КЕЛІНШЕКТАЛ ӘУЕНІ

Жастық шақта көп нәрсеге мән бермейсің. Верба деген сөзді ертерек естісем де мағынасын күні кешеге дейін түсінбей келдім. Бұл не сөз? Бертінде де соны біле алмай жүрдім. Есіме түсе қалған кездерде орыс тілін тәуір біледі-ау деген таныстарымнан сұрап қоямын, көбісі дөп басып айта алмайды. Бір аймақта ғана қолданылатын сөз шығар деп тайсақтайды.
…Ұлбосын апамыз Шардара жақта тұрады. Шешемнің сіңлісі. Жетпіс үштің Май мерекесі қарсаңында ауылға қыдырып келді. Бірталай сыйлық әкеліпті. Шешеме көйлек-жаулығы бар, кішкене балаларға таңсық тәттілері де мол. Маған сол кездегі жастардың арасында сәнге айналған жағасы бір қарыс гүлді қызыл көйлек және заманауи әндер жазылған он дана пластинка сыйлады. Тәшкен граммпластинка зауытынан жақында ғана шыққан. Маған апамның әкелген екі сыйлығы да ұнады. Әсіресе, пластинкалары керемет! Көлемі шәй кесенің бетіндей ғана, қалтаға салып жүре бересің, ыңғайлы! Атағы дүрілдеп тұрған «Самоцветы», «Песняры» ансамбльдерінің әндері. «Листья желтые», «Синица», «Синий иней», «Вологда», «За полчаса до весны!» Таптырмайтын олжа! Әсіресе «Горлица» мен «Вербаны» жастар өте жақсы көреді. Әлгі пластинкалардың арқасында иесінің де беделі күрт көтерілді. «Кешке вешір болатын еді, пластинкаларыңды бере тұршы» дейтіндер, «Бүгін пәленшенің туған күні еді, жақсы музыка керек болып тұр. «Вербаға» билегіміз келеді» деп жағдай айтатындар көбейді. «Ауылға студент қыздар келген екен, тездетіп кеш ұйымдастырып жіберейік» дейтін пысықтар да баршылық. Пластинканың иесі әуеліде ақкөңілдік жасағанымен кейіннен көне бермейтінді шығарды. «Өзіміз де отырыс жасағалы жатырмыз» дей салады. Кейде «вешірлеріңе қандай қыздар келеді?» деп әуесқойлық танытып қоятыны да бар. Сұраушылар кейіннен қулыққа басатын болды. «Кешке шақыра келдік, пластинкаларыңды ала кел» деп базына айтады. Мұнысы жөн, әрине! Барады, қалтасынан баппен шығарып пластинкаларын береді, үстінде жағасы бір қарыс гүлді қызыл көйлек, төрге жайғасады. Көңіліне бірдеңе жақпай қалса «қайтамын, пластинкаларды жина!» деп қиғылық шығаратын кездері де бар.
Верваның құпиясын білудің реті қырық бес жылдан кейін келді. Он сегізінші жылдың көктемінде кешқұрым көше сыртындағы алаңға ағаш көшеттерін отырғызып жатыр еді, көрші орыс жігіті Толик келе қалғаны. «Бірнеше ағаштың қаламшасын дайындап қойып едім, соны да отырғыза салыңдар. Верба!» дегені. «Что вы говарите! Верба?» «Да, верба. Жақсы, саялы ағаш. Арықтың жағасында толып тұр ғой» дегені. Ой мынаның айтып тұрғаны өзіміздің сәмбі тал ғой! Келіншектал деп те әспеттейді! Япырай, қызық болды ғой, ойламаған жерден түсінбей жүрген сөздің баламасын тапқаны. Эврика! Верба! «Біля млину – калина, Біля ставу – верба. Біля тину – дівчина, Біля серця – журба. Возле мелиницы – калина, Возле пруда – ива. У плетня – девушка, Возле сердца – журба! «И калина очаровательная, И в ночи не заснет. И девушка – царевна, Что ждет меня».
Ол да бір дәурен екен! «Самоцветы» ансамблінің «Верба» әнін тауып алып тыңдап көріңізші… Әуенінің жүрек қылын шертер сырын ұғынып қаларсыз, бәлкім.

ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРІ

Үрбікүл апамыздың ұлы Төлепберген – үш қыздың ортасындағы еркесі. Футбол жанкүйері, доп десе ішкен асын жерге қояр жанкештінің нағыз өзі. Жетпісінші-сексенінші жылдары қазақтың жаны Алматының «Қайрат» футбол командасының үстінде еді десем, әй, жаңылыспаймын-ау. Әлде өзіміз жанкүйер болған соң солай көрінді ме екен? «Қайратым деп мен жүрмін, қайрат қылмай сен жүрсің, Жеңеді деп мен жүрмін, жеңіліп қап сен жүрсің», дейтін Әбділда ақынның өлеңі сол сүйікті командамызға арналған. Әйтеуір «Қайрат» жеңе берсе, әсіресе, Тәшкеннің «Пахтакорына» дес бермесе екен деп күндіз-түні тілейтінбіз.
