КӨРКЕМСӨЗДІҢ ХАС ШЕБЕРІ

Сайын Мұратбеков есімі тіл ұшына оралған сайын көз алдыма қазақ руханиятының тұтас бір дәуірі елестеп, әдебиет дейтін киелі әлемнің босағасын өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары аттаған пырақтай жүйрік, қырандай өткір, сөзі мен ойы алысқа жетіп, тереңді қозғар кіл таңбалы, табанды, білімі мен парасаты мол, қазақ көркемсөзін әлемдік айдынға алып шыққан тұғырлы тұлғалардың шеруі өте бастайды…
Бірінен бірі кем емес, әрқайсысының ұлт өмірінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсіруде өз орны бар, бірі-бірін қайталамайтын кіл қаракөк, кіл алтынжал! Кіл дарындылар!
Әрісі – әлемдік, берісі ұлт тарихына, «жылымық дәуірі» жолын ашып, тұсауын кесіп, «алпысыншы жылғылар» деген айдарлы, айбарлы ұғыммен енген сол берекелі, бедері мықты, айдыны кең, айбынды ұрпақтың қасқа маңдай өкілдерінің бірі де, бірегейі де осы Сайын Мұратбеков еді…
Біздің қатарымыз жаны жұмсақ, жүрегі жомарт, ойы терең, сөзі мәрт Сайын ағамыздың есіміне қанығып өсті.
Жазушының алғашқы «Менің қарындасым», «Райгүл», «Кәментоғай», «Отау үй» секілді оқырман ойы мен қиялын бірден жетектеп ала жөнелетін елуінші-алпысыншы жылдары жазылған әңгімелері әлі күнге жадымда. Бір сөйлемі түгілі, бір сөзін қаға берісте аттап өту мүмкін емес осынау қазақ әңгімесін өлшеусіз биікке көтерген көркем туындыларды жата-жастанып оқыған сәт-сағаттарым бүгін жады төрінде жаңғырып отыр. «Күсе-Күсекең»-дегі алпысыншы жылғы мыңғыртып мал айдап, жылқы жусатып, қой өргізген қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз қағазға түсірген жазушы шеберлігіне таңырқап отырып, өзім туған Аспантауды жағалай жайлаған Қарқара, Шәлкөде, Қарадала өңірлеріндегі төрт түлікті тағдыры санаған ауылдарды ойлағаным есімде… Есімде!.. Қысы-жазы соғыстан олжа боп, аман қалған қу жанын шүперекке түйіп жүріп, мына дауасыз тіршілікке өз тұрғысынан баға беріп, екі дүние арасын пенделік ойлар мен тіршілік күйбеңіне байлағандарға қарап, іштей күйінетін қойшы қарттың бірде аңқау, бірде шыншыл әрекетке бара салатын жомарт мінезіне сүйсінуші едім…
Иә…
Өмір… Қоғам… Дәуір… Адамдар дейтін мына мәңгілік қозғалыстың қара көрігі болған ұғымдарға жиырмасыншы ғасырдағы басынан қайғы мен қасіретті көп өткізген, Жұбан ақынның тілімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» жанын, жүрегін, ойын, санасын шағын әңгіме дейтін жанр үлгісінде өрген жазушы Сайын Мұратбековтің ұлт кеңістігіндегі үлгісін, жолы, жөні бөлек, ешкімге ұқсамайтын көркемдік шеберліктің жемісі деп бағалауымыз керек.
* * *
Алдына келген адамға нұры мен шуағын шашып, күлімсірей қарап, қол ұшын беруге бейіл болып отыратын осы бір аққұба өңді, сұлу бітімді адамды алғаш көрген сәтім есіме түсіп отыр.
Алғашқы таныстық әдебиеттің барын түгендеп, жоғын әңгімеге арқау еткен бір келелі, қызу кездесудің кезінде болды.
