ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ғылым саласына деген мемлекеттік көзқарас түбегейлі өзгерді. Егер бұған дейін ғылыми зерттеулер көбіне академиялық орта шеңберінде қалып қойса, бүгінде ғылымды экономиканың нақты секторымен байланыстыруға, жас ғалымдарды қолдауға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл – еліміздің ғылыми саясатының жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартатын маңызды өзгерістер.

Жастар ғылымға бет бұрды

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуды елдің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде бірнеше мәрте атап өтті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай артты. Мәселен, қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі 2024-2026 жылдарға арналған кезеңде 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыруға 198 млрд теңге, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға 67,9 млрд теңге бағытталған. Бұл – Қазақстан ғылымы тарихындағы ең ауқымды қаржылық қолдаулардың бірі.
Қаржыландырудың артуы ғылыми ұйымдардың жұмысына да оң әсерін тигізуде. Еліміздегі ғылыми-зерттеу ұйымдарының саны 425-ке жетіп, ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамнан асты. Бұл көрсеткіштердің жыл сайын өсіп келе жатқаны ғылым саласының тартымдылығы артқанын көрсетеді.
Кез келген елдің ғылыми әлеуеті, ең алдымен, оның зертханаларының санымен немесе бөлінетін қаржы көлемімен емес, ғылымға келіп жатқан жас буынның белсенділігімен өлшенеді. Өйткені ғылымның болашағын жаңа идеяға құмар, өзгерістен қорықпайтын, әлемдік ғылыми кеңістікпен еркін жұмыс істей алатын жастар қалыптастырады. Егер жас маман ғылымды өз өмірінің негізгі бағыты ретінде таңдаса, онда сол мемлекеттің ертеңіне деген сенімнің де арта түскені.
Қазақстанда ұзақ жылдар бойы ғылым саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – жастардың осы салаға аз келуі болды. Университетті үздік аяқтаған түлектердің басым бөлігі бизнеске, мемлекеттік қызметке немесе жалақысы жоғары саналатын басқа салаларға бет бұратын. Ал ғылым көбіне тұрақты табысы жоқ, болашағы бұлыңғыр бағыт ретінде қабылданды. Мұның объективті себептері де болды. Ғылыми жобалардың аздығы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, зертханалардың материалдық-техникалық базасының ескіруі және әлеуметтік қолдаудың әлсіздігі көптеген жас маманды ғылымнан алыстатты. 90-шы жылдардың басында ғалымдардың базар жағалап кеткенін де ұмытқан жоқпыз.
Алайда соңғы бірнеше жылда бұл үрдіс біртіндеп өзгере бастады. Мемлекет ғылымды экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырып, жас зерттеушілерге бағытталған жаңа саясат қалыптастыруға кірісті. Соның нәтижесінде ғылымдағы жас кадрларды қолдау бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.
Бұл өзгерістердің басты ерекшелігі – ғылымға бөлінетін қаржыны көбейтумен ғана шектелмей, ғылыми мансаптың өзін тартымды етуге ұмтылыс жасалуы. Себебі талантты жасты ғылымға шақырудың өзі аздық етеді. Ең маңыздысы – оны осы салада тұрақты ұстап қалу. Бүгінде мемлекеттік қолдау ғылыми идеяны қаржыландырудан бастап, баспанамен қамтамасыз етуге, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастыруға және жас зерттеушілердің кәсіби өсуіне дейінгі барлық бағытты қамтып отыр.
Қазіргі таңда жас зерттеушілер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең мүмкіндіктерге ие. Егер бірнеше жыл бұрын жас ғалым тәжірибелі ғылыми жетекшінің жобасына ғана қатыса алса, бүгінде өзінің жеке ғылыми идеясын ұсынып, дербес грант иелене алады. Бұл – ғылыми дербестікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Әсіресе 35 жасқа дейінгі зерттеушілерге арналған арнайы гранттық бағдарламалардың енгізілуі ғылымдағы жаңа буынның қалыптасуына серпін берді. Мұндай жобалар жас ғалымдардың өз зерттеу бағытын таңдап, ғылыми ұжым жасақтауына, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуына және зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде жариялауына мүмкіндік береді.
Мұндай қолдау жастардың ғылымға деген көзқарасын өзгертті. Бұрын ғылыми қызмет тек диссертация қорғаумен шектелетіндей көрінсе, бүгінде ол халықаралық жобаларға қатысуға, жаңа технология жасауға, стартап құруға және өндірістегі нақты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін шығармашылық кәсіпке айналып келеді.
Қазіргі ғылымның бұрынғы ғылымнан басты айырмашылығы – оның қоғам өмірімен тығыз байланысында. Бұрын зерттеу жұмыстарының нәтижесі көбіне ғылыми мақалалармен ғана шектелетін болса, бүгінгі таңда мемлекет ғылыми жаңалықтың нақты экономикалық немесе әлеуметтік нәтиже беруіне басымдық беріп отыр. Бұл талап жас зерттеушілердің ойлау жүйесіне де әсер етті. Олар ғылыми тақырыпты таңдағанда тек теориялық қызығушылықпен ғана емес, оның қоғамға қандай пайда әкелетінін де ескереді. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу технологияларын әзірлеу, климаттың өзгеруіне төзімді дақылдарды шығару, медицинадағы жаңа диагностикалық әдістерді енгізу, жасанды интеллект негізінде өндірісті автоматтандыру немесе экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалар – мұның бәрі жастардың ғылыми ізденісінің негізгі бағыттарына айналып келеді.
Бүгінде көптеген университеттерде білім алып жүрген магистранттар мен докторанттар диплом жұмысына ғана емес, нақты ғылыми жобаға қатысып, оның нәтижесін өндіріске енгізуге мүмкіндік алып отыр. Бұл ғылыми қызметтің өмірмен байланысын күшейтіп, жас ғалымның еңбегінің нақты нәтижесін көруіне жағдай жасайды.
Кез келген мамандықтың беделі тек жалақымен өлшенбейді. Қоғамдағы құрмет, кәсіби даму мүмкіндігі және әлеуметтік тұрақтылық та үлкен рөл атқарады. Соңғы жылдары мемлекет жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөле бастады. Ғылыми қызметкерлерге арналған тұрғын үй бағдарламалары, халықаралық тағылымдамалар, ғылыми сыйлықтар мен мемлекеттік марапаттардың көбеюі ғылымды жастар үшін тартымды салаға айналдырудың маңызды тетігі болды.
Бұрын жас зерттеуші ғылымда қалу мен басқа салаға кетудің арасында таңдау жасаса, бүгінде ғылыми мансап та тұрақты әрі болашағы бар кәсіп ретінде қарастырыла бастады. Бұл өзгеріс бір күнде бола салған жоқ. Ол мемлекетіміздің ғылымды жүйелі қолдау саясатының нәтижесінде қалыптасып келеді.
Ғылымға келген жас маман енді тек зертхана қабырғасында жұмыс істейтін қызметкер емес. Ол халықаралық ғылыми ортада өз орнын табуға ұмтылатын, жаңа технология әзірлейтін, өндірістегі күрделі мәселелерді шешуге қатысатын және елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды тұлғаға айналып отыр.
Ғылымда тың идеяның дүниеге келуі көбіне жас зерттеушінің батылдығына байланысты. Алайда ең озық ойдың өзі оны жүзеге асыратын мүмкіндік болмаса, қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру – тек бюджет шығынын көбейту емес, жаңа буын ғалымдарының әлеуетіне инвестиция салу деген сөз.
