ЖАЗУШЫСЫҢ ҒОЙ… СЕНДІРЕТІН СӨЗ ТАП!

Ардақты оқырман, журналымыздың былтырғы 12-ші санында (мұқабада) жарияланған Бас редактор Дәурен Қуаттың арнау мақаласында алдағы уақытта «Жұлдыздың» шеберлік мектебінде» теориялық материалдар жариялаумен қатар нақты семинарлар өткізіледі, жас жазушылардың шығармаларын талдаймыз деп хабарлағанбыз. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде жас жазушы, ҚР «Жастар саясатының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Qostanai» телеарнасының редакторы, республикалық газет-журналдарда, ақпараттық-қоғамдық сайттар мен порталдарда әңгімелері мен өлеңдері жарияланып жүрген Бейбіт Нұрмұхановтың әңгімелерін талқыламақпыз.
Жас қаламгер төрт әңгімесін жолдаған екен, төртеуін де бір әрпін өзгертпей, тыныс белгілерін түземей, автордың өзі қалай жіберсе, сол күйі жарияладық. Негізі, жұртшылықтың назарына ұсынылатын шығарманы редактурадан өткізбей жариялауға болмайды. Жазушы да адам, ол да қателеседі, кейбір сөздер, сөйлемдер орнымен қолданылмауы мүмкін, мағынасын автордың өзі дұрыс түсінбеуі ықтимал, ақыр аяғы, жазушымыз сауатсыз болуы ғажап емес. Бірақ шығарманың өзі, жалпы алғанда, жақсы болса қайтеміз? Уақыт болып жатса қайтарып беріп, тағы бір қарап шығуын, артық-кемін түзетіп, өңдеп-жөндеп, қырнап-шыңдап редакцияға қайыра жолдауын өтінеміз. Содан кейін тағы бір қарап, қалған-құтқан кемшіліктерін түзеп, нөмірге саламыз. Редактордың жұмысы осы, сол үшін ол жалақы алады. Бірақ солай екен-ау, редактор түзеп алады ғой деп, шала піскен «шығармалармен» газет-журналдарды төпей беруге болмайды, әрине. Шығармасының қате-кемшіліктерін түзеуге ерініп, шалағай туындыларын жібере салатын, айтқан ескертуге құлақ аспай, тіптен өзіңді кінәлап шыға келетін әріптестерімізбен кейде қырбайласып қалатынымыз бар. Бұл әркімнің ішкі мәдениетіне, «ардың ісі – әдебиетке» көзқарасына, адами қасиеттеріне байланысты. Біздің мақсатымыз – жас жазушының аяқ алысын байқап, жетістігі болса, қолдап, кемшілігі болса, көрсету, әдебиет әлеміне енді қадам басқан талапкерге бағыт-бағдар сілтеу. Жастар біздің болашағымыз дейміз, болашақ жарқын болуы үшін қазірден бастап қамдану керек, «баланы жастан», қолтаңбасы қалыптасып кетпей тұрғанда артық-кемін көрсетіп, мүмкіндігінше дұрысын айтып, жөн сілтеп отырмасақ бағытынан бір рет ауытқыған жолаушы барған сайын діттеген межеден қашықтай береді.
Кіріспемізді осы жерден тоқтатып, автордың әңгімелерін оқып алайық.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Әтір иісі
(Әңгіме)

Ол жанымнан алғаш өткенде әтірінің иісі мас қылды. Солайша өзіне назар аудартты. Иығыма қондырылған басым көшедегі сергек камерасы секілді оп-оңай бұрылды. Бірақ оның жүзін көре алмадым. Тек еркек біткенді ынтық қылатын мінсіз мүсінін көрдім. Көз ұшынан алыстағанша қалт жіберместен шығарып салдым. Соның өзі маған жеткілікті еді…
Екінші мәрте тағы бетпе-бет кездесудің реті келмеді. Тек ғажайып мұрын жарар әтірінің иісі арқылы ғана сол екенін білдім. Дүкенде тұрған сәт. Нәзік үнді қыз «кешіріңіз мен де бір зат еді. Өтіп кетсем бола ма?» деді. Ойланбастан жол бердім. Ақымақтығым жүзіне қарамаппын. Бірақ сол екенін әтір иісі арқылы таныдым. Тек жігерсіздігім осы жерде тағы да жүзбе-жүз жүздесудің мезетін бұйыртпады… Сол күні түнімен қиялға баттым. Көрер таңды көзіммен атқызып, ұйқы жайына қалды. Қиялымның арасында Ол әртүрлі кейіпте құбылады. Бірде өзім ғашық болған мектептегі ақ жүзді қыз боп елестесе, енді бірде керісінше, көрші қызға ұқсап кетеді.
…Мен қазір аңғарымпаздықты үйрендім. Иә, қандай жағдай болмасын бәрін жіті назарда ұстаймын. Жанымнан өткен әр адамның бәріне, бет-жүзіне бажайлап қараймын. Түр-түсін анықтап қалуға тырысамын. Аялдамадағы барлық пенденің түрін жатқа, кімнің қандай кемшілігі барын айтып бере аламын. Аялдама бұрышында тұрған қыздың сол жақ бетінде меңі бар. Ал орындықта отырған қыз астыңғы ернін бояуды ұмытып кеткен. Үйінен асығыс шыққанын аңғару қиын емес. Міне, мен күткен автобуста келді. Автобусқа мінудің өзі қызық. Жанталасып мінеміз, тура солай түсеміз… Тағы да әтір иісі. Осы жолы да Ол қыздың жүзін көре алмадым. Мен автобусқа мінгенде, Ол түсіп үлгерді. Тек сыртынан ғана көру бұйырды…
Мен әлденеше рет Ол қызды көруге асық болдым. Қандай жағдайда да әрекетім сәтсіздікке тап келетін. Бірақ оған жүрегім алып-ұшып тұратын…
Бүгін қала көңілсіз, маужырап тұр. Неге? Кім білсін? Аялдама мен көше де сабылсып жататын көлік те, адам да жоқ. Бәрі жым-жырт. Кенет алыстан қалың нөпірдің қарасы көрінді. Думанды тойдан немесе іс-шарадан шыққан сыңайлы. Аяңдай басып жиналған адамдар арасына келдім. Мешіт жанында бір адамның жаназасын оқып жатыр екен. Имам «Жамағат сапқа жиналайық. Сауап болады. Жас бала ғой» деп жатты. Мен де мұсылман ретінде сапқа тұрдым. Алдыңғы қатардан орын тиді. Үнсіздік… Жаназа оқылды. Мәйіт нәселкесінің бір бұрышын мен ұстадым. Алдыңғы қатар да тұрғасын ба, маған реті келді. Әтір иісі. Иә, сол әтірдің иісі мұрныма тағы келді… Жан-жағыма мән бере қараймын. Жылаған, күңіренген адамдар. Алайда, нөпір арасында Ол қыздың сұлбасы көрінер емес…
Мүрде жер қойнына табысталды. Қалың қауыммен еріп мен де жүрмін. Аң-тай күйде. Тек қонақ асы берілгенде бір адам «Аңқылдаған, ақкөңіл қыз еді. Ешкімге жазығы жоқ. Ауру жасқа қарамайлы деген осы да» деген сөзден денем су ете қалды. Сонда білдім. Мен үнемі мұрныма келетін әтір иісін өз қолыммен апарып тар қабірге салыппын. Өз қолыммен қара жер құшағына табыстаппын… Аласармас арманым, көруге ынтық болған періштем солайша ешкім шықпас, қара жерге көмілді…
