Саят Қамшыгер. СЕЗІМНІҢ ШЕРТЕМ МЫҢ КҮЙІН…

Саят ҚАМШЫГЕР

Биші қайыңдар

Толқыған аздап жайым бар,
Әрқайсың бейне сүйгенім.
Сендерді көріп, қайыңдар,
Менің де келді билегім…

Жылдардың жүгі мойнымда,
Жыр жазу менде сиреп тұр.
Даңғаза әуен қойнында,
Замана мынау билеп тұр.

Ғажайып әлем ашылды,
Көрген жан көңілі тойыпты.
Табиғат – ана шашыңды
Сарыға бояп қойыпты.

Құшақтап, өбіп, еркелеп,
Ауырған жаным емделді.
Ұйқыдан тұрып ертерек
Сағынам енді сендерді.

Бітсе де бір күн жол мына,
Аспайын және саспайын.
Құласаң қайта орныңа,
Өседі жаңа, жас қайың!

О, Бұхара

Табылсам деп әрдайым
жыр шыңынан,
Жіппін шыққан уақыттың
ұршығынан.
Құшағыңа, Бұхара, құлайыншы,
Қажып келдім көліктер
у-шуынан.
Қазақпын деп айтамын асқақ үнмен,
Ой — кілеммен ұшайын аспаныңмен.
Жыр оқиын жинап ап құстарыңды,
Тілдесейін тегі бір тастарыңмен.

О, Бұхара, ырысы бұхараның,
Әрбір көшең қазына, құт алабың.
Ертеменен құсыңдай қанат қағып,
Кешке сенің шамыңдай тұтанамын.

Ежелден-ақ туыспын осы елменен,
Соқпақ жолмын ешбір
тас төселмеген.
Менің өмір — керуенім өтуде рас,
Бұрылысы көп сенің көшеңменен.

О, Бұхара, байлықтың кеніндейсің,
Қорғаның тұр, ешкімге берілмейсің.
Алыстағы балалық шағымдайсың,
Сағындырған ертегі еліндейсің.

Мен осынау жасымда
қырықты алғам,
Әр мейманға бұл жерде
күліпті арман.
О, Бұхара, тозбайтын тас көшеңде,
Уақыт орта ғасырда тұрып қалған!

Маңғыстау

Маңғыстау!
Сен рухымның қорғанысың,
Күн батар жақта тұрған
қорғанышым.
Сезімім өзен болып сен дегенде,
Көңілге маржан ойлар
толғаны шын.
Көгіңде жұлдызың бар жарқыраған,
Әманда жүрсе ғазиз халқың аман.
Қызыңның әрқайсысы
жауһар, жақұт,
Ұлыңның әрбіреуі алтын адам!

Қалмайсың заманадан,
кешікпейсің,
Тарихты тербететін бесіктейсің.
Жалғаған екі жақты көпірдейсің,
Әлемге ашылған бір есіктейсің.

Маңғыстау!
Сүйем келіп жеріңді мен,
Елге құт болар талай кенің, білем.
Бабадан жеткен ғажап күй деп ұғам,
Сыр тартқан ғасырлардан
желіңді мен.

Ертеден қазағымның болған мұңы,
Жүректен өткізеді оғлан мұны.
Жерінің асты мешіт, үсті мешіт,
Бетке алып кетсем бе екен Оғыландыны?!

Үстіртте ой-дөненмен жортып тұрам,
Бір Хақтан пір
Бекеттей қорқып тұрам.
Жасарған Жаңаөзеннің келбетіне,
Каспидей мейірленіп,
толқып тұрам.

Маңғыстау!
Қуан әрбір атқан таңға,
Әр тасың болашаққа соққан таңба.
Жанымды жалау етіп желбіретіп,
Жинаймын бар қазақты Отпантауда!

Жүрек

«Жүректер Алланы еске алумен жай табады».
Кұран Кәрім, «Рағыд» сүресі,28-аят.

Ойларым кетер жыраққа,
Тамырлар — жолдар кеңейсе.
Айналар өмір жұмаққа,
Жүректі жандар көбейсе.

Шын бақыт — құлын, тай кезің,
Жүрегіңменен мұны сез.
Дәріні қойшы, қайтесің,
Жүректің емі — жылы сөз.

Шығармын дүние — тереңнен,
Ұшармын көкке бір күні-ай.
Осынау барлық денеммен,
Жүрек боп кетсем, шіркін-ай!

Нәпсімен күрес — жорық тұр,
Жаратқан бізге бас қорған.
Жүрек боп тастар соғып тұр,
Ал біздің жүрек тас болған…

Түсіну мәнін өмірдің,
Саған да керек, маған да.
Аша түс көзін көңілдің,
Алаңда, жүрек, алаңда!

Бақытын іздер қанша адам,
Тамшыдай тағдыр тамады.
Көшемен қажып, шаршаған,
Жүректер кетіп барады…

Әр күнін жалғар тілекпен,
Адамда арман көп шығар.
Тіл тартпай кеткен жүректен,
Анамда арман жоқ шығар.

Жүректе мың сан сұрақ тұр,
Бағым ба, әлде сорым ба?
Жүректер үнсіз жылап тұр,
Жүрексіз жандар жолында…

Өлең бір жанның күйі екен,
Жапырақтай жүрек дір еткен.
Алланың бұл бір сыйы екен,
Сүйемін бәрін жүрекпен.

Ұшырдым көңіл құсын мың,
Жаураған жаным жылынды.
Жүрекке жету үшін мен,
Жүрекпен жаздым жырымды.

Қаншама жүрек тарады,
Осынау дүние — жалғанға.
Жүректер тыныш табады,
Бір Хақты еске алғанда!

Ұлым Ерасылға

Кейде жақын, ал бірде жырақтасың,
Жүрегіңде иманың тұрақтасын.
Мұхиттағы кемесің еркін жүзген,
Азамат бол, тағдырың жылатпасын!

«Әке» десең бойға күш жиылғандай,
Аллам саған ұсынар сыйын қандай?
Шыбынсыз жаз сияқты мінезің бар,
Тұлғаң сенің алтыннан құйылғандай.

Сен мұңайсаң жабырқап қалам, күнім,
Сезер болсаң сендерсіз қараң күнім.
Жаратқаннан жалынып сұрайтыным —
Ұлым, сенің әманда амандығың.

Бақыттымын сендермен бүгінде мен,
Ішіндесің орданың білім деген.
Қорғасындай салмақты, төзімдісің,
Айналайын түріңнен күлімдеген!

Барлық жанды өзіңдей қабылдайсың,
Сен үйімнің құты мен бағындайсың.
Үлкен үміт күтемін, ұлым, сенен,
Мен шықпаған шыңдардан табылғайсың!

Қазанға бара жатқанда

Өзімді балап серіге,
Сөзімді байлап желіге.
Құс болып ұшып келемін,
Ғабдолла Тоқай еліне.

Достықтың туын таратам,
Татардың бәрін қаратам.
Келем де өбем, өйткені,
Қазаным, сені «яратам».

Қазағым менің зор бағым,
Татар мен башқұрт орманым.
Құл-Шәріптейін берік тұр,
Менің де ішкі қорғаным.

Түркілік ортақ мұрадан,
Миллиондар бірлік құраған.
Мендегі ар мен ұятым —
Сүйінбикедей мұнарам.

Алматы жақта көктедім,
Қазаным, сенде өткенім.
Күтіп ал, саған келеді,
Көкпеңбек менің көктемім!

Туған елім

Анық басып жүрсем де жұрт алдында,
Намысыңды туған ел, жырта алдым ба?
Аманаты халқымның-бабаларым,
Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !

Туған елім,
Көрсеттің құрметіңді,
Өтей алар ма екенмін міндетімді?
Көңілімде көк байрақ желбіреуде,
Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!

Жаппар ием!
Ризамын,
бас ұрылды,
Алшысынан түсірдің асығымды.
Туған елім,анамдай аялаймын,
Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!

Туған елім,
мәңгілік берік шынар,
Туған халқым өзіңе серік,сыңар.
Топырағың болсам ел,
арманым жоқ,
Өзегінен тіршілік өніп шығар…

Әуежайдағы кептерлер

Әр жақтан сапар шеккендер —
Сынынан жолдың өткендер.
Қай жерден сендер келдіңдер,
Әуежайдағы кептерлер?

Сезімдер бізді өртемек,
Бақытты сәттер келтерек.
Қонақтапсыңдар ғашықтай,
Біріңе-бірің еркелеп.

Зер салдым қалмай тағатым,
Ойлар да тамшы таматын.
Жүрсіңдер ме екен күтумен,
Ұшатын кездің сағатын?

Парықсыздардың ұрты май,
Бұзуда елдің шырқын-ай.
Адамдар дағы сендердей,
Тату боп жүрсе, шіркін-ай!
Қисықты қоғам түзетпек,
Жібіді заман мұзы ептеп.
Бейбіт күндердің белгісі,
Сендерді кімдер күзетпек?

Сезімнің шертем мың күйін,
Кептерлер, мендік сыр — түйін.
Жұптасу жеңіл болғанмен,
Жұп болып қалу тым қиын.

Сендерге жақтас көк пен жер,
Бұл жерден жырақ кетпеңдер.
Қарсы алып бізді жүріңдер,
Әуежайдағы кептерлер!

Хат

Сен жанымда болмасаң да,
біргеміз,
Бір жүргенде ажырамас іргеміз.
Саған алғаш сөз айтқандай
толқимын,
хат арқылы сөйлескенде күнде біз.

Өшкенімді жандырғандай
хаттарың,
Әр сөзіңді көңілімде жаттадым.
Жылағаннан артық екен күлгенім,
жоғалтқаннан көп болыпты тапқаным.

Сезімім бар тамшы болып таматын,
Сені күтіп таусылғандай тағатым.
Саған ұшып жетсем бе екен құс болып,
бірақ,әттең…
жоқ қой менің қанатым.

Бұл әлемге сенсіз қалай сиям мен,
Тіршілікте бақыттымын ұяммен.
Дәл жаныңда болмасам да тап қазір,
біз біргеміз көңіл құсы— қиялмен.
Хаттарыммен сағынышым жарысқан,
Ішім —алаң…
сыртым дүрдей арыстан.
Сүйген жүрек соғады екен сағаттай,
жан-жарыңды іздегенде алыстан!

Мен көктемді сағындым

Мен көктемді сағындым,
көктем мені,
Жаным жылу аңсайды
көптен бері.
Әр күндерім тағдырдың тартуындай,
әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері.

Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп,
Шуағымен көктемнің гүл егем көп.
Көктем маған келеді бүршік атып,
көктем маған көшеді бір өлең боп.

Өтіп жатыр ай ж ылжып, күн жаңарып,
Сағынышым мұңменен жүр жамалып.
Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін,
әр көктемнен күтемін бір жаңалық.

Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған,
Мен көктемді сағындым сауық құрған.
Күтудемін көктемді, ал көктем ше?
Үйден шықпас арудай зарықтырған.

Қиялыммен басамын айға да адым,
Ғұмырымның әр сәтін аймаладым.
Көктем маған өлең боп көшкен кезде,
Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Пікір қалдыру