…Құрылыс цехында көлік жүргізушісі болып істейтін Төлепберген армяндардан жасақталған құрылыс бригадасына бекітілген. Бригада тоғайда жыңғыл шауып, қамыс орып, пашын жасайды. Кешке соларды алып қайтады. Бір күні өзара шүлдірлесіп отырған жұмысшылар өзара қызылкеңірдек болып қалсын. Дауыстары бірте-бірте үдеп барады, орындарынан тұрып-тұрып кетеді. Қызуқанды халық емес пе, айқайлары жуық арада басылар емес. Күншуақта, құм үстінде жамбастай қарап жатқан Төлен әлгілердің сөзінен бір нәрсе ұққандай болады. Иштоян деді ме, Казарян деді ме.., Ераванның «Арараты» жөнінде бірдеңеге келісе алмай жатыр, байқауынша. Әңгіменің нобайын аңғарған шопыр бір кезде орнынан қозғалып, тіктеліп отырлы.
– Ей, Ара! – деді армяндарды таң қалдырып, олардың «жолдас, дос» дегенді осылай атайтынын біледі ғой. – Ей, Ара, – деді бригадир Ероянға қарап. – Первый номер – Алеша Абрамян, второй – Амбарцумян, третий – опять Абрамян!..
–Ты, смотри! Откуда знаешь?! – Мынаны қара, оны қайдан білесің?
«Жөн білетін өгізге «өк» деген ауыр тиер» дегендей, мына сөз жанкүйер жігіттің намысына тиіп, жанды жерін тырнап кетті. Әлде мына мұрны қоңқиғандар ауылдың қазағы ас ішіп, аяқ босатудан өзгені білмейді деп жүр ме? Содан шопыр бала шашы желбіреп сөйлеп кеп берді дейсің, қыза келе шолақ орысшасының өзі айдаудың тақырына шыққандай аңқылдап қоя берді. «Арарат» соңғы матчта Киевтің «Динамосына» қалай есе жіберді, оныншы номерлі Заназянның бір добына Веремеев пен Буряк қалай екі доппен жауап берді, Блохин қақпа торын қалай бүлк еткізе жаздады… Тіпті, қыза келе жатаған бұталарды допша теуіп, футболшылардың қимылдарына дейін көрсетті-ау. Бір қора армян шопыр балаға қарап аңтарылып қалды. «Өзіңнен зор шықса екі көзің сонда шығар» демекші, біреуінің үні шықпай қалды. Содан Төленіміз СССР құрамасының ойындарына шолу жасауға көшті. Одан да асып, Англия құрамасын, Бобби Чарльтонды еске алды. Бір уақ футбол королі Пеленің құлағын шулатып өтті. Бері қарай құлдилап, Москваның Динамосындағы Лев Яшинді тілге тиек етіп, Сегізбаевтың «Спартакқа» қалай гол салғанын сараптады. Төртінші нөмірлі «Қайраттың» капитаны Байшақовтың шеберлігін байыптап, өзімен фамилиялас «Пахтакордың» шабуылшысы Берадор Әбдірайымовтың мергендігін сөз етті… Әйтеуір сүт пісірім уақыт бойы сайраумен болды.
Не керек, сол күні құрылысшы армяндар топырлап Үрбікүл апаның үйіне келді. Құрқол емес, көлікке толтырып тоғайдың қусақ отынынан баса келіпті.
– Замечательный парень! – деп бас бармағын шошайтты бригадир Ероян. – Үйленген кезде өзіміз қызмет жасаймыз, қалың малын да көтеріп аламыз.
Мына мақтау сөз, мына құрметтен кейін жалғыз баланы үйлендіру үміті қайта оянған Үрбікүл апа келесі күні-ақ Көктөбедегі төркін жағына барып, рулас сіңлілерінің біріне жіп тағып оралды. Адуын мінезді апаларының қолын олар да қақпапты. Келесі аптаның соңында келінді де түсіріп үлгерді. Бәрін реттеп жүрген анасы, Төлепбергеннің келісімін сұраған да ешкім жоқ. Беташар да, той да ың-шыңсыз өтті. Құрылысшы армяндар уәделерінде тұрды, құрдай жорғалап қызмет етті.
