ОЛЛЖЖЖАААААССС!..

ОЛЛЖЖЖАААААССС!..
(эссе)

1

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

Біздің ауылдың шетінен алып Шыңғыстау даласы басталады. Шы­ғы­сында Қытай жазығы, Ресейдің таулы аймағы, солтүстігінде Ұлытау жазығы онан ары Бетпақдала, Мойынқұм, Үстүрт созылып кете барады.
Бұл ұшы-қиыры жоқ Дешті-Қып­шақ даласының саялы бір бұрышы Жидебай қорығы. Абайдың ауылы.
Кешқұрым сол жайсаң, көгілдір жазықта, Оллжжжаааааассс! – деп шақыру салған қатаң, сергек дауыстар естілді.
Ауыл сыртында доп теуіп дүниені ұмытқан балаларға, бөгде адамдардың айғайы не керек?!.
Мен оқыс айғайласқан тосын дауыстардан бөгеліп тұрып қалдым. Мені тоқтатқан тосын дауыстар емес, тосын Есім болатын.
– Оллжжжааааассс!..
Біздің шағын бейіттерге бас иіп, аллахуакпарын айтып, бетін сипаған ұзын бойлы, сұңғыла жігіт, әудім жерде тұрған үлкен жүк машинасына қарай жүгіріп бара жатты.
Мен қайтадан доп қызығына құлшына кірісіп кетіп едім. Мың тоғыз жүз елуінші-алпысыншы жылдары дала балаларының ермегі мен қызығы; ләңгі ойнау, асық ойнау, доп тебу, атқа шабу, асау үйрету, домбыра тарту, бүркіт ұстаған шалдарға көмектесу болатын.
Түн баласында, жетілік шамды жағып ертек оқу еді. Дала балаларының бір сыдырғы күнделікті тірлік аясы осы болатын.
Допты доп көрінбей қалғанша тепкілеп, әбден шаршап-шалдығып, ауылға қарай әзер қозғалатынбыз.
О, сол киелі топырақ, сол қасиетті ауыл, сол ауылдағы қазақы, әдепті де, қатал да, от басындағы тәрбие; күніне қырық рет амандас, жан баласына тиіспе, үлкеннің алдын кеспе, деген ақсақалдардың тәлімі, сол ауылдағы шағын кітапхана, бізді білік пен білімге, адам болуға тәрбиеледі.
О, ол күндерді неге ұмытайық?!. Көзіңді сәлге жұмсаң, көз алдыңа туған ауылың, балалық шағың тербеліп келіп тұрып алады-ай!.. Түн ұйқымды, Оллжжжааааассс!.. – деп дауыстаған сергек дауыс тас-талқан етті.
Мен көзімді ашып алғанымда, жанарым, қап-қараңғы қабырғаларға соқтығып, қап-қараңғы төбеге тіреліп барып тоқтады.
Ал құлағымды, ұзақ жаңғырық тұндырып тастады.
– Оллжжжааааассс?!.

2

Бұл кездейсоқ уақиғаның қай жылы болғанын есіме түсіре алма­дым. Иә елу алтыншы, иә елу жетін­ші жылдары болса керек. Ал айы жадымда. Жанға жәйлі тамыз болатын.
Мен таң атар-атпастан тұрып кеттім. Жайылымнан көк атымды ұстап, суға қандырып үйге әкелу менің таңғы міндетім болатын. Мен әдетімше көк атқа секіріп мініп, жалын сипап көп әңгімелесуші едім. Түнде көрген түсімді, иә кешке оқыған ертегіні айтатынмын. Ал менің ақылды көк атым, екі құлағын тіп-тік ұстап мені тыңдаушы еді. Біздікі таза достық болатын. Бір-бірімізді сағынуымыз да ерекше еді-ау!..
Ал бүгін менің құлағымнан жалғыз Есім кетпей тұрып алды.
– Оллжжжааааассс!..
– Тосын Есім. Естімеген Есім. Өзгеше Есім. Сиқыр Есім. Менің бала жанымды да, Дешті-Қыпшақ даласын да таң қалдырған Есім…
Бір туар Есім, аз уақыттың аясында Бүкіл дүниені дүр сілкіндіретін қасиетті Есім. Көк Аспанда жарқырай жанатын отты Жұлдыз.

3

Әкем Семей қаласына барған сайын сөмке-сөмке кітаптар сатып әкелуші еді. Мен сол кітаптардың ортасына түсіп кетіп, шыға алмай, ұзақ күндер мен түндерде сол кітаптарды оқитынмын. Том-том қалың кітаптар арасынан, жұқалтым ғана кітапша қолыма жабыса кетті. Кітап сыртындағы жазу менің денемді дір еткізді. Олжас Сулейменов «Аргамаки». Жұп-жұқа кітаптағы өлеңдерді бір сәтте жұтып қойдым. Қайта оқыдым. Тағы оқыдым. Өлең жолдары менің жанымды тулатты. Қызу қанды, ойлы, оқыс сөздер, менің миымды шайқады.
– Оллжжжааааассс!..
Есімнен кетпей жүрген сиқырлы, тосын Есім, мені қайта тапты. Өлең жолдары алмас қылыштай менің жанымды осып-осып өткен.
– Қадірменді оқырман, ақынның өлеңдері ол кезде орыс тілінде ғана болатын. Орыс билеген заманда өмір сүрдік қой. Орысшаға мен де, Атам да жүйрік болатын. Атам Шыңғыстаудағы ашаршылықтан қашып, Семей қаласында ұзақ жылдар ет комбинатында жұмыс істеген. Орыс ортасында тірлік жасаған. Деректі мақалада, дерекке бағынғанды жөн көрдім. Айыпқа бұйырмаңыздар. Олжастың қазақша ойлаған сөздері орысша берілді.

Эй, половецкий край,
Ты табунами славен,
Вон вороные бродят
В ливнях сухой травы.
Дай молодого коня,
Жилы во мне играют,
Я проскачу до края,
Город и степь
Накреня.
Ветер раздует
Пламя
В жаркой крови аргамака,
Травы
сгорят
под ногами,
Пыль
И копытный цок.
Твой аргамак узнает,
Что такое
атака,
Бросим
робким
тропам
Грохот копыт в лицо!..

Үш қайтара оқыған соң, бүкіл өлең менің жадымда қалды. Мен өлең жолдарын жатқа айта бастадым. Көңілім түледі, жаным жадырады, көзге жас келді. Бұл бұрын-соңды болмаған қуатты жан тебіренісі еді.
«Арғымақ» жырын оқыған сайын көз алдыма Ер Төстік, Қамбар батыр мінген Арғымақтар елестеді.
Мектептен қалып қойып жүрме, деді әкем.
Менің жұп-жұқа кітап­шаны жұт­ып жіберердей болып отырға­ным­ды сезімтал әкем тап басты. Ал мен мектептен де, ауылдан да, маған қарсы отырып алып көне Құран кітабын оқыған қатал атамнан да, қамқор әкемнен де алыста едім. Мен бөтен, белгісіз, ұранды халге түсіп жүре бергенмін. Олжас мені өзге қиырға, өзге әлемге әкетіп бара жатқан.
… Сырдарья погоняет
ленивые жёлтые волны.
Белый город Отрар,
где высокие стены твои?
Эти стены полгода
горели от мас­ляных молний,
Двести дней и ночей
здесь осадные длились бои.
Перекрыты каналы.
Ни хлеба, ни мяса, ни сена,
Люди ели погибших
И пили их тёплую кровь.
Счёт осадных ночей
майским утром прервала измена,
И наполнился трупами
длинный извилистый ров.
Только женщин щадили,
Великих, измученных, гордых,
Их валяли в кровавой грязи
Возле трупов детей,
И они, извиваясь,
вонзали в монгольские горла
Исступлённые жала
изогнутых тонких ножей.
– Әке, мен бүгін мектепке бармаймын…
– Олжастың өлеңдері сенің жаның­ды толқытты білем. Аспанға алып кетті. Менің көңілім көкті шарлап ұшып жүр. Ұшып жүр, әке…
– Мектепке бармасаң бармай-ақ қой, деді күлімсіреген әкем. Олжас ақын елдің аузына ілікті. Есті Қазақтар қуанып жатыр. «Адамға табын жер енді» деген поэмасы қолыма түспеді. Келесі жолы әкелемін. Жап-жас жігіт бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Қазір поэмасын Америка құрлығында оқып жатыр деседі.
– Мен бірінші рет өз еркіммен мек­тепке бармай қалдым. Олжас барда, маған мектеп не керек? Түкке керегі жоқ. Олжастың өлеңдері мен үшін уни­верситет болатын. Дұрысы дүрілдеген тіршілік айбары еді.
Атам Құранды маңдайына тосып, үш рет сүйіп, алқызыл сәтен дорбаға салды. Сонан соң, маған тесіле қарап отырып:
– Биттің қабығындай кітапшадағы өлеңдерді оқы! – деді салқын дауы­сымен.
Мен тізерлей отыра қалып, бірнеше жылдар бойы жанымды баураған тосын Есімді ақынның өлеңдерін оқи жөнелдім.
…ты собаку ударил при мне,
чем собака тебя обидела?
Знай же —
не по моей вине
чабаны твой удар не видели.
Не положено бить
детей
и собак —
по закону степей.
Так поймёшь ли,
за что тебе
я, как волку, в глаза гляжу?
– Сен өзі мына кітаптағы өлеңдерді жатқа оқып отырсың ғой.
– Ата, өлеңнің өзі есіме жазылып жатыр. Таң қалып отырмын, ата.
– Менің зерек Арғымағым жара­дың! – деп сүйсінді атам.
– Кітаптың аты да «Арғымақ». Бұл жас ақынның аты кім?.. Олжас Сүлейменов. Тағы бір жырын оқы.

Вблизи Чингизских гор его могила,
Исколотая жёлтыми цветами;
Голодными, немилыми, нагими
К могиле приходили на свиданье.

