Нұрлыбек САМАТҰЛЫ. Көкте жүзіп бара жатты толған Ай…

АЛЛАМА

Біссімілла – Алла атымен бастадым…
Көрдім Күннің қызғылт нұрын шашқанын,
Көрдім тағы аспан асты, жер үсті,
Тіршілікке қызу қадам басқанын.

Көрдім тағы… көрген көзге жас тұнды,
Тал бойымды толқын тепті тасқынды.
Тәубе қылдым, Қаһарыңды танып мен,
Mысалы оның, асау тайлақ бас білді.

Шыға жаздап жатқан жанды санаттан,
Жетеледің жарығыңа, Жаратқан!
Қандай жақсы тамырыңда қан аққан,
Қандай жақсы аппақ болып таң атқан!

Бар екен ғой көретұғын жарығым,
Ризамын, Ақиқатым, Анығым!
Кеше ғана мүшкіл еді мертіккен,
Қылдырықтай құмырсқаның халі тым.

Өзің ғана құдіретсің, Асқағым,
Қылғың келген хикметің қас қағым!
Сипатыңа әсте тілім жетпейді –
Жерде жүрген ақылы кем қасқамын.

Дұғамды оқып, періштеме сыбырлап,
Жатсам-дағы құмырсқадай қыбырлап,
Тәңірімнің түрік қой деп құлағы,
Түнде тұрып жаздым өлең ырымдап.

Тажалыңды төндірмеші таянған,
Дәмелімін илаһи хақ саяңнан.
Саусағыңа қыстырылған жәндікпін,
Сол жәндікті сақтай тұршы, әй Аллам!

ҚАЙРАУ

Көргенің Алланың сынағы,
Көтерер сынақты шын құлдар.
Тамұқтың сейіліп тұманы,
Басылар қиямет қырғындар.

Тек алға әрекет қыл аттап,
Тәңірдің қылғаны – бәрі ізгі.
Шырғалаң шақтарға шыдап бақ,
Мұхаммед пайғамбар тәрізді.

Жаныңды тәніңе қалдырды,
Жуықтап барсаң да ажалға.
Сені Алла жоқ емес, бар қылды,
Тәуекел, тұр енді, қажалма!

ЖҰМАБАЙҒА…

Тағдырдың төзіп тезіне,
Тәңірдің сынын көп көріп,
Төсекте жаттың езіле,
Талайды бастан өткеріп.

Қиналып жеттің бүгінге,
Қиратып қиындықтарды.
Қайыңның анау түбінде,
Қасірет жасың шықтанды.

Төтелеп тағы тынбады,
Талайсыз дертің түйрелеп.
Сонда да сағың сынбады,
Сарғайған үміт сүйрелеп.

Аранын ашқан төтеннен,
Ажалға көніп, құламай.
Алыптай бәрін көтерген,
Арыстансың-ау, Жұмабай!

ӨМІР

Тозаққа тап болып тағы да,
ауыр бір азапқа батырған,
жатқанда,
жаз болып жаныма
дауысың естілді жақыннан.

Өзің кеп қалардай елеңдеп,
Жүрегім бұлқынып соқты енді.
Құдайды айтушы ед шебер деп,
Мұздаған кеудеме от келді.
Темірдей тозбайтын төзімді ем,
кетілдім қалайша?
Қайранмын.
Айналдым тәп-тәтті сөзіңнен,
Тәп-тәтті өзіңнен айналдым!

…ГЕ
Өне бойы өзің жайлы ой кештім,
Есім кетіп елу деген жасымда.
Аспандағы Аймен ғана сөйлестім,
«Ғашық болып қалдым ба, – деп, –
расында».

Көкте жүзіп бара жатты толған Ай,
Білем ғой деп, білем ғой деп барлығын.
– Білсең айтшы, барға куә болған Ай,
Не болады ашсам сезім сандығын?

– Адамды адам сүю деген ғанибет, –
деп тіл қатты Ай жарықтық алыстан.
Жүрегімді бір ғаламат қариды от,
Сенің демің сезілгендей ғарыштан.

– Жиырма бестің сезімінен таймаған,
мендей жанды ойлай ма? – деп сұрадым.
– Сүйеді, – деп сыбырлады Ай маған, –
Өзің жаққа сап жүреді құлағын.