Иә, Нәзипа келіннің қадамы құтты болды, арасын ұзатпай, үйелмелі-сүйелмелі бес-алты перзентті өмірге әкелді. Үрбікүл апаның арманы орындалып, немерелерінің бірін арқалап, бірін жетектеп жүріп өмірден өтті. Жарықтық, артына қарайламай, армансыз аттанды.
Төлепбергеннің де әңгімесі түзелген, кейін ол футбол жөнінде айтуды қойып, домбыра шертіп, «Нәзипа» деп әуендететін өнерге көшкен…

НОС БАЛТАБАЙ

Біздің ауылдың бір байлығы – Балтабай есімділер. Көшеге шыға қалсаңыз көретініңіз – Нос Балтабай, көккөз Балтабай, шұнақ Балтабай, тоқты Балтабай, зоотехник Балтабай, тақтай Балтабай, монтер Балтабай… Тағы да пәленшенің, төленшенің Балтабайы дегендер де табылады. Жастары да, мінез-құлқы, түр-тұлғасы да әр түрлі. Есімдеріне қосылған жанама жапсырмалар олардың өзіндік ерекшеліктерін айшықтаса керек.
Бүгінгі әңгіме Нос Балтабай туралы. Ол кісіні бұрын көрмесеңіз де біздің айтуымыз бойынша бірден танисыз. Мәселен, анадай жерде кетіп бара жатқан топ адамның арасынан екі қарыс жоғары дәу қалпақ көрінсе, соның астындағы Нос Балтабайдың кәлласы дей беріңіз. Түр-тұрпатын баяндап, уақытыңызды алмайын, қалпағының размері 67, бәтеңкесінің өлшемі 47. Осы аралықтың нобайын көз алдыңызға елестетсеңіз бұл көкеңіздің пошымын шамалап қаларсыз. Ал кейіпкеріміздің негізгі белгісі – мұрнына арнайы тоқталмасақ сөзіміз жетім болары анық. Қалай десем екен… шәй ішетін кесе бар ма, соның көлеміндей таңырайған танауды көрсеңіз – Нос дегеніңіз сол! Тау халықтарының мұрны секілді аузына қарай құлап кеткен, қисайып қалған немесе ұшы сүйірленген сүйкімсіз емес, аспанға қарай шалқайыңқыраған, үңгірі анадайдан көрінетін кәдімгі қазақы мұрынның үлкейтілген үлгісі. Әдеттегіден қомақтылау демесеңіз Балтекеңнің ұсқыны зәрлі емес, жылы. Қатты сөзі жоқ, жайдары. Айналасындағыларға әзіл айтып күлдіріп жүргені. Осы маңдағы он шақты ауылдың бір адамын саусағымен түртті дегенді естімеппіз, алайда телі-тентегіңіз оның қарасын көруге онша құлықты емес. Аса шектен шықпаса, тегі қазақты шекесінен шертпейтін көрінеді.
Ал бұрынырақта алыс-алыс жерлерге барған дей ме, құмар ойнаған дей ме… Тәшкен, Шымқала, Сарыағаштың хан базары ортасында майдан ашып шулатқан дей ме, көнекөздер жыр қылып айтады. Арасында Түркістанның базар-вокзал маңында да тұтас шайкамен шайқасқан көрінеді. Топ-тобымен болмаса бірер тентегіңе құлашын жаза қоймайтын сараңдау жұдырықшы болса керек. Бұл сонау жылдардағы оқиғалар ғой… Ал қазіргі кейпі әлгіндей момақан. Нос Балтабайды осылай жым-жырт жүре беретін кісі екен деген пікір біртіндеп қалыптасып та кетер ме еді, әне бір оқиға болмағанда…
Алпысыншы жылдардың ортасында Қызылқұмның терең қойнауын игереміз деген байламмен жаңадан шаруашылықтар ашылып, жұмыс қолы жетпей, жер-жерден адам әкеле бастады. Совхоздарға механизатор, шофер, құрылысшы, әсіресе қой бағатындар керек болды. Экспедитор болып орналасып алған Балтекең бұрынғы байланысын пайдаланып Шымқала жақтан бір қора келімсекті жинап әкеліп Қандөздің ортасына төгіп тастасын. Қарашай, күрд, күржі, армян, орыс, татар, тағы басқа неше түрлі ұлттардың өкілдері. Біразы құрылыс жұмысына шықса, соқырдан гөрі қылилау дегендей, өзгелеріне қарағанда дұрыстауларын топтастырып бір-бір отар қой берген ғой. Үйлі-барандылары бар, үш-төрттен бірігіп бригада болғандары бар. Совхоздың мамандары отар-отар қойды таратып бергендеріне риза. Қызық бірер аптадан кейін басталады. Ферма бастық, зоотехниктер жаңа малшыларды аралап барса, сұмдық! Онсыз да жүздеген шақырымнан айдау көріп азғындаған мал одан сайын жүдеген, терісіне