Рамазан мен Жұлдызай

Сәкен СЫБАНБАЙ

І

Қалалық ауруханаға ауыр жаралы екі адам келіп түсті. Жол апатына ұшыраған қыз бен жігіт екен. Жап-жас. Әрі кетсе жиырма бестер шамасында. Тау бөктерінен төмен құлдилап келе жатып, рульдегі жігіт байғұс қапелімде көлік тізгініне ие бола алмай қалған секілді. Күмістей жарқыраған ақ сұр «Мерседес» заулаған күйі жол жиегіндегі қауқары шамалы қорғаныш қоршауды бұзып өтіп, бірнеше рет салдырлай аунап барып, сай табанынан дамыл тауыпты. Әлгінде ғана көркі көз тартқан сәнді көліктен енді сау-тамтық жоқ деседі. Темір екеш темірдің өзінің талқаны шықса, соншама сойқан соққыдан соң мына екеуі қалай тірі қалып жүр – адам сенбейтін ғаламат. Рас, кеудесінде шала-жансар жаны бар дегенмен, бұлардың да әрі қарай адам боп кетерінен онша үміт болмай тұр. «Тіршілік үшін аса маңызды ағзаларының бәрі дерлік зақымданған… көрер жарығы болса, Құдайдың құдіретіне шек жоқ қой, алайда… әй, қайдам…» десіп бас шайқасты дәрігерлер.
Көліктің нөмірі арқылы іздеу салынып, көп ұзамай екі жастың жай-жапсары толық анықталды да, туыстарына хабар берілді.
Алдымен қампиған қарны жейдесінің түймесін үзе жаздап мұртты жуан қара кісі жетті. Самай тұсы ғана сабын жұғып қалғандай аздап ағарып тұр, әйтпесе тікірейген қайратты шашы әлі де қап-қара. Қалтасынан қол орамалын алып, тершіген маңдайын, мойнын, желкесін жағалай сүртіп, сабырлы қалып танытқандай болса да, қошқыл өңінен мазасыздық табы айқын білінеді. Ойнақшыған ала көзі айналасын тінте қарап, тыным табар емес. Оның өкшесін баса ентелей тағы екеу кірді. Кең-мол пішілген келісті әйелдің халі тым мүшкіл тәрізді, әл-дәрмені құрып, құлай жаздаған соң, оны – сірә, қызы болар – жанындағы талдырмаш жас бойжеткен қолтығынан сүйемелдеп, дәліз шетіндегі ұзынша орындыққа отырғызды. Қыздың өзі де дыбысын шығармай қыстыға булығып, көзін сүрткіштей береді.
Анадайдан дәрігердің қарасы көрінгеннен үшеуі бірдей тұра ұмтылып, тұс-тұстан жамырап қоя берді.
– Аман ба әйтеуір?
– Халі қалай?
– Үміт бар ма?
Арықша келген жылы жүзді дәрігер жағдайды қысқаша түсіндіріп еді, әлі де әрі-сәрі күйде тұрған әйел:
– Қаршадай ғана болған қарашығым-ау, қайтейін… қайтейін… – деп кемсеңдеп қоя берді. Сөйтті де, дәрігерге қарап: – Не істесең де аман алып қалшы, айналайын! Қалағаныңды тауып береміз, тек құтқара көрші! – деді жалынышты үнмен.
– Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, – деді дәрігер бұларға көзәйнегінің үстінен кезек-кезек көз тоқтата қарап алып. – Бірақ алдын ала пәлен деп уәде бере алмаймын. Біздің де шамамыз келмейтін сәттер болады.
Тап осы мезетте сыңғырлап оның қалта телефонының әуені ойнай жөнелді. Түймешікті басқан дәрігер: «Немене? Ә, солай ма? Иә. Болды, болды, міне, келе жатырмын», – деді де, бұлармен бас изей қоштасып, дәліз бойымен жедел басып жылыстай берді.
– Қап, қырсық-ай!.. Бұлай болады деп кім ойлаған? – деді отағасы біраз состиып тұрған соң бірін-бірі сүйемелдей орындыққа қайта жайғасқан әйелі мен қызының жанына тізе бүгіп.
Сәл сабырға келгендей болған әйел басын көтеріп, оған жас толы жанарымен жазғыра қарады.
– Немене, – деді күйеуі түнере түсіп, – бұған да мен кінәлімін бе?
– Енді кім? – деді әйелі қызы сөмкесінен алып ұсынған жұқа қызғылт орамалмен бет-аузын сүртіп жатып. – Сенің кесірің емес пе осының бәрі?
– Жанжалды қайта бастамай, жайыңа отыршы.
– Бәленің бәрін бастаған мына сен!
– Айғайлама!
– Пап, мам, қойыңыздаршы енді! – Қыз жылап жіберді. Ашудан түтігіп кеткен әкесі де, енді қызынып келе жатқан шешесі де бір сәт үнсіз тұрып қалды.
Осы дәлізге өтер есікті шалқайта ашып, асыға енген біреу ақсаңдай басып бірден бері қарай беттеді.
– Кінәліні іздесең, міне, өзі де келді, сирағын сүйретіп… – деп мұртты жуан қара күңк етті.
Ұқыппен бастырылған сәнді сақалына аздап ақ араласқан ұзын бойлы келбетті кісі келе сала айғайға басты:
– Ақыры түбімізге жетіп тындың ба, оңбаған найсап? Қайда қашсақ та құтылмайтын болдық қой өзіңнен! Үлкеніміз де, кішіміз де! Сен мына өмірге бізді зарлату үшін ғана келіп пе едің, а?! Зарлатқанды көрсетейін мен саған!
Ол ә дегенше-ақ мұртты жуан қараның жағасына жармаса кетті.
Өтіп бара жатқан ақ халатты үш жігіт кілт кері бұрылып, таңдана қарап қалды да, артынша жүгіріп келіп, екеуін әрең ажыратты.
– Сені өз қолыммен өлтіріп қана тыным табатын шығармын, сірә! Көр де тұр, ендігі ісім сенімен болсын, жексұрын! – Сақалды кісі өзін ұстағандармен алыса жүріп те айғайлауын қоймады. Ақыры ызадан қалш-қалш еткен оны соның арасынша-ақ әлдекім шақыра қойған күзетшілер сыртқа алып шығып кетті.
Өңі әлем-тапырық мұртты жуан қара өңіріндегі үзілген түйменің орнын сипалап, үсті-басын қайта реттеген болды да, жанарын әлдебір алыс нүктеге қадағандай сазарған күйі қатты да қалды. Әлгі кісі тап берген кезде қорыққаннан атып тұрған әйелі мен қызы енді бір-бірінің қолынан ұстасып, сол арқылы біріне бірі дем беріскендей болып, иық сүйей қайта отырысты.
Әншейінде паңдығының қызуына палау пісе жаздап, дүниені төңкеріп тастайтындай боп дүңкиіп жүретін пенде сорлының шын мәнінде еш дәрменсіз екенінің дәлеліндей, қолдан түк те келмейтін, тек сарыла телміргеннен басқа лаж жоқ күту уақыты басталды…

ІІ

Қол ұстасқан қыз бен жігіт асықпай аяңдаған күйі күмістей жарқыраған ақ сұр «Мерседестің» жанына келіп тоқтады.
– Үйге ме? – деді жігіт көліктің оң жақ есігін ашып, қызды отырғыза беріп.
– Сәл жүріп қайтсақ қайтеді?
Қыздың ойнақы да назды үні мұның сұрақ та, өтініш те емес, бұйрыққа бергісіз бұла еркелік екенін сездіріп тұр. Жайғаса сала сөмкесінен орамалын алып, қаннен-қаперсіз қолайнасына үңілуі қарсы жауапты тіпті қабылдамайтынын аңғартқандай.
Жігіт көлігін дүр еткізіп от алдырды да:
– Қайда барамыз? – деп сұрады.
– Басымыз ауған жаққа!
Қыз осыны айтты да, жігітке қарап қасын керіп, кербезденіп қойды. Оған сәл аңтарыла қарап қалған жігіт «саған дауа жоқ шығар» дегендей басын шайқады. Автотұрақтан қоңызша жыбырлап, кібіртіктей жылжып, әрең шыққан мәшине жарығы мол кең көшеге түскен соң, бірте-бірте бауырын жазып, ағыза жөнелді.
– Қалай, фильм ұнады ма? – Темекісін тұтатқан жігіт түтінін терезеге қарай үрлеп жіберіп, қызға сұраулы жүзбен қарады.
– Бір көруге болады.
– Екінші рет көруге жарамайды ғой?
– Мүлде!
– Саған, сірә, ештеңе жақпас, – деп күлді жігіт.
– Мынадай өтірік фильм кімге ұнайды, айтшы өзің? Өмірінде еш кино көрмеген біреу болмаса…
– Махаббат туралы деген соң, шақырып едім сені…
– Фильмнің сапасына сен жауап бермейсің ғой! – Қыз сықылықтап күліп жіберді. – Оған бола ыңғайсызданып қайтесің. Ең бастысы, екеуіміздің кездесуімізге жақсы себеп болды бұл.
Бағдаршамның қызыл түсіне кідірген көлік сәл аялдады да, жасыл жанған соң, күрт оңға бұрылды.
– Тау жаққа барамыз ба? – деді қыз.
– Өзің ғой, «біраз жүріп қайтайық» деген.
– Тамаша! – Қыз алақанын шарт еткізіп, қуанып кетті.
Қараңғылық қоюлана түсіп, кеш түнге ұласқан мезгіл болса да, көшедегі көлік легіне еш тыным жоқ тәрізді. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан қалың нөпірден көз тұнады.
– Қызық, ә! – деді жігіт біраз үнсіздіктен соң. – Адамдар сезімін жаңағы фильмдегідей ашық білдіре берсе, тіл табысу оңайлай түсе ме екен?
– Қайдам… Маған сол «сүйдім-күйдім, сенсіз тұра алмаймын» деп жарияға жар салып алып, кейін «қателесіппін, сенімен тұра алмайды екенмін» деп ажырасып жататындардан гөрі үнсіз ұғысып, тілсіз табысқандардың махаббаты берік болатын сияқты көрінеді.
– Біз сияқты ма?.. – Жігіт қызға қарап жымиып қойды.
– Экраннан, сахнадан артистер бір-бірін жақсы көретінін айғайлап айтып жатқан кезде өзімді тым қолайсыз сезінем, – деді қыз әлі де қолайнасына қарағыштап отырып. – Біреудің «ешкімге айтпашы» деп жалынған, сеніп тапсырған құпиясын бүкіл елге жайып жатқандай болады да тұрады. Әрине, рөлдері солай шығар, бірақ махаббат деген мен үшін – жүрекпен ғана ұғынар тылсым сыр…
– Бәлкім, олар соның бәрін өмірде өз сезімін ашық жеткізе алмайтын мына біз сияқтылар үшін айғайлап айтатын шығар? «Байғұстар кеудесіне тұнған тұңғиық шерді біздің аузымызбен шертсін, біздің сөзімізбен білдірсін, біздің үнімізбен ұқтырсын» дейтін болар? Кейде кино немесе спектакль көріп отырып, «мынау тура менің айтқым келген сөз ғой, дәл менің ойыммен үндес ой ғой!» деп таңданбайтын адам кемде-кем-ау.
– Мүмкін… Бірақ… мен үшін бәрібір біртүрлі… Өмірден алшақ.
– Онда, – деді жігіт шегіп болған темекісінің тұқылын көліктің ашық терезесінен сыртқа ытқытып жіберіп, – несі бар, 1:1 болдық.
– Қалай?
– Алдыңғы аптада сен қоярда-қоймай апарған спектакльге менің көңілім толмап еді ғой.
– Е-е-е… Менің өзіме де аса ұнай қойған жоқ сол. – Қыз қолайнасын сөмкесіне салып, кенет жігітке бүкіл денесімен бұрылып қарады да: – Әй, сен әңгіме соға бермей, жолға қара, – деді жорта қабағын түйіп.
– Шынында да, өзің айтшы, қашанғы ескі заманның ертегілерін езе беруге болады? – Қыздың ескертпесін елең қылмаған жігіт қызына сөйлеп кетті. – Сол баяғы Қарабай мен Сарыбай… Сол баяғы Монтекки мен Капулетти… Сол баяғы әулеттер арасындағы дұшпандықтың құрбаны болған бейкүнә ғашықтар… Сол баяғы атам заманғы, қазір болуы тіпті мүмкін емес оқиғалар… Осыларды сахналауда не мән бар? Бұ күнде бізді алаңдататын, басымызды қатыратын маңызды мәселе жоқ па басқа? Сосын… адамды сендіріп, шынайы ойнаса мейлі ғой. Тұнған жасандылық, жалаң пафос…
– Мәссаған, сен станиславскийшілеп «Мен сенбеймін» деп айғай салғалы отырсың ғой тіпті. – Қыз үнінен әнтек кекесін табы білінгендей. – Әбден ашыныпсың-ау, тегі.
– Жоға, рас қой айтып тұрғаным, мойындашы!
– Расы рас-ау, бірақ…
– Не бірақ?
– Сен көпе-көрнеу көпке топырақ шаша бермесеңші. «Бес саусақ бірдей емес» қой.
Қолын сермей түсіп, екпіндей сөйлеп келе жатқан жігіт қыздың ойнақы көңіл күйінің сәл байсал тартқанын сезді де, даусын бәсеңдетіп:
– Иә, актердің бәрі бірдей емес… жасандылық туралы айтқанда мен… тіпті… сенің әкеңді меңзеген жоқпын, – деді әлдеқалай қысыла кібіртіктеп. – Сол қойылымға қатысқан құрамның ішінде мейлінше шынайы ойнағаны сол кісі шығар қайта. Мен жалпы айтып отырмын.
– Менікі де жалпылама сөз. Әкемнің еш қатысы жоқ.
– Ол кісінің шеберлігіне еш шәк келтірмейтінімді білесің.
– Онда неге ақталып отырсың?
– Ақталу емес, мен жай…
– Жарайды, жарайды. Өтті-кетті, мән бермей-ақ қой.
Бұдан соң біраз уақыт екеуі де үнсіз қалды.
Мәшине кең де жарық көшелерді бірінен соң бірін артқа тастап, тауға қарай өрлейтін басты жолға түсіп алды да, көлік селінің біршама саябыр тартқанын пайдаланып, бір деммен сырғыды да отырды. Қос қапталдан жарыса қол бұлғап қалып жатқан үлкенді-кішілі үйлердің қатары бірте-бірте сиреп, азая берді. Енді айналаға салбырай төнген қою қараңғылықты тек мәшиненің айдаладағы аждаһаның көзіндей өткір жарығы ғана тінткілей тіміскілеп, діттеген бағытын жаңылмай тауып, заулап келеді. Жолдың сол қапталынан тік шаншылған тәкаппар тау сұлбасының сұсы басады, оң жақта түбінде шылжырай аққан болмашы жылғасы бар тастақты терең сайдың нобайы қарауытады. Жоғары өрлеген сайын жол бұларды сонау аспандағы жамыраған жұлдыздардың жанына бір-ақ шығарардай шығандап, ақ сұр «Мерседесті» гүжілдете ышқынтып, едәуір қинап қойды. Бірақ тағы біраз жүрген соң қиялай қиғаш тартып барып, оңға ойысатын тарлау соқпақ бар екен. Солай бұрылған бұлар көп ұзамай көздеген межесіне жетті де, түнгі тымық ауаны олай да бұлай оса тілгілеп келе жатқан көліктің бірсарынды гүрілі де өшіп, құлақ тыншыды.
Бұл – осылай сейіл-серуенге шыққанда немесе бар дүниені ұмытып, екеуі ғана оңаша қалғысы келгенде қыз бен жігіттің ұдайы ат басын бұратын құпия аралы, сырласу орны еді. Осы тау бөктерін талай шарлап қыдырғанда қызға бірден ұнаған ұжмақтай тыныш мекен осы болатын. Арқа тұста қандай қатерден болсын қорғап қалар қамқоршыдай маңғаз Алатау манаурай түксиеді, ал алда – сонау көз ұшындағы етекте, қызылды-жасылды жарығы жарқ-жұрқ еткен, қызық-қырманы тәулік бойы толастамайтын дулы Алматы жатыр. Дәл қазір, шілденің жуан ортасында қаладағы қалың жұрт даңғаза шудан, қапырық ыстықтан қайда қашып құтыларын білмей, балконды айқара ашып тастаса да балбырап ұйықтай алмай, төсекте дөңбекшіп жатқан шығар. Ал мына жақта, тау бауырында – саф ауа, салқын самал, самсаған ағаш, мүлгіген меңіреу тыныштық. Нағыз жан рахаты дерсің! Тек әлдебір жақтан талып естілген тау өзенінің асау сарыны асыға жүйткіген алыстағы пойыз сартылындай құлақ алдап, құмығып қана шығады.
– Көктегі жұлдыздардан көз алмай осылай тұра-а-а бергім келеді! – деді қыз телегей аспанға телмірген күйі. Екеуі көлікті қаңтарып қойып, төңірек түгел көрінетіндей тепсең қияға шығып алған-ды.
– Мен де, – деді жігіт қызға тақала түсіп. Талдырмаш бойжеткен бойшаң бозбаланың иығынан ғана келеді екен. – Бүгін қайта аспан ашық, ауа тымық боп тұр. Әйтпесе үнемі дәл осылай жарқырай бермейді. – Шалқая түсіп, шалқар кеңістіктегі әсем әлемге әуесі кете көз жіберген ол қызға қарап:
– Осы көркем көріністі не нәрсеге теңер едің? – деді.
– Білмеймін.
– Менің әжемнің сәнмен тігілген қара мақпал қамзолы бар еді, – деді жігіт. – Ал сол қамзолдың бүкіл өңірі мен етегін түгел қаусыра жауып қалың ақ ноқаттар төгіліп түскен-ді. Құдды шымқай қара шыт көрпенің үстіне әлдебіреу абайламай ұсақ ақ маржан шашып алғандай-ау, тегі! Жалт-жұлт етіп көз арбайтын. Керемет жарасымды еді. Түнгі аспандағы мына жымың қаққан жұлдыздар тура сол қамзолдағы әшекейлі ақ моншақтарды көзіме елестетеді. Қазір, бір өкінетінім, бұрынғыдай емес, ауылға өте сирек баратын болдық. Жылда жазға жоспарлаймыз, бірақ еш ыңғайы келмейді: не әкемнің қолы тимейді, не шешем мен қарындасымның шаруасы көбейіп кетеді, не өзім босай алмаймын. Кейде жалғыз өзім ештеңеге қарамай тартып-ақ кеткім келеді, дегенмен ол жақта айналып-толғанып қарсы алар әжемнің жоқ екенін ойлап, тағы қамығып қаламын. Сол баяғы алаңсыз бала кезді, балғын шақты, ауылдың таза ауасын, ашық аспанын, сенсең, әлі де сағынам. Алыстаған сайын аңсата түсетіндей. Сол аңсар, сол сағыныштың әсерімен бірде тіпті өлең де жазғам. – «Осыны бекер айттым ба?» дегендей ол сәл қобалжығандай болып, бір жөткірініп қойды.
– Так-так, айта түс, мен білмейтін тағы қандай сырың бар? – деп қыз лезде ашуланған болып жатыр. – Сенің өлең жазатыныңнан мен неге бейхабармын осы күнге дейін? Қане, жауап бер!
– Өй, қайбір жетіскен өлең дейсің. Ауылды ойлағанда далбасалап тілге оралған бірер шумақ қой. Соның өзін он рет өзгертіп, қайта-қайта шимайлап, әрең құрастырдым. Оның үстіне, толық бітпеген де…
– Мейлі… Маған айтпағаның үшін бәрібір айыптысың. Кінәңді жуып-шаю үшін тап қазір сол өлеңді оқып бересің!
– Жоқ…
– Қарсылық қабылданбайды! – деді қыз сот залында тұрғандай ресми-қатаң үнмен. Даусының шынымен-ақ біртүрлі қатқыл шыққаны сонша, екеуі де шыдай алмай күліп жіберді.
– Жарайды, бірақ сен күлме, иә, – деді жігіт алдын ала ақталғандай. – Ақын емеспін ғой.
– Күлем бе, күлмеймін бе, оны өзім білем, – деді қыз тағы да байсалды бола түсуге тырысып. Бірақ онысынан түк өнбей, аузын алақанымен жауып, үн шығармай булығып күліп алды.
– Құдайым-ай, айтып нем бар еді, – деді жігіт шынымен-ақ өкінгендей болып. Бірақ көп кідірмей, «бәрібір құтылмаспын» дегендейін, «уһ» деп бір күрсініп алды да, қара аспандағы қалың жұлдызға қарап тұрып қоңыр дауыспен ақырын оқи жөнелді:
– Масахана, жазғы жайлы, тымық түн,
Тымық түннің тылсымына құнықтым.
Тірлік бір сәт тоқтап тұра қалғандай,
Аспандағы Ай да бүгін тұнық тым.