Соңғы жылдары Қазақстанда гранттық қаржыландыру жүйесі айтарлықтай жаңғырды. Бүгінде ғылыми жобаларды іріктеу кезінде олардың ғылыми жаңалығы ғана емес, қоғам мен экономикаға тигізетін ықтимал пайдасы да ескеріледі. Бұл зерттеушілерді нақты нәтиже беретін жобалар әзірлеуге ынталандырады.
Әсіресе жас ғалымдарға арналған арнайы конкурстардың ұйымдастырылуы ғылымдағы буын алмасуын жеделдетті. Бұрын тәжірибесі аз зерттеушінің үлкен ғылыми жобаға жетекшілік етуі қиын болса, қазір өз идеясын ұсынып, дербес қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұл олардың ғылыми тәуелсіздігін қалыптастырып, жауапкершілігін арттырады.
Мұндай өзгерістер жас зерттеушінің өзіне деген сенімін күшейтеді. Өйткені мемлекет оның идеясына, біліміне және болашағына сенім артып отырғанын сезіну – ғылымдағы ең үлкен мотивацияның бірі.
Қазіргі ғылымның шекарасы жоқ. Бір елде жасалған жаңалық екінші мемлекетте өндірісте қолданылып, үшінші мемлекетте жетілдірілуі мүмкін. Өйткені халықаралық ғылыми байланыс кез келген зерттеушінің кәсіби дамуының ажырамас бөлігіне айналды. Осыны ескерген мемлекет соңғы жылдары қазақстандық ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибе жинақтауына ерекше көңіл бөліп келеді. Жас зерттеушілер шетелдік университеттер мен зертханаларда тағылымдамадан өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгеріп, халықаралық ғылыми топтардың құрамында тәжірибе жинақтауда.
Мұндай тәжірибе тек жаңа білім алып келумен шектелмейді. Ең бастысы – қазақстандық ғалымдар халықаралық әріптестік орнатып, бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде еліміздің ғылыми ұйымдары әлемдік ғылыми кеңістікпен тығыз байланыс орнатып келеді.
Халықаралық тәжірибеден өткен жас мамандар кейін өз университеттері мен ғылыми институттарына оралып, жаңа әдістерді енгізеді. Бұл өз кезегінде қазақстандық ғылымның сапасын арттыруға ықпал етеді.
Кезінде «ғалым болу» тек ғылымға шын берілген аз ғана адамның таңдауы саналған кезең болды. Қоғамда ғылыми қызметтің беделі жоғары болғанымен, материалдық мүмкіндігі шектеулі деген түсінік қалыптасқан еді. Бүгінде бұл көзқарас өзгеріп келеді.
Бір жақсысы, қазіргі жастар ғылымды тек диссертация қорғаудың немесе жоғары оқу орнында сабақ берудің жолы ретінде қарастырмайды. Олар ғылымды технология жасаудың, инновациялық бизнес қалыптастырудың, халықаралық жобаларға қатысудың және жаңа өнім шығарудың құралы ретінде қабылдай бастады.
Бұл өзгеріске ақпараттық кеңістіктің де ықпалы зор. Қазақстандық ғалымдардың халықаралық жетістіктері, жаңа өнертабыстары, медициналық жаңалықтары немесе ауыл шаруашылығына арналған ғылыми әзірлемелері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып келеді. Соның арқасында ғылымның қоғамдағы беделі біртіндеп артып, жастар арасында зерттеуші мамандығына қызығушылық күшейе түсті.
Жас ғалымдардың қалыптасуы мектептен емес, көбіне университеттен басталады. Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі қаншалықты мықты болса, елдің ғылыми болашағы да соншалықты берік болады. Соңғы жылдары көптеген университетте ғылыми инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Заманауи зертханалар ашылып, ғылыми жабдықтар сатып алынып, студенттердің ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі кеңейді.
Қазір магистрант пен докторант ғылыми зерттеуге тек диплом алу үшін емес, нақты ғылыми нәтиже шығару үшін келеді. Университеттерде өндіріс орындарымен бірлескен жобалардың көбеюі де осы үрдіске оң әсер етуде. Кейбір жоғары оқу орындарында студенттер алғашқы курстардан бастап ғылыми үйірмелерге қатысып, профессорлармен бірге тәжірибелік зерттеулер жүргізуде. Бұл олардың зерттеушілік қабілетін ерте қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ғылымның университет өміріне дендеп енуі – болашақта еліміздің ғылыми кадрлар қорын тұрақты толықтыратын маңызды факторлардың бірі.
Қазіргі таңда мемлекет ғылымды тек бір саланың мәселесі ретінде емес, ұлттық дамудың негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырып отыр. Себебі кез келген инновацияның, жаңа өндірістің немесе технологиялық серпілістің артында ғылыми ізденіс тұрады.
Алдағы жылдары ғылымға қызығатын жастардың саны артып, ғылыми жобалардың сапасы жақсарып, халықаралық ынтымақтастық кеңейе түссе, бұл өзгерістер Қазақстанның экономикалық және технологиялық дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Өйткені ғылымның ертеңі – бүгін зертхана есігін ашып жатқан жас зерттеушінің қолында. Елде ғалымнан саудагердің жағдайы жақсы болса, ғылыми әлеуеттің әлсіреуі мен таланттардың басқа салаларға ауысуы заңды үрдіске айналады. Жастар үшін ғылымды тартымды кәсіпке айналдыру, жас зерттеушілерді жан-жақты қолдау және ғылымның беделін арттыру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек. Өйткені жастарға мүмкіндік беру – мемлекет үшін болашаққа салынған ең құнды инвестициялардың бірі.

Ғалымды қолдау – ғылымға серпін

Елдің интеллектуалдық әлеуеті – оның ең қымбат капиталы. Табиғи байлықтың қоры сарқылуы мүмкін, өндірістегі технология ескіруі мүмкін, алайда ғылым мен білімге негізделген даму бағытын таңдаған мемлекет ешқашан тоқырауға ұшырамайды. Әлемнің дамыған елдері ғылымды шығын емес, мүмкіндік ретінде қарастырады. Бұл ұстаным Қазақстан үшін де барған сайын маңызды бола түсуде. Соңғы жылдары елімізде ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың мазмұны өзгеріп, ғалымдарды қолдау мәселесі стратегиялық басымдықтардың біріне айналды.
Ұзақ уақыт бойы отандық ғылымның дамуына кедергі келтірген мәселелер аз болған жоқ. Ғылыми зерттеулердің жеткіліксіз қаржыландырылуы, жас мамандардың ғылымнан басқа салаларға кетуі, зертханалардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерінің шектеулілігі және ғылыми еңбектің қоғамдағы беделінің төмендеуі бұл саланың дамуына әсер етті. Мұндай қиындықтар тек Қазақстанға ғана тән болған жоқ. Кеңестік кезеңнен кейінгі көптеген мемлекет осындай жағдайды бастан өткерді. Дегенмен уақыт өте келе ғылымды екінші кезекке ысыру экономиканың да, технологияның да бәсеңдеуіне әкелетіні бәріне түсінікті болды.
