ТАҒДЫР

(Бас кейіпкердің қызы Ибрашева Светлананың
айтуы бойынша жазылған деректі әңгіме)

1934 жыл. 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтың зардабынан ел еңсесін тіктей алмаған кез. Өткен жылы қазақ елі басшылығынан қанқұйлы Голощекин кетіп, орнына Левон Мирзоян тағайындалғалы елге жылымық келгендей болған. Үш жылға созылған сұрапыл ашаршылықтан аман қалған шаруалар тырбанып тірлік ете бастаған. Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Монғолия мемлекетіне Тел Жаманмұрынов бастаған арнайы делегация жіберіп, 8000 бас ірі қара (түйе, асыл тұқымды бұқа) жеткізу мәселесі қарастырылып жатқан. Ендігі мақсат аштықтан тұралаған халықты егіншілікке, сол арқылы отырықшылыққа бейімдеу. Қазақстан үкіметі Қырғызстаннан он шақты вагон тұқымдық бидай алуға келіскен.
Қазақстан автономиялық республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тоғыз жолдың торабы болып отырған Луговая станциясына келді. Батысқа да, солтүстікке де, шығысқа да апаратын жолдың бәрі осы арадан тарайды әрі Қырғызстанның астанасы Фрунзе қаласына ең жақын станция да осы. Үкімет басшысы тұқымдық астық тоналып, талан-таражға түспеуі үшін қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге жауапты қызметкерді станция бастығының кабинетіне шақыртты. Кабинетке бойы екі метрге жуық, жасы 25-26 ның шамасындағы жас жігіт кірді. Станция бастығы оны пойыз вагондарының техникалық сапасын тексеретін маманымыз Ибраш Жапақов деп таныстырды.
Ибрашпен оңаша сөйлескен Ұзақбай Желдірбайұлы Қырғызстаннан станцияға жеткізілген бидай тұқымдары тиелген вагондарды құпия әрі жедел түрде Алматыға жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Вагондардағы жүктің бидай екенін ешкім білмеуге тиіс. Біліп қойса аш халық жаппай тонауға кіріседі. Оны тоқтатуға үлкен қарулы жасақ керек. Қақтығыс болып, адам шығыны орын алса абыройсыздыққа ұшыраймыз деп қатаң ескертті.
Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, астықтың бір түйірін де ысырап етпей жеткізуге тырысамын. Маған сеніңіз, аға.
Алматыға келгесін міндетті түрде хабарлас, – деп сынай қараған Үкімет басшысы алып тұлғалы, құрыш қолды жігітке көңілі толғандай болып, сөзі салмақты, келбеті келіскен, қандай істі болса да сеніп тапсыруға болатын азамат екен деп ой түйді.
Бірнеше күннен кейін астық тиелген вагондар тіркелген эшелон да келіп жетті. Ибраш вагондарды Алматы бағытына жүретін пойызға тіркемес бұрын алдын-ала дайындатқан арнаулы брезент жапқыштармен қымтап, күзет қойғызып, өзі де осы пойызбен Алматыға жетті. Астықты қабылдап алатын жауапты кісілерге табыстап, көңілі бірленген соң Ұзақбай Құлымбетовке хабарласты, ол тезірек келуін өтінген соң кідірместен сонда тартты. Үкімет басшысының кабинетінде үш-төрт кісі отыр екен. Ұзақбай Құлымбетов орнынан тұрып, Ибраштың қолын алып амандасты. Тапсырманы тиянақты орындағанына ризашылық білдіріп, сендей білікті, көзі ашық, қазақша-орысша оқи да, жаза да білетін сауатты азаматтарды ел басқаруға тарту қажет деген тұжырымын айтты. Бұл үшін арнайы білім алу керек, ол жағын өзім ойластырармын, жұмысыңа бар бер, хабар өзімнен болады деп жылы қоштасты.
Көп ұзамай Ибраш Жапақов Мәскеу қаласындағы Жоғары әскери транспорт мектебіне жолдама алды. Жаңа заманға тезірек бейімделу керектігін терең ұғынған, 16 жасында комсомолға өтіп, 23 жасында больше­виктер партиясының қатарына кірген талапты жас оқуға құлшына кірісті.
Алаңсыз білім алсам деген арманы оп-оңай орындала қалған жоқ, бір күні Транспорт бөлімінің қауіпсіздік органы тергеуге шақырды. Әкесі Жапақов Абдолла кеңестік жүйеге қарсы көтерілісшілер қатарында болған, ірі бай тұқымы деген арыз түсіпті. Арызды өзі туып-өскен Ырғыз өңірінің қазағы жазыпты.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында мал бағумен тірлік кешкен қазақтардың арасындағы ауқаттыларының мал-мүлкін тартып алған кәмпескелау науқаны, одан кейін тұрғылықты үй-жай да қарастырылмаған, егін егетін техника тұрмақ қарапайым тырма мен соқасы да сайланбаған елді жаппай колхоздастыру арқылы отырықшылыққа мәжбүрлеу салдарынан қазақ даласында орын алған көптеген толқулардың бірі Ырғыздағы шаруалар көтерілісіне ұласқан. Ет, жүн және басқа салықтарды төлей алмай, қыспаққа ұшыраған халық 1929 жылдың аяғы мен 1930 жылдың басында жаңа өкіметке ашық қарсы шығып, «Кеңес өкіметі жойылсын!», «Жерлер иелеріне қайтарылсын!», «Хандық жасасын!», «Мешіттерді қирату тоқтатылсын!» деген талаптар қойды. Бар қарулары қылыш пен найза, қамшы, аздаған аңшы мылтығы болған шаруалар от-қарумен жарақталған кеңес әскеріне төтеп бере алмай, қырғынға ұшырады. Бар тірлігі, күн көрісі малмен ғана байланысты болған қазақтың қырғанын қырып, аман қалғанын абақтыға жапты, жер аударды.
Тергеуші орган Ибраш қызмет еткен Луговой стансасы да бағынатын Түрксиб НКВД органына сұрау салды. Ибраш Жапақов күдікті элемент ретінде партиядан шығарылды. Лубянка түрмесінің нанын жеп, суын ішіп, екі ай тергеуде жатты. Әкесі ұсталған соң есімін, тегін өзгерткенінің пайдасы осы жерде тиді. Жапақовтың ісіне қатысты салынған сұрауға оның байдың тұқымы екендігін дәлелдейтін айғақты материалдар жоқ деген жауап келді. Сөйтіп Мәскеу қаласынан шықпауға қолхат беріп, босанып шықты. Бір өкініштісі, оқуы аяқсыз қалды. Жалғастыруға рұқсат етілмеді. Бұл да келешек өміріме сабақ боларлық жағдай екен деп ой түйді Ибраш.
1935 жылы Луговой стансасына келіп, бұрынғы қызметіне қабылдауын өтінген, өтініші қанағаттандырылмады. Қайтадан Алматыға барып, Ұзақбай Құлымбетовтің қабылдауында болып, басынан өткен жәйттердің бәрін баяндап берді. Ұзекең кабинетіне Қазақ автономиялық республикасының оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүргеновті шақырып алып, жас жігітке көмектесуді өтінді.
Темірбек оны Оқу-ағарту халық комиссариатына ертіп келді. Еңселі ғимарат бұрынғы губернатордың үйі екен. Екеуі ұзақ сөйлесті. Ибраш бұрын Көкілташ медресесінде, одан кейін орыс-қазақ мектебінде, Мәскеудегі әскери транспорт мектебінде оқығанын жеткізді. Әкем Абдолла мен ағасы (әкесінің інісі) Серғазы большевиктер партиясының елге салған ылаңына қарсы ұйымдастырылған Ырғыз өңіріндегі Тоқалар көтерілісіне қатысқаны үшін атылып кеткенін айтты. Азан шақырып қойған Ыбрахым деген өз аты мен інісі Абылайханның атын өзгертіп, өзін Ибраш, інісін Аблаш деп жаздырғанын баяндап берді. Ұзақбай ағасының теміржолшылар оқуына түсу үшін Мәскеуге жолдама бергенін, сыртынан ауылдастары халық жауының баласы деп шағым түсіріп, абақтыға түскенін, Абдолланы әкем емес, ағам деп амал жасағанының пайдасы тиіп, байдың баласы екенін ешкім дәлелдей алмай, Лубянкада екі ай жатып босап шыққанын айтты. Осының бәрін мұқият тыңдаған Темірбек Жүргенов оған Луговойға бара бер, Ұзақбай Желдірбайұлы қызметіңе қайта орналасу жағын реттейді, керек кезде өзім тауып аламын, өткен өмір деректерің жайында сыр ашпа деп қатаң тапсырды. Жол қаражатың болсын деп бір бума ақша ұсынды. Ибраш алғысы келмеген, алда сені талай сынақ күтіп тұр, қажетіңе жарат деп алмасына қоймады. Ұзақбай мен Темірбектей азаматтары бар елдің болашағы жарқын, келешегі кемел деген сеніммен аттанған Ибраш қайтадан Луговойға келіп, қызметіне кірісті.
1935 жыл. Ибраштың атына ҚАССР халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің қолы қойылған Ленинградтың теміржол академиясына жолдама келді. Қуанышы қойнына сыймаған Ибраш келесі ұлымның есімін Темірбек қоямын деп өз-өзіне серт берді.

