АРАЛҚҰМНЫҢ АЙБАРЫ МЕН ТАЛАЙҒЫ ТАРИХЫ
(Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романы төңірегіндегі ой-толғамдар)
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романының мазмұн-құрылымы – он сегіз шағын бөліктерден (тақырыптардан) тұрады. Әр тақырып қысқа көрініс, оқиғаларды арқау етіп, адам мен оның өмірін, еңбегі мен әрекеттерін, әр алуан көзқарастар жиынтығын құрайды. Тақырып атауы қарапайым қойылғанымен, бекет бойындағы адамдардың өмірі мен еңбек болмысын, қарым-қатнасы мен көзқарасын, дүниетаным арналарын, кәсіп-дағдысын, тұрмыс-тіршілігін, отбасылық ахуалдарды кең көлемде көрсетеді.
Анығында, романның бастапқы бөлігі мен соңғы беттеріне дейін – Байқоңыр космодромына жақын жердегі Аралқұм бекеті, ондағы адамдардың өмірі мен еңбегі, қарым-қатнасы, кәсіп-дағдылары, тұрмыс-тіршілігі кеңінен көрініс береді. Бекет бойындағы адамдардың өмірі, еңбегі мен тұрмыс-тіршілігі – темір жолмен берік байланысты өріс алады. Күндіз-түні ары-бері жүретін поездар, оған мінетін Һәм түсетін жолаушылар, олардың өз ара қарым-қатнастары, бәрі-баршасы бекеттің күнделікті тыныс-тірлігімен байланыс-бірлікте баяндалады. Бұдан басқа, Бетбақдала көріністері, Космодром маңы, темір жол бойына жақын қоныстанған бекет тұрғындары мен Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовтың әрекет-қимылдары, ортақ мұраттары мен көзқарас қайшылықтары да өз ара қарым-қатынас тұстарында айқындалып, өмір ағымы мен еңбек болмысына қатысты жайттармен байланысты жүйелі дамиды. Кезең мен уақыт бедері, еңбек болмысы мен өмір өрнегі де адамдар қатнасы арқылы айқын аңғарылады.
Алғашқы бөлікте («Ұтыс пен ұтылыс») Бетбақдала көріністері, табиғат құбылыстары, аң-құстар әлемі, құм кесірткелерінің өзіндік өзгешеліктері кең орын алады. Космодроммен іргелес қоныстанған теміржол бойындағы қазақ ауылдарының жыңғыл томарын отын ретінде жинауы, өзгелерден артықшылығы – үй бас сайын антеннаға қол жеткізуі, маңыздысы Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовтың «жомарттығы» жұрт жадында қалып қояды. Мотоцикл мінген шабармандар әрекеті де назарға алынады. Қос аяқты мотоцикл мінген барлаушылар мен құм кесірткелерінің әрекет-қимылдары, шым топырақтың көрініс-құбылыстары да өмір оқиғаларымен қатар беріліп, әр қилы әлем, өзінше өрнек екені байқалады (7-бет).
Бұдан бөлек, Бетпақтан бағалы металл жинаушылар – Өтеміс пен Теңізбайдың Төретамдағы қазақтар қоныстанған қыстаққа таяуда көшіп келген-ді. Олардың да өз бағыты, жоба-жоспары, соған сай әрекет-қимылдары бар (8-бет). Осындағы – Өтеміс орта жаста, өмірдің ащы-тұщысын татқан, жинақтаған тәлім-тәжірибесі де бар. Теңіздің бағытын, мәнін, «тілін» де біледі. «Үлкен кемелерде механик боп істеген» (9-бет). Ауа райын да өзінше болжап, бағытын тап басып айқындайды. «Өтеміске теңіз қайта айналып соғатын секілді болады да тұрады» (9-бет). Төретам туралы да өзіндік байлам-тұғыры бар. Тіпті: «…Төретам…Төретамға барғандар да өліп жатқан жоқ, теміржолдың бойы, қайда барсаң – жолың ашық» (10-бет). Оның үстіне: «…Төретам – Сұлутам депосына қарайтын іргелі бекет. Екі қолға бір күрек. Төретамнан бұлар істейтін қара жұмыс табылмаса, Сұлутамнан қатынап та күндерін көрер. Әрине, Аралқұм бекетіне шөптері түскенде жайлырақ болар еді. Қайран, Аралқұм! Аралқұмға кез келгеннің қолы жете ме? Атақты Аралқұм бекеті теміржолшы мамандығы жоқтарды маңайына жолатпас. Бұған келгенде Аралқұмыңыз кез келгенге ашыла бермейтін алтын сандық. Оның кілтін тапқанша өзіңнің де саудаң бітер. Ал Сұлутам депосына теміржолдың, немесе депоның атшаптырым ауласын сыпырып-тазалауға да жұмысшы керек болар» (10-бет). Аралқұм айбары, маңыз-мәні осы тұстан терең танылады.
Бұдан басқа, Бетбақтан бағалы металл жинаушылардың келесі бірі – Теңізбай. Анығында: «Теңізбай – Өтемістің арыдан қосылатын жамағайыны. Әкесі ертеректе қайтыс болған. Жалғыз шешесі ұлының Өтемістің жанында жүргендігін жек көрмейді…Сотанақтау, өз дегені болмаса өзгелердің ақылгөйсігендеріне қолды бір сілтейтін мінезі доғалдау боп өскендігін кімнен жасырады. Бірде кіріп, бірде шығып, орта мектепті де әзер бітірді. Ауыл арасындағы шекеқызбай төбелестің де көрігін қыздырды. Өтеміс беделін салып, арашалап алмағанда ана жылы сотталып та кетер ме еді, кім білсін» (10-бет). Бұдан байқалатыны, Өтеміс пен Теңізбайда ортақ мұраттар, өзіндік бағыт, байламдары бар. Жұмыс, табыс жайын да бірге ойласқан-ды.
Анығында, Өтеміс пен Теңізбай Байқоңыр космодромынан қанша спутник ұшқанын, Бетбақтағы металл сынықтарының мән-жайын жақсы біледі. Олардың теңіз жағасындағы қайырылған кемелердің полубасын кесіп алуы, оны тиісті орындарға өткізіп, қолма-қол ақша алуы т.т. кезең кестелерін, уақыт бедерін айқын аңғартады. Өтеміс пен Теңізбай аз-кем тыныстаған тұста – Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов жөнінде пікір алысады. Жұмысқа, депоға қабылдамағаны үшін де кінә артқаны айтылады (18-бет). Әскери ұшақ, одан түскен жауапты адамдар жабық зонаға рұқсатсыз кіргендіктен жөн-жобаны айтады. Аспанға ғарышкерлер көтерілсе, жергілікті халыққа – компенсация төленетіні де назарға алынады. Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов біздің адам,-дегенді де қаперге алады (25-бет).
Бетбақтан бағалы металл сынықтарын жинаушылар қатарындағы – Өтеміс пен Теңізбайдың ортақ мұраттары, өзіндік өзгешеліктері бар. Олар жабық зонаға еніп кеткен тұста әскерилер жолығады. –Жұмыс жоқ!-деп лезде қосарлана жауап береді (25-бет). Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовты әскерилер білетін болып шығады. Әрі космодром іргесіне қоныстанған тұрғындарға берілетін компенсация туралы да ақпарат беріледі (25-бет). Өтеміс пен Теңізбай көңілдерінде күдік қалады. Өз кезегінде, Теңізбай тіпті Аспандияр алдына бармайтынын да жайып салады (26-бет).
Бұдан кейін-ақ, Аспандиярдың мазасы кетті. Күндіз мазасызданса, түнде ұйқысы қашты. «Төретамдағы екі кісіні жұмысқа қабылдайсың!» – деген пәрмен жоғары жақтан жетті (27-бет). Сұлутам мен Төретам тұрғындарын, Бетбақтан қымбат металл сынықтарын жинайтындармен ортақ тіл тауып, тұрмыс-тіршіліктерімен танысу да жанына батады. Тіпті, Аралқұм ақсақалдарымен ақылдасу, Мөңкебай, Сексенбайлардың алдына бару да ауыр әсер етеді. Бұдан бөлек, Ишанқұлдың төсек тартып жатуы, Дүйсенбай мен Мергенбайдың өзіндік ерекшеліктері де бар-ды. Аспандиярдың күндіз – күлкіден, түнде – ұйқыдан қалуының себеп-сыры да осында еді (28-бет).
«Поезд тоқтамайтын бекет» атты екінші бөлікте қарт теміржолшы – Мөңкебайдың адами әлемі, таным-түйсігі қатар беріледі. Байырғы теміржолшыға – Аралқұм, Бәйгеқұм бекеті, Сұлутам депосы, ондағы тұрмыс-тіршілік тынысы таныс. Күндіз-түні дамылсыз-тоқтаусыз өтетін поездардың келу-кету кестесі де көз бен көңілде сайрап тұр. Тіпті, Аспандиярға телефон шалып, «…108-составтан жол бойы шүмектеп шикі мұнай ағып келеді», – деп төтенше жағдай жөнінде ақпарат беруі – мол өмір тәжірибесінен тыс, жанашырлық пен жауапкершілік жүгін де аңғартса керек (31-бет).
Қарт теміржолшы – Мөңкебай біртоға, салмақты жанның қатарына жатады. Оның көз алдына, түпкі мақсатында жаңашылдық бағыт, айқын бағдарлар байқалады. Аралқұм, Космодромның маңыз-мәні айқындала түседі. Айталық, көпшілікке таныс: «Космодром – жұрттың бәрі білетіндей, басы бүтін әскери тәртіпке негізделген атақты нысан» болса (33-бет), Аралқұмда әлемдік өркениетке тән белгі, ерекшеліктер сирек те болса бар (интернет, коммерциялық дүкендер т.т.). Бұдан бөлек, Мөңкебайдың кенже ұлы – Арманжан әке жолын жалғап теміржолда қалды (34-бет). Қарт теміржолшыны ерсілі-қарсылы өткен – Атырау, Аралқұм, Сұлутам депосына қарайтын машинистер түгелге жуық таниды. Тіпті, гудок беріп, машинистері бас шұлғып, қол бұлғайтындары да бар. Тегінде, «Мөңкебайдың мақсаттарының бірі – «көзге баттиып көрініп тұрған солақай тірліктің кез келгенімен ымыраға келмеу. Әлі жеткен жерге дейін барын салып, ашық күресу» (36-бет).
Мөңкебай өзімен-өзі сөйлесіп, оңаша ойдың құшағында қалып, тіпті байырғы теміржолшы, құрдасы Дүйсенбайдың үйіне де таяу келеді. «Оның да бір ұлы Арманжанмен бірге Байқоңыр космодромына жүк таситын тауарныйдың машинисі» болып еңбек етеді (36-бет).
Мөңкебай сол жүргеннен тартып отырып, 7-тоқтайтын тұсқа келді. Кезекші – Үмбетбай абдырап қалды. «Сұлутам депосының бастығы Аспандияр кіріп келгендей» түрінде қорқыныш, бойында үрей пайда болады (37-бет). Қарт теміржолшы одан отбасын, еңбек өтілін сұрады. Маңыздысы, «7-Аралқұмға тоқтамайтынын, жарықтың сөніп қалу себебін де білгісі келді. Кезекті тұста түпкі ойын да жайып салады: – Бүгіннен бастап, сарғыш жалаушаңды ұстап, 7-өтіп кеткенше перронда қақшиып тұруды тоқтатасың!-деп анық-қанық, қадап айтады (39-бет). Тіпті: «Үнемі бас шұлғитын мақұлдың адамы емес, біздің де бір дүңк етер мінезіміз барын білсін!»,-деп түпкі ойын, мақсатты ұстанымын батыл жеткізеді (40-бет). Бұдан, әрине Мөңкебайдың болмысы, мінез қырларынан бөлек, бекет бойындағы халықтың әлеуметтік ахуалын жіті ескеріп, өмір-тұрмысына жоғары жақтағылардың назарын аудару аңық аңғарылады. Темір жол бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-қоғамдық өмірі, алыс-жақын, бауыр-туыспен байланысын да арттырып, қарым-қатынас жасау ісінде – поездің бекетке тоқтауы маңызды мәселе ретінде қозғалады. Өз кезегінде, Мөңкебай: -Артыңда бір қауым ел – аралқұмдықтар тұрғанын ұмытпа! – деп түпкі ойын да бүкпесіз жеткізеді (40-бет). Мөңкебай мұраты, көптің қалауы да осыған келіп саяды.