И пили, усмехаясь, горечь песен,
И, колыхаясь, колебались травы,
Цветы желтеют грустно,
Как отрава…
Вблизи Чингизских гор его могила.
Атам үнсіз. Мен оған таңырқай қарап қалыппын. Ал атам қалтасынан сүйек шақшасын алып, асықпай насыбайын атты.
– Бұл жігіт қанша жаста екен?
– Жиырмадан жаңа асыпты – дейді.
– Жидебайда жерленген Абай атасын жырлаған. Екі-ақ ауыз өлеңге, қазақтың екі ғасырлық зарын сыйдырып жіберіпті. Қазақтың зарын зарлайтын ұл туған екен! Ана-Жерге Құдай жіберген Арғымақ екен!.. деп, сәл кідіріп үнсіз қалды да, Сен тағы бір-екі күн мектепке барма. Менімен бірге Жидебайға жүр. Абай бабаңның басына барайық. Бабаңды еске алайық. Құран бағыштайық. Құдайға құлшылық жасайық. Мына жас ақынның болашағын тілейік. Тіл-көзден аман болсын. Әмин. Жүр жолға жиналайық. Жеңіл пәуескені дайындайық, деп атам орнынан жеңіл тұрып кетті.

4

Жидебайдың жазығында атам бір апта жатып алды. Күнде таңертең Абай бабасының басына барып Құран оқиды. Ұзақ үнсіз отырады. Сонан соң жәйләп Абайдың әжесі мен Анасының басына барады. Ол жерде де Құран оқиды. Ол жерде де үнсіз отырады.
Кешке тағы бейіт басына барады. Сазарып жатқан мазарлардың қасын­да отырып, күн қып-қызыл шуағын шашып батып кеткенше тұрмайды.
Жетінші күні таңмен таласа көтеріліп тағы да Абай атаның басына кетті. Мені ерткен жоқ, жалғыз кетті. Мен пәуескені жолға дайындап дайын тұрдым.
Шай қайнам уақыт өткен соң, қайтып оралды.
– Дайынбыз ба? – деп сұрады.
– Дайынбыз.
Көк шөпке тізерлей отырды да Құ­ран оқыды. Дауыстап, ерекше ек­пін­мен, айрықша сабырмен оқыды.
Арбаға отырып жүріп кеткен соң барып;
– Құнекеңнің (Құнанбай қажы) басына бара алмадым. Жол алыс. Енді қайтып бара да алмаспын. Адамның көңілінен өкініш кетпейді ғой. Құнекең, менің ата-бабаларыма құрметпен қараған, ерекше сыйлаған. Адалдықтары үшін, кісіліктері үшін! Оны ұмытуға болмайды. Жидебайға жетіп, Абайдың басына, інісі Оспанның басына, Зере әжеміз бен Ұлжан анамыздың басына келіп мінәжәт еттік. Тәңірден жандарының жәннәттә болуын тіледік. Тәңір олардың жанын жәннәтта ұстасын! Тілеуіміз ақ қой, Тәңір келген жолымызға рахым жасады, қайтар жолымызды да оңғара көрсін.
Ал менің жүрегімді Олжастың өле­ң­­дері жаулап алған болатын. Жұп-жұқа кітапты жатқа оқитын болғам.
О казахи мои,
молодые и древние!…
Степь тянула к себе
Так, что ноги
под тяжестью гнулись,
Так, что скулы — углами,
И сжатое сердце лютей,
И глаза раздавила,
Чтоб щелки хитро улыбнулись.
Степь терпеть не могла
Яснолицых высоких людей.
Кто не сдался,
Тому торопливо ломала хребет,
И высокие камни валила тому
на могилу,
И гордилась высоким,
И снова ласкала ребят.
Невысоких – растила,
Высоким – из зависти мстила.
Сен өлеңін оқыған ақын жігіт, шынында да елі үшін туған перзент болса керек! Сөзі кесек, ойы биік екен!.. Тіл-көзім тасқа. Ол жігіт, енді менің дұғамда тұрады. Аллахуакпар!
Ұзақ жолда атам қайтып үн қатпады. Еріні жыбырлап өзімен өзі болып кеткен.
Ертеңінде мен мектепке барғанда, ешкім бір апта қайда болдың?.. деп сұраған жоқ.
Әкем де сұраған жоқ. Анам да сұрамады.
Таң қалдым.

5

1975 жылы Олжас Сүлейменовтың ғылыми-танымдық «Аз и Я» кітабы жарыққа шықты. Бүкіл Совет Одағы дүр сілкінді. Бостандық аңсаған интеллигенция қалпақтарын аспанға лақтырды. Совет Одағы орнағанына 58 жыл өткенде барып, социализм орнатуға жан салған елде, тұңғыш рет Ақиқат арқалаған сөздің шашуы шашылды. Ақиқат арқалаған ой түу көкке биіктей көтеріле жөнелген.
Естерін әзер жиған билік, жарыққа шыққан «Аз и Я»-ны, зынданға салды. Жүз мың тиражбен шыққан кітапты туратты, өртеді. Озық ойды, озбыр билік барын салып тұншықтырды. Бірақ озық ой, ойлы адамдардың санасына еніп үлгеріп еді. Енді оны тұншықтыру мүмкін емес болатын.
Ақиқат ескен жалау жығылмады.
Ақын Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабының оқырмандарынан он мыңнан астам хат алды. Әлемде ақын көп, бірақ кітабына он мың хат алған ақын, Олжас ақын ғана. Сол хаттардың көбін Мәскеуде Олжекеге өз қолымнан тапсырғанмын.
Бұл Олжас Сүлейменовтың жеңісі болатын.
Қазақ ұлтының да.
Озық ойлы Адамзаттың да.

6

Мен Қазақстаннан Мәскеуге оқу­ға әм ҚСРО жазушылар Одағында жауапты хатшы қызметін атқаруға жиырма тоғыз жасымда аттандым. Сол жерде мен жиырма жыл жұмыс істедім.
Қадырлы Ленин кітапханасында екі демалыс күндерінде тапжылмай отырушы едім. Қарапайым адамдар кіре алмайтын жабық залдарды аштым, айтылмайтын, жазуға рұхсат жоқ қанды сырлар толған залдардағы қолжазбаларды қопардым.
– О, ол ғажап жылдар еді. Халқым­ның қанды балақ тағдыры, түркі әле­мі­нің Сталин тас-талқан қылған тарихи тізбегі мен ерлікке, адалдыққа, әділдікке толы сыры ескі қолжазбаларда сайрап жататын. Тек ол ғажайып шындық жазылмайтын. Қызылдар түркі мәдениетін, әдеп-ғұрпын, әдебиетін, ерлікке толы өмірлерін құрдымға жіберген. Рух тулаған қазанның қақпағына қорғасын құйған. Түркі дүниесін келмеске жібердік деп күмпиген. Орыс дүниесіне жол аштық деп ұрандаған.
Ал бүгін түркі дүниесінің тарихы ақырын-ақырын ашылуда. Енді сол ақиқатты жазу, әлемге таныту ғана қалды. Ақиқатты қанша атқыласа да, Ақиқаттың өлмейтінін олар білмейтін. Орыстың Патшалары, кейінгі 70 жылда әлемді билемек болған қызылдар түркі дүниесімен үш ғасыр майдандасты. Әдет-ғұрыптарын, дүниетанымдарын, мәдениеттерін, тілдерін құртуға барларын салды. Бұл майданда олар айтулы жеңіске де жетті. Жиырма бірінші ғасырдағы қазақтар әлі күнге дейін өз тілдерінен жеріп, өзге тілде, – орыс тілінде сөйлейді. Ең үлкен қазақ қасіреті, қазақ Аналарының жатырында нәрестелер жат тілде сөйлеп тууында жатыр.
Қазақ дербестік алған отыз жылда, жоғалып кетуге шақ қалған ана тілдеріне жан бітіре алмады. Қазақтың, қорлыққа оранған тағдыры туған тілдеріне көрсеткен сатқындықтарынан-ақ көрініп тұрған жоқ па?!.
Ленин кітапханасында халқым­ның тарихына ендей кіріп, терең ізденіске түстім. Халқымның, Түркі дүниесінің өткенін білгім келді.
Кітапханаға таңғы онда бойыма барлық күш-қуатымды жиып кіргеніммен, кешкі тоғызда Ата-Бабаларым көрген қорлықтан қан жылап шығатынмын.
Жатар алдында Фатиха сүресін жеті рет оқитынмын. Сонан жаным қуат, еркіндік, тылсым тыныштық алатын. Мәскеу сағаты бойынша таңғы алтыда тұратынмын. Төсектен тұрмай жатып, Тәңірге табынатынмын. «Алаулаған таңды атырдың. Менің әлі де көретін күнім бар екенін білдірдің. Өмір сыйладың. Мың да бір рахмет ардақты Тәңірім», деп дұға оқитынмын.
Ал бұл кезде Қазақстанда таңғы тоғыз. Қазақ елі еңбекке отырған шақ. Мен де қолыма қалам алып, ақ қағазға төнетінмін. Халқыммен бірге болғым келетін.
Адам үшін халқымен бірге болу, бірге тыныстау, бірге еңбекке шығу өлшеусіз бақыт қой. Менің бойыма бұл түйсік пен түсінік Мәскеуде жиырма жыл қызмет жасағанымда келген. Мәскеуден соң да, мен шет елдерде көп жылдар өмір кештім. Бірақ әдетімді бұзған жоқпын. Бұл менің өмірлік қағидам болып қалыптасты.
Қазақияның тарихын сонша мол зерттегеніммен тарих туралы көп шығарма жазғам жоқ.
Менің шығармашылық әлемім жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырларда күн кешті. Қызылдардың қанды қыспағында «өмір» сүрген қазақтар туралы шындық жаздым. Бұл қатерлі жол еді. Бұл қатерлі жолға мені түсірген Тәңір болатын. Сонан да мен адам қолынан түзілген қатерден қорыққам жоқ. Қайта сол қатерлі жолмен жүріп өтуді өзіме парыз санадым.
Атам қазақ даласын еңіреткен аштық туралы көп айтушы еді. Оны айтқанда көзі жасқа толатын. Барлық туғандары сол аштықтың құрбаны болған. Әйелін ертіп екі ұлын арқалап, Жидебайдан Семейге жаяу жеткен. Екі ұлды асырауға шамалары жетпей, үш жастағы үлкен ұлын, сол кезде ашылып жатқан балалар үйіне береді. Түні бойы еңіреген әйелі, ұлды қайтып алуға таңертең барғанда, балалар үйі түнде Сібірге көшіп кетіпті. Сол құсадан әйелі қайтыс болады. Үлкен Семей қаласында, атам емшектегі баласымен – менің әкеммен жалғыз қалады.
Аштықтан қырылып жатқан қалада әке мен бала аштықпен күреседі.
Атам айтушы еді; Жидебайдан Семейге дейін екі жүз шақырымдай жолда, өлген адамдардың сүйектері шашылып жататын. Оларды жерге көмуге кімнің шамасы жетпек. Сол сүйектер күндіз де, түнде де ағараңдап көрініп жатушы еді. Жауын, қар, жел, сол ағараңдаған сүйектерді отыз-қырық жылда әзер «жеңді» ғой.
Бұндай қайғылы уақиғаларды Атам маған даладағы ұзақ жолда айтатын.
Сегіз миллион қазақтың тең жартысы, сол отызыншы жылдардағы аштықтың құрбаны болды. Тоқсан жыл өткен соң барып, халқымыздың санын он миллионға өліп-талып жеткізген болдық.
Ленин кітапханасындағы құпия зал да, далада ғұмыр кешкен Атам да, өтірік айтпайтын. Олжас та өтірік айтқан емес.
Ал Аштық Ана-Жердің төсінде ақиқат тосып әлі үнсіз жатыр.
Украинада да Голодомор өтті. Қазір туыс елдің әр қаласында аштықтан өлген адамдарға мықты бір-бірін қайталамайтын ескерткіштер тұр. Ал Қазақстанда Астана қаласында, «Турист» қонақ үйінің қуысында байғұс бір бала мен бір шалдың сүлбесі тұр. Намыссыз, арсыз биліктен не күтуге болады?!.

Если прав, будь с гордым горд,
он не отец пророка.
Будь с робким робок,
он тебе не раб.
Я так и поступал, клянусь, дорога,
не всем, кто ждал, помог,
ведь я не Бог,
что в силах одинокого поэта?
На все вопросы не нашел ответа,
но людям я не лгал,
Хотя и мог.
Сексенінші жылдары Олжас поэзия кітаптарын шығарғысы келіп алқынып-жұлқынған жоқ. Ол бүтіндей тіл туралы трилогиясы «Жазбалар тіліне» сапар шегіп кеткен. Мәскеуде кітаптары мүлдем шықпай қалған кез. Ал Кеңестер Одағындағы оқырмандар ақынның кітаптарын сұрап жататын.
Мен Мәскеудің «Художественная Литература» баспасымен Олжастың үлкен поэзия кітабын шығаруды келістім.
Қоңыр кеште Мәскеуден Алматыға Олжекеңе телефон соқтым. Кітап жөнінде айттым.
– Сол керек пе?.. – деп сұрады Олжас.
– Мәскеуде Сіздің кітабыңыз шықпағалы талай болды, – дедім.
– Сенің ойың қалай?..
– Шығару керек. Оқырман тосып отыр.
– Өзің біл, деді Олжас. Кітапты дайында, кейін мазмұнын көрсетерсің.
– Болсын. Бұл кітапқа алғысөз керек. Кімге жаздырамыз? – деп сұрадым.
– Старик, Алматыда түн, ал қазір мен Бірінші ғасырда отырмын. Ал сен Мәскеуде жиырмасыншы ғасыр­да тұрсың. Бұл әңгіме оған ұнамағанын сездім.
– Евгений Сидоровқа айтайын.
– Дұрыс. Сен оған дайын қолжазбаны апарып бер. Ал мен мына бірнеше ғасырдың тақсіретінен құтылған соң, оған телефон соғамын. Ол досымыз ғой, – деді.
– Келістік, – дедім.
– Сау бол, – деді баритон дауыс. Ол қайтадан бірінші ғасырдың құмдарына белшесінен батып, Алматыда жалғыз қала берді.
Мен де Мәскеу деген шулы тас қалада жалғыз едім.

