Төреғали ТӘШЕНОВ. «Жұлдыз» журналы және Мұхтар Әуезов

Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және республикалық бас әдеби «Жұлдыз» журналының 100 жылдығы. М.Әуезов пен «Жұлдыздың» тарихи байланысы тереңде. Бұрынғы кеңес заманында «Жұлдыз» журналының тарихын 1928 жылы шыққан «Жаңа әдебиет» журналынан бастап келдік. Себебі, оның алдында шыққан «Шолпан» журналында қызмет істеген кісілердің түгелге жуығы алашордаға қатысты болған соң, аттарын атаудың өзіне қатаң тыйым салынған әрі олар ақталмаған кезең еді. Ал шын мәнінде, әдеби-көркем және қоғамдық-саяси «Жұлдыз» журналының тарихы «Шолпан» журналынан бастау алады. Яғни ізбасары саналады.1922 жылы қазан айының он бесінен 1923 жылғы маусымға дейін Ташкент қаласында басылған «Шолпан» журналы айына бір рет шығып тұрған. Саясат, экономика, оқу-ағарту, әдебиет, халық өмірінің өзекті мәселелерін қамтып отырған журнал, ресми түрде айтқанда, «Қырғыз-қазақ тілінде айына бір шығатын саяси-шаруашылық, білім-әдебиет журналы» деп аталған. Барлығы сегіз нөмірі жарық көрген. Тұңғыш бас редакторы Иса Тоқтыбаев болған. Ұлт патриоттары, қоғам қайраткерлері – Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов, т.б. журналда жұмыс істеген. «Шолпан» журналында Мұхтар Әуезовтің «Қыр әңгімелері» мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмалары насихатталып отырған. Мұхтар Әуезов «Қоңыр» деген бүркеншік атпен мақалалар жазып тұрған.
«Шолпаннан» кейін журнал 1924 жылы «Таң» деген атпен шыққан. 1928 жылдан бастап «Жаңа әдебиет» деген атпен 1932 жылға дейін шығып тұрған. 1932 жылдан бастап «Жыл құсы», «Әдебиет майданы», «Әдебиет және иссуство» болып 1939 жылға дейін жалғасса, соғыс кезінде, яғни 1941-45 жылдары «Майдан» деген атпен щыққан да, соғыстан кейін қайтадан «Әдебиет және искуство» болып, 1957 жылдан бастап қазіргі «Жұлдыз» атауымен шығып келеді.
«Жұлдыз» журналы 1957 жылғы қыркүйек айындағы №9 санын Мұхтар Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына арнап шығарған. Мұқабаның ішкі бетіне М.Әуезовтің 60 жасқа толуына арналып суреті басылған. «Жұлдыз» журналының редакциялық коллегиясы атынан заңғар жазушыға құттықтау сәлем жолданып, қырық жылдық әдеби еңбегіне жалынды сөздер арналған. Сондай-ақ осы санда Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» атты әңгімесі, сыншы Мұхаметжан Қаратаевтың Әуезов шығармашылығына арналған «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» мақаласы, Айқын Нұрқатовтың «М.Әуезовтің пьесалары», Евгения Лизунова мен Ысқақ Дүйсенбаевтың «Талант сапары» атты талдауы әдеби сын айдарымен жарияланған. Яғни авторлар «Абай» жолы эпопеясына, пьесасына үлкен баға береді. «Абай», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Бекетте», «Түнгі сарын», «Намыс гвардиясы», «Сын сағатта» пьасаларын терең талдап, ұлы жазушының ұлттық драматургияны дамытып қалыптастырудағы еңбегі ересен зор екенін атап өтеді.
Ақыры сөз еткен соң, «Жұлдыз» журналынан тарихынан қозғай кетейік. 1972 жылы 24 сәуір күні республика жұртшылығы «Жұлдыз» журналының елу жылдығын атап өтеді. Журналға елу жылға толуына байланысты үкіметтік жоғары награда «Халықтар достығы» ордені беріледі. «Лениншіл жас» газетінде жарты ғасырлық тарихы бар журнал жайында «Жұлдызды жылдар айнасы» атты ақын Ғафу Қайырбековтің мақаласы басылады.
Журналдың алғашқы бас редакторларының бірі Сәкен Сейфуллин. Қазақ әдебиетінің классиктері Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар журналдың кең қанат жаюына көп еңбек сіңірген. Журналға әр жылдары Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сырбай Мәуленов, Шерхан Мұртаза, Бекежан Тілегенов, Мұхтар Мағауин, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай бас редактор болған. Сондай-ақ журналда бір кездері Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Бекен Әбдіразақов, Жәрдем Тілеков, Ахат Жақсыбаев, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Софы Сматаев, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев т.б. қызмет еткен.

Пікір қалдыру