Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ. АҚ НАЙЗАЛЫ АЛДИЯР БАТЫР

Бұл шығарманы менің бүкіл жырымды жатқа оқитын Алдияр батырдың ұрпағы Саят Есімхановқа арнаймын.

Автор

Алты құлаш ақ найза ұсынып шаншар күн қайда?
Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!

(Доспамбет жырау)

Алатау, анау, жарықтық
Абыздың аппақ басындай,
Көгілдір шыңдар көктемгі
Бұхардың асыл тасындай.
Қып-қызыл қызғалдақтары
Жап-жасыл белге өң беріп,
Қаз-қатар қонған боз үйлер
Аққудың жұмыртқасындай.

Құмырсқа құсап құжынап
Аттылы, жаяу қауым көп,
Ойдан да, қырдан ағылып
Ағайын, туыс, бауыр кеп,
Төрт төлегетайдың төресі
Садырға жатты ас беріп –
Садырдан шыққан шұбартөс
Тәкаппар, ожар Тәуімбет.

Түйедей алып бітімі
Палуан ерлер алысып,
Бірісін бірі жыға алмай
Қарлары талған қарысып.
Жыраулар анау жыр толғап,
Қызыққа халық үймелеп,
Бәйгеге түскен жүйріктер
Ауыздығымен алысып.

Қыз-бозбаланың қалжыңы,
Күміс шашбаудың күлкісі.
Қырмызы кілем сияқты
Жайнаған жердің түр-түсі.
Осынау астың үстінде
Қашырған сәнін қызықтың,
Тәуімбет кенет түнерді
Көзіне түсіп бір кісі.

Атымен таптап кетердей
Ентелеп келіп тоқтады,
Жүміле жұрттың алдында
Қамшысын безеп, оқтады.
Өзінің туған ағасын
Туа бір шөккір Тәуімбет
Дұшпан мен достың көзінше
Жауынан бетер боқтады.

Ашуға мінсе Тәуімбет
Ақылдан аттап кететін,
Ауыр сөз қардай борады
Сүйектен тесіп өтетін:
– Орныңды неге, білмейсің,
Мал қайда саған тапсырған?!
Үстіңде бүтін киім жоқ,
Той-тойлау сенің не теңің!..

Қосынға ие болғайсың!
Бұ жерде нең бар, сор қасқа?!
Жақсы мен жайсаң ішінде
Кедейге сауық жолдас па?!
Үлкенге тіке сөйлейтін
Одан да анау бейәдеп,
Басбұзар, тентек ұлыңа
Тәрбие берсең болмас па?!

Отқа бір түсті осылай
Алтын да тонның жағасы,
Қадірі, құны жоғалды-ау
Арзандап ердің бағасы.
Зиятты, момын жан еді
Елеке деген бұл кісі –
Қосында жылқы күзеткен,
Тәуімбет бидің ағасы.

Әкесін сонша қорлаған
Куә боп сөзге заһарлы,
Айқайлап атын ұрандап
Жаңғырықтырып жаһанды,
Тәуімбет мінген құланың
Қақ маңдайынан тартты кеп
Сегіз де өрім қамшымен
Алдияр бала қаһарлы.

Айтатын жерде айтпасаң,
Құса боп іштей өтесің,
Кешірді халық алайда,
Ержүрек ұлдың қатесін.
«Аруақ бірге, ас бір» деп
Алдияр еді әкелген
Осынау асқа бүгінгі
Жылқыда жүрген әкесін.

Түтігіп кетті Тәуімбет
«Тауысты-ау, нәлет, шарамды,
Байлаңдар! – деді ақырып,
Иттен бір туған арамды».
Кимелей жарып халықты
Бойына қамшы дарытпай,
Ұстатпай кетті Алдияр,
Астында аты жарамды.

Өз атын өзі ту қылып
«Алдиярлаған» ұраны,
Алыстап қанша кетсе де
Құлаққа жетіп тұр әлі.
Намысын бермей мықтыға,
Тура бір жолдан таймаған,
Өзегі жалын өжет ұл
Жалпыға бірдей ұнады.

Қарғыған қалың нөпірден
Қиналып қара қабылан,
Алдияр ұлдың мысалы
Соры бір қалың бағынан.
Түзеді бетін біржола
Алатауына қырғыздың,
Отанын тастап артына
Он алты жасар оғлан.

Бірінші бөлім

Әлқисса, сонда Алдияр
Көңілі жүдеп қамықты.
Қырғыздың келіп жеріне
Жоқшылық көріп тарықты.
Таудағы тағы тарландай
Жападан-жалғыз күн кешіп,
Аң атып, құсқа тұзақ сап,
Қорек қып көлден балықты.

Ыстық көл – ыстық мекені.
Ата жұрт қалды алыс тым.
Иыққа ілді төгілтіп
Терісін шұбар барыстың.
Күнге бір қарап бой түзеп,
Айға бір қарап ой түзеп,
Арада үш-төрт жыл өтті.
Алдияр сынды арыстың…

Қайыңның қара безіндей
Білем де білем білегі,
Тауға да шығып, тас кешіп,
Күн өткен сайын түледі.
Жолбарыс көрсе шегінбес,
Арыстан тұрса айбарлы,
Кісікиікке айналды
Селт етпейтұғын жүрегі.

Ерекше еді, расы,
Дауылпаз, дабыл өңгерген,
Сүлеймен патша сияқты
Дүния сырын теңгерген.
Осынау тау мен даланың
Иесі сынды бір өзі,
Аң менен құстың көктегі
Тылсым тілін меңгерген.

Қасқайып қарсы тұрған-ды
Тағдырға қатал сынаған,
Жемістің татып нәрлісін
Қандырып шөлін тұмадан.
Жұлдызды түнді көрпе ғып,
Көрпеше қылып тастарды,
Алдияр сынды бөріге
Тірлігі осы ұнаған.

Қара-сұр өңді, қой көзді,
Бойлата бермес ойына,
Емендей биік еңсесі
Салтанат сыйлап сойына.
Алдағы күннің райын
Аспанға қарап болжайтын,
Қасиет қонған Тәңірден
Алдияр ердің бойына.

Сағынбай, сірә, бола ма,
Көңілде тұр ғой наласы,
Есіне түсер туған жер
Туған ел, ата-анасы…
Күндердің күні болғанда
Түсіне кірді батырдың
Кербұғы тектес Кетбұға –
Ардақты абыз бабасы.

Қарт абыз сонда сөйледі,
Сөзіне құлақ салғайсың:
– Атадан туған ер болсаң,
Атаңның жолын жалғайсың!
Мекенің болған өзіңе
Үңгірдің мынау түбінде
Ақ болат найза көмулі
Қазып бір соны алғайсың…

Шындыққа аян айналып,
Көңілін батыр жайлады.
Сүңгісі асыл найзаны
Қара да тасқа қайрады.
Алты да құлаш қарағай
Сап қылды болат найзаға,
Алты да құлаш найзаға
Жылқының қылын байлады.

Алты да құлаш ақ найза
Атқа да мінсе айбат-ты,
Алты да құлаш ақ найза
Топқа да кірсе қайрат-ты.
Аң аулап, бүгін құс атып,
Ырзығын тасып қиырдан,
Шалдығып жетіп үңгірге
Алдияр батыр жәй жатты…

Оятты кенет бір айғай
Ұйқыда жатқан батырды,
Қоршауда қалған батырға
Сару хан келіп ақырды:
– Құсымды көлден үркіткен,
Аңымды белден үркіткен,
Ұстаңдар, – деді, – тездетіп
Қаңғыған мынау пақырды!

Бұл келіп тұрған Сару хан
Қырғыздың ханы атақты,
Ыстық көл бойын жайлаған
Мінезі қиын, шатақ-ты.
Көзін бір ашса Алдияр,
Үстіне атпен төніп кеп,
Сару хан манап қатулы
Алқымға қылыш тақапты.

Алдияр батыр барыстай
Манапқа қарсы атылды,
Батырдың сырын білмейтін
Сару хан оңбай шатылды.
Үстінен аттың жұлып ап,
Лақтырды ханды доптай қып,
Астамсып тұрған манаптың
Айласы құрып қапылды.

Солынан келсе – солынан,
Оңынан келсе – оңынан,
Желкеден түйіп біреуін,
Біреуін шаншып қоңынан,
Тоз-тоз ғып батыр жіберді.
Сарудың талай нөкері
Қаңқылдап безіп жоғалды
Адасқан қаздай тобынан.

Сару хан сонда жақындап
Алдияр ердің қасына,
– Қатемді менің кешкін, – деп
Сұрады сауға басына:
– Сары-ала тонды жабайын,
Сары да қымыз сапырып,
Алдыңа күнде қояйын
Сары да балды асыңа…

Басыңа тігем боз отау,
Шалқайып жат та, ал тыным,
Тауларды бұзып су ағар,
Ұқсайды соған қарқының.
Найзасын түнде Ай сүйген,
Найзасын күндіз Күн сүйген,
Бір батыр туды деп еді
Сол болармысың, жарқыным?

Тамырсыз суық қара тас
Жамбасқа қатты батар ма,
Ел үшін туған ер болса,
Далада жалғыз жатар ма?!
Елің кім, балам, тегің кім,
Қай сойдан, қандай асылдан?
Соңымнан менің ергейсің
Қосайын баптап қатарға.

Алдияр сонда сөйледі:
– Сыйлаған ердің құлымын,
Намысын бермес жауына
Найманның арда ұлымын.
Шығандап кеткен елінен,
Қиянат көріп бегінен,
Төлегетайдың ішінде
Садырдың сары нұрымын!

Сары-ала тонды кие алман,
Сары да тышқан терісі,
Үйде бір туып түзде өлу
Ердің де серті – ер ісі.
Сауғаңды ал да, жүре бер,
Салауат айтып жаныңа,
Боз ала үйге сыя алмас
Тау менен тастың бөрісі.

– Алдияр, балам, ардақты,
Мойныңды бері бұрғайсың,
Жападан-жалғыз тау-таста
Қиратып кімді жырғайсың?!
Жалғыздық жалғыз Хаққа тән,
Берейін орын оң жақтан,
Анталап төнген дұшпан көп,
Пана боп елге тұрғайсың.

Мінемін десең мінекей:
Ай тұяқ, аппақ пырағың,
Үңгірде тұру лайық па?
Зау көкте самғар қыраным.
Аспайтын қара басынан
Қарақшы болсаң қала бер,
Шынымен батыр ер болсаң –
Ергейсің маған, шырағым!