Зобалаң

1937 жылдың ортасы. Ибраш Жапақов Аягөз станциясының бастығы. Отбасылы, екі баласы бар, келіншегі Гүлсімнің үшінші бөпесіне аяғы ауыр. Осыдан алты ай бұрын ғана Ресейдің құрамынан шыққан Қазақстан автономия статусын өзгертіп, Кеңес Одағының құрамындағы дербес Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атанған. Осы тарихи оқиға өткен жылдың мамыр айында ұйымдастырылған Мәскеудегі «Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде» Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің басшылығымен қазақ халқының әдебиеті, өнері мен мәдениеті КСРО кеңістігіндегі ешбір ұлттан кем еместігін Мәскеу жұртына дәлелдеп берген, өнерсүйер қауымға тұтас бір мереке, ерекше көңіл-күй сыйлаған күндер болған. Осы онкүндіктен кейін И.Сталин бастаған КСРО билігі қазақ ұлтына деген көзқарасын өзгертіп, Қазақстан басшыларынан Сәкен Сейфуллин мен Темірбек Жүргенов Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталып, Күлаш Байсейітова КСРО халық әртісі атанған. Жамбыл Жабаевқа да Еңбек Қызыл ту ордені тапсырылды. Бұл Қазақстан халқы қуанған, шаттанған, елдің аспанында ән мен жыр қалықтаған, серпіліс туғызған айлар болды. Темірбек Жүргеновтің даңқы аспандап, атын әнге, жырға қосып, халық төбесіне көтерді. Сол бір қайталанбас қуанышты күндері Манарбек Ержанов шырқаған «Паровоз» әні өмірге келді. Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы аяқталып, енді жандана бастаған өндіріс, құрылыс және түрлі шаруашылық жүктері осы магистральмен тасымалданып, күні-түні ағылған эшелондарды буы бұрқырап, дауысы жер жарған паровоздар жетегіне алған елдің қуаттана, шаттана бастаған кезі. Ел-жұрттың қайғысы сейілгендей, аштық пен жоқшылық енді қайтып елдің есігін қақпайтындай, қазақ еліне бақыт күлімдегендей жаймашуақ күндер басталды.
1937 жылдың қараша айы. Тағы да алаң көңіл… Елдің бетке ұстар азаматтары құрықталып жатыр. Халық жаппай үрейге бой алдырған. Аспан ашылмай-ақ қойды, үнемі қара бұлт торлайды да тұрады. Елдің еңсесі көтерілер емес. Қара машина мен қара киімділердің қай күні, қай түні, қай жағыңнан келіп қалары белгісіз. Бірін-бірі аңдыған жұрт. Әкесі ұлына сенбейтін заман туды. Газет беттерін парақтасаң: «Сатқын. Жапонның тыңшысы. Контра. Байдың тұқымы. Жауыз. Құрту керек! Ату керек!» – деген ұрандардан көз тұнады. Сол жылы қыркүйек айында «Социалды Қазақстан» газетінен Ұзақбай Құлымбетов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, тағы басқа үкімет басшыларының «халық жауы» деген айыппен тұтқындалғаны туралы ақпаратты оқыды. Тұла бойын суық қарығандай қалтырап, электр тогы ұрғандай тітіркенді. Жан түршігерлік сұмдық хабардан аспан қақ жарылғандай…
Көп ұзамай өзі де тергеушінің алдында отырды. Сол баяғы адамды мезі қылған сұрақтар қайталанып жатыр:
– Әкең Абдолла мен інісі Серғазының Қарақұм көтерілісіне қатысқанын неге жасырдың?
Олардың бай болғанын, кеңес өкіметіне жау екенін Лубянкадағы тергеуде неге айтпадың?
Ұзақбай Құлымбетовпен, Темірбек Жүргеновпен қандай туыстығың бар?
Олардың контрореволюциялық ұйым құрғанын, қазақ елін Ресейден бөліп алып билікті құлату жоспары болғанын біле тұра, неге айтпадың?.. Ың-Ың-Ың…
Құлақ шекеден сарт еткен соққыдан басы шыңылдап қоя берді: Зың-зың-зың.. Камерадан мылтықтың дүмімен соққылап алып келеді. Тепкілеп, соққыға жығып, өлекседей сүйретіп апарып тастайды. Есін жиды-ау деген кезде тағы сол… Қайта-қайта жауап алады. Қайта-қайта тергейді. Мойындату үшін қинау мен азаптаудың неше түрін қолданды. 1937 жылдың шілде айында антисоветтік элементтерді жою туралы комиссар Ежовтың аса құпия оперативтік бұйрығымен қатар Сталиннен «Аса қауіпті қылмыскерлерден жауап алған кезде азаптауға болады» деген астыртын нұсқау түскен, сол нұсқауды артығымен, асыра орындау керек.
Ибраш жонынан таспа тіліп, сауырына қызған темір басқанына да төзді. Қыңбады. Сынбады. Бәрінен де қиыны су татқызбай, шөлден қаталатқаны екен. Таңдай жібітер суға зар болғанда қандай жауап керек болса соны айтуға, тағылған айыптарды сөзсіз мойындауға әзір болады екенсің. Тұтқынды қорлаудың ең жабайы түрі – адамды тырдай жалаңаш қойып жауап алғаны. Кеудеңнен жаның шыққанда, мәйіт күйіңде ғана ашылатын абыройыңды тірі күніңде өзгенің көруі адамзат тарихында кездеспеген шығар. Түрмесі ме, ату жазасы ма… не болса да тезірек болса екен деп тіледі. Тергеушілер туған ауылына сұрау салып, әкесі Абдолла, оның інісі Серғазы бай болғанын, Қарақұм көтерілісіне қатысқанын айғақтайтын құжаттар алдыртты.
Ибраш жауабында Ұзақбай Құлымбетовті танымайтынын, Луговой стансасында Фрунзеден келетін астықты Алматыға аман-есен жеткізу тапсырылғанын, Ұзақбай Құлымбетовке сол тапсырманың орындалғаны жайлы есеп бергенін ғана айтты. Темірбек Жүргеновті сырттай ғана естуім бар деп, Ленинградтағы теміржол академиясына оның қолы қойылған жолдама келгенін растады. Ешқандай контрореволюциялық ұйым барын естіген емеспін, ондайдан мүлдем хабарсызбын деді.
Жапақов Ибрашты тергеу ісінің материалдарымен таныстырмай-ақ Алматы облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Үштігінің шешімімен 1937 жылы 10 желтоқсан күні сырттай соттап, он жылға еңбекпен түзеу лагеріне кесті.

Жол. Эшелон. Ойлар

Ибраш үшін мәжбүрлі сапардың бағыты да, нысаналы жері де беймәлім. Тұтқындар тиелген эшелонға мінгенге дейін әйелімен, балаларымен жолықтырмады. Оларға хат-хабар да жолдай алмады. Белді бекем буып түлкі заманда ел-жұртқа күлкі болмай Гүлсім балаларды бір қараға жеткізе алар ма екен?.. Үшінші баласын аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алғаннан кейін тамағы мен киімдеріне жетерлік нәпақа болатын жұмыс табу да оңай емес. «Социалды Қазақстан» газетіне жарияланған, «халық жауы» деп айып тағылып түрмеге қамалған 19 қайраткердің, оның ішінде өзі білетін, құрмет тұтатын Сәкен, Бейімбет, Ораз, Ұзақбай, Темірбектердің тағдыры не болар екен? Сол азаматтарсыз елдің тағдыры қалай өрбиді? Қазақтың бар қаймағының көзі жойылса елдің келешегі не болмақ? Көзі ғана емес, ойы да бұлдырайды. Бұлыңғыр тұман қашан сейіледі?.. Ойлар. Ойлар…
Қызыл өкімет билікке келгенге дейін малы көп, дәулетті болғаны үшін қазақ неге жазықты болады? Мал-мүлкін кәмпескелеп тартып алғанымен тұрмай неге жер аударады?
Әкесі, туысқаны бай болғаны үшін баласы, туысқандары неге қуғындалады?
Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардан большевиктер өкіметі қандай зиян көрді?
Ұзақбай, Сәкен, Темірбек, тағы басқа қайраткерлерді, қазақтың көшбасшыларын «контрореволюциялық элементке» теңегені несі? Адамды «элемент» дегені тұлғаның зат болғаны емес пе?
Ресей неге өз мемлекетімізді өзіміз еркіндік жолымен дамытуымызға мүмкіндік бермейді?
Қазақтың ғылым-білімді, өнерді меңгергенінен қоғамның алға жылжитынын, өркениетті елдер қатарына қосылатынын Кеңес билігі неге түсінбейді?
Осылардың барлығы большевиктер ұстанымына кереғар болса, онда Николай патшаны неге құлатқан?
Ұзақбай, Сәкен, Темірбектердің жетекшілігімен қазақ елі өзінің әдебиетімен, өнерімен Мәскеу жұртын таң қалдырғаны кеше ғана емес пе еді? Арада бір жыл өтпей жатып не болып қалды?..
Ойлар жалғаса берді. Жалғаса берді..