Сенемін ғой, Айға ғана сенемін,
Айдың тілін айтқызбай-ақ ұғамын.
Түсіне алмай сүюдің сыр, себебін,
Есім кетіп Айға қарап тұрамын.

Махаббатты шаттық емес, дейді мұң,
Сағынышты бесігіне тербеткен.
Сыбызғыдай сыңси берер кей күнім,
Соқпақ жаққа мойнын созып, сен кеткен.

Тәтті мұңы кетпей қойған таңдайдан,
Ғашық жанды түсінеді Ай ғана.
Сағынышым жапырақтай сарғайған,
Аткөпір боп шашылады айнала.

Ай жүзеді жоны да аппақ, жолы да ақ…
Сүт сәулесін сараңсынбай себелеп.
Мен тұрамын жүрегімді қолыма ап,
Ұшып кете жаздап сынды ебелек.

Тысқа шығып толған Айға қарашы,
Ұғынарсың бәлкім мына жайды сен.
Меңдеді ғой жүрегімнің жарасы…
…Біліп қойса не дер екен бәйбішем?!

ҚОС ЖАҺАННЫҢ АЛТЫН ТӘЖІ, ӘЛЕМ МҰҚТАЖ СӨЗІҢЕ…

Бисмилла! Мейірімді Алла атымен бастадым!
Өзің ғана Құдіретсің, Ақиқатым, Асқағым!

Адамзатқа ақыл беріп, Ақыретті меңзедің,
Ал пенделер түсінбеді, тұман басып көздерін.

Кербездік пен тәккәпарлық көкірегін ластаған,
Итше қапты бірін-бірі, иманы жоқ хас надан.

Нәпсіге ие бола алмаған, мысықтайын мауыққан,
Жаһилия дәуірі еді, әділетке жауыққан.

Дүниелік ләззаттан шыға алмаған батпақтап,
Жүректерін үрей буып, дүрсілдеген атқақтап,

Кәпір өткен қасақана нәбилермен таласқан,
Нөпір өткен сандаған жыл сансыраған, адасқан.

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар шыбын жанын қиса да,
Уахиға иланбапты пенде біткен бейшара.

Тас тұғырдан медет тілеп, өксіп-өксіп жұбанбай,
Үрейі ұшып зар илепті өлім сырын ұға алмай.

Басыр болған пенделерін тағы да бір жарылқап,
Ең сүйікті пайғамбарын аттандырды Лағыл Хақ!

Ең сүйікті пайғамбары – Хазіреті Мұхаммед,
Мұхаммедтен есетұғын расулдық жұпар леп.

Бір лап етер ләззаттан басқа ешбір нұры жоқ,
Бейберекет шашып келген шауһатының құлы боп,

Үмметтері ә дегенде қасарысып, қырсығып,
Мүшіріктер топтанып кеп таяқтапты құлшынып.

Қолға қылыш алдырардай қатулы еді жаулары,
Ғазауатта жоса боп қан самайынан саулады.

«…Адам деген бірін-бірі қуалаған толқындар…
Әй, толқындар, Хақтың ғана қаһарынан қорқыңдар!»

деп талмастан жиырма үш жыл шегіп жүріп бейнетті,
Ұлы Ахмед үмметіне бақыт жолын үйретті.

Иә, Расулла, нұр боп келдің жарқыратып әлемді,
Бүкіл әлем күйрер еді кешіккенде сәл енді.

Өзің ғана дүниеге мән-мағына үстеген,
Көркем үгіт, хикметпен, керек десе күшпенен.
Ажырамас пұттар менен ажыратып адамды,
Санасына салып бердің халал менен харамды.
Жүректерді сарқылмайтын суардың да сеніммен,
Сәуле құйдың көкірекке, жадырады егілген.

Адамзаттың барар жері еді жалғыз жаһаннам,
Ізгілікке бастап елді құтқардың Сен қаһардан.

Алла тартқан азабыңды зая қылмай, жөнімен
орын берді мың, миллион жүректердің төрінен.

Жапалақтай көзін алып қашса-дағы жарықтан,
Тәуекелге жетеледің пенделерді талыққан.

Алла басқа пайғамбарға уа, Хабибім демепті,
Өзіңе айтты ардақ тұтып, биіксің сол себепті.