Бүгінде әлем мүлде басқа талаптармен өмір сүріп жатыр. Жасанды интеллект, биотехнология, цифрлық өндіріс, жаңа материалдар, баламалы энергетика және медициналық инновациялар жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Мұндай жағдайда ғылыми әлеуеті әлсіз мемлекеттердің бәсекеге қабілетті болуы барған сайын қиындай түседі. Еліміз де ғылымды ұлттық дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр.
Соңғы жылдары қабылданған шешімдер осы саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттырып, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың аясын кеңейтті. Бұрын көптеген ғылыми ұжымдар қысқа мерзімді жобалармен ғана шектелсе, қазір ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа тетіктер енгізіліп келеді. Бұл ғалымдардың күрделі ғылыми мәселелерді жүйелі түрде зерттеуіне жол ашып отыр.
Ғалымдарды қолдау дегеніміз тек қаржы бөлу емес. Егер зерттеушінің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалмаса, ең қымбат зертхана мен заманауи құрал-жабдықтың өзі күткен нәтижені бере алмайды. Бір қуантарлығы, біздің елде мемлекеттік саясат ғылымды жан-жақты қолдауға бағытталған. Бұл қолдау ғылыми идеяның дүниеге келуінен бастап, оны өндіріске енгізуге дейінгі бүкіл кезеңді қамтиды.
Соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаражаттың ұлғаюы ғылыми жобалардың санын ғана көбейткен жоқ, олардың сапасына да оң әсер етті. Қазіргі кезде конкурс арқылы қаржыландырылатын жобалар ғылыми жаңалығымен қатар, қоғам мен экономика үшін практикалық маңызы бойынша да бағаланады. Мұндай тәсіл ғылымды нақты нәтижеге жұмыс істеуге ынталандырады.
Ғалымдарды қолдаудағы маңызды өзгерістердің бірі – ғылыми қызметтің ашықтығы мен бәсекелестігін күшейту. Бүгінде ғылыми жобаларды іріктеу кезінде халықаралық тәжірибеге сүйенген сараптама жүйесі кеңінен қолданылады. Бұл зерттеушілердің өз жобаларын әлемдік талаптарға сай әзірлеуіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде ғылыми ортада сапаға деген талап күшейіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеулердің үлесі артып келеді.
Ғалымды қолдау мәселесінде материалдық жағдаймен қатар моральдық ынталандырудың да маңызы зор. Қоғамда ғылым адам еңбегінің ең күрделі әрі жауапты салаларының бірі ретінде бағаланғанда ғана ғылымға деген қызығушылық күшейеді. Ғылыми жетістіктерді кеңінен насихаттау, табысты ғалымдардың тәжірибесін көрсету және ғылымның қоғам өміріндегі рөлін түсіндіру де мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр.
Бүгінде қазақстандық ғалымдардың жетістіктері медицинада, ауыл шаруашылығында, экологияда, цифрлық технологияларда және өнеркәсіпте нақты нәтижесін бере бастады. Бірі жаңа диагностикалық әдістер әзірлесе, енді бірі өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын шығаруда, етті-сүтті бағыттағы мал тұқымдары дүниеге келді, тағы бір ғылыми топ өндіріс орындарының тиімділігін арттыратын технологиялар жасауда. Мұның бәрі ғылымның тек теориямен шектелмейтінін, оның ел экономикасының нақты қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Ғылымның дамуы үшін зертханалар мен құрал-жабдықтардың болуы жеткіліксіз. Ең бастысы – ғалымның өз еңбегінің қоғамға қажет екенін сезінуі. Соңғы жылдары осы мәселеге де ерекше назар аударыла бастады. Бұрын ғылыми жаңалықтардың көпшілігі ғылыми журналдардың бетінде қалып қойып, олардың өндіріске жетуі сирек кездесетін. Қазір бұл бағытта нақты өзгерістер байқалады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін коммерцияландыруға арналған арнайы бағдарламалардың іске асырылуы ғылыми идеялардың нақты өнімге, технологияға немесе қызметке айналуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл – ғылымның қоғам үшін маңызын арттыратын ең маңызды өзгерістердің бірі.
Ғылымның өндіріспен байланысын күшейтуге бағытталған саясаттың арқасында жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіпорындардың өзара ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде. Кәсіпкерлер енді дайын технологияны тек шетелден сатып алуды ғана емес, отандық ғалымдардың әлеуетін пайдалануды да тиімді жол ретінде қарастыра бастады. Бұл үрдіс ғылымның экономикаға ықпалын күшейтіп қана қоймай, зерттеушілердің еңбегіне деген сұранысты да арттырып келеді.
Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында қазақстандық ғалымдар әзірлеген құрғақшылыққа төзімді дақыл сорттары, су ресурстарын үнемдеуге арналған технологиялар мен мал шаруашылығындағы селекциялық жұмыстар өндірісте кеңінен қолданылып келеді. Бұл жобалардың басты ерекшелігі – олардың шетелдік тәжірибені сол күйінде көшірмей, еліміздің табиғи-климаттық жағдайына бейімделуі. Осындай ғылыми ізденістер аграрлық сектордың өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуда.
Медицина ғылымында да соңғы жылдары оң өзгерістер аз емес. Қазақстандық зерттеушілер онкологиялық ауруларды ерте анықтау, молекулалық диагностика, генетикалық зерттеулер, инфекциялық аурулардың алдын алу және регенеративті медицина бағыттарында маңызды ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндай зерттеулердің бірқатары халықаралық ғылыми орталықтармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл отандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдасуының күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы ғылымға қойылатын талаптарды да өзгертті. Қазіргі таңда жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, роботтандыру, киберқауіпсіздік және автоматтандыру бағыттары ғылыми ізденістің негізгі салаларының біріне айналып отыр. Бұл бағыттар бойынша да қазақстандық университеттер мен ғылыми ұйымдар жаңа жобаларды қолға алып, өндіріс орындарымен бірлескен зерттеулер жүргізуде. Мұндай жұмыстар еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Ғалымдарды қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту. Бүгінде қазақстандық зерттеушілер әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарындағы әріптестерімен бірлескен жобаларға қатысып, тәжірибе алмасуда. Ортақ зерттеулер жаңа білім мен жаңа технологияларды игеруге ғана емес, қазақстандық ғылымның халықаралық беделін арттыруға да мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықтың тағы бір артықшылығы – жас зерттеушілердің кәсіби көзқарасының кеңеюі. Әлемдік ғылыми мектептердің тәжірибесін меңгерген мамандар кейін елге оралып, жаңа әдістерді, заманауи зерттеу мәдениетін және тиімді басқару тәсілдерін енгізеді. Мұндай тәжірибе отандық ғылыми ортаның сапалы жаңаруына ықпал етеді.
Ғылымның дамуына ықпал ететін тағы бір маңызды фактор – ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту. Соңғы жылдары көптеген ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының зертханалары жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Бұл зерттеулердің сапасын арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі ғылыми жұмыстарды еліміздің өзінде жүргізуге мүмкіндік беруде.
Әрине, ғылым саласында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Кейбір бағыттар бойынша зертханалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейту, жеке сектордың ғылыми жобаларды қаржыландыруға қатысуын арттыру, жас зерттеушілердің өңірлерде тұрақтап жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау сияқты міндеттер де күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ бүгінгі таңда бұл мәселелерді шешуге деген саяси ерік пен жүйелі көзқарастың қалыптасуының өзі үлкен өзгерістің белгісі.
