ЖАЛҒАН АҚПАРАТ: ЖАНЖАЛ, ЖАМАНДЫҚ. ЖАПА ШЕККЕН ТАҒДЫРЛАР

Бүгінгі ақпараттық технологияның бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуы әлем елдерін біріктіріп, қоғамның барлық саласын интеграциялауда. Қазір алты құрлықтың бірінде өмір сүріп жатқан ел төрткүл дүниенің түкпірінен көзді ашып-жұмағанша, лезде хабар алатын болды. Ақпараттық технология қаржы, экономика, логистика саласын дамытып, демократиялық институттардың пәрменді жұмыс істеуіне де ықпал ете бастады. Бұрын бір елдің ақпараттық кеңістігінен шыға алмай келген елдер осы күні баламалы ақпарат көздерін еркін пайдалана алатын жағдайға да жетіп қалды. Бұл ретте мысалды алыстан іздемей-ақ, өзіміздің Ресей сияқты көршіміздің баспасөз өкілдері таратқан ақпараттарға ғана сүйеніп, Ресейдің телеарналарынан күні кешеге дейін көз алмағанымызды еске түсірсек те жетеді.
Ал, қазір… қазір Қазақстан азаматтары үшін ақпарат кеңістігі еркін әрі ашық. Қала берді, Қазақстанның кез келген азаматы айналасындағы қым-қуыт өмірден көрген білгенін әлеуметтік платформалар арқылы ортаға салып жариялайтын, ойын тартынбай айтатын, қандай да бір мәселеге қатысты тиісінше пікір білдіретін мүмкіндікке жетті. Бұл жақсы ма? Әрине, жақсы. Бірақ осындай жақсылықты жаныштап тастауға ұмтылатын деструктивті күштердің жамандығы да жалған ақпараттармен бірге ілесе келіп, әр аймақта әлек салуда.
Бүгінде «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп көрсететін» пиғылы теріс жазармандар пайда болды. Олардың арасынан кәсіби білігі жетілген журналисттер мен блогерлер де табылады. Көп жағдайда көрермендер мен оқырмандар немесе әлеуметтік желілердің аудиториясы жазу мен бейнекөріністерді монтаждаудың ісіне төселген блогерлердің қолынан шыққан ақпараттарға шын иланып, дүрлігісе жөнеледі. Әйтпесе бұрынғыдай емес, бұқара халық бұл күнде ақтан қараны айырып, яғни, орашолақ жазылған, дерек-дәйегі кемшін, шындыққа еш жанаспайтын хабар-ошарға аса көп мән бермеуге айналды. Мұның аты «фейк» немесе «фейк-ақпарат» екенін де біліп қалды. Алайда журналист пен қоғамның әлеуметтік көңіл-күйін бағып отыратын әккі саясаткерлер мен саяси күштердің тезінен өткен ақпараттарға алғаусыз сенеді және әлгіндей ақпараттардың табан астында тасымалдаушысы болып шыға келеді. Өйткені WhatsAрp желісіндегі достар мен топтарға, ірі платформалардағы репсоттарды пайдаланып, әлеуметтік желіде отырған таныстар мен бейтаныстарға тексерілмеген ақпараттарды тарату еш қиындық туғызбайды. Бұны айтпағанда, әлемжелідегі «достарының» құрмет-қошеметіне бөленуді жаны сүйетін лайкамандардың көбейе түскенін ескерсек, қоғамның астаң-кестеңін шығаратын жалған ақпараттардың шектеусіз тарайтынына тосқауыл қою мүмкін еместей ойға қаласың. Алайда сөз бостандығын ерекше құрметтеп, сөз бостандығын тежейтін заңдарды қабылдамай тастайтын демократиялық елдердің өзі дәстүрлі баспасөз бен жаңа медианың ақпараттарындағы мазмұнға мықтап көңіл бөле бастады. Ал, бізде, Қазақстанда, Масс-медиа туралы заңда, ұлтараздығын қоздырып, алауыздық тудыратын, қарулы қақтығыстарды жасырын түрде насихаттайтын, жыныстық зорлық-зомбылыққа жетелейтін, азаматтардың денсаулығына нұқсан келтіріп, жеке басын қорлайтын ақпараттарға тыйым салу жөнінде арнайы норма бар. Осы норманы бұзған біреулер бірнеше айлық есептік көрсеткіштер көлемінде айыппұл төлеп, уақытша оқшуаланып, ақырында істі болып, түрмеге де жабылды. Сонда да ақпараттардың анық-қанығына көзі жетпестен бұрын таратуға әуестердің әуселесі басылмай тұр. Сондықтан бұл келеңсіздікпен жалпы халық болып күресуге тиіс сияқтымыз.
Бірде мен WhatsAрp-тан «Қазақстан жуырда Ресейге қосылады. Себебі, Ресейге Украинамен соғысатын күш керек. Ол күш қазақтар болады. Оның үстіне экономикасы әбден әлсіреген Ресей Қазақстанның ішкі әлеуетін пайдаланбаса, құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ал, ресейшіл билік болса, Кремльдің аяғын құшуға дайын» дегенге саятын ақпарат алдым. Сосын көп ойланбастан бұл сөздің мүлдем жалған екенін дәлелдеп, дерек-дәйегімді тізіп маған жоғарыдағы ақпаратты жіберген танысыма қайыра жолдадым. Қайыра жолдап қана қоймай, «сен бұл ақпаратты кімнен алдың – соған жібер, ол кімнен ақпарат алып отыр – соған жіберсін, сөйтіп, кері байланыс жасап көрелік» дедім. Екі күннен кейін уатсабыма:
«Қазақстан жуырда Ресейге қосылады» деген сөз – жалған сөз. Бауырлар, туыстар, достар, абай болайық! Бұл ақпаратты таратып отырған адам бізге дос емес. Ол адам – біздің қоғамда тұрақсыздық болса екен деп тілейтін адам. Қоғамда тұрақсыздық болса, бәрі де құриды. Әдемілеп салған баспанаңды әлдекімдер келіп өртеп кетеді. Отқа оранған машинаңның қаңқасы айдалада қалады. Ал, бала-шағаң бір үзім нанға зәру болып қалуы мүмкін. Сен сонда бүгінгі тыныш, жайнаған өміріңнің күлін ғана көріп отырасың. Осы керек пе бізге?» – деген ақпарат келіп түсті.
Еске сала кетейін, Жаңа Ата Заңымызда халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің тікелей иесі. Нақтылай түссек, мемлекеттік билік тек халыққа тиесілі және халық өз билігін тікелей республикалық референдумдар мен еркін сайлаулар арқылы жүзеге асырады. Ендеше, халықтың тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңіне алаңдауға, биліктің кейбір шешімдеріне байланысты үн қатуға қақы бар. Әйтсе де, жалған ақпараттардың жетегіне еріп, орынсыз дүрлігу – халықты ұшпаққа шығармайды. Керісінше – сан соқтырады, адастырады.
Әлгі «Қазақстан жуырда Ресейге қосылады» деген қауестке еліксе, ел іші алатайдай бүлініп кетпегенімен, кейбір шетін мәселелердің шеті шығып, толқулар болуы мүмкін еді. Демек, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің тікелей иесі – халыққа алдымен керегі – объективті ақпарат. Жан-жақты тексерілген, тиісті органдар мен жауапты тұлғалардың мәліметтеріне сүйенген, әрі тез, шұғыл тарайтын ақпаратқа қолы жетіп отыратын қоғамда өмір сүретін азаматтардың мәдениеті жоғары болады әрі олар фейк-ақпараттарды қабылдамайды. Керісінше, бір-бірін сабырлы болуға шақырып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге ұмтылады. Жоғарыда біз үзінді келтірген жайт соның бір мысалы.
Қайталап айтайық, фейк-ақпараттарды немесе дипфейктерді қабылдамайтын қоғамда өмір сүретін азаматтардың мәдениеті жоғары болады. Солай екен, ендеше, ресми билік, Ата Заң, басқа да қолданыстағы заңдар, жауапты тұлғалар, мекемелер, т.б. кәсіби журналистиканың дамуына, білікті мамандардың алға шығуына, еркін қимылдауына еселеп мүмкіндік туғызуы қажет. Сонда, бірінші кезекте – жалған ақпарат таратуға қарсы майдандағы журналисттердің рөлі артып, қоғамның ақпарат алудағы сауаты да ашыла түседі.
Биылғы Баспасөз күніне орай, Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталып былай деген еді ғой:
«– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс».
Байқап отырған шығарсыздар, Президент Тоқаев заманауи технологиялар дамыған цифрлық алаңдағы алауыздықты гибридті көрініске балап, аса қауіпті қатерлер ретінде атап отыр. Бұл – заманауи технологиялар алаңындағы ахуалдың тым күрделі екенін білдіретін сөз болса керек. Бұндай жағдайда билік тосын шешімдер қабылдап, сөз бостандығы қысым көріп жүрмей ме? Елімізде цензураға заң бойынша тиым салынған. Алайда мынаны да қаперге алуымыз қажет: «…бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес».
