БҮКІР. ШҮКІР. ТҮКІР!
«Меценат кз – 2026» романдар байқауының жеңімпазы
Есболат Айдабосынның «Бүкір» шығармасы туралы бірер сөз
Есболат Айдабосынның шығармашылығымен таныс адам оның бір туындысы келесі шығармасына жалғанып, ішкі әлемі тұтасып, бір-бірін толықтырып тұратынын түсінер еді. Романның оқиғасы төтесінен басталып, оқырманды елтітіп әкетеді. Формасы жағынан очерк тектес, мазмұнымен көркем әдебиеттің құнарын сіңірген, қысқа да нұсқа ойтүзер шеберлігімен айыз қандырады. Сюжеттің қоюлығы, сөздің жұмырлығы – оқырманды кідіртіп қояры, орамды сөйлем астарындағы ұғымдарды қорытуға уақыт сұрап кері шегініс жасатып қоятыны да бар.
Есболат Айдабосын – тамаша классикалық мәнермен жазатын, құнарлы да шұрайлы тілімен сусын қандырар, Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов секілді классиктердің ізін басқан, сол аңғардағы қолтаңбасы бөлек жазушы. Автордың атбегілік танымы, жылқышылық білімі дара болмысты, сирек кездесетін жазушы екенін әйгілейді. Тегінде, жылқы бабын білетін, жылқышылықтың сыры мен құпиясына қанық адам өнерін де баптай алатын болса керек.
«Бүкір» романының болмыс-бітімі хикаятқа, бәлкім көлемін қысқартса әңгімеге де айналып кетуге бейім. Сюжетке арқау – Қоспа мен Бүкірдің тағдырын шиеленістіру арғы-бергі әдебиетте таныс тәсіл, екеуінің де бүкірлікті жеңіп, жазылғанына, бой көтергеніне күмәнсіз сенесіз. Көз жасының өтемі болады, адалдық түбі жеңеді деген бағзы тәмсілдің тарқатылуы тұрғысынан Жаратушысының таразысына салған қазақ жанының айнасы ашылғандай, жаңа бір оптимистік тыныста жазылған. Құндылықтардың қадірсізденуі, соңғы тұяқтың жоғалуы секілді күйреуік хәлдегі роман-дастандардан кейін – ұрпақтар сабақтастығы ешқашан үзілмейді, тағдыр өткелектері шыңдау мен шынықтыруға апарар жол деген автордың ізгі идеяларды ұсынуына тәнті болдық.
Роман дейтіндей ауқымды болмаса да, бет санын айтпағанда бұл өзін ақтаған жақсы хикаят. Қоспа мен Бүкірдің образдары қатар алынып, Бүкірдің бүкірлігі ішкі емес сырттың кінәраты, ал Қоспаның бүкірлігі ішкі кінәрат, тағдырдың тәлкегі екені жүйелі ашылады. Екі образды теңдестіре отырып, Қоспаның жетімдігі, әкесін сағынуы, анасына бауыр баса алмауы, жалғыздықта өксіп жылайтыны оқырман ретінде жүрегімізге жетті. Тасуы тез «Тентектің» де құбыл мінезі Қоспаның болмысын да ашқандай, Қоспаның ішкі құсасын білдіретіндей. Ара-тұра тасқындап алып кейін құсасын өксікпен басатын Қоспаның өзіндей, тегі жаны жарадар адамның ашуы тез, алды-артын танымастай ағындап тұрмай ма? Біз оқырман ретінде сол Тентекке бурыл жорғасымен қойып кеткен ақсақалды бейсаналы түрде бастан-аяқ тануға тырысамыз. Осы бір тылсым-интрига романның өзек-астарына жақсы арқау болған. Қоспаның өміріне осы бір жұмбақ кейіпкер өзгеріс болып кіреді, құнысын жазады, ішкі сарайын ашады, өксігін басады, батасын бергендей түсіне енеді. Жаратушының назары түсіп, көп сынақтан сүрінбей өткен құлын жарылқап құт дарытып, сый тарту еткендей күй. «Бүкір! Шүкір! Түкір!» дейді Қоспа Бүкірдің басына бақ болып дарығанын байқағанда. Нағыз қазақтың аузынан айтылар сөз, ұлттық сөз!
Бурыл атты кісі түсінде де, өңінде де жүргендей кейде. Жазушы бұл тылсым кейіпкерді бізге жете таныстырмаса да Қоспа өне бойы оны еске алып, жауырынымен сезіп, түйсігімен одан сабақ ала бастайды. Осы бір қылаңатып тұратын Қоспаның ішкі сезімі оқырманды ойлануға шақырады. Автор осы тұста тәмсіл айтып, пәтуа шығарып шығармаға баса еніп кірмейді, өз ойын тықпаламайды. Ұзақ баяндау мен талдауға да бой алдырмайды. Саналы да сақ оқырманымен бетпе-бет келіп, қас-қабақпен қағысып отырғандай жазады. Кие мен кепиет, қасиет пен құдірет сынды құндылықтарды, қазаққа тән сенім-нанымымен бітісіп кеткен осы бір тылсым танымды жеткізгісі келетіндей, біз оқиғаның өзіне емес, оқиғаны фон етіп алған осы бір ғажайыпты түсінгіміз келетінін, соған тереңдеуге тырысып бағатынымызды шығарма аяқталғанда барып байқаймыз.
Роман қай жағынан да құнарлы, идеясы айқын, шынайы өмірдің өзі. Романның ұтымды идеялары көп, соның бірі – Қоспаның 38-ден асқан жасы. Қоспа – қазіргі қырықтан асқан қазақ жігітінің бейне-болмысындай шынайы, одан қалса қырыққа таяған адамның ішкі күйзеліске сөзсіз түсер табиғи кезеңін баяндайды. Қырық деген – Абайдың ақыл тоқтатқан, Пайғамбарға пайғамбарлық келген жасын жазушының қанық сезінуі, шынайы беруі – өмірлік тәжірибесімен жазуы романның құндылығын арттыра түскен дер едік. Қырықтан асқан кісінің ішкі құлазыған дүниесі – осындай төңкерістен өтерін жазушы жете түсінген және біледі. Бұл кеңестік кезеңде туып, ес жиғанда тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріне тап болған біздің буынның ішкі күйі, өгейсіреген мұңы – жазушы осы бір өліра кезеңге ой жіберіп, елеусіздеу астыртын соғып өтеді.
«Бүкір» – роман әлеуетін көтеруге әлсіздеу екенін жаңа айттық. Алғаш оқып отырғанда сюжеттің артқы планындағы өмір, фонындағы қарбалас, уақыттың кеңістігі аз қамтылғанын байқадық. Жазушы бір жерде Қоспаның жасын 38 деп көрсеткенімен, бір жерде он жыл бұрынғы колхоздың ыдырауын айтады, ал біз оқырман ретінде Қоспаны қазіргі уақытта жүр деп ойлаймыз. Яғни, уақыт кеңістігінде дәлдік жоқ, Қоспа меніңше біздің замандағы кейіпкер, дегенмен кейбір тұстарда ол 2000-жылдардың ар жағында жүргендей кезең елестейді. Бас жағында біз Қоспаны 50-60-қа таяған кісі болар деп болжасақ, кейінгі ісіне қарап (құрдастарымен қосылып арақ ішетіні, олай бұлай сөзге құлақ асатыны) жастыққа тән мінез деп ұқтық.
Шығарма басы – оқиға кіріспесіндегі сөз оралымдары ауырлау көрінді, сюжет тосындау кейіптеуге толы. Кейін бұл тілдің бояуы сұйылып, жазуы жазылып, қолтығы сөгілгендей қарадүрсіндеу диалогтарға да кезігесіз.
Қоспаның әйелімен қарым-қатынасы, мінез қайшылығы мен қақтығысын бас жағында тәп тәуір өрбітіп, аяқ жағына қарай босаңсытып алғаны роман кеңістігінің кең форматына көлеңкесін түсіреді. Қоспамен бірге өзгерген «ақсақ» әйелінің де ішкі дүниесінен айна боларлық ашық диалогтар беруге мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Қоспаның өсуі, өзгеруі тек Бүкірмен ғана өрілуі ұтымды болса да ара-тұра тәжікелесіп, балалары болмаса ажырасып-ақ кететін әйелінің психологиялық өсіп-толысуы солғын тартып, шығарма соңында тек Қоспаның бейнесі қалады. Дегенмен, жүлде алмаған Бүкірдің бабын келтіре алмадым деп Қоспа өзін әйелінің сөзімен сөккені – ұтымды шешім, өзіне әйелінің көзімен қарауы, өзіне қарсылығы Қоспаның характерін ширықтыра түскен. Бұл сөгу тегі өз анасына деген ішкі қарсылығы, анасының көзімен өзін жек көруін сездіртіп өтеді. Осы ширығыстан жаңа Қоспа туады. «Бұрынғы Қойшы Қоспа емес, бапкер Қоспа, атбегі Қоспа да емес. Басқа Қоспа. Өз сөзімен айтсақ, «көзі ашылған, көкірегі оянған Қоспаның» образы шынайы ашылады.
«Бүкір» – роман ауқымын арқалау үшін қаламгерге романның кіріспесіндегі оқиғаны тарқатып жазуға кеңес берер едім. Ол жердегі бурыл аттының болмысын ірілендіретіндей бір-екі деталь керек сияқты, құлынның табылуында да суреттеулер аз сияқты көрінеді. Және сол уақыттың кеңістігін білдіретіндей мезгілдің бір екі абзац баяны болса деген де тілек бар.
Сөз соңында, бірегей туындыны әлі де жетілдіре беруге болатын тұстарын атап өтсек дейміз. Роман басында Қоспаның – Ердәулеттің әйелімен ерегісі, текетіресі әдемі өріледі, Қоспаның өзгеруімен әйелінің де мінезі өзгереді. Алайда, Бүкірдің жеңіске жетіп, жүлделі болғандағы әйелінің бейнесі, үй ішінің сезім күйі айтылмайды. Бүкірдің жеңісі, оның бабы мен қайғысы тек Қоспаның ішкі ойымен өрбиді. Дәл осы сәтте автор әйелінің көзімен жағдайды ашып өтсе қалай болар еді дейсің. «Бүкір» романының қазіргі кезеңдегі ауыр тақырып – отбасылық институттың құлдырауы туралы айтуға хақысы бар, отбасылық құндылықтарды қарастыруға, түсіндіруге, татулықты насихаттауға толық мүмкіндігі бар. Өйткені, Бүкірдің өміріндегі үлкен өкпе анасында жатыр, өзі танымайтын әкесінде жатыр, бұл өкпе ендігісі әйеліне, балаларына да жалғасып, көлеңкесін түсіретіні хақ қой. Осы бір ішкі дертті шырғалаң-асудан өрмелей өтіп, жан дертін өзі арқалап, жан баласына масыл болмай, балаларының сағын сындырмай (өзінің сағы сынса да) оқуыңды оқы деп болашағын ойлаған Қоспа жалаулатып ұлықтайтын нағыз ер-азаматтың бейнесі дер едік.
Жазушы атбегілік тақырыбын тамсана жазады, таңқалдыра жазады, жылқыға қатысты бүкіл сырға қанықтырады. Адам мен жылқының өзара тілдесер сәттері де әдемі өрілген. Бұл жалпы, атбегілік өнердің қыр сырына қанықтырған, жылқышылар үшін тамаша энциклопедиялық роман, одан қалса өнерге әуес әр таланттың бабын келтірер бапшысы боларын да аңдатар шығарма деуге болады. Сондай-ақ, жылқының түрлі мінезін тарқатып «мисыз жүйрік», «дүлей жүйрік» деп бөліп қарастыруы да өнершінің жетістікке жетуіне жақсы нұсқаулық бола алады. Жүйрік болып туылу – жалғыз талантқа сүйену аздық етеді, өнершіге кеудесін тереңдікке толтыру керек болса, жылқының жүйрігіне толассыз күтім керек.
«Бүкір» осындай үлкен ауқымды тақырыпты қамтуымен көлем жағынан романға жетеқабыл дүние, дегенмен, романның әлеуетін, салмағын арттыру жолында сюжет фонындағы әлеуметтік қайшылықтарды да, заман өзгерісі мен адам құбылуын да алға сүйреп отырса деген тілек айтар едім. Есболат көлем қуар, қызылсөзқұмар, санға жұмыс істейтін жазушы емес, алайда, әр сөзіне ынтықтырып, сөз тіркестерін құбылтып, жаңа сөз жасауға құмар автордың ой тығыздығы мен сөз саптау жұмырлығы тәнті еткенімен тойдырмай қояды. Роман соңына қарай шұғыл аяқтауға бекінген асығыстық бардай – Қоспаның ғана ішкі ойымен, автордың баяндауымен шығарма аяқталып қалады. Біз осынау елдің күйін, сол кездегі жағдайлар мен Қоспаның әулеті туралы хабарсыз қаламыз. Бүкірдің ғайып болғаннан кейінгі Қоспаның ғұмыры оқырманға қызық, жұмбақ болып қалады. Қоспаның өзгеруі кейінгі өміріне қалай әсер етті? Жылқышылығын жалғастырып, жылқы баптап қалды ма? Шығарма аяқталғанда ол неше жасқа келді? Міне, осындай уақыттың кеңістікпен байланысы аз байқалады. Бәлкім, автор мұны мақсат тұтпаған болар, дегенмен романның кең тыныстылығын ашуға әлі де мүмкіндік бар деп ойлаймыз.
Романда Қоспаның ішкі толқынысы, күйзелісіне баса назар аударып, оқиғаға тек Қоспаның көзімен қарайды, яғни бізге кейіпкерді автор бір ракурстан көруге мүмкіндік береді. Алайда, әйелінің көзімен, баласының көзімен, Бүкірдің көзімен, әлеуметтің көзімен қарауға мүмкіндік жоқ. Автор осы бір ракурстар кеңдігін келесі романдарында қолға алса деген тілегіміз бар. Жалпы, романның идеясы жақсы, көркем фильмге сұранып-ақ тұр. Елімізде атбегілік, көкпар тарту, бәйгеге жылқы баптау секілді тақырыптар қаншалықты актуалды екені қайдам, бірақ адамның рухани бүкірлігінің жазылуы, ерлі-зайыптының қиын асудан бірге өтіп, сан рет шаңырағы шайқалса да түбі бір үндесіп берекелі шаңырақ құруы, жетімдердің (кез келген адамның) ішіне түскен өксігі басылып, адалдықтың, адамдықтың жолынан айнымаса бір күні діттеген мақсатына жетеді деген идея арқалаған романды сахналау да қажет дүние дер едік. Осы тұста, бұл романның сахналық нұсқасына өзі кірісіп, бұл бағытта талаптанып көрсе жақсы тәжірибе болар еді деп ойлаймын.
Сағадат ОРДАШЕВА





