ДИПЛОМАТ ЖҮРЕГІНДЕГІ ТАМШЫ ЖАС

БІРІНШІ ЖЕЛІ
ЕЛШІБЕК
(Яки кейіпкермен танысу)

…Аэропортта иесін күткен арғымақтай, бағаналы бері сүліктей қара жеңіл көлік қаңтарылып тұрған болатын.
Астанаға алыс жолдан алып-ұшып жеткен Елшібек сүлік қара автокөлікке отырған бетте, онан бетер асыққан сыңай байқатып, алға қарай мойнын үздіксіз созып, қазір ғана Сыртқы істер министрлігінің ғимаратына тақап, асығыс түсе сала, енді ішке кіріп келе жатқан-ды. Осы жолы өзі ғана емес, ой-қиялында да біртүрлі асығу байқалды, тұла бойын құпия құлшыныс сезімі құрсаулап алыпты. Самолеттен түскені әлгінде, әуеде көп шайқалды ма, басы айналып, әлі де өзіне-өзі келе алмаған жайы бар. Қалай дегенде де кішкене жайсыздықты сезінген жағдайда. Кіре бере оң жағында орналасқан гардеробқа сырт киімін тапсырып, айнаға қарап, шашын енді тарай бастағанда, министрліктің жауапты қызметкері Саржанның жанына жетіп келе қалғаны.
– Сені құпиялап қана құттықтап қояйын! – деп, жылы қабақ таныта, жымия күліп тұр ол. – Бүгін мерейің үстем болатын күн. Кеудең бос қайтпайтын сияқты. Ай, жарайсың!
Саржан Сейпинді біраздан бері біледі, осы мекемеде екеуі алғашқы еңбек жолын бірге бастаған болатын. Қазір саусақ бүгіп санап отырса, арада он жылға жуық уақыт ойнақтап өте шығыпты. Алғашқы жылдары «осы Саржан бұл орында көп отырмас, қызмет сатысымен лып-лып етіп, тез өсіп кететін шығар» деп ойлап қоятын. Олай ойлауына себеп те бар. Саржан – астанадағы беделді университеттің халықаралық қатынастар факультетін бітірген, ал Елшібектің негізгі мамандығы – тарихшы. Университеттің тарих факультетін үздік аяқтағандардың бірі. Демек, қалай десе де, өзінен гөрі дипломатиялық қызмет кеңістігінде Саржанның жолы ашық, қай жағынан да реті келіп, қиюласып тұр. Бірақ, өмір деген өрнегі бөлек әлем, кейде ойламаған жерден ойпаңда тұрып та өрге өрлеп кетерің бар. Әнебір жылы министрліктегі беделді де тәжірибелі дипломат Мақсұтхан Матайбекұлы Президент жарлығымен Мысыр еліне елші болып тағайындалды. Бір департаменттің директоры болып отырғанына біршама уақыт өтіп еді, күткені орындалды. Оның елші лауазымына қонжиғанына министрліктегі қызметкерлердің қуанбағаны кемде-кем шығар? Қызмет жағдайында ресми қағаздарды таныстыру үшін кіріп-шығып жүргенін есептемегенде, аса көп араластығы жоқ-ты. Алды ауыр кісі. Қату қабақ. Күлуі кем. Адамды салқын қабылдап, салқын шығарып салатын. Осындай тұйық кісіден тап мұндай тосын ұсыныс болады деп ешқашан ойламапты. Каирге аттанғалы жатқан күндердің бірінде Мақсұтхан Матайбекұлы өзіне шақырды да, артық сөз айтқан жоқ, мәселені төтесінен бастады.
– Саған ұсыныс жасағалы отырмын. Менімен елшілікке қызметке баруға қалайсың? – деді.
Алғашында түсінбей қалып, аңтарыла қарап тұрды, сосын аз-кем кідіріп барып, тілінің ұшымен әлсіз жауап қайтарған-ды.
– Мен ол жақта жұмыс істей алам ба? Сіздің сенім үдеңізден шығам ба? Мамандығым да…
Мақсұтхан Матайбекұлы бұның уәжіне мысқылды кейіппен аз ғана миықтап, сосын ұнамсыздау үнмен жауап қатты.
– Осы күнгі жастарды еш түсінбеймін! – деді. Реніш аралас үні қатулау. – Алға ұмтылу орнына кежегесінен кейін тартып тұрады. Егер мамандығым басқа, менен елшіліктің тәуір қызметкері шықпайды деп шынымен ойласаң, бұл жерде несіне босқа уақыт өткізіп жүрсің? Сөзді қой, бала! Менің ұсынысым жайлы қабырғаңмен кеңес. Мықтап ойлан. Екі күн мұрсат берем.
Әңгіме осымен тәмам. Елшібек оның алдынан басы зеңіп кеткендей ауыр оймен шығып, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Жас күнінен кеудесін тырналаған бір балаң қиял болушы еді: арғы-бергіні түбірлей қопарып, естен әлдеқашан шыққан ескі замандардың құпиясын ашатын тарихшы болсам-ау деп армандап, тіпті тақырып сорабын да тауып, соның жолында ізденіп жүретін. Елшібекті басқа мәселелерден гөрі өз халқының өткен тарихы қатты қызықтыратын. Әсіресе, түркілер өркениетіндегі өте маңызды кезең – орта ғасыр тарихы үнемі мазасын ала беретін. Көп мағлұматтар көмескі. Түйткіл көп. Тарихшылардың біразы, өкінішке орай, өзіне ғана тиесілі саланы бөлшектеп алып, бөлек «қора» жасап, сонымен шектеліп қалады екен. Анықтайтын тұстары баршылық. Әп деп кірісіп кеткен кезде байқады, көптеген танысып шығуға тиіс деректер араб тілінде сақталыпты. Әуелде тапқан бірлі-жарым құнды құжаттарды өз бетімен оқи алмай, әбден қара терге түсті. Осы кезде университетте бірге оқыған досы Дарынғали Дабырұлы көмекке келді. Ол айтты: «Егер орта ғасыр тарихымен алаңсыз айналысам десең, алдымен араб тілін жетік біліп алуың керек, ол үшін арнайы маман оқытушы жалдамасаң жолың ашылып, жұмысың өрге қарай өрмелеп кете қоймас». Өзінің де іші сезетін-ді. Орта ғасыр өркениетінде түркі – араб — парсы мәдениетінің орны төбесі тесілмеген төбешіктей томсырайып жатқан құпия әлем екенін байқаушы еді. Сосын арабша жетік білетін бір ұстазды іздеп тауып, жатпай-тұрмай дәріс алды. Сөйте-сөйте аз уақыт ішінде арабшаныңызды жүгіртіп оқи алатын дәрежеге жетіп те қалған. Міне, осы кезде, қайдан естігенін кім білсін, Сыртқы істер министрлігінен бір шенеунік хабарласып, әй-шәй жоқ, «сені араб тіліне жетік дейді, сол рас па» деп сұрақтың астына алмасы бар ма? «Аздап білем!» «Олай болса, ертең бізге кел, сөйлесейік» деп, трубканы қоя салды. Баруға аса ықылысты емес еді, бірақ атағы дардай айтулы мекемеден өзіне арнайы хабарласқан соң, не үшін шақырғанын біліп алсам-ау деген қызығушылығы ерік-жігерін жеңіп кетті. Ертеңіне сүйретіліп келіп, министрліктің есігін қағып тұрды.
Қысқасы, сағызша көп соза берер не бар, араб тілін білетіні министрліктегілерге салғаннан ұнап қалды ма, көп ұзатпай жауапты қызметке шақырды. Ақылдаса қоятын, «былай ет» деп, жөн сілтей салатын етжақын туысы жоқ, Дарынғалиды іздеді. Онымен телефон арқылы хабарласты.
– Дарын, сенің ақылың керек! – деді. Дарынғали кәдуілгі қалжыңқой әдетімен, жылдам жауап қатып:
– Еһе, басқаға ақсақ аттай текіректегенмен, тегін ақыл дегенің көл-көсір, аспанға шапшыған сұраусыз судай атқылап тұр! – деді. – Ал, сұрай бер! Бастай бер, қане!
– Сыртқы істер министрлігі жайлы не білесің? – Елшібек әуелгі сөзін сұрақпен бастады. Неге бұлай дегенін өзі де аңдамай қалды. Аузынан шығып кетті. Дарынғали селк етіп, түкке түсінбеген таңданысын да жасырып қала алмады.
– Сұрағыңа болайын! – деді досына кекесінді үнмен. – Немене, мені Сыртқы істер министрлігі қызметінің қалтарыс-қатпарын зерттеп жүрген адам деп, оңашада біреу құлағыңа сыбырлады ма?
Елшібек қапелімде не дерін білмей, қипақтап қалды да, артынша:
– Жо-жоқ, айтайын дегенім – мені сол мекемеге қызметке шақырады. Жауапты жұмыс дейді. Ойланып отырмын. Баруым керек пе, жоқ па? – деп, өзінің болашақ тағдырына қатысты жағдайды ортаға көкпар ғып тастады. Ақыл-кеңес сұраған түрі. Асығыс жауабын да күтіп отырған сыңайын байқатты.
Дарынғали – барынша елгезек жігіт. Студенттік кезден солай. Әсіресе бір төтен мәселе жөнінен жылдам шешім қабылдау кезінде басқалардай емес, қаршығадай лыпып, оңды-солды ойнақшып, ойы ұшқырланып кететін. Жарқ-жұрқ етіп, жарқылдап алға шығатын. Ойындағысын бүгіп қалмай, бүлтелекке салмастан, ашық айтып тастап отыратын. Ол Елшібекті тыңдап алды да, күмілжіп отырған көңілін серпіп тастап, онан бетер қанаттандырып жіберді.
– Апыр-ау, мынау үлкен жаңалық қой! – Даусында ерекше екпін бар. – Мұндайда «қалай болар екен» деп кібіртіктейтін жөнің бар ма? Келісім бер. Дереу келіс! Жұрттың баласы ол жаққа жол іздеп, жылдар бойы жете алмай, армандап жүрген жоқ па? – Сөздері нық. Айтары анық. Қолтығыңнан қос қолдап демеп жіберердей екпін мен дем бар.
– Уралап жетіп барып, артынан аяғым аспаннан келіп жүрмесе! – Елшібек қалжыңы аралас қиғаш сөзге ілгек салды. Өзінше әзілдеген түрі. Осы жолы Дарынғали әзіліне әзіл жалғамады, керісінше салмақтана қалып, тағы да тасқайрақ мінез көрсетті.
– Қорқақ, қоянжүрек болып кеткенбісің? – деген. – Өмір деген тәуекелден тұрмайтын ба еді?
– Шенеуніктер жүрер соқпаққа түсем бе сонда? Тарихшы деген атақ та бір басқа олқы ма? Соның, аз дегенде, бір пұшпағын бармаққа іліп, нық ұстап жүре алсам, аз жұмыс па? Осыны ойлап, тартыншақтап… – Елшібек кеудесін қысқан әлдебір дүдамалды жасырып қалмастан, досының алдында ағынан жарылды. Дарынғали оны аяғына дейін тыңдап жатпады, орта жолдан қиып әкетіп, ары қарай өзі жалғап, тоқтаусыз сөйлеп ала жөнелген.
– Орыстар айтатын бір мәтелді сен де білесің. «Кашу маслом не портиш» деуші ме еді? Сөзді қой, ұмтыл дереу. Мүмкіндікті жіберіп алма. Езіліп тұрар жерің емес! Еңсеңді тікте, Елшібек!
Досының осындай сөздері шаптүртер қамшыдай әсер етті ме, елшінің кешегі ұсынысын іштей мақұл көріп, ертеңіне шыттай киініп алып, министрлікке беттеген. Ол жаққа бет алғаны – ой тоқайластырып, ішкі келісімге келгенінің белгісі еді. Қызметке қабылданып, жұмыс кабинетіне алғаш кіргенде қарсы алдынан артық сөзге жоқ, даусын да көтермей, барынша сыпайы сөйлейтін бір жігіт — осы Саржан Сейпин күтіп алып тұрды. О-о, Саржанды алғаш көргендегі әсер қандай! Оның жүріс-тұрысының өзі сурет секілді, ал кісімен қарым-қатынасындағы мәдениеті таң қалдырмай қоймайтын. Кіммен тілдессе де өте мәйін. Уәжінде мүкіс жоқ. Дөрекі, дөрекі ғана емес, сәл қиғаштау сөз аузынан шықпайды-ау, шықпайды. Туа бітті дипломат деген кім десе, міне, осындай деп көрсетсең ұяларсың ба?
Осылайша тағдырына төтен өзгеріс еніп, Сыртқы істер министрлігіндегі еңбек жолы басталып жүре берген жайы бар-ды…
Күні кеше Мақсұтхан ағасының «менімен бірге елшілікте қызмет етуге қалай қарайсың» деген ұсынысынан соң, бұған дейін ашылған жоқ еді, енді үйге келісімен жұбайы Айназымға бар сырын ашық ақтарып салды. Жан әлемінде ойнақ салған, «арғы жағы қалай болар екен» деген сезім бұлқыныстарын басқа кімге айтсын? Кім тыңдар анығында? Қай пендеге қызық екен?
– Мысырға жаңа елші тағайындалды, мені де сонда шақырады, – деді. – Мақсұтхан ағаймен аса жақын араластығым жоқ еді, өзім де таңмын. – Осыны айтты да, әйелі дереу қарсылық жасайтын шығар деген оймен, оның бет құбылысын аңдыды. Баяғыдан белгілі пәлсапа! Әйел атаулы қай уақытта еркектің ойын дөп басып, дереу қостай жөнелуші еді? «Қайтесің ол жақты, сен-ақ бұтақтан бұтаққа ыршыған шымшық торғайдай секектей бересің, отыр осында» дер ме? Айназымның қабағынан, бірақ, тап қазір еш өзгеріс байқалмады. Жауабы да жайбарақат. Сабырдан өткен сабырлық!
– Сен не дедің? – Айназым асықпай, сылбырлау сөйледі. Біртүрлі шаршаулы үн. Астарында жақтырмаушылық сызы сезілгендей ме? Бәлкім, қателесе ме?
– Ойлануға бірер күн мұршам бар.
Айназым, әлбетте, жолдасының екі ойлы көңіл күйін дөп басып түсініп тұр. Бірақ «қоя салшы» деген кесімді сөзді туралап айту керек пе? Мүмкін, бұл ұсыныс келер күн болашағына даңғыл жол ашып, жақсылыққа бастағалы тұрса ше? Екі-үш жыл бұрын осы министрлікке қызметке шақырған кезінде де кеудесінде көп дүдамал атойлап тұрып алған. Күйеуі сырт көзге момындау, ортаға жайлы сияқты көрінгенімен, аяқ астынан тарс етіп, шатынап кетер мінезіне талайдан қанық. Шенеуніктер әйтеуір бір күні сонысын сезіп қалып, «енді келген жеріңе қайта ғой» десе, ел-жұрттың жыртыңбай күлкісіне қалу деген сол емес пе? Арада жарты жыл өткенде, бірақ, Елшібек министрлік қызметіне бауыр төсеп, барынша көндігіп қалғанын байқатты. Тіпті мереке сайын басшылық тарапынан мақтау қағаздарын алып жүрді. Сол кезде барып күйеуінің «сыртқы саясаттың» адамына айнала бастағанына көңіл сендіре бастағандай еді Айназым. Ол ғана емес, арада екі жыл өте бере министрлік бұларға су жаңа үш бөлмелік пәтердің кілтін тапсырар ма! Сөйтіп, үлкен қалада көп жыл «бас ауруына» айналған пәтер мәселесі біржола шешімін тапқан болатын. Әсіресе, ес біліп қалған ұлы мен қызының көңіл қуанышын айтсаңшы! Әгәрәки, ғылым жолында «ойшұңғыл шым батқан ойезбе» қалпымен, түйіні мың түйткіл бір мәселенің соңында салпақтап, ұзақ уақыт жүре бергенде, осындай бақытқа жақын жылдарда қол жеткізер ме еді, кім білсін? Енді, міне, «шетелге шақырады, елшілік қызметкері болам» деп тепсініп тұр. Сәттілік күтіп тұр ма, жоқ әлде сәтсіздік пе? Екіұшты ой санасында қатарласа қалған сәті еді. Алдымен қолдау емес, қарсылық ниетін сездіре, бірақ туралап кетпестен, ақырын қиялап бастады.
– Сен Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа ауысқанда уақытша бара жатырмын деп ең, – деді баяу үнмен. – Енді өз салаңды мүлде ұмытып, дипломатиялық қызметтің «батпағына» біржола батқалы тұрмын деп ойламайсың ба? Осы жағын ескердің бе?
– Мен емес. Менің қалауым ба? – Елшібек тілі тұтыға, тұтанып кете жаздады. Шеке тамырының білеулене тепсінгені байқалды. – Жағдай, ситуация…
Айназым бәрібір аптықпады, оның өрекпіп тұрған көңілін сабырлы үнімен баса сөйледі. Бұл жолы әйелдік шапшаңдыққа салмады. Қызбаланбады, байыппен айтты.
– Адам тіршілікте қандай да бір ситуацияны алдымен өзі туғызады, – деді. – Солай болғанын қалап, ыңғай беріп тұрады. Осы өтірік пе?
Елшібек «бәрің де осындай кезде білгішсініп, аяқ астынан философқа айналып кететіндерің бар» деп күбірлеп алып, сосын әйеліне қарсы сауал қойды.
– Енді не демексің? Ақылың тасып бара жатса, айтсаңшы ойыңды? Сайрап жатқан сара жол кәні, көрсетсеңші? Нұсқашы қане?
– Шет жер. Басқа ел. Бөлек өмір. Ол жаққа үйренісіп кете алсақ жақсы. Оның үстіне, елшілік жұмысы – қып-қызыл саясат! Сен о бастан саясатқа аса жүйрік емессің. Басқалар білмесе де, оны мен білем. – Әйелі ойындағысын қазір ғана ашық айтып, ішіне титімдей пікір сақтамады. Бір сәттік лып етпе ашуды ауыздықтағандай боп, қайтадан көңіл сабырына келіп, Елшібек те өзінің ішіндегіні айқаралап ашты. Ашып барып тіл қатты.
– Дегенмен, қазақ шақырған жерден қалма демеуші ме еді? Бірден басымды алып қашқаным жөн бе? Бұдан соң мұндай ұсыныс бола ма, жоқ па – оны құдіреті күшті бір Аллам білер?
Осылай деп алып, аз-кем үнсіз қалды. Бірақ түрінен әлі де бірнеңе айтқысы келетіні байқалып тұрған. Осыны сезген Айназым күйеуінің ойын бөлместен, сабыр үстіне сабыр жамап, бөгеліп қалып еді.
– Тағы бір жағдаятты есіңе салайын! – Елшібек дауыс шығара, қайтадан арқаланып алды. – Араб елінде оқу-ағарту мен ілім-білім жағы бірыңғай жүйеге түскен делінеді. Қазіргі мен оқыған деректер соны айтады. Әсіресе, жас балаларды қисық мінез шатақшылдық пен агрессиядан аулақ ұстап, имандылық және мейірім жолымен тәрбиетіні өте құптарлық емес пе? Ұрпағымыз теріс жолға түспей, тепсініп тұрмай, иман тәртібін бойына сіңіріп өссе, онда қандай арман бар?
Күйеуінің ойға алған шаруадан оңайлықпен бас тартпайтынын талайдан біледі, сосын да енді талқылауды доғарып, оның ыңғайына көшуден басқа жол жоғын байқады. Басынан-ақ бұл әңгіме осылай аяқталарын іші сезген еді. Сөйтсе де, алдағы тағдырға қатысты маңызды мәселе екенін ескеріп, екеуара талқыға салған сыңайы-тын.
– Онда өзің қабылда шешімді! Қасарыса қарсылық жасағаным емес, ойлан дегенім ғана. Сенің ішкі тоқтамың – мен үшін де дұрыс шешім! Келіспей қайда барушы ем, отағасы?
Екі күн өткенде Мақсұтхан ағасы тағы шақырды. Бұл жолы алыстан орағытпады, турасына басты, «ал, қане, шешіміңді айт» деп, нақты жауабын күтті. Тіпті нығырлап сөйледі.
– Саған ұсыныс жасағанмен, есіңде болсын, ол орынға адам таппай қиналып отырғам жоқ, қайта-қайта өтініш айтып, кісі тықпалап жатқандар баршылық, ал өзіңді қалағаным – арабша жетік білетіндігің, содан соң, әрине, мінезің… (Осыны айтты да, артынан жеңіл жымия сөз жалғады) Оның үстіне әке-шешең «Е, осылай ат берсек, келешек бағы да жанар» деп, тектен-тек Елшібек атамаған шығар? Сол есімге дөп келетін жерде жұмысыңды жалғастырғаның үлкен бір ғанибет емес пе? Барлық таныстарың кеу-кеулеп «елшілікте Елшібек досымыз бар» деп, ауыз толтыра айтып жатса…
Бұл кісінің жүз жылытып, езу тартқанын алғаш көріп тұр. Әзіл де айтады екен. Е, бәсе, дипломатиялық қызметте қатып қалған қатты мінез жарасар ма? Мәмілегерлік мінез бен келісімпаздық ниет басым түсіп жатпас па? Тіпті негізгісі де сол емес пе?
Ақыры келісімін берді. Баруға бел байлады. Мысыр елін онсыз да бір көру арманы еді. Орта ғасырлық тарихтың бір тамыры, негізгі тамыры бәрібір осы Мысырға барып тіреледі. Тарихты таразылаған сәттерде байқаған, Мысырға соқпай, оны айналып өте алмайды. Ендеше, ұтылары бар ма? Бір оқпен екі қоянды, тіпті үш қоянды қатар соғып алу деген осы-ақ шығар?
– Жақсы, аға! – деді Елшібек. – Дегеніңіз болсын! Келістім.
– Әп, бәрекелде! Мынау нағыз ер мінез адамның сөзі! – Мақсұтхан ризашылығын жасыра алмай, Елшібектің арқасынан қақты. – Ашығын айтайын. Дұрыс шешім қабылдадың. Бұл үшін ешқашан өкінбейтініңе ептеп өмір көрген ағаң ретінде мен куәлік ете алам…
Сөйтіп, бір-ақ күнде астанамен қош айтысып, Мақсұтхан ағасына ілесіп, Каир қайдасың деп ұшып кете барған жайы бар-ды…

* * *
Саржан Елшібекті кәдімгідей сағынып қалған екен, әуелі құшақтап, сосын иығына қолын салып, көңіл жақындығын байқатқан сыңай көрсете, министрліктің үлкен залына қарай өзі бастап ертіп келе жатты. Қарсы алдынан үш жігіт кездесті. Оларды да жақсы таниды. Біреуі – Иранда, екіншісі – Анадолыда, ал үшіншісі – Біріккен Араб әмірлігінде елшілікте. Жастары да қарайлас. Үшеуі де тап-тұйнақтай болып, сәнді киініп алыпты, әлденені айтып, өзара күбірлесе сөйлесіп тұрды. Елшібек жақындап келіп:
– Ассалаумалейкүм, орта толсын, жігіттер! – деген. Бәрі селқостау амандасты да, қоя салды. Дауыстарынан аз-кем салқындық байқалып қалды. Саржан Елшібекті одан әрі сүйрелей жөнеліп, ортаға алып өтті. Жол-жөнекей сөйлеп келеді.
– Сен оларға көңіл аударма! Көңілсіз амандасатын жөні бар.
– Неге?
– Оны сосын түсіне жатарсың! Әзірге алаңдама!
Көп ұзаған жоқ, жиын да басталып кетті. Министр Ақ үйде өтетін үлкен жиынға шұғыл кетіп қалған ба, бұл басқосуды министрдің орынбасары Мақанбаев өткізді. Әртүрлі мәселелер қаралды. Арнайы дайындап қойған ба, әлде шынымен кеуделерінде қордаланып қалған көкейкесті уәждері ме, біраз кісілер кезекпе-кезек мінберге көтеріліп, сарт-сұрт сөйлеп жатты. Соңғы жағында Мәжит Мақанбайұлы қайтадан тізгінді қолына алып, бүгінгі басқосудың түйінді әңгімесін айта бастады.
– Енді жиын аяғына қарай, бәрімізге де ұнайтын, ең жағымды миссияны орындайтын сәтке де тақадық! (Жанындағы көмекшісіне қарады) Барлығын дайындап қойдыңдар ма?
– Бәрі дайын! Әзір тұр! – Көмекшісі қоғадай иіліп, құрақ ұшты.
Мақанбаев әлгіндегідей емес, енді даусын да жылыта түсіп, әрі қарай желпіне сөйлеп кетті.
– Сонымен, міне, министрлік басшылығы қол қойған бұйрық. Ол менің қолымда. Осы бұйрыққа сәйкес, шетелдегі елшілікте жауапты қызмет атқарып жүрген бірқатар әріптестеріміз айтулы наградалармен марапатталған еді! Соларды тапсыруға көшейін.
Осылай деп алып, награда алғандардың аты-жөнін кезегімен атап, шақырып жатты. Бір кезде Елшібектің де аты аталды.
– Нәзір Төреқұлұлы медалімен Египеттегі елшіліктің консулы Елшібек Ешенұлы наградталды!
Өз есімі аталған сәтте Елшібектің жүрегі дүрсілдеп қоя берген. Әлгіндегі Саржанның айтқаны әзіл емес, шындыққа айналды. Орнынан ықшам тұрса да, сүріне жаздап барып, жоғары жаққа әзер жетті. Министрдің орынбасары Мәжит Мақанбайұлы өз қолымен төсбелгіні кеудесіне тағып жатып құлағына сыбырлап қана, бір ауыз сөз айтты.
– Сен жайлы елшінің пікірі өте жоғары. Бұдан былай да абыройың арта берсін! Өсе түс!
– Рахмет! Еліме, қазақ дипломатиясына адал қызмет етемін!

* * *
Жиналыс аяқталған соң, дереу сыртқа ұмтылып, асығыс кетіп қалған жоқ, министрлік ішін аралады. Бұрынғы әдетімен, бір кездері өзімен қатарлас қызмет істеген бірнеше таныстарына кіріп, хал-жағдайларын біліп шықты. Қасында Саржан бар еді. Үлкен дәлізбен қатарласа жүріп келе жатқан сәтінде қарсы алдынан Біріккен Араб әмірлігіндегі елшіліктің қызметкері Ержігер шыға келді. Бұрынғы әдетімен елгезектене қолын ұсынған. Тағы да көңілсіз алды. Елшібек оның мұндай мінезін бұрын-соңды көрген емес, «мұнысы несі» дегендей, күдік көзімен қарап қалды. Кезінде Саржан, Ержігер және өзі бар, үшеуі министрліктегі ең жас қызметкерлер еді, алғашқы қалыптасу жолын бірге өткерген-ді. Сол уақыттарда, кейбір оңаша бас қосуларда, Ержігер тілінен бал төге, шешенсіп ала жөнелетін. Сөзшеңдігі баршылық. Оны екеуі де мойындап үлгерген еді. Сосын да Ержігер сөз бастағанда, үнсіз тыңдап, тек құлақ төсейтін. Сондай бір кезекті отырыста есіле сөйлеп барып, Саржаннан бұрын бұны мақтаңқырап, «болашақта болымды дипломат болатын мүмкіндігі бар» деп, желпінте айтқаны есте. Мақтау сөз кімге жақпасын? Жаны жадырап сала беретін де:
– Сендерден озып қайда барам? – дейтін Елшібек те сыпайы тіл қатып. – Менен гөрі мына екеуің дипломатияға өте жақынсыңдар. Ал, мен деген, анығында, ғылымның адамымын ғой…
Сол Ержігер қазір мүлде түсініксіз мінез көрсетіп, жанына қаяу салып тұрғандай әсер етті. Сонысын түсіне алмай, амалсыз тіл қатқан.
– Саған не болған, Ержігер? Мен байқаусызда бір жағдаймен көңіліңді қалдырдым ба? – деп, оған таңданыспен қарады. Сол-ақ екен, Ержігер тоқтамай сөйлеп ала жөнелсін.
– Төреқұлдың Нәзірінің медалін кеудесіне тағуға шын ылайықты қызметкерлер көп-ақ еді. Сен Мысырға барғалы екі-ақ жыл өтті, ал мына жақта…
Осы сәтте шыдамның сеңін бұзып, Саржан сөзге килікті. Елшібектің алдын орап, жауабын өзі айтуға асықты.
– Кімді көтермелеп, қай қызметкерді марапаттауды басшылық өздері шешеді. Бұл арада Елшібекті атаққұмар дегендей, жеке басына тиісіп, тіс батыра, көсемсіп сөйлеудің қандай жөні бар?
Ержігер тайсалған жоқ, бұл екеуіне одан бетер ежірейіп қарады. Көздерінен от ұшқындап, тез тұтанған ашу ізі байқалды.
– Кінәсі ме? Кінәсі – кеуде керіп, «мен медаль тақтым» деп көкіректенуі. Мына кең дәлізбен алшаң басып, қарсы ұшырасқанды қағып кете жаздап бара жатқаны. Уот так! Солай, мықтылар!
Осыны айтты да, кілт бұрылып, кердең басып, кетіп бара жатты. Елшібектің ішкі әлемі әп сәтте алай-дүлей болып кетер ме! Ештеңеге түсіне алар емес.
«Осы медалді өзім тіленіп, «маған бер, маған бер» деп, жалынып-жалпайып сұрап алыппын ба? Берді – алдым. Кеудеме тақты, рахмет! Ал, мына кешегі тату дос Ержігердің ата жауын көргендей, осынша ызаланып, ызбарланып сөйлеуіне не жорық? Қызғаныш деген қызыл итке ілесу үшін, сол пәлекетке еріксіз жетелеп апаратын дәлелді себеп керек емес пе алдымен?..»
– Ержігердің дөрекі мінезін түк түсіне алмадым! – деп, көңілсіз үнмен жанындағы Саржанға бұрыла қараған. Саржан сабырлы. Ештеңе естімегендей жайбарақат қалпы.
– Көңіл аударма демедім бе? Айтады – қояды.
Сосын сыртқа шығуға беттеп, Саржанға қош демекші еді, ол есік алдына дейін шығарып салатын ойы бар екенін сездірді. Іштей досының шынайы ықыласына қатты риза болып, сырт киімін өткізген гардеробқа жақындай берген-ді…