Президент баспасөз өкілдерімен кездесу барысында осы жайтты үнемі қайталап, ақпарат алмасу мен таратудың этикасын сақтауды еске салып қояды.
«– Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған, – дейді Президент. – Алайда, сөз бостандығы дегеніміз – жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет».
Заң мен тәртіпке бағынатын елді жат құндылықтардың құрдымына құлатып алмау үшін қоғамда отбасы институынан бастап барлық ұйымдар мәдениет пен руханиятты дәріптеп, тарихты құрметтеуі тиіс. Тарихи тұлғалар жастардың культі болуы керек. Осы және өзге де өнегелі істер ұлттық идеологияға сіңіп, барлық салада көрініс тапса, жат құндылықтардың жолы кесілер ме еді… Мысалы, «әлемнің екінші экономикасы» аталып жүрген Қытай Халық Республикасы барлық әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бақылауында ұстап, мемлекеттік ұстындарды әрбір қытай азаматының өмірлік ұстанымына айналдырып отыр. Және содан жаман болып отырған Қытай жоқ. Субкультурадан Еуропа елдерді де аяқ тартып отыр. Оңтүстік Корея сияқты дамудың даңғылына түскен Азия елдері де ұрпағының бүгініне қатты алаңдаулы. Сөйтіп бұл елдер киноның, әдеби көркем туындылардың адам жанын нұрландыратын мүмкіндігін еске алып гуманизмге шұғыл бет бұруда.
Қазақстан да осы бағытта. Үкімет тарапынан креативті индустрия мен әдеби байқауларға жасалып жатқан қолдаулардың түпкі мәні – айналып келгенде, қоғамды ізгілендіруге бағытталған. Ел ішіндегі ащы шындықты үзбей жариялай жүріп, жалпы баспасөз де, қоғамды ізгілендіру бағытында болғаны жөн. Мысалы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі журналистерді ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолындағы шамшырақ болуға үндеп келеді. Былай деп:
«– Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет.
«Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын.
Қысқасынан қайырғанда, жалған ақпарат дегеніміз не? Көпке ұғынықты, қарапайым сөздің қалыбына салып айтсақ, жалған ақпарат дегеніміз – жанжал. Берекеге ұйып отырған қоғамның болсын, жекелеген ұйымның болсын, отбасының болсын – ойранын шығару, бүлдіру.
Бұл – адамгершілік құндылықтармен өмір сүруді қалайтын, аяуды, аялауды білетін, тек «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды» ғана тілеп өмір сүретін елге жамандық шақыру.
Жалған ақпараттың жеке адамдар өміріндегі салдары – жапа шегіп, жылап қалған тағдырлар. Мезгілсіз өлім, қажыған жүйке, айықпас дерт.
Ал, осы керек пе? Кімге керек бұл? Әрине, керек емес. Сондықтан, медиа сауаттылығыңды арттырып, ақпараттарды салыстырып үйрен, тағатсыздық танытып ұшынба, елік пе де желікпе. Қандай істің болсын артын күт, сабырлы қалпыңынан айныма, досым.
Жалған ақпарат жарға жығады. Осыны ұмытпа!
БОЛЫСБЕК НЕГЕ БОСАДЫ?
Болысбек ақкөңіл, ақжарылқап, ақеділ азамат. Сырт көзге қайтпайтын қара қылыштай көрінгенімен, іші момын. Үндемей жүргенді ұнатады. Өзі жаннан кешкен еңбекқор. Еңбегенің нәтижесін бүгінінен күтеді. Бүгін болмаса, ертең болар деп күтеді. Болысбектің ең үлкен адамгершілігі – «өзіме ғана емес, өзгеге де болсыншы» деп жүреді. Атасынан естіді ме екен, әжесінен естіді ме екен – Болысбектің үлкендерден ұстап қалған сөзінің өзі көппен бірге болып келетін. «Елде болса, – дейді ол, – ерінге тиеді».
Сондай біртоға, көпшіл, шаруақор Болысбекті нарықтық қатынасқа көшкен қоғам аямады. Көшеге лақтырып тастамаса да, көшке ілестірмеді. Содан Болысбек алды мектепке енді іліккен балаларын әйеліне қалдырып, қалаға ауған.
Қалаға аттанбастан бұрын совхозда әртүрлі қара жұмыс істегенін алдына салып, басшыларды жағалап көріп еді, «ірі-қара мал ұсақ-түйегімен тегіс бартерге кетті, техника атаулы кусеп, құрып біткен, шаруашылықта дым қалмады» дегенді естіді.