Ғылым – нәтижесі бір күнде көрінетін сала емес. Кейбір зерттеулердің жемісін көру үшін бірнеше жыл, кейде ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Сол себепті де ғылымды қолдау тұрақты саясатты талап етеді. Мемлекет осы сабақтастықты сақтай алған жағдайда ғана ғылыми мектептер нығайып, жаңа буын зерттеушілері қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде экономиканың әртараптануына, жаңа өндірістердің ашылуына және елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің артуына негіз болады.

Өндірістің тірегі – ғылым

Табиғи ресурстар қаншалықты мол болғанымен, оларды тиімді игеретін технология болмаса, экономиканың қарқынды дамуы қиын. Бүгінгі таңда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі өндіріс орындарының санымен емес, сол өндірістің қаншалықты ғылымға сүйенетінімен бағаланады. Өйткені ғылым өндірісті жаңартады, өнімнің сапасын арттырады, шығынды азайтады және жаңа нарықтарға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда ғылым мен өндірістің өзара байланысы кез келген елдің тұрақты дамуының негізгі алғышарттарының біріне айналды.
Бұрын ғылым мен өндіріс екі бөлек әлем секілді көрінетін. Ғалым зертханада тәжірибе жасап, ғылыми мақала жариялаумен айналысса, кәсіпорын өзінің өндірістік мәселесін өз бетінше шешуге тырысатын. Мұндай арақашықтық ғылыми жаңалықтардың өмірге кеш енуіне, ал өндірістің технологиялық тұрғыдан баяу жаңаруына алып келетін. Соңғы жылдары бұл түсінік түбегейлі өзгерді. Әлемдік тәжірибе ғылым мен өндірістің бір-бірінен бөлек дами алмайтынын дәлелдеп берді. Жаңа өнім де, жаңа технология да, жаңа өндіріс те ғылыми ізденістің нәтижесінде ғана дүниеге келеді.
Қазақстанда да осы бағыттағы көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Егер бұрын ғылыми зерттеулердің нәтижесі көбіне ғылыми ортада қалып қоятын болса, қазір олардың өндіріске енгізілуіне ерекше назар аударылуда. Себебі ғылыми жаңалықтың шынайы құндылығы оның күнделікті өмірде қолданылып, экономикалық тиімділік әкелуімен өлшенеді. Осы мақсатта соңғы жылдары ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетіктері жетілдіріліп, ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған жаңа бастамалар қолға алынды.
Бүгінде ғылыми зерттеудің табысы жарияланған мақалалардың санымен ғана емес, оның нақты өндірістегі нәтижесімен бағалана бастады. Бұл ғылыми ұйымдардың жұмыс істеу тәсіліне де өзгеріс әкелді. Зерттеушілер енді ғылыми жаңалықтың теориялық маңызымен қатар, оның өндірістегі қолданылу мүмкіндігін де ескеруге тырысады. Өйткені ғылымның қоғамға тигізетін нақты пайдасы дәл осы кезеңде көрінеді.
Қазақстан экономикасының құрылымына назар аударсақ, ғылымды қажет ететін салалардың мүмкіндігі өте үлкен екенін аңғаруға болады. Ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, металлургия, мұнай-химия, энергетика, көлік логистикасы, құрылыс индустриясы, медицина және ақпараттық технологиялар – мұның барлығы ғылыми зерттеулердің нәтижесін қажет ететін бағыттар. Әр салада өндіріс тиімділігін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға немесе жаңа технология енгізуге мүмкіндік беретін ондаған ғылыми жоба жүзеге асырылып келеді.
Өнеркәсіп саласында да ғылымның рөлі артып келеді. Металлургия кәсіпорындары өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, сирек кездесетін металдарды тиімді алу және энергия шығынын азайту бағытындағы ғылыми жобаларға қызығушылық танытуда. Мұндай зерттеулер кәсіпорындардың шығынын азайтып қана қоймай, экологиялық талаптарды сақтауға да мүмкіндік береді. Бұл қазіргі әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің маңызды шарттарының бірі.
Соңғы жылдары жоғары оқу орындары мен өндіріс орындарының байланысы да нығая түсті. Бұрын университеттердің негізгі міндеті маман даярлау болса, бүгінде олар жаңа технология әзірлейтін ғылыми орталыққа айналып келеді. Бірқатар университет кәсіпорындармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, нақты өндірістік мәселелерді шешуге арналған ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Мұндай серіктестік екі тарап үшін де тиімді. Өндіріс ғылыми негізделген шешімге қол жеткізсе, университет өз зерттеуінің нақты нәтижесін көреді.
Ғылымның өндіріске жақындай түсуіне ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру тетігінің енгізілуі де оң ықпал етті. Соңғы жылдары бұл бағытқа мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Ғылыми идеялардың бизнес-жобаға айналуына жағдай жасалып, зерттеушілерге өз өнертабыстарын нарыққа шығаруға мүмкіндік берілуде. Мұндай тәжірибе ғылымның экономикалық тиімділігін арттырып қана қоймай, инновациялық кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр.
Қазір көптеген жас зерттеуші ғылыми жаңалықты жаңа өндіріс құрудың немесе жаңа өнім шығарудың мүмкіндігі ретінде қарастырады. Бұл ғылымның мазмұнын өзгертетін маңызды үрдіс. Егер бұрын ғылыми жұмыстың соңғы нүктесі ғылыми журналдағы мақала болса, бүгінде оның заңды жалғасы патент алу, тәжірибелік үлгі жасау, инвестор тарту және өндірісті іске қосу болып отыр. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ғылым біртіндеп экономиканың белсенді қатысушысына айналуда. Бұл – ұзақ мерзімді нәтиже беретін үдеріс. Ғылымның өндіріске жақындауы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жоғары технологиялы кәсіпорындардың көбеюіне, экспортқа бағытталған өнімдердің пайда болуына және ең бастысы – ел экономикасының сапалы жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
Ғылымның өндіріспен ұштасуы ең алдымен кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттырудан көрінеді. Бүгінде әлемде қандай да бір зауыттың немесе өндіріс орнының бәсекеге қабілеттілігі оның қуатымен емес, технологиялық деңгейімен өлшенеді. Өнімді тез әрі сапалы шығару, энергияны үнемдеу, шикізатты тиімді пайдалану, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту – мұның бәрі ғылыми ізденістің нәтижесінде жүзеге асады. Кәсіпорындардың ғылыми ұйымдармен серіктестігі уақыт талабы ғана емес, өндірісті дамытудың ең тиімді жолына айналып келеді.
Қазақстанда ғылымды коммерцияландыруға бағытталған мемлекеттік саясат осы үрдісті жандандыруға мүмкіндік берді. Бұрын ғылыми зерттеудің нәтижесі патент алумен немесе ғылыми баяндама жасаумен шектелетін жағдайлар жиі кездессе, бүгінде зерттеушілер өз жобасының нарықтағы өміршеңдігіне де мән бере бастады. Ғылыми жаңалықтың нақты тұтынушыға жетуі, өндірісте қолданылуы немесе жаңа кәсіпорынның құрылуына негіз болуы – қазіргі ғылыми саясаттың маңызды талаптарының бірі.