* * *
Елшібекті сыртқы есікке дейін шығарып салып, өз кабинетіне оралған беті осы еді, шар-шар еткен телефон құлағын жарып жібере жаздады. «Астынан су шыққандай, сонша асыққан кім екен? Тоқтайтын түрі жоқ қой тіпті?..». Артынша «ойбай-ау, шұғыл іздеп жатқан басшылардың бірі ме әлде» деп асығыс ойлап, бойын тез жинап, дереу сары телефонға қарай тапырақтап ұмтылды.
– Тыңдап тұрмын!
Арғы жағынан нағашылық жақындығы бар, министрліктегі бір департамент басшысы Тастан Дабылбаевтың даусы саңқ етті.
– Қайда жүрсің? Осымен үш рет телефон соққан шығармын. Орындарыңда отыру деген жоқ сендерде!
– Мен бір кісіні шығарып салып, кабинетке енді кіріп жатыр едім.
– Бір кісі деп қомпайтып жатқаның – ана Мысырдағы шикіл сары консул ма? О, тоба! Оны сонша қолпаштап, сыртқа дейін шығарып салатындай не күн туды басыңа? – Даусында ауыр зіл бар. Бүгінгі қимыл-қозғалысының бәрін білетін және мүлде қостамаған ренжулі үн.
– Аға, ол екеуміз біраздан жолдаспыз, бірге қызметті бастағанбыз, – деп қипақтап, ақтала бастап еді. Аяғын тыңдамады.
– Сөзді доғар да, кел маған! – Дабылбаев бұйыра сөйлеп, трубканы қоя салды. Ашулы екені анық байқалып тұрды. Нағашысы әдетте тап мұндай күйгелек жан емес-ті. Көбіне ұстамды. Бірақ, кей кездері әлденеге көңілі толмай қалса, осылай тұтанып кетері де бар. Бірақ ондай жағдай сирек болушы еді. Соңғы рет ашу шақырғаны, әрине, есінде қатты сақталып қалған-ды. Нағашысы бұған «сен немене, басқа ермек таппай қалдың ба» деп аяқ астынан дүрсе қоя берген. «Жеке құжаттарыңды өзгертіп жатыр деп естідім, Сейпин деген фамилияңның қай жерінде сөкеттік бар?». Саржан қолға алған әрекетін жасыра алмай, «Иә, енді жаңа төлқұжат алам, онда Сейпин емес, Сейпіұлы деп жазылады» деген. Сол-ақ екен, Дабылбаев ашуға булығып, бұрқырап ала жөнелді. Даусы да тарғылданып кетті.
– Сейпіұлы деген не? Сен болашақ дүние жүзі елдеріне табаны тиетін, шаһар-шаһарларды молынан аралайтын, өзгелерге жол-жоба көрсететін дипломатсың. Мен соны күтем! Сондай биікке көтерілуің керек! Жетуің керек! Сейпин әдемі естіледі. Тоқтат бұл әрекетіңді! Міне, мен де жүрмін ғой елу жылға таяу Дабылбаев болып! «Сен неге солайсың» деп ешкім кемсітіп жатқан жоқ жаман ағаңды…
Тілінің ұшында ұтқыр жауап тыпыршып тұрса да, Саржан одан әрі үндемеді. Тартыншақтады. Жасы үлкен кісімен, оның үстіне асыл анасының жақын інісімен, сөз таластыра берудің жөнін таппады. «Қазақпыз, қазақтың өзіне тән белгісі өзге халықтар секілді осы фамилиясынан да көрініп тұруы керек» деп айтқысы да келген. Қанша малтасын езіп, дәлелдеп бақса да, бәрібір бұл ойының түпкі мәнін түсіндіре алмасын, әсіресе мына нағашы ағасына түсіндіру қиынға соғатынын іштей сезіп тұрған еді сол сәтте.
…Саржан дереу орнынан лып етіп, асығыс қозғала, нағашы ағасының кабинетіне қарай жүгірді.
Кірген бетте байқады, шашы ұйқы-тұйқыланып, қобырап кеткен Дабылбаев тиісерге қара таппаған ашулы бурадай, барынша дүлейленіп отыр екен, бастырмалата сөйлеп кеп берсін!
– Дипломатиялық қызметте «өз білгеніммен жүрем» дейтін еркінсуге жол жоқ! Мүлде орын жоқ! – деді қатаң үнмен. – Дипломаттық жолды таңдадың ба, ендеше алдымен ресми қарым-қатынастың әліппесін, тағы да айтам, әліппесін меңгеріп алуға тиіссің. Сырт көзге қасаң көрінер, бірақ дипломатияға тән әдет! Сен ше? Мәйін сөйлегенге мәзсің. Жылы сөйлеу – айжарылқап дипломат бола қалуды білдірмейді. Көрінгенмен әмпей-жәмпей – ол да басы артық іс! Жағаң жайлауда. Қашан көрсем де, базарда жүрген қолы бос әлдебіреу, иә, әлдекім сияқтанып министрліктің дәлізін босатпайсың. Тағы да ескертем: дипломатиялық қызметтің ішкі иірімдерін түсіну жағын былай қойғанда, жәй саясатты да қақпайтының алыстан айқайлап тұрады! – Даусы тарғылданып кетті. – Әркімнің қоғамда өз орны һәм өз салмағы бар. Біреуді сыйлау деген оның алдына түсіп алып, дедек қағып жүгіру емес! Дедектегіштерді біздің арамызда «қаңбақ» дейді. Қаңбақ атанғың келе ме, ақылсыз неме?
Осы жерге дейін шыдаммен күткен Саржан енді тіл шығарып, өз әрекетінің себебін тағы да түсіндірмекке ұмтыла түсіп:
– Мен көрінгенге емес, қатарлас досыма, яғни… – дей бергенде, Дабылбаев орнынан ұшып тұрып, үстелді жұдырығымен қойып-қойып қалды. Жұдырығым ауырып қалар-ау демеді, аямады.
– Сенде торғайдың миындай да ми жоқ екен!..

ЕКІНШІ БАЯН
(Яки досы Дарынғалимен таныстыру)

Таңғы ұйқысын шыр-шыр еткен телефон даусы бұзды. Анығында, телефон даусы емес, жыламсыраған баланың үні дерсің. Қайсыбір күні, жұмыстан шаршау болып, аз-кем үзіліс жасаған сәтінде, осындай бір қоңырау үнін тауып алып, соны сақтап қойған-ды. Өзіне ұнаған еді. Ал, қазір таңғы ұйқы сәтінде ұнау былай тұрсын, миына біреу ине тығып жатқандай, дегбірін қашырып жібергенін қарашы. Түнде даусын бәсеңдетіп қоярмын деп ойлап отырып, сол күйі ұмыт қалдырыпты. Шыр-шыр-шыр! Тоқтайтын емес. Ұйқылы-ояу қалпында жанындағы тумбаның үстінен әзер деп сипалап тауып, қалта телефонын құлағына тосқан. Астанаға келгенін қайдан естіп қойғаны белгісіз, жас кезден араласқан, университетте бірге оқыған тарихшы досы Дарынғали Дабырұлы екен. Өзі аздап ашулы. Аптыға сөйлеп тұр.
– Елге келіп алып, үн-түнсіз жатырсың ба? Бұл – жаман әдет! – деп, даусын зорайтып сөйлеген. – Басқаны ескермесең де, ескі досыңды ұмытпауға тиіссің. Мен сенің келгеніңді өзің айтпасаң да біліп алдым!
Елшібек «өкпең орынды» дегендей ишара байқата, күле жауап қатты.
– Қайдан естіп қойдың? Кім айтты?
– Ау, барлық телеканалдар шулап, жария етіп жатқан жоқ па? Атақты дипломат атамыз Нәзір Төреқұлұлы медалімен наградталып, оны министрдің орынбасарының өз қолынан алыпсың. Құт-тық-тай-мын! Кездесіп, қолыңды қысайын десек, ініне кіріп кеткен суыр секілді жатысың мынау енді…
Дарынғалидың алдында ақталып жатпады, «кішкене тығыз шаруалар шығып қалды, соларды алдымен реттеп алайын деп, күні бойы зыр жүгіріп кеткенім ғой» деді. Оны да самарқау, манаураған қалпы айтып жатты. Ұйқысынан әлі де толық ояна қоймағандай еді.
– Бірер күннен соң қайтадан Каирге ұшамын. Жұмыс жағдайында күтіп тұрған шаруалар шаш етектен! – деп, артынша тағы да нықтады.
Досы арғы жағын тыңдағысы келмей, «қашан кездесеміз» деп сұрақты төтесінен қойды. Елшібек қипақтаңқырып, аз-маз кідіріп қалды. Бүгінгі күнге деп жоспарлаған бірсыпыра азды-көпті шаруалары бар. Жолығатын кісілерге алдын-ала айтып та қойған еді. Аз-кем ойланып барып, қашан жүздесуге мүмкіндік барын шамалап жеткізуге тырысты. Былай деді:
– Жұмыс күнінің аяғына қарай кездессек ше? Сағат кешкі алты-жетілер шамасы қа-ла-й? – «Қалай» дегенді созып айтты. «Қарсы емессің бе» дегенді қосақтамақ болды да, тоқтап қалды. Жауап күтті.
– Қарсы емеспін! – деді Дарынғали. – Мен үшін қай кезді айтсаң да құп көрем. Тіпті бар ғой, таңғы төрт-бес десең де, өзіңмен жүздесу үшін, түнді көз ілмей атырып, ұйқыны бір күнге қия салуға әзірмін.
– Ойпырмой, тым қиындата бермеші, Дарын! Кешкі кез демедім бе? Нағыз қолайлы уақыт, – деп, Елшібек оның қыршаңқы сөзін құлағынан асырып жіберіп, жайлы үнмен жауап қатып жатты. Дарынғали саңқ-саңқ күлген қалпы еріндерін жымыра түсіп:
– Әзіл ғой, – деді езуін әзер жиып. – Ал, ақиқатына көшсем, сенімен ақылдасатын маңызды бір жағдаят бар. Өте маңызды!
– Онда келістік! Кешке дейін!
Елшібек телефонды өшірді.

* * *
Күні бойы автокөлігіне дамыл берместен, қала көшелерімен ерсілі-қарсылы зырылдап, тоқтаусыз аралап кетіп еді. Барар жер мен бітіруге тиісті шаруалар сонша көп. Шаш етектен! Бірінен соң бірі иық тірестіріп тұр. Бәрі де маңызды. Барлығына үлгеруі керек. Астанаға күнде келе бермейді. Түс ауғанша біразының бетін қайырып та тастады. Ең соңында, елшінің арнайы тапсырмасын орындамақ боп, қаржы министрлігіндегі басшы қызметте отырған бір кісіге бес минутке кіріп шығу үшін қабылдау бөлмесінде көп күтіп отырып қалар ма! Е, жарайды деп кетіп қалуға хақы жоқ. Бұл – елшінің жеке тапсырмасы. Ол міндетті түрде орындауы керек. Мейрамханаға, сол себепті де, белгілеген уақыттан біраз кешігіп жетті. Асыға басып, төр жағына озып барды да, тоқтаған сәтінде оңаша кабинаның кішкене есігінің қиюынан досы Дарынғалиды көзі шалды. Ол әлдекіммен телефон арқылы даудырлап сөйлесіп жатыр екен. Бұның келгенін байқамады. Әңгімесін жалғастыра берді. Біреумен қызу айтысу үстінде. «Тарихшы екенім рас, негізгі мамандығым солай, бірақ тарихшылар көркем шығарма жаза алмайды деп кім айтты?» дейді даусын көтере сөйлеп. «Атағы шыққан драматург емеспін, соны сылтау етіп, сахнаға шығаруға құлықсыз болсаңдар, оны ашып айтыңдар, пьесаны «қойылмады» деп, күресінге лақтыра салар жігерсіз, жасық, босбелбеу жан мен емес, ары қарай күресе берем…». Арғы жағындағы кісі де сөзге есе жіберер түрі жоқ. Театрдың ерекшелігі, сахналық образ жасау қиыншылығы, тағы сол секілді бірнеңелерді тоқтаусыз боратып жатыр. Дарынғалидың желке тұсына жанарын қадап, сырт бейнесіне асықпай көз тоқтатты. Үстінде – қызғылт түсті пиджак, мойнында сары түсті орама шалғы. Басында – қайқы маңдай шләпі. Оны бір шешіп, бір киеді. Сөздері де баяғыдай емес, арындап, асып-төгіліп айтады. Елшібек ескі досын сырттай бақылаған тап осы сәтте әр уәжін салмақтап айтатын бұрынғы тарихшыдан гөрі эмоцияға лып берілгіш «жазушы-драматургке» ұқсатқандай еді. Қазір ғана Дарынғали мойнын бері бұрды да, бұны көре сала, орнынан ұшып тұрып, қауқылдап ала жөнелген.
– Досым-ау, келіп қалған екенсің ғой! – деп, оны қайта-қайта құшақтады. Екеуі де ықыластана құшақ айқастырып, сағыныштарын басты. Қанша дегенмен – жас күннен араласқан қимас сезім бар. Алғашқы сәтте қайта-қайта студенттік шақтарды еске алып, кезек-кезек сөз алмасты. Әңгімеден әңгіме балалады. Арадағы сан жылдар бір мезетте еске түсіп, екеуінің де көз алдарынан тізбектеліп өтіп жатты.
– Сен өзгермепсің! – деді Дарынғали досына қарап қойып. – Қайта бұрынғыдан да салмақтанып алыпсың. Кәдімгі асып-таспайтын сабырлы дипломаттан айнымайсың-ау, айнымайсың! Ұқсайсың, не керек! Ұқсап тұрсың!
– Ал, сен менің көзіме тарихшыны емес, эмоциясы «мұрнының ұшында тұратын» көркемсөз иесін елестеттің! – Елшібек те өз ойын жасырмады. – Мына киім киісің де, отырысың да – бәрі соларға келіңкірейді. Ұқсаңқырайды.
Дипломат досының бұл жолғы сөз астарын Дарынғали басқаша түсініп қалды ма:
– Жазушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді! – деді. – Ғылым дегенің – үздіксіз іздену мен тынбай тырбанудың жемісі болса, өз қиялыңмен оңаша отау құрып, әсері көктемгі қызғалдақтың исіндей кеудеңді керіп кетер көркем дүние туғызу, досым-ау, мүлде бөлек әлем. Бұны мен өзім де соңғы уақытта анық сезіне бастағандаймын.
– Ой, мен бірнеңе дедім бе? – Елшібек жымиған қалпы күле сөйледі. – Қайта саған қызығып отырмын. Кейінгі кездері сені жазушы-драматург болуға талпыныс жасап жүр дегенді ұзынқұлақтан естідім де. Ол енді өте сұрапыл жұмыс! Сеп-серьезно-о! Қанша жерден «болам, болам» деп шабына ұмтылса да, біз секілді «шекпенді» шенеуніктердің қолынан келе қояр деймісің?
Дарынғали іштей масайрай түсіп, мақтана жөнелуге ыңғайланып тұрды да, қайтадан өз-өзіне келіп, енді бірақ сөз ауанын оның өзіне қарай аудара сөз саптады.
– Дипломаттық қызметті айт! – деді. – Олар жәй, «саясаттың сары суын» ішкен шенеунік емес, ел мен елді, халық пен халықты табыстыратын, жақындастыратын һәм ортақ ымыраға келтіруге күш салатын ерекше мамандық! «Елдестірмек – елшіден!» деп тегін айтты деймісің? Бүгінгі кезде мәмілегерлік жұмыстың мәнін терең ұғынып, тиісінше құрметтей алмай жатқан жайымыз бар шығар, алайда оған жақын уақыттарда мемлекеттік тұрғыда ерекше маңыз берілетініне мен сенемін. – Кішкене тоқтап қалды да, содан соң қайта жалғап: – Шет жерде жүріп те, өз елінің қамын жейтін, сол оймен ғана қиналып-күліп, сол оймен ғана өмір сүретін бір адам бар десек, ол дипломат! – деді. – Туған жерге деген ыстық махаббатын суытпайтын, суытуға тиіс емес мамандық – менің білуімде, осы дипломатия!
Бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, өзді-өзін мақтап, тоқтаусыз сөйлеп бара жатқанын аңдаған Елшібек:
– Қай мамандық та өзіндік орны бар! – деп, әңгіменің басын буып, қаусырмалай бастады. – Өз салаңның нағыз маманы бола аласың ба, қолыңнан келе ме, мәселе сонда!
Әлден уақытта барып, Елшібек қозғалақтап қойып, сөзді түйіндейік деген сыңаймен досына қарады да, уақыты тығыз, әр сағаты есептеулі екенін жеткізді. Таңертең ертемен бір үлкен кісімен жолығуға келісіп қойғанын да жасырмады.
– Сонымен, қандай тығыз шаруа бар дедің? – деді әңгіменің тоқ етеріне ауысып. — Сол жайында айтшы?
– Тығыз шаруа ма, әлде асықпай атқарылатын іс пе – оны өзің салмақтай жатарсың. Мені соңғы күндері бір мәселе қатты ойландырып жүр.
– Кәні, кеуде құлпын бұрап ашшы! Тыңдап көрейін.
– Мен тарихшымын. Сен де тарихшы болатынсың.
– Е, оған еш дауым жоқ. Мамандығымды ұмытам ба? Ерте ме, кеш пе – қайта оралуым да мүмкін! Бір күндері…
– Екі тарихшы әу баста бір үлкен шаруаны қолға алуға уағдаласып едік, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.
– Орта ғасырлар тарихы ма? Оны әлі де есімнен шығарғам жоқ. Тек мына қызмет жағы қолбайлау, мүлде ерік бермей жатыр. Қарбалас жұмыс…
Дарынғали оның осы сөзін құптамаған сыңай танытып, қайта ренжіген үнмен «қандай қызмет болса да, кісінің негізгі нысаналы мақсатына нұқсанын тигізсе, оны дереу доғарып тастауға асыққаны мақұл» деп, өзінше өзеурей бастағанда, Елшібек «о баста келіспеуім керек еді, сенімен ақылдасқанымда, не айтқаныңды ұмыттың ба» деп, өзіне қарай қарсы ұмтылып, «бұған бір жағынан сен де кінәлісің» дегендей, жағасынан бүре түсті. Итжығыс әңгіме! Бұны енді екеуі де іштей түйсініп отыр. Сәл үнсіздіктен соң, Дарынғали ақырын үн шығара, өз жайына ауысып, былай деді.
– Мен саған бір өтініш айтам. Сосын ары қарай не істеу керектігін ақылдасайық.
– Құлағым сенде!
– Атағы жер жарған Бейбарыс сұлтан бабамыз салдырған Каирдегі мешітті өз көзіммен көргім келеді, – деді. – Оның ішінде осы заманға дейін екінің бірі байқамай келе жатқан құпиялар «құмға көміліп» жатуы әбден мүмкін? Менің ойымша… – Тоқтап қалды. Одан әрі біраздан бері мазалап, бірақ өз ішінде бұрқ-сарқ қайнаған бір сырын толығымен ашып айтқан жоқ. Ойында не барын түгелімен тәптіштемеді.
– Бар арманың сол ма? – Елшібек Дарынғалидың сонша құлшыныс байқатқан шаруасына аса көңілі тола қоймағандай.
– Сен үшін Мысырға барып-қайту түкке тұрмайтын шығар! – Дарынғали өз ойын қайтадан нығырлады. – Біздей пақырларға жол ашық па? Даңғырап жатыр ма? Болмашы нәрседен кедергілер табыла кетеді ғой. – Сосын аз-кем мүдіріп алып: – Біраз зерттеу жүргіздім. Өмір-жолын салмақтап байқадым. Дүдамал жерлері де баршылық екен. Әркім әртүрлі жазады және бәрі де, бұл бізге тән әдет, өз ойын дұрыс деп есептейді, – деді. – Тіпті соңғы уақытта ғылым жағын доғара тұрып, Бейбарыс сұлтан бейнесін көркем шығарма арқылы сомдап көрсем бе деген ойға келуімнің де өз сыры да осында. Менің ондай да қабілетім бар екенін өзің білесің ғой. Қысқасы, Мысырға баруыма қол ұшын бер. Жалғыз тілегім осы!
– Жарайды ендеше! – Елшібек сөз соңын тізгіндеуге беттеді. – Жақын уақытта бір хабарын берем. Дайындала бер. (Сосын аз-кем тоқтап барып былай деді) Сені шақыратыным жайында елшіге міндетті түрде мәлімдеуім керек. Дипломатиялық тәртіп соны талап етеді, ауызша айтсам да, алдынан өтуге тиіспін. Жалпы қарсылық жасай қоймас. Шешіліп қалар.
Сосын орнынан тұрып, қоштасуға ниет жасады. Дарынғали көптен ойлаған арман-ойы, бәлкім тап қазір жартылай деңгейде, орындалып қалғандай, рахат сезімге бөлене түсіп, кеудесін кере еркін дем алды.
– Ендеше, ісімізге сәттілік!
Осымен арадағы әңгіме де тәмамдалғандай еді, бірақ Елшібек әлденені ұмытып бара жатқан кісідей, еріндерін жыбырлатып қойып, «әлгі-і…» деп соза түсті де, соңғы жағында былай деді:
– Айтпақшы, бағым жанып, Нәзір Төреқұлұлы медалімен марапатталдым, оны білесің! -деп, өз жайына ауысты. – Күні кеше айна алдына бардым да, Нәзір атамыздың кеудемде жарқырап тұрған бейнесіне қарап қойып, оңашада ойға баттым. Жалпы, дипломатиялық қызметтің бастауында тұрған тұлғаның өмір-жолы жайынан біршама хабардармын, әрине. Бірақ, қақпақыл-тағдырына кезінде тереңдеп бара алмаған екем. Өзімнің жалқаулығым! Тым ықыластанбадым ба қайдам? Төреқұлдың Нәзірін бір кісідей білер тарихшы саусақпен санарлық десек, сол білерлігі бардың ішінен ірілене бой көрсетері мына сен шығарсың? Осы бір тақырыппен студент кезден-ақ «ауырғаныңды» білем, топтап-топтап мақалалар жазып жүруші ең. Тіпті бір жолы «тарихи драма идеясы басымда пісіп тұр, әттең нар тұлғаның жарқын образын театр сахнасына жарқ еткізіп шығарар ма еді» демеп пе едің? Ол да есімде.
– Солай дегенім рас! – деп, Дарынғали бас изеп қойды. – Бірақ, тағы бір жағдай есімнен шыға қойған жоқ, сен «ол соншалық таңдай қағып, таң қаларлық күн көсем бе» деп, тау тұлғаға аса ықылас байқатпағансың. Жүре тыңдағансың.
Елшібек Дарынғалидың сөзін жоққа шығара алмады, керісінше сәл қысылған кейіп танытып, бірақ онысын сездірмеуге тырысып, қайтадан сөз жалғай берген.
– Қысқасы, маған Нәзір атамыз жайында толық мағлұмат бере аласың ба? Өткен – өтті, бүгін – бүгін дегендей…
– Ойбай-ау, дипломат атамызды менен артық біле қоятындай, мына ел ішінде қай «мықтың» бар? Бәрінікі – жайдақы сөз, атүсті дерек! Барлығыныкі – бір-бірінен «ұрлаған» мәлімет! Мақала да, әңгіме де, драма да – бәрі мына менде! Айтқаның орындалады, бастық! – Дарынғали басын оңды-солды бұлғаңдата сөйлеп, кеудесін кере, астам кейіппен сөйлеп берді де, сосын кілт тоқтады. – Алайда, мойындауым керек, соңғы жылдары Нәзір жайлы мүлде ойлауды доғарыппын, тіпті біраздан бері екі ауыз сөз жазбаппын. Өзің білесің, мен орта ғасыр тарихына қарай біржола бет бұрып кеттім емес пе? Тереңге аяғыммен емес, басыммен сүңгідім. Ай, өзім де…
– Білем! Ол жағын да білем әрине! – деп, Елшібек те сөзді қаусырмалаған.
Олардың әңгімесі осымен толық түйінделгендей еді. Екеуі құшақтасып қоштасты.

ҮШІНШІ БАЯН
(Яки елшіліктегі жұмыс сәттері)

Елшінің қабылдау бөлмесінде отыратын имиген инелік қыз есіктен «шуда басын» көрсетті. Қанша жұлмалап, сәнін келтіріп тарап жатса да, шуда секілденіп ұйысып тұратыны ып-рас. Қызметтегілердің көбісі оны өз атымен атап жатпастан сыртынан «шуда бас» дей салатын. Ал, көзінше инелік қыз дейтін. Сол инелік қыз қазір ұйысқан шуда басын көрсетіп қана қойған жоқ, масаның ызыңындай сызылма дауыспен:
– Сізді-е шақыр-еп-п жатыр, – деді. Әшейінде орындықта керіліп-созылып отырып, телефон арқылы тарс еткізіп айта қоюшы еді. Бұл жолы өзі келді. Аға деп сыйлауды үйрене бастағаны екен-ау деп риза болған сыңаймен:
– Өй, Ине… – Тоқтап қалды да: – Телефонмен айта салмадың ба? – деп, артық сөзге бармастан, орнынан асығыс тұра берген. Инелік қыз енді сызылма даусын сәл жуандатып:
– Өзіңіз ғой телефонға мініп алып, түспей қоятын! – дегені. Тілінің қыршаңқысын қарашы! Аса қалжыңқой емес еді, бірақ осы сәтте Елшібектің өзін шапқа түртіп, тісін қышытты.
– Қарындас! – деді. – Атам қазақ неше ықылым замандардан сәйгүлікке бұт артып, ешқашан аттан түспеген, мен де солардың ұрпағымын, бірнеңенің үстіне мінгім келіп тұратыны содан ба деймін? Телефоннан басқа не қалды бұл күнде біз бұт арта қоятын?
Инелік қыз қазымырлана қалып:
– Қайдағыны айтып кетесіз! – деп қиқайды. – Ол міну мен бұл мінудің арасы жер мен көктей. Сөзіңіз аса қиюласып тұрған жоқ.
– Жөн, жөн! – деді Елшібек те езуіндегі мысқылды тоқтата алмай. – Мінудің түр-түрі бар бұлағай заман болды ғой біздің уақыт!
Енді Инелік қыз қабағын түйе қалып:
– Бұралқы сөзді сағыздай созып тұра бересіз бе осылай? Басшы асығыс шақырды демедім бе? – деп, дүңк етті. Аяғында айтылуға тиіс «сізді-і…» дегенді бөліп алып, созып тұрып алған.
Елшібек Инелік қыздың «сізді…» деп созбақтағанынан тағы бірнемені дүңк еткізе ме деп, алдын орап, «жарайды, жарайды» деп, қағаздарын қолтықтаған қалпы, елшінің кабинетіне бет бұрып, жетуге асықты. «Әлгінде ғана кіріп шығып ем, енді тағы неге іздей қалды екен?» Ойында осындай дүдамал сауал кілкілдеп тұрды. Сол ойдан арыла алмаған қалпы жүгіре басып кіріп барды. Иығына кәстүмін де іліп үлгерген жоқ. Әдетте асықпай қозғалып, қолына жазу блокноты мен қаламсабын алып кіруші еді. Осы жолы оның бәрін ұмытты. Таяуда астанаға барып, кеудесіне медаль тағып келгелі, соның буымен барынша қанаттанып алған кезі. Жер мен көк арасында қалқып жүргендей еді.
Елші әдеттегідей емес, сыз қабақпен қарсы алды. Көз жанарынан да суық леп есіп тұрды. Көңіл күйі жоқ екені ә дегеннен көрініп қалып еді.
– Консул, келесі жолы мен шақырғанда мәйкішең келерсің! Мәйкімен…
Елшібек енді ғана өзінің еркінсіп кіріп барғанына, үстіндегі пиджагін де ұмытқанын байқап, қатты қысылып қалды.
– Мақсұтхан Матайбекұлы, кешірім сұраймын! Сіз шұғыл іздеген соң, дабырақтап қалып, тым асығыс кіріппін. Мен қазір…
Қайта шығып кетуге бұрыла берген еді. Елшінің қатаңдау үні саңқ етті.
– Отыр мында!
Амалы құрыған қалпы, салы суға кетіп, елшінің алдына келіп шоқиып отырды. Алып-ұшқан сезім буы да бір пәсте басылып қалды. Судан шыққан торғайдай бүрісулі кейіп.
– Сенен жақсы, үлгілі қызметкер шығады деп үміттеніп жүруші ем. Сенімді ақтай алар түрің байқалмайды. – Осыны айтты да, сәл-кем үзіліс жасады. Неге бұлай деуінің себебін айтуға асықпады. – Өзіңнен қатты үміттенуші ем! – Тағы да соза түсті. Сосын барып: – Үстіңнен шағым бар! – деген.
– Шағым? – деп, Елшібек елең етті. – Кімнен? Қайдан?
– Қайдан деймісің? Астанадан. Сыртқы істер министрлігіндегі бір департаменттен.
– Елші мырза, сонда не депті? Қандай қателігімді байқапты?
– Сен, бала, жәй қызметкер емес, консулсың. Солай ма? Ендеше атқаратын жұмысыңның ауқымы да, жауапкершілігі де өзіңе белгілі. Осындағы қандастарымыз басқаға емес, сенің кабинетіңе көбірек келеді. Сені көп іздейді. Олардың басына түсетін әртүрлі қиыншылықтарды реттеп беріп отыру – саған тиесілі! Сенімен ақылдасып шешеді. Рас па?
– Әлбетте солай, елші мырза!
– Өткенде өзіңе кіріптар болып келген қазақ елінің азаматшасы – Арзыгүл деген келіншектің шаруасын дереу шешіп беру орнына кабинетіңнен қуып шығыпсың. Осы рас па? – Елші енді бұған жанарын тіктеп қадап, ызғарға ызғар қоса, жерге тығып жіберердей жасқап қойды.
Консул жылдам ойланып, осыдан біраз бұрын қайта-қайта келіп, мазасын алған, сөзінен бетер екі иығын жұлып жеп, атыла жұлқынып тұрған ақсұр келіншекті есіне түсірді. Құжатын жоғалтқан. Әлбетте, бірден жағасынан алған жоқ. Тәртіп бойынша уақытша куәландыратын құжатты даярлап, қолына ұстатты. Бірақ, жұлқын мінез әйел оны менсінетін емес. «Маған төлқұжатым керек» деп тепсінеді. «Енді соны тез арада қайтадан жасатып беруге ықпал етуге тиіссіңдер» деп дікектейді. Сөздері түйеден түскендей. Талап қоюы қатаң. Елшіліктегілердің қолы бос, істер ісі жоқ, тек төлқұжатына ие бола алмай жүрген сондайлардың алдына түсіп алып жүгіріп, жұмысын шешіп отыруы керек сияқты. Әуелде ақырын түсіндіріп айтты, тіпті жұмыс істеуге мүмкіндік бермей бара жатқан соң, «Арзыгүл замандас, сізден басқа да қиын жағдаймен келушілер бар, бәрінің көңіл қыбын табу оңай емес» деп дауыс көтере сөйлегені, тіпті бір сәттік ашуға ерік беріп, есік жақты нұсқағаны рас еді.
– Елші мырза, ол ақсұр келіншек есімде, – деп енді жағдайды түсіндіре бастады. – Ақыл-есінде кішкене кемістік бар ма, сәл дауыс қатайтсаң бітті, аласұрып, сөз тыңдау орнына жын ұрғандай, көтеріліп кететінін байқадым. Жоғалған құжатын аз уақыт ішінде, тіпті тез арада қайтадан жасатып бересің деп дігірлеп талап қойды. «Оны біз берген уақытша куәландыратын құжатпен елге қайтып, сол жақтан жасатып әкелесіз» деп түсіндірдім. «Жоқ, мен елге бармаймын, осында жұмысқа тұрдым, маған төлқұжат ауадай керек» дейді. Онысын да құп алдым. Мақұл дедім. Арызын жаздырып алғам. Енді өтінішіңді жібереміз, біршама уақыт күту керек деп, мән-жайды да анықтап түсіндіргем. Ол күнара келіп, есік қағып, жұмысыма кедергі жасап, мазамды ала берді. Сосын…
– Демек, дауыс көтергенің рас қой? Бұл жарамайды, сен елшіліктің жауапты қызметкерісің! Елшіліктің айнасысың! Оны әрдайым есте ұстауың керек. Міндеттісің!
– Әрине, Мақсұтхан Матайбекұлы! Мен әрдайым сыпайы сөйлеп, барлық адамдармен дипломатия тәртібімен тілдесуге тырысам. Тек кейде…
– Кейде деген сөзді бұдан былай біржола ұмыт. Төшкі!
– Құп!
– Бара бер!
– Ал, ана арыз?..
– Арғы жағын маған қалдыр.

* * *

Күні бойы «ана жақта тырнақ астынан кір іздеп, арыз жинастырып жүрген кім екен» деп басы қатып жүрді. Жұлқынып тұрған ақсұр келіншек Арзыгүл көз алдынан кетпей қойды. Ол астанаға қалай хабарласқан? Кіммен байланысқан? Неге бұның үстінен арыз айтты? Сонша ушықтыратындай шаруа емес еді ғой, сәл сабыр сақтаса, шешіліп те қалар еді. Әлде, осындай шу шығарып қою әлдекімдерге ауадай аса қажет болып жатыр ма? Саржанға телефон соғып, анықтасам ба деп ойланды. Артынан ол ойынан қайтты. Саржан мұндайды біле қояр ма? Қатардағы қызметкер. Ол – бір жағы. Екіншіден, осы жайсыздау әңгімені жар сала елге жария етіп қайтеді? Елші өзім реттеймін деген жоқ па?
Осы кезде қалта телефоны шырылдап қоя берді. Көтерді. Астанадан хабарласып тұрған Дарынғали екен.
– Ау, достым-ау, мүлде хабарсыз жатып алдың ғой. Уәде қайда?
– Ана жолғы мәселе ме? Сәл күте тұр.
– Бір айға жақындады. – Дарынғали тақымдап барады. – Уақыт – ақша дегендей…
Елшібек ашулана жаздап барып, өзін-өзі ұстады. Елшінің «сен елшіліктің айнасысың» деген сөзі санасында жаңғырып тұр. «Артық сөз айту – елшілік қызметіне кір жұқтыру. Сабырлы болуды үйрену керек екен, сабырды! Сабыр деген сабазды!..»
– Сенен жасырмайын. Үстімнен арыз жазып жіберіпті біреулер! – деді ақырын үнмен. – Астана жақтан. Сол себепті елші маған ренжулі. Әзірге сенің шаруаң жайлы ашық айта алмай отырғаным сонан.
– Арыз? Кім? – деп, Дарынғали қызыға сұрап ала жөнелсін. – Неге сенің үстіңнен жазған? Кімге жақпай қалдың, а?
Бұдан әрі мұндай әңгімені жалғастыруға құлқы жоқ Елшібек сөзді осы жерден доғармаққа ниеттенді.
– Ол енді ішкі шаруамыз. Жәй, қазіргі жағдайымды түсінсін деп айта салдым. Ал, шақыру хатты кішкене күте тұр. Уәдемді жұтпаймын.
Дарынғали енді Елшібекті көңілдендірейін деп басқа нәрсені айта бастады. Досының Нәзір атасы жайында айтқан өткен жолғы жеке өтінішін еске түсірді.
– Айтпақшы, мен өткен аптада бар жұмысты ысырып тастап, арнайы отырып, Нәзір Төреқұлұлының өмір-тағдырына қайтадан тереңірек ден қойып, түсіндіру мақаласын түздім. Бұрынырақ көзді жұмып отырып-ақ жатқа соғатын тағдыр жолының бұралаңдары көмескіленіп, есімнен шыға бастапты, не керек! Бұл – өткенді қайталап жаңғырту жұмысы болғандай. Қазір жіберем поштаңа! – деп алды да: – Білесің бе, кезінде Нәзірдей тұлғаның да жолын кес-кестегендер жетерлік, үстінен неше түрлі арыздар қарша бораған екен. Соның бәріне де шыдаммен қарап, сабырмен және адал еңбегімен жеңіп шығыпты, – деп, жігерлендіре аяқтады.
– Төреқұлұлына да тыныштық бермеген осы қазақ па?
– Енді кім дейсің? Сырттан жау келе ме? Ал, жақсы. Қазір электронды поштаңа түседі. Күт!..