Шымбайға қатты батса да,
Сарудың сөзін барлады,
Жанашыр, адал пейілін
Жерге де тастай алмады.
Байламға келіп біржола
Алдияр сынды батырға
Ақылды ханның артынан
Ермеске ылаж қалмады.

Сертіне сеніп Алдияр
Саруға сонда ереді,
Жағалай жатқан жайылып
Қырғыздың жұртын көреді.
Қырғыздың жомарт манабы
Төріне мұны шығарып,
Ақ боз үй тігіп басына
Алдына мал сап береді.

Алдияр батыр Саруға
Қысылған жерде дес болды,
Қайраулы тұрған қылыштай
Дұшпан мен жауға сес болды.
Ел ішіндегі түйінді
Ақылыменен анықтап,
Парасатымен парықтап
Жолға да салар ес болды.

Жылдар мен айлар тізіліп
Күндерден күндер өткенде,
Дүние нұрға малынып
Жаз ба, жоқ, әлде, көктем бе?..
Асығып тұрды Алдияр
Найзасын ұстап қолына,
Көңілге суық, жанға жат
Құлаққа бір үн жеткенде.

Жата қап сонда Алдияр
Құлағын жерге төседі,
Ат тұяғының дүбірі
Қырдан да қырға көшеді.
Бөтен үн, бөтен дауысы
Жақындап қалған бұл жаумен,
Жалғыз да болса қаймықпай
Соғыспақ болып шешеді.

Жалғыздық түсіп басына
Өртенді сонда өзегі,
Жалғыз да болса Алдияр
Сынаққа сол бір төзеді.
Жасағын ертіп өзімен
Нағашы жұртқа қыдырып,
Сару хан алыс сапарға
Аттанып кеткен кез еді.

Артық та туған Алдияр
Дұшпанға қарсы қарады,
Жаратқан Хаққа сыйынып
Білегі сонда талады.
Алладан медет тілеумен,
Әулие менен әмбие,
Кетбұға сынды бабасын
Қамығып еске алады.

Шығыстан шапқан қалмақты
Көңілмен батыр шолады,
«Жаратқан ием, жар бол», – деп
Ақбозға қарғып қонады.
Алты да құлаш ақ найза
Найзағай құсап жарқылдап.
Батыстан сонда кенеттен
Қара бұлт пайда болады.

Қара бұлт қаптап жөңкіліп
Әлемді түнек басады,
Шатырлап көкте найзағай,
Қалмақтар шошып, сасады.
Азынап соғып ақ дауыл,
Тас боран борап сұрапыл,
Алдияр сынды батырдың
Әруағы сонда асады.

Ақсұңқар құстай боз атпен
Бойына берен киеді,
Арыстан құсап ақырып
Қалмаққа келіп тиеді.
Алты да құлаш ақ найза
Орақтай орып өтеді,
Әр жерде қалды шашылып
Қалмақтың пырдай сүйегі.

Қара жер беті жосадай
Қалмақтың қанын шашады,
Қатары баудай түскен жау
Жан-жаққа безіп қашады.
Оралып қайта келуге
Дәттері жетпей дұшпанның,
Алдияр сынды батырдың
Мерейі асып-тасады.

Тәңірден медет сұрайтын,
Дауылпаз, дабыл жарағы,
Қаласа жасын ойнатып
Дұшпанның құтын алады.
Жайшылық сырды меңгерген
Алдияр батыр ерлігі
Қырғыздан асып қалмаққа
Аңыз боп жылдам тарады.

Батырын ханы қолдаса,
Алладан болар сауабы,
Жүрегі түкті батырға
Халықтан алғыс жауады.
Алдияр батыр күшіне
Ыразы болған Сару хан
Бала қып алмақ ниетпен
Көңілі мықтап ауады.

Сару хан сырын бөлісер
Аяшы – жалғыз жақыны.
Көңілге қонар сөз болды
Аяшы айтқан ақылы:
– Ол саған бала болмайды,
Қызыңды бергін одан да,
Тыңдасаң мені, хан ием,
Сол болар істің мақұлы.

Жұпары нұрдай шалқыған
Көлге бір біткен жалбызы,
Үкілеп баққан үміті
Үрметі биік жалғызы.
Он бесте жасы, Айдай-ау,
Жүрекке түскен жайдай-ау,
Кісіден парқы, нарқы зор
Ханшайым сынды хан қызы!

Алдияр батыр шынымен
Сарудың қызын сүйетін,
Кездесіп қалса кездейсоқ
Өртеніп іші күйетін.
Қиырды шалар көңілі
Пәкизат, көркем Ханшайым
Алдияр батыр даңқына
Ізетпен басын иетін…

Сол күнгі сұмдық жағдай
Есінде әлі, есінде,
Сауыққа құмар албырттау
Не болмас жастық көшінде.
Қамсыздау әрі қаперсіз
Нөкерін ертіп Ханшайым
Серуен құрып жүрген-ді
Жаздың бір мақпал кешінде.

Өзектің бойы ырғалған
Қоғалы қалың қамыс-ты,
Ханшайым кенет шошынып
Тізгінге қолы қарысты.
Көргенде ару селт етті
Тасадан шығып атылып,
Өзіне жетпей құлаған
Оқ тиген шұбар барысты.