P. S: Мезгілсіз дүниеден өткен әтір себінген аруға арналады.

Аға…
(Әңгіме)

«Қашу керек. Қашу керек. Тек қашу керек. Қашу керек…»
Түн ортасы ауғанда қаладағы шамдардың түсі өзгереді. Кешкісін сары болып тұрған жарықтар түннің бел ортасында көгілдір тартып кетеді. Мұны жұрт байқамайды. Себебі ол уақытта адамдардың көбі ұйықтап жатады. Ал ұйықтамайтындар – әлденеден секем алып, елеңдеп жүретіндей. Ержан сондай адамдардың бірі еді. Ол түнде ұйықтамайтын. Терезенің алдында ұзақ отыратын. Аспандағы айды қызықтап, жұлдыздарды санауға әуес-тін. Қолына шай құйылған ыдысты ұстап, көшедегі бос аялдаманы қарайтын… Қыс мезгілі. Көшеде тау боп үйілген қар, көлік өтетін тас жол бойына мұз қатқан. Түнгі қала пейзаждық суретке айналғандай.
Ол соңғы үш айда ешкіммен дұрыстап сөйлеспеді. Қойылған сұрақтарға селсоқ жауап беретін. Телефоны анда-санда ғана шырылдайды. Көбіне жұмысынан. «Материалды жібердің бе?» «Ертең жиналысқа келесің бе?» деген секілді құрғақ сөздер. Бірақ Ержанның ішіндегі дауыстар әлдеқайда қатты еді. Кей түндері оған біреу есігін қағатын сияқты көрінетін. Тық-тық. Барып қараса – ешкім жоқ. Басында мән бермеді. Кейін жиілеп кетті. Әсіресе, сағат түнгі үштен асқанда. Тық-тық. Бір күні ол ашуланып есікті ашты. Дәлізде ескілеу пальто киген бір қария тұр екен.
– Кешір, балам, – деді қария бәсең дауыспен. – Мен адресімді таба алмай жүрмін.
Ержан үндемеді. Қарияның жүзі біртүрлі таныс секілді. Бірақ қайдан көргені есінде жоқ.
– Қай адрес? – деді салқын үнмен. Қария қалтасынан бүктелген қағаз шығарды. Онда көк сиямен бір мекенжай жазылыпты. Ержанның жүрегі бір сәт тоқтап қалғандай болды. Бұл оның бала күнгі үйінің адресі еді. Ержан, ол үйде он жеті жасына дейін тұрған.
Ескі, екі қабатты барақ үй. Қабырғасы көгеріп тұратын. Пештің иісі сіңіп қалған. Терезелері қыста ішінен қырауланатын. Әкесі көп сөйлемейтін адам еді. Анасы ерте қайтыс болды. Ал қарындасы… Бауыры туралы ойласа ойынан тайқып кететін. Себебі кей естеліктер адам санасында толық сақталмайды. Олар сынық айна секілді. Бір бөлігі бар, бір бөлігі жоқ. Бірақ сол жоқ жерлері кейде адамды көбірек қинайды. Ойландырады.
– Сіз қателескен шығарсыз, – деді Ержан қарияға.
– Жоқ, – деді ол күлімсіреп, – адам ешқашан өзінің өткен шағынан қателеспейді, – деді де жылдам басып қария дәлізбен төмен түсіп кетті. Ержан соңынан бармады.
Сол түні Ержан түс көрді. Қараңғы бөлме. Пештің жанында кішкентай қыз отыр. Арқасын пешке сүйеген. Шашын екіге өрген. Баяу ғана:
– Аға… – деді. Ержан қозғала алмады. – Аға, сен есікті неге жаптың? – осы сөзден кейін шошып оянды. Денесі мұздай. Сағат 03:17. Дәл сол сәтте есік қағылды. Тық-тық. Бұл жолы ол бармады. Таң атқанша қозғалыссыз бүк түсіп жатты.
Келесі күні жұмысына барған жоқ. Автобусқа мініп, қаланың шетіне тартты. Баяғы барақ үй орнында екен. Тек кішірейіп қалыпты. Адамның балалық шағы өткен жерлер есейгенде әрдайым кішкентай болып көрінетініне сонда көзі жеткен. Үйдің маңында ешкім жоқ. Қақпа қисайып тұр. Ержан аулаға кіргенде аяғының астында мұз сықырлады. Сол сәтте оның есіне бір дыбыс оралды. Баланың жылаған үні. Бірақ бұл нақты естелік пе, әлде кейін өзі құрастырған елес пе айыра алмады. Есікті итеріп ашты. Үй бос. Шаң. Суық. Көгерген қабырғаны өрттен қалған күйе басқан. Ойсырайып пештің орны ғана қалған. Бөлмелерді аралап жүріп, ең соңғы кішкентай бөлмеге кірді. Сол жерде тоқтап қалды. Бұрышта ескі ағаш ат жатты. Бояуы өшкен. Қарындасының ойыншығы. Ержанның тынысы тарылды. Себебі ол бұл атты әлдеқашан өртеп жібергенін анық білетін. Өз көзімен көрген.
Сол күнгі оқиғалар қайтадан санасына келе бастады. Әкесі ішіп келген түн. Боран. Электр сөніп, үй ішін қараңғылық мекендеген. Үйдің іші қара көлеңке. Қарындасы Айсұлу жылап отыр. Әкесі айқайлап, үйді басына көтеріп, қолына түскен заттарды сындырып жатыр. Ержан есікке қарай қашты. Ол тек қашуды ғана ойлады. Тек кетуді. Тек құтылуды. Сыртқа шыққанда артынан Айсұлудың дауысы естілген.