* * *

Елшібек өз кабинетінде оңаша отыр. Бүгінгі бұратылма көңіл күйін өзі де түсіне алмауда. Еңсесі көтерілер емес. Желкеден басқан бір зіл бар. Салмағы ауыр тастай. Жанары да оңды-солды ойнақшып, бір жерге тұрақтамай қойған. Әлгінде ғана поштасына досы Дарынғали жіберген мақалаға еріксіз көзі түсе береді. Алғашында құлықсыздау еді, сөйтсе де ықылассыз ашып, көз оғын кезеген. Әр жерінен жұлқып-жұлқып оқыды. Көңілі бәрібір алаң еді.
«Нәзір Төреқұлұлы Ташкентте Орталық атқару комитетіне басшылық жасап отырған шағында, Маңғыстау өңіріндегі бірнеше болыс аумағы түркімендерге ауысып кеткелі тұрғанда, оған ырық бермей, қазақ шекарасының ауқымында қалдыру туралы арнайы қаулы қабылдап, мәселені шегендеп тастады. Бұл шаруа кейбіреулердің жалған намысын оятып жіберсе керек, сол үшін аяқ астынан теріс пиғылдылар табылып, «ер-тоқымын бауырына ала» тулап, дереу Орталыққа арыз жолдады…».
«Нәзір Ташкентте лауазымды қызметте отырған шағында, бұл 1922 жылдың орта шені еді, дана Абайды халқына етене таныстыру мақсатымен, бір томдық өлеңдер жинағын жинастырып, оны шығаруға тікелей атсалысты, артынан Абайды терістеушілер мен қаралаушылар «байшыл-ұлтшыл ақынды жақтаған» деп, әрбір сөзінен кінарат іздеп, қарсы мысал ретінде пайдаланды…».
«Төреқұлдың Нәзірінің таланты мен қабілетін «қызыл саясаттың бас штабы» өз жұмысына шебер пайдалана білді. 1924 жылы Мәскеудің қақ төрінде қызметте отырған Нәзірге «ұлтшыл ақын Мағжанның Сұлтанбек Қожанұлының алғысөзімен шыққан бір томдық өлеңдер жинағын талқылауды, реті келсе сылқита сынауды» тапсырды. Компартия мүшесі Төреқұлұлы тапсырманы амалсыз орындап, талқылау «шаруасын» тігісін жатқыза өткізсе де, ақынға «тілі тиді». Міне, осы ісі үшін кейінірек Нәзірді қаралап-жамандаушылар, басына қара бұлт төндірушілер аз болған жоқ…»
«Дипломат Төреқұлұлы 1928 жылы Сауд Арабиясына келген соң, билік басындағылармен тез тіл табысып, қоян-қолтық араласып, өте беделді елші дәрежесінде қызмет атқарғанына қарамастан, үстінен домалақ арыз жазылып, 1936 жылы шұғыл түрде Мәскеуге қайтарылды да, келесі жылы «халық жауы» деген жалған жала мойнына ілініп, ату жазасына кесілді…»
Консул жүрегі сығымдағанын байқап, кеуде түймесін ағытты да, өз-өзіне келе алмай, қысылған қалпында қинала, ауыр дем алды. Барлық уақытта бітпей қойған, жалғасып келе жатқан тобықтан шалушылық, көре алмаушылық пен қызғаныш жайы жүрегіне мың батпан салмақ жүгін артқандай сезімді қайталап бастан өткерді.
«Денем дірілдеп кеткенін қарашы! Неге бұлайша дір-дір еттім? Қорқыныш сезімі ме, әлде басқа бірнеңе ме? Қайран, Нәзір ата! Кер заманға қор болған тайқы тағдыр! Топастардың табанына тапталған жақұт-ғұмыр! (Сәл тоқтап барып, қайта сөйледі) Бәрібір қара ниеттілер есіміңізге мәңгі қара дақ жаға алған жоқ, жаңа ұрпақ, жас ұрпақ сізге алғыс сезіммен, барынша құрмет көрсетіп жатыр. Міне, мен сіздің атыңыздағы төсбелгімен наградталған елшілік қызметкерімін! Мақтанамын осыған…»

ТӨРТІНШІ БАЯН
(Яки Дарынғалидың келуі және…)

Жақында ғана Мысыр топырағына табаны тиген Дарынғали Дабырұлы әуелгі кезде жаңа шаһарға бірден бауыр басып кете алмай, көбіне Елшібектің жанына үйірсектеді. Енді қайтеді? Болашақ атқаруға тиіс шаруаларын да осы жерде пысықтап алмаса бола ма? Басқа кімді танығандай. Ең қиыны – Каирді тұңғыш рет көріп тұр, қаланы мүлде білмейді. Оңашалап аралап кетсе, қайтар жолдан адасып, күшала жұтқан адамдай, миы шатысып, мүлде басқа жақты шарлап кетуі де ықтимал.
Бүгін де кәдуілгі әдетімен таңмен таласа тұрды. Бөлмеге жарық сәуле кірді дегенше ұйқысы шайдай ашылады. Ал, содан соң дөңбекшу басталады. Қанша өзін-өзі қинап бақса да, қайтып ұйықтай алар ма? Ұйқы қайда? Сосын төсектен тұрады да, асүйге кіріп, кофе қайнатуға кіріседі. Таңғы ыстық кофеге жетер не бар? Оның ләззатын айтсайшы. Әсіресе, өзіңмен-өзің оңаша отырып, алысқа-а қиял ұзатып қойып, кофе ішкен сәттің рахатын сөзбен айтып тауысарсың ба?
Сол әдетінен таңған жоқ. Кофесін ішіп алды. Сосын асықпай киінді. Сыртқа шықты. Бірер күннен бері жатталып қалған үйреншікті жолмен елшілікке қарай ақырын аяңдап отырып, енді жетіп те қалып еді.
Дарынғали тап қазір ерекше көңілді. Ал, Елшібектің реңі пәс. Әлденеге алаңдаулы. Дарынғали ештеңеге көңіл аудармастан, әңгіме үстіне әңгіме еселеп, тоқтаусыз дабырлап сөйлеп отырды.
– Мені осында шақыртып алғаныңа алғысым шексіз. Елде салпақтап жүре берсек, тап мынадай құлшыныс бола ма, жоқ па? Ертеңнен бастап іске кірісем. Саған салмақ салмаймын. Маған жол көрсететін бір адам, тіпті жарты адам тауып берсең, жетіп жатыр.
– Ол жағынан қам жеме. Барар жеріңе апарады, – деп Елшібек көңілсіздеу сөйледі. – Бірақ, басқа бір мәселе туындап отыр.
– Ол не? Тағы шағым ба? – Дарынғали таңдана, сұраулы жүзбен қарады.
– Шағым емес, сыбыс! – Елшібек мән-жайды түсіндіре бастады. – Бағана маған Сыртқы істер министрлігіндегі досым Саржан телефон соқты. Даусы біртүрлі естілді. «Тыныш жүрсең, бір жерің қисайып қала ма?» дейді дүңк еткізіп. Ауыр айтты. Жүрегіме қадалған инедей. Ау, бұл сөзіңе не жорық десем, мұнда сені шақыртқанымды, енді басқа жер емес, нақ сұлтан Бейбарыс мешітін жағалайтыныңа дейін біліп отыр. «Өзіңе өзің тосқауыл жасап, сау басқа сауда тілеп алып жатырсың» дейді маған. «Саған сол керек пе еді?..»
– Апырмай, мына дипломатиялық қызмет дегеніңді енді ғана ептеп түсіне бастағандаймын, қылыштың жүзіндей қылп-қылп еткен орын ба, қалай? – Дарынғали көкейіндегі бір дүдәмалды жайып салды. – Бұндайда қалайша құлашты кеңге жайып, емін-еркін жұмыс істейсің? Күш-жігеріңді мағыналы шаруаға арнау емес, қайран уақыт сырт көз не деп сыпсың айтып жатыр деп аңдысумен өтетін сияқты ғой?
Елшібек досының пікіріне бас изеген жоқ, оның ойын толық қостамайтынын ыммен байқатты.
– Сөзіңе кішкене түзету жасайын! – деді. – Дипломатия – сыртқы саясаттың отты ошағы! Отқа жылынып, жақсы өмір сүруге де болады, кейде абайламасаң, сол оттың жалынына байқаусызда ұшып келген сорлы көбелектей жалп етіп күйіп кетуің де мүмкін.
– Жалынға күйіп кету туралы айта көрме! – Досы шырылдап кетті. – Аман жүрші, әйтеуір. Сенің ары қарай да өскеніңе тілекшімін. Ал, менің жағаласқан әрекетім саған кедергі келтірер болса, бүгін-ақ елге қайтып кетуге әзірмін.
– Айтайын дегенім ол емес. Жалпы, діни мекенжайға кіріп-шығу шаруасында барынша сақтық керек дегенді еске салып қойғым келді. Барған жерлеріңде мүмкіндігінше ши шықпаса деймін. Сәл қисық әрекет – айналып келіп елшілікке таяқ боп тиеді. Әсіресе, маған…

* * *

Екеуара әңгіме аяқтала бере, Елшібек елшілік ішінде отыратын елгезек жас жігітті өзіне шақырды. Жүріс-тұрысы тап-тұйнақтай. Киімі де барынша жарасымды. Осы тұрысында сырт келбетінен мін таба алмастың өзі. Сөзі де нақ, артыққа аяқ баспайды. Дарынғали сымдай тартылған өрім жасты осындағы көп қызметкерлердің бірі екен деп ойлаған. Сөйтсе, Каирдегі бір жоғарғы оқу орнында оқитын студент. Сабақтан қолы бос кезде өз еркімен елшілікке келіп, көптен бері қолғабыс жасап, өз көмегін көрсетіп жүргенін дереу біліп алды. Сосын да оған деген ықыласы ерекше ауа түскен.
– Ал, енді жақын таныс болыңдар! – деп, Елшібек жас жігітке қарап, Дарынғалиды нұсқады. — Мына кісі астанадан келген қонақ. Тарихшы әрі жазушы.
«Тарихшы әрі жазушы» деп нығырлап айтқанына сәл ыңғайсызданған Дарынғали дереу досының сөзіне ілесе үн шығарып:
– Тарихшы десең қарсылық жоқ, бірақ жазушы деп тым дабырайта қомпитқаның артықтау! – деген. – Жас жігіт дұрыс түсінбей қалып жүрер. Бар болғаны – тарихи тақырыпта көркем дүние жазуға ынтасы бар талаптанушымын. Талапкермін.
Дипломат досы жауап қатпастан, «мен айттым, арғы жағын өзің білерсің» дегендей, басын төмен иіп, кеңк-кеңк күліп тұрды.
– Менің есімім – Жәмілхан.
– Мен – Дарынғалимын. Дарын аға десең болады.
– Жәмілхан! – деді Елшібек қазір ғана күлкісін тұзақтап. – Саған жүктелер бір жауапты жұмыс бар. Ол – мына Дарын ағаңмен бірге жүріп, жол көрсету, барар жеріне апару, керек шаруасына қолғабыс ету. Жарай ма?
Жәмілхан құрақ ұшып тұр. Не десе де ләббай дейді.
– Аға, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын. Дарын ағаның жанынан ұзамаймын. Бір елі қалмаймын. Бұл ағайдан, әлден байқалып тұр, менің үйренерім өте көп сияқты.
– Ой, айналайын, от боп жанып тұр екенсің! Түбі дипломатия саласының үздік қызметкері шыққалы тұрғандай өзінен! – деп, Дарынғали ризашылығын жасырмастан, жас жігітті қолпаштап, арқасынан қағып қойды.
– Айтқаныңыз келсін, аға! – деді Жәмілхан. Алғаш көрген ағаның өзі жайлы күдікпен емес, осынша сенімді сөйлегеніне іштей масайраулы. Кеудесін қуаныш лебі кернеп кетті. Қайталап рахметін мол-молынан жаудырғысы келді де, бойындағы лапылдап бара жатқан сезімді әзер тұзақтады. «Артық сөз – арзан!..». Өзі оқып жатқан жоғарғы оқу орнындағы бір оқымысты осыны көп айтады. Әуелде аса көңіл қоймаса да, келе-келе мұның терең мағынасы барына көз жеткізе түскен. Қай жерде де артық сөйлеме, аз айтсаң, қадіріңді қашырмайсың дегені. Сосын тоқтап қалды. Тілін жұтты.
Елшібек енді әңгімеге тұзақ салды. Қаусырмалады. Жәмілханға бұрыла қарап:
– Ал, ендеше қалған мәселелерді ағаң Дарынмен келісе отырып шешерсіңдер, – деді. – Менің басқа да шаруаларым кеңірдектеп тұр. Мені босатасыңдар ма?
– Ойбай-ау, сен ресми қызметтесің, біздің титімдей де зиянымыз тимесін өзіңе! – деп, Дарынғали құрақ ұшты. – Ендігі шаруаны мына бала екеуміз ойласып, шеше жатармыз.
Дарынғали мен Жәмілханды шығарып салды. Сосын оңаша отырып, енді жұмысына кірісе бергені сол еді, қалта телефоны безілдеп қоя берер ме! Көтерді.
– Тыңдап тұрмын!
Арғы жағынан Саржанның даусы естіледі.
– Ой, достым, тым салқын сөйледің ғой?
– Таңертең сен айтқан әңгімеден соң, қатты ойға беріліп, басым қатты, – деді Елшібек. – Осы мен тып-тыныш жүрсем де, артымнан аттан салып «өсек-жау» еріп жүретіні несі екен?
– Жау емес, жатыпатарлар де! Жау ашық соғысады. Арпалысады. Алып ұрады шамасы жетсе! Жатыпатарлар жасырынып жатып, алыстан орағытып, сосын тобықтан шалады. Сүріндіргенге мәз. Ондайлар осы күні аз ба?
– Білмедім! – Елшібек тым көңілсіз, ақырын сөйледі. – Көп болса, көп шығар! Өзің білесің, қай жерде жүрсем де менің негізгі ұстанымым – өз жұмысымды орта жолда ақсатып алмай, тындырымды атқару, жеріне жеткізбей тоқтамау. Анығында, жау мен жатыпатарда шаруам шамалы. Әсіресе, «өсек-жау» мені аса қызықтырмайды.
Енді Саржан сөзді әрі қарай іліп әкетіп, бір жағдай жайында әңгіме қозғады.
– Саған мынаны ескертіп қояйын деп біраздан ойланып жүр едім, – деп, айтпағын астарлап, салмақтай созды. – Көп қиялға берілем мен де. Әсіресе өзің жайлы. Сенің абыройлы болғаның – менің де абыройым! Біраз жылдан бері доспыз. Ендеше, достың беделі досына да ортақ! Жалпы, жұмысыңнан тыс, қосымша не ойластырып, қандай іс істесең де, менен жасырма, ыңғайы келсе, айтып отыр. Екеулеп ақылдасып отырсақ, іс барысында ұтылмауға, сүрініп кетпеуге, омақаса құлап қалмауға мықты тірек жасап алмаймыз ба?
– Жақсы айттың! – Елшібек қуанғанын жасыра алмай, қостай жөнелді. – Достың беделі досына да ортақ! Тамаша! Бұл сөздің сенің аузыңнан шыққанына өте қуаныштымын.
– Ана Астанадан барған тарихшы кім еді? Дарын дедің бе?
– Ол – студенттік досым! Тарихшы ғана емес, соңғы кезде жазушы да, драматург те болғысы келіп, қатты талпынып жүр. Ондайы да бар.
– Ғалымдар, өзің білесің, еркін ойдың адамы! – Саржан салмақтана сөзін ары қарай жалғай берген. – Ғылыми жұмысқа бас сұқты дегенше, бар дүниені ұмытып, барынша құнығып кетеді. Оның үстіне, бір танысым айтқандай, жаңағы досың «театржанды тентекке» айналуға бет бұрса, одан бетер қиялилану бұл! Не айтса, соған бас шұлғысаң, бір күні өзіңді орға жығуы әбден мүмкін! – Тоқтап барып, қайта жалғап: – Біз дипломаттармыз. Саған да, маған да жеңіл эмоция жақсылық әпермейді, мейлінше ұстамды болу әбден қажет! – деп түйіндеді.
Әңгіменің бұлайша тым тереңдеп бара жатқанына Елшібек кішкене түсінбей қалғандай. Саржан неге Дарынғалиға осынша сенімсіздік байқатады? Оны толық танымайды да. Жеке кездесіп, сөйлесіп те көрген кезі жоқ. Сөйте тұра, «одан сақтан» деуі қисынды ма? Кеудесіне осындай дүдәмал сауалдар кептеліп тұра қалды. Алайда, оны Саржанға ашып айтпады.
– Жарайды, түсіндім! – деп, Елшібек бұл жолы көңілсіздеу жауап қатты. – Ескертпең орынды, ол жағын да үнемі ескеріп, абайлап байқап отырайын.
– Ендеше, әзірге сау бол!