Ханшайым есін жиғанша
Астында аппақ пырағы,
Алдынан шығып Алдияр
Тағзым да қылып тұрады.
«Байлаған сізге сауғам», – деп
Ілтипат қылып иіліп,
Есік пен төрдей барысты
Аруға тарту қылады.

Сезімге шомып ең мөлдір,
Сөздерін арнап ең керім,
Бақыттан басы айналып
Бал сезім бойды жеңгенін –
Алдияр қызға жеткізді
Жеткізді және аялап,
Даланың жұпар гүлімен,
Даланың бүлдіргендерін…

Қырғыздың ханы Сару хан
Ел-жұртын түгел жияды,
Сары да қымыз сапыртып
Зереңге зерлі құяды.
Сауын да айтып аймаққа,
Той жасап, бәйге шаптырып,
Ханшайым мен батырдың
Некесін солай қияды.

Ұл болар деді шамасы
Батыр ма, әлде, хәкім бе,
Ханшайым сынды ғажайып
Қыз туар деді нәтінде.
Болжамы елдің болмады
Егіз ұл тапты Ханшайым,
Тоғыз ай өтіп арада
Тоғыз күн болған сәтінде.

Дүйім ел болып тіледі
Егіз де ұлдың тілеуін,
Оңынан туған Айдай қып
Келтірді Тәңір іреуін.
Сару хан егіз жиеннің
Есімін өзі таңдады,
Қырықсадақ деп атады,
Қырғызшора деп біреуін…

Екінші бөлім

Қазақтың елі сол кезде
Тұс-тұстан селдей құйылып,
Әзірет Сұлтан басында
Жаратқан Хаққа сыйынып,
Жәңгірдің ұлы Тәукені
Түркістан шәрдің төрінде
Көк зеңгір аспан астында
Хан сайлап жатты жиылып.

Әз Тәуке таққа қонған соң,
Қиырға көзін салады,
Қазақтың ұлы даласы
Аузына түгел қарады.
Бірлікке елін шақырып,
Қадірі асқан жұртына
Батыр мен шешен, билерін
Ордаға жинап алады.

Тәукенің арман-мұраты
Ағарып атқан таңдай-ды,
Түркінің асқақ аңсарын
Осындай ерлер жалғайды.
Жат жерде жүрген даңқты
Арсылан ұлы Садырдың –
Алдияр батыр баяғы
Ол-дағы ұмыт қалмайды.

Жай күнде жасын ойнатып,
Дұшпанды естен тандырған,
Кенеттен тұман түсіріп
Бұршақ пен жаңбыр жаудырған.
Тәңірден қонған құдірет –
Жайшылық қыры болатын
Алдияр ерге Тәукенің
Ниетін ерек аудырған.

Жиырмаға жасы іліккен
Сөздері лағыл, нұр жүзді
Бұқарды қосып қасына
Қарына қамшы ілгізді,
Алшынның алтын айдары
Әйтеке биді бас қылып,
Қырғыздың ханы Саруға
Тәуке хан елші жүргізді.

Қолайлы күлік сайлады
Қырғыздың тау мен тасына,
Тәукенің алып батасын
Сапарға шықты асыға.
Ес болсын жолда деп ойлап
Найманның Шағыр батырын
Жарамды отыз жігітпен
Және де қосты қасына.

Көкейін келген елшінің
Сару хан айтпай түсінді.
Құрметтеп, сыйлап мейманын
Ақ шаңқан үйге түсірді.
Күн сайын шалып бір құнан
Тоғыз күн бойы күтеді,
Шөлдерін басып саумалмен
Бұзбай да құлын пісірді.

Әйтеке би мен Бұқардың
Тиген жоқ оңай талабы,
Қартайған Сару манаптың
Көңілі қатты налалы.
Алыстан келген елшілер
Алайда күткен жауабын
Тоғыз күн бойы ала алмай
Сарылып жатып қалады.

– Ардақты ата, армысыз,
Кешкейсің, болса қатамды,
Сағындым мен де анамды,
Сағындым мен де атамды.
Алдияр батыр өзі кеп
Саруға сонда «Дат!» деді:
– Ел-жұртым іздеп келіп тұр
Бергейсің, ата, батаңды?!

Қол үзіп мүлде кетпеспін,
Хат-хабар сәлем алдырам.
Ханшайым қайда жүрсе де
Қарайлап жанар талдырам.
Мен сізді жалғыз тастаман,
Қорғаның болсын қос ұлым,
Аналарынан айырмай
Қос ұлымды да қалдырам.

Астыма тұлпар мінгіздің
Ай маңдай, алтын тұяқты,
Томаға кимей топ жардым
Сұңқардай күміс қияқты.
Түсінбей жұртым қалмасын,
Бәтуаңды айт халыққа,
Қанша күн күтіп сарылған
Ағайын-жұрттан ұят-ты!

Сару хан сонда сөйледі:
– Сен де кеш менің қатамды,
Сағындың сен де анаңды,
Сағындың сен де атаңды.
Сапарға шықсаң жолдасың
Қолдасын Қызыр-Ілияс,
Қолыңды жайғын ал, балам,
Берейін саған батамды.