– Аға!.. – естісе де естімегендей қашты. Бар ойы қашу ғана еді.
«Қашу керек. Қашу керек. Тек қашу керек. Қашу керек…»
Себебі артына қараса жамандық болатындай сезінетін. Содан кейін… Содан кейін не болды?
Осы жерге келгенде әрдайым дағдарып қалады. Көз алдын тұман қаптайтындай… Өрт болды ма?
Әкесі не істеді?
Айсұлу қайда кетті?
Неге ол ешқашан іздемеді?
Неге ешкім сұрамады?
Неге бұл туралы ешкім айтпады?
Ержан маңдайын қабырғаға тіреді. Кенет артынан әлдебір дауыс шықты.
– Енді есіңе түсті ме? – деп байсалды тіл қатты әлдебір дауыс. Жалт бұрылды. Баяғы қария. Бөлменің ортасында тұр екен.
– Сіз кімсіз? – деді Ержан қарлығып.
– Мен сен ұмытқың келген нәрсемін. Адамның жады қызық. Кейбір қайғыны көмеді. Бірақ көмілген қайғы өшпейді. Сол күйінде сақталады.
Қария жақындай түсті.
– Сен сол түні қашып кеткен жоқсың.
Ержанның жүрегі зу ете қалды.
– Жоқ…
– Сен есікті сыртынан жауып кеттің.
Бөлме айналып кеткендей болды.
– Жоқ…
– Себебі әкеңнен қорықтың.
– Жоқ!
– Ал қарындасың іште қалды.
Ержан тізерлеп, отыра кетті. Көз алдына әлдебір көріністер кино таспасындай етіп келе бастады. Айсұлудың жұдырықпен есікті ұрғаны. «Аға!». Түтін. Қараңғылық. Өзінің сырттан есікті жауып, қолымен қаусырып тұрғаны. Қолының дірілдегені. Бірақ қайта кірмегені. Қайта кіре алмағаны. Көзін жұмып алып, қашу керектігін қайталағаны есіне оралды. Адам санасы кейде өзін сақтау үшін шындықты өлтіреді. Ержан жиырма жыл бойы өзін алдаған.
«Мен кетіп қалдым.»
«Мен білмедім.»
«Мен кінәлі емеспін.»
Бірақ шындық адамның ішінде өшпейді. Кейде түн болып есігіңді қағады. Тық-тық. Ержан жылаған жоқ. Ол тек баяу ғана:
– Мен… қорықтым…
Қария ұзақ үнсіз тұрды да:
– Білемін, – деді.
– Сіз кімсіз?.. – Ержан аңтарыла қарияға қарады. Сыртта қар баяу жауып тұр.
– Мен сенің қартайған шағыңмын.
Ержан селк етті. Қарияның жүзіне анық қарады. Иә. Көздері. Қастары. Еріні. Дауысы. Бетіндегі тыртығына дейін аумайды. Бұл өзі. Тек қартайған, әбден шаршаған, бетін қатпар-қатпар әжім басқан.
– Адам өмір бойы бір есіктің алдында тұрады, – деді қария. – Біреу оны ашып үлгереді. Біреу кеш қалады.
– Мен не істеуім керек?..
Қария жауап бермеді. Тек қолындағы кішкентай темір кілтті созды.
– Есікті аш.
– Қай есікті?
Қария кеудесін, жүрек тұсын нұсқады. Сол сәтте үйдің іші гуілдеп кетті. Бөлмедегі дыбыстар жаңғырды. Қабырғалар еріп бара жатқандай. Пеш. Терезе. Қар. Бәрі бұлыңғырланып барады. Ал қараңғылықтың ар жағынан кішкентай қыздың даусы естілді.
– Аға…
Бұл жолы үнінде өкпе жоқ. Тек шаршау бар. Ержан көзін жұмды. Жиырма жылдан кейін алғаш рет шындықпен кездесті. Тарс жұмған көзін ашты… Бөлмеден түтіннің иісі шығатындай…

Өмір
(Новелла)

Біреулер өмірді «әділетті» дейді. Енді бірі пенденің ниетіне байланысты, Құдай қалауын береді дейтіндер де бар. Егер расымен де, өмір жұрт айтып жүргендей адал әрі әділетті болса, қане? Ендеше мен 16 жасқа толмай жатып жеңіл жүрісті қыз атанар ма едім? Әрине, жоқ. Керісінше, қатарлас құрбыларыммен бойжеткен кездің ыстық сезімін сезініп, қызара шыққан қыр гүліндей құлпырып жүруші едім ғой. Жас өмірімді, абыройымды қор қылып, әр еркектің қойынына кіруге ынтықпын ба? Жоқ. Мен жиіркенемін. Жаныма жақындағанда, денемді қолымен аймалағанда, ерінін мойныма тигізіп сүйген сәтін де… мен бәрінен жиіркенемін. Кеше ғана қаламыздағы бір дөкейдің ұлымен қонақ үйде бірге жаттым. Біреу үшін керемет болуы мүмкін. Жағдайыңды жасап алдың ба деп сұрайтындар да бар. Олай емес. Мен одан барынша жиіркендім. Себебі ол менен жиіркенбеді. Бірақ амалым қанша? Ол кетсе мен ақшадан айырыламын. Мен ақшасыз қалсам кәрі әкемді кім асырайды? Оны кім бағады?.. «Өмір әділетті» деген сөздердің бәрі жалған, өтірік. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бітті. Сонымен өмір тоқтайды.
Мың сан ойдың құрсауында көзін тарс жұмып жатқан Молли оқыс дыбыстан селк етіп, көзін ашты. Бөлме іші алагеуім. Терезеден батып бара жатқан күннің болар болмас қызғылтым сәулесі түсіп тұр. Терезе жанында үлкен айна тұр. Айнаның қасында жалғыз адамдық кереует бар. Керуетте қалың ойға шомып Молли жатыр. Жан-жағына қарап еді ештеңе білінбеді. Біз тұратын жеркепеде тышқан көп қой. Солардың бірі шығар деген оймен қайта көзін жұмды. Көз алдына бақытты кездері және сол қаралы күн оралды.
