Күнделік
Автор туралы: Жақсыбек Шанышқылы 1992 жылы Ташкент қаласында туған. Ертіс-Баян өңірінің топырағында білім алып, мектепті тәмамдағаннан соң, Алматыдағы Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыған.
Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына арналған Павлодар облыстық әңгімелер байқауының 2025 жылғы жеңімпазы. «LEP» әдеби бірлестігінің мүшесі.
Жақсылықтың «Жұлдыз» журналында алғаш рет жарияланып отырған «Күнделік» атты әңгімесінде мектеп кітапханашысының қосүрейлі күй кешкен күйзелісті ахуалы баяндалады. Проза жанрында психологиялық туындылар жазуға ден қойып жүрген жас қалам иесіне үлкен әдебиетте жолың болсын деп, оған сәтті сапар тілейміз.
«Жұлдыз» журналы
І
Маусымның ортасы. Түс ауған шақ. Мектеп кітапханасының іші әдеттегідей қапырық. Биік терезелерден түскен солғын жарық бөлме ішінде қалқыған шаң тозаңдарын айқын көрсетіп, оларды әлдебір тынышсыз биге бөлеп қойғандай. Бұл – жай ғана шаң емес, осы сөрелерде ондаған жылдар бойы қозғаусыз жатқан, енді ешкімге керек болмай қалған ескірген білімнің, тозығы жеткен мұңның және ұмытылған тағдырлардың бейнесі сияқты елес береді.
Қоймадағы биік, тотыққан темір сөрелердің «тұтқынындағы» Қымбат апай баяғы мұқабалары сарғайған кітаптарды парақтап, бір-бірлеп қарап отыр. Оның саусақтарының ұшы әр кітапқа тиген сайын күлдіреп кеуіп кеткен қағаздың сытыры естіледі. Бұл – жай ғана дыбыс емес, әлдебір ескі дәуірдің соңғы сыбыры, соңғы тынысы сияқты. Оның алдындағы үлкен үстелде, «Есептен шығарылған әдебиеттердің тізімі» атты әдебиеттер тізімі жатыр. Қымбаттың қолындағы суық мөр әр кітаптың алғашқы бетіне басылған сайын, бөлме ішінде өксігін баса алмаған адамның тұншыққан дауысы сияқты дыбыстар жаңғырады. Көнерген қағаз бен шаңның иісі дымқыл ауамен астасып қолқаны қауып, тынысыңды тарылтады. Ол тар қойманың ішінде өзін қапасқа қамалған бейкүнә құстай сезінетін.
Бұл суық мөр кітаптардың бетіне ғана емес, Қымбаттың жүрегіне де басылып жатқандай. Оның алдынан Маркс, Энгельс, Лениннің том-том болып жиналған еңбектері өтіп жатыр. Кезінде қастерлі саналған, әрбір сөзі үшін адамдар тағдырын тіккен бұл дүниелер енді ешкімге керексіз, шаң басқан пұттар сияқты сөре бұрышында сүмірейіп қалыпты. Қымбат олардың бірінің мұқабасын сипап тұрып:
– Қисыны кеткенмен, иісі таныс… Қимайсың деген осы шығар… – деп күбірледі. Бұл кітаптардың иісі оны жастық шағына, комсомолдық билетін кеудесіне басып, жарқын болашаққа сенген алғашқы еңбек жылдарына алып кететін. Енді міне, сол сенімдердің бәрі макулатураға, қайта өңдеуге жіберілетін ескі-құсқының қатарында. Осы кітаптармен бірге оның өз өмірі де, жиған-терген тәжірибесе де есептен шығарылып жатқандай ауыр сезім кеудесін қысты.
Кенет есік айқара ашылып, бөлмеге мектептің завучы Клара Серікбайқызы кірді. Оның өкшесінің тырсылы кітапхананың тыныштығын пышақпен тіліп жібергендей. Ол – жаңа заман талабының символы сияқты: үстінде қатып қалған суық костюм, мұрнының ұшында – жылтыраған көзілдірік, қолында – планшет.
– Қымбат апай! – деді ол дауысы саңқ етіп, – Тізім дайын ба? Қазіргі заманға сай емес идеологияның бәрін тездетіп өткізіңіз. Маған сан керек, есеп керек! Ертең жоғарыдан комиссия келеді, қоймада өткен ғасырдың сарқыншақтары, ескі-құсқы жатпасын. Жұмысқа жауапкершілікпен қараңыз, бұл – жай ғана қағаз емес, бұл – идеологиялық тазалық!
