Алматы – арман қала

Майра БАЙТУРЕЕВА, тарихшы-ұстаз

Алматы. Бұл шаһар атауы ғана емес, қазақ дейтін ғажайып жұрттың арманын аялаған, үмітін үкілеген ұлағатты ұғымға айналған қасиетті мекен. Әріден тартсақ, тарихы мыңжылдықтарға кететін Алматының киелі есімі сан ұрпақты бақыттың бастауындай ғажайып күйге бөлері анық. Ақын жырында айтылатындай, гүл қала – арман қала, көк жасыл орман қала, мәңгі от боп жанған қала Алматы жүрегімде! Ақиқатында бұл атау Медеу, Шынбұлақ, Алатаудың ақбас шыңдары болып, Алматының апорты болып, арманыңды асқақтатады, қиялыңды тербетеді.
Алматы. Тәуелсіздіктің алтын тұғырын бекіткен, егемендігіміздің өмірге інгалап келген киелі мекені. Құт қонып, береке дарыған қасиетті шаһар Тәуелсіздік тарихында алтын әріппен жазылардай жиырма бірінші ғасырға адамзат керуен көшімен бірге нық қадам жасап, адымдап енді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Алматы менің балдәуренімнің бастауы» деп айтқанындай, тілі бөлек болса да, тілегі бір, жүзі бөлек болса да, жүрегі бар ондаған ұлт пен ұлыстың бақытына бастау болып, бағын ашқан қастерлі мекен жайлы қанша айтсақ та, қалай толғатсақ та, артық емес.
Әсіресе, кейінгі жылдары рухани-мәдени салада атқарылып жатқан оң істер, жағымды жаңалықтар, игілікті шаралар көз қуантып, көңіл марқайтады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасын көпшіліктің талқылауына ұсынды. Елбасы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясының «әсерінен» туған «Алматы – 2050» жобасынан бұрын «Алматы – 2020» бесжылдық даму бағдарламасы қабылданған болатын.
Аталған құжатта Алматы елдің бірегейлігін, дамыған иновациялық ортасы мен өмір сүрудің озық стилін білдіретін өзіндік дара ұлттық коды бар Кіндік Азия кеңістігінің мәдени һәм зияткерлік астанасына айналмақ. Алдағы уақытта шаһарымызда мәдениет, өнер, ғылым және иновация саласында әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шаралар өткізілетіндігі туралы нақтылап айтылған.
Сондай-ақ қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыру басты нысанаға алынбақ. Әлемдік білімммен сусынданған тұрғындардың мәдениет деңгейі де жоғары болатыны белгілі. Креативті экономика қаланың әлеуметтік дамуының басты драйверлерінің бірі болмақ. Технологияның қарыштап дамуы креактивті мамандықтарды таяу болашақта бірінші орынға шығарады.
Бай мәдени мұра, көркем ландшафт және шығармашылық кеңістіктер мен креативті класерлердің дамыған желісі бар жайлы қалалық орта, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапалы жүйесі бүкіл әлемдегі таланттар шоғырын, шығармашыл тұлғаларды, дара дарындардың қызығушылығын оятып, өзіне тарта түсері сөзсіз.
Креативті және ғылыми зерттеу әлеуетін дамытуға басымдық беру, яғни шығармашылық туындыларды иновациялық деңгейде әзірлеу қаламыздың осы өңірдегі зияткерлік еңбек өнімдерінің жетекші экспорттаушысы болуына мол мүмкіндік туғызады.


Ақыл-ой аламанына түскен осынау кезеңде шаһардың заманауй келбетіне көрік қосу, оның интелектуальдық деңгейін қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабы екенін осы тұжырымдамалардан анық байқауға болады. Бай мәдени мұраны дәріптеп, ғылыми әлеуетті арттырар болсақ, шаһар шырайы да күннен күнге кемелдене түседі.
