СӨЗ ҚАЙНАРЫН ҚАПЫСЫЗ ҚАНЫП ІШКЕМ

КИЕ

Сарқылмасын тыңдаушының шыдамы,
Ақиқат сөз салмақтырақ шығады.
Базбіреулер жалған сөйлеп ұялмай,
Жербеттеніп, айтқан сөзде тұра алмай,
Ақыр соңы… алдап-сулап тынады.

Мақтанғанда ақық, гауһар, лағылмыз,
Болмысыңды сөзіңнен – ақ танырмыз.
Әңгімеңді әрлендіріп өтірік,
Оңды-солды көп сөйлейсің көпіріп,
«Аз сөз – алтын», сол алтынға зәруміз.

Дүбірлі сөз сын сағатта топ жарған,
Қалың қауым сең соққандай қозғалған.
Сөз киесін ұмытпаған қазақпыз,
Сөз киесін ұлықтаған қазақпыз,
Бабамыздан ұлағатты сөз қалған.

Есті сөз айт, тыңдаған жан таң қалар,
Жаман сөзді естігендер шамданар.
Пікірлестің таяздығын ұққасын,
«Өзі кім деп, сөзі кім деп» тұстасың,
Қол сілтесе, ең ауыры сол болар.

Сөзде тұрмай талай рет тайқыдың,
Мәлім болды ой – жықпылың, сай – қырың.
Маңызды емес сөзді бастау жалғанда,
Сөз тыңдамай жатса жұртың, таңданба,
Маңыздысы – қалай аяқтайтының…

ҚАРАПАЙЫМ БОЛАДЫ ЕКЕН ҰЛЫЛЫҚ

   Сайын Мұратбеков – 90

Алғаш Сізді көріп, аға, толқыдым,
Жақын тарттың таныс жандай бұрыннан,
Туғаныммен кездескендей сол күні,
Сізге сәлем берейін деп бұрылғам.

Уақыт бөліп жөн-жобамды білдіңіз,
Сәлемімді қабыл алып тұра қап.
Әдебиет әлемінде үлгіңіз,
Оқырманды алғаны анық дуалап.

Әңгімеңіз тұнып тұрған жылылық,
Лайық еді қандайына жүлденің.
Қарапайым болады екен ұлылық,
Кейін талай жүздескенде білгенім.

Оқығанбыз қолдан-қолға ауысып,
«Жабайы алма» ағашы әлі саялы.
Шақырады шипасы мол тау іші,
«Кәмен тоғай» жапырағын жаяды.

Оқығанбыз бас алмастан беріліп,
Толқығанмын жүрегімнен жас тамып.
Бірге жүріп, бәрін бірге сезініп,
Ұйықтаушы едік «Жусан иісін» жастанып.

Кейіпкерің қарап тұрар қиылып,
Сіз арқылы әдемі әлем ашылды.
Ертегіге Аян болып ұйыдық,
Жақсы көрдік «Менің қарындасымды».

Жылдар өтті, заман мынау жасарды,
Ұмытылмай жеттің, аға, бұл күнге.
Жақсы көрдік Сізді туған Қапалды,
Сізді жақсы көрмеу, аға, мүмкін бе?!

УЫЗ

Түрің қазақ, «тілім орыс» дейсің бе,
Қанша тілді білу сенің еркіңде.
Ниетің жоқ туған тілде сөйлеуге,
Өкініш жоқ, ұялу жоқ кейпіңде.

Бетің бері бұрыла алмай кетерсің,
Өзге тілмен бауырласып өтерсің.
Әй қарғам-ай, туған ана тіліңнің,
Уызына жарымаған екенсің.

Бай тіліңмен бірге ғұмыр сүргенде,
Мәртебең де өсер еді бұл жерде.
Туған тілдің уызына қанбауың,
Қазынаңнан қағылуың білгенге.

Өзің тектес өгейлерге ұнарсың,
Қазақтықты ескілік деп сынарсың.
Дүние есігін ашқаныңда, қарғам-ау,
Ана әлдиін естімеген шығарсың.

Туған тілмен ауыздансаң туасы,
Бұйырмас па бабалардың мұрасы.
Өз ұлтына опасыздық жасаған,
Жуылар ма ата-анаңның күнәсі.

Бері тартса кері кеткен кесірсің,
Бұл қалпыңа үлкендерің өкінсін.
Ана тілің туған анаң емес пе,
Туғанынан жырақ өскен
жетімсің.
Аузын ашып жанымдағы жараның,
Еселенді келешекке алаңым.
Сендей-сендей жетімектер, міскіндер,
Төл тілімнің мандытпай
жүр қадамын.

ҚАСИЕТТІМ, КИЕЛІМ…

Ғұмыр кештің жан шуағың тарқамай,
Жарқыраттың көңілімнің көшесін.
Түзеп жүрдің қажымай да шаршамай,
Менің өмір – дәптерімнің қатесін.

Қайсарлығың сын сәттерде танылды,
Әкем өтті, ауыр жүкті көтердің.
Жетілді ұл-қыз, аямадың жаныңды,
Орындадың аманатын әкемнің.

Сенің дұғаң айым туса оңымнан,
Тілеуқорым, жоқтығың сан білінді.
Еркіндігім сөз ертті де соңымнан,
Еркелігім ауырлатты жүгіңді.

Бейсауат сөз асырмадың басыңнан,
Біздер үшін бердің жиі құдайы
Жаның құштар болғандықтан жасыңнан
Сөз – өнерді қастерледің шынайы.

Ірікпедің келген сөзді таңдайға,
Құп көріп ең қанатымды қомдаған
Жазуды Алла жазса дағы маңдайға,
Өзің едің бағытымды оңдаған.

Тік көтердің тағдырыңның сынағын,
Көкейімде қалды, анам, сан үлгің.
Балаларың бағыштайды құранын,
Жылуына зәру алақаныңның.

Сазы қалды өзің салған әуеннің,
Қазынамды бетпақ ажал тонаған.
Қандай сыйды дайындайды келер күн,
Демеп, жебеп жатырмысың, жан анам.
Неге біз?!

Періште боп дүниеге келеміз,
Пенде болып жер бесікке енеміз
Мәңгі ғұмыр сүретіндей бейқамбыз,
Неге біз?!

Жамандасақ тілге ерік береміз,
Жығылғанды тепкілейміз, көмеміз.
Мейірімнен, қайырымнан жұрдаймыз,
Неге біз?!

Шетімізден менменсінген төреміз,
Сүрінгеннің кемшілігін тереміз
Бірте-бірте алыстаймыз жақыннан,
Неге біз?!

Жел сөздерге желігеміз, ереміз
Жалғандығын аңдамай-ақ сенеміз
Шалқаямыз шайтан кіріп араға,
Неге біз?!

Биіктерге жетпеген соң өреміз,
Қателессек өзгелерден көреміз,
Дәрменсізбіз мойындауға шындықты,
Неге біз?!

ЖАЙҚАЛСЫН

КӨЗ ЖАУЫН АП ЖАПЫРАҒЫМ

Қуанам таңның күліп атқанына,
Қуанам шайдай ашық аспаныма.
Өмірге құштарлығым еселенді,
Алпысты алқымдаған жаста мына.

Дүрсінсем – бабымда, – деп, – күшім әлі,
Иланып сөзіме кім тұшынады.
Байқасам бара жатыр күн еңкейіп,
Келер күн қандай сыйын ұсынады.

Қарайды қимастықпен жаз айым қап,
Ертеңім есіркейді не дайындап?!
Алғаным-бергенімді саралап ап,
Арзу ғып болашаққа жазайын хат.

Ешкімге бұлдамайын шашым ағын
Жылуы отбасымның – осы бағым.
Биіктеп өссін үрім-бұтақтарым,
Жайқалсын көз жауын ап жапырағым.

Желдіртіп жүретұғын сал күреңді,
Қалды артта серілігім балғын өңді.
Жүрегім міндетіне мінсіз қарап,
Басқарсын баста миым жан жүйемді.

Тірлікте тартынбайын, жарқылдайын,
Сыйласын жақсылығын әр күн дәйім.
Бауырым қуатынан ажырамай,
Мезгілсіз өкпем өшіп алқынбайын.

Жүрегім шаншып, тулап, бұлқынғаны,
Тәтті екен бұл фәнидің шіркін дәмі.
Сүрейін ертеңгі үшін өмірімді,
Жүрейін алаңдатпай құлқынқамы.

Мақтан ғып айтқаным жоқ барымды аса,
Дайынмын кімдер қалай қабылдаса.
Аяңым біраз жерге алып барар,
Аяғым жүрісінен жаңылмаса…

АЛМАТЫ

Сымбатыңа ән арналған,
Шуақ дарып, арайланған,
Арман қалам, сүйем сені,
Жылдан жылға ажарланған.

Төрткүл әлем білер сені,
Жоспар-жобаң кіл еңселі,
Ай мен жұлдыз аймалайтын,
Арман қалам, сүйем сені.

Мың түрленген талғамымсың,
Затың бөлек ардағымсың,
Рухани астанамсың,
Құт дарыған аймағымсың.

Үмітімді жандырғаным,
Жастығымды қалдырғаным.
Жанға сая торғын бағың,
Алыс кетсем қол бұлғадың.

Алматаудың балбұлағы,
Сусынымды қандырады.
Шалқар белі, айдын көлі,
Келбетімен таң қылады.

Жылуы мол алақаның,
Мейіріміңе таласар кім?
Күзетеді кірпік ілмей,
Ақ бас шыңы Алатаудың.

Көрінетін мұнарланып,
Тауды кездім құмарланып.
Шың басында шыршаларды,
Күн сүйеді шырайланып.

Қолдап жүрер асылды Алла,
Домалатсын тасыңды алға.
Марқая бер, жалғаса бер,
Ғасырлардан ғасырларға!

ҰҒЫНАР КІМ

ЖЫЛАП ТҰРҒАН ЖАНЫҢДЫ?!

Ана жылы шыбық едің, өскін ең,
Басыңнан сан уақыт аунап, көшті рең.
Уа, қария алма ағашым, мәуелі,
Амандасып алайықшы әуелі.

Көктеймін деп, көгерем деп талпынған,
Көргем сені балапан тал қалпыңда.
Көктем сайын бүршік жарып жасардың,
Көрікті едің, жапырақпен жасандың.

Ақ гүліңді самал тербеп жай ғана,
Ажарланып кетуші еді айнала.
Сенің жылда беретұғын жемісің,
Өзің үшін емес білем, ел үшін.

Күзде алмаға толушы еді құшағың,
Енді, міне, арса-арса бұтағың.
Тұйықталып бергенің мен бермегің,
Мойындайсың уақыттың келгенін.

Суалды да нәр беретін тамырың,
Күйін кештің қалтақтаған кәрінің.
Ұғынар кім жылап тұрған жаныңды,
Кесіп жатыр құрғақ бұтақтарыңды.

Бүгінгі үшін кәрі ағашсың қураған,
Өн бойыңда қаның да жоқ тулаған.
Жүйке-жүйең балталанды, қиылды,
Ертең бәрі кешеді осы күйіңді.

Сен үшін де мәңгі емес бұл ғалам,
Мен үшін де мәңгі емес бұл ғалам.
…Өсіп-өну маңдайына жазылған,
Бір жас шыбық нәр алыпты тамырдан…

Жапырағын жаяды ертең жаңарып,
Толысады күн көзінен нәр алып.
Төбемізде мәңгі жайнап тұрса күн,
Көктей берсін тал шыбықтай ұрпағым.

ЖАБЫРҚАУЛЫ ЖАЛҒЫЗ ҒАНА

АСПАН БА?

Болашаққа бұрып қиял желкенін,
Бабадәстүр ертегімді шертемін.
Аярлыққа алданған соң арбалып,
Кілт үзілді менің аңғал ертегім.

Ертегімді тауысуға шақ қалдым,
Ертеңімді болжай алмай жасқандым.
Күн қабағы қыртыстанып ашылмай,
Жас парлап тұр жанарынан аспанның.

Уақыт өтпей, ұзарды күн ғасырдай,
Жауды, жауды, жауды жаңбыр басылмай.
Жас парлап тұр жанарынан аспанның,
Күреңітіп көктің көзі ашылмай.

Ашылар көк күн шуағын шашқанда,
Жаз иісі аңқып таудан, тастан да.
Жасаурайды жанымның да жанары,
Жабырқаулы жалғыз ғана аспан ба?

ЖҰМБАҚТАС

Іздеп, аңсап келгем кербез Көкшені,
Құшақ ашып қарсы алғаны Бурабай.
Қазағымның қазынасы жоқ теңі,
Жан-дүниемнің жырласам деп тұрғаны-ай.

Менің жаным көркемдікпен егіз боп,
Әсер алдым, қуат алдым, жыр алдым.
Өткенді іздеп, көктемді іздеп, ой іздеп,
Қарлы тауға жанарымды суардым.

Менің жаным көркемдікті ұнатты,
Менің жаным сұлулыққа ұмтылмақ.
Көрінгенмен таяқ тастам сияқты,
Жеткізбейді шоқылары шың тұрмақ.

Көкше көлдің маңайынан ел кетпес,
Сағынбаған жанға тау-тас тіл қатпас.
Менің көңілім өзіңе ұқсас, Оқжетпес,
Менің жаным мың қатпарлы Жұмбақтас…

ЖЫЛЖИДЫ

АЛҒА ӨМІР-КӨШІМ

Көңіл көгім түнереді,
Тұнжыраса мұңды аспаным.
Түсіме кеп жиі енеді,
Кеткен ұзап қимастарым.

Ата-анама кеткен ұзап,
Не жақсылық көрсетіп ем.
Бақыт дәмін татты азырақ,
Бейнет кешті белшесінен.

Өкпе-назын көтерді ме,
Қыз-ұлдары, келіндері.
Түнгі ұйқысы өтелді ме,
Ақталды ма сенімдері.

Әке-төзім тас-темірден,
Ана-пейіл тарылған ба?!
Разылықпен өтті өмірден,
Маңдайына жазылғанға.

Әкем-тұнық бастауым ең,
Анам-көңіл төріндесің.
Өздеріңнің соқпағыңмен,
Жылжиды алға өмір-көшім…

МЕНІҢ ТАҒДЫР КІТАБЫМ

Басыңнан сырғып уақыт, озған заман,
Бабамнан айтылмаған сөз қалмаған.
Жолыңды ұзын-қысқа сызған дейді,
Түу баста тағдырыңды жазған Қалам.

Жаратқан адамзатты мол несіппен,
Алланың жазуынсыз жол кесіп пе ең?!
Жазулы дейді тағдыр кітабыңда,
Басталған ғұмыр жолың тал бесіктен.

Сыйлады жарық күнді шұғылалы,
Өмірдің тылсым шың мен шыңырауы.
Жазулы дейді тағдыр кітабыңда,
Тірліктің қалай қарай құбылары.

Жас кезде сарп етпеген күшіңді әлі,
Тағдырдың желі қайда ұшырмады.
Туа сап таудай бақыт қалап едің,
Шым-шымдап дәтке қуат ұсынғаны.

Ойнадық тағдырменен жүре тіпті,
Қиямет қайымды ақын жыр етіпті.
Болжаған алдын ала жазмышыңды,
Кітабын Ләухул Махфуз кім оқыпты?!

Жасаған пенделікпен көп күнәміз,
Біздің де бастан өтер бес күн аңыз.
Кітаптың оқылмаған жазуымен,
Алланың аманатын тапсырамыз.

Жыл сайын жылмен бірге жаңардық па,
Биікке біз қалаған қона алдық па?
Көретін қызығымыз таусылмасын,
Әзірше жүрген кезде амандықта.

 

                                                          Жомарт ИГІМАН




ПІКІР ЖАЗУ