Тотияйын тілді тарландар

ШЫН АТЫМ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ
2024 жылы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған бір жиында «Менің атым Қожа» кинофильмінде Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Сегізбаев: «Енді сен Қожа деген аттан өмірі құтыла алмайсың, Нұрлан атың жайына қалады», – деп еді бір кезде мамам. Соның айтқаны рас болды, бүгінде қайда барсам да көпшілік «Уа, Қожа келді» деп қошеметтеп жатады», – деген екен.

БІР ЖӘШІК БАЛМҰЗДАҚ
Кешегі кеңес дәуірінде Қазақстаннан бір топ ақын-жазушылар делегациясы Киевке барады. Делегация басшысы – Әбіш Кекілбайұлы. Ресми жиналыстары біткесін қонақтар Украина астанасын аралауға шығады. Сол кезде Әбекең: «Әй, Темірхан, сен қала тұр, шаруа бар, Киевтің қай көшесінде не бар екенін соңынан айтып беремін», – деп, ақын Медетбек ұлын өзімен бірге алып қалады. Содан екеуі қонақүйдің алдындағы буфеттен бір жәшік балмұздақ сатып алады.
Мұны көрген Темірхан: «Ойбай-ау, Әбеке, мынаның бәрін кім жейді?», – деп азар да, безер болады. Әлгі жәшікті Темірханға көтертіп, екеуі қонақ үйдегі бөлмелеріне келеді. Келе-сала Әбекең балмұздаққа жауша тиіп, 10 данасын әп-сәтте қаусатып-ақ тастайды. Және жегені де қызық, ешкімге ұқсамайды, әуелі бетін тілімен аздап қарпып өтеді де, қалғанын қауашағын қысып қалып, аузына қылқ еткізетін көрінеді.
Таң-тамаша қалған Темірханға сонда Әбекең: «Алматыда бүйтіп жей алмайсың, бұл жерде мені ешкім танымайды, қайтейін, бала күнімізде қасқа болып тәттіге қолымыз жетпеді. Әлі күнге жеңсігіміз тарқаған жоқ. Киевке бет алғанда «әй, бір оңашасын тауып, балмұздаққа тоюды жол бойы ойлап келдім», – деген екен.

ЛӘЗЗАТТАН ҚҰР ҚАЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Ана бір жылдары Қазақстан Министрлер кеңесінің №4 емдеу басқармасының Алматыдағы үлкен ауруханасында белгілі ақындар Хамит Ерғалиев пен Мұзафар Әлімбаев екеуі кезекті ем-дом қабылдап жатады.
Емдеуші дәрігерлер:
– Шылым шегуден тыйылғандарыңыз жөн… Никотин деген пәле көп сырқаттың, мехнаттың қайнар көзі, – деп қатаң ескертеді. Содан екі ақын да темекіден үзілді-кесілді бас тартайық деп бәс тігіп, қол алысады. Арада үш күн өтеді, Хамаң да, Мұздағаң да сөздеріне беріктік танытады.
Төртінші тәуліктің таңы әлетінде Мұзафар дәлізге шықса, Хамит көк түтінде будақтатып тұрады.
– О, Хама, Мынау не?! Уәде қайда?!, – дейді Мұзафар өз көзіне өзі сенбей. Сонда Хамаң:
– Мұзаш! Сен сабыр ойла… Жуырда шетелдің журналынан аударылған бір материалды оқығаным бар… Темекі тартқандар мен арақ ішкендер ондайдан безгендермен салыстырғанда он-ақ минут бұрын өледі екен… Сол минутқа бола осындай ләззаттан құр қалайын ба?!», – деген екен.

ТАҢ АЛДЫНДА ҚҰТЫРУ
Задында, өнер адамдарының қолға қалам алар шабытты сәті де әр алуан ғой, біреуі – кешке, біреуі – түнде дегендей…
Қалай дегенмен де, ең жемісті шақты – таң алды деп білген ақын Хамит Ерғалиев басқа мезгілдерде қалам тартпайтын көрінеді. Бірақ, дәрігерлер ақынның шабыт шақырар шағы қауіпті мезгіл екенін ескертеді. Таңда бүкіл ой-сананы сығып алатын күрделі шығармашылықпен, соның ішінде өлең жазумен айналысуға болмайды, құтырып ауруы мүмкін деген қауіп айтады. Алайда, айтқанынан қайтпайтын Хамаң, дәрігерлердің бұл кеңесіне құлақ аспай: «Өлең жазғанда құтырып кетсем, арманым жоқ», – деген екен.

ҚАЙНЕКЕЙ-АУ, ҚАЙНЕКЕЙ…
1958 жылы Қайнекей Жармағамбетов «Ара-Шмель» журналының бас редакторы болып тағайындалады. Бұл хабарды ести сала, Садықбек Адамбеков басшысын жаңа қызметімен құттықтай келе, мұндай елеулі оқиғаның «жуылуы» тиіс екенін есіне салады. Айтқыш, тілі удай сатириктен әдемі қалжың, айтыла жүретін тың тапқырлық күткен, мына жауыр болған, жөпшөңгі сөзіне айызы қанбаған Қайнекей әдейі түсін суытып:
– Сен де көп қарабайырдың бірі екенсің ғой. Бар жоғал!, – деп қолын бір сілтейді.
Өзі ақын, өзі сатирик бола тұра, құттықтауын жер бауырлаған сөзбен жеткізгеніне көңілі толмай қалғаны анық еді. Дос назын түсіне қойған Садықбек бұрылып есіктен шығады да, сол сәтінде қайта кіреді. Алдына келіп, бір тізерлеп жүгінген бойда:
Қайнекей-ау, Қайнекей,
Садықбегің мінеки.
Ақшаң бар ма, кәнеки,
Ресторан әнеки!, – деген екен.

САРЫ САЙТАН – САДЫҚБЕК
Қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі – Ғабиден Мұстафин Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланғанда дастархан жайып, той ырымын жасайды. Сол тойда атақты сатирик Садықбек Адамбеков тілек айтушылар ішінен суырылып шығып:
– Жолдастар, дүние жүзінде шала сауаттылардан неше адам әдебиет классигі болғанын білесіздер ме? Білмесеңіздер біліп қойыңыздар. Бірі – Максим Горький, бірі – Ғабиден Мұстафин, бірі – мына мен – Садықбек Адамбеков… Үшеуміз де жоғары білімділігімізді куәландыратын құжаттан жұрдай болсақ та, әйтеуір көштен қалмай, адам боп кеттік қой…», – деп төкпектетіп, жұртты мәз қылады.
Той тарқап, біраз уақыт өткеннен кейін таныстарының бірі: «Ғабеке, салтанат кезінде кімнің лебізі айрықша ұнады?», – деп сұрайды ғой.
Сонда Ғабиден ақсақал: «Той үстінде сөйленген сөздердің ішінен әлгі сары сайтан Садықбек Адамбековтың айтқаны ғана есімде қалыпты. Бәтшағардың сөз саптасы сойқан, бар шындықты бетке басып, қояңды шығарып тұрса да, шамданбайсың, тек ыржаңдап күле бересің!», – деген екен.

Дайындаған Жұмабай ҚҰЛ




ПІКІР ЖАЗУ