БАЛАЛАР АРМАНЫНА ҚАНАТ БІТІРГЕН ҚАЛА

Астана – балалар қиялындағы ең ғажайып, бақытты мекен. Өйткені елордаға баруды армандамайтын, онда тұруды қаламайтын бала кемде-кем. Көптеген бүлдіршіндер жазғы демалыста Астанаға саяхаттап баруды, ал болашақта есейген кезде еліміздің бас қаласында білім алып, еңбек етуді армандайды. Сондықтан да Астананы балалардың арман қаласы деуге толық негіз бар.
Елорда бүгінде сәулеті келіскен ғимараттарымен ғана емес, өскелең ұрпаққа жасалып жатқан мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді. Соңғы жылдары балаларға арналған заманауи ойын-сауық орталықтарының, спорт кешендерінің, шығармашылық және білім беру үйірмелерінің саны артып келеді. Бұл өз кезегінде жас буынның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауда.
Астанада балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда жас спортшыларға арналған түрлі секциялар, өнерге баулитын шығармашылық студиялар, ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелер мен зияткерлік орталықтар тұрақты жұмыс істейді. Осындай мүмкіндіктердің арқасында балалар өз қабілеттерін шыңдап, жаңа жетістіктерге ұмтылуға мүмкіндік алуда. Заманауи саябақтар, ойын алаңдары, демалыс орындары мен мәдени нысандар балалар мен олардың ата-аналары үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалып жатқан қамқорлықтың айқын көрінісі.
Астана – тек әкімшілік және саяси орталық қана емес, еліміздегі барлық баланың арманына қанат бітіретін, болашаққа жол ашатын мүмкіндіктер мекені. Сондықтан да елорданың әрбір жетістігі мен дамуы жас ұрпақтың бақытты болашағымен тығыз байланысты.
Көпбалалы отбасылар назарда
Көпбалалы отбасыларды қолдау – біздің қоғамдағы басты басымдықтардың бірі. Биыл жыл басынан бері жәрдемақы мөлшері 10 пайызға көбейді. Табысы мен отбасы жағдайына қарамастан, төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін қолдау жүйесі жүйеленген. Мәселен, 4 балаға – 69 330 теңге, 5 балаға – 86 673 теңге, 6 балаға – 104 017 теңге, 7 балаға – 121 360 теңге, 8 және одан көп балаға – әр баласына 17 300 теңгеден.
Сондай-ақ «Алтын» және «Күміс алқа» иегерлеріне, «Батыр ана» атағы бар жандарға төленетін ай сайынғы жәрдемақылар отбасы институтын сақтауға, демографияны жақсартуға үлкен септігін тигізуде.
Астана қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Айгүл Серікқызымен болған әңгімемізде елордадағы аналар мен балаларға жасалған жағдайлар туралы сұраған едік.
– Иә, әрине. Астана – үлкен мүмкіндіктер қаласы. Бес балам бар, әрқайсысының талғамы әртүрлі. Біреуі спортқа қызықса, екіншісі өнерге жақын. Елордадағы мемлекеттік үйірмелер мен секциялардың балалар үшін тегін болуы бізге үлкен көмек. «ArtSport» немесе «DamuBala» сынды бағдарламалардың арқасында балаларым спорттық залдарға да, домбыра үйірмесіне де тегін қатысады. Олардың бос уақыты босқа кетпей, дамып жатқанына қуанамын, – дейді А. Серікқызы.
Сондай-ақ ол көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер күнделікті тұрмыста қаншалықты сезілетіні жайлы айтып берді.
– Мемлекеттің қолдауы сезіледі, әрине. Ең алдымен, ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы отбасылық бюджетке айтарлықтай демеу. Одан бөлек, біз үшін ең маңызды жеңілдіктердің бірі – қоғамдық көліктегі жолақының тегін болуы. Балалар мектепке, үйірмеге барғанда жолақы төлемеуі – бюджетті үнемдеуге үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ, мектептегі тегін тамақтану да ата-ана үшін өте қолайлы. Оқу жылы басталғанда «Мектепке жол» акциясы аясында балаларыма оқу құралдары мен киім алып беріп, көмектеседі, – дейді көпбалалы ана.
Жақын арада «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады. Бұл платформа мемлекеттік қолдау шараларын бір орталықтан бақылауға мүмкіндік береді. Әкімдіктер мен тиісті министрліктер балалардың жазғы демалысы мен оқудан тыс уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі үшін барынша жағдай жасауда.
Мұның барлығы еліміздегі әрбір баланың бақытты балалық шағы үшін жасалып жатқан қадамдар. Әр бала еліміздің болашағы ғана емес, біздің мақтанышымыз. Олардың бүгінгі жайлы ортасы – ертеңгі мықты мемлекеттің кепілі.

Балаларды қорғау күні
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада жүздеген мерекелік, мәдени, спорттық және танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Елорданың әр ауданында өткен шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, бос уақытын тиімді өткізуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.
Мереке қарсаңында ерекше күтімді қажет ететін және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Қайырымдылық жүректен» атты концерт өтті. Шара барысында оқушылар мен ұстаздар ән айтып, би билеп, күй орындады.
№110 жалпы білім беретін орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ахметованың айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың өнері мен білімін бағалап, олардың қоғамға бейімделуіне оң әсер етеді.
«Бүгін мектебімізде қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Осындай іс-шаралар балалардың өнерге, өмірге деген қызығушылығын арттырып, олардың әлеуметтенуіне ықпал етеді. Біздің мектеп 2025 жылдың 1 қыркүйегінде 2 661 оқушымен ашылған болатын. Қазіргі таңда оқу жылын 3 800 оқушымен аяқтап отырмыз», – деді ол.
«Мейірімділік М» қайырымдылық қорының төрайымы Айгүл Сейілова қордың 15 жылдан бері Астанада қайырымдылықпен айналысып келе жатқанын айтты.
«Біз Жаңа жыл мерекесі, Балаларды қорғау күні, мектепке дайындық кезеңінде түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. Бүгін Нұра ауданындағы жаңадан ашылған №110 мектепте ерекше және жетім балалардың көңілін көтеру мақсатында бас қостық. Балаларымыз бақытты болуы үшін қолдан келгенше қуаныш сыйлауға тырысамыз», – деді қор төрайымы.
Мерекелік іс-шарада оқушылар мен ұстаздар өнер көрсетті. 1-сынып оқушысы Ақтілек Битуған «Дастарқан» әнін орындаса, 7-сынып оқушылары заманауи би биледі. Музыка пәнінің мұғалімдері «Аққу арман» әнін шырқап, дарынды оқушылар домбыра және қобызбен күй орындады. Сонымен қатар Алтыншаш Мұқатаева «Бабалар үні» әнін айтып, Карим Голда «Бақытты болайық» әнін тарту етті.
Балаларды қолдау тек мерекелік концерттермен шектелген жоқ. Елордада білім мен ғылымда жетістікке жеткен дарынды оқушылар да назардан тыс қалмады. Дәстүрлі «Елорда дарындары» салтанатты рәсімінде халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқаулары мен робототехника жарыстарының жеңімпаздары марапатталды. Биыл бұл марапатқа 171 оқушы ие болды. Оларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту мақсатында қалада QOSYMSHA FEST фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында өнер ұжымдарының концерттері, спорттық көрсетілімдер, шығармашылық көрмелер мен түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Бүгінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы Астанада 45 мыңға жуық бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр. Балалар спорттық, көркемдік және білім беру бағыттары бойынша өз қызығушылығына сәйкес үйірмелерді таңдай алады.
Жазғы демалыс маусымының басталуы да балалар үшін ерекше оқиғалардың біріне айналды. Қалада мектеп жанындағы лагерьлер мен тақырыптық демалыс алаңдары өз жұмысын бастады. Биыл елордада 242 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 11 мыңға жуық балаға ерекше қолдау көрсетіледі.
Мектептер жанындағы лагерьлерде балаларға арналған спорттық жарыстар, шығармашылық сабақтар, экологиялық жобалар және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, №59 мектеп-лицей жанындағы «Marvel Camp» лагерінде балалар асық ату, ләңгі тебу, хан талапай сияқты ұлттық ойындармен танысып, арнайы тігілген киіз үйде қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы мәлімет алады. Ал «Green City» аймағында табиғатты қорғау мен көгалдандыру жұмыстарына қатысады.
Балалардың мәдени дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Балаларды қорғау күніне орай 12 мың астаналық оқушыға «Леонардо да Винчи – Ренессанс данышпаны» халықаралық көрмесіне тегін бару мүмкіндігі берілді. Ұйымдастырушылар бұл бастама өскелең ұрпақтың әлемдік мәдени мұрамен танысып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Мерекелік бағдарлама спорттық және отбасылық жарыстармен де толықты. Президент саябағында «Шапшаң бөбек» жарысы ұйымдастырылса, Street Life алаңында көпбалалы отбасылар қатысқан «Толағай» отбасылық сайысы өтті. Қатысушылар түрлі эстафеталар мен спорттық тапсырмаларды орындап, отбасы мүшелерінің ынтымағы мен бірлігін көрсетті.
Сонымен қатар балалар арасында ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында Ethno Games Arqa ALAN этнофестивалі өткізілді. Мұнда оқушылар тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық және қазақ күресі бойынша бақ сынады. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жас буынның ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін айтады.
Ерекше қажеттілігі бар балалар да назардан тыс қалған жоқ. «Тарлан» мұз кешенінде өткен «Мұз үстіндегі көңілді старттар» жарысы инклюзивті спортты дамытуға арналды. Балалар мұз үстіндегі түрлі эстафеталарға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Бүгінде аталған кешенде 950-ге жуық ерекше қажеттілігі бар бала тұрақты түрде спортпен шұғылданады.
Елордадағы балалардың есінде қалған ең керемет шараның бірі – Халықаралық клоундар фестивалі болды. Мерекелік іс-шараның алғашқы бөлігі ретінде «Нұрлы жол» стансасынан шыққан өнерпаздар елорданың басты символдарының бірі – «Бәйтерек» монументі алаңына жетті. Клоундар шеруі дәл осы жерден жолға шықты. Түрлі-түсті костюм киген өнерпаздар мен фестиваль қала қонақтары мен тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, «Ғашықтар» саябағына дейін жүріп өтуде.
Фестиваль балаларға мерекелік атмосфера сыйлауға, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық шығармашылық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Биылғы фестивальге өнер әлемінде кеңінен танылған Мұтырғановтар отбасы, Қазақстанның әр өңірінен келген өнерпаздар, сондай-ақ Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресей елдерінен келген шығармашылық ұжымдар қатысып жатыр.
Шеру барысында көрермендер ерекше сахналық бейнелерді, цирк өнерінің элементтерін және клоундардың интерактивті қойылымдарын тамашалады.
Фестивальдің негізгі концерттік бағдарламасы кешке Амфитеатр сахнасында өтті. Концерт барысында балалар мен отбасыларға арналған қойылымдар, сахналық көріністер және мерекелік нөмірлер ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, III Халықаралық клоундар фестивалі балалардың мәдени-шығармашылық дамуын қолдауға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және елордадағы мерекелік мәдени ортаны дамытуға ықпал етеді.
Балаларға арналған мемлекеттік қолдау тек материалдық көмекпен шектелмейді. Соңғы жылдары елордада олардың қауіпсіздігіне, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қабілеттерін дамытуға бағытталған жобалар саны едәуір артты. Әсіресе қосымша білім беру жүйесінің кеңеюі көптеген ата-ананың жүгін жеңілдетіп отыр.
Бүгінде Астанада балалар үшін спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер, робототехника, бағдарламалау, тіл үйрену және өнер бағытындағы ондаған мүмкіндік қарастырылған. Мұндай орталықтардың басты артықшылығы – әр баланың өз қызығушылығына сай бағыт таңдай алуында. Бұл олардың мектептен тыс уақытын пайдалы өткізуіне ғана емес, болашақ мамандығын ерте анықтауына да ықпал етеді.
Психологтардың айтуынша, баланың тұлға ретінде қалыптасуына отбасы мен мектептен бөлек, оның қатысатын қосымша ортасы да үлкен әсер етеді. Сондықтан балаларға арналған мәдени, спорттық және танымдық іс-шаралардың көбеюі олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, жаңа ортаға бейімделуіне көмектеседі.
Балаларды қорғау күні аясында өткен шаралардың ерекшелігі де осында болды. Бір жерде балалар өнер көрсетсе, екінші алаңда спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Кейбірі ғылыми жетістіктері үшін марапатталса, енді бірі ұлттық ойындар арқылы ата-баба мұрасымен танысты. Бұл мерекенің басты құндылығы да – әр баланың қабілеті мен қызығушылығына қарай өзін көрсетуіне мүмкіндік беруінде.
Шын мәнінде, баланың бақытты болуы тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Балаларға қолайлы орта қалыптастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен жан-жақты даму мүмкіндігін ұсыну – болашаққа салынған инвестиция. Өйткені бүгін қамқорлық көрген, білім алған және өз қабілетін дамытуға мүмкіндік тапқан бала ертең елдің дамуына үлес қосатын саналы азамат болып қалыптасады.
Ерден ӨМІРБЕК,
Астана





