ШАБЫТТЫҢ ШАҢҚАЙ ТҮСІ

(Жазушы Жадыра Шамұратованың шығармашылығы туралы)

Қазақ прозасында жазушы қыз-келіншектер баршылық. Кешегі Шәрбану Құмарова, Нарбин Кенжеғұлова, бүгінгі Шәрбану Бейсенова, Бибігүл Иманғазиева, Мағира Қожахметова, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Сәуле Досжанова, Мәдина Омарова, Заря Жұманова, Ділдар Мамырбаева, Баян Болатханова, Камал Әлпейісова, Мира Шүйіншәлиева, Гүлзат Шойбекова сынды қаламгерлердің шығармашылығы көкірегі ояу, көңілі сергек оқырманның ықыласына бөленгелі қашан. Ал кейінгі жылдары өнімді еңбек етіп, өндіре жазып жүрген жазушы қыздарымыздың бірі әрі бірегейі – Жадыра Шамұратова.
Айналып келгенде бәрі де жазушының біліміне, талантына, талғамына, табандылығына келіп тіреледі ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Жадыра жалықпай ізденетін, бір шығармасы екінші шығармасына ұқсамайтын талантты жазушы екендігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Оған Ж.Шамұратованың «Фолиант» баспасынан 2021, 2023 жылдары жарық көрген «Секундтар арасындағы шексіздік», «Сандық» атты прозалық жинақтары айғақ.
2018 жылы «Жас Алаш» газеті «Қазақ пен қала» тақырыбында проза байқауын ұйымдастырған болатын. Байқауға кеп түскен жүзден астам шығарманың арасынан 9 туынды үздік деп танылып, Жадыраның «Бейуақытта ашылған құпия» атты повесі 2-ші орынды иеленді. Осы «Қазақ пен қала» байқауының қазылар алқасының мүшесі, белгілі сыншы Тұрсынжан Шапай: «Бұл бәйгеден менің байқағаным: жақсы жазатын жас қазақ жазушылары бар екен. Бәйгеге қатысқан жастардың көбінің бірді-екілі әңгімелерін оқып жүретінмін. Бірақ мүлде аты-жөнін естімеген, әңгімесін оқымаған екі жазушының әңгімелері маған қатты ұнады. Бірі – Жадыра Шамұратова, екіншісі – Темірлан Қылышбек.
Бұл байқаудың тақырыбы: «Қазақ пен қала». Қаланы біз әлі бойымызға сіңіре алған жоқпыз. Енді ғана бауыр басып келеміз. Қазақтың жазушыларын тек ауылды жазғандары үшін кінәлауға да болмайды. Көргендері сол еді. Қалай өтірік жазады? Бұрын қалалық қазақ деген болған жоқ. Енді-енді бой үйретіп келе жатқан қала туралы жақсы әңгімелер жүлдегер болды» – деп атап өткесін, хикаятты оқуға асықтым. «Дөңгелегін санап айналдырғандай кежегесі кейін тартып, өзін-өзі қыстап әрең жүріп келіп тоқтаған автобус ішіне иін тірескен жұртпен араласып кірген бойда қалтасынан ұялы телефонын алып уақытты қарап жатып, «кешегідей тағы кешігіп жүрмесем жарар еді» деп ойлады. Күндегі көрініс. Бала кезден таныс өзіне. Кейде жалықтырады, кейде адамдарды сыртынан бақылау әдеті көңілін бөледі…» («Секундтар арасындағы шексіздік» жинағы. «Бейуақта ашылған құпия» хикаяты, 3 бет) деген сөйлемдер ары қарай жетелей жөнелді.
Бүгінгі қала тірлігін, автобус толы адамдардың «бірінің аяғын бірі басып, бірінің сөмкесінің шығыршық темірі екіншісінің су жаңа киімін іліп кетіп қабақ шытысқан әйелдер, арқасындағы рюкзагымен елдің бәрін түйіп ығырын шығарған жігіттің өзінен-өзі айналып ойнақшыған көзі мен ашулы жүзіне қарайды да оған әлдене деуге бата алмайтын…» тағы басқа көңілсіз көріністер көз алдыма елестеп, өзім де сол автобустың ішінде келе жатқандай сезіндім. Бас кейіпкер Арыс есімді жігіттің былайғы жұртқа аса таныс емес қалалық паталогоанатомиялық орталықтағы қызметі қызықтырғаны рас. Қыры мен сыры мол паталоганатом жұмысынан да бірқанша дерекке қанықтым. Осы тұста шығарма оқиғасы басқа арнаға бұрылады.