«Бейтаныс планетаның иесі» атты бөлікте төрт дос-құрдастың Ишанқұлдың денсаулығын, көңілін сұрау мақсатында оның үйіне келуімен басталады. Төрт дос, яғни Мөңкебай бастаған қарт теміржолшылар (Дүйсенбай, Мергенбай, Сексенбай) үйге кіргенде, оның кемпірі – Ибагүл қатты сасады. Оның үстіне, Ибагүл – Дүйсенбаймен құрдас. Әңгімелері де ортақ, әрі әзілі де жарасады. Негізінен, Ибагүл – Сексеуіл стансасындағы түйешінің қызы. Әкесі болса сол өңірдегі бақуатты, белгілі байлардың бірі. Соған қарамастан, Ибагүлдің әкесі алдындағы түйелердің санын, есебін білмейді. «Түйеші қыс түскенде ғана мұз үстімен барып, түйелерін сырттай бақылап қайтады» (42-бет). Ал, Ишанқұл болса, ертеректе Дүйсенбай екеуі теміржол техникумын бітіріп, тепловоз машинисінің көмекшілері болады. Аралқұм мен Сексеуіл арасында қатынайтын поезда жас маман ретінде тәжірибеден өтеді. Бұл өңірде — Аралқұм мен Сексеуілдің орны бөлек. Сексеуілдің адамдары, әсіресе қыздары, әдемілік жағынан жұрт назарында. Сексеуілдің шұбаты да осы өлкеде жұрттың аузында жүргендіктен, маңызды саналады. Облыс төңірегіндегі станса тұрғындары — Сексеуілдің шұбатын алдырады. Сексеуілдің теміржолшылар клубындағы би алаңында Ишанқұл Ибагүлді үйіне дейін шығарып салмақ болып, соңында өз үйінен бір-ақ шығарады. Жұп құрып, отбасылық өмірлерін жалғастырады. Аралқұм мен Сексеуіл, Төретам арасында қатынайтын – «Тоқылдақпен» Ибагүлді алып қашқан. Арада едәуір уақыт өтеді. Ишанқұл мен Ибагүлдің отауында жеті-сегіз баласы өмірге келеді. Жұрт қатарлы отбасылық өмірін жалғап келеді.
Мөңкебай бастаған қарт теміржолшылар аз-кем бөгелістен соң Ишанқұл жатқан төргі бөлмеге өтеді. Ишанқұлдың үйіне келгендер оның ауыр тыныстап, әл үстінде жатқанына көздері жетеді. Теміржолға адал қызмет еткенін тілге тиек етеді. Олар өзара теміржол бекетіндегі қатар жүрген күндерін, еңбек үстіндегі әрекет-қимылдарын, бос уақытттарындағы есте қалар әңгімелерін дуылдата еске алып, қызғылықты сөз етеді. Отбасылық өмір жайында да едәуір әңгіме болады. Кезекті тұста, Ишанқұлдың Ибагүлмен арақатынасы, морзе әліпбесі арқылы хат жазуы, Аралқұмның шұбаты төңірегінде де едәуір сөз етіледі. Кезекті тұста, олардың арасында Аралқұмның шұбаты мен америкалық астронавтар, Марс планетасындағылар жөніндегі қызығушылық пен салыстырулар мәнді өріс алады (51-бет).
Сексенбайдың аспан әлеміне қатысты ақпараты, Жерге бейтаныс планетаның жақындауы жөніндегі сөздері де жиналға дос-құрбылардың назарын аударады. Жерге жақындаған планетаның аты әлі белгісіз. Қатар-құрбылардың сөз жарысы мен әзіл әңгімелерінің түйіні — «Ишанқұл атындағы планета!» деп атау жөнінде өз ара шешімге келеді (53-бет). Сексенбай осы арқылы біраз шаруаны атқарғандай қалып танытады. Өз кезегінде Ишанқұл: – Сөзің бар болсын. Маған жетпегені сол еді, – деп үн қатады. – Бірақ, өзі күлген жоқ (53-бет). Негізінен, құрбы-құрдастар кездесуі мен өз ара әзіл-әңгіме, сұхбаттары, қатарлары – Ишанқұлдың көңілін сұрау «сапарлары» мәнді өріс, сипаттарымен есте қалады. Аралқұм мен Сексеуіл, Төретам арасында қатынайтын – «Тоқылдақ» төңірегіндегі әңгімелері де ел-жер туралы таным-түсініктерін, жанашырлық пен жауапкершілік мәнін арттыра түседі. Ал, «Аралқұм шұбаты» (51-бет), бекеттегі теміржолшылар моншасы (49-бет), Байқоңыр космодромы хақындағы көзқарастар жүйесі (50-бет) – бекет тұрғындарының ерен еңбегін, ақ адал көңіл, сырларын бүкпесіз баяндайды.
«Дубайға жолданған жеделхат» атты бөліктен – Сыр бойындағы Сұлутам депосы, Батыс пен Шығысқа тартылған теміржол тынысы бар көрініс-сипаттарымен кең орын алады. Сұлутам депосының кіреберіс тұсында – Мөңкебайдың Арманжаны, Дүйсенбайдың Мұратбегі кездесті. Ортақ мұраттары, ақылдасатын шаруалары бар-ды (57-бет).
Ал, Сұлутам депосында жылдың төрт мезгілінде тіршілік тынысының саябырсыған кезі жоқ. «Байқоңыр космодромынан түсетін төтенше сигнал» өз алдына жеке іс (54-бет). Ондағы платформалардың жүріп-тұру кестесі, космодром басшыларының келісімі, әскери тәртіп жүйесі, «аспаннан жауған сынықтарды құммен бастыру» жайы (55-бет), т.т. қалыпты ахуал десе де болар еді. Оның өзі бекет тұрғындарының өмір-тұрмыстарымен қатар беріледі.
Сұлутам депосындағылар Аралқұм ақсақалдарының әр қилы әрекет, қимылдары мен көзқарастарын жақсы біледі. Бекетке поезд тоқтатпау әрекеттері де жадына мықтап ұялаған. Үмбетпайды депо бастығы – Аспандиярдың жедел шақырып, істің ақ-қарасына қатысты сұрақтың астына алуы да жай емес еді (60-бет). Мөңкебай ақсақал да еске түсті (62-бет). Аспандияр мен Мергенбайдың жеке кездесуі, өмір-тұрмыстан өзге, Аралқұм жайлы өз ара әңгімелері өзекті сипат алады. Тіпті, Аспандиярдың: «…Аралқұмда бес шалдан құралған ақымақтардың астыртын ұйымы бар», – деп арғы-бергіні қозғауы да бірқатар шындықтың бетін ашады (84-бет). Сондай-ақ, Мұратбек пен Қанағаттың мектеп бітіретін жылғы кездесуі, алғашқы түсіністік мәні, жастар өмірінің белесті бедері – жас дәурен Һәм жастық шақ көріністерімен қатар беріліп, едәуір сөз болады (63-64 –беттер).
