріп алармын деп орнынан тез тұрып кетуді ойлады.
– Тағы келемін ғой, аға! Тапсырмаларыңыз болса, айтарсыз. Ал, мен кетейін.
– Шыға бер. Өзім де жиналысқа асығып отыр едім, – деп қала әкімінің орынбасары алдындағы қағаздарды жинастыра бастады.
Сәруар осы қас қағым уақыттағы сүреңсіз сұхбатты жанына жалау етіп жүрді. Оның алаңжарлы көңіліне бір сенім ұялағандай болды. Енді ол жиналыстарда, дәлізде ағасы кездесе қалса арсалаңдап барып амандасып, қолын алатын әдет тапты. Үйренісе келе бір күні ағасының есігін тағы күзетіп отырды.
– Аға! Осында қызмет етіп жүргеніме талай жыл болды. Менен кейін келген мұрынбоқтар бүгінде маған пысқырып та қарамайды. Олардың қолтықтарынан демейтін адамдардың бар екенін білемін. Сіз де маған аға болып жүргейсіз, – деді Сәруар бар күшін бойына жиып.
– Сонда қай қызметті қолай көріп отырсың? – деді орынбасар миықтарына кекесін күлкі үйіріп.
– Сіз демесеңіз, жіберген жағыңызға бара беремін ғой.
– Жоқ, қарағым! Сен айтып отырған боқмұрындар бостан-босқа өскен жоқ. Олар іскер азаматтар. Болашақтары бар. Және олар тұлғалы азаматтардың ұрпақтары. Сен не деп оттап отырсың? Бар, жоғал!
Ағасы ашудан қалш-қалш етті. Енді байқады, Ұзақтың шаштары тікірейіп кеткен екен. Бұжыр-бұжыр беттері безеуленіп сұсты көрінеді. Сәруар ағайынның мына сөзіне ішін тартып қалды. Қалай қоштасқаны есінде жоқ, бір қараса өзінің жұмыс бөлмесінде сілейіп отыр екен. «Қап! Бүлдірдім-ау! Не істесем екен?» Осы оймен отырып ол жұмыс уақытысының біткенін де байқамай қалды.
Үйге келген соң ол болған жайды анасына қаз-қалпында айтып берді.
– Балам-ай! Бекер істегенсің ғой. Қазақта «Құдайдан тілеген құстай ұшады, Адамнан тілеген мұрттай ұшады» деген бар. Соны да білмейтін бе едің? Одан қызмет сұрап нең бар еді, қарағым? Қап! Ұлым-ай! Бүлдірген екенсің ғой!
Анасы қатты күйінді.
– Нені бүлдірдім, ана! Тек ағайын ғой деп емеурін танытқаным ба?
– Бұрынғылар «әмиянның түбі мен жүрек түкпірін кісіге көрсетпес болар» деп текке айтты деймісің? Қарныңның қырындысына дейін біліп алған ол алдына қақпан қоярын білмейсің-ау.
– Өзіңіз емес пе, ана, ағайынбыз, бір руданбыз деп қуанған. Маған не деп қақпан қояды?
Рәбияның тосылған жері осы болды. Мұны ұлына қайтіп айтады? Адамда тұқым қуалайтын бір мерез ауру болады. Оның емің әлі ешкім тапқан емес, таба алмас та. Осы дерт Ұзақтың да бойында бар болмаса игі еді. Рәбия осыдан қорықты. Ол ел арасында аракідік айтылып қалатын Құрманбек пен Қасымбектің қан қақсатқан қысастықтарын есіне алып тұр еді.
Сәруар ағасының осындағы танымал кісілердің балаларына барынша ықыласпен қарайтынын анық сезіне бастады. Бұған келгенде кірпідей жиырылады. Не жазды? Не бүлдірді? Түсінсе бұйырмасын!
Бірде қалалық әкімдіктің кезекті жиынында Ұзақ басқа адам таппағандай Сәруардың атқарып жүрген жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жер-жебіріне жетті. Осыдан соң-ақ оның көңілі суи бастады. Бұрындары Сәруардың бар-жоғына көңіл аудармайтын қала әкімі де бұған келгенде тыжырына қалатын әдет тапты. Осының аяғы қордалана келе Сәруардың жұмысынан кінәрат іздеу науқанына ұласты. Тінтушілер тігісін тапты ма әлде пәле-жаланы әдейілеп үйіп-төгіп жақты ма, қатардағы маманның ісі сотта қаралатын болып шешілді.
Шайтанға да жан керек. Сәруар шырылдап Ұзаққа кірді. Бұл кіргенде ол тыжырынып, селқос амандасты.
– Өзіңнен де кінә бар. Тыныш жүрмейсің, – деп қараңғы әлемінің алдына шырақ жағудың орнына алдына аттап өте алмас томар тастады.
Сәруар ағайын ағасының болыспайтынын осыдан-ақ аңғарды. Оның бойында ашудан гөрі мүсіркеуге келетін бір сезім пайда болды. Иә, ол ағасын осы жолы қатты мүсіркеп еді. Өйткені, бір басының пайдасына бола мықтылардың ығына жығылатын оның бар болмысы, пасық пиғылы айқындалып келе жатыр еді. Дүниедегі барлық жағымпаз жиналып келіп бір Ұзаққа татымайтын тәрізденді. Басын көтеріп қарағанда шаштарын кірпінікіндей етіп алдырған ағасы бедірейіп отыр екен.
Сәруар ертесіне қызметтен өз еркімен кету туралы өтініш жазды.
V
– Естідің бе? – деді серіктестік директоры хатшысы арқылы Сәруарды шақырып алып.
– Нені?
– Ағаңыз пәремен ұсталыпты ғой.
– Қай ағам?
– Қала әкімінің орынбасары ше? Өзі де бір жыланкөзденіп әрнәрсеге бір сұғына беретін еді. Қала әкімінің артына кіріп кете жаздайтынын жалпақ жұрт жыр етіп айтып жүр ғой.
Сәруар сылқ етіп отыра кетті. Мұндай жағдайды ол жауына да тілемеген еді. Ит те болса бірге өскен ұялас ағайын еді ғой. Сәруардың жылағысы келді. Бірақ, жылай алмады.
Анасы да тосын жағдайға қатты өкінді. «Не де болса өз сүйегіміз еді ғой. Неге бүйітті екен? Аталарыңда кеткен кек ұмытылсын, өздерімен кетсін деп тілеп ем ғой. Иә, әруақтар! Кешіре көріндер! Кешіріңдер!» деп жаулығының ұшымен көз жасын сүртіп ұзақ отырды.
Сол түні Сәруар дөңбекшіп ұйықтай алмады. Түсінде бала күні атқорада достарынан қалып кеткенін, аяғына кірпінің инелері кірген кезі, өзінің қатты қорыққанын көрді. Артынан қуып келе жатқан елес бейненің басы кірпінікі екен дейді. Мұндай да болады екен-ау? Шошып оянғанда расында да, әлдебір қорқыныштан қалтырап жатыр еді.