Соңғы жылдары елімізде ғылым нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ондаған жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығына арналған биологиялық препараттар, өнімділігі жоғары жаңа өсімдік сорттары, өнеркәсіпке қажетті жаңа материалдар, құрылыс саласына арналған инновациялық шешімдер, медициналық диагностика құралдары және цифрлық технологиялар бар. Мұндай жобалардың бір бөлігі өндірісте қолданылып, кәсіпкерлер үшін табыс әкелетін өнімге айналды. Бұл ғылыми ізденістің экономикалық құндылығын айқын көрсетеді.
Өндірістің ғылымға бет бұруына тағы бір маңызды фактор әсер етті. Соңғы жылдары кәсіпорындардың өзі де жаңа технологияны сырттан сатып алғаннан гөрі, оны отандық ғылыми ұйымдармен бірлесіп әзірлеуге қызығушылық таныта бастады. Біріншіден, бұл өндірістің нақты қажеттілігіне бейімделген шешім жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, шетелдік технологияға тәуелділікті азайтады. Үшіншіден, ғылым мен бизнестің ұзақ мерзімді серіктестігін қалыптастырады.
Бұл үрдіс әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде анық байқалады. Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктері әр өңірге өзіндік технологиялық шешімдерді талап етеді. Ауыл шаруашылығы ғылымының алдында өнімділікті арттырумен қатар, су тапшылығы, топырақ құнарлылығы, өсімдіктерді қорғау және мал шаруашылығының тиімділігін көтеру сияқты маңызды міндеттер тұр. Осы бағыттағы ғылыми әзірлемелер фермерлердің күнделікті тәжірибесіне біртіндеп енгізіліп келеді. Нәтижесінде ғылыми жаңалық зертханадан шығып, егіс алқаптары мен мал шаруашылықтарында нақты пайдасын көрсетуде.
Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін де ғылымның маңызы артып келеді. Металлургия, тау-кен өндірісі, мұнай-химия және энергетика салаларында өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған зерттеулер жүргізілуде. Ғалымдар шикізатты кешенді өңдеу, өндірістік қалдықтарды қайта пайдалану, энергия шығынын азайту және технологиялық қауіпсіздікті күшейту бойынша жаңа шешімдер ұсынуда. Мұндай жаңашылдықтар кәсіпорындардың тиімділігін арттырып қана қоймай, олардың халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялар саласында да ғылым мен өндірістің байланысы нығайып келеді. Жасанды интеллект, машиналық оқыту, өнеркәсіптік автоматтандыру, үлкен деректерді талдау және роботтандыру бағытындағы зерттеулер өндірістің жаңа моделін қалыптастыруда. Қазіргі таңда кейбір кәсіпорындар өндірістік процестерді цифрландыру арқылы өнім сапасын бақылауды жетілдіріп, жабдықтардың жұмысын алдын ала болжауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік алып отыр. Мұндай технологиялардың негізінде ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелер жатыр.
Медицина саласында да ғылым мен тәжірибенің байланысы күшейе түсті. Жаңа диагностикалық әдістерді енгізу, биомедициналық зерттеулерді дамыту, отандық медициналық бұйымдар мен технологияларды әзірлеу бағытындағы жұмыстар денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігін кеңейтуде. Бұл тек ғылыми жетістік қана емес, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Ғылым мен өндірістің жақындасуы еңбек нарығына да оң ықпал етуде. Қазіргі кәсіпорындарға тек технологияны пайдаланатын маман емес, оны жетілдіре алатын инженерлер, технологтар және зерттеушілер қажет. Соңғы кездері өндіріс орындары жоғары оқу орындарымен бірлесіп, болашақ мамандарды даярлауға белсенді араласа бастады. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі, ғылыми жобаларға қатысуы және нақты кәсіпорындардың тапсырмасымен зерттеу жүргізуі осы байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Ең маңыздысы – ғылым енді экономикадан тыс, бөлек өмір сүретін сала емес. Ол өндірістің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылымға сүйенген кәсіпорын ғана ұзақ мерзімді бәсекеге төтеп бере алады. Қазақстан үшін де бұл қағида ерекше өзекті. Өйткені еліміздің табиғи ресурстарға ғана емес, білімге, технологияға және инновацияға негізделген экономика құру мақсаты ғылым мен өндірістің тығыз ықпалдасуын талап етеді.

Әлем мойындай бастаған зерттеулер

Бүгінде ғылыми қауымдастық үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі – зерттеу нәтижесінің халықаралық деңгейде мойындалуы. Егер белгілі бір елдің ғалымдары әлемнің жетекші ғылыми журналдарында тұрақты жарияланып, олардың еңбектеріне өзге мемлекеттердің зерттеушілері сілтеме жасай бастаса, бұл сол ел ғылымының жаһандық ғылыми кеңістікке толыққанды кіріге бастағанын білдіреді.
Соңғы он жыл ішінде Қазақстан ғылымында дәл осындай бетбұрыс байқалды. Бұрын халықаралық ғылыми жарияланымдар негізінен жекелеген ғылыми мектептердің немесе санаулы зерттеу орталықтарының жетістігі саналса, қазір бұл үрдіс әлдеқайда кең ауқым ала бастады. Медицина, инженерия, ақпараттық технологиялар, экология, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы зерттеулердің халықаралық ғылыми айналымға шығуы айтарлықтай жанданды.
Халықаралық ғылыми ортада ең көп қолданылатын ақпараттық платформалардың бірі – Scopus. Бұл база әлемдегі беделді ғылыми басылымдарды біріктіріп, зерттеулердің сапасын, дәйексөз көрсеткіштерін және ғылыми ықпалын бағалауға мүмкіндік береді. Scopus дерекқорында жарияланған ғылыми мақалалардың көбеюі сан қуалау емес, зерттеу сапасының халықаралық талаптарға жақындай түскенінің белгісі ретінде қарастырылады.
Қазақстандық зерттеушілердің Scopus базасындағы жарияланымдарының саны соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. Әсіресе инженерлік ғылымдар, компьютерлік ғылымдар, экология, биология, медицина және әлеуметтік ғылымдар бағытында оң динамика байқалады. Бұрын ғылыми белсенділік негізінен физика мен химия салаларында шоғырланған болса, қазір зерттеу бағыттарының ауқымы едәуір кеңейді. Бұл еліміздегі ғылыми мектептердің әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.
Ғылыми мақаланың жариялануы – жұмыстың соңғы кезеңі емес. Оның ғылыми қауымдастық тарапынан қаншалықты бағаланғанын дәйексөз келтіру көрсеткіші айқындайды. Егер белгілі бір зерттеу басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен пайдаланылса, оның ғылыми құндылығының жоғары екені аңғарылады. Қазақстандық авторлардың халықаралық бірлескен жарияланымдарының ықпалы жоғары болатынын библиометриялық зерттеулер де көрсетіп отыр. Мұндай еңбектердің халықаралық ғылыми айналымдағы көріну мүмкіндігі де әлдеқайда жоғары.
Бұл өзгерістің тағы бір маңызды себебі – халықаралық ғылыми әріптестіктің кеңеюі. Қазіргі ғылым бір елдің немесе бір зертхананың шеңберінде дамымайды. Күрделі зерттеулер әртүрлі мемлекеттің мамандары бірлесіп жұмыс істеген кезде ғана жоғары нәтиже береді. Қазақстандық ғалымдар да соңғы жылдары Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдерінің жетекші университеттерімен ортақ жобаларды көбейтіп келеді. Мұндай серіктестік жаңа әдістерді игеруге, күрделі ғылыми жабдықтарды пайдалануға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бүгінгі буын зерттеушілері тек ұлттық ғылыми ортада жұмыс істеумен шектелмейді. Олар шетелдік ғылыми топтардың құрамында зерттеу жүргізіп, халықаралық конференцияларға қатысып, бірлескен мақалалар әзірлеуге ұмтылады. Бұл қазақстандық ғылымның ашықтығын арттырып, әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысын нығайтып келеді.