Мәдени-рухани сала дегенде кейінгі кезде мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту бағытында келелі істер атқарылғаны әр алматылықтың көз алдында жүзеге асырылды. Атап айтсақ, 2019 жылғы 10 маусымнан бастап Алматы қаласының мәдениет саласындамытуы бойынша монументалды өнердің көптеген ескерткіштері бой көтерді: атақты композитор, Қазақстанның Халық әртісі Ш. Қалдаяқовқа қойылған ескерткіш және ағымдағы жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы аясында ақынға бюст орнатылды. Сондай-ақ, көрнекті тұлғалар мен тарихи оқиғаларды мәңгі еске қалдыру мақсатында мемориалды тақталар орнатылды. Жыл соңына дейін 11 мемориалдық тақта орнату жоспарлануда.
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр. Көптеген тарихи-мәдени мұралар жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Осы орайда жергілікті халық аталған тарихи мәдени мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап, мектептерде өтілетін тәрбие жұмыстарына енгізсе келешек ұрпақты өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын, ұлтжанды етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Алматы қаласындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу мен насихаттау, қалпына келтіру бағытында тыңғылықты жұмыстар мен келелі істер атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, көптеген тарихи-мәдени маңызы бар нысандар Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізіміне енгізілді. Археологиялық құндылығы бар оншақты нысан анықталды. Сонымен бірге жаңа музейлерді ашу жұмыстары жүргізілуде. Алатау ауданындағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі негізінде Сақ мәдениетінің орталығын құру, Алмалы ауданында «Райымбек батыр кесенесі» мемориалдық-мұражай кешенін және Бостандық ауданында Сақ қорғандарын музейлендірудің археологиялық кешенін құру жоспарлануда.
Осы іс-шаралардың барлығын жүзеге асыру үлкен ізденіс пен ерекше іждаһатты талап етері сөзсіз. Қала басшылығы, салалық басқармалар өздеріне жүктелген абыроймен атқарып келеді. Мәселен, қаланың мәдени өміріне халықтың барлық санаттарын тарту мақсатында, елдің ұлттық және ұлттық мерекелерінен басқа, барлық санаттағы азаматтар үшін түрлі форматтағы мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Нақты деректерге сүйеніп айтар болсақ, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы өткен жылдың тамыз айынан бері жалпы саны 1 200 000 адамды қамтыған 246 іс-шара өткізді. Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне және карантин режимінің қолданылуына байланысты ел азаматтарының мәдени демалысын қамтамасыз ету үшін онлайн режимінде келесі іс-шаралар өткізілді.
Мәдени креативті қала – мода мен стандарттарды қалыптастыратын білімнің, тұрмыстың және бұқаралық мәдениеттің жоғары деңгейі бар заманауи қала. Креативті экономиканы дамыту бағытында жұмыс атқару осы саладағы үлкен істердің бір парасы. Бұл бағыттар қаланың даму көрінісін қалыптастырды. Бұл жұмыс істеуге және өмір сүруге тартымды жаһандық қала, Орталық Азияның зияткерлік және мәдени астанасы.
Таяуда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың шығармашылық қауымдастық өкілдерімен кездесіп, креативті экономиканы дамыту перспективаларын талқылаған болатын. Кездесуге әдебиет, жаңа медиа, цирк өнері, музыка, театр, кино, анимация, және геймдевелопмент, қолөнер, сондай-ақ сән мен комикс-индустрия салаларының өкілдері қатысты. Басқосуда креативті экономиканың түрлі салаларын дамыту мәселелері талқыланды. Жиында мегаполис экономикасындағы креативті индустриялардың үлесін арттыру шаралары пысықталды. Қатысушылар қаланың барлық аудандарында креативті индустрияны дамыту үшін инфрақұрылым құру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, шикізат базасын, атап айтқанда сән индустриясын арттыру мәселелерін көтерді.
Жиында Бақытжан Сағынтаев Алматы үшін әлемнің үздік 100 қаласына ену міндеті тұр екенін атап өтті. Ол үшін экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету қажет: «Алматы-2050» Даму стратегиясы аясында креативті экономиканы дамытатын боламыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», – деді қала әкімі. Сондай– ақ, шаһар басшысы білім беру бағдарламаларының креативті индустриялар нарығының сұраныстарына сәйкес келуінің маңыздылығын атап өтті.
