ТАҒДЫР ИЕСІ
Сарыағаштағы шипажайға түнгі ондар шамасында жетіп жығылдым. Алдын ала келісілген бөлмеме орналасып, жуынып-шайынып алған соң бірден төсекке құлап едім, алыс жолдан шаршап келсем де көзім іліне қоймады. Мұндайда көбіне мақтаулы киноларды ермек қылатынмын, бұл жолы оған да зауқым соқпады.
Түнімен ұйықтай алмай елегізіп, қайта-қайта ояна бергеннен мазам болмай таңғы ас пен түскі асқа бармағам. Бесін шайды да өткізіп жіберіп, кешкі асқа барсам, адам қарасы көп екен. Даяшы қыз бөлмемнің нөмірін сұрады да, бастап апарып бір оңаша столға отырғызды. «Е, мұнысы жөн болды. Өзіммен-өзім» деп, тамаққа енді қолымды созғанда, «Мұнда келіңіз» деген даяшының таныс үні мен «Қайда десеңіз, сонда барамыз» деген ер адамның темекі бұзған тарғыл даусы дәл құлағымның түбінен қатар шықты. Ұзын бойлы, өзі тым арық, жеңсіз көйлектен шығып тұрған қолында бір қырым еті жоқ біреу қарсы келіп отырды. Бас изесуден артық тіл қатыспадық. Мұндай жерлерде бөлмелестердің дастарқаны ортақ болады немесе жалғыз жатқандарды бос столдың біріне бірге отырғызады. Мен, жоспарлап келген жұмысыма кедергі болмасын деп, бір бөлмені жеке алғам. Демек, екі апта осы кісімен дастарқандас болмақпын.
Ертесі таңғы аста жанымызға толықтау келген, орта бойлы тағы бір адам қосылды. Сөзшең екен, ә дегеннен тізгінді қолына алып, таныстықты бастап кеттік. Өзі осы өңірдің тумасы, жүк көлігінің жүргізушісі болып шықты. Кеше бас изескен ұзын ағамыз елуден мол асқан, Арқа жақтың жігіті болды. Ең қызығы, ол да жүк көлігімен алыс жолдарға шығатын, тапсырыстармен жүретін нағыздың өзі екен. Кезек маған келгенде журналист екенімді айтып ем, «О, біз туралы жазсаңшы», – деді етжеңділеуі. «Байқап сөйлеу керек болды ғой», – деп күлді арығы. Мұндай сөзді талай естіп жүргендіктен үндемедім. Тамақтан соң бас дәрігерге кіріп өзіме қажетті ем-домдарды бекіттіріп алдым да бастап кеттім. Байқаймын, сол күні де, ертесі де дәлізде ары-бері жүргенде толықтау жігіт жиі ұшырасқанмен, арық ағам көрінбеді. «Мүмкін түстен кейін, ел аяғы басылғанда келетін шығар». Алғашқы күндер болған соң уақытымды жүйелей алмай ем-домымды түске дейін толық аяқтауға үлгермеген соң түстен кейін жалғастыруыма тура келді. Арық ағам онда да көзге түспеді.
Ертесі кешкі астан кейін жігіттер: «Тоқ басайық» деген соң, бөлмеге бірден кіріп кетуді жөн көрмей үшеуміз есік алдына шықтық. Бұл аймақтың жазы ерте басталып, күні қайнап кететіндіктен адамдары тірлігін жерге жарық түскенде бастап кетеді де, күн қыза үйді-үйіне бас сауғалап, содан ыстық қайтқанша далаға шықпайды. Аса бір тығыз шаруасы болмаса, шаңқай түсте көшеден бейсауыт жүрген жанды көрмейсің. Міне, мұнда да күні бойы тірі жан шықпаған үлкен аула демалушыларға толып қалыпты. Екі-үшеуі әткеншекте отырса, енді біреулері су себілген гүлзар ішінде серуендеп жүр. Шеттегі ашық алаңқайда билеп жүргендері де аз емес. Демалыс орындарында кешке би ұйымдастыру о бастан бар емес пе? Серіктерім ол жаққа алаңдамастан темекі тартатын орынға барып жайғасты. Түтіннен сәл аулақтау тұрған маған, «Мұндайың жоқ па еді?» – деді арық ағам. «Ежелден қызықпадым осыған». «Оның жақсы екен. Мен күніне екі-үш қорапты тартып қоюшы едім, ауырғалы бері аздап азайттым». «Рөлде отырғанда екі-үш қорап қашан таусылып қалғанын байқамайсың ғой», – деді толықтау серігіміз. «Күннің ыстығынан ба, басым ауырып, қан қысымым көтеріліп кетіп жатыр», – деді арық ағам. «Онда сізге ыстық ванна болмайды ғой», – дедім мен. «Иә, болмайды. Бүгін тек укол мен система ғана алдым». «Бәсе, көрінбедіңіз», – дедім, күндізгі іздегенімнің жауабын тауып. «Жаттым бөлмеде интернет қарап. Негізі, қан қысымым жоқ еді, жер ауыстырғаннан ба, осында келген соң пайда болды». «Ыстықтың да әсері болуы мүмкін». «Иә, ол да бар. Сарыағашың осы суымен аты шығып тұрған жер ғой. Болмаса, ыстығы жан шыдатпайды екен». «Өзіміз үйреніп кеткенбіз. Мұндағының бәрі мұндай суға ие емес қой, көпшілік диханшылықпен айналысады», – деді толықтау. «Мұнда келгеннің бәрі Сарыағаштың жаңа мешітін мақтайды. Осы жерден алыс па, қалай баруға болады?» – дедім. «Ой, көлікпен жарты-ақ сағаттық жер. Барам десеңіздер, ертең кешкі тамақтан кейін апарайын». «Кешке қалай болар екен? Жабылып қалмай ма?» «Оу, бұл жақта бәрі кешке қарай қызады емес пе? Күндіз қыдырғандай болмайсың, берекең кетіп. Мұнда базардың өзіне кешкі салқынмен барған жөн». «Онда дұрыс екен. Базарында неміз бар, мақтаулы мешітін көріп қайтайық», – деді арық ағам.
Мешіт расымен-ақ кісі қызығатындай екен. Видеосын, фотоларын әлеуметтік желілерден көрген бөлек те, өз көзіңмен көрген мүлде бөлек емес пе? Сумен орай қоршалған арал үстіндегі зәулім мешіт күншілік жерден қол бұлғайды. Сарыағаштың жұлдызды кешінде судан ескен салқын самал жаныңды жадыратар әдемі әсер сыйлайды. «Маған көп жүруге болмайды, алқынып қалам», – деген арық ағам «Қайыққа мінейік», – деген толықтау серігін тыңдамастан су бойын жағалап, бізбен бірге алып ғимаратты бір айналып шықты. Шынымен адамдардың бәрі кеш бата жиналады екен, кісі қарасы қалың. Тауыс, қоқиқаз, ақ, қара қуларды, судағы түрлі балықтарды кезек қызықтап, бәрі мәре-сәре. «Мынау керемет естелік қой, суретке түсейік», – дегеніме ағам тіпті қуанып кетті. «Қарындасыма, достарыма жіберейінші. Менің телефоныма түсейік», – деп. Мешіттің сыртқы көрінісі қандай ғажайып болса, іші де шебер қолмен өріліпті. Ата-баба, көз жұмған жақын-жуыққа құран бағыштаған соң, есік алдына шығып шұбат алдық. «Маған мұндай ағарған жақпайды, менің үйренгенім осы», – деп, арық ағам тәтті сусын таңдады. Бұл сапардан бір-бірімізге кәдімгідей бауыр басып, ретті әзіл айтысып, суреттерімізді жолдайтын болып телефон алмасып қайттық. Ұзақ жүрістен қарнымның кәдімгідей ашып қалғанын бөлмеге келгенде бір-ақ аңғардым. Көшеге қайта шығатын емес, сағат түнгі он бір болып қалған, Сарыағаштың суын жақсылап ішіп алдым да төсегіме қисайдым. Келгеніме үшінші күн болса да жазуға отыра алмадым. «Басымда пісіп тұр, қағазға түсірсем болды» деп жүрген дүниемнің ұшығын таба алар емеспін. Келгеннен бергі мазасыздықтың да негізгі себебі осы сияқты…
Таңғы аста кешегі сапардың өте күшті болғанын, тек, қайтарда бір жерден тамақтанып алмағанымызды айттым. «Рас, менің де түнде ішегім шұрылдап, бөлмедегі тәттілерді суға қосып жеп алдым», – деді арық ағам. «Онда бүгін шашлыкқа барайық. Мына жақта кафе де, асхана да жетеді», – деді жергілікті досымыз. «Айтпақшы, кеше жақсы қыдырдық. Суреттерді көріп қарындасым қатты қуанды. «Жаныңдағылар кім?» – деп, сендерді сұрады. Тағы да жақсы жерлерге суретке түсіп, жіберіп тұр деді», – деп, ағам қуана сөйледі. «Бүгін де аулада, шашлық жеген жерімізде ұмытпай суретке түсейікші», – деп қосып қойды. Алайда бесін шайдан соң толықтау серігіміз маған қоңырау шалып, аяқ астынан кетіп бара жатқанын айтты. «Қайдасың?» «Есік алдында такси тосып тұрмын». «Онда қазір шығайын, үш-төрт күн серік болдық. Телефоннан қоштаса салғанымыз жарамас», – дедім де, сыртқа беттедім. Күннің қызуы әлі қайтпапты. Ол тершіген маңдайын, мойынын үздіксіз сүртіп, көлеңкедегі орындықта отыр екен. «Жақсы бір тапсырыс табыла кетті, бүгін үйге барып реттеліп, ертең таң ата шығып кету керек. Сендерге үндемей кете берейін десем, тағы ұят. Содан құрдассынып өзіңе хабарласқаным ғой. Ағаға сәлем айтарсың», – деді ол. «Әлі бір апта уақытың бар емес пе? Босқа күйе ме?» «Біз жақта тілін тапсаң, ештеңең күймейді», – деп, күлді ол. Онысы рас еді, ә деп келгенде жанында бір кісі жатыпты. Бір уақыт терезені ашып желдетуге де, кондиционерді қосуға да азар да-безер қарсы болыпты. «Ауырып қалам, суық ұстап қалады» дейтін көрінеді. Содан жолын тауып ертесі оңаша бөлмеге ауысып алыпты. Сосын үшеуміз тамаққа барғанда да ретін келтіріп тамақтарды, айран, кампоттарды артығымен алдырып қояды. Көрші столдағылар дәметіп жолын сұрай қалса, бізге көзін қысады да, «Біздікі алдын ала келісіліп, ақысы төленген», – деп тақ ете қалады. Енді, міне, бір аптасын кейінірек пайдаланатын болып жолға шығып барады. «Менде алып бара жатқан ештеңе жоқ қой. Тек, күні-түні рөлде отыра берген соң дене құрысып-тырысып қалады. Одан қалса, табаннан, тізеден өткен суық бар дегендей. Содан бұл жерге массаж, ванна, парафин үшін ғана келем», – деген о баста. «Бүгін шашлыққа барам десеңдер, мына жолмен төмен жүре беріңдер. Таңдағандарыңа кіресіңдер. Одан ары жүрсеңдер бақ ішінде жерден шығып жатқан су бар. Күніне бір-екі литрін ішіп тұрсаң, іш-құрылысқа нағыз ем», – деп, ол қолын ұсынды. Көлігі де келіп қалған екен, екеуміз құшақ айқастыра қоштастық. Кешкі аста осы жағдайды ағама айтып ем, «Қап-ай, ә, маған да айта салмапсыңдар. Мен де шығар едім ғой», – деп сәл ренжіп қалды. «Ұйықтап жатқан болар, мазасын алмайық» дедік. Осы маңның баласы ғой, ерте келсем, хабарласам деп кетті». «Шашлыққа барамыз ба?» «Барайық». «Нешеде шығамыз?» «Аздап тоқ басып алайық, тоғыз қалай?» «Болады, онда мен бір темекі тартып алайын», – деді де ағам сыртқа кетті. Мен ішке кіріп, тізімдегі кинолардың бірін қостым.