Арманжан мектеп директорының орнында отырып, Мұратбек пен Қанағатқа өкпе-назын айтады (64-бет). Аралқұм мен ондағы тұрғындар еңбегі баяндалады. Төретаммен салыстырулар жасалады (66-бет). Ишанқұлдың Айтөресі мен Сексенбайдың Қанағаты хақында да кең түрде сөз болады (68-бет). Космодром іргесіндегі қазақ ауылының жай-күйі осы бағытта кең өріс алады. Арманжан түпкі ойын Қанағатқа қаратып айтты. Онда: «…Мен айтқан мәмілені жүйелеп, қағазға түсір. Түсінбегеніңді сұрап ал. Сосын Дубайға, Айтөреге жөнелт! Біздің жағдайымызды ағылшын тіліндегі дүниежүзілік сайтқа жүктесін. Қосып алатыны болса өзі білер, бірақ кешіктірмесін. Уақыт бізді күтіп тұрмайды, уақыт жалт ете қалған сәуледен жылдам», – деп жазылған-ды (69-бет). Қысқасы, осы жайттардың қай-қайсысы да бекет бойындағы тұрғындардың адами мұраттарын, еңбек болмысын, қарым-қатнас әрекеттерін, өмір-тұрмыстарын берік байланыста баяндалатыны анық.
Бұдан басқа, «Қарыз», «Бір дорба киіктің мүйізі», «Текетірес» сынды бөліктерден Аралқұм тұрғындарының еңбек болмысы, кәсіп-дағдысы, тұрмыс суреттері орын алады. Айталық, «Қарыз» — Аралқұмның атақты теміржолшысы Мөңкебай Құлназаровтың адами бейнесін, күнделікті әрекет-қимылдарын негіз етеді. Кенеттен, Мөңкебайды Ишанқұлдың немересі үйге шақырып келеді. Жолай үй-ішілік жайларды сұрап, Аралқұмның қарт теміржолшысы Ишанқұлдың үйіне де жетеді. Әңгіме арасында Ишанқұл өткенге оралып, едәуір уақыт бұрын Халықаралық ұйымның қарулы жасақшылары есірткі тасымалдаушылардың жолын кесіп, қолға түсірудегі ерен еңбек, қамқорлық көрсеткендері үшін ақшалай сыйлық тағайындаған-ды (96-бет). Ишанқұл бекет бойын, ауыр доңғалақтар мен вагондар арасындағы қым-қуыт сұрапыл сәттерді есіне алып, қарыздар болмайын дегенді де қоса айтып, Мөңкебайға бір бума ақшаны тапсырады (97-бет). «Аманатқа – қиянат жасауға болмайтынын» да есіне салады. Ишанқұл отбасы мен Мөңкебай арасындағы әңгіме желісі – адами қасиет, құрметтен бөлек, ертеректегі есірткі тасымалдаушылардың адам өміріне қауіпті жат та теріс әрекеттерін әшкерелеуге қатысты ерен ерлікке пара-пар қимылдарын еске түсіреді. Оның үстіне көптен төсек тартып жатқан Ишанқұлдың байырғы досы – Мөңкебай алдындағы адалдығын, достық қарым-қатнастарын да бекіте түседі. Қоғамға жат құбылыс – есірткі тасымалдаушылардың жолын кесуі де өз ара әңгіме өзегін айқындап, бекеттегі теміржолшылардың өмір-тұрмыстарын қайыра еске алуымен, адами қарым-қатнас, сыйластық сырларын да айқара ашады. Маңыздысы, байырғы теміржолшылардың адами мұраттары мен өз ара берік қарым-қатынасы, достығы мен сыйластық сырлары да кеңінен көрініс береді.
Ал, «Бір дорба киіктің мүйізі» – Аралқұм тұсынан өткен «тоқылдақ» поездан түсіп қалған, тіпті «Аузын шымшып буған киіктің бір дорба мүйізі» тұрғындар арасында әңгіме болады. Сексеуіл стансасынан жол поициялары да келеді. Жұрт: «Аспандиярдың қолымен жасалған «спектакль» екендігін бірден білді» (112-бет). Тіпті қызыл жағылылар ауыл, көшені аралап, қора-қопсыны түрткілеп-тінтігеннің өзінде – «…бірде-бір аңшы мылтығын таба алмады» (112-бет). «Кездейсоқ олжа» – киіктің мүйізіне қатысты дереккөзі, басқадай жағдаят, кереғар көріністер жұрт көзіне ілінбеген екен. Байқалғаны: «Киіктің бір дорба мүйізі бекет перронынан табылды» (112-бет). Анығында: «Аралқұмдағы ақымақтардың астыртын ұйымы» емесі жұртқа мәлім еді. Киіктің мүйізінде — Аспандиярдың «қолының табы барын» барша жұртшылық, аралқұмдықтар тап басып танығаны анық еді. Жұрт жадында қалғаны: адам қолымен жасалған әрекет, әлдекімдерге қарсылық, «көлеңкелі қимыл» екені бұлтартпас шындық екенін әркім-ақ байқағанында жатса керек. Бұдан байқалатыны, байырғы теміржолшылар «кездейсоқ мүйіздің» ғайыптан пайда болмағанын, адам қолымен жасалған Һәм ұйымдастырылған әрекет-қимыл екенін жазбай таниды. Таяқтың бір ұшы –Аспандиярға тірелетіні де анық еді. Қоғамдағы кереғар көрініс, кездейсоқ жағдаяттар мәні – «Бір дорба киіктің мүйізі» негізінде айқындалып, ақиқат жайттар жұртқа жетеді.
«Текетірес» – Нұрәлі Сапаровичтің алыстан, кездейсоқ соғылған телефондағы әңгімесінің жай-жапсарынан басталады. Негізінен: «Шетелдік компания Аралқұм бекетінен он-он бес минуттық деректі фильм түсірмекші екен» (114-бет). Аралқұм төңірегінде мың сан сұрақ пайда болады. Таңдау – Аралқұмға, сондағы теміржолшы қазақтардың өмір, тұрмысы назар аудартқан-ды. Ал: «Аралқұм – жүз қаралы шаңырақтан тұратын шағын бекет» (114-бет). Нұралы Сапаровичтің бойын да, ойын да мазасыздық билеп, жан-жақтан шеңбер құрып, «торлап алады». Тапсырыс берушілер, дүниежүзіндегі Аралқұмның орын-үлесі, Аралқұмды алға салып, космодром мәселесіне ену, сұхбат алаңы, мақала жазу жайы, т.с.с. мың сан сауал санаға тыншу бермейді. Аралқұмдық қарт теміржолшылар еңбегі мен өмір-тұрмыстары, әлеуметтік ахуалы да назарға алынады. Нұрәлі Сапарович пен Аспандияр жеке кездесіп, Аралқұм мәселесін, деподағы тіршілік тынысын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын кең түрде сөз етеді. Аралқұм теміржолшылары мен бекет ақсақалдарының жай-күйін де назардан тыс қалдырмайды. Негізгі әңгіме түйінін: – Аралқұмға шетелден кино түсірушілер келе жатыр, –деп білдіреді (122-бет).