Коми АССРі. «Севжелдорлаг»
еңбекпен түзеу лагері

1938 жылдың қаңтар айында Ибраш Жапақов Коми автономиялық республикасында орналасқан лагерьге жеткізілді. Айнала аппақ қар. Сыңсыған орман. Мүлгіген тыныштық. Ұзын-ұзын брезент палаткалар. Ибрашты ағаштан соғылған үйлердің біріне кіргізді. Түн ортасына жақын жүдеп-жадаған, арып-ашқан адамдар келе бастады. Бұл олардың бүгінгі жұмыстан оралған беттері екен. Жұмыс режимін екі ауысыммен істейді екен деп ойлаған. Сөйтсе, таң азанмен кетіп 14-16 сағат жұмыс істеп қайтады екен. Ертең азанмен жұмысқа шығатынын ескертті. Жұмыс темір жол құрылысы. Атауы – «Севжелдорлаг» (Солтүстік теміржол еңбекпен түзеу лагері). Бұл ГУЛАГтың (Главное управление лагерей и мест заключения. Қазақ тілінде — Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы) бір нүктесі болып шықты. Таң атпай көпшілікпен бірдей тұрды. Қараңғыдан ешнәрсені бажайлап аңғару мүмкін емес. Қару асынған, жетектерінде абалаған иттері бар әскерлер жұмысқа алып барды. Жұмыс басында ертеңгілік, түсте және кешкісін қараңғы түскен соң жүрек жалғайтын ботқа сияқты бірдеңе, нан мен ысқылтым су таратты. Арнайы тамақтанатын, отыратын орын деген атымен жоқ. Жұмысқа бару мен жататын-түнейтін орныңа қайтып келудің арасы 16-17 сағат уақыт алады. Ұйқыға 5-6 сағат, кейде 4 сағат қана қалады. Бір палаткада 35-40 адам. Киімдеріне жазылған бес орынды санға қарағанда, он-жиырма мыңның үстінде сотталғандар бар сияқты. Котлас қаласынан Воркутаға дейін 1300 километрден астам теміржол төсеу керек. Ибрашқа темір жолдың өлшемдері, рельсі, шпалдары, бекіту шегелері (костыль), балласт тас төсеніші, жолайырықтардағы жылжымалы жабдықтар, шпалдардың ара қашықтығының өлшемі, бағдаршам қондырғыларының тұғырлары, бекітілетін бұрандалары — бәрі таныс. Сондықтан қосымша түсіндіруді қажет етпей, міндетті жұмысын атқара берді. Өз ісінің білгірі, орыс тілін жетік меңгерген, осы салада жинаған тәжірибесі танылып тұрған Ибраш көп ұзамай бригадир болып тағайындалды.
Салынатын теміржол батпақты жерлерді, өзендерді, мәңгі мұзды аймақтарды басып өтеді, қажет кезінде орман ағаштарын қырқып жол ашу керек. Коми республикасы Ресей Федерациясының европалық бөлігінің солтүстік-шығысында орналасқан, 416 мың шаршы километр аумақты алып жатқан аймақ. Халқының саны 400 мыңға жуық. Орыстар аз, негізінен комилықтар тұрады. Республикада көмір, мұнай, табиғи газ, алтын, алмаз және ағаш қоры мол. Осы табиғи байлықтарын халық шаруашылығына пайдалану, қажетті жеріне тасымалдау үшін Котлас – Воркута темір жолы нағыз қажеттілік екен. Теміржол құрылысын қысқа мерзімде бітіру үшін арзан жұмыс қолын – сотталғандарды пайдаланбақ. Құрылыс және ағаш кесу істеріне жергілікті тұрғындар да тартылған. Олар өте аз.
Ибраштың келген уақыты қыстың қақ ортасы. Қаңтар айында Воркута өзеніндегі мұздың қалыңдығы 160 сантиметрге дейін жетеді. Теміржол құрылысы екі жақтан қарама-қарсы бағытта жүргізілді.
«Севжелдорлагта» 27 мыңға дейін сотталғандар істейтінін және әлі де жұмыс қолы жетіспей жатқанын білген Ибраш кеңес үкіметінің адамдарды жалған айыппен соттауға не үшін құлшынатынын түсінгендей болды. Қапастағылар жерлестер, пікірлестер болып бейресми жолдастық топтарға бірігеді екен. Ибраш жоғары тәжірибелі дәрігер-хирург Пушкарь Анатолиймен, педагогтар Михаил Спиридоновпен, Дмитрий Петровпен, инженер Владимир Киселевпен ортақ тіл табысып, көзқарастары жарасып, жақын дос болып кетті. Бір-бірімен үйлерінен келген азық-түліктерін бөліседі. Оларға өзі туралы, елдегі азаматтардың не үшін айыпты болғанын, елде жасалған кәмпескені, барлық тірлігі, күнкөрісі малға байланысты қазақтардың мал-мүлкін қызыл үкімет тартып алып, онымен де шектелмей, бала-шағасымен бірге жер аударып, «халық жауы» деген айып тағып, соттап жібергенін, мешіттерді қиратып, діни кітаптарды өртегенін, тыныш өмір сүріп жатқан халықтың тоз-тозын шығарғанын, осыған қарсылық білдіріп Ырғыз жерінде шаруалар көтеріліске шыққанын айтып берді.
1941 жылы Германиямен арада соғыс басталғаны жайлы хабар естілді. Майданға, Отан қорғауға сұранғандардың алдыңғы легінде Ибраш та болды. Олар Отанына сатқындық жасамағанын, халық жауы еместігін дәлелдеуді мақсат еткен. Бірақ саяси көзқарасы үшін сотталғандардың өтінішін қабылдамай тастады.
1943 жылдың басы. Лагерь басшылығы Ұлы Отан соғысындағы жағдайлардан ақпарат беріп тұрды. Майдан даласында неміс-фашист басқыншылары жеңіліс тауып шегініп жатыр.
…Соғыста Отан үшін қырқысасың. Басқыншы дұшпаннан өшіңді аласың. Кегіңді қайтарасың. Отан үшін жан аямай соғысып, жаудың қорғанысын бұзасың. Бір биікті бағындырасың. Бір өзеннен өтіп арғы бетке бекінесің. Жеңісіңе, ерлігіңе кеудеңде мақтаныш сезімі орнығады. Келесі жеңіске ұмтыласың. Ал, лагерьде ше? Бірнеше жүз километр теміржол салып, бірнеше станция ғимаратын тұрғызды. Теміржол көпірлерін салды. Бейнеті майдандағылардан кем емес. Лагерьде алапат істер атқарып, олар да халық шаруашылығына, Кеңес әскерінің жеңісіне өз үлесін қосты. Бұлар салған теміржол арқылы жөнелтіліп жатқан көмір, алмаз, мұнай мен газ – бәрі-бәрі майданға қосқан қомақты үлес. Бірақ, соның барлығы адамды серпілтпейді. Шаршаудың рахатын, қалжыраудың ләззатын сезіне алмайды. Себебі, кіріптар! Олар – еңбекпен түзеу лагеріндегі саяси тұтқын. Аты-жөні де жоқ. Оларды нөмірлеп қойған. Адамша өмір сүруге хақы жоқ. Айдаумен ғана жүруі керек. Өйткені ата-әкесі, туысқаны бай болған, биліктің өктемдігіне қарсы шыққан. Еркін, азат болғысы келген. Бас көтеруге елін-жұртын шақырған. Халықты оятқан…
1928 жылғы кәмпескеден кейін әкесі Абдолла «Есектің құйрығына байланған тағдыр» деген тәмсіл айтқан.
Бұрынғы бір кездері, Жібек жолының Қызылқұмды жағалап өтетін бір тармағында құмдағы сексеуілдің ескіргендерін күйдіріп көмір етіп, соны түйемен өзбектің қалаларына апарып мата-мүлікке айырбастап күн көретін, әркімнің жүктерін бір бекеттен бір бекетке түйесімен тасымалдап ризығын айырып жүретін бір түйекештің ажалы айдалада құм ішінде келіпті. Жалған дүниенің таусылып бара жатқанын сезген ол өз өмірі туралы сырын айтар, ризаласар адам таппай, түйесіне тіл қатыпты:
– Түке, айналайын, мен сенімен жиырма бес жылдай жолдас болдым, екеуміз ұдайы бірге жүрдік, ыстықты да, суықты да, аштықты да, шөлді де бірге көрдік. Сенің маған серік болғандағы еңбегіңе, төзімділігіңе, адалдығыңа ризамын. Қаншама қиын болғанымен, қандай ауыртпалық болса да ешқашан менің айтқаныма қарсылық білдіріп, мінез көрсеткен жоқсың. Енді мәңгіге айрылысар сәтте саған ризалық беріп, еңбегіңе, адалдығыңа толық қанағаттанғанымды айтқым келеді. Риза болсаң, о дүниеге аттанғалы жатқанымда ризалығыңды бер. Сонымен бірге саған қояр бір сауалым бар: менен өткен кемшілік, көңіліңе тиген қандай жағдайлар болды, осыны айтшы, біліп кетейін, – депті.
Сонда түйе тілге келіп, былай деген екен:
– Айналайын ием менің, алдымен сізден қиянат көрмегенім, ыстық-суықты, аштық пен шөлді, ауыртпалықты бірге көтергеніміз үшін, тағдырымда белгіленген жолымда сіз секілді қайырымды, адал адамды кездестіргенім үшін сізге де, құдайыма да риза екенімді айтайын. Осыны айтып сізге ризалығымды беремін. Бірақ бір рет көңіліме тиген бір жағдай бар еді, рұқсат етсеңіз, соны айтайын…
– Айта ғой.
– Айтсам, осы бірге жүрген өмірімде сізден бір рет көңілім қалған оқиға бар еді…
– Ол қалай болып еді?
– Екеуміз әдеттегідей ұзақ жолдан Қызылқұмның етегінде бірге келе жаттық. Жолда есекке мінген, екі жағына екі көзені теңдеп артып алған, суға бара жатқан бір жас әйелге кездестік. Олармен қатарласып біраз жүрдік, сіз екеуіңіз әңгімелестіңіздер, біраздан соң екеуіңіз де түсіп, қол ұстасып жаяу жүрдіңіздер. Біраз жүргеннен соң тоқтап, есектің қазығын жерге қадап, менің бұйдамды есектің құйрығына байластырып, бізді қалдырып, екеуіңіз құм асып кеттіңіздер. Шәй қайнатым уақыт өтті, келмедіңіздер. Мен зерігіп, есекпен сөйлеспекке жақындап едім, ол артын беріп, мені теппекке ыңғайланды. Аулағырақ кетейін десем, жібім есекке байлаулы. Сонда: «Есектің құйрығына байланған тағдырым-ай», – деп өмірі біреуге тәуелді болмаған басым, тағдырыма бір рет налып едім. Сіздер біраз уақыттан кейін белден түсіп, қайта оралдыңыздар, содан кейін жолымыз екі айырылды, бірақ, түйе басыммен сол жолғы есектің құйрығына байланғаныма қорланғаным осы күнге дейін есімнен кетпей, көңілімнің бір бұрышында жатыр. Сіз сұраған соң есіме түсіп, айтып жатқаным ғой, – деген екен.
Өмірде ақылдының ақымаққа, жақсы әйелдің лайықсыз еркекке, мықты қызметкердің билікқұмар бишікеш біреулерге тәуелді болып, соның соңынан ілесіп, айтқанын орындауға мәжбүр болуды тағдыр жазып қоятын жағдайлар кездеседі. Ұлым, біреуді өзіңе бағындыруға құмарланба, өзіңді өзіңе бағындыр.
1945 жылы мамыр айында соғыс аяқталды. Кеңес Одағы жеңіп шықты.
Ендігі сөзді Ибраштың өзіне берейік.