Пайға жер алайын деп еді, оны игерудің ретін таппады. Ал, мейлі, шөп шапсын. Ол шөпті жейтін ауласында малы бар ма бұл кедейдің? Жер жыртып, бидай салсын, не бау-бақша ексін. Оған жалғыз адамның шамасы жете ме? Тіпті, жерден өнім алғанның өзінде алған өнімін қайда апарып сатпақ? Қайткенде, қалай табыс тауып, бала-шағасын асырамақ?
Бұл бір еңбек еш болған, еңбеккер қор болған заман еді… Бір кездегі мыңғырған мал, дала төсін дүбірлеткен машиналар мен тракторлар, май шайқап, тері илейтін шағын да болса, өндіріс орындары жер жұтқандай жым-жылас жоғалған. Ауыл жұтап қалған. Енді, міне, ауылдың төл баласы – Болысбек қалада жүр. Қала болғанда, қалаға келіп тапқан мекені – қара базар. Қара базардың тап іргесіндегі Әсмат әканың мал қорасымен жапсарлас бір бөлмені жалдап тұрады. Базарда ол – жүкші. Жүк түсіреді, жүк тасиды. Қоларбаға жегіледі. Ертеден қара кешке дейін дедектеп жүріп тиын-тебен тауып қайтады. Тапқанын қойындәптер ашып жазып жүр. Қойындәптеріндегі жазулар: «26 ноябрь, 1993 жыл. Бүгін 2 теңге 98 тиын таптым», – деп, жалғасып кете береді.
Осылайша тиыннан теңге құрап жүріп, Болысбек қоймалардың кілтін ұстаған жігіттерден ұсақ-түйек заттар алып, сауда жасай бастады. Қужақ саудагерлердің көзді жұмып қойып соға беретін кейбір сөздерін Болысбек те үйренді. «Арзанға беремін, өз бағасына беремін». Тауарды өз бағасына берсе, саудагерге не қалады? Кез келген заттың «өз бағасының» ар жағында саудагердің пайдасы бар ғой – Болсекең де ептеп пайдаға шыға бастады. Бұрынғыдай емес, енді бір уақ ыстық тамақ ішетін болды. Жаға-жеңін бүтіндеп, бір қабат киінді. Сақал мұртын бастырып, желкесін жапқан шашын қидырды. Әсмат әканың мал қорасымен жапсарласа салынған тошаланы тастап, ауладағы екі бөлмелі кілет үйге кіріп алды. Бір күні ол қойындәптеріне қолы дірілдеп отырып: «2 июль, 1995 жыл. Бүгінгі бар жиған-тергенім 1000 долларға жетті», – деп жазды.
Бұл шамада Болысбектің ауылдағы үйіне де береке кіріп, әйелі Әлиман, «байлардың қатындары қазір резеңке бау тағып, қымбат тұмақ киетін болған» деп, бұған ондатра тұмақ алғызған (ондатра тұмақ – атжалман тектес тышқан терісінен дөңгелете тігілген бас киім). Балалары да қалалық сусындарға тойып, шұнаңдап шауып жүр.
Арада екі-үш жыл өткен. Болысбек саудаға әбден үйренді. Қойындәптеріндегі сандардың қарасы да қалыңдап қалған. Осы ақшаға ол кейде машина алсам ба деп ойлайды. Кейде машинаны қоя тұрып, қалаға бала-шағамды көшіріп алсам қайтеді дейді. Болысбекке салсаң – үйді де, машинаны да қатар сатып алып, айды аспанға шығару.
Болсекең сөйтіп армандап жүрген күндердің бірінде оған әскерде солдат етігін екі жыл қатар сүйреткен жолдасы Жәмит жолықты.
– Бөке, қалайсың?
– Өй, Жәке, бұл сенбісің? Өзің қалайсың?
– Жақсымын. Жағдайым да жақсы. Үріп ішіп, шайқап төгіп жүрмін.
– Қайда жүрсің сонда
– Сен сұрама, мен айтпайын, жүрген жерім ақшаның ырғын ортасы.
– Ойпырмай, ол қандай орта?
– «Қандай» дерің бар ма? Жүр, қаласаң ертіп барайын.
Ақшаның ырғын ортасы жайында айтып-айтып Жәмит Болысбектің құлағын қыздырып алды да, бір күні оны адамы мол жиынға жетелеп келді.
– Міне, – деді сосын ол, – мына кісіге қорықпай 500 долларыңды бер, екі- үш аптадан соң 700 доллар қылып қайтарып аласың. Мен кепіл.
