ҚАШ
Көлеңкем сияқты қыр соңымнан қалмай қойды. Сүрініп-жығылып, аяғым аяғыма шалынысып, жанталаса қашып барамын. Тас қараңғыда айдалада не істеп жүрмін, әкеңнің… Өзіме де обал жоқ. Шаршап қалған сияқтымын. Аяғым ілгері басар емес. Ізіме түскендердің қарасы көп секілді. Әлде жалғыз бе екен? Ит біліп пе?! Әйтеуір үн-түнсіз қуып келеді. Тек қурайларды жапырып келе жатқаны ғана құлаққа шалынады. Кейде әудем жердегі қамысты тіліп өтіп, аяғы жерге тимей ауаны қақ жарып өткен әлдененің дыбысы естіледі. Жон арқаммен сезіп келемін. Бұрылуға шама жоқ. Шыны керек, зәре-құтым қалмай барады. Қорыққанда көзіме қос көрінетіндей. Тек әлгі дыбыс құлағымның түбінен естілмесе болғаны.
Көзімді аштым. Басымды көтере алар емеспін. Түнде, тіпті, қаладан шығып үлгермеппін. Күздің қара суығы өтіп кеткен бе деймін. Жамбасым сұққылап ауырып, сүйегім сырқырап тұр. Қайта біреудің есігінің алдына жатып қалмаппын. Көргенім түс емес, өңім екенін түсінгенде, жатқан орнымнан ұшып тұрдым.
Қалаға кіре берістегі шағын тоғайға жетіппін де, сеспей қатыппын. Содан тұрғаным осы екен. Жас кезімде бұл тоғайдың ағашы сап түзеген сарбаздай қақиып, қаз қатар тізіліп тұратын. Қазір көбі қаусаған шал-кемпірдей иіліпті. Кейбірі морт сынған. Дүниенің құртын бойына жинап алғандай… Сол кезден бар бірді-екілі тоқылдақтың өзі шарасыз сияқты. Таң атпай тоқ-тоқ еткізіп төмпештеп жатса да, мына теректердің оңалатын түрі жоқ. Паразит болып жабысқан саңырауқұлақтар да кедір-бұдыр болып, ағаштың сәнін қашыра түскен. Әке-шешемнің мені осы тоғайда ұмытып кеткені ойыма оралды. Кезінде дос-жаран жиыла қалса, бір шиша қатар жүретін. Сондай бір бас қосуда екеуі жолдастарымен бірге араққа сылқия тойып алды. Соңыра бір досының көлігіне мініп кетті де қалды. Қалың ағаш арасына күн сәулесі түсе бермейді. Ымыртта тіптен қараңғы болып кетеді. Жалғыз өзім көзімнен сорам ағып, тоғайды тіліп өтетін соқпақ жолдың қақ ортасында еңіреп тұрғаным есімде…
Арқамнан сыз өтіп кетіпті. Қолым дір-дір етеді. Кеше түсте әлгілерден қашып кеткелі нәр татпадым. Алды-артыма қарамай басым ауған жаққа жүре беріппін. Қайда қашып барамын өзі? Жә, қашсам болды емес пе?! Ұзап кетуім керек. Қой, мына жерден де табанымды жалтыратайын.