Қазақстандағы зерттеу университеттерінің қалыптасуы да осы үрдіске серпін берді. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында ғылыми жарияланымдардың сапасына ерекше көңіл бөлініп, халықаралық журналдарда мақала жариялау университеттердің даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналды. Соның нәтижесінде ғылыми белсенділік артып, әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштер де жақсара бастады.
Бұл бағыттағы айқын мысалдардың бірі – Назарбаев Университеті. Университет 2025 жылы Scopus дерекқорында индекстелген жарияланымдар саны 10 мыңнан асқанын хабарлады. Оның зерттеулерінің елеулі бөлігі әлемдегі ең беделді Q1 журналдарында жарық көрген, ал жарияланымдарына жүздеген мыңға жуық ғылыми сілтеме жасалған. Бұл тек бір университеттің жетістігі ғана емес, Қазақстандағы зерттеу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі.
Халықаралық мойындау тек жарияланған мақалалардың санымен өлшенбейді. Қазақстандық ғалымдардың бірқатары соңғы жылдары жаңа материалтану, ядролық физика, молекулалық биология, онкология, экология, агротехнология және цифрлық технологиялар бағытындағы зерттеулері арқылы әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Бұл жұмыстардың бір бөлігі халықаралық ғылыми орталықтармен бірлесіп жүргізілсе, енді бір бөлігі еліміздегі зертханалардың өзінде орындалды. Мұндай нәтижелер Қазақстан ғылымының ғылыми әлеуеті күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы жылдары еліміздегі ғылыми журналдардың да сапасына қойылатын талап күшейді. Халықаралық индекстеуге енуге ұмтылған отандық басылымдардың саны артып келеді. Бұл қазақстандық ғылыми журналдардың редакциялық мәдениетін жетілдіруге, сараптаманың сапасын көтеруге және жарияланымдардың халықаралық деңгейде танылуына ықпал етуде.
Әлемдік ғылымда бедел қалыптастыру оңай емес. Ол ұзақ уақытқа созылатын жүйелі еңбекті, ғылыми адалдықты және тұрақты ізденісті талап етеді. Қазақстандық ғылым дәл осы кезеңнен өтіп келеді. Соңғы жылдары байқалған жарияланымдардың өсуі, халықаралық серіктестіктің кеңеюі, дәйексөз көрсеткіштерінің жақсаруы және жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуы еліміздің ғылымы сапалық жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады.
Ғылымның халықаралық кеңістіктегі беделі бір күнде қалыптаспайды. Ол ондаған жылға созылатын үздіксіз еңбектің нәтижесі. Бүгін қазақстандық ғалымдардың еңбектері әлемнің жетекші ғылыми журналдарында жарияланып, халықаралық зерттеу топтарының құрамында жаңа жаңалықтардың дүниеге келуіне үлес қосып жатса, бұл – еліміздің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанының нақты дәлелі. Қазақстан ғылымының жаңа келбеті енді тек ұлттық деңгейде ғана емес, жаһандық ғылыми қауымдастықтың назарын аудара бастаған ғылыми ізденістермен айқындалып келеді.

Ғылым экономиканы қалай өзгертеді?

Әлемдік экономика соңғы онжылдықтарда түбегейлі өзгерді. Бұрын мемлекеттердің қуаты табиғи ресурстардың көлемімен, өндірілген шикізаттың мөлшерімен немесе ауыр өнеркәсіптің ауқымымен бағаланатын. Қазір бұл өлшемдердің қатарына жаңа бір маңызды көрсеткіш қосылды. Ол – инновация. Қандай ел ғылымды жаңа технологияға, технологияны өндіріске, ал өндірісті өнімге айналдыра алса, сол мемлекет жаһандық бәсекеде алға шығып келеді.
Бұл өзгеріс Қазақстан үшін де ерекше маңызды. Еліміз табиғи ресурстарға бай болғанымен, ұзақ мерзімді тұрақты өсім тек шикізат экспортына сүйеніп қамтамасыз етілмейтіні анық. Әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы, жаңа технологиялардың дамуы және өндірістің цифрлануы экономиканы әртараптандырудың маңызын бұрынғыдан да күшейтті. Осындай жағдайда ғылым мен инновация ел дамуының қосымша бағыты емес, негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Инновация дегенде көпшілік бірден күрделі роботтарды немесе жасанды интеллект жүйелерін елестетеді. Шын мәнінде, инновация – бұрынғы жұмысты тиімдірек атқаруға мүмкіндік беретін кез келген ғылыми негізделген шешім. Ол жаңа өндірістік технология болуы мүмкін, ауыл шаруашылығындағы өнімділігі жоғары сұрып болуы мүмкін немесе медициналық диагностиканың жаңа тәсілі болуы мүмкін. Ең бастысы – инновация экономикалық нәтиже беруі тиіс. Яғни өндіріс шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттырып, жаңа өнім шығаруға немесе жаңа нарыққа шығуға жол ашуы қажет.
Дәл осы себепті бүгінде ғылым мен экономика бір-бірінен ажырамайтын ұғымдарға айналды. Ғылыми зерттеу зертханада басталғанымен, оның шынайы құндылығы өндірісте, кәсіпкерлікте және қоғам өмірінде көрінеді. Егер жаңа ғылыми шешім кәсіпорынның жұмысын жақсартса, өнімнің сапасын көтерсе немесе жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, онда ол ел экономикасының нақты өсуіне ықпал етеді.
Қазақстанда да осы бағыттағы өзгерістер біртіндеп жүйелі сипат алып келеді. Соңғы жылдары ғылыми және ғылыми-технологиялық саясатты жаңғырту, зерттеулердің нәтижесін коммерцияландыру және мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған құқықтық және институционалдық тетіктер қалыптасуда. Бұл ғылымның экономикамен байланысын күшейтуге арналған ұзақ мерзімді қадамдардың бірі болып саналады.
Экономиканың инновациялық үлгіге көшуі ең алдымен еңбек өнімділігіне әсер етеді. Бір кәсіпорын бұрынғыдай көп адам күшін пайдаланып емес, жаңа технологияның көмегімен әлдеқайда сапалы әрі жылдам жұмыс істей алады. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, ресурстарды үнемдеуге және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда инновация тек ғылыми жаңалық емес, экономикалық тиімділіктің негізгі құралына айналып отыр.
Цифрлық технологиялардың дамуы бұл үрдісті одан әрі жеделдетті. Өнеркәсіпте автоматтандыру жүйелерінің енгізілуі, үлкен деректерді талдау, жасанды интеллект пен цифрлық модельдеу өндірісті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруда. Бұрын бірнеше күн немесе апта қажет болған есептеулер қазір санаулы минутта орындалады. Өндірістегі ақауларды алдын ала болжау, жабдықтардың техникалық жағдайын бақылау немесе энергия шығынын оңтайландыру сияқты міндеттердің барлығы ғылыми ізденістер мен инженерлік шешімдердің нәтижесінде жүзеге асып келеді.