сүйретіліп әрең тұр дейді. Өйткені, бұрын қой көрмеген көгермегірлер малды сағатпен бағатын көрінеді. Сағат 9-да өріске шығарады, түскі 1-мен 3-тің аралығында түскі үзіліс, тор қораға әкеліп қамап қояды екен. Содан соң 3-пен 7-нің арасында бір мезгіл айналдырып әкеліп, тағы да ертеңге дейін қамауда тұрған тілсіз малда не ауқал қалушы еді. Мамандар мұны түсіндірейін десе кілең қапастан шыққан содырлар сөз тыңдамайды. Ферма бастық бірдеңе дей бастаған екен әлгінің жуан жұдырық біреуі гүрс еткізіп аспанға мылтық атып, өз шартын қойыпты: «Аптадан кешіктірмей азық-түлік әкеліп беріп тұрасыңдар, оның арасында міндетті түрде 5-6 жәшік вино мен кө-өп шәй болсын!». Сонда не, қой бағады деген оларға бұлар қызмет жасайтын болғаны ма? «Ойбай-ау, кімді жинап әкелгенсің!» деп басшылар Нос Балтабайға реніш білдіреді. «Бәрі түсінігі бар, тәуір жігіттер. Өздерің тілін таппаған шығарсыңдар», – деп Балтекең олардың өздерін мазақ қылыпты.
Сонымен не керек, құмдағы отарларға бәрі жиылып барады. Айтқандай-ақ, қойшылар малды қораға қамап тастап түскі ас ішіп отыр екен, қолдарында бір-бір бөтелке «Вермут». Мамандар іркіліп, көліктің жанында қалады да Нос Балтабай талтаңдай басып содырлардың жанына барады. Мылтық атқыш дәуді сол қолымен жағасынан сығымдай қысып көтергенде аяғының ұшы жерге тимей салбырап тұрыпты дейді. Содан соң иегімен шығыс жақты нұсқап, жәйлап қана: – «Город видишь?» – деп сұрайды. Мына дүлей күштен ананың тілі байланып қалса керек, басын шайқай беріпті. – «Конечно, не видишь, далеко!» – дейді Балтекең жайбарақат. Әлгінің жүзін енді батысқа қарай бұрып: – «Кругом песок видишь?» – деп сұрайды. Анау басын изейді. Балтекең тағы да: – «Там остаться не хочешь? Вечно?» – деп сұрапты. Мылтық атқыштың көзі алақандай болып: – «Не-не!..» – дей беріпті. Сонсоң оны бір сілкіп түсіріпті де тізерлетіп қойып: – «Еще желающие есть?.. Полететь?» – деп өзгелеріне қарайды. Бұзақылар бастарын бұққаннан қайта көтермепті.
– Онда, – дейді Балтекең, – Малды мамандар айтқан тәртіппен бағатын болыңдар, екі ай мерзім беремін! Осы уақыт аралығында басқа қойшылар әкеліп, бәріңді орталыққа ауыстырамын. Понятно? – дейді. Бұл әңгіме бары-жоғы жеті-сегіз минутқа созылса керек. Көргендердің бәрі тиісерге қара таппай аласұрған немелердің бір сәтте жуаси қалғанына қайран қалысады. «Енді не болар екен?» деп үрпиісіп, ошарыла қарап тұрған оларға Нос Балтабай күле қарап:
– Айттым ғой, түсінігі бар жігіттердеп. Тілін таппағансыңдар! Ал жұмыстарыңды істей беріңдер! – депті де водавозға мініп ауылға қайтыпты.
Иә, Нос Балтабай осындай жайдары, қарапайым кісі еді!

ОТҚА ТАСТАЛҒАН ОҚ

1974 жылдың қыс мезгілі, Түркістан қаласында тұратын Тынысбек ағамыз үйленіп жатыр, тойға шақырамыз деген хабар келді. Қыстын ортасында ауылдағылардың қыдырыстайтын жағдайы жоқ, мал-жанның күтімі алысқа ұзата қоймайды. Не керек, тойға шақырылған тұтас бір ауылдан Дәкен ағамыз, Қуанышбайдың Серікбайы және мен – үшеуміз ғана жолға шықтық. Төтесінен апаратын Ақжардың паромы бұл кезде жүрмейді, дарияның мұзы қатып қалған, қайық суға түсе алмайды. Амал жоқ, Жаңақорған арқылы айналып баруға тура келеді. Ол кезде аудан орталығына қатынайтын жолаушылар көлігі жоқ, жем таситын тракторға мінгесіп Келінтөбеге жеттік, одан әрі жолшыбай қыбырлаған көліктерге қол көтеріп жүріп, әрең дегенде бесін ауған шақта аудан орталығына да іліндік-ау. Ендігі үмітіміз 386-шы Мәскеу-Тәшкен пойызы. Не керек, кешкі сағат 9-дар шамасында діттеген жерімізге жетіп, Түркістандағы той болатын үйге маңдай тіредік.
