Сейітзада ӘСЕМБЕК. ӘСЕРЛІ ТУЫНДЫ

Жан диалектикасы деген ұғым кейіпкердің ішкі ой әлеміндегі қат-қабат қалтарыстарын, сыртқы дүниенің оған деген оң яки теріс ықпалын қоршаған ортамен қарым-қатынас сипатын, оның бірте-бірте даму, ширатылып шарықтау кезеңін суреттей келе, шиеленіс, арпалыстың немен тынғанын нанымды да ұтымды көрсетуді меңзейтін болар тегі.
Осы тұрғыдан жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» романы ә дегеннен ақ оқырманды бірден баурап алады.
Пәренжілі әйел басын тұмшалап, бақалшы әжейдің көйлегін киіп алып, ешкімге өзін байқатпай, өзіне бұрыннан таныс Ораздың (роман бас кейіпкерлерінің бірі) саркідір бәйбішісіне де сездіртпей келуінде сыры беймағлұм құпия жатыр.
«Ораз таяп келгенде: «Ағатай-ай! Бар екенсіз ғой! – деп дауысы дірілдеп жарықшықтана шыққан жас әйелдің жіңішке үні одан ары шықпай қалды».
Бұл әйелдің Оразға жеткенше бастан кешкен сезім арпалысын, күдігін, қорқынышын, ал тал себетінде майлы матамен жабылған өміріндегі ең қымбаттысын аман-есен осында жеткізе алған қуанышын немен салыстырып, қалайша түйсініп, көкірегіңізге ұялатар едіңіз?
Ораз құманын жерге қоя салып, әйелге таяй түсіп: Ойбай-ау, кіші ханым екенсіз ғой! Бұл қай жүріс?! – деп тынып қалды. «Жан қысылса жақынын табады», – деген ғой, молда аға! Ата-бабаларымыз «Бұтаға қорғалаған торғайдың да жаны қалады» деуші еді. Мен сізге қара басым үшін емес, шиеттей балам үшін қорғалап келдім, – деп тал себеттің бетін жапқан майлы матаны ашты. Ораз таңдана жақын келіп себетке үңіле қарады, аппақ сазандай сәби жүзі балбырап, пысылдап ұйықтап жатыр.
Әйел тағы сөйледі:
– Білетін шығарсыз, хан иемнің әулетіне ажал зауалы Алладан емес, адамнан төніп келе жатқанын.
– Білемін, кіші ханым! Е, тәйір-ай десеңші! Алла түбін оңғарсын, – деп шоқша сақалын тағы бір саумалап қойып, пыс-пыс етіп қамсыз ұйықтап жатқан сәбиге тағы да үңіле қарады.
– Азан шақырып қойған аты Абылай, ер бала, хан иемнің өз тумасы, ғазиз ер-азамат басыңызға аманат. Құдай алдында адалмын. Хан иемнің сырлас досы едіңіз, ақкөңіл, жаныңыз таза, адамға залалыңыз жоқ еді, молда аға. Мен сізді молда аға деп қадір тұтушы едім, – тал себетін жерге қойып, сәбиді ораған шағын көрпесімен көтеріп алып Оразға ұсына берді кіші ханым. Ораз сәбиді көтеріп алып:
– Әуп, бісміллә, Алла, Жаратқан Ием, жар бол! Алла ақ ниетіңді қабыл етсін. Лайым хан иемнің жолын ұстайтын, халқының бақ жұлдызы болғай! Қу жаным аман болса, қара басымды осының жолына бағыштадым.
Бұл әйел Бұхара ханы Әбілпейіздің кіші тоқалы. Жұрт оны құрметпен «кіші ханым» деп атайтын, өз аты Мейіз.
– Қайыр – хош, молда аға, абысын-жеңге! Қарғамның маңдайынан бір иіскеп алайыншы, – деп балаға еңкейді. Ол сәбидің ақ ұлпа маңдайынан құшырлана бір иіскеді де:
– Көрісуге Алла нәсіп қылғай! – деп кері бұрылды да қақпаға қарай аяңдады. («Сәби шағында» 1 тарау, 7 бет).
Шыңғыс әулеті, хандықтар құрып, хандыққа жете алмағандары қалалардың әкімдігін ұстады. Бәрі бір адамның ауызына қараудан гөрі хан әулеттері өз алдына хандық құрғанды жөн көреді. Сөйтіп олар өзара бақталасқа айналады. Сол әулеттердің атасы Шыңғыс ханның ұрпағына қалдырған мирасы – жиһангерлік шапқыншылық. Ол хан зәу-заттарының нәсіліне жалғасқандықтан әулетті хан, патшалар осы шапқыншы рухты жалғап, барған сайын жаулап алуды ұлғайтып, ықпалдарын күшейте берді.
Соның бірі Иран патшасы Надыриша болатын. Ол Иранды місе тұтпай күшейіп, әскери қуаты артқаннан кейін бұйрықпен бопсалап, әскери күшінің тегеурінімен тізе бүктіріп, атырабындағы хан-бектерді өзіне қарата бастаған-ды. Патшалығы да, билік еткен жері де зор, сондай-ақ бір-бір қалаға хан болып тұрған төрелерден оның лауазымы да жоғары, қауқары да айтарлықтай күшейген шағы еді. Бір күні ойы Бұхара қаласына ауып, онда хандық құрып отырған Әбілпейіз ханға елші салды. Жай ғана елші емес, қалың әскерін мұздай қаруландырып Бұхараға қарай жорыққа аттандырды.
Әбілпейіз хан келген елшінің «Хандықты тапсырып, қаланы халқымен, мал-дүниесін Иран патшасына өткізсін, болмаса тұрысатын жерін айтсын!» дегеніне әдегеннен пейіл бере қоймады. Орданың халқын шақырып, кеңес құрып, қаланы босатпайтындығына қаулы алып, елшіні сабап қуып жіберді.
Зорлық-зомбылық жүрген жерде бақай есеп, аярлық, көлгірлік те қатта­сып, қабаттасып кететіні бар емес пе.
Ақыры Әбілпейіз ханды Марайым деген уәзірі Мирарап молдамен құпия одақтасып өлтіреді. Хан тағына Марайым отырады. Хан тағын иемденіп алған соң Марайым Әбілпейіздің әйелдерін, бауыр, туған-туысқандарын түгелдей құрытып жіберуге бұйрық береді.
Кіші ханым Мейіз, баласын өлімнен құтқарып, себетке салып Оразға оны аманат етуінің себебі осы.
Ал Ораз болса ислам қағидаларын мүлтіксіз орындап жүрген, дініне берік, сөзіне бекем, өнегелі кісі. Аманаттап себетте алып келген баланы Ораз, әйелі Алмақан екеуі бауырларына басып, туған балаларынан бетер бағады, қағады, өсіреді. Есімін Абылай емес Ақади деп атайтын болды. Ақади үш-төрт жасқа келгенінше, ешкімнің өзіне назарын аудармай өсті. Есейіп өскен сайын баланың көзі оттай жайнап тұратын, қылт еткенді сезе қоятын, қырағылығымен бар қылығы басқа балалардан ерекшелене беретінді шығарды. Төрт жасынан бастап Ораз әкесінің оқып жүрген құран кітабын қолға ала бастады. Бес жасқа келгенде өздігінен, «құлхуалла» мен «әлқамдуді» жаттап алды. Бала күнінен медреселерді маңайлап жүріп, арабша сауатын ашқан. Міне, Ақади жетіге келді, дене бітімі тоғыз-он жастағы баладай, сүйегіне қарай дауысы да үнді, әсем шығады. Жүрісі салауатты, сөзі орнықты, топты баланың бәрі үсті бастары шаң-топырақ боп, тіпті батпақ жұқтырып жүрсе де, ол сол балалардың ішінде жүріп, үстіне шаң жұқтырмай тап-таза жүреді, киімі көнелеу болса да тап-таза.
«Оған зер салып жүрген Ораз бен Алмақан бәрін іштей сезіп, көңілдеріне сыр түйіп, Әбілпейіз хан мен Мейіз ханымның іс-қимылдарын естеріне алып, аумай ұқсап келеді десіп күбірлесетін де, мұнымызды ешкім есітіп қоймады ма дегендей өз өздерінен қуыстанып жан-жақтарына қарасатын-ды».
Міне осы сәттен бастап Ақади хақындағы күдік күн санап күш ала беретін болды. Қайсыбір қу ауыз жігіттің Оразаға кезіге қалып, сәлем бере амандасып тұрып, Ореке! Әлгі Әбілпейіз ханның қырғынында бір нәресте баласы табылмай кетті дегенді естіген бе едіңіз, баланың аты кім деген еді сонда? – дегені есіне оралды. Ораз әлгінің бетіне ажырая қарап тұрып, тіксініп қалғанын білдіргісі келмей:
– Е, қайдан білейін, бүгін естігенімізді ертең ұмытатын болдық бұл күнде, – деп жүріп кеткен.
– Жаршылар бәрімізден сұрап, күн-түн сабылды ғой, – деп қала берді әлгі қу ауыз жігіт.
Ораз бен Алмақан көршілері де алма-кезек Ақадидің әкесі мен шешесіне ұқсамайтындығын, қатарластарының ішіндегі оның алғырлығын, зиректігін әңгіме қылатынды шығарды. Бұл қаңқу сөздер де көбейе бастады. Енді ерлі-зайыптылар Бұхараның Ақади өміріне қауіп төндіретіні және бұл жерден оны аман алып қалу үшін ешкімнің көзіне түспей кету туралы отбасы болып шешім қабылдайды.
Жол дайындығы бітісімен-ақ Ораз бен Ақади Бұхара қаласы түселқанасына келіп Түркістанға жүретін керуеншілерге ілесіп жаяу-жалпы ілесті. Маусым аяқталып, шілденің аптабы ұрып тұрған кез еді. Бұл Ақади: Әкем бірдемені білетін шығар, апамды неге тастап барамыз. Түркістанға неге бет алдық деген ойлар, кенезесі кеуіп бірде түйе, бірде қарагер байталға мініп, көбіне жаяу жүріп, әбден шаршап, шалдығып Түркістанға жетеді.
Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп деген дейін Ораз бен Ақади қалтадағы қаражат тапшылығынан енді Түркістаннан шығып Көкшетау жаққа Керуенбасыға еріп шығады.
Шексіз сары дала сағым тудырады. Әкелі-балалы екеуі бір-біріне сөйлеуді де күш көретін болды. Әйтеуір біріне бірі қара тартып, қарагер байталды алға салып, түртпектеуден бір жазбады. Осылайша жол ауыртпалығын көтеріп Көкшетау өңіріндегі Орта жүз Қарауыл деген елге келіп жетеді. (49-бет).
Аталық Ораз бен Ақади ішкі әлеміндегі, жан дүниесіндегі тебіреніс, толғаныстар, күнделікті тірліктегі жиілеп тұтқиылдан кезіге беретін бұлтарыс-қалтарыстар хақындағы ойпайымдаулары қимыл-әрекеттерінен көрініс беріп жатады. Сол дәуірдегі қоғам өмірінде орын алған қым-қиғаш құбылыстардың бұларға тигізер ықпал сипатының кестелі суреттелуі оқырман назарын өзіне тартып отырады.
Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» романы қазақ руханиятына қосылған тың туынды, қай қандасымыздың болмасын күшіне күш, жігеріне жігер беретін қуатты шығарма. Сол кездегі қым-қуыт өмір шындығын субъективизмге ұрынбай, келісті көркем тілмен суреттейді. Сөзбен қай өмір құбылысын кестелесе де үйлесім мен сұлулық өлшемдерін қатаң қадағалап отырады екен. Жүрек тудыратын ой-сезім толқындары оқырманын бейжай қалдырмай сергітіп, ширатып отырады.

Пікір қалдыру