Тоғызда есік алдына шықсам, ағам жасы бар, жасамысы бар бес-алты келіншектің ортасында билеп жүр екен. Қуанып қалдым. Кедергі келтірмейін деп, айналып өттім де, бәрі анық көрінетін жерге барып, сыртынан тамашалап тұрдым. Арада он-он бес минут өткенде ол өзгелерден бөлініп, бері аяңдады. «Іште қамалып жатқанша мынауыңыз жөн болыпты». «Ой, кезінде түбін түсірдік қой. Қай жерде би, қай жерде төбелес, соның ішінде жүретінбіз» деп күлді де, темекі тұтатты. «Әлі де билейсіз бе, көшеге шығып қайтамыз ба?» «Бүгінге жетеді, одан да шашлық жейік. Қарын аша бастады». Мұнысы рас еді, кешкі тамақ алты жарым мен жеті жарымның арасында берілетіндіктен, іш-құрылысты реттеп, тәбетті ашып алған адамның тоғыз, онда асқазаны белгі бере бастайтын. Келіншектердің қалжыңға жығып қолынан тартқанына да, соңынан айғайлағанына да назар аудармастан ағам жолға түсті. «Бір-ақ сәтте бәрін ұлардай шулатып кеттіңіз ғой». «Ой, соңғы үш-төрт күнде мандыған би болып жүрген жоқ. Мен алғаш келген күні қыздар көп болды. «Аға, бізбен бірге жүріңіз» деп, көрші санаторийге барып билеп келгенбіз» деді риза көңілмен. «Олар қайда енді?» «Уақыттары біткен екен, ертесі кетті ғой». Екеуміз алғашқы кездескен дәмханаға аялдадық. Әр түрінен дәм татайық деп, қойдың, тауықтың, үйректің етіне тапсырыс бердік. Ол тағы да тәтті сусын алғызды. «Жиі ішсе, ашқарынға ішсе, зиян дейді ғой». «Иә, зияны зиян. Бірақ ұзын жолда осыған жететіні жоқ. Бірден сергітеді, іздеп тұрасың». «Биге ғой ебі болмаса да біраз адам құмар. Ал төбелеске екінің бірі бара бермейді, бағана қайда төбелес болса, сонда жүрдім деп қалдыңыз…» «Ол рас, бала күнімнен тентек болдым. Ата-әжемнің қолында өскен соң сабаққа да көп бара бермейтінмін. Барсам, әйтеуір біреумен шатылам да қалам. Содан мұғалімдерге атам ет пен қымыз тасып жүргені», – деп, екі иығы селкілдеп бір күліп алды. Даусында сол күндерге деген шексіз ризашылық бар. «Жетекшім сегізінші сыныпқа көшкенімде: «Сен сабаққа келмей-ақ қойшы. Куәлігіңді өзім толтырып берем» деді. Онысы маған тіпті жақсы емес пе, қыстау мен ауылдың, ауыл мен жайлаудың арасын шаңдатып шауып жүрдім. Содан сегізден кейін ол кезде СПТУ дейді, жанымда өзім сияқты үш, төрт бала бар, соған жіберді. Бала күннен техникаға құмарлығым күшті, көлік жүргізу, бұзылып қалса, жасап жіберу аса қиын емес еді. Соны байқады ма, директор жанына алып алды. Сабаққа анда-санда барам, қалған уақытым соның техникаларын шұқылаумен, одан қалса, көше кезумен өтті. Сырттан келіп оқып жатқандардың қалтасын қағамыз, арақ-шарап пен темекіге жұмсаймыз, қыздарды торуылдаймыз, тыныштық жоқ әйтеуір». «Оқуды аман-есен бітіре алдыңыз ба?» «Ол да бір қызық. Экзамен тапсыратын күні кезек маған келгенде директор: «Сен шыға тұр, соңынан кіресің», – деді. «Ойбу, мынау мені сонша пайдаланып алып, енді артымнан бір теппек пе?» деп ойладым. Олай емес екен, бәрі бітіп соңында мен қалғанда жанында отырғандарға: «Өздерің де білесіңдер, бұл бала теорияны толық меңгермесе де практикада, кез келген техниканы шашып, қайта жинап алуда алдына жан салмайды», – деді. Сонымен үш категория бойынша бір-ақ тапсырып шықтым. Жеңіліңмен де, ауырыңмен де, сүйретпеңді жегіп алып та сол кезден-ақ заулай берем». Бір байқағаным, серіктесім бала күндерін, түрлі сапармен алыс жолдарда жүрген кездерін сөз етсе, арқаланып, жүзіне бір шуақ жүгіріп, қанаттанып кетеді екен. Ал, отбасы тақырыбы жанын ауыртатынын, ұмытылмас жан азабы жүрегін тағы бір түйреп өтетінін аңғарғандаймын. Сондықтан өзі айтпаса ол жағына барыспауға бекіндім. «Мына телефоны құрғыр тағы бір өнер шығарды. Интернет ұстамайды», – деді ол. Алдында ғана шипажайдың вайфайына қосып бергем. «Тарифіңіз бітіп қалған болар». «Жоқ, қарындасым кеше ғана салып берген». Тексеріп едім, тарифі расымен біткен екен. «Сізге тариф ауыстыру керек-ау. Міне, тағы бітіп қалыпты. Бұлар өстіп ебін тауып жей береді» деп, тарифі таусылғаны туралы хабарламаны көрсеттім. «Ол мүмкін емес. Менің мүгедектікке байланысты елу пайыз жеңілдігім бар. Мына телефонды да сол жеңілдікпен таяуда ғана алғам» деді. «Бұл телефонды тіркеттіңіз бе?» «Жоқ! Қайда тіркетем?» «Онда түсінікті. Сіз жаңа телефоныңызды өзіңізге тіркеткенде тарифіңізді де айтып, қайта қосқызасыз. Олай істемесеңіз, салған ақшаңыз бір күнге жетпей желге ұша береді». «Аа, ондайы да бар ма? Бопты, ертең базар жаққа шықсам, орталығына соғармын. Тек, ақша осы телефонда еді, оны қайттым?» «Оған алаңдамаңыз, өзім төлей салам». «Олай болмайды, бірге келген соң, бірге төлеу керек». «Бүгінше маған қонақ болыңыз, ертең мен қонақ болайын». «Онда сөйтейік» деді ол иығынан бір жүк түскендей. Біз демалыс орнына қайтып келгенде түрлі-түсті жарығы бар субұрқақ іске қосылыпты. Билеп жүргендердің қарасы азайып, есесіне гүлзар маңындағы субұрқақ жанында суретке түсіп жатқандар мол екен. Біз де көпшіліктен қалмадық.
Таңғы аста ағамның жүзі жайнап отырды. «Сен төрге өтіп ал», – деді маған, «Неге?» «Кеше құрдасың кетті емес пе? Енді бүгін жанымызға біреулерді отырғызуы мүмкін». «Ал?» «Кімді отырғызса да олар бізден кейін келгендер. Сондықтан біз олардан жоғары отырғанымыз жөн». «А-а, жақсы!» – дедім күліп. «Күлме. Оның жөні солай», – деді ағам. Сосын бірден жаймашуақ қалпына қайта көшті де: «Түндегі суреттерге қарындасым қатты риза болды. «Журналист ініңнің номерін берші, тарифтің жөнін соған айтайын», – деді. Сен дұрыстап ұғып алшы, мен мына телефонды түсінбей-ақ қойдым», – деп жалғастырды сөзін. «Жарайды». «Өңің де жақсы деді». «Рас, бүгін өңіңіз жақсы». «Келгенде алпыс бір келі едім, бағана өлшендім, төрт келі қосыппын». «О, жақсы ғой. Бұрынғы кезде қанша едіңіз?» «Деген шағымда салмағым тоқсан, тоқсан бес келіге дейін барған. Май емес, қарын емес, таза ет». «Бойыңыз бір де сексеннен асады-ау». «Бір де сексен бес бар еді, қазір кәдімгідей отырды ғой». «Енді бір бес, он келі қоссаңыз, бой мен салмақ лайық болғалы тұр екен. Одан артық не керек?» «Иә, қазір тәбет те жақсарып қалды, мына жердің тамағы да дәмді екен. Дегенмен шашлыққа бүгін де барайық, мен төлеймін».