Ол кезде халықтың әл-ауқаты әлі көтеріле қоймаған. Келін түскен күні той иелері ауыл-үйге беташар жасайды да апта аралатып, үйдің ішінде жастар кешін өткізе салады. Қазіргідей алаулатып-жалаулату жоқ, таршылық заман. Біз барғанда «вешір» енді басталғалы жатыр екен. Тынысбектің анасы Қымбат апамыздың өздері отыратын шағын үш бөлмелі үйінен бөлек, құрылысы әлі толықтай аяқтала қоймаған үлкен үйлері бар екен, той кеші сонда өтетін көрінеді.
Жолдан тоңып келген біздерге бірер кесе шәй берді де Серікбай екеумізді жастар жағына жіберіп, Дәкең үлкендермен бірге қалды. Біз шаршаңқырағанмен Секең көңілді, мана Жаңақорғанға келісімен жылынып алайын деп теміржол буфетінен бір бөтелке «Вермут» сатып алып, қырлы стаканмен екі-үш рет тартып жіберген. Пойызға да әлгінің бір шишасын алып мінген екен, оны да жолай жайғастырыпты. Сөйтіп Секең нағыз той қайда, қызық қайда деп тепсінген бура бабында тұр.
Кештеу кірген екеумізге есіктің аузындағы пештің маңынан орын тиді. Үйдің іші ыстық, ал мына жер тіптен күйіп тұр. Менің бойым жылынған, онсыз да ішінде градусы бар серігім тіптен қайнап кетті-ау деймін, ағыл-тегіл терлеп қоя берді. Етектей ақ сүлгімен бет-аузын сүрткіштеп қояды. Тап осы кезде тілек айту кезегі соған келе қалғаны. Асаба да бір қужақ екен, Серікбайды біраз мақтап, дарияның бойынан келген Сырлың жолбарысы деді ме, Сыр тұйғыны деді ме, әбден көтермеледі. Онсыз да қызара бөртіп отырған Секең мына сөзден кейін тіптен ісініп шыға келді. Қалтасынан алған бір нәрсені алақанында салмақтап қояды.
– Мен осы тойға қыстың көзі қырауда сонау Қандөзден бос келген жоқпын, арнайы сыйлық дайындап әкелдім, – деді алақанындағы затты қақпақыл ойнап. Қарсы алдымызда отырған келіншек тілек айтушының қолындағыны көріп қалып, шоршып түсті. Екі көзі бақырайып;
–Өлә, оқ қой мынау! – дейді. Қасындағы әйел оның сөзін іліп әкетті.
– Не дейді, оғы несі?!
– Патрон! Саусағының арасында ұстап тұр. Өзі мас!
Осыдан кейін-ақ тілек айтушының сөзі далада қалды. Ақ пен қызылдың шапқыншылығы, колхоздастыру кезіндегі қырғын, қудалау, кешегі неміс басқыншыларымен болған соғыс – соның бәрінен әбден зәрезап болған халықтың ұрпағы емес пе, «оқ» деген бір ауыз сөзден кейін-ақ жұрттың назары Серікбайдың саусағының арасына қыстырған оққа қадалды. Борша-боршасы шыға терлеген ұзын бойлы масаңдау жігіттің қолындағы кіші калибрлі мылтықтың патронын көрген жұрт гуілдеп кетті.
– Кәне, бері әкеліңіз!
Асаба жігіт жақындап келіп, қолын созды. Бір жағынан, сөзін тыңдамағаны, екіншіден, үрейлене қараған сансыз көз жынына тиіп кетті-ау деймін, Секең дереу арт жағына жалт бұрылып: «Ал, ендеше!» – деді де қолындағы патронды пештің ішінде лапылдап жанып жатқан отқа тастап кеп жіберсін. «Көздеріңе күйік болғаны осы ма, маған да жоқ, сендерге де жоқ»! Оқтаулы патронның енді атылмағанда несі қалды! Сол сол-ақ екен, тар бөлменің ішінде аласапыран басталып кетті, қыз-келіншектердің біреулері үрейлене шыңғырса, өзгелері айқайлап, жылап жатыр. Біреулер есіктен шыға қашты, екіншілері терезеден секіріп жатыр. Келіншектерін жетелей жөнелгендер, өз басын сауғалап, қосағын тастай жылыстағандар қаншама!
Шынымен сұмдық емес пе, әлгі патрон пештің ішінде жарылса қалай қарай атылады? Атылған оқ отырғандардың қай-қайсысына да тиюі мүмкін. Кімнің өлгісі келеді, қарап отырып оққа ұшқанның несі жақсы! Үргін-сүргіннің арасында осындай ойлар басыма еміс-еміс келген секілді. Есік алдына кептелген жұрттың арасынан жөпелдемеде сыртқа шығу да мүмкін емес. «Жолдасымды оқтың астына тастамауым керек». Советтік патриотизмнің тәрбиесі өтіңкіреген менің ойым осы, шамам келіңкіремесе де беліне жармасып, ұзынтұра Серікбайды жетелемек болып әуремін. Әйтеуір, жұрт бір лықсыған кезде тысқа да шықтық-ау. Шамалы қырбық қар жауып, енді ери бастаған екен, айнала лайсаң, қапелімде кие қоятын аяқ киім қайда? Оның аяғына бір жыртық кәлөшті кептеп, өзім бір керзі етікті қонышынан баса сүйретіп, далаға шықтық. У-шу әлі басылар емес, ескі үйден шыққан үлкен кісілер түкке түсінбей дал болып тұр.
Енді аңғардым, Серікбай батырымыз еңкілдеп жылап жүр екен. «Әй, оңбағандар, сөзімді аяқтатпады-ау!» – деп боқтанып қояды. Арасында «мыналар неге шулап жүр?» – деп сұрап қалды. «Дені сау ма, жұртты шулатып жүрген өзі емес пе!» «Пешке оқ салып жібердіңіз, жұрт сол атылып кетеді деп қорқып қашып жүр», – деймін. «Өтірік!» дейді ол мұрны пырсылдап, «Өтірік, атылмайды… Қалай атылады? Патрон міне, қалтамда тұр ғой!» Осы мезет жанымызға жеткен ауылдас серігіміз Дәкең оқтың шынымен қалтасында екенін сипалап жүріп біліп алды. Содан кейін қорқатын ештеңе жоқтығын айтып, жұртты тыныштандырды.
Қапелімде абыр-дабыр болған жастардың біразы отырысты жалғастырамыз деп үйге қайтадан кірді, кейбіреулері қайтып кетті-ау деймін. Тойдың шырқын бұзған бізде көпшілікке қарар бет қайда, бос бөлменің біріне бас сұғып, көрпешенің үстіне жантайып жата кеттік. Кейін, арада он шақты жыл өткен соң Секеңнен сондағы қылығының мәнісін сұраймын ғой. «Екі оқты атып кеп жіберсең қатар ұшып, алысқа кетпей ме, үйленген екі жас та солай ұзақ өмір сүрсін, қатар жүріп, бақытты болсын деп тілек айтып, күтпеген сый жасамақ болғам…» – дейді ағамыз. Күлсеңіз де, күрсінсеңіз де сол кездегі ауыл адамының аңғал бейнесі осындай еді.
Секеңнің ниеті Жаратушының құлағына шалынған шығар, сол оқиғадан бері елу жылдай уақыт өтті, Тынысбек ағамыз бен Зейнеп жеңгеміз бес-алты балалы болып, бұл күндері бірнеше немере сүйген шуақты шаңырақтың бірі, бақытты отбасы!

АҚ ЕСЕК МІНГЕН ӘМЗЕКЕҢ

…Қаракөл қой совхозының үшінші фермасында күзгі, жабағы қой қырқымы құмның ішіндегі Ұялыда өтеді. Қырқым басталғаннан кейін үш-төрт күннің ішінде мал қырқатын қора мен қырқымшылар жатақханасының арасындағы үлкен құм төбенің басында алып денелі, ақ шалған селдір мұртты, бұжырбет кісі ошарылып отырады. Бір кездері «передовой» шопан болған, бұл күндері тәлімгер-ұстаз Әмзекең дегеніміз осы кісі.
Жас кезінде денсаулықтың қадірін кім білуші ме еді, кейіннен ғой, ойбай, ана жерім, мына жерім дейтін қыңқылдың араласатыны. Әмзекең орда бұзар отызында жоғары жақта керуенбасы болған көрінеді. Самарқанға, Бұқараға арқа жақтан астық тасып, басын қатерге тігіп жүргендердің басшысы болыпты. Тәшкеннен көр-жөр алып, Түркістанға қайтатындар да керуенбасының мықты болғанын қалайды. «Жар басындағы жантақты жаннан кешкен нар жейді» демекші, ажалға қарсы айбат шеккеннің бірі осы көкеңіз. Жол тосқан қарақшымен шайқасып, ұры-қарымен жағаласып жүрген кісі күй таңдаушы ма еді, бір кезде мұз шайнап, шоқ түкіріп жүрген азамат бұл күндері «отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің», демекші, аузындағы тісінің жарымымен қош айтысқан, сондықтан ба, қазір анау-мынау қаттылау нәрсені қажауға аса ықыласты емес, жылы-жұмсаққа үйір.
Апанының аузында жатып-ақ келген-кеткен аңды қақшып түсетін кәрі арыстан секілді керуенбасыңыз құм үстінде ошарылып отырып-ақ керегін қамтамасыз ететін қабілеттен құр емес. Сәлемі түзу ферма басшыларының бірі келгенде: «Осылай отыра беремін бе, әкелетініңді осында әкеле бермейсің бе!» – деп базына жасайды. Сәлден соң бір табақ ыстық қуырдақ пен бірер бөтелке Әмзекеңнің алдында жатады. Бірақ сырбаз қозыңды бір өзі жалмайтын керуенбасының құлқынына бұл жұқ болушы ма еді. Көп ұзамай керуенбасының тарғыл дауысы тағы бір уәкілге бағытталып жатады…
Осындай сәттерді қимағанымен үш-төрт күннен кейін қойы қырқылып, креолин күпкіге түсірілген отарды шопанның қыстауына қарай айдап әкетеді де тәлімгер-ұстаздың үйге қайтуына тура келеді. Оның үстіне немере інісі, ферма меңгерушісі Айтжан «қайтыңыз» деп қыңқылдайды. Әмзекең қайта-қайта жолаяқ ішіп, айналып келіп қырқымшылармен қоштасып жүріңкірейді де бір уақытта құнан жылқыдай тұрпатты ақ есегін тыпыңдатып «Ұялыдан» ұзап кете барады. Тәлімгер-шопанның тарғыл дауысынан қырқымшылардың құлағы тыншығанымен, қуануға әлі ерте. Араға екі-үш күн салып үстінде ер-тоқымы жоқ, жайдақ ақ есек күншығыс жақтағы құм төбенің жолынан арқырап түсіп келе жатады. Қырқым қораға жақындай бере жануар құлағын қайшылап, ақырып кеп жібереді. Енді таңқалмай-ақ қойыңыз, түс ауа су таситын мәшинемен не басқа жолай кезіккен көлікпен Әмзе қария да осы жерден қара көрсетеді. «Жамандатқыр ақ есек осылай қарай қашып кетіпті, соның ізімен келгенім», – дейді сиреп қалған тісінің арасынан шырт түкіріп. Сенімді серігін әдейі босатып, осылай бағыттап жібергенін мұндағы жұрт сезеді, бірақ оны бет жыртысып, кім айта алсын. Тағы да үш-төрт күн керуенбасының жағдайын жасауға тура келеді. Қырқымның «қоян қаштысы» тақалғанша осы қойылым екі-үш рет қайталанады.
Иә, үлпәттің адамы еді ғой, қайран Әмзекең!

«ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ»

Кенен Әзірбаевтың «Келін тілді алмайды кердең қағып, Бала тілді алмайды беттен алып. Кемпірім де соларға қосылып жүр, Отырмын ғой бұл күні жалғыз қалып, қайран, жастық!» деп келетін әнін бәріңіз де білесіздер. Қарт кісінің мұңы. Адамның өзінен күш кеткен соң, өзге түгілі үй-ішіне де сөзі өте қоймай, әркімнің бетіне бір жалтаңдап күй кешетін болса керек. Ақын атамыз сол келеңсіздікті әзілмен әдемі әдіптепті. Солай екендігіне сіз де келісерсіз, ал басқалар… Мәселен саперлік батальонның қатардағы жауынгері Кенжесариев Тұрсынбай олай ойламайды екен: «Бұл жаңа жыл туралы ән», – дейді. Ән сөзінен жаңа жыл туралы бір ауыз сөз тапсаңыз кәне?
Бұл әңгіменің мәнісі сізге де түсінікті болу үшін басынан бастайын.
Забайкалье әскери округі, Мирная станциясы, артполктың клубы. Жаңа жыл қарсаңы, концерт аяқталып келеді. Жүргізуші: «Ендігі кезекте жауынгер Кенжесариев қазақ халқының жаңа жыл туралы әнін ұлттық музыкалық аспап – домбыраға қосылып орындайды», – деп хабарлады. Біздің әнші қызыл ағаштан ойған домбырасын сүйретіп сахнаға шықты да: «Келін тілді алмайды, кердең қағып…» – деп айдалаға лағып кетті. Әлгінің хабарлағанындай, жаңа жыл туралы бір ауыз сөз жоқ. Сонда да, «Үһ, қайран жастық!» деп әнін аяқтаған кезде осындағы күллі азиялықтар дүрілдете қол соғып, жер тепкілеп қостап кетті. Жаңа жыл туралы ән дегеніне емес, әннің қазақ тілінде орындалғанына, домбыраның құдіретіне! Сүйсіндік әрі қуандық! Таза қазақ тіліндегі әнді өзіңнің туған жеріңнен мыңдаған шақырым шалғай өлкеде, өзің нанға бірде жарып, бірде жарымай, керзі етік аяғыңды қажап, ұйқың қанбай, суық күнде ауыр қару-жарақ арқалап, салпақтап жүгіріп келіп, солығыңды басқанда тыңдап көрші, қандай күйде болар едің. Мұны әркім өзі бастан өткермесе жан жүрегімен сезіне қою, әлбетте, қиын болар…
Иә, сонымен жерлесіміздің «жаңа жыл туралы» әнін тыңдап, бір серпіліп қалдық, басқа ұлттың өкілдері де елеңдесіп қалған секілді. Әскерге келгеніне екі-үш ай өтпей жатып көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген Тұрсынбай шынымен «молодец!» «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» демекші, шын өнердің жүзі жарық екен-ау! Оның асқан күйші екені бүкіл ауыл-аймағымызға белгілі еді, енді Забайкальенің қиырындағы Мирная станциясындағы дивизия түгел әнші ретінде танитын болды. Мұнда Совет Одағының қай түкпірінен өкіл келмеді дейсіз, мұрны қоңқиған қара қазақтың өнеріне таң қалмағаны жоқ. «Одна палка, две струна» деп домбыраны мазақ ететіндер енді ондай әбес сөзді айта алмайды. Өйткені, оны жетектеп жүрген осындағы қырғыз сержант – штангист. Төбелеске дес бермейтіннің өзі. Сүзетін бұқа секілді одырайып қарағанда қалғандары ығып жүре береді. Оның бетіне қарсы келетін адам бұл маңда әзірге жоқ. Сол қырғыз екеуі дос. Әлгі домбыраны екеуі қолдан ойып жасап, бірге тыңқылдатып отыратын, міне, енді осындағы клубта концертке шығатын дәрежеге жетіпті.
Арада күндер, апталар зыр етіп өте шықты. Бүгін – 23-ші ақпан, Совет Армиясы күні. Жауынгерлер клубқа жиналды, концерт болады. Өткен жолы өнерпаздардың соңын ала шыққан Тұрсынбайымыз бұл жолы концерттің орта шенінде сахнаға шықты. «Қазақстаннан келген жауынгер Кенжесариев қазақтың қызыл әскерлер туралы әнін шырқайды!» – десін хабарлағыш солдат. Тұрсекең домбырасын тыңқылдатып, бастап ке-еп берді. Мынауыңда бет жоқ екен, тағы да: «Бала тілді алмайды беттен алып…» – деп ұре-еп отыр. «Қайран жастық»! Тағы да дуылдата қол соқтық. Әнші жігітте еш қысылу жоқ, тершіген мұрнын бір сипап, сахнадан ұзай берді. Бұл мерекеден соң, 8-ші наурыз – халықаралық әйелдер күні де келе қалды. Тағы да концерт! Тағы да «әйелдерге арналған қазақ әнін» жауынгер Кенжесариев орындап берді. Жаса, Тұрсынбай! Жаса, «Қайран жастық!»
Содан не керек, 1-ші мамыр келеді – «Қайран жастық!» 9-шы мамыр – «Қайран жастық»! 1-ші маусым – балаларды қорғау күні – «Қайран жастық!» Қатардағы жауынгер Тұрсынбай Кенжесариев әскердегі отандық борышын өтеген екі жыл бойы Кенен атамыздың осы белгілі әнін құбылтып, Конституция күніне де арнады, Октябрь революциясына да арнады, Шекарашылар күні де қалыс қалмады, ақыр соңында тағы да жаңа жыл мерекесіне әкеліп тіреді. Әлгі хабарлағыш титақай солдат та «Қайран жастықты» тойланар мерекеге қатысты қазақ әні деуінен танбай кетті.
– Жетесіз-ау, қазақтың басқа әні құрып қалды ма, тұрып қалған манитофон секілді біреуін қайталай бермей, басқасын неге айтпайсың? – дейміз ғой домбырашы досымызға.
– Қайдан білейін, ана забқұлып хахол осы әнің дұрыс, осыңнан танба деді ғой, – дейді сабазың.
Қайран, Тұрсынбай! Жаса, жасай бер!

Нұрмахан ЕЛТАЙ




ПІКІР ЖАЗУ