Болысбек 500 долларын бейтаныс адамның қолына ұстатты, рас, екі жұмадан кейін 500 доллары 700 доллар болып қайтып келді. Тағы да 500 доллар салды, өсім – 200 доллар. Болысбек бөрікін аспанға атып қуанды. «Ой, не деген жақсы адамдар-и, не деген жайсаң жігіттер!» Осы қарқынмен ақшасы ақша «туып» көбейе берсе, Болысбек үйді де, машинаны да қатырғалы тұр!
Жан қинамай-ақ ақшадан ақша жасайтыны жайында зайыбы Әлиманға айтып еді, оның есі шыға қуанды. «Болыс, мынауың керемет іс екен. Ешкімге тіс жарма, алдымен шылқа байып алайық, сосын туыстарға көрсетеміз тұрмысымызды», – деді ол бұған ыстық шайын еселей құйып отырып.
Болысбек саудасын да жүргізіп, әрі ақшадан ақша жасап, қоңдана бастаған еді, тағы да Жәмит келді.
– Бөке, жігіттер саған ренжулі.
– Ойбай, неге?!.
– «Болысбек досың қызық екен, жанын қинамай апта аралатып ақшасын өсімімен алып тұрады. Бізге көмек-жәрдемі тимейді. Ол үшін біз жұмыс жасап жүрміз. Болысбек енді Орталыққа маңайындағыларын да тартсын, саудагерлер де бізге әкеліп ақшаларын құйсын. Неғұрлым көп құйса, табыс та соғұрлым еселене түседі. Болысбектің табысы да мейілінше артады», – деп жатыр жігіттер. – Өзіме ғана емес, өзгеге де болсын дейтін Болысбек ойланып қалды. – Апыр-ау, солай екен ғой, – деді сосын. – Қалай көлденең табыс тауып жүргенімді жанымдағы саудагерлердің бәріне айтамын, үйретемін. Бәрін алып барамын Орталыққа!
– Сөйт. Солай істе, – деді Жәмит те жанығып. – Сосын сен Орталыққа ақшаңды жырмыштап салмай, молынан сал. Көрдің ғой, көзің жетті. 500 доллар емес, апар да 5 мың доллар сал. Ай өтпей 5 мың долларыңа 1 мың доллар қосып алмасаң – арғы қолыңды бері әкел.
– Мақұл.
Болысбек сауда жасай жүріп базардағы таныс-білістерін Орталыққа ақша салыңдар деп үгіттеуге кірісті. Біртоға, ылдым-жылдымы жоқ азаматтың сөзіне көп адам сенді. Тәуекел етіп Болысбекке еріп барып Орталыққа (сол кездегі алғашқы қаржы пирамидасы.-авт.) аты-жөндерін жаздырып, куәліктерін көрсетіп тұрып ақша тастады. Таныстарының көзінше Болысбек шытырлатып санап тұрып 7 мың долларын салды. Сосын жолдастарына сенімді түрде, «екі-үш апта күтейік, бәріміз табысқа кенелеміз» деді.
Иә, бұлар ақшаларының өсімін апта күтті, ай күтті, айлап күтті, жылға жуық күтті – жоқ. Ақша да жоқ, Орталық та жоқ, Жәмит те жоқ.
Сосын: «Сен бізді өзің күреп ақша тауып жүрген Орталығыңа алдап апардың», – деп базардағылар Болысбекті бас салды. Ашулы, ашынған қатындар ортаға алып бейшара Болысбектің түте-түсін де шығарған. «Оу, жарандар! Мен де алданып қалдым. Бар тапқан-таянғанымнан айрылдым, құр алақан қалдым», – деген оның сөзіне ешкім сенген жоқ.