7

Бір аптадан соң, Мәскеудің әдебиет Институтына бардым. Бұл Инс­титут қырық жастағы талантты жазушылар Анатолий Кимге, Владимир Личутинге және маған жеке әдеби шеберхана ашып берген. Бұл шеберханаларда прозашыларды оқы­та­тынбыз. Менің шеберханамда прозашылар да, ақындар да, аудармашылар да тәлім алды. Олардың бәрі Сібір халықтарының өкілдері еді. Өте қабілетті жастар болатын. Олар өз тілдерінде де, орыс тілінде де жаза беретін.
Шеберханадағы сабақ біткен соң, Институт ректоры Евгений Сидоровқа кірдім. Өте талантты, өте сабырлы, өте білімді адам еді.
– Сөйле, Роллан.
– «Художественная Литература» бас­­пасында Олжас Сүлейменовтың бір томдығын шығармақпыз. Сол кітапқа Сіз алғысөз жазсаңыз…
– Құда түсе келген екенсің ғой…
– Солай…
– Олжас қалай?
– Алматыда, бәрі жақсы.
– Кітапқа не кіреді?
– Таңдамалы өлеңдері мен «Қыш Кітап» поэмасы.
Евгений Александрович хатшы қызын шақырды.
– Бізге шәй дайында. Коньяк бар ма?..
– Бар, Евгений Александрович.
– Онда әкел бәрін. Маған бұрыла қарап, «Қыш кітап» дұрыс таңдау. Әлемде жүз ұлы поэма болса, «Қыш кітап» соның бірі. Әлем дүлділдерінің құрамына енген дүлділ жыр. – Ол поэмасын Олжас қай жасында жазды?!. – деп сұрады.
– Отыз жасында.
– Отыз жаста біздің мықтылардың қайсысы ұлы поэма жаза алды, а?.. Олжас Адам ғой! Кел, «Қыш Кітап» үшін ішейік.
– Ішейік, Евгений Александрович.
– Маған он күн уақыт бер.
– Қолжазбаны қалдырайын ба?
– Керек емес. Менің кітап сөрелерімде Олжастың барлық кітаптары бар. «Аз и Я»-ны өзі сыйлаған. Қолтаңбасы бар. Мен сенің шеберханаңа бірінші курстың үш студентін жібермекпін. Олардың біреуі Ленинградтан, екеуі Мәскеуден. Түркі жырларымен, түркі дүниесімен айналыспақ.
– Бұл ұмтылысты да дүниеге әкелген Олжас досымыз. Біздер орыстар Олжастың шығармашылық қуаты мен қасиетін танығымыз келмейді. Бұл өте қате пікір. Әрине бұл саясат. Дүниеде ең басты нәрсе Ақиқат пен Өнер. Біздің санамыз өркендемесе, біздер Ақиқатты да, Өнерді де жоғалтамыз.
– Ар-ұжданды өлтірдік қой.
Евгений Александрович маған сынай қарады, бірақ үндеген жоқ. Бұндай кабинетте бұндай оқыс ойларды айтуға болмаса керек.
– Сен әлі жассың ғой, – деді ректор. Олжасқа сәлем айт. Маған сенім артқанына рахмет. Мен саған Олжастың өзім жақсы көретін бір өлеңін оқиын.
Андрей! Мы с тобой кочевники,
нас разделяют пространства
культур и эпох,
мы бродяжим по разным
маршрутам,
как бог и религия.
Я хочу испытать своим знанием
веры великие,
о которых мой гордый рубака
и ведать не мог.
Я пишу по-этрусски о будущем,
ты расшифруй
голоса и значенья
в стены вонзаемых рун,
невегласам учёным доверь
истолкованный бред,
да мудреют они,
узнавая познания вред.
Я брожу по степям не сгибаясь,
как указательный палец
(указательный палец сгибается
только курком).
Это кажется мне: Аз и Я – Азия,
Ошибаюсь,
мы кочуем навстречу себе,
узнаваясь в другом.
– Соңғы жолда Олжастың ұлылығы жатыр. Терең білімі жатыр. Ата-бабаларының Даналығы жатыр. Кемеңгерлікке жол тартқан Олжас досым үшін ішіп қояйық! Салют!..

8

Мәскеудегі Колонный Залда КСРО Жазушылар Одағы Мұхтар Әуезовтың 90 жылдық мерейтойын өткізді. Баяндамашы Олжас Сүлейменов болатын. Баяндама тың тынысты ойларға, салмақты, салиқалы бірақ оқыс пікірлерге құрылған еді. Артық-ауыс сөз болған жоқ. Президиум разы. Жұрт Қазақ әншілерінің концертіне қалды.
Олжас мені ертіп, «Мәскеу» қонақ үйіне келдік. Жол бойы ағамыз үндеген жоқ. Баяндама қалай болды, деп сұраған жоқ. Кемеңгер адам оны өзі де біледі. Елден сұрап не қылады?!. Баяндама туралы мен де ешнәрсе айтпадым. Олжекең әлдебір ойлардың тұңғиығына түсіп кеткен. Үнсіз.
Бөлмеге кірген соң, сәл отырды да:
– Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы көңілімде жүрген бір ойды айта алмадым. Әлі де уақыты келмей жатыр, білем, деді де, қайтадан сигарет қорабын ұстады. Мен жылдам зажигалканы жақтым.
– Сен рестораннан тамақ алдыр.
– Коньяк аламыз ба?
– Жоқ, қызыл шарап алдыр. Мен жуынайын. Телефонды көтерме. Бү­гін ешкіммен сөйлескім келмейді, деді.
Сол кеште телефонға тыным болмады. Бірақ Олжекең телефон трубкасын көтерген жоқ.
Ақынның көңілін аулау үшін мен көптеген сұрақтар қойдым. Бұл сұрақтар әдебиет, өнер жөнінде болатын. Ара-арасында Олжекең текті қазақтар туралы, Бабалары туралы, өз өмірі туралы да сыр пұшпағын ашып қойып отырды.
Олжас Сүлейменовтың қасында жиырма жыл жүргенімде, дәл сол кештегідей кең, еркін отырған сәттеріміз көп болды ғой. Қаншама сұрақтар қойдым. Қаншама оқиғалар өтті, қаншама әңгімелер айтылды. Сұрақ аясын, небір тақырыптарға бөліп тастап, бірнеше кітаптар жазуға болар еді-ау. Уақыт тапшылық етті ме, өмір легі солай болды ма, әлде қазақы құнтсыздық бөгет етті ме, әлде жалқаулық бөгет жасады ма, білмедім?!. Бүгін ойласам, кешірілмейтін кінә, дұрысы Күнә. Кешірілмес Күнә.
– Сен енді үйіңе қайта бер. Жақсы отырдық. Ертең мен дем аламын. Мен үшін алаңдама. Жұмысқа бармай-ақ қой. Үйде жазуыңды жаза бер, – деді.
– Мұқаң туралы баяндамаңыз керемет болды, Олжас Омарович.
– Бір тілекті ойды айта алмадым. Айтуым керек еді, – деп мүдірді. Пенде уақыттың құлы… Ал нағыз Адам, құл болмауы керек. Біздің Қоғамдық Құрылым біздің құл болуымызды қалайды.
Сәл үнсіз отырып барып қайта темекі тартты.
– Әдебиет тарихында Автордың аты емес, ол жазған кітаптың аты қалуы тиіс. Ақиқат сонда жатыр, бауырым. «Война и Мир», «Гамлет», «Мадам Бовари», «Қарасөз», «Абай жолы»… «Жүз жылдық жалғыздық», «Старик и море»…
Мен үйге келген соң, Олжекең атаған ұлы кітаптардың аттарын жалғастырдым. «Илиада», «Махабхарата», «Бесы», «Шум и ярость», «Великий Гэтсби», «Қыш Кітап»…
– Бұл ұзақ тізім еді…
Ойшыл батыр-жазушылардың уақыт пен кеңістік аясында тұңғиыққа батпайтын, адам баласы тірі де өлмейтін кітаптарының жанды тізімі…

9

КСРО Жазушылар одағының кезекті бір пленумда Мәскеудегі атақты әдебиетшілер үйінің үлкен ресторандағы ортадағы столда, Олжас Сүлейменов, Мумин Каноат – Тәжікістанның Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, Әнуар Әлімжанов – Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы және мен отырғам.
Пленум енді ғана біткен, тамақ ішуге келген адамдар шірет тосып қалып еді. Сол шіретте тәжіктің атақты ақыны, Мұхтар Әуезовтың досы Мирзо Турсын-заде, қырғыздың ақсақалы Аолы Тоқамбаев, елге әйгілі, Расул Ғамзатов пен Қайсын Кулиев бар еді.
Мирзо Муалим шіретте тұрып қалыпты. Орын босатайық, – деді Олжас. Бәріміз орнымыздан тұрдық. Олжас тәжіктің ақсақалына басын изеп амандасты да;
– Муалим, жүріңіз, біздің орнымызға отырыңыз, деді.
– Бекер әуре болдыңдар ғой, – деді.
Қашанда қалжың айтатын, Расул Ғамзатов:
– Олжас, ішетін дүниені атап па едіңдер?.. – деді орындыққа отырып жатып.
– Екі бөтелке коняьк айтқанбыз.
– Көргенді жастарды дайындаған екенбіз, – деді Расул Мирза Турсын-Задеға қарап; Сендерге үшеуін қалдырамыз, Олжас.
– Біздің ақсақалдарға орын бергенімізді көрген орыстың атақты ақыны Евгений Евтушенко қатты дауыстады:
– Азия, ақсақалдарына орын беріп жатыр. Орыс шалдары шіретте тұр. Ал көсемсеген біздер отырмыз. Шығыс көне халық. Көне мәдениет, ілгері салт-дәстүр… Құр арақ ішкенше, мыналардан үйрену керек қой, деді де стаканына толтыра арақ құйып, аузына төңкере салды.
Біз рестораннан шыға бергенде, соңымызға Грузия Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нодар Думбадзе ілескен.
Евгений Евтушенко бізге қолын көтеріп:
– Прощай, Азия! – деп дауыстады.
Сонда Нодар Думбадзе ойланбастан, артына да бұрылмастан:
– Прощай, не мытая Россия! – деп рестораннан шыға берді.
Ресторандағы халық ду күлді.
Сол күні, Мәскеудегі жазушылардың ресторанында бұрын-соңды бол­маған арақ ішілді деседі.
Сол күн Совет жазушыларының кезекті пленумы ретінде емес, ерен жазушы шалдар үшін арақ ішкен күн болыпты. Тарих қолдан тұрғызылмайды. Бұны айтатындар алжыған патшалар. Тарихтың Анасы – Ақиқат.
– Мырзалар, дана Ақсақалдар үшін тұрып ішейік!
…И вышел раб
на снег в январский вечер,
и умер бог,
схватившись за живот…
Он отомстил,
так отомстить не смог бы
ни дуэлянт, ни царь и ни бандит,
он отомстил по-божески:
умолк он,
умолк, и всё. А пуля та летит.
В её инерции вся злая сила,
ей мало Пушкина, она нашла…
Мишеней было много по России,
мы их не знали, но она –
нашла.

10

Олжас Сүлейменовке сәлем бере келетін, мұң-мұқтаждарын айта келетін адамдар көп болушы еді. Олжас бәрін де ықыласпен тыңдайтын, бәріне көмек беретін. Қалтасындағы соңғы рублімен бөлісетін. Жиырма жыл қасында болғанда небір хикаяларға куә болдым. Қанша адамға пәтер алуға, көлік алуға, балаларын оқуға түсіруге, жазықсыз сотталған жігіттерді түрмеден алып шығуға, көмектескенін көзіммен көрдім ғой.
– Олжастың жоқ, – деп айтқан сөзін естіген емеспін.
Түн. Медеудегі қонақ үйдің балконында тұрмын. Алматыда коронавирус өршіген кез. Күніне екі жүзден астам адам мәңгіге көз жұмуда. Бірақ Алматыдағы ресторандар ығы-жығы халыққа толы. У мен шу да мол.
Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда! Бұл жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарындағы өзеуреген лозунг болатын.
Бірақ адамдар бір-біріне кешірімді, мейірімді, қайырымды еді-ау! Өтірік пен жағымпаздықты, ақша мен билікті қазақ жек көретін. Ондай кісімсігендерді жандарына жолатпайтын.
– Несін айтасың!.. Ол кез қайтып келмейтін заманға айналып кеткелі қашан?!.