Алматыны мәдени креативтік қала – инновациялар мен жаңа индустрия орталығы ретінде дамыту мақсатында 10 креативтік салаға негізделген Алматы Креативтік стратегиясы жасалды. Дамудың негізгі бағыттары: музыка, әдебиет, театр, опера және балет, сән, кино мен анимация, жаңа медиа және сандық мәдениет, сәулет пен дизайн, заманауи өнер, ойын-сауық индустриясы. Бүгінде Алматыда кәсіпорындардың жалпы санынан креативті индустриялар үлесі 6,3%-ды ғана құрайды. Креативті экономика қаланың өсуі мен әл-ауқатының негізгі драйверлерінің бірі болады деп жоспарлануда. Жалпы жиында креативті индустриялар өндірісінің көлемін арттыру үшін Алматының жоғары әлеуеті бар екені атап өтілді. Бүгінде Алматыда креативті индустрияны одан әрі дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Creative Almaty стратегиясын әзірлеу отандық мамандар мен қазақстандық жобалардың бәсекеге қабілеттілігін әлемдік деңгейде арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа қол жеткізу креативтік санат үлесінің артуына және креативтік салаларда құрылған жалпы өңірлік өнім үлесінің артуына әсер етеді деп күтілуде.
Алматы қаласының музыка қоғамдастығына бірегейлігін және мәдени кодты ашатын, алматылықтарды жаңа биіктерге шабыттандыратын және қаланың болашағына деген сенімін көрсететін қала әнұранын шығару туралыбайқау жариялануда. Сонымен қатар, байқау талантты композиторлар мен ақындарды анықтауға және қолдауға, олардың жұмыстарын көпшілікке таратуға, жаңа туындылар жасауға деген ынтаны арттыруға, патриотизм мен туған қаласына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, азаматтардың шығармашылық әлеуетін ашуға көмектеседі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қаланы дамыту «шетсіз қала» қағидаты бойынша жүргізілетінін атап айтып келеді. Осыған оай өңірлерді және инфрақұрылымды (әлеуметтік нысандарды) дамыту бағытында да бірқатар іс-шаралар атқарылды. Алға қойылған бірқатар жоспарлар да бар. Атап айтар болсақ, әлеуметтік нысандарды дамыту мақсатында қалалық кітапханалар желісін модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Модернизация мақсаты – кітапханалардың жаңа моделін құру, жұмыстың инновациялық түрлерін дамыту. 25 қолданыстағы кітапхана жөнделеді, қосымша жаңалары салынады. Мысалы, 2019 жылы 5 кітапхана жаңартылды. 2020 жылы кітапхана желісін жаңғырту жалғасуда. Сонымен, Алматы қаласының «Шексіз қала» қаласын дамыту аясында 2020 жылы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» 10 кітапхана филиалын модернизациялау жұмыстары жүргізілуде, ал 2021 жылдың соңына қарай қалған 9 кітапхана жаңартылады. Сондай-ақ, кітапхана желісі жылдан жылға кеңейіп, жаңа форматтағы кітапханалар пайда болады, әсіресе Наурызбай және Алатау аудандарында. Кітапханалардың заманауи дизайны уақытты жайлы өткізуге мүмкіндік береді: пайдаланушылар кітап қорына, жайлы бөлмелерге, пайдалы ақпаратты тез табуға көмектесетін заманауи технологияларға ашық қол жеткізе алады. Балалар мен жас оқырмандар үшін ойындар, демалу және оқу үшін жайлы жағдайлар жасалған. Модернизациядан кейін жаңа кітапханалар тек оқу үшін орын ғана емес, алматылықтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыратын, жай демалып, сөйлесе алатын орын бола алады. Жалпы, 2021 жылдың аяғына дейін Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің барлық 25 филиалын модернизациялауды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы агломерациясын дамыту аясында Түрксіб, Наурызбай, Алатау аудандарында 10 жаңа кітапхана ашу жоспарлануда.
«Almaty Creative» стратегиясын іске асыру аясында Алматы қаласының орталығынан шалғай аудандарда жаңа буынның мәдени орталықтарын құру жоспарланған, оның ішінде: биыл Алатау ауданында, 2021 жылы – Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында, 2022 жылы Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында.
Қай қоғамда да басты құндылық – адами капитал. Осы бағытта іс-шаралар атқару бүгінгі күннің басты талабы. Алматы қаласы бойынша балалар арасындағы дарындыларды анықтау мақсатында жыл сайын «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы байқауы өткізіледі.
Карантин кезінде алматылықтар мәдени шаралардың онлайн көрсетілімін тамашалап қана қоймай, сонымен қатар тегін шығармашылық үйірмелерге қатыса алады. Атап айтар болсақ, Almaty Creative Youtube арнасында көркем қимыл мектебінің заманауи өнер бойынша дәрістерін тыңдауға барлық мүмкіндіктер бар. Қазақстан мен әлемнің заманауи өнерінің тарихы туралы біле аласыз, суретшілермен танысып, арт-менеджмент және суретшілердің жұмысындағы құқықтық аспектілер бойынша курсты тыңдауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта мектеп базасында студенттердің виртуалды көрмесі дайындалуда. Сондай-ақ, Almaty Creative Youtube каналында «Мәдени мұра арқылы тұлғаның дамуы» курсы бойынша дәрістер де қолжетімді. Сонымен қатар, ведомстволық бағыныстағы мәдени ұйымдардың базасында тілдерді, математика, әдебиет, физика, бисермен жұмыс жасау, сурет салу, қағаз пішіндеу, домбыра, шахмат ойнауға арналған ақысыз клубтар жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қала балаларын мектептен тыс қосымша біліммен жаппай қамту үшін жол картасы әзірленуде.
Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының 85 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағыныңғимаратында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Жазушылар одағына (1972 жылы) жапсарлас салынған ғимаратына да жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қарастырылуда.
Нарықтық қатынастар күнделікті өмірімізден мықтап орын алған мынау заманда шығармашылықпен айналысып жүрген өнерпаздарды, жалпы шығармашылық иелерін, соның ішінде ақын-жазушыларымызды қолдау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы орайда, қаламгерлердің, оның ішінде жас таланттардың шығармашылық ұмтылысын арттыру, білімін тереңдетіп, үздік шығармалардың жарық көруіне ықпал жасау мақсатында былтырдан бастап әкімдік тарапынан ақын-жазушыларға арналған грант тағайындау қолға алынды. Осыған орай 2019 жылы шығармашыл зиялы қауым өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Жазушылар одағының 150 мүшесінеАлматы қаласы әкімінің гранты табысталды. Ал, 2020 жылы Қазақстан Жазушылар одағының барлық мүшелері толық грантпен қамтылмақ. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде театрларға арналған сценарийлер байқауы жарияланбақ. Ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығармалар лайықты және ашық байқау негізінде жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта, 2020 жылдан бастап үздік шығармаларды сахналауға қаржы бөлетін болады.
Жазушылар одағы тарапынан мың жылдық тарихтан тамыр тартатын ел жастарының рухани астанасына айналған Алматы қаласының терең тарихын танытып, көпшілікке дәріптеу мақсатында қаламызда халықаралық деңгейде «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби-жанрлық байқау өткізу туралы ұсыныс енгізілген. Бүгінгі күні аталмыш мәселе өз шешімін тауып, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып осынау қалалық әдеби байқаудың ережесі бекітіліп, бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған болатын.
Қазіргі кезде осы аталған аталымдар бойынша келіп түскен жұмыстар сараптаудан өтуде. Байқау қорытындысы шығарылғаннан кейін жеңім­паздардыңүздік деп танылған жұмыстары марапатталатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында атап айтқанындай, «Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық».
Біздің ұрпақ ұғымына гүл қала – арман қала болып енген Алматы шаһарының мәдени-рухани салада атқарып жатқан игі істерінің бір парасы осындай. Еліміздің рухани-мәдени астанасы ретінде жұрт ұғымына енген шаһар қашанда көрікті істердің көшінің басында болуы табиғи заңдылық.
Қазақ жырының тұма-бұлағы, Алматының жыршысы Тұманбай Молдағалиевтің жырында айтылатындай:
Алатаудың жаңбыры мен нөсері,
Бала күнгі жан досымыз кешегі.
Тау өзені басын таудан бастайды,
Тау баласы тауға қарап өседі. . . »
Сол басын таудан бастаған тау өзені секілді өнегесі мен өріс ашар өрелі істердің басында Алматы шаһары тұр.
Лайым солай болғай!

Пікір қалдыру