* * *
Осыдан үш жыл бұрын. Ол кезде Молли небәрі 15 жаста болатын. Қала сыртында шағын екі қабатты үйде тұратын бақытты отбасы. Үй шағын болғанымен, ішінде бақытты отбасы бар еді. Иә, мынау әлемде болып жатқан оқиғалармен, қақтығыстармен, түрлі табиғи апатпен ешқандай шаруасы жоқ. Тату-тәтті. Арайлап атқан таңға, ұясына қызара батқан күнге қуанып, қайғы-мұңның не екенін білмейтін отбасы мекендейтін.
Таңғы астарын ішкеннен кейін, дастархан басында «шағын үйдің» отағасы былайша сөз бастады:
– Қымбатты менің жұбайым! – деді де аяулы келіншегіне бір қарап, – Қымбатты біздің үйдің кішкене мүшелері, яғни балаларым! Бүгін тауға серуендеуге барсақ қалай қарайсыңдар? – деп жымия күліп дастархан басында отырған әуелі жұбайына сосын балаларына қарады.
– Маған қарамаңдар ерік өздеріңде. Мен әр қашан әкелеріңнің шешімін қостаймын, – деп күйеуіне қарады отанасы.
– Біз дайынбыз! – деді дастархан басын да отырған төрт бала бір ауыздан.
– Олай болса әр кім өз заттарын жинап, төменге түссін. Мен көлік жанында боламын.
Төрт бала бөлмелеріне кіріп әр түрлі заттын жолдорбаларына сала бастады. Біреуі теннис ракеткаларын, енді бірі футбол добын. Қалған екеуі болса спорттық киімдерін алды. Сағат 9:00-де барлығы көлікке жайғасты.
– Ешкім ештеңені ұмытқан жоқ па? – деді әкесі көлікке бәрі жайғасқаннан кейін.
Бір ауыздан «Ештеңені ұмытпадық, бәрін алдық» деген сөз естілді… Тауға баратын жолда қара көлік кетіп барады. Ішінде әндеткен балалардың дауысы естіледі. Тау табиғаты құдды осы отбасыны күтіп тұрғандай. Ауа райы жайма-шуақ.
Тау етегі жасыл түсті кілем төселгендей. Көк шөптерге аунай бергің келеді, аунай бергің келеді. Заңғар көкпен таласқан асқар шың күн нұрымен шағылысып көрінбейді. Бірақ та шың басында мұз бары анық. Себебі күн нұры шағылысқанда алмас тас секілді жарқ-жұрқ етеді. Таудың төменгі жағында екі-үш отбасы дем алып жүр. Көліктен Молли де түсті. Түскен беттен «ғажап» деді. Кең тыныстап, көк шөпке домалай кетті. Оны көрген бауырлары да Моллидің жасаған түсініксіздеу әдетін қайталады.
– Балаларды жиі әкеліп тұру керек екен. Таза ауаны сағынып, қаланың беймаза тіршілігінен шаршағанын көрмейсің бе? – деді көліктен жиналмалы шатырларды түсіріп жатқан әкесі.
– Иә, дұрыс айтасың. Аптаның бір күнін белгілеп балаларды әкеліп тұрайық.
– Міндетті түрде, – деді әкесі. Бірақ кім білген? Бұл олардың соңғы келуі екенін.
Әп-сәтте жиналмалы шатырлар тігіліп, дастархан жайыла кетті. Молли, ата-анасына қолғабыс етіп көмектесіп жүр. Одан кішкене қос інісі теннис ракеткасымен ойнаса, кенже сіңілісі кішкентай болғасын ба, анасының қасынан шықпай әлек. Анасы бір ыдысты алса «маған да, менде көмектесемін» деп жүгіріп жүргені.
– Балалар, дастарханға келіңдер! – деді анасы ойнап жүрген қос ұлына қарап. Жүгіріп келген олар:
– Әкешім! Анашым! Мен Томды 8:6 есеппен ұттым.
– Сенен өскенде үлкен теннисші шығады, – деп әкесі ұлының маңдайынан сүйді.
– Менен ше? Менен кім шығады әке?
– Том, сенен спортшы шықпайды. Сенен ғалым шығады.
– Рахмет, әке, – деп Томның жүзі жадырай кетті.
Тамақтанып болғаннан кейін өзара топқа бөлініп доп ойнады. Ұлдар және қыздар деген екі топ құрды. Кішігірім турнирде екі жақ қанша ұтамыз деп талпынса да екі жақ тең түсті. Соңында әкесі «Достық жеңді» деп ойынды аяқтады. Екінші ойын теннис болды. Бірақ бұл жолы әкелер тобы ұтты. Міне, осылайша кештің қалай болғанында аңдамай қалды. Қызара бөртіп күн батты. Таудың бөктерінде отырып күннің ұясына кіруін тамашалап болғаннан кейін жолға шықты. Кешкі самал жел, таудың таза ауасын кең тыныстай жұтып, ән салып, қара көлік жүйткіп келеді.
…Біз үйге барамыз,
Таза ауа жұтамыз.
Біз үйге барамыз,
Таза ауа жұтамыз… – деп әннің соңғы қайырмасы оқыс бір қимылдан үзіліп қалды. Үзіліп қалды дейміз-ау, жол үстінде келе жатқан қара көлік әп-сәтте жолдан шығып төменге қарай құлдилай жөнелді…
Әндетіп, көңілді келе жатқан көліктің қарсы алдынан кенеттен бөгде көлік шыға келді. Күтпеген жағдайға тап болған әкесі қарсы бағыттан келген көлікке жол бермек болып, рөлді оқыс бұрған сәтте, тау бөктеріндегі тар соқпақпен жүйткіп келе жатқан көлік жүргізушіге бағынбай, жол жиегінен асып кетеді.
* * *
Таң ата тау бөктеріндегі жолда көлік апаты болғаны анықталып, арнайы іздеу шараларының арқасында көліктегі адамдар шығарылды. Өкінішке қарай көліктегі үш адам, яғни үш бала мойын омыртқалары үзіліп қайтыс болғаны, тек қалған үш адам тірі екені белгілі болады. Ауруханаға жедел жеткізілген науқастардың ішінде екеуінің жағдайы нашар, алған қалған бір науқастың жағдайы жеңіл жарақат екені анықталған.
…Аурухана бөлмесінде отыра беруден жалыққан Молли әкесімен, анасының қай бөлмеде жатқандығын біліп барғанда, өз көзіне өзі сенбей дағдарып, бір орында тұрып калды. Бөлмеде екі науқас қатар жатыр. Қайсы әкесі, анасы екенін аңғару мүмкін емес. Ақ марлымен оралған. Әкесімен, анасының сынбаған жері қалмағанын сезген Молли одан ары тұра беруге дәті шыдамай бөлмеден шыға беруге оңтайланғаны сол еді. Анасының қырылдаған, қынала шыққан дауысы бірден тоқтатты.
– Молли… – деді қинала дем алып. – Молли, жаныма кел… Мен саған сенемін… Сенемін. Әкеңді жалғыз қалдырма. Әкеңе пана бол, Молли.
– Анашым олай демеңізші, анашым, – деп қолымен көзіне келген жасты сүртіп тастады. Жас бірақ түйір мойыншақтай боп қайта шықты.
– Молли… – деп анасының ақырғы демі үзілді.
Көз алды қарауытып тас еденге Молли құлап түсті. Арада үш күн өткесін есін жиды. Алғашқы айтқан сөзі «Анам қайда, анам қайда?» деп дәргірлерден сұраумен болды. Бірақ тым кеш еді…

* * *
Аурухандан шыққаннан кейін Молли жұмыс іздей бастады. Жоғарғы оқу орнын бітірмеген, тіпті мектепті де толық аяқтамаған қызды ешбір жер жұмысқа алғысы келмеді. Амалы таусылған ол басы салбырап үйіне қайтатын. Ол қаланы ұзақ шарлайтын. Діңкесі құрып, әбден шаршағанша жұмыс іздейтін Бірақ таппады. Барлығының айтатыны бір ғана сөз «оқу орнын бітірген болсаң алар едім» дейді де шығарып салады. Жұмыс істеп ақша таппаса үйде науқас әке жатыр. Дәрі-дәрмек алмаса оның денсаулығы күннен-күнге нашарлай береді. Жинаған азын-аулақ ақшаның да шеті көрінуде.
Не істеу керек? Қандай амалы бар? Мектепке қайта барайын десе, бара алмайды. Себебі оқу ақысын төлеуге қаражаты жоқ. Барлық нәрсе айналып келгенде ақшаға тіреледі. Тек ақша, ақша және ақша.
Жұмыс іздеп табаны тозып, шаршап шалдығып көше бойымен келе жатыр еді. Қонақ үйден шығып келе жатқан бір сылқымға кезікті. Моллиді танитын адамша сайрай жөнелді:
– Жарқыным, ақша іздеп жүрсің бе? Жұмыс керек, солай ғой. Иә, иә, білемін жұмыс керек, жұмыс, – деп сақылдап күлді.
– Сіз жұмыс бересіз бе? – деді көңілінде еш алаңдығы жоқ, Молли.
– Жоқ. Мен жұмыс бермеймін. Бірақ ақша табуға жол көрсетемін, үйретемін. Көп ақша табасың. Өміріңді өзгертесің, – деп тағы да сақылдап күлді.
– Қалай сонда?
– Кәдімгідей. Жаңа менімен бірге шыққан жігітті көрдің бе? Өте бай, ауқатты, қалталы азамат. Мен оған өзімді сыйладым, ол маған ақшасын сыйлады. Болды. Жұмыс дегенің осы.
Не дерін білмеген Молли қаққан қазықтай дағдарып, тұрып қалды. Бойы дір-дір етіп. Көзі шүңірейіп, жағы солып өзгеріп сала берді.
– Болды, болды жарқыным, шошыма. Мен тек қалай жұмыс істеу керектігін үйреттім. Сенен ақы алмаймын. Мынау менің номерім, – деп кішкене қағазды қолына ұстатты да, сақылдап күліп кете барды.
Кішкене қағазды қолына жиіркене ұстаған Молли үйге келді. Үй іші қара көлеңке. Төсекте әкесі жатыр. О, сұмдық әкесінің жүзінен тіршілікке тән нышан білінбейді. Жан ұшыра Молли жедел жәрдемге қоңырау шалды.
Бақытына орай әкесі аман калды. Бірақ бір өкініштісі миында қан түйіршіктері бар. Ота жасатпаса миға қан құйылуы ықтимал деп дәрігер мән-жайды түсіндірді. Ота ақылы екенін ескерте кетті. Осы аптада ота жасалмаса өлімге бір табан жақын болатынын атап өтті. Ауруханадан шығып үйге келісімен Молли кішкене қағазды іздей бастады. Ақыры тапты. Бойына бар күшін жинап қоңырау шалды. Моллидің қоңырау шалуын күткендей телефон тұтқасын бірден алды.
– Сәлеметсіз бе? Мен алдыңғы… – сөзінің соңын аяқтатпастан.
– Есімдесің. Өзімде қашан қоңырау шалады деп күтіп отыр едім. Жақсы болды. Көп ойланбапсың ғой. Бүгін кешке өткен жолғы қонақ үйге кел. Қалғанын сол жерде түсіндіремін. – деді де телефон тұтқасын қоя салды…
Ары қарай не болғанын Молли еске алғысы келмейді. Үйіне бармай түні бойы көше кезіп, өзін лас сезінгені, бәрі-бәрі әлі есінде…
– Бір күнде осынша ақша тауыпсың. Біраз сұлулардың алдын орайын деп тұрсың… Бұл ақшаны енді не істейсің? – деп сылқым, Моллиға сұқтана қарады.
– Әкемнің отасына жұмсаймын. – деді баяу ғана сыбырлап.
– Онда дұрыс. Әкең тезірек сауығып кетсін!
– Рахмет!
– Енді тезірек үйіңе бар, – деп сақылдай күлді. – Біз біргеміз. Өзіңде көрген боларсың аса әкетіп бара жатқан жұмыс жоқ. Бастысы мейманның көңілінен шықсаң болғаны…

* * *
Моллиді тағы да сол дыбыс ойын бөлді. Бұл не болды деген оймен бөлмеден шыққанда еденге құлап тұра алмай жатқан әкесін көрді. Мұндай жайтты күтпеген Молли қолына телефон алып жедел жәрдемге қоңырау соқты. Әкесін орнынан тұрғыза бергенде көзі едендегі қою қызыл қанға түсті.
Көшені басына көтеріп жедел жәрдем де келді. Бірақ тым кеш еді…

Бәйшешек
(Шағын әңгіме)

– Қызым, сенің көзің неге суық, – деді әкесі қызының бетінен сипап.
– Білмеймін. Бірақ жүрегім жылы, – деп дірілдей тіл қатты он жасар қаршадай қыз. Дегенмен сөзінен салқын леп сезілетін.
– Мені кешір. Менің саған айтарым көп, тек сен уақыт бөле алсаң ғой. Сәлде болсын сөзімді тыңдап, зейін қойсаң риза болар едім. Әттең, әттең, бәрі де кеш, тым кеш.