Қазақ пен қырғыз іргесі
Сөгілген емес көнеден,
Тел құлын сынды еркеміз
Тел емген жалғыз енеден.
Қарайлай жүр деп артыңа,
Артыңда қалған халқыңа,
Көкала туын қырғыздың
Қолыңа берсем деген ем.

Көргем жоқ, балам, әлі күн
Жігітте сендей сұңқарды,
Маңдайда бағың тұрғанда
Атағың көкке шырқар-ды.
Көлденең тартты Сару хан
Көзімдей көріп жүргін деп,
Алшаңдап басқан Ай тұяқ
Сандалкөк сұлу тұлпарды.

Ханшайым жылап қоштасты
Алдияр сынды ерімен,
Алдияр қимай қоштасты
Аяулы қырғыз елімен.
Қазақтан келген елшінің
Бәрі де бір-бір ат мінді,
Иыққа жапты Сару хан
Оқалы шапан зерімен…

Меймандар суыт қозғалды,
Жетекте – бір-бір жорғасы,
Сапарға шыққан ерлерді,
Бір Аллам, өзің қорғашы.
Қалжың мен әзіл жарасқан
Елшілер елге беттеді,
Маңдайы – көне Түркістан,
Әз Тәуке ханның ордасы.

Бабадан қалған сары бел –
Жаһанда жалғыз панасы,
Қозғалып кетті жүрегі
Ашылып шайдай санасы.
Қаншама жолды шегеріп
Алдияр батыр алдынан
Құшағын жайды дариға
Жазира қазақ даласы.

Елшілер жолдан қажыған
Белдерін шешіп баптанды,
Шатырын тігіп Алдияр
Самалдап көлде жатқан-ды.
Жарқ ете қалды жанары
Топ қыздың көріп ішінен
Сәріде туған Шолпанды
Ағарып атқан ақ таңды.
Сәріде туған Шолпандай
Ағарып атқан ақ таңдай,
Өрім де өрім, өрімтал
Қап-қара шашы мақпалдай.
Тәшкеннің әміршісінің
Ежепхан деген қызы бұл,
Топ қыздан дара бітімі
Жанары жанған от қандай?!

Құралай көзі қиылып
Атқа да мінсе өр, епті
Неғылған мынау пері деп
Жинады батыр деректі.
Нөкерін ертіп қасына
Тәшкеннен қазақ еліне
Нағашы тұтып қазақты
Қыдырып келсе керек-ті.

Ежептің көркем болмысы
Батырдың жанын емдеді,
Жусан мен гүлдер сырласып
Дала мен соноу белдегі…
Тәшкеннің әміршісіне
Тездетіп елші жөнелтіп,
Некесін қиып Ежеппен
Көңілін батыр демдеді.

Бұрынғылардың жолы деп
Хан менен бидің талабы,
Алдияр сынды батырға
Ел-жұрты қолқа салады.
Елге де келіп жеткен соң
Қоңырат деген рудан
Таубике атты сұлуды
Некелеп тағы алады.

Төбеге боз үй тіктіріп,
Келелі жиын дүрмекте,
Шабармандарын шаптырып
Лайық көріп құрметке,
Би кеңесіне келсін деп
Алдиярды да шақырған,
Ақылы терең Тәуке хан
Батырдың ойын білмекке.

Тұс-тұстан батыр, сұлтандар
Ағылып бүгін қаптауда,
Ортаға салар ойларын
Жырау мен билер баптауда.
Түркістандағы Битөбе
Құс базарындай у да шу,
Бірліктің белін бекітіп
Елдіктің сөзін саптауға.

Берендей бекем, еңселі
Емендей… елу жастағы
Алқалы топта Алдияр
Тосылмай сөзін бастады.
Әз Тәуке ханнан дат сұрап,
Қамшысын қойып алдына,
Қырандай үні саңқылдап
Жан-жаққа көзін тастады:

– Ардақты, әзиз, хан ием!
Сен менің, рас, иемсің,
Қиянат көрген ғаріптер
Өзіңе келіп сүйенсін…
Астында мынау ақ тудың
Тізерлеп тұрып ант берем,
Қазақтың басын жинаған
Қасиет тұтар киемсің!

Араздық елді ірітер
Алауыз нағыз – сормаңдай,
Шайнауда кетер бармағың
Тоз-тоз боп елің ормандай.
Ынтымақ – елдің тірегі,
Ынтымақ – елдің тілегі,
Ынтымақ деген ұстаным
Көңілге берік қонғандай.

Куә дүр бұған, куә дүр
Түркінің ұлы даласы,
Бағзы да бағзы заманда
Найманның екі баласы
Мерт болды жаудың қолынан,
Иеліктерін күйретіп,
Тақыт пен тәжге таласып
Алауыздықтан, қарашы..!

Таян хан менен Бұйрық хан,
Байрағым қайда, аймағым?!
Алауыз сендер болмасаң,
Бұзылмас еді қаймағым.
Алтын да мөрлі – Құдірет
Инаныш Білге Бұқа хан,
Шашылды шілдің боғындай
Қаралы қалың найманың…

Бірлікке ғана қарызбын
Жауымды егер жеңсем мың,
Қазақтың күші – бірлікте,
Бірлікпен тірлік еңсердім.
Өткеннен сабақ алған жөн,
Жан-жаққа тартпай, Хан ием,
Қорғансаң саған – қалқанмын,
Сілтесең саған – семсермін!!!