Арыс дипломын енді алатын кезде аяқ астынан перзентханада жұмыс істейтін анасы қайтыс болып, жалғыз қалды. Ет жақыны жоқ жас адамға ой да, мұң да үйірсек емес пе. Анасы қайтыс болғалы жатақханадағы жалғыз бөлме бар жылуынан, бар сәнінен айрылған. Үйленбекші болған Айяның кездескені қандай жақсы. Бәрібір шешесінің орны мүлде бөлек, ойсырап тұр. Анасының кішкене қоңыр көзінде мейірім тұнып тұратын. Анасын неше жерден жүрегі елжірей сағынғанымен ол күндердің оралмасы анық. Бір қуанарлығы, бұл қалада шешесінің туған сіңлісі бар болып шықты. Екі ай бұрын анасы «қалайда сол нағашы апаңды тауып ал» деген. Мекен-жайын да берген. Интернет арқылы нағашы апасының өнер сүйер жұртқа танымал актриса болғанын білді.
Арыс жасы елуден асқан, бойшаңдау, толықша келген нағашы апасының үйіне келгенде нағашы апасы аса қуана қойған жоқ. Сабалақ жүнді ақ итті құшақтап алған ол үйдің ішінде жүрсе де аяғына ақ туфли киіп алыпты. Аман-сәлемнен соң әпкесінің қайтыс болғанын естігенде де үндемей отыра берді.
« – Рактан кетті ме?
– Жүректен.
– Перзентханадағылар түгел келді ме?
– Ия. Бәрі келді. Жерлеуіне де көмектесті.
– Көп ауырды ма?
– Жоқ. Тіпті ауырмаған сияқты. Әлде маған білдірмеді ме?
– Тез кетсе мамаң бақытты екен…» («Бейуақта ашылған құпия», 11-бет)
Арыс тосылып, үндемей отырып қалды. Сонда өмірден ерте кету бақыт болғаны ма? Нағашы апасы орнынан тұрып ас үйге кетті. Арыс отырған кең бөлменің бір қабырғасын нағашы апасының жас кезіндегі сұлу бейнесі алып тұр. Нағашы апасы жас кезінде шынында аса көркем, сұлу болған сияқты. Мына суреттегі бейне мен қазіргі етжеңді, көзінің асты күлдіреген, шаршаңқы әйелді бір адам дегенге сену қиын. Нағашы апасы сыртында өзінің сұлу бейнесі түскен бокалға құйып сүтсіз қара кофе берді. Одан өзге тіскебасар ештеңе ұсынбады. Арыс тезірек кетуге асықты. Нағашы апасы: «Жарайды, сау бол. Көбіне үйде бола бермеймін. Жылына бір-екі хабарлассаң жетіп жатыр» деді бұған. Анамның айтуымен келдім емес пе деп ойлады Арыс үйіне кетіп бара жатып, мына кісі біртүрлі адам екен.
Жігіт одан соң білімін жетілдіруге басқа қалаға аттанды да оралған соң өз тірлігімен жүргенде біраз уақыт өтіп кетті. Бір күні телефонына «Келіп кет, Джектен айрылдым» деген хабарлама келді. Сөйтсе, иті өлген екен. Бұл жолы жылыұшырай қарсы алды. Бұрынғыдан қартайыңқырапты, ұйықтамаған ба, көзі кіртиіп, қабағы ісіп тұр. Иттің өліміне қайғырып, «өзі кішкентай болса да осы үйдің азаматындай болды. Джек десе – Джек еді» деді қайғырып.
Арада біраз уақыт өткен. Арыс нағашы апасына енді бармаймын десе де бірін-бірі жақынырақ біліп, алдағы уақытта үйленбекші болған болашақ қалыңдығы Айяның «ата-анам сенің туыстарыңмен танысқысы келеді» деген сөзінен кейін ойына актриса апасы оралды. Алғашында бұны онша жаратпағанын білсе де баруға тура келді. Телефон соққан, көтермеді. Зәулім үй де, аула да тым-тырыс. Не істесе екен? Үш метрге жуық биік қоршау шарбақтан секіріп түсу қиын. Күтім көрмеген ауланың ішін белуардан шөп басып кетіпті. Арыстың басына неше түрлі ой келді. Ақыры полиция мен «жедел жәрдемді» шақырды. Биік темір есікті полицейлер қанша қақса да ар жақтан дыбыс естілмеді. Есікті бұзып ашудан өзге амал қалмады. Кіргенде бірден мұрынға сыз иісі мен әлдебір күлімсі иіс қатар келді. Нағашы апасы жатын бөлмесінде екі кісілік төсегінде жатыр екен. Мүрденің иісі шыға бастағанына қарағанда жатып қалғанына үш-төрт күн болған сияқты. «Төбеге қарап жан тапсырған әйелдің үстіндегі әдемі қызыл көйлегінің ұзын кең етегі кереуеттің бір жағынан салбырап түсіп жатыр. Арыс өзін осы уақытқа дейін барлық жағдайды салқынқанды қарсы алатын адаммын деп есептейтін. Осы жолы жүрегі өрекпіп, бойын діріл биледі…» («Бейуақытта ашылған құпия», 22-бет)
Жедел жәрдем мәйітті тексеруге сараптамаға алып кеткен соң Арыс нағашы апасының қалта телефонын іздеп жүріп, жастығының астынан қызыл былғарымен қапталған кітапша тауып алды. Телефонын алып қараса актриса бар болғаны үш адамның номерін сақтапты. Біреуіне телефон шалғанда өзін Халил деген адам жауап берді. Жасы алпыстан асқан ер адаммен жолыққанда ол кісінің нағашы апасының бұрынғы жігіті екенін білді. Актрисаны жерлеу кезінде қатты қайғырған осы кісі болатын. «Мейірбан екен, нағашы апасын қатты сыйлайды екен» деп ойлады Арыс.
Туыстарынан мұрагерлік құқы бар ешкім табылмаған соң актрисаның үйі мемлекет меншігіне өтетін болды.
Актриса жападан-жалғыз тұрғандықтан ба, әлде жасөспірім кезінде зорлыққа ұшырап, есі ауысып кеткен қыз туралы рольді сомдап, сол арқылы көрерменге жан азабы, торығу, депрессия деген қандай болатынын, онымен қалай күресу керегін көрсетем деп айықпас ауруға ұшырағанын да сезбеген сияқты. Бұл – өз ісіне ынты-шынтымен ерекше берілген актрисаның қасіреті еді.
Бейуақта ашылған құпияның сыры повесть соңында анықталды. Нағашы апасы деп жүрген әйел Арыстың туған анасы болып шықты. Әкесі Халил екен. Ол жағдайды өз анасы өле-өлгенше айтпаған. Арыс нағашы апасының қызыл былғарымен тысталған күнделігін оқығанда бір-ақ білді. «Туыс менде о бастан жоқ, – деп жазады актриса күнделікте. – Ата-анамнан айрылдым. Жақын достарымнан да бездім. Бұның бәрінде де жүрегім ғана ауырды. Ал ішімнен шыққан баламды танымайтын, білмейтін адамға бере салған кезде… қиналысым одан әрі күшейе түскенін сездім. Енді жүрегім емес, жаным ауырады. Жан да сыздайды екен. Ештеңе көмектеспейді. Депрессия. Кейін сол депрессиядан шыққанда өмірімнің осы кезеңін еске алғым келмейтінін, ол жайлы ойлау қайтадан депрессияға әкелетінін ұқтым. Күнделік жүргізе бастадым. Жүйкесі ауыратын адам басқа не істейді, оны кім тыңдайды? Кейде ұйқыдан оянсам да қайтадан ұйықтай бергім келеді. Оянсам мынау өмірім, тірлігім менікі емес секілді, өзім де өзім емес сияқтымын. Осы бөтен өмірден, бөтен елден, еш уақытта жаныңа маза бермейтін естеліктерден қажығаным сондай, осы күнделікті қиқымдап тұрып жыртып, миымды телефонды өшіргендей біржола өшіріп кете бергім келеді. Бірақ қайда? Қашқанда қайда барам? Өзіңнен қашып құтылу қиын екен. Тіпті күнделікті де жырта алмаймын. Ол маған қоқыс салатын жәшік сияқты, бүкіл ашу, ыза, мұңым, толғанысым бәрі осы күнделікте…» (39-бет)
Ой, Алла-ай! Өмірде мұндай да болады екен-ау! Бұл жағдайға тастанды сәбиді шақалақ кезінен бауырына салып, өсіріп ер жеткізген әйел кінәлі ме, әлде нағашы апасы деп келген өз анасы кінәлі ме? Жұмбақ сыр…
Осынау толғауы тоқсан толғақты сыр, ауыр оқиғаны жазушы байыппен, рет-ретіне қарай әдемі алып шығу арқылы көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға үлкен ой салып отыр.
* * *
Көзді арбайтын жалтылдаған шамдар, жалтыраған еден, жарқыраған интерьерді көргеннен басы айналып, («Сарымсақ қосылған ұлу еті» хикаяты) қызыққа батқан Асылбек казинодағы ойын үстелін біраз уақыт бақылап тұрған соң ақырындап кірісіп кетті. Ойынды жаңа бастағандар ұтады дегенді естігені бар, расында қолы бірден шығып, есі кете қуанғаны жадында. Асылбек бұл күні 700 доллар ұтты! Керемет емес пе?
Ертеңінде казиноға тағы келді. Қымбат шараптар тізілген бар да ғажап, бармені де мәдениетті, крупье қыздар мен даяшылардың киген киімдері мен үстеріне сепкен әтірінің иісіне дейін көңілін аспандатты. Мұндай да ғажап мекен болады екен-ау деп жігіт таң-тамаша. Күн өткен сайын бірте-бірте Асылбекті нәпсі-сайтан еліктіріп, ірі ұтысқа қолым әне-міне жетер деген дәмемен тұңғиығына тарта берді. Өзге ештеңе қызықтырмайтын сияқты. «…Бүгін сенбі болғандықтан көңілді бағдарламалар мен ұтыс ұйымдастырылыпты. Бұл нағыз мереке. Асылбек дәмі жағымды коктейль ішіп, сарымсақ соусы қосылған ұлудың дәмін татты. Қозғалған сайын әне-міне үзіліп кетердей жіңішке баумен әдіптелген жылтыр қара түсті лыпа киген стриптизер бикештер барын салып билейді… («Сарымсақ қосылған ұлу еті» повесі. 113-бет)
Асылбек келіншегін де, әкесін де алдады. Достары мен әріптестерінен алған қарызы көбейді. Ақыры мініп жүрген жеңіл машинасын сатты. Ол ақшасын казиноға ұттырғанда Асылбек өзін-өзі кінәлап, іші удай ашыды. Бақандай төрт миллионнан айырылды! «Жоқ, бұл жүрісім дұрыс емес, осы мен не істеп жүрмін? Бітті, бүгін үйге барам да өмірді жаңадан бастаймын» деген ойлар да келген. Ал ертеңіне «бүгін соңғы рет ойнаймын» деп өзін-өзі сендіріп, киіне бастайды.
Асылбектің казиноға мол ақша ұттырғанын, елдің бәріне қарыз екенін естіген әкесі қатты ашуланды. Үйдегі айқай-шу, келіншегінің долдана жылағаны, анасының уайым шеккені отбасының шырқын бұзды. Ақыры өздері тұрып жатқан екі бөлмелі пәтерді сатып, түскен ақшаның бір бөлігіне бір бөлмелі пәтер алып, қалғанын Асылбектің қарызын жабу туралы шешімге келіскен.
Түлен түртті деген сол! Өмір бойы үкіметтің жұмысын істеп бел жазбаған әке-шешесінің арқасында ештеңеден мұқтаждық көрмеген, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен ғұмыр кешкен жігіт нәпсісімен күресуге дәрменсіз болатын. Ақыры пәтер алатын ақшасын да казинода ұтқызып тынды. Айқай-шу мен ырың-жырың өмірден әбден жалыққан, күйеуінің бұдан былайғы уақытта берген уәдесінде тұрмайтынына көзі жеткен келіншегі қызын жетелеп кетіп қалды. Асылбек енді еш мақсатсыз қалай өмір сүрмек? Жасы болса отыздан асты, қолынан ештеңе келмейді, кезінде ақылы оқудың ақшасын төлеген, таныстарына айтып жұмысқа тұрғызған, пәтер әперген, астына көлік мінгізген де әкесі болатын.
Түн ортасы. Қос қолымен самайын ұстаған әйел солқылдаған шеке тамырын қолымен уқалай бастады. Бір жұмыс шығып қалды ма, күйеуі келмей жатыр. Бір кезде құлағы шыңылдап қоя бергені. Аздан соң есін жиғандай болды. Немересі Аяланы, келінін ойлады. Келіні дұрыс адам еді, амал не, бағы ашылмады. Оған кінәлі, әрине ұлы…
Өз бөлмесіндегі Асылбек монитордың алдында отыр. Онлайн ойынға шақырған аффилейт жігіттің айтқанын ғана тыңдап, есіл-дерті ойын тәртібін меңгермек…
«… – Асылбек…
– Ау… Тағы сол ойын ба? Сорлы болған балам-ай… – деді сөзін үзіп-үзіп әрең сөйлеген сырқат анасы. – Миың айналып қалды ғой әбден. Не бала-шағаң жоқ, не үйің жоқ, не жұмысың жоқ, кеттің ғой құрдымға… Уф-ф… Асылбе-ек-к… ей…» («Сарымсақ қосылған ұлу еті» хикаяты. 138-бет)
Миы айналған, науқас жігіттің мониторға үңілген түрінде құмарлық билеген есірік көзқарас ғана бар…
«Сарымсақ қосылған ұлу еті» хикаятын жайбарақат отырып оқу мүмкін емес. Нәпсі-сайтан жетегіне ерген, имандылықтан жұрдай Асылбекті аяйсыз, жаныңыз ашиды. Мұндай жігіттер аз ба мына аласапыран дүниеде? Асылбектің осындай күйге түсіп, айдың күннің аманында адасуына кім кінәлі? Өзі ме, ата-анасы ма, қоғам ба?
Жазушы осындай ауыр, салмағы бес батпан сұрақ қойып отыр оқырманға.

* * *
Еліміз тәуелсіздік алған соң шекарамыз айқара ашылды да әртүрлі діндерді насихаттаған миссионерлердің қаптап кеткенін білеміз. Кришнаит, Йегова куәгерлері, Иса мәсіхті Құдайға теңеген «Благодать» аталатын протестант христиандар т.б. толып жатқан діни ұйымдар ағылды дейсіз. Кейіннен 1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң» шықты. Ол заңда Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзі, сондай-ақ басқалармен бірге кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға хұқылы, дінге деген, Құдайға құлшылық жасауға, діни жоралар мен рәсімдерге, дінді оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезінде қандай да бір күштеп мәжбүр етуге жол берілмейді. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкімнің де өз діни сенімдерін себеп етіп азаматтық міндеттерін атқарудан бас тартуға қақысы жоқ» – деп атап көрсетілген. Мұнымен қоса Қасиетті Құран-Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» деген аят бар.
Қазақ сонау орта ғасырлардан бері мұсылман. Имандылықты білу үшін бірінші кезекте білім керек. Қарахандықтар (942-1212 ж.) тұсында бабаларымыз Ислам дінін қабылдады. Ол кезде Мәурен-Нәһір өлкесі мен Дешті Қыпшақ даласында Шафиғи мен Ханафи мектебі қатар түлеп тұрған болатын.
Әлбетте білімдері таяз, имандары әлсіз, жұмыстары жоқ, еліктегіш жастар теріс бағыттағы діни ұйымдар ұсынған азын-аулақ ақша үшін барғаны мәлім. Сөйтіп, көпшілігі сол теріс бағыттағы миссионерлердің ұйымында қалып кетті. Қазіргі кездің өзінде «Секундтар арасындағы шексіздік» әңгімесіндегі Ақылжан сынды жолдан тайып, адасқан жастар қаншама? Қай ата-ана баласын жек көрер? Қай ата-ана баласына теріс тәрбие берер? Оның үстіне Ақылжанның анасы Сәлима ұрпақ тәрбиесіне шама-шарқынша үлес қосып жүрген ұстаз.
Соғыс жүріп жатқан Сирия еліне өз еркімен кеткен ұлының шаһид болғанын естісе де Сәлима сенбейді. Жүрегі қимайды. Көкірегі қарс айырылған, шашы ағарған, бетін әжім айғыздаған ана байғұс баласын өлдіге қимайды, бір күні келіп қалар деп өзін-өзі сендіріп, ұлына бөлме жасақтап, кірсе-шыққысыз етіп қойсам деп ойлады. Солай жасатты да. Сәндеп, жасандырып, ең жайлы, ең жақсы бөлмеге айналдырса баласы тезірек келетіндей көрінді.
14 сәуір Ақылжанның туған күні. Сәлима бір күн бұрын үй ішін жинап, терезелерді жалтырата сүртіп, шкафтардың ішін ретке келтірді. «Ертең Ақылжанның туған күні деді өзіне-өзі күбірлеп. Құлынымның туған күнінде құран оқытсам несі айып оның? Тірі болса тезірек оралар, әйтеуір, бір шарапаты тиер…» («Секундтар арасындағы шексіздік». 157-бет).
Мектепте бірге жұмыс істеген 5-6 мұғалімге «Ақылжанға құран оқытамын» деп ескерткен. Бір көшеде тұратын көршілеріне, Қаным мен Сәрсенгүл апайларға, құран оқып берсін деп Бейсен қартқа барып өтініш жасады.
Шағын ауыл тегіс ұйқыға кетсе де нақ ортадағы еңселі үйдің шамы сөнбей, Сәлима ертеңгі күнге дайындалды. Ертеңінде түскі сағат 12-ден асқанда шақырған адамдарым тезірек келе қойса екен деп ойлады. Бірақ бірде-бірі бас сұқпады. Күнсұлу мен Сәнім де, Қаныш ата мен Сәрсенгүл де Рахима апайдың немересінің шілдеханасына асығып бара жатқандарын естіді және көрді. Бұл жағдай жарым көңіл Сәлимаға ауыр соққы болды. Уайым үстіне уайым жамады.
Құдай-ау! Ұлын күткелі қанша жыл, қанша күн! Сол уақытты секундтармен санаса қанша секунд! Бұл дегеніңіз шексіздік қой!
«Сәлима ұлының үлкейтілген суретін қолына алды. Жарығым-ау, күнім-ау!.. Саған арнап құранды өзім оқимын. Бар болсаң аман жүр деп дұға қылам, жоқ болсаң…» (158-бет).
«Секундтар арасындағы шексіздік» әңгімесі оқырманға осылайша ауыр мұң жүктеп, ойлантып, толғантып аяқталады.
Толқымай, тебіренбей оқымау мүмкін емес!
Бұл – жазушының шеберлігі.
«Пойыздағы мазасыз түн», «Жұмбақ куәгер» әңгімелері де адамдардың не үшін қылмыстық әрекеттерге баратыны жайлы оқиғаларды көз алдыңызға әкеліп, оқырманға сұрапыл сауал қояр туындылар.

* * *
«Зады, көркем шығарма жай ғана жариялау, жарық көру үшін емес, жұрттың назарын аударып, ой-сезімін қозғау үшін жазылады. Дәлірек айтқанда, әдеби шығарма қалың көпшіліктің оқуы үшін жазылады. Бүгінгі оқырманның талабы зор, талғамы биік екені тағы белгілі; ол өзін қызықтырған нәрсені ғана оқиды. Жасық, жадағай дүниелікке көп қызыға қоймайды. Міне, дәл осы арадан келеді де ең қарапайым талап туады: көркем шығарма қайткен күнде де қызық болуға тиіс» – деп толғайды танымал ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов.
Жадыраның тілі шұрайлы, қаламы жүйрік, ұшқыр. Қай шығармасы болмасын оқырманды жетелеп, аяғы не болар екен деп оқи түсесіз. «Бүгінгі проза» сериясымен жарық көрген «Сандық» жинағындағы «Құрылысшы», «Парапсихолог Пәтіргүл», «Сандық», «Йога», «Оңалханның он жеті үйі», «Кісі болған жігіт», «Балгер аралаған әпенділер», «Үйінді астында», «Сүйікті күйеу», «Төртбұрыш адамның бір күні», «Мен кінәлі емеспін» новеллаларында реализм, ирония, сарказм, сағыныш, трагедия, алаяқ, альфонс жігіттің қулық-сұмдығы сияқты түрлі тақырыптар кеңінен қамтылған. Жазушы шығармаларындағы әр кейіпкердің сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі – ақыл-парасаты, ой-арманы, ұғымы, танымы, нанымы, білімі, білігі, мәдениеті түгелімен жан-жақты әрі терең қамтылған.