– Олай демеңіз. Мен де уақыт көп, тіпті шексіз. Мен сізді әр қашан тыңдай беремін, әке. Күнде де, түнде де, таңда да, кеште де. Сіз айтудан жалықпаңыз. Мен тыңдаудан жалықпайын.
– Айналайын, қызым, – кемсеңдей сөйлеп, – сен сондай ақ көңіл жансың. Жүрегің кең. Мейірімділіктің жердегі символы, періште белгісі сенсің. Мен сені ұмытпаймын… жақсы көремін!
– Әке, сонша таусылғаның не? Мен сізді тыңдаймын. Сіздің сөзіңізді тыңдаймын, әке…
– Әлі есімде сенің кішкене кезің. Тәй-тәй басып жүргенің, былдырлап алғаш тіліңнің шыққаны. Менің жұмыс бөлмеме кіріп заттарымды ақтаратының бәрі-бәрі санамда тұр. Алтынға айырбастауға келмейтін естеліктер. Сен менің көктемде өскен бәйшешегім едің. Есің де болар. Сені «бәйшешек» деп еркелететін едім. Сол сөзіме, солай сені атағаныма өкінемін. Өзімді кешірмеймін, – қос қолымен бетін басып отыра кетті. Көзінен еріксіз төгілген өкініш пен қимастықтың жасы еденге тамып жатыр.
– Әке, – саңқ еткен қыз үні, – олай кешірім сұрамаңыз. Мен сіздің қызыңызбын. Менің әкемнің еңсесі биік болуы тиіс. Жұмыр жүрегімді олай ауыртпашы, әке.
– Кешірші қызым. Саған ауырлық салғым келмеді. Кешір, кешір… Көзімнің ағы менен қарасы, қартайған да көрген жалғыз қуанышым едің. Анаң екеуміз әр ісіңе сәттілік тілеп, Жаратқанның жар болуын тілеуші едік. Сен үшін барымызды бердік. Сенің бақытты болғаныңды, тезірек есейіп өскеніңді қаладық. Оқулы азаматша болып, еліңе қызмет етуіңді ойлайтынбыз. Сенің мектек бітіріп, үмітімізді ақтағаныңды қалайтынбыз…
– Әке, қарашы мен ұша аламын. Өте биікке ұшамын. Қарашы әке, – деп қыз әкесінің жанына келді. Бірде оң, енді бірде сол жағында періштедей қалықтап жүр. Кішкене саусақтарымен әкесінің бетіндегі жасты сүртіп әлек.
– Имам келді, – деген сөзден селк етіп оянды алпыстар шамасындағы ер адам. Көзін ашып қараса дәл алдында ақ мата астында кішкене ғана дене жатыр. Ол қызы болатын. Мына жарық жалғанмен не бәрі он жасында хош айтысқан бейкүнә «бәйшешегі» еді. Қаскөйдің қолынан қапияда мерт болған періштесі… Кіршіксіз таза періштені қорлап, өлімге қиған қандай әзәзілдің азғыруы болды екен? Мұның жауабын ешкім де дөп басып айта алмас…

P. S: Балауса балғын шағымен ерте қоштасқан «бәйшешек» қызға арнадым.
Жаратқан ие рухын шат етсін!

Құрметті оқырман!

Ал енді «Жұлдыздың шеберлік мектебінің» семинары аясында жас қаламгер Бейбіт Нұрмұхановтың журналымызда жарық көрген жоғарыдағы шағын әңгімелеріне тоқталып көрелік. Бірден айтайын: автордың «Әтір иісі» деп аталатын бір бетке жетер-жетпес дүниесіне өз басым «әңгіме» деп айдар тақпас едім. Жалпы, бұл ештеңе деп атауға келмейтін нәрсе. Бейнелеу өнерінде «этюд» деген ұғым бар, тақырыпты толық аша алмайтын, өйтуге міндетті де емес, ұсақ жанр. Тақырыптың бір бөлшегі, құрамдас бөлігі, жарқыраған күннің жылт еткен сәулесі көркемсуретте солай аталады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына таман «Лениншіл жас» газетінде, содан кейін басқа да басылымдарда «мөлтек әңгіме» деген айдармен сондай суреттемелер (зарисовка) жарияланатын. Бір сәттік сезім, жалт еткен көрініс, ой ұшқыны тәрізді жарияланымдар. Ол кезде жұрттың бәрі газет оқиды, «Лениншіл жас» солардың арасындағы ең көп таралғаны, кейін біреулер әлгіндей шағын суреттемені «новелла» деп атап, көп ұзамай халықтың арасында «новелла дегеніміз осы» деген ұғым қалыптасып кетті. Олай емес, новелла да әңгіме, тек құрылымында өзгешелік бар.
Сонымен, бірінші ескертуіміз – бұл толыққанды әңгіме емес, әңгіменің тезисі, сәл шұбалаңқылау жазылған жоспары деуге болатын дүние.
Екінші, әңгіме дегеніміз – көркем шығарма, «Жұлдыздың» шеберлік мектебі» айдарымен журналымыздың өткен санында жарияланған мақалада америкалық жазушы Уильям Сароян айтқандай, әдебиеттің аса маңызды, тіптен ең маңызды саласы. Ал көркем шығарма тек қана баяндау арқылы жасалмайды. Оның толып жатқан құрамдас бөліктері бар, баяндау, әрине, солардың арасындағы ең бастыларының бірі. Баяндаумен бірге суреттеу қоса жүрмесе, шығарма қос қанатының бірінен айырылған құсқа тең, ондай жарымжан құс ешқашан ұша алмайды, ондай құс табиғатқа жат. Әйтсе де осы арада біреулердің «қойыңыз, білгішім, ұшпайтын құстар да бар, мысалы, түйеқұс пен пингвинді қайтеміз?» деп шыға келуі мүмкін, бірақ табиғи жаратылыс пен өнер туындысының арасындағы айырмашылық сонда – табиғатта адам санасына сыймайтын нәрселер кездесіп жатады, неге олай жараттың деп Құдайдан сұрай алмаймыз, ал адам, бұл жерде – жазушы өнердің, көркем әдебиеттің заңдылықтарына бағынуға тиіс, ең болмағанда, ескеруге міндетті.