Әз Тәуке қолын көтеріп
Асасын төмен түсірді,
Батырды төрге шығарып,
Оң жақтан орын ұсынды.
Алдияр ердің сөзі мен
Алдияр ердің сипаты
Әз Тәуке ханға жаққанын
Барлығы түгел түсінді.

Әужайын байқап батырдың
Хал-жайын және сұрады,
Әңгіме басын тікелей
Ел тірлігіне бұрады.
Ертесі күні Тәуке хан
Алдияр ерді алдырып,
Маңызы, мәні құпия
Оңаша сұқбат құрады.

– Оңбаған ол бір найсаптың
Қадірі елге қалды ма?!
Ағайын қарақалпаққа
Қиғылық талай салды да.
Батырға Тәуке бұйырды:
– Хиуаның ханы Мәмбетті
Тірідей қолға түсіріп
Жеткізгін – деді, – алдыма.

Мәмбеттің енді жанына
Ақ семсер айтсын төрелік,
Әулекі ханды бауыздап
Келеге солай келелік.
Бауырға тартып бауырды
Ұлғайтып ел-жұрт қауымды,
Ағайын қарақалпаққа
Азаттық алып берелік.

Алдияр батыр хан сөзін
Айтқызбай екі, құптады,
Аттанар күн мен еретін
Ерлерді ойша жұптады.
«Мәмбет хан жақын күндері
Аз ғана нөкерлерімен, –
Барлаушы хабар жеткізді – Жатыр, – деп, – аңға шыққалы»

Алты да құлаш ақ найза
Қолына батыр алады,
Тілекті Құдай бергін деп
Сандалкөк атқа қарады.
Мәмбет хан жүрер жолменен
Жасағын ертіп Алдияр
Соғыспақ болып жол тосып
Бетпе-бет қарсы барады.

Мәмбет хан деген пәлеңіз
Бітімі бөлек нардай-ды,
Нар деген сол да сөз боп па,
Нардан да үлкен жардай-ды.
Астына үлек мінгені,
Қолында – шойын-шоқпары,
Алдияр сынды батырды
Алыстан тұрып арбайды.

Жауатын күндей түнеріп
Алдияр ердің қабағы,
Шақырып жеке майданға
Дауылпаз, дабыл қағады.
Алты да құлаш найзасын
Толғай да толғай ойнатып,
Сандалкөк атын тебініп
Мәмбетке тура шабады.

Бір Тәңір ғана біледі
Қайсының таңы атқандай,
Біріне бірі күледі,
Қайсының Күні батқандай.
Көруге оны көз керек,
Айтуға тілің жетпейді,
Қарама-қарсы екі тау
Қозғалып келе жатқандай.

Мәмбеттің сонда Алдияр
Үлегін шаншып сұлатты,
Алдияр ердің Мәмбет хан
Найзасын қағып құлатты.
Кіжініп қарсы ұмтылып
Белдесе кетті екеуі,
Сөндірем деді Мәмбет хан
Кеудеңде жанған шырақты.

Хиуаның ханы қанішер
Алқымға қолды салады,
Диюдай долы пәлекет
Батырды жығып алады.
Мұрыннан қара қан кетіп,
Тарылып демі, тынысы,
Алдияр сынды батырдың
Дәрмені бітіп барады…
Қысылып жаны Алдияр
Алладан пәрмен сұрады,
Көзінің келіп алдында
Кетбұға абыз тұрады.
Түйіліп, аспан бұлттанып
Қабысқан қара түнекте,
Сол кезде, кенет, жарқ етіп
Мәмбетті жасын ұрады.

Есінен Мәмбет танған соң,
Алдияр батыр айлалы,
Топталып тұрған көп жауды
Қасқырдай тиіп жайлады.
Хандарын тастап дұшпандар
Еліне қарай қашқанда,
Жиғызбай есін Мәмбеттің
Аяқ пен қолын байлады.

Хиуаның ханы солайша
Жанынан мүлде күседі,
Мәмбеттің қылған қорлығы
Жүректе дерт боп піседі.
Сүйретіп әкеп Тәуке хан
Өз қолыменен бауыздап,
Мәмбеттей ата жауының
Қос қолдап қанын ішеді.

Алғысын халық жаудырды,
Сұлтан да, би де, қара да,
Салтанат құрды әділдік
Осынау ұлы далада.
Хиуаның ханын өлтіріп
Азғантай қарақалпаққа
Азаттық сыйлап Тәуке хан
Қорған да болды, пана да.

Үшінші бөлім

Алдияр сынды батырға
Алланың өзі қарасты,
Орыны – ханның оң жағы,
Би, сұлтан түгел санасты.
Үстінде үлкен бір тойдың
Қарақат көзді, нұр жүзді
Қаракерейдің сұлуы
Жібекпен сөзі жарасты.

Алдияр батыр өзінің
Әруағын жұртқа білгізді,
Палуан күрес, қыз қуу,
Алтыннан жамбы ілгізді.
Ағайын жұртқа той жасап
Ыразы қылып баршасын,
Қалыңын беріп Жібектің,
Ақ отау үйге кіргізді.

Алдияр батыр есен-сау
Саламат ғұмыр кешеді,
Арада айлар зуылдап,
Зырылдап жылдар көшеді.
Сүйкімді жұбайларынан –
Сүйіп те алған жарлары:
Таубике, Ежеп, Жібектен
Сегіз ұл өрбіп өседі.

Өресі биік Алдияр
Қиырдан шалар қияны,
Ағайын, туған бауырын
Бір жерге топтап жияды.
Көкейге қонар іс еді
Көнеден мәнін жоймаған,
Бір жерде тұрса бас қосып
Бірліктің болмас зияны.

Бес ағайынды – бесеуі
Бірімен бірі ділдес-ті,
Бесеуі жауға шапқанда
Бес түмен қолдай үндесті.
Сая боп ел мен жеріне
Бірлігі жұртқа үлгі боп,
Бір ауыл болып өзінше
Түтетіп түтін күн кешті.

Күндердің күні болғанда
Сөнгенде ауыл оттары,
Ай батып алыс қияға
Жанғанда жұлдыз шоқтары,
Жоңғардың қонтайшысының
Ержүрек екі нояны
Алдияр батыр үйіне
Жасырын келіп тоқтады.

Құдайы қонақ дегенің
Құдайдан келген құт еді,
Құдайдың өзі қаламай,
Құдайсыз қай іс бітеді?!
Ас қойып алға, бас қойып,
Алдияр батыр құрметпен
Қарусыз келген қонақты
Дұшпан да болса күтеді.

Ас ішіп әбден болған соң
Мейманға мойын бұрады,
Көңілде терең сыр барын
Көреген батыр ұғады.
Арнайы келген алыстан
Жоңғардың нояндарынан
Алдияр батыр анықтап
Бұйымтайларын сұрады.

– Қонтайшы сізге жіберді
Қазақтың үлкен ері деп,
Шапқанда содан не ұттық
Жай жатқан елді бөрі боп?!
Бейбіт бір күнде кездесіп
Бітімге келсек деп еді,
Қайта да қайта боздатпай
Жазықсыз елді шері көп…

– Татулық деген – жылы сөз
Жағады майдай құлаққа,
Хан ием берер жауапты
Алайда мынау сұраққа.
Айтқаны рас, шын болса,
Көксесе елдің бірлігін,
Қонтайшы неге келмеді
Өз аяғымен бірақ та..!

– Екі қошқардың басы ғой,
Қазанға жалғыз сыя ма,
Екі сұңқардың мекені
Етекте емес, қияда.
Ойлашы өзің, не болмақ
Екі де бірдей әбжылан
Жұтпай ма бірін-бірі кеп
Кездессе тар жер – ұяда…

Сәріде боран бұрқаса –
Паналар құс кеп еменді,
Қозысын саулық жоқтаса –
Жағалар келіп көгенді.
Қонтайшы ағзам өтініп
Алдияр батыр дәл сізге,
Осынау екі халыққа
Бітімгер болса деген-ді!

Алдияр батыр саналы
Ақылға сонда салады,
Қонтайшы екі ноянның
Айтқанын мақұл алады.
Тоқтатып қойып оларды
Бір жауап алып берем деп,
Ертемен тұрып Ордаға
Тәукеге жалғыз барады.
Батырды тыңдап Тәуке хан,
Мән-жайға толық қанады,
Ашуға қатты булығып
Жанары оттай жанады.
– Өздері іздеп кеп тұрған
Жауыңды, батыр, аяма!
Аяған жауды – жаралы,
Бармағын шайнап қалады!

Бұйырам саған, батырым,
Үйіңе тездеп барғайсың,
Кәпірдің анау кәлласын
Өз қолыңменен алғайсың.
Аңғалдық деген жауы бар
Батырдың жетер түбіне,
Ақылға келіп, Алдияр,
Сөзіме құлақ салғайсың!

– Кешіргін мені, хан ием,
Үйіме жылдам бара алман,
Сенім де артып серттескен
Ерлердің басын ала алман.
Төріме шыққан мейманның
Мойынға қанын жүктемен,
Ас ішкен жерім жоқ еді
Туғалы ешбір харамнан!

Дәл мұндай сөзді күтпеген
Тәуке хан мұртын шиырды,
Көзімен шолып тұрды да
Аз ғана уақыт қиырды.
Қарайып қаны ашудан
Шабармандарын шақырып,
Алдияр батыр ауылын
Шабуға жедел бұйырды.

Тәукеге қарсы шығуға
Шынымен батыр қиналды,
Қиналса-дағы қайтеді
Тәңірден сұрап иманды…
Бұл жайды түгел естіген
Туыс пен бауыр, ағайын
Алдияр ерді сыйлайтын
Батырдың бәрі жиналды.

Алдияр менен Тәукенің
Көңілдеріне кір түсті,
Қос жоңғар үшін қазақтар
Бірімен бірі қырқысты.
Төріне шыққан қонағы
Дұшпан да болса Алдияр,
Жандарын сақтап қалам деп
Аямай жаға жыртысты.

Алысып, түйреп, шабысып,
Батырлар семсер сермеді,
Азаннан ақшам кіргенше
Ешбірі тыным көрмеді.
Алдияр батыр інісі
Майланнан қалды көз жазып,
Жоңғардың екі ноянын
Сонда да ханға бермеді.

