Айтбай ТӘСІЛОВ. ҚАРА БҰРЫШ

Айтбай ТӘСІЛОВ

Тышқан бас болып, жолай кезіккен домаланған тәж тажалды да еріте, табалдырықтан аттай салысымен, әскерилердей сап түзей қаздия қалған қос жиырмалы жылдың ерте көктемі. «Аспан асты елінің» зеңгір көгінде, Алматыға қарай екі сағат бойы қалықтаған ұшақтың салонында магистрант Жомарт Жолдыбаев отыр. Әлденеден қаймығатындай… Өңі сынық, көңілі алаң. Дүрілдеген жастық базарындағы жігітке тән емес қалып. Дегенмен, «ебепке-себеп» бар. Жер беті үйреншікті тіршілігінен жаңылып, үрке түшкіріп, үрейлене жөтелуге көшкен. Көріне қиратып, астан-кестенін шығарып жатқан да ешкім жоқ. Дүние бәз баяғыша… Бүтін. Сағыныштай сарғайып таң атады, ғаламға нұрын шашудан қызара шаршап Күн батады. Бар «гәп» көрінбейтін жағында… Көрінбей-ақ көкеңді көрсетіп, ғаламды уысында ұстап тұрған алапат күшті ішкі түйсік сезеді. Оның алдында хан да, қара да қорғансыз. Бас-аяғы екі-үш айдың бедерінде, өзі оқып жүрген алып елдегі өмір ағымын үш ұйықтаса түстеріңе кірместей етіп, шыр айналдыра өзгертіп жібереді деп кім ойлаған?! Кең жаһан тарылып, «тарының қауызына сиып кетті…» деген осы болар. Жағдайды жыға танып, айқындау қиын. Бәрі бұлыңғыр. Қай жаққа көз тастасаң да, барар жол тұйыққа тіреледі. Сонда не болады? Қашан оқуына оралады? Оқу! Оқуды қойшы. Жан қайғы болайын деп тұрған жоқ па?! Технологиясы, экономикасы дамыған, тәртіпке бағынған елдің өзін есін екеу, көзін төртеу ете есеңгіреткен індет, менің еліме қандай қайғы-қасірет алып келе жатыр?.. Нені арқа тұтып, неге табан тіреуге болады? Әрі ойлап, бері ойлап, жауап таба алмады. Белгісіздік белден басып тұр!
Иллюминатор жақтағы креслода мұнтаздай киінген сұңғақ бойлы, сыпайы жүзді сапарласы әлгінде отыра салысымен басын изей амандасуға ғана шамасы жетіп, тез галстугын шешіп, кастюмін сыпырып, креслоны шамалы шалқайта бере артқы кісіден: «Сізге ыңғайсыздық туғызған жоқ па?» – деп сұрай сала демперделі тұмсығын ары қарай қисайтып, бірден ұйқыға кеткен. «Суыт жүрісті, өмірлері ұшып-қонумен өтетін дипмиссияның адамы шығар» деп тон пішті. Ал өзі болса «Жиырма бірінші ғасырда қарыштап қадам басқан қытайдың тіліне алдағы уақытта ағылшындыкіндей сұраныс көбейеді. Осы тілді оқысаң, тасың өрге домалайды…» – дегендердің сөзіне иланып, бакалавриаттан кейін тіл иелерінің жерінде оқуын жалғастырып жүрген. Былтыр жол жүрерінде, сексен тоғыздағы әжесінің алдына тізерлей отыра кетіп, алақанын жайып бата сұрағанында: «Жарығым-ау! Сонау қиянда шүршіт тілін үйренемін деп үш жыл сандалып не азап» деп, онша мақұлдай қоймағанымен, артынша райынан қайтып, ризашылығын білдіріп, батасын берген. Кішкене кезінен кенже ұлының кенжесін «Менікі!» деп бауырына басқан әжесі Жомарттан апта сайын хабар күтетін. Жылдан-жылға шөгіп, көзден нұр тайып, құлағы да естімейтін халге жеткенімен ішкі тиянағын жоғалта қоймаған кейуана немересі жөніндегі бар мағлұматты келінінен алып отырар еді. Бұ жолы келіні: «Балаңыз елге қайтып келе жатыр. Он бесінші наурызда үйде болады, Құдай қаласа…» – деп құлағына жақындай дауыстағанында реңі кіріп: «Әй, монша жағыңдар, «әжем тоқсанға келіп жүнжіп кетіпті» демесін. Мен өзімді ретке келтірейін», – деген. «Қысқы соғымнан қалған Жомартымның сыбағасына… Ана зере қосып өзім айналдырған екі қазыға тиіспеңдер!» – деген нұсқауын күн сайын бірер мәрте қайталауды ұмытпайтынын кеше анасы ватцаппен жеткізген. Өзін тағатсыздана күтіп, есіктен енгендерге елеңдей қарап, әрқайсысынан: «Жомарт әлі келген жоқ па?» – деп қайта-қайта сұраған әжесінің ылғи мұңның табы мұндалап тұратын қоңырқай, момақан жүзі көз алдына елестеп: «Бұйыртса… Ертең әже!» дегісі келді. Осы кезде сапарласы оянып, көзін ашты. Сәл үнсіз жатты да, бұған басын бұрды.
– Інім… Алматыға жақындап қалдық па?
– Жарты жолды артта қалдырған сияқтымыз.
– Екі күн ұйқы көрмеп едім. Осындай «құс ұйқыдан» кейін тез өзіме келіп қаламын… Таныс болайық… Атың кім? – деді.
– Жомарт.
– Жомарт! Жақсы… – деді тік отыруға креслоны қайта қалпына келтіріп жатып.
Бейтаныс адамдар жүздескенде, алғашқы төрт секунд араларында алдағы уақытта қарым-қатынасқа жетелейтін «психологиялық үйлесімділіктің» болар-болмасын анықтайтын шешуші уақыт екен. Жапон ғалымдары солай деп тұжырым жасапты. Сол «үйлесімділік» табыла кетті ме, вирусолог пен магистрант бір-бірін баяғыдан білетіндей ұғысып, тілдері де шешіліп жүре берді.
– Жол болсын, қайдан келесің?
– Гуанчжоу қаласынан. Қытай тілінің магистратурасында оқитын едім. Мына жағдайдан кейін оқуды доғарып, елге қайтып келемін.
– Қайтқаның жөн болған. Арты қандай аласапыранға соғатынын тек Құдай біледі. Гуанчжоудың бұрынғы аты Кантон еді. Біздегі Шымкент сияқты Қытайдың үшінші қаласы. Онда болғанмын. Он төрт миллион халқы бар, – деп сәл іркілгесін: – Атым – Мәлік. Мамандығым – эпидемиолог. Вирусолог десе де болады. Сол жағынан диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанғанмын.
– Іссапарда жүрсіз бе?
– Иә. Жаңа өзің айтқан «мына жағдай» бәріміздің өмірімізге корректировка жасады ғой… Екі ай бұрын сыртқы министрлік маман ретінде кеңесшілікке шақырған. Бұл жақта инфекцияның беталысын бағамдауға, елдің қай жерінде қанша қазақстандық жүргені… Оларды елге қайтару мәселелері сынды тапсырмалармен келгенмін. Солай… інім. Қаншаға келдің?
– Жиырма екіге.
– Менен жиырма бір жас кіші екенсің. Жақсы жас. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға қажыр-қайраттың мол шағы.
– …
– Үйленгенсің бе?
– Реті келмей жүр.
– Неге?.. Қытай қыздарына көз салмадың ба?
– Әжем: «Қазақтың қыздарына қыз жетпейді», – деп отырады.
– Онда әже баласы болдың. Әжең сырға салып қойған қалыңдығың бар шығар?!
– Әзірге жоқ.
– Жарайды… Сені күткен қыз кезіге алмай, өзің іздемей жүрген боларсың.
– Қазір қыз емес, вирус мазалап жүр ініңізді, – деп жымиды. – Вирусолог екеніңізге қуанып отырмын. Жол қысқарсын… Мына жағдайға байланысты сұрақтар қойсам бол ма, аға?
– Жарайды, қоя бер!
– Қалай ойлайсыз, бұл ұзаққа созыла ма?
– Жыға айту қиын… Короновирустардың ғылымға белгілі болғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткенімен мына жаңасына көз тігіп, зерттеп үлгере алмай жатыр. Барар жер, басар тауы әлі белгісіз. Әлекке салуы қаншаға созылатыны, ауырған жандарда иммунитеттің қанша уақытқа сақталатыны әзірге әлемде ешкімге мәлім емес. Жасушаға енген вирустың қанша уақытқа тұрақтайтынын да айту қиын. «Спид» туғызатын вирустай қалып қоюы да мүмкін. Бүгінгі күні бұл вирусты зерттеушілер Сократша: «Мен білемін, ешнәрсе білмейтінімді» деуге бейім. Белгілісі – «қулығы» мол, «кісілігі» бар, «қыңырлығы» да жетіп артылатындығында. Өзін түсінуді, өзімен санасуды талап ететіндей… Мутацияға бейім. Өзгеріп, жаңа штаммы пайда болуда. Тоқтатуға вакцина керек. Не ел тұрғындарының алпыс пайызы ауырып, ұжымдық иммунитетке қол жеткізу керек. Ал оған уақыт керек. Тиімді дәрі жоқта, осындай «керектерсіз» вирус шабуылын тоқтату мүмкін емес. Шамалауымша… Әй, жуық арада… Ең жақын дегенде келер көктемге дейін арқаны кеңге салдыра қоймас.
– Прогнозы қандай?
– Вирустар да – тіршілік иесі. Оңайлықпен жанын бере қоймайды, қарсыласып бағады. Тосқауыл болмаса, толқын-толқын болып жалғаса береді. Бірақ біртіндеп «популяциядан» өту кезінде әлсірейді деген болжам бар. Онан соң қулығы мол дедік. Қулық та «есі» барлықтың белгісі. Есі бар вирус өзі күнелтіп жатқан ағзаны өлтіруге қазіргі кездегідей ұмтыла бермес. Өйткені ол өлсе, өзі де өлетінін ұғынып «агрессиясын» азайтуы мүмкін. Күн сәулесі де әлсіретеді. Тіке түскен «ультрафиолеттен» бір минутқа жетпей жан тапсырады. Бес-он градус аязға да төзімсіз. Осындай-осындай жәйттер оны алғашқы кездегі қатерлілігінен айыруы мүмкін. Уақыт ұтып, онымен кезікпеудің жолын іздестіре тұрған абзал.
– Кезікпеудің жолы қандай?
– Жаңа айттық қой, «кісілігі» бар деп. Өзің барып елпеңдеп ертіп келмесең, өзі өңмеңдеп үйіңе баса-көктеп кірмейді. Мәселен, елге де өзі сандалып келген жоқ қой. Өзіміз барып, аяғын жерге тигізбей алып келдік. Дәл қазір осы ұшақтың ішінде де, бізге ілесіп келе жатпауына ешкім кепілдік бере алмайды. Кезікпеудің басты жолы – жиынды жерге бармау. Үйде тығыла тұру… Отбасымыздың, төңірегіміздегі өзгелердің алдында жауапты екенімізді, айтқан жерден аулақ, сенен жұққан вирустан басқа біреу өмірмен қош айтысса, оның обалын арқалап өмір сүру таусылмас азап болатынын ұғыну… Вот и всё.
– Осының бәрі маған түс сияқты көрінеді… Сенгің келмейді… Бұрын да дәл осындай Жер бетін аяғынан тік тұрғызған індеттер болған ба?
– Жақсы сұрақ қойдың. Болған… XIV ғасырдың ортасында Еуропалықтардың төрттен бірінің өмірін қиған «Қара өлім» атты оба болған. Кейбір елді мекендер мен қалалардың тұрғындары түгелімен жойылып кеткен. Одан кейін де болғанымен көп нәрсе адамзат жадынан жүз жылдан кейін шығып қалады. Тіпті, ондаған миллион адамдар ажал құшқан жаһандық соғыстардың өзі. Ұмытылмай келе жатқан… Жүз жылдан сәл астам уақыт бұрын… Әр түрлі цифрлар айтылады… Бірінде қырық-елу миллион десе, тағы бір дерек көзінде жүз миллионға дейін дейді… Осыншама адамның өмірін жалмаған «испандық грипп» деген үш жылға созылған пандемия болған. H1N1 вирусынан. Орташа есеппен ай сайын бір миллион тұрғындардың бір мыңы өліп отырған. «Үш күнде көрге де үйренеді» дегенді естіген шығарсың. Ал үш жыл бойы вирус салған сойқаннан адамдар «Мементо мори!» қалпына түсіп, ертелі-кеш өлімді ұмытпағасын, оған үйреніп, ет жақындары қайтыс болғанда жылап-сықтап, жоқтаудың орнына: «Атымыз ерттеулі… Бізде сол жаққа жүргелі отырмыз» деп, басқа түскенге мойын сұнып, міз бақпай отыра берген. Егер мемлекет қабылдаған шаралар жеткіліксіз болса, тұрғындар қорғану жағын жете ұғынып ескермесе, өлімге соқтырудан «SARS-CoV-2» инфекциясы «H1N1» вирусынан қалыспайын деп тұр. Онда әлемді өлім елесі шарлайды.
– Қорқытып жібердіңіз…
– Шыны солай. Ахуал қиын. Әйтпесем, анау-мынауды елей қоймайтын, сырын да шаша бермейтін Қытай әлемге жар салып, дабыл қаға қоймайтын еді. Бұл вирус – қатігез. Бірақ адамзаттың қорғаны – ғылым-білімді, ақыл-ойды көңілге медеу тұтамыз. Бір шешімін табар деп. Сол шешімдердің бірі – бүгінгі медицина. Жүз жыл бұрынғыдай емес, дамыған. Өлімге бере-бермес… Тағы не?.. Иә… Соңғы қырық жыл көлемінде айтсақ… вирустарға байланысты ана… Спид… Эбола мен Зика қызбасы… Тағы… Шошқа, құс тұмауы дегендер болды ғой. Бірақ осыншалықты дүрліктірген жоқ. Біздің жақта біреу естісе, біреу естімей де қалғанының шет жағасы өзіңе де аян.
– Құрылысы күрделі ме?
– Күрделі деуге де болады. Сырты ақуызды қабық-капсидпен оралған. Ішінде рибонуклейнді қышқылдың ұзын тізбегі. Капсидтің сырты екі қабатты липидтер дейтін май және майлар тәрізді заттармен қапталған. Ал липидтерден вирустың атын айғақтап «тәж» тәрізді ақуызды «корона» шығып тұратынын теледидардан көріп жүрген шығарсың. Сол ақуызды тәж адамның кілегейлі қабығының, мәселен, бронхылардың ақуызды рецепторларындағы ACE2 деген ферментпен оңай ілінісіп, жасушаға лып етіп еніп кетеді де, ағзада жылдамдата репликациясын бастайды. Көбіне пневмотропты. Тыныс жақтан тиіседі…
– Қауіптілігі неге байланысты деп ойлайсыз?
– Қауіптілігі – тез жұғатындығында, тез тарайтындығында… Жаңа айттық мутацияға бейім деп. Түрі өзгергесін вакцинадан да қайыр болмай қалуы мүмкін. Әсте, қадамы жетпейтін жер қалмайды-ау… Климат та таңдамайды. Қай континентте болса да өсіп-өніп кете береді. Тарауына дамыған техника мен коммуникация да жәрдемдесуде. Қазірдің өзінде әлемнің жүз еліне тарап, бізге де жетіп, алты адамға жұғып үлгеріпті. «Тартпай қоймас негізге» деген. Медтілмен айтқанда геномына тартады. «Бауыры»-«SARS-Cov-1»-мен әрірек «туысы»-«MERS-Cov» вирустарынан қауіптілік берілген. Енді биологиялық қару ретінде, жасанды вирустарға жол ашылып тұр…
– Сонда вирустарды қолдан жасауға бола ма?
– Әрине! Жасанды вирус түгілі, жасанды өмір туғызуға мүмкіндік бар. Оған қазіргі биотехнология мен синтетикалық, биологияның қауқары жетеді.
– Жарайды, аға… Әр жәйтті қазбалап, басыңызды ауыртқан болармын. Көкейге қамалған сұрақтардың жауабына қаныққандаймын. Көп рахмет.
– Ол не дегенің?.. Бас ауыртқан жоқсың. Саған да рахмет. Жақсы журналиспен сұқбаттасқандай болдым. Қойған сұрақтарың қажет-ау деген жерлерге дөп тиіп жатты. Жазуға қалайсың?.. Қытай тілін жақсы меңгерсең, журналистікке сұранып тұрсың. Бұл жағын ойланып қой, інім. Көмек беруге дайынмын. Менімен хабарласамын десең… – деп, костюмінің төс қалтасынан визиткасын тауып, ұсынды. Осы сәтте стюардесса: «Құрметті жолаушылар! Қазақстан аумағында ұшып келеміз Алматыға жақындадық. Төмендеу басталды. Орындарыңызға жайғасып, белдемшелеріңізді тағыңыздар!» – деп, ескерту жасап сыңғырлады.
– Елге де жетіп қалдық…
– Жөн екен, Күн батпай тұрғанда… Үйің Алматыда ма?
– Жоқ, ауылда тұрамын.
– «Үйге жүр» дей алмаймын. Білетін шығарсың, аэропорттан осы ұшақтағыларды түгелімен обсерваторға апаратынын. Екі апта ұстайды. Індет ошағынан келе жатқасын, ауру тарамау үшін, талап солай… – деп, Жомарт үшін тосын жәйтті жеткізді. Мұны білмеген еді. «Әжем сонда он төрт күн бойы жол бағып отыра ма? Үйде-ақ оқшаулана салсам қайтеді?» деген сынды жастарға тән, асығыс, шолақ ойлар басын торлады. Ұшақ қонғанша бір шешімге бекініп те үлгерді. Аэропортта эпикировкалы медқызметкер келіншек маңдай термометриясын жасап: «Отыз алты да бір… Нормально! Өте бер!» деді. Әріректе келгендерді топ-тобымен «үйіріп» полицейлер жүр. Солардың біріне жақындап: «Ішім бүріп тұрғаны» деп еді: «Тез барып-кел!» деп өткізіп жіберді. Әжетханадан шыққасын, елеусіздеу әрі-бері жүрген болды да, ебін тауып таксистер тұрған алаңға жетті. Отыра сала: «Салонға төлеймін… Автостанцияға!» – деді.
Қас қарайып қалғанда елу шақты жолаушысы бар автобуста келе жатты. Демперде өзінде ғана және екі шофердің иегінің астында. Қалғандары елге індет енгенінен хабарсыз сияқты. Мамыражай гуілдесіп келеді. Былай шыға шоферлар да иегінің астындағысын жұлып тастады. «Обсервациядан қашқаным дүрыс болмады-ау…» деген ой Жомарттың басында қайта-қайта қылтиып қояды. Жанына, шамамен елуден асқан ірі кісі қонжиыпты. Мұның отыра бергендегі сәлеміне жауап қатпады. «Өркөкірек, өзімшіл өлерменнің бірі шығарсың» деген тұжырым жасап үлгерді. Жиі жөтеліп, аздап ісіне домбыққан қабақтың астындағы кішкене, ызалы көзімен бұған бірер мәрте тесірейе қарап алды. «Жаратқан мынаған бұжыр-бұжыр қолағаштай мұрынды, жайын ауызды, салпы ерінді, сыпырадай құлақты бере салғанымен көзге келгенде үнемшілдікке көшкен екен-ау…» деп ойлады. Мінез мәдениетінен жұрдай, әй жоқ, шәй жоқ сағыңды сындыруға тырысатын озбыр, дөрекі жандармен талай кезіккен Жомарт сапарласын бірден жаратпады. Терезе жақта отырған ол тағы бір тесірейе қарап алды да:
– Әй, бала!.. Жоғарыда бөтелкеде суым бар. Алып бер! – деп, міндетсіне гүж етті. Тікірейе кетуге сәл-ақ қалып, әжесінің айтатын «бес өсиетінің» бірі – «үлкенді сыйлау» есіне түсіп, үнсіз орнынан көтерілді.
Суын жұтып болғасын: – Бүгін азаннан бері мұрным, тамағым құрғай береді… Кеше Үрімшіде мұздай су ішкен едім… Жөтелім ана пәледен емес пе? Бірақ оны біреулер өтірік дейді… Ешқандай вирус жоқ, қорқытып «шып» салып, құрсаулап тастау үшін дейді… Бұған айтарың бар ма? – деді демігіңкірей сөйлеп.
– Бар жағдайды жоқ деу үшін дәлел керек!
– Адамдар көбейіп, азық-ауқат жетпей бара жатқасын, біразын қырып салу үшін қолдан жасалынған дей ме?..
– Білмедім, ағай.
– Қайда бара жатырсың?
– Үйіме.
– Үйің қайда?
– Жібек жолында.
– А-аа… Әне бір жол бойындағы кішкене ауыл ма? Білемін. Барақ шығарсың? – Жыны келді. – Жоқ, қазақпын, – деді. Тағы біраз сұрақтар қойылды. Жауапты қысқа қайырып, соңында:
– Ағай, айып етпесеңіз, шаршаңқы едім. Демалайын, – деді.
Жауап орнына автобусты басына көтере күркілдей жөтеліп барып: – Қақырық түспей жатыр… Түссе, жөтел кетер еді, – деді. Қанша уақыт өткені белгісіз, мызғып кеткен екен, көршісі түртіп: – Әй, бала! Ыстығым бар сияқты. Шопырдан сұрашы… Аспирин аптечкасында бар ма екен? – деді, қарлығыңқы үнмен. Сұрады. Көмекші шопыр бір түйірін тауып берді. Автобус түнгі қараңғылықты жара аңырап келеді. Әлден уақ болып қалса керек, қарсы келе жатқан көліктер көрінбеді. Анау тағы: – Әй, бала! – деді. – Суым таусылды… шопырдан… – деді жөтеліне тұншыға. Су әкеліп берді. Осы кезде ауылды кесіп өтіп келе жатқан автобус тоқтап, алдыңғы орыннан бір кісі түсті. Жомарт босаған орынға барып, жайғасып, құлағы тыншып, ұйықтап кеткен. Жүргізушінің: «Жібек жолынан түсетін кім бар?» дегенінен оянды. Таң атып қалыпты. Жауын құйып тұр. Кеше автобусқа отырғанында әкесіне СМС-пен хабар жіберген. Келер уағын шамалап анасы екеуі автокөлігімен күтіп тұр екен. Шұрқырай амандасып, рөлге өзі отырып, таң сыз бергеннен есік алдындағы жаппаның астына орындық қойдырып, күтіп отырған әжесіне қарай асықты. Көше бойына көз қиығын салып қояды. Қолшатыр ұстаған, демперделі екі әйел кетіп барады. Вирус мұрыннан кіре қоймас дей ме екен, бірінің мұрны ашық та, аузы жабулы. Ал екіншісінің иегінде ғана ағараңдайды. Анасы: «Сандуғаш пен Күлсара ғой… Мектептегі апайларың», – деді. Әкесі: «Директор: «Демпердені мектеп ішінде де, көшеде де тағасыңдар» десе, завуч: «Тек іште ғана…» деген талап қойған. Бұл келе жатыстары директор кезіге кете ме деген сақтықтары шығар», – деп күлді. Былтыр университетті бітіріп келгенінде «қызыл диплом құтты болсын!» – деп бұлардыкіне улап-шулап жарты ауыл жиналған. Әжесі мен анасы әйелдер жағына бастаңғы беріп, әкесі «жуасын» деген дос-жаранды кафеге апарып, өзі сыныптастарымен түней тау асқан. Қытайдан келгеннен қатер бар деді ме, бұ жолы үйге ешкім келмеді.
Екі қабатты сегіз бөлмелі үйдің астыңғы қабатының үштен бір бөлігін ала жайғасқан, күн жағындағы үлкен бөлмеде Жомарт мектеп бітіргенге дейін әжесімен тұрған. Төсегі әже тілегі бойынша әлі орнында тұр екен. Әжесімен көрісіп, мауқын басқасын, «Менде инфекция болса, үйдегілерге жұғар» деп, демперде таққан күйі екінші қабатқа көтеріліп, түпкі бөлмеге жайғасты. Отбасы мүшелеріне он төрт күнге оқшауланғанын жариялап, бөлмесіне ешкімнің кірмеуін талап етіп, асты да бөлек ішетін болды. Келгеніне сегіз күн өткенде мұрны құрғап, жайсыздық байқады. Тағы екі күннен соң таңғы асын ішіп отырып астың дәмін сезбегенін, анасы пісірген таба нанның иісі жоқтығын аңғарды. Төменге түсіп анасынан алыстау тұрып сұрап еді: «…Бұрқырап тұр ғой», – деді. Үнсіз, бөлмесіне оралды. Күдіктене бастады. Кеш мезгілінде тамағы қырнап, жұтынғанда түйін тұрғандай болды. Түні бойы денесі ауырлап, бұлшық еттері сыздап, ұйықтай алмады. Таңға жуық жөтел қыса бастады. Ыстығы шықты. Жедел жәрдем шақырылып, дәрігер сұрастыра келе «Қытайдан келген» дегенді ести сала, қаладағы инфекциялық ауруханаға алып кетуге шешім қабылдады. Ол жақтан «КВИ» деген хабар жетіп, санэпидқызметкерлер зарарсыздандыру шараларын жүргізуге келіп, үйдің карантинге жабылғанын ескертіп жатты. Кемпір таяғына сүйене дәлізге шығып, өтіп бара жатқан келінін тоқтатып:
– Жомартжанға не болыпты?.. – деді үрпиіп.
– Тұмау.
– Соған бола бәлнисаға алып кетті ме?
– Короновирус! – деді де, көз жасын сығып алып, жоғары қабатқа көтеріліп кетті.
– Не дейді? Қара бұрыш? Ондай да ауру бар ма еді? – деп күмәнданды. – Қара бұрышпен тұмауды емдейтін. Қой етінің сорпасына қара бұрыш салып ішсе, тұмау сап тиылатын. Е, Тәңірім. Өзің сақтай гөр… – деп, күбірлей, бөлмесіне енді. Басы айналып, жүрегі тарсылдай жөнелді. Әзер басып, төсегіне жетіп, сұлық құлады. Сол жатқаннан қайта тұрмады. Кеш түсе келіні келіп, жағдайын байқап, дәрігер щақыртты. Дәрі ішті. Дұға оқып, Құдайға жалынды… Жалбарынды… Әл-дәрмені таусылып, ұйықтап кеткен. Түс көрді. Шашын жайып жіберген, өшпенді жүзді, өңменінен өткізе қараған көзінің қарашығынан от ұшқындаған қара сұр әйел Жомарттың төсегінде отыр. Терезе сыртынан тағы бірі тесіле қарайды. Оның ар жағында көзінен от ұшқындағандардың анталап тұрғанын аңғарды. Кемпірдің зәре-құты қашты. Жүрегі су етіп, денесі түршігіп кетті.
– Кім…сің? – деді тұтыға.
– Қарабұрышпын! – деді, қара сұр әйел кесімді, қатаң үнмен.
– Менде нең бар? – деді имене.
– Шаруам сенде емес, немереңде еді. Үрімшіге ет апарған саудагерге ілесіп келе жатыр едім. Автобуста кезіге кетіп, соңына түскенмін. Ана саудагерге қайта соғып, жанын аламын деп жүргенде немерең адастырып кетті. Енді жоспар өзгерді. Сені әкетемін!
– Жазығым не?
– Жазықтыларға қоса, бұл жолы жазықсыздарды да жазалаймыз. Құрығымыз ұзын. Жаппай бір жайпап өтіп, байқаймыз… Тобаларыңа келмесеңдер, қайта соғамыз… Екі-үш жыл солай болады. Оның үстіне кәрісің. Әр түрлі жас ұлғайтатын әдістерді қолданып, «ол жаққа бармаймын» деп бас шайқап, қолдарыңа ілінгенге жармасып, табандап, сіресіп қалады екенсіңдер… Келдің… мына күнәқарлар көбейіп келе жатқан әлемге. Көрдің-білдің, іштің-жедің, өстің-өндің, ақыры сол жаққа ертелі-кеш баратын болғасын, «Жол мұраты – жету» деп, зымырай жөнелмейсіңдер ме?!
– Жан тәтті! Жасаған бір кеткесін қайта оралмайтынын саралай алардай етіп жаратқасын… Өлімнен қорқып, жарық дүниені мәңгіге қалдырып кеткісі келмейді де…
– Байқаймын, тілің шыға бастады. Біліп қой! Адам адамзат өмір сүруі үшін өледі. Бастапқы байлам елу жас болған. Ал сендер тоқсан, жүзді місе тұтпай, ерлер 114, әйелдер 115 дегенді межелейді екенсіңдер. Қытайда жүргенде естідім: қазір Жер бетіндегі ұзақ жасайтындардың ұзын саны жүз елу миллионға жуықтапты. Осы ғасырдың ортасына таман жарты миллиардқа жетуді жоспарлапсыңдар. Арттағыларға орын беріп, қүштілер мен мықтылар ғана өмір сүруді жалғастыруы көзделген, өздерің шығарып жүрген эволюцияның сұрыптау заңына бағынып, бізді араластырмай-ақ тайып тұруларың керек еді. Мысалы, мына сен.
– Құдай алмаса, қайтемін?
– Енді алады.
– Немеремнің айыбы не?
– Немерең ақылды екен. Айыбы – сол. Бізді Жер бетіне жіберерде, адамзат сияқты ақыл-ойының мүмкіндігінде шек жоқ алып күшті бағындыруға кімнің айла-амалы жетеді деп, елушақты тайпадан тұратын қарабұрыштарды ұзақ іріктеп, ақырғы таңдау бізге түскен. Жоғарыдан жаңа айтқанымдай «жаппай жайпаңдар» деген нұсқау болғанымен, өзіміздің тікелей бастығымыз Көбитбек: «…алдымен қарсыласып бағатын, қашуға жол табатын ақылдыларын көбірек жалмау керек. Сонда адамзат бізге қарсы вакцина жасауға шамасы жетпей, «ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда қалады» деп өзгертті.
– Анауың кім? – деді кемпір терезе жақты нұсқап.
– Күйеуім. Біз көппіз. Жер бетіндегі жеті миллиард бес жүз миллион адамның жағдайын мүшкіл етуге жетерлік етіп жіберілгенбіз.
– Не үшін мүшкіл етесіңдер?
– Сендер есіріп, беттеріңмен кеттіңдер. «Саналы» деп сеніп тапсырылған Жер планетасының тоз-тозын шығарып, түбіне жететін түрлерің бар. Байлықты адамның игілігіне арнаудың орнына, жанталаса жарысып, бір-біріңді қырып-жоюға арналған қару-жарақ жасауға жұмсап жатырсыңдар. Сол желге ұшқан қаражатты ғылымға құйып, бізді келтірмеуге арнасаңдар, біз мұнда болмас едік.
– Біздің ел қырып-жоятын қару-жарақтан бас тартты емес пе?!
– Айттым ғой жаңа… Екі аяқтыларды жаппай жазалаймыз деп. Бұл жолы оннан біріңді аламыз. Дифференцировка кейін… Бағынбай, кекірейе берсеңдер әр жүзіңнен отыз бес-қырқынды осы жолы-ақ о дүниелік етуге шамамыз жетеді. Біз осында келер алдында, ай бойы осы ғаламшардағы екі жүздей үлкенді-кішілі елдердің тұрғындарының ерекшеліктерін оқып-тоқып, дайындалғанбыз. Анау бәрің аяқтарыңды тартатын ең озық ел өз мүдделерін күйттеп, «бірінші кезекте өзімізді жарылқаймыз» деген лозунгімен бәрін бір шыбықпен айдап, «глобализациямен» айналысып келеді. Оны болдырмаймыз. Ең көрікті, өмір сүруге жұмақтай ыңғайлы бөлігі бұйырса да, тиым жоқ, тойынған мына еуропалықтар үйінің астынан су шыққандай әлемді қаңғыра шарлап, дүниені сапырылыстырып жіберді. Енді оларды елінен шығармай, өзінің алақандай ауласындағы үйін аялап, қадіріне жетуге үйретеміз. Гендерлі ессіздік етек алыпты. Трансгендерлер көбейіпті. Еркек пен әйел болып бөлінген әлемге үшінші «Х» жыныстыларды ендіріп, оны заңдастыруға бас қатырып жатыр екенсіңдер. Ересектерге қоса әлі оң-солын танымаған жасөспірімдердің жынысын өзгерту, еркек пен еркек, әйел мен әйел отбасын құру сынды Жаратушының әуел бастан бұйыртқан байламы мен ұйғарымына қарсы шығып, шығандай есіріп кеткені де есте болады. Осыдан жарты ай бұрын, «Қытай қайда, біз қайда… Жетем дегенше шаты айырылар…» деп бізді келеке етіпті. Соны естіген Ирандағы тобымыздың бір бөлігі солай қарай бет алған. Бір аптаның ішінде ойран-асырын шығарып, келекелегіштерді жан сауғалауға көшірді.
– Біз не істеп қойыппыз? Бастапқыдай емес, біртіндеп «азар тегі жанымды алар» деп, өзіне келіп, қатайыңқыраған кемпірдің даусы қатқылдау шықты. Қарабұрыш ит көрген ешкідей үрке қарап:
– Мынаны қара! «Не істеп қойыппыз?» деуін. Жетісіп тұрғандарың шамалы. Ойларың қайда болса, өздерің де сондасыңдар. «Ойы той төңіректеп қалған жұрт» деп оқытқан. Бас ауруларыңның бәрі содан өрбиді екен. Тойда төбе көрсетпегендерді қара тізімге ендіріп, ат құйрығын үзуге дейін барады екенсіңдер, – деп көгереңдекіреді де қайтадан бірсыдырғы баянына көшті. – Шынымды айтсам, ол әдеттерің біздің шаруамызды жеңілдетеді. Сендерді қойдай көгендеудің таптырмас, ұрымтал тұсы… Бес жүз адамнан кем болғанды қорлық санайтын тойларыңа аз күшпен бара қалсақ, жетіп жатыр… Тойдан бір жеті өтпей, топалаң басталады…
– ?..
– «Бөлінгенді бөрі жейді» деп мақалдатып аласыңдар да, «бір-біріңе дәнекер болатын көпірдің орнына, араларыңды бөлетін қабырға соғады» екенсіңдер. Енді қабырға соғып әуре болмай-ақ қойыңдар. Бір-біріңді көруге зар етеміз. Білгеннің тілін алмай, қырсығып қалады екенсіңдер. Басшыларыңның: «Алдын алайық, сақ болайық» дегеніне мұрын шүйіре, жайбасарлықпен қарайтын мінездерің де біз үшін үлкен «плюс». Бір сөзбен айтқанда, есеп-қисап бар. Бәрін тізіп жатпаймын. Не істеп, не қойғандарыңды әрқайсыңның ішің сезеді және көктегі Жаратушы Иеміз біледі. «Адамзаттың ниетін өзгерту…» делінген бізге берілген тапсырмада. Қоршаған табиғатты аялап, бір-біріңе деген шынайы мейірім өрісі кеңейіп, адамзат оның шуағына жылына бастағанда, біз де жұмсарып, 2002 жылы «жіберіліп», 2003 жылы ғайып болған «ағамыз» – «SARS-CoV-1»-дей ешкімге зиянсыз, бар-жоғымыз белгісіз күйге енеміз.
Осы сәтте терезе тықылдатқан тыстағы «тездет» дегендей белгі берді.
– Көп сөйлеп кеттім білем, – деп сұрлана орнынан тұрды. – Айтқанымды істе! Әйтпесе, немереңді іздестіріп, алғашқы ойымды жүзеге асырамын. Қане, тұр! Ер соңымнан! – деп бұйырды. Кемпір Қарабұрыштың соңынан ілесіп, аулаға сыймай кеткен көздерінен от ұшқындағандардың арасымен көшеге шықты. Ауылдың жарығы сөніп қалыпты. Төңірек қап-қараңғы… Қараңғылықты қақ жарып, қарсы алдынан жан-жағына сәуле шаша, түсі суық, көзі қанталаған кісі көрінді. Қанаты бар сияқты… «Әзірейіл Періште болар…» деп ойлады.
* * *
Жомарттың «ПЦР»-тестінен короновирус анықталғасын стационарға жатқызылды. Қажетті сараптамалар алынды. Артынша үсті-бастары түгелдей қорғаныс киімдерімен тұмшаланған екі адам кіріп, төсегінің аяқ жағына тоқтады. Респираторлары мен жарыққа шағылыса жалтыраған қорғаныс көз әйнектерінен бет-жүздері көрінбейтіндердің кім екенін айыру қиын. Алдыңғысының ер адам екенін: «О, жігітім!» дегенде аңғарды. Біраз тергеп, тексерді. Қолындағы сараптамаларға қарап: «Лимфоциттер… Тромбоциттер… Сатурация…» деп респираторлы мұрнының астынан міңгірлей мұның жайын бағамдаған болды. Жанындағы медбике ме, аузынан шыққан тапсырма-тағайындауларын қағазға түсіріп жатты. Бұған қайта бұрылып, шамалы еңкейіп: «Жігітім! Жағдай оншалықты жаман емес. Емдейміз. Стресс бізге емес, вирусқа жәрдемдеседі. Уайымға берілме! Вирус бәрін сезеді. Біздің жүніміз жығыла берген сайын, оныкі тікірейе түседі. Мен осы төңіректе боламын. «Нон-стоп» режимінде. Сегіз сағат тік тұрғаннан кейін де үйіме қайтпаймын. Қажет болсам, мына бас жағыңдағы түймені бас. Адам ауырады, артынан сауығады… – деп барып, резіңке қолғапты оң қолының сұқ саусағын жоғары қарай шошайта, бұл маңызды дегендей: «Сәләби» деп ескертті. «Сәләбиі» француздың «Селявиі», біздіңше, «өмір солай» екенін тіл маманы Жомарт түсінді. Шипагер жүре бере, сәл кідіріп:
– Қытайша қалай?.. – деді.
– Селяви ме? Жы жюшы шынхуо.
– О! жы жюша шынхуо… – деп көңілдене қайталап, шығып кетті. «Ақкөңіл жан екен. Көңілге көп қарайтын аға буын дәрігерлерден-ау…» деп ойлады Жомарт.
Ол күні біршама дұрыс сияқты еді… Келесі күні кеш түсе жағдайы күрт нашарлады. Температурасы қырыққа дейін шоршып, жөтел күшейді. Томография «екі жақты пневмония» деп көрсетті. Дәрі-дәрмектер беріліп, көктамырға сұйық дәрілер құйылып жатты. Түн ортасында ауа жетпей, деміге оянды. Бас жағындағы түймені басуға шамасы жетті. Дәрігердің біреуге: «Кислород… Реанимация…» дегенін еміс-еміс естіді. Өкпеден өтетін қан оттегіге қанықпай, гипоксияға төзімсіз мидың өз қызметін атқаруы қиындап, Жомарттың есі кіресілі-шығасылыға ауысты. Сандырақтады. Елес пайда болды. Ұшақтағы ағай көрініп: «Бекер!.. Бекер!..» – деп бас шайқады. «Не бекер? Ә, менің қашқаным… Дұрыс!..». Автобустағы дәу: «Әй, бала! Үрімшіге ет апарғанмын. Өтпегенін алып қайттым. Сасып кетті… Ала салшы… Тегін», – деп гүжілдеді. «Сасыған етіңді басыма ұрамын ба?!» – деп бұл ашуланады. Бір сәт әлдекімдерден мұны қорғаштаған әжесі: «Жомартымның жазығы жоқ!» деп жан ұшыра айқайлап, әлгілердің алдына тізерлей отыра кетіп: «Тиіспеңдерші!» – деп жалынады. «Әже! Жалынба! Бәрібір аямайды. Тұр орныңнан! Қазір сазайын өзім-ақ беремін!» деп ұмтыла түсетін сияқты. Арпалысты жағдай жалғаса берді. Дерт енді есті жайына қалдырып, жанды жағадан алды. Жан шыдай алмай, шырқырай бірер минутқа кеудеден қашып шығатынды шығарды. Сәл жоғарылап, өзімен тағы үш сырқат жатқан бөлме төбесінен, «өкпе желдеткішіне» қосылып, аузына, мұрнына түтіктер тығылған өзінің бозарып кеткен, қан-сөлсіз денесін көрді. Космонавт тәрізді скафандрлы-ау деп ойлады, үш ақ киімді жан-жағынан қаумалай әрекеттеніп жатыр. Жүрісінен таныды, медбике жүгіріп шығып, жүгіре қайта оралып әлгі үшеуге бірнәрселер әкеліп беріп жүр. «Кеуде мейманы» тәнді аяды. Орнына оралды. Келер түні таң қылаң бере Жомарттың жаны кеудеден тағы шықты. Ұшып, жанында жатқандарды жақыннан барып көріп, дәлізді бойлай бөлмелерге еніп, аурухананы түгел кезіп кетті. Жөтелген, ыңырсыған дауыстар… Медбикелер таңғы тағайындауларды жасап, зыр жүгіріп жүр. Қабағы қатулы, толық әйел медбикеге келіп: «Маған кислород бер!» – деп ызғар шашты. «Бұған дейін алдыңыз… Жаңа тексергенде сатурацияңыз тоқсан тоғыз болды», – деп түсіндіріп жатыр. Біреу агонияға түсті білем, медбике дәлізге жүгіре шығып әріректе жүрген дәрігерді дауыстап шақырды. Әлгінде бұл кеудеден шыға бергенде, тәні: «Бес минутке жетпей орал… Одан кешіксең… Қиямет-қайым күнгі махшар алаңында жолыққанға дейін қош бол», – деп сыбырлап үлгерген. Палатасына оралды. Өзімен қатар жатқан егде кісінің жаны бұған жақындай ұшып келіп: «Мұнда кеш келіп, өткізіп алыппыз… Қан қысымы… Қанты… Болмады!» деп шарасыздық кейіп танытты да, ашық желдеткіштен қараңғылыққа сіңіп, ғайып болды. Артынша екі адам мәйітті арбаға салып алып кетті. Мұның бас жағындағы монитордың қызыл лампасы жанып-өшіп жатқанын байқаған жүрісінен танитын медбике жүгіріп шығып кетіп, көк жолақты ақ киімділерді ерте оралды. Ішінен дәрігерінің даусын таныды. «Жігітім! Бұл қылығыңды қой!» – деп респиратордың астындағы ауыздан шыққан міңгірлі үні құлағына жағымды естілді. «Жассың. Көрер қызығың алда!» деп ентіге сөйлеп, әріптестерімен жан қайтаруды жалғастырып жатты. Сөз әсері ме, әлде ем-домнан ба жан кеудедегі орнына қайта жайғасты. Бірер күн өткесін, оттегіге қаныға бастаған қан миға жетіп, ол қалыпты қызметіне бет бұра бастағанының белгілері біліне бастады. Таныс дауыс: «Дұрыс… Өкпеде оң динамика… Бауыр, бүйрек жақсы…» деп біреуге баяндайтындай. Тағы бірде сол дауыс құлағының түбінен бәсең үнмен: «Жігітім, бері қарадың… Сәләби», – деді. Қанша су аққаны белгісіз, Жомарт көзін ашып, төңірегіне қарады. Таңалакеуім болса керек, терезе сырты қараңғылықта. Егулер жасап жүрген медбикеге көзін аударды. Үстіндегі қорғаныс киімдерінің ыңғайсыздығына қарамай, ісін ептілікпен, тез тындырып жүр. Бұған жақындай бере өзіне қадала қараған жанарға селт еткендей болды да, аузына қапелімде сөз ілінбей, сәл кідірді. Қуанғаны сезіліп: «Ой, жақсы болды…» – деді. «Мен қазір Марат Сериковичке айтып келейін», – деп есікке қарай асықты. «Вот, молодец!» – деп даудырай сөйлеген шипагері көрінді. Келе тамырын ұстай бір сәт тұрды да:
– Жігітім, бірер күнде жалпы палатаға ауысып қаларсың, – дегенді естіртті. Медбикеге емнің қайсысын жалғастырып, қайсысын тоқтату керектігін айтты. Өзінің емдеу әдісі ме, әлде, әдеті ме, әзілге көшті.
– Кеше сенен бір жас кіші қыз түсті. Студент. Болашақ мұғалім. Үлбіреп тұр… үріп ауызға салғандай… – деп резіңке қолғапты оң қолының саусақтарын бір-біріне бүрістірген күйінде респираторлы тұмсығына жақындата сүю ишарасын жасағасын, қайтадан ауаға сермей жазып жіберді. – Аа-а… Бұған не дейсің?.. Таныстырамыз ғой, ә, Дана! – деп медбикеге қоштатты. Сәләби… Жы жюшы шынхуо! Так что, өмір солай… Ауырасың, сауығасың… Давай, тездетіп қызға қырындайтындай халге жет. Будь петушком! – деп, пациентінің бері қарағанына балаша қуанған дәрігер шығуға бұрыла берді. Айтылғандар көңілін демдеді ме, бозарған өңіне аздап қан жүгірген Жомарт әлсіз үнмен:
– Марат Серикович… Неге Данамен таныстырмайсыз? – деп әзілдегенсіді.
– Пожалыста! Таныс емессіңдер ме?! Бір айдай уақыт болды ғой… Әә-ә… Сен танымайды екенсің-ау… Біздің Дананың ақылы атына сай. Жасы он тоғызда. Медучилищені «с отличием» тәмамдаған. Биыл университетке түсіп, дәрігер боламын деген арманы бар…
Осы кезде есіктен басын қылтитқан қорғаныс киіміндегі медқызметкер дәрігерді тысқа шақырды. Бір апта өтті. Жомарттың қимылдағанда байқалатын ентігуі біртіндеп азайып, өзін дұрыс сезіне бастады. Қан құрамы да аздаған лимфопенияны ескермегенде, қалпына келуде екен. Иіс сезбейтінін дәрігеріне айтқанда: «Мұрын қуысы мен кеңсіріктегі иіс талдайтын эпителийдің рецепторлары қабынып, иіске жауап беретін одаранттар молекуласы азайып кеткен. Кейін жайына келіп, ұмытып кетесің», – деп жұбатып, ми жақтағы болатын өзгерістерді ауызға алмады. Дәрігерлер консилиумы Жомарттың әлі де ауруханада жата тұруын шешіпті. Палатасынан шығып, дәлізде ары-бері қыдырыстап жүргенінде, автобустың екінші шоферін кезіктірді.
– Өліп қала жаздадым… Жаман екен. Барып-қайттым… Автобустағылардың көбі ауырыпты. Санэпидемстанция соңымызға шырақ алып түсті. Ана жөтелген кісіде вирус бар екен ғой… Қайдан білейік. «Вирус жоқ, бәрі далбаса» дегенді естігесін ашық-шашық жүре беріппіз… – деп ағынан жарылғанға, автобус есіне түскен сайын өзін кінәлай жөнелетін Жомарт:
– Сауығып кетіңіз, – деді де, ары қарай тілдесуге зауқы болмай, бөлмесіне еніп кетті.
Аурухана ішінде өмір мен өлім арбасып жатқанда, тыста гүлімен құлпыра жайнаған көктем қайғы-қасіретті молынан әкелген індетті елемей, жылына бір соғатын табиғат жастығының жырын жырлап қалуға тырысқандай, көркейе түскенін Жомарт терезеден байқап қояды. Айды сүйіп, күнді қалайтын, сонау көк аспандағы ақша бұлттардың үстінен қалқатай қол бұлғайтындай әсерге берілетін жастық шақта, ажал аузына барып қайтқаныңа аз уақыт өтсе де, махаббат отына шарпылмау мүмкін емес екен. Дана ойына орала берді. Бүгін жұмысқа шықпады. Орнын алмастырған медбикеден сұрап еді, «білмеймін» деген. Дәрігері де көрінбеді. Кеше жақын келіп, білегінен сұйық дәрі құюға кіріскенде, көз әйнектің аржағынан күлімсірей қараған көзі мен қабағын әжесінікіне ұқсатқан.
– Көзәйнегіңіз бен респираторыңызды бес секундқа ала тұрсаңыз бола ма?
– Жоқ, болмайды. Біз «қызыл аймақтамыз».
– Қай жерде болады?
– Дәліздің оң жақ соңында, бірінші «блокпостан» шығатын жерде «қызыл жолақ» бітеді. Кешкі бесте мен кезекшілікті тапсырамын. Сол жерде болсаңыз «блокпост» жанындағы терезенің ар жағынан көрінемін. Бірақ сөйлесе алмаспыз, дауыс естілмейді.
Айтқан уағында барды. Терезенің ар жағында екі қыз тұр екен. Дананы көзі мен қабағынан таныды. Жанындағы құрбысы болса керек, бұл жөнінде бірнәрсе білетіндей сынай қарап қалыпты. Бұл Данадан көзін алмай, таңғала қарайды. О, тоба! Осындай да ұқсастық болады екен-ау. Тура әжесінің көзі мен қабағы… Тек әжімсіз, мұңның табы жоқ. Әжесінің аузынан жиі естіген: «Аттылы аттан түсіп, жаяу жатып қарайтындай» керім екен… «Қара торының әдемісі!». Жомарт оң қолын жүрегінің үстіне қойып, басын сәл иіп ризашылық нышанын жасады. Ар жағынан бас медбике ме, бір әйел шығып еді, Дана ықыласты жүзбен оң қолын асығыс көтере бұлғағасын, ығысып, екеуі де көрінбей кеткен. Келесі күні Марат Серикович көңілсіз хабар жеткізді.
– Дана ауырып қалыпты. Таңға жуық шақыртқан жедел жәрдем, басқа ауруханаға алып кетіпті. Барып келдім. Ковид. Мұны Дана саған: «Сәлем айтыңызшы!» – дегесін айтып отырмын. Әкесі курстасым еді. Екі жыл бұрын қайтыс болды. Осы жерге жұмысқа келгенінде анасы: «Көз қырыңды сала жүрші», – деген. Айналайын-ай! Мазаламайын деп маған хабар бермепті. Күтеміз. Өмір солай болып тұр… Еш болжауға келмейді! – деп, жайсыз жағдайды жайып тастады. – Бас дәрігерге жолығып, осында ауыстыру мәселесін айтып көремін, – деп, ойласқандай сыңай танытты.
Ертесіне үш күн бұрын Данамен терезе сыртынан көрінген құрбысы келіп, өзін таныстырып, осында медбикелікте екенін, Дана Марат Сериковичтің көмегімен осы ауруханаға ауыстырылғанын айтты.
– Мен сырлас болғандықтан сіздің Дананың қиялындағы жігіт екеніңізді білетін едім. Ауыр халде жатқаныңызда, қолынан келгенінің бәрін жасап, тілеуіңізді тілеп, жанұшырып жүрді. Екі рет жүрегіңіз тоқтағанда жаныңызда болып, дер кезінде дәрігерлерді шақырған да Дана еді. Енді өзі хал үстінде, реанимацияда. Сондай періште жанның алғашқы махаббаты екеніңізді білгеніңізді қалап, айтуға келдім. Дұға оқып, Алладан аман қалуын сұрайық… – деді Бағила солқылын баса алмай.
Жомарт абдырап қалды. «Менен жұқты-ау… Обал-ай!» деген ой басына келді. Ер жігіт қой, есін тез жиды. Бұдан кейінгі үш күні реанимация есігін қарауылдаумен өтті. Кірген, шыққан ақ халаттылардан сұрайды. «Бір қалыпты» дегеннен басқа мандытып ешнәрсе айтпайды. Өзі кірейін десе, бөгде жан бас сұғу үшін «тек бас дәрігердің рұқсаты керек». Үш күннен кейін Дананың беті бері қарапты. Марат Сериковичке ілесе барды. Ол кісі жағдайды білгесін, бұларды оңаша қалдырды. Сөйлеуге әлі шамасы жоқ, өні жұқарып, жүдеп кеткен Дананың төсегінің аяқ жағында тұрған қалпы:
– Дана! Бір ауыз сөз ғана айтам… Маған жар болуыңды сұраймын! Келісесің бе? – деді, болар-болмас дірілді дауыспен.
Ол «Келісемін!» дегендей басын сәл изегендей болып, күлімсіреуге тырысқанда шаршаңқы жанары тіптен әжесінікіне ұқсап кетті. Ауру жұқпайды дегенді білдіргісі келді ме, «Менде иммунитет бар…» – деп, еңкейіп, ерітінді дәрі құйылып жатқан оң қолының саусақтарының сыртынан сүйді.
* * *
Сол күні ауруханадан шығып, үйіне жетті. Аулада анасы мен ағасы, жеңгесі күтіп алды. Әкесі ауруханада екен.
– Әжем қайда? – деді Дана.
Анасы үнсіз әжесі екеуінің бөлмесіне бастай берді. Әже төсегі жинаулы. Кереуетінің тұсына үлкейтіле ілінген суретінен ылғи мұңның табы мұндалап тұратын, қоңырқай, момақан жүзімен елжірей қарайды. Ағасы құран оқып, анасы қайтыс болғанын естіртті.
– Ковид болды ма?
– Жоқ, кәріліктен деді ғой врач. Сен ауруханаға түскен күні кешкілік дәрігер шақырттық. «Тахикардия. Гипотония» деп дәрі жазып берген. Оларын ішкізгенбіз. Түнде жағдайын білмекке кіргенімде: «Қара бұрыш… Қара бұрыш», – деп сандырақтап жатыр екен. Оятып ем: «Жаман түс көрдім», – деді. Бір жұтым су ішті де: «Демала бер», – деген. «Менің өлімім жайлы, бәріңе ыңғайлы болады. Әбіржітпей, тыныш қана кетемін. Алладан ылғи соны сұрап жүрмін», – дейтін. Ешкімді мазаламайтын, тектілік бар еді ғой әжеңде. Текті жандар оралмасқа кетерінде де, қатыгез ажалды жылап-сықтамай күтіп алып, өзі жақсы көретіндерді қинамауға тырысады екен ғой… – деп анасы біраз сыңсыды.
– Әженің қайтқанына жеті күн толғанда, әке ауырды. Келер аптада ауруханадан шығады. Анам мен біздің үйдегі жеңгең екеумізді жеңілдеу түрі желпіп өтті… – Мұны ағасы айтты. Жомарт іштен тына егіліп отыр. Анасы орнынан тұрып жатып: «Соңғы тілегін орындайын», – деп әже төсегінің астынан сырты былғарымен қапталған, Жомартқа бала кезінен таныс кішкене сандықты алдына әкеліп қойып жатып:
– Мынаны әжең: «Олай-бұлай болып кетсем… Жомартыма берерсің», – деген… Мен барып ас-ауқат дайындайын, – деді. Қимылсыз, қамығып отырған Жомартқа: «Әжеміздің жасын берсін», – деген басуын тағы қайталап, аға-жеңгесі де үйлеріне кетті. Сандықты ашты. Әр зат аса ұқыптылықпен бұрыш-бұрышқа, қат-қатымен жайғастырылыпты. Оң бүйірде Құранның қазақша нұсқасы, тәспі, мектепте математикадан сабақ берген әже марапаттары… «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісі… Еңбек Қызыл Ту Ордені. Сол бүйірінде өмірінде таққан сақина-сырғалары, білезік-моншақтары салынған өрнекті қорап… Ақ орамал… Оның үстінде қызыл қыжымнан тігілген қалта жатыр. Тысына: «Жомартымның үйлену тойына», – деп кестемен жазылыпты. Ашып қарап еді, ылғи он мыңдықтар… Бетінде бүктеулі бір парақ. Әжесінің орнықты мінезіндей, анық түскен, маржандай тізілген әріптерден тұратын хат былай депті:

ЖАРЫҒЫМ, ЖОМАРТ!
Сенің оқитын қалаң Қытайдың мұхит жағында деп естідім. Алыста екенсің. Реті келгенде ауызекі айтармын деуші едім. Бүгін балалар «мерейтой» деп біраз әуреледі. Енді адам аяғы сиреген түн ішінде, айтпағымды қысқа хатыма түсіріп отырмын. Біздің жасымызға жеткендердің есі жайындағылары күн сайын өлімді ойлап қояды. Мен де ойлаймын. Табан астынан қайтпасқа жол тартқан керуеннің соңынан ілесетіндей жағдай туып қала ма деп. Онда жолыға алмай, бірер айтарым ішімде кетеді ғой… Сенің есіміңді Жомарт деп атаңның құрметіне қойғанмын (Сен оған қатты ұқсайсың). Он бес жыл бақытты ғұмыр кештік. Ұмытуға қимайтын, жақсы адам болатын. Милиция майоры еді. Қылмыскерлердің қолынан қаза болғанына биыл елу жеті жыл болды. Әлі атын мінәжатпен айтып келемін. Бұл – бір. Екіншісі – мына қызыл қалтадағы ақша. Екі мыңыншы жылдан бері жинадым. Пенсиямнан. Сенің үйлену тойыңа деп (Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде, атаңмен қосылғанда той жасай алмағанбыз. «Кейінірек балалар үйленгенде, қыз бен жігіт болып бұрыштан шыға келіп, қосыла тойлап жібереміз» деп әзілдеуші еді). Әке-шешең айлыққа қараған мұғалімдер. «Дөкейдің қызын алып жүрсе, жүзі төмен болмасыншы…» деп ойлағанмын. Ішінде қанша барын есептеген емеспін. Ай сайын анаң әкеліп береді, мен қалтаға салып қоямын. Орамалды болашақ жарыңа сыйларсың. Мына сандықты атаңның соңынан ілескен түні, үйімнен ала шыққанмын. Ішіндегі заттарымен сенің отбасыңда қалғанын қалаймын. Сол, жарығым, айтқым келгені. Іздесең, «Байсерке жотасындағы қорымда, атаңның жанында жатамын», – деп әкеңе өсиеттеп қойғанмын.
Әжең Ақбілек. 7 ақпан, жұма, 2020 жыл».

Әжесін енді көрмейтініне анық көзі жетіп, жан-дүниесін қимастық торлаған Жомарт, орамалды қос алақанымен бетіне баса өксіді. Сәлден кейін елең етті. Иісті айыратындай… Иіс біткеннен озонның иісін жақсы көретін. Жаз бойы бір тамшы тамбай, шөліркеген далаға, күздің алғашқы күндері аздап сіркірей өткен жауыннан кейінгі еңсеңді көтеріп, тынысыңды ашар озонның жұпарын… Танауын тосып тұра қалатын. Мынау да жанына жақын иіс… Бала кезінде, қолы бос, зейнеткерліктегі әжесі көп арқалайтын. Маужырап, ұйықтап кететін. Тұмсығын әже қос бұрымы қытықтап оятқанда, осы иісті сезуші еді. Әже бұрымының иісін… Бойына жігер құйылғандай, еңсесін көтеріп, бойын тіктеді.
Анасы кіріп, дастархан жайып, пісірген дәмін әкелді. Әкесін сұрады.
– Қалада, «провизорный центрде». Әжең дүниеден өткесін, өзіне көңіл бөлмей жүрді. Ентігіп, ауа жетпей құлағанда ғана алып кетті. Сені мен әкеңнің арасында сабылумен болдым.
– Ешкім хабарласпады ма?
– Болат атаң үй ішімен әжеңді жерлегенде болған. Кейін де келіп хабар алып тұрды. Інісін іздеп «центрге де» барыпты. Артынша осы аурумен ауырып, сен жатқан ауруханада қайтыс болды. Ағаңа: «Жаназасына барып кел» деп ем, қаралы жиынға рұксат берілмепті. Врачтар: «Айыққанша айтпай қоя тұрыңыздар» деген бе, әкең ағасының көз жұмғанынын әлі білмейді. Атаңның Ақтөбе жаққа тұрмысқа шыққан Қарлығаш деген доктор қызы бар еді ғой… Қырықтан енді асқан… Екі-үш күн болды, қайтыс болды деген хабар келгеніне… «Ковид тәрізді пневмониядан» деп күйеуі айтыпты. Жұмысында жұқтырыпты.
– Нәзира әпкенің екі қыз, бір ұлы бар еді-ау…
– Иә, кенжесі ұл еді. Былтыр бірінші класқа барған екен.
– Не айтары бар… Қиын… – деп күрсінді де: – Жандары жәннатта болсын! – деп бетін сипады.
– Әжең айтушы еді: «Соғыс кезінде хат таситын ақсақ шал келе жатса, қорқушы едік. «Қара қағаз» алып келіп, талай үйді аңыратып жүретін» деп. Ал мен телефон щыр ете қалса, жаман хабар ма деп жүрегім аузыма тығылып, түймесін басып, не жәйт екенін білгенше дегбірсізденіп, аяқ-қолым дірілдеп кетіп жүрді. Ешкімге ешнәрсе дей алмадым. Құда-жекжаттан, тамыр-таныстан дауасы әлі табылмаған, жуып кетсең, қуып кететін кеселден не деп көмек сұрайсың?! Жағдайларыңды «Ауыр!» деді. «Жұғады!» деп қақпадан әрі жуытпады. Сендерден айырылып қаламын ба деп, жанымды шүберекке түйіп, күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткіздім… – деп, көз жасына ерік берді.
– Жеңеше! – деген әжесінің баласы орнынан тұрып барып, анасын құшақтап, арқасынан қақты. Кішкентай кезінде, оңашада жақындап, мойнынан құшақтай шекесіне шекесін тигізіп тұрып: «Сені жақсы көремін», – дейтіні болатын. Бұ жолы да шекелері түйісті. – Жеңеше… Бір жаңалық болып тұр. Жуық айларда келінді болып қаларсыз… – деді, жақсылықтың ұшығын шығарып.
Шер-күйіктен қарауытқан ана өңінен соңғы қырық үш күнде бірінші рет қуаныш лебі жүгіріп өтті.

8 комментариев

  1. Reply
    Данаговорит

    Өте керемет!

  2. Reply
    Ә білсапарговорит

    Нұрсұлтанда жүрмін.Асықпай оқимын

  3. Reply
    Айшаговорит

    Маңызды мәселе, вирустың «кісілігіне», қыңырлығына, қулығына әлемнің көзі жетті . Информация сауатты қамтылған, түсінікті тілмен баяндалған, оқиға желісі де тартымды. Көп рақмет, қаламыңыз ұшқыр болсын!

  4. Reply
    Айшаговорит

    Маңызды мәселе, вирустың «кісілігіне», қыңырлығына, қулығына әлемнің көзі жетті. Информация сауатты қамтылған, түсінікті тілде баяндалған, оқиға желісі де тартымды. Көп рақмет, қаламыңыз ұшқыр болсын!

  5. Reply
    Ләйлаговорит

    Өте мағынасы зор мақала. Шығармашылық табысты болыңыз.

  6. Reply
    Досымбетова Роза.говорит

    Оте керемет .Тура казирги кездеги жагдайды боямасыз,букпесиз жазылган. Айтпай Сейлбекович асерли ангименизге коп рахмет. Жанымызды тебирентип,козимизге жас уйрди.

  7. Reply
    Мадинаговорит

    Өте керемет əрі əсерлі əңгіме!

  8. Reply
    Динаговорит

    Осындай шығармашылықтардың саны арта берсін!! Маңыздылығы өте зор!

Пікір қалдыру