Тағдырдың тағы бір тәлкегі

1946 жылдың аяғы. Теміржол түсетін бағыттағы орман ағаштарын қырқып жатқанбыз. Ағаш қырқудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Қырқылатын ағаштың сырт жағын аздап кесіп, содай кейін ғана толық қырқуға кіріседі. Ағаш өзіңе қарай құламауы керек. Қырқылған ағаштарды диаметрлеріне қарай сұрыптап, бұтақтардан арылтып, ұзындығын біркелкі етіп топтап жинайды да вагонға тиейді.
Бар ынтаммен қамсыз күйде қырқылған ағаштардың бұтақтарын кесіп вагонға тиеуге дайындап жатқанмын, – Байқа!, деген дауыстан жалт қарап, жасқанып шалқалай бергенімде үстіме ап-ауыр әрі жуан бөрене құлап түсті…
Екі күннен кейін есімді жиып, айтылған әңгімені еститіндей, аздап ұғатындай жағдайға келгенде білгенім мынау болды:
Вагонға тиеліп жатқан бума ағаштардың біреуі байламнан сырғып кетіп жуан, түбіртек жағымен екі жуан санымнан басып қалыпты. Екі саным ұстаның темір төсі мен зіл балғасының ортасында қалғандай жаншылған. Есімнен танып қалыппын. Лазаретке апарған.
Оқыстан болған ауыр жағдайда жатқанымда тағдырлас достарым екі аяғымды жуан саннан екі жерден кесіп оперция жасапты. Әбден есімді жиып, ақылым кіргеннен кейін жасалған операция жайында айтып берді:
– «Соққы үлкен қан тамырлары мен жүйке тамырларды, бұлшық ет пен жұмсақ тіндерді ауыр зақымдаған. (Синдром сдавления). Ауыр бөрене сүйектерді сындырып, майдалап жіберген, соның салдарынан сынған сүйектер теріден сыртқа шығып (открытый перелом), көп мөлшерде қан кеткен. Жарақаттың өте ауыр түріне кезіктің. Мұндайда ауырсыну сезімі өте қатты болады (болевой, травматияеский шок), қан қысымың төмендеп, есің кіресілі-шығасылы боп жаттың. Көп мөлшерде қан кетуден геморрагический шок алдың. Әдетте, ондайда жедел медициналық көмек көрсетпесе науқас бірден жан тапсырады. Бұған біздің далалық жағдайда ауырсынуды басатын дәрілер мен наркоздық препараттардың жоқтығы қосылып, қиындық одан сайын ауырлай түсті. Ес-түссіз жатқаныңда этил спиртін беріп, ауырсынуын бастық, жарақаттанған жерлеріңді спиртпен өңдедік. Жуан санның сынған жерлерінен сәл жоғары және төмен резина жіппен буып, қолда бар таңғыш заттарды пайдаланып қан кетуін тоқтаттық. Сөйтіп сені шоктан шығардық. Науқастың жанын ауыртпай операция жасауға медициналық ешбір құрал-сайман жоқ, керекті препараттар, жансыздандыратын наркоз, гипс, бандаж, новокаин, тіпті жеткілікті мөлшерде бинт те болмады. Операциядан кейінгі ауырсынуды басу үшін қолда барын – этил спиртін пайдаландық. Төрт адам (олар да лагер тұтқындары) екі аяғыңды тізеден жоғары 20 сантиметр кесіп алып (сынған сүйектерді алып тастап, сау сүйектерді қалдырып) тастауға шешім жасадық. Тіліңді тістеп, шайнап тастамауың үшін немесе жағың қарысып қалмасын деп аузыңа кергі салдық. Әлсін-әлсін аузыңа этил спиртін құйып отырдық. Қоларамен аяғыңды төрт жерден кесіп, саныңның сүйектерін бірін екіншісіне түйістіріп жалғадық. Екі аяқтан да 20 сантиметрден дәлме-дәл әрі түзу етіп тез арада кесіп алу қиынға түсті. Сүйектеріңді кесіп жатқанда әлденеше рет көзіңді ашып, қатты айғайладың. (Көзім бұлдырап, құлағым шуылдап, у-шу, даңғыр-дүңгір дауыстар естілетін сияқты болған). Осындайда аузыңа этил спиртін құйдық. Жаншылған өлі тіндерді кесіп, сынған сүйектерді алып тастадық. Сүйектер түйістірілгеннен кейін қан тамырларын жалғап, сан еттеріңді тіктік. Жүрегің тоқтап қала ма деп қауіптеніп едік, мықты екенсің. Қан қысымың мен дене қызуың тиісті шектен ауытқыған жоқ. Өліп кетпей операцияның аяғына дейін шыдадың. Жалғанған сүйектер орнынан қозғалып кетпес үшін ағаш бұтақтарын кесіп алып, қабығын аршып, тазалап, құрсау жасадық. Ағаш шыбықтардың сыртынан резеңке шнурмен бинтпен орағандай етіп шандып байлап тастадық. Осы жағдайыңда төсекке жатқызуға болмайтын еді. Ауырсынған кезде немесе оқыс шошып оянып аяқтарыңды қозғап қалып, жалғанған орындар бұзылып кетуі мүмкін. Еңбек зая болады деп жерге тікеңнен тік көмген жөн деп шештік. Операция үстінде бет-әлпетің бұзылып, ернің көгеріп кетті. Ақыл-есің түзулігін байқау үшін сұрақ қойдық. Сенен жауап болмағасын есіңнен танып жатқаныңды білдік. Аузыңа этил спиртін құйып, тоқтаусыз жұмыс істей бердік. Басқа амал да жоқ еді. Тірі қалғаныңа қатты қуандық. Уникальная операция болды. Хирургиялық тәжірбеде кездеспеген редчайщий случай! Әкең мен оның бауыры, жақын ағайындарың атылып кеткенін айтқансың. Сол жауынгердің ұрпағы болғаның үшін сені соттап осындай азапты жерге әкелді. Біз сенімен тағдырласпыз. Қайсар, жауынгер әкенің сендей ұлының өлуге еш хақысы жоқ!
Мұндай операциядан кейін де бірнеше асқынулар (жараның іріңдеуі, остемиелит – сүйектің қабынуы) болуы мүмкін. Ауырсыну сезімі бірнеше күннен айға созылады, асқынулар болса зардабы бірнеше жылға жалғасады. Сенің жарақаттан айығуға, төзімділік пен ерік-жігерің себеп болады деп ойлаймыз. Бұл – басты факторлардың бірі», – деп сөзін аяқтады.
Табанымнан қолтығыма дейінгі және табанымнан тамағыма дейінгі өлшеммен құдық қазып төрт азамат денемді орналастырған. Тірі адамның көрі деуге болатын құдықтың тереңдігін екі деңгейлі етіпті. Сүйектерімнің түйістірілген жеріне салмақ түспеуін және табандарым жерге тимей тұрса түйістірілген сүйектер ашылып, ажырап кетпеуін ескеріп инженерлік дәлдікпен орналастырған. Табанымнан қолтығыма дейінгі құдықты топырақпен нығыздаңқырап толтырыпты. Жер – топырақ сынған жерді ұстап тұратын гипстің, һәм стерильный бинттің қызметін атқарған. Осы процестер аяқталғанға дейін сандырақтап оларға түсініксіз ана тілімде бірдеңелерді айтып жатыппын. Адамдардың есімдерін айттың дегесін ұқсас сөздерден әкем – Абдолланы, анам Күмісай, әйелім – Гүлсімді, Серғазы ағамды қарындастарымды айтып сандырақтағанымды білдім. Екі тәуліктен кейін есімді жиғандай болдым. Шөліркеп қалыппын. Су ұрттатты. Үшінші тәулік өтті. Тағы да азғантай су берді. Сүйектің сырқырауы шыдатар емес. Қазақтың «сай-сүйегім сырқырайды» дейтіні осы шығар. Сай-сүйек дегені он екі мүшеңнен ауырмаған жер қалмағанын айтқаны болар. Тән азабы деген осы шығар. Қасымда ешбір жан жоқ. Бәрі жұмыс басында. Аурудың жаныма батқанынан емес, казармада ешкім жоғын пайдаланып, шерімді шығарып өкіріп жылағым келді. Жылауға қара жерден қаймығам. Әлім құрыған. Халім мүшкіл. Дауысым шықпайды. «Айналайын Қара жер, табаныма тіреу, сынған жеріме демеу, сүйеу болып қуат беріп тұрсың ғой!» – деп өзімді жұбатам, рухтанам.
Тамақ жоқ. Соғыс басталғалы тамақ нормасы қысқартылған. Оның өзі де болмаған күндер мен түндер өтіп жатты. Болғанымен оны ішуге менде әл де жоқ, тәбет те жоқ. Күндер, түндер, апталар өтіп жатыр. Аунап түскің келеді. Аунай алмайсың. Қақсаған аяғымды сипағым, уқалағым келеді. Сипай да, уқалай да алмаймын. Тән азабы қашан саябырсиды екен? Айлар өтіп жатыр. Тамақ жоқ. Тағдырлас достарым үсіген жеміс, не жидек әкеп береді. Өздерінің нормалы паектарынан, үйлерінен келген тамақтарынан да ауыстырып беріп тұрды. Көктем шыға батпақты жерде, тайыз шалшық суда мекендейтін майда шабақ, бақа-шаян әкеледі. Оларды да қолым көмуден босағанға дейін достарымның көмегімен жеп жүрдім. Тағдырлас достарым қаны жақын туыстарымнан да артық қызмет етті, жаны жақын екендігін танытып, кісілік көрсетті. Лагерьге алғашқы келген кезде ұзақ уақыт бір-бірімізге күдікпен қарап, сене алмай жүргенбіз. Арада жылдар өткізіп барып достасқанбыз. Сеніміміз алдамапты.
О, тағдыр! Көргенімнен көрмегенім көп екен ғой! Осы ма маған берген сыйың? Әкем Абдолла, інісі Серғазы атылып кетті. Молалары да жоқ. Көмген жері табылса… Құлпытас орнатса… Анам Күмісай, әйелім Гүлсім, балаларым не халде? Тоз-тоз боп кеткен шығар. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген осы шығар! Іште қалған баламның түр-дидары кімге ұқсады екен? Елге көптеген хат жаздым. Еш хабар жоқ. Қарындасым Жаншаның, әйелім Гүлсімнің жазған хаттары бір жерде жиналып жатқан болар. Гүлсім кішкентайымның алақанын қағазға түсіріп, хатпен жіберген шығар… Толып жатқан «шығар-шығар» деген топшылаудан құтылатын күн қашан туар екен?..
Ой… Ой мазалай береді. Тұрмағамбет шайыр: – Ой терең ойнар наһан теңізден де, Тың тұрған тіл сүзеген өгізден де деп еді. Тың тұрған тілім бар. Бірақ нысанасы кім болмақ? Ел орнында, мал жайлаудағы 15-20 жастағы қиялшыл кездердегі армандардың қанаты қырқылған, түтілген. Ұзақбай, Сәкен, Темірбектің тағдыры не болды екен? Айдауда шығар. Әлде атып жіберді ме?.. «Жігіттің сұлтаны айдауда, Жылқының тұлпары байлауда» деген мақал ақиқат екен ғой.
Бір айдан кейін қолдарымды көмуден босатты. Салыстырмалы түрде жеңілденіп қалдым. Енді бұйырған нәпақаны аузыма өз қолыммен салам. Бұған да шүкір дедім. Алла Тағала екі метрге жуық серейген бойымды артық көрді-ау, сірә. Енді жалпы жұртпен теңеліп қалыппын. Орта бойлы болдым. Тағдырластарыма қаншама бейнет бердім!..
Мәскеуде әскери транспорт мектебінде оқуда жүргенде Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романындағы Павел Корчагинді үлгі ететін. Павел Корчагин Отанға, большевик партиясына берілген патриот. Табанды қайраткер. Ал мен большевиктер партиясына қарсылық танытқан Жапақов Абдолланың ұлымын. Бірақ Павел Корчагин екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Айырмасы – Павел ауырса госпиталда емделеді. Санаторийға жолдама алады. Мен еңбекпен түзеу лагеріндемін. Емделуге хақым жоқ. Ол — Кеңес билігінің, оның адам тәрбиелеудегі идеологиясының, насихатының бетке ұстар тұлғасы. Мен – жағымсыз бейнемін, зиянды элементпін. Дегенмен, оның күрескерлігі, табандылығы мен үшін де керек сияқты. Бірақ кіммен және қалай күресем? Әкем Абдолланың төгілген қанының өтеуі үшін күрестің жолы жабық. Алдырмайтын, бұзылмайтын тас қамал. Өмір үшін дерсің. Алдымда өмір күтіп тұр ма өзі? Өмір деуге келе ме бұл? Ит тірлік күтіп тұрған шығар. Осындағы тағдырластарым: «Мойыма, ауырлыққа берілме, бүгілме. Бәрі қалыпты болса бір-екі жылда аяғыңа мінесің, балдақпен жүретін боласың» – дейді. Әзірге менің төсегім де, дәретханам да, үйім де осы бойымды жасырып тұрған жерқұдық. Жерқұдықта екенімді ұмытып, әсіресе ұйықтаған кезде тұрып кеткім, жүріп кеткім келеді. Қаншалықты ауыр, азапты, аш құрсақпын дегенмен, далада жұмыс атқарып, ауамен дем алып, жарық күннің шыққанын, батқанын көргеннің өзі бақыт екен ғой! Күні бойы бейнет кешіп, әбден діңкелеп, түнде түк сезбей ұйықтап қалатын күндерімді сағынатын болдым… Жер-анамыз мейірімді ғой. Жазылармын. Боркеміктерді жүндей түтетін, күйрететін тағдырдың тәлкегі деген осы деп түйдім.
Алты айдан аса уақыттан кейін құдықтан шығарды. Топырақ нығыздалып қалған, бірақ жеңіл қазылды. Ескек сияқты қалақшасы доғалданған арнайы жасалған ағаш күрекпен топырақты сыртқа шығарды. Бір адам құдыққа түсіп, екі адам қолтығымнан көтеріп жерге жатқызды. Аударып-төңкеріп жабысқан, сынық жалғанған тұстағы қанмен бірге ұйысып қалған қан-батпақтан денемді босатты. Түйістірілген сүйектердің жымдасуын тексеріп көрді. Аяқтарымның, белімнің топсалықтарын қозғап көріп еді, көп уақыт қозғалыссыз күйде болғандықтан бүгілмеді, сіресіп қалыпты.
– Іріңдеу, асқыну болмаған. Нәтижесі өзіміз ойлағаннан да жақсы. Уайымдама. Уақыт өте келе бәрі қалпына келеді, – деп тағдырлас достарым өз істеріне ризалық білдіріп, мені де қуаттандыруға тырысып жатыр.
– Достарым! Қызыл өкіметтің зобалаңы мені сендермен тағдырлас етті. Тұздас-дәмдес болдық. Көп уақыт бір-бірімізге сене алмай жақын достаса алмай жүрсек те кейін жақындасып кеттік. Сеніміміз алдамапты. Адал дос болдыңдар. Қазақта: – «Шын дос кеудеңнен жаның шыққанша» деген мақал бар. Кеудемдегі шыбындай жаным сендердің қолдарыңда тұрды. Ажалдан аман алып қалдыңдар. 1928 жылғы кәмпескеге дейін қазақ елінде мамыражай, бейбіт өмір болған. Ақ шаңқан киіз үйлер тігілген ас-тойларымызда ат шабыс – бәйге, палуандар күресі өткізіліп, жыраулар жырлайтын. Шайырлардың жырларын көп тыңдадым. Кейбірін жаттап өстім. Терме-толғаулардағы өсиеттерді өміріміздегі тәрбиенің өзегі еттік. Сыр шайыры Кете Жүсіптің жырында: — «Досыңнан артық болмас қатын-балаң» деген тіркес бар. Осы тіркесті орынсыз көріп, неге айтты екен дейтінмін. Сөйтсем, жаугершілікті басынан жиі кешірген қазақтың басына іс түседі, жат жерде кіріптарлыққа душар болады. Қатын-балаң елде қалды, қасыңдағы қарулас, үзеңгілес досың ғана қиын жағдайдағы басыңа түскен қатерге араша болады екен. Міне, соның дәлелі сендерсіңдер… Бәріміздің мақсатымыз, арманымыз елге аман-есен жету, бала-шағаларымызға, елге-жұртқа қауышу ғой. Соған жетейік! – деп алғысымды білдірдім.
Мерзімімнің аяқталуына әлі бес айдай уақыт бар. Осы жағдайыммен елге қалай жетем. Ал, жеттім дейін. Ол жақта масыл болғаннан басқа елге демей-ақ қояйын, отбасыма қандай пайдам тиеді. Кескен терек сияқты масыл жан кімге, не үшін керек?..
Алда не болса да көруім, төзуім керек. Сынбауым керек. Қыңбауым керек. Аяғыммен жүре алмасам да елге қайтуым керек. Осыған дейін кезіккен сан түрлі соққылар мені құрыштай шынықтырып келеді емес пе? Иә, мен шынықтым. Алдымда үміт сәулесі жылтырайды. Жетелейді. Қалай да елге аман-есен оралуым керек деп шештім.

Бостандық
1947 жылы 10-шы қарашада Ибраш Жапақов лагерьден босатылды. Жүре алмайды, 5-10 минуттай ғана отырады. Одан артыққа жоқ. Жолдастары ағаштан шана жасап берген, шанада шалқалап жатады. Лагерьден шығарда бойын өлшеген – 178 сантиметр болыпты. Сақалы кеудесін толық жауып жарты бойын алып тұр. Салмағы небәрі 28 килограмм. Түр-түсіне қарап Ибрашты қазақ екен деп ойламайсың.
Коми АССР-ындағы Айкино аудандық милиция бөлімінің мөрі басылған, жазасын өтеп шыққаны куәландырылған құжаты бар. «Қара таңба». Бұл сенің азаматтығыңды, рухани, әдеби, мәдени, саяси деңгейіңді жоққа шығаратын белгі деп түсінді Ибраш. «Қара таңба» маған мәңгі жабысқан шығар, енді соңымнан қалмас деп жаны түршікті.
Котлас қаласынан Мәскеуге жетті. Қазан вокзалы ығы-жығы, жүргіншілердің көпшілігі жүдеу. Қайыршы көп. Соғыстан кейінгі ауыртпалық халықтың мойнына мықтап мінген сияқты. Мойнында «Барар жері станция Казалинск» деген жазуы бар алақандай тақтайша. Пойыз жүргенге дейін әлі біраз уақыт бар. Темекі түтіні қолқаны атып, тұншықтырып барады. Темекі сұраған, тиын тіленген, бір үзім нан сұраған, жүрек жалғар бірдеңе берші деушілер мазаңды қашырады. Жолыңды ашып берем, күтпеген байлыққа, бақытқа жолығасың деушілерден де көзің сүрінеді. Анадай жерде бір орыс кемпір Ибраштан көзін алмай ұзақ қарап тұрды. Қай бауыры, қай жақыны есіне түсті екен… Осы жүргендердің әрқайсысы бір-бір тағдыр ғой. Большевиктерше бағамдасақ, бір-бір элемент шығар… Бір сыған келіншек Ибрашқа жақындап: – «Бойыңда уайым бар. Басың қатты ауырады екен. Бал ашып берейін, жеңілденіп қаласың», – деп қайта-қайта өтініп, келіспесіне қоймады. Алақанын қалай ашқанын өзі де білмей қалыпты. Сыған әйел: – «Ауыр қапастан шыққансың. Елден шыққаныңа ұзақ уақыт болыпты. Бірінші махаббатыңды іздеме. Оны таппайсың. Екінші жолыққан әйелмен бақытқа кенелесің. Көп балаң болады», – деді. Тосын, күтпеген болжам… Ибраш қалтасына қолын салып, тиын да қалмағанын, берері жоқ екенін ишарамен ұғындырды.
Котластан Мәскеуге, одан Қызылордаға баратын пойызға мінгенге дейін… Ғимараттарға кіру, табалдырықтардан өту… Иә, табалдырықтар… Бөксемен отыру. Құдай аясын.. Талай адам арқалап өткізді, арқалап мінгізді, арқалап демеп түсірді. Арқалап әкелді. Арқалап жеткізді. Қайырымды жандардың көмегімен пойызға да мінді. Вагонда жатын орын жоқ, тек қана отырып баруға арналған. Жайлы орын сұрайтын уақыт емес. Ілінгеніне, мінгеніне риза. Жолаушы көп, вагонның іші қапырық. Туалетке жақындау жерге орналасқанына риза. Бұған дейін көрген азаптарынан әлдеқайда жақсы, «комфортное место» деп қойды Ибраш. Ең бастысы – енді ол азат, еркін адам. Ендігі мақсат – елге аман-есен жету. Пойызға мінерде Қазалыға, қарындасы Жаншаға телеграмма салған. Күтетін шығар. Бес тәулік жүріп Қазалыға да жетті.

Туған жер. Елмен қауышу

Жиырма үш жастағы Жаншаның пойыздан ағасын күтіп жүргеніне үшінші күн. Тоқтаған пойыздың басынан аяғына дейін аралап, аяғы жерге тимей зыр жүгіріп іздеп жүр. Әр вагонның есігіне жақындап: «Ибраш Жапақов бар ма?» – деп дауыстайды. Осы жолы да бірнеше рет жүгіріп, бұл пойызда да жоқ екен деп үйіне қайтпақ болған, артқы жағынан: – «Жанша!» – деген дауыс естілді. Бұрылып қарап еді, ағасы көзіне түспеді.
– Мен ғой, Жанша! – деп Ибраш екінші рет дауыстағанда ғана сақалы кеудесін жапқан біреудің жерде жатқанын көрді. Жақындап, анықтап қарағанда ғана тулақтай болып жатқан ағасын әрең-әрең танығандай болды. «Не болып кеткенсің, ағажаным-ау!» – деген аянышты сөз ойына келсе де сыртқа шығармай іркіп қалды. Шанада отырған ағасын қалай аймаларын, сағынышын қалай басарын білмеді. Мені күт деген телеграмма алғаннан бергі жүрек жарылардай болған сағынышын білдіре алмады. Шүңірейген көзінің түкпіріндегі сәл-пәл ұшқын ғана ағасы осы екенін еміс-еміс елестетеді. Лагерьдегі өмірдің зіл батпан ауырлығы мен тұтқында көрген теперіштерден Ибраштың дауысы тарғылданып шығатын болған. Жүрегінің жылуынан туған бауырлық мейірімнен жылт еткен көзіндегі ұшқын ғана Жаншаға «келсеңші, кел!» деп тұрғандай. Туған жерге, елге жеткендегі толқыныстан Ибраш еріксіз егілді. Солқылдап жылады. Солығын басқасын: «Жер дүние аппақ екен ғой. Жер дүние жарық екен ғой! Қанатымды қайырып, туған жерден айырып еді. Құдіретіңнен айналайын туған жер!» – деп аппақ қардан уыстап алып маңдайына тигізді. Жанша да толқып кетті. Ат жегілген шанаға ағасын көтеріп жатқызды. «Ер арыса – тулақ» деген осы шығар деген оймен ауылға бет алды.
Ағасын келеді деп күткен үш күн бойы Жанша монша жағып дайындап жүрген. Пештің оттығына сексеуілдің жігерінен салып, үйге кіріп ағасына дәм ұсынды. Шай-суын беріп әлдендіріп алған соң жақын інісін шақырып, Ибраш екеуін моншаға кіргізді. Ибраш моншадан сақалын алып, қарындасы дайындаған киімін киіп, сыптай боп шықты. Әлсіз, қу сүйегі қалған Ибрашқа моншаның ыстығы мен азын-аулақ қимылдың өзі ауырлық еткені сезіліп тұр. Айнаға қарап еді, қырық жастағы жігіттің алпыстағы ағасындай сияқты бейнесінен Ибраш он жылдық азапты ғұмырдың ізін, тауқыметті жылдардың маңдайына сызған таңбасын көрді…
Қоңырқай тірлік кешкен елдің жағдайы мәз емес. Көпшілігі ерлері майданнан оралмаған әйелдер, кемпірлер. Еркек кіндіктінің дені шал-шауқан, ақсақ-тоқсақ кемтар жандар. Соғыста мерт болған, жоғалып кеткен белгісіз жауынгерлердің отбасылары жабырқау, қайғының сызы әлі басыла қоймаған. Әкелерін күткен жетім балалар мен аһ ұрғанда ауыздарынан жалын атқан жесірлер. Он жылдық айдаудан Ибраштың аман оралғанын естіген бірен-саран ағайын-жұрт, аздаған жамағайын Жаншаның үйіне біртіндеп келіп-кетіп жатты. Ибраштың ата-анасын, тегін білетіндер «тектіден қалған тұяқ қой, Ырғыз ауылдарының қайратты, намысқой азаматтарының басын біріктіріп, қалың қол боп сарбаздар көтерілісін – «Тоқалар қырғыны» аталып кеткен айтулы оқиғаның ұйымдастырушылары ағайынды Жапақовтардың тұқымы ғой, Ырғыздағы кеңестік биліктің астан-кестеңін шығарған Абдолла сардардың жалғыз тұяғы ғой» деп еске алысып жатты. Жалпы көпшілік самарқау, қабақтары қатыңқы, Ибраштың тоқтаған үйіне жақындауға ықыласты емес. Жапақтың ұлдары Абдолла мен Серғазының «халық жауы» деген жаман атын әлі ұмыта қоймаған.
Ас ішуге отырғанда Ибрашқа кішкентай нәрестені құлап қалмасын деп қоршағандай етіп бірнеше жастықпен демеп, бөксесімен отыратындай жағдай жасады. Шамалы уақыт отырып, шыдай алмаса шынтақтап жататын етті. Жаншаның үйінде екі ене, екі атасы бар. Олар Ибраштың үйлерінде болғанын онша жақтыра қоймады. Халық жауы боп сотталған жанды паналатқаны үшін жазықты болармыз деп үрейленетін тәрізді. Осыншалық ғаріп болған туған ағасын паналатпай, оны қаңғытып қайда жіберем, осында болады деп бекінді Жанша. Апталар артта қалған сайын Ибраш біртіндеп әл жинай бастады. Ішіп-жем жетіспейтін, ел әлі тойына қоймаған уақыт болғанымен «елде болса ерніңе тиеді» дегендей, малды үйлерден ауыстырып айран, кейде шұбат, азын-аулақ құрттың дәмін татып жүргесін хал-ахуалы кәдімгідей жақсара бастады. Үш айда аяғынан тұрып, балдақтың көмегімен жүретін болғанына елден бұрын Жанша қуанды. Кездескен жандардың барлығына сұраса да, сұрамаса да жүзі жайраңдап айтумен болды.
Ибраш әйелі Гүлсімді іздегісі келетінін білдірді. Ұзынқұлақтан жеткен хабар бойынша, Гүлсімді халық жауының әйелі деп жұмыстан шығарып жіберген. Мекемелерге барса халық жауының әйелін жұмысқа алғанымыз үшін қуғынға түсеміз деп жолатпаған. Жығылған үстіне жұдырық боп Отан соғысы басталғасын жағдай одан бетер қиындай түскен. Жұмыссыз қалғасын балаларын асырау мүмкін болмаған. Аш-жалаңаш балалар ауруға шалдығып, ақыры өліп тынған да байынан, балаларынан айрылған Гүлсімнің өзі құсаға шалдығып, Отар стансасы жақта қайғыдан қасірет шегіп бақилыққа аттанып кете барыпты.
Ибраш өткен өмірін көз алдынан өткізіп терең ойға шомды… Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесін» тәржімалаған Ізтілеуов Тұрмағамбет Алматыға келгенде Ұзақбай Құлымбетовтің үйінде қонақта болған. Ұзекең елдің жағдайын сұрағанда Тұрмағамбет шайыр: – Ел дейтіндей ел қалды ма?
Елімнің көлі кетіп, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де, төбеті қалды.
Адамның алымы кетті де, залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегенде кесек қалды.
Ерлі-зайыптылар екі айрылып,
Құр қаңырап төсек қалды… – деп жауап бергенін есіне түсірді.
Ет жақын ағайындары Ибрашқа: – «Аяғыңа міндің. Елде он екі мүшесі бүтін жан сирек. Балдақпен жүру мін емес. Бірер айдан кейін балдақпен де қоштасарсың. Алла соны нәсіп еткей. Дене мүшесінің кемістігі кемтарлыққа жатпайды. Үйленудің, үй болудың қамын ойла. Осы ауылда немере туысқаның Шобанұлы Шәмшаттың жиырма үш жасар келіншегі Сәбина төрт баласымен жесір отыр. Күйеуі Шәмшат соғыстан кемтар боп оралып, көп ұзамай қайтыс болды. Қолында нағашы апасы, зағип болып қалған Жақсым отыр. Оңды адам. Орнықты ой айтады. Кесімді, келісті пікірдің адамы. Сәбинаға үйленсең әмеңгерліктің жолын ұстанған болар едің. Балаларына әке орнына әке боласың. Бір шалдың баласысыңдар, ет жақының. Балалар да жетімсіремейді. Бас қосқаннан кейін перзентті болып жатсаңдар оны Алланың мейірімі деп қабылдарсыңдар», – деген. Ибраш ойланып қалды. Дегенмен, Сәбинаны көруге асықпады. Бірнеше күн әртүрлі ойдың жетегінде болды. Жиырма үш жастағы уыздай келіншек мендей мүгедекті менсіне қояр деймісің деп күмәнданды… Мәскеудің Қазан вокзалындағы балгер сығанның жорамалы есіне түсті.
Ибраш ата-тегін, өз руы Тоқаны ғана емес, күллі Шөмекей тайпасының шежіресін жақсы біледі. Жайсаңбай мен Айымбет ағайынды болса, олардың балалары Жапақ пен Шобан. Жапақтан Абдолла мен Серғазы туса, Шобаннан Нәби, Сахи, Шәмшат туады. Шәмшат немере туысқаным. Балаларына қамқорлық жасай алсам Сәбинамен жарасып кетуім қиын болмас деп түйді. Бірақ уақыттан кейін балдақпен қоштасты. Таяқпен жүруге жаттықты. Бір аяғы қисықтау, шор боп біткендіктен ақсап жүреді. Содан бір күні Жақсым апаға сәлем беріп бармақ болды.
Ибраш үйге кірерде жөткірініп дыбыс берген, үйде Жақсым апасы, оның жиен немере қызы Сәбина және балалар бар екен.
– Апа, сәлем бердік. Бақуат бармысыз? – деп қос қолдап амандасты. Апасы Ибраштың қолынан сүйіп мейірім танытты. – Апа, Шәмшат інім майданнан оралып, өздеріңізбен дидарласып, бақұлдасып бақиға аттаныпты. Алла панасына алғай. Өздеріңіз ақ жуып арулап жер қойнына тапсырыпсыздар. Кешегі соғыста мыңдаған азамат мерт болды ғой. Із-түссіз жоғалып кеткендер қаншама. Қайғы көрмеген, қасірет шекпеген отбасы жоқ десе де болғандай. 1937-1938 жылдары Ұзақбай, Темірбек сынды қайраткерлеріміз халық жауы деген жаламен атылып кетті. Өзіміздің Ырғыз топырағында мал-мүлкінен айрылып дымсыз қалғандар, құдайсыздардың құтырғанына наразылық танытқандар оққа ұшып қырылып қалды емес пе? Белгілі молалары да жоқ. Бүкіл қазақ еліне келген нәубет қой. Апа, өлімнің жеңілі жоқ десек те осылармен салыстырғанда Шәмшатпен дидарласып қалдыңыз ғой. Күтіп-баптап, аузына су тамызып, көңіліне демеу болдыңыз. Бақұлдасып қанның өзі көңілге жұбаныш қой. Шәмшат бауырымның жатқан жері белгілі, зиярат ететін орны бар. Адам жұбанбайтын нәрсеге жұбанып, алданбайтын нәрсеге алданады. Апа, қайғыңызды сейілтуге келдім. Шәмшаттың артында қалған балалары бар. «Орнында бар оңалар» деген сөз бар, сан жылдық тәжірибеден туған нақыл ғой. Есесін Алла жеткергей.
– Ибрашжан, айналайын, көңіліңе рақмет, – деп сөз бастады апасы. – Сен де айдауда болып қайттың. Өлмегенің болмаса сенің көргеніңді, тартқан зардабыңды адам баласына бермегей. Көрген бейнетіңнің рахаты да болар. Бірақ абайлап сөйлегенің жөн. Жаңағы айтқандарың Кеңеске беріле қызмет етіп жүрген белсенді кәмөнестердің құлағына жетсе аяушылық жасамайды. Маған айтқан көңіл-қосыңды қабыл алдым. Сен де қаралысың. Қайғылысың. Әкеңнен, ағаңнан, анаңнан, Құдай қосқан қосағыңнан, балаларыңнан айрылдың. Артының қайырын бергей. Өзіңе Алла қуат берсін. Әкең Абдолла мен інісі Серғазы елдің айбаты болған. Жергілікті үкіметті жеңгенімен кіндік үкіметті жеңу мүмкін еместігін бағамдай алмады ғой.
Ибраш әңгіме үстінде Сәбинаның кірген-шыққанына, отырған-тұрғанына, дайындаған дастарханына, үйдің ішіндегі жинақылыққа зер сала қарап отырды. Апасымен екеуара әңгімеге араласқан жоқ. Сәбина дайындаған дастарханнан дәм татып болғасын Ибраш марқұмдардың рухына қырағаттап құран оқыды. Бет сипасты. Үйдегілердің ризалығын алып қоштасып сыртқа шықты. Сәбинаның бет әлпетінен, қимыл-әрекетінен әйелге тән әдемілікті, биязылықты сезді. Бір сыдырғы көркі де бар, бірақ адам мен адамды көңіл жақын ететін мінезі ғой. Мінезі қандай екен?..
Ибраш үйден шыққасын Жақсым апасы сөз бастады. Екеуінің арасындағы әңгіме шамамен былай өрбіді.
– Сәбина, сен мұқият тыңда. Мына азамат бізге көңіл айта келді. Онысына рақмет. Ауылдың үлкендері осы Ибрашқа сенің төрт баламен жесір отырғаныңды жеткізген және сенімен бас қосуға талаптан депті. Көптің ұйғарымы осы. Шәмшат марқұмның Ибрашқа немере туысқан екенін өзің де біліп отырсың. Төрт бірдей перзент жетімсіремесін десең осы Ибраштың етегінен ұста. Қырық жас ер адамға кәрілік етпейді. Шәмшатпен тектес, қаны жақын азамат. Жаны жақын болуы түсінісуден.
– Апа, бұл азамат менен он алты жас үлкен. Өзі ақсақ, жарымжан. Таяқ ұстаған шалға қалай барам? Балаларымды шұлық, қолғап, бөкебай, кеудеше, күрте тоқып, қолымнан келетін өнеріммен-ақ асыраймын. Ешкімге жалынбаймын. Ешкімге кіріптар болмайды. Азамат етем. Жеткізем. Шәмшатты ұмыт деуге қалай дәтіңіз барды? Ұмыта алмаймын оны. Отбасымда балаларға, бар шаруаға бас-көз боп отырған өзіңіз барсыз. Енді байға тиіп рахат іздемей-ақ қойғаным жөн шығар, апа.
– Әлі де ойлан. Шәмшаттың қайтып келмейтініне өзіңді сендір. Ол бізге жоқ енді. Бір көргендегі көзқарастан кейінгі піспеген пікірің ғой. Адамның бойынан жақсылық іздеу керек. Тұтқындағы тартып жүрген азабы аздай, екі аяғын жуан бөрене басып қалып, санының сүйектерін мылжалап кетіпті. Екі аяқты жуан саннан төрт жерінен кәдімгі қол арамен кескен дейді. Кескен деп оп-оңай айта саламыз. Тырнағыңа тікен кіріп, инемен шұқып алғанда қалай қиналасың! Адам нанғысыз азапты сезінбек түгіл қарап, көріп тұруға ешбір жанның дәті шыдамас. Соны басынан өткерген, әлденеше рет өліп тірілген. Шыдаған. Шыдатқан – қанындағы қайсарлық. Ибраштың сүйегінде арғы бабалардан қонған кие бар. Өліп кететін жерінен Ибрашты сол кие сақтап қалған. Оның үстіне, жасында Көкілтан медіресесінде діни оқу оқыған. Кие мен қасиетке кір жуытпай, лас жерге жуымай, өзін таза сақтап жүрген азамат. Ол жарымжан емес. Бүтін жан. Оның тәні ғана жартыкеш. Ол кемістік те уақытша. Сен осыны ұғын. Саған бір тәмсіл айтайын. Бір адам отын жарып жүрген балтасын жоғалтып алады. Үйінен шығып бара жатқан көршісін көріп, «балтамды осы ғой алған. Жүрісін қарашы, аяқ басқанын білдірмей бара жатқанын, көзі де ұрының көзі сияқты деп тоқтайды. Бірнеше күннен кейін балтасын отынның астынан тауып алады. Кіріп-шығып жүрген көршісіне қараса ұрыға ұқсамайды екен. Көзі де күлімсіреп, адамға мейірлене қарайтын болып шықты. Жүрісінен де қисықтық таппайды.
– Міне, біреуді жақсы, не жек көруің көзқарасыңа байланысты. Азаматты қорсынба. «Бас басыңа бай қайда, шал да болса тиіп ал» деген ащы нақылды соғыстан кейінгі ахуал туғызған. Шәмшат сенен алты жас үлкен болды. Ибрашпен араларың он алты жас, ештеңе етпейді. Уыздай жас келіншектің көркіне, келісті келбетіне қызығушы көп болады. Олардың көбісінің ойы сені кемді-күн пайдалану ғана. Олар сенің тағдырыңмен ойнаушылар. Бір ағат қадамыңмен тағдырың сынуы мүмкін. Менің айтқанымды дұрыс түсін. Төрт жетімектің келешегін ойла. Көздерін көрінгенге жәутеңдетпе. Дұрыстап ойлан…
– Апажан, – деп бастады сөзін Сәбина. — Бәрін түсінем. Бірақ сізбен келісе алмаймын. Келісу үшін ұнатуым керек қой. Мүгедек болса да аяғынан нық тұрған болса екен. Қалт-құлт етіп тұрған қу сүйек. Көзінен жанар кеткен, шүңірейген, жақ сүйегі шодырайып, бет терісі ырым-жырым еркекпен қалай табысам, апа!
Дауысы қатқылдау шықты. Сөзінің аяғын айта алмай, өксік қысып, төсегіне барып жатып қалды. Қыз күнінде «нашар бала» дегенді көп еститін, есейіп әйел болса «нәзік жанды» аталады. Алланың қорғаусыз, қорғансыз жаны екен ғой әйел деген… Солқылдап жылап алды. Көптеген ойлар келіп, өткен өмірі жұмулы көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Ұйықтап кетіпті. Төрт баласы анасына не болғанын түсінбей үрпиісіп, әжесінің қасында біраз отырған соң олар да ұйықтап қалды.
Ибраш та өзінше көп ойланды. Сәбинамен бас қосу туралы әңгіме оның да құлағына жеткен шығар, ел ішінде әңгіме жатпайды ғой. Сәбинаның көзқарасы оңды емес-ау деп топшылады. Түрме азабына қоса оқыстан болған жан төзгісіз операция мен одан кейінгі ақіреттің азабындай болған бірнеше ай, таусылмайтындай көрінген күндер мен шошып оянған түндер дидарымда жазулы тұр-ау. Содан шығар, Сәбина аянышты көзбен қарағандай болды. Жақтырмаса, жатырқаса ешкім мәжбүрлей алмайды, әрине…
Ибраштың елге келгеніне алты ай өтті. Денсаулығы қалыпқа келе бастады. Тек әлі де таяқпен қоштаса алмай жүр. Сынықтың жалғанған орындары бұлтты күндері кәдімгідей сырқырап ауырады. Қарындасының үйінде қала беру де орынсыз. Бірақ қол жұмысқа жарамайтыны белгілі. Жақын, мүмкін алысырақ ауылдардан кеңседе істейтін жұмыс қарастыруға бел байлады. Оқу бітіргенін, соның ішінде ең қажеттісі – теміржолшы екенін айғақтайтын құжаттардың ешбірі қолында жоқ. Тергеген орындар алып қойған. Оларды сұратып алдырту көп уақыт алады.
Ибраш мерзімін өтеп жүрген жылдары Інісі Аблаш (Абылай) Қызылорда педагогиқалық институтын тәмамдаған. Дипломы бар. Ибраш орыс тіліне жетік. Әдебиетті де бір адамдай біледі. Техникалық оқу оқығандықтан математика, физика пәндерінен де дәріс бере алады. Педагогикалық институттың сырттай оқитын бөліміне түсуге 58-2 статьямен сотталған деп белгі соғылған қара таңба кедергі келтіреді және мектепке қызметке алмайтыны белгілі. Тығырықтан шығу керек. Жолын тапты. Аблаш деген есімді Ибраш деп түзетіп інісінің дипломымен аудандық оқу бөліміне барды. Паспортын көрсетпегенді дұрыс деп тапты. Бөлім басшысы ағайын, рулас болатын, жанашырлық танытып Ибрашты мектепке мұғалімдік қызметке алғызды. Соғыстан кейінгі уақыт. Қай сала болса да кадр тапшы. Мұғалім жетіспегендіктен 8, 9, 10 кластық білімі барлар төменгі класс оқушыларына сабақ беріп жүрген. Кейде 1-ші, 2-ші, 3-ші және 4-ші, 5-інші, 6-шы класс оқушыларына бір бөлмеде сабақ өткізе беретін жағдайлар да болады.
Кезегімен, рет-ретімен айлар өтіп жатты. Сәбинаның отбасы аяқ астынан ауыр қайғыға ұшырады. Екі қызы тамақтан уланып өлім құшты. Жақсым апа жиен қызына:
– Азаматты қорсынба, басын кемітпе деп ескертіп едім. Тепсініп, көнбей қойдың. Ибраш текті атаның баласы, әруақ қонған жазықсыз ұл ғой. Сол жолы жылағаның орынсыз болды. Көздің жасы ауыр болады. Екі қызыңнан бірдей айырылып отырғаның аруақтардың шамына тигеніңнен емес пе деп қауіптеніп жүрмін, – деп тебіренді. – Райыңнан қайт, қызым. Өзім де Ибрашты шақыртқалы жүр едім, екі қыздың шетінегенін есітіп өзі үйге келмек көрінеді. Есіңде болсын, ер адам келбеті, түр-тұлғасы жағынан әйелінен бір пәс төмен болғаны дұрыс. Тең болса еркек теңдік бермей кетеді дейтін бұрынғылар, – деді.
Сәбина бұрынғыдай емес, жуасып қалған сияқты. Ибрашпен отау құруға келіскендей сыңай білдірді.
Ибраш көп ұзамай Жақсым апасына келіп көңіл айтты.
– Шәмшат бауырымның артында қалған тұяқтары шетінеп кетіпті, апа. Періштелер ғой, ана дүниеде шапағатшыларыңыз болғай. Қалған балаларға Алла-Тағала ғұмыр берсін. Шүкіршілік етейік, апа.
Жақсым апа сөз бастады.
– Ибраш қалқам, келген қадамыңды сауаптан жазғай. Әкең Абдолла қызыл үкіметке қарсы көтеріліске мал ашуына бола шыққан жоқ. Ел-жұрттың басына зобалаң туғызған, лаң салған зорлықшыл өкіметтің қиянатына қаһарланып қарсы тұрғандардың алдыңғы легінде болды. Өлімнен қорықпады. Тұлғалы, көзі отты, батыр пішіндес азамат еді. Қаһарман ұлдың перзенті болғаның үшін сені он жылға сібірге айдады. Мүмкіндігінше абайлап жүр. Өзіңді сақта. Абдолладан қалған тұяқтардың аман болғаны жақсы. Елге керексіңдер.
Ибраш үйден шығарда Сәбинаға:
– Екі қызың екі қанатың еді, қанатыңнан қайырылыпсың. Дегенмен құралақан емессің. Барына шүкір дегін. Алладан медет сұрайық, – деп көңіл айтты да шығар алдында аяқ киімін кигелі жатып сөзін жалғастырды.
– Тағы бір соғармын. Есіңді жина, өз-өзіңді қолға алып, бекем болуға тырыс. Қайғың шамалы сейілсін. Содан кейін апаның қатысуынсыз екеуіміз оңаша сөйлесерміз, – деп жылы қоштасты.
Осы жолығысудан кейін Сәбина бұл азамат ойы анық, қисынды, адамды иландыра сөйлейтін білікті кісі екен деп түйді. Қызметке орналасқасын көңіл-күйі көтеріліп, жүзі нұрланып, бет ажары дұрысталып қалыпты. Жас емес пе, ер адамға деген ықыласы ояна бастаған сияқты. Араға күндер салып Ибраш Сәбинамен ой бөлісті.
– Менің де, сенің де бастан кешкен қайғы-қасіретіміз, көрген ауыртпалығымыз бүкіл елдің басына түскен ортақ тауқымет қой. Бір-біріміздің өткенімізде ешқандай құпия жоқ. Болашағыңа сабақ боларлық өмірлік тәжірибең бар. Біреудің ақылына мұқтаж емессің. 1937-1938 жылдардағы нәубет, одан кейінгі төрт жылдық соғыс елді есеңгіретіп жіберді ғой. Азаматтардың қатары сиреді. Кей ауылдарда ел иесіз қалған сияқты. Оқу-білімі жоқтығынан ақыл-парасаты кем шолақ белсенділерден қазақ әлі де біраз қиындық көретін болар. Бақшадағы арамшөп сияқты ондайлар өміршең болады. Қазақ елінің ірі қайраткерлері түгелге жуық халық жауы деген айыппен атылып кеткенін елге келгесін білдім. Елдің іші үрейлі екен. Өткен өтті. Кеткен кетті. Басымдағы көрген бейнеттерімді айтып сені шаршатқым келмейді. Менің өмірлік тәжірибем отбасымды ұстап тұруға, өзіңе, екі қызыңа қорған болуға жетеді. Бас қосып жатсақ сенің қыздарың деген сөз болмайды. Олар менің қыздарым. Саған қояр шартым жоқ. Міндет артпаймын. Бәрін өзің білесің. Адамды бір ауыз сөзден түсінетін зейінің мен сезімталдығыңды, үй ішіндегі, жүріс-тұрысыңдағы жинақылықты, тиянақтылықты, әдемілікке жаның құмарлығын аңғардым.
Сәбина күлімсірей қарап басын изеді. Екеуі қол алысты.
1949 жылы қырық бір жастағы Жапақов Ибраш 25 жастағы Науанқызы Сәбинаны екі қызымен алды. Заңды некеге тұрды. Жақсым апасы екеуіне аналық батасын берді. Отбасылық қуанышты, жайдарлы апталар мен айлар өтіп жатты.
Сергелдең

Ибрашты мектепке мұғалімдікке қабылдатқан туысқаны басқа қызметке ауысып кетіп, Ибраштың жалған дипломмен жұмыс істеп жүргені мәлім болды да қызметтен босап қалды. Амалсыздан басқа ауылға барып, дипломды қажет етпейтін мал шаруашылығына жұмысқа орналасты. 1950 жылы Сәбина дүниеге қыз әкеліп, есімін Гүлбану деп қойды. Көп жылдан бері қайталана берген қайғының орнын баса келген қуаныш деп шілдехана жасады. Ұзамай Мәликесі өкпе дертінен қайтыс болды. 1953 жылы ұлды болды. Ибраш берген сертінде тұрып есімін Темірбек деп атады. 1955 жылы Асылбек есімді ұл дүниеге келді. Екі қыз, екі ұл-төрт балалы болды. Тұрмыстары да түзеле бастаған, тек Ибраштың өзі секем алған шолақ белсенділер « шыққантегін жасырған, әкесі Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске қатысқан бай-шонжар» деп түртпектеуін қоймаған соң қызметін, тұрғылықты жерін ауыстырып отыруға мәжбүр болды. Арал, Қазалы аудандарының бірнеше ауылында қызмет етті. Оңашада «жамбасым жерге тигенше түртпектеуден, азапты күндер мен түндерден құтылмайтын шығармын. Өмірден алған еншім осы болғаны ма? Бір мезгіл балаларымды ойнатып отыратын мүмкіндік қашан туады, әйелімнің арқа сүйері болам, балаларына қамқор әке болам дегенім қайда? Отбасылық өмірдің рахаты қашан болар екен?» деп күйзелетін. Сәбинаға да балаларын шұбыртып көшіп-қонып жүру ауырлық етті. Басқа амалы жоқ. Қорланды. Көндікті. Шыдады. Алда бір кеңшілік болар деп үміттенді.
Ибраш тағы да тергеуге шақырылды. 1956 жыл. Халық жауы деген 58-2 статьясымен сотталғандар – сенімсіз элементтер НКВД ның белгілеген жерінде тұруылары міндет деп Ибрашты Қарағанды облысы, Приозерск қаласына жер аударды. Тас шапқызды. Еркіндігі шектелді. Әлсін-әлсін тергеу, шақыру, жеку, зеку жалғаса берді. Сәбина төрт баламен үйде қалды. НКВД-ның қызыл жағалы өкілі үнемі аңдып жүреді. Апта сайын бақылап, айналасындағылардан кіммен қандай қарым-қатынаста болды, кіммен сөйлесті, не әңгіме айтты деп сұрастырып, мәлімет алып тұрады. Компромат жинайды.
Сөйтіп 1958 жылға дейін халық жауы деген қара дақтан, НКВД ның бақылауынан құтыла алмады. Бірақ отбасымен бірге тұруға рұқсат етілді. 1958 жылдың басында Ибраш түс көрді. Түсінде жасы отыздар шамасындағы, көркіне сәнді етіп қидырған шашы жарасып қалған өзге ұлттың қызы: – Сен бүгін жұмысыңа барма. Кеңсеге бар, – деді. Қуанышты хабар жеткізгендей жылы ұшырайды. Түрі анық көрініп тұрса да Ибраш қызды жыға танымады.
– Сен кімсің?
– Мен Светланамын, – деді де лезде ғайып болды. Бұл қайдан жүр? Үйге қалай кірген? – деп ойланып жатып ұйқысынан оянып кетті.
Түсінде көргені халықтар көсемі атанған И.Сталиннің қызы Светлана Аллилуева екені кейіннен есіне түсті. Газет беттерінен, кітап парақтарынан «Сталин өзінің сүйікті қызы Светланамен» деген суреттерді талай көрген. Светлана. Иә, дәл өзі. Светлана! Көрген түсінен де ізгілік іздеп жүрер қазақтың бірі емес пе, жуынып-шайынып, ас-суын ішкен соң кеңсеге, бастықтың жұмыс кабинетіне барды. Бастық үстелдің үстінде жатқан бірер парақ қағазды қолына алып:
– Жапақов Ибраш! Алматы облыстық сотының шешімімен сен 1956 жылы ақталғансың. Ақталу қағазы осы кабинетте, маған дейінгі бастықтың суырмасында жатып қалыпты. Осыны негізге алып облыстық сотқа арызданып, қажетті құжаттарды алуыңа болады. Аман бол! – деп қоштасты. Ибраш жаңа бастыққа рақметін жаудырып, ақталу құжатын алып шығып кетті.
Бұрынғы бастық қанын ішіне тартқан, жүзі салқын, берген сәлеміңді ықылассыз қабылдайтын, мұздаған тезек сияқты ызғарлы біреу болатын. Адамның тағдырына қатысты құжатты осыншама уақыт бойы не үшін құпия ұстады екен? Ұзында өші, қысқада кегі жоқ сияқты еді, оған ешбір зияны тиген емес, талабын орындамаған кезі болмаған… Сонау лагерьде жүргенде тілі бөлек, түрі бөлек өзге ұлттың өкілдерімен де тіл табысып сыйласқан. Сол достары жанын салып, мүмкін еместі мүмкін етіп, ажалдан арашалап қалды. Өздері ашқұрсақ жүріп ас-суларын бөлісті. Үйлерінен келген азғантай дәмін ауыздарынан жырып, бұған да беріп отырды. Азапты ғұмыр – қапаста жүріп, бастарын қатерге тігіп лагерь басшыларынан жасырып емдеп шығарды. Қызғаныштан ада, жаны ізгілікке толы тұлғалар еді. Ал мынау бұрынғы бастық қандай элемент өзі? «Севжелдорлагқа» этаппен айдалып бара жатқанда Ұзақбай Құлымбетов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов секілді қайраткерлерді НКВД тергеушілері «контра, зиянды элемент» – деп тепсінгені несі деп ашынып еді. Сол элементтің нағыз өзі осы емес пе? Осындайларды да жер көтеріп жүр-ау…
Жігіт кезінде әкесі Абдолла бір тәмсіл айтқан. Қожайынынан теперіш көрген бір құл қашып кетіпті. Біраз күннен соң қайтып келген.
– Қайда болдың?
– Тозаққа бардым.
– Не үшін?
– От алу үшін.
– Алдың ба?
– Жоқ. Тозаққа әркім өз отымен барады екен, – деп жауап қатыпты әлгі байғұс. Бейбіт өмірді тозаққа айналдырып от шашып жүретіндер осылар. Қоғамнан, адамнан көрген зәбірден қамыққан, жабырқаған сәттерінде лагерьдегі тағдырластары, мейірім суына шомылған достары көкірегіне сәуле түсіреді, жаны жадырайды.
1958 жылдың аяғында Ибраш қызды болып, түсінде аян берген Сталиннің қызының құрметіне Светлана деп атады. Алматы облыстық сотынан ақталғаны туралы құжаттарын алғанда ғана көңілі орныққандай болды. Тірі жүргенін көре алмайтын іштарлардан енді құтылған шығар. Шынымен бостандық алғанына әлі де сеніңкіремейді. Елге баруды ойлаған, бірақ онда қай нағашым күтіп тұр, елдің сиқы белгілі ғой деп бас тартты.
Сөйтіп жүргенде тоғыз жолдың торабы Шу станциясына бастық бол деген ұсыныс түсті. Сәбина екеуі сол жерде жиырма жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұл-қыздарын оқытты, бәрі де білімді-білікті маман болып шықты. Ел-жұрт сүйсінетіндей тәрбиелі етіп өсірді. Бойына, болмысына сіңісті болған теміржолшы мамандығымен адал еңбек етіп, құрметке бөленді. Жетпіс жылға жуық ғұмырының жиырма үш жылын азаттығыңды, қазақтығыңды кешіре алмайтын кеңестік жүйенің қудалау-теперішін көрумен өткізіп, жиырма жылға жуық бейбіт өмір кешіп, ұл-қыздарының ортасында 1977 жылы бақилыққа аттанды. Топырағы торқа болсын, рухы бейіште шалқысын!
Өз елінде, өз жерінде тып-тыныш өмір сүріп, халқының игілігі үшін еңбек етіп, ұрпақ өсірсем дегеннен басқаны ойламаған азаматтың тауқыметті тағдыры осындай болды. Бір ғана адамның тағдыры. Ал ондай адамдар бүкіл еліміздің көлемінде мың-мыңдап саналады. Елдегі тыныштықтың, тәуелсіздіктің қадірін біліп жүру үшін осы кісілердің өмір жолына бір сәт көз жіберіп қойғанымыз дұрыс-ау, әсілі.

Сәпен (Сәби) АҢСАТ,
Еңбек ардагері




ПІКІР ЖАЗУ