Сол сәттен бастап-ақ, Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовтың жан-дүниесінің астан-кестеңі шығады. Кино түсірушілердің «арман-аңсары, талап-тілектері» ойын әлем-тапырақ етіп, сан саққа жүгіртеді. Аралқұмдағы өмір-тұрмыс көз алдына келеді. Теміржолшылардың тірлік-тынысы, космодром мен спутник ұшқаннан кейінгі «…улы шаңдақ» (125-бет), бәрі-бәрі жадында қайта жаңғырып, еске түседі. Өзімен-өзі болып, ара-гідік «оңаша ойларымен» алысып, сөйлесетін де болды. Тіпті, «Аралқұмдағы теміржолшылардың үйлерін күрделі жөндеуге жіберген бригада түк бітірмей қайтып келген» (128-бет). Оның үстіне: «…олар космодроммен екі-үш жылға келісімшартқа отырып қойған» (129-бет). Оларға сөзі өтпейді, пәрмені де жүрмейді. Тіпті, Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов: «…менің оларға келгенде екі қолым байлаулы», – деп көңілі алаң болып, жан-дүниесін астан-кестең еткен өкінішін де жасырмайды (129-бет). Нұрәлі Сапаровичпен әңгімесі де осы тұста жараспай, телефон арқылы жалғаспай қалады (129-бет).
Әңгіме баянынан: шетелдік кино түсірушілердің келетіні жөніндегі ақпараттан өзге, Нұрәлі Сапарович пен Аспандияр арасындағы адами қарым-қатынас, Аралқұм мен бекет бойындағы теміржолшылардың әлеуметтік ахуалы, өмір-тұрмысы, кәсіп-дағдылары, түпкі мұрат-ұстанымдары айқын аңғарылады. Бұдан бөлек, Нұрәлі Сапарович пен Аспандияр арасындағы телефон арқылы дәлме-дәл, сөзбе-сөз тілдесулерінен – «шалдардың ереуілдері», кино түсірушілер алдында көзбояушылыққа бармайтыны туралы қарсылықтары (128-129-беттер) жіті көрініс береді. Маңыздысы, әрине билік пен халық арасындағы алшақтық, ақиқат пен жалғанның ара жігі, бастық пен оның қарамағындағылардың ішкі-сыртқы қарсылықтары кең орын алады. Аралқұм ақиқаты, Байқоңыр космодромы, Шөмішкөлдің кварц құмы, Алтықұдық стансасы, «маневр жасайтын қосымша жолдар» да тілге тиек етіледі (126-127-беттер). Осының бәрі-баршасын Нұрәлі Сапарович пен Аспандияр арасындағы телефон арқылы байланыспен қатар, аралқұмдықтардың бағыт-бағдарынан, әлеуметтік ахуалдан, өмір-тұрмыстарынан жіті тануға әбден болады. Билік пен аралқұмдықтар арасындағы байырға байланыс, өзара «текетірес» мәні де осыған саяды.
«Қарт теміржолшының қазасы» атты бөліктен адам өмірі мен өлімі, еңбегі мен орта Һәм айналасымен қарым-қатнасы, отбасылық құндылық, билік өкілдері мен оның төңірегіндегілердің көзқарас-ұстанымдары т.т. кең орын алады. Қарт теміржолшы Ишанқұлдың өмірден өтуі мен оның байырғы достары – Мөңкебай мен Дүйсенбай т.б. қасынан табылып, соңғы сапарға шығарып салу, жерлеуге қатысты жөн-жоба, жоралғылар, тиісті рәсімдері төңірегіндегі ұйымдастыру жұмыстары, өзара достық қарым-қатынастары, ауыл мешітінің молласы мен арадағы ортақ мұраттар жөніндегі әңгімелер, Ибагүлдің жоқтауы т.с.с. ауыл-елдің тәртібі, әдет-дағды, дәстүр тағылымы аясында байыпты баяндалып, жүйелі жеткізіледі. Адам мәні мен мұраты, еңбегі мен ортасы, отбасылық құндылықтар жайы нанымды өріс алады. Өмір мәні мен өлім сипаты, адам әлемі мен еңбек болмысы, әдет-салт, дәстүр тағылымы, тұрмыс-тіршілік тынысы кең түрде көрініс береді (130-132-беттер).
Бұдан басқа, Аралқұм мен Ишанқұлдың егіз ұғымға айналуы, Бәйгеқұм мен Сексеуілге дейінгі аралыққа қаралы хабардың таратылуы, Сұлутам депосындағылар мен Аспандиярдың хабардар болуы, Үмбетбай мен Арманжан, Мұратбектердің де жақын-жуық, жолдас-жораларға қатысты міндеттері мен тиеселі істері де жіті айқындалады (133-бет).
Ишанқұл ұрпақтары – Айтөре мен Жасарал жөніндегі Мөңкебай мен Сексенбайдың жанашырлық Һәм жауапкершілік тұрғысынан айтқан ақыл-кеңестері, өмірлік тәжірибелері мәнді сипат алады. Тіпті: «…Өлік шыққан үй қазан көтермейді. Барлық шаруаны өзіміз атқарамыз. Сабыр сақта, Ибагүл де жылауын тоқтатсын. Жылап-сықтаумен өлген адам тірілмейді», – деп басу сөз айтып, сабырға шақыруы маңызды болып табылады (134-бет).
Бұдан бөлек, Айтөреге Қанағаттың жеделхаты жетті. Айтөреге әкенің орны тым бөлек-тін. Көзін тауып, қисынын келтіріп дер кезінде жетті. Анығында: «Ишанқұлдың қазасы – теміржолшылар әулетіне ортақ қаза» болса (138-бет), бұл ретте Мөңкебай, Дүйсенбай, Сексенбай, Мергенбайлар жанашырлық пен жауапкершілік жүгін терең сезініп, адамдық мұратты алға салып, достық-жолдастық іске адалдық танытып, қарыз-парыз іске тік тұрып қызмет етті. «Өлкелік теміржол басқармасының бастығы Нұрәлі Сапаровичтің жеке сәлемдемесі жетті» (138-бет). Сұлутам депосының директоры Аспандияр Нұрмақов қаралы жиында – Аралқұм мәнін, қарт теміржолшы еңбегін кеңінен сөз етті (139-бет). Қаралы жиында бірқатар қазанамалар да оқылды. Олардың қатарында – Дүниежүзілік медиа форумның ұйымдастырушысы, Шотландиядағы қайырымдылық корпарациясы бар (139-бет). Тіпті, Ишанқұлды жерлеу тұсында бекет жақтан сирена-гудоктың ащы дауысы естіліп (139-бет), «…Екі жақтан алқынып жеткен пойыздар перронға жетті де кілт тоқтады» (141-бет). Бұл – қарт теміржолшыға құрмет болса, нәтижесінде: «Қаралы топ арғы бетке кідіріссіз өтті» (141-бет).