Үшінші, бұл менің субъективті пікірім: әдебиеттану ғылымында мұндай ұғым жоқ, ондай терминді таба алмайсыз, бірақ көзі қарақты оқырман түсінетін шығар деп ойлаймын, мына дүние – лирикалық кейіпкердің махаббатты аңсауы, өзі де білмейтін, бірақ кездесіп қала ма деп үміттеніп жүрген арман-аруды сағынғаннан туған бұлыңғыр ой, бұлдыр сезімнің көрінісі. Бірақ… арманын көрге тығып жіберетіндей оның басына не күн туыпты? Ешқандай себеп те, сылтау да жоқ, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген «қағиданың» әдебиетке, жалпы өнерге жүрмейтінін ескерместен, бәлкім білместен дәлел-дәйексіз қатал үкім шығарыпты. Пушкиннің бір сөзі бар еді: «Татьяна мені тыңдамады, күйеуге шығып кетті» дейді, ұлы ақын бұл жерде кейіпкердің әрдайым автордың жоспарына бағына бермейтінін меңзеп тұр.
Бұл үш ескерту де теорияға қатысты. Енді нақты материалға көшіп, теориядан семинарға ойысайық.
Автор сөйлем құрауға олақ, мектепте әдебиеттен шығарма, мазмұндама жазбаған сияқты көрінеді, жазса, ешкім түзетпеген бе, қазақ тілі пәнінен сөз таптарын оқымаған ба, олардың мәнін, қызметін білмей ме, қайсысын қай жерде қолдануға болатынын зерделемеген бе деп әрі-сәрі күйге түсесің.
Бірінші сөйлемдегі «ол» деген есімдікті алайық. Қазақ тілінде «род» деген түсінік жоқ. Әңгімеде бұл сөздің орыс тіліндегі «она» сөзінің орнына қолданылғаны ап-анық көрініп тұр. Сөйлемді жеке алғанда автордың кімді айтып тұрғанын – әйелді ме, еркекті ме – түсіну қиын, әтірді бәрі себеді, әйелдер көбірек себетін шығар, әрине, бірақ әтір құйынатын әйелдер де, еркектер де бар, егер автор әңгіменің кім туралы екенін оқырманның бірден түсінбеуін мақсат етіп қоймаса, сөйлем дұрыс құрылмаған.
Екінші сөйлем: «Солайша өзіне назар аудартты». Бұл да қазақы сөйлем емес. Әтірді біреулердің, әсіресе танымайтын адамның назарын аударту үшін құйынбайтын шығар. Үшінші сөйлем мүлдем ақылға қонбайды: «Иығыма қондырылған басым» дегенді шалақазақ айтпаса, дені дұрыс адам сөзді бұлай қолданбайды.
Төртінші сөйлемді қабылдауға болады, бесінші сөйлем – тағы да құрғақ баяндау. «…еркек біткенді ынтық қылатын мінсіз мүсін…». Талғамға таласпайды дейді, саған ұнаған мүсін маған ұнамауы мүмкін. Бірақ сен ұнайды дейсің. Олай болса, шынымен маған да ұнайтынына көзімді жеткіз, дәлелде. Қалай дәлелдейсің? Әрине, суреттеу арқылы! Егер жеріне жеткізіп суреттей алсаң, сөзбен салған суретің менің де көңілімнен шықса, онда бұл сөзіңе сенер едім. Әйтпесе жайдақ сөзбен оқырманды баурай алмайсың.
Осы жерде бір мысал келтірейін. Джек Лондонның «Жолда жүрген жолаушылар үшін!» деп аталатын әңгімесі бар, автор күннің суықтығын былай бейнелейді: «Джек Уэстендейлдің көзінен ыршып шыққан жас бетінің ұшына барып қата қалды». Суреттеу деген осы. Жанды, тірі сөйлем.
Бесінші сөйлемдегі «көз ұшынан алыстағанша» деген тіркес қаншалықты шыншыл? «Көз ұшы» деген қандай қашықтық? Одан да алыстаса, қандай болады? Қалада көздің ұшына дейін созылып жатқан соншалықты ұзын көше бар ма, болса, қыз неге сол көшені бойлап жүре береді, жігіт неге оған сонша уақыт қарап тұрады, өйтудің ерсі екені санасына жетпей ме деген сияқты толып жатқан сұрақтар туындайды…
Екінші абзацтың бірінші сөйлеміндегі «тағы бетпе-бет кездесудің реті келмеді» деген тіркес қаншалықты орынды келтірілген? Бұрын бетпе-бет кездескен адаммен тағы да жолығысуды айтып тұр ма? Бірақ жүзін көре алмадым деп еді. Әлде бұл жолы да жүзін көре алмадым дегені ме? Олай болса «бетпе-бет кездесудің тағы да реті келмеді» болуы керек қой?
Содан кейінгі сөйлемде «…әтірінің иісі арқылы ғана сол екенін білдім» дейді. Бір әтірді бір ғана адам жаға ма? Бұл сөзіңе сенгім келсе де сене алмаймын, қарағым. «Өтіріктің өзіне емес, қисынына сен» дейді, қисынын келтірсейші. Жазушысың ғой, құр сөз емес, тірі сөз бер маған, күмән туғызатын емес, иландыратын сөз тап! Бәлкім, сол емес пе екен деп үміттенген болар, сол болса ғой деп тілеген шығар. Қыз оған: «кешіріңіз, менде бір зат еді. Өтіп кетсем бола ма?» дейді. Қыз айтқан бірінші сөйлем дұрыс құрылмаған, оның өзі дұрыс жазылмапты: «мен де» емес, «менде» болуы керек еді. Бұл «ойланбастан жол береді». Армандаған қыз қасынан өте шығады, ал ол «ақымақтықпен жүзіне қарамайды».
Осы абзацтағы бір сөйлемде «жүзбе-жүз жүздесу» деген тіркес келтіріледі, орашолақ тіркес, сөз қайталамау керек қой. Тағы бір сөйлемде «ақ жүзді қыз» дейді, қазақ тілі теңеуге бай, бірақ дәл осындай теңеуді кездестірмеппін. Оғаш, ерсі. «Ақ жүзің» деп айтылады, бірақ «ақ жүзді қыз» демейді. Тағы да шалақазақтың тілі.
Келесі абзацтағы ой да күмәнді. «Аялдамадағы барлық пенденің түрін жатқа (осы жерде «білемін» деген сөз қалып қойған), кімнің қандай кемшілігі барын айтып бере аламын» дейді, сене алмайсың. Ондай қабілеті бар адамдар кездеседі, суретшілер бір көргенін жаттап алуы мүмкін, бірақ кейіпкердің бұл сөзіне сенбейсің. Дәлел жоқ. «Үстіңгі ернін бояп, астыңғы ернін бояуды ұмытып кеткен қыз» да сенімсіз.
Одан әрі кейіпкеріміз мешіттің қасында өткізіліп жатқан жаназаға жиналған адамдарға тап болады, «алдыңғы қатардан орын тиеді», марқұмды жатқызған зембілдің (автор оны «нәселке» дейді) бір бұрышын ұстайды. Тағы да әтір иісін сезеді. Жан-жағына қарап, әлгі қызды көре алмайды.
Марқұмды жерлеп келіп, асқа отырғанда ғана біреудің айтқан сөзінен әйел адамды жерлегендерін біледі, «денесі су ете қалады». Әтірінің иісіне ғашық болып жүрген қызды жерлеп келген екенбіз деп ойлайды. Солай шығар, бірақ…
Жаназа оқығанына қарағанда, қызымыз мұсылман болғаны. Мұсылман дінінде мәйітке дәрет алдырады, жуындырады, кебіндейді. Мүрденің бас-аяғын түгел ақ кебінмен орайды, оның сыртынан кілеммен бүркейді. Тірісінде жаққан әтірдің иісі соның бәрінен өте қояр ма екен?
Жазушының жазғанына ешкім күмәнданбауға тиіс. Тіптен өтірік екенін біліп тұрса да. Александр Беляев, Герберт Уэллс, Жюль Верн секілді фантаст жазушылардың өмірде болмаған, болмайтын, болуы да мүмкін емес жәйттерді жазған шығармаларына сенесің ғой. Жазушының шеберлігі деген осы. Ал сен нақты өмір жайында жазып тұрсың, бірақ оқырманды күмәнді ойға қалдырасың. Өмірді білу керек, білмесең зертте.
Сөйлем құрылысындағы қателер – редактордың құзырында, енді корректорлық қателерге тоқталайық. Жоғарыда «мен де» емес, «менде» болуы керектігін айтқанбыз, соңғы жағында «қатарда» деген сөз «қатар да» болып жазылыпты. Соңғы абзацта «аң-тай күйде» дейді, дұрысы «аң-таң» болса керек. Осындай ұсақ-түйекке шұқшимаса да болар еді ғой деп шамырқанбаңыз, үлкен әдебиетте ұсақ-түйек деген болмайды, ал қазақ әдебиеті – үлкен әдебиет. Шын шебер әріп қатесін жібермейді, үтір-нүктеден жаңылыспайды, байқаусызда ғана он бетте бір қате кетуі мүмкін. Ал егер бір бетте он қате жүрсе, онда авторымыз шебер емес, шалағай болғаны.
Бірінші әңгімені мүмкіндігінше тәптіштеп талдауға тырыстық, қалғандарына бүйтіп шұқшимай, үлкейткіш әйнекпен үңілмей, жалпылама тоқталмақпыз.
Жоғарыда көрсетілген қателер автордың басқа әңгімелеріне де тән. Оларды енді өзі де ажырата алатын шығар деп үміттенеміз. Жалпы, бұл әңгімелердің бәріне ортақ кемшілік – жұтаңдық. Ой жұтаңдығы, тіл жұтаңдығы, бейнелеу құралдарының жұтаңдығы. Әңгіменің өзі емес, әзірше сұлбасын түсіріп қояйын, кейін асықпай отырып, кеңінен жазармын деген оймен өзі үшін жазған тезистер сияқты әсер қалдырады.
Енді автордың жетістіктеріне тоқталайық.
Әңгімелердің төртеуі де адамның жан дүниесін зерттеуге талпыныстан тұрады. Әдебиеттің өзі адамтану ғылымы екенін ескерсек, автор басты бағытты дәл тапқан, бұл құптарлық қадам. Лирикалық кейіпкер «Әтір иісінде» бейтаныс қыздың мезгілсіз өліміне қиналып, арманын марқұммен қоса жерлегендей күй кешсе, екінші әңгімеде жасөспірім кезінде жіберген қателігі үшін өкініп, ар азабын тартып жүрген жігіттің жан қиналысы көрсетілген. Үшінші, төртінші әңгімелер де автордың жаны сергек, әсершіл, адамсүйгіш екенін білдіреді. Жазушы үшін ең басты қасиет сол – өйткені кез-келген өнер туындысының өзегінде ізгілік пен адамсүйгіштік жатады. Толыққанды жазушы болу үшін біздің авторға бір ғана нәрсе жетпей тұр, ол – шеберлігін шыңдау.
Жазушы – сөз зергері, қара сөзді гауһардай құлпыртып, оқыған адамның көзі қуанып, жаны жадырайтындай етіп жіберуге тиіс. Бұл үшін тілді білу керек, білмесең – зертте, шеберлерден үйрен, сөздік қорыңды байыт. Әлемдік фольклордың ең бай қоры біздің қазақта, тіл мәйегі сонда жатыр, ауыз әдебиетін қайталап оқып жүр. Туған тіліміздің табиғатын сонда ғана түсінесің, әйтпесе ауызекі тілімізді әбден жаулап алып, біртіндеп кітап бетіне көшіп келе жатқан шұбарала тіркестер жазба әдебиетіміздің түбіне жетіп тынуы кәдік. Жазушы – халықтың алдына шығады, өзі емес, шығармалары. Халықтан үлкен қазы жоқ, оған ұсынатын туындың мінсіз болуға тиіс. Мінсіздікке жету үшін шеберлігіңді шыңдау керек, бұл оңай емес. Көп ізденіп, көп еңбектенуге тура келеді. Мақтау күтпе, сын ізде. Ешкім сені басыңнан ұрып, тұқыртып, әдебиеттен безіндіріп жібергісі келмейді, бірақ тілді бұзуға, сөз қадірін түсіруге, әдебиеттің қасиетін арзандатуға жол бере алмаймыз. Тіл – халықтың жаны, сөз ұстауға ұмтылған жазушының өзі тілімізді бүлдіріп, жанымызды былғаса не болады? Қалай ел боламыз?
Сондықтан, автор осы ескертуімізді, жөн сілтеп, жол көрсетуімізді қабыл алар деп үміттенеміз. Өкпелеме, қарағым, ренжіме, алмас қылыш қайраумен жетіледі, ал егер нәті жасық болса, жетіліп емес, кетіліп тынады. Бізге сенің жыл өткен сайын селдіреп бара жатқан қатарымызды көбейткенің керек. Тек тынбай ізденіп, дүниетанымыңды кеңейтіп, шеберлігіңді ұштай берсең болғаны. Сонымен, іске сәт, қаламгер!

«Жұлдыздың» шеберлік
мектебінің меңгерушісі:
Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