Инновацияның экономикаға ықпалы тек ірі кәсіпорындармен шектелмейді. Соңғы жылдары ғылыми идеялардың негізінде құрылған технологиялық компаниялар мен стартаптардың маңызы артып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген ірі технологиялық компаниялар бір кезде шағын ғылыми жобадан басталған. Қазақстанда да осындай үрдісті қалыптастыруға бағытталған бастамалар күшейіп келеді. Университеттер мен ғылыми ұйымдарда әзірленген жаңа технологияларды кәсіпкерлік ортаға шығару, оларды нарыққа бейімдеу және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен кеңеюде.
Экономиканың инновациялық дамуы экспорт құрылымына да ықпал етеді. Егер ел тек шикізат сатумен шектелсе, оның табысы әлемдік нарықтағы бағаға тәуелді болады. Ал ғылымға негізделген өнім шығару құны жоғары өндірістердің қалыптасуына жол ашады. Мұндай өнімдер халықаралық нарықта жоғары бағаланып, экономиканың тұрақтылығын күшейтеді. Көптеген мемлекет ғылыми зерттеулерге жұмсалған қаржыны шығын емес, келешектегі экономикалық өсімнің негізі ретінде қарастырады. Бұл ұстаным Қазақстанның ғылыми және технологиялық саясатының жаңа кезеңімен де үндес.
Экономиканы инновациялық жолмен дамыту туралы сөз болғанда, ең алдымен ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы өзара байланыстың беріктігі назарға алынады. Бұл үш бағыт бір-бірінен оқшау жұмыс істесе, ғылыми жаңалықтың өндіріске жетуі де, жаңа технологияның нарыққа шығуы да қиындайды. Осы ретте дамыған мемлекеттердің тәжірибесі ғылымды қаржыландырумен ғана шектелмей, оны кәсіпкерлікпен және өндірістік ортамен ұштастыруға негізделген. Қазақстанда да осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүйеленіп келеді.
Соңғы жылдары ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының инновациялық белсенділігі арта түсті. Бұрын зерттеу нәтижесінің негізгі өлшемі ғылыми мақала немесе патент болса, бүгінде оның тәжірибеде қолданылуына, нарыққа шығуына және экономикалық тиімділігіне басымдық беріледі. Бұл ғылыми ұжымдардың жұмыс бағытын өзгертті. Зерттеушілер енді өз идеясының тек ғылыми құндылығын ғана емес, оның өндірісте қаншалықты сұранысқа ие болатынын да ескере бастады.
Осындай көзқарастың қалыптасуы жаңа буын кәсіпкерлерінің пайда болуына да ықпал етуде. Қазір әлемде ғылымға негізделген кәсіпкерлік ерекше қарқынмен дамып келеді. Ғылыми жаңалықтың негізінде құрылған шағын компаниялар кейін халықаралық деңгейдегі технологиялық алпауыттарға айналып жатқан мысалдар аз емес. SpaceX, Google. Microsoft, Aplle, OpenAI, Intel, Tesla сияқты алпауыт компаниялар сөзімізге дәлел болары анық. Қазақстанда да мұндай бағытқа қызығушылық артып келеді. Университеттер жанынан ашылған инновациялық орталықтар мен технологияларды коммерцияландыру кеңселері зерттеушілерге өз жобаларын кәсіпкерлік бастамаға айналдыруға көмектесіп келеді.
Инновациялық экономиканың тағы бір ерекшелігі – оның жаңа мамандықтарға сұраныс қалыптастыруы. Егер бұрын өндірісте негізінен инженерлер мен технологтар қажет болса, бүгінгі таңда жасанды интеллект әзірлеушілері, деректерді талдау мамандары, биоинженерлер, цифрлық жүйелердің архитекторлары, робототехника инженерлері сияқты жаңа кәсіптерге қажеттілік артып келеді. Бұл өзгерістер білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы осы өзгерістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартып, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына ертерек араласуына мүмкіндік жасап келеді.
Ғылымның экономикаға ықпалы өңірлік даму тұрғысынан да маңызды. Егер белгілі бір өңірде ғылыми әлеует пен өндірістік база қатар дамыса, онда жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жоғары білікті жұмыс орындарының көбеюіне және инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптасады. Дамыған елдерде инновациялық кластерлер мен ғылыми-технологиялық парктердің көптеп құрылуы кездейсоқ емес. Мұндай орталықтар университеттерді, ғылыми институттарды, өндіріс орындарын және инвесторларды бір алаңға тоғыстырады. Қазақстанда да осы бағыттағы бастамалар біртіндеп жүзеге асырылып, өңірлердің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыруға басымдық берілуде.
Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі тек өндірілетін өнімнің көлемімен емес, оның сапасы мен технологиялық деңгейімен бағаланатын кезеңде ғылымның маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Әлемдік нарықта қарапайым өніммен бәсекелесу барған сайын қиындап келеді. Керісінше, бірегей технологияға негізделген өнімнің құны әлдеқайда жоғары. Себебі, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу экспорттың құрылымын өзгертуге де мүмкіндік береді. Өміршең өнімдердің үлесі артқан сайын экономиканың тұрақтылығы да нығая түседі.
Инновацияның тағы бір маңызды қыры – оның қоғамның өмір сүру сапасына әсері. Жаңа медициналық технологиялар азаматтардың денсаулығын жақсартады, цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырады, экологиялық зерттеулер табиғатты қорғаудың тиімді жолдарын ұсынады, ал жаңа агротехнологиялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Демек, ғылымның нәтижесі тек экономикалық көрсеткіштерден ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінен де көрініс табады.
Қазіргі таңда Қазақстан экономиканы әртараптандыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатқа жету үшін өндірісті жаңғырту ғана жеткіліксіз. Өндірістің өзіне жаңа білім, жаңа технология және жаңа ғылыми шешімдер қажет. Сондықтан да ғылым мен инновацияны дамыту ұзақ мерзімді экономикалық саясаттың негізгі тіректерінің бірі болып қала береді.
Бүгінгі таңда әлемде озық технологияларды сатып алуға болады, бірақ ғылыми мектепті, зерттеушілік мәдениетті және инновациялық ойлауды сатып алу мүмкін емес. Олар тек уақытпен, үздіксіз ізденіспен және ғылымға деген тұрақты қолдаумен қалыптасады. Қазақстан дәл осы жолды таңдады. Ғылыми әлеуеттің күшеюі, инновациялық бастамалардың көбеюі және ғылымның экономикамен тығыз байланыса бастауы еліміздің жаңа даму моделінің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Егер ғылым жаңа идеяның бастауы болса, инновация – сол идеяның нақты өмірдегі нәтижесі. Ал инновацияға негізделген экономика – мемлекетке ұзақ мерзімді тұрақтылық, технологиялық тәуелсіздік және жаһандық бәсекеде лайықты орын алуға мүмкіндік беретін ең сенімді жол.

Ел болашағына инвестиция

Бүгінгі таңда ғылымға жұмсалған әрбір теңге шығын ретінде емес, болашаққа салынған инвестиция ретінде қарастырылады. Себебі ғылыми зерттеудің нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін. Кейде оның жемісін көру үшін бірнеше жыл, тіпті ондаған жыл қажет болады. Алайда дәл сол ғылыми жаңалық кейін тұтас бір өндіріс саласының дамуына, миллиондаған адамның өмір сапасының жақсаруына немесе жаңа экономикалық бағыттың қалыптасуына негіз болуы ықтимал.
Әлемнің жетекші экономикалары ғылымға тұрақты түрде қомақты қаражат бөлуді кездейсоқ қолға алған жоқ. Олар ғылыми зерттеулердің елдің ұзақ мерзімді дамуына әсерін ерте түсінді. Қазіргі таңда жоғары технологиялық өнім шығаратын мемлекеттердің барлығы дерлік ғылым мен инновацияны ұлттық саясаттың негізгі басымдығы ретінде қарастырады. Бұл тәжірибе ғылыми әлеуеттің экономикалық табыстың басты көзіне айналғанын көрсетеді.
Қазақстан да соңғы жылдары осы бағыттағы жұмысын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемінің ұлғаюы, ғылымды коммерцияландыруға ерекше назар аударылуы, жас зерттеушілерге арналған гранттық бағдарламалардың кеңеюі және ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған шешімдер – осының барлығы ғылымның ел дамуындағы орнын күшейтуге арналған жүйелі қадамдар. Мұндай шешімдердің мақсаты – тек ғылыми жобалардың санын көбейту емес, олардың сапасын арттырып, экономикаға нақты әсер ететін нәтижелерге қол жеткізу.
Ғылымға салынған инвестицияның ең үлкен ерекшелігі – оның көпқырлы қайтарымы. Егер өндіріс салынған қаржыны өнім түрінде қайтаратын болса, ғылым экономикалық тиімділікпен қатар интеллектуалдық капитал қалыптастырады. Жаңа білім пайда болады, жаңа технология жасалады, жоғары білікті мамандар өсіп шығады. Мұндай капиталдың құны уақыт өткен сайын арта түседі. Шенеуніктерге ғылымға бөлінген қаражатты тек бюджеттік шығын ретінде бағалау көзқарасынан арылу қажет.
Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі де ғылыммен тікелей байланысты. Қазіргі халықаралық нарықта қарапайым өнім өндіру арқылы жоғары табысқа қол жеткізу барған сайын қиындап келеді. Нарықта технологиялық жаңашылдығы жоғары, ғылыми негізде жасалған өнімдер ғана тұрақты сұранысқа ие. Ғылымның дамуы экспорт құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың сыртқы нарықтағы тұрақтылығын күшейтеді.
Ғылымға инвестиция салудың тағы бір маңызды нәтижесі – адами капиталдың сапасын арттыру. Қазіргі заманғы зертханада жұмыс істейтін жас ғалым ертең жоғары технологиялық кәсіпорынның жетекші инженері, инновациялық компанияның негізін қалаушы немесе халықаралық ғылыми жобаның үйлестірушісі болуы мүмкін. Яғни ғылымға бөлінген қаржы бір ғана жобаны емес, тұтас мамандар буынын қалыптастыруға қызмет етеді. Бұл – ұзақ мерзімді даму үшін шешуші факторлардың бірі.
Соңғы жылдары Қазақстанда ғылым мен білімнің өзара байланысын күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Университеттердің зерттеу әлеуетін арттыру, студенттерді ғылыми жұмыстарға кеңінен тарту және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстар осының дәлелі. Мұндай қадамдар ғылыми жаңалықтың тек зертхана қабырғасында қалып қоймай, қоғам игілігіне қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Ғылымға инвестицияның нәтижесі күнделікті өмірде де байқалады. Денсаулық сақтау саласындағы жаңа талдау әдістері, ауыл шаруашылығындағы өнімділігі жоғары сұрыптар, өндірістегі энергияны үнемдейтін технологиялар, цифрлық мемлекеттік қызметтер, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған зерттеулер – мұның барлығы ғылыми ізденістің нақты жемісі. Өйткені, ғылым қоғамның барлық саласына әсер етеді, бірақ оның ықпалы көбіне бірден көзге түсе бермейді. Ғылымның шынайы құнын уақыт көрсетеді.
Бүгінде әлемде технологиялық тәуелсіздік мәселесі ерекше өзекті. Жаһандық сын-қатерлер кез келген мемлекетке өз ғылыми әлеуетінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеді. Дәрі-дәрмек өндіруден бастап цифрлық қауіпсіздікке дейінгі көптеген бағытта сыртқы технологияға толық тәуелді болу елдің тұрақты дамуына қауіп төндіруі мүмкін. Осындай жағдайда ұлттық ғылымның қуатты болуы мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналады.
Ғылымның тағы бір ерекшелігі – ол қоғамның ойлау мәдениетін өзгертеді. Ғылыми көзқарас қалыптасқан ортада жаңа идеяға ашықтық артады, дәлелге негізделген шешім қабылдау мәдениеті орнығады, шығармашылық ізденіс күшейеді. Мұндай қоғам өзгеріске бейім келеді және кез келген жаңа технологияны тез игере алады. Ғылым тек экономиканы ғана емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеретін күш ретінде бағалануы тиіс.
Алдағы жылдары Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрінуі табиғи ресурстардың көлеміне ғана емес, ғылыми әлеуетінің қаншалықты тиімді пайдаланылатынына байланысты болады. Жоғары технологиялы өндіріс, инновациялық кәсіпкерлік, цифрлық экономика және жасанды интеллект дәуірінде ғылымның рөлі бұрынғыдан әлдеқайда маңызды. Бұл бағыттағы әрбір қадам елдің ертеңгі мүмкіндігін айқындайды.
Ғылым – бір күннің немесе бір жылдың нәтижесіне жұмыс істейтін сала емес. Ол келешекке қызмет етеді. Бүгін ғылымға бөлінген қаражат ертең жаңа өндіріс болып қайтады, жаңа технология болып оралады, мыңдаған жоғары білікті маманға айналады, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Ең бастысы – ол тәуелсіз мемлекеттің интеллектуалдық қуатын арттырады.
Елдің табиғи байлығы уақыт өте сарқылуы мүмкін. Кез келген технология ескіреді. Бірақ білімге негізделген ғылыми әлеует ешқашан құнын жоғалтпайды. Керісінше, ол жаңа мүмкіндіктердің бастауы болып қала береді. Сол себепті ғылымға инвестиция салу – бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілік. Өйткені ғылымға салынған әрбір инвестиция – Қазақстанның ертеңіне, оның өркендеуіне және әлемдік бәсекедегі орнының нығаюына салынған ең сенімді инвестиция.
Қорыта айтқанда, ғылым – елдің интеллектуалдық қуатын арттырып қана қоймай, оның экономикалық өсуіне, технологиялық жаңаруына және ұлттық қауіпсіздігінің нығаюына негіз болатын стратегиялық сала. Қай кезеңде болмасын ғылым мен білімге сүйенген әлеует елдің ең құнды капиталы болып қала береді. Ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, экономиканы ғылымға негіздеу – Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде орнығуының басты шарттарының бірі. Өйткені ғылымы қуатты ел ғана технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, жаһандық өзгерістерге бейімделе алатына көзіміз анық жетті. Демек, ғылымға қолдау көрсету – Қазақстанның баянды тәуелсіздігіне, тұрақты дамуына және келешек ұрпақтың жарқын болашағына салынған ең құнды инвестиция.

Дәулетбек РАЕВ,
ф.ғ.д., профессор




ПІКІР ЖАЗУ