«ОСЫ ЖҰРТ ЕСКЕНДІРДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?»

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен, –
деп басталатын дастанындағы осы жыр жолдары арқылы Хакім Абай кейіннен түркі жұртының, қала берді күллі әлем әдебиетінің тарихында тыңнан түрен салған данышпан ақын, ғұлама ойшыл болып тарихқа енетінін білмеді…
Оның алдында ғана, 1886 жылы, енді ғана қырыққа толған, жігіт ағасы жасына енді ғана жеткен жас Абай алпыстан асқан абыз қариядай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың, ашыған – у, ойың – кермек» деп аталатын мазмұны терең, көлемі ұзақ өлеңдерінің бірін жазыпты.
Қырыққа толған Абайдың өз заманындағы қазақ қоғамын түгел зерттеп, қоғамның ішкі, сыртқы құбылыстарының барлығын жүрегінен өткізіп, әсіресе осы қазақ қоғамын құрап отырған осы қоғамда өмір сүріп, тіршілік кешіп жатқан қазақ деген халықтың мінезіне, болмысына байланысты өзінің түйгенін, түйсінгенінің барлығын жаны шырқырап отырып ақ қағазға түсіріпті.
Әсіресе, қазақтың бойындағы даңқұмарлық пен даңғазалықты, қазақтың билік пен байлыққа көзсіз беріле бастағанын, орыстың арзан, алдамшы шен, шекпеніне құлдық ұрып, бодандыққа бас иіп, ашкөздікпен жарысқа түсе бастаған бас көтерер азаматтардың пұшайман күйін Абайдан артық, Абайдан асырып айтқан ақынды таппайсыз.
Осынау тақырыпқа, яғни адам бойындағы даңқұмарлыққа, ашкөздікке Абай тағы бір туындысын «Ескендір» атты тұтас дастанын арнағанын сөз басында айттық. Шығыс халқының барлығында ғасырлар бойында жасап келе жатқан, бірнеше нұсқалары жасалған осы Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) сюжетіне Абай неге ат басын бұрды. Неге қазақ қоғамынан бір сәт алыс кетіп, әлемдік маңызы бар тақырыпты өз туындысына арқау етті?
Кішкене шегініс жасасақ, Абайға дейін де Шығыстың ең әйгілі шайырлары, ақындары, жыраулары осынау Ескендір Зұлқарнайын тақырыбына барған, өз шығармаларын арнаған. Олардың барлығы түгелдей дерлік Ескендір Зұлқарнайынды әлемді жаулаған ержүрек қолбасшы, данышпан патша бейнесінде суреттейді. Ал Абай болса, араны ашылған, ашкөз, тойымсыз патшаның бейнесіне жалпы Шығыс әдебиетінде, түркі әдебиетінде бірінші болып өзіндік ақындық дүниетаным, философиялық, поэтикалық жаңа көзқарас тұрғысынан қарайды. Тыңнан жол таңдайды…
Абайдың аталған дастаны 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы жарыққа шығарған ақынның тұңғыш өлеңдер жинағында Мүрсеит Бікеұлының қолжазбаларының 1905 және 1907-жылғы нұсқалары негізінде жарияланды. Жалпы, Македония патшасы әлемнің тең жарымын жаулап алған Александр Македонский жайында сандаған тарихи еңбектер және көркем шығармалар, әңгіме, аңыздар бар екенін жоғарыда айттық.
Х-ХI ғасырларда Ескендір туралы аңыздар Еуразия кеңістігінде ғұмыр кешкен көшпенділерге де, соның ішінде түрік халықтарына да кең жайылды. Махмұт Қашғаридың «Түрік сөздігі» атты әйгілі еңбегінде де Ескендірге қатысты сюжеттік оқиғалар арнасы сөз болады.
Ескендір Зұлқарнайынға қатысты көркем шығармалардың ең атақтылары, қалың елге танымал болғандары – азербайжан халқының ұлы ақыны Низами Гәнжауидің «Искандер-наме» атты поэмасы, өзбек халқының әйгілі ақыны Навоидің «Садди Искандири» атты поэзиялық туындысы, парсы, тәжік халқының ұлы ақыны Фердаусидің «Шах-нама» атты әйгілі дастанындағы Александр Македонскийге арналған тараулары.
ХIV-ғасырда жазылған Рабғұзидің «Қиссас-ал-анбия» кітабында да Ескендірге қатысты сюжеттік оқиғалар арнасы сөз болады. Ертегі жанрындағы аңыздар келтірілген. Әсіресе, Шығыс әдеби дәстүріне жаңа өрнек әкелген ғұлама шайыр Низами Гәнжауи өзінен бұрынғы Фирдауси, Санаи секілді ақындардың әдеби мұрасын жалаң жалғастырушы ғана емес, жаңа шығармашылық арнада тереңдеткен, ілгері дамытқан, соны жаңа белеске көтерген айтулы тұлға.
Низами «Ескендірнама» шығармасында ежелгі дәуірлерден сандаған аңыз, жыр, әңгімелердің арқауына айналған патша Ескендір Зұлқарнайын туралы тарихи бай деректерді биік көркемдік деңгейде, аса қуатты поэтикалық құнарлы тілмен бейнелеп жыр жолдарын өмірге әкелді. Бір атап айтарлығы, ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов Абайдың осы «Ескендір» дастанын Низами үлгісіне жақын, рухтас, поэтикалық табиғаты жағынан ұқсас, сабақтас жырлағанын анық, тұжырымдап жазып кеткен. Бір ерекшелігі Абай осынау шығармалардың барлығымен таныс болған. Оқыған, ой елігінен өткізген. Барлығын оқып қана қоймай, сын көзімен қарап, тәрбиелік мақсатта талдап, таразылаған.
Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқиғаларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпикалық шығармалар молынан кездеседі. Поэзиямыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралатынын баса айтқым келеді.
Абай Құнанбаевтың халық басынан өткен белгілі тарихи кезеңдерді және осы кезеңдерде тағдыр кешкен немесе ел өміріндегі ірі-ірі оқиғаларға ұйытқы болған тарихи тұлғалардың өмірінен алынған сюжеттік желілерді арқау етіп отырып терең гуманистік, адамгершілік, азаматтық идеяларды көтеретін туындылары кейінгі қазақ поэзиясына да өзінің игі ықпалын тигізді.
«Ескендір» поэмасы ақындық шегіністен басталады. Ұлы ақын, алдымен, Ескендір патшаның кім екендігін, қандай іс-әрекеттерге барғандығын, өз заманында қандай билік жүргізгендігін шолып айтуды мақсат етеді.
Ізгілік пен қатыгездікті, жақсылық пен жамандықты бірден ажыратып, ақындық позициясын бірден анықтап, айшықтап жеткізген ақын Абай Ескендір патшаға, оның тұлғасына, тарихи орнына деген өз көзқарасын бірден ажыратып алады.
Оқырман да ақын дүниетанымына тән, авторлық мақсатқа сай ақын Абай қандай гуманистік құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді алдыңғы қатарға шығарғысы келгендігін бірден аңғарады. Сондықтан поэманың басталуындағы алғашқы шумақтардың өзімен-ақ Абай өз дүниетанымын, адамзат тарихында орын алған заманауи оқиғаларға қатысты өз бағасын бүркелемей, астарламай, ақ пен қараны бөліп тастағандай етіп оқырманға ашық, тайға таңба басқандай түсінікті әрі поэтикалық аяда шашыратып алмай, түйіндеп, жинақтап жеткізеді.
Ақын және заман, ақындық дүниетаным және тарихи тұлға болмысы категорияларын Абай саналы түрде жіктеп, жіліктеп көрсеткісі келмегенімен, осынау поэма шумақтарының мазмұнынан, поэтикалық астарынан қазақ оқырманы ақын мегзегелі отырған гуманистік, қала берді адамзаттық құндылықтарды жан жүрегімен қабылдайды.
Ең бастысы, ақын дүниетанымындағы рухани құндылықтардың бір адамның, яғни белгілі тарихи тұлғаның өмірбаянына қатысты, сол кезеңдегі өткен тарихи оқиғалар арқылы қалайша жарқырап көрініс табатынына куә боламыз. Поэманың астары қалың сюжетке құрылуы, ішкі динамикасының ширақ, жинақы болып келуі, өте тартымды жатық тілі, ең бастысы, шығарманың көркемдік сапасынан, поэтикалық жүйесінен Абай қолтаңбасының айшықты көрінуі поэманың ең басты құндылығы ретінде бағалануы тиіс.
Ақынның көркемдік қабылдауында Ескендір сияқты тарихи тұлғаның жеке тағдырынан бастау алатын сюжеттік желі өрби келе поэманың көркемдік шешіміне орай айрықша әсерлі, айрықша тартымды, тағылымдық, тәрбиелік маңызға ие болады. Яғни, жеке тұлғаның өмірінен алынған тарихи оқиғалар шоғыры көркемдік дүниетаным, философиялық ой-толғамдар арнасында ақын үшін бүкіл адамзаттық идеяларды көтеруге мол мүмкіндіктер ашқанын көреміз.
Түйіндей айтқанда, адам пенденің табиғатындағы, тегіндегі, болмысындағы болатын кісілік қасиеттерінің ішіндегі адамзатқа жау, адамды жарға жығатын, аздыратын, бір-біріне жау, дұшпан ететін ең бір мерез мінездерді ашық айыптаған, ащы сынаған.
Қай ғасырда болмасын күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыпты, Хакім Абай әлемдік дүниетаным биігінен, парасат биігінен, мәңгі құнын жоймайтын гуманизм биігінен ой толғайды. Бүгінгі күнге дейін құнын, бағасын бір мысқал да төмендетпеген, көркемдік сапасы кемел, теңдессіз, поэтикалық қуаты орасан зор поэзиялық туындыны осылайша өмірге әкелді.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
ф.ғ.д., профессор




ПІКІР ЖАЗУ