БЕСІНШІ БАЯН
(Яки Дарынғали, сұлтан Бейбарыс және…)

Бүгін қарбалас жұмыстан сілесі қатып, әбден қалжырағанын байқады. Айна алдына барып қараса, бет терісі қуқылданып, түрі әбіржіп кеткен, екі иығы да еңкіш тартып тұр. Жайтаңдаған жас емес, тіршілік майданынан қалжырап, қу кәрілік бағытын құбыла етіп, солай қарай бет бұрған әлсіз адамның сұлбасын көріп тұрғандай. Шаршаудың белгісі бұл. «Жұмыс, жұмыс деп өліп кетер ме екенбіз, қой, кешкі асты оңаша кафеге барып, досыммен сыр шертісіп, өткен-кеткенді айта отырып ішейін, көңіл көтеруге де ыңғайлысы осы емес пе?». Осындай ойға тоқтады да, Дарынғалиға телефон соқты.
Елшібек пен Дарынғали сәлден соң қаладағы оңаша кафеде ас ішіп отырды. Дарынғали дарылдап сөйлеп, екі-үш күннен бергі жаңалықтарын айтып, тоқтаусыз сөйлеуде.
– Сұлтан Бейбарыс мешітінің ішіне кіріп, түкпір-түкпірін армансыз араладым, бәрін көріп шықтым. Іші айнадай екен, жаңадан жөнделгені көрініп-ақ тұр, көз тартар аппақ, ақ мрамор. Бірқатар жабық шкафтар да бар екенін байқадым. Оларға қол тигізу тұрмақ, сипалап өтуге де қимайтындайсың. Ішінде ешкімнің көзіне түсе қоймаған құнды деректер ораулы жатыр ма деп қызығушылық білдіріп…
– Білем. Уже бізге хабар да келіп жетті. Мешіттің әлгі бір ұзын бойлы имамымен кішкене сөзге келіп қалыпсың.
– Олай емес. Мешіттің имамы жақсы адам. Алғашында кішкене мінез көрсеткені рас. Артынан біз түсіністік. Мен оған Бейбарыс баба туралы көп қызғылықты деректер айтып бердім. Ынта қойып, беріле тыңдады.
– Қызыға тыңдағанымен, сенің мешіттің төрт бұрышын тінтіп, қазына іздеймін дегенің ұнамаған. Бір қызметкері кеше біздің елшілікке келіп те кетті. Маған жолықты да, жоғары жаққа бармады. Анығында, оны өзім тоқтаттым, айтқаныңыз назарға алынды, айналысамыз дедім. Қысқасы, олар бұл әрекетіңе қарсы.
Дарынғали кішкене қызбаланып, бетіне қан жүгіріп кетіп, өз әрекетін осынша дабыралап, теріс бұрып алып жатқандарына ренжігендей, қинала тілге келді.
– Ой, соны да үлкен әңгіме қылып жатыр ма? Мен іздесем өз бабамның – Бейбарыс сұлтанның құпиясын ашуды мақсат еттім. Сол шаруаға ықылас байқаттым. Сарғайған сары қағаздарға үңілсем дедім. Бары – жоғы сол…
– Бейбарыс сұлтан мешітін қазақ елінің есебінен жөндеп, қайтадан іске қосқаны жайынан мол хабардар шығарсың. Оған да, міне, біраз жыл болып барады. Енді сол әсем қалпын бұзып алмасақ деп жанталасуы ғой. Мұндайда «біздің ойымыздағыны орындаңдар, не айтсақ, соған құлақ асасыңдар» деп қатаң талап қоюға хақымыз жоқ.
– Ендеше, не істейміз? Ары қарай не істе дейсің?
Елшібек аз-кем мүдіріп, ойлана сөйледі.
– Алдымен, бергі жағын толықтыруды ойластырған жөн: Бейбарыс баба өміріне қатысты көп мәліметтер жинап алайықшы. Ол туралы жазбаларды жүйе-жүйемен топтастырайық. Бәлкім, солардың арасынан тағы бір тосын, ешкім байқамаған дерекнамалар табылып қалар? Күмәнді тұстарды анықтап алу мақсатымен, нақты дерек ізімен жүріп отырсақ, қай жағынан да тиімді жол емес пе?
– Шашылып жатқан тастардай, әр-әр жерден төбе қылтитатын көне деректерді топтастырсақ дейсің бе? – Дарынғали бұған бас изеп, қостаған ыңғай танытты. – Оның да жөн екен. Мен босқа жатпайын. Қала ішіндегі тарихи мұражайларға барып, осы шаруалармен шынттап айналысайын. Бейбарыс бабаның табаны тиген шеткері аймақтарды да қамтиын. Ұзайын алысқа. Сүзіп шығайын бәрін де.
– Міне, бұл дұрыс ой! – Елшібек те риза пішінмен қарап қалған. – Анығында, сен қазіргі кезде нағыз «Бейбарыстанушы» сияқтысың. Өзіңе іштей қызыға қараймын.
Дарынғали қарқылдап күліп ала жөнелді. Бірақ дарақы күлкі емес, сол күлкісінің өзінен ризалық пиғылы сезіліп қалып жатты.
– Досым! – деді күлкісін тия бере. – Сенің де Бейбарыс баба жайлы көбірек біле түскенің артық па? Өзіңе бар жинап-терген мәліметтерімді берейін. Оқып-танысып алғаныңды іштей қалаймын. Түбі көмегі тиеріне күмәнім жоқ.
– Әрине, артықтық етпейді. Поштама саларсың.
Осы кезде кабинетке жеңіл басып Жәмілхан кірді. Ол Дарынғали ағасына қарап сөйледі.
– Аға, біз жарты сағаттан соң Каирдегі ең үлкен тарихи музейге барамыз деп келісіп едік. Уақыт тақап қалды.
– Ойбай-ау, солай ма? Әрине барамыз. Баруымыз керек. Ал, мен тұрайын! – деп, Дарынғали орнынан ықшам көтерілді.

* * *

Елшібек жұмыс столының тартпасын ашып, үлкен папкіні алып, алғашқы бетіне үңілгенде, бір қағаз көзіне оттай басылды. Бәрі де есінде. Бірер аптаның шамасы шығар, елшілікке шұғыл хабар келіп түсті. Аэропортта төрт қазақ жігіті төбелес шығарып, бір араб азаматын соққыға жыққан. Сол жердегі тәртіп сақшылары төрт жігітті алысқа ұзатпай, дереу ұстапты да, уақытша камераға тығыпты. Елші шақырып алып, барынша ренішті үнмен «қазақтың жастары да әбден масайрап, ойына келгенді істейтін болды, тіпті қарап жүруді қойған, әйтпесе осы ара жұдырықтың жуандығын көрсетер жер ме» деп қабаржып сөйледі. Елшібек үн-түнсіз тыңдады. Тапсырма күтті. Елші табиғатында аз ашуланатын кісі. Егер ашу шақырса, демек, маңызды бір жағдайдың алқымдағаны. Мұхтархан Матайбекұлы сөзінің соңында «мұны қалайда ың-шыңсыз басу керек, қайтсең де соны орындап кел» деп салмақ бере айтты. Енді мақсат айқын. Не істеу керектігін өзі біледі. Көлігіне отырып алып, аэропортқа жедел түрде тартып отырған. Әні-міні дегенше, жетіп келді де, әуелі тәртіп сақшыларымен жүздесіп, мән-жайды анықтады. Төбелестің орын алғаны рас. Араб жігітінің бет-аузына жарақат түсіріпті. Амал жоқ, сол жерде тәртіп сақшыларының талабын орындап, тиісті қағаз толтырып, төрт жігітке кешірім хат жазғызып алып, соңын дабырасыз жауып тастауға құмбылдық байқатты. Тіпті тәртіп сақшысының бірін оңашалап, білдіртпей «кешірім жолын» да жасады.
Бәрі сәтімен аяқталып, төрт студентті көлігіне отырғызып алып, тұратын жатағына дейін жеткізіп салуға алып келе жатты. Жол-жөнекей сөйлемпаз студенттің бірі:
– Төбелесті бастайын деген ойымыз болған жоқ, аға! – деп ақталды. – Бәріне кінәлі өзі. Ойланбай айтқан сөзінен тапты!
Елшібек оған мойын бұра қарап алды да, ары қарай тыңдауға ықылыс танытып:
– Неден басталды? – деді. – Не үшін жұдырық жұмсадыңдар?
Сөйлемпаз студенттің де күткені осы екен, жағдайды жылдам-жылдам баян қыла бастады.
– Араб жігіті намысымызға тиді, – деді. – Сендердің мақтан көріп жүрген бабаларың Бейбарыс бұл жаққа құл ретінде сатылып келген, сосын біздің бабаларымыз оның маңдайынан сипап, қайырымдылық жасап, құлдықтан босатып, тіпті сұлтандық таққа дейін өсуіне жағдай жасаған деп мұқатты. Өз ерлерінің қадірін білмейтін, бағасын түсінбейтін елсіңдер деді. Онымен қоймай, «сендер бізге осы үшін қарыздарсыңдар» деді. Сол кезде ашу қысты да, шыдай алмай, жұдырық жұмсап жіберіппіз…
– Бұларың ақталуға сылтау бола алмайды! Қате әрекет! – деп, Елшібек енді оларға басу сөз айтты. – Қазір жұдырықтың емес, ақыл-парасаттың заманы! Сөз мәмілесінің уақыты! Соны да білмегендерің бе? Төбелес пен жұдырық жұмсаудан, қалай десеңдер де, әділдік ізін тауып алу өте қиын. Әсіресе, қазіргі заманда…
– Сонда не істейміз? Төбемізге сиіп жатса да үндемеуіміз керек пе? – Сөйлемпаз студент қызынып кетті. Жұдырығын да қатты түйіп алыпты. Елшібек оның арқасынан қағып:
– Қандай шиеленісті жағдайдан да әдемі шығып кетудің жолы – тағы да айтам, мәмілеге келу! – деді. – Мәмілегерлікті молынан бойға сіңіріңдер. Біздің ата-бабаларымыз мұны білген. Өте жақсы білген. Соны есте ұстаңдар!..
…Елшібек папкі бетіндегі қағазды былай алып қойып, енді өзіне керек құжатты іздеп, кішкене қопарыстырған. Бірақ көңіл-күйі жоқ, ішкі әлемі астан-кестен. Қанша қашқалақтаса да, бір ойды бір ой сүйрелеп, содан арыла алмай-ақ қойды. Неге бұның әрбір қадамы аңдулы? Оның кімге қажеті бар? Кім бұған жауығып жүрген? Тып-тыныш жүріп те жау тауып алатын қандай заман бұл? Саржан бұған «сақ бол» дейді. Бірақ, теріс тілекшілер қай жақтан келеді – ашып айтпайды. Кімнен? Кімнен сақтануы керек?
Компьютеріне жаңадан хабарлама келгенін аңдады. Ашса, Дарынғали екен. «Сұлтан Бейбарыс жайлы қолда бар деректер» деп жазып қойыпты бас жағына. Енді аяқ астынан қызығушылығы оянды ма, жазуға ниеттеніп отырған ресми қағаздарын бір шетке ысырып қойып, жазбаны қарап шығуға кірісті.

 