Бесін шайдан кейін екеуміз барып, телефонын реттеп келдік. Кешкі тамақтан соң мен тағы бөлмеге кеттім де, тоғызда сыртқа шығып ем, ағамды таппадым. Жарты сағаттай отырып, енді ішке кірем бе дегенімде әйнек есіктің арғы жағынан көрініс берді, маған қолын бір бұлғап, ешкімге көңіл аудармастан қақпаға беттеді. Қуып жеткенімде: «Жолдан темекі алып алайықшы», – деді. «Азайтып жүрмін деп едіңіз ғой». «Ой, жаңа кешкі тамақтан кейін есік алдына шыға қалып ем, басым айналып құлап қала жаздадым. Қаным тағы көтеріліп кетіпті, дәрісі мен уколын салып жатқызып қойды. Содан енді тұрдым, темекім қайда қалғанын білмеймін». «Бүгін ешқайда шықпай-ақ қояйық онда. Демалғаныңыз дұрыс шығар. Темекіңізді мен әкеліп берейін». «Жоқ, қазір жақсымын. Бара берейік». Бұл жолы да ұзақ отырдық, ол тағы да тәтті су мен темекіге көп уақытын арнады. «Ішімдікке қалай едіңіз?» – деп ем, «Рөлде жүрген соң күнде іше бермейсің. Дегенмен демалған кездерде түбін түсіретінбіз», – деп күлді. «Қазір ішуге болмайды, денсаулық жарамайды. Дәрігерлердің кесірінен іштің бәрін астаң-кестең қылдық». «Сонда қалай?» «О бастан диагноз дұрыс қойылмаған. Үлкен қала деп алдымен Алматыға бардым, одан жақсы болмаған соң Астанаға жіберді. Айналдырған үш, төрт жылда тоғыз рет ота жасалды. Асқазанның жартысы, ішек-қарынның жартысы кетті, бүйректің біреуі жоқ. Шлангымен тіке жалғап қойып, біраз уақыт дәретке солай барып жүрген кез де болды. Көрмеген азабым қалмады. Содан әйтеуір өзіміздің шағын қаладан қарындасым бір врачты тапты. «Не болса да соны бір көрейік» дедік. Бардық». «Содан?» «Содан көріп тұрсың ғой, міне, алдыңда отырмын». «Сонда үлкен қалалардың мықты дәрігерлері таба алмағанды шағын қаладағы дәрігер тапты ма?» «Иә. Біздің көбіміз үлкен қалаларда үлкен мамандар бар деп ойлаймыз. Бары бар ғой. Бірақ, ондай көп емес. Ал, шағын қала, аудандарда талай жылғы тәжірибесі бар мықтылар жүретінін ескере бермейміз. Ол кісі де баяғыдан келе жатқан сондай білгір екен. Қарындасым екеуінің арқасында қайтадан қатарға қосылдым». «Қарындасыңызды көп айтасыз, басқа ағайын-туғаныңыз, отбасыңыз ше?» «Екі ұл, екі қыз едік, менен кейінгі інім жол апатынан қаза болды. Екі қарындасымның бірі бізбен мүлде араласпайды. Асты-үстіме түсіп жүргені тете қарындасым ғана». «Неге араласпайды?» «Соны өзім де білмедім. Тапсырыстар көбейіп, шетелдерге де жүк тасып, ақшаны уыстап ұстап жүрген кезімде төрт үйім болды. Соның бірін әке-шешеме бергем. Кейін олар көз жұмып, үй біраз уақыт иесіз тұрды. Сол кезде тете қарындасым әке-шешемнің үйін сұрады. Бала күнімізден жақын өскен соң: «Мен әке-шеше алдындағы парызымнан құтылдым, енді ол үйді не істесеңдер де өздерің біліңдер», – дедім. Содан ол үйді сатып, өздеріне орталықтан үлкен үй алды. Міне, сол кіші қарындасыма ұнамаған ба, не ашып айтпайды, не араласпайды. Мен ауырғалы халімді де білген емес». «Ал, әйеліңіз…» «Әскерде болдым екі жыл, одан келіп, жұмыс деп, ақша деп тағы жүре беріппін. Қу мінездің кесірінен бір рет істі болдым. Әбден кеш шаңырақ көтердім. Бір баласымен әйел алдым, өзімнен тағы бір ұл дүниеге келді. Дайын үй, дайын тамақ, келіп жатқан ағыл-тегіл ақша тоқтап, алғашқы отаға түстім. Содан бетім бері қарамай отадан ота болып кеткен еді, бір күні ауруханаға келіп тұр: «Мен біреумен сөйлесіп жүрмін, соған тұрмысқа шығам» дейді. «Оу, балаларды қайтесің?» «Өзіммен алып кетем». «Қой» дейтін де, «Ұлымды алып қалам» дейтін де шама жоқ еді. Үйді сұрады, ұлым үшін өзіміз тұрып жатқан үйді бердім». «Қазір ұлыңызбен байланысыңыз бар ма?» «Ұлым тоғызды бітіргенде қарындасыма келіпті. «Әкең қатты ауырып жатыр. Енді іздемей-ақ қой. Өзім хабарласып тұрам», – деп шығарып салыпты. Ол сәтте мені «Әне-міне кетіп қала ма?» деп отырған кез ғой, жас баланың жанын ауыртқысы келмеген болар. Келіншегім де әбден кейінірек бір, екі рет қоңырау шалып, менің номерімді сұраған екен, «Құлап жатқанында керек қылмай тастап кетіп ең, енді неге іздей қалдың?» – депті. Естуімізше, менен кейінгі күйеуінен де ажырасып кеткен екен. Одан туған бір қызы бар, енді не істерін білмей басы қатып жүрсе керек». «Өзіңіздің қайта қосылатын ойыңыз жоқ па?» «Әй, бір қалған көңіл қайта орнына келе ме? Көзіме шөп салған, екі дүниенің ортасында жатқанымда тастап кеткен, ұлды көлденең тартып үйді алған, ол аздай, тағы бір үйімді сатпақ болған қатын енді мені оңдырар дейсің бе?» «Айтпақшы, төрт үйдің қалған екеуі қайда?» «Біреуін мыс ұрлаймыз деп ұсталып, соның бодауына бердім. Екіншісіне, бұйырса, өзім барып тұрам ғой». «Е, ең бастысы, баспанаңыз бар, жүк көлігіңіз бар, енді бір жеңге табылса, жаңа өмір бастайды екенсіз ғой». «Енді маған кім жолдас болар дейсің? Тоғыз отадан кейін ештеңеге жарамай қалдық». Ол бұл сөзге еш мән бермей тым селқос айтқанымен мен қатты састым, не айтарымды білмей кібіртіктеп, орнымнан тез тұрып дәретханаға кеттім. Сәл айналып келсем, ештеңеде шаруасы жоқ, тым бейқам қалыпта сусынын ішіп отыр екен. Осы жолы қарсы отырған ағама ұзақ қарадым. Шүңірейіп ішіне кіріп кеткен отсыз көзі, шалбарланған маңдайы, солған екі беті, талай рет сынған қисық мұрны соншама қиындықты көргенін, сонда да сынбағанын, басқа салғанның бәріне көнгенін баяндап тұрғандай.
Ертесі кешкі ас кезінде біздің столға өткенде ағаммен билеп жүрген келіншектердің бірі келді. «Сіздер күнде кештетіп көшеге шығып кетесіздер. Бізді менсінбей жүрсіздер ме, әлде, басқа біреулерді тауып алдыңыздар ма?» – деді ол күліп. «Бәрін осы кісі шешеді, менің шаруам жоқ» дегендей мен де күле қарадым да, иегіммен ағамды меңзедім. Ағам үнсіз, тамақты енді көргендей бас көтеретін емес. «Біз бүгін «Шұғыла» деген кафеге барамыз. Көңілді жер екен, қаласаңыздар бірге барайық», – деді ол. Ағам әлі үнсіз. Екі ортада мен қысылайын дедім. «Аха, барамыз ғой, бір жерге соғып шығамыз, сосын барамыз», – дедім. Қайда соғып шығатынымыз өзіме де беймәлім, әйтеуір бірдеңе деу керек сияқты. «Қорықпаңыздар, ешкімге салмақ салмаймыз, әркім өзі үшін төлейді», – дейді келіншек. Мұнысы тіпті масқара болды. «Бұлар ақша төлеуден қашып отыр» деген ойға келді-ау. «Жо-жоқ, олай ойламаңыз, ақша туралы ойламаңыз» дедім мен ішімнен ағама ашуланып. Билеп жүрген осы кісі, сөйлессе де өз қатары. Дәл қазір бірдеңе десе болады ғой. «Жарайды онда, кездескенше» деп, келіншек теріс айнала берді. Ол сәл ұзағанда, «Неге бірдеңе демедіңіз?» «Не айтам?» «Барамыз, бармаймыз, басқа шаруамыз бар деген сияқты сылтау көп емес пе?» «Кімге ақталып отырамыз? Жүр, сыртқа шығайық». «Мен іште болам». «Онда тоғызда жолығармыз».
Тоғыздан кете есік алдына шықсам, темекі шегетін орында отыр екен. Мені көріп орнынан тұрды. Адамдардың біразы көшеге шығып кеткен бе, аулада жүргендер, билеп жатқандар некен-саяқ екен. Екеуміз үйреншікті жерімізге келіп, тапсырысымызды берген соң ол телефонын ашты да: «Мынаны көрші. Жиенім ғой, дәл қазір Якутияда жүр», – деді. Видеоларды жүгіртіп қарап отырмын, ол ауыз жаппай сөйлеп отыр. «Көліктің қыр-сырын өзім үйреттім, бала күнімнен жаныма ертіп жүрдім. Өте сенімді бала. Біраз болды, үлкен жолға өзі шығып жүр. Арақ-шарапқа жоқ, жұмысына тиянақты. Бұйырса, келесі сапарына мені ала кететін болды. Кезінде мен оны ала кетуші едім, енді міне, ол мені ала кетпек». Үнінде мақтаныш бар, алыс сапарларға деген сағыныш бар, кешегі өзінің дүрілдеген күндерін сағынып отыр. Ең қиыны, ол жиенін айту арқылы ұлын елестетіп отыр ғой. Соны жанына ертіп жүре алмағанына, соны осы кәсібіне баули алмағанына, уақытының аяулы сәттерін ұлымен өткізе алмағанына өкіну бар. Сәл үнсіздікті пайдаланып, ойын басқа арнаға бұрмаққа, «Келіншектер шақырған жерге баруымыз керек пе еді? Билеп, әңгіме айтып көңіліңіз көтеріліп қалар еді», – дедім. «Әй, соның не керегі бар? Олар құтырған қатындар ғой. Қазір барады, ішімдік ішеді, апыр-топыр билеп, одан өзіңнің мазаңды алады», – деді. «Әлде сенің барғың келіп отыр ма? Барам десең, барайық». «Жоға, мен сондай той-томалақ, отырыстардан қашып келдім емес пе?» Сонымен әңгіме аяқталды, оның әйел затынан көңілі қатты қалғанын, сосын, жасына жетпей қартайып кеткенін, ендігі бар алданышы – бала күнінен құмар болған кәсібі екенін ойладым. Бұл жерден сауығып шықса ұлын да тауып алар – бәрі де мүмкін дүние ғой.
Кеше жиенін айтып, сонымен бірге сапарға шығатынын қайта-қайта қозғап, қуанып отырған ағам бүгін: «Күйеу балам хабарласты, «андағы жер ұнаса, тағы создырайық. Әбден аяқтан тұрып алыңыз, сосын, мына жақтан күндігі жиырма мың болатын жұмыс шығып тұр. Көлігіңізбен керекті материалдарды жеткізіп беріп тұрсаңыз болғаны» дейді. Жақсы емес пе ә?» – деді. «Өте жақсы ғой, бір айда алты жүз мыңды қалтаға басады екенсіз. Жиырма, отыздағы жігіттер де ондай ақша тауып жатқан жоқ». «Иә, алыс жолға шықпасам да, ауыл арасы болса да жұмыстың аты жұмыс қой». «Бұйырса, алыс жолға да шығасыз». «Иә, әрине. Жиен келсе, қолды бір сілтеп тартып кетем ғой. Айтпақшы, сені бүгін мен қонақ қылам, есіңде болсын». «Е, неге? Кезектесіп төлеп жүрген жоқпыз ба?» «Бүгін кезекті бұзамыз. Менің зейнетақым түсіпті, соны саған жуып берем». «Болды, болды» деп, тарастық. Алайда ол күні кешкі серуенге шығудың реті келмеді. Бесін шайдан кейін қаны тағы көтеріліп кетіпті. «Мазасын алуға болмайды» деген соң бөлмесіне кірмедім. Сол жатқаннан таңғы асқа бір-ақ келді. «Айтарымды айтып алып, сені алдағандай болдым-ау ә» деді, амандасқаннан кейін. «Жоға, бәрі дұрыс. Өзіңіз қалай болдыңыз?» «Жер жақпай жатыр маған. Елге жетсем қалпына келеді ғой» деді, жаңа танысқан күндердегі сөзін қайталап. «Бірақ бүгін міндетті түрде барамыз!» деді сосын. Мен бөлмеме келіп, одан түске дейін ем-домымды алып, жата қалып едім, Алматыдан хабар келді. Өзіме маңызды бір шаруаның шешілу реті келіп тұр екен. Әлі ем қабылдайтын толық үш күнім бар еді, соған қарамай жинала бастадым. Ойым әрі-сәрі. «Ағамен қоштасам ба, үнсіз кете берем бе?» Ақыры дидарласып кетуді жөн көрдім. Қолыма кейінгі шыққан бір кітабымды алып, бөлмесіне барсам, теледидардан хайуанаттар әлемін тамашалап жатыр екен. «Мен шұғыл кететін болып қалдым», – деп едім, көзі алақ етіп орнынан жылдам көтерілді. «Өй, неге?» «Талайдан күткен бір шаруа бар еді, соған өзім бармасам болмай тұр». «Қап-ай, ә, екі, үш күн шыдасаң, бірге қайтар едік қой». «Иә, сізді шығарып салып бір-ақ қайтам ба деп жүргенде жағдай осылай болып қалды. Ал, жақсы. Алматыға жол түссе, міндетті түрде хабарласыңыз!» «Иә, хабарласам ғой. Жезқазғанға келсең, сен де хабарсыз кетпе!» «Мынау естелік болсын!» «Оһо, мен қолыма кітап ұстамағалы қанша ғасыр… Бірақ мынаны оқымауға болмайды! Жүр, астына бірге түсейін». «Несіне әуре боласыз, дала деген жанып тұр». «Өлмеспіз, жүр, бірге шығайын. Қап, бүгін шашлыққа өзім апарам деп отыр едім…» «Әлі талай шашлық жейміз, аға», – дедім даусымның тарғылданып кеткенін сездірмеуге тырысып. Ол ұзақ қоштасты, әр нені қайталап айтты. Ұзақ жолға жарағанда алдымен Алматыға тартатынын айтқанда көзімнен жас шығып кете жаздады. Тез қоштасып көлікке қарай жүгірдім.