Завуч бөлмеден шығып кеткен соң, Қымбаттың өзегін өкініш пен ащы мұң өртеді. Осы завучтың қаталдығы, «тексеріс келеді» деген құрғақ желеуі өміріндегі ең маңызды сәтті – тұңғыш немересінің перзентханадан шыққан сәтін ұрлаған. Сол күні де завуч «есеп» деп тыным таппай қақылдап алдына көлденең тұрып алған. Қызы жаңа туған сәбиін құшақтап, анасының мейірімді құшағын күтіп перзентхана табалдырығын аттағанда, Қымбат осы суық қоймада қағаз тізіп, тігіп отырған. Содан бері Айнұрдың көңіліне кірбің түсіп, анасы мен қызының арасын одан әрі алыстатып жіберген. Осы есеп үшін ол ең қымбатын құрбан қылған-ды.
Қымбат ауыр күрсініп, жұмысын жалғастырмақ болды. Кенет, ең төменгі сөренің, күн сәулесі мүлдем түспейтін қараңғы бұрышынан қоңыр мұқабалы, жұпынылау дәптер көзіне шалынды. Ол макулатураның арасына қалай түсіп кеткен? Дәптердің мұқабасы ерекше еді – ұстағанда адам терісіне ұқсайтын жылы, жұмсақ, тіпті әлсіз соғып тұрған тамырдың бүлкіліндей сезілетін әлдебір дірілі бар сияқты. Ол – кәдімгі жұмыс күнделігі екен.
Қымбат дірілдеген қолымен дәптердің алғашқы бетін ашты. Ашқан сәтте оның денесі мұздап, тынысы тоқтап қалғандай болды. Парақтың бетінде өзінің жазуынан айнымайтын жазу: «15 маусым. Совет дәуірінен қалған кітаптарымды қимай отырмын. Бірақ амал жоқ – уақыт та, ұрпақ та өзгереді. Жақын болса да, қоқысқа қиып тастауға тура келеді…» – деп жазылыпты.
Қымбаттың көз алды бұлдырап кетті. Оның өз ойын дәлме-дәл қайталаған бұл жазу – жай ғана сәйкестік емес, әлдебір тылсымның ішкі әлеміне рұқсатсыз басып кіруі еді. Ол дәптерді жауып, есептен шығарылған кітаптардың арасына тығып тастамақ болды. Бірақ дәптердің мұқабасындағы әлсіз бүлкіл оның саусақтарын ұстап жібермейтіндей… Қымбат сол кеште үйіне қайтарда дәптерді сөмкесіне қалай салып алғанын өзі де байқамай қалды.
Сол түні ол ұйықтай алмады. Төсек қасындағы тумбочкада жатқан сөмкенің ішінен әлдебір дыбыс, қағаздардың сапырылысқаны естілетіндей. Таңғы сағат беске таман шыдай алмай орнынан тұрды. Бөлме іші әлі алакөлеңке. Ол сөмкесінен қоңыр дәптерді суырып алды. Қолы қатты дірілдеп, келесі бетін ашты.
Аппақ парақтың ортасында жаңа жазу пайда болыпты. «16 маусым. Күн ашық болады, бірақ менің жаным тыныш табар емес. Завуч тағы келеді. Ол «өлі жандарды» тізімдеуді бұйырды. Абай болу керек, өлілердің тірілгісі келеді…».
Қымбаттың жүрегі аузына тығылды. Ол пердені сырып, терезені ашты – күн расында да тас төбеде шақырайып тұр екен.
Жұмысқа келгенде оны завуч күтіп алды. Бүгін оның жүзі тіпті суық көрінді.
– Қымбат апай, бүгін архивтің ең тереңіндегі, Совет дәуірінің қалдықтары мен көсемдерінің еңбектерін, солардың қолы тиген кітаптарды тауып, тізімнен шығаруыңыз керек. Бізге «таза» тарих керек, – деді ол кешегі сөзін түрлендіріп бұйыра сөйлеп.
Күнделіктің сөзі дөп келді. Қымбаттың өне бойы мұздап кетті. Ол архивке түсіп, ескі кітаптарды ақтарған сайын, күнделікке деген қорқынышы бірте-бірте сенімге, тіпті әуестікке айнала бастады. Күнделік оған тек болжам айтып қана қоймай, оның ішкі үрейін сыртқа шығарып тұрғандай еді.
Үшінші күні Қымбат ұйқыдан ояна сала, беті-қолына су тимей жатып күнделіктің жаңа парағын ашуға ұмтылды. Ол парақты ашқанда, мұрнына тозығы жеткен көнерген мұқабаның ащы иісі келді. «17 маусым. Айнұр бүгін жылады. Оған араласпауым керек. Ол менің даусымды естісе, өткеннің елесі оны тұншықтырады. Тек күтейін… Кешкі сағат жетіде есігімді біреу қағады. Ашпаймын…».
Қымбат сол күні жұмыста отырып, телефонына жаутаңдаумен болды. Шынымен де, түс ауа Айнұрдан хабар келді. Қымбат тұтқаны көтеруге оқталды да, күнделіктің «араласпа» деген суық ескертуін есіне түсіріп, қолын тартып алды. Ол өзін жек көрді, бірақ дәптердің сиқыры оның ерік-жігерін құлыптап тастағандай. Кешкі сағат жетіде есігі расында да қағылды. Басында жай ғана, сосын қаттырақ, соңында есікті жұлып алардай тарсылдатты. Қымбат демін ішіне алып, аяғының ұшымен барып есіктің саңылауынан сығалады. Қызы келді ме деп дәмеленіп еді, бірақ ар жағында үсті-басын бүркеген, жүзі көрінбейтін бейтаныс еркектің сұрғылт сұлбасы тұр. Қымбат үрейі ұшып қараңғыда қолымен сипалап жүріп дәліздегі орындыққа жайғасты да, тырп еткен жоқ. Қалшиып қатты да қалды.
Осы сәтте ол күнделік дәптердің әрбір сөзіне өз еркімен сенуге толықтай келісімін берді.
ІІ
Сол түні Қымбат таң атқанша дәліздегі орындықта тырп етпей отырды. Сырттағы сұлба қашан кетті, есіктің қағылғаны қашан тыйылды – ол сезбеді. Оның бар ойы тек бөлмеде қалған қоңыр дәптерде. Таңғы бозамық сәуле дәлізге түскенде ғана орнынан әрең тұрып, бөлмеге беттеді. Дәптер үстел үстінде жатыр. Мұқабасы бұрынғыдан да жылы, тіпті ыстық. Оны үйінде ашуға батылы бармады. Жұмысқа жеткен соң күнделікті ашқанда, парақтардың жиегінен қара сияның сорғалап, сөйлемдерге айнала бастағанын көрді. «18 маусым. Тамызға дейін аз қалды. Тамыз – есептен шығару айы. Бүгін завучтың үстеліне қара лента қой. Ол ескі-құсқы деген сөздің құнын түсінуі керек. Қорықпа, оған ештеңе де болмайды. Тек, оны сәл шошытып, өзінің адам екендігін еске салуымыз керек. Ол сені тіпті көрмейді. Себебі сен қазір көлеңкесің…».
Қымбат кітапханадан шығып, завучтың кабинетіне беттеді. Ол өзін расында да көрінбейтін елестей сезінді. Завуч телефонымен айғайлап сөйлесіп отырса да, Қымбаттың кіріп, үстелдің қақ ортасына қара лентаны қойғанын байқамады. Кенет завучтың жүзі сұрланып, ауа жетпей қалғандай алқына бастады.
Қымбат кітапханаға қайтып келгенде, оның көзіне сөрелердегі кітаптар қаңқалар сияқты көрінді. Ол есептен шығарылған әрбір кітапқа мөр басқан сайын, өзін де осы өмірден сызып тастап жатқандай сезінетін.
Кеш батты. Қымбат үйіне қайтып бара жатып жол бойындағы дүкеннің терезесінен өз бейнесін көріп, шошып кетті. Оның жүзіндеге әжімдер күнделіктегі жазулар сияқты қисық-қисық, маңдайына «есептен шығарылды» деген мөр басылғандай.
Қымбат үшін уақыт өлшемі өзгергендей. Енді сағатқа емес, сол қоңыр дәптердің парақтарына қарап өмір сүреді. Күнделік оның ажырамас серігіне, тіпті екінші бір «меніне» айналды. Күндер өте берді.
* * *
Шілденің бесінші жұлдызында күнделікте жаңа жазу пайда болды. Бұл жолы әріптер қағаздың бетіне ойып жазылғандай терең, әрі айналасы көгеріп кеткен жарадай күлдіреп тұрды: «Бүгін жұмысқа барма. Жолыңды қараңғылық кеседі. Сақтан!». Қымбат таңғы шайын ішіп отырып, бұл жазуды көргенде қолындағы кесесі түсіп кетті. Ол – өмір бойы тәртіпке бағынған, жұмыстан бір минут та кешікпеген адам. Завучтың қатал жүзі көз алдында көлбеңдесе де, бойын билеген белгісіз үрей басым түсті. Сол күні үйінен аттап шықпады. Завучқа ескертуге жүрексініп, мектеп директорының телефонына хабарлама жазды.
«Майра Мамырбайқызы, амансыз ба?! Бүгін қан қысымым көтеріліп тұр. Күннің ыстығынан болар. Мүмкін болса, сәл дем алсам деп едім…» – деп жазып жіберді.
Түс ауа мектептегі директордан хабарлама келді: «Қымбат апай, сіздің бүгін келмегеніңіз жақсы болыпты. Кітапхананың қоймасындағы ескі сөрелердің бірі дәл сіздің жұмыс үстеліңіздің үстіне құлады. Құдай сақтады. Сауығып кетіңіз!».
Егер күнделікке сенбей, завучтан қорқып мектепке барса не болушы еді… Қымбат бөлменің ортасында тұрып, денесінің дірілін баса алмады. Дәптер оның өмірін сақтап қалды ма, әлде өзіне мәңгілікке байлап тастау үшін тор құрды ма? Осы сәттен бастап Қымбаттың күнделікке деген сенімі бұрынғыдан бетер артып, фанатизмге ұласқандай. Ол дәптерсіз қадам басудан қорқатын деңгейге жетті.
Оны бұған дейін де еркін адам деп қабылдау қиын болса да, бірақ қазіргі күйі бұрынғыдан да нашарлай бастады. Есептен шығарылған, бірақ жойылмаған, қойманың қараңғы бұрышында ұмытылған ескі қолжазба сияқты, қоңыр дәптердің ішіне қамалып қалған тұтқынға айналды. Шілденің аяғында дәптердегі жазулар сұйылып сиреп, тек бір ғана сөйлем жиі қайталанатын болды. Ол жазу күн сайын іріленіп, парақтың бетін түгел толтырып бара жатты.
«Тамыз жақын. Есеп айырысатын сәт жақын…».
Қымбат бұл «есептің» не екенін білмесе де, оның соңы мәңгілік қараңғылық екенін іштей сезді. Дәптердің парақтары қанатын қырқып, тағдырын қоңыр мұқабаның ішіне тығып тастаған. Тамыздың алғашқы күндерін ажалдың хабаршысындай үреймен күте бастады.
Тамыз айы туған шақ. Даланың ыстығы басылғанымен, кітапхананың ішіндегі ауа тіпті ауырлап, терезеден болмашы жарық сығыраяды. Көнерген қағаз бен тозаңды шаң тұншықтырады. Қымбат үшін енді «бүгін» деген ұғым жоқ, ескі сөрелердің арасында адасып жүрген көлеңке іспетті.
Тамыздың бесінші жұлдызында күнделіктегі жазу бұрынғыдан да ашық, тіпті салтанатты түрде пайда болды. Парақ беттерінен ескі, ұмытылған әтірдің – жусан мен дала гүлдерінің иісі бұрқ ете түсті. «Абайдың 1986 жылғы көк томын тап. Сөренің ең жоғарғы, шаң басқан бұрышында. Онда сенің жаныңды жаралайтын, бірақ ақиқаттың бетін ашатын аманатың жатыр…».
Қымбаттың жүрегі су ете түсті. Сатыға мініп, ең жоғарғы сөреге қол созды. Саусақтары қалың шаңға батты, бірақ көк мұқабалы кітапты ұстағанда бойын әлдебір жылу биледі. Кітапты суырып алғаны сол еді, оның арасынан сарғайған, жиектері мүжілген, уақыттың табынан өңі оңған конверт – бұтағынан үзіліп, ауада біраз қалқып барып су бетіне дірілдей қонған күзгі жапырақтай үнсіз сырғып құлады. Конверттің сыртындағы жазуды көргенде Қымбаттың буыны босап, ескі орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Бұл осыдан отыз жыл бұрын бақилық болған жолдасының жазуы еді.
Жолдасының ақша табу үшін Қарағандыға шахтаға кеткен жылдары жазған хаты. Отыз жыл бойы Абайдың ұлы сөздерінің арасында тұншығып жатқан махаббат хаты енді ғана жарыққа шықты.
«Қымбаттым, мен сені және кіп-кішкентай қызымыз Айнұрды қатты жақсы көремін. Осы жұмыс деп, тұрмыс деп жүріп, сендерге көңіл бөле алмай, мейірім төге алмай жүргенімді кешірші… Біздің бақытымыз – бұл есеп-қисап немесе мансап емес, бұл сенің күлкің мен қызымыздың тәтті қылықтары екен. Оны мына қара жердің астында жүріп, денсаулығымды құртқан соң енді түсініп жатырмын. Жүз көрісетін күн қайта туа ма, білмеймін… Тек сендер аман болыңдар…».
Қымбаттың көз жасы хаттың бетіне тамып, ескі сияны айғыздап езіп жіберді. Отыз жыл! Ол отыз жыл бойы күйеуінің жұмысбастылығына ренжіп, оны суық адам деп кінәлап келген еді. Ал шындығында, ол да осы Қымбат сияқты жүйенің, міндеттің құрбаны болған екен. Осы сәтте Қымбаттың санасында үлкен төңкеріс болды. Ол өзінің Айнұрға жасаған қателігін – ерінің жоғалып кеткен сәтінен бастап еркек кіндікке деген сенімін жоғалтып, Айнұрдың таңдаған серігіне тұрмысқа шығуына қарсы болғанын, ең қажетті сәтінде қызының қасынан табылмағанын, «жұмыс» деп перзентхананың табалдырығынан аттамағанын есіне алып, ескі жарасының бетін тырнады. Ол дереу қоңыр дәптерді ашты. Күнделік келесі бетінде қою қара сиямен қатал үкім шығарды: «Араздықты тоқтат. Көрші қалаға, қызыңа бар. Саған кешірім алу үшін аз ғана уақыт қалды. Егер үлгермесең – 9 тамыздан кейін бәрі өзгереді…».
Бұл сөздер Қымбаттың төбесінен жай түсіргендей болды. Сол сәтте-ақ ескі сөрелерді де, завучтың тексерісін де ұмытты. Тіпті, бір сәт жанынан тастамай жүрген қоңыр дәптерді де стол үстінде қалдырып, сөмкесін қолына алып, завучтың кабинетіне беттеді. Завуч әдеттегідей қағаздарын ақтарып, кеңсе тауарларының қоңсық иісі жайылған бөлмесінде отыр. Көзілдірігінің астынан қарап,
– Тағы не болды, Қымбат апай? Тізім бітпеді ме? Тексеріс келе жатыр! – деді ол басын көтерместен. Қымбат алғаш рет оның көзіне тік қарады.
– Бүгін жұмыста болмаймын, макулатурадан да маңыздырақ іс бар, – деді алғаш рет кітаптарды қарапайым макулатураға теңеп. Завуч таңырқап, аузын ашқанша, Қымбат бөлмеден шығып кетті.
Жол бойы таксидің терезесінен телміріп, қызына не айтарын білмей абдырап, іштей мың мәрте дайындалды. Айнұрдың үйіне жеткенде, табалдырықтан аттауға жүрегі дауаламай ұзақ тұрды. Есікті қызы ашты. Жүзі жүдеу, көздері мұңға толы Айнұр анасын көргенде таңғалған да жоқ.
– Келдіңіз бе?.. Тексерістеріңізден босадыңыз ба? – деді ол суық қана. Қымбат үнсіз ішке кіріп, бесікте жатқан жиеніне ұзақ қарап тұрды. Сәбидің бейкүнә жүзінен ол өзінің жастық шағын, жолдасының аманатын көргендей болды.
– Айнұр, ботам… – деп Қымбат қызының алдына тізерлеп отырды, – Мені кешірші. Жандосты қабылдамағаным үшін, саған ақ көйлек кигізіп ұзатпағаным үшін, сол күні перзентханадан шығарда қасыңда бола алмағаным үшін кешір. Жұмыс, жұмыс деп жүріп сені ренжітіп алатынымды ойламағаным үшін кешір. Әкең жоғалып кеткен соң, саған әке орнына әке боламын деп, аналық міндеттерімді ұмытып кеткенім үшін, өзгелерден кем қылмайын деп күні-түнi жұмыс істеп, сол жұмыстың құлы болып, саған аналық мейірімді төкпегенім үшін кешір…
Кенет қызы құшақтап, иегі кемсеңдеп, еңкілдеп жылап жіберді. Ана мен бала ұзақ құшақтасып, өткеннің ащы запыранын бірге жұтты. Реніштің мұзы бір сәтте еріп кетпесе де, арадағы суықтықтың орнын жылылық баса бастады.
– Мама, мен саған сенгім келеді. Бірақ…
– Кешірші қызым, бәрін кеш ұғып жүрмін…
– Ана жолы Әли ауырып қалғанда, бізді шұғыл қалаға алып барды. Сен Жандосқа есігіңді ашпадың…
– Мен білген жоқпын ғой… Ақымақ басым, қорыққаннан құлағымды да жауып алдым, – деп қызының сөзінен ұялып, өткен жолы есіктің саңылау тесігінен көзіне үрейлі көрінген адам өз күйеу баласы болғанын және оны танымағанына өкінді.
– Ең бастысы…
– Иә, қызым… Мен қазір қастарыңдамын…
Ана мен бала құшақтасқан қалпы ұзақ тұрды. Олар бір-біріне көп жылдан бері жүректерінде ауыр жүк болған реніштерін жеткізді. Біраздан соң дастархан басына жайғасып, бұрын-сонды түк болмағандай ажарлары ашылып, өткен күндердегі қызықтарды еске алды.
Қымбат күйеу баласының үйінде қонып қалды. Бірақ ол түнде ұйықтай алмады. Таң біліне бастағанда такси шақырып, ұйықтап жатқан қызының маңдайынан сүйіп шығып кетті.
* * *
9 тамыздың таңы. Күн сұрғылттанып тұр. Көшедегі келе жатқан Қымбаттың жанарына әлем тек екі түсті – қара мен қан қызыл реңкте көріне бастады. Жұмыс столында қалып қойған қоңыр дәптер оны өзіне магнитше тартып, кітапханаға, шаң басқан қоймаға баруға итермелей берді. Ол өзін ажал аранына өз еркімен жұтылуға бара жатқан құрбандықтай сезінді.
Кітапхананың табалдырығын аттағанда қойма ішіндегі темір сөрелердің тотыққан иісі тамағынан қысып ауа жетпей қалғандай сезілді. Үстел үстіндегі дәптерді көріп, жоғалтқанын тапқандай қуанды. Дәптердің мұқабасы ыстық, тіпті күйдіріп жіберетіндей от болып тұр екен. Ашты да Қымбат еріксіз айғайлап жіберді. Күнделіктің ортаңғы парағынан қара сия сорғалап, үстелдің үстіне жайыла бастады. Санасының сансырағаны сондай, сия бетіндегі әріптердің тіріліп, солқылдаған тамырларға айналғанын көргендей болды. Жазу бұл жолы параққа сыймай, қабырғаларға, сөрелердегі «Есептен шығарылды» деген сөздерге өрмелеп бара жатқандай еді: «9 ТАМЫЗ. БҮГІН БҰЛ КҮНДЕЛІККЕ СОҢҒЫ ЖАЗБА ТҮСЕДІ. ТАҒДЫРЫҢНЫҢ ШЕШІЛЕР САҒАТЫ ЖАҚЫН… ЕСЕПТЕН ШЫҒАРЫЛАТЫН СӘТ КЕЛДІ!»
Дәл осы сәтте есікті жұлқып ашып, завуч кіріп келді. Қымбаттың шаршаған көзіне ол енді тірі адам болып көрінбеді. Завучтың қара костюмінен қараңғылық есіп, көзілдірігінің артындағы жанарынан ажалдың суық табы сезілгендей еді.
– Қымбат апай! Неге отырсыз?! – деді завучтың дауысы мыңдаған дауыс зорайтқыштан шыққандай естіліп. – Ертең – Абайдың туған күні! Сценарий қайда? Көрме қайда? Тексеріс келеді, ал сіз әлі сол ескі макулатураның шаңына батып отырсыз ба?!
Завуч үстелді жұдырығымен ұрғанда, Қымбаттың көзіне айнала бұлдырап, сөрелер бірінің артынан бірі құлап бара жатқандай елес берді.
– Жетеді! – деді Қымбаттың дауысы алғаш рет айқайға жақын шығып. – Сценарий де, көрме де, сіздің макулатураңыз да маған керек емес! Адам өліп бара жатса да, сіз тек есепті айтасыз ба? Шығыңыз!
Қымбат орнынан атып тұрып, завучтың суық жанарына алғаш рет тік қарады. Оның көзінен қорқыныш емес, отыз жыл бойы іште бұғып келген, енді жарып шыққан ақиқат көрінді.
– Сіз неге мұндай тасбауыр болып кеттіңіз? – деді Қымбат бұл жолы дауысын бәсеңдетіп, бірақ әр сөзін шегелей. – Мен бәрін білемін… Кезінде дәл осы мектептің есебі мен тексерісі үшін ауруханада жатқан жалғыз қызыңызды ақтық сапарына шығарып сала алмай, жұмыста қалғаныңызды, өзге білмесе де мен білемін ғой?! Не болды?! «Клара Серікбайқызы атындағы мектеп» дегенді немесе мектеп алдында сіздің ескерткішіңіздің тұрғанын көріп тұрған жоқпын! Сіз сол кезде қызыңыздың соңғы рет «Мама» деген сөзін естігіңіз келмеді емес, келді… Бірақ, миыңызға сіңген «соңғы рет» деген қорқыныш сізді осы мектепке қамады. Менің сізге ұқсағым келмейді… Жаныңыздың өкінішін, қателігіңіздің запыранын өзгелерден алғыңыз келеді! Жүйенің құлына айналып, жүрегіңізді тас қылып бекіткенсіз. Себебі, сәл босасаңыз, өкінішіңізге өзіңіз тұншығып өлетініңізді білесіз! Сіз мені де өз сорыңызға серік қылмаңыз! Ешқандай тексеріс келмейтінін бәріміз жақсы білеміз ғой. Қойсаңызшы…
Клара Серікбайқызы бұл сөздерді естігенде селк етті. Оның жүзіндегі қатып қалған суық маска бір сәтте сынып, көзілдірігінің артындағы жанарынан жиырма жылдық сағыныш пен ескі жараның ащы жасы мөлт ете қалғандай болды. Ештеңе айта алмады. Қымбат дәптерді сөмкесіне салып, алғаш рет кітапханадан жұмыс уақытында шықты.
Далаға шыққан бойда үрей көлеңкесіне айналып, еселеп баса бастады. Әрбір жолаушы оның артынан аңдып келе жатқан қараңғылықтың елесі сияқты көрінді. Артына жалтақтап, жүгіре басып үйіне жетті.
Үйіне кіріп, есікті ішінен үш мәрте кілттеді. Пәтер іші тас қараңғы еді. Жарық қосатын қондырғының пернесін басып еді – қосылмады. Бөлмелердің бұрыш-бұрышынан күнделіктің ішінен шыққан қара көлеңке төбесіне жиналып, қабырғалар қан жылап жатқандай. Қымбат бұрышқа тығылып, қолымен бетін жауып отыра кетті.
Ол дірілдеген қолымен соңғы рет телефонын алды. Қызы Айнұрға хат жазды.
«Айнұр, ботам… Менің соңғы сағатым соғып тұрғандай. Егер ренжіткен жерім болса, кешіре көр. Күйеуіңмен тату бол. Әкең екеуміздің қателігімізді қайталама. Жиенімнің тұсаукесеріне келе алмайтын шығармын, кешір… Үйдің кілті көрші Зинада. Өлген тәнім сасып кетпесін, жұрт алдында ұятқа қалмайық… Сендерді жақсы көремін».
Хатты жібергені сол еді, телефон бетіндегі «9 ТАМЫЗ» деген жазу үлкейіп, экран қанға бөге бастады. Қалшылдап телефонын сөндіріп тастады. Көз жасы еріксіз төгілді. Ол тілін кәлимаға келтіріп, қайта-қайта айтып, ақырын орнынан тұрды, жан-жағы тыншыған секілді. Қабырғаны сипап жүріп жарық қосқышқа қолы тиді. Шам бөлме ішіндегі үрейді сейілтті. Еш жерден қан көрінбейді. Еш жерден апаттың белгілері жоқ. Ол «мен өлсем де, гүлдерім өлмесің» деп бөлмедегі гүлдеріне соңғы рет су құйды, олармен қоштасты. Дәретін алып, өмірінде алғаш рет жайнамаздың үстіне тұрды. Жаратқаннан кешірім сұрап, басын сәждеге қойғанда, бүкіл әлемнің шуы тынышталып, тек жүрегінің «кешір, кешір, кешір» деген соққысы ғана естілгендей болды.
Ол шамды сөндіріп, төсегіне жатты. Көзін жұмса болды – қара киімді, бет-әлпеті завучқа ұқсайтын, бірақ көзі жоқ әлдебір мақұлық төсегінің басында тұрғандай көріне берді. Түн ортасы ауып, сағат тілі он екіні соққанда, Қымбаттың демі тарылып, өкпесіне күлімсі ауа толды. Ол бұл ұйқыдан оянбайтынына нық сенді. Өлімнің суық қолы оның алқымынан алғандай болды да, қараңғылықтың тереңіне бата берді…
ІІІ
Түн ортасы ауған шақта есіктің кілтпен ашылған дыбысы шықты. Қараңғы бөлмеге әлдебір көлеңке еніп, төсегіне жақындап келіп:
– Мама! Мама, тұрыңызшы! – деген ащы дауыс бөлмені жаңғыртты. Қымбат зілдей боп кеткен кірпіктерін әрең ашты.
Айнұр анасының үнсіз, қимылсыз жатқанын көріп, жамандыққа жорып, өкіріп жылай бастады. Оның артында күйеу баласының қарасы көрінді. Қызының қолынан ұстады. Қолы жып-жылы. Тірі адамның қолы.
– Ботам… Айнұр… Тірімін бе? – деген Қымбаттың даусы әрең шықты.
– Мама, мынау не хат? Түн ортасында зәремізді алдыңыз ғой! Не болды сізге? Ауырып тұрсыз ба? – деп Айнұр анасын қатты құшақтап, бетінен өпті.
Қымбат болған жағдайды, әлгі құпия күнделіктің қалай пайда болғанын, әр күнді қалай қара сиямен болжағанын және «9 тамыз – соңғы бекет» деген үкімін есі ауысқан адамдай егжей-тегжейлі айтып берді. Сосын орнынан тұрмақ болды. Басы айналып есеңгіреп қалды.
– Қызым, үстел үстінде жатқан қоңыр дәптерді алып келші.
Қызы жылдам басып тағдыр талайы таңбаланған күнделікті алып келді.
– Міне, қарашы… Осында бәрі жазылған. Қара сиямен жазылған… – деді ол қолы дірілдеп, дәптерді қызына ұсынып.
Айнұр дәптерді ашқанда, таңғалғаннан анасына жалтақтап қарады. Күнделіктің іші тап-таза еді. Мүлде сия тимеген, жап-жаңа, аппақ парақтар…
– Мама, сен менің ескі күнделігімді қайдан тауып алғансың… Әкем үшеуміздің суретімізді салып, сіз көріп қойсаңыз ұрса ма деп, архивке жасырып қойған едім ғой
Қымбат дәптерді жұлып алып үңілді. Шынымен де… Ол кеше ғана көрген қара сия қайда? Солықтап соққан тамырлар, қабырғаға өрмелеген әріптер қайда кеткен? Тек аппақ парақтар мен кішкентай Айнұрдың қолымен салған суреті мен «папа, мама және мен» деген жазу ғана тұр. Сол сәтте Қымбаттың иығынан ауыр жүк түскендей болып, еңкілдеп жылап жіберді. Сағат тілшесі тоқтауды білмей, жаңа күнге ұмтылып бара жатты.
Жақсыбек ШАНЫШҚЫЛЫ