«Кісі болған жігіт» атты әңгімедегі кейіпкер – маңайындағы жағымпаздар Қартекең деп атайтын Қартабек деген Астанадан келген Мәжіліс депутатының ауданға, одан ауылға барған кездегі өзін-өзі маңызды адам ретінде көрсеткен мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, адамдарды алалап сөйлесуі жеріне жеткізе керемет суреттелген. «Қартекең өңкей аудан зиялысының алдында «Жаңа Қазақстан» құру, «халықтың ел басқаруға қатысты мүмкіндігі» жайында аузынан тастамай жүрген сөздерін оңды-солды айтып, тәуір-ақ көсілді…» деп жазады жазушы. Әңгіме соңында Қартабек пен аудан басшыларының жаңбыр астында қалып, ойқы-шойқы жолда, саз балшықта машиналары батып, қиындық көреді. Тұрып қалған «Джипты» қасындағы жігіттермен бірге артынан итергенде дөңгелек астынан шашыраған балшық оған тіке шашырап, көзәйнегін айғыздап, беті-басын, үстіндегі киімін әбден былғайды. Сол кезде депутаттың былғанған кәстөм-шалбарын қасындағылар бәрі жабылып тазалай бастайды. Ал депутат болса: «мына жақ адам тұратын жер емес қой, не жолы жоқ, не басқасы жоқ. Есі дұрыс адам мынадай шалғай ауылда тұра ма, тіпті есі дұрыс, ақшасы бар адам Қазақстанда қала ма, өзің ойлашы» дейді іштей. Көз алдына былтыр студент ұлына арнап Түркиядан сатып алып қойған келісті үй-жайы – зәулім апартаменті келеді…
«Сен бүгін ерекше әдемісің», «Өткен оқиға», «Әдемі қолшатырлар», «Кімнің ісі?», «Жол үстінде», «Болмай қалған той» детектив әңгімелері мен «Бұл мен ғой, құлмын» хикаятындағы деректер мен оқиғалар сұмдық. Оқырманның төбе шашын тік тұрғызып, жүрек жұтқан қанішер адамдардың жасаған қылықтарына ашу-ызаңыз келеді. Сондай қарау, қаныпезер кісілер де жер басып жүр-ау деп ойлайсыз.
Ж.Шамұратова «Бұл мен ғой, құлмын» деген повесінде өзінің аңқаулығы мен сенгіштігінен, қорғансыздығынан оңбай опық жеп, қателескен Талғат есімді жігіттің образын жарқырата ашқан. Талғаттың құжаттарын тартып алып, өзін ұрып-соғып, қара жұмысқа аямай салған, ҚҰЛША жұмсап, біріне бірі сатқан ҮШ ҚОЖАЙЫННЫҢ қатыгездігін оқып отырғанда жүрегіңіз ауырады. Аққа Алла жақ дегендей ақыр соңында үшінші қожайынның мейірімді әйелі Айжанның көмегімен Талғат шалғайдағы ауылдан қашып шығады. «…Соңғы жылдары бастан кешкен азапты сәттерін ұмытқысы келіп, өзі аңсаған, қиялында тербеген күндеріне қарай асығып, ынтығып, қанат бітіп ұшып келеді. Ол өзінің осынау кедір-бұдырлы жолында өзі дұрыс деп таныған бағытынан адасып кетпеуі керек.
Бір кезде түу алыстан машинаның жарығы көрінді. Үміт жарығы…» (317-бет) деп аяқталады хикаят.
Қазақтың қара сөзінің табиғатын тереңнен таныған, тіл құнарына жастайынан жарыған жазушының сөз сонары өзгеше. Қазіргі кез талантты жазушы Жадыра Шамұратова үшін шалқар шабыттың шаңқай түсі екені даусыз.

Толымбек Әбдірайым




ПІКІР ЖАЗУ