1966 жылдың көктемі… Осы күні Өнер Академиясы орналасқан Ескі Үкімет Үйі ол кезде КазГУ-дің Бас ғимараты болатын. Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев, Кеңшілік Мырзабеков, Ризабек Әдуов, Сайлаубек Жұмабеков, Әділбек Тауасаров, Алма Қыраубаева, Алдан Смайылов, Әшірбек Көпішев секілді курстастар қатарымызды бұзбай, «Қан мен тер» роман-трилогиясының авторы, атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен өтетін кездесуге келдік. Екінші қабаттағы Кіші зал (Ғылыми кеңес өтетін зал). Төрде – Әбең (Ә. Нұрпейісов) бастаған бір топ қаламгерлер мен ұстазымыз – Зейнолла Қабдолов. Жиынды, жаңылмасам, Зекең бастап ашып, сөзді Әбеңе берді. Есімде қалғаны – мойылдай қара шашты, көзілдірікті, орта бойлы кісі өзіміз жатпай-тұрмай оқыған «Ымырттың» авторы екені. Дауысы қарлығыңқырап шығатын, асықпай, баппен сөйлейтін кісі екен.
«Кездесудің жай-жапсарын әлгінде ұстаздарың Зейнолла айтты. Әңгіме мен және менің «Қан мен тер» атты романым туралы болмақ көрінеді… Әуелі, осы жиынға қатысып, ой айтып, пікір білдіру үшін менімен бірге келген бір топ талантты інілерім отыр. Соларды таныстырайын. Өңдері мына маңдайына уақыт түрені түсіп, әжім сыза бастаған бізге қарағанда әлдеқайда жас, сұлу, келбетті, өндірдей жастар… Қадамдары – кең, қаламдары – жүйрік! Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін, жұтынып тұрған жаңа буын жастарымыз! Көздегенін жібермейтін мергендер! Мына мен жоғарғы қабатқа аяңдап басып, алқынып көтерілсем, ана отырған Рамазандар бір аттағанда екі баспалдақты қатар бір-ақ аттап, шаршамай, жүгіріп шығады», – деп, әнтек жымиып, сөзін бастады.
– «Таныстырайын. Менің қамшылар жағымда отырған сұлу жігіт әңгімелері оқырманына қиналмай жол тапқан «Отау үйдің» авторы Сайын Мұратбеков. Тұнып тұрған лирикалық-реалистік қазақы баяндаудың шыншыл, сыршыл жаңа үлгісі!» – деп сөзін жалғады.
Сайын ағамыз орнынан қысыла-қымтырыла тұрып, орнына қайта отырды.
– Зейнолла ағамыздың: «Пай-пай! Нұрпейісовтің бүгін сөзге жомарт күні екенін байқадық!» – деп елді бір күлдіріп алғаны есімде…
Сол күнгі кездесуге қатысқандар ішінен менің есімде айырықша қалғандары – Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Ақан Нұрманов, Рамазан Тоқтаров…
Содан бері арада жарты ғасырдан астам уақыт, яғни, алпыс жылдай мерзім өтіпті.
Алпыс жыл ішінде қаншама жиындарға қатыстық… Өзіміз де мінбелерге көтерілдік… Үлкенді-кішілі аудиторияларда сөйленген алуан-алуан сөздердің талай куәсі болдық. Есте қалғандары да, естен шығып кеткендері де жетіп артылады… Уақыт дейтін қатал, қатыгез сарапшының сынынан мүдірмей өткендері ғана ауық-ауық еске оралып, осындай орайлы сәттерде жадыңды жаңғыртады. Әсіресе көңіл дейтін «дискеттің» таза кезінде жазылып қалған студенттік күндер мен жалыны мол жастық шақтағы жазбалар ешқашан естен шықпайды. «Қан мен тер»-ді талдау бағытында өткен осы бір ықыласты кездесу де менің есімде қалған сондай сирек естелік әңгімелердің бірі.
Кездесу қызғылықты өтті…
«Атақтарынан ат үркетін» аға буын мен алпысыншы жылғылардың талантты бір тобы бас қосқан сол күнгі жиын бүгін де, міне, сары даланың алыс көкжиегінен қол бұлғап, сағымдай болып, мені ой мен сағыныштың құшағына қамап отыр… Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, сағымдай болып, «алыстап кеткен құрғыр жылдар» қолыма қалам ұстатып отыр…
Сол күнгі Сайын ағамыз бен Асқар ағамыздың ойлы әңгімелері менің жадымда қалып қойыпты. Асекең: «Әбең бізді қалай алдаса, қалай арбаса, мына жұлындай жастарды да солай арбайды, алдайды әлі! Өйткені Нұрпейісов нағыз суреткер! Нұрпейісов – алысқа шабар қазақы ат қой!» – деп отырғандарды ду күлдірсе, Сайын ағамыз: «Әбең – қаны көп төгілген қазақ даласын өзінің терімен жуып, ел өмірін ұзарту үшін келген үлкен суреткер», – деп аудиторияны риза қылғанын қалай ұмытарсың.
Кездесуден соң Әбдіжәміл Нұрпейісовті жан-жағынан дабырласа қаумалай қоршап бара жатқан қаламдас топтың соңынан үнсіз қарап тұрған бізге Сайын ағаның бұрыла қарағаны, жымиып қолын бұлғағаны есімде.
Күні кеше ғана болғандай…
Сол кездесуден соң, өз басым Сайын Мұратбеков деген жазушының жазғандарын жібермей оқитын болдым. «Жұлдыз» журналынан «Көкорайды» қызығып, бас көтермей оқып шықтым. Тау қойнауында жатқан шағын ауылдың өмірі мен туып-өскен Бақағаш, Шәлкөде, Кеңес ауылдарын еске салғандай болды… Тіпті кейіпкерлерінің жүріс-тұрыстарына дейін екі ауылдың арасын шаңдатып жүретін таныс ұлдар мен сызылған қыздарды еске түсіргендей еді… Әсіресе, жадымда мықтап қалған шығарма – «Басында Үшқараның» атты повесі. Әр сөзіне, әр сөйлеміне дейін аттап кетпей, тиянақтап, шұқшиып отырып оқыған сол шығармадан елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қаймағы бұзылмаған қазақтың өміріне сыналап кірген уақыттың мінезін айнытпай көркем өрген шеберлікке тәнті болған ем.
Араға жылдар салып, туған ауылына жатбауыр бола жаздап оралған жігіттің күні кешегі тұма бастаудай тұнық күндерін еске алуы мен ауыл адамдарын суреттеудегі шынайылыққа, қазақы көркем баяндаулардың төркініндегі өміршең суреттерге сүйсініп отырып, қаламгер шеберлігіне риза болғаным есімде…
Мұның бәрі – өткен ғасырдың қойын-қолтығында қалып бара жатқан жазушы туындыларындағы өмір ақиқаттары. Суреткер қаламының ұшына байланған осынау заман, дәуір, адам хақындағы әр сәт, әр көрініс автор ойы мен көзқарасын айқын аңғартар шеберлік нышанын, даралық сипатын айқын аңғартады…
Осы мақаланы жазып отырып, құлағыма бір кездері бейкүнә қыз болған, ат құлағында ойнап, бұрымы иығына құлап, құлын мүшесі көз тартқан Зейнептің, араға жылдар салып, алты баланың анасы болған бес биенің сабасындай Зейнептің:
«Сұлу қыз, көркем жігіт, бәрі сонда,
Апырмай, неге келдік сол арадан?!» – деген қарлығыңқы дауысы құлағымда тұрды… Талай ұрпақтың бесігін тербетіп, өмірге аттар есігін ашқан Ешкіөлмес пен Үшқара тұрды көз алдымда…
Иә…
Жылдар өтті…
Текке өткен жоқ…
«Алпысыншы жылғылар» дейтін асау жүйріктей ауыздықпен алысып, алға ұмтылған Сайын Мұратбековтің қатарлары қазақтың сөз өнерін өрісі мен өлшемі кең биіктерге алып шықты… Кітап оқитын қалың жұрттың көркем әдебиетке деген ықыласы артып, құлшынысы көбейді. Ұрпақ, ұлт санасында заманды, қоғамды, адамдардың жан әлемін тануға, талдауға деген ынта молайды… Әдебиет пәрмені мықты, рухани қуатты күшке айналды… Жазба журналистикасының қайнары саналатын республикалық ақпарат құралдары мен газет-журналдардың таралымы көбейді. Баспалардың ырғақты жұмысы күшейді.
Міне…
Осындай көркем әдебиеттің абыройы асып, бағы тасып тұрған дәуірде Сайын Мұратбеков қаламынан туған «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Жабайы алма» секілді дәуір суреті мен сол дәуірде өмір сүріп, ғұмыр кешкен қазақ ауылының қуанышы мен қайғысын, қасіреті мен шаттығын тереңнен қопарып жазған іргелі дүниелері, әңгімелері ұлт прозасын байыта түсті…

* * *
Сәкеңмен болған сол студенттік кезеңдегі алғашқы таныстық бірте-бірте қабағы, сөзі, мінезі жарасқан аға мен інінің достық сыйластығына жалғасты. Ол кісі табиғатынан бойына дарыған сымбаты бөлек, сыры тұнық адамгершілік қасиеттеріне көлеңке түсіргенін көрген емеспін. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде де, «Жазушы» баспасының тізгінін ұстаған жылдарында да әдебиетке барынша адал болып, таланттыларға қамқорлық жасап, айналасына қарымы кең, қанатты, дарынды жігіттерді көбірек шоғырландырды. Жазушылар одағында, Орталық Комитетте жүргенде де осы мінезінен айныған емес. Ағаға – ілтипатты, досқа – адал, ініге ізетті болды. Үлкен әдебиеттің жолын кең ашуға ұмтылды. Сол үшін күресті.
Бір қарағанда сабырлы, тіпті салмақты болып көрінетін қабырғалы қаламгердің қайнары терең қалыбы керегінде – сабырлы, қажетінде шорт кетіп, кесіп айтар тура мінезі де бар еді. Достары да, әдебиет дейтін қайыпберен әлем табыстырған інілері – біздер де ағаны сол мінезі үшін сыйлайтынбыз.
Иә…
Бәрі кеше ғана болған сияқты…
Күні кеше ғана Алаш дейтін ұлы жұрттың арман-мұңын арқалап, өздерінің тумысы бөлек талантты шығармаларымен қамал тұрғызғандай, егіліп, төгіліп, ағылып, шабылып жүріп, қазақ көркемсөзінің тұтас бір дәуірін орнатқандардың, орнықтырғандардың бірі ғана емес, бірегейі болған Сайын Мұратбековтің айналасына сәуле-нұрын мол шашқан болмысы туралы арғы дәуірде де, бергі дәуірде де аз айтылып жүрген жоқ.
Мен осыдан біраз бұрын өмірден озған аса көрнекті суреткер-тұлға Әкім Тарази туралы жазған мақаламда екі достың бойынан көзіммен көріп, көңілге түйген адалдық жайлы айтып ем. Бүгін де сол сөзімді қайталағым келіп отыр.
Бір жолы Әкім ағамыз телефон соқты.
– «Нұрлан, сөз бар еді…» – деді.
– «Келіңіз», – дедім.
Келді.