Мұндайда, рас, ұйқы әсте келмейді,
Жүрегіңді жұмбақ толқын кернейді.
Сан тарапқа ала қашып санаңды
Сан түрлі ойлар жанға маза бермейді.

Еске салып бала күнді кекілді,
Қиял кезер қияларды не түрлі.
Аспандағы ақ моншақтар
Әжемнің Қамзолының әшекейі секілді…
«Бары осы» дегендей жігіт кілт кідірді. Қызға бұрылып қарауға жүрегі дауаламағандай жанарын көктен алмай қатты да қалды.
– Мәссаған, сен тіпті жынды екенсің ғой! – деп қыз бұның иығынан нұқып қалғанда барып оған аңтарыла қарады. Оның не айтқанын түсінбегендей меңірейіп біраз тұрды да:
– Айттым ғой, күлме деп… – деді.
– Күлдім бе, не?
– Енді… «жынды» дегенің «күлді» дегенмен бірдей емес пе…
– «Жындысың» деген – «сен мықтысың» деген сөз ғой қазір, соны да білмейсің бе? Жап-жақсы жазыпсың-ей!
– Соқ өтірікті!
– Шын.
– Қайдам. Мені әдейі осылай алдап сендіріп алып, артынша мазақтап күлетін шығарсың, «өлең жазу сенің не теңің?» деп. Бірер жолын қасақана жаттап алып, Құдайдың құтты күні құлағыма тыныштық бермессің.
– Қойшы, қашан мазақтап едім?
– Қашан дейді ғой тағы…
Қыз сылқылдап бір күліп алды да, іле-шала байыпты бола қалып:
– Рас айтам деймін, тәп-тәуір шыққан. Екі ауыз сөздің басын құрамайтын қазақ аз, сол қатардағы қазақтың өлшемімен алғанда, тіпті былай! – деп бас бармағын көрсетті.
– Солай ма?
– Әрине. Тіпті мен күтпеген жағдай. Жарайсың!
Жігіт сенер-сенбесін білмеген жандай дүдәмал халде үнсіз қалды. Ал қыз қайтадан аспанға қарап біраз тұрды да:
– Расында да, түнгі аспан – тура қара мақпал қамзолдай екен-ау, – деді. – Ал шүпірлей жалтылдаған жұлдыздар – сол қамзолдың бетін көмкерген мап-майда моншақтар. Керемет!
Еріксіз көкке қайта көз жіберген жігіт:
– Бәрібір ауылдың аспанына жетпейді, – деді. Сосын әлдебір қызық жайт жадына оралғандай жайдары жымиып алды да, сөзін сабақтады. – Кішкене кезімде ауылға жиі баратынбыз. Сонда кешқұрым ымырт үйіріле ауыл аспанына сансыз жұлдыз самсап шыға келетін. Мен таң-тамаша болып, сүйсіне қарай беретінмін. Сенесің бе, сол ауыл аспанындағы мың-сан жұлдыздай көп жұлдызды осы кезге шейін басқа еш жерден көрген емеспін. Қызық. Әйтпесе қай жерде де аспан – сол аспан ғой. Бәлкім, қалада дәл ондай ғажап көріністі көп көре бермеген соң шығар, күн батса болды, шалқамнан түсіп аспанға телміремін де жатамын. Мұнымды әжем байқап жүріпті. Бір күні шай үстінде әке-шешеме әбден ұрсыпты: «Өмірі жұлдыз көрмегендей көзі ақшиып аспанға қарап жатып алатыны несі-ей осы неменің? Алматыларыңда аспан жоқ па, әлде бәрің бірдеме жоғалтқандай жерге қарап жүремісіңдер? Қиял соғып, басы ауыратын бала емес пе әйтеуір? Ондайы болса, мына Оспан молдаға оқытып алайық!» депті. «Қойыңыз, апа, бұның еш жері ауырмайды. Бұл өзі сондай біртүрлі, қияли бала» деп жүріп, бәрі әжемді райынан әрең қайтарыпты…
Жігіт лекіте күліп алды. Оған қыз күлкісінің күміс сыңғыры ілесті. Бұдан соң әрқайсысы өз ойымен әуре болып, әлденуаққа дейін тым-тырыс қалды.
– «Адам өлгеннен кейін оның жаны аспанға ұшып, жұлдызға қонады екен» деуші еді әжем жарықтық. – Үнсіздікті бұзған қыз кенет байсалды әңгіме бастады. – Сені тыңдап тұрып, өз әжемді есіме алдым. Бала күнімде біз де ауылға баратынбыз. Кейде ол кісі бізге қыдырып келетін. Өзі бір қызық адам еді. «Сендерді әбден сағындым, жандарыңда жаз бойы жатпасам ба осы…» деп артынып-тартынып, дорба-домалағын асынып келеді де, екі күннен кейін асыға бастайды: «Қап, әлгілер қораның есігін жапты ма екен-ей? Бір қой ақсап жүр еді, өрісте қап қойып, сорлап қалмасын… Жүгеріні суаратын уақыт та болды, айтпасаң, біле ме солар?» деп ауылдағы баласы мен келінін біраз жамандап алады да, ақырында солардан артық адам жоқ боп шығып, «Қой, жүрегім қысылып, мына тас үйлеріңе сыя алар емеспін, ауылыма қайтайын, жаман немерелерімді сағындым, қайтіп күн көріп жатыр екен байғұстар» деп қайтадан тартып отырады.
Екеуі қосыла күлді.
– Ауылдан көп ұзап шығып көрмеген осы бұрынғының адамдарында кейде жер кезген жиһанкез, тіпті ғаламторды олай да бұлай шарлауға мүмкіндігі мол көзі ашық кісі сезіне бермейтін тылсым сырлар жасырынып жататыны бар, – деді қыз әлгіндегі байыпты қалпын қайта тапқандай баяу үнмен. – Оларды бүгінгі дамып кеткен ғылым мойындай бермес, бірақ сонау бала күнгі тұнық санама әбден тұтылып қалған соң ба, әйтеуір әжемнің әлгі сөзін еш ұмыта алмаймын. Кім біледі, сол айтпақшы, менің марқұм анамның жаны да аспандағы жұлдыздар әлеміне көшті ме екен? Менің оларға ұза-а-ақ телміріп қарай бергім келетіні де содан, яғни анамды бір көруді көксейтінімнен шығар?
– Мүмкін. – Жігіт қызды құшағына тартып, шашынан аялай сипады. – Дүниедегі жүрегіне мейірім шуағы тұнған ең асыл жан – анаңнан сен ерте айырылдың. Рас, әкең сені барынша мәпелеп-ақ бақты, еркелетті, бар қалауыңды орындауға тырысты. Алайда ол бәрібір дәл анаңдай бола алмайды ғой. Өйткені ананың орны бәрібір бөлек. Сондықтан сені түсінем…
Қыз жігіттің кеудесіне басын қойып, бауырына тығыла түсті. Ал жігіт оны жұбатпақ оймен сөзін жалғастыра берді:
– Айтпақшы, жақында интернеттен оқыдым, Кариб теңізіндегі аралдардың бірін мекендейтін бір тайпада мынадай тосын ғұрып болған екен: қылмыс істеген немесе басқалай себеппен жазықты болған кінәлі адамды олар қоныс ортасындағы ашық алаңқайға әкеліп, арнайы жазалау ағашына таңып байлап тастайтын көрінеді. Сосын оның тәнін жалаңаштап, гевея тұқымдас әлдебір тропик өсімдігінен алынатын… і-і-і, аты қалай еді, чола ма, әлде чула болар, ұмытыңқырап қалыппын… сондай қоймалжың шірені әлгінің денесіне әбден жағады екен. Бұл өзі кез келген нәрсеге магниттей тартылып, майлы күйедей баттаса кететін желімнен де өткен жабысқақ неме болса керек. Чоламен тұтас шыланған қылмыстының үстіне енді тез жабысқыш бамбуктың жас қабықтарын апарып шаптайды. Соның бәрі сорлының тәніне кенедей жабысып тынған соң, оларды бір-бірлеп жұлып ала бастайды екен. Әбден желімше сіңіп, жездей қатқан немелер құр өзі жұлынушы ма еді – әлгінің терісін қоса жұлады-дағы! Шыршаға ілген сансыз әшекейдей самсаған пәлелердің әрбірін жұлып алған сайын бейбақтың құлындағы даусы құраққа шығып, шыңғырады дейді. Енді ше, адамның терісін тірідей сыпырумен тең жаза ғой бұл.
Денесі тітіркеніп кеткендей еркінен тыс «түһ» деп тыжырынған қыз жігіттің иығынан басын жұлып алды да:
– Қайдағыны қайдан тауып аласың осы? – деп бұртиды. – Мұны неге айтып отырсың маған?
– Ақырына дейін тыңдасаңшы, – деді сабырлы қалпынан танбаған жігіт. – Сол секілді, әр жақынымыздан айырылған сайын біз де әлдекім жанымыздың, жүрегіміздің бір үзігін қоса жұлып алып жатқандай қиналамыз, аһ ұрамыз, ойбай сап жылаймыз. Өмірде өзің жақсы көретін, қадір тұтатын қимас адамың неғұрлым көп болса, солармен мәңгіге қош айтысқан сайын соғұрлым көп күйзелесің. Менің кейде үйде екі-ақ перзент болғанымызға қуанатыным бар. Өйткені баяғы аталарымыздай он ағайынды болсақ, солардан біртіндеп айырылу маған тіпті ауыр тиер ме еді.
«Осы сен не айтып кеттің өзі?» дегендей, қыз жігітке аңтарыла қарады. Оның жабырқау жүзіне көзі түскен жігіт те сөзінен жаңылғандай мүдіріп қалды.
Ағаш басындағы жапырақтарға жан бітіріп салқын леп есті. Мұрынға арша мен самырсынның ашқылтым жұпары келгендей болды. Желөкпе самал жеткізген тағы бір тәбет ашар хош иіске қарағанда бүлдірген мен долана да аса алыста емес-ау. Кеуде кере кең тыныстаған ғашықтар табиғаттың осы бір тылсым тыныштығын бұзғысы келмегендей қиялға шомып, біраз тұрды.
– Әлгінде сен дұрыс айттың, әкем мені мейлінше мәпелеп-ақ өсірді, – деді қыз әлі де ой орманында адасып жүргендей самарқау үнмен. – Бос уақытының бәрін маған арнауға тырысты, алақанына салғандай ғып аялап бақты. Мен ол кісіні керемет жақсы көрем. Бірақ… соншама қамқор бола тұра сондай абзал әкенің өзі ана деген құдіреттің орнын баса алмайды екен. Білесің бе, қазір анамды қатты сағынып жүрмін. Тіпті түсіме де жиі кіреді… Айтпақшы! – деп ол кенет жалт бұрылды. Даусының оқыс шыққаны сондай, қамсыз тұрған жігіт қапелімде селк ете қалғандай болды. – Айтпақшы, есіңде ме, «біздің үйдің телефонына үнемі біреу қоңырау шала береді, бірақ тұтқаны көтерсем, үндемейді» деп едім ғой?
– Иә. Есімде.