* * *

Елшібек! Екеуміз әнебір жылдары орта ғасыр тарихын танып-білуге бет бұрған кезде, қосарлана сөйлеп, қостап айтып, бірден еске алғанымыз – осы Бейбарыс сұлтан. Әп дегеннен Мысыр елінен бастағанбыз. Ұмытпаған шығарсың? Мәмлүктер мемлекеті жайында һәм оның рас-өтірігі турасында бірнеше күн таласқанымыз да жадыңан өшпеген болар? Әттең, сол күндер мен үшін өте ыстық. Шынайы едік, шыншыл едік. Енді, міне, екеуміз де жолайрыққа жетіп, екі түрлі соқпаққа түсіп бара жатырмыз. Жә, жарайды, езбелей беретін не бар, арғы жағы айтпаса да түсінікті. Ендігі айтарым – сен бұл жазбаларға атүсті қарама! Тағы да ескертем – өміріңе де, қызметіңе де көмегі бар, еш зияны тие қоймас. Осыны ұмытпа! Әрдайым есіңде ұста! Ал, ендеше, назар сал, баба туралы мен жинаған кейбір деректердің бір парасы, қысқа қайырғанда, былайша өріледі.
Бейбарыс сұлтан, бірқатар деректерде нақтылап көрсетілгендей, жастық шағын Қыпшақ даласында өткергені, кішкене есейе келе араб сәудегер-делдалдарына ілесіп, Мысыр аймағына келгені шындық. Алайда, елден жырақ осынау ұзақ жорыққа аттанғанда кімге арқа сүйеді, қандай мақсат ұстанды және өзінің бас еркіндігі болды ма деген сауал әлі де сана кеңістігінде кесе-көлденеңдеп тұрып алады. Кейбір зерттеушілер оны «құлақкесті құл боп барды» десе, екінші бір дерек көздерінде (олар да аз емес) «жоқ, құл емес, өз еркімен арабтардың арнайы әскери жасағына барып қосылып, болашақ сарбаз әзірлейтін ортаға түсті» деп көрсетеді. Көңілге қонатыны – екінші пікір! Неге? Біріншіден, шынымен де біреуге тәуелді құл ретінде сатылса, ондай адамның бас еркіндігін алуы, алса да сұлтандық биік таққа көтеріле қоюы екіталай. Екіншіден, бірен-саран тарихшылар атап жазғандай, Ніл өзенінің төңірегінде арнайы жасақ әзірлейтін әскери орын болғаны шындық десек, онда сол жасақ тобына өз келісімімен келіп қосылуы өмірге жанасымды. Және мұндай жағдайда Бейбарыс емін-еркін қимылдап, өзін-өзі көрсетіп, қолбасшылыққа дейін көтеріліп, ақыр соңында Мысырдың билеушісі биігіне көтерілуі – ақиқаттың шырағы іспетті! Осыған не дейсің?
Елшібек! Бейбарыс сұлтан таққа отырған он жеті жыл (1260-1277) ішінде имандылық пен ізгілік бағытында көптеген игі істерді атқаруға ұмтылып, жарқылдап көрінгенін ерекше қадап айтуға міндеттіміз. Айталық, ол араб әлеміндегі ең қасиетті қалалар – Мекке мен Мединадағы сыртқы және ішкі жағдайы көнеріп, бірте-бірте ескіре бастаған қос діни ғимараттарды (әл-Харам және Пайғамбар мешіттері) күрделі жөндеуден өткізіп бергені жайында тарихи құжаттар табылды. Тек ол ғана емес, Иерусалимдегі (әл-Құдж) әл-Ақса мен Құббат ас-Сахраны да күрделі жөндеуден өткізуге пәрмен беріпті делінеді. Кезінде Фатимидтердің қолдауымен салынған, кейін Аюбиттер билікке келгенде жабылып қалған әл-Асһар мешітін де қайтадан безендіріп, іске қосты. Каирде өзінің басшылығымен һәм тікелей қолдауымен үлкен мешіт құрылысын көтергенін неге атап айтпасқа? Осының бәрін де Бейбарыс сабырмен һәм ақылдылықпен жүзеге асырып, араб әлеміндегі бұрыннан қалыптасқан діни-имани қалыпты бұзбай, кейінгі ұрпаққа шарапаты тиер өнегелі шаруа деп түсінді.
Досым Елшібек! Мынаны ешқашан ұмытпашы! Саған өте-мөте керек бұл! Бабамыздың Қыпшақ даласын билеуші – Алтын орда ханы Беркемен әуелі хат арқылы байланыс орнатып, соңынан бір-бірін терең түсініскен ел басшыларына айналуы – ең алдымен Бейбарыстың бойындағы мәмілегерлік яғни, қазіргі тілмен айтқанда, дипломатиялық қабілеттің зор екендігінен хабар береді. Хан Беркенің сол уақыттарда атағы дүркіреп тұрғаны, Қыпшақ даласынан да шығандап шығып, бүкіл айнала аймақтарға әмірін жүргізе бастаған тұсында көңіл оябын тауып, араға достық жол сала білуі – арнайы зерттеп жазуға сұранып тұрған тақырып. Бұл тақырыптың қазіргі уақытта маңызды болатыны – Қыпшақ өлкесіндегі түркілер билігін Мысыр-Шам өңіріндегі арабтар тірлігімен жақындатқаны, қандас туыстықтан ары өрлеп, діндес туыстыққа даңғыл жол ашқаны және осы шаруаға хан Шыңғыс тұқымының ұрпақтарын да бейбіт жолмен тартқандығы. Тұтас бір империяны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған хан қалайша ата-бабасы ұстанған діннен бас тартып, Ислам дінін қабылдады? Өзімен аталас-қандас бауыры Төлеұлы Құлағудың Араб аймағына жасаған қанды жорықтарын қолдамай, тіпті ашық қарсы тұрып, бұл ұрыстарда Мысыр-Шам сұлтаны Бейбарыс жағына шығуының тағы қандай себептері бар? Берке хан мен сұлтан Бейбарыстың арасындағы қыл өтпестей достық қалай және қандай негіздермен қалыптасты? Міне, осы саланы тереңірек қаузай бастасақ, тағы да бабамыздың адами бейнесі тұлғалана түседі…
Елшібек! Сен баяғыда, жас күнімізде, дін бағытына қарай бұрыла сөз қозғалғанда, үнсіз қалып, көбіне сырғақ отырып қалатынсың. Діни тақырып өзіңді аса көп қызықтыра бермейтінін байқайтынмын. Қазіргі кезде қандай ойда екеніңді білмеймін, бірақ мен Бейбарыс жайлы айтқанда, жоғарыдағы деректерді еріксіз тілге тиек етем. Жарайды, енді бабамыздың екінші қыры жайынан, иә, саған ұнайтын жағына бұрыла, бірер деректі айтып өтейін. Бейбарыс билеуші Дамаск шаһарында алғаш рет аз-Захирия атты үлкен кітапхана құрылысын бастап, оны жылдамдата аяқтап, сонда дүние жүзінің ең таңдаулы кітаптары мен сирек қолжазбаларды жинақтады. Кітаптар мен қолжазбалар саны жыл өткен сайын еселеніп, молыға түсті. Бұл жер ғылым жолында талаптанушылар мен ізденушілер үшін өте ыңғайлы орын еді, тек өз қаласы емес, көрші жатқан елдер де кітапханадағы бай рухани мұралармен танысуға ағылып келе бастады. Ғалымдар, ойшылдар, ғұламалар кітапхананың тұрақты қонағына айналды. Осы әз-Захирия кітапханасындағы бай қолжазба мұраларын ыждағаттылықпен зерттесе, Мәмлүктер мемлекеті мен Алтын орда арасындағы дипломатиялық, ғылыми және мәдени байланыстар жайын қаузайтын құнды дереккөздер де көптеп табылып қалар!
Досым! Мынаған көңіл аударшы. Сұлтан Бейбарыс өз заманында пошта байланысын да жолға қойып, оны барынша дамытты. Өзі арнайы таңдаған қыпшақ шабандоздары бүкіл араб өңіріндегі қатар жатқан қалаларға құпия хаттар тасыды. Ал, кейде Мысырдан алыс шалғайдағы, айталық 1800 шақырым жерде жатқан Евфрат өзені жағалауы бойындағы төтен шайқас туралы алты күнде (басқалар айлап күткен) хабар алып отырған. Тіпті хат-хабар жеткізу мен жауап алып отыруға асыранды құстарды да үйретіп, керегінше пайдалана білген деседі. Оның заманында мәні мен маңызы зор қасиетті сөздер һәм уағыздарды тасқа қашап жазу өнері жолға қойылыпты. Мұны араб жылнамашылары еске алып, «мұндай тасқа таңбалап жазуды бізге мәмлүктер алып келді» деп атап көрсеткен. Бұның бәрінен де біршама хабарың бар шығар, әрине! Сен білмейді деп жазып отырғам жоқ, тек қайталап еске салуды жөн санағаным ғой! Досың – Дарынғали.

 

* * *

Елшібек компьютердегі жазбаларды әр-әр жерінен асығыс оқып шықты да, ойға батып, аз-кем отырып қалды.
«Поу, шіркін-ай! Пай-пай! Бөтеннің еліне пенде боп телініп жетсе де, тайқы тағдырына налып, езіліп-бүгілместен, тас маңдайға бұйырған барша бұралаңдар мен қиыншылықтарды бастан өткере жүріп, жасымай-жасқанбай, жүдемей-жүнжімей, ең ақырында сол елдің билеушісі атануы неткен мықтылық! Асылы, Дарынғали талай ғасыр елеусіз қалған тұлғаны тірілтем деп, тектен-тек арам терленіп жүрген жоқ. Қол ұшын беру керек. Бірақ, қалай? Қандай жолмен?..»
Осы кезде елші шұғыл шақыртты. Асығыс пиджагін киіп, қолына жазу блокноты мен қаламсабын алып, кабинетіне жетіп барған. Елшінің қабағына көзінің астымен қарап еді, біртүрлі көңілсіздік нышанын байқап үлгерді. «Тағы не боп қалды екен?»
– Сен маған өткенде бұлай деп айтпап едің! – Елшінің даусы қатаңдау естілді. – Мына шақырып алған танысың кім өзі? Этикадан жұрдай ма немене? Үстінен шағым айтылып жатыр.
Елшінің сөзін ести сала Елшібек шырылдап қоя берді.
– Дарынғали – досым! Студенттік кезден бері танимын. Ол – өте адал, ақжүрек, ниеті таза жан.
– Ай, қайдам! – Мақсұтхан көзіндегі алтын жалатқан әшекейлі көзілдірігін ақырын шешті. – Бұрынғысын білмедім. Осы күнгі адам жыл сайын, тіпті ай сайын құбыла салады. Өзгеріп шыға келу деген оп-оңай заман?
– Шағым айтушылар – мешіт қызметкерлері ме? Егер ол жақтан жетсе…
– Тағы да астанадан! – Елші даусын көтере айтты. – Министрлік жақтан телефон шалды.
– Сонда не дейді? Қандай кінә тағады?
Мақсұтхан қайтадан алтын жалатқан көзілдірігін киіп, бұған қарап алып, даусын жұмсартқан сыңаймен ақырын сөз жалғады.
– Жаңағы Дарын дедің бе, сол мықтың мешіт ішіндегі шкафтарды ақтарып, қазба жұмыстарын жүргіземін, өте құнды құжатты табамын деген бе? Ау, ол шіркін ескі жазбаларды мешіттен іздемесе болмай ма? Өзінің ақыл-есі дұрыс па? – Сөзінің соңында сұқ саусағымен үстелін сарт-сарт ұрды.
– Есі дұрыс! Сап-сау адам!
– Ал, менің күдігім бар. Қысқасы, сен онымен жақсылап сөйлес. Есі бар екен, ендеше бұдан былай сұлтан Бейбарыс мешітіне жоламасын! Түсіндің бе?
– Түсіндім, елші мырза!
– Бейбарыс бабаның талайлы тағдыры мына бізді, елшілік қызметкерлерін ойлантпайды, толғантпайды десе қателеседі! – Елші кабинет бұрышына жанарын тіктеген қалпы тағы да екі-үш ауыз сөз саптады. – Ойымызда не жоқ дейсің? Не жасағымыз келмейді екен? Ай қарап отырмыз ба біз осында? Бірақ, қандай шаруаны бастасаң да, алдымен ақылға салып салмақтап, оябын тауып, сәтімен жасалғаны мақұл. Жоғары жақпен ой-әрекетіміз бір бағытта ыңғайласқаны керек. Дипломатиялық қызмет бізден соны талап етеді. Мен бұл жайында өзіңе бұрын да бірнеше рет, саусақ бүгіп тұрып, санамалап айтқан сияқты едім.
– Айтқансыз, елші мырза!
– Онда бара бер!

 

* * *

Қиялында тыным жоқ. «Қандай қадам жасасам да, артынан өзіме қатты таяқтай тарс етіп тиетіні қалай? Менің ізімді үнемі аңдып отырған кім?..» Кеш батқанша басы қазандай болып кетті. Үйге қайтып келе жатқанда да сол кермек қиял санасында ойнақ салды.
Өз үйінде әйелі екеуі оңаша шәй ішіп отырды. Күндегідей емес, қабағыңдағы кірбің кетер емес. Әлденені ойлап, абыржулы екенін аңдаған әйелі Айназым енді үндемей қала алмай, амалсыз дыбыс шығарды.
– Саған не болды? Ұнжұрғаң түсіп кетіпті. Тағы қандай жағдай?
– Білмеймін, бір шаруаны енді қолға ала бастасам, алдымнан шағымданушылар атойлап шыға келеді. Менің не істеп жатқанымды алдын-ала біліп отыратындай. Аңдушы бар ма, немене?
– Ендеше, жауды алыстан іздеме! – деді Айназым әйелдік байқампаздық танытып. – Айналаңда жүр. Немесе араласатын достарыңның бірі.
Мына сөзді ести сала, әйеліне еріксіз бұрыла қарады. Оның осы жолғы уәжі тосындау естілген.
– Ол мүмкін бе? Менде қазіргі уақытта көп дос та жоқ. Баяғы дос дегендердің біразымен байланысымыз күрт үзілген. Кейінгі кездері ешкіммен ашылып сөйлеспеймін де.
– Дарынғалидың өзі ше? Досым дейсің! Мүмкін, ашық ауыз біреу ме?
– Оған сенем.
– Ендеше, мына Біріккен Араб әмірлігі жағындағы елшілікте істейтін жігіт бар ғой. Ержігер деп пе ең? Бұрынғы досың шығар, бірақ арада жыланша жылжыған сумақай жылдар сусып барады. Кісі әртүрлі пікірлерді ести жүре, уақытпен өзгере салуы бек мүмкін. Өткенде кеудеңе медаль таққанда қызғанышын ашық байқатты дегенің бар еді…
Елшібек бұған да ыңғай бермеді. Құптаған жоқ.
– Жо-жоқ, ол тырнақ астынан кір іздейтін, болмашыны қазбалайтын майдампаз емес. Ержігер – ойын тура айтады, тік мінез. бірақ тап мұндай пасықтыққа бара қоюы екіталай.
– Тағы бір адамнан күдіктенуге хақың бар.
– Ол кім? – Айназымға жалт қарап, асыға жауап күтті. – Кім ол?
– Ол ма? Ол – астанада, министрлікте отырған Сейпин!
– Саржан ба? Саржанды айтасың ба? – Елшібек шек-сілесі қата күліп ала жөнелді. «Сен де кісі ойламайтынды ойлайды екенсің» деп, көпке дейін күлкісін тия алмады. Айназым аяқ астынан бұртия қалды.
– Мен осынша күлетіндей не айттым? – деді. – Ойымды мазақ етіп ойнама! Бұлай етсең, келесіде пікіріме зар боласың, көр де тұр!
Елшібек күлкісін сап тиып, Айназымды еркелете сөйледі.
– Айналайын-ау, неліктен қапалана қалдың? – деген. – Мазағым емес, бұл ойыңның қисынсыз екенін сездіргенім ғой. Сонша қатты ренжігенің не? – Осылай деді де, артынша салмақтана қалып, ашық пікірге ауысты. – Басқаны қайдам, бірақ Саржан Сейпіұлы жолдас мені тобығымнан шалады дегенге өлсем де сенбеймін…

АЛТЫНШЫ БАЯН
(Яки Елшібектің ішкі көңіл шешімі)

 

