Тотияйын тілді тарландар

ӨЙ, ДОР-А-АҚ!

Ана бір жылдары, жазда Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ ақын-жазушылар Өскеменге келіп, бір апта болады. Жұртшылықпен кездесу өткізуден қолдары босап, еркіндік алған күні түс ауа Ертіске шомылуға барады. Содан барлығы өзенге келіп, шешініп тастап, суға малти жөнеледі. Ғабең асығар емес. Қасым Қайсенов ағасының баяу қимылына қызыққан кісіше оқшау тұрады. Ғабең соңғы киімін-шолақ дамбалын шешіп, қойтастың үстіндегі киімдеріне қосып, маң-маң баса суға беттейді. Сол кезде Қасым:
– Ғабе!, – деп қалады. Ғабең кідіріп, маңқия бұрылыңқырап:
– И-и-ә-ә, не айтасың?, – дегенде Қасым:
– Трусиіңді көп шешпейді екенсіз ғой, көтеніңіз аппақ екен, – дейді. Атақты Ғабит Мүсіреповке олай деуге кімнің дәті барады! Барлығы да аңтарылып, қазір Қайсеновті аямай соятын шығар, – деп үрпиісіп қалады. Ал, Ғабең мырс-мырс күледі де: – Өй, дор-а-ақ, – дейді.
Қасым суға түссе де жағадан алыстамайтын, малтып көрмеген адам ғой. Сәл ұзаңқырап, ақырын ғана малти оралған Ғабең даусын соза:
– Әй, партизан, сен Днепрден күндіз де, түнде де талай өттім дейсің. Ал, мен сенің суға жүзгеніңді көрген жоқпын дегенде,
Қаскең:
– Ғабе, мен малти білмеймін, оллаһи! Қашан болсын жолдастарыма сенемін де, өзенге киімшең күйімде, қару-жарағымды құшақтай қойып кетемін, жолдастарым қолтығымнан демеп алып шығады, – деп, ақиқатын айтады. Сонда Ғабең партизанға жылы жымия қарап:
– Шынында да сен туа жауынгер екенсің, мен саған сендім және манағы оттағаныңды кешірдім», – деген екен.

БІР ЖӘШІК БАЛМҰЗДАҚ

Кешегі кеңес дәуірінде Қазақстаннан бір топ ақын-жазушылар делегациясы Киевке барады. Делегация басшысы – Әбіш Кекілбайұлы. Ресми жиналыстары біткесін қонақтар Украина астанасын аралауға шығады. Сол кезде Әбекең: «Әй, Темірхан, сен қала тұр, шаруа бар, Киевтің қай көшесінде не бар екенін соңынан айтып беремін», – деп, ақын Медетбек ұлын өзімен бірге алып қалады. Содан екеуі қонақүйдің алдындағы буфеттен бір жәшік балмұздақ сатып алады.
Мұны көрген Темірхан: «Ойбай-ау, Әбеке, мынаның бәрін кім жейді?», – деп азар да, безер болады. Әлгі жәшікті Темірханға көтертіп, екеуі қонақ үйдегі бөлмелеріне келеді. Келе-сала Әбекең балмұздаққа жауша тиіп, 10 данасын әп-сәтте қаусатып-ақ тастайды. Және жегені де қызық, ешкімге ұқсамайды, әуелі бетін тілімен аздап қарпып өтеді де, қалғанын қауашағын қысып қалып, аузына қылқ еткізетін көрінеді.
Таң-тамаша қалған Темірханға сонда Әбекең: «Алматыда бүйтіп жей алмайсың, бұл жерде мені ешкім танымайды, қайтейін, бала күнімізде қасқа болып тәттіге қолымыз жетпеді. Әлі күнге жеңсігіміз тарқаған жоқ. Киевке бет алғанда «әй, бір оңашасын тауып, балмұздаққа тоюды жол бойы ойлап келдім», – деген екен.

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚҰДАЛЫҚ
Бірде ақын Қадыр Мырза Әлі Қостанай облысын аралайды. Шоқан Уәлихановтың туған жері Күнтимес деген ауылға ат басын бұрады. Содан ауылдың шалдары Қадырдан «Қай елдің баласысың?» – деп сұрайды. Қадыр:
– Батыстың Байбақтысымын, – дейді.
Шалдар қауқылдасып: «Ойбай, құда екенсіз, үйге жүр, мал соямыз», – дейді.
Ойлана келе, ақын таң қалып: «Мен сендерге қалай құда болам?», – десе, әлгілер:
– Жастар білмейді ғой, атақты Сырым батырдың әпкесі ертеде, 1743 жылдарда біздің жаққа келін боп келді емес пе, сонда сен құда болмай, кім боласың?», – демей ме!
Әлгілердің сөзіне қарсы уәж айта алмаған Қадекең: «Бұрын «құда мың жылдық» деген сөз жай айтыла қалған шығар деп мән бермейтін едім, шындыққа енді көзім жетті», – деген екен.

ТЕМІР ТАЗИКПЕН ТОСТ КӨТЕРУ
Әртістердің өмірінде де қызықтар көп қой, бір күні «Тамашаның» тарланы Мейірман Нұрекеев моншадан масаңдау күйде оралады. Күйеуінің мына сиқын көрген әйелі:
– Мейірман-ау, «Тамашадан», тойдан, гастрольден, жиналыстан ішкенің аздай, енді моншадан сүйретіліп келу деген не сұмдық?», – деп, біраз бұрқылдайды.
Сонда теңселіп тұрған Мәкең: «Бажылдай бермей, жағдайды түсінсеңші. Бес жігіт бір-бір бөтелкеден арақ апарған екенбіз. Қасқитқанда стақанды ұмытып кетіппіз. Біреуден сұрайық десек, далаға шығуға болмайды, бәріміз тырдай жалаңашпыз және шөлмектің аузынан ішетін алқаш емеспіз. Сосын арақты темір тазикке құйып, соғыстырып іштік», – деген екен.
* * *
Сонау жылдары газеттің бөлім меңгерушісі Меңдекеш Сатыбалдиевке бір жазушы «Ескексіз қайық» деген көлемді әңгімесін алып келеді. Әңгімені оқып танысқаннан кейін Меңдекеш әлгіге:
– Ал, өзің айтшы, ескексіз қайық бола ма?, – деп сұрапты.
Сонда автор:
– Слушай, Меңдекеш! Жел артынан болса, қайыққа ескек қ…ма керек пе?, – деген екен.

ҚАРШЫҒАНЫҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫ
1970 жылдары Кеңес одағынан Америкаға мәдени делегация баратын болғанда, елімізден Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов және қаршадай бозбала, күйші Қаршыға Ахмедияров сол құрамға енген екен. Елге оралғасын делегация мүшелері сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Саттар Имашевқа сапар қорытындысын мәлімдеу үшін жиналады. Олар кабинетке шақырылған сәтте Олжас Қаршығаны екі қолымен балаша жоғары көтеріп алақанына салып алып кіреді. Әйгілі ақын С. Имашевқа қарап тұрып: «Жер бетінде қазақ деген ел бар екендігін төрткүл Америкаға паш еткен біз емес, осы бала!», – деген екен.

ШЫН АТЫМ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ
2024 жылы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған бір жиында «Менің атым Қожа» кинофильмінде Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Сегізбаев: «Енді сен Қожа деген аттан өмірі құтыла алмайсың, Нұрлан атың жайына қалады», – деп еді бір кезде мамам. Соның айтқаны рас болды, бүгінде қайда барсам да көпшілік «Уа, Қожа келді» деп қошеметтеп жатады», – деген екен.




ПІКІР ЖАЗУ