Адамға сенгіш, адал, момын Болысбек ақыр соңында қоларбасына қайтадан жегілді. Таңнан кешке дейін қоймаларға жүк тасиды, жүк түсіреді. Арасында ешкімге білдірмей босап, жылап та алады. Өйткені бұл кезде ол отбасынан айрылып, «ащы суға» біржола құлаған еді…
Біз жоғарыда баян еткен шағын оқиғадан оқырман 1990 жылдардағы адамдардың көңіл-күйін, тұрмысын, күнкөрістің қамын іздеп қалаларға сабылғанын, адал еңбекке ақы төлейтін жұмыс орындары жоқ болған соң, жұрттың жаппай қара базарларға лап қойғанын, сол кезде пайда бола кеткен алаяқтар мен қаржы пирамидаларының сұлбасын көріп, танып отырған шығар. Ол кезде қаржы пирамидалары жалғыз-ақ күнде жарқ етіп шыға келіп, жарты жылдан кейін орнын сипатып жоғалатын. Бұрын мұндай алаяқтық әрекеттерді көрмеген халық көп алданды. Алаяқтарға қылар қайраны болмай аһ ұрды. Ал, қаржы пирамидалары болса, қаншама тағдырларды таптап кетті, жылатты. Адамдардың қанына малынып, айналасына қаңқа сүйектерін қалдырып бой көтерген Мысырдағы алып пирамидалар сияқты Қазақстандағы қаржы пирамидалары да ешкімге бет қаратпай өсе берді, биіктей берді. Алайда көпшіліктің жанайқайы жоғарыға жетіп, кейінгі жылдары тиісті органдар алаяқтарға қарсы пәрменді күрес жүргізе бастады. Соның нәтижесінде Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесіп, алаяқтардың құрған ұйымдарын әшкерелеп, тізімін жасап та тастады. Олардың арасында сотталғандары да бар. Мысалы, бір кезде елді шулатқан «LV Force», «Unique Finance», «B2B Jewerly», «Caspian Cocus», «World Business Consulting», «Finiko», «Investment Consulting Agency», «Eden life», «MMK Investment», «Шаңырақ+ (ТОО Best Road Investment)», «River Coins Limited», «Денежный поток», «Великое будущее», «Нұр-жиһаз», «Лидер Капитал 168», «Q-net», «Hermes management LTD», «ПК GAP», «Табыс», «Котел», «Раушан касса» деп аталатын қаржы пирамидалары «қирап», жетекшілері абақтыға жабылған.
Зерттеп қарасаң, бұлардың әрекеті, алгоритімі бірдей. Алдымен қаржы пирамидасы құрылады, жарнамасын оңды-солды жасайды, адамдарға күнделікті тұтынатын тауар түрлерін арзан бағаға ұсынады немесе әлемдік жүйедегі қаражы ұйымдарымен серіктес екендеріне сендіріп, фортунаға алып келеді. Әлгілердің қайсыбірі салымшыларына 3 күнде 30 пайыздық, 4-5 күнде 60-70 пайыздық үстемақы ұсынады және бастапқы кезде ол уәделерін орындайды. Осылайша, көпшіліктің сеніміне әбден кіріп алған соң, миллиондар мен миллиардтарды қалтаға басып, тайып тұрады.
Қаржы пирамидалары – бұл шын мәнінде қара бақыры жоқ ұйымдар. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар салымшылардың ақшасын инвестиция ретінде пайдаланады. Біле жүріңіз, жалпы қаржы пирамидалары дегеніміз – жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен бұрынғы салымшыларға үстемеақы төлейтін заңсыз әрі алаяқтық схема.
Ал енді сіз үшін керемет табыс көзі болғалы тұрған қаржылық ұйымның немесе жұмыс орнының қаржы пирамидасы екенін қалай біле аласыз? Біріншіден, қаржы пирамидалары өте жоғары пайыздық үстемақыны (мысалы, күн сайын 70%) немесе «үлес қосып, 2 есе көп алуды» уәде етеді. Екіншіден, қаржы пирамидалары сізге жаңа адамдарды ұйымға тартуды міндеттейді. Үшіншіден, қаржы пирамидаларында нақты өнім болмайды. Қаржы пирамидалары тек айналымға түскен жарналарға ғана сүйенеді.
Абай болыңыздар! Бұл күндері алаяқтар криптоваюталармен табысқа кенелудің жеңіл әрі төте жолдарын ұсынып, адал азаматтардың қалтасын қағуда. Олар ЖИ-дің көмегімен елімізге белгілі тұлғалардың дауысын айнытпай салып, бейнежазбалар арқылы сіз бен бізді ірі өндіріс орындарының акцияларын сатып алуға немесе дивидент болуға шақырады. Бірақ мұның бәрі өтірік. Қаржылық мониторинг агенттігі кибербақылау жүйесінде 4000-нан аса сайт пен аккаунтты бұғаттады. Қаржылық сауаты ашыла бастаған жұрт қазір қаржылық пирамиданың белгілері бар контентке жазылудан бас тартуда. Сен де солай істеді, алданба!
АРБАЙДЫ СЕНІ БІР СИҚЫР
Мақсат Совет одағының тұсында еркін күрестен спорт шебері атанды. Бұл атақты ол Алматыдағы Физкультура және спорт институтында (қазіргі Қазақ спорт және туризм академиясы) оқып жүрген кезінде, 64 кг салмақ дәрежесінде қорғаған еді. Одан ары қарай жас жігіт спортта мансап қумады. «Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарында ұтқан Шәміл Серіковтер көшеде кәуап сатып қалғаннан кейін бізге не жоқ?» – деп қолын жалғыз сілтеген Мақсатқа институтты тамамдауға таяғанда жан қимас жақсы достар табыла кетті. Олар – қаланы қасқырша жортқан шетінен көкжал жігіттер екен. Оларға керегі – ерегескенін бүктеп басатын Мақсат сияқты палуан жігіт екен. «Бригадир».
Мақсат «көкжалдардың» қатарына қосылып қана қоймай, бірден жорық басшысы – «көсем» болып шыға келді. Сол уақытта «нарық» дейтін адам баласы түсініп болмайтын бір аласапыран басталды да, елдің бәрі базарларды жағалап кетті. Мақсат қасындағы серіктерімен сол базарлардың үстінен қарады. Базардағы саудагерлерге ешкімді ұрындырмайды, тиіскізбейді, тонатпайды, басындырмайды. Мақсатты қара базардағы қорғансыз жандар кәдімгідей қара тұтатын. Жанашыр бауырындай көреді. Мақсаттың да еңбегі адал еді.
Жылдар өтті. Қара базарлар «заңды тұлғалардың» қолына өтіп, қоқырайған жаңа қожайындар көріне бастады. Шетінен шенді шекпенділер, «үлкен әулетке» жақын, туыс-тумалар. Билікке сүйенеді, қолдарында – заң-зәкөн. Мақсаттың «үйірлі көкжалы» бұл кезде базарлардан алатынын алып, басатынын басып қалған. Мақсат та Алматының төрінен дүмбіретіп үш қабатты коттедж салып қойған. Ауласы ат шаптырым. Бала-шағасына жетіп-артылатын кәсіптің көзін де ашып тастаған. Тып-тыныш, барқадар тапқан жайлы өмір. Сөйтіп жүріп ол, жай ермек үшін: сауда үйлерінде, бильярд клубтарында, автобекеттерде, әуежайларда жымыңдап, шақырып тұратын ойын автоматтарын «тізгіндеп» көрген. Содан бас тарта алмай қалды. Ұтады – ұтылады. Ұтылады – ұтады. Бастапқыда ұтылған ақшаларын қайтарып алуды ғана ойлап, ойнайтын. Кейін ұтылысы көп болып кетті ме, әлде, ойынға деген ұмтылысы артып кетті ме – Мақсат жатса-тұрса, автомат ойындарын ойлайтын болған.
– Мақа, сіздің бұл ойныңыз – балалардың ойыны. Сіз балалардың ойынын ойнап жүрсіз. Нағыз ойын, ірі ұтыс, асқан байлар – казиноларда. Сіздің ортаңыз – сол, казиноға келіңіз, – деді «көкжалдардың» бірі қоңырау шалып.
Мақаң көп ойланбады, казиноға тартты. Содан шыға алмай қалды. Бизнесін де салды, үйі мен машинасын да құмар ойынға тікті. Отбасының жұтап, шаңырағынан шаттық кеткенін көріп жүрді. Сонда да тоқтай алмады. Бір күні… әйтеуір бір күні казиноны «сыпырып» шығып, барлығын қалпына келтіретініне бек сенді. Сеніп жүре берді. Бұрынғы достардың бәріне қарызданып бітті. Олар мұны көрсе қашатын болды. Қоңырау соқса, байланысты үзіп тастайды.
Қолдан сусып көшкен дүниенің зары қандай ащы еді. Мақсат «зәһар суды» күндіз-түні сілтеді. Сілтеген сайын семді. Қасқырша жұлысып, қабыланша секіретін бір кездегі палуан жігіттің палуандығының белгісі болып бұл күнде күресте сынып, умаждалған «шұнақ» құлағы ғана қалған. Құмар ойынға ессіз құмарлық, уайым, стресс, ішімдік Мақсатты жеңді. Мақсат қазір науқас. Қара қылды қақ жарған, әлсіздерге әлімжеттік жасап астамсыған талайдың десін басқан, адам баласына артық қиянаты жоқ арыстай жігіт арып, тірі аруақ бейнесінде жүр. Бірақ кім біледі, ішкі рухы мықты Махаң бір-ақ күнде сілкініп оянар, тәртесі теріс айналған тірлігін түзетіп жөнге салар, кәсібін де өркендетер, ауруынан да айығар… Біз оған сенейік. Адамға сенген дұрыс.
Мақсатты «ауруынан да айығар» деп, біз мұнда лудомания дертін айтып отырмыз.
Лудомания – дерт, ғасыр дерті. Соңғы жылдары әлем бойынша құмар ойынға тәуелді болып, суицид жасағандардың деңгейі 15 есе артқан. Бұл – өте үрейлі көрсеткіш. Шындап келгенде құмар ойындары жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның да қауіпсіздігіне қатер төндіріп келеді.
Дерек көздеріне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда сегіз айдың ішінде 2620 қол жұмсау фактісі тіркелген. Оның ішінде 2080 ер адам, 540 әйел және 139 кәмелетке толмаған жастар болған. Мамандар суицидтің негізгі себептерінің бірі ретінде қаржылық күйзелісті, ал қаржылық қиындықтардың себепшісі ретінде құмар ойындарға тәуелділікті атайды. Елімізде 700 мыңнан астам жасөспірім осы лудомания дертіне шалдығыпты.
Адам – жеке тұлға немесе индивид десек те, адам қоғамдық ортада өмір сүреді. Лудомандар аспаннан түскен жоқ. Ол сіздің – жақыңыз, туысыңыз, танысыңыз. Сол жақыныңыздың, яки танысыңыздың лудомания дертіне шалдыққан қалай байқауға болады? Олар:
Жалғыз қалғандай күй кешіп, күйзелісте жүреді. Жалғыздық сезімі адамды құмар ойынға итермелейді. Ал, ойын барысындағы әсер адамды қайталап ойнауға мәжбүрлей түседі.
Олар үнемі еш нәрсеге қанағаттанбайды. Қанағаттанбаушылық сезімі адамды құмар ойындарына құлшындыратын жайттардың бірі. Өмірдегі азды-кем сәтсіздікке шыдай алмағандар өзінің кім екендігін құмар ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері артса, осы ойынға қайта-қайта оралғысы келіп тұрады.
Олар оңай олжаға ұмтылады. Бір рет ұтып, оңай олжаның дәмін татқан адам әлгі жетістігін қайталай бергісі келеді. Алайда тұрақты ұтыста отыру мүмкін емес. Құмар ойнында жалғыз ғана жеңімпаз бар: ол – құмар ойнынын ойнатушы адам. Казиноның қожайыны.
Есірткіге есі кетіп, ішімдікке салынған адамдар да құмар ойындарына тез елітіп кетуі мүмкін.
Психикасы бұзылып, емделген адамдар да құмар ойындарына иығын беріп тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген болатын.
Президент назар аударып, мәселеге мән бергеннен кейін, әрі азаматтық қоғамның қалауымен қазір лудомания дертінен айықтыру орталықтары құрылып жатыр. Аталған орталықтарда бұрынғы лудомандар да ерікті түрде жұмыс істейді. Соның бірі – Ләзиза деген келіншек (аты-жөні өзгертілді).
– Менің жолдасым еліміздің батыс өңірлеріне барып вахталық жұмыстар жасап жүрді. Ол бар тапқанын шып-шырғасын шығармай үйге әкелетін. Үй болғанда біз ол уақытта жалдамалы пәтерде тұратынбыз. Жолдасымның арманы – Т. қаласынан келістіріп тұрып баспана тұрғызу еді. Мен де оның арманына арман жалғап, әрнені айтып қиялдаушы едім. Бір күні шағын маркеттегі ойын автоматына көзімнің түсе кеткені. Білмеймін, ол мені арбап тұрғандай болды. Содан бәрін ысырып тастап, ойынға кірісіп кетіппін. Жолдасымның алыс жолға шығып, арып-ашып тапқан табысын құмар ойынға сала беріппін. Ең соңында күйеуім мен ата-анам жалынып-жалбарынып жүріп айықтыру орталағына алып келгенде ғана есімді жидым. Қазір мен айықтыру орталығында тегін қызмет етемін.
Құмар ойыны алдамшы нәрсе. Оның артында үлкен қайғы мен зар жатыр. Егер сіз өз бойыңыздан құмар ойындарына тәуелділіктің алғашқы белгілерін байқасаңыз, бірден тоқтаңыз және жақындарыңыздан көмек сұраңыз, – дейді Ләзиза.
Қазір елімізде букмекерік кеңселердің жарнамасы шектелуде. Дүкендерде, білім беру нысандарында лотоматиктерді орнатуға тыйым салынған.
Онлайн казиноны ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Онлайн казиноға, заңсыз букмекерлік кеңселерге транзакциялар жасауға да тыйым бар.
Әйтсе де әлемді шарлаған құмар ойындарына шектеу қою әзірге мүмкін болмай тұр. Оны шектеу – құмар ойнына құмар адамдардың бойынан, ерік-жігерінен табылуы тиіс.
Құмар ойыны – сені алыстан арбайтын сиқыр. Сақ жүр, замандас!
Д. Қасенұлы