Мейірімді, рақымды Хақ Тағала атынан
Дұға қылып тазаладың күпірліктің татынан.

Қос жаһанның алтын тәжі, әлем мұқтаж сөзіңе,
Ал әлемнің қан толып тұр, дәл қазір қос көзіне.

Бірін-бірі қырып жатыр, үстін-үстін бомбалап,
Жер дірдектеп теңселіп тұр, ағып қаны сорғалап.

Зинақорлық, парақорлық, қорлық… қорлық… қаптады,
Аманатқа қиянат қып, ар-намысты таптады.

Букмекер мен казино көп ақша тіккен құмарға,
Ақша тіккен жерде иман жалқы сәтке тұрар ма?

Сенем! Бір күн асыл сөзің келген кезде кезегі,
Мұнафықтар жерді басып жүре алмайды, безеді.

Құдси хадис естілгенде жүректерді баураған,
Кәпірлерге дайын тұрар тозақ оты лаулаған.

Жезөкшенің үйлері мен казинолар қирайды,
Ар-ождансыз шайтандарды тозақ оты қинайды.

«Ассаламу алейкум» деп бір-біріне мүміндер,
Қол ұсынып көктемдейін жадырап бір күлімдер.

Шошқадайын шыңғырады әлсіздерді жылатқан,
Сенем, сөйтіп ататынын әділетті бір ақ таң!

Тауыса алман Пайғамбарым, өзің жайлы баянды,
Өлең қылып өрсем деймін иллахи хақ саяңды.

Мұратыма жетемін бе, жетпеймін бе… көрермін,
Жете алмасам өкініш не, осы жолда өлермін!

6 комментариев

  1. Reply
    Айкүміс Орынбаеваговорит

    Нұрлыбектің өлеңдерінен саясатты да,махаббатты да,өмір сүрудің дағдыларын да көрдім.
    Нағыз ӨЛЕҢ!
    Ешкімге ұқсамайтын ойтолғамдар екен.
    Рахмет Ақыным!

    • Reply
      Қуантаева Нұрсұлуговорит

      Өлеңдерің адал жүректерден жол табары анық. Халық осындай өлеңдерге шөлдеп отыр ғой. Осы тақырыптарға жаза түскеніңді қалаймын.

  2. Reply
    Анонимговорит

    Қаламың ұштала берсін бауырым! Алла денсаулық, отбасыңа амандық тілеймін!

  3. Reply
    Анонимговорит

    Әлһамдулилла, шын ақын, кәміл мұсылманның жүрек сөзі. Аман бол, арынды да дарынды шайырым!

  4. Reply
    Үсенова Гүлнар.говорит

    Оқып шыққан өлеңге пікір қалдыру керектігі көрсетілген екен, бұл жанның материалдарын ара кідік оқып тұрамын. Алғашқы өлеңінде ақын, Жаратқанға, сібірлеп атқан таңға, Күннің қызғылт реңіне қарап, тамырларына қан жүргендей сезімде болып, тәуір болған жанның жарыққа тағзым етуі жөнінде әсерлі өлең жолдарымен бейнелеуі керемет көрініс тапқан.
    Келесі өлеңінде Тәңірдің қылған ісіне жанының аман қалғанына тәуекел еткен, өз өзін қайраған адам бейнесін ашып көрсеткен. Одан кейінгі өлеңінде беймәлім аруға арналған жазбасында Аймен сұхбаттасып, құдды өзін 25жастағы жанша сезініп, сезімін жеткізіп, жігіт ағасы болып, осы сезімін тұншықтырып жан жарынан қысылған сыңайлы сәттерін байқаймыз. Өлеңдері терең сырлы, көркем жазылған, айтпақ ойлары анық бейнеленіп тұр. Ақын болмасамда, жалпы әдеби жанрларды әуелден жақсы көріп, тіл қадірін, жақсы жазылған дүниелерді оқуға құштар болғандығымнан өз ойымды білдіруді жөн көрдім.

  5. Reply
    Қуантаева Нұрсұлуговорит

    Өлеңдерің адал жүректерден жол табары анық. Халық осындай өлеңдерге шөлдеп отыр ғой. Осы тақырыптарға жаза түскеніңді қалаймын.

Пікір қалдыру