ЖАРҚЫРАП ҒҰМЫР КЕШЕМін…

Толқын  ҚАБЫЛША

 Сағынышым кінәсіз… 

Алды-соқпақ,арты-мұң,

Жеткізбейтін жол мына.

Абақты ғой бұл ғұмыр,

ақылды мен арлыға…

Аңсарыңды бұғаулап,

арманыңа құн кескен,

Сағынышың жазалы,

құштарлығың – ол күнә.

 

Асу, асу жолдардан,

Бетегейлі белдерден,

Ғайып болды қанша арман,

Мен сүйініп, сен сенген.

Иір-қиырмына жол,

Талай мұңның куәсі,

Шындығының шырайын,

Тағдыр өзі көмкерген.

 

Ақын болу азабын,

Адам болу мұратын.

Сезіндірген бұл жолда,

Сағынышым  – қуатым!

Қимастығым жанарда,

Құштарлығым кеудемде,

Шынайыға шын құмар,

Ғұмыр бәлкім шын атым!

 

Алды – шаттық, арты  – мұң,

Сағым құшқан жол мына.

Сол сапардан бақ күткен,

Ақылды көп, арлы да.

Жолайрықта бір үміт,

Қол бұлғайды, қимаймын.

Сағынышым – кінәсіз,

Құштарлығы мол күнә.

 

БІР МЕЙІР

ЖЕТПЕЙДІ ЖАНЫМА

Бір сәтте баз кешіп бәрінен,

Бір сәт те көз жұмды көп арман.

Бір мезет жанымның халінен,

Бір сәуле жылайды жоғалған.

Бір жүрек соғып тұр кеудемде,

Беймезгіл жылуы тоналған.

Бір-ақ сәт шешеді барлығын,

Біз ғаріп, сол сәттің құрбаны.

Бір сенім айтады жарлығын,

Бір үміт өлмесе болғаны.

Бір мезет ғайып боп үлгердім,

Бір сәттік елестей жолдағы.

Бір тамшы көз жасы  – гүлдердің,

Бір мезет суықтан тоңғаны.

Бір сезім беймезгіл көктейді,

Тәңірдің екі етпей жарлығын.

Жаныма бір мейір жетпейді,

Тәрк етіп кетер ем барлығын.

Бір ғана адалдық көксейді,

Бір ғана өкініш, тағдырым.

Бір шуақ жылытып төскейді,

Бір сәтте өбсе ғой жан нұрын.

 

Қар секілді бола 

алсақ қой, кінәсіз?!

Мынау ғалам арылсын деп күнәдан,

Аспанға ұқсап,

Ағыл-тегіл жылаған.

Арашалап алғаусыздау үмітін,

Қара жерге қыламық боп құлаған,

Қар секілді бола алсақ қой кінәсіз…

Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,

Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,

Зеңгір көктің ғаламаты секілді,

Кіршіксіз қар,

Аймалайды бетімді,

Адалдыққа сенгісі кеп шүбәсіз…

Ең аяулы сезіміндей аспанның,

Мынау қардың пәктігінен жасқандым.

Жанды баурап,

ақ ұлпасы мамықтай,

Ақша бұлтқа

ұшқым келді қалықтай,

Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.

Мен де сендей,

ізгілікке құштар ем,

Естимісің?

Ақ ұлпа қар, қысқы әлем?!

Адалдыққа сеніп келем әлі де.

Ақұлпа қар, жанарымен аймалап,

Қара жерді құшты сосын, тайғанақ,

Бар шындығың осы болса, аяулы,

Тағдырыңның айтшы, кәне, мәні не?!

 

                 Қанат бітіп ұшар ем…

Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныштың білсем егер мекенін,

Қанат бітіп ұшар ем.

Кім өлшеген?

Мендік мұңның салмағын,

Бебеулейді тереңдік.

Кеудемдегі ақиқаттың тармағын,

Келем үнсіз өлең ғып.

Кім ұғынсын?!

Менің нәзік жанымның,

Мөлтілдеген бар мұңын.

Базынасы артқан сайын бағымның,

Ақылдымын, арлымын.

Кім біледі?

Тағдырымның жолдарын,

Мен сүйініп, мен сүрген.

Кешіп келем ғұмыр-күннің орманын,

Таңдар қалды күрсінген.

Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныш па?

Тапсам оның мекенін,

Құшағыма қысар ем…

 

Бір кем дейді дүниенің есебі…

 

Маңдайдағы бағым сірә, бес елі

Аз болмады соған лайық сорым да.

Бір кем дейді,

Дүниенің есебі.

Тепереші қалар кейін қолыңда.

Бәз біреулер баз кешкен де әлемнен.

Бір кем дейді,

бақ пен сордың себебін.

Неге ендеше,жанұшырып келем мен?

Өзегімнен өшпесін деп өлеңім.

Бір кем болса,

ғұмыр күннің ғажабы.

Ессіз сүйген кеудемдегі шаттығым.

Неге ендеше жүрегім бар жазалы?

Неге ендеше,басылмайды аптығым?

Енді біреу

«бәрі жалған» деседі.

Ақиқат боп өлең қалсын соңымда.

Маңдайымның бағы білем, беселі.

Тағы да мұң.

Тағы да сор жолымда.

 

 Рұқсат  бер

Жүректің  жазықсыз   дүрсілінен,

Қимастық  кернеген   күрсінуден.

Арманға  асыққан   таңдарымнан,

Көктемнің  алғашқы  бүршігінен.

Жанымның  нәп-нәзік  бөлшегінен,

Ғұмырдың   мазмұнды  өлшемінен,

Еліткен   тәп-тәтті    ертеңімнен,

Ең  тұнық   бұлақтан  ерте  күлген,

Бақтағы  бұлбұлдың   үндерінен,

Сағыныш  кернеген   түндерімнен,

Көңілдің  жайқалған  гүлдерінен,

Жыр   десте  өріп  берейінші, жаным!

 

Көктегі   кербез  ай  сәлемінен,

Кеудемнің  тек  сендік  әлемінен,

Үнсіздік  құшатын   үмітімнен,

Жапырақ  мұңдардан  үгітілген,

Жанардың  тұп-тұнық  қарашығынан,

Ақ  таңның  ең  мөлдір  таза  шығынан,

Өмір   боп  туатын   жаңа  жырымнан,

Гүл  десте  тағып   берейінші, жаным!

 

Күз болып  қауышқан   сағыныштардан,

Жүректе  туатын   жарылыстардан.

Күн  бейнем  жүзіңе  шағылысқанда,

Ақ  қанат  арманым  алып-ұшқанда.

Кей  кейде  тым батыл  көзсіз мұңымның,

Еріндер   сыбырлап  ессіз күбірін,

Жыр  болып  түсіңде  өбейінші, жаным!

Рұқсат  бер!

 

***

Жүректен сезім,

санамнан өзің кеткелі,

Сұп-суық ойлар құшатын болды тек мені.

Өн-бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым,

Өзіңсіз бақыт жоқ па еді?

Ақшаңқан  аспан,

Керімсал  Күн де көктегі.

Түнерген  бұлттар, олар  да  маған  өкпелі.

Биылғы  көктем, төксе де  қанша  шуағын,

Қуанта алған  жоқ  мені..

Жалыным  ғайып,

Мегзейсің  маған от нені?

Сүймеген  күндер, сәттерге  жүрмін  өкпелі.

Қоламтасында  маздамай  қалған  шоқтаймын,

Сағынышымның  жоқ  шегі.

Қуанышым  да,

қайғы-мұңым  да  өтпелі.

Сенім мен  Сырдың  иесі Тәңір  көктегі.

Өткен күн – елес,

келер  күн  -жұмбақ, ал  өмір-

Үміт пен  сенім  өткелі.

Жүректі   жырмен,

жанымды  шермен  толқытқан,

Өлең  ғұмырдың талқысы мұнша көппе еді?

 

                        Сағынғаным, жазығым…

 

Сағындым ба?

сонау күзгі қаз үнін,

Сұп-сұр мынау әлемімнен қажыдым,

Саған жетпес құштарымдай шертілген,

Әуенін-ай, мына көктем сазының.

Маңдайымнан сүйсін қанша жарық күн,

Сенсіз осы сергелдеңнен жалықтым,

Мағынасыз мезеттерге тоналған,

Күлкімнен де құлазыған хәл ұқтым.

Жапырақтың жанарында үзілген,

Тамшыларда тағдырым жүр түзілген,

Сенсіз сүрген шаттығымның жасанды,

Торлап алды  көздерін мұң, жүзін мең.

Сағынғаным,

болар, мейлі жазығым,

Аңсарым-ай, сенде бәлкім, қажыдың?

Аспан астын қайтайықшы бір байқап,

Естиікші, сонау кешкі қаз үнін.

Барлығына болса – дағы кеш бүгін,

Келеді екен дауысыңды естігім,

Қапияда қалайықта кезігіп,

Қол ұстасып қайтайықшы кешқұрым.

Қайдасың?

 

                   ***

Жоғалтқым келмейді екен,

жанымның  шамшырағын.

Сол жаннан  қуат алған,

                      сан үміт, сан шыдамым.

Сәулесі ғұмыр төккен,

                     күн сынды бір құдірет

Нұрымен  оятады,

                   мендегі  жан  шуағын.

Сол жаннан  нәр  аламын,

                                     жап-жарық  нұр  төгемін.

Сол нұрдан, гүлге  айналам,

                                     күн  сүйген  күлтелерін.

Содан соң, аспан болып,

                                   қараймын мына әлемге.

Жұлдыз боп жымың қағып, жеткізем түн дерегін.

Түн болып, сыбыр қағып,

куә боп сан қызыққа,

Әп -сәтте айналамын, ең нәзік таңғы шыққа,

Ақ таң боп аймалаймын, алғаусыз үміттерді,

Жаныммен қарсы тұрам,

                                       жалқы мұң- жалғыздыққа.

Тәңірім, байқадың ба,

Мендегі қуат қандай?!

Мөлдіреп жан сезімім, ең таза бұлақтардай,

Мен мына әлем үшін, пәктіктің өзі болам,

Осынау сезім барда, күн кешем түк ақталмай.

Ендеше, берші  мұрсат,

сүйгенге, сүймегенге.

Мен мына ғалам сырын, өзіңнен үйренем де,

Жарқырап ғұмыр кешем, ғажайып ертең үшін,

Ең ұлы үміт болам, әз жаны күйрегенге .

Ең сұлу сезім болам, сүйгенге, сүймегенге.

 

Ғұмыр осы…

Өн бойымның өлең бе әлде киесі?

Мен еместей.

Мына жанның иесі.

Жұдырықтай жүрегімен алысқан.

Періште емес.

Пері де емес күй осы.

Бір тылсым бар,

Ыршып мына кеудемнен.

Байыз таппай,

секунд сайын сенделген.

Бір құдірет құлазытып жанымды,

Бір құдірет әлек оны емдеумен.

Бір ұшқын кеп,

Ізгілейді тәнімді,

Бір ғажайып бағатындай хәлімді.

Мың сан күйді бір мезетте сүреммен,

Бір мезетте,

Сағынамын бәріңді.

Өзімді-өзім

Оңашада тергеумен,

Жанның дертін,

жүрмін бе әлде емдеумен?

Ғұмыр осы,

Киесі оның бір өлең,

Жер мен Көктің арасында сенделген.

Пікір қалдыру