– Әбден жыныма тиетін сол. Шылдыр етеді. Жүгіріп барып, тұтқаны аламын да, «Алло» деймін. Ешкім үндемейді. Тіпті кейбіреулер секілді пысылдап тыныс алғаны да сезілсеші! Жоқ, тым-тырыс. Әуелде әкеме ғашық әйелдер емес пе екен деп күдіктенгем. Актерді жақсы көрушілер аз болмайды ғой. Бірақ, біріншіден, менің әкем көрсеқызар адам емес, екіншіден, тіпті сондай ынтызар біреуге ықылас танытты-ау дегеннің өзінде оған үй телефонының нөмірін беріп не көрініпті? Қалта телефоны да жетпей ме? «Осы бір көненің көзін жұрт ұмытқалы қашан, тек біздің үйде ғана қалған шығар. Бұған қазір «Қазақтелекомнан» басқа пенде баласы қоңырау шалмайды, алып тастайықшы құрғырды!» деп талай айттым әкеме. «Әне, міне» деп, ұмытып кете береді.
Бір күні түсіме анам кірді. Екеуіміз сырласып отыр екенбіз деймін. Жалпы не туралы сөйлескеніміз ояна сала-ақ есімнен шығып кетті, бірақ сөз соңында: «Сен енді менің даусымды ести алмайсың, тым болмаса мен сенің үніңді естіп жүрейін дедім» дегені анық жадымда қалды. Түк түсінбей, мәнісін сұрап едім, «Егер үйдегі телефон шырылдаса, бірақ тұтқадан ешқандай үн шықпаса – қорықпа, ол менмін. Жай… сенің даусыңды естігім келгені деп біл» деді. «Мама, бұ не дегенің? Осылай істеуге бола ма екен? Бұл мүмкін емес нәрсе ғой!» деп оны құшақтап, жылап жібердім. Ояна кетсем, жастықты құшақтап жатыр екенмін. Жастығым жасқа әбден шыланыпты… Осы түсімнен кейін де үй телефоны үш рет шырылдады. Екеуінде тұтқаны алуға жүрегім дауаламады. Үшіншісінде қорқа-қорқа барып алдым. Сол баяғы үнсіздік. Бірақ бұрынғыдай жыным құрысып, ешкімге ренжігенім жоқ, бейтаныс әлдекімдерді тілдеуді де ойламадым. Тек қайта-қайта «алло» деп қойып, жылап тұрдым.
– Сен анаңды көп ойлайсың, сағынасың, сондықтан да ол жиі түсіңе енеді, – деді жігіт даусына сәл ойнақылау, көтеріңкі реңк қосып. Сірә, жабырқаулы қыз көңілін сергітіп, әңгіме ауанын өзгертпек тәрізді. Бірақ қыз мұны аңдаған жоқ.
– Әкем театр сахнасында өте көп рөл ойнады, – деді ол жанарын тағы да зау биіктегі жұлдыздарға қадап. – Әсіресе балаларға арналған қойылымдарға жиі қатысатын. Мені солардың ешқайсысынан қалдырмаушы еді. Біресе жаудың бәрін жеңетін қаһарман батыр болады, біресе «үф-сүф» десе-ақ ауру атаулы құлан-таза айығып кететін бақсы-балгер бейнесіне енеді, енді бірде бар нәрсені жоқ етіп, жоқтан бар жасайтын, тіпті өлген адамды тірілте алатын сиқыршының нақ өзіне айналады. Сол сахнадағы ерлігінің бәріне ес-түссіз беріле сенетінім сонша, «дүниеде менің әкемнің қолынан келмейтін іс жоқ!» дейтінмін. Баламын ғой енді…
Бір күні анам қатты ауырды. Бұрын да анда-санда күркілдеп жөтеліп, жатып қалатыны бар-ды, бірақ артынша ем-домын жасап, жазылып кететін. Осы жолы оңбай түсті ме, әйтеуір қайтып басын көтеруі мұң болды. Әкем әрі-бері зыр жүгірді, дәрігерге апарды, емшіге қаратты – ешкім көмектесе алмады. Анам көз алдымызда күннен-күнге шөжіп, қуарып, семіп бара жатты. Ақыры сол… төсектен тұра алмаған күйі көз жұмды. Сонда… өмірімде бірінші рет әкеме қатты ренжідім. «Қайда сенің бәрін жеңетін батырлығың? Қайда әлгі дерт атаулыны жаза алатын бақсылығың? Жоқтан бар жасайтын сиқырың қайда? Неге анамды аман алып қала алмадың?» деп бақырып жыладым. Ажалға ешкімнің де қарсы тұра алмайтынын қайдан білейін ол кезде… Ақымақпын ғой…
Мұңды әңгіменің санаға кәдімгідей салмақ салып, қайдағы-жайдағыны ойға оралтып, көңіл түкпірінде өшуге айналған қоламтаңды қайта қозғап жіберетіні бар. Екеуі де мұң тұманына еніп, едәуір малтықты.
– Кешір, – деді қыз сәлден соң ептеп серпілгендей болып. – Көңілсіз әңгімеммен еңсеңді езіп жібердім бе? «Қайта-қайта әке-шешесін айтып мыжып кетті-ау мынау» деп ішіңнен ренжіп тұрған шығарсың?
– Мен бе? Жоға, о не дегенің, – деді жігіт. – Сөзіңнің басқа емес, тура әкеңе кеп тірелгеніне қайта қуанып тұрмын.
– Неге?
Жігіт сәл кібіртіктеп барып жауап берді:
– Енді… қашанғы осылай жасырынып жүрмекпіз? Ата-анамызға айтпаймыз ба?
– Нені? – деді қыз әңгіменің бағытын жақсы ұғып тұрса да.
– Екеуіміздің үйленетінімізді.
Қыз үндемеді. Бірақ оның жүрегінің кенет тарсылдай жөнелгенін, кеудесін кернеген тылсым бір сезімнің, көл-көсір қуаныштың атқақтап келіп алма бетіне бір-ақ шыққанын жігіт, айнала қараңғы болса да, тұла бойымен анық сезді.
– Өзің ше? – деді қыз бір кезде. Толқығаннан ба, үні біртүрлі бәсең шықты. – Сен айттың ба?
– Айттым, – деді жігіт. – Анамның өзі де сыртымнан сезіп жүрсе керек, қипақтап, сөз бастай алмай тұрғанымда дереу көкейімдегіні дөп басты. Сосын екеуіміз еркін сөйлестік.
– Не деді?
– «Әкеңмен ойласайын» деді. «Қыздың ата-анасымен танысайық, білісейік» деді.
Осы сәтте төмен жақтан – түбінде шылжырап қана ағып жатқан болмашы жылғасы бар тастақты терең сайдың тұсынан бір оқыс дыбыс шықты. Түнгі тымық ауаның әуез қағып, әрі-бері қақпақыл ойнайтыны бар емес пе, тіпті жақын жерден естілгендей жалт қаратты.
– Бұл не? – деді қыз үрейлене.
– Мұнда не көп – аң-құс көп. Солардың дыбысы-дағы.
– Көпқабатты үйдің пәленбайыншы қабатының балконында тұрып-ақ «төмендегі пәтерлерге шаң кіреді-ау» деп қысылмастан көрпе-жастығын қатты сілкіп қағатын адамдар бар ғой, тура солардың тарсылдатып кілем қаққанына ұқсайды екен.
Жігіт күліп жіберді. Иығы селкілдеп, біраз уақыт тоқтай алмады.
– Сонша күлгені несі?
– Түу, не деген сөз! – Жігіт күлкісін әрең тыйды. – Басқа теңеу аузыңа түспеді ме? Уһ, ішім-ай!
– Енді… тыңдасаңшы, сондай дыбыс қой әйтеуір.
– Меніңше, бұл – жыртқыш құс, – деді жігіт. – Мына көзге түртсе көргісіз қараңғылықты пайдаланып, жымын білдірмей дәл жемтігінің үстінен түскен болар. Құдай біледі, енді соны жәукемдеп жатыр. Жаңағы «кілем қаққандай» дегенің – солардың соңғы арпалысы, қанат суылы шығар.
– Қандай қорқынышты!
Әлгі дыбыс лезде тына қалды да, қайта естілген жоқ. Төңіректі бәз-баяғысынша меңіреу тыныштық басты.
– Осы шатқал туралы аңызды естіп пе едің? – деді қыз жүрегі орнына түскендей орнықты үнмен. – Баяғыда бір атақты да дәулетті кісінің ұлы әлдебір дүбірлі тойда ас қамдап жүрген қарапайым қызметшінің сұлу қызын көріп қалып, бірден ғашық болыпты. Сол тойдағы сайыстарда мергендігін де, батылдығын да, ептілігін де көрсеткен бай мырзасының серілігі селт еткізген қыз да оны құлай сүйіп қалса керек. Екеуінің ғажайып махаббаты елден елге тарап, жұрт ежелгі қисса-дастандарда суреттелетін Жүсіп пен Зылиха тап осындай-ақ болған шығар десіп, сырттай сүйсінеді екен. Бұлардың кездесіп жүргенін біліп қалған бай «Құл-құтанмен құда болмаймын» деп, ұлының бұл қызға үйленуіне үзілді-кесілді қарсы шығады. Ары айтып, бері айтып, бетін қайтара алмаған соң жігіт қызды алып, ешкімге сездірмей қашып кетеді. Өзендерден өтіп, асулардан асып, ақырында осы таудың бауырына келіп жасырынған екен. Күн артынан күн өтіп, екі ғашық оңаша бақытты ғұмыр кешіп жатады. Құс атып, аң аулап, жеміс-жидек теріп жеп, күнелтеді. Дегенмен байдың шабармандары да тіміскіленіп қалған пәлелер болса керек, індете іздеп жүріп, жол-жөнекей сұрастыра-сұрастыра осы жерді тауып келеді. Сөйтіп, жігітке әкесінің «анау жарлының жаман шөпжелкесін тастап, өз еркімен елге қайтсын, орнына пәлен деген байдың уылжыған сұлуын алып беремін» деген пәрменін жеткізеді. Бұған көнбесе шабармандар күштеп әкетуге мәжбүр. Бұларға керегі – байдың мырзасы ғана, соны аман-есен әкесінің қолына тапсырса бітті, ал мына қыз байғұс қайтпек, оның тағдыры не болмақ – бәрібір. Қос ғашық болса, әрине, бір-бірінен айырылғысы келмейді. Екеуінің уәжіне әлгілер тіпті құлақ та қоймайды. Ақыры басқа амалы қалмаған қыз бен жігіт өзара көзбен ғана ұғысады да, қол ұстасқан күйі анау таудан, – қыз жалт бұрылып, арқа тұстағы асқақ шыңға қарады, – осы шатқалға секіріп кетеді. Бай кейін бармағын шайнап, жалғыз ұлының сүйегін қайта-қайта іздетсе керек, сол күйі ешкім таба алмапты.
Үнсіз тыңдап тұрған жігіт тағы да мырс етіп күліп жіберді.
– Кешірші, – деді сосын оң қолын кеудесіне қойып, айыпты адамдай басын ие түсіп, – бұдан әрі шыдай алмадым. Сен осы өткенде көрген спектакльдің әсерінен әлі айыға алмай жүргеннен саумысың? Не айтып кеттің тағы да?
– Аңыз.
– Аңыз, көркем шығарма, сахна дегендер – өз алдына бөлек әлем ғой! Олардың бізге қатысы шамалы. Ал өмір – мүлде басқа. Бағана айттым ғой, қазір баяғы Қарабай мен Сарыбайдың, Монтекки мен Капулеттидің заманы емес. Біздің махаббатымызға ешкім қарсы тұра алмайды. Түу, мен де тура сахнада тұрғандай пафоспен сөйлеп барам ғой тегі, қысқасы – біздің үйленуімізге ешкім де қарсы болмайды дегім келген… Қойшы енді, мұңая бермеші. Келші, қане!
Жігіт құшағын кең жайды. Қыз сәл кібіртіктеп барып, оның бауырына батылсыздау кірді.
– Міне, енді жөніңе келдің. Бұдан былай біздің құшағымыз еш ажырамайды. Уәде ме?
– Уәде, – деді Жұлдызай жігітке күлімсірей қарап.
– Уа, дүние, естідің бе? Уәде! – деп саңқ етті Рамазан қызды құшағына қыса түсіп.

ІІІ

Ұлының үйленбек ниетін білген Салиха қатты қуанды. «Несі бар? Биыл жиырма беске шығады. Отау құрар жасқа келді» деп ойлады ол. Рамазанның сыбай-салтаң бос жүрісінен секем алып, «бұл да әкесі сияқты әбден сүрленгенше жүрер ме екен?» деп ара-тұра уайымдап қоятын еді. Әйтеуір кейінгі кезде онсыз да үсті-басына ұқыпты ұлы айна алдында тым жиі бөгеліп, бұрынғыдан да сәнді киінетін болды, кейде іңірде үн-түнсіз әлдеқайда кетіп қалып, тым кеш оралатынды шығарды. Мұны аңғарып жүрген Салиха «Осы неме үйленгелі жүр-ау, сірә» деп кәдімгідей елегізе бастаған-ды.
Топшылауы дөп екен. Бағана түскі ас үстінде Рамазан бірдеме айтатындай жиі-жиі жөткірініп, бірақ соған батылы бармағандай қайта үнсіз қалып, өзінен-өзі қобалжып отырды. Ұлының қарадай қысылып, әлекке түскеніне күлкісі келген Салиха ақыры сөзді өзі бастап, ақырын сыр суыртпақтаған. Осы күннің балалары еркіндеу келуші еді, неге екенін кім білсін, Рамазаны ондай емес. Оның үзіп-жұлып айтқан сөзінен ұққаны – көңіл жарастырған қызы бар екен. Оқу бітіріп, қазір емханада жұмыс істеп жүрген көрінеді. Аты – Жұлдызай. Рамазаннан екі жас кіші. Қыздың шешесі ертеректе дүние салыпты, ал әкесі театр актері екен.
Кешке күйеуі жұмыстан келген соң Салиха бүгінгі жаңалықты оған баптап отырып баяндап берді. Мұның әңгімесін Мыңжан дастархандағы мол асты қарбыта асап, мұрты майланып, ұрты қайта-қайта айналып отырып, үнсіз тыңдады. Өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен ол, нағыз майталман маман болғандықтан шығар, мансап баспалдағымен үнемі жоғары өрлеп келеді. Қайбір жылы еді, осы… әйтеуір тағы да бір саты өсіп, генерал шеніне ие болды. Зейнет жасынан асып бара жатса да, Құдайға шүкір, көпшілік қолқалап, демалысқа шығармастан, лауазымын сақтап, төрге оздырудан танған емес. Адамның білім-білігі, мол тәжірибесі елдің қажетіне, саланың мұқтажына жарап, кәдеге асып жатса о да жақсы екен-ау. Салиха күйеуінің осы бір өз ісіне шын берілген адалдығына сүйсінеді.
Екеуі танысқан кезде Мыңжан жасы отызға таяп қалған сақа жігіт еді. Салиханың да жас болып жайқалып тұрғаны шамалы, жиырма бестен асып-ақ кеткен-ді. «Отызға дейін отау құра алмай жүргені де осы қызметке тым қатты беріліп кеткенінен шығар» деп топшылаған. Өзі көп сөзі жоқ, біртоға жігіт көрінді. Сәл бірбеткейлеу, өзімшіл мінезі барын кейінірек аңғарған Салиха «мейлі, ер-азаматқа ол да үйлесімді шығар» деп түйген. Көп ұзамай екеуі бас қосты. Құдайдың берген бір ұл, бір қызын сүйді. Енді, міне, сол ұл үйленем деп отыр.
– Е-е, өнер адамдарымен құда болмақпыз де, сөйтіп? – деп бір ыңыранып қойды Мыңжан әйелі мән-жайды түгел тәптіштеп болған соң. Сөйтті де, ыстық шайды ысылдата тартып, үн-түнсіз ойланып отыра берді. Кесесін шәйнекке қарай жиі-жиі жүгіртіп, ұзақ ішті. Пора-порасы шығып, әбден терледі. Орындық арқалығындағы сүлгіні алып, маңдайын, мойнын, желкесін түгел ысқылай сүртіп шықты. Бабына енді келгендей боп балбырап, шалқайыңқырап отырды. – Жар-р-райды, – деді сосын әйеліне қарап басын болмашы ғана изеп. Қыз туыстарының қай жақтың, қай ортаның адамдары екенін там-тұмдап сұрағаны болмаса, аса тереңдей қойған жоқ.
Өзін түздің ғана адамы санап үйренген ол отбасына қатысты шаруаның бәрін әйеліне ысыра салып, өзі сырттай бақылап қана жүруді әдетке айналдырған еді. Мұны жақсы білетін Салиха да, баяғы шешесінің тәсіліне салып, маңызды шаруаның бәрін шалына бипаздап отырып түсіндіріп, мақұлдатып алатын да, әрі қарай түгел өзі атқаратын. Мыңжанның мына «жарайдысы» да соның мезіреті екенін ұққан ол тездетіп болашақ құдаларға хабар салудың қамына кірісіп кетті.
Ал бұл уақытта Жұлдызай үйінде әрі-бері сенделіп жүрген-ді. Бір жағынан, алып-ұшқан жүрегі қуаныштан жарылғалы тұрса, екіншіден, осы сезімін сыбырласа отырып сыр ғып шертер анасының жоқтығы жанына қатты батты. Қанша жерден жақсы көрсе де, еркелесе де, еркін сөйлессе де, мұндай сырды әкесіне қалай айтпақ? Әкенің аты – әке ғой, қайткенмен де. Жоқ, айта алмасы анық. Он ойланып, жүз толғанған ол ақыры әкесіне хат жазбаққа бекінді. Оны жазу да оңай болмады. Бірнеше ақ парақ мыж-мыж боп умаждалған күйі қоқыс шелегіне кетті. Әлден уақтан соң барып айтар сөздің нобайы жүйеленгендей болды:
«Көке! Мен өзімді жақсы көретін, қадірлейтін, бағалайтын адамды жолықтырдым. Ол маған үйленейік деп ұсыныс жасады. Ақ батаңызды сұраймыз» деп шолақ қайырды.
Бағанадан бері қаншама қағазды шығын қылған қыруар сөздің бәрі артық боп шықты. Тіпті «Мен де оны ұнатамын» деп жазуға ары жібермеді. Әкесіне олай деу өте ұят секілденді.
Бір жапырақ хатты әкесінің кабинетіндегі жұмыс үстеліне апарып қойды. Артынша қайта айналып келіп, хатты ол жерден алды да, айнаның бетіне магнитті жапсырмамен қыстырды. Жұмыстан келген соң әкесінің айнаға әйтеуір бір қарайтыны анық. Ал газет, кітап, пьеса, сценарий араласа ыбырсып жататын үстелдің үстінен хатты көрмей қалуы да мүмкін.
Сол күні Біржан театрдан қатты шаршап шықты. Жас режиссерлардың талғам-талабы өзгеше ме, әлде мұның ұстаным-көзқарасы ескіре бастады ма, әйтеуір еш тіл табыса алмай-ақ қойғаны. Өз пікірін бүгіп қала алмайтын турашылдығы да ешқашан абырой әперген емес. Басқалар қалыс қалып, көбіне үндемей құтылатын тұстарда мұның үнемі белсеніп шыға келетіні рас. Мұндайды қай басшы ұната қойсын.
Жүйкеге түскен салмақтың, жан күйзелісінің кісі бойындағы басқа да ауру атаулыны қоздыра түсетіні шын шығар, көңіл-күйі түскені өз алдына, желке тұсы суыра тартып, басы сынып кетердей ауырғаны-ай. Тіпті дімкәс аяғы түгілі, сау сирағы да қоса сырқырағандай болып, үйге ақсаңдай сүйретіліп әрең жетті. Келе сала ежелгі әдетінше бірден душқа кірді. Жуынып-шайынып, кептірініп алды да, диванға жатып аз-кем тынықты. Басының ауырғаны басыла қоймаған соң дәрі ішті. Ас-суға зауқы соқпады.
Сөйтіп жатып қалғып кетіпті. Түс көріпті. Әйелі марқұм тірі екен дейді. Аққұба өңі одан сайын алабұртып, бұрынғыдан да сұлулана, жасара түскендей. Үстінде әдемі ақжібек көйлек, аяғында алтын жалатқандай жалт-жұлт еткен келісті туфли, толқынды қара шашына көз жауын алғандай қып-қызыл гүл қыстырып алыпты. «Апырай, Алтынайым ғажап сұлу екен ғой» деп сүйсіне қарайды бұл, осы көрік-келбетті бұған дейін бағалай алды ма, жоқ па, байыбына бара алмастан. Көкмайса далада сонау көкжиекке дейін созылар ғаламат ұзын үстелге көл-көсір дастархан жайылған екен дейді. Даладай дастархан басында қарақұрым кісі. Көпшілігін танымайтын секілді, біразын шырамытатындай ма, қалай? «Жаңағы Алтынай қайда кетті? Ә, ол мында төрде отыр екен-ау. Ол неге төрге шығып алған-ей? Тоқта, оның үстіне кигені қалыңдықтың көйлегі сияқты ма, немене? Сонда ол тағы да күйеуге шықпақшы ма? Мен тірі тұрғанда… Бұл қайткені? Мен қайдамын өзі? Бармын ба мына тойда?». Қанша іздесе де ол өзін таба алмады. Дастархан басындағыларды шетінен шолып келе жатып кенет… шошып кетті – бір шетте қызықты ду-думанға селсоқ қарап қойып мұның марқұм әке-шешесі де отыр! «Ау, бұлар қайдан жүр?» Түк түсінсе бұйырмасын. Қайтадан төрге қарады. Алтынайдың жанында ұзын бойлы қара торы біреу пайда бола кетіпті. Бұ кім тағы? Жақындап кеп қараса – о, тоба! – Алтынай дегені Алтынай емес, Жұлдызай екен. Өзінің қызы! Алла-ай, айнымайды-ау, айнымайды! Қызының анасына тартқанын бұрыннан жақсы білсе де, осыншама ұқсас деп ойламапты. Осы сәтте: «Әй, сен мұнда неғып жүрсің?» – деген зілді дауыс зірк ете қалды. Жалт қараса – Алтынай! Дәл өзі! Бірақ жүзі әлем-тапырық боп кеткен. Әншейінде шуақ шашып тұратын мейірімге толы көздерінен қорқынышты от ұшқындайтын тәрізді. «Мұнда нең бар? Кет бұл жерден? Жоғал! Тез!» деп дүрсе қоя бергені. Бұл сасқанынан не істерін білмей, состиып тұрып қалған екен, әйелі ұмтылып кеп кеудесінен нұқып, итеріп жіберді. Алтынайдан мұндайды күтпеген бұл шатқаяқтап барып шалқалай құлады. Құлады дегенімен, жер тіпті жеткізер емес – құдды бір түпсіз терең тұңғиыққа түсіп кеткендей әлі құлап келеді, әлі құлап келеді. Бұл жан ұшыра айқай салды…
Біржан өз даусынан өзі шошып оянды. Көзін ашса:
– Бастығырылып қалғансыз-ау. Тым жайсыз жатыпсыз өзіңіз де, – деп қызы жастығын түзеп беріп жатыр екен. – Тұрыңыз, шай дайын.
Орнынан тұрған Біржан кеудесін жалаңаштай сусып кеткен халатын қайта қаусырынды да, белін буып, кабинетіне беттеді. Мана креслоның арқалығына асығыс іле салған үй киімін киіп, айнаның алдына келді де, ұйпа-тұйпасы шыққан шашын тарады. Жаңағы түсініксіз түсі ойына қайта оралды. Желке тұсы солқылдап тағы ауырғандай болды. Үсті-басына және бір көз жүгіртіп, мезгілсіз ұйқыдан ісінген қабағын уқалай айнаға үңіле бергенде жапсырылған хатқа көзі түсті. Жұлып алып, лезде оқып шықты. Өз көзіне өзі сенбегендей жұмыс үстелінде жатқан көзәйнегін киіп, қайта оқыды. Сосын орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Қыз баланың жатжұрттық болып жаралғанын, түбінде теңін тауып, бұл үйден кететінін Біржан білмейді емес, білетін-ді. Бірақ Жұлдызайды әлі күнге кішкентай бала санап жүрген ол қызының бой жетіп қалғанын аңғармапты. «Жасы он тоғызда емес пе еді? Биыл қай жыл өзі? – Қолы мен аузы қатар жыбырлап, ойша есептеп алған ол аңырып қалды. – Ойбай-ау, жиырма үште екен ғой! Уақыт қалай-қалай зымырайды, ә? Тоқта, Алтынайды да мен тура осы жиырма үшінде алған жоқ па едім? Иә, иә. Солай еді-ау».
Алтынай мен Біржан он үш жыл ғана отасты. Әуелден әлжуаздау, нәзіктеу жаратылған жарын жаман ауру ақыры алып тынды. Анасы көз жұмғанда Жұлдызай небәрі он бір жаста еді. Алтынай марқұм басқа перзент сүймеді. Соған өзін кінәлі сезініп, қысылыңқырап жүретін. Алайда бұл қасіреттің басты себепшісі ол емес, өзі екенін Біржан өте жақсы білетін-ді. Сондықтан да жарына еш қабақ шытқан емес. Оған сездірмей талай дәрігердің де алдын көрді. Ешқайсысы жәрдемдесе алған жоқ…
Әйелі дүние салғанда жасы қырыққа енді іліккен Біржан кішкентай қызына ана керек екенін түсінетін. Бірақ ес біліп қалған Жұлдызайдың басқа әйелді бәрібір «анашым» дей алмайтынын да сезді. Оның үстіне, өз жағдайы да өзіне мәлім, сол күйі үйленген жоқ. Бала күнінде сирағы сынып, содан онысы дұрыс бітпей, аяғын шойнаңдай сылтып басатын Балым атты тете әпкесі бар еді. Осы кемістігінің кесірінен күйеуге де шыға алмай қалған. Ауылдан сол Балымды алдырып, қызын соған аманаттады. Сөйтіп, өзі жұмыста, сапарда, гастрольде жүргенде қызын ойлап аса көп алаңдамайтын болды. Орта бойлы, ақсары өңді Балым – керемет балажан адам. Жұлдызаймен кәдімгі ересектермен әңгімелескендей шешіле сырласады, кейде түрлі ойын ойнайды, сабағына да көмектеседі. Сосын өзі сондай ғажап аспаз: бұлар ешқашан жеп көрмеген әралуан тағам түрлерін пісіріп береді. Әттең, жүріс-тұрысының кемістігі анық білініп тұрады, осы жарымжандығы болмаса бір үйдің шаруасын дөңгелетіп әкететін берекелі бәйбішенің өзі болар еді… Кейде Жұлдызайды ұйықтатып тастап, Біржанға: «Әй, кел, екі ақсақ өзіміз сырласып отырып шай ішейік!» – деп күлетін. Балым баяғы бала күнінен ақсақ болса, Біржанның мүгедек аяғының жыры басқа. Жарайды, өткен өтті, енді еске алғанда не мән бар…
Қызының балғын шақтарын қиялымен кезіп кеткен ол кенет ұйқыдан оянғандай болып қолындағы бір жапырақ қағазға тағы қарады. Қайталап оқыды: «Көке! Мен өзімді жақсы көретін, қадірлейтін, бағалайтын адамды жолықтырдым. Ол маған үйленейік деп ұсыныс жасады. Ақ батаңызды сұраймыз».
Осы сәтте кабинеттің есігі ақырын қағылды да:
– Көке! – деген қызының даусы естілді. – Тамақ суып қалатын болды ғой.
Лезде бойын жиып, тіктеліп отырған Біржан:
– Жұлдызай! – деді дауыстап.
Дауыстағаны бар болсын, өз даусын өзі естіген жоқ. Тамағын қырнап, бірер жөткірініп алды да, қайта шақырды.
– Әу! – деді қызы.
– Бері кел.
– Әлде сізге осында әкеліп берейін бе? – деп кіріп келген Жұлдызай әкесінің қолындағы хатты көріп, іркіліп қалды.
– Кел, қасыма отыр.
Қызы бері жақындап, қарсы тұрған орындыққа тізе бүкті. Жүзін төмен салып, әкесінің не дейтінін үнсіз күтті.
Ал әкесінің айтары көп еді: «Қызым-ау, менің сенен басқа кімім бар? Сенерім де, сүйенерім де өзің ғой! Сол сенсіз өмір сүре алмайтын бейбақ әкеңді тастап, кете бармақсың ба енді? Мына даңғыраған үйге сенсіз қалай сыямын? Жалғыз өзіме қалай ас батпақ? Осыны ойладың ба? Бірақ… қарап отырсам, екінші жағынан, сен менің қызым ғана емес екенсің-ау. Құдайдың жаратқан пендесісің, өз алдыңа бөлек адамсың. Сенің де өз жолың, өз тағдырың, өз өмірің бар және болуға тиіс те. Мына тіршілікте әркім өз соқпағын іздейді, өз бақытына ұмтылады. Менікі – бір сәттік қызғаныш, әкелік өзімшілдік, көңіл қимастығы шығар. Әйтпесе сен қуансаң, мен тіпті шаттана түспеймін бе? Сен бақытты болсаң, менің төбем тіпті көкке жетпей ме? Кешір, қызым. Лайым алдыңнан ақ күн тусын!».
Ол осының бәрін дауыстап айтып тұрмын деп ойлады. Сөйтсе, күй шерткендей күмбірлеп тұрған құр кеудесі ғана екен. Аузынан бір ауыз сөз шықпапты әлі.
Біржан орнынан түрегеліп барып, қызының қолынан ұстады. Сөйтті де, әлі де жерден көзін алмай тұрған Жұлдызайын құшағына тартты. Ешқандай нақты шешім ести алмай, әрі-сәрі күйде толқып тұрған қыз әкесінің мойнына асыла кетті де, қыстыға жылап қоя берді.
– Өй, жылағаны несі? – деді Біржан өзінің де көңілі бұзылып тұрғанын сездірместен қызын арқасынан аялай қағып, шашынан сипап тұрып. – Қой, көз жасыңды тый. Мен сенің ақылыңа сенем ғой, қызым. Сенің назарың ауған жігіт жаман бола қоймас. Ақ батамды берейін, шырағым. Бақытты болыңдар!
Қыз басын көтеріп, жас толы жанарымен әкесіне мейірлене қарады.
– Сіз сондай жақсы адамсыз, – деді алма беті алаулай түсіп.
– Сіз де, – деді Біржан ойнақы, әзілқой үнмен.
Екеуі де күліп жіберді.
– Ал енді мен құдаларымыздың кімдер, қандай адамдар екенін тәптіштеп тұрып сұраймын.
– Жүріңіз, көке, шай ішіп отырып әңгімелесейік.
Әкелі-балалы екеуі құшақтасқан күйі ас үйге беттеді.

IV

Екі тарап қаланың тау бөктеріндегі «Ақ босаға» мейрамханасында оңаша кездесіп, өзара танысты. Мыңжан әйелімен бірге өзінің туыс ағасы, бұлардың әулетінде сөз ұстаған сыйлы ақсақалдың бірі саналатын Дәрменге қолқа салып, қоса ала келіпті. Біржан болса, қызы мектеп бітірген соң-ақ ауылдағы қара шаңыраққа кетіп қалған баяғы Балым әпкесіне хабар жіберді. «Жүру-тұруымның оңай емес екенін білесіңдер, өздерің-ақ танысып-табыса бермейсіңдер ме, кейін тойларыңа бір-ақ барармын» деп әуелі бас тартқандай болған Балымға Біржан «Қызды бағып-қаққан, тәрбиелеген – сен, енді қызығының да басы-қасында өзің бол» деп қоярда-қоймай шақыртты. Сөйтіп, үш еркек, екі әйел ортаға оны-мұны алдырып, шай үстінде әжік-күжік әңгімелесіп, жақын білісе бастады.
Ұзын бойлы, ашаң келген, ақ шашты Дәрмен, расында да, сөзге ұста, ділмар кісі екен, дастархан тізгінін өзі ұстап, әңгіме арасына әзіл жүгіртіп, екі жақтың да өздерін еркін сезінуіне сеп болып, сергітіп отырды. Отыз жылдан бері университетте дәріс оқып жүрген профессор оңай адам болсын ба? Әйелдер жағы ә дегеннен өзара жылы шырай танытысып, ашық жарқын жауаптасып отырды. Жаңа танысқан жандардың бір-біріне бәрібір бірден үйіріле кете қоймасы анық қой, дегенмен Біржанның бойын бұдан да бөлек бір мазасыздық билеп алды. Бұл сезім ол құдасымен алғаш көріскен сәтте-ақ оянған еді. «Қайдан көріп едім-ей осыны?» деп қанша ойланса да есіне түсіре алмады. Мыңжанның үстел басындағы мығым отырысын, әр сөзін нық айтып, маңыздана сөйлейтін маңғаздығын, кісіге тік қарайтын шақшима көзін, кірпінің инесінше тікірейген шашын, аздап ақ араласқан қалың мұртын көрген сайын көңіл түкпіріндегі әлдебір таныс бейнеге бір табан жақындай түскендей болып, уайымы ұлғая берді. Мұның өңіндегі өзгерісті аңғарып, алаңдап қалған Балым «саған не болды?» деген сауалды қабағымен ұқтырып, қайта-қайта қарағыштай берді де, ақыры «е, байғұс-ай, қыз берген оңай деймісің, жүрегі сыздап отырған шығар» деп қоя салды.
Бірақ Біржанның көңілі еш орныға қоймады. Мыңжанға қараған сайын, неге екені белгісіз, жонынан мың сан құмырсқа жыбырлап өткендей тұла бойы тітіркеніп сала береді. Мұның жиі-жиі тесіле қарағанын құдасы әзірге аса аңғармаған да секілді. Әлде бұған солай көрінді ме…
Жатырқай басталғанымен бірте-бірте жаймашуақ рәуішке ойыса берген жылы жүздесу бастапқы ресми таныстық шеңберінен әрі асып, әр жақ өз әулетінің абыройын асыра дәріптеп, кімнің қайда не жұмыс істейтіні тәптіштеліп, елдегі қазіргі қиын ахуалға кімдердің кінәлі екені анықталып, бұл тығырықтан шығу жолдары ұсынылып болып, енді сөз орайы алдағы той қамына, жастар бақытына қарай бұрылғанда Біржанның бағанадан бергі жұмбағының сыры кенет өз-өзінен ашыла кетті. Ми түкпіріндегі жад қоймасын жауып тұрған уақыт-өрмекшінің торын әлдекім ұзын сыпырғымен ысырып тастағандай бәрі… бәрі санасында сайрап қоя берді. Шыжыған шілденің қапырық кеші болса да, сонау сұрғылт күндердің ызғары қайта азынап, денесін қалтыратып жібергендей болды…
…Бұлар келгенде алаң араның ұясынша гулеп жатқан еді. Біржан досы Ерман екеуі ұйлығысқан қалың жұртты киіп-жара алға ұмтылып, Орталық комитет ғимаратына таяу келді. Бұйығы милиционерлер бұларға селсоқ қарап, селт етер емес. Анда-санда аяқтарын қағыстырып, секіріп-секіріп жылынған болады. Күн қақап тұр. Бір кезде ұзын бойлы подполковник топқа жақындап, қамқор үнмен: «Жігіттер, қане, тез тарап кетіңдер. Әйтпесе сәлден соң сұмдық болады. Ескертпеді демеңдер. Сендерге жаным ашығаннан айтып тұрмын. Өтініш!» – деді. Бірақ жастарға оның сөзі онша әсер еткен жоқ. «Расында да, біз заңға томпақ іс жасап тұрған жоқпыз ғой! – деп ойлады Біржан да. – Бейбіт түрде өз талабымызды қоюға да болмай ма сонда?».
Ұран көтерген, бір іске шындап бекінген қыз-жігіттер кешке дейін орнынан тапжылған жоқ. Қайта адам қарасы тіпті көбейе түскен тәрізді. Бәрі де «неге болсын шыдаймыз!» дегендей тастүйін боп ширығып алған. Қабақтары қатыңқы, көздерінен қайсарлықтың оты ұшқындайды. Жатақханада кішкентай сәбиімен қалған келіншегі Алтынай «сақ болыңдаршы, бара сап қайтыңдаршы» деп жалынса да, мына көріністен соң рухы қайрала түскен Біржан досы екеуі қалайда осы жігіттермен бірге қалуды ұйғарды.
Кешқұрым алаң шетіне бірнеше жүк мәшинесі келіп тоқтады. Олардан мұздай қаруланған жүздеген солдат секіріп-секіріп түсіп жатты. Қолдарында – қорғаныс қалқаны мен шоқпар. Біржан мұндайды тек теледидардан – шетел жаңалықтарынан ғана көруші еді. Жастарды қоршаған милиция жасағының шеңбері біртіндеп бұзыла берді де, әлекедей жалаңдаған әлгі әулекі топ андыздап алаңға бойлай кірді. «Сәлден соң сұмдық болады» дегені осы шығар, сірә. Ең алдыңғы лекте тұрғандардың мына баса-көктеген өктем шабуылдан беті қайтқан кейбірі бас сауғалап тұра қашпақ та болды, бірақ қайда барасың – сығылысқан адам, тапжылмай тұрған көпшілік. Қарулы қалың содыр алдында тұрған кім – жігіт пе, қыз ба, үлкен бе, кіші ме – қараған жоқ, сартылдатып сабай жөнелді. Амал жоқ, жұрт бірін-бірі кимелей кері шегіне бастады.
Біржан да төпелеген нөпір соққыдан басын қорғаштап дереу кейін бұрылған. Не болып жатқанын адам түсініп болмайды. Айғай-шу. Бір-біріне соғылысып, қаша ұрыс салған қалың жас, қыбырлағанды қырып салуға бекінген безбүйрек әскер… Бір кезде әлдекім баж етіп, Біржанды құшақтай құлады. Жалт қараса, Ерман екен. Оны қолынан тартып тұрғыза беріп еді, жүгіре жеткен бір солдат Ерман байғұстың желкесінен және бір соқты. Есінен танған досын жанынан өтіп бара жатқан екі жігіттің көмегімен көтере қашқан Біржан бәрібір құтылмады. Келесі соққы мұның тура жауырынынан оңбай тиді. Лезде қуып жеткен солдаттар бұлардың қолын артына қайырып, дедектетіп ала жөнелді. «Бұларың не? Жіберіңдер!» деген сөзге құлақ асар тірі пенде жоқ. Бір офицердің бері бұрылғанын байқап қалған Біржан жандалбасамен орысшалап: «Жолдас полковник, не үшін? Тым болмаса түсіндірсеңдерші!» – деп еді, полковнигі түскір жүрісін тоқтатпастан келіп, мұны жақтан тартып кеп жіберді. Бұл аз болғандай, славян тектес полковник мұның ішінен бір тепті де: «Алып кетіңдер!» – деді солдаттарға зілденіп. Құтырынған әскерлер Біржанды ұрып-соғып, тепкілеп, қолға түскен өзге жігіттермен бірге сүйреп алды да кетті.
Біржан есін жол үстінде жиды. Арнайы көліктің артындағы тар қапасқа жігіттерді мал тиегеннен де әрмен топырлатып үйе салыпты. Сасық иіс қолқаны қабады. Тыныс алар ауа жоқ. Басы айналып, талықсып кеткендер де бар. Бүктеліп отырғандардан бүк түсіп жатқандар көп. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, есінде жоқ, әйтеуір мәшине кілт кідіріп, есік ашылғанда босағада отырған төрт-бес жігіт жерге домалап түсті. Сыртқа шыққан соң қараса, көліктен ішкі істер мекемесінің ғимаратына дейін қолдарына резеңке таяқ ұстаған солдаттар тек ортаны ғана жол етіп ашып, екі жаққа иін тіресе қаз-қатар қаздиып тұрып алыпты. Сытылып шығу мүмкін емес. Ішке кірген бетте жігіттерді шетінен дуалға қаратып тізіп қойып, тінтіп шықты. Аяқ киімнен бастап бас киімнің бауына дейін түгел бырт-бырт үзіп, жинап алды. Сосын соққының астына алып, ұрып-тепкілеген күйі камераға апарып қамады.
Аядай ғана тар камера екен. Жүрек айнытар сасық иістен мұнда да қашып құтыла алмайсың. Тас қараңғыда тек жаралылардың ыңырсыған, қиналған үндері естіледі. Біржан ту сыртындағы біреудің күбірлеген дауысы таныс секілденген соң, артына бұрылып, үңіле қарап еді – Ерман екен. Түннің бір уағында естерін жиып, өз-өзіне келген өзге жігіттер де бірін-бірі сүйемелдеп, иықтасып отырып, өзара танысып-білісіп жатты.
Таң ата тергеу басталды. Бір-бірлеп алып кетеді де, үсті-басын қан жапқан сорлыны дырылдата сүйреп қайта әкеліп тастайды. Бір уақытта Біржанның да кезегі келді. Мұны дедектеткен күйі капитан шенді бір қазақтың алдына алып барды. Бойшаң келген, шашы тікірейген, сұлу мұртты қарасұр жігіт өңменіңнен өтердей суық жанарын бұған қадап тұрып:
– Біз бәрін білеміз, – деді ысылдай сөйлеп. – Не бүлдіргеніңді де, қанша адамды пышақтағаныңды да, таспен ұрып қанша солдаттың басын жарғаныңды да білеміз. Сондықтан жалтармай, шыныңды айт. Мойында!
Сөйтті де, мұның алдына қалам-қағаз қойды.
Біржан бастапқыда сасып қалды. Пышағы несі? Қайдағы тас? Не бүлдіріпті бұл соншама? Бірақ артынша бойын жиып алды да, камералас жігіттермен өзара келіскендей, ортақ жауапты айтты:
– Алаңда көп адам жиналып тұрған соң, «бұл не жағдай екен?» деген әуестігім оянып, жай-жапсарын білу үшін ғана барғанмын. Жұрттың алаңға не үшін шыққанын да білмеймін. Ешкімнің басын жарған да, ұрған да жоқпын. Қайта солдаттар өзімді сабап тастады.
Капитан бұған тесіле қарап, суық жымиды.
– Мен ертегі тыңдайтын бала емеспін, – деді сосын жымиысын лезде жылымға жіберіп. – Қайталап айтам, – деді әрі қарай үні қатқылдана түсіп. – Біз бәрін білеміз. Сен алаңда болдың. Ең алдыңғы лектен көргендер бар. Демек, ұйымдастырушылардың бірісің. Сондықтан бұлталаққа салмай, өз еркіңмен мойында!
– Айтып тұрмын ғой, алаңның тұсынан жай өтіп бара жатқанмын. «Жұрт неге жиналды екен?» деп бұрыла салып едім…
Қолындағы қаламсабын тістелеген капитан бұған ойлана қарады да:
– Ал жұрт неге жиналған екен сонда? – деп сұрады.
– Соны өзім де түсінбедім.
Капитан тағы жымиды. Бірақ өзі жымиғанымен көзі жымимайтын пәле екен, жанарынан ызғар шаша қарайды.
– Осы сендерге не жетпейді? – деді ол Біржанға қадала қарап. – Сендер де адамбыз, жұртпыз деп жүрсіңдер ме? Байғұстар-ау, бастарың аман, қарындарың тоқ – соған шүкіршілік етіп, тыныш қана отырмаймысыңдар? Кімнің басшы болатынын сендер шешпексіңдер ме енді? Шамаларыңа қарамайсыңдар ма?
Біржан капитанның әдейі тиісіп тұрғанын, мұның шамына тиіп, ызаландырғысы, сөйлеткісі келетінін ұқты. «Оңбаған найсап! – деді ішінен. – Саған сонда бәрібір ме? Сен де осы елдің ұланы, осы жұрттың өкілі емессің бе? Өзгенің көлеңкесінде, басқаның бодауында жүргеніңе намыстанбайсың ба, нақұрыс?! Бөтеннің басынғаны аздай, соларға қосылып өз бауырларыңды тепкінің астына алғаныңа арланбаймысың, ақымақ? Басшың айтты, қожайының бұйырды – тек соған ләббай деп үйренген, бүгінге жетер нан тапсаң, ертеңіңді ұмытатын сорлысың ғой сен, сірә!». Айтып-айтып тастайтын осындай біраз уәжі болса да, бәрін ішінде құмықтырып, тіс жармай шыдап бақты.
Осы сәтте бөлмеге аздап саркідір тартқан сары шашты полковник кіріп келді. Көзі соққыдан ісініп, жартылай жұмылып тұрса да Біржан оны бірден таныды – кеше алаңда мұны сабаған сабаздың дәл өзі!
– Жолдас полковник, капитан Монтаев сіздің тапсырмаңыз бойынша бұзақылардан жауап алып отыр! – деп саңқ етті мұртты қазақ орнынан атып тұрып.
– Иә, не деп жатыр бұл бұзақы, нашақор, ішкіш? – деді полковник үстелге таяп келіп. – Қылмысын мойындай ма?
– Жолдас полковник, әзірге мойнына алмай тұр, бірақ, маған сеніңіз, қалайда мойындатамын!
– Аты-жөнің кім? – деп сұрады полковник Біржаннан.
– Қаптағаев Біржан.
– Театр институтында оқиды екен, жолдас полковник.
– Ишь ты, болашақ интеллигенция деші, – деп кекетті полковник. – Бүлік атаулының түбі негізінен осылардан шығады. Көпті соңынан ертетін көсемге де осылар дем береді. Бұларды аяудың керегі жоқ. Жалғастыра бер, – деді сосын капитанға иек қағып. – Кешке маған толық есебін бересің.
– Құп болады, жолдас полковник!
Екеуі ғана қалған соң капитан қайта күшіне мінді.
– Сонымен мойындайсың ба қылмысыңды?
– Мен ешқандай қылмыс істеген жоқпын.
Кенет капитан мұның жағасынан ұстап, орындықтан жұлқып тұрғызды да:
– Тыңда! – деді ызадан қалшылдап. – Менің ашуыма тиме! Ана жақта сен сияқты сілімтіктің талайы отыр кезек күтіп! Әрқайсыңмен осылай ырғасып отыратын уақытым жоқ! Ұқтың ба? – Біржанды жібере салған ол кеңсе ішінде әрі-бері теңселіп жүре бастады. – Жаз! – деді сосын. – Алаңға не үшін шыққаныңды, өзіңмен бірге қанша адамды алып келгеніңді, тәртіп сақшыларына қол жұмсағаныңды, яғни бүкіл қылмысыңды өз еркіңмен мойындап жаз.
– Мен ешқандай қылмыс істеген жоқпын.
Қалт тоқтаған капитан бұған көзімен атып жіберердей тесіле қарады. Сөйтті де, шапшаң адымдап келіп, Біржанды жуан жұдырығымен тұмсықтан аямай соғып өтті. Оқыс және қатты тиген соққыдан Біржанның күрек тістері сынып түсіп, мұрнынан қан сау ете қалды. Мұны місе тұтпаған капитан еріксіз еңкейе берген жігіттің көкжелкесінен және бір түйіп өтті. Онсыз да әлсіреп тұрған Біржан жүрелеп отыра кеткен еді, әбден қаны қарайған кәззап мұны бас-көзге қарамай тепкінің астына алды. «Мойындайсың ба? Мойындайсың ба деймін?» деп зірк-зірк етеді. Жан беру оңай ма, жерде домалап жатқан Біржан да аяқ-қолын оңды-солды сермеп, құтырынған капитанның соққыларын жанды жерлеріне тигізбеуге тырысып, қорғанып-ақ бақты. Осындай алыс-жұлыста кенет үлкен ауыр жазу үстелі Біржанның оң аяғын баса құлады. Емен үстелдің еденге гүрс етіп қатты құлағаны сонша, жіліншігінің сырт етіп сынғанын жігіттің өзі де анық естігендей болды. Жаны көзіне көрінсе де, алысып жатып, зілдей үстелді аяғынан сәл әрі ысырғандай еді, көзінен ыза оты шашыраған капитан сол аяғымен мұның сынған жіліншігін әдейі салмағымен шырқырата баса тұрып, оң аяғымен Біржанның ауынан аямай тепті келіп… тепті келіп…
Камерада ғана ептеп есін жиған Біржан біресе талықсып кетіп, біресе мына дүниеге қайта оралғандай болып есі кіресілі-шығасылы күйде қанша жатқанын білмейді. Көзін ашса, айнала тас қараңғы екен. Түннің қай уағы екені бір Құдайға ғана аян. Денесіндегі бүкіл сүйек атаулы түгел сынып, шашылып қалғандай, қозғалса-ақ жанын көзіне көрсете сырқырайды. Тілімен кеберсіген ернін жалап көріп еді, добалдай боп ісіп кетсе керек, сыздап қоя берді. «Тірісің бе, бауырым-ау» деген біреудің сұңқылдаған үні естіледі. Мұрнын тартып қорс-қорс жылап алатын да секілді. Сірә, Ерман болуы керек. Қатты қаталаған Біржан басын көтермекке сәл әрекет жасап, қозғала беріп еді, тұла бойы түгел шаншып, жанарынан жұлдыз шашырағандай болып, көз алды жарқ-жұрқ етті де, қайта сылқ құлады.
– Мә, тым болмаса бір жұтым су ішші, – деген қамқор үн естіді енді бір есін жиғанында. Ерман екен. – Мына қаныпезерлер бізден тіпті Құдайдың қара суын да аяйды-ау, сірә. Қайта-қайта жалынып жүріп, бір шелек су мен бір бөлке қара нанды әрең алғыздық. Соның өзінде анау шикіл сары жігіт «ешкім көріп қоймасын» деп жасырып әрең әкеп берді.
Біржан ептеп су ішкен болды. Қараса, камерадағы жігіттер азайып-ақ қалыпты.
– Кейбіреуі тергеуден соң қайтып келген жоқ, – деді Ерман. – Қайда әкеткендерін білмеймін. Офицерлердің «Бұларды қала сыртына апарып көміп тастау керек» деп жатқанын естіп қалыпты жігіттер.
Ерманның өзі де әрең сөйлеп отыр. Бет-аузы жарақаттан көрінбейді.
Бұлар өлі мен тірінің арасында осылай тағы бір апта жатты. Күнде тергеуге шақырады. Күнде соққыға жығады. Содан соң сот болды. Сот дейтіндей түгі жоқ, осы ғимараттың үшінші қабатындағы шағын залда он шақты адам ғана отырды. Үш-төрт куәгер бар екен. «Мына жігіт сол күні алаңда болды. Топтың ең алдында белсеніп жүрді. Тәртіп сақшыларына қол көтергенін, тас лақтырып, соққыға жыққанын өз көзімізбен көрдік» деп жамырады бәрі Біржанды нұсқап. «Қалтасында пышағы бар сияқты еді» деп соқты тіпті бірі. Әрине, арнайы әзірлеп қойған адамдары ғой. «Сен не дейсің?» деп мұны елеп-ескеріп жатқан тірі жан жоқ. Әлгі куәлердің уәжін негіз етіп, үш жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды да, мұның үздік студент екенін, бұған дейін еш тәртіп бұзбағанын, қазіргі денсаулық жағдайын ескере келе, «шартты түрде екі жыл» деген жаза кесті. Бірақ оқудан шығарылды. Мейлі, бастан құлақ садаға…
Содан әрең адам болды ғой. Дер кезінде емдемеген соң сынған аяқ шорланып, дұрыс бітпеді де, ақсаңдап жүретін жартылай мүгедекке айналды. Ішкі ағзалардың да әбден зақымданғаны сонша, көпке дейін қан құсып жүрді, мейірленіп ас іше алмай әбіржіді. Ал аудың ахуалы анау болды…
Екі жылдан соң оқуын қайта жалғастырды да, театр және кино актері мамандығын алып шықты…
– Апырай, өнер адамы деген осы-ау, біздің әңгімеміз пендеуи тірліктің шеңберінен аса алмай, айналаны шиырлап жүр, ал актер мырза, аңдадыңыздар ма, қиялымен-ақ талай қияны шарлап, ортамызға енді ғана оралды. – Дәрмен ағай әлі есіп сөйлеп отыр екен. – Ал, Біреке, сөз ауанын екі жастың тойына қарай бұрып жатырмыз, қане, өзіңіз не айтасыз?
Біржан ұйқыдан жаңа оянған жанша төңірегіне таңырқай қарады. Әуелі қайда отырғанын, мұның не басқосу екенін ұқпағандай көзі жыпылықтап, не айтарын білмей, кібіртіктеп қалды. Сосын жанында отырған Балымға, бұларға қарама-қарсы жайғасқан Салихаға, қолына бокалын ұстаған күйі мұның аузына телмірген Дәрменге қарап, лезде бәрін есіне түсірді. Ал төрде былшиып отырған капитанға… жо-жоқ, бұл қазір генерал екен-ау, айтпақшы… манадан бері ел, жер, ұлт, ұрпақ, болашақ туралы ыңырана сөз қозғап, ыздиып отырған генерал Мыңжан Монтаевқа көзі түскен кезде қаны қайтадан басына шапты. Орнынан атып тұрды да:
– Мен ата дұшпаныма қыз бермеймін! – деді саңқ етіп.
Таңдана ішегіңді тартсаң дыбысын еститіндей қалт тыныштық орнады.
– Немене? – деді Мыңжан гүж етіп.
– Не айтып кеттің, шырағым-ау? – деді Дәрмен көзі бақырайып.
Әйелдер тіпті сілейіп қалды.
– Мен ата дұшпаныма қыз бермеймін, – деп қайталап айтты Біржан. Сөйтті де, аузы аңқиған Балымды қолынан жетектеп сыртқа беттеді. Үстел басындағы үшеу екі ақсақтың соңынан аңырая қараған күйі қатты да қалды.

V

– Е, «ер шекіспей бекіспейді» деген, жігіттер. – Дәрмен ақсақал екі жақты жарастырмақ ниетпен көңіл аулай сөз бастағанымен, Біржан да, Мыңжан да оған селт ете қойған жоқ. Әлгі бір жүздесуден соң енді әйелдерді араластырмай (оның үстіне, екі жастың шаңырақ көтеруіне олардың әбден ықыласты екені өткенде-ақ белгілі болды емес пе), ерлерше сөйлеспек ниетпен үшеуі ғана бас қосқан. Телефон арқылы өзара сыр шертісіп, мұң шағысқан Салиха мен Балым арқылы актер мырзаның оқыс мінезінің сырын әбден ұққан Дәрмен кемпірін бала-шағасымен бірге қалаға қыдыртып жіберді де, Мыңжанды үйіне шақырып, Біржанға да қоңырау шалып, «кел» деп қолқа салған. Үшеуіне оқыстан үрейлі сөз айтып, омалтып кеткенінен соң арада екі күн өтсе де әлі жібімегенін байқатып, әрі «сол сөзім – сөз!» деп табандап тұрып алған бұл бірден бас тартқан. Алайда ақсақалдың жасын сыйлаған соң, оның үстіне ол кісі: «Әй, Мыңжан екеуің осылай бір шешіліп сөйлеспестен араздасып кете бересіңдер ме? Екі жастың жарастықты ниетін аяқ асты қыласыңдар ма? Жолығып, әңгімелессеңдерші! Жарайды, өкпе-реніштеріңді айтарсыңдар, айтысып-тартысарсыңдар, үн-түнсіз кетісе бермей, арылсаңдаршы бір!» – деп ойландырып қойғаннан кейін кездесуге келіскен.
– Жас кезде ер жігіттің басынан не өтпейді дейсің, шырағым, – деді Дәрмен сол күйі үйлесіп үлгермеген әңгімені әлі де сабақтай түскісі келіп. – Тарихты қарап отырсаң, ер түгілі елдің басына түгел түскен зобалаң заман да аз емес. Сондай бір қиын кезең еді-ау ол да. Шет жағасына өзім де куәмін ғой. Ол уақытта бір оқу орнының жас оқытушысы едім. «Қамап ұстасаңдар да, балаларды жатақханадан шығармаңдар» деген бұйрық келді жоғарыдан. Қайда-а-ан… Бірінен бірі естіп алған, елігіп алған бойы қызу бозым шіркін қолды-аяққа тұра ма. Күні-түні жатақхана күзетсек те, кейбірінің шаужайына жармасып жібермей қалсақ та, бірнешеуі амалын тауып шығып, алаңға тартыпты. Серік деген өзім ерекше жақсы көретін алғыр студентім бар еді, арасында сол да кетіпті. Түннің бір уағында сол Серігім дірдектеп келіп тұр. Үсті-басының қарын да дұрыстап қақпаған, киімі алқам-салқам. Әбден тоңған, дір-дір етеді. Түнгі кезекшінің бірі боп, жатақханада көзім бақырайып отырғанмын. Бөтен ешкімнің көзіне түсірмей, ішке кіргіздім де, бөлмесіне апарып жатқыздым. Жейдесін шешіп еді, арқасында бірнеше «Х» әрпіне ұқсас айқыш-ұйқыш соққының табы бар. Резеңке таяқтың ізі екенін байқадым. Көрші бөлмедегі қыздарды оятып, олардан әйтеуір бір жақпа май табыла қалып, баланың жауырынына жағып, сылап тастадым. Әр жақтан бөлек-бөлек қашып-пысып, өзге өрендерім де жетіп жығылыпты. Әйтеуір олар аса таяқ жемеген.
Таңертең жатақханамызға түсі суық, түрі сұсты бейтаныс кісілер келді. Бәрінің сұрайтыны – әлгі студенттер. «Бізде тәртіп қатал, көріп отырсыздар – оқытушылардың көбі шұбырып осында жүрміз, жатақханадан бірде-бір баланы шығарған жоқпыз» деп ант-су іштік. Онша сеніңкіремей, әр бөлмені тексеріп, балалардан жауап алып шықты. Алдын ала келіскеніміздей, олар да «ешқайда шықпағандарын» айтып бақса керек. Менің қорыққаным – Серік еді. Әрдайым өз ойының дұрыстығын дәлелдеп, тіпті ұстаздарының пікіріне қарсы шығып, жасыратыны жоқ, кейде менің де миымды ашытатын еді. Сол бірдеме деп қоя ма деп зәрем ұшқан. Жоқ, бұл жолы айтқанымызды орындапты әйтеуір. Кешегі суыт жүрісінен соң суық ұрмай тұра ма – шынымен-ақ қызуы көтеріліп кетіпті. Курстас қыздары бірі дәрісін, бірі таңқурай тосабын әкеліп, ыстық шай беріп отырғанда кіріп келген ғой әлгі түнерген дүлей топ. «Үш күн болды осылай төсек тартып жатқанына» деп айналайын қыздарым да әңгімемізді әдіптей түсіпті. Серіктің шекесіне алақанын апарып тексеріп, шын қызуы барына көз жеткізген соң ғана жаңағы қабағы қату кісілер жақ ашпастан үн-түнсіз аттанып еді.
Арада апта өткенде ме, әлде Жаңа жыл қарсаңы ма еді, есімде жоқ, әйтеуір студенттерді ауылға қайтарғалы жатқанда, жатақханамызға Серіктің қала сыртындағы әскери бөлімде қызметін өтеп жүрген туған інісі Берік келіпті. Әлдебір әурешілікпен жатақханаға бас сұға қалған едім, Серік «Дәрмен ағай, өткендегі халімді түсініп, жәрдемдескеніңіз үшін көп рахмет, жүріңіз, шай ішіңіз, сізді бауырыммен таныстырайын» деп қолқалап, қоярда-қоймай бөлмесіне шақырды. Дастархан басында үшеуіміз-ақ болған соң еркінсіді ме, әлде «туған бауырымнан жасырар сырым жоқ» дегені ме, тіпті інісінің алдында ептеп мақтанып алғысы келген де болуы мүмкін, Серік сөз арасында түнеукүнгі құпиямызды Берікке де жайып салды.
Сондағы Беріктің жүзінің күрт өзгеріп, құбылып сала бергені әлі көз алдымда. «Аға, алаңға неге барасыз? Онда не шаруаңыз бар?» деді әлде қорыққаны, әлде ашуланғаны белгісіз бір құмығыңқы үнмен. Мұндай сауал күтпеген Серік қапелімде не деп жауап берерін білмей, мүдіріп қалды. Мен де үнсізбін. «Алаңда мен де болдым ғой сол күні. Бірақ… қарсы тарапта… – деді кенет Берік. Сосын кейінгі сөзінің бізге қалай әсер еткенін білгісі келгендей екеуімізге кезек-кезек қарап алды да: – Мен әскери қызмет өтеп жатқан бөлімді мұздай қаруландырып, бүлікшілерге оқ атып таратуға сақадай сай ғып дайындап, алаңға алып келді. Демек, – деді Берік даусы дірілдей түсіп, – мен байқамай сізге де оқ атып қоюым мүмкін еді ғой, аға! Неге барасыз алаңға?». Студентім екеуіміз сілтідей тындық. «Сонда сендер оқ аттыңдар ма?» деді сәлден соң Серік. «Жоқ. Шеттен келген солдаттарды алаңға алдымен жіберді, бізді көмек болса, шақыра қоятын қосалқы әскери жасақ ретінде жақын маңда дайын ұстап отырды». «Ал… алаңның өзінде болсаң ше? – деді Серік інісіне тесіле қарап. – Бізге қарсы шығар ма едің? Аямай сабар ма едің? Жау көргендей ұмтылар ма едің?». «Білмеймін, аға, – деді Берік. – Білмеймін». Қарасам, кірпік қақса төгіліп кете жаздап, көзінде мөлтілдеген жас тұр. Мұны көрген Серіктің де көңілі босаса керек, екі бауыр бірін-бірі құшақтай алды. Осы сәтте маған өрімдей ғана екі өрен лезде есейіп кеткендей көрінді…
Өзі әңгімелеген хикаяның әсерінен өзі толқып кеткендей, Дәрмен орнынан тұрып, шалқая ашылған үлкен терезенің алдына келді.
– Мұны айтқандағы мақсатым – біздің де көрмеген құқайымыз жоқ дегенім ғой, – деді сосын Біржанға бұрылып. – Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін қапелімде ұқпай қалған сәттеріміз де болды. Мен сені қазір жақсы түсініп тұрмын. Жағдайыңа әбден қанықтық. Әрине, Мыңжан інімнің әрекеті тіптен дұрыс болмаған. Оны ақтайын деп тұрғаным жоқ…
– Әлдене деп ақталып жату қажет пе өзі? – деді Мыңжан диванда төмен қарап отырған күйі. – Жас едік, ақымақ едік. Біздің жұмыстың жайы белгілі: бұйрық берілді ме – оны бұлжытпай орындау керек. Осы шеңберден сәл шығып, қия бастың ба – өзіңнің басыңа бұлт үйіріледі. Партиядан шығасың, қызметіңнен айырыласың… Жүйе сондай болды ғой.
– Біз де жас болдық, – деді Біржан осы үйге келгелі бірінші рет тіл қатып. – Бәлкім, ақымақ та болған шығармыз. Сол қоғамда біз де өстік… Жо-оқ, мәселе жүйеде ғана емес. Мәселе адамның өзінде. Қайбір күні мен сені ата дұшпаным дедім. Бұл рас. Өйткені сен маған кек қуған ежелгі ата жауым ғана істей алатын жауыздық істедің. Неге? Қазір ойлап отырсам, сен сол өкіметті «әкем» деп білген екенсің. «Әкеңнің» өрескел қателігін өрімдей бір топ жас бетіне басып еді, сен соларды «әкеңнің» жауы санадың. «Әкеңнің» жауын көргенде қаның қарайып-ақ кетті. Сенің бізге аса бір өшпенділікпен тістене, жауыға қарағаныңды мен осылай ұқтым. Әйтпесе басшыларына байқатпай, сол жастарға аз-кем жылы қабақ танытуға тырысқан, мүмкін болғанынша зардабын тигізбеуге барын салған саптастарың туралы да естігенмін.
– Дүниеде өзіңе билігің жүрмейтін сәттер болады, шайтан азғырып, шатасқан жағдайлар, шалыс басқан қадамдар кім-кімде де кездесер. Сол сияқты қателікке ұрынған бір кезеңдерім ғой… – Мыңжанның бұл сөзіне Біржан мырс етті, бірақ оған әлі бірде-бір рет көз салып қараған да жоқ.
– Рас, өмірде түрлі жағдайлар болады, – деді Дәрмен інісінің ойын дереу іліп әкетуге тырысып. – Пенде байғұс сол шырғалаңдардан шығар жол таппай шиырлай береді. Оқыс оқиғаға тап болғанда адам не істерін білмей абыржып қалады ғой, сол секілді ақылға салып ойланып жатуды уақыт көтермейтін төтенше сәттерде жүйкесіне түскен жүктің салмағына шыдамаған пенде ашу-ызаға оңай беріледі, өз ісіне есеп бере алмайтын халге жетеді. Мұндайда тіпті адами қалпынан ауытқып, жандүниесіндегі жыртқыштық мінездері оянуы да мүмкін. Енді, шыны керек, адам да – жыртқыштың бір түрі ғой. Бірақ ондайын үнемі көрсете бермейтін саналы жыртқыш. Әйтпесе адам бойында өзіміз аңғара бермейтін ішкі қуат пен күш өте мол. Әлгіндей өз еркіңді өзің билей алмай қалатын қарбалас сәт, шұғыл жағдайларда сол ішкі жыртқыштық түйсікті ауыздықтай алу – ең өкініштісі, екінің бірінің қолынан келмейді.
– Кейінгі сөзіңіздің жаны бар, – деді Біржан әлі де терезе алдында қолын кеудесінде айқастырып тұрған Дәрменге самарқау ғана назар салып. – Жыртқыштық, хайуандық түйсікті тізгіндеп ұстай алу – рас, екінің бірінің қолынан келе беретін нәрсе емес. Өйткені оны тырп еткізбеуге тиіс күш те – әлгі өзіңіз айтқан кісі бойындағы зор қуаттың бірі. Ол күштің аты – ізгілік. Жүрегіне табиғаттағы барша жаратылыс атаулыға деген ізгі сезімнің дәні түскен, үнемі өзгенің орнына өзін қойып, түсінуге тырысатын, айналасынан қашанда жақсылық көруге талпынатын, өмірден, ортадан білген-түйгені мол, отбасынан жақсы тәрбие алған, кісілік келбеті келісті адамның ғана ішіндегі азулы жыртқышты ауыздықтап, тырп еткізбей ұстауға қауқары, ар-ожданы жетеді. Мұндай рухани қуаты, ішкі мәдениеті, ізгі ниеті кем пенденің, сыртқа қанша байқатпауға тырысса да, нәті жыртқыш екені ол сұмдық тығырыққа тірелмей-ақ, сәл ғана қиындыққа тап болғанда білініп қалады.
Адамды мақта көсегіне, яғни қауашағына теңесек, сырттай қарағанда бәрі бірдей көрінеді. Көсек алдымен жап-жасыл болады – жаспыз; сосын аздап қоңырқай тартады – ақыл тоқтатқан боламыз, байсалды, қоңыр мінезге ұмтыламыз; ақырында қарақошқылданып, қаудырлап қурайды – кәрілік. Ал сол көсек ішінде не бар екені соңғы сәтке дейін білінбейді. Күні жетіп, қауашақ ашылғанда барып көпшілігінен көз қарықтырар аппақ мақта шығады, біразынан дәл сондай аппақ болуға аздап жақын, бірақ кей тұсы сартаптанып, сәні кеткен, өзегіне құрт түсіп, бүліне бастаған сарғыш ұлпа көрінеді, енді кейбірінен әбден қарайып, шіріп біткен бармақтай бірдеме ғана табасыз. Сырттай қарағанда бәрі де бір-бірінен еш айырғысыз көсек еді, қауыз жарғанда барып қайсысының қандай екені білінді. Ал адамның қауыз жарар кезі – қай кез? Сын сағаты соғып, нағыз сыналатын төтенше шақ, ер не ез екенің, асыл не жасық екенің, адам не айуан екенің айқындалар шешуші сәт. Көсек деген – сыртқы түр, құр имидж ғана. Адамның шынайы болмысы соның ішінде жасырулы. Ең бір қысылтаяң сәтте көсек ашылады да, сырт сымбатыңыздан, қоғамдағы беделіңізден, жалаң имиджіңізден түк те қалмайды, тек қандай мақта, яғни қандай адам екеніңіз ғана жалаңаштанып шыға келеді. Біздің басымызға түскен баяғы хал, бағзы тартыс – осындай сын сағаты еді. Кімнің кім екені әп-сәтте-ақ белгілі болды.
Актер мырзаның ұзақ-сонар монологынан соң ешкім ештеңе деуге бата алмағандай біраз уақыт мүлгіген тыныштық орнады.
– Уәжіңе қарсы дау айтудан аулақпын, – деді әлден уақта жайлап басып үстел басына жақындаған Дәрмен. – Енді… сен де бізді түсін, Біржан шырақ, кешір. Жағдайды ұқ…
– Осы мәселенің бәрін жағдайға апарып тірей беруден жалыққан жоқсыздар ма? – Ашуланып кеткен Біржан орнынан атып тұрды. Сасып қалған Дәрмен диванға отырар-отырмасын білмегендей состиып тұра берді. Түнеріңкі Мыңжан оқыс басын көтеріп, Біржанға тік қарады. – Қит етсе болды – «жағдай солай», «заман солай», «бұйрық солай». Не деген жағдай түсінгіш, заманға күйлегіш, қылмыстыны кешіргіш кең жұртпыз тегі?! Бүгінгі мүшкіл халіміз де сол баяғыдан бергі айыпкерлерді атап көрсетпей, «жағдайын түсініп», кешіре бергенімізден-ау деп ойламайсыздар ма? Қиянат пен зұлымдық атаулының әлі күнге алшаң басып келе жатуы – кезінде сол әділетсіздіктің бәрінің жазасыз қалуынан, соны жасағандарды қорғап ала беруімізден шығар? Бізде ашаршылық құрбандары өте көп, жылда еске аламыз, қуғын-сүргін құрбандарын да санап тауыса алмайсыз, міне, Желтоқсан құрбандары тағы бар… Тек қылмыскер жоқ! Сонда жаңағы қисапсыз құрбан кімнің, ненің кесірінен қырылған? Өздері өле берген бе? Жо-о-оқ. Біз ол қылмыскерлерді әлдеқашан кешіріп қойғанбыз. Енді… біз – «өлген сиырының бәрі сүтті», «жоғалған кездігінің бәрі алтын» ерекше ел емеспіз бе?! Өркениетке ерте жеткен елдерде ұлтына сатқындық жасаған адамдардың ұрпағы балаларының тегін өзгертіп жаздырады екен. «Ертең ел-жұрт бетімізге салық қылмасын» дегені де. Демек, оларда кешегі тарихты қайта таразылау, рухани люстрация бар деген сөз. Ал бізде еліне опасыздық жасаған оңбағандарың есімін көшеге бергізіп, ескерткішін салғызатын сорақы дәстүр бар!
– Әй, сен айғайласаң маған айғайла, Дәкеңе дікеңдеме бірақ! – Енді Мыңжан да орнынан атып тұрды. – Ол саған ештеңе істеген жоқ!
– Сен қоя тұр! Доғар сөзді! – деді Дәкең інісіне қабағын түйе қарап.
– Енді, міне, кезекті қылмыстыны – өзіңіздің бауырыңызды да ақтап алғыңыз келеді. – Ширығып тұрған Біржан сөзін бірден жалғап кетті. – Талайдың тағдырына балта шапқан, жазықсыз жастарды нақақ айыптаған, қас жауындай қатыгездікпен бір бейбақтың аяғын қасақана сындырып, мүгедек қылған, жүйеге құл секілді құлдыраңдап қызмет еткен оңбағанды, сатқынды кешір дейсіз. Мұндайлар әлдеқалай жүйе ауысып, орнына басқа билік орнаса, шімірікпестен соның да сойылын соға береді. Әне, генерал шенін алып, шәниіп отыр!
– Мен сатқын емеспін! – деп айғай салды ашудан қалш-қалш еткен Мыңжан. – Оңбаған болсам оңбаған шығармын, бірақ сатқын емеспін! Сатқындық жасау тіпті ойымда да болған емес!
– Есіңде болсын, сатқындық кісінің алдын ала ойлаған әлдебір ниеті, жоспары арқылы жасалмайды, – деді Біржан міз бақпастан. – Сатқындықты пенде сорлы рухының әлсіздігінен, яғни жігерсіздігінен жасайды. Сондықтан да ол өзін сатқындық жасадым деп ойламайды.
Мұндай салқын мінез, салмақты сөзге қарсы құр айғайдың өтпесін білгендей, Мыңжан Біржанға кіжіне қарап тұра берді.
– Бұны айтқан – мен емес, Ларошфуко, – деді Біржан дәріс оқып тұрғандай даусын өзгертпестен. – Сен оның есімін енді естіп тұрған да шығарсың… Жалпы, адам өзін қашанда ақтап алуға құмар ғой. Тіпті кісі өлтірушінің уәжін тыңдасаң да ол өз әрекетіне әлдеқандай объективті себеп ойлап табуы ғажап емес.
Үшеуі тағы да біраз уақыт үнсіз қалды. Мәселенің ушығып бара жатқанын, екі жақтың мәмілеге келуі енді мүмкін болмасын сезсе де, Дәрмен өзінің жасының үлкендігіне салып, және бір талпыныс жасап көрді.
– Кім екені есте жоқ тағы бір данышпанның айтқан сөзі бар емес пе – «Әлсіздер ешқашан кешірмейді, кешіре білу, кеңдік жасау тек мықтылардың ғана қолынан келеді» деген…
– Махатма Ганди. – Біржан тақтаға шыққан баладай тақ ете қалды.
– Ендеше, Біреке, «ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген, біраз жерге барыстық, бұдан әрі тереңдемей-ақ қоялық. Ашу-ыза ақтарылды, әбден арылдың-ақ. Енді… Ганди айтқан әлсіз емес, мықты екеніңді көрсетіп, бетіңді бері бұрсаңшы. Жастар үшін…
– Ганди мұны «кісінің білместікпен жасаған қателік-кемшіліктеріне кешіріммен қараңдар» деген мағынада айтқан шығар. Ал мен жауымның әдейі, қасақана жасаған жауыздығын кешіре салсам, бұл – менің мықтылығым емес, әлсіздігім болар еді. Бәлкім, қателесермін, бірақ, өз пайымымша, адамдар өзгереді деген сөз бекер. Шені көтерілген сайын адамгершілігі де арта түседі дегенді естіген емеспін. Кім біледі, оның баласы да өзі секілді шығар?
– Тек! – деп қалды Дәрмен. – Олай деме.
– Неге? «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп көп айтатын сіздей ақсақалдар емес пе?
– Олай деме, Біржан. Әкенің қателігіне ешқашан перзенті жауап бермес болар.
– Ал менің қызым оңбаған сатқынның ұрпағын көбейтуге тиіс емес.
Ызадан түтігіп кеткен Мыңжан жұдырығын ала ұмтылды:
– Еркек емес, ез! Қырық жыл бұрын жеген таяғын жыр ғып айтып…
Бірақ орта жолда оны ағасы ұстап қалды. Кеудесінен қаусыра құшақтап, жібермей, кері шегіндірді.
– Әй, сен қозғамасаң, бұл менің есімнен әлдеқашан шығып кеткен жайт еді! Сен айтпасаң, осы жанжал болар ма еді?! Жетер, үндемеген сайын үдеп барасың ғой тіпті! Маған да сенің қызыңның көк тиынға керегі жоқ! Жоғал көзімнен! – Мыңжан тағы біраз айғайлады.
– Жә, болды, болды! – деді сосын Дәрмен амалы құрығандай қолын бір сілтеп. – Екі жастың бақыты үшін екеуіңді дос қыла алмасам да, қату қабақтарыңды сәл де болсын жылытпақ едім. Болмады ғой, болмады. Енді қайттік? Бірін-бірі жақсы көріп тұрған қос ғашыққа не бетімізді айтамыз, қайтіп естіртеміз мына жағдайды?
Ағалы-іні екеуі шаршағандарын енді сезгендей диванға сылқ етіп отыра кетті де, Біржан үн-түнсіз шығып жүре берді.

Күмістей жарқыраған ақ сұр «Мерседес» тау бөктерінен төменге – қалаға қарай бұрылды.
Бұ жолы әңгіме де жараспады, әзіл-қалжың атымен болған жоқ. Әуелде бұл көңілсіздікті серпуге қыз бен жігіттің ұдайы ат басын бұратын баяғы ұжмақтай мекенінің да сиқыры жетпеді. Таудың саф ауасы, салқын самалы, самсаған ағашы, мүлгіген тыныштығы оларға түк те әсер етпегендей, өздерінің сырласу орнында тұрып-ақ, алдымен іштегі ашуға ерік берді. Екеуі бір-біріне едәуір ауыр сөз айтып, ренжісіп те алды. Әрқайсысына өз әкесінің уәжі дұрысырақ көрініп, оларды қорғаштап-ақ бақты. Сәлден соң сабырға келгендей болып, бірінің орнына бірін қойып көріп, қиялдап жүрген жоспарларын қиратуы мүмкін жанжалға басқа жағынан үңілуге тырысты. Сонда да өзара келісе қоюы қиындап, тағы біраз дауласты. Бірақ бұл дауласу бастапқы шаңқыл ұрыстың жанында шабыттана пікір таластыруға ұқсайтын еді.
– Намысыма тие сөйлеген соң, шыдамай кетіп, біраз артық кетіп қалдым білем, кешір! – деді Рамазан қызға қолын ұсынып.
Әлі де шамалы қырын қарап тұрған Жұлдызай бетін жігітке баяу бұрды да, әнтек жымиып:
– Мінезімді жақсы білесің ғой, мен де қалысқан жоқпын, – деді. Сосын барып жігіттің ұсынған қолын алды.
Содан соң екеуі өздерінің сол құпия аралында жаяу қыдырыстап біраз жүрді. Бір-бірінің иығынан қағысып, әлденеге күлді. Артынша тағы ұрсысып қалғандай болды. Әлде шабыттана пікір таластырды ма екен… Әйтеуір әрқайсысы өз ойының дұрыстығын дәлелдегендей әлденені ұзақ талқылап тұрып алды. Сосын барып қайта қол алысты. Екеуі бағанағыдан әлдеқайда көңілдене түскен секілденіп, көлікке келіп отырды. Бұл кезде кеш батып, тау аңғары қараңғылық қойнауына ене бастаған еді.
– Біздің кім екенімізді білсін, бәлемдер! – деді қыз алдыңғы орындыққа нықтала жайғасып отырып.
Мәшинесін дүр еткізе оталдырған жігіт қызға бұрылып қарады да:
– Бәрі өз қолымызда, қорықпа! – деп қойды.
Көлік ақырын қозғалып, алға жылжыды да, тарлау соқпақпен тартып отырды. Сәлден соң соқпақ қиялай қиғаш тартып барып, солға ойысты да, кең даңғылға ұласты. Жолдың оң қапталынан тік шаншылған тәкаппар тау сұлбасының сұсы басады, сол жақта түбінде шылжырай аққан болмашы жылғасы бар тастақты терең сайдың нобайы қарауытады…

* * *

…Таң ата дәрігер әлі де аурухана дәлізінде бірі сенделіп жүрген, бірі қос қолымен басын ұстап мүлгіп отырған, енді бірі терезеден сыртқа қарап, сазарып тұрған көңілі жарым жандарға екі жастың сол ес жимаған күйі мәңгі ұйқы құшағына кеткенін естіртті…

Пікір қалдыру