«Сайынның юбилейі келеді. Өзің білесің… Ағаң өліп кетсе де өзі туралы өтініш айтпайды. Қазақтың Чеховы ғой! Нағыз классик! Не ойың бар? Атаққа… Халық жазушысына ұсыну керек!» – деді. Достың дос туралы айтқан адал сөз, жомарт ойына риза болдым. Араға екі-үш күндей уақыт салып, Сайын ағаны шақырдым. «Қыр астында алпыс тұр, Сәке. Мерейтой! Дұрыстап өткізейік. Қаласаңыз, Әуезов театрында… Баяндамашыны белгілейік», – дедім. Ағамыз: «Ойланайық… Ақындар өлең оқып, залды ұстайды. Біз – прозаикпыз. Театр… Қалай болар екен?» – деді. «Атаққа ұсынайық… Халық жазушысына…» – дей бергенімде, ағаның ашаң жүзі қысылып, қызарып кетті. «Нұрлан, шырағым, пейіліңе рахмет! Шын сөзім. Өзің жақсы білетін бес саусаққа сиятын Қалихан, Қабдеш, Рамазан, Сайын, Әкім дейтін бес тапалдың үлкені – Әкім аға бар. Әуелі соны ұсыныңдар… Оның үстіне мен «Жабайы алмадан» соң… Жаза алмай жүрмін… Әкім ағаң өндіртіп жазып жүр. Маған, жоғарғы жақ қиса, қарсы болмаса, «Қайраткерлік те жетеді», – деді.
Бірінің сыртынан бірі бөтен сөзбен ауыз былғамай, бірінің сөзін бірі сөйлеп, бірінің намысын бірі іздеген сөз дейтін ұлы өнердің қос бірдей сәйгүлігіне, тұлпартекті жүйріктеріне іштей сүйсініп ем сонда…
– Қайран ағаларым-ай!
– Бүгін де, міне, сол сәт, сол күндерді есіме алып, сүйініп отырмын!

* * *
Сүйініп отырып, күнделік бетіне түскен мына бір сөздерге көзім тірелді. Күнделіктегі сөз адамзат COVID-19-дан қашып, үйді-үйіне тығылған 2021 жылдың 7 сәуірінде (сәрсенбі күні) жазылыпты.
«Ескі дәптердің бірінен (2004 ж. 20. XII) Сайын Мұратбековтің өмірден озарынан үш жылдай бұрын аузынан естіген «Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында отырмыз» деген екі сөйлемді көшіріп жазыппын… Екі сөйлемнің төркінінде, енді ойлап отырсам, ойы да, сөзі де, жаны да сымбатты суреткердің аурумен алысып жүріп айтқан жан сыры екен ғой… Кім біліпті?!».
Өмірінің соңғы жылдарын марқұм Сайын ағамыз Алматының бас жағындағы Каменское платодағы шағын жер үйді өткізіп еді. Сол күндер есіме түсті.
Ара-тұра Жазушылар одағына келіп, ішін босатып, әңгіме айтатын. Әңгіменің дені өткен өмір. Бала күні… Жастық кешулері… қатары сиреп бара жатқан құрбы-құрдастары жайлы болатын. «Анда-санда Қалихан Ысқақов хабарласады. Үйге кел. Мәриямның жылы-жұмсағынан ауыз тимегелі біраз болды ғой» десем, қарқ-қарқ күліп: «Қаланы тастап, тауға қашып кеткен өзіңсіз ғой…» дейтін еді. Кейінгі жылдары ол да көктем басталар-басталмас атқа қонып, Алтайға тартып кететінді шығарды. Қыста бір-ақ қайтады. Қалаңды жаз бойы көруден қалдық. Әкім ағамыздың жағдайы белгілі. Астанадан шықпайды… Телефонымыз да сиреп барады… Сен осында деген соң, әдейі келдім… Ініміз болсаң да, айтайын… Өмірдің күзін осылай қарсы аламыз деп баяғыда ойладық па? Рамазан кетті. Ақан тіпті ерте кетті. Сәкен ағамыз басын тауға да, тасқа да соғып, Алматы мен Астананың арасында жүр. Көрмеймін. Қабдеш пен Мұхтарды көрмегелі де көп болды… Анда-санда Зейнолла телефондасады. Әбіш хабарласып тұра ма? Билік қолды байлайды ғой…» – деп күрсінген сәттері қаз-қалпы көз алдымда тұр… Кейде, кейде емес-ау, әр келген сайын аға екеуміз Мырзахмет марқұмның (шоферімді айтамын) қара мерседесіне отырып, таудағы үйге тартамыз. Сәкең өзі ішпесе де, дастарханның үстіне Мәрия тәтеміздің қолымен бір шөлмекті қондырады. Сөйтеді де, маған жадырай қарап, жымия да: «Маған дәрігерлер рұқсат бермейді. Сен қалайсың бұған? Асқазаныңды емдеп жүруші едің ғой түнеу жылы?» – дейді. «Мен де ішпеймін… Сол асқазанның рұқсатын ала алмай жүрмін, аға…» – деймін қалжыңына қалжыңмен жауап қатып.