11

Бүгін әдебиет өлген заман.
Үміт те үзілді. Үмітті де өлтірдік.
Ал біздің жас кезімізде үміт тірі еді. Бізді Ана-Жерде тірі ұстаған, Адам болуға ұмтылдырған айналайын үміт еді ғой. Сол үміт алып Жанартаудай жанып тұратын. Сол Жанартау бізді дүниенің астан-кестен арпалысында адасып кетпеуімізге, бағыт-бағдар болушы еді.
Бүгін Жанартаулар сөнді. Жалғантаулар жерді жәйләп барады. Бірақ олар отқа өртеніп, жоқ болатынын білмейді.
Махаббат та өлді.
Махаббат базарға айналып кетті. Қыздар шетелдіктерге тұрмысқа шығуды үлгі ғып ұстады. Немесе, миллионерлердің алдында көлбеңдеді. Немесе, билік басындағылардың басын қатыруға ұмтылды.
Махаббат әлемінің ғажайып құпиялары келмеске кетті.
Сиқыр сезімдері жоғалды. Енді оны Дешті-Қыпшақ даласынан от ұстап жүріп таба алмайсың.
Сатқындық күнделікті өмірдің мерез көрінісіне айналды. Ертеде Сатқындық жеккөрініш тудыратын. Ондайларға жиіркенішпен қарайтынбыз. Ал бүгін сатқындық, саған жоғарыдан төмен менсінбей қарайды.
Жер бетін, қас қағым сәтте арам шөптер жаулап алды!
Аула сыпыруға әзер жарағандар, бүгін ғалым. Ал нағыз ғалымдар жұмыс таба алмай сандалуда.
Адамзат цивилизациясы да, өлім иісін сезіп үлгерді. Ана-Жердің құшағындағы бар байлық түгесілуге тақау. Ал Ана-Жердің үстінде жын ойнақ.
Гректердің мәдениеті қайда?.. Римдікі ше?.. Түркі дүниесінің мәде­ниетінің қашан?.. қайда?.. Жоғал­ғанын білетін адамдар енді жоқтың қасы.
Бір кездері, түні бойы, театрға билет алу үшін, кітаптар сатып алу үшін, ұзақ шіреттерде тұратынымыз қайда?!.
Мәдениет деген сөз қолдануда бар. Тек мәдениеттің ауылынан көз жазып қалдық.
Fas еst – «Все дозволено».
Римские полководцы
посылали солдат на
варварские города,
вооружив легионы
правом:
фас!
Fas – погружайте клыки:
мир для вас.
Fas – на чужую
жизнь и имущество нет
запрета.
Fas – это блеск суженных злобой
глаз,
расчеловеченье это.

И вспыхнули в Риме ХХ века
скрещенные молнии фразы fasist.
Да, первый философ
в черной рубашке
был – лингвист.
В наследство от предков
ему достался
варварский мир (он был историк).
Он – в черной рубахе,
Он – против черных
(он был истерик).
Нам –
все дозволено!

12

ХХ ғасырдағы қазақ жырының Арғымағы Олжас Сүлейменов.
«Қыш кітап» әлемнің ең үздік дастандарының қатарына жатады.
«Аз и Я», «Жазбалар тілі» ғасырлар Ақиқатын арқалаған Алып кітаптар.
Олжас Сүлейменов адамзат баласының ой-толғамындағы теңдесі жоқ құбылыс.
Олжас Сүлейменов, менің өмірдегі де, өнердегі де ұстазым!
Олжас Сүлейменов өмірін де, өнерін де, өзгені де сатпаған қазақ.
Олжас Сүлейменов жан баласының алдында бас имеген қазақ. Жалынбады. Жалбарынбады. Тура сөйледі. Тура тіршілік жасады. Сабырлы, салмақты, от жүректі тұлға боп өмір сүрді.
– Оның Адами, Әдеби мектебі Дешті-Қыпшақ даласында жоғалмасын!
Түркі әлемі үшін, үзілуге еш хақысы жоқ, түркі руханиятына жол салған Асқақ Ақынның өмірі ұзақ болуын тілеймін.
Қазақтың өз-өзін іздеген рухани сапары да таусылмасын!
Дешті-Қыпшақтың Жанартаула­ры, қазақтың қанын ойнатсын, жа­нын өркендетсін, намысын көтерсін, рухын аспандатсын.
Жанартауларымыз жанып тұрсын!
Жанып тұрған Жанартаула-рымыз­ды, Қазақ елі көруге, тануға, ұғуға, бағалауға жандарын салсын!

– Дара болсаң, Олжастай бол!
– Дана болсаң, Олжастай бол!

– ОЛЛЖЖЖАААААСССС!..

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
ХХІ ғасыр

Шыңғыстау, 21-22 наурыз

Комментарий (1)

  1. Reply
    Әділ Құрықбаев.говорит

    Керемет эссе. Рахмет Роллан аға. Олжас ағамыз қазақтың маңдайына біткен дара биігі, қайталанбас феномені. Мен кезінде Олжас ағамыз 60 жасқа толғаннан кейін бір айдан кейін туған баламның атын Олжас деп қойып едім. Олжас ағамдай дара, ешкімге бас имейтін азамат болсын деп қойып едім. Балам сондай азаматболып өсіп келеді. Олжас ағама ұзақ өмір тілеймін.

Пікір қалдыру