Арада екі сағат өткенде ағам қоңырау шалды. «Қайдасың?» «Сәл аялдап алдық та Шымкенттен шығып барамыз. Өзіңіз не істеп жатырсыз?» «Ой, түскі асың ас болмады, не бөлмеге сыймадым, далаға шығудың тағы реті жоқ, жүрмін сенделіп». «Өзіңізді байқаңыз, ыстыққа шықпай…» Ағам кешкі тоғызда тағы қоңыраулатты. «Қайдасың?» «Әлі жолдамыз, аға. Өзіңіз шашлыққа барған шығарсыз?» «Ой, қайдағы шашлық, есік алдында отырмын». «Ойбу, серік болар ешкім табылмады ма?» «Жоқ, өзіңдей ешкім болмайды екен». «Мә, мына сөзіңізден кейін мен ішіп кетпейін» деп, екеуміз біраз күліп алдық.
Бірақ мен оған қарындасының телефон номерімді тарифті түсіндіру үшін сұрап алмағанын, жылап тұрып, ағасының санаулы ғана күні қалғанын, тек осында келгелі сурет жолдап, қыдырып, әңгімеге араласып сергігенін, мүмкіндік болса, менің тағы бір, екі апта жатуыма ақша төлеп бергісі келетінін айта алмадым…
ҚАРА АТ
(әңгіме)
Бұл жан дегенде жалғыз ағасы қайтыс болғанда да бұлай жыламаған болар. Әлде ол кезде өлімнің салмағын сезінбеді ме екен…
«Ертең Малай батырдың асына аттанамыз», – деген күні әкесі бір қырым артық еті жоқ, бабы әбден келіскен мақпал қараны алдырды. Жал-құйрығын тарап, арқасын сипалап: «Жануар», – деп ұзақ еміренді. Сосын төрт аяғының да тағасын алып тастады. «Барған соң бір-ақ алмадық па?» – деген мұның сөзін елең қылған жоқ.
Ертесі таң бозынан малшылар Қарқара жайлауына апаратын күре жолға жинала бастады. Бұл әкесінен бөлініп, өзі құралпы балаларға барып қосылған. Үлкен сапарды ұзақ күткен, әрқайсысы осы дүбірлі тойға қосамыз деп ат баптаған көпшіліктің көңілі ерекше көтеріңкі еді, жайлаудың таңғы таза ауасында дауыстары саңқылдап, күлкілері күншілік жердегі көлденең жұртты елең еткізердей. Үлкендер жағы қанжығасына жылы киім, сулық бөктеріп, қоржындарына ет, құрт-нан, қымыз салып алса, бәйгеден дәмелі балалар аттарына артық жүксіз салт мінген. Арғысы Шөлтекше мен Көкбұлақтан шыққан, жолай Шоңтас, Жасыбай, Екіаша жайлауларынан келіп қосылып жатқан кісі қарасы өте мол. Қалың аттың тұяқ дүбірі, көпшіліктің дабырласқан үні көңілге қанат бітіріп әркімді де желіктіре түседі. Жылқы жарықтық та құлағын елеңдетіп, ауыздығын сүзе алға ұмтылады. Басын қоя берсе, мал аяғы әлі толық тимеген, белуардан келіп жайқалып тұрған көк майсада балықтай жүзбек. Тек, олай етуге болмайды, ертең үлкен сынақ. Шаршатып алмау керек.
Саналуан тақырыпты қаузап, бірде сар желіп, бірде аяңмен түс ауа Кеген өзеніне жетіп жығылған қалың топ аттарын отқа қойды да ауқаттануға отырды. Күнде жеп жүрген тамақтары мен ішіп жүрген қымыздары мұндай дәмді болар ма? Табиғатта, көппен таласа жеген соң ба, екі кесе қымызбен тоқтай салатын бұл да тоқпан жілікті жеке мүжіді.
Үлкендердің айтуынша, биыл су мол. Жолай өздері басып өткен Кеңсу, Талды өзендері маусым айы орталанып қалса да арнасына түспепті. Кеген өзенін бірінші рет көріп тұр, жайылып-ақ жатыр екен. Өзінен біраз үлкені, әскерден келгені, мектеп бітіргені бар, мұндай алыс жолдардың біразын көріп үлгерген жігіттер ер-тұрманды сыпырып алып арқаларына байлады, шалбар, аяқ киімдерін шешіп мойындарына іліп алды. Бұл да солардан көргенін істеп, атының жалынан мықтап ұстап елмен бірге суға қойып кеткен. Ауыл маңында көл немесе баяу ағып жатқан өзен болмаған соң бұл өңірдің адамдары жүзе алмайтын. Ал таудан құлаған асау өзендер жүзуге келмейді, тек күн ыстықта таяздау жеріне бір-бір сүңгіп алғанның өзінде суығы тісіңді сақылдатып жібереді. Өзеннің өткел берер тұсының өзі терең екен, жылқылардың жоны мен сауырын толқын ұрып, баяу жүзіп келеді. Жаратылыстың қызығы мол ғой, мәселен, осы жылқыға, өздерімен ілесе шыққан иттерге жүзуді ешкім үйреткен жоқ. Тіпті, қыстаудан жайлауға көшкенде Шет Меркі мен Орта Меркі өзендерін кешіп өткенде қойға ілесе суға күмп беретін қозыларға дейін жүзе алады. Ал адамға үйретпесе, қазір-ақ батып кетеді. Өзінің ағасы да, қыстау мен жайлауда қатар отыратын қошқаршының баласы да солай суға кетіп, көз жұмды емес пе?..
Кеш бата межелі жерге жетіп жығылған малшылар айналадан ағаш, тезек жинап, үш, төрт жерден от жақты. Отты айнала отырып абыр-дабырмен кешкі астарын ішті. Сосын суытып қойған аттарын бір-біріне оралып қалмайтындай жырақтау апарып арқандап қайтты. Малды ауылда туып, бала күнінен төрт түлікпен бірге өсіп келе жатқан соң далада түнеу соншалықты таңсық емес. Дегенмен айлы түнге, жұлдызды аспанға, аққан жұлдызға қарап жату өзіне қатты ұнайды. «Осыншама жұлдыздың бірінде болмаса да, бірінде тіршілік бар шығар. Сол жақта мен сияқты бір бала бізге де қарап жатқан болар. Шіркін, жұлдыздарды араласа ғой. Ең болмаса, біреуіне барып көрсе…» деп армандаған кездері қаншама. Қазір де айналасындағы қорылдаған, пысылдаған, ұйқысырап сөйлеген малшылардың арасында жатып алып қиялына ерік берді.
Бұл дабырлаған дауыстан оянып кетті. Таң атып қалыпты, түнде аздап мұздаған еді, енді қараса, үстінде әкесінің шапаны жатыр. Өзі көрінбейді. Орнынан тұрды да, қоржыннан су алып жуынды. Сосын ноқтасын алып атына барды. Сағат онда бәйге басталады, соған дейін сақадай-сай тұру керек. Қара аты шығар күнге жүзін беріп, мүлгіп тұр екен. Мұның жүрісінен селт етіп, оқыранып қойды. «Қазір саған құрт жеуге болмайды, шөлдейсің. Мә, қант же», – деп, қалтасынан сәл кірлеген қант алып берді. Құлын күнінен қолға үйренген, түрлі тәттіні жей беретін қара аты күтірлетіп жеп алды да иесінің соңынан ерді. Байқаса, алдыңғы оң аяғын сылтып басып келеді. Мұның жүрегі шым ете қалды. Кеше жолай тастақ жерлер көп ұшырасқан, бұл неғұрлым қара топыраққа, көк шөпке салғанымен тасырқап қалған сияқты. Әкесіне кіжінді, жолай аттарының тағасын енді алып жатқан адамдарды көріп тіпті қапаланды. Келе қымыз ішіп отырған әкесіне сөйлей кірді: «Тағасын барған соң бір-ақ алайық», – деп айттым ғой сізге. Қараңыз, тасырқап қалыпты». «Қап! Тым асығыстық жасаппын-ау». «Әне, елдер енді алып жатыр. Қоржынға кемпірауыз бен балғаны сала салсақ болар еді ғой». Әкесі орнынан тұрып келіп аттың алдыңғы екі аяғын кезек қарады, қалтасынан бәкісін шығарып тұяғын қырды. «Сәл ауырсынып қалған ғой. Денесі қызған соң ұмытып кетеді». Бұл сөзі баласын сабырға шақыра алмады, қыстығып жүріп атының кешегіден қалған терін үкті, кекілі мен құйрығын түйіп, шүберекпен байлап жүрген әкесінің «Қазір шөлдейсің, қымыз ішіп ал» дегенін де елең қылмады.
Межелі уақыт келді. Бұлар ұйымдастырушыларға барып тіркеліп, тиісті нөмірлерін алды. Оны арқа мен кеудеге жақсылап байлады. Аламан бәйгеге тоқсан бір ат қатысады екен. Бұл өте көп. Өзі бұған дейін қатысып жүрген бәйгелерде, ең ұзаса, елу ат болатын. Атының аяғын ойлап бір, қатысушылардың молдығын ойлап екі уайым жеген баланың көңілі алаң еді. Көп ұзамай төрешінің даусы естілді. Ескі тәжірибемен бұл неғұрлым ең шетіне, жел жаққа тұруға тырысқан, бірақ ондай кәнігілер көп емес пе, осы беттегі аттардың қарасы мол екен. Әрқайсысы да шаң жақта қалып, атын барлықтырғысы жоқ, әркімнің де таза ауамен тыныстап еркін көсілгісі-ақ келеді. Ысқырық шар етіп, қызыл жалау жалт еткенде бәрі аттың басын қоя берді. Бір-бірін соға, үзеңгі қағыстырып, бірін-бірі барынша ығыстырып, тобықтан, тізеден соққы тиіп, атты ұрған болып бірін-бірі салып өтетін осы алғашқы сәт ауыр-ақ. Одан аман өткен соң бір айналымға жетпей аттардың арасы ажырай береді. Әйтсе де әр өңірден келген дәмелі тоқсан аттың көбесі бірден сөгілген жоқ, құйрық тістесіп үлкен шоғыр әлі бірге келеді. Бірін-бірі жел жаққа да шығарар емес, алға да аттатар емес. Бұл бұрынғыдай тізгінді жібермей жел жақты ғана ұстап отыратын әдетін бұзып атының басын бірден қоя берді. Ондағы ойы – қалың топтан қара үзіп барып, тізгінді қайта тарту. Құлын күнінен қолға үйренгенімен қара атта мінез жетеді. Мәселен, өмірі адам мінгестіріп көрген емес, шабына шоқ түскендей мөңкіп ала жөнеледі. Сосын жайшылықта ешқашан жайдақ мінгізбейді. Сондықтан денесі әбден қызып, екі, үш айналым өткенде барып, бұл тартпаны шешеді де жалға жармасып, тоқымды сыпырып тастайды. Сонда барып екеуі тұтасқан бір денеге айналып шыға келеді. Айналғаны сол, тізгінмен бұрмай-ақ керек жағына тақымын қысып, бойын бейімдесе, аты сол ыңғаймен көсіле береді. Әттең, бұл жолы олай болмады. Суырылып шыққан он бес шақты аттың жел жағын ала, қамшы басындағы орамалмен атының қабағын, көзін сүрткен бұл жалдан ұстап, тартпаны шешпек болып еді, бұрынғыдай тартып қалсаң, шешіліп кететіндей емес, оңай ажырамайтындай байланыпты. Ат терімен дымқылданған тартпа бірден шешіле қоймады, жарты айналым алысып, ызадан көзінен жас парлаған бала көзі бұлдырап келе жатып, тоқымды лақтырды. Кідірместен басындағы шытты алып көзін сүрте алдына қарағанда талай аттың басып озып кеткенін көріп тіпті солқылдады. Бұған дейін де шауып келе жатып көзінен талай жас парлаған. Бірақ оның жөні бөлек еді. Ол жас – ат мәреге жақындап қалғанда қалың нөпір «Аруақ», «Аруақ» деп айғайлағанда қара тырнағыңнан бастап шымырлап, тұлабойыңнан керемет бір сезім жүгіріп өткенде ағатын. Оның ғажап әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал қазіргі хәлі – қорланған хәл еді. Әкесіне деген өкпе-реніш еді. Талай бәйгеден келген тілсіз серігіне жасалған қиянат еді. «Егер тағасын ерте алмаса, екі аяқтан қалмас еді», «Егер тартпаны бұрынғыдай тартса, көш соңында қалмас еді». Қысқасы, бәйге бұйырмады.
«Тартпаны неге шиелеп тастағансыз?» – деді бұл солығын баса алмай. «Ат қарасы көп екен, жығылып қала ма? Ер-тоқыммен шаба берсін деп ем»… «Ері мойнына кетіп қалатынын білесіз ғой». «Бопты енді, сабаңа түс». Шаңнан көзі ғана жылтыраған, жасы бетінің бәрін айғыз қылған бала аттан секіріп түсті де қамыт сияқты болып қалған аяғын жаза алмай біраз отырды. Қаны қызып тұрған атты бірден тоқтатпай жетелей жөнелген әкесінің соңынан қарап, «Енді сіздің тіліңізді алмаспын» деп ойлады.
Бесін ауа той тарқады. Тізілген киіз үйлерді аралай дәм татқан, алтыбақан тепкен, үлкен сахнада жарыса ән айтқан өнерпаздарды, палуандар мен қой көтеруден жарысқан алыптарды тамашалаған малшылар бірін-бірі түгендесіп, қайтадан жолға шықты. Тек, мұның ғана қабағынан қар жауып келеді. Бәйгеден кейін қаңтарып қойған атының денесі суыған соң жағдайы тіпті болмай қалыпты. Бәріне өзі кінәлідей көзінен жас парлап тұр. Алдыңғы екі аяғын қорғанып басады. Алда әлі ұзақ жол бар. Тойлы ауылдан шыға бергенде желіккен жастар иесіз жатқан бір отар қойдың ішінен бақыртып бір тушаны ұстап алды да сол жерден бас-сирағын кесіп тастап көкпар тартып кетті. Бәрі қызынып, жанығып алған, жайлау-жайлауға бөлінді де қиқулап жөнелді. Бұл ғана әңгімеге берілген үлкендердің артынан ілбіп келеді. Аналарға ілесе шабайын десе, атын аяйды. Осы қара аттың арқасында бұл да талай көкпарға түскен. Рас, ана кеткен атпал азаматтар сияқты тақымдасып тартысып көрген емес, оған шамасы да жоқ. Дегенмен атының ұшқырлығының арқасында ағалары алып берген көкпарды талай алып қашқан. Соларға ілесіп, қолдан-қолға өтіп, жерге түсіп ат аяғында қалып әбден жентектелген көкпар етінен де талай дәм татқан. Амал қанша, бұл жолы ондай бақыт бұйырмады. Бар ойы, атын қинап алмай үйіне жету. Әкесі о баста аудан орталығындағы немерелеріне соғып, халдерін білуді көздеп шыққан. Жеме-жемге келгенде бұл қырсығып ілеспей қойды. Содан әкесі көрші қоныстанған үлкендерге табыстап кеткен. «Сені салмақ көрмейді, ақырындап жетіп алсаң, бір суытып қоя береміз. Әлі-ақ жазылып кетеді», – деген.
Жолда тас тіпті көбейіп кеткендей, ат кібіртіктей береді. Көп ұзамай түс ауа үйірілген бұлт қоюланып жаңбыр тамшылай бастады. Мұның көп кейін қалып қойғанын байқаған бір малшы: «Ұр қамшыны. Ештеңе етпейді» деп, атын кері бұрды да, желіп келіп, қамшысын сілтеп қалды. Бабында жүрген ат емес пе, ытырыла қозғалған жануар көпшілікке барып қосылғанымен баланың жаны шығып кетті. «Керек емес, өзі ақырын жүре берсін». «Ой, баламысың деген, мимырт жүріспен таңға жетпессің». «Мейлі». «Көз байланбай біраз жер ұтып алайық» дескен үлкендер мұны ортаға алып сар желіп отырды да асуға таяғанда қайтадан аяңға көшті. Бұл кезде жауын да үдеген. Желгенде білінбегенімен баяу жүргенде қара аттың жағдайы жақсы емес екені бірден байқалады. Тек, жанындағы аттарды қара тартып қалмауға тырысып келеді.
Қара ат – өздерінің мал басы санайтын торы биенің тұңғыш төлі. Көзі мөп-мөлдір, сүліктей қара құлынды бұл ғана емес, отбасының бәрі жақсы көрді. Жаздай бие байлап, қымыз ішетін әкесі осы құлынға ерекше ықыласы түсіп, желіге күні бойы қаңтарып қоймай, енесін екі, үш сауғаннан кейін ағытып жіберетін. Арда емгеннен бе, тұқымы жақсы ма, сүйегі ірі сұлу болып өсті. Тай күнінен үйретсе, басылып қалар деп, құнанында бір-ақ бастықтырған. Содан бастап бұл үстінен түскен емес. Сабаққа кетсе, қысқы, көктемгі, жазғы демалысқа дейін жан таппайды. Көліктің реті келе қалса, сенбі, жексенбі келіп кетеді. Ол құнан шыққанда бұл төртті аяқтап, беске көшкен. Міне, сол кезден бастап бәйгеге бірге қатысып жүр. Талай рет бірінші, екінші, үшінші келді, әйтеуір жүлдесіз қалған емес. Енді, міне, сонша тосқан облыстық додада ең болмаса алғашқы ондыққа іліге алмады.
Түнерген бұлттан ба кеш тез қоюланды. Жауын бәсеңдер емес. Жастар жағы жер жарықта-ақ қиқулап көзден бұлбұл ұшқан. Үлкендер де мұның кейіндеп қалғанына қараңғыда мән бермеді ме, дауыстары анда-санда талып естіледі. Қара ат тіпті жүруден қалғандай, аяғын санап басады. Бұл, амал жоқ, атынан түсті де жетекке алды. Сәл де болса жеңілдеп қалар деген үміті ғой. Осылай тағы біраз жүргенде әлдекімнің айғайлаған даусы мен аттың дүбірі келді құлаққа. Әкесімен қалжыңдасып жүретін көрші аға екен. «Ау, мұның не?» «Мүлде жүре алмай қалды». «Сонда жетектеп қашанғы жүрмексің? Мін, тасырқағаннан ат өлмейді. Енді алдымыз қара топырақ». «Жүре алмайды деймін. Обал ғой». «Ой, сен де. Онда маған мінгес, жетекке алайық». «Білесіз ғой, аға. Бұл жаяуға болмаса, атпен жетектеуге көнбейді ғой». «Өй, сен екеуің не қылған жансыңдар-ей. Онда осында тастайық, ертең әкең өзі тауып алады. Мына жауында тұрамыз ба өстіп». «Қасқыр жеп кетпей ме?» «Қайдағы қасқыр? Қасқырдың бәрі қазір тоқ, қыстың көзі қырау болса бір жөн». Солай олар аттың бар әбзелін сыпырып алды да жол шетіне жинап қойып, мінгескен қалпы жайлауға тартып отырды.
Ертесі кешке әкесі келді. Жай-жапсарды естіді. «Е, аяғын ала алмай қалса, дұрыс істеген екенсіңдер. Бір, екі күн тынықсын, сосын өзі келер. Болмаса сол жерден көп ұзамас, барып алып келерміз».
Қара ат сол күйі келмеді. Әкесі мен көршісі екі күн қатарынан іздеп таба алмай қайтты. «Қасқыр жеп кетті», – деді бұл. «Қазір қасқыр етекке түспейді», – деді көрші аға. «Біреу-міреу мініп кетті ме екен қызығып», – деді шешесі. «Жүре алмай тұрған атты қалай мінеді? Оның үстіне ер-тоқымды қойған жерден таптық», – деді әкесі…
Бұл жан дегенде жалғыз ағасы қайтыс болғанда да бұлай жыламаған болар. Әлде ол кезде өлімнің салмағын сезінбеді ме екен…
ҚОШ…
(әңгіме)
Ол жанын қоярға жер таба алар емес. Қолын бір сілтеп тұрып кетер шамасы тағы жоқ. Үшеуінің бейнесі кезек алмасып, көз алдына келген сайын демі жетпей қыстыға түседі…
Қара суығы сүйегіңнен өтетін, кейде жапырағы толық түсіп болмаған тал-теректі соңғы жылуына шомылдырып, айналаны маужыратып қоятын қараша айында Қадір досы дүниеге келген. Студент үшін бұл таптырмас себеп емес пе? Абай мен Шапаев көшелерінің қиылысындағы төртінші жатақханадан Жәудірді алып, Мұхит көк базарға қарай тартты. Бұған дейін де талай бас қосқан кафелерінде үш қыз, үш жігіт тойды бастап кеткен екен, жаңа қонақтар үшін Қадір бәрін қайта таныстырып шықты. Үш қыз биология факультетінің студенті, екі жігіт осы базардағы тексерушілер екен. «Түсінікті. Досы сияқты ақша бопсалаушылар», – деді ішінен Мұхит.
– Ал, мынау менің бала күннен бірге өскен досым – Мұхит! Осы қалада тағы бір досым бар еді, құттықтауға жарамады, ит…
– Жарайды, қайтесің?.. – деді Мұхит.
– Жанындағы…
– Жәудір!
– Аа, иә, Жәудір! Сонымен, бастайық. Бір-бірімізден қысылмаймыз, емін-еркін ішіп-жейміз! Бүгін не істейміз десеңдер де рұқсат!
Дуылдай орнынан тұрған жастар стақан соғыстырып, бір-біріне басыртқы ұсынып, абыр-сабыр болып жатқанда орнына енді жайғасқан Мұхиттың құлағына: «Сен ішпеуші едің ғой?» – деп сыбырлады Жәудір. «Бүгін болады. Алаңдама», – деді ол. Танысқандарына көп болмаған, алғашқы күні-ақ ернінен сүйіп алған, «Оқуымды аяқтағанша махаббат, ғашықтық дегенді ойламаймын» деген шешімін тас-талқан еткен жігіттің жанында отыра бере ме, троллейбус тоқтап қалмай тұрғанда бөлмесіне жетіп алғаны жөн бе еді?.. Қалайын десе, сүзетін бұқадай көздері қанталаған қазанбас үш жігіттің өңі сұсты. Кетейін десе, еріп келген жігіті тым сабырлы, тым жайбарақат. Өзінен бір курс төмен оқитын болып шыққан үш қыз бәрімен ертеден таныс па, шараптан ұрттап, әңгімеге ынты-шынтыларымен араласып отыр. Осындай ырду-дырдумен арада екі-үш сағат өткенде Қадір:
– Бүгін ешкім ешқайда кетпейді. Бәріміз пәтерге барамыз, сендер үшін жайылған дастарқан күтіп тұр, – деді.
Мүмкін осы бір оңтайлы тұс шығар деп: «Біз жүре берейікші», – деді Жәудір. «Қадірден ұят болады. Сәл шыдайық», – деді Мұхит. «Жатақхана жабылып қалады ғой». «Далаға қонсақ та жанымда бол! Онсыз да Беріктің келмегеніне ренжіп отыр, біз кетіп қалсақ, жанындағылардың табасына қалар». Осымен сөз тәмам болып, екі-екіден жұптасқан топтың артынан бұлар да баяу аяңдады. Жылы жерден шыққан Жәудір бойын тоңазытқан суыққа шыдамай Мұхитқа тығыла түскен. Пәтер көп алыс емес екен, Абылайхан даңғылының бойындағы үйлердің төртінші қабатындағы үш бөлме – хан сарайындай. Рас, темекі мен тердің иісі білінеді. Мүмкін бұл ішімдік ішпеген Жәудірге ғана білінген болар, қалғаны сырт киімдерін диванға лақтыра-лақтыра салып, қолдарын жумастан үстелге жайғасты. Түрлі тілектің, әр бағыттағы әңгіменің соңы кафеден кәдімгідей қызып шыққан жастардың әр кездегі ерліктеріне ұласты. «Мен өткенде ет сататын жақта кісі болып жүретін Ермек братанды бауыздап тастай жаздадым. Қашып әрең құтылды, содан бері базарға жолаған емес», – деді құлағы мыж-тыж қара. «Ол ештеңе емес, өткенде «Саяхаттың» жігіттерін пистолетпен қуғанымызды айтсаңшы», – деді екінші қара. «Иә, иә. Бет-бетімен кетті ғой». Әр сөзге бәрі дуылдай күледі. «Күлдіргі әңгіме айтып отырғандай бұлары несі?» деп ойлады Жәудір. «Менің ағам да спортсмен, денешынықтыру институтын бітірген», – деді осы кезде бір қыз. «Қашан бітірді?» «Былтыр». «Кім деген? Қай жақтан? Ол жерде оқитын дұрыс жігіттердің бәрін білеміз ғой біз». Қыз айтқан оқу орнының атын, факультетті мазаққа айналдырған жігіттер даурығып үйді бастарына көтеріп жіберді.
– Мақтаншақтар, – деді қыз. – Қазір ағаларымды ертіп келсем, бұттарыңа жіберіп қоясыңдар ғой.
– Кіміңді ертіп келсең де бәрібір. Шақыршы ал, – деді бірінші қара.
– Өзіңмен қосып қойып сорлатамыз, – деп қарқылдай күлді екіншісі.
– Жігіттер, қыздар, қане, басқа тақырыпқа ауысайық. Мен үшін тынышталыңдаршы, – деді Қадір, масаң тартқан жүзін қалпына келтіргісі келді ме, екі бетін кезек шапақтап.
– Алдымен достарыңа ие бол!
– Ие болатындай біз саған малмыз ба?
– Малдан ары болып кеттіңдер ғой, ауыздарыңа келгенді айтып!
Осы кезде терезе жақта отырған дәу қара дастарқанда тұрған арақты алып жылу құбырына бір ұрып шақты да қолында қалған жартысын қыздың бетіне тақады.
– Сен бізді мал дедің бе?
Үш қыз шырқырап бұрышқа тығылғанда Қадір мен Мұхит екі жақтап дәу қарадан бөтелкенің сынығын алды. «Мына жерді сыпырып алыңдаршы, біреудің табанына кірер, – деп, өздері балконға шығып кеткен жігіттер көп ұзамай қайта оралды да, дәу қара қыздарға қолын созды: «Кешіріңіздер, менікі дұрыс болмапты». Үркектей басып жақындаған жаңағы қыз да: «Мен де қызбаланып кетіппін, айып етпеңіздер», – деді.
– Міне, енді бәрі жөнге келді. Ренжіспей тату-тәтті отырайық, ертең естіген елден ұят емес пе? Қане, стақандарыңды ұстаңдар, – деп, Қадір қайтадан орнына жайғасқанда…
– Мен жалығып кеттім, – деді Жәудір.
– Онда оңашаға шығайық, – деген Мұхит: – Жігіттер, қыздар, рұқсат болса, біз сәл тынығып алайық, – деп орнынан тұрды.
– Әй, жастар-ай, шыдамай бара жатырсыңдар, ә? – деген Қадірдің сөзін іліп әкетіп бәрі тағы дарылдай күліп жатты.
Оңаша жатын бөлмеге кірген бойда өз үйінде жүргендей Мұхит жейдесі мен шалбарын шешіп тастады. «Мұның не?» «Ыстықтап кеттім, оның үстіне, қыры сынбасын дегенім ғой». «Біреу кіріп қалса ше?» «Кім кіреді? Алаңдасаң, кілттей салайын». Ол барып есікті ішінен бекітті де қызды бауырына тартты. Ұзақ құшақтап тұрды, маңдайынан, бетінен, тағы да ернінен, бұл жолы ұзақ сүйді. Құрбыларынан естігені болмаса, мұндайдан мүлде хабары жоқ Жәудір талықсып бара жатты. Жігіттің кереуетке әкелгеніне, өзімен бірге қисайғанына, өрекпіген кеудесін бар салмағымен жаныштай құлағанына назар аударар шамасы қалмағандай. Тұлабойын балқытқан өзгеше сезім қаншаға созылғанын бағамдап үлгермеді, келесі бөлмеден тағы шу шықты. Қыздар бақырды, әсіресе біреуінің дауысы ерекше ащы екен. Ыдыс сынды ма, үстел құлады ма, жігіттер өзара, әлде қыздармен боқтасты ма, у-шу. Бұл лезде бойын жиып алғанымен Мұхит ештеңеге көңіл аударар емес. Осы кезде шыңғырып келген бір қыз бұлардың есігін дамылсыз соға бастады. «Ашыңдар есікті, қалай шыдап жатсыңдар?»
– Қанды ішті-ау мыналар, – деді Мұхит. – Сен алаңдамай жата бер, мен қазір.
– Киіміңді кисеңші, – деген Жәудірдің сөзін елең қылмастан есікті жұлқа ашқан Мұхит:
– Ит екенсіңдер ғой, – деп айғай салды. Алдында тұрған қызды итеріп жіберіп, – Айналдырған алтауың дұрыстап отыра алмайсыңдар ма? Қадір, кімдермен араласып жүрсің, кімдерді шақырғансың? Қадірің қалмаған ба расымен?
– Өй, сен кімсің, ей, бізге өйтіп сөйлейтін? – деп, дәу қара ұмтылып еді, Қадір қолынан ұстап артқа қарай сілкіп қалды.
– Не болған мыналардың түрлеріне? Жәймен сөйлесуге болмай ма? Әлде ертең сотталып кеткелі жүрсіңдер ме?
– Сотталады. Көресіңдер осыдан! – деді мана дастарқанда шатақтасқан қыз. Бірдеңе тиген бе, жығылған ба, шекесінен аққан қан сулықтың сыртына шығып кетіпті.
– Өз аяқтарыңмен келіп алып сендер неменеге әртіс болып жүрсіңдер? Киініңдер де жоғалыңдар!
– Анау алдымен киімдерімізді берсін, есікті ішінен жауып алып бізді шығармай жатыр, – деді екінші қыз. Оның жейдесі жыртылыпты. Үшеуі қасқырдан үріккен қойдай сыртқы есікке арқаларын беріп, бір-біріне тығылысып алған.
– Бір қыздың тілін таба алмай жұдырықпен қорқытпақсыңдар ма? Бер киімдерін!
– Сен кімсің, ей, бізге бұйрық беретін? – деді дәу қара тағы да алға ұмтылып.
– Тыныш! – деді Қадір.
Мұхит состиып тұрған үш жігітті киіп өтіп диванда жатқан киімдерді алды да қыздарға қарай лақтырып жіберді.
– Кілт қайда?
Екінші қара қалтасынан кілтті алды.
– Ақыры адам сияқты отыра алмайды екенсіңдер, біріңді бірің өлтіріп қоймай тұрғанда қайқайыңдар, – деп, асығыс киініп жатқан үш қызды итеріп шығарып жіберді. – Қадір-ау, бала болып кеттіңдер ме?
– Ой, әкесінің, қойшы болды. Жүр, жүз грамм тартып жіберейік.
Төртеуі дастарқан басына қайта келіп жайғасты.
– Анау менің бір жылдан бері ертіп жүрген қызым ғой, ақшасы таусылса, жүгіріп келетін. Екіншісін мынау айналдырып жүрген.
– Бағана шу шығарғаны ше?
– Онымен бүгін ғана таныстық. Тып-тыныш жатып қалайық десек, кетем-кетем деп екі қызды айнытып.
– Мен бұлай тып-тыныш жата алмаймын, ей, – деді дәу қара.
– Енді не істемексің?
–Көшеден болса да қыз әкелейік! Сағат жаңадан он екіден кетті, мұнда босқа не істейміз?
– Мен бармаймын, ұйықтаймын, – деді екінші қара.
– Мұха, онда өздерің отыра беріңдер, біз қазір келеміз. Айтпақшы, қызың ренжіп жатқан жоқ па? – деді Қадір Мұхитты құшақтап.
– Жоға, бәрі дұрыс!
Екі жігіт шығып кеткен соң Мұхит бөлмеге келді. Жәудір төсектің шетінде отыр екен, сырт киімін киіп алыпты. «Қайда жиналдың?» «Кетейікші!» «Бәрі ретке келді. Қыздар жатақханасына қайтты. Жігіттер өздерімен-өздері. Енді қорқатын ештеңе жоқ әрі жарым түнде қайда барамыз?» Жігіт қызды қайта шешіндіріп, төсекке жантайды. «Бұларды бұрыннан танисың ба?» «Бағана Қадір айтты ғой, біз кішкентайымыздан үш бала бірге өстік. Ауылдағы тентек балалар не істейді, әй, соның бәрін артығымен істедік-ау, шамасы. «Мына жүрістеріңмен ажалдарың кісі қолынан болады-ау», – дейтін Беріктің шешесі. Қадірдің әкесі: «Ауылды өртеп жібермей тұрғанда қалаға кеткендерің абырой болды», – деуші еді. Мен ғой оқуға түсіп, бұлардан аз да болса қол үздім. Қадір мен Берік әлі басылар емес. Қалған екі жігітпен базарға барғанда амандасқанымыз болмаса, бүгін ғана дастарқандас болып отырмын». «Түрлері неткен суық». «Сол түрлері ғой оларға ақша тауып беріп жүрген». «Саған боқтық сөз мүлде жараспайды екен». «Мұндай ортада өйтіп сөйлемесең, сөз ұқпайды. Мәдени сөйлейтіндері, сөз түсінетіндері бұлардан жоғары отырғандары ғой».
