Алма ТҮСІПБЕКОВА. СЕНІҢ БЕЙНЕҢ…

КІМ БАР?..

Сансыз сауал санаңызды тесе ме,
Қиналсаңыз, оны өзгелер ұнатар.
… Анау бір жан жылап тұр ма
көшеде,
Кім бар, оны жұбатар?

Ал, сүріндім.
Мерейіңіз өсе ме?
Мен шығармын, түнектейін
түнді емер.
… Анау бір жан құлап жатыр
көшеде,
Қолтығынан кім демер?
Қасіретке қайырлай ма, бар кеме?
Оралайық адамилық жайтқа мың.
… Анау бір жан айтпақ
болды әлдене,

Кім тыңдайды айтқанын?
Тиын шығар, біреулерге бағасы,
Дөкей көкем алтын түйме тағыпты.
… Анау бір жан кеткен, сірә, адасып,

Кім көрсетер бағытты?
Төгіледі дейсің ғажап жыр қандай,
Тағдыр соры татып тұрған
таңдайдан?
… Анау бір жан жетімсіреп
тұрғандай,

Кім сипайды маңдайдан?
Көз жасы боп, шарасынан төгілдім,
Музамменен қосылыпты мұң бүгін.
Өксігінен өлең туды көңілдің,
Кім кеседі кіндігін?..

ҚҰДІРЕТ БАРДАЙ БІР СЕНДЕ…

Сағынып сені жүрмін мен,
Ой мені мұңға жегеді.
Жарасын жанның білдім мен,
Себебі мынау, себебі –
Ғашық екенмін!..

Түсімде көрем мен сені,
Өзіңе ғана бас ұрам.
Сенімен арман – еңселі.
…Сырымның несін жасырам – Ғашық екенмін!..

Тербелген самал желменен,
Сырымды ұқшы, тал-қайың.
Жай таба алмай сенделгем.
…Себебін саған айтайын –
Ғашық екенмін!..

Мұңлықтың күнін кештім мен,
Айрылып бұл күн төзімнен.
Емеурін күтпей ешкімнен,
Жайымды ұқшы көзімнен –
Ғашық екенмін!..
Аққулар жүзген жайменен,
Айдынды сүйгем жасымнан.
Жайымды демен, сайлы ерен,
Сырымды сенен жасырман –
Ғашық екенмін!..

Құдірет бардай бір сенде,
Асылым!
Таудай еңселі.
Жанымда менің жүрсең де,
Сағына берем мен сені.
Себебі – Ғашық екенмін!..

ТҰЛПАРДЫҢ ӨЛІМІ

Аңыз еткен бар аймақ,
Тұлпар еді бір кезде.
Енді жаман сарайда,
Сүйелдей боп жүр көзге.

Барын салып баптаған,
Сері еді ғой иесі.
Тектілікті жақтаған,
Бар еді ғой киесі.

Таусылды да тұз-дәмі,
Иесі өтті өмірден.
Тіршіліктің ызғары,
Шалды мұны көңілден.

Керек етпес жұрт мұны,
Ұқпай тұлпар қадірін.
Іздеп тапты бір күні,
Иесінің қабірін.

Жас сорғалап көзінен,
Талай күндер жылады.
Әл қашқан соң өзінен,
Қайран тұлпар құлады.

Талайлардың асында,
Шапқан күндер, қызынып!
… Иесінің қасында,
Кетті сосын… үзіліп.

… Қайта тумас жұлдыз-күн,
Жанымда енді өзге мұң.
… Шоқып отыр бір құзғын,
Хас тұлпардың көздерін…

Абай ата! Қайтеміз?..

Жұғып елге шатағы,
Пейілімді матады.
… Абай айтқан бес дұшпан,
Дүрілдеуде атағы.

Өрттей лаулап еседі,
Елден – елге көшеді.
Өсек озған бүгінде
Ақ мамықтан – төсегі.

Төменде сәл отырып,
Төрге шықты – өтірік.
Өрім-өрім шындығым,
Жылап отыр өкіріп.

Таққаны ылғи – ақ моншақ,
Тойға барды мақтаншақ.
…Үйі түгіл қорасын,
Алған екен бақтан сап…

Жайын қайтсін ұлтыңның?
Суалтпайды ұртын мұң.
«Тіріліпті» еріншек,
Құлы бопты құлқынның.

Таусылмайтын амалы,
Мал шашпақ па?
Бар әлі.
Мал жиюда ол алдап,
Өз жұртынан, жаралы.

… Ақылыңды айт егіз,
Шөлім басар қай теңіз?
Төрге шықты бес дұшпан,
Абай ата!
Қайтеміз?..

МАХАББАТ, МЕН САҒАН ҚАРЫЗДАРМЫН!

Біреуге ғашық қылғаның үшін,
Арманға асықтырғаның үшін,
Теңіздей тасып тұрғаның үшін-
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Тұңғиық сезімге батырғаның үшін,
Таңдарды ұйқысыз атырғаным үшін,
Айықпас мұңға шатылғаным үшін —
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Күттіріп мені, сағындырғаның үшін,
Бейнеңе мәңгі табындырғаның үшін,
Беймаза күйге бағындырғаның үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Шаттық боп маған келгенің үшін,
Қуаныш кілтін бергенің үшін,
Ертеңгі күнге сенгенім үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..
Кей кезде мені жылатқаның үшін,
Жауаптары жоқ сұрақтарың үшін,
Дегенмен…
Мені ұнатқаның үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

ТҰҢҒИЫҚ КӨЗІМДЕ…

Сезімімді бағаламағаныңды,
Махаббатымды табалағаныңды,
Өзіңнен көр.

Сені шексіз сүйетіндігімді,
Сен үшін отқа күйетіндігімді,
Көзімнен көр.

Мені мұңға батырғаныңды,
Шарасыздықты шақырғаныңды,
Өзіңнен көр.

Бақытыма сені балағанымды,
Шұғыла болып тарағанымды,
Көзімнен көр.

Биік деуші едім, аласалығыңды,
Кеудеңе толған нала-сарынды,
Өзіңнен көр.

Тұңғиық сынды тереңдігімді,
Сезімге берік ерендігімді,
Көзімнен көр.

Жанымның шамын сөндіргеніңді,
Төбемнен түнек төндіргеніңді,
Өзіңнен көр.

Сені мәңгіге кешіретіндігімді,
Жібек самалдай есілетіндігімді,
Көзімнен көр…
Көзімнен көр!..

ЖАНЫМА МЕДЕУ БІРАҚ…

Сыртыңнан көріп қалдым,
Дір етті кеуде тұсым.
Жолымда жолыққан мұң –
Жанымды сен де түсін.
Жанарың, өзім ғашық,
Бұрынғы қалпында әлі.
…Қалайша төзім қашып,
Сол сезім салқындады?..

Отына өртенгенмін,
Маздаған махаббаттың.
Іздеме.
Ерте өлгенмін,
Серті боп шапағаттың.

Тұнжырлау бақты кезіп,
Келемін баяу басып.
Қолымда-ақ білезік,
Сендік сый-аяулы, асық.

Сыртыңнан көріп қалдым,
Дір етті кеуде тұсым.
Жолымда жолыққан мұң-
Жанымды сен де түсін.

Тәкаппар, биік еді,
Музадай мендік арман.
…Кер-тірлік күйігі еді-
Ғұмырым енді қалған.

Жүрекке демеу-жырақ,
Тиеген нала кенін.
…Жаныма медеу бірақ,
Өмірде бар екенің….

МЕН САҒАН ХАТ ЖАЗЫП ОТЫРМЫН…

Мен саған хат жазып отырмын.
Таусылып тағдырдың сынағы,
Көктер ме, көңілдің шынары?
… Жасаурап жанары аспанның,

Қолыма тамшы кеп құлады.
Мен саған хат жазып отырмын.
Күтумен жүргенде сыйды алдан,
Өкініш отына күйді арман.

… Хаттағы сезімнің салмағын,
Көтермей, тауларым қиналған.
Мен саған хат жазып отырмын.
Ақ үміт сыйлаған ар маған,

Құстай ем, қанаты талмаған.
… Толқытып жанымның дауылы,
Теңіздер асты анық арнадан.
Мен саған хат жазып отырмын.
Сен шырқап кеткен соң басқа әнді,
Қайтейін, жанардан жас тамды.
… Ашудан түтігіп, ашынды,
Найзағай тілгілеп аспанды.

Мен саған хат жазып отырмын.
Ұйқассыз тірліктен ұтылып,
Шаттығым жылымға жұтылып.
Жүрегім жаралы – білді анық,
Аспанда ай мен күн тұтылып.

Мен саған хат жазып отырмын.
Тағдыр-ай!
Болғанмен бас аман,
Тапанша тіреген тасадан.
Дертімді түсінген дүние,
Өртімді қайтіп мен баса алам?..

Мен саған хат жазып отырмын…

Жетеді қинағаның!
Мені бақыт балымен сыйла, жаным.
Өзің барда өмірім гүл атқанмен,
Өзің жоқта жоғалтқан сый да мәнін.

Жетеді жылатқаның!
Қасиетін сен де біл, бұл ақ таңның.
Сен болмасаң тарылып мына ғалам,
Сен бар кезде қалады жырақта мұң.

Жетеді өкінгенім!
Жөн болар, сезім, саған бекінгенім.
Сен барда арман қонып айдыныма,
Сен жоқта жалғыз аққу секілді едім.

Жетеді күйінгенім!
(Мен әлі үкілі үміт үйіндемін).
Тек сені тағдырыма баладым мен,
Тек сені баға жетпес сыйым дедім.
Келе ғой, келші маған!

Мен екем, жан-жүрегі ең сірі адам.
Өзегім толғанымен өкінішке,
Махаббат!
Түбі сенен еншімді алам!
Жаратқан жайсыздықтан айырғасын,
Өткенім су түбінде қайырласын.
… Бақыттың әні естілді жағалаудан,
Екеуміз бірге айтайық
қайырмасын!

ЖАЛҒЫЗ СЕНІ СҮЙГЕНМІН…

Жалғыз сені сүйгенмін…
Содан ернім күйіп қап,
Сезімімді қойдым мәңгі тұйықтап.
Тырнағыма татымайсың деді де,
Көшіп кетті, жүгін буып, жиып бақ.

Жалғыз сені сүйгенмін…
Содан түк жоқ есімде,
Уақыт кеш пе, бесін бе?
Тағдыр мені қағып қойып арқамнан,
Дайындауда, жалған ғұмыр кешуге.

Жалғыз сені сүйгенмін…
Балын жұттым күнәнің,
Түк естімей, бітіп қалды құлағым.
Әңгүдіктің күйін кешіп арылмас,
Мәңгіліктің құзына кеп құладым.

Жалғыз сені сүйгенмін…
Кеттім сосын… өртеніп,
Қыр астында жылап қалды еркелік.
Көңілімде күн тұтылды кейіннен,
Санам менің жазылмайтын дерт еміп.
Жалғыз сені сүйгенмін…
Тыңда мені, құлақ сап.
Содан бері мұңсыз өмір жырақ қап.
Сені құшқан сәтім менің – қас-қағым
Ғұмырымның мәні де осы – бір-ақ сәт!..

Пікір қалдыру