Ағалы-інілі екі адам көз байланып, қас қарая тарасамыз… Сайын ағамыз әңгімені қалай айтса, тыңдауға да сондай ыждаһатты еді…
Бір барғанымда: «Нұрлан, мына көршіміз жерін сатқалы жүр. Сен тауда туып, тауда өскен баласың ғой, байқаймын, жерге жақын екенсің… Жағдайың келсе, сатып алып, үй салсаңшы…» – деді. Мен: «Қаржым жоқ» демедім. Айтуды намыс көрдім. Сезімтал Сәкең әңгіме ағысын басқа жаққа бұрды. «Екеуміз жақсы көрші болар едік, дегенім ғой…» – деді ойланып. Сөйтті де: «Кейде мына аңғарда жалғыз отырып айқай салғым келеді. Өз дауысымның жаңғырығын естігім келеді. Соны айтсам, Мәрия тәтең: «Қойшы, қайдағыны айтпай» деп күлген болады. Шыны осы. Біздің өмір… «Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында» отырған өмір ғой…» деген еді.
Сол екі сөйлемді 2004 жылы желтоқсанның 20-сында дәптерге жазып қойыппын.
«Бір таудың қуысында,
Бір Алланың уысында!..» – деген екі жол мені өткен күндердің қойын-қолтығына тартып алып кетті. Ой мен қиял құшағынан арыла алмай, біраз отырдым… Көз алдыма Сайын ағамыздың сабырлы, салмақты, сұлу кескіні келді…
Сөйткен Сайын ағамыз араға үш жылдай уақыт салып, 2007 жылдың көктемінде… 12 наурызда таудағы үйінде мәңгілік мекеніне аттанды. Аттанарынан үш-төрт күн бұрын хабарластым. Жағдай сұрастым. «Келмей кеттің ғой», – деді. Дауысы алыстан талып жеткендей болды. «Мына Мәрия госприемияны жөндеп жуа да алмадық», – деп мазасызданып жүр… Сен өткен жолы да, «кейін», «кейін» деп едің… Ол «кейініңе» Алла көне бермейді ғой… Фаузия екеуің келіп, тәтелеріңнің қоржынын қақпайсыңдар ма?!» – деп күлген болды. Күлкісі де алыстан, құмығып естілгендей еді. Соңғы көргенімде шынында да Сәкеңнің өңі аса жүдеулеу көрінген. «Біздің тұқымның бәрі осылай. Жетпістің алды-артында етімізді осылай жоғалтамыз» деп еді… Қайран асыл ағамыз-ай! Қиналып отырса да сырбаздығынан жаңылмай, сыр білдірмей отырып, әңгімесін қысқа қайырып: «Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында отырмыз…» деп еді…
Сайын ағамыздың қайтқанын маған Иманғали Тасмағамбетов айтты телефонда: «Нұреке… Естіген жоқсыз ба? Сайын Мұратбеков ағамыздан айырылып қалыппыз», – деді.
– «Қашан?»
– «Хабарды осы әл-әзірде естідім».
– «Иманды болсын!»
– «Сіз қайдасыз?»
– «Жұмыстамын»…
– «Үйіне бірге кіріп шығайық… Он бес-жиырма минуттан соң, Достық пен Әл-Фарабидің қиылысына келіңіз», – деді.
Айтқан уақытта, келісілген жерде кездесіп, Иманғали Нұрғалиұлы екеуміз Сәкеңнің таудағы үйіне келдік. Төрде үн-түнсіз аяғын көсіп жіберіп, ұйықтап кеткендей, әдемі, кербез қалпында жатқан Сәкеңді көрдік. Мәрия тәте жылап отыр. «Уайымдама. Балаларға бас-көз болатын адам керек», – деді. Деді де, үнсіз қалды. «Кете қояды деп ойламаппын…» – деді жасқа булығып.
Қала әкімі көңіл айтты.
Мен тәтемізді сабырға шақырдым. Тірінің қолынан келетіні – жылы сөз айту. Қазақ көркемсөзі шеберлерінің бірі, классик жазушы бізді естіген, естімегені бір Аллаға аян. Иманғали екеуміз бірімізге біріміз қарайлап, үйден шықтық. Иманғалидың тапсырмасымен ақтық ақыреттік міндеттерге кіріскен қала жігіттері өз жұмыстарын бастап кетті.
Араға екі күн салып, Алаштың ұлы қаласы аза тұтып, Сайын ағамызды ақырғы сапарға шығарып салды… Қайтқан күні – 12 наурыз. Жерленген күні – 14 наурыз (2007 жыл). Қаралы жиын Жастар театрында болды. Халық көп жиналды.
Аспан мұңайып, Алатау күрсініп тұрғандай болды.
Өмірден қазақ сөз өнерінің хас шебері өтті!

* * *
Күнделіктегі жазбаларды қайыра оқып отырып, дәл сол күні Сайын Мұратбековті қара жердің құшағына тапсырған 2007 жылдың 14 наурызы күні түнгі сағат 10.30-да жұмыс дәптеріме төмендегідей сөздерді асығыс жазыппын:
«… Сайын ағаны соңғы сапарға шығарып салдық. Түске дейін аспанын қара бұлт тұмшалағандай ауыр күрсінген ұлы қала түс қайта түк болмағандай үзілген тірлігін қайта жалғады… Адамдар өз тіршілігіне кірісті… Өмір жалғасты.
Сайын Мұратбековтің де екінші өмірі – өлмейтін өмірі басталды. Қазақтың әңгіме жанрын қайталанбас жаңа кеңістікке алып шыққан ойы тұңғиық, рухы таза, өрісі кең суреткердің қаламынан туған өткен ғасыр ақиқаттары қазақ әдебиетін байыта түсері даусыз!..».
Көз алдыма Мұратбеков әлемінің үзік-үзік көріністері келді. Үшқараның басын жаңғыртқан Зейнептің өз тағдырын уақыт дейтін қатыгез безбеншінің тағдырымен матастыра байлап, кеудесі қарс айырыла әнге қосқан қарлығыңқы, шерлі дауысы құлағыма жеткендей болды…
Дәуір дауысы…
«Жусанның иісіндегі» аяғын сүйретіп, ауыл балаларының соңынан ілесіп, ұзап бара жатқан Аянның аянышты тағдыры көз алдыма елестеді.
Дәуір тағдыры…
Идеологияшыл ғасырдың ұраншыл айқайына ілесіп кетпей, өткен ғасырды күллі күнгей-көлеңкесімен өз шығармаларына арқау еткен кемел бітімді суреткер кеңістігін ойладым.
Сайын Мұратбековтің аласармас биігін ойладым!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын-драматург,
мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты




ПІКІР ЖАЗУ