Аяңдап басып жолға қарай шықтым. Қалаға кіре берістегі күре жолда қиқулап полиция көлігі әрі-бері өтіп жатыр. Осылар-ақ көтінен кері жүреді. Мені қуғандармен айналысса нетті?.. Сол баяғы ұсақ-түйек ұры-қарының соңында жүрген шығар…
Жаман сұр кәстүмнің қалтасына қолымды салып, дірдек қағып келемін. Құдай басқа салмасын. Әлі қаланы айналып, күре жолды жағалап жүрмін. Әудемжер жүрген соң электр стансасына да жеттім. Ел арасында «РЭС» дейді бұл жерді. Бала кезімізде мына бетон дуалға қарғып мініп, ішке қарай секіріп түсетінбіз. Құмарымыз қанғанша құдықтан су ішіп, алмасын ұрлап жейтін едік. Е-е, ол да бір қамсыз күндер еді ғой… Содан соң қарауылдан қашатынбыз. Балалар биік бетон дуалға қайта шығамын деп тірсегін қан-жоса етіп, санын жырып алатын. Секіріп түскенде абайсызда тізесіне аузын ұрып, талайының тісі сынған. Одан кейін қарны қампиған семіз адамша футболкасының ішіне салған алмасын көтере алмай, талтаңдап қаша жөнелетін. Қазір де сөйтсем бе екен деп есім кетіп, жынды адамша өзіммен-өзім жымиып тұрғаным сол. Қазір мына дуалға шыға алады деймісің?! Есіктен кірсем де, маған енді ешкім қой дей қоймас. Темір қашадан аттай бергенде, аяғымдағы көк салпылдақ көлденең темірге ілініп, жалпамнан түсе жаздадым. Құламаудың амалын жасап, салбырап тұрған бұтаққа жармасып, аяқ киімімді қайта киіп алдым. Рұқсат сұрайын деп конторға кірейін дедім де, киімімнен ұялып, сол баяғы алма бағының түкпіріне қарай аяндай бердім. Тастай су басып ішіп, күздік алманы қалтама толтырып, тоя жедім. Тура сол дәм. О, Құдірет, дәл сол бала кезімде жеген алма секілді. Құдды ондаған жыл кейін шегініп, дәл сол кезеңге тап болғандаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын зейнетке шығып, үйдің жұмсаған электр қуатын төлеуге келгенімде дәмін татқаным есімде. Алайда ол кезде құшырым қанып, құмарымды басып жей алмап едім. Бала кездің дәмімен қоса, балалық шақтың өзінен де қол үзіп қалғандай сүлкінім түскен.
Бұл жерде көп отырдым. Ұрлық қылған балаша баспалап кеңсе жаққа ауық-ауық қарап қоямын. Ар жағындағы ауыр техника тұратын үлкен ангардан бір кісі шықты. Ол дуал мен екі арадағы кең алаңқайдың қақ ортасына келіп, біреумен амандасты да, темекісін тұтатты. Екеуі ұзақ әңгімелесті. Әр нәрсені бір еске алмай, баяғыда тайып тұрғаным жөн еді. Кешегі немелер келіп, соңыма түссе, біткен жерім осы дей бер. Мына жерден қашып шығу да оңай емес. Онсыз да кеше әбден қалжырадым. Бүгін оларды ізімнен адастыруым керек. Барынша сақ болғаным абзал. Жұмысшылар түскі асқа үзіліс алса, құжынаған адам қашаға қарай ағылады. Елдің көзіне түспей, бөлек кеткенім дұрыс. Қазір ешкімге сенуге болмайды.
Толас бермеген ой ағынын екеуінің күбір-күбір әңгімесі бөліп жіберді. Тура маған қарай келе жатыр. Ерніне темекі қыстырып алған. Дымымды білдірмей қол созымдағы діңі жуан алма ағашқа қарай ойыстым да, бұға қалдым. Екеуі беріректегі құдыққа таяп келіп, бір-біріне кезек-кезек су алып берді.
– Сен түнгі ауысымға қаласың ба? – деді біреуі.
– Жоқ, шаршадым… Екі ауылдың арасындағы желіні жөндеп бітпедік.
– Қалада әлгі… Түу, аты кім еді, Момышұлында тұратын ақсақ бар еді ғой…
– Иә, Еркінбек ақсақалды айтып тұрсың ғой.
– Иә, сол кісі.
– Содан, не болды?
– Сол жоғалып кетіпті.
– Қой-ей?
– Иә, солай дейді.
– Е-е, табылатын шығар. Жалғызбасты кісі ғой. Қиын болған екен.
Мына екеуі айтып отырған адамды мен де танимын. Еркінбек ақсақалмен етене араласпағаныммен, жақын танысым сияқты болатын да тұратын. Бұл да солардың ісі болса таңғалмаймын. Кейінгі кездері ауырыңқырап жүр еді. Сұмырайларың әбден құтырды-ау! Мына жерден қашпаса болмайды, басқа амалым жоқ.
Екеуі кеткен соң орнымнан тұрып, жолға шықтым. Әлі сол қаланы айналып өтетін күре жолдың бойындамын. Әлгілер соңымнан ермесе болды. Олардың мені нысанаға алатынын баяғыдан сезіп жүргенмін. Бірақ өткен түні жатын бөлмеме кіріп, төсегіме жеткенде шүбәм қалмады. Сол күні түнгі сағат бірде атып тұрып, тұра қаштым. Жанұшыра далаға жүгіріп шықтым. Жатар алдында киген жеңіл киімім күздің қара суығынан қалқан болмасын ойлап та үлгермей көшеге ұмтылдым. Балам оянып кетіп, мені ұстап қалды. Ол даланың шамын жаққанда, әлгілер де ғайып болды. Содан соң мен қанша қарсылассам да, балам үйге кіргізіп алды. «Жаман түс көрдің, бастырылып қалдың» деп әлек. Дегенмен мен өң мен түсті ажырата алатын адаммын ғой. Айтқанына сенгенсіп орныма барып жатқаныммен, түні бойы көз ілмедім. Оның да бұл іске қатысы бар ма деймін. Бәлкім, келінім екеуі мені сыртымнан көрсеткен шығар. Әйтеуір, екеуінің пыш-пыш әңгімесі көбейді. Менен жасырған бірдеңесі бардай. Әлсін-әлі маған біртүрлі қарағыштай берді. Жә, бүгіннен қалмай қашуым керек деп ұйғардым сол кезде. Таң атқан соң тамағымды іштім де, бақша жаққа барып, жаздан қалған қурайды жұлғансып жүріп алдым. Сөйтіп, олар жұмысқа кеткенде тайып тұрдым. Түнде тағы қуғын басталды. Олар мені қала шетіне шыға берісте байқап қалып, түні бойы қыр соңымнан қалмады.
Содан бері, міне, мең-зең боп әлі келемін. Қарттық дегенді қойсаңшы. Әбден титықтаппын. Кенет, жел тұрып, басымдағы көк қалпағым ұшып кетті. Оны ұстауға мұршам болмады. Ұйтқыған жел ағылған көлік арасымен ұшырып, жолдың арғы шетіне апарып тастады. Қайтып барсам бекер кідіріп қаларым анық.
Саркідір тартқанымен, реңін жоғалтапған бір бәйбіше жолда маған қарсы келе жатты. Жүрегім зырқ ете қалды. Мынау менің әйелім емес пе?! Иә, дәл өзі. Бағана артына тығылып үлгердім. Бір баланы жетектеп алыпты. Кімнің баласы болды екен? Әйтеуір, мені байқап қалмаса жарады. Өзі неткен әдемі, неткен жас десеңші! Оны бұл сұмдыққа араластырмауым керек. Қайтсем де оны алшақ ұстағаным жөн.
Мешіт жаққа да жеттім. Бұл – әлдебір батырдың атындағы мешіт – осы ауданда бой көтерген тұңғыш діни ғимарат. Есігі мүміндерге көптен бері ашық. Бала күнімде арабша оқимыз деп Құранға түсіп, Мәулітте Құран жарысқа қатысқаным есіме түсті. Мешіт ауласындағы үйде тұрған сыныптасыма велосипедпен келіп, кейін мешітке кіріп, найб-имамның «діндегі таңғажайыптар» туралы әңгімесін тыңдайтын едік. Кейін сол молда менен сұрамай «Ендігі жылы медресеге түсесіңдер» дегенде, мешітке баруды қойғанмын…
Шөл қысып кетті. Құдайдың үйі екені рас болса, мені өзектен тебе қоймас. Дәрет алғандай болып кіріп, су ішіп алып, ары қарай жолға түсуім керек.
Мешіттің қашасында хабарландыру ілініп тұр екен.
«Іздеу саламыз!
20 қазанда Ғизатұлы Еркінбек үйден шығып, қайта оралмаған…»
Ары қарай жыртылып қалыпты. Бағанағы екеуінің айтқаны рас болып шықты. Мыналар тапа тал түсте Еркінбек ақсақалды ұрлап кетсе, ұрлап деппін ғой, өлтіріп кетсе, онда менің жанымды алу да бұларға шырпы сындырған құрлы болмас. Иә, ол кісі енді табыла қоймас. Өлтіріп кеткені айдан анық.
Дәрет алған соң мешітке кіріп, кіре берістегі аппақ матаны пакетке салып ала шықтым. Тірі болсам қайтарармын. Түнде жамылатын нәрсе керек.
Күлімсі иіс қолқаны алды. Қоқыс полигонының қою түтіні жақын маңдағы қалың қамысқа сіңіп барады. Бала кезімізде әлдебіреулерге еріп, қоқыс теруге барғаным есіме түсіп кетті. Мен де қызық үшін қалың қарға мен балалардың арасында жүрдім. Қазір де сол естелік қолымнан жетектеп дәл сол қоқыс полигонына қарай мені жетектеп бара жатқандай. Шеттегі үйіндіде бір нәрсе жылтырайды. Соған қарай жүре бердім. Күн де суытып барады. Қарсы алдымнан соққан жел танаудан кіріп, миымды кептіріп жіберетіндей.
Әлгі жылтырақ сынған айна екен. Жүзімді көрмегелі де бірнеше күн болған. Ағашпен қапталған сынық айнаны көтеріп қалып едім, зәрем зәр түбіне кетті.
О, тоба, бұл кім? Мүмкін емес! Айнаны тастай сала, қаша жөнелдім. Олар жетіп қалған секілді. Тіпті бұндай кереметке құдіреті жетеді деп кім ойлаған?! Астапыралла! Мүмкін емес! Әлгі айнадан қарап тұрған қария шал сонша тесілгені несі? Көзі жаман екен! Құдай сақтасын! Бәсе, мен сондай шал емес едім-ау. Мен емеспін, жо-оқ, ол мен емес!..
Қас қарая бастады. Қоқыс полигонынан өткен соң көз көрім жерде саябақ бар. Сұғына кірсең тұтаса өскен қалың жиде ағашына тап боласың. Сонда барып түнегенім дұрыс. Баспалап жатып алуға да қолайлы. Бала кезімнен көріп өскен жерім ғой, олар, сірә, бұл нуға кіре қоймас…
Бір ағашты сағалап жантая бергенімде, әлгі бір үрейлі дыбыс қайта естілді. Құлағымды қаттырақ бастым. Сонда да анық естіліп тұр. Шөп басын сытырлатып бірдеңе жүгіріп келе жатқандай. Олар тағы келді. Қашу керек. Орнымнан атып тұрдым. Жүгіре алсамшы! Мына тоғайдан шыққанша, өне бойым жырым-жырым болып бітті. Төңірек неткен қараңғы! Біреу айы құрығырдың бетін қымтап жауып тастаған ба, тегі. Түк көрінбейді. Сонда да тек тоқтамасам болғаны. Жолға жетуім керек.
Тәніммен де, жаныммен де арпалысып келе жатқанда күре жолдың жақын қалғанын байқадым. Әне тұр. Иә, дым көрінбейді, тас қараңғы. Бірақ алыстан бір көліктің дауысы талып естілгендей болды. Әйтсе де әншейінде арлы-берлі ағылып жататын қалың көліктің бірі де көрінбейді. Шамы жанса, қайда екенін тап басып айтсам керек еді.
Кезінде егістік болған жазықты бойлап жүгіріп келемін. Маңдайымнан сорғалаған тер көзіме құйыла бастады. Сүртуге де шама жоқ. Онсыз да жан-жағым тас түнек. Күздің қара суығы сүйегімнен өтіп, шыдатар емес. Тынысым тарылып, өкпем күйіп барады. Ой-шұқырдан аттап өтіп, енді адымдай бергенімде күмп етіп тізеден суға қойып кеттім. Аңдамай басқаннан бір сәт буын-буыным босап, төрт тағандап құладым. Енді жетпегені осы еді! Біткен жерім осы шығар. Соңыма түскендер пері болмаса, олар да осы суға бір күмп етер. Сондықтан тоқтауға хақым жоқ. Мен сияқты олар да кідіріп қалары сөзсіз.
Апыл-ғұпыл жүгіре бергенімде аяғымдағы бір салпылдағымның түсіп қалғанын байқамаппын. Жалаң аяқ безіп келемін. Оң аяғыма салмақ түсірмеуге тырысамын. Шойнаңдап алысқа да бара алмайсың. Бұлар да қуатын адамды тапқан екен. Мен сияқты шау тартқан адамды қуып жететін кезі болды ғой. Жоқ, бұлар әдейі істейді. Мені жақындарыммен бірге өлтіруге бекінгендей. Әлде жанымды алудың басқа бір жолын ойлап тапты ма екен? Бәлкім, әбден титықтап, ит сілікпесі шыққан соң өзі-ақ өлер деп қызықтап жүрген шығар, ә?! Мен бұлардың сондай жауыз екенін бұрыннан сезгенмін.
Олар әлі аңдып келеді. Біресе жылдам, біресе аяңдап әбден қытығыма тиді. Әлім құрып барады. Қалаға жақын шағын ауылдың шетіне жеттім. Мен бұлардан қалай құтылу керегін білетін сияқтымын. Қазір ауылдың ар жағындағы қалың қамысқа кіріп от жағуым керек. Бұлар жарықтан қорқады, зым-зия жоғалады. Өткенде көршім жарық жаққанда да сөйткен. Әйтпесе, күндіз қуса қайда қалыпты?! Көрдің бе, бұлар бәрін жасырын істейді. Ал қамысты өртесем, полицейлер де қоса келеді. Бұларды құрықтайды. Ізін суытпай ұстайды.
Ауылға кіре бергенде сол ойымды іске асыруға кірісіп кеттім. Әлгілердің дауысы да алыстан естіле бастады. Демек, олар мені ауылдың қақ ортасында тарпа бас салмайды. Алайда қоршап алуы әбден мүмкін. Жылдамдатқаным дұрыс.
Осы ауылда тұратын Серіктің үйін білетінмін. Оқуды енді бітіріп келгенде баспаға жұмысқа тұрды. Кейін қалада типографияда жұмыс істеді. Тамызық қылатын нәрсе соның үйінде толып жатыр, оған шүбә жоқ. Есік алдындағы қазандықтың жақтауында тұрған сіріңкесін алып, типографиядан артылған жаман қағаздарды қолтықтап, қамысты бетке алдым.
Алды-артыма қарамай безіп келемін. Санамдағы сансыз ойдың ішінен іліп алар ештеңе жоқ. Бәрі қайталана береді. Біреуін ұстап қалу мүмкін емес. Сөйтіп үйден қашқандағы ойым есіме сап ете түсті. Оларды құтқаруым керек. Иә! Әйелімді де! Баламды да құтқаруға тиіспін! Осы жасқа келгенде қатын-баламды қалдырып, қашып жүргенім жарамас. Өлсем де айқасып өлемін…
Жылдам басып, шойнаңдап қалың қамысқа кіріп кеттім. Әлгілердің де қарасы қалыңдай берді. Біресе оң, біресе сол қапталдан зу ете түседі. Енді бірде ту сыртымнан төніп тұрғандай. Орайы келсе алдымнан шыға келетіндей зәрем қалмады. Не үшін келгенімді де ұмыта бастадым. Жан сауғалайтын жер де жоқ. Мына қарғыс атқыр қамыстың ішіне қайдан кірдім?! Адасып қалдым. Қазір өртесем, сөзсіз, өзім қоса жанып кетермін.
