СӘБИЛІК КЕЗДЕН САНАМДА ҚАЛҒАН БҰЛ БІР ЖАЙ…
Ақ қар жапқан даланы аңсадым да,
Кеткім келді алысқа, малшы ауылға.
Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша,
Орғыл қызыл құмдардың қамсауында.
Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен
Егіліп бір жылаушы ед, ескі қырмен
Қойлар теуіп елтірі еркек құмды,
Айызым қанып қышырын естідім мен.
Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,
Барғым келді «Салқын тау», «Салқын тасқа».
Атың салқын болғанмен, атпал құмым,
Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа.
Өліарасы әр айдың ылаңдатып,
Қырбық қар мен қыламық қылаулатып.
Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек,
Ыңырантып інгенді ылаулатып.
Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек,
Бәлкім маған бөлек бір салқын керек.
Салқын емес…
салқын ғой Алматы да,
Шөпке бірге баратын қартым керек!
Шөпке барам… сары інген аман ба екен,
Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен.
Ақкөз аяз секілді ақи шалым
Биыл бірақ жол бастап барар ма екен,
Белі ауырып бадалып қалар ма екен.
Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып,
Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.
ӘКЕНІ САҒЫНАМЫН
Әкем дүние салды,
Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.
«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,
Көзін жұмбай тіріде кім иланды.
Алтын нарқын кім сезген – «кеш білем» деп,
Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп,
Төсек тартып қалды әкем талай рет,
Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ.
Кім әкесін өлімге қия алады,
Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы,
Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай,
Қызылшақа біз қалдық ұядағы.
Біз қозы едік.
Марқаймай кешігеміз,
Қатты қорықтық, тудық деп несіне егіз.
Айналайын заңынан табиғаттың,
Бір түп көде бар екен – несібеміз!
Шөп тасыған таңменен бірге тұрып,
Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп.
Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай,
Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп.
Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең,
Жалап-жеген қулармен және егес ең.
Қайран әке, мінезің қызық еді,
Бала емес ең, әрине дана емес ең.
Жалған бітті.
Жарқ етті лағыл – арың,
Жарығыңа зәрумін, жанығамын.
Сағынамын, әке, мен сағынамын,
Әке болып қалыппын, не қыламын?!.
***
Біздің ауыл аржағы көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді,
Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл.
Менің әкем мазасыз қорықшы еді,
Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.
Қылаң жорға қылпылдап астындағы
Ой мен қырды ойқастап өткенде бір,
Қорықшының дауысына кәнігі мал
Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір.
Салт ат мініп шалғынның ортасында
Тұрсаң шіркін,
ауасы неткен жеңіл!
Біздің ауыл аржағы көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
… Қорық көрген құнандар көп келмейді,
Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр.
ӘУБӘКІР ТУРАЛЫ ЭЛЕГИЯ
Әуелден жалқы, әкеден жалғыз әулеті,
Әубәкір әуей, ақкөңіл жігіт әулекі.
Албарда қой көп, ауласы той боп жататын,
Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті.
Әубәкір салсын әуелетіп бір ән салса,
Топқа да барсын, тойға да кірсін тамсанса.
Ел ақтап кетіп апталап кейде келгенде,
Әйелі жұтқа бастағы беріп қарсы алса,
Қимылына бір риза болмай, әйтеуір,
Ұрмай тынбайтын, оқталып қолға қамшы алса.
Ер-тұрман жасап, тарамыс тартып, таспа өріп,
Келіншектердің қасында жүрді қас керіп.
Байғазыға да байтал мінгізген Әубәкір,
Бәсекелерде бәс алып және бәс беріп.
Сөздегі мәрттік, көздерін өрт қып жандырып,
Сол ауылдарды салт атпен кезді салдырып.
Белінен туған бір перзент еді арманы,
Арманы болса, әдіра қалсын бар мүлік.
Арманда еді, «армансыз адам жоқ қой» деп,
Әйеліне де кигізді қызыл, көк көйлек.
Бойда бар жігер, үміттен күдер үзе ме,
«Келетін күннің кереметтері көп қой» деп.
Әубәкір шапқан ер-тұрман нарқы бір қара,
Бәсеке бар жұрт Әубәкір соққан сырғаға.
Әйелдерге Әукең әзіл айтатын оспадар,
– Сөлкебайым бар, теңгелеріңді бұлдама!
Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын,
Оюы қандай, өрнегі қандай нәші айқын.
Торғайдың талын тоқсанға бұрап, мың иіп,
Түбіттей иіріп ағаштан түйін жасайтын.
Бір жылы әкем жасатамын деп қамыт, бау,
Әубәкірді үйге әкелдік әрең салып дау.
Қарға тамырлы Қарабас бізге – жиен ел,
Қарап отырмай жеңешем және қағытты-ау.
Әубәкір отыр, әндетіп отыр: «Алқоңыр»
Айта алмай жүрген арманы ма екен әлдебір.
Алдамшы сағым алдады ма екен әлдебір,
Әубәкір отыр, әндетіп отыр «Алқоңыр».
Ауыз үйде әжем ас салып жүріп, салды айтып:
– Қайтсін-ай, – деді, – қашаннан жалғыз қам көңіл.
Домбыра сөйлеп перненің пейілі кеңейді-ау,
Нарқасқа жігіт нали ма мынау, не дейді-ау…
Ілуде біреу іліктіретін іңкәрді,
Шаршатқан ба әлде шарана жайлы көп ойлау.
Қозыдай жамырап, құлындай бірге тебісіп,
Көтеріп шаңырақ, жоқ-жұқананы бөлісіп,
Әубәкірменен тел өскен әкем тағдырдың,
Таттырған дәмін татулықпенен жеп-ішіп.
…Кеудеге сыйған махаббат деген мол қайнар,
Қайнарды ашуға қашанда бір күш қол байлар.
Қайнарын ашпай қайран боп кеткен талайлар
Ашар деп сеніп, арттағы қараборбайлар.
Әубәкір атын байлаған үйде ән саулап,
Жиналушы еді қатар да, қолаң, көрші аймақ.
Құнығушы еді, тынығушы еді әніне,
Кенеттен жетіп, көрінбей кетіп келсе айлап.
…Кешкілік біздің төрт қанат үйге сыймай ел,
Қорғасын дауысын қорытып бойға құйды-ай ол.
Керемет дауысы кеудеге сонда сыймады,
Қараша үйге қалайша күйде сыйды-ай ол?
Қараша туырлық құйын ұрғандай қозғалып,
Қанат біткендей ұшып кетуге аз қалып.
Теңселіп тұрды, жел соғып тұрды төр жақтан,
Жанарға тамшы жас үйірді де көз қарып.
Ұйыған сүттей тыңдаған елде тамсана
Үміт бар екен, күдік бар екен қаншама?
– Қарағым, – деді әуенін бір сәт Әубәкір
Үзе бергенде, жанындағы шал Жаншора.
– Қарағым, – деді, – қарға тамырлы ел, жиен ең,
Жамбыдай сақтар жартыкеш қана сүйек ең,
Табиғат берген шашып та төкпей тартуды
Келешегіңнің игілігіне иелен!
Айналаң – сауық, алды-артың – жора-жолдасың,
Әмәнда сені адалдық қана қорғасын!
Адамға қалай зар боласың сен тіріде
Адамды өзіңе баурайтын пейілің болғасын.
Әубәкір үнсіз.
Домбыра қалды томсарып,
Екі-ақ ауыз сөз соққыдай тиді соншалық.
Қалың елді қақ жарып бір сәт есіктен
Әубәкір кетті көпшік пен қолға қамшы алып.
Сәбилік күннен санамда қалған бұл бір жай,
Алыстап кетті алдымнан қашқан бұлғындай.
Атаусыз шаңырақ, ақаусыз қаңырап қалды ғой
Атын бір қосып ешкім де оны жыр қылмай.
Әр үйге тарап құсауызы мен қышқашы,
Әйелін алды әйелі өлген тұстасы.
Жаншора шалдың сөзі еске түсіп ойлаймын:
«Пышаққа қашан жарыған қазақ ұстасы».
***
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман,
Сенде де болды бір арман,
Ащы ішек болып шұбалған
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде,
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан*.
Ақсорпа болып алшы аттай
Тайпалып келіп тамсатпай,
Буына кеткен саусақтай,
Сүйріктей сөздің саласын
Салалап тұрып самсатпай,
Айтылмай қалған кеудемде
Менде бар еді бір арман,
Сенде бар еді бір арман.
Меселімізді қайтармай,
Айтатын кезде айта алмай,
Өрмектің құры секілді
Сезімдеріміз шайқалды-ай…
Кеулеген арман кеудемді,
Тұла бойымның тұрғынын –
Толғайын десем енді-енді,
Сенде де бар ғой бір арман,
Менде де бар ғой бір арман.
Жанығып кетіп бір-бірін
Жандырып жібереді де,
Қанамыз-дағы құмардан…
Қаламыз бірақ айта алмай.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ





