АҢЫЗСЫЗ АҚЫН АҚЫН БА?
Жүсіпбек Қорғасбек:
Жыраулар қандай күрделі тіркестер қолданғанына мән берсеңіз, қазіргі ақындардың қалай жайдақтап кеткені көзге бірден көрініп қалады. Жыраулық рухқа тән күрделі болмыс атойлап тұрмағаннан кейін, қандай бас-аяғы бүтін өлең оқысаңыз да шамырқанбайсыз. «Оқырманның да талғамы тайыздап кеткен бе?» десек, «оқырман деген – халық» деп шам шақырудың қажеті шамалы. Шынында да қалың оқырман әдебиеттегі күрделі болмыстарға бойламайтын болды. Қайта-қайта айтып отырған күрделі болмыстың өзімен өзі күреске түскен ішкі қайшылығының өзі неге тұрады?! Оған пендауи қулық-сұмдық қосылса, ақын періште мен сайтанның арасында да тұруы мүмкін. Негізі, ақынның тағдыры – тағдырлардың жиынтығы, ендеше ондай тағдырды арқалап жүрудің азабы да үлкен. Ал жайдақ сөз ондай азаптың ақиқатын ашып бере ала ма – мәселе сонда. Шынында да біз өлеңді не үшін оқимыз, әдемі сөздері мен шебер үйлескен ұйқастары үшін бе, әлде ақынның жас баланың тілінің тәттілігіндей тапқырлығына бола ма? Онда ақындардың атасы Абайдың: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», – дегені қайда қалады? Бірді бірге шендестіре сөйлегенде сөздің арасынан от шыққандай көрінеді екен, өлеңнің де басты шарты сол болса керек.
Иран-Ғайыптан бір өлең оқиық:
«Жалғыздық Құдайға
ғана жарасады» –
Халық даналығы.
Зауал-Індетіңді молайттың –
Қара Жер емеспін ғой,
Құдай!
Шер-Шеменімді зорайттың –
Қатқан Көн емеспін ғой,
Құдай!
Жүрек-Қанымды қарайттың –
Қалаулыңнан кем емеспін ғой,
Құдай!
Соқа Басымды сорайттың –
Мен – Сен емеспін ғой,
Құдай!..
Мұндай сөзді айту үшін қандай үлкен жүрек керек екенін мен білмеймін. Екі шумақ өлеңде Құдай деген сөз төрт рет қайталанады. Өзіміз тырнақшаға алуға да қорқатын «Құдай» деген сөз ақынның басқа шығармаларында да жиі кездеседі. Күрделі сахналық дүниелерінде де солай. Мысалы, «Әкем.Театрда» қойылған «Қорқыттың Көрі» атты драмалық шығармасында ерінбей санасаңыз біразға барып қалады. Арамыздан ондайлар да табылар еді, бірақ қазір театр сыны да, әдеби сын да құрдымға кетті. Әйтпесе төмендегі жолдар сана талқысына түспеуі мүмкін емес: «Біреу «бар» дейді, біреу «жоқ» дейді, біреу «онсыз да қарнымыз тоқ» дейді» («Қорқыттың Көрі»). Осы «Құдай» деген тақырып Иран-Ғайыпқа қайдан келді? Неге осы тақырыпқа көп барып жүр ол? Ол ұлт әдебиетінің шегінен шығып, әлем әдебиетіне қарай меңзеп тұрған нысан сияқты емес пе екен? Бұл сұраққа автор не дейді?
Иран-Ғайып:
Сұрақ сізге ауыр болғандай, маған да ауыр. Тәубеме келіп, сол Құдай ақыры көз жасымды көрді-ау деп отырмын. Өйткені, қазақта Құдайға қатысты бір сөз бар. Оны мен ойлап тапқан жоқпын. «Шыбығыңа шыңғырдым, таяғыңа тоба қылдым» дейді. Тағы, бірде: «Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді» – дейді… Қайғы-қасірет жұмыр басты пенденің бәрінде бар. Сол жеңіл болған сайын Құдайды есіңе алмайсың. Өзіңнің сүрініп кеткенің, жығылып қалғаның, бәрінің себебін басқа жақтан іздейсің. Мысалы үшін, менің жалғыз балам Мұнар 13-14 жасында дүниеден қайтты. Сондай кезде шындап таяқ жейсің…
Жүсіпбек Қорғасбек:
Жалпы біздің әдеби ортада сізге тиісетіндер бар. Олар сіз туралы «ұлының қайғысын көбірек жырлайды» деп айтқанын да, жазғанын да білем. Менің де өзіндік пікірім бар ғой. Сіз әңгіменің бетін неге бұрып келе жатқаныңызды сездім. Меніңше, сол кезде қаза болған жалғыз ұлға арнаған жырларыңыз сол ұлдан гөрі, Құдай деген тақырыпқа бұрылған секілді көрінеді…
Иран-Ғайып:
Менің Құдайға бағыштап айтқан ойларымды түсінбесе, олардың басына түспегендіктен деп ойлаймын. Лайым бастарына түспесін. Қазақта «Сұраулы бала – жылаулы бала» дейді. Әкем төрт әйел алып, 44 жасына дейін бала көрмеген адам. 44 жасына дейін еркек адам перзент көрмесе қалай болғаны? Сол 44 жасында төртінші шешемізден мені көріп, бәйбіше шешеміз мені жерге түсірмей, бауырына алып, сол кісінің омырауын еміп өстім. Туған шешемнің аты Базаргүл, бағып-қағып өсірген шешемнің аты – Айткүл. Төрт жасқа келгеннен бастап тікелей әкемнің қарамағына өттім. Тайға мінгізіп, жетелеп жүрді. Есім кіргелі бері, сөз танығалы бері естігенім үлкен шалдардың әңгімесі. Ал ол кездегі шалдар әңгімені тек Құдайдан бастайтын. «Құдайға шүкір», «Құдайға тәуба», «Құдайдың бергені», «Құдайдың жарылқағаны» деп сөйлейтін. Қазір біз балаларды сүйе саламыз. Ал олар сонау жақтан «Құдай бергенім менің», «Алла Тағаламның Игені» деп айғайлап келе жататын. Осыдан шығар деп ойлаймын. Ал екінші жағынан тағдыр бар. Тағдыр басыңа салған кезде Құдайды шын танисың. Шын танығаннан кейін шын айқайлайсың, шын жылайсың. Оны айта беру маған ауыр тиеді, Жүке.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Кеңес заманында Мәскеуден басқа қайда оқыдық. Біраз ақын-жазушы әдебиет институтында, біразы әдебиет курсында оқыды. Ішінде сіз де барсыз, бүгін осы сұхбатқа келіп отырған Болат Үсенбаев та бар. Бөке, осы жерде сізге бір сұрақ қойғым келіп отыр. Кезінде «лирикалық» мен» деген атаумен бәрін ақтап кететінбіз. Кейде автордың лирикалық мені сол атауға сыймай кетіп жатады. Иранбектің Мұнар деген баласының басындағы қайғылы жағдайдың қоғамға қатыстылығына не айтар едіңіз?
Болат Үсенбаев:
Менің ұғымымда ақынның жыры – өзінің тағдыры. Иранбектің қай өлеңін оқысаңыз да өзінің тағдыры бар. Қоғамдағы өзінің орнын ылғи ашып айтып отырады. Сосын адамның мінезі жырында да болу керек. Поэзияға алғаш келген кезден батыл айтып, еркін сөйлеп, өзін танытты. Поэзиямызда Иранбектің келбеті шындық пен ақиқатты айтудан көрінді. Сол мінезі жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі қалмай келеді. Иранбектің тағдыры бәріміздің көз алдымызда. Ал, баласы Мұнар туралы жырлар шерменде кеткен шеркөкіректің жырлары ғой. Мұндай сәтте адамдар әртүрлі жағдайларға барады. Сондай сәтте Ирағаң жыр жазбаса, көкірегіндегі қыстаған ойларын қағаз бетіне түсірмесе, ол шер, тіпті өмірден алып кетер ме еді деп ойлаймын. Бірақ, ол жәй адам емес, аты белгілі ақын. Әлгіндей жырларында қоғам, өмір туралы өзінің философиясын, тіпті Құдай туралы ойларын да ашып айтып жатса, басқаны білмеймін, Иранбекке жарасады. «Қу шұнақ Құдай» деп зарланып жататындар да бар ғой. Кейде Құдайға қарсы шығатын кездері де болады Иран-Ғайыптың. Ол енді бұл кісінің ақпа-төкпе шабытын, ағыл-тегіл сезімін ұстай алмайтын кездері деп ойлаймын. Мысалы, Мұнар туралы екі жүзден астам өлеңі бар екен. Соның бәрінде де жаны толқып, қопара айтып, өзінің ойын сөздің қуатымен жеткізу, бар болмысымен өлімнен бұрын өмірді көрсету жатыр. Өлеңін оқыған кез келген адам тебіренбей тұра алмайды.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Ақын шығармашылығындағы Құдай тақырыбы туралы ойыңызды ашып айтпадыңыз.
Болат Үсенбаев:
Құдай тақырыбы әдебиет пайда болғалы айтылып келе жатыр…
Жүсіпбек Қорғасбек:
Осы сұхбатқа шақырарда Иран-Ғайыппен пікір бөлістім. Айтылып отырған қайғылы жағдайдың ішінде болдық кезінде. «Иранбектің киноға түсіп жатқан баласы мезгілсіз дүниеден өтіпті» деген хабар бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қазіргі жас ақындар мен жазушылар ешкімді менсінбейді. Ол кезде Иранбек Оразбаев бізге жан дүниесіне екінің бірі батылы жетіп бойлай алмайтындай күрделі тұлға көрінетін. Сондай тұлғаның басында қайғылы жағдайдың болғаны әлдебір тылсым сырға тартып тұрғандай сезіндік. Біздің ойымыздағы сол әсер Иранбектің күйзелісті жырларымен қауыша кетті. Ол, өздеріңіз білесіздер, соцреализмнің үстемдік құрып тұрған шағы болатын. Коллектившіл адамдар жекенің қайғысын түсінгісі келмейтін. Кеңес заманында жекенің қайғысы деген қайғы болмайтын. Иранбек осы тұрғыдан сыналды. Құдай тақырыбы дегенді мен шығарып отырмын ғой, шынына келсек.
Ирақа, алдын-ала тілдескенімізде, «Құдайлық Комедия» деген сөзді айтып қалдыңыз. Біз «Құдіретті Комедия» деп жүрміз осы уақытқа дейін. Дантенің бұл атақты «Құдіретті Комедиясын» кезінде Мұқағали Мақатаев бастап аударған. Енді оны белгілі аудармашы Кенжебай Ахметов аударыпты. Ол жөнінде Маржан Абсалықова деген автор: «Тамұқ», «Бәрзақ», «Жұмақ» атты үш тараудан тұратын, бір қарағанда, ортағасырлық христиандық көзқарастар энциклопедиясы ретінде қабылдануы мүмкін «Құдіретті Комедияда» адамның жер бетіндегі өмірі, қызметі, жан дүниесі суреттеледі. Көне дәуірдегі алуан түрлі образдар, ерте заман ақындары мен философтары да шығармада кеңінен сөз болады», – депті. Біздің айтайын дегеніміз, екі аудармада да, басқа әдеби мақалаларда да «Құдіретті Комедия» деп аталған шығарманың бір бөлігін сіз «Құдайлық Комедия» деп аудардыңыз. Осының мәнін аша түсіңізші. Өйткені, сіздің шығармаларыңызды осы тұрғыдан талдап көрсек, өреміз жете ме екен? Бұны сіздің жеке шығармашылығыңызға емес, жалпы әдебиетімізге қатысты айтылып отыр деп есептейік.
Иран-Ғайып:
Жүке, мен сіздердің сұхбаттарыңызды көремін, көңілім толады. Сіз де қазір пісіп-жетілдіңіз. Сұрағыңызды батыл, қабырғасынан қоя беріңіз. Біз жанымызды қинайық ептеп. Жаңағы Құдай туралы өлеңнің бәрі жан қиналғанда шыққан. Маған сұрақты былай қою керек. «Жалғыз балам деп сонша зарладың, артынан неге өліп кетпедің?» деп… Неғып жүрмін мен? Өлімге дайындалған кездерім де болды…
Жүсіпбек Қорғасбек:
Бір өлеңіңізде «шырайымды сыртыма шығардым» дейсіз, «бөрі арығын білдірместің» кері ғой…
Иран-Ғайып:
Иә. Бірақ, неге аман қалдым мен? Бір идеяны көп халық қолдаған кезде, ол материалдық күшке айналады. Сол сияқты менің қайғымды да түсінді. Қазақтың бір баласының жылап-еңіреп жатқанын, ақынның еңіреп жатқанын көріп, осы күнге дейін «Мұнардың орнына келген Жайын-Шаһың аман ба?» деп сұрап жататыны, Құдайдан тілейтіні мен үшін үлкен бақыт. Інілерім Ұлықбек, Ибрагим, Тынышбай, Жарасқандар, достарым Бақтыгерей… сонау Түркістаннан Темірхан келді. Оның маған не айтқанын білесіз бе? «Сен менің баламды алсаңшы. Менің балам сенің балаң емес пе? Сенің балаң қазақтың баласы емес пе? Саған тіпті көңіл айта алмай отырмын», – деді. Мұнардың басына «Бесік» қойдым. Мені тірі алып қалған қалың орман – қазақ. Ажал туралы айтқанда, тосыннан сақта деп отырады ғой. Өзінің ретімен, жарасымымен келетін өлімдер болса, бір жөн. Өзі бес жарым келі салмақпен туылды. Сатыбалды Нарымбетовтің киносына 13 жасында түсті. Басында түскен жерлерін қалдырды, қиып тастамады, сол киноны көрген сайын Сатыбалдының ұжымына рахметімді айтып отырамын.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Ақын келгеннен кейін өлең оқытпаса әбес көрінеді. Айызымызды қандырып, өзіңіздің күркіреген дауысыңызбен бір-екі өлеңіңізді оқып беріңізші.
Иран-Ғайып:
«Құдіретім деп таныдым,
Құрбандығың болайын.
Сен мың жаса, Жарығым,
Мен-ақ көктей солайын!
Күрсінбе де күрмелме,
Азғырар Ай, арбар Күн,
Сен жер басып жүргенде,
Махаббат – бар, Мен – бармын!
Бола көрме боркемік,
Біз беріштей бекембіз.
Бір бесікте тербеліп,
Жатардаймыз екеуміз.
Жалқылықтан жерініп,
Қам ойламай, қайғы алып,
Тегімізге телініп,
Топыраққа айналып…».
Жүсіпбек Қорғасбек:
Осының бәрі жеке бастың әңгімесі емесі және анық. Адам баласының мәселесі. Сол Мұнарға арналған өлеңдер соңғы шыққан «Хайуандық Комедиясы» атты кітаптың жартысына жуығын құрап отыр екен. Кітаптың ішкі мұқабасында автордың өзінің суреті болса, ал одан кейінгі бетте Мұнар деген баланың суреті тұр. Жоғарыда келтіргенімдей, Иран-Ғайыптың әңгіме арасында айтатын сөзі бар. «Дантенің ол шығармасы «Құдіретті комедия» деп дұрыс аударылмаған, аты затына сай емес. Ол «Құдайлық Комедия», – дейді. Бұл тақырыпты сондай деңгейге алып шыққан ақын болып тұр ғой, біздің көзқарасымызда. Бір тақырыпты үңгіп, қазып жазу, соны бір жоғары деңгейіне жеткізу – біздің қазақ әдебиетінде бола бермейді. Қарап отырсаңыз, біздің қазақ әдебиетіндегі авторлар жарты жолға келгенде шаршап қалған сияқты көрінеді. Лирикадан бастап, драмалық шығармаларға дейінгі осы Құдайлық тақырыптың үзілмей жүруі неліктен? Автор оны оқырманның көңілінен шығатындай етіп, биік деңгейге жеткізе алды ма?
Иран-Ғайып:
Біреулер «Мәскеу саған не берді?» деп айтады. Мәскеу – Әлемдік Әдебиеттің Бесігі. Мәскеуде оқып жүргенде де талай інімді көрдім. Сөйлейтін сөздері де түзік. Ана жаққа да, мына жаққа да ұрынбайды… Сондықтан елдің бәрі мені түсіне қалды деуден аулақпын. Дантенің кезінде әдебиет Құдайлық деңгейде болды. «Құдайлық Комедия» деп отырғаным сол. Бальзактың кезінде «Адамзаттық Комедияға» келдік. Ар жағын өзіңіз саралай беріңіз. Абай туралы жазғанымда, мені жерден алып, жерге салды. «Әуезовтан кейін Абай туралы жазуға болмайды» деді. Сонда мен «Пайғамбар» деген айқара бет материал жаздым, «Қазақ Әдебиеті» газетіне.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Абайды Пайғамбар деп жазғаныңыз есімде. Содан кейін Иран елшілігінің бір бөлімінен бізге хат келген болатын. «Адамды Пайғамбар деп айтуға болмайды» деген.
Болат Үсенбаев:
Жалпы, нағыз ақындар драмадан бастаған. Ежелгі әдебиеттерді қарасақ, көп классикалық шығармалар драмамен жазылған. Жыраулық, шешендік өнер, сөз тапқыштық қасиет осы Иранбектің драмаларында көп кезедеседі. Сондай-ақ, образды шебер жасайды. Мақсатты түрде драматургияға барып отыр. Күрделі жазатын ақынға өзінің көзқарасын, философиясын сыйғызып айтуға драма керек.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Иран-Ғайыптың өлеңдерінде драматизм көп ұшырасады. Біз білетін Иран-Ғайыптың поэзиясы бір ғана Мұнармен шектелмейді, әрине. Ол жерде махаббат тақырыбы да, күнделікті өмірдің сан қыры да, қоғам да, әлеумет те тұр, тіпті «2030» деген тақырыпты да көрдім. «Сайтанның сөзі», сосын «Періштенің сөзі» деп жақсы алған. «Сайтанның сөзінде» «2030»-ға кілең күмәнмен қарайды, «Періштенің сөзінде» «2030»-ға кілең үмітпен қарайды. Бұл да ақынның тапқырлығы деп есептейміз. Сіз жаңа Иран-Ғайып поэзиясының қалай драмаға ұласып кетіп жатқанын жақсы айттыңыз. Мен білетін Иран-Ғайыптың өлеңдерінің өзінде де драматизм басым. Ақынды драмаға әкелген сол өзінің күрделі шығармашылық табиғаты. Осы тұрғыда сұхбатымыздың бір қайырымын Иран-Ғайыптың өз өлеңімен аяқтағым келіп отыр:
Түйе бойына сенеді,
Есек сойына сенеді.
Түйеден қалыссың,
Есектен алыссың,
Сен неге неңе сенесің,
Иран-Ғайып?!
Сұңқар сияғымен текті,
Тұлпар тұяғымен текті,
Сияғы да жоқ, тұяғы да жоқ,
Тексіз тумасаң нетті,
Иран-Ғайып?!
Арыстан айбатымен алады,
Жолбарыс қайратымен алады,
Келмеске кетті айбатың,
Түбіңе жетті қайратың,
Заман не болып барады,
Иран-Ғайып…
Бұл сұрақтардың жабауын енді Иран-Ғайыптың драмасын талдаған кезде табамыз деп ойлаймын…
ІІ
Жүсіпбек Қорғасбек:
Иран-Ғайыптың «Хайуандық Комедиясы» Шыңғыс хан туралы десек, елең етпейтін оқырман қалмас. Бұл да талай өткелектен өткен дүние болуы керек. Себебі, Кеңес заманында жазылған, бүгін тәуелсіздік заманында сахнаға қойылып жатыр.
Болат Үсенбаев:
Ақынның кез келген өлеңі – монолог. Өзінің жан дүниесі, тағдыры, тарихы. Ал драманы жазу үшін диалогты сәйкестендіру керек. Ол үшін ақынға асқан шеберлік қажет. Өйткені, драмалық шығарманың әрбір сөзі көрерменге әсер етіп отыруы керек. Поэтикалық қуаты жеткілікті болмаса тағы болмайды. Сосын, бәрбір, уақыт қымбат. Айтқысы келген ойды 1,5-2 сағатқа сыйдыру, бүкіл оқиғаны жеткізу үшін үлкен талант пен еңбек қажет. Бір драмамен ғана шектелмейді, келесі драмасына да күш керек. Халықтың алдында бірін-бірі қайталап тұрса, ол да болмайды. Міне, мен бүгінгі Иран-Ғайыпты осындай талаптардың деңгейінен табамын.
Жүсіпбек Қорғасбек:
«Хайуандық Комедиясына» таңдаулы деген драмалық шығармаларыңыз кіріпті. Жалпы қанша драма жаздыңыз?
Иран-Ғайып:
50 шақты…
Жүсіпбек Қорғасбек:
Шыңғыс хан жөніндегі «Хайуандық Комедиясы» деген дүниені әр қоғам, әр заман, әр буын талқыға салып, пікірталасқа түсіруге және әр ұрпақтың көзқарасымен қарауға болады. Оның себебі, Шыңғыс ханға деген көзқарасымыз әр заманда әрқалай болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көзқарасымыз түбегейлі өзгерді. Сізге не қымбат, тарихи шындық па, әдеби ақиқат па? Әдебиет сыншылары осыны көрді ме, білді ме, айтты ма?
Иран-Ғайып:
Көрді, айтты. Мен жалғыз әкемнің қолында емес, жалпы шалдардың қолында тәрбиелендім. Қол астында адамы бар адамдар айбарланып тұрады ғой, кішкене. Әкем ауылда абыройлы адам болды. Сосын оның баласы да сүйкімді көрінді. Сондайда менің екі құлағым тек ертегі мен әңгімеде болатын. Барлық оқиға Сырдың бойында болған. Құмның астында қалған мазар көп. Сол кезде қариялар Шыңғыс хан туралы әңгіме айтып отыратын. Соның бірі миымда қалыпты. Өзімнен кейінгі екі інімді қаталдау ұстап, жыным келсе ұрып жіберетінмін. Сонда әкем басын шайқап: «Мұның дұрыс емес, өзіңнен кейінгі баланы ұруға болмайды. Ақылмен тәрбиелемейсің бе? «Мені таныған адам ақылымен таниды» деп Абай айтқан емес пе? Сен Жошы сияқты қайырымсызсың», – деді. Мен: «Ол Жошы не істеген екен?» – дедім. «Шыңғыс хан балаларының мінезін білу үшін төрт баласын тоқал найзамен найзаластырады екен. Сонда Жошы аямай, аттың үстінен інілерін тоқал найзамен шаншып кете береді екен. Соны көріп, Шыңғыс хан ішін тартады екен. «Мына бала қатыгез ғой. Менің көзім кетсе, мына үшеуін өлтіреді ғой» деп ойлайды. Оның үстіне «сені өлтірейін деп жүр, тұқымы басқа» деген сыпсың сөздерден түйіле-түйіле ішіне жара біткен. Содан кейін Жошыны өлтірген. Жошыны өлтіру деген өзі отырған бұтақты арамен кескенмен тең. Менің көзқарасымда солай. Бұл өзі 1979 жылы Мәскеуде жүргенде басталды. Мен сұхбатымыздың бірінші бөлімінде сол замандағы Мәскеуде оқығанымыздың мәні, маңызы туралы айтқам. Бірақ, ашып айтпадық. Күнделікті оқу кестесінен бөлек, рухани байыту мақсатында бізге кино көрсететін. Бұл жақтағылардың түсіне кірмейтін киноларды көрсететін. Сосын жасырын лекцияларды тыңдайтынбыз. Алғаш тыңдағанда естен танып қалғанбыз. Біз барған уақытта Африка тарап, алды-алдына жеке мемлекет болып кеткен. Олар соны талдап, неге бұлай болғанын, оның табиғи заңдылықтарға, қоғамдық негіздерге байланысты екенін айтып-айтып келіп: «Ендігі болатын нәрсе КСРО-да болады. Одақтас республикалар бас-басына кетеді», – деді. Адамның миына келмейтін жайт. Қазір қарасаңыз, КСРО-ның жұрнағы да жоқ. Бізге аңыз сияқты болып көрінген лекция қазір ақиқат болды. «Бір кездегі гүлденген Шығыс қайда? Бағдат, Мысыр қайда? Жер бетіндегі жәннәттар, ел билеген даналар, ғұламалар, бәрі Шығыстан шыққан жоқ па? Неге осы Шығыс Батысқа қарап, табанын жалап қалды?» деген уайым маза бермейтін. Шығыс пен Шыңғысты ажыратып ала алмайсың, екеуі бір-ақ нәрсе.
Жүсіпбек Қорғасбек:
«Шығыс өлді дегенше, Шыңғыс өлді десеңші» деген өзіңіздің сөзіңіз бар…
Иран-Ғайып:
Жаңағындай лекцияларды тыңдаған сайын әр нәрсенің соңы болатынын білдім. Мұның бәрі неден болды? Бұл Шыңғыс жасаған империяның ыдырауынан болды деген түйсікке келіп, жазуға кірістім. Ал осыны қолдаған үш адамға рахмет айтқым келеді. Бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – Төлен ағамыз, сосын Дулат ағам бар. Осы үшеуі болмаса өтпейтін еді. Бұған жазылған рецензиялардың бәрі теріс рецензия болды.
Жүсіпбек Қорғасбек:
«Хайуандық Комедиясы» жазылған кез дәл қай уақыт сонда?
Иран-Ғайып:
1979 жылдан бастап жаздым, 1985 жылы кітап шықты. Бұл жерде тағы айта кететін бір зарым бар. Біз Мәскеуде социалистік елдерден келген 43 адам оқыдық. Онда поэзия бөлімін басқаратын Александр Петрович Межиров деген кісі болды. Онда Мұқағали да, Жұмекен де оқыды. Жақсы қатынаста болдық. Кейіннен Ұлықбек Есдәулет барып оқыды. Алматыға келгенде маған «жақсы хабармен келдім» деді. «Межиров сенің Шыңғыс хан туралы жазғаныңның жолма-жол аудармасын сұрап жатыр. «Аударамын» деді» дейді. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай. 2 айға жеткізбей, Ұлықбек аудармасын алып келді. 1988 жылы орысшасы шықты, 1991 жылы Тәуелсіздік алған кезде, «Новый Мир» журналының Бас редакторы ауысты да, шығуға тиіс, терілген дүние шашылып қалды… Әйтпесе, мен осы кезде КСРО-ның кезіндегі классиктер құсап шалқайып жүретін едім. Ал 1988 жылы Межировтың мені аударғаны кәдімгідей құбылыс болатын. Бірақ, менің кісікиіктігімнен шығар, ешкім білмейді, сіздер де бірінші рет естіп отырған шығарсыздар.
Жүсіпбек Қорғасбек:
«Хайуандық Комедиясының» қаһармандары – қазір көп айтылып жүргенімен, ол кезде тарихи еңбектерде болмаса, аса көп айтылмаған Шыңғыс хан және оның төрт ұлы, сарайдағы әйелдер, көріпкелдер мен бақсылар, тарихта бар нояндар, абыздар. Жошыға көбірек назар аударасыз, өзіңізге жақын тартасыз. Жаңағы Болат айтқан драманың көпсөзділікті ұнатпайтын ерекшелігін байқадық. Басы артық эпизод, басы артық сөз кездестірмедік. Мүмкін жастықтың қуаты болар, ол кездегі ақындықтың да қуаты басқадай болған шығар, бұл «Хайуандық комедиясы» қайталап оқыған кезде де жақсы әсер қалдырды. Кеңес заманында жазылса да, Шығыс пен Шыңғысқа іш тарту астарлап болса да жақсы айтылады. Кейіпкерлердің кенеттен аңдардың кейпіне еніп кетуі, қайтадан адамдардың қалпына келуі, сол заманның өзі де мифологияға, мистикаға жақын болғаннан кейін жарасып тұр. Әрі мұндай әдіс-тәсілдер шығарманың табиғатын да ашып тұр. Қысқасы, бүгінгі күні де сахнада қойылып, көрермен ағылып барып жатыр десе таң қалмас едік. Бірақ, драмалары жөнінде әңгімелесіп қалғанда, бұл кісі «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын ерекше атады. Осы шығармаға, Бөке, ақындық көзқарасыңызбен қандай баға берер едіңіз?
Болат Үсенбаев:
«Мен ішпеген у бар ма?» драмасының негізгі кейіпкері Абай екенін жұрттың бәрі біледі. Ондағы оқиғаларға бір қарасаң, таңданатын ештеңе жоқтай. Кәдімгі өзіміз білетін Абай. Абайдың өз өлеңдері өз тағдыры болып тіріліп кеткен. Қара сөздерінің өзін өлеңге айналдырған. Қиял көп араласпаған. Әуезовтің «Абай жолында» бар Олжабайдың басындағы оқиғаны алып, ары қарай өрбіткен… Ерекшелігі – Абайды бүгінгі қоғамға әкеліп, бүгінгі көзқараспен көрсету ұтымды табылған шешім. Бүгінгі Қоғам: «Абайсыз» – Қараң… Бұл Абай лирикалық сезімге де, махаббатқа да барады. Билікке барғаны, әке мен баланың тартысы, бәрінде Абай ақылмен жеңеді. Ақырында ажалы келгенде Абай сүйеніш таба алмайды. Балаларының өлімі, әкесінің өлімі – бәрі Абайды құлазытады. Ұлт қайда бара жатыр? Ертеңіміз не болады? Ішкі толғаныс тегеурінді. Мұны көрген адам Абайды жаңа қырынан таниды.
Жүсіпбек Қорғасбек:
Бұл поэзия тілінде жазылған драма болғаннан кейін поэтикалық қуатын айтпасқа болмайды, Бөке. «Хайуандық Комедиясында» Шыңғыс хан өзінің жан досы Жамұханы өлтірерде қандай күйге түседі? Өзі өлімге қимайды, бірақ, өлтіру керек. Өйткені, ол жерде талай дүниенің бәсі тұр. «Ауыртпаңдар жанын, ағызбаңдар қанын» дейді. Осы тіркес шығарманың өн бойында бірнеше жерде қайталанады. Ал, керісінше, қас дұшпандарын, аса жек көретін адамдарын өлтіртерде «ауыртыңдар жанын, ағызыңдар қанын» дейді. Осы қайталау, осы шендестіру Жошының басына келеді ғой. Жошыны өлтіру керек, бірақ қимайды. «Ауыртпаңдар жанын, ағызбаңдар қанын» деген кезде адамның денесі түршігеді. «Хайуандық комедиясы» деп айтылуы осындай сипаттарынан ғой деп ойлаймын. Жаңағы «Мен ішпеген у бар ма?» драмасында Олжабайды кеңірдегіне дейін, басын шығарып көміп тастайды. Осы жері өте шебер алынған. Оны мына өлең жолдары толықтырып тұр: «Аяғы жоқ, қолы жоқ, Басы бар адам көрдің бе?», – дейді. Ал, керісінше, Оразбайларды айтқан кезде: «Аяғы бар, қолы бар, басы жоқ надан көрдің ба?» дейді. Поэтикалық қуаты деп осыны айтсақ болады. Детальды шебер пайдаланған. Олжабайды қазып алып жатқанда, әрине, әуелі иығы ашылады. Содан кейін қолы ашылады, одан кейін денесі, беліне дейін ашылады, соңында аяғы ашылады. Әр ашылған сайын әрқайсысына арналған өлең бар. Адамның дене мүшесі қандай рөл атқарады, осының барлығы шендестіре көрсетілген. Меніңше, «Мен ішпеген у бар ма?» драмалық шығармасын поэма деп алуға да болатын сияқты. Мұны шығарманың стиліне және шығарманың құрылымна қарап айтып отырмын. Өлеңдерді талдаған кезде көбіне құрылымына мән бермейміз. Бұл жерде қат-қабат ойлар мен сезімдерді сан-саққа жүгіртіп отырады. Шығармамен қабысып тұрған, бірақ жеке алып оқуға да болатын мықты өлеңдер жүр. Осы тұрғыдан келгенде, басқа драмаларынан гөрі, «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын іш тартып айтқанын өз басымыз қабылдай алдық. Көпшілік сахнадан гөрі ақынның өзінің ішкі дүниесіне жақын. Жалпы, Иран-Ғайып шығармаларының қай-қайсысын алсаңыз да бұлардың бәрі кейіпкерлері басқа болғанымен, тақырыбы бір сияқты көрінеді. Бізің сұхбатымыздың бірінші жартысында айтылған Құдай тақырыбы осы жерде де жүр. Құдай, пенде, билік тақырыбы Абайдың данышпандық ойларымен беріледі. Мұны күнделікті қолданыстағы тілмен айтып жеткізу қиын, өйткені, мұның өзінің тілі бар. Ақын оны биік деңгейде жазып шыққан. Сосын шығарманың поэтикалық қуатын жетер биігіне жеткізіп жазған деп анықтап айтсақ, әділ болар еді.
Иран-Ғайып:
Құнанбай туралы дұрысын айту керек болды. Құнанбай деген ең алдымен Ел, одан кейін Ер… Ереймен дегендей…
Болат Үсенбаев:
Абайдың толғанысы арқылы біз Құнанбайды да көреміз. Әке мен баланың бетпе-бет келіп қалатын тұсы бар. Құнанбай Абайды жаманшылыққа қимайды. Жақсылыққа қарай тартқысы келеді. Сондай-ақ, Құнанбай туралы айтылмай жүрген ойлар айтылады. Ауыз әдебиетінің бай қорын пайдаланған. Мысалы, Абайдың сөзі, өзіне-өзі:
Жыра сай болсам дейді,
Тұнық лай болсам дейді,
Кедей бай болсам дейді,
Бай Құнанбай болсам дейді,
Құнанбай Құдай болсам дейді,
Құдайдан да былай болсам дейді.
Қақ суындай таяз санамыз,
Қайтсек кісі боламыз?
Абайдың өкініші. Оқиға аяқталып, шығарма бітетін кезде Құнанбай елес боп, көз алдыңда тұрады. Сонда Құнанбайдың аузымен айтылатын мынандай толғаныстары бар:
Жоқ қуаныш, жоқ жұбаныш, жоқ қайғы,
Шын айтпайды, өтірік те айтпайды,
Уланбайды ешкім мұң мен зарыңа,
Иланады иманыңа, арыңа.
Адалмысың?
Төрден орын аласың,
Харамбысың?
Есік бағып қаласың…
Көрге шақырып тұр. Ақынның жүрегі қаншалықты үлкен болса, соншалықты толымды шығарма береді…
Иран-Ғайып:
Жүке, еңбегім жанбай, артыма алаңдаумен кетіп барам ба деп жүр едім. Шындығымды айтып отырмын, сеніңіз маған. Сіздің «Кітапханаңыз» арқылы мен бақытты жанға айналып отырмын. Өйткені, істеген жұмысымды көріп, азды-кемді бағасын беріп жатырсыздар… Сіздерге бір сый әкеліп едім. Осыдан он жыл бұрын 13 томдық кітабым шыққан. Бірақ, сол 13 том туралы бір адам 13 ауыз сөз айтқан емес. Сіздердің талдап отырғандарыңыз, сол бір ауыз сөз айтылмаған 13 томның қайталанып шығып жатқан бір томдығы ғана. Енді қалған 12 томын сіздерге аманаттап, кететін жағыма армансыз кете берейін…
Жүсіпбек Қорғасбек:
Рахмет! Өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда: «Дантесі бар, дуэлі жоқ» қоғамда өмір сүріп жатқан ақынсыз. Бұл да сізге жарасады. Мінекей, біздің екі бөлімге созылған сұхбатымыз жақсы рәуіште аяқталып отыр. Жалпы қазақ әдебиеті өзіміздің қоңторғай тіршілігімізбен қалып қоймауға тиіс деп ойлаймын. Біз, сұхбатымызға қатысқан авторларды көтермелеп, мақтап жатсақ, оның да себебі бар. Біздің әдебиетіміз ешбір елдің әдебиетінен кем емес. Тек еш қызғанышсыз көре білейік, көрсете білейік дегіміз келеді.
Сөз түйіні:
Иран-Ғайыптың он үш томдығының бірінші томының біссімілласында тұрған «Құпия ғашық» атты баллада көзіме оттай басылды. Албырт күндерімде мен де «Жылантөбе хикаясы» деген ұзақ әңгіме жазып едім. Қалтқысыз көңілден кестеленіп төгілген бұлтарыс-қалтарыссыз ақ-адал сол әңгіме өзіме әлі ыстық көрінеді. Иран-Ғайыптың «Құпия ғашығын» да бір кезде балалық көңілмен соншама әсерленіп оқығаным және біразға дейін ұмыта алмай жүргенім бірден есіме түсті. Күзеттегі жауынгерді сипаттай келіп: «Қалды бірақ қазықтай қарсы алдында, Қарап тұрған суық түс жатты көрмей», – дейді. Сөйтсе, ол жауынгер жігітке ғашық болып, «Адамзат болып неге жаралмадым» деп «аһ» ұрған жылан екен:
Кенеттен (солдат мұны тұрған аңдап),
Көлеңке көтерілді бұлғалаңдап.
«Аһ!» деді. Талып түсті. Анадайдан,
Жыланды көрді-дағы тұрған арбап.
О, ғажап! Қандай сурет қорқынышты?!
Төңірек сұмдық жұтып, жалқын құсты.
Жігітті есін әлі жия алмаған,
Қара шұбар, тарғыл төс толқын құшты.
Қан құсты кәрлі бұлттар қайғы орасып,
Жазмыштан құтыларсың қайда қашып?!
Сол түні ессіз-түссіз адамзатпен,
Әбжылан жатты біраз аймаласып.
Міне, өлең, оқиғалы өлең, сюжетті өлең! Оқиғаны суреттеймін деп, шұбалтып кетпейді. Бойыңды қарып-қарып түсетін отты жолдар көңіліңді ыстық эмоциясымен алады.
Бет-әлпеті бұзылып, сиқы келмей,
Көз шырымын алмады кірпік ілмей.
Бас жағына тығылып төсегінің,
Ұзақ таңды атырды ол ұйқы көрмей.
Көкірегін кіреуке қара жапты,
Өзі ғана көтерді бар азапты.
Тірі жанға тіл қатпай есіл боздақ,
Сағат сайын суалып бара жатты.
Үш күн өтті. Бейшара нәр татпады,
Дәрменсіз құр әркімге жалтақтады.
Сүйгенінің хаты мен суретіне,
Қайта-қайта үңілді бар тапқаны…
Оқыстан көзі шығып ұясынан,
Төртінші күн кейпінде миы ашыған,
Құлындаған дауысын құраққа атып,
Құлап түсті тағдырдың қиясынан.
Жауынгер жігітке ем қонбай, сөйтіп өмірмен қоштасады. Ақынның оқиғаны шын беріліп жырлағаны, ширатып бір деммен жазып шыққаны байқалады. Баллададан жастықтың қызуы лапылдап бетке ұрып тұр. Бұл баллада енді талай-талай қызғылықты дастандардың басында тұрғандай сезім тарту етеді
Өлең, сен, ерке еліксің далада өрген,
Мен болсам қызықтаған бала мерген.
Адамға ғашық болған әбжыландай,
Не өліп, не өлтіріп ала көрмен!..
Ақынның осыдан кейінгі «Қасқалдақ», «Жарасу», «Қасқыр» атты балладалары да жастықтың қызуы қайтпаған жырлар. Бұл балладаларда да шығыстық үлгідегі миниатюралық көрініске құрылған тәмсілдік сипат бар. Оқырманға өздері үйден таяқтап қуып шыққан иттің кейін иесін ажалдан құтқарып қалғаны сияқты қарапайым да тосын шешімдерімен ұнайды:
Табысты қайта қос бұлғаң,
Толықсып атты таңы ұдай.
Адам мен итті дос қылған,
Таупықсыз тұнжыр Тәңір-ай…
Он үш том өлеңде ақын көз алдыңда өзгереді. «Махаббаттың ақ гүлін алдым бояп, Күнім, сенің қып-қызыл шапағыңа» деп сөзбен сурет салатын албырттығы көңіліңде ақындықтың тұп-тұнық бастауындай мөлдіреп қалып қояды.
Онда – келдің демейді Әбділда ағзам,
Мұнда – кеттің демейді Асқар аға…
Селт ете қалмасқа әддің жоқ. Ақынның өмірі өзгеріске түсейін деп тұрған секілді. Өмірінен өлеңі басқа ақын ақын ба?! Ендеше өлеңі де өзі сияқты аласұрады. Қатарынан қалып қойғысы келмейді. Сол тұста: «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген француздардың сөзі айналымға қатты еніп тұрған кез. Иран-Ғайыптың сөзімен айтқанда:
Кіндіктің шұқырындай Алматыңа,
Көшіп кеп тігіп жатыр Дала отауын…
Сол кездегі ақындардың тағы бір ерекшелігі – «жау шақырғанда» жыраулардан да асып түсетіні еді. Өзін де, өлеңін де қайраққа жанып-жанып алмаса, ақын ақын болмай қалатын секілденеді. Өлең де ақынның өзі сияқты ауырады, қиналады, азаптанады. Кейбір өлеңдерін әдебиет сыншылары емес, арнайы психологтар талдауы керек сияқты.
Жетер, балам, емшекті сорғылама,
Сора, сора сауылып болды мама.
Ембедім деп еркелеп еңкілдеуің –
Тірліктен таяқ жеудің алды ғана…
Бір қарағанда, Құдай таланттан құр алақан қалдырмаған екінің бірі жазатын бейкүнә өлең. Ақын басқа да қаламдастары сияқты сезімге тиіп, көңіліңді алатын осы деңгейде қалып та қоюы мүмкін еді. Ары қарай ерік-жігер мен тәуекелдің жету-жетпеуі екіталай. Иран-Ғайыптың таңдаған жолы Фатимаға арнаған «Поэзия құрбаны» атты өлеңінде айқын көрінді: «Алаң болма, кешір, қош бол, зайыбым, Музаға еріп кетті Иран-Ғайыбың!»…
«Зар заманның ақыны» деген сияқты, ақын бұдан соң шер-шеменнің ақынына айналған. «Қарсыз өттің, Жаңа жыл, Арсыз өткен адамдай», «Ей, орыстың ақыны, ұлты қазақ, Оқи алмай жырыңды жұртың азап!» деген сияқты ащы тіркестер бер жағы. Заманауи, дүниеауи ойлары ішкі драматизмге толы. «Қулық-сұмдыққа» да барады. Кейде өлең өлең сипатын жоғалтып, тасқа қашалған сөздей қысқа қайырылады. Жұрт басқасын ұмытса да: «Маған сыйлық керек емес, Мен сыйлыққа керекпін!» дегенін ұмытпайды. Бірақ бүгінгі өлеңдері мен ойларының бәрі «жылан махаббатын» жазатын бала күндеріндегідей кіршіксіз емес…
Құнанбай туралы жазған адам Құнанбайдың қулық-сұмдығынан бірдеңе үйренбеуі мүмкін бе? Иран-Ғайып үлкен әкемізді жазбай тұрып-ақ, мәселен: «Менің атымнан мақала жаза салыңдаршы», – дейтін. Сонда оның көзқарасынша: өлең – шын, мақала – өтірік!
Сондағы Иран-Ғайып өлеңнің тазалығы үшін күресемін деп, өзі айтпақшы, ағаларының назасына қалды. Біраз үлкен ағалары оны әдебиеттен сызып тастағысы келді. Өзі біреуді шайнап тастағысы келіп жүрген адам оған көне ме? Иран-Ғайып қатардағы ақын дегенді өмірде естіген емеспіз. Алайда «Иран-Ғайыптың кейінгі жазып жүргендері өлең бе?» дегенді де естідік. Осы екі ұғымның ортасында біреу қабылдап, біреу қабылдағысы келмейтін күрделі болмыстың жатқанын әркім іштей мойындайды. Жалпы, шығармашылықтағы күрделілік туралы екі түрлі ұғым бар. Бірі – өзіне түсінікті, өзгеге түсініксіз хал кешу, екіншісі – шынында да ішін алдырмайтын тереңдік. Ондай тереңдікке қазақ поэзиясында Абай ғана жеткен шығар. Иран-Ғайып кейде мұңлық, кейде терең, кейде пенде. Сонысымен де ақын.
Бізге аманат деп тапсырған он үш томдыққа «қолқ» ете қалған ештеңеміз жоқ, бірақ содан бері сөредегі сөз еңсесін түзеп қалғандай әсерде екеніміз рас. Жалқау мінез ағайынға оңай жаттап алатын өлең керек болса, Иран-Ғайыпта ол жоқ, бар қайшылық сонда. «Мен баламды түсінбеймін, балам мені түсінбейді» деп жүрген Иран-Ғайыптың әңгімесі ұлттың, ұрпақтың әңгімесі, әрі-беріден кейін.
Өркениетті әдебиетте шығармашылық адамының бойындағы құбылыстар жақсы бағаланады. Ол дерт пе, әлде дауа ма, сыншылары диагнозын дәп басып қойып береді. Біз түсінікті нәрселерге ғана көңіл аударамыз, тұрмыстық дүниелерге көбірек алданамыз. Өлеңде де есіп сөйлейтіндер ұтып, көсіп сөйлейтіндер ұтылып жатады. Кесек сөйлейтіндер азайып, әдемі сөйлейтіндер көбейіп жатқаны өтірік емес. Иран-Ғайыптың Иран-Ғайып басымен осындай ортаға қалай сыйып, сыйласып жүргені еріксіз қайран қалдырады. Өзін тұлпар санаған адамға тұғыр озғаны қандай ауыр?! Адамды орта тәрбиелейтіні рас болса, Ирақаңды да орта біраз тәрбиелеген сияқты. Соған көніп, көндігіп жүргеніне қарағанда. Бірақ жанартаудай жарылуы мүмкін екені кейінгі жазған қалыпқа сыймайтын өлеңдерінен де көрініп қалады. Күйбең, күйрек сезімнен ада, кесек те кескекті жырлар күркіреп оқуға ғана лайық.
Иран-Ғайып – әдебиетіміздегі күрделі ойлайтын ақын-жазушыларымыздың санатында… Ішіне де, сыртына да сыймай арпалысқан ақын. Ондай мінездер енді Сыр мен Іленің жолбарысындай құрдымға кетіп бара жатыр. Бұл сөзімізге мысал болуға жаңағы айтқан он үш томнан талай өлең табылады. Өлең құдіреті едәуір биікке көтеріп тастаған көңіл кейде киеден қорқатындай. Өзі үшін емес, өлең үшін шыр-пыр болады.
Ирақаңды бір сыйлы азаматтар Алакөлге демалуға шақырыпты. Композитор Бейбіт Оралұлы екеуіне жайлы орынды сайлап та беріпті. Айдын көлге шомылып, рахаттанып отырса, қатарындағы тағы бір демалыс орнынан катер жүзіп шығыпты дейді. «Онда кім отыр?» десе, беделді бір кісілердің аты аталып қалған көрінеді. Ирақаң шарт ашуланып: «Қайығы жоқ демалыс үйіне мен неге келдім?» – деп аяқ астынан кетемге басыпты. Бұл кісәпірлік емес, кісілік! Себебі қазақтың өр намысты ақыны кеудесін ешкімге басқызбауға тиіс! Өзі үшін емес, өлеңнің туы жығылмас үшін ішкі бір түйсікпен солай істеген шығар. Мысалымыз жәй мысал ғой, десе де қазір әдебиетіміздің аспанында күн күркіремейтін болды. Жұбан Молдағалиевтің, Хамит Ерғалиевтің, Фариза Оңғарсынованың текті мінездерінен тебінгі де қалмағандай! Кей-кейде Иран-Ғайыптың күркіреп өлең оқыған дауысын естігенде, сол күндерді де сағынатындаймыз!
Әкем десем –
Кім сенеді?!
Ол – өлген!
Жүрекке ауыр –
Жоқтап сарнау өлеңмен, –
дейді Хамит Ерғалиев туралы.
Қара өлеңнің қордасы,
Ақ өлеңнің ордасы –
Сен өткен соң,
Дүниенің,
Кәні,
Жалған болмасы?! –
дейді Сағи Жиенбаевқа.
Қайғының қосын жеккенше,
Қаламым сынса болмай ма! –
дейді Оралхан Бөкейге.
Қара өлеңнің қару-тілі –
Фариза.
Махамбеттің ару түрі, –
Фариза, –
дейді Фариза апамызға.
Саналының дүрі еді –
Сократтай ірі еді –
Қиянатқа шыдамай,
Қарс айырылды жүрегі, –
дейді Асқар Сүлейменовке.
Осының бәрі әдебиеттің тазалығы жолында айтылып жатқан сөз деп түсіндік. Қорқыт, Абылай, Абай, Жамбыл, Махамбет… Шоқан – бәрін бойынан өткеріп, бір-бір драмалық шығарма арнаған Иран-Ғайып қазақ әдебиетіне бір кісідей еңбек еткен екен. Сондықтан Әмірхан мен Амангелдідей әдебиет сыншысы болмасақ та, осы бір ауыз жылы сөзімізді аяп қалмадық. «Ақын адам еместей» деп өзі айтпақшы, қалам ұстаған қауымды қадірсіздіктен сақтасын деңіз. Иран-Ғайыптың өмірде де, өлеңде де ұстанған ұстанымы осы болса керек!