Қарсы алдымда сылдырап ағып жатқан жіңішке бұлақтың дауысы естілді. Сол маңдағы егістік арнасы болар деп топшыладым. Бала күнімде әкеммен бірге жүріп колхоздың жұмысын көп істедім. Сонда осылай қарай арна қазғанымыз есімде қалыпты. Қазір оның бар-жоғын білмеймін. Соған барып бір жағынан өрттен қорғанып, енді бір жағынан мыналарды не өртеп, не полиция ұстайтындай етіп көрсетуім керек. Әншейінде сенбейтін полиция олардың қамыс өртегенін көріп, уақытша болса да қамап қояр. Арнаға жақындап қалған секілдімін. Тездетуім керек.
Алға екі-үш адым аттай бере төмен қарай құлап кеттім…
Көзімді ашсам – жап-жарық. Әлдебір дызылдаған дыбыстан ояндым. Алақандай бірдеңе ұшып жүр. Өзінің тікұшақтікіндей бірнеше қанаты бар. Әлдене іздегендей, қамыстың үстін әрі-бері тынымсыз кезеді. Мені тауып алмаса болғаны. Бұл арнаны бұрынғыдан да терең қазып тастаған екен. Жақтауындағы борпылдақ топырақты басып кеткенмін. Енді сол зілдей боп денемді жауып қалыпты. Әлгі алақандай бәле де сол үшін таба алмаған болар. Таппағаны да дұрыс. Әлгілер шығар, мені іздеп жүрген. Техниканың бәрі солардың қолында екенін білемін. Қозғала алар емеспін. Тоңып барамын. Сайтан алғыр, мына орға түспегенде от жағып, жылынар ма едім…
Алыстан балалардың дауысы естіле бастады. Осы жаққа қарай беттегені анық. Барған сайын жақындап келеді. Бір кезде бір-бірінің қолынан ұстаған бірнеше бозбала қамысты сүзіп шығып арнаның жағасына келді. Терең арнадан өте алмасын біліп, ештеңе таппадық дегендей қайта қамысқа еніп кетті. Мен де үндемедім. Қазір ешкімге сенуге болмайды.
Ал енді не істеймін? Дәл осы арнаны бес саусағымдай білетін едім ғой. Неге сонша қателескем. Жақындағанда асықпай жүрсем де болар еді. Мешіттен алып шыққан ақ мата кеудемде жатыр екен. Денемді басқан топырақтан шеті ғана шығып тұр. Сіріңкем суға ағып кеткен бе деймін. Қайта бағым бар екен – су таяз. Жамбасымнан төмен суда жатырмын. Кеудем жағада қалған. Діңкем құрып, әлсіреп барамын. Аспан шайдай ашық. Күн сәулесі қамыстың арасынан сығылып өтіп, арғы беттегі жарға түсіп тұр. Неткен әдемі. Қолымды созғым-ақ келеді, тек мына құрғыр топырақ қозғалтар емес… Бәлкім омыртқам зақымданған да шығар. Көзім жұмылып барады. Басым қисайған жақта кешегі қолтыққа қысып әкелген қағаздарым шашылып қалыпты. Әлгі қағаздардың бетінен әлдеқандай жазуды оқып жатырмын. Көзімнен ыршыған тамшы жас бетімдегі тозаңды езуіме сырғытып түсірді.
Жүрегімнің дүрсілі өзіме естілді. Әлсін-әлсін баяулап бара жатқандай. Қағаздағы жазуды оқи бердім. Көзім ілініп барады…
«Іздеу саламыз!
20 қазанда Ғизатұлы Еркінбек үйден шығып, қайта оралмаған. Үстіне сұр көстүм, аяғына көк салпылдақ тәпішке, басына көк қалпақ киген. Ұмытшақтығы бар. Көрген-білгендер болса мына нөмірге хабарласуларыңызды сұраймыз:
Полиция бөлімшесі: 102
8 727 07 10 19 92 Асқарбек (көршісі)».
Абзал СҮЛЕЙМЕН