Негізінен, «Қарт теміржолшының қазасы» – адам мен оның еңбегіне құрмет пен тағзымнан бөлек, өмір мен өлім мәнін кең түрде ашады. Әрі елдік ұстаным мен дәстүр тағылымын, адамдар қарым-қатнасын, отбасылық құндылықтар мәнін байыпты дәріптеп, зейінді зерделеуімен де маңызды.
Романға енген – «Мать Тереза», «Реніш», «Дрон, дрон…», «Ереуіл сенің неңді алған…», «Иман гүлі өскен өңір», «Құмдағы жойқын жарылыс», «Айқай», «Ақ бота», «Тосын шешім» атты бөліктерден ауыл-елдегі өмір, оның адамдары мен еңбек болмысы, тұрмыс-тіршілік көріністері орын алады. Әсіресе, Аралқұм әлемі, оның адамдары мен бекет бойындағы тіршілік тынысы кім-кімнің де назарын аударады. Байқоңыр космодромы, Бәйгеқұм, Төретам, Сұлутам, Сексеуіл сынды бекеттер де тиісінше еңбек көрігін қыздырып келеді. Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов пен байырғы теміржолшылар – Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай және олардың ұрпақтары – Арманжан, Мұратбек, Жасарал т.б. бекет бойындағы ауыл-елдің бірлік-берекесін берік бекітіп, қарым-қатынас сырларын ашып, өмір-тұрмыстың бағыт-бағдарын айқындап, тіршілік тынысын еселеп арттырып, ілгерілету ісінде ерен еңбек етіп келеді.
Бұдан басқа, «Мать Тереза» бөлігінен – Аспандиярдың үлкен қызы Дәмелінің Сұлутамға көшіп келген қандастарға қамқорлық көрсетуі, көбіне жаяу жүріп-ақ – Депоның тыныс-тірлігін жіті сезінуінен жанашырлық та, жауапкершілік те аңғарылады. Дәмелінің жолдасы – Жарылқасын да көмек көрсетіп, қол ұшын береді. Депо ауласына, теміржолшылар саябағына гүл өсіру ісін қолға алады. Мектеп директоры – Үкілімен де байланыс орнатып, мектепке балаларды орналастырады. Тіпті, Дәмелі мектеп жасындағы – Әскербекпен де байланыс орнатып, «құпия» әңгіме де өрбітеді.
«Реніш» бөлігі – Депо бастығының (Аспандияр Нұрмақов) күйеу баласы Жарылқасынның әлденеге абыржып, тым мазасызданған сәтімен басталады. Депоның ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне жауапты — Жарылқасынның өмірбаяндық деректері, отбасылық ахуалы да кең орын алады (әйелі – Дәмелі мен енесі туралы). «Жасырын аралдағы» – Жарылқасынның аң атып, балық аулайтын кездері де болады. «Жоғарыдан келген шенділерге» ел-жерді, табиғатты тамашалатып, өзі де сауық-сайранның бел ортасында болады (160-бет). Дәмелі «…қаңғып келген күйеуін» тінтіп-тексеріп, сыннан өткізбейді. Тіпті, «Қайда болғандығын сұрамайды» (160-бет). Енесі болса, мұндайда, әсіресе: «…Жарылқасынның келгіштеп кеткендігін жақтырмайды» (161-бет). Бұдан бөлек, әсіресе: «…Жарылқасынға көрсетілген құрмет-қошеметтің тең жартысы Аспандиярға тиеселі» (161-бет). Сұлутамда еңселі коттеджі бар. Жалақысы да жоғары. Ал, үш қабатты биік те еңселі коттеджге келіп, Аспандиярды көргенде танымай қалғаны анық еді. Оңаша әңгіме, қысқа сұхбаттан кейін екеуі қызметтік машинамен – Сұлутамнан ұзап, Дарияның жағалауына жетеді. Шөмішкөлдің теңіз жақ бетіндегі биік қырқаның төбесіне шығып бірақ тоқтады (170-бет). Екеуара әңгімеде – Шөмішкөл тұрғындарының таяу-болашақтағы – «аңыз өмірі», Кварц құмы мен одан түсетін тиеселі табыс-олжалары баяндалады (171-бет). Байқоңыр космодромынан ұшырылатын әрбір спутникке төленетін қыруар қаржы да жергілікті тұрғындардан бөлек, өздеріне тиеселісі де жанын жадыратып, «көңілді көкке көтереді» (172-бет). Әңгіме арасында: – Дрон сатып алдым, – деген Жарылқасын сөзі Аспандиярға жетпегенімен, алыс-жақыннан «хабар алғызып», көңілге медеу болды.
Сондай-ақ, «Ереуіл сенің неңді алған…» атты бөліктен Сұлутам депосынан жұмыстан босаған – Аспандиярдың үйдегі ахуалы, жұмыссыз қалғаннан кейінгі көңіл-күйі жоқ жайсыз қалпы баяндалады (191-200-беттер). Ол аздай, Аспандиярдың жұмыстан босауы – әділетсіздік! – деп жолды бөгеп, депоға тепловоздарды кіргізбейміз! – деген ереуілшілердің әрекеті (205-бет) де алыс-жақынға жетіп, жұрт назарын аударғаны анық еді.
«Тосын шешім» атты бөліктен Өлкелік темір жол басқармасының бастығы Нұрәлі Сапаровичтің жедел түрде Аспандиярды іздеп, жеделхат жолдап, жолығу сәті баяндалады. Екеу ара кездесуде Өлкелік темір жол бастығының Аспандиярды күту-құрметі, ілтипаты ерекше болады. Арқадан қағып, қарсы алуы да тым ерекше-тін (279-бет). Өзара сұхбат-сырласу үстінде – теміржолдағы өмір, тіршілік тынысы, Сұлутамның Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан стратегиялық мәні жан-жақты айқындалып (280-бет), арғы-бергі жайттар еске алынып, кең түрде сөз етіледі. Негізгі әңгіме баянында: – Сұлутам депосының бастығы ауысатынын, теміржолды түбірлі өзгерістер күтіп тұрғаны анық аңғарылады (181-бет). Бұдан басқа, Өлкелік темір жол мекемесінің бастығы әңгіме баянында – бірқатар арыз-шағымның барын, Байқоңырдан әрбір спутник ұшқан сайын, шетелдік корпорациялар жергілікті халыққа арнайы бөлінетін қаражаттың қомақты бөлігі иелеріне жетпегені де мін-сын ретінде айтылады (282-бет). Кезекті тұста, Аспандияр еңбек Һәм өмір жолында өкінішті жайттардың да орын алғанын есіне алады. Бұл ретте, әсіресе Арал теңізі жағалауынан Төретамға көшіп келген – Өтеміс пен Теңізбай есімді екі балықшыны жұмысқа қабылдамағанын елеулі кемшілік, негізгі ағаттығым еді, деп өкінішпен еске алады. Енді, Аралқұмға көшіп барсам! – деген едәуір уақыттан бері көңілін күпті еткен түпкі ойларын да жайып салып, берік шешімі барын да бүкпесіз-боямасыз баяндайды (284-бет). Бұдан байқалатыны, Өлкелік темір жол мекемесінің бастығы мен Аспандиярдың әңгімесі – ел-жұрттың ортақ мұраттарға негізделген келелі мәселелердің жайын қозғағанымен, басшылық тарапынан әр уақытта-ақ жасалатын – «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің орын алғаны, әр кез-ақ «кең өріс» ашылғаны анық аңғарылады. Билік пен халық арасындағы алшақтық пен тепе-теңдіктің сақталмағаны да байқалады. Заң мен тәртіп, құқықтық мүмкіндіктердің көзден тыс, көңілден таса қалпында қалуы – билік пен халықтың арасындағы алшақтықты аңық көрсетеді.
Анық аңғарылатыны, автор Байқоңыр космодромы мен оған жақын маңдағы – Аралқұм тұрғындарын, темір жолға таяу қоныстанған – Төретам, Бәйгеқұм, Сұлутам, Сексеуіл сынды бекеттердің арғы-бергі кезеңін, дәстүр тағылымын, өмір-тарихын, еңбек-кәсібін, тіршілік тынысын жіті танып, тәуір білетіні байқалады. Космодром – әскери тәртіпке негізделген нысан болса, «Тоқылдақ» аталған бекеттерге қатынайтын, бар-жоғы екі-үш вагоннан тұратын шағын көлемді көлік екені, бекет тұрғындарының оны жиі пайдаланатыны да кеңінен көрініс береді. Бұдан бөлек, байырғы теміржолшылар (мысалы, Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай т.б.) мен олардың өз ара қарым-қатынасын, еңбектегі орын-үлесін, отбасылық өмір-тұрмыстарын, тіпті Ишанқұл-Ибагүл, Мөңкебай-Сұлухан сыйластығын алуан әрекет, көркем көріністер негізінде сенімді сөз етеді.
Өлкелік темір жол басқармасының бастығы – Нұрәлі Сапарович, Сұлутам депосының директоры – Аспандияр Нұрмақов араларындағы ортақ мақсат, қоғамдық еңбек төңірегіндегі әңгіме-сұхбаттар, космодромның экологиялық зардабы, «Аралқұмда ақымақтардың астыртын ұйымы бар» деген тіркес мәні, Шөмішкөлдегі — Кварц құмының қазына-байлық көзіне айналуы, Дрон-қолқанаттың қызметі, Дәмелінің елдік-қоғамдық істері, Жарылқасын-Шырынкүлдің «жасырын жарасымы», т.т. орынды көрсетілуі, оқиғалық желінің қарапайым, табиғи өрісте дамуы мәнді сипат алады.
Негізгісі. «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романда бекет бойында мекендейтін теміржолшылардың жанкешті өмірі, ерен еңбегі, қарым-қатынастары, өмір-тұрмыстары, тіршілік тынысы мәнді сипаттарымен сенімді сөз етіледі. Сонымен бірге, кезең көріністері, қоғамның кереғар жағдаяттары, өмірдің өрнекті тұстары, бекет тұрғындарының қарым-қатынасы, еңбек болмысы мен сыйластықтың қарапайым қағидаттары еңбек болмысы, өмір шындығы, тұрмыс суреттерімен сабақтастықта беріліп, жүйелі жеткізіледі. Осы реттен алғанда, біздіңше, жазушы Қ.Жиенбайдың қолтаңбасына тән ерекшеліктердің бірі – тақырып табиғатын терең барлап, байыпты зерттеп-зерделеп, соған сай өмір оқиғасын, адам факторын, уақыт пен кеңістік арақатынасын жіті айқындап, материалды да еркін меңгеріп, кейіпкерлерлердің жүйесін, әрекет-қимылдарын, даму эволюциясын сенімді суреттейді. Сондай-ақ, аталған роман мазмұны, оқиғалық желі, кейіпкерлер жүйесі, еңбек болмысы, адамгершілік пен жауапкершілік жүгі, кісілік пен кішілік мәні, тұрмыс-тіршілік иірімдері нанымды өріс алып, байыпты баяндалады. Аралқұмдағы өмір өрімі, Космодром синдромы, Бетбақдала металдары мен экзотикасы, Атырау мен Аралқұм аралығындағы теміржолшылардың тұрмыс-тіршілігі, «бес шалдың» (мысалы, Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай т.б.) өнеге-өрістері, отбасылық құндылықтар жүйесі т.с.с. байыпты баяндалып, нанымды желі құрап, жүйелі жеткізіледі.
Байқоңыр космодромы, ғарыш кеңістігі, Бетбақдала берекесі, Аралқұм, Бәйгеқұм, Төретам, Сұлутам, Сексеуіл т.т. темір жол бекеттері, теңіз бен темір жолдың тыныс-тіршілігі (42-бет), балықшылардың кәсіп-дағдысы, өмір-тұрмыстары (42-43-беттер), қасірет таңбасын танытатын – «…экологиялық апат аймағы» (43-бет) т.с.с. ел-жердің қыр-сырын, тарихы мен тағылымын, оның адамдарының мақсат-мұраттарын, әлеуметтік-тұрмыстық мән-жайын кең көлемде көрсетіп, жан-жақты қозғап, мәнді сипатта терең танытады. Ал, үш литрлік шұбат құйылған бидоны бар Қалдыш кемпірдің өмір-тұрмысы – әлеуметтік ахуалды, кезең көріністерін, қоғамдық жағдаяттар мәнін кеңінен көрсетеді (73-75-беттер). Сондай-ақ, жұрт жадында: «…Анық-қанығы әлі күнге дейін бір жұмбақ – Арал теңізінің тартылуына басты күнәһар – Байқоңыр космодромы. Әрбір корабль аспанға ұшқан сайын, соңынан шұбатылып ере шығатын отты «құйыршық» бір көлдің суын заматында «ішіп тауысады-мыс», деген жолдар заман запыранын, қазіргі кезең шындығын, уақыт рухын бүкпесіз-боямасыз айқын аңғартады (41-бет). Қоғам байлығы – адам мен оның өмірін, еңбек болмысын, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын, маңыздысы ұзақ уақыттар бойғы «қасірет тағбасын» терең танытады.
Алайда, Байқоңыр космодромы мен оған жақын маңдағы – Аралқұм тұрғындарын, темір жолға таяу қоныстанған – Төретам, Бәйгеқұм, Сұлутам, Сексеуіл сынды бекеттердің бағыт-бағдары, арғы-бергі кезең-көріністері, өмір-тарихы, тұрмыс-тіршілігі тым тәптіштеліп сөз етіледі. Адам мұраты, еңбек болмысы, өмір оқиғалары алдыға шығып, темір жол бойындағы қым-қуыт іздер, кездейсоқ-кереғар көріністер, алаяқтық-жемқорлық «жолы», бекет тұрғындарының әлеуметтік ахуалы, дәстүр тағылымы, қарым-қатынас мәні, тұрмыс-тіршіліктен туындаған түйіткілдері т.с.с. қоғамдық-кезеңдік үдерістерімен, адалдық-әділеттілік қағидаттарымен сабақтастық-үндестік сипатта өріс алғанда, мәдени-рухани көкжиек айқындалып, байып-толыға түсері анық еді. Өткен мен бүгіннің арасындағы байланыс-сабақтастық, отандық-өркениеттілік қарым-қатынастың жаңа ұрпақ арқылы көрініс беру сипаты байқала бермейді. Космодром кеңістігі, Бетбақдала экзотикасы, бекет болмысы мен темір жол тынысы – жаңа кезең көріністері, жасампаз ұрпақ өрісі аясында сабақтастық алғанда, болашақ бағдары, дәстүр мәні, өмір өрімі, уақыт бедері айқындалып, көркемдік-рухани арна кеңи түсері хақ еді.
Бұдан бөлек, Планета атауын қарт теміржолшы есіміне беру төңірегіндегі «құрдастар қалжыңы» (53-бет), Аралқұм бекетіне – №7-поезды тоқтату туралы билікке қарсылық мәні қаншалықты шындыққа сиымды (49-бет), Космодром мен тепловоз машинисінің үйіндегі уақыт сағатының «тепе-теңдік сипаты» ақиқат ауылына алыс-жақындығы (56-бет) назар аудартады.
Арманжан мен Мұратбек, Жасарал, Айтөре бейнелері кең көлемде ашылмаған болса, Мұратбек-Қанағаттың алғашқы кездесулерінде достық баяны, сағыныш пен сүйіспеншілік сезім иірімдері, тіпті батылдық, еркіндік, махаббат мерейі, сыйластық сыры байқала бермейді (63-64-беттер).
Аталған романдағы мәтін құбылысынан, оқиғалық желіден бірқатар жекелеген сөздердің астын сызып оқыдық. Жеке сөз түрінде, немесе мәтін арасындағы қолданыс аясынан анық-қанығы былай тұрсын, оқу үстінде, мағыналық Һәм оқиғалық жүйе-желіде танып-түстеп, тап басып аңғару қиын: – безірейіп, дұрысы – бедірейіп (3-бет), тәйтүң-түйтің (4-бет), пәсі (7-бет), көкпе (17-бет), ақшыт аспан (20-бет), сойқан дауыс (20-бет), көңілді бірлеп (22-бет), ұйқының кестесін (26-бет), құйрық қойды (38-бет), ыбылжыса (48-бет), жаяу кезгілейді (70-бет), ит-жыны (73, 167-беттер), қайлы (73-бет), гүрлеп (74-бет), лапасы (86-бет), семіп (98-бет), ауыс-күйіс (106-бет), шөбі (145-бет), құмбыл (179, 211, 265-беттер), ұсынақты (188-бет), шырадай (206-бет), томашадай (262-бет), дем-дом (258, 263 беттер) т.т.
Түйінді тұжырым, жазушы Қ.Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романы – Байқоңыр космодромына жақын жердегі темір жол бекеттері – Аралқұм, Бәйгеқұм, Сұлутам, Төретам т.т. тіршілік тынысы терең танылып, теміржолшылардың кәсіп-дағдысы, өмір-тағдыры кең орын алады. Бұдан басқа, Бетбақдала мәні айқындалып, ондағы өмір көріністері, дала сыры, табиғат суреттері, тұрмыс-тіршілік тынысы жіті танылады. «Қазыбай құдық» сыры ашылып, мәнді-қырлы тұстары да кеңінен көрініс береді.
Аралқұм ақсақалдары (Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай т.б.), ел-жер, өмір-тұрмыстары, сондай-ақ бекет болмысы, темір жол тынысы да күнделікті еңбекпен, тіршілікпен байланысты баяндалады.
Сонымен бірге, романның барлық бөліктерінен – Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовтың іскерлігі мен жауапкершілігі, бекет тұрғындарымен, Аралқұм теміржолшыларымен берік байланысы, әрекет-қимылдары анық аңғарылады. Адами болмысы, арман-аңсарлары, мақсат-мұраттары, еңбекке көзқарасы, отбасылық ахуалы да кең орын алады. Анығында, Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов – Байқоңыр космодромына таяу қоныстанған бекеттер мен оның тұрғындарын, қарт теміржолшылардың (мысалы, Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай т.б.) өмір-тұрмысын, еңбек болмысын, осы бағыттағы «белсенді әрекеттерін» де жетік біледі. Аспандияр мен аралқұмдық ақсақалдар (бес шал) арасы, көзқарас қақтығыстары да ортақ мұраттарымен жұрт жадында қалғаны анық. Бастысы, «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты роман – Байқоңыр космодромы маңына жақын қоныстанған Аралқұм бекеті бойындағы теміржолшылардың ел-жерге құрметін, ұлт пен ұрпақ мәнін, дәстүр тағылымын, адами мұрат пен патриоттық парыз-қарыз істі, еңбек болмысын, өмір-тағдырын, қарым-қатнасын, көзқарас эволюциясын, тұрмыс-тіршіліктерін, сыйластық сырларын кең түрде суреттейді.
Анығында, біздіңше жазушы Қ.Жиенбайдың ««Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романы – Космодром маңын мекен еткен темір жол бекеттеріндегі (Аралқұм, Бәйгеқұм, Төретам, Сұлутам, Сексеуіл т.т.) өмір-тұрмысты, еңбек адамдарының қарым-қатнасын, қоғамдық-жұмысқа қатысты көзқарас-ұстаным жүйесін, негізгісі ел-жер, дәстүр мен сабақтастық, адамдық мұрат, адамгершілік қағидаттарын, отан мен отбасы құндылықтарын бәрінен биік қоятыны, жақын-жуық, дос-туыс, сыйластық сырларына жіті мән беруімен де тағылымды туындылар қатарына жатады.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор





