ТАҚТЫҢ ДА ЖОҚ, БАҚТЫҢ ДА ЖОҚ БАЯНЫ…
ТҮСІМЕ ӘЛІ КІРЕДІ
АЛТЫНЖАЛ АТ
Күмбір-күмбір күй шашқан балбырауын,
Күрсінеді шанағы домбыраның,
Балбастау басылмаған балқұрағың,
Кәусәрімен ойнаған қарғып ағын,
Балалыққа атымды шалдырамын…
Бір көргеннен құлынын Керқұланың,
Тимей қойды жастыққа жар құлағым,
Жұлдыздай маңдайымда жанды бағым.
Оттай ыстық кеудеме толды жалын.
Оқыранып биесі сары шалдың,
Жасырғанмен бойыңды соны шалғын,
Жетуші едім жүгіріп жалаң аяқ,
Қалың нудан көрінбей қарыс алдым.
Сарсаң жылдар сабылтып салқынқабақ,
Киіп кетер демеппін алдымды орап,
Жебедей боп аққанда аламанда,
Сүмбіледей сәйгүлік Алтынжал ат.
Тап келіп желтоқсанның мұңды ызғары,
Ақиқат бей-жай қарап тұрғызбады,
Тас көшемен кеудесін рух кернеген,
Құстай ұштық даланың жұлдыздары.
Талмау тұстың дөп тиіп жарасына,
Кірдік көптің кимелеп арасына,
Ел намысы артына қаратпады,
Ауылдың аңғал қара баласына.
Дүмдінің жүре алмайтын дегенімен,
Ашу-ыза атылып кемерінен,
Құлагерді құлатпай тұра алмайтын,
Талма тұстан қадалып жебе күрең.
Темір таяқ, тозбайтын темір етік,
Дөңгелегі заманның кері кетіп,
Дүние-ай, қамшылаған көкшолағын,
Күлкімізді жіберді көмір етіп.
Басталмаған ғұмырдың парағының,
Айғыздады ақ бетін қаралы күн,
Шарт кеткен-ай шыдамның шанағының,
Басын тігіп бәйгеге болар ұлың,
Тоңмойын түзім тұрды оққа байлап,
Шалды аяқтан көнтабан көктайғанақ,
Азаттықтың аспанға Айы шықса,
Азамат басқа қандай бақты ойламақ?..
Сұрауы жоқ жылдардың қоршауында,
Қайта қанат жаза алмай дер шағымда,
Қарт атаның түбіне уайым жетті,
Алтынжал ат шым батты сары сағымға…
Алдырмайтын жануар абаданға,
Сипатпастан жалынан жан адамға,
Бұғалық салдырмастан құздан қарғып,
Өмір дейтін өтті ағып аламанда.
Топты қорқау тұс-тұстан қамағанда…
Боз кіреуке сетінеп селдірер ме,
Бөгет бола алмайды енді керме,
Бір тал қылын тұтатсам кекілінің,
Қыр төсінде үкідей желбірер ме?
Түсіме әлі кіреді Алтынжал ат,
Сүттей аппақ құлыншақ қалпында қап.
Сары шалдың сақтаған немересі,
Алақаннан бір түйір қантын жалап..
Алтынжал ат, арғымақ алтын қанат….
АҚ ПЕН ҚЫЗЫЛ АРАСЫ
Қоңыр қазым жаздан ұшып жаңылыс,
Қызыл жалқын, қызыл өртке толып іш,
Сүмбіледен сынық сәуле таба алмай,
Жетегіңе ердім көзсіз сағыныш.
Жұлдыз жауған төбемізден тылсым көк,
Жердегіге көрінгенмен мінсіз боп,
Жеті түнде талып жетіп бір сұңқыл,
Жүрек тайдай атқақтайды, дүрсілдеп.
Жалғыздықтың кімге тисін жолы оңай,
Теңіз құрғап, тау мүжіліп толағай,
Жалғыз жортқан көкжал мерт боп үйірсіз,
Қасіреттен қарс айрылып қарағай.
Күрең күннің мысы басып еңсені,
Құбылаға тірелерде жол соңы,
Намаздыгер намазшамда бүгіліп,
Бет сипаған қарияның кемсеңі.
Көкірегін буған не күй қамырық?
Пенде ме еді пір тұтқаны, табынып?
Төңірегі түгел көсем, паң, ұлық.
Желбір жекен жел еседі қағынып.
Қай төреге, қай төбеге сенесің?
Маңдайыңа жазылғанын көресің,
Қысыр сөзбен қарық қылса қарадай,
Қоң етіңді тағы кесіп бересің.
Шындықты айтып кімге болдық сүйкімді?
Ұялсақ та ұлы дедік қиқымды,
Қуыс қурай құбылады құйтұрқы,
Сынығына сылтау тауып мың түрлі…
Қызыл іңір қызыл көзі қанталап,
Көлеңкелер аш бөрідей анталап,
Екі кеште екі дүние шегінде,
Алабөтен көш құрады салтанат.
Елесі ме еміс-еміс ескінің,
Пәруана ебіл-дебіл бес күнім,
Сәуірдегі ақ жаңбырдай жастығым,
Ақшылын да аямаған қошқылын…
Алакеуім ақ пен қызыл арасы,
Бітіспейтін жалғанның жанталасы,
Көкжиектің жасқа толып шарасы.
Қимас көздің мөлт еткендей қарасы…
Кертағының ойнап өскен жалында,
Шоқ жүгіріп асау ыстық қанымда,
Арғымағым тұра бермес бабында,
Жанұшырам жетемін деп сағымға.
Ебідегі қызыл желге қызынып,
Қызыл отқа қолын малған қызығып,
Көз қадаған ізімізден сүзіліп,
Қызыл ғұмыр сының қапты бұзылып.
Қызылмай боп сан сәйгүлік таң асқан,
Қызыл бөрік кімнен қалмас жарасқан?
Қызыл шарбы бұлт ішінде қызыл Ай,
Қызғыш құстай шарқ ұрады адасқан.
Жана-жана жаным ба оттан безініп?
Жаңа ғана тыншығанда көз іліп,
Самұрық боп күлден ұшқан тіріліп,
Ай толғанда қос қанаты жазылып…
* * *
Жиегіне Жердің жіпсіз ілініп,
Қып-қызыл Күн…
қарашықтай жұмылып,
Құбылада сөніп соңғы шұғыла,
Сәл кешіксем, түсіреді түңілік.
Көлегейлеп жүзін қара пердемен,
Зымыстан түн кескестейді көлденең,
Шексіздіктен шашыраған жылт ұшқын,
Үмітімнің жұлдызы ма сөнбеген?
Ақ дегенім адастырған қара ма?
Қашан сына қақты бөтен араға?
Сұңқарымның қанатына оқ тиіп,
Бір зұлым қол у себеді жараға…
Адастырып таң мен түнек арасы,
Алтынжалдың шыдас берсе тағасы,
Ағып өтсем, арғы жағы – ақ Әлем,
Арғы жағы – жүрегімнің дауасы.
Сұрапылдан табатындай жан тыным,
Іштегі отқа шипа жойқын салқының,
Ақ теңіздей алай-дүлей ақ әлем,
Қақпақыл ғып таудай-таудай толқының.
Жеткізбейтін ұшы менен қиыры,
Тозаңдай да жоқ кіршігі, түйірі,
Өң мен түстей қайда жосып барады,
Сүттей аппақ арғымақтың үйірі?
Қанып ішіп көз жасымдай тұмадан,
Арылам ба біржолата күнәдан?
Ақ түтектің жан аңсаған зарығып,
Мұздай суық құшағына құлағам.
Періште ме, қызы ма әлде перінің,
Ай астында естідім бір керім үн,
Аппақ қарда айдалада адасқан,
Сен де мендей жалғыз ба едің, жарығым?
Ақ көйлекті… жалаң аяқ, қолаң шаш,
Қар қызына жолығуым ең алғаш,
Тырнақтайдан кеткен қуып бақ құсын,
Ақ күнім бе әлде, қайтып оралмас?
Сыңарым ба бірге туған енеден,
Тұмарым ба қысылғанда жебеген?
Үлбіреген ақ мамыққа оранып,
Көз ұшында дөңгелейді ақ Әлем…
Күні де аппақ, Түні де аппақ…
Кіл аппақ,
Ақ күмбезде ақ кептерлер шуақтап,
Аппақ нұрға шомылады ақ орман,
Армансыздың қалуы мұң тұрақтап.
Ақ бұлақтар ақ сеңгірден көз алып,
Ай қалғиды ақ бөртедей бозарып,
Шырт ұйқыда жатыр сұлу Ақ ұлыс,
Тыныштық пен ұйып уыз тазалық.
Көбелектей қалықтаған ауамен,
Ақ ұлпаға айналуды қалап ем,
Күміс қылау кірпігіне қонар ем,
Мөлт-мөлт етіп моншақ-моншақ тамар ем,
Ессіз ғашық жүрегің боп соғар ем,
Құшағыңда сәби болып қалар ем,
Өмір сүрген жазылмайтын жарамен,
Жанның емін еңлікгүлден табар ем.
Айнала аппақ, жалғыз түйір қара мең,
Алтынжал ат…
Күнге тартқан жебем ең…
Жеткізбейтін ұшы да жоқ қиыры
МЕН ІЗДЕГЕН АППАҚ ӘЛЕМ,
АҚ ӨЛЕҢ
Ақтаңгердей жараған таң асырып,
Ақжал ақпан белдеуде аласұрып,
Аттан келмей түскісі қытымыр қыс,
Қабырғаны сыздатып қарасуық.
Қай-қайдағы бастап бір жаман ырым,
Құзғын үрей шақырып қарақұрым,
Баспалап кеп бейуақта қаралы күн,
Қара жердің тайғаны-ай тағанының.
Зауал жұлдыз сорына туған қырын,
Өмір қалды астында қирандының.
Сұм ажал дәті жетпей тайсақтады,
Көтере алмай орасан құрбандығын.
Тылсым дүние бүгулі мың қатпары,
Жаңқадай жаныштаған зілбатпаны,
Періштелер жасқаған қанатымен
Аман қапты нәресте құндақтағы.
Қаперсіз ғұмыр кешкен қамсыз адам,
Шықпағасын кеудеден жан шыдаған,
Жұлдыздардай самсаған шамшырағы,
Қаңқасы тұр қаланың қансыраған.
Зілмауыр зілзаланың ізі қалып,
Жібімейтін көк сүңгі мұзы қарып
Үзілмейтін үміттің жібі нәзік –
Тарқатты алтын шүйкесін күн ұзарып.
Ай торығып аспанда, алабұртып,
Күңірентіп, жаһанды жан ауыртып,
Айдалада адасқан ақбөкендей,
Бұлт ішінен ақ шуақ қарады үркіп…
Кесірленіп Ай жатыр, шалқақ ұшы,
Алпарысы, алда бір қалтарысы…
Суыт жортып көкшулан Арқа қысы,
Сыпырылса қыңқ етпес қоңтерісі.
Қырық қасық су құйып немерені,
Ақ бесікке ақ әже бөлеп еді,
Қара жердің кеудесін жарып шығып,
Қар астында бір бүршік көгереді.
Жалған дейтін жаны бір кемедегі,
Жарық күннің қалбаңдап көбелегі,
Қырық жыл қырғын болса, анық екен,
Ажалсызды Алланың жебемегі.
Бұрқ-сарқ етіп ақтүтек жан әлемі,
Булығады ақынның ақ өлеңі.
Абайсызда жанымды дір еткізген,
Ақ сәуле қайда бастап жөнеледі?
Ғайыптың ұшып-жетіп дегелегі…
* * *
Алдаспанның жүзі тайып, қылпуы,
Ақ сұңқардың қанатын от қырқыды,
Аламанның алдын бермес арғымақ,
Ай мен күннің аманында сылтыды.
Тақтың да жоқ, бақтың да жоқ баяны,
Уақыт селі топансудай шаяды,
Опасы жоқ, көшпелі алтын дүние,
Басы – думан, бір-ақ тұтам аяғы.
Бүлінгеннің бүтінделер жыртығы,
Бөлінгеннің шекесі қай шылқыды?
Құмай болып қуған қызыл түлкіні
Қызық дәурен… құмға сіңіп су түбі…
Күздің сұлу күреңітіп кескіні,
Дөңгелейді қу жалғанның бес күні,
Қол жетпейтін қандай асыл болса да,
Уақыт отқа лақтырады ескіні.
Базарының бәсі қайтып қайнаған,
Қайда асығып бара жатыр айналам,
Тырналар ма тыраулаған, қайдағы ән?
Қобыз-кеудем аңырап күй ойнаған.
Көзден кетіп қимастарым кешегі,
Дүние-керуен қайда жөңкіп көшеді,
Жаз жапырағын қара жерге төседі,
Құбыланың қызыл желі еседі.
Тағдыр дейтін жалғыз ауыз қисынға,
Күн астының бар додасы сыйсын ба?
Сынаптайын сырғанаған уақыттың,
Есіл дәурен барады еріп уысында.
Дүниенің еш асылы, алтыны,
Тең келмейтін қарашықтың мөлтілі,
Аңсар, асау жүректердің солқылы,
Жаббар Ие жебеп жүрген Жалқыны,
Жеткізбейтін тынды жұтып жер түбі.
Беу, дүние, тым кірпияз, тым кіді,
У-запыран көкрегімді ұңғыды.
Күнекей қыз ағараңдап күндігі,
Жалт етті де ақмұнарға сүңгіді…
Қу жалғанның осы екен
бар шындығы…
* * *
Жаңбыр исін аңсағанда жаным бір,
Жапырақтан сорғалайды тамып жыр,
Балалықтың жұрты қалған, Көгілдір,
Жалғыз қыран иығына қонып жүр…
Біздің ауыл…
«Біздікі», – деп – барлығын,
Білдірмеген дүниенің тарлығын,
Құбылаға кеткен сіңіп керуені,
Асылзада тектілігі-ай арғының…
Ақсуаттың тамсап тұнық кәусәрін,
Аякөз бен Мамырсуды аңсадым,
Терісайырық – тайталасып қарсы ағын,
Дес бермейтін, өте шықты дер шағым.
Қарауылым…
Қасқа бұлағы Абайдың,
Бір соқпасам, іштегі мұң зорайдың,
Қарайғанды қара тұтып жүргенде,
Ағарғанын байқамадық самайдың.
Жан түбінде бозарады Бозайым,
Күн астында қанатымды жазайын,
Ізгілердің ізі қалған Бақанас,
Айғызымсыз қалай болам көзайым?
Тоз-тоз қылған тоқыраудың өкпегі,
Ес тұтқаны елден ұзап кеткелі,
Құты сіңген бабаның мол шекпені,
Шұбартауым, қалдың қиыс, шеткері.
Жебір уақыт жібергенде ұсақтап.
Көп көлденең көк дөненді тұсап қап,
Тарбағатай, әкем өткен арманда,
Тәу ете алмай, Барқытбелін құшақтап.
Мыңбұлағы тарқатылып бұрымы,
Қанып ішіп кертағының құлыны,
Бабаларым жатқан шығар бір аунап,
Жер түбінен іздеп кеп бір жұрыны…
Жаратылған болмыс қаққа жарылып,
Көк түтіннен тынысымыз тарылып,
Жылқы мінез жерсінбейді қаланы,
Қанымыздан қыр кетпей жүр арылып…
Қайта тіктеп, түсіп кеткен еңсемді,
Қоштасарда көрсетпейін кемсеңді,
Күрең мінген күйкентайдай ғана шал,
Көшпендінің тұяғындай ең соңғы.
Көк тұманың көз жасымдай мөлдірі,
Көк тіреген ұшары мен сеңгірі,
Қыл үстінде түздің тұрып тағдыры,
Бәз-баяғы етек-жеңі молдығы…
Дарымаса даламыздың кеңдігі,
Жарымаса уызына өндірі,
Заман қандай алып тусын толағай,
Бойынан бір білінердей кемдігі…
* * *
Қарашада қар жауғанда мұз қатып,
Қара орманның қабырғасын сыздатып,
Әкем кетті Ақтобықпен қыр асып,
Құбылаға еңкейгенде, күз батып.
Жүрегінің жасырғанмен секемін,
Мойындатып Хаққа белі бекемін,
Қайтқан қазға қимай қарап тұрғанда,
Аңдамаппыз ақтық күзі екенін.
Тура мінез туа бітті Тәңірден,
Жанкешті ұрпақ жаратылған темірден,
Өз иманын оқып өзі сабырмен,
Жарықтық-ай өте шықты өмірден.
Дөңнен асып бара жатты желдіріп,
Арттағыға өсиетін қалдырып,
Көкжиектің ар жағында ел бардай,
Мәңгілікке еш шүбәсіз сендіріп.
Сұрапылға сыр бермеген шаңырақ,
Қыңыр шалсыз төрі суып, қаңырап.
Жетімсіреп қоңыр ауыл, қоңыр күз,
Иесіз тұлдап, қоя берген қоңыр ат.
Болмайтынға бекем болып, жылап ап,
Өр әкеден бойға жұққан ұлағат,
Ширек ғасыр шырғамызды шығармай,
Көш соңынан кетті анам да қуалап.
Күн боп әке, күреңітіп қарадың,
Ай боп анам, бетін сипап жараның,
Құшағында тыным тапқан даланың,
Орны толмай асыл жар мен ағаның.
Қарашаның алды жаңбыр, соңы қар,
Боз даланың бұлжымайтын заңы бар,
Қарайғаны шырағы боп жағылар,
Төскейінде табанының табы бар,
Кетті әкеммен бірге
Ақтобық жануар…
* * *
Шоғырыңның бәсі бір-ақ бәйгелік.
Тобыр менен тобыңдыкі қай желік?
Ту түсіріп, туырлықтым қайғырып,
Құбылаға кетті сіңіп сәйгүлік…
Түпсіз түннен шаңытады көк сыздық,
Алды жарық!
Мәңгі шетсіз-шексіздік.
Жерден неге ажырады табаны,
Түңілтті ме тақымдаған тексіздік?..
Ағып өтіп, шек қойылған жолақтан,
Жаны тыншып, жай тапты ма жаннаттан?
Пайғамбардай елшілікке жіберген,
Сүлейлерін қайта жиып жаратқан…
Алты Алаштың қабырғасы қайысып,
Бет сипадық,
Көкке алақан жайысып.
Опа таппай оспадарсыз ғасырдан,
Жыр барады пейіш жаққа ойысып…
Қасымымен жұбанады қамкөңіл.
Мұқағали – жан баспаған Хантәңір,
Жасындардан қоңыр даусы Мағжанның,
Естілгендей елегізіп тентек ұл.
Көкжиектен тік тартатын жол бардай
Жер мен Көкті жырмен ғана жалғардай,
Айтұяғы алтын жұлдыз боратып,
Арғымақтар барады ағып аймаңдай.
Жерде қалып Адам ата қабірі,
Жерде күллі тіршіліктің тамыры,
Жер-мәңгілік махаббатың гүлзары,
Аялаған жанның ғана жарығы.
Көк тауларда
Көкке шапшып көкбөрі.
Тас-түнекті қақ айрып от демі,
Махамбеттер, Абайлардың өткені,
Ел құшағы жырға тарлық еткені.
Тарихыңның таңдақ-таңдақ беттері,
Кеңдігің мен неге кемеңгерлігің,
Шәкәрім мен Ахметтерге жетпеді?
Маңдайыңа сыймайтындай ардағың,
Алыптар мен асылдарың көп пе еді?
Кеңсай жатыр гүлге оранып бөктері,
Еш пендеге сақтамаған өкпені,
Періштедей таза келіп-кеткені,
Есағамның топырағы кеппеді…
Үркердей-ақ жырдың қаракөктері,
Үйірімен Тәңіріге беттеді…
* * *
Аямаған шәрбатын да, уын да,
Қып-қызыл шоқ түсті қанға, буынға,
Сәйгүлігің сүрінбеуін тілеткен,
Жығылмауын айтұмарлы туың да.
Үйірі жоқ сен де – жалғыз,
мен – жалғыз,
Жалғыздыққа қайдан
болсын ем жалбыз.
Алты алаштан таңдап үкі таққаның,
Қара өлеңмен дуаланып қалған қыз…
Қалай сенің басыңа бақ орнатпақ?
Ару мамыр ыстық жасы сорғақтап,
Аппақ гүлге оранғанда алма ағаш,
Алақанға қондырып ең ардақтап.
Қылдай қиянат жасамай қасыңа,
Жыланның да ақ құйғансың басына,
Ақ түйенің жарып тастап қарынын,
Той қылғандай жалғыз қарындасыңа.
Аққа жарып көрмеген бір тегеші,
Қарық болып күллі күлді-көмеші,
Табалаған күліп тұрып сыртыңнан,
«Көрерміз – деп – жетсе көкке төбесі».
Әуелетіп зәу биікке қос қанат,
Сұқтанғанның бәрін жүрдік дос санап,
Басымнан бір құс ұшырып көрмеп ең,
Қай жағымнан қатер жетті баспалап?
Шынға балап бетпердесін дүрмектің,
Еш көңілді келмеп еді кірлеткің,
Аллаға да керек екен жақсылар,
Нысанада тұрғаныңды білмеппіп…
Жер-дүние сенсіз боп-бос, қараң ғап,
Жылжымайды уақыт шынжыртабандап,
Көкшуланның өкшелейді сұлбасы,
Ту сыртымнан торып жүрген қараңдап…
Соқпақсызбен саяқ тартқан абадан,
Атып шығып, айбат шегіп санадан,
Қу жалғыздық қозыжаурын жебесін,
Сол жағымнан талма-тұстан қадаған.
Күн тұтылды, Жан тұтылды, тұтылды ай.
Азуынан қойғаным ба құтылмай…
Жазылмаған жырдың уы жүректі,
Тыз-тыз қарып, сөнбей қалған тұқылдай…
* * *
Тобылғы түсті дүние,
Тобықтай ғана түйіні,
Назқоңыр күмбір күйіңе,
Бозінген дала иіді…
Желеңі қызғылт шұғыла,
Үлбіреп таңның рауаны,
Еріп нұрдың сұғына,
Жапырақтан жас тамады…
Сезімдей тұнық сұлу шақ,
Шашылған шықтың мөлтілі,
Жарысқан желмен құлыншақ,
Желіде қалған сол күні.
Күлдір де күлдір күміс үн,
Ноқтаға сыймай алқымы,
Кеңітпек болып тынысын,
Саумалдай самал аңқыды.
Жәудіреп, аумай жетімнен,
Ененің бауырын аңсады,
Сипалап майда кекілден,
Бармақтай ұлдың саусағы…
Шошынып сонда дір еткен,
Бала тұр тәтті ұсынып,
Кіршіксіз таза жүрекпен,
Құлынның жанын түсініп…
* * *
Топ баладан оза шауып көгенкөз,
Шыт байлаған шынашақтай шабандоз,
Қыр астында қысырақтың үйірі,
Шылбыр ұстап шықсаң болды саған кез.
Ерқанаты тарлан мінген ізгінің,
Ерте тартып қаракердің тізгінін,
Көк тұйғынның маған бітіп қанаты
Көзмоншағын күміс жіпке тізді күн.
Жебегенде жырдың Қырық шілтені,
Үмітімнің кетті ме ауып үркері,
Қақ айырылып жолы қиыс тағдырдың,
Шілде аспанын қорғасын бұлт бүркеді.
Аласартпай арқасүйер тауыңды,
Бір тойыңа баптап бәйгеторыңды,
Күте-күте көзің талып жолымды,
Жұта берді сап-сары әлем сағымды.
Туған жермен ердің биік тұғыры,
Қаракердің алыс шапты дүбірі,
Ай астында аппақ қарда қаулаған,
Еңлікгүлдің жырға ауысып ғұмыры.
Бақытыма батылдау қол соза алмай.
Сенсіз сыңар қанатымды жаза алмай,
Ақ қағазға тырс-тырс тамған көз жасым,
Жабырқаулау жаңбыр салған ғазалдай….
Сарыарқаның салқам төсін саялап,
Сан сәйгүлік баптасаң да аялап,
Құсқа айналған қауырсындай ғана қыз,
Жеткізбеді жүйрік жылдар желаяқ.
Басқа жанның маңдайына жарасып,
Байқаусызда кеткен бақыт адасып,
Асықтай боп ағып бара жатасың,
Арғымақпен жұмылғанша қарашық.
Асықтай ұл, қауырсындай ғана қыз,
Құс жолындай жолақ-жолақ қалады із,
Құбылаға жетіп тыным табамыз,
Жұлдыздардай жұмбақ тағдырнамамыз…
Назым БАЙОРАЛОВА