Жас болса-дағы жаужүрек
Әр ісі үлгі – байламды,
Ойласа іші күйеді
Інісі батыр Майланды.
Бауырын қиып ажалға
Қонағын аман сақтаған,
Алдияр ердің есімі
Аңызға солай айналды.

Алдияр даңқы қазақтан
Жоңғарға қарай көшеді,
Алдияр атын білетін
Ерлердің қолын шешеді.
Жоңғардың екі нояны
Еліне аман жеткен соң,
Найманның талай тұтқыны
Бостандық алған деседі…

Содан да қанша жыл өтті,
Тарқады ханның өкпесі.
Әз Тәуке ханға аян-ды
Батырдың алыс кетпесі.
Мұқалтпай жүзін жұмсаса,
Тасқа да салған болаттай,
Алдияр сынды батырға
Батырдың ешбір жетпесі.

Содан да қанша жыл өтті,
Жылжыды уақыт қарқын ап,
Жауға да шапты қаншама
Арыстан құсап арқырап.
Садырдың аға батыры
Алдияр ер де қартайды,
Қартайса-дағы қолында
Найзасы тұрды жарқырап.

Дауылпаз, керней көтеріп
Ерліктің әнін жырлатып,
Атасы бөлек дұшпанға
Күркіреп күндей тіл қатып,
Ел-жұртын сүйген жүректі
Құрбан ғып елдің жолына,
Хас батыр үшін қашанда
Майданда өлу – шын бақыт!

Шағылтып Айға найзасын
Бес қару бойға байланды,
Алдағы тұрған шайқасқа
Ден қойып ерек сайланды.
Қалғып та кетті, түс көрді:
Қасында абыз Кетбұға,
Ұмытып мүлде кеткендей
Ертеңгі ұлы майданды…

Дүние неткен ғажайып,
Өмірдің нұрлы алабы,
Өзінің өзі артынан
Сұқтанып сонда қарады.
Кетбұға абыз бабасы
Қолтықтап алған сияқты,
Батар да күнге бет алып
Аяңдап кетіп барады…

Қартайса-дағы қайратты,
Жетпістен жасы асқанда,
Бір сұмдық сырды сезгендей
Қарады қартың аспанға…
Қалайша үйде жатады
Сүйекке таңба емес пе,
Қазақтың ұлы даласын
Жау қалмақ келіп басқанда.

Ішінен тынып дүния
Жел ғана баяу жүгірді,
Бозала таңда бозторғай
Сазынан айнып мүдірді.
Шыршықтың күнгей тұсында
Қара жер беті солқылдап,
Қазақ пен қалмақ қолдары
Бетпе-бет келіп кідірді.

Патшадай тұлға, бітімі,
Қарашы кімнен нәті кем,
Қанатын жаудың қайырмақ
Келтірсе Алла сәтімен.
Өз атын өзі ұрандап
Ортаға шықты ойқастап,
Жетпістен асқан Алдияр
Ай тұяқ ақбоз атымен.

Жаудан да шықты бір батыр
Қарагер атын тебініп,
Біріне бірі кеп қалды
Бір-бірін боқтап емініп.
Найзамен найза қағысып,
Жолбарыс құсап алысып,
Жеңілем деген ойы жоқ,
Жеңемін деген көп үміт.

Қарама-қарсы шабады,
Шегініп қайта бұрылып,
Айлаға әдіс қосады
Түрлері өрттей құбылып.
Екпіндеп келіп Алдияр
Найзасын жауға салғанда,
Атасы кәпір ит қалмақ
Атынан түсті сырылып.

Ажалы анық жеткенін
Ит қалмақ енді ұғады,
Тұрмастай қылып кәпірге
Жүректен найза сұғады.
Найзасын көкке көтеріп
Дабылын қағып Алдияр
Дұшпанның келіп алдына
Жекпе-жек тағы сұрады.

Құйғытып шауып келеді
Дию ма мынау, адам ба?!
Кім болса, мейлі, ол болсын,
Тұратын қарап заман ба?!
Алдияр қарсы ұмтылды
Найзасын жайдай ойнатып
Қалмақтан шыққан құбыжық
Қара дәу, қара қабанға.

Қағысып әрі-бері де,
Айбалта сілтеп қармасып,
Семсерлер қалды шорт сынып,
Қарудан қару алмасып.
Сауытын шешіп лақтырып
Белінен ұстап белдесіп,
От пенен судай екеуі
Алысып жатты қандасып.

От пенен судай екі дәу
Алысып сонда жатады,
Қапыда, қайран, дүния
Батырдың Күні батады.
Көргенсіз, нәмәрт бір қалмақ
Жауынгер сертін мансұқ қып,
Белдесіп жатқан батырды
Сыртынан келіп атады.

Алдияр ердің басынан
Дариға дәурен көшеді,
Кеудеде жанған шырағы
Жел үрлеп сонда өшеді.
Анасы шығып алдынан,
Атасы шығып алдынан,
Аппақ нұр саулап алдынан
Бейіштің лебі еседі…

Сезген жоқ қайтып ол енді
Ағарып ақ таң атқанын,
Сезген жоқ қайтып ол енді
Қызарып Күннің батқанын.
Алдияр батыр өлген жоқ
Көрген жоқ оны ешкім де,
Кетбұға сынды бабасы
Жетелеп бара жатқанын…

Пікір қалдыру