Сөз екеш, сөздің де кейде мың құлпырып, түрленіп сала берері бар. Жақсы жағына бұрылса, ол олжа. Ал, енді кермек ой кимелеп ала жөнелсе, ортада ащы уәж емін-еркін ойнақ салып кетпек. Ойнақ салғаның не, тәтті ауыздың дәмін кетіруі де оп-оңай. Жұмыр басты пенде, анығында, кермек сөзге сирек қадамдайды, жоламауға тырысады. Түбі көрінбес дау-дамай кімге қызық: кімнің көңілін көншітіп, олқысын толтыра алар?
Міне, бүгін екі достың арасында жайбарақат басталған әңгімеге бірте-бірте жал бітті: аяқ жағында күдірейе бастады; жоталанып бара жатты. Елшібек пен Дарынғалидың қызу айтысқа ерік берген кезі еді. Бұл жолы Елшібектің даусы жарықшақтанып, жарқын-жарқын шығады. Әлденені түсіндіре алмай әлек.
– Саған тағы да қайталап айтам. Әзірге Бейбарыс баба мешітінде, өзің айтқандай, жасырылған құпия жазбаларды іздеуді мүлде доғара тұр. Тоқтат! Әр нәрсенің сәті болады. Ал, сен…
Дарынғали да сабырдың бас жібін босатып, сезімге беріліп ала жөнелді. Досының сөзін аяқтауын күтпестен, орта жолдан үзді.
– Қысқасы, бір жеріңді қыс та, елге қайт демексің бе? – Даусында реніштің табы анық байқалып тұрды.
– Сөздің аяғын тыңда! – Елшібек досына тоқтау тіледі. – Әлі ойымды аяқтаған жоқпын. Саған басқаша ұсыныс жасамақшымын. Егер дұрыс деп есептесең, арғы жағын түсіндірем.
Досы енді ғана оған бұрыла қарады. «Қандай ұсыныс айтпақшы? Мені енді қайда жұмсау ойында бар?..»
– Айт! Әуелі тыңдайын.
– Мен бүгін Сауд Арабиясындағы әріптесіммен сөйлесейін. – Елшібек бұған емес, басқа біреуге арнап жатқандай, алысқа көз жанарын қадап тұрып, бір ой айтты. – Оған жеке атымнан қолқа саламын. Сені шақырып алуын өтінемін. Сол жаққа бара тұрғаның ең қолайлы жол. Қазіргі жағдайда…
– Е, мынауың өте қызық екен. Ал, содан?
– Эр-Риядқа барасың. Өйткені…
– Ар-Рияд деп айтшы!
– Неге?
– Ар-Рияд сөзі бізше «ар-ұят» дегендей естіледі. Маған қатты ұнайды. Араб-түркі тілі бір замандарда мипалаудай бірігіп, қым-қиғаш араласып кеткен, түпкі түбірі солай болуы да ықтимал.
Елшібек күле жаздап барып, өзін-өзі әзер ұстады. Дарынғалидың бұл айтқаны ересек адамның емес, баланың сөзіндей естілген. Бұрыннан, баяғы студент кезден осындай әдеті бар, басқа бір елдің жер-қала атауларын қазақы ұғымға қарай икемдеп алып, Парагвайды – Барақбай, Уругвайды – Орақбай деп қойып, өзі міз бақпай, ортаны қыран-топан күлкіге көмуші еді. Бір мезет Елшібек сол уақыттарды есіне алып тұрды да, бірақ бойын жинап, әрі қарай салмақты сөз өрбітіп әкетті.
– Жарайды, солай-ақ болсын! – деді. – Бірақ ол жақта да қарап жатпайсың. Ізденесің. Тарихи құжаттарға сүңгисің. Екі бағытта, жо-жоқ, үш бағытта жұмыс істесең, қатып кетер еді, ә?
Енді Дарынғали одан бетер таңданыс байқатты. Досының сөзінің астарын тез ұға алмай, арғы жағында не демегін біле түсуге ынтықты. Асыға ынтықты.
– Үш бағыт дедің бе? – деді өзінше ой топшылап. – Шамалап тұрмын. Дегенмен, анықтап айта кетші ойыңдағыны?
– Сауд Арабиясы көнесырдың көмбесі емес пе? Бүкіл араб аумағының түп тарихы сол өңірден тамырланып тарқатылады қалай десек те. Оның тарам-тарам аймағында түркі тайпасына қатысты да ескі заман «естеліктері» молына кездесеріне кәмілмін. Оған жақын арада мойын бұрып, арнайы келіп, қай тарихшың жанкешті ізденісін бастап кетер дейсің. Сен арабша жақсы білесің, осы мүмкіндікті орнымен пайдаланып қалғанымыз мақұл. Өзің үшін ғана емес, ұлт үшін.
– Үш бағыт дегенің кеудеде бұққан бір ойымды бүлк еткізіп, еріксіз қозғап кетті. Соны нақтылап айтшы, қане?
– Әуелі, әрине, сұлтан Бейбарысқа қатысты жаңа деректер жинастыруды әрі қарай жалғастыра бересің. Бабаның іздері Шамда да, Алеппода да жатыр. Одан әрі Мекке мен Мәдинаға да барғанын, сондағы қос мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал еткенінен хабардарсың, әлбетте. Осымен қоса қабат, араб топырағында жиырмасыншы ғасыр басында «Қызыл Одақтың» елшісі болған Нәзір Төреқұлов атамыз жайында да қосымша деректер қарастыра жүр. Осылар аз жұмыс емес.
Дарынғали саусақ бүгіп санап отыр еді, енді амалсыз қайталап сұрақ берді.
– Екеуін айттың. Ал, үшіншісін неге жасырып қалдың?
– Жасырып отырғам жоқ. Ол енді өз алдына бөлек, өте күрделі тақырып. Араб елдерінде жолбарыстай жалғыз жортқан, жоталы іздері қалған тағы бір баба – Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби! Әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама! Платон, Аристотельдердің шәкірті. Ақылы асқан философ! Біз баба хақында әлі күнге тұщымды әңгіме қозғап, толымды түйін жасап тауысқан жоқпыз. Көп құпиясы тарих деген бұраң жолдың қалтарыстары мен бұрылыстарында көмбеленіп, көмулі жатыр.
– Ту-у, мен сені дипломатиялық қызметке ауысқалы бері «қып-қызыл шенеунік» шекпенін киіп кетті ме деп күдіктенуші ем! – Дарынғали айқайлап сөйлеп кетті. Қуанышты көңіл күйін жайып салды. – Сөйтсем қателесіп жүр екем. Осы жолы менің ойымнан шықтың, достым! Мені шын қуанттың, біле-білсең! Шаттыққа бөледің-дүр!
– Ал, енді осы айтқандарыма бас шұлғысаң, арғы жағын өзім шешем. Елшіліктегі жігіттерге өтініш айтам.
– Бәріне де көнем! – Досы дабырлап ала жөнелді. – Тіпті қуана қостаймын. Тек, сен мұнда, ал мен ана жақтамын, сол жағы болмаса…
Елшібек күліп жіберді. «Менен жырақтап, алыстағың жоқ, ә» деп, сөйлеп қояды. «Жауырынымыз жабысып туған жоқ сияқты едік, тіпті айрылғың келер емес…». Сосын ақырын ғана сыбырлап айтты.
– Бұл жайында алдын-ала ешкімге жария етуге хақым жоқ, расында. Бірақ, саған құпиялап айтайын. Ішіңде сақтарсың. Әзір аузыңнан шықпайды деп сенем. Мені жақын күнде сол Сауд Арабиясы еліндегі елшілікке жаңа қызметке ауыстырмақ. Қызмет лауазымым да бір саты көтеріледі, әрине!
Мұны естіген Дарынғали қуанғанынан алақанын алақанына сарт-сұрт соғып, қол шапалақтап жіберді.
– Сен бәрін де алыстан орағытып, тереңнен ойластырып жатыр екенсің ғой. Рахмет, бауырым! Көп-п рахмет өзіңе! Ал, мен Мысыр елімен бұлай ертерек қоштасам деп ойламап едім. Тіпті әлі де…
Консул досы оның сөзін осы тұста бөліп жіберді.
– Тағы не? Ойыңда бізге жұмбақ бір шаруа жыланша жиырылып жатыр ма?
– Жұмбақтайтын түгі де жоқ! – Дарынғали кеуде кере тіл қатты. – Мына Каир шаһарын да, оның жақын маңайын да толығымен аралап үлгердім. Елгезек інім Жәмілханға мың да бір алғыс! Енді іштей алыста оратылып жатқан Александрия шаһарына барып қайтсам деуші ем. Ондағы аңызға айналған, ең бай кітап қоры бар атақты кітапхананы өз көзіммен көріп, ішіндегі қолжазбаларды бір-бір иіскесем деген ішкі арман иіріліп жатушы еді…
– Оның да сәті түсер! – Елшібек бұл бағыттағы әңгімені елеусіз тыңдап, тез аттап өтіп, басқа мәселені қаузап кетті. – Әні-міні деп, біраз уақыт сырғып та барады, көңілге тиянақ етер тірек-шаруалар жүзеге асқан шығар, ә? Өкінбессің осыған?
Дарынғали кенет желпініп ала жөнелді. Жадырап сала берді.
– Осы күндері досың қарап жүрді деп ойлама, – деп, ішкі сырынан хабар беріп жатты. – Көп жұмыс жасадым. Сұлтан Бейбарыс өміріне мүмкіндігінше тереңірек сүңгідім. Тарихи мәліметтерге молынан қаныға түскен сайын, тек тарихи мақала емес, көркем шығарма жазу керек екен-ау деген ой сорабына түстім. Біржола аңсарым ауа бастағандай.
Басын еріксіз көтеріп алған Елшібек елең етіп:
– Көркем шығарма жайында көп айтасың, тарихшылықтан тайғанақтап, бұлайша шұғыл бет бұруыңа не себеп? – деді. – Сенің қабілетіңе сенем, әрине! Студент кезден бейімің бар екенін де білем. Бірақ, Бейбарыс баба жайлы тартымды да оқылымды көркем туынды туғызуға кешегі тарихшының шамасы жетер ме? Қолынан келер ме? Өмір-жолында жота-жота бұралаңды түйткілдер баршылық екенін сен де, қысқасы, екеуміз де аңғарамыз. Сол ой ғой мазалайтын?
– Күдігің бар ма? – Дарынғали жалт қарап, ренішті үнмен жауап қатты. – Сен де астанадағы әлгі өзінше «еркін ойлы», турашыл режиссердің сөзін айттың-ау! Ол бір қыршаңқы, «тарихшы тарихты қаузасын, өнер жағына жоламасын» деп алып, ең соңында «сорлы ешкінің арманы – кім сойса да, қасапшы сойса ғой деп қиялдапты» дер ме! Сөйтіп, айлар бойы азаптанып, толғатып жазған еңбегімді сахналау былай тұрсын, қақпақылға салып, арлы-берлі лақтырып, ар-намысыма тиер ме?
Жанына батқан осы әңгімені қайта жаңғыртып, жұқалап қана айтып, енді Елшібек қалайда жақтап сөйлейтін шығар деп үміттенген кейіпте еді, ол ойы ақталмады. Досы тап қазір «кертартпа» режиссерден де асырып жіберді. Көңіліне келеді-ау деп ойлап жатпады.
– Жалпы, сен тарихшысың! – деді даусын жуандатып. – Өз саласын терең меңгерген тарихшы-ғалым болу да аз шаруа емес. Жазармандық – мүлде бөлек әлем. Оның өз құпиясы бар, оны сен екеуміз онсыз да жақсы білуге тиіс едік?
– Мынаны түсін! – Дарынғали бұл жолы да кібіртіктемеді, қатулана сөйлеп кетті. – Тарихтың құпия қалтарыстарын көңілмен қопсытып, алақаныңа салып алып, кей жерлерін анық сезініп тұрсаң да, мақала-зерттеу тілімен жеткізе алмай қиналасың. Бір-екі сөйлемнен соң «дәлел» деп, бір су жылан сумаң етіп шыға келеді. Тосыласың. Тоқтайсың. Сондайда еркін көсілуге есік ашатын көркем дүниені «көмекке» шақырмасқа амалың жоқ. Мысалы, сұлтан Бейбарыс тағдырына қатысты көмескі тұстарды «қиялға ерік беріп», оқырманға ой салу әдісі – көркем шығарманың «қолынан» ғана келеді. – Кішкене мүдіріп барып: – Драматург болуға қатты құлшынып жүр ме екем? Атақ қуыппын ба? Анығында, бар ойым – өзім зерттеген тұлғалар бейнесін көркем сөзбен тірілтіп, «жан беріп», сонан соң, реті келіп жатса, сахна төріне жетелеп апарып қондыру! – деп, жаншырыл сөзін әзер тұсаулады. Сөйтті де, артын күбірге ұластырып «осы жайымды ешкімге түсіндіре алмастан өліп кетермін әлі» деп, тіл ұшымен әлсіз сөйлеп тұрып алды.
Оның жан қиналысын аңдағандай, Елшібек осы тұста тілін тартып, тоқтау тілеген ыңғаймен:
– Көсемсіп кетіп, саған ақыл айта бастаппын-ау! – деп күліп алды. – Ал, өзім көптен бері тарихты өгейсітіп жүргенімді ойласамшы?
– Сенің жөнің басқа! – Жаңа ғана қабаржып тұрған Дарынғали қайтадан жылы қабақтанды. – Біздің елге тап осы уақытта, көп әрекеттердің шын астары ашылмай жатқан апалаң-топалаң заманда әлеммен жүз шайысып емес, емін-еркін «қол алысып», ел мен елді табыстырып, тығыз байланыстыратын дипломатия ауадай қажет-дүр! Атқарып жатқан жұмысың ұшан-теңіз! Бұл бағытта қосқан үлесің баршылық дей алам. Барынша баршылық-дүр!..
– О, мені тым жоғары көтермелеп жібердің! – деп алып, Елшібек бәрібір ішкі қуанышын жасыра алмады. – Алайда, мен елшілік ішіндегі кішкентай қызметкермін. Біздің үлесіміз – титімдей ғана! Ал, сен ататарихты да молынан қопарып, онымен тоқтамай, жазушылыққа қарай еркін жүздің. Ел санасына сәуле құю жолындағы еңбектің шын үлгісі емес пе сенікі?
Дарынғали досының сөзін жартылай тыңдап, ішінен өзінің көп уақыттан бері дайындалып, жазып тастар ма еді деп, қиялында шайқап жүрген бір шығармасы бар екенін ойлап, бірақ оны сыртқа шығаруға асықпастан, тоқтап қалып тұрған-ды.

 

* * *

Ертесіне ерте оянған Дарынғали бір ойдан арыла алмай, басы қатып біраз отырып қалды. Уәдесі бар еді. Мешітте танысқан әлгі бір жылы жүзді арабқа. Қаба сақал. Сақал-мұртын молынан жібергені болмаса, жасы да кәрі емес. Тіпті сұраса келе білді, Дарынғалидан екі жас қана үлкендігі бар екен. Кездескен сәттен тіл табысып алып еді. Ойлары да қабыса кеткен болатын. Алдағы шаруаларды да өзара ойластырып қойған-ды. Енді қайтпек? «Ал, жақсы, мен басқа елге кетіп барам» десе, оның көңілінде қандай дақ қалмақ? Қазіргі бар қазақ осындай жылтыр сөз, жалтетпе екен ғой, уәждерінде тұрағы жоқ жандар ма деп ойлар?
Аз ойланып отырды да, сосын орнынан тұрып, сырт киімін киіп, сұлтан Бейбарыс мешітіне қарай бет алды. Біраздан бері жақын танысындай араласып кеткен мешіттің күзетшісімен кездесіп, оңаша сөйлесіп алмақшы. Алдағы біраз жоспарларды, амал жоқ, уақытша доғара тұруға тура келеді енді. Сол жайынан бетпе-бет отырып, Қаба сақалға түсіндіріп айтпақшы. Қашан жеткенше осы ойдың сорабынан ұзап кете алмады. Қаба сақал жылы жүзбен қарсы алды. Оның алдында қинала тұрып, жағдайды түсіндірмек ниетпен, ақырын сөз бастады.
Дарынғали: Мақсатымыз айқын, ой-ниетіміз таза еді. Жағдай өзгерді. Енді, амал жоқ, біз ойластырған жұмыстарды уақытша доғара тұруға тура келгенін қарашы.
Қаба сақал: Ой, Аллам-ай! Қандай кедергі бар? Әлде мұндағы дін адамдарының сөздері себеп пе? Үш адам үш түрлі, екі адам екі түрлі ойлайды, оған тосқауыл жасап, қақпақ бола аламыз ба?
Дарынғали: Біздің әрекет – қазіргі саяси ұстанымға сәйкес келмей жатқандай. Бұл істі басқаша түсіндірушілер шығып жатыр арада. Кедергілер солар тарапынан. Қайтермін?
Қаба сақал: Мен сізбен жолыққалы бері қатты ойға түсіп, Бейбарыс жайындағы деректерге қайтадан қызығушылығым ояна бастағанын жасыра алмаймын. О, ол кісі бұған дейін де біз үшін биік тұлға, адамзаттың асылы іспетті. Ал, сіз келгелі бері бабаның бейнесі одан да биіктеп кеткендей. Асқақтап бара жатқандай.
Дарынғали: Өзіңізді аз уақыт ішінде-ақ жақсы танып үлгердім. Жәй ғана мешіт күзетші емес, көкірегі даңғыл жансыз. Бейбарыс бабаға деген шынайы ниетіңіз бен оттан да ыстық пейіліңіз жүрегімді шымырлатты, жанымды нұрландырды. Әйткенмен, сіз айтқан «асыл адамның» жолы әзірге жабық! Азғана уақыт кідіріс жасамасқа амал қалмады. Мен кейінірек қайта айналып соғармын. Ал, сіз ыңғайына қарай, екеуміз ғана білетін сол құпия хатты іздестіруді жалғастыра берсеңіз деп ем. Құп көресіз бе?
Қаба сақал: Мен кішкентай адаммын. Діни сауатым бар болса да, бар жұмысым – Бейбарыс баба мешітінің алдын күзету. Көп тарихты біле де бермеймін. Сізге жолыққалы жаңа бір ой сілемі кеудемде сығалағандай еді, амал қанша! Каирді қалдырып, басқа жаққа аттанбақшы ниетіңіз бар ма?
Дарынғали: Солай сияқты. Қарсылық жасауға қауқар жоқ. Бірақ, ерте ме, кеш пе – сөзсіз тағы да оралармын.
Қаба сақал: Сізді асыға күтем. Алла қаласа, орындайтын жаңа мақсаттар күтіп тұр алдымызда. Соны жүзеге асыруды Жаратқан ие сіз бен бізге нәсіп еткей! Тілек етем бар жан-тәніммен!

 

* * *

Қанша қарбаласып жатса да, жұмыс арасынан саңылау тауып, Елшібек Дарынғалиды Сауд Арабиясы топырағына шығарып салып тұрды. Бірақ әдеттегідей емес, көңілсіздеу. Осыны Дарынғали да дереу байқап үлгерді.
– Сен, досым, мені қимағандықтан, көңілсіз тұрсың ба? Аз уақытқа ғана бөліну ғой бұл. Өзің айттың емес пе? Артынша сен де…
Елшібек оның аузын жаба қояды. Тоқта дегендей ым жасады. Түрі одан бетер бұзылып сала бергені байқалды.
– Тісіңнен шығарма дегенім қайда? Онсыз да сыпсың сөз тарап үлгеріпті. – Консул қабағын еріксіз түйді. Қайта-қайта басын ұстады.
– Ой, не деп тұрсың? Тағы да сені сүріндіруді ойластырып жатыр ма? – Дарынғали жанұшыра, асығыс сөйлеп кеткен. – Не деген «градусы» көтеріліп тұратын қызмет бұл дипломатия дегенің?
– Солай ма, білмедім! – Елшібектің даусында абыржушылық байқалды. – Қызмет жағдайында тағы бір саты жоғарылайтыным әлдекімдерге ұнамай жатқандай. Ай, бұл қазақ…
Дарынғалидың кеудесіне кенет қорқыныш аралас түсініксіз үрей ұялай қалғандай. Елшібекті сүріндіру «жоспары» тоқтаусыз жүріп жатқанын ішімен сезіне түсті. Бұл не деген бақталастық? Басқаны былай қойып, енді сыртқы саясатта жүрген дипломаттардың да арасында мынадай «өшігу» мен «өштесу» өрістеп бара жатқаны қандай қорқынышты!
– Ендеше, мен жол жүргелі жатқан жаққа бармай қалуың да мүмкін бе? – деп, еріксіз айтып қалып еді, бірақ өз сөзіне өзі ыңғайсызданып тұрды.
Бұл жолы Елшібек оған суық жүзбен қарап қойып, қабақ түйе сөз сауды.
– Айтпа деп қанша өтінсем де, кішкентай ғана құпияны іште сақтауға деген талпыныс, апырмай, сенің бойыңнан табылмай жатқаны қандай қиын! Бекер-ақ сыр ашыппын өзіңе…

(Бірінші желінің соңы)

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