Сыртқы есіктің ашылғаны, екі жігіттің дарылдай күлгені, сөйлегені жұқа қабырғадан анық естіліп тұр. «Қыздың даусы шыққандай болды. Жаңағылар емес пе?» – деді Жәудір. «Олар енді келе қоймас, бірінің басы жарылыпты, екіншісінің киімі жыртылған». «Зорламақ болған ба сонда?» «Білмеймін ғой, өзі есіктің қырына соғып алды дейді». «Масқара, қайда тап болдық?» «Уайымдама, бәрі дұрыс!» «Мен шөлдедім». «Қазір әкеліп берем. Кім келгенін де көре қайтайын». Мұхит орнынан тұрып, дастарқан жасалған бөлмеге өтті. Екі қара ішіп отыр екен. «Қадір кіріп кетті ме?» «Иә». «Біреуін ғана әкелдіңдер ме?» «Табылғаны сол болды». «Кезектің соңы кім?» «Мә, бауырым, сенің орныңда болсам, жанымда анандай қыз жүрсе, мынандай жерден мың шақырым аулақ жүрер едім», – деді екінші қара. «Мен досымды құттықтауға келдім». «Жалпы, кезектің соңы кім дегеніңе айтқаным ғой». «А-а, ол қалжың ғой. Су алып кетейін, қандай қыз келді екен көрейін деп шықтым», – деп күлген Мұхит екінші жатын бөлменің есігін ашты. «Жап, ей, әкеңнің». «Оу, мен ғой, не болды сонша айғайлап?» «Кет, әкеңнің. Саған өстіп кіріп барса, жақсы ма?» «Болды, болды, шықтым. Талғамыңды көрейін дегенім ғой». Алақандарын сарт соққан достардың бірі жарықты сөндіріп іште қалып, екіншісі суын көтеріп бөлмесіне кетті. «Қанша қыз келіпті?» «Біреу-ақ». «Не жеп шөлдедім?» «Мені айтсаңшы, саған неге сонша шөлдедім?» «Өтірік!» «Не өтірік?» «Менімен танысар күні сен отырысқа басқа қызбен келдің емес пе?» «Дос қыздар ғой». «Қойшы.., жабысып жүр едіңдер ғой». «Есесіне, мен сені таңдадым. Тура сол күні таңда автобусқа мінерде ерніңнен сүйгенім есіңде шығар?» «Мен байқамай қалдым». «Байқамасаң да қарсы болмадың». «Сасқалақтап қалдым, аялдамадағы адамдардан қысылып».
Осы кезде көрші бөлмеден үшінші адамды өте ыңғайсыз жағдайға қалдыратын дауыс шыға бастады. «Мә, мені сыйласаң, кетейікші бұл жерден! Мынау енді шектен шығу ғой», – деді Жәудір, танысқалы бірінші рет Мұхиттың кеудесінен итеріп. «Жарайды, киінейік». Екеуі жарықты жағып, киім-кешектерін түгендеп алған соң ешкіммен қоштаспастан сыртқа беттеді. Шаруасын аяқтады ма, әлде кетіп бара жатқандарын естіп қалды ма, Қадір қуа шығыпты. Жалаң кеудесімен баспалдақтың сүйеуішіне артылып, төмен түсіп бара жатқан бұлардың артынан:
– Мұхит, қайда бара жатырсыңдар? – деді дауыстап.
– Біз қайтайық. Кеш болып кетті.
– Жарым түнде қаңғымай жата салсаңдаршы. Сендерге ешкім тиісіп жатқан жоқ қой.
– Рақмет көңіліңе. Ертең сабақ. Бөлмеге барып демалайық.
– Ақшаң бар ма?
– Бар.
– Мынаны да алып алшы, артық болмайды.
– Керегі жоқ деймін.
– Ренжіп бара жатсың, иә?
– Жоға, жынды ма? Ал, сау бол!
Дәлізді басына көтере жауаптасқан екеу осылай қоштасты. Бұлар далаға шыққанда көшеде ешкім жоқ еді. Үлкен көшенің өзінен көлік сирек өтіп жатыр. «Енді не істейміз?» – деді Жәудір. «Сен біздің үшіншімен де танысып үлгеретін сияқтысың бүгін», – деп күлді Мұхит. «Бағана айтқан Берік деген достарыңмен бе?» «Тап өзі! Арамызда үйі бары сол ғана. Не де болса, сонда барып жығылайық». «Ұят емес пе жарым түнде?» «Еш ұяты жоқ. Әпкесі екеуі ғана тұрады. Басқа барар жеріміз бар ма?» Мұхит қалтасындағы бар ақшаға Бірінші вокзал жақтағы досының үйіне такси ұстады. Далада жаурап біраз тұрып қалған жастар көліктің артында біріне бірі тығыла түсіп, ойларына ерік берген. «Жаңа үйде өзге ешкім болмаса, қарсы болмас па еді?» дейді жігіттің ойы. «Екінші рет кездесе салып, мына жүрісіме жол болсын. Не ойлады екен мен туралы?» дейді қыз ойы. «Сүйісе алмайды. Денесіне қол тимеген. Дірілдеп, өзінен-өзі шошынып тұр. «Ернімнен алғаш сүйген сен», – дегені рас-ау». «Өткенде бір қызбен келді. Достары тым біртүрлі. Бұл өзі не қылған адам?» Оймен айтысқан екеу діттеген жерлерінен түсіп, аласа шарбақпен қоршалған жер үйдің алдына келді. «Сен осында тұра тұр, мен терезесін қағайын», – деген Мұхит қақпадан секіріп түсіп көрінбей кетті. Сәлден соң дәліздің жарығы жанды. Кеудесіне ақ желең жамылған толықша жігіт сыртқа шығып, екеуі құшақтаса амандасты. Түрлері анық көрінбегенімен дауыстары тымық түнде жақсы естіліп тұр. «Мә, ауылдан әке-шешем, туыстар келген. Өзіміз сыймай жатырмыз», – дейді ол. «Далада қалдық. Дәлізге болса да бірдеңе төсеп бер», – дейді Мұхит. «Жалғыз болсаң, бір жөн. Әке-шешеме жанындағы кім деп айтам? Сенің үйленбегеніңді бәрі біледі, ертең өсекке қаласың ғой, досым». «Онда қайтар жолға ақша тауып бер. Жатақхана ашылғанша далада жүрсек те өлмеспіз». «Қазір». Мұхиттың досы ішке кіріп кетті де көп айналмай қайта шықты. «Мә, Мұха, сенен қатты ұят болды». «Ақша жоқ демеші енді». «Бар ғой. Бірақ бүтін екі мыңдық қана екен. Оны қалай берем деп әпкем ренжіп жатыр». «Ой, әпкеңмен қоса құрышы», – деп, Мұхит қақпаға қарай тартты. «Олай сөйлемесеңші, ей, мені де түсінсеңші, ей», – деп соңынан ерген досына мойын бұрмастан қақпаны тарс еткізген Мұхит: «Кеттік», – деген жалғыз ауыз сөз айтып жүріп кетті. «Екі мыңдықтың енді шығып жатқаны, әлі көпшіліктің қолына тие қоймағаны рас. Бірақ бөтен емес қой. «Түн ортасында қысылып қалыпсың, таксиден қалғанын ертең әкеліп бер» десе, мен бір жаққа қашып кетем бе?»
– Ендігі жоспарымыз қандай? – деді қатарласа берген Жәудір.
– Құдай екі аяққа күш-қуат берсін, – деді Мұхит.
– Ақша алмай студенттік билетпен шығып кетіп ем…
– И, күнім, неге өйттің?
– Білмедім ғой.
– Мен де білмедім. Талайдан сырғақтап, Қадір екеумізден бойын алып қашып жүр еді, бүгін шын бейнесін көрсетті. Әке-шешеңе сәлем берем деп үйіне кіріп барсам да болатын еді, қойшы дедім.
– Расымен-ақ, екі мыңнан басқа ақшалары болмай қалған шығар.
– Мүмкін…
– Бағана Қадір берем деп тұрғанда неге алмадың?
– Бұлай боларын кім ойлаған, осында қонамыз деп сенімді келдім ғой. Тоңған жоқсың ба?
– Жоқ.
Олар көше бойлап орталыққа қарай жүріп келеді. Кей көшеде жарық мүлде жоқ. Жандарынан өткен бір-екі көлікке қол көтеріп көрген, аялдамады. Шағын көшелерді жалғап жатқан үлкен даңғылға жақындап қалғанда, «Оу, бауырым!» – деген дауыс шықты. Оқыстан шыққан дауысқа селк ете қалған екеуі жалт қарап еді, теректер арасынан екі жігіт шығып келеді екен. «Сен алдыға жүре бер», – деді Мұхит. «Сен ше?» «Мен қуып жетем. Ана үлкен көшеге қарай тарт». «Сенсіз кетпеймін». «Туу, қуып жетем деймін», – деген Мұхит қалтасындағы бәкісін бір сипап қойып Жәудірден екі-үш адым кері шегінді.
– Қайдан келесіңдер? – деді амандықтан кейін қасқабас аласа бойлысы.
– Досымның үйінен.
– Қайда бет алдыңдар?
– Жатақханаға…
– Мүмкін қонақ үйге шығар?
– Рас айтам, жатақханаға бара жатырмыз.
– Қай жердегі?
– Абай мен Шапаевтың қиылысындағы.
– Сол жерде оқисыңдар ма?
– Қызым сонда оқиды. Өзім ҚазҰУдемін.
– А-а, қызың ба? Жөн, жөн! Темекің бар ма?
– Жоқ, шекпеймін.
– Сонда мына жақтан орталыққа жаяу бармақсыңдар ма?
– Амал қанша? Ақшамыз таусылып қалды.
– Ақшаң жоқ екенін әдемі жеткіздің, бауырым. Дұрыс! Онда түнгі үште не түлен түртті досыңның үйіне қона салмай?
– Қонағы бар екен…
– Қонағы бар емес, саған деген пейілі жоқ-ау!
– Ол да мүмкін…
– Мүмкін емес, тап солай! Пейілі болса, қызыңмен далада қаңғытпай өз орнына болса да жатқызар еді. Сен біздің заманның қандай болғанын білесің бе?
– Жоқ…
– Біздің заманда қызбен келе жатқан жігітке ешқашан тиіспейтін. Жалғызға шиебөріше жабылмайтын. Досын өмірі жолға тастамайтын. Қазір сендерде ешқандай жігіттік жоқ. Міне, мына жүрісің соның бір дәлелі! Ал енді бар, қызың жаурап қалды.
– Рақмет, сау болыңыздар!
Жүрегі дүрсілдеп жүгіріп келе жатқан Мұхит артына қарамауға, тезірек алыстап кетуге тырысты. Жәудірді асығыс қолтықтап сүйрегендей дедектете жөнелді. «Олар жаңағы орнында әлі тұр ғой», – деді қыз. «Қуа қоймас», – деді жігіт. «Не дейді?» «Қонақ үй іздеп жүрсіңдер ме?» – дейді». «Оны бізге кім береді демедің бе?» Екеуі сықылықтай күлді де «Біткен жеріміз осы болды-ау» деп ойлаған маңнан аман-сау ұзай берді. Титықтап, аяқтары талып, өкшелері қажалып, ауыздары құрғап жатақханаға жеткенде сағат таңғы жетіден асқан еді.
– Ішке кірейік, астына өзім айтам. Күндіз кіргізеді ғой, – деді қыз.
– Жоқ, не де болса бөлмеге барып бір-ақ құлайын, – деді жігіт.
– Ең болмаса, су ішіп алсаңшы. Қаталап қалдық қой.
– Кірсем, шыққым келмей қалар. Кетейін.
– Шыққың келмесе, демалып аласың. Сәлден кейін қыздар сабағына кетеді емес пе?
– Сен ше?
– Оқудан шығарып жіберем десе де бүгін барар шамам жоқ, – деп күлді қыз.
– Онда алаңсыз демала ғой. Саған қатты ризамын, – деп, жігіт қыздың бетінен сүйді де жүріп кетті. Бұрылысқа жеткенде артына қарап еді, Жәудір әлі сол орнында тұр екен. Мұхиттың бұрылғанын көріп, жылдам басып ішке беттеді.
Арада үш-төрт күн өткенде Мұхит Қадірді іздеп барды. Туған күннің соңы не болғанын білмек, сыралатып біраз отырмақ. «Үш жігіт ауруханада жатыр», – деді, Қадірлермен бірге жүретін, алғашқы ұшырасқан жігіт. «Ауруханада жатқаны несі?» «Кім біледі? Біреулермен байланысқан ба, оңдырмапты». «Қай аурухана?» «Қаскелеңдегі». Мекен-жайын толық жазып алған Мұхит салып-ұрып Қадір жатқан екі кісілік палатадан бір-ақ шықты. «А-а, келдің бе?» – деп, күле қарсы алды ол. Жанында жасы үлкен бір кісі бар екен. Аласа үстелде ашылған коньяк, шоколад, тауық еті мен нан жатыр. Сөзге келмей бір-бір стақаннан тартып алған соң: «Кімдермен ілінісіп жүрсіңдер, сол түні болған жағдай ма?» – деді Мұхит. «Иә, сол түні. Сен боқтап шығарып жіберген үш қыз есіңде ме?». «Не болды?» «Сендер кеткен соң бір сағат болды ма, болмады ма, есік қағылды. Е, Мұхиттар қайтып келген екен ғой» деп, алаңсыз барып ашып қалсам, көзім жарқ ете қалды. Он шақты жігіт-ау деймін, үшеуміздің басымызға секірді ғой». «Оһ, әкеңнің. Сонда аналардың ағалары болды ғой». «Кім біледі? Ағалары ма, байлары ма? Ана қыздың тым шәңкілдеп отырғаны ұнамап еді»… «Мұнда қайдан тап болдыңдар?» «Есімізді жиып пәтерді беретін қатынның үйіне звондадық. Ол жігіттерді шақырып келді. Жігіттер осы жерді тауыпты. Содан сүйектің сырқырағаны білінбесін деп, коньяктан ұрттап қойып жатырмыз». «Кімдер екені анықталды ма?» «Анықталады ғой, қайда барады? Әбден жазылып шыққанша қоя тұрыңдар дедім. Сосын дұрыстап сөйлесеміз ғой». «Ана екеуі қайда?» «Біреуі жансақтау бөлімінде деп еді, кеше палатаға шығарыпты. Екіншісі келесіде жатыр». Мұхит коньяк құйды: «Мынауыңа ешкім ештеңе демей ме?» «Ой, ақшасын берсең, системамен құяйын деп тұр ғой». Екеуі бір күліп алды да стақан соғыстырды. «Бүгін сәрсенбі ме, айтуларына қарағанда, келесі апта мені шығарады. Көлік тауып, Берік екеуің әкетсеңдер. Өзіме-өзім келіп алғанша жігіттер қайда орналасқанымды білмей-ақ қойсын. Ұят шығар». «Болды, ол жағын реттейміз ғой». Біраз отырған соң Мұхит қалаға келіп, Берікке жолықты. «Өткендегіге ренжіме. Расымен үйде ине шаншар жер болмады». «Екі мың жайында мүлде ештеңе айтпай-ақ қойшы», – деді Мұхит. «Қалай жеттіңдер?» «Көріп тұрсың ғой, аманмын». «Болды, қойшы енді. Көлікті өзім табайын. Қай жерде, қаншада жолығамыз? Соны айт». Олар уақытын белгілеген соң бұл Жәудірге тартты. «Өзім де бүгін келетін шығар деп ойлап ем»… «Түс көрдің бе?» «Жоға. Білмеймін, сондай бір сезім болды». «Сезіміңнен сол. Не істедің бүгін?» «Таңмен тұрып сабаққа бардым. Үш пардан соң қыздармен шай ішіп алып, Ұлттық кітапханада отырдым. Одан шықтым да «Абайдың» бойымен жатақханаға дейін жаяу келдім. Сол кезде ғой, өткенде жер-дүниені жаяу кезгеніміз есіме түсіп, «Бүгін келер ме екен?» деп ойлағаным». «Міне, келдім». «Көріп тұрмын», – деп сықылықтады қыз. «Өзің не істедің?» Мұхит бүгінгі жағдайды айтып бергенде, «Сол кезде біз кетіп қалмасақ, не болар еді?» – деді шошына. «Сен періштесің ғой. Бізді періште қақты». «Рас айтам, қалжыңға бұрмашы». «Ойлаудың өзі қиын. Мені қойшы, достарыммен бірге қан-жоса болып жатармын есімнен танып. Одан арғысын ойлаудың өзі қорқынышты». «Енді бармаспын ондай жерлеріңе», – деді Жәудір даусы дірілдеп. «Енді өзім де апармаспын ондай жерлерге». «Сен де бармашы, көрдің ғой не болғанын». «Мұның бәрі Қадірдің жанындағы екі топастың кесірі. Солар түзу отырса, ондай ештеңе болмайтын еді. Біз де табанымыздан тозып далада жүрмес едік. Жолда кездескен екі жігіттің өзі Құдайға қараған жандар екен. Болмаса, сол жерде-ақ арандар ма едік». «Иә, Құдай сақтады». «Бүгін Әуезовте «Қош, махаббат» бар екен. Көреміз бе?» «Неге «Қош, махаббатты» таңдадың?» «Мен таңдамадым, жаңа жанынан өтіп бара жатқанда байқап қалдым». «Жарайды, онда киініп шығайын. Айтпақшы, бір өтінішім бар!» «Айта ғой». «Орындайсың ғой. Ол сондай қиын да емес». «Орындасам, ол өтініш емес, бұйрық болып кетеді ғой. Алдымен айтсаңшы». «Қадірді шығарып алуға мен де барайыншы». «Онда не істейсің?» «Білмеймін, барғым келіп тұр. Қанша дәу болса да, қанша қорқынышты болса да саған бір ауыз сөйлемеді ғой. Соған қатты ішім жылып қалды». Жігіт қарқылдай күлді. «Сонда маған не істеуі керек еді?» «Жанындағы екеуін қабағымен-ақ бағып отыр». «Олар – жандайшаптар. Біз – бауырлармыз. Ұқтың ба? Ал, енді бар». «Өтінішім ше?» «Ішің жылыса, барғаның жөн. Ол да риза болып қалсын».
Межелі күні Берік көлікті өзі айдап келді.
– Бірге жүрген жігіт қой. «Адам санын көбейтіп қайтем?» деп, кілтті қолыма ұстатты. Оның үстіне, үйінде шаруасы бар екен.
– Танысып қой, өткенде үйіңе кіргізбей қойған қыз – осы.
– Мұха, бетіме баса бермеші. Қарындас, айып етпе, солай болып қалды.
– Жоқ, еш айыбы жоқ.
– Айыбы бар! Қазір жолдан Қадір екеумізге сыра, Жәудірге балмұздақ, әлде торт дұрыс па?
– Жоқ, маған ештеңенің керегі жоқ.
– Сырамен, тортпен құтылсам, жазам жеңіл екен! Мен Қаскелеңнің ішін онша білмеймін, жолды айтып отырарсың.
Үшеуі Қадірдің палатасына келіп, заттарын жинады да, медбике дайындаған қоларбаға достарын абайлап отырғызып, көлікке алып келді. Алдыңғы орындықты аяғына кедергі келмейтіндей артқа жақсылап сырғытып, дұрыстап жайғастырды. Медбикенің қалтасына әлдене салып үлгерген Берік ауруханадан сәл ұзаған соң дүкеннің алдына тоқтап:
– Өмірге қайта келуіңмен, бауырым! Сыра дұрыс па, әлде жүз грамм көресіңдер ме? – деді.
– Мына суықта жүз грамың-ақ жөн шығар.
– Жәудір…
– Маған ештеңе керек емес…
– Балмұздақ жесең, мұздайсың. Торттың түрін айтшы.
– Айт, қысылмай. Бөтен ешкім жоқ мұнда. Ертең-ақ осыларға шай құйып беріп отырасың.
– «Снежок» деген торт ұнайды.
– Болды, бір минут!
Жәудірге ашылмаған тортты қасығымен, тәтті сусынымен, жігіттерге ішімдікті басыртқысымен алып келген Берік екі стақанға мелдектете құйды да: «Ал, тартып жіберіңдер. Мен үйге барған соң бір-ақ қосылайын», – деді. Бір ащыланып алып, жолға түскен олар әр нені әңгіме қылып қалаға қарай тартып келеді. «Жалғыз көзді дию сияқты құбыжық болсаң да Жәудірге ұнап қалыпсың. «Мен де барайыншы» деп, бүгін өзіңе арнайы келді». «А-а, мына сөзің қандай жағымды. Тағы айтшы», – деп, үшеуі біраз күліп алды. «Рас, сіз қанша мас болсаңыз да достарыңыз сияқты дарақыланбайды екенсіз». «Көп рақмет! Сендер бірдеңеге арандап қалмады ма? Бөлмелеріне жете алды ма? деп ойлап ем, кетіп қалғандарың абырой болыпты».
– Ей, мынау қайтеді, – дегенше болған жоқ, қарсы бағыттағы жолдан бір көлік бұларға қарай ұшып келе жатты…
…Мұхиттың жансақтау бөлімінен палатаға шыққандағы алғашқы сауалы: «Жәудір қайда?» болды.
– Сізге қазір ештеңе ойламау керек. Жүйкеңізге салмақ түседі.
– Не болғанын айтыңызшы, қалған үшеуі қайда?
– Бәрі осында. Басқа палаталарда жатыр.
– Өтірік. Рас болса, қоларбамен болса да мені соларға апарыңызшы.
– Сізге мүлде қозғалуға болмайды. Ештеңе ойламай демалыңыз.
– Маған бас дәрігерді шақырыңыз.
– Бас дәрігер бүгін жоқ.
– Сіз кімсіз?
– Мен кезекші дәрігермін.
– Маған не болғанын айтып беріңізші. Еркексіз ғой.
– Болды, демалыңыз. Ертең бас дәрігер келген соң сөйлесерсіз.
– Тоқтаңыз. Қазір бәрін айтпасаңыз, мен өзіме-өзім қол жұмсаймын. Міне, үш науқас пен медбике куә. Ертең сіз жауап беретін боласыз.
– Бауырым, ондай қоқан-лоқының талайын көргенбіз, сабырға келіп, демалыңыз.
– Қолы істемейді деп басынып тұрған шығарсың, тіс пен тіл сау. Қара бері!
Мұхит тілін бір қыршыды да азу тісіне сала бергенде, дәрігер жүгіріп келіп екі ұртына жармасты. «Болды, болды. Айтам бәрін». Мойыны тас болып оралған Мұхиттың аузындағы қанды медбике сүртіп алды.
– Сендер Қаскелеңнен үлкен жолға түскенде қарсы келе жатқан машина жолдан шығып кетіпті. Қатты жылдамдықпен жүреміз деп рөлге ие бола алмай қалған-ау. Жиырмаға толмаған балалар екен, бәрі қыршын кетті.
– Ортада жолды бөліп жатқан белдеу, ағаштар бар емес пе? Содан өтіп кеткен бе?
– Айтып отырмын ғой, рөлге ие бола алмай қалған деп.
– Біздікілер тірі ме?
Дәрігер үнсіз басын шайқады.
…Ол жанын қоярға жер таба алар емес. Қолын бір сілтеп тұрып кетер шамасы тағы жоқ. Үшеуінің бейнесі кезек алмасып, көз алдына келген сайын демі жетпей қыстыға түседі…
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР





