Ақжайық өңірі қазақ әдебиетіне сом тұлғалар сыйлады

Жүз жылға жуық тарихы бар Қазақстан жазушыларының әдеби-әлеуметтік «Жұлдыз» журналы ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл журнал қанша уақыт өтсе де, мазмұнын, маңыздылығын жоймай, оқырмандарға рухани байлық сыйлап келе жатқанына куәміз. Тіпті, Кеңес Одағының тұсында түсімізге кірмейтін тиражбен жарық көріп, ауыл еңбеккерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің сүйікті журналына айналғаны белгілі. Бүгінде Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын түгендеп, әдебиетін әдіптеп келе жатқан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау үстінде.

Ақжайық өңірі қазақ әдебиетіне сом тұлғалар сыйлады. Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Қадыр Мырза Әли, Қайрат Жұмағалиев, Сағат Әбдуғалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Жанғали Нәбиуллин, Айтқали Нәріков сынды тұлғалар ұлт руханиятында өз биігін бағындырған қаламгерлер. Әрине, талант-дарынымен дәл осындай биікке жеткен шығармашыл шоғырдың ізбасарлары, қанаттас замандастары өңір әдебиетін дамытып жатқаны бесенеден белгілі.

Дейтұрғанмен, туған жердің төрінде, облыс орталығында жүрген қаламгерлердің шығармашылығын белгілі бір аймақта ғана насихаттау-мен шектеліп қаламыз. Осы мәселені «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбайға жеткізгенімізде, ол ағамыз жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын басылымға беруге бірден келісім берді. Бас редактордың бұл қамқорлығына өңір зиялылары мен Ақжайық жұртшылығы атынан зор алғысымызды айтамыз.

Осы мәселелерді ескере отырып, Батыс Қазақстан облысындағы ауыл, аудандарда ғұмыр кешіп жатқан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауды жөн санадық. Ауылда тұрып жатыр демесең, бұл қаламгерлердің әрқайсысы ешкімнен кем емес. Ұсынған авторлардың шығармаларынан ауыл тынысы, тұнық та саф таза жыр, көркемдік анық байқалады. Қаламгерлердің еңбегіне баға беруді оқырман қауымның еншісіне қалдырдық.

Бауыржан Халиолла,
Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан
облыстық филиал директоры

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН. БІР ТҮНГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН

Адамзат табиғаттың бір бөлігі болғандықтан,
оның заңдарына бағынуы тиіс.
Спиноза

…Жарық дүние жаратылғалы бері тағы бір таң атып, тағы бір күн батты. Қаңтардың шымыр аязды кешінде малын жылы орнына жайлап, үйге кірген Әбіл қарт сырт киімін шешіп жатып, «Апыр-ай, бүгін жалғыз қонатын болғаным ба? Шынымен ешқайсысының келмегені ме?..» деп ойлады. Тап қазір «ешқайсысы» деген ұғым-түсініктің аясына Әбекең үшін мана сәске түске таман ат-шанамен жеті шақырым жердегі ауылда тұратын кенже бала-келінінің үйіне кеткен бәйбішесі де, оқта-текте соғып тұратын жақын-жуық, жора-жолдас та, ең аяғы орманшының үйіне жол үсті жылыну үшін кіретін бейтаныс жолаушы да енетін.
«Немерелерімді сағындым» деуі жиілеп кетіп еді. Жамал, сірә, бүгін балаларға қонатын шығар…». Осы ойдың жетегінде жүріп, орманшы қарт алаулап жанып жатқан ошаққа шәйнекпен шай қойып, іле-шала төргі бөлмедегі «Березка» түрлі-түсті теледидарын қосты. Ондағы ойы – соңғы хабарды тыңдау. Сол сол-ақ екен, диктор қыз Тәжікстандағы бүгінгі ахуалды бірауыз баяндай келіп, сол жақтағы әріптесінің дайындаған репортажын қосты. Жағдай бұрынғыдан да ушыға түскен. Тағы да қарулы қақтығыс орын алып, біраз адам жантәсілім қылған. Қаза тапқандардың арасында бала-шаға да бар көрінеді…
«Құдай-ау, тәжік пен тәжік тіл табыса алмай, қашанғы қырықпышақ болады бұлар?.. Бір ұлт, бір халықтың жік-жікке бөлініп, бірі-біріне қару кезеніп, бірі-бірінің қанын төгуден тайынбауы не жақсылық дейсің? Досқа таба, дұшпанға күлкі болудың ең сорақысы осы шығар. Е-е-е, Жасаған ием, оның бетін жел сөзге ергіш, ру-жүз деп жікке бөлінгіш біздің қазақтан әрі қыла гөр!». Осындай көңілсіз ойдан ол спорт жаңалықтарын тыңдағанда ғана серпілгендей болды. Қазақтың әлдебір жас боксшысы әлдебір халықаралық жарыста жеңімпаз атанған екен. «Жарайсың, балам! Әй, бірақ рингтен бокстың Ақан серісі – Серікжан (Қонақбаев) кеткелі шырайымыз кірмей жүр-ау»*. Ауа райы туралы мәліметтен кейін іле-шала даңғыр-дұңғыр музыкаға ілесіп, тырдай жалаңашқа жақын қыздар одыраң-одыраң билеуге кірісті.
– Өй, өңшең антұрғандар! Осыны да би деп, өнер деп…
Үйде жалғыз болғасын ба, басқа арнаға ауыстыруға зауқы соқпай, күнделікті жаңалыққа қаныққасын әлгі шөпжелкелерге бұрқылдай ұрсып жүріп, ақыры теледидарды өшіріп тынды. Сонан соң әдемі дастарқанмен жабылып, жылы пешке жақын қойылған ас столына жайғасып, бал жағылған бауырсақ пен сүт қатқан хош иісті қою күрең үнді шайын жаны рахаттанып сораптауға кірісті. Шай іше отырып, бәйбішесі ұнға аунатып, бабына келтіріп қуырып кеткен табадағы балықты қазандыққа қойып, қыздырып алуды да ұмытпады. Қуырылған балық – біздің қарттың қысы-жазы, яки, жыл – он екі ай бойы жеңсік асы. Балық жей отырып шалың, «Бұл дүниеде балықты менің кемпірімдей дәмді қуыратын жан бар ма екен, сірә?!» деп іштей өз бәйбішесіне өзі сүйсініп қойды.

Кешкі тамақтан соң күндегі әдетімен біразырақ таза ауада жүріп, қора жақты бір шолып, көкке көз тігіп, ертеңгі күн райын болжап қайтты. Үп еткен жел жоқ, аспан ашық болғанымен, жұлдыздар өте сирек, әрі тым алыстан жылтырайды. Күндізгі шыңылтыр аяздың түнге қарай ірә күшейе түскен түрі бар. «Қаңтарың қаһарын танытып бағады-ау, шамасы…»
Суықтан жанға жәйлі жылы үйге кіріп, бойы жылығасын күні бойы тыным көрмеген шаруа адамы шаршағанын енді сезгендей болды. «Қой, жоқтан өзгеге елегізіп босқа отырғанша, демалғаным жөн шығар» деген ниетпен төсекке жайғасқан әрі орманшы, әрі қорықшы қарттан басы жастыққа тиісімен ұйқы қашты. Жалғыз кісіні ой торитыны рас болып шықты. Басына алғаш келген ой ауылдағы өзі құралпы кемпір-шалдың мұны өсекке өзек етуі болды.

«Апыр-ай, ә, ауылдағы жаман құрдастар мені, «Әбіл күнінен бұрын алжыды. Қартайғанда шыбын бағып, әрі тышқаншылап кетті» дейтін көрінеді. Ай, шыбын мен бал арасының арасы жер мен көктей, ал терісі бағалы аңдарды қолда өсіргеннің пайдасы көл-көсір екенін ол ақымақтар қайдан білсін. Әйтпесе, қысылғанда менен қарыз сұрап келетін алдыменен солардың өздері. Өтпелі кезең, өліара шақтың қиындықтарын айтып ұзынды күн жылай бергенше, өздері бас болып жаңа заманда жастарды кәсіпке баулудың орнына айтып жүрген сөздерінің сиқын қарай гөр. Мен бір осы жерге ерігіп келгендей…

…Кейін мәлім болғандай, алғаш әскерилер бұлардың ауылының маңын төңіректеп, полигон салып, алапат қаруды сынамаққа бел буып, әкімқаралар сүттей ұйып отырған елді «көш те көштің» астына алғанда мұның өзі жақын маңайдағы әлдебір іргелес елді мекенге көше салуды көздеген. Бірақ әкесінің ақылымен Жайық бойындағы алыс та бейтаныс ауылдан бір-ақ шықты. Ол кезде бұл енді үйленген жиырма үш жастағы қылшылдаған жігіт-ті. Әкесі марқұм газет-журнал оқырлық сауаты бар, қақ-соқта ісі жоқ кісі-тін. Әйтсе де жарықтық өз шаруасына мығым һәм санасының шамы бар жан еді-ау. Елдің алды артынып-тартынып сол төңірекке көше бастаған күндердің бірінде:

– Балам, айдың-күннің аманында ел-жұртты жылы орнынан бөрі тиген қойдай дүрліктірудің түбі жақсылыққа апармайды. Бұлар (әскерилерді айтқаны) бір сойқанды бастағалы жүрсе керек. «Аш пәледен қаш пәле!» дегендей, аулаққа кеткеніміз жөн. Бір өзен-көлі, орман-тоғайы бар адам баласы қиянатқа қимайтын жерге бет түзе. Нартәуекел, мен ердім соңыңнан! Бізге ілесетін болса, осындағы жақын-жуық, көрші-көлемге жеткіз менің сөзімді.

Әкесінің уәжін естігеннен кейін бұл таңға көз ілмей шықты. Қайда көшпек? Кім бұларды құшақ жайып қарсы алғалы дайын отыр? Елдің өзі бес жылғы соғыстан соң енді-енді есін жиып, етегін жаба бастады емес пе? Әлден уақытта әскерде бірге болған жолдасы ақжайықтық Әсеттің өз ауылының табиғатының сұлулығын жиі тілге тиек етіп, мақтан тұтатыны есіне түсті. «Соған барып көрсем қайтеді? Бәлкім, бір жөні болар?..»

Ертесіне досының мекенжайы толық жазылған солдат кезіндегі блокнотын қалтасына басып, 700 шақырым жердегі өзі бұрын-соңды болып көрмеген беймәлім ауылға облыс орталығы арқылы жол тартты. Ол уақ көліктің қат кезі, жолай бір қонып, Әсеттің үйіне екі күн жарым дегенде шаршап-шалдығып түс ауа әрең жетті. Досының отбасы түгел жиналған кешкі шай үстінде ол келген шаруасын жайып салды. Абырой болғанда Әсеттің майдангер әкесі бір іргелі колхоздың ірі фермасының меңгерушісі екен. Аз-кем үнсіздіктен соң мұның сөзін сол кісі іліп әкетті, – Көшіп келіңдер, балам! Күні кешегі күркіреп өткен соғыс кезінде бұл қазақ өзі өлермен халде отырып, кімді паналатпады, кімге қорған болмады? Сендерге ондай Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама туып жатқанда, біздің безбүйректік танытып, жайбарақат отырғанымыз жараспас. Өйтсек, онымызды Құдай да кешірмес. Бірден бәріңе жағдай туғызып, жақсы жайғастырам деп айта алмаймын. Көптеп, көлемдеп көрерміз енді… Байлаулы сөз осы болды.

Әке сөзі дем бем беріп, сөйтіп бұл бастаған жеті-сегіз үй Бәйтерек ауданына қарасты осы Көкорай ауылына қоныстанған болатын. Өзі «Көкорай» десе, көкорай шіркін! Ауылдың тек үлкен жолға шығар жағы ғана қырлық. Онда да қызыл шаңы бұрқырап, сары топырағы шығып сазарып жатқан жоқ. Кең алқап көкжиектен бастап ауылдың кіреберісіне дейін тобыққа жетер-жетпес көкораймен көмкерілген. Ауылдың «Көкорай» аталуы сірә, содан болса керек. Ал Көкорайдың қалған үш жағын тура осы ауылдың тұсына келгенде доғаша иіле қалған Мойылды көлі алып жатыр. Көл жағасы тал-терегіне қоса, шегіршіні мен үйеңкесі, мойылы мен итмұрыны бітік өскен сыңсыған орман. Арагідік ұшырасар алаңқай мен сай-салалар тамыз туа, уылжып піскен шағында тіліңе тисе болды еріп жүре беретін бүлдіргенге толады. Мойылдының арғы бетіне өтсең, ерке сылқым Жайық өзені де қашық емес. Бар болғаны үш-ақ шақырым. Атыңнан айналайын Ақ Жайықтың иірім-иірім байсалды ағысының өзі керім әдемі! Құдды, қыздың жымиғанындай! Несін айтасың, бұл бір байтақ қазақ даласында аса сирек кездесетін, ілуде бір ұшырасатын жерұйық болып шықты. Жерұйық емей немене, ауылдың маңы құстары бақадай шулаған, балығы тайдай тулаған көл. Жерұйық емей немене, ауылыңнан қарға адым ұзамай-ақ жоғары қарасаң, мойылы төгілген, аяқ бассаң, бүлдіргені езілген орман басталады. Әсіресе, ауылдың жыл-он екі ай бойы жұтқаның білінбейтін жұпар ауасын айтсаңшы!

Жаңа қоныстарын алғаш көргенде төңірекке сүйсіне көз тігіп тұрып, әкесінің, «Рақмет, балам! Жердің жәннатын, бұл дүниенің жұмағын тапқан екенсің» дегені әлі есіңде. Ол кез елуінші жылдардың орта тұсы еді-ау. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өте шығыпты. Қалай тез?.. Жаңа мекен бұлардың бәріне бірдей құтты қоныс болды. Құтты қоныс болғаны емей немене, осы жерде олар үбірлі-шүбірлі болып, ұрпақ сүйіп, ұл-қыз өсірді. Алдарына мал бітіп, бастарына бақ қонды. Әрине, уайым-қайғысыз да болған жоқ. Бұлармен ере келген қариялардың басым көпшілігі өмірден озды. Бір таңқаларлығы, олардың бірде-біреуі ақыреттік сапарға аттанар алдында бұларды, «Сүйегімді атамекенге жеткізіңдер» деп қинаған жоқ. Ал енді алда-жалда өйтіп өсиет айтқан күнде аманатқа қиянат жасамайтын ғұрпымызбен қанша қиналсаң да, ит арқасы қиянға жол шегерің кәміл. Шамасы, әрі балаларды қинамайық, әрі ең болмаса, өлгенде тыныш жатайық, зұлмат жарылыс сүйегімізді саудыратпасын дегендері шығар. Әйтпесе, олар бастары қосыла қалса, көз жастарын сығып кір жуып, кіндік кескен жерлерін жыр қылумен өтті ғой… Бүгінде араларында қалған үлкендері – ғұмыр жасы тоқсанға таяған үш-төрт кемпір-шал. «Е-е-е, Алла, енді соларға қуат, жастарға саулық бере гөр! Сынақ аймағында қалған ел-жұрт қазір құлақ естіп, көз көрмеген әр түрлі ауруға шалдығып, дені сау ұрпақ өрбітуге зар. Әке, сіз көреген екенсіз…»

Ұзақ жыл ауылда механизатор, бертін келе біраз жыл егін бригадасының бригадирі ретінде еселі еңбек етіп, зейнетке шыққан мұның аяқасты орманшы болуының да өзіндік тарихы бар. Сырт көзге халқының тыныс-тіршілігі тату-тәтті көрінетін Кеңес Одағы ыдырар-ыдырамастан елді анархия жайлады. Жылдар бойы халықтың қан-терімен құралған ен дәулет бас-аяғы бірер жылда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында сұраусыз кетті. Тіпті, әбден дәндеп, ашкөзденіп алған екі аяқтылар енді өздерінің тіршілік етер аясы табиғатқа аяу­сыз ауыз салып, оны да тәрк етуге айналды. Осыны көзімен көріп, қыларға қайраны болмай, іштей күйіп жүрген аудандық орман шаруашылығының басшысы бірде мұны арнайы іздеп келіп, қолқа салды. Өзі бір алыстан ойлайтын айналайын екен, амандық-саулық сұрасып, дастарқанға жайғасқан соң, – Аға, – деді ол, – Адамдар қазір өзі отырған бұтақты өзі кескен Қожанасырға ұқсап барады. Бұл әңгіме табиғаты әсем сіздің Көкорайдың тұрғындарына да қатысты. Басқасын былай қойғанда, Мойылдыны жағалай біткен талшыбық, тіпті ауылдың тұсындағы тал-теректің өзі оталып, бітуге айналды. Сол тал-терек кезінде күндіз осы ауылдың бар баласының ойын-базары, ал кеш түсе қыз-жігіттің басы қосылар жастық шақтың жәрмеңкесі еді ғой. Осы жердің орман-тоғайын қорыған адам жүгірген аң, ұшқан құстың да панасына айналар еді. Облыс басшылығына жиналыс сайын зар илеп жүріп, сіздің ауылдың төңірегіне орманшылық бір жаңа штатты зорға аштырдым. Соған сізді лайық көріп, қолқа сала келдім. Ел өмірі бірқалыпқа түскенше, осы міндетті атқара тұрсаңыз… Оның үстіне енді тәуелсіз еліміздің табиғатын қорғау баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз, перзенттік парызымыз емес пе?.. Күтпеген ұсынысқа бұл сол жолы кесімді сөзін айтпай, ойланып қалған. Екі-үш күннен соң әлгі азаматтың кеңсесіне өзі іздеп барып, келісімін берді.

Қазақ арасында орманшы болып жақсатқа ілікпесін бұл күні бұрын сезді. Бірақ жаздың ыстығында сая, қыстың суығында пана орманға бас-көз болудың өзі үлкен сауап емес пе?! Міне, осы іске тәуекел қылғанына биыл сегізінші жыл. Талабы таудай болғасын ба, шүкір, тындырған ісі де толағай. Анау жылдары Мойылдының жағасындағы жас талдарды жұрт шетен тоқуға жаппай шауып, тып-типыл қылып еді. Қазір барып көріңіз, көл жағасында табиғи жасыл желек жайнап өсіп, жайқалып тұр! Көздің жауын алады. Бұрынғы бұрынғы ма, енді жергілікті тал-терек, үйеңкі мен емен, шегіршін мен тораңғының қатарына ақ қайың мен шырша-қарағайлар қосылған. Еңбекқор орманшының арқасында бұл маңайдың енді бір 10-15 жылда нағыз ит тұмсығы өтпейтін ну орманға айналатын түрі бар. Қолыңнан келгенше айналаңды жайнатып, жарқыратып жүргенге не жетсін, шіркін!
Басты шаруасына қоса, Әбіл қарт бес жылдан бері қорықшылық міндетті де еш ақысыз-пұлсыз, жарнама-жарапазансыз-ақ атқарып келеді. Қар қалың түскен қысты күндері арнайы бөлінген жерлерге қоян, қабан, елік секілді момын аңдарға арнап жем-шөп шашу мұның дағдысына айналды. Ерінбей-жалықпай құндыз, бұлғын сықылды терісі бағалы аңдардың төрт-бес түрін жерсіндірді. Алла жазса, ендігі арманы – орман «тұрғындарын» бұлан, қоңыр аю, құр-құрғауыл сынды аң-құстармен толықтыру. Осы ойын өткен аптада келгенде облыстық экология және биоқорлар басқармасының басшысы Алексей Собельевке құлаққағыс қылып көріп еді, Тәңір жарылқағыр, ол сол жолы бұған риза кейіппен қарап, құр-қырғауыл мен бұланның ретін келтіруге болады. Ал қоңыр аюыңызды әлі біраз жыл армандай тұруға тура келетін шығар, ақсақал, – деген-ді.
Орманшының қорықшылықты қосымша қолға алғандағы басты мұраты, әсте абырой жинап, атын шығару емес-ті. Оның сау басына сақина сұрағандай, өзіне-өзі бейнет тілеп алғандағы көздеген мақсаты ата-бабамыз талай ғасыр аңсаған қазақ елінің ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің нығаюына қал-қадірінше жұрттан бөлек, елден ерек өзінің дербес үлесін қосу болатын. Қарттың ойы енді заманауи мәселелерге ауды.

«Адамзат күн өткен сайын өзін Алла тағала жаратқан сәттен алыстап, Құдайын ұмытып барады. Бүйте берсе, мұның түбі жақсылыққа апармасы анық. Басқасы басқа, адамнан өзге жан иесі қоршаған ортаға зиян-залалын тигізуге қабілетсіз. Апыр-ай, ә, сонда адам баласы табиғаттың қателігі болғаны ма? Астапыралла!.. Әйтпесе, тіршілік етер аясы, туған анасы – табиғатқа қиянат жасар ма еді?! Табиғатты тұл ету – өзін-өзі тірідей қор ету екенін екі аяқты оясыздар қашан түсінер екен?..»
(Біздің қарт адамның көк аспанды (ғарышты) зерттеуі үлкен қателік деген түсініктегі кісі).

…«Әу баста, Жасаған ием адам баласын жерде тіршілік ету үшін жаратқан. «Жазмыштан озмыш жоқ», енді жасанды жолмен көкке ұмтылу қисынсыз қарекет. Пенделерінің жаратылыс заңына жат қылық танытып, аспанға шабуылдауын Тәңір де кешіре қоймас. Жеті қат көк он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті тек Құдайдың ғана мәңгілік мекені. Ғарышты зерттеу адамзатқа уақытша ғана пайдалы нәрсе. Түптің түбінде ең соңғы зауал сонан болып жүрмесін. Басқа шаруасы таусылғандай әлгі әнебір әумесерлер (шамасы, американдықтарды айтқаны шығар) енді Марстың жоғары қабатын 10-15 метр тереңдікте бұрғылап көреміз деп әуреленуде екен. Енді тіпті олардың айдың арғы бетіне ядролық қарумен жарақтанған әскери база да орнатпақ ойы бар деседі. Жаратқанның өзі орнатқан жаратылыстың жарасымды тәртіп-тыныштығын бұзуға кімнің хақы бар? Жер бетінің ала-топалаңын шығарғаны аздай, ана бір жылы адамдар «жұлдызды соғыс» дегенді ойлап тауып, жер мен көктің арасында әлі алашапқын болумен келеді. Апырым-ай, түптің түбінде, ақырзаман Алланың әмірімен емес, адамның өзінің олақтығынан, екі аяқты пенденің тайыздығынан болып жүрмегей. Тәңір-табиғатты тәрк еткен адамзаттың түбі бір Құдайдың қаһарына ұшырары хақ. Осы өркениет деп өрекпіп жүргеніміздің шыңы – адамзаттың өміріне қойылатын соңғы нүкте емес пе екен? Ай, адам баласы азды ғой, азды ғой… Тіпті кейбіреулердің «Құдайдың бары рас болса, осы уақытқа дейін біздің көзімізге бір көрінбей ме?» деп көкитінін қайтерсің. Құдай саған көрінетіндей сен кімсің, шырақ? Біле білсең, сен мына өткінші, жалған дүниедегі көптеген күнәһар пенделердің бірісің. Ал ол он сегіз мың ғаламның мәңгілік иесі!..»

Асылы, ой – адамының миына аспандағы бұлттар сықылды келіп-кетіп жүре беретін болса керек. Таң сыз бере қарттың санасына (неге екені белгісіз) өлім туралы ой келді. Іле-шала ол, «Ертең мен өлген күні ағайын-туыс, дос-жаран, әйел-бала-шағама қоса, осы төңіректің бүкіл аң-құс, орман-тоғайы жетімсіреп, ұлардай шулап қалады-ау» деп ойлады. Негізі, ажал туралы ой адам баласы үшін қашанда үрейлі. Алайда өзі өмірден озып, дүние салғасын соңында соншама жоқтаушысының қалатындығы Әбіл қарияға өлімнің өзін бейшара, дәрменсіз қып көрсетті. Осы жарқын ойдың жетегімен ол таңғы тәтті ұйқының құшағына ене берді…

Ей, Тәңірімнің пендесі, тектілігіңді таниын, мықтылығыңды мойындайын, жасампаздығыңның жылнамасышы болайын, соңыңда өшпес із, өлмес іс қалдырып көрші!..

ҚЫСҚЫ ОРМАН

Мен орманға қыста барғанды ұнатамын. Қысқы орманға демалыс күні шаңғымен сырғанай серуендеп, жылдың осы мезгіліне ғана тән сұлулығымен айшықталған төңіректі тамашалай жеткеннің өзі керемет! Қысқы орман қандай рахат, тып-тыныш! Жаздағы абыр-сабыр, у-шу, ызы-қиқы, қым-қуыт тірліктің бірі жоқ мұнда. Жанға жәйлі мүлгіген тыныштық. Бүкіл жүйке жүйең жай тауып, жан дүниең тазаратын тыныштық. Қысқы орман жаздағыдай сәл жел соқса болды, бірді-бірге соғып, жапатармағай шулап қоя беретін жапырақ атаулыдан мүлдем азат. Сонысына қарап мен кейде қысқы орманды өмірдің ащысын да, тұщысын да көп көрген, басынан көп жайтты өткерген, көңіл сарайына көп түйген, кеуде-сандығына көп керектіні жиған қазына қарияға ұқсатамын. Ал көз жетер жердің түгелдей еш қылаусыз ақ ұлпаға бөленгенін, айналаңның аппақ әлемге айналғанын көріп тұрып, мен кейде қысты періштедей пәк бейкүнә сәбиге теңеймін.
Қысты «суық» деп жақтырмайтындар бар. Иә, рас, суық. Бірақ жылдың бұл мезгілі сол суықтығымен кіршіксіз таза, сонысымен сұлу ғой! Шіркін, көңіліңді күрт сергітер, жан сарайыңды кілт жадыратар саф таза ауасына не жетеді қыстың! Көркіне ақылы сай бойжеткеннің қиялындағы бейнеге, өзі құлай сүйер жігіттің төресіне жолыққанша, ешкімге жылышырай бермей, суық қалып танытатыны бар. Осыған қарап мен кейде аппақ қысты арын кір шалмаған аруға балаймын.
Қысқы орманға бара жатқанда ара-тұра жапалақтап қар жауатыны бар. Жапалақтап қар жауғанда күн тымық болады. Жапалақтап қар жауғандағы аспан асты, жер үстінің мамыражай тыныштығын тек иісі жұпар балбөбектің ақ бесікте еш алаңсыз балбырап ұйықтап жатқан сәтімен ғана салыстыруға болады! Керемет бейкүнә көрініс! Мына жарық дүниенің еш кіршіксіз таңғажайып періште қалпы! Алақаныңды тоссаң болды, баданадай-баданадай ақ ұлпа қалықтай келіп қонады. Құдды, аспан әлеміндегі әлдебір жомарт, әлдебір мейірбан әже әдейілеп әдемі қалыпқа салып, жеті қат көк аспаннан жеті қат қара жерге асығып-аптықпай, баппен шашу шашып жатқандай! Қыстың көзі қырауда мына беймаза дүниені жанға жәйлі жайбарақат күйге бөлеп, айнала қалықтаған мың сан қар-көбелек, мың сан ақ көбелек бейне бір алма ағашы қыста гүлдегендей әсерге бөлейді. Жапалақтай жауып, жерге қалықтай келіп қонуы мына ақ ұлпаның жарық дүниеге келу жолы ма, әлде осы жол оның бүкіл өмірі ме? Жоқ, әлде оның бұл фәнидегі ғұмыры қара жерге қонғаннан кейін бастала ма екен?.. Әйтеуір жапалақтап қар жауғанда аспан-ана ұзақ толғатады, жапалақтап жауған қар дүниені ақ нұрға бөлеп ұза-а-а-ақ жауады. Жапалақтап жауған қар мына әлем-жәлем әлемді, дүрбелең дүниені мамыражай тыныштықтың бесігіне бөлеп, ұза-а-а-ақ тербетеді…
Жүз түтінді біздің ауыл – Қызылжардың тура іргесінде Жезбұға деген көл бар. Есте жоқ ескі заманда өмірлері бір арнаға тоғысар-тоғыспастан сүйген жары қара ниет қараулардың қолынан қаза тауып, арқа сүйер азаматынан айрылып, қайғы жұтып, қара жамылған Жезбұға сұлу шашын жайып жіберіп, үшбу көлге суға батып, жарық дүниемен қоштасқан көрінеді. Содан бері бұл көл Жезбұға атанып кеткен екен. Жезбұғаның арғы бетіне өтсең, үш-төрт шақырымдай жерде ерке сылқым Ақ Жайық ағып жатыр. Оның жымиып, күлімсірегенде жүзінде әдемі қос иірім үйірілетін әсем бойжеткендей бұйралаңдап, назданып аққаннын қыста көре алмайсың. Алты ай қыста оның бетін әуелі мұз, сосын қар жабады. Еркем Жайық бұйралаңдап жазда ғана ағады, ал қыста өзінің арнасынан асып, өрекпи таситын көктемін аңсап, қар мен мұздан құралған қалың көрпенің астымен бұйығып ағады. Жезбұғаның арғы бетіне шығысымен басталатын шоқ тоғайлар бірте-бірте ну орманға айналады. Бала кезде талай шарлаған, жастық шақта талай серуендеген жеріміз ғой бұл. Біздің орманның ақтерек, көктерек, мойыл, итмұрын, үйеңкі, шегіршін, тал, тораңғы деген тұрақты «тұрғындары» бар. Мен қысқы орманға жетсем болды, шеткерек өскен көктерекке арқамды сүйеп, көзімді жұмып, ойға шомып, ұза-а-а-ақ тұрамын. Неге тек қана көктерекке арқа сүйегенді ұнатамын, оны тап басып айта алмаймын. Әйтеуір, ол маған біздің орманның өзге тал-теректерінен ерекше көрінеді. Көктеректің діңінің түсі ашық жасыл. Меніңше, ашық жасыл жастық шақтың һәм жаңарып-жаңғырудың түсі. Ендеше көктеректің осы ерекшелігі адам жанына соны жалын-жігер сыйлар, тұла бойыңа тың күш-қуат құяр құдірет-қасиетке ие болса керек. Бәлкім, ұшар басы зәулім көкке ұмтылған көктерек асылзада асқақтықтың ормандағы бейнесі шығар.
…Көктерекке арқа сүйеп біраз уақыт тұрғаннан кейін орманның әлдебір тұсынан әлдебір тоқылдақтың әлдебір ағаштың діңін жем іздеп тоқылдатқаны құлағыма талып жетеді. Бұл маған мейірімді Орман атаның « Салқын тиіп қалар, балам, қайтатын уақыт болды», деген жанашыр ескертуіндей сезіледі. Иә, қыстың аты – қыс қой, біраз тұрғаннан кейін тұла бойың тоңазып, жылы үйде отырып, лимон салып, құмшекер қосып, қышқыл-тәтті шай ішуге аңсарың ауады. Кім білсін, мүмкін көктерек те заңғар көктен күн күлімдеп, өн бойын шуақ шарлап, ұшар басынан тамырына дейін жылу жүгірер көктемді аңсап тұрған шығар…

Өлеңдер. Әңгімелер

Бауыржан Ширмединұлы.
БАҚЫТЫҢДЫ ІЗДЕСЕҢ, АУЫЛҒА КЕЛ!..

ДӘПТЕР

Білмеймін дұрыс түсін де,
Қап-қалың болмас тап керім,
Жанымның жүрген ішінде,
Бар менің жақсы дәптерім.

Дәптерім жақсы бар менің,
Секілді жанның әлемі.
Жеткенше шама, дәрменім,
Жазумен жаздым әдемі.

Дәптерім – жер ғой сенімді,
Басқаның ойы баспаған.
Мен оған сезімдерімді,
Сиямен байлап тастағам.

Дәптерде бәрі рас тұр ма,
Білмейді оны әлбетте ел.
Жүректің қалып астында,
Майысып қалған бар беттер.

От тиген аздап шетіне,
Сөндіріп алдым қайта оңай.
Бір – екі мәрте бетіне,
Жас төгіп алдым байқамай.

Обал жоқ шығар маған да,
Ақкөңілмін-ау мен мүлдем.
Қиналмай, талай адамға,
Екі бет жұлып бердім мен.

Шабытым қысқан сәттерде,
Біле ме екен осы жұрт.
Өлеңдерімді дәптерге,
Дәптерден жүрдім көшіріп.

Жанымды оқып көр елім,
Екенсің аулар ой неше?
Өлең ғой – менің өлеңім,
Жүрегің болып сөйлесе!

ТҮНГІ ЛИРИКА

Қақ төбеден қар құйылған қаңтар бұл,
Жаусын!
Жауып көк құмары тарқар бір.
Әр қылауда бір өзгеше бар өрнек,
Әр қылауда бір өзгеше бар тағдыр.
Жаусын!
Жауып көк құмары тарқар бір.

Жаусын! Жаусын! Қақысы бар қардың да,
Аспанында кәрі Оралдың қалғуға,
Аппақ болып боялғанда маң нұрға,
Аппақ болып өзің тұрдың алдымда.
Жауған қармен көктен түсіп қалдың ба?

Қармен бірге түстің бе екен сен жауған?
Сен түскенде тыныш тынып жер қалған.
Нәзіксің ғой сен қардан,
Тазасың ғой сен қардан,
Сені солай берді Аллам!

Түнгі қала даңғазадан жеріген,
Талықсиды өлеңімнің лебінен.
Ұлы Пушкин жүріп өткен көшеде,
Мен де жүрдім сенімен.

Түн бақытты көрген сенің түріңді,
Сенің көзің – тұнып тұрған туынды.
Күллі классик ақындардың өлеңі,
Мына сенің жанарыңды тірілді.
Сенің көзің – тұнып тұрған туынды.

Мен көзімді көздеріңнен ашқалы,
Басталды бір махаббаттың дастаны.
Біздер тұрдық,
Сосын тұрған біздерге,
Шашу шашып тұрды Оралдың аспаны.
* * *
Ап-ащы тамшы ашына,
Құлады жерге асыға.
Жердің бар қандай кінәсі,
Аспанның қалған жасына.

Өмірден өлең тілеген,
Мен жүрген жалғыз біреу ем.
Бір тамшысында жаңбырдың,
Мөлдіреп тұрды бір өлең.

Тамшыда болып біртүрлі,
Жалғыздық жайлы жыр тұрды.
Оқығым келген… Болмады,
Желменен келіп жыртылды.

Мағына да жоқ, мәніс те,
Ойнайды қызық ән іште.
Жапырақтарды шақырды,
Жел мырза соңғы вальске.

Ақынның әлем әрбірі,
Күз деген – оның тағдыры.
Жапырақтардың астында,
Махаббаттардың бар мұңы.

АЛА ДОРБА
Анамда болып еді ала дорба,
Жүретін ылғи өзі ала қолға.
Қаншалық ыстық болса балалығым,
Дәл солай ыстық еді маған ол да.

Менің анам және сол ала дорба,
Табуға азық үйге, балаларға,
Арқалап тары – талқан,
Ала таңмен,
Кететін Жымпитыны аралауға.

Ол кезде еріну мен шаршау қайда?
Әркім де күнкөріске жан салмай ма?
Барып, тары-талқанын қайран анам,
Ауыстырып алатын нан, шай, майға.

(Әкемді де болдым – ау еске алатын)
Марқұм отын кіргізіп, пеш жағатын.
Анамның бір қолынан ұстап алып,
Ала дорба келеді кешке жақын.

Келеді кешке жақын ала дорба,
Іші толған болады тағам онда,
Асын адал тапқанға дастарханның,
Әкем де мәз, мәз еді әрі анам да.

Көрсе де бірге екеуі небір күнді
Болатын ажарлары керім нұрлы.
Ала дорба үйге шай, тамақ емес,
Осылай бақыт алып келіп жүрді.

Жылды жыл, күнді деген күн қуады.
Күнінде күнкөрісті қылды бәрі.
Жоқшылықтың салмағын көтерем деп,
Үзілді сол дорбаның бір құлағы.

Шүкір бүгін баянды бақ, ырысым!
Бірақ, бөлек өткеннің қадірі шын.
Ала дорба бос емес, анам оған,
Салып, сақтап қойыпты сағынышын…

Жәнібек Әбілпейсов.
ҚЫЗЫЛ БЕЛГІ

НҰРЛЫ ӘЛЕМ

Жан бар ма екен жалғанда сыр түсінер?
Жан-жағымда жылтырақ, құр кісілер.
Түнектегі адасқан адамдарға
Нұрлы Әлемнің Шуағын кім түсірер?!

Сыр ұқпастан не шығар, сыр күткеннен?
Пайдасына мәз бәрі күндік көрген.
Пенделердің парқынан түңілдім мен:
Өлмес Жанын сайтанға құл ғып берген.

Құдайды емес, бәрі жүр ақшаны аңсап.
Адастырды адамды ақша, мансап.
Мәнін жойып мәңгілік құндылықтар,
Ар-ұятты лақтырып тастаған шақ.

Кім түсінер фәнидің жалғандығын?
Зауал сәттің жақындап қалғандығын.
Ақын жүрек айта алмай арман-мұңын,
Жалған салған жарадан қан-қан бүгін..

РЕЙНКАРНАЦИЯ ЖӘНЕ МАХАББАТ

Жанымды мазалайды бұрынғы өмір,
Бұрынғы от – сөніп қалған, бүгін көмір.
Жалғыз шоқ жылтырайды, өң мен түстей
Қоламта-жүрегімнің түбінде бұл.

Беймәлім, бұрынғы өмір – бұлдыр елес,
Біз бірге болған уақыт – бұл күн емес.
Басқа ұлт, басқа дене, басқа дәстүр,
Әуені домбыраның күмбірі емес.

Сан сапар шектік пе екен жүріп бірге?
Бұрынғы өмір… бағаңды біліппін бе?
Бүгінгі өмір… білмеймін күдік кімде?
Сен менен көрмей жатып үріктің бе?

Бұрынғы ғұмырымды бұлдап не етем?
Ол ғұмыр осы өмірден қымбат па екен?!

* * *
Білдірткендей құр босқа жүгірмеуді
Есіміңнің тұсында қызыл белгі.
Қызыл жалын күйдіріп жүрегімді
Қызғалдағы көңілдің үзілді енді.

Қосылмаса күйінем мен несіне?
Қазір күйім – жастықтың теңдесі ме?
Қызғалдақтай жүзіңе қарап тұрып,
Қызға барған кездерім келді есіме…

Біз де ғашық болғанбыз тұнық көзге…
Ол кездегі қыздарда қылық та өзге.
«Оралыңның барында ойна да күл»
«Қыз дәмін тат!» – демей ме жігіт кезде…

Қанша сүйсем қанбады жан құмары.
Өз жолымен бытырап қалды бәрі.
Жүрегімнің айналды жендетіне,
Мәнсіз махаббат болды, мандымады…

Кінә кімде, білмедім кесір кімде?
Кете бердім, барлығын кешірдім де.
Өз-өзімді ұға алмай ұзақ жүрдім
Түсіне алмай ауғанын есім кімге?

Жамай алмай көңілді сетінеген,
Кызға өкпелеп: кетті – деп,– бетіменен.
Тең ойлыны таба алмай түңілген соң,
Үйленбеуге мәңгілік бекіген ем.

Туласам да асаудай жүгендегі,
Қыспаққа алды жан-жақтан түгел мені.
Бойдақ болып мәңгіге қалар едім,
Қағидасы қазақтың жібермеді.

Құтылсам да жаулардан табалайтын,
Жүрегімнің өлгені маған айқын.
Қағидасын қазақтың ұстап қалдым –
«Бала ғана – байлық» деп бағалайтын.

* * *
Сені көріп жанып ем,
Айналғанда өшуге.
Таба алмасам жаныңа ем –
Мен сорлыны кешірме!

Ынтық едім нұр десе,
Сен жоқ жердің бәрі мұң.
Аппақ арың кірлесе –
Кешпе мені, жарығым!

Сендік шуақ, сиқырлы үн –
Арман болып жатты іште.
Кешпе мені, сүйкімдім –
Көңіліңе дақ түссе!

Зұлымдықтан жеңілмей,
Мәңгі нұрды құшақтап.
Көзіңе де мені ілмей,
Күнге қарай ұш, асқақ!

Шуағыңнан жылынам
Періштем бол, мен десең.
Қиялымның шыңынан,
Құлай көрме жерге сен!
* * *
Тым таныс мынау аяулы өң
Жаныма нені көксетті
Мың түрлі сиқыр бояумен
Бейнеңді жазғым кеп кетті!

Мұра ғып мәңгі ізімді
Әкетпей тұрып ажал, дем
Джоконда-сынды жүзіңді
Да Винчи құсап жазар ма ем!

Әнуар Аманжолов.
ДӘМІ – АЩЫ, ӘНІ – МҰҢ

Ей, дүние, қорқытпа түнегіңмен,
Мен де бейбақ едім ғой тілегі өлген.
…Маған мәлім сезімді,
Сәтті осынау –
Сезіне алмай жүрмін ғой жүрегіммен.
Сөге көрме.
Айыпқа бұйырма да,
Сауабы жоқ мінәжәт,
Сыйынған да
Тәңіріме қосар ем тілегімді,
Тостағыма бар күнәм құйылғанда.
Шалқып тұрып, о, сосын,
Тербелемін…
Шылым шегем.
Араласып түтінге,
Шерге өлеңім.
Өксігіме барамын жұтылып мен,
Тарылып бара жатыр шеңгелі оның.
…Бір мұхитта келеміз, бөлек кеме,
Көкке қарап айтатын көп өкпе де.
…Екеуміз де сыйынар бір-ақ Құдай,
Оқылатын дұғамыз бөлек неге?!…

* * *
Ана!
Мен жүрмін…
Бұл қала.
Қуана алмаймын,
Мұңдана.
Еміме дәру тыныштық және түн ғана.
Күмәнім алға бастырмай мені,
Бауырына баса ма деп ем
Бұл қала жатсынбай мені.
Өзіңдей көріп.
Құрсақтан екеу ек ежелден бері
мейірім және мен
Тастақтың тар көшелерінен
Тартып әкетті мені иірім.
Дәмі – ащы, әні – мұң!
Сен танымайсың ғой мені
Қазір мөлдір көзім де құрғаған.
Кінәмшіл көңілдер лебі
Үсірген жүрегім жасқаншақ,
Қайтейін. Бәрі де тұл маған.
Бәрі де болмаған…
О бастан дұрыс боп.
Айтылған ертегі,
О бастан салған ән
…Отанның құшағы оттан да ып-ыстық,
Құрсақтай жылы жер болмай тұр
Дәл маған.
Ана!..
* * *
Сезімнің кетсе сүйкімі қашып,
Оянбай қалса ұйқылы ғашық.
Естілсе құстың қиқуы қашық,
Жаныңды мұңның қиқымы басып.
Танымай қалып өзіңді-өзің,
Күтуден шаршап көз ілді төзім.
Тәңірге жетпей үзілді сөзім,
Уақыттан тығып жүзімді өзім.
Үмітің ойшыл алдаса, кәні,
Түседі түгел жанға салмағы.
Құрғаған санаң қанбаса нәрі,
Өмір сүргенің… далбаса бәрі.
Әлемнің салған сазарып әні,
Мұңымды естігем ғажабындағы.
Өлең болмайды ғазалдың бәрі,
Ойымның мен ем таза құрбаны.
Мен өлеңді тірілтіп алғам,
Мұқағалидің мазарындағы!
* * *
Дедің бе сен: «мені жоқтамадың».
Ал, мен жоқ қарадым.
Бір қайрылған жеріңде ұмыт қалған
сөзің үшін, дұрыс-ау, соқпағаның.

Өлеңім де, өмір де, сөзім де шын,
Сезінбесе өртенсін, сезінбесін.
Құдіретті Тәңірім түн ауған шақ,
Оған дұға жасамай көз ілмеші…

Өзіңе бір қарадым, бұлтқа бір,
Өңешіңнен өксігің шығыпты ауыр.
Мен бетіңді сипадым. Бақытты бол
…қолдарым сынып қалғыр!

 

Мүсірбек Айташов.
АҚҚУДЫҢ КИЕСІ

Таң тыныштығын гүрс еткен мылтық дауысы тасталқан етті. Іле-шала ауылға іргелес жатқан көлден құстардың қанаттарын сабалап аспанға дүркірей көтерілгені, ызы-қиқы үні құлаққа жетті. Иығына күртешесін желең жамылған күйде сыртқа жүгіре шыққан Құспан қария көзін көлегейлей көл жаққа қарап еді, мылтығын сүйретіп ауылға беттеп келе жатқан кенже ұлы Мирасты көрді. Қарияның іші қылп етіп, бір сұмдықтың болғанын сезе қойды. «Құрмағыр, бірдеңені бүлдіріп тастамаса жарар еді, жүрісі көңілге күдікті екен» деген ойдың жетегімен ақсақал ұлына қарай бет алды. Аяғын әр жерден басып, қарияға ентелей жеткен ұлы өксіп-өксіп жылап жіберді.
– Көке, мені қара басты… Торы ала қазға бағыттаған бытыраның аққуға тигенін байқамай қалдым. Не істеймін, обалына қалдым ғой аққудың? – деп ұлы жүрелей отыра кетті.
– Қап, әттеген-ай, балам, саған осы құс атуды қойсайшы дегенімді құлағыңа ілмедің-ау… Құс төресі аққуға обал болды ғой. Болар іс болыпты. Тұр енді, көл жаққа барайық, өзің атқан аққуды жер қойнына бермесек, қазақылығымызға сын болып жүрер. Мешітке барып, Алла алдында жасаған күнәміз үшін дұға етіп, кешірім сұрамасақ, аққудың киесіне қалып жүрерміз, – деген Құспан қария ұлымен көлге бет алды.
Көлдің шетіне қос қанатын жайып, ұзын мойнын соза құлаған аққудың жансыз денесін сыңары көктен қимастықпен сұңқылдап құлдилап, жанап өтіп ұшып жүр. Мамығы бұрқырап, қанға бөккен аққуды ақырын жағаға қойған Құспан қария жанары жасқа тола күбірлеп дұғасын оқыды. …Көп ұзамай көлден сәл әрірек жерде бір төмпешік пайда болды. Ажалы екі аяқтыдан болған құс төресі аққуды жер қойнына тапсырып, кері оралған әкесі мен баласы соңдарына қарағанда өздері үйген төмпешіктің үстінде отырған сыңар аққуды көрді. Анда-санда сыңси сұңқылдаған жалғыз аққудың үні құлақтарына келгенде қос пенденің алға басқан қадамдары кері кетіп, тізелері дірілдеп, үйлеріне әрең жетті. Келе кереуетіне құлай кеткен Құспан қарияның ойы сан-саққа бөлініп, көз алдына сонау бір жылдары болған оқиға оралды.
Ол кезде де осындай жаз айы еді. Пішеншілер қырлықтың шөбін шауып болған соң, көлдікке орақ салуға ауылға оралды. Шіркін, ол кездегі шөптің шығымдылығы ерекше еді ғой… Тізеден асатын көк майса, көлде шоршыған балықтар мен тербеле жүзген құстар көрген жанның көңілін көтеріп тастайтын әдемі көрініс қой. Осындай тамылжыған күндердің бірінде қырлықтағы дала қосынан емес, үйден қатынап жұмыс істеуге көшкен пішеншілердің арасында «Құс атып, балық сорпасын ішіп, бір демалыс ұйымдастырайық» деген әңгіменің шеті шықты. Бұл ұсынысты дуылдап қолдаушылар да табыла кетті. Демалысты ұйымдастыруға сөзі де, икемі де бар Құспан, балық аулауға Құмар мен Сапар, құс атуға Таңатар бөлінді. Дастарқан дала төсінде жайылады деп бірауыздан келісілді. …Күткен шақ та келді. Қолдары босаған жігіттер көк майса үстіне дастарқан жайды. Бәрі бар, арасында мойны қылқиған бөтелкелер де тұр. Отырыс қызып жүре берді. Шаңқай түсте дастарқан басына жиылған жігіттердің әңгімесі таусылар емес. Әсіресе жасы отызға иек артып үйленген Таңатарға әзіл-шыны араласқан уытты сөздер қарша борауда.
– Біздің Тәкеңнің құс атуда ғана емес, қыз-қырқынға деген мергендігі де алапат қой. Үйдегі сұлуын да көп қыздың ортасынан таңдап жүріп, мергендігімен «атып» алды емес пе? – деп өзін «балықшымын» деп кеудесін соғатын Сапар қарқылдай күлді. Бұл шымшыма әзілге өзге жігіттер де рақаттана, даурығыса күліп жатты. Көңілді отырыспен жігіттер күннің кешкіргенін де байқамапты.
– Жігіттер, мал бар, жан бар дегендей, күн батуға таяу, үйімізге жиналайық. Жақсы отырыс болды, алда әлі де күн бар ғой. Тағы да талай басқосуға Алла нәсіп етсін, – деп Құспан жігіттерге үлкендігін таныта ұсыныс айтты.
– Жөн сөз, үйімізге жиналайық, – деп жігіттер де бұл сөзді құп көріп, дастарқандағы жабдықтарды жинаудың тірлігіне кірісті. Осындай сәтте Таңатар:
– Аға, өзіңізге айтқалы жүрген бір сырым бар еді, сәл құлақ түрсеңіз, – деп жігіттерден мұны оқшау шығарып, Құспанға өзімсіне қарап:
– Иә, ол қандай сыр, айта ғой?
– Әкем марқұм кезінде аңшы, құсбегі болыпты. Өзінің айтуынша, достары да көп болғанға ұқсайды. Орыс ұлтының өкілдері де жиі келеді екен, – деп бастады әңгімесін Таңатар. – Бірде осындай достарға жайылған кең дастарқан үстінде ішімдіктің буына желпінгендер арасында көлдегі құстарды аспанға ұшырып барып атудан өзара бәсекелестік туады. Бәсекелестіктің шарты – көкке көтерілген қаз, үйректі қол мергендікпен атып түсіру. Бірінен-бірі озған мергендер арасындағы құс ату бәсекесінде әкемнің оғына кездейсоқ аққу ілігеді. Оны абайсызда атып алған әкем бармағын тістеп қатты өкініпті. Осы жағдайға бола «Аққудың киесі ұрмаса жарар еді» деп ылғи уайымдаған. «Киелі құстың киесі бірде болмаса, бірде соғады» деген рас екен. Әкем осы оқиғадан кейін көп ұзамай сал болып, төсек тартып, қиналып көз жұмды. Ақырғы демі таусылар шақта мені ымдап қасына шақырып алып: «Соңымда қалып бара жатқан тұяғымсың ғой, біреудің ала жібін аттамағайсың, адамға, мал екеш малға қиянат жасама. Малдың да, құстың да киесі болатындығы рас екен. Балам, мені аққудың киесі ұрды», – деген әке сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр, – деп Таңатар сөзін аяқтады.
Таңатардың сол әңгімесін есіне алған Құспан қария кереуетінде дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Таң біліне көзі ілініп барады екен, құлағына сұңқылдаған аққудың үні келгендей болып селк етіп оянып кетті. Ұйқының жөні енді болмасын сезген қария кереуетінен жаймен тұрып, сыртқа бет алды. Түн түндігін түріп, төңірек таң нұрымен арайлана жарқырап келеді. Таңғы салқын денесін тоңазытып жіберді ме, ақсақал иығына жамыла салған күртешесінің ілгектерін салып, төңірекке жанарын жүгіртті. Кенет баласы екеуі аққуды көметін төмпешік көз алдына келіп тұра қалды. Үстінде әлдене ағараңдай ма-ау, қозғала ма? Денесі дір ете түскен қария көл жанындағы төмпешікке қарай адымдай бет алғанын өзі де байқамады. Келді де, қалт тұрып қалды. Төмпешік. Төмпешіктің үстінде қос қанатын жайып жіберіп аққу жатыр… Сыңарының қасына көктен құлаған аққу…
Осы оқиға үркердей ғана ауыл ішінде көпке дейін әңгіме болды. Оқиға куәгері Құспан қария өмірден өткелі қай заман. Ал қарияның ұлы Мирас жүйке ауруына ұшырап, ертелі-кеш тентіреп жүретін халге душар болды. Ауылдастары «Жазған баланы аққудың киесі ұрған» деседі…

АҚТӨС

Былтырғы күздің салқын күндерінің бірі еді. Жеке кәсіпкер, жымпитылық Хайырсапа Сармурзин «ГАЗ-53» ныспылы көлігімен тұрғындардың кәріз құдығынан сорылған лас суды ауыл орталығынан 4 шақырым жердегі арнайы орынға төгуге келіп тұрған беті еді.
Кенет құлағына үйінді қоқыстың маңынан қыңсылаған дыбыс келді. Аянышты үн басылар емес, қайта үдей түскендей.
Әуелден қанына сіңген қасиеті – өзгеге көмек қолын созуға әзір тұратын Хайырсапа үн шыққан жерге қалай жетіп барғанын сезбей қалды.
Көздерін жаңа ғана ашқан сегіз күшік аяқтарын сермеп, өзгеден көмек күткендей аянышты жағдайда қыңсылап жатыр.
Жанарынан жас ыршып кеткен Хайырсапа күшіктерді қолына алып, алақанымен сипай берді.
Бәрі түсінікті жағдай еді. Күшіктердің бар кінәсі ұрғашы болғандықтан, «құтылудың жолы осы» деген сыңаймен белгісіз біреудің әкеліп тастағанына, желдің өтінде жатып, әбден ашығып қалғандығына Хайырсапаның көзі жетті. Көңілін аяушылық сезім баурап алған Хайырсапа күшіктерді ауқаттандырып, аяқтарынан тік тұрғызуға барын салды.
Ашығып қалған өте кішкентай күшіктерді аяқтарынан тұрғызу оңай болмады. Аудан орталығындағы мейрамханалардың кәріз құдығындағы суларды сорғалы барғанда қызметкерлер (тұрғындар бұл жағдайдан хабардар еді) «күшігіңе ала барғайсың» деп қалдық тағамдарды ыдысқа салып беріп жатады.
Қалдық тағамдарды күшіктерге әкеліп бергенмен де, ашыққандықтан жақтары қарысып қалған жеті күшік өліп қалды да, тек біреуі ғана талпына тамақ жеп, тірі қалды.
– Тірі қалған күшікке Ақтөс деп ат қойдым. Қазір Ақтөс маған әбден бауыр басып алған, қасымнан бір сәтке де қалмайды, – дейді Хайырсапа Аралбайұлы.
Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік жанға тап болған Ақтөс осы күздің соңына таман бір жасқа толмақ.
Бір қызығы, даладағы қоқыстың маңынан жатар жері жылы, ыңғайлы болсын деген ниетте Хайырсапа үйшік жасап берсе де, Ақтөс иесіне әбден бауыр басып қалғандығы сонша, өзге көліктерге мән берместен, иесінің көлігінің дыбысы естілісімен, еркелей алдынан шауып шығатын әдет шығарды.
– Көлігімді жөндеп, екі күндей межелі жерге бармай қалған едім. Үшінші күні кезекті тапсырыспен кәріз суын төккелі келе жатсам, өзіме үйреніп қалған күшік жолға қарайлап, мені күтіп жүргендігін байқадым. Көлігімнің дыбысын танып, балаша қуанып, алдымнан еркелей жүгіріп шықты. Осы сәттен соң Ақтөс көлігімнің кабинасынан түспейтін серігіме айналды, – дейді Хайрекең.
Күндіз-түні көліктің кабинасында жататын, бөгде адамды көлікке қарай ырылдап жақындатпайтын Ақтөс ертеңгілік иесі көлігін оталдырғанда сапарға бірге аттануға әзір тұрады.
Адамша сөйлей алмайды демесең, Ақтөс қимыл-қозғалыстың бәрін түсінеді. Далаға барғанда көліктен секіріп түсіп, серуендейді, өзенге шомылады, көлік оталғанда, түсінігі сондай, шауып келіп, иесінің қасына жайғасып алады.
Хайрекең малдәрігерлік дәріханадан тиісті дәрі-дәрмегін сатып алып, Ақтөстің саулығын, тазалығын сақтауды қадағалап, түрлі аурулардың алдын алу мақсатындағы егу шараларын да қаза жібермейді.
«Ит – жеті қазына», «Ит – адамның досы» деген сөздерді жиі естиміз. Өмір болған соң, адамдар арасындағы қатыгездікті, жауыздықты естіп-көріп жүрміз. Ал зейнеткер Х. Сармурзиннің екінің бірі жасай алмайтын адамшылық, аяушылық қасиеті жастарға, балаларға үлгі-өнеге болғандай.
Тіршілік иесі хайуанға да қамқорлық жасағысы келіп тұратын осындай адамдар көп болса, мейірімсіздіктің, қатыгездіктің де арамыздан алыстай түсері анық қой…

Закария Сисенғали.
ҚҰМДАҒЫ АУЫЛ

АСҚАҚ ЕДІ АРМАНЫМ

Құмдағы ауыл – құт мекен болған ұямыз,
Қалайша сені кеттік деп алыс қиямыз.
Болсақ та ірі басқаға бүгін, ойпыр-ай,
Қойныңа сенің перзентің боп сиямыз.

Құмдағы ауыл – балдырған бала шағымыз,
Алаңсыз атты өзіңде талай таңымыз.
Бұйратты құмдар құпия сырлар бүркенген,
Адырлар анау қатпар да қатпар күй-аңыз.

Құмдағы ауыл – жастық қой шіркін, жайнаған,
Жігіт пен қыз боп бұлбұлдай таңға сайраған.
Құрақтар жасыл желегі сүйген жарлардың,
Жап-жастайынан тағдырын бізге байлаған.

Құмдағы ауыл – бұзылмай ылғи іреңі,
Түсіме кейде өңімдегідей кіреді.
Ақжелең бұлттар жататын өтіп үстіңнен,
Айналайын-ай, аналарымыздың тілегі.

Құмдағы ауыл – қимай да сені жүреміз,
Алаңдап ылғи өзіңе құлақ түреміз.
Қанатпен ұшып, құйрықпен қонар құсыңбыз,
Өзіңнің бір кез қойныңа барып кіреміз.

ҚОС АНА

Біреулер дүниелік қара жинап,
Бірісін екі етсем деп жанын қинап.
Жүргенде жарылқады жаратқаным,
Бір маған екі бірдей ана сыйлап.

Не дерсің бұл қазақтың мәрттігіне,
Сезімнің арадағы пәктігіне.
Мал емес бір-біріне адам беріп,
Балқыды сәбиінің тәтті үніне.

Қос ана берді маған жаратқаным,
Өткелін өмірдің де сараптадым.
Арым да иманым да қос анам боп,
Қара жерге ешқашан қаратпадым.

Бірің-дара, екіншің дана болдың,
Десем-дағы мен ортақ бала болдым.
Жазылмаған бар екен өмір заңы,
Бірің – жеңге, екіншің ана болдың.

Сөзіне ермей қайсыбір найсаптардың,
Қараумен көңілдерге жан сақтадым.
Біріңді ана десем, ал екіншің,
Өкпелеп қала ма – деп тайсақтадым.

Сағынып сапарлардан келетінмін,
Анамның құшағына енетінмін.
Содан соң еске алып жеңешемді,
Арнайы барып сәлем беретінмін.

Мән бермей келіп және кеткеніме,
Риза боп қолымнан тек өпкеніңе.
Жеңеше-ай, тәңір куә маңдайыма,
Ерніңнің ұшы тимей кеткеніне.

Пенде боп меселімді қайтармадың,
Жүзіңе қимай кейде жаутаңдадым.
Асылық болса-дағы мен әйтеуір
«Ана» – деп ешуақытта айта алмадым.

– Панаң бар елжіреген балашым, – деп,
Артыма ерген жалғыз қарасын, – деп.
Өзің боп айтқан жалғыз өсиетің,
Жүр, – дедің ғұмыр бойы, – анашым деп.

Осылай шіркін, күндер жатты өтіп,
Өмірдің азы қалып, көбі кетіп.
Жүргенде қайғы-қамсыз, қарекетсіз,
Келіпті-ау қоштасатын уақыт жетіп.

Зіл түсірмей араға жарастыңдар,
Қол ұстасып асудан сан астыңдар.
Дүние-ай, жол айрыққа келген кезде,
Мәңгілік көріспес боп тарастыңдар.

Жоғалтып, жан анашым сыңарыңды,
Ағыздың көзден ыстық бұлағыңды.
Сезді ме секем көңіл сол бір сәтте,
Қоштасып өзіңмен де тұрарымды.

Білсем де өмір солай өтеріңді,
Білмедім қайтіп қарыз өтерімді.
Ақыры Тұмаш ақын айтқандайын,
Жерледім жүрегіме екеуіңді.

СЕН КІМСІҢ?…

Бөкей Орда ауданындағы хан ставкасының
батыс беткейінде Шабалин – деген дәрігердің моласы бар.
Жел мүжіп, күн жеп тастаған мәрмар таста «Пусть арфа сломана, аккорд ещё рыдает…», «Душой всегда с тобой» – деген жазу бар.
Жазған адамның есімі белгісіз.
Сен кімсің, кім екенсің белгісіз жан,
Жүректен осыншама сыр туғызған.
Білмейміз атыңды да затыңды да,
Ескерткіш қалды міне, сен тұрғызған.

Нарынға дуы бөтен, шуы бөтен,
Әкелген сені алтынның буы ма екен?
Келіпсің қу далаға о, дариға-ай,
Қалдырып артыңа дүрия ұлы мекен.

Сен әлде бір түйіншек күйікпісің,
Сақтаған кеудесіне сүйіктісін.
Кім болсаң да Петербор періштесі,
Ұнап тұр осы мына сүйікті ісің.

Дертпісің денені алып мазалаған,
Асылын артына қап азалаған.
Жетпеген арманына мұңлықпысың
Тағдырың аямастан жазалаған.
Айтатын ерлігіңді кезің келді,
Мен тірі махабатты көзім көрді.
Айшықтап ақ мәрмәрға атыңды емес,
Жазыпсың аяулы ару лебізіңді.

Дейді, – жұрт, – Шабалиннің көңілдесі,
Сүйсе егер айып екен оның несі.
Жалғаған махаббатын мәңгілікке,
Жанды бұл шаң баспаған сезім деші.

МҰҢ

Толқынында тербелдіріп сары айдын,
Шығушы еді алдан да аппақ арай күн.
Өткеніме, көктеміме көрікті,
Үздігіп тек, үзіліп кеп қараймын.

Жасыл еді, жалқын еді тауларым,
Сол биікке талай рет самғадым.
Бәрінен де бәрінен де дариға-ай,
Биік еді, асқақ еді арманым.

Сол күндерден күдерді де үзбеймін,
Жете алдым ба бір белеске білмеймін?
Естен кетпес есіл сол бір кездерді,
Жырақ кеткен жылдарымнан іздеймін.

Махмет Қажиахметов.
ӘТТЕҢ, ДҮНИЕ!..

БОЗ ТҰМАННАН ІЗДЕ МЕНІ

Жаз бітіп, жабырқаулы күз де келді,
Қайтқан құс жылы жақты іздер енді.
Көңілім бұйда бұлтпен араласты,
Сіркіреткен мұңдылау күзгі өлеңді,
Буалдыр боз тұманнан ізде мені.

Қоңырайған жадымда жарты ғалам,
Тасқын дәурен сарқылды сарқыраған.
Жүрек-ғұмыр ұқсайды сәні азайып,
Жапыраққа күздегі қалтыраған.
Тағдырдың осы тұсы талқы маған.
Сұп-сұр алқап, тағы да сұп-сұр аспан,
Бозаң тартқан боз дала бұлтқа ұласқан.
Жалындап жанған жастық дәурен қайда,
Жарқын мінез жақсы іспен жұртқа ұнасқан.
Бәлду-бәлду бәрі оның өтті бастан.

Күреңітіп тұрғанмен күзгі көңіл,
Ізгілікпен қалдырдық ізді небір.
Іздейтін жан табылса ізімізді,
Сәулесімен танылар біздің өмір.

КЕШІР МЕНІ

Тойларына бара алмай туысқанның,
Қайғысына кешігіп қуыстандым.
Қызметтің өгізі болдық біздер
Қамытына несіне жуысқанмын.

Бақыт көріп тірліктің күйбелеңін,
Тынымсыз, қажысам да күйремедім.
Жұмысыма жаманат келмесін деп,
Өзеуреуден өзекте күйді өлеңім.

Мақтағанмен біреулер керегінде,
Өмірлік бедел емес өнерің де.
Адалдықпен жасаған еңбегіңнің,
Құны қара бақырмен төленуде.

Жылжып өтіп жылдармен айға ұласып,
Міндет менің мысымды жойды басып.
Жарқырап, жалындайтын шақтарымда
Жан-жағыма қаратпай қойды уақыт.

Енді бүгін бәрінен мойын босап,
Ойларым опынтып жүр уайымға сап.
Айдынын асау жырдың аңсап жүрмін.
Қайраңда қайырлаған жайын құсап.

Үзіліп түскеннен соң темір көген,
Кеудемде кісінейді көңіл дөнен.
Кешір мені, керімсал шабытты шақ,
Алдамшы дүние екен өмір деген…

* * *
Енді қайтып келер ме екен ыңғайға,
Жағам жайлау, жыр бортқан күн қайда?
Жұмысына жегілем деп газеттің,
Жырдан безер жиналыпты мін бойға.

Өлеңімен көркі болған кештердің,
Өнерлі едік, уақыт оны ескергін.
Қызметтің қызығына беріліп,
Қателесіп кеткенімді кеш көрдім.

Дей көрмеңіз, мына бізді мақтанды,
Жүректе жыр жүруші еді жаттаулы.
«Таланттысың, өлеңдерің от қой», – деп,
Мықты ақындар арқамыздан қаққан-ды.

Жүйріктермен бәйгелерде тең шауып,
Ешқашан да боп көрмеппіз кем шабыт.
Мүшәйраға қатыссақ та қанша рет,
Жүлделерге жүруші едік ен салып.

Көп басылым бетін көрді топтамам,
Жинаққа ендік, соныменен боп тәмәм…
Жоқ, жоқ, тағы тұңғыш кітап шығардық,
Содан кейін рас, біраз тоқтағам.

Сыңар езу жүйріктей боп… Әй, әттең,
Тең боп жүрміз тентіреген саяқпен.
Қайта шауып кетер ме едік топқа еріп,
Намысыңды оятатын таяқ кем.

Меңдібек Лұқбанов.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Жайық
Жайық!
Сені жылатпайын деген ем,
Жанды ауыртар жай күйін.
Көзіңнен жас бұлатпайын деген ем,
Қайтейін…

Қайтем еңді, көніл шерлі, жаның мұң.
Сені ұғатын, сен түсінер бар ма әлем?!
Уысынан сусып түсіп Тәңірдің,
Қара жерге тамған ең.

Қасіретің қайғысындай жесірдің,
Ал, шаттығын күлкісіндей сәбидің.
Тарам-тарам тарихынды төңкерсең,
Тағдырыңнан танимын.

Өкініштің өрті өршісе өзектен,
Өкпе өмірге өкпелесін, аһ ұрсын.
Асылдардың мұңын жұтып мезі еткен,
Ғасырларға сіңіп бара жатырсың.

Сен арнаңа, мен жалғанға сыймадым.
Бағытынан жаңылысып барады ел.
Сен өзіңді, мен сөзімді қимадым,
Қорқыныш па еді қара жер?
Кімге керек күңнен бетер күн мына,
Жүзі сынық, өңі кеткен сазарып
Толқыныңмен тобығымнан ұрғыла,
Күнәм қалсын тазарып.

Сен көктемде күңіреңсең, күзде мен.
Ақтала алмас таға алады айып кім?
Өкінішің өлең еткен, біз деген –
жазылмаған жарасымыз Жайықтың.

ӘУЕН

Ескірмей қойған естелігімдей,
Естілді әуен бөлмеден.
Сен жалғыз-ақ жаным есті дегендей,
Кештім дегендей көрген ем…
Қосылып әнмен жыласын деп ең,
Жасаймын қалай, не шара.
Менің мұңымдай күнәсіз неткен?!
Менің мұңымдай бейшара.

Жанның жүрегі езіліп кетердей,
Тамсанды әуен деп бұл қандай?
Қабырғаларда көз іліп кетердей,
Шамдарда мүлгіп тұрғандай,

Тас-талқан етіп өмірімді бұлай,
Безіндірді кеп жалғаннан.
Көншітсін менің көңілімді қалай,
Көрінбей көзге салған ән.

Емі емеспе еді сөз ғашық жанның?
Ұғасын, сүйсең тек мендей.
Көрінбей көзге көз жасы әннің,
Кеудеме тамып кеткендей.

Дедің бе әлде жасырып жаннан,
«…Кеудеңде мәңгі сақташы.»
Жанардан сонда жасырын тамған,
Арыңдай аппақ ақ тамшы.

«Жасымды сақта, жүрегіңді ойла!..»
Құтылар таппай жол бұдан.
….Құйғытып мені жібердің қайда?
Құйындай соққан сол бір ән.
* * *
Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Көліктердің құбылтып дөңгелегі.
Табанына тірі жан таптатпаңдар,
Тоқтатпаңдар! Өзіне сол керегі.

Жоқтатпаңдар көліктер қайдасындар?
Өртеңбесін өкініш өзегінде.
Жаңа жауған ақ ұлпа жайғасындар,
Келеді кезегінде.

Бағдаршамдар кедергі келтірмеңдер,
Іркілмеңдер, өтіңдер ақ жолақтан.
Аз ғұмырдың иесін өлтірмеңдер,
Және де зар жылатпаң.

Ырғалыңдар!
билеңдер!
Тербетіле,
Түнгі қала құлақ сап әуеніне.
Билеп келген ұлпалар жер бетіне,
Әуеліде.
Мұғжиза! Көрінбес көп ешкімге.
Кеш түсіндік Құдайдың құдіретін.
Ең ұлы картина тұр жол үстінде,
Жол жиегі қимастық сүгіреті.

Көктем жетсе сезеді қауіп барын,
Биің билеп жолдарда жатпас олар.
Арықтар да арқалап табыттарын,
Белгісіз жаққа асығар.

Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Қала қалай ғажапты сүймей қалсың,
Табанына тірі жан таптатпаңдар,
Тимейік билеп алсың…

Нарын құмына сағыныш
О, шексіз дала, шексіздігіңді сүйемін,
Шексіздігіңе, шексіз мейіріміңе иемін.
Табаннан тарап тұла бойымда бір тылсым,
Тыныштық бермей, тыншымды алды,
Күйемін!

Күйемін, құмның жалыны шаршып жанымды,
Құдірет құшып көрмеген бұлай тәнімді.
О, неткен өмір өртеніп туып, өрт болған?!
О, неткен ғұмыр, ғаламға ғазиз, жалынды?!

Бекзада бейне, табылар ма тірі сүймеген?!
Кетсем ғой, шіркін, қалпымда осы, күйде мен!
Ең әсем бейне, құшаққа ыстық құлайды,
Алақанымнан саусақтарыма билеген.

Билеген бейне қимылға құмның тимегем,
Мен осы тылсымды, ашылмас сырды сүй дер ем!
Тағдырлар шіркін түсіне ала ма, бір сәтке,
Табаны құмның құшағына ыстық күймеген.

Шексіздеу дала, шерлі күйіңде, шеменде,
Тағдырың қалды тамыры сонау тереңде.
Ерлерді ез қып, ездерді ер қып көрсеткен,
Қасиетсіздеу аттап па тариx сенен де?

Төсінде сенің боз үнің шерткен боз інген,
Ботасын іздеп беткейге бет алып безінген.
Құшағын қанша керуенді құшты жұрты жоқ?
Құрсауын қанша асылды жұтты сөзі өлген?

Адырлы мекен, адымдап келген пендеге,
Мың сырды бүгіп жатырсың айтпай, біл деуге.
Асылың жайлы таласып тұрып сөз айттың,
Ғасырың жайлы жақ ашпай қойдың сен неге?

Пікір қалдыру