ҚАБАН ЖЫРАУ
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын.
Нағашысы – Жалайыр Қабан еді деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын!
Кенен Әзірбаев
І
Мекен еткен бір кезде Жалайырлар,
Сырдың жері киелі, ағайындар.
Қабылиса сияқты қасқыр жүрек,
Қанат қаққан қойынынан талай ұлдар.
Аршып құмнан Жанкентті… Сығанақты,
Археолог мыңжылдық мұра тапты.
«Қатын қамал» таудағы табылғанда,
Талай ғалым тамсанып тұра қапты…
Жұпар шашқан жидесі… сәмбі талы,
Жазғытұрым хош иіс аңқытады.
Ансамбльден аумайды тоссаң құлақ,
Алуан құстар сайраған әр бұтағы.
Қорқыт Ата бұл жерді қоныс еткен,
Зұлқарнайын Ескендір соғысы өткен.
Басып алған бір заман орыс өктем.
Қарапайым шаруасы Сыр бойының,
Мамыражай мал бағып… егіс еккен.
Қабан ақын тамған жер кіндік қаны,
Жер-дүние жататын жыр қып бәрі.
Сүлей біткен тілден бал тамызғанда,
Жауһар жырлар түретін түндікті әрі…
Қаратаудың басынан көшкен білер,
Қайтіп шығар арттағы естен күн ол.
Орақтымен шайқасты кешкен бір ел,
Жетісуға көшірді Жалайырды,
Қабан жырау…
Балпық би…
Ескелділер…
Басына орнап қазақтың қатал заман,
Жатқан кезі қансырап жапан далам.
Керек болса қалмақтар жекпе-жекте,
Қабылиса батырға бата алмаған…
Еншісінде уақыттың өткен өкпе,
Жалайырлар тұрмаған текке шепке.
Қабан батыр шаншыпты найзасына,
Қасарысқан қалмақты жекпе-жекте.
Озық ойы ұштасқан өресіне,
Сөзден қалмақ жығылған төресі де.
Басын тігіп бәйгеге, аманатқа
Дұшпанына кетіпті келесі де.
Ел басына күн туса тіпті қиын,
Талай жұртты жау дейтін жұтты құйын.
Ойда, қырда отырған көп қазақтың,
Ойратпенен қоқандық құртты күйін.
Басын талай жаужүрек тігіпті оққа,
Қорғамаған Отанын жігіт боп па?!
Ойратты отап,
Жоңғарды жою үшін,
Қабағынан қар жауып мініпті атқа.
Атын жырау Жалайыр біледі ерен,
Қабан десе жатқандар түрегелген.
Көшін бастап әкепті Жалайырдың,
Қараталдың бойына Ілеменен.
Сөйтіп Қабан көшіпті ұлы көшпен,
Шығармапты бір сәтке Сырын естен.
Жерұйықтай мекендеп Жетісуды,
Ұмытпапты Сырды да туып-өскен.
Сонан елге бір тайпа ел қосыпты,
«Жетісуым – жерұйық жер» десіпті.
Шатқалында Шағанмен өле-өлгенше,
Лабасы баурайында күн кешіпті.
ІІ
…Арқадағы айтыста қанат мүлдем,
Біткен Қабан жұртты зор қаратты үнмен.
Тәубесіне түсіріп Таужан қызды,
Төкті жырын от ауыз, орақ тілмен.
Аспанға өрлеп көңілі алағызған,
Түйдек-түйдек тілінен бал ағызған.
Алуан жырын ақтарып отырғанда,
Көз алмапты көрікті қара қыздан.
Ашқызбайды ауызын ағат айтса,
Артық кетсе тулайды ала тайша.
Осы айтыста әйтеуір Қабан ақын,
Шумақтарын төгіпті шағатайша.
Әп-сәтте еріп кетеді қолдағы мұз,
Жақсы жігіт әйелден болмағыңыз.
Төгіп-төгіп Қабанға аяғында,
Төмендегі айтқаны сондағы қыз:
«Өлеңді айта алмайсың кешеулесең,
Болар ең Қабан ақын мені жеңсең.
Алдыңда ақын болсаң, ал айтайын,
Жұлдыздар төбеңдегі нешеу білсең…»
…Қыздың сөзін «уай»десіп мақұлдаған,
Мұртын қағып, қалыспай тақымдаған,
Көкейінде отты сөз лапылдаған,
Аттың басын жіберді ақын Қабан:
«Өлеңді айта алмаймын кешеулесем,
Болар ем Қабан ақын сені жеңсем.
Жұлдызды төбедегі кім санапты,
Көп жатқан шалқасынан сен білмесең…»
Үзген үрдің қызындай баудан жүзім,
Жалт еткізді жанарын Таужан қызың.
Айырбастап кетесің амалсыздан,
Таңдап алған сұлудың жаудан жүзін…
Аямапты дауысты Тәңір одан,
Айтысына қол соқты қалың адам,
Ерейментау елжіреп,
Есіл толқып,
Жәрмеңкесі Қоянды жамыраған…
Арғын… Найман… қазағым Арқадағы,
Ана шеті Көкшетау… Қарқаралы,
Баянауыл… Жидебай шартарабы,
Таужан, Қабан айтысын тамашалап,
Таң атқанша қызығы тарқамады…
ІІІ
Таң атады, түседі іңір тағы,
Алты қырдан асырып жырын тағы,
Аспабының құлағын бұрап алып,
Батырларын бағзының шұбыртады.
Жайбарақат кезі жоқ малдас құрған,
Домбырасын найзасы алмастырған.
Қабан жырау дәстүрін Бақтыбай мен,
Сарбас және Сүйінбай жалғастырған.
Қорқынышты болыпты қалмақ үшін,
Ол баспаған дұшпаны бар ма мысын?!
Және әулие болыпты жанындағы,
Батырлардың болжаған алдағысын.
Берген сыйы болар бұл Жаратқанның,
Елге әйгілі таңбасы Тарақты оның.
Атақ-даңқы алаштан асқан бірде,
Жолықтырды әйгілі қонақтарын.
Иә, олардан ешкімнің бағы аспаған,
Алдарында сөз айтып таласпаған.
Төмендегі төрт батыр бас қосыпты,
Райымбек!
Өтеген!
Қараш!
Қабан!
Дана қазақ дәстүрін бейнелеген,
Аға тұрса, інісі сөйлемеген.
Бейбіт күнді сағынған өңшең батыр,
Отырыпты сауытсыз, жейдеменен.
Өтеген мен Райымбек бопты құрдас.
Өмірден де қалпында өтті сырлас.
Бәрінен де үлкені Қабан жырау,
Құр әншейін мәслихат текті құрмас.
Атасынан жаратқан текті қылып,
Жұрт назарын Райымбек кетті бұрып:
– Өле қалсақ қай жерде сүйегіміз,
Қалады екен Өтеген, – депті тұрып.
Сонда Өтеген құрдасы аттан күліп,
Түсті жерге:
– болмайды тақ мәңгілік,
Мынау жылға тамызда тартылады,
Қарап тұрсаң тап қазір аққан тұнып.
Адамның да санаулы бопты өмірі,
Бірақ мойынсұнбайды көп көңілі.
Қайтесіңдер қарғаның жасап жасын,
Қымбат бізге қыранның текті өлімі.
Қалады екен қай жерде бір күн көшім,
«Салауат қыл иманын» жұртым десін.
Адам қонақ өмірге, бұл жайында
Қабан ағам сөйлесін, іркілмесін.
Құдайға аян қай тұста қалмағың бұл,
Тіршілікке тоймайсың.
Жан-жағың жыр.
Көріпкелдік қасиет қонған және,
Ағамызға белгілі алдағың бір.
Туын биік тігеді таласта ақыл,
Ең кішісі бұлардың Қараш батыр.
Қабан батыр інілер сауалына,
Көп кешікпей ойланып бал ашты ақыр:
– Қайтіп енді қаламын үндемей-ақ,
Өмір келте әнебір жылғадай-ақ.
Тұз-дәміміз таусылса, бұрылып кеп,
Басымызға оқиды білгені аят.
Бәріңе аян ажалы Тоқтамыстың,
Бастауменен түбінде шоқ қамыстың.
Қалған менің денемді тауып алып,
Бейітіне қояды көп таныстың…
Құстай ұшып өлген соң кетеді арман,
Шық кепкенше шығады өте жалған,
Жер астына түбінде жетеді әр жан.
Сен жатасың аққан су жағасында,
Жүзің жылы болған соң Өтегенжан.
Адам алып бәйтерек бір бұтағы,
Кезі келсе өшеді гүл жұпары.
Көп жылдан соң қазып ап басқа жерге,
Сүйегіңді тірілер жылжытады.
…Аң-таң бәрі,
Ағаның мұнысы не?!
Ұзақ қарап Райымбек інісіне:
– Үлкен жолдың үстіне сүйегіңді,
Қоятұғын рахмет тірі ісіне.
Өзгереді уақытпен талай ұғым,
Жат болады жақының, ағайының.
Көпшіл боп ең тіріңде,
Үлкен жолға
Сүйегіңді қояды.
Солай, інім!
* * *
…Иә, иә, Қабан айтқандай, сол болады,
Келіпті айна-қатесіз болжағаны.
Оның өзінің бейіті Іле өзені,
Жағасында қанша жыл орнағалы.
… Шоқ қамыстың ішінде.
Бұлақ маңы,
Осы шығар Алланың ұнатқаны.
Тірі адамға белгісіз өтіп жатқан,
Байқамаймыз кейде біз күн… аптаны…
Әулиенің айтқаны дәл келіпті,
Алыс емес Алатау қар бөрікті.
Өтегеннің бұрынғы орынында,
Қапшағайдың теңізі бар көрікті.
Суымасын Адамға құрметіміз.
Бірте-бірте солады нұр бетіміз.
Бір Алланың құлымыз ей, адамдар,
Бәріміз де Мұхаммед үмбетіміз!
Тірісінде айналған сырласына,
Батырлығы лайық тұлғасына.
Су басатын болған соң Өтегенді,
Қайта жерлеп қояды қыр басына.
Сол Өтеген батырдың келер болсақ,
Райымбек сияқты құрдасына.
Қабан жырау келіпті танымы дәл,
Тірісінде көп жанға жаны құмар.
Алматыдан Ташкентке шығар жолда,
Райымбек батырдың қабірі бар.
Үлкен жолда оранған жасыл баққа,
Ерлігі үлгі бүгінгі жас ұрпаққа,
Ескерткіші батырдың бой көтерді,
Бұрған жері бұл ара басын Хаққа.
Тағдыр, мені кейінге тосырқатпа.
* * *
Дүниеден жақсы мен өтті жаман,
Кейінгіге кең қолтық кепті заман.
Тірісінде көпшілік қалауымен,
Қабылиса есімін депті Қабан.
Артық не бар Адамға сыйласқаннан,
Мейманасы сақтай гөр дейді асқаннан.
Қабан жырау артында ұрпаққа жыр,
Қазына боп мәңгілік мирас қалған.
…Заман талай өтеді, зырылдайды,
Өткен уақыт артына бұрылмайды.
Бүгінгі ұрпақ төрінде Өркениет,
Болашаққа жеткізер жырың жайлы.
Жан-жағына жырларың шашқан жақұт,
Асқақтатар атыңды аспандатып.
Күні ертеңгі ілессе көшке жырың,
Бұдан басқа болмайды асқан бақыт.
Солай даңқың өрлесін, ұмытылмасын,
Қазақ үшін қара нар, дүр тұлғасың.
Сенің жырың жаулайды түптің түбі,
Аспан астын, мейілі шың тұрмасын.
Шын жүйрікке бәйгесін шаппай берсін,
Енді ондай жырауды таппайды ел шын.
Бәрінен де рухсыздық апатынан,
Жас ұрпақтың санасын сақтай гөрсін!
Құр дақпырттың болады даңқы жылдам,
Дарын үшін жақұт жыр әр күн арман.
Талай талант шығады бір кездегі,
Сенің даусың асатын алты қырдан.
Заман тыныш.
Артыңа алаңдама.
Аман болсын әкем – тау, анам – дала.
Қазағымды қара орман өлмейтұғын,
Рухыңмен жебей бер,
Қабан